БҚО драма театры ұжымының өнері астаналықтардың зор қошеметіне бөленді

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымының өнері елорда тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді.

Конгресс-холл сарайында өткен «Мәңгілік елдің Алтын адамы» атты қойылымды көрген астаналықтар орындарынан тік тұрып, қошемет білдірді. Өйткені жырмен жазылған драмалық шығарманы сахнаға алып шығудың, көрерменге ұғынықты етіп жеткізе білудің қиындығы мол екені анық. Әрі, ежелде болған тарихи оқиғаның желісі жалпы көрерменге таныс та емес.

Шығарма авторы, белгілі ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) айтуынша, бұл еңбегі бұдан отыз жылдай бұрын және Сыр өңіріне белгілі «Қазына» дастанының ізімен жазылған.

Туындыға ел ішіндегі дау-дамай арқау болған. Арғынбай есімді батыр жекпе-жекте қайтыс болса да, оның туыстары адам құнын сұрайды. Дауласа келе, бір ердің құнына төрт қызды күң ретінде беру туралы шешімге келеді. Төрт қызды ата-анасынан айырып, шырылдатып, сахнаға алып шығып, шашын қырқып, құн сұраушыларға береді. Жан түршігерлік осы көріністі тебіренбей көрген адам жоқ шығар. Сол кезде елдің анасына айналған, ақылды шешімдерімен жұртшылықты аузына қаратқан Қазына Ана іске араласады. Күңдікке берілген төрт қызды кері қайтарып, екі жақтың кішкентай бір ұлы мен қызын атастырып, дауласқан топты бірлікке шақырады. Осы шешімге тоқтаған қауым Қазына Ананы елдің анасы етіп, билік айту мәртебесін соның қолына береді.

Қазына Ананың рөлін сомдаған Нұрлыгүл Жұбатова күрделі шығарманы көрерменге алып шығу, ел анасының рөлін ашып көрсету үлкен қажыр-қайратты талап ететінін айтты.

Айта кету керек, туындының қоюшы режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов, көлеңкелі көріністер режиссері - Мейрам Хабибуллин, суретшісі - Қайыр Оразғалиев. Сазбен көркемдеуші - Ержан Қажымов.

Қойылым соңында шығарма авторы Иран-Ғайып сахнаға шығып, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымына және көрермендерге шынайы алғысын жеткізді.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз