Қан майданға бір шаңырақтан аттанған төрт ұлдың үшеуі елге оралмады

Алдағы жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толмақ. Арада осыншама уақыт өтсе де, соғыс шындықтары әлі ашылу үстінде.

Жәнібек ауданынан мұрағатшы әрі журналист Ахмедияр Батырхановтың анықтағанындай, өткен ғасырдың бас кезінде Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылын мекен еткен Елемес пен Ару Бақсайысовтардың отбасында Хайреден, Ғафар, Рахила, Мұхтар, Нұрхат және Тайыр есімді ұл-қыздары дүниеге келіп, өсіп өнген. Сол бір жылдардағы коллективтендіру, бай-кулактарды кәмпескелеу сықылды қызыл бел-сенділердің саясатынан өзін аулақ ұстамақ оймен Елемес Бақсайысов жылы орнын суытып, көршілес Ресейдің сол уақыттағы Сталинград облысына қоныс аударған. Ұлы Отан соғысына осы әулеттен Ғафар, Мұхтар, Нұрхат және Тайыр аттанған. Солардың арасында қан майданнан елге Ғафар ғана оралған. Елемесов Ғафардың ұрпақтары - бұл күнде Жәнібек өңірінде кәсіпкерлікпен танылған азаматтар. Олар ағайынды Ескендір, Есқайыр және Есбол Елемесовтар. Лейтенант шенінде барлаушылар полкін басқарып, жауға қарсы соғысқан Мұхтар Жәнібек аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісіне ағасы Хайреденді іздеп, хат жазады. Хат жоғарыда есімі аталған Хайреденнің қызы Рая апайдан алынды. Сол бір сұрапыл жылдардан сақталған хат төмендегіше сыр шертеді. Хат сол қалпында, еш өзгертусіз орыс тілінде беріліп отыр.

«Здраствуйте много уважаемый тов. Зав. Роно.

Прошу сообщить адрес моего брата ране работающего у Вас Елемесов Х (а нине не знаю работает ли он или нет). Одновременно сообщаю что нахожусь жив и здоров в действующей Армий истребляем и уничтожаем немецких захватчиков.

Прошу не отказать мою просьбу.

С приветом начальник разведки полка лейтенант Елемесов М. Мой адрес: Действующая Красная Армия П.П.С. 14-17.772 сп. М. Елемесову»

Аға лейтенант Мұхтар Елемесовтың қызмет еткен бөлімінің командирі мен комиссары қол қойған қаралы қағазда былайша мәлімет берілген:

ИЗВЕЩЕНИЕ

Ваш брат стр. лейтенант Ильмесов Мухтар уроженец Казаньская обл. (құжатта солай) Джанибекского р-н в бою за Социалистическую Родину, верный воинской присяге, появив геройство и мужество, был ранен 5/IV умер в 47 МСБ 5/IV 42 г. похоронен на кладбище г. Севастополь.

Харалы қағаздан белгілі болғанындай, Мұхтар Елемесов 1942 жылы 5 сәуір күні Севастополь қаласында ерлікпен қаза тапқан.

Ал, жоғарыда есімі аталған Тайыр туралы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан қор № 33, тізбе №11458, іс №438 алған дерек былайша өрбиді:

Баксаисов Таир Елемесович 1925 жылы Батыс Қазақстан облысы Жәнібек стансасында туған. Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынған. Соңғы қызмет орны 290-атқыштар дивизиясы 882-атқыштар полкі. Әскери шені кіші лейтенант. Атқыштар ротасының взвод командирі.

14.10.1944 жылы қаза тапқан. Гродно қаласы Лыпники деревнясынан 2 шақырым жерде жерленген. Туысқанының мекенжайы: Анасы Ару Баксаисова Батыс Қазақстан облысы Жәнібек стансасы Ұзынкөл селосы.

Ал, 1999 жылы Орал қаласынан жарық көрген «Боздақтар» кіта­бының VI томының 27-бетінде былайша дерек келтіріліп, Тайырдың тегі қате жазылған: «Бақсанов Тайыр Елемесұлы -1925 ж. Мұратсай а/с туған. Қазақ. Кіші лейтенант. 1944 ж.қазанда қаза тапқан. Белосток ауд. Липники д. жерленген».

Демек, қан майданда ерлікпен қаза тапқан ағайынды Мұхтар да, Тайыр да осал болмаған, бірі батыл барлаушы, аға лейтенант ретінде көз жұмса, екіншісі кіші лейтенант шенімен взвод басқарған.

Бақсайысов Елеместің ұлы Николай Бақсайысов та сұрапыл соғыстан оралмаған. Оның негізгі азан шақырып қойған есімі Нұрхат. Ол жастайынан Ресей жерінде оқып, білім алған. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан алынған деректе былай жазылған: «Баксаисов Николай Елемесович 1918 жылы Орал облысы Жәнібек ауданында туған. Киров облысы Ново-Троицкий аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынған. Соңғы қыз­мет орны 19-атқыштар дивизиясы. Әскери шені қатардағы жауынгер. 1944 жылы 6 қазанда қаза тапқан. Заечар қаласының солтүстік батысында 400 метр жерде №4 зиратқа жерленген. Туысқанының мекенжайы әкесі Баксаисов Ильмес Орал облысы Жәнібек ауданы Мурацайск ауылы (құжатта солай)». Бұл арада Мұратсай ауылы деп оқысақ, еш қателеспейміз.

Ал 1999 жылы Орал қаласынан жарық көрген «Боздақтар» кітабының VI томының 26-бетінде жоғарыдағы Николай Бақсайысов туралы мынадай дерек келтірілген: «Баксагасов Николай Ильментович. Орыс. Қатардағы жауынгер. 1944 ж. қазанда қаза тапқан. Югославияда жерленген».

Әрине, қазақ ұлтының азаматын орыс деп жазып жіберу ақылға сыймайды. Ештен кеш жақсы демекші, мұрағат құжаттарын алға тарта отырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында осындай деректерді жинастырып, бір ізге келтіру - бүгінгі ұрпақ парызы.

Батыс Қазақстан. ҚазАқпарат.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз