Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері оқу үшін қаржы қорын жасай алады

Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері оқу үшін қаржы қорын жасай алады.

Бұл туралы 24 маусым күні Оралдағы облыстық балалар үйінде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру жинақтау есепшоттарын ашу жөніндегі аймақтық семинарда айтылды.

Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарындағы білім саласы қызметкерлері қатысқан жиында мәлім етілгеніндей, елімізде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында әлеуметтік маңызы зор жоба жүзеге асырыла бастады. Осыған орай «Бөбек» қоры мен ҚР Білім және ғылым министрлігі арасында балалар үйлері тәрбиеленушілеріне қайырымдылық көмегін көрсету жөнінде келісім жасалған. Баланың жасына, әлеуметтік жағдайына қарай 1 миллион теңгеге дейін қаражат білім беру жинақтау есепшотына аударылады. «Бөбек» қоры барлығы 5-18 жас аралығындағы 6889 тәрбиеленушіге (олардың 90 пайызы) қаржы аударатын болса, соның 700-дейі республиканың батыс өңірінде тұрады. Биылғы жылдан бастап-ақ балалар үйлері түлектері ЖОО мен колледждерде оқуға төлей алады.  Аталмыш білім беру салымының депозиттерден айырмашылығы, оның сыйақы мөлшері екі еселенеді. Яғни жыл сайын баланың есепшотына банктің 7-10 пайыз көлемінде сыйақысы түсіп тұрады, оған мемлекеттің 7 пайызға дейінгі сыйақысы қосылады. Бұл есепшот мақсатты және ол баланы оқытуға арналған. Егер бала грант иегері атанған жағдайда ол қаржыны үшінші адамға, яғни өзінің бауырына аудара алады немесе одан әрі оқу үшін жинақтай береді, 23 жасқа толғанда, ақшаны алуға болады.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Сәулеш Хамзинаның айтуынша, ең бастысы, балалар үйлері тәрбиеленушілеріне оқуға қаржы жинақтап, жақсы білім алып, білікті маман атануға даңғыл жол ашылып отыр.

Семинарда қайырымдылық көмектің әр балаға жетуі, тәрбиеленушілерге білім беру жинақтау есепшоттарының ашылуы, білім беру қызметтеріне ақы төлеу тетіктері жан-жақты талқыланып, түсініктер берілді.

http://kazinform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз