Қазақстандағы алғашқы шиншилла фермасы Тасқалада жұмыс жасай бастады

Қазақстандағы алғашқы шиншилла фермасы Тасқалада жұмыс жасай бастады.

Еліміздегі тың жобаны қолға алған кәсіпкер Асқар Момынжанов бұрын Семей өңірінде құндыз өсірумен айналысқан. Дегенмен әлемде терісі жоғары бағаланатын шиншилла фермасын Батыс Қазақстан облысынан ашуды қолай көрді. Мұның өзіндік себептері бар. Ең алдымен БҚО Ресейдің бес бірдей аймағымен шектеседі әрі Мәскеуге жақын. Сондықтан Мәскеудегі шиншилла фермасынан 50 жұп шиншилланы сатып алып жеткізгенде, ол көп күшке түскен жоқ. Ертең өскен күнде де Мәскеуге өнім тасымалдау әлдеқайда тиімді.

Табиғатты және табиғи ресурстарды қорғау жөніндегі халықаралық одақтың Қызыл кітабына енгізілген шиншилла әдетте ұзын және қысқа құйрықты болып келеді. Тасқаладағы фермадағы темір тор қорапшаларда жұптарымен «қоныстанған» жануарлар көкшіл сұр түсті, ұзын құйрықты «канадалық тиін» деген сұрыпты түрінен. Негізі Оңтүстік Американың биік тауларында тіршілік ететін шиншилла атаулы жануар біткеннің арасынан тері қылшықтарының қалыңдығы мен тығыздығы жөнінен теңдессіз көрінеді. Оның терісінің 1 шаршы сантиметрінде 25 мың тал қылшық, яғни 1 шаш пиязшығынан 60-80 шаш талшығы өседі. Сондықтан да тері жүні тығыз әрі қалың болғандықтан, нарықта жоғары бағаланады. Шиншилла терісінен тігілген тонның бағасы 10 мың-100 мың АҚШ доллары шамасында.

А.Момынжановтың сөзіне қарағанда, кеміргіштің бұл түрін өсіру аса қиынға түспейді. Бөлме ауасы 16-18 градус болып, күніне бір тамақтандырса жетеді. Аталмыш аң тазалықты, тыныштықты сүйеді,  Тері жүні тығыз болған соң, оның денесінде өзге жануарлардағыдай паразит атаулы болмайды. Бірақ тері бездері болмағандықтан, үсті суға жылдам жаурайды. Тор қорапшасының бір бөлігіне салынған құмға тышқандар аунап, үсті басын дымқылдан құрғатады, түскен қылшық-жүнінен тазаланады. Оның «асырандылары» түйіршектелген дәруменді құрама жем жейді. Тістері өсіп жатқандықтан, тас мүжиді. Арнайы су кеп тұрған түтіктерді тұмсығымен түртіп, суды өздері ішуге дағдыланған.

Кәсіпкердің фермасы әзірге шағын жаңа үйдің кең бөлігін алып тұр. Іші қоңыр салқын. Шиншиллалар жұптасып 15 жыл өмір сүреді. Жеті айлықтан бастап жылына 3 мәрте балалайды. Күшіктерінің 80 пайызы еркек болып туылады. Ең бастысы, асыл тұқымды кеміргіштерді көбейтіп алу керек. Басы артық еркегі сойылып, терісі өткізіледі.

Асқар Момынжанов ферма шаруасына өз қаржысын жұмсады. Жобасының 2,5 жылда ақталатынына сенімді. Алдағы уақытта шиншилланың басы мың басқа жетіп жатса, аудан немесе облыс орталығынан тері илейтін және одан киім тігетін цех ашуды көздеп отыр. Шикізатты сатқаннан гөрі оны өңдеп, өнім жасап, нарыққа шығару әлдеқайда тиімді.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз