Қаратөбедегі астан ұшынған балалардың денсаулығы жақсарып келеді

Бұл туралы Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров мәлімдеді. Шалғай ауылдарда есептік кездесу өткізіп жүрген аудан басшысы хабар тиген бойда орынбасары Сатқан Ержанұлын ертіп, аудандық ауруханаға жетті. Ем-дом қабылдап жатқан балалармен, дәрігерлермен тілдесіп, жағдайларын сұрады. Кешкі астан келіп жатқан балалардың көңіл-күйлері жақсы.

- Жағдайларың қалай? Қазір ауырып тұрған жоқсың ба? Қандай ем-дом алып жатырсыңдар?-деп сұраған аудан басшысына: -Жағдайымыз жақсы. Сауығып келеміз. Іш ауырғанымыз қазір басылды. Барлық интернаттың балалары кешкі тамақты бірге іштік. Күндіз сырғанақ, коньки, шаңғы тептік. Неден екенін өзім де білмеймін, ішім бүріп ауырғасын дәрігерге барып, содан осында түстім,- дейді 6 сынып оқушысы Қуаныш Сүйенішов.

Бұдан кейін аудан әкімі мектеп-гимназияның интернатында болды. Қазіргі таңда аудандық жұқпалы аурулар  ауруханасына түскен мектеп-гимназия оқушыларының 6-уы денсаулығы қалыпты болғандықтан, дәрігерлер шешімімен ауруханадан шығарылды. Бірақ интернатта оқшауланған бөлмеде бақылауда. Асхат 

Берлешұлы ауруханадан шыққан оқушылардың да хал-жағдайларын сұрап, әңгімелесті.

- Мен интернатта жатып оқимын. Неден болғанын нақты айта алмаймын. Күдіктенетіндей ештеңе жеген жоқпын. Бәріміздің де ішетініміз бірдей тамақ. Күндіз далада  дене шынықтыру сабағында болдық. Мүмкін сонда салқын тиді ме? Тамағымыз негізінен жақсы, түрлі салаттар қойылады, дастарханымыз мол. Ауруханаға жатып емделіп шықтым, қазіргі жағдайым жақсы, - деді ауруханадан шыққан алты оқушының бірі, 9 сынып оқушысы Раушан Кенжеғалиева.

Балалардың қасында жүрген мектеп психологы ем-дом арасында психологиялық қолдау көрсетіп жұмыстануда.

- Бұл жағдай аудан әкімі ретінде толық бақылауымда. Жалпы оқушылардың көңіл-күйлері жақсы. Денсаулықтары жақсара бастаған. Алты бала ауруханадан шықты, қалған 14 оқушы ем-дом қабылдауда. Жағдайлары жақсы, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ, аяқтай жүріп ем-дом қабылдауда. Балалардың барлығының денсаулықтары мамандардың бақылауында. Облыстан келген бактереолог, санитарлық дәрігерлер, инфекционистер, облыстық денсаулық сақтау басқармасының және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары оқиғаның себеп-салдарын анықтау жолында жұмыстануда.

Мектеп-гимназиядағы 255 оқушының 126-сы ыстық тамақпен қамтылған. 81 бала интернатта тәрбиеленуде. Ауырып қалған балалар осы интернат тәрбиеленушілері арасынан шығып отыр, - деді Асхат Берлешұлы.

www.zhaikpress.kz
Нұрлан МЕҢДЕШОВ,
«Қаратөбе өңірі»

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз