Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстары арасындағы қарым-қатынас тереңдей түспек

Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстары арасында түрлі саладағы тиімді қарым-қатынас  тереңдей түспек.

Бұл туралы Оралда бүгін өткізілген «Қазақстан-Ресей. Аймақтардың шекаралас ынтымақтастығы» халықаралық форумында айтылды.

Алдымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергтің кездесуінде екі жақты байланысты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуде атап өтілгеніндей, ежелден бір-бірімен елі мидай араласып жатқан қос өңірде мұндай ынтымақтастық күнделікті өмірде туындап жататын түрлі мәселелерді барынша тез шешу үшін де қажет. Юрий Берг Саратов, Орынбор, Батыс Қазақстан облыстарының шекарасында осындай бір кездесу өткізуді ұсынды. Сонымен қатар биыл қыркүйек айында екі ел басшыларының қатысуымен Атырауда өтетін шекаралас аймақтар форумына әзірлік жайы да пысықталды.

Жабық мұз айдыны сарайында халықаралық форум-көрме салтанатты түрде ашылды. Онда сөз сөйлеген БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев аталмыш шара қос мемлекет басшыларының тапсырмаларын орындау аясында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Бұл форум да өзара тату көршілік қарым-қатынасты жетілдіруге тың серпін беретіні сөзсіз. Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг осындай пайдалы форумды ұйымдастырған батысқазақстандықтарға ризашылығын айта келіп, Орынбор өңірінің Қазақстанмен 1670 шақырымға созылып жатқан шекарасы достық пен ынтымақтастықтың белдеуі екендігін жеткізді.

Бұдан кейін БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы мен Орынбор облысы ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі министрлігі, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалану басқармасы мен Орынбор облысы табиғи ресурстар, экология және мүліктік қатынастар министрлігі арасында ниет хаттамасына қол қойылды.

БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Миржан Сатқановтың айтуынша, аталмыш көрмеге Ресей жағынан 60-қа жуық, Батыс Қазақстаннан 55 кәсіпорын қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Ресейден Мәскеу, Орынбор, Орск, Самара, Саратов қалаларынан кәсіпкерлер келіп, батысқазақстандық әріптестерімен келіссөздер жүргізді.

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Батыс Қазақстан мен Орынбор облысы үлгісінде Қазақстан мен Ресей шекаралас аумақтары арасында серіктестік байланысты дамыту. Қазіргі жай-күйі және қосымша мүмкіндіктер» тақырыбында пленарлық мәжіліс болып, ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланды.

Екі күнге созылатын жиын барысында дөңгелек үстел отырыстары, семинар-кеңес өтіп, екі облыстың кәсіпкерлер палаталары арасында ниет хаттамасына қол қойылмақ.

Айта кетейік, БҚО Ресейдің бес бірдей өңірімен шектеседі. Батыс Қазақстан мен Астрахан, Волгоград, Орынбор, Самара, Саратов облыстары және Удмуртия арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылған, ол жүзеге асырылуда. Тек 2013 жылы ғана Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 766,9 млн. АҚШ долларына жетті, бұл 2012 жылғыдан 28,3 пайызға көп. Кедендік одақ құрылғаннан бері тауарлардың келуі де, шығарылуы да өсіп отыр.

Орынбор

http://www.inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз