Еуразиялық экономикалық одақ жоғары білім беру жүйесінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ

Еуразиялық экономикалық одақ жоғары білім беру жүйесінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғылыми кеңесінің кезектен тыс кеңейтілген отырысында мәлім етілді.

«Еуразиялық ықпалдастықтың жекелеген аспектілері» деп аталған жиында университет ректорының міндетін уақытша атқарушы, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлан Серғалиев осыған орай ЖОО алдына тың міндеттер қойылатынын атап өтті.

Қазіргі таңда университет Ресей, Беларусь, Украина, Румыния, Сербия, Венгрия, Болгария, Латвия, Литва, Эстония, Қытай, Вьетнам және Германия мемлекеттерінің жоғары оқу орындарымен халықаралық әріптестікті жүзеге асыруда. Мәселен, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 2013-2014 оқу жылында 17 шетелдік ғалым университетке келіп, студенттерге дәріс оқыса, 14 студент пен магистрант Ресей Федерациясының Волгоград мемлекеттік аграрлық университетінде, Астрахан мемлекеттік техникалық университетінде, К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясында, Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде академиялық алмасу бойынша білімдерін шыңдап оралды. Сондай-ақ Қалмақ мемлекеттік университетінен келген 5 студент агрономия, ветеринарлық медицина және биотехнология факультеттерінде білімдерін жетілдірсе, 11 оқытушы Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарында болып, біліктілігін арттырды.

Соңғы бес жыл ішінде қосымша білім беру бағдарламалары аясында 800 студент Н.Чернышевский атындағы Саратов университетінде, Саратов мемлекеттік техникалық университетінде, Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінде білім алса, оқытушылар ресейлік және беларусьтық жетекші университеттердің магистратураларында білімдерін жетілдірді. Беларусь Республикасындағы Минск трактор зауыты ертеден келе жатқан сыралғы әріптес. Соңғы екі жылда аталмыш зауыт базасында агроинженерия мамандығының 20 студенті теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырды. Еуразиялық экономикалық одақ аясында халықаралық әріптестік беки түсіп, магистранттар мен докторанттардың қатары артатынына сенім мол.

 «Еуразиялық экономикалық одақ - келешекке кемел даму» тақырыбында баяндама жасаған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, университет ректорының кеңесшісі Қазыбай Бозымов: «Еуразиялық экономикалық одақ аясында білім-ғылым саласындағы халықаралық әріптестік өрісінің кеңейе түсетіндігі қуантады. Өйткені маман даярлау ісіндегі мол тәжірибені бірлесіп игеру үш тарап үшін де өте тиімді», - деді.

Сол секілді экономика және бизнес факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Ғабдуалиева, экономика және болжамдау кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қазамбаева, оқу ордасындағы тарихи-этнографиялық музейдің меңгерушісі Нұржан Төлепов Еуразиялық экономикалық одақтың басым бағыттарына ерекше назар аударды.

Ғылыми кеңес мүшелерінің шешімімен алдағы уақытта еуразиялық ықпалдастықтың басым бағыттары айқын көрсетіліп, көпке түсінікті тілмен жазылған арнайы кітапшалар дайындалады. Бұл ақпараттық кітапшалар жастарға пайдалы болмақ.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз