Ауыл әкімін қызметінен босату туралы ұсыныс жасалды -БҚО

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында бір топ мемлекеттік қызметшінің ісі талқыға түсті.
Соның ішінде Бөрлі ауданы Бумакөл ауылдық округінің әкімі Бауыржан Құсмағамбетов мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарын бұзған. Атап айтқанда, мердігердің тарапынан келісімшарт мерзімінің бірнеше рет бұзылуына жол берілсе де, ауыл әкімдігі тарапынан ешқандай шара алынбаған. Жұмыстар кешігіп атқарылса да, айып салынбай, қаржы түгел аударылып кеткен. Сонымен қатар, міндеттемесін уақтылы орындамаған мердігерді жосықсыз қатысушы ретінде тану туралы сотқа талапарыз түсірілмеген. Осының бәрін саралай келе тәртіптік кеңес Б.Құсмағамбетовті «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» ҚР Заңы 12-бабы 1-тармағы 4 және 5-тармақшасына сәйкес қызметінен босату туралы аудан әкіміне ұсыныс жасады.

Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сатым Шауенов «Демалыс орталығы» МКҚК директорын тағайындау кезінде жаңсақ басқан. Ол өзі бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес келмеген адамды ешқандай конкурс өткізбестен лауазымды орынға қонжита салған. Сол себепті С.Шауеновке «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» ҚР Заңы 12-бабы 1-тармағы 12-тармақшасы бойынша қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру ұсынылды.

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев пен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Карин әскери полигонға тиесілі аумақтан жер телімін беруде заң тетіктерін дұрыс қолданбай, кейін прокуратура талаптарына сәйкестіндірген. Бұл қос қызметшінің ісі мәні бойынша шешім қабылдау үшін аудан әкімінің қарауына жіберілді.

Тәртіптік кеңес отырысында қаралған БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов, басқарма басшысының орынбасары Ерлан Үмбетов, бөлім басшысы Баянбек Ғұмаров, БҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Талғат Ілиясов, БҚО бойынша монополияға қарсы инспекция басшысы Уәлихан Разов, сондай-ақ БҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Әлия Масалимованың істері дәлелді себептермен қысқартылды.

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз