Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Музей - мәдени мекеме, ол өткен тарих пен қазіргі тарихты, материалдық және рухани байлықтарды жинақтап, сақтайтын, жиналған құжаттар мен жәдігерлерді зерделеп, зерттейтін, оны келешек ұрпаққа жеткізетін, тәлім-тәрбие беретін әлеуметтік орын. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі 170 жылдық тарихы бар көне музейлердің бірі. Музейдің ең басты міндеті - Ақ Жайық өлкесінің тарихымен, өркениетті мәдениетімен жастарды, жергілікті халықты, қала қонақтарын таныстыру.

Бүгінгі таңда облыс орталығы Орал қаласында, облыс аудандарында музейдің 8 филиалы жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетуде. Олар: қаланың көне тарихынан мәлімет беретін Е.Пугачев музейі, суретші С.Ғұмаров музейі, орыс әдебиетінің классигі А.С.Пушкин музейі, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейі, Сырым ауданындағы Сырым Датұлы музейі, Мұхит Мералиев атындағы Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейі, Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі, Көктерек ауылдық тарихи-өлкетану музейі.

Археология залы

Болған талай қалалар да, халық та,
Уақыт көмді бәрін жердей табытқа.
Болған талай ауылымыз, тайпамыз,
Енді соның ізін тауып, байқаңыз.

Ақ Жайық - көне өркениет мекені. Бұл жерде біздің ата-бабаларымыз өзіндік материалдық және рухани мәдениетін қалыптастырған. Олар бізге бірегей архелогия ескерткіштері: ескі қорғандардың, қалашықтардың орны, содан табылған жәдігерлер арқылы жетті. Бұл залдың экспозициясынан Сіз Батыс Қазақстан облысының көлемінен табылған тас, қола дәуірлері ескерткіштерімен танысып, сарматтар ескерткіші - қылыш, қанжар, үш қырлы жебе ұштарын, қыш құмыраларды көріп, саф алтыннан жасалған жапсырмалар мен сәндік бұйым түрлерін тамашалай аласыз.Сонымен қатар ІІ-ІV ғасырларынан қалған тұрмыстық жабдықтар: ер-тұрман, ат әбзелдері, біздің дәуірімізден 40 мың жыл бұрынғы кезден сыр айтатын Шалқар көлі маңынан табылған тас құралдар, Қырықобадан табылған бұйымдар көрермен назарына ұсынылып отыр.

Орта ғасырлық Алтын Орда кезеңі мен Жайық қалашығының пайда болуы тарихы

«Жалпақ жұртыңды, игі алашыңды құрметтеу 
алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын,
табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады».

Н. Назарбаев

Алтын Орданың құрылуы сауда, халықаралық қатынастардың дамуын, орталықтанған билік идеясының өріс алуын қамтамасыз ететін біртұтас саяси жүйенің қалыптасуына себебші болды. Ақ Орда Қазақстанда жергілікті тайпалардың (қыпшақ, қоңырат, керей, үйсін, найман, қарлық, арғын және т.б.) негізінде құрылған алғашқы мемлекет. Өзбек ханның (1312-1342жж) және оның баласы Жәнібектің (1342-1357 жж) тұсында Алтын Орданың күш-қуаты барынша кемел кезіне жетті.

Экспозицияда Әз Жәнібек тұсындағы Алтын Орданың Жошы әулетінің ақшалары, қазақ халқының тұрмыстық заттары, сол кезеңдегі қару жарақтары (қысқа семсерлер, қайқы азиялық қылыштар, дулыға, торғауыт, шоқпарлар, найзалар және т.б), қарсақ терісі, пілте мылтықтар көрсетіліп, сол кезең туралы мағлұмат беріледі.Сонымен қатар біздің жыл санауымыздың ҮІІ ғ басында қалыптасқан Ислам діні туралы да мәлімет алып, ислам дінінің ең негізгі , басты, қасиетті «Құран» кітабын көресіз. Араб тарихында кітап болып жарық көрген бұл тұңғыш көркем шығарма діннің ғана емес, араб әдебиетінің классикалық үлгісі. Онда діни, құқық, тұрмыстық қағидалар қамтылған.ХҮІ ғасырдың орта шамасында Жайық бойына келген казактардың қоныстану тарихымен, олардың шаруашылығы, үй тұрмыстық заттарымен танысасыз. Зал экспозициясы Орал қаласында болған орыс, татар жазушылары, қаланың тарихи ғимараттары туралы да сыр шертеді. Сондай-ақ осы залдан Сіз 1889 жылы негізі қаланып, үлкен сұранысқа ие болған, атақты Кузнецов фарфор зауытының түпнұсқалық заттарын да көресіз.

Кіші жүз тарихы

Қазақта үш би болды ел аралаған
Аузына не айтар деп жұрт қараған
Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би
Әйтеке үшеуінен сөз тараған

Зал экспозициясы Сізге Кіші жүз шежіресін баян етеді. Кіші жүз қазіргі Батыс Қазақстан жерінде ХҮІ ғасырға қарай қалыптасқан. Оның жазғы жайлауы Үстірті жазығында, Ор, Жайық, Елек, Жем, Темір өзендерінің сағаларында, Мұғаджар тауында орналасса, қыстауы Ырғыз өзені мен Сырдарияның төменгі сағасы, Арал теңізінен бастысқа қарай Маңғыстау түбегінде, Атырау ойпатында, Нарын құмында болды.Қазақ шежіресіне т.с.с. жазба деректерге қарағанда Кіші жүз құрамына енген тайпалар үш одаққа бөлінген. Байұлы, Әлімұлы, Жетіру.Көрермендер бұл залдан қазақ хандарының, қазақ билерінің бейнелерін көріп, олардың игі істері туралы естімек, қазақ халқының тарихында ерекше маңызы бар жоңғар-қазақ соғысындағы «Аңырақай шайқасының» тарихи мәнін ұғына алмақ.

Бөкей Ордасы тарихының залы

Атақты Нарын бар
Нарынға барыңдар!
Бәйгенің басында
Жүйрігі арындар,
Осында туыпты
Таланттар, дарындар

Қадыр Мырза Әлі

Зал экспозициясы Сізді 1801 жылы Еділ мен Жайық аралығында Кіші Бөкей ордасы хандығының құрылу тарихымен таныстырып, Әбілқайыр хан әулетінің ұрпақтары Бөкей, Нұралы, Жәңгір хандар туралы тарихи мәлімет береді.Сіз бұл зал жәдігерлері арқылы Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгір билік құрған кездегі дала реформаторының: қазақ халқын отырықшылық тұрмысқа көшіру, Орда қаласының негізін салу, қазақ даласында қазақ балалары үшін алғашқы мектепті ашу, саудалық қарым-қатынастарды орнықтыру сияқты игілікті істерімен таныса аласыз.Сонымен қатар 1783-1797ж Сырым Датұлы және 1839-1838ж Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық күресі туралы да тереңірек мәліметтерді мұрағаттық құжаттар арқылы білетін боласыз.Сізге Жәңгірхан әулетінің жақсы аты мен мақсаты, қасиеті мен қасіреті жайында ақиқат сыр шертеді.

Кеңестік дәуір кезеңінің тарихы

«Жақсысын ұлықтамау, жайсаның қызықтамау
өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік»

Ә.Кекілбаев

Зал экспозициясынан Сіз ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ.басынан бастау алатын қазақ зиялыларының Ресейдің отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған Алаш қозғалысымен, Алаш партиясының, Алаш Орда үкіметінің құрылуына негіз болғанына мұрағаттық құжаттар арқылы куә боласыз. Жаһанша және Халел Досмұхамедовтар бастаған алаш зиялыларының саяси-қоғамдық, ғұмырнамалық жолдарымен таныса аласыз.

70 жыл дәурен құрған Кеңестік кезеңнің ерекше тарихи оқиғалар тізбегі Сіздің көз алдыңыздан зал жәдігерлері арқылы өтеді.

1937-38жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының қаза болған жерлерінен табылған жәдігерлер де көрермендер назарына ұсынылып отыр. Батыс Қазақстан облысы бойынша 1937 жылы 853 адам қуғынға ұшырап, оның 335 атылып, қалғандары әр түрлі мерзімге еңбекпен түзеу лагерлеріне жіберілген. 1938жылы 936 адам тұтқындалып, 690-ны атылып, 30-50ші жылдары біздің облыс бойынша соттан тыс органдарОГПУ немесе НКВД-ның үштіктері «ерекше»мәжілістерінің шешімдерімен 4000 адамды соттаған.

1941ж-1945ж Ұлы Отан соғысы жылдарына арналған экспозицияда Ұлы Отан соғысына біздің өңірден қатысқан жауынгерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің суреттері, хаттары, майдан даласында тұтынған заттары қойылған. Ұлы Отан соғысы кезінде Батыс Қазақстан Сталинград майданының тылына кірді. Облыстың Бөкейорда, Жәнібек аудандарының халқы ысқырған жау бомбасының астында қалды. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ майданға Орал облысынан 2000 комсомол жастар өз еріктерімен аттанып, Орал өңірінен 152, 101- жеке атқыштар және 86 артилериялық бригадалары жасақталды. Олардың ішінен 48 жауынгер Кеңес Одағының Батыры деген құрметті атаққа ие болды.

Соғыс жылдарында Орал облысына 14 өндірістік кәсіпорын көшіп келді. Далада да, қалада да тыл еңбеккерлері «Барлығы Жеңіс үшін» деген ұранмен өмір сүрді. Соғыстан кейін олар қираған халық шаруашылығын қалпына келтірді. Міне зал жәдігерлері Сізді осындай орасан еңбек еткен жандардың өміржолымен таныстырады.

БҚО білім мен ғылым, өнер мен мәдениет салаларының даму тарихы

Мәдениет-әрқашан халық тарихымен тығыз байланысты. Өйткені жалпы мәдениет, соның ішінде ән-күй өнері әрбір халықтың өзімен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан көне құбылыс. Сан ғасырлар бойы қазақ-қазақ болып, халық болып қалыптасу жолында мың «өлгенімен», мың бірінші рет қайта «тірілуіне» себеп болған рухани қуаттың қайнары. Атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталған ауыз әдебиетінің асыл қазынасы, өнері арқылы халқымыздың даналық көзі сақталып қалуда. Оған осы зал жәдігерлері дәлел бола алады. Өйткені Ақ Жайық өңірі қашанда жан дүниені тебіренткен күй мен жырдың, қара сөздің қас шеберлері-ақын-жыршылардың мекені. Ақ Жайық өнерінің қайталанбас шоқтығы биік асылдары: Құрманғазы, Дина, Сейтек, Мұхит, Ғарифолла сияқты қазақ халқының мақтанышына айналған алып өнер иелерінен басталған зал жәдігерлері Сізге Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестр негізінің қалай қалыптасып, дамығандығы туралы баяндайды.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра»-деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай қазақтың атын шығарар бірден-бір аспап домбыра. Оның үні мен сарынында тарихтың талай сыры мен мұңы, қуанышы мен қасіреті, аққан қаны мен жаны жатыр. Өлкеміздің атақты күйшісі Қали Жантілеуовтың 40жыл бойы көзінің қарашығындай сақтаған домбырасын да осы залдан көре аласыз.Күйшінің шәкірті, Қазақстанның Халық Әртісі Тұяқберді Шәмілов, скрипка сүлейі атанған Марат Бисенғалиев туралы да мол мағлұматтар алып, таныса аласыз.

Сіз елімізге танымал Тайыр Жароков, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі сияқты атақты қаламгерлердің ұстаған заттарын, пайдаланған бұйымдарын көзіңізбен көріп, олардың шығармаларынан нәр аласыз.
Сахна саңлақтары Хадиша Бөкеева, Роза Жаманованың, Ақ Жайықтың Ақ Шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның киген киімдерін тамашалап, олар туралы сырлы әңгіме тыңдай аласыз.

Сонымен қатар зал жәдігерлері Сізге өлкемізден шыққан ғалымдар, білім ордалары туралы да мол мәлімет береді.

Этнография залы

Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын, өткені мен бүгінгісін жүйелі түрде этнографиялық тұрғыда зерттеу Ұлы Отан соғысынан кейін Қазақ Ғылым Академиясының құрамында этнографиялық бөлімнің қалыптасуына байланысты жүргізілді.Қазақстанның әр өңірінде мекендейтін қазақ жұртшылығының материалдық мәдениетін зерттеу негізінде И.Захаров, В.Востов, Р.Ходжиева, Э.Масанов, Ә.Марғұлан, М.Мұқанов, Н.Нұрмұхамедов, Х.Арғынбаев сияқты этнографтардың бірнеше ғылыми еңбектері жарық көрді. Бұл еңбектердің қай-қайсысында да қазақ халқының дәстүрлі қолөнер үлгілері этнографиялық тұрғыдан зерттеліп, баяндалды.

Бүгінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ халқының қолөнер туындыларының баға жетпес этнографиялық ескерткіштерін сақтайтын үлкен қор бар. Ұлттық мәдени мәні мен маңызы бар заттарды іздестіру мақсатында музей қызметкерлері Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастырып, экспедициялар барысында қазақ халқының тұрмыста қолданылған заттары жиналды. Нәтижесінде халықтың қолөнер саласы бойынша тұрмыста сирек кездесетін заттар музей қорынан өз орнын тапты. Олардың ішінде дәстүрлі шаруашылықты көрсететін әр түрлі қолөнер заттары, еңбек құралдары, үй ішінің жабдықтары, жиһаздар, қазақ халқының ежелгі дәстүрі мен эстетикалық талғамын білдіретін ұлттық киім түрлерінің ірі коллекциялары бар.

Қазақ халқының өмірінде киіз үйдің маңызы зор. Ол ежелден бүкіл көшпелілер әлемінің, оның тұрмыс-салты мен дүниетанымының бір жерге тоғысқан бірегей туындысы болып табылады. Тез жығып, тез тігілетін киіз үйде жазда салқын болса, қыста жылы болған.

Киіз үй ішіндегі ағаштан жасалған үй бұйымдарының орны ерекше. Әдетте мұндай бұйымдар көшпелі халықтың тұрмысына бейімделіп жасалған. Сондықтан үй жиһаздары жеңіл, әрі көшіп қонуға ыңғайлы болған. Облыстық музейдің қорындағы өзіндік құндылығы бар үй жиһазының бірі-арқалығы оймышталып қызыл ағаштан жасалынған керует.Ол Ақтөбе облысының Шалқар елді мекенінен әкелінген ХІХ ғасырдың жәдігері. Кеңінен таралған осындай үй жиһаздарының түрлері, олардың қайталанбас ою-өрнектері, қазақ даласында белгілі шеберлердің болғанының айғағы.

ҚР Тәуелсіздік тарихына арналған зал

«Егеменді еліміздің мәдени өмірінде музейлердің орны ерекше.
Тарихымызды терең зерттеп, оның тәжірибесінен тағылым алу
Қазақстанда патриотизм қалыптастырудың, 
Отанның лайықты азаматтарын тәрбиелеудің 
басты шарттарының бірі».

Н.Назарбаев

Еліміз тәуелсіз мемлекет болып әлемнің өркениетті елдері қатарынан көрініп, ғасырлар бойғы арманына жетті. Сондықтан еліміздің тарихының куәсі-Елтаңбасы, Ән ұраны, Көкбайрағына зал төрінен орын берілді.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолын баяндайтын қолтаңбасы қойылған Елбасының төл шығармаларын, ел ордасы-Астана қаласының қалыптасып, дамуына арналған деректерді де осы залдан көруге болады.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2030» Жолдауында: «Бүгінгі таңда біз тұрақтану кезеңінен өтудеміз, ең өзекті және маңызды міндеттерімізді шешуде қол жеткен табысымыз бізге жан-жағымызға үңіле зер тастауға, өткен жолымызды таразылауға әрі болашаққа батылырақ көз салуға, алдағы дамуымыз туралы ойлануға, өз жоспарларымызды түзеуге мүмкіндік береді»-деген еді. Қазіргі заманға сай еліміздің, облысымыздың дамуы, экономика, білім, мәдениет, спорт саларындағы жетістіктері туралы зал жәдігерлері баяндайды.

Өзінің жер байлығымен Қазақстан елін әлемге әйгілі еткен, облысымыз аумағында 1979 жылы ашылған Қарашығанақ кен орны туралы жәдігерлерді де көзіңізбен көріп, таныса аласыз.

Сонымен қатар облыс басшыларына көршілес елдердің тартқан сыйлары да зал ішінен өз орындарын тапқан.

Изображения: 

Жаңа пікірді жазу

Filtered HTML

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <blockquote> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.
CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз