Brexit бойынша болжам Германияның көңілін көншітпейді

Ұлыбритания келісім жасамай Еуроодақтан шықса, Германия 100 мыңға жуық жұмыс орнынан айырылуы мүмкін. Әсіресе автокөлік саласы үлкен шығынға батады деп болжайды мамандар.

Соңғы сауалнамаларға қарағанда, немістердің 73% Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуын қаламайды. Әсіресе бизнес өкілдері, себебі Лондон өзара сауда көлемі жағынан бесінші орында тұр. Ұлыбританияның Одақтан ресми түрде шығуына 50 тәуліктен аз уақыт қалған. Алайда үрдістің қалай жүзеге асатыны белгісіз. Келісім жасламаған жағдайда экспорттың күрт тоқтап қалуы мүмкін. Ал Германия бұл елге автокөліктерден бастап көкөніске дейін көптеген өнім түрін экспорттап жүр. Кеден салықтары пайда болады. Алдын-ала есеп бойынша, бұл неміс экспорттаушыларын 3 миллиард еуро қосымша шығынға батырады. БМВ, Эйрбас пен Дойче банк секілді ірі фирмалар осы жағдайға дағдарыстық жоспарларын әзірлеп үлгерген.

Кристиан Гроссе, берлиндегі шағын және орта бизнес одағының төрағасы:

- Brexit Еуропа үшін нағыз апат болады деп санаймын. Ұлыбританияда өкілдіктері бар көптеген фирмаларға әрі қарай не істеуін ойластыруға тура келеді. Мұндай жағдай тарихымызда әлі болып көрмеген. Бәріміз үшін бұл жаңа сын-тегеуірн. Ең бастысы, бәрін реттеп, келісімсіз шығуына жол бермеу керек. Ал жалпы Германияның Еуроодақтағы рөлі күшейеді.

Расында да күшейетін түрі бар. Франкфурт Еуропаның жаңа қаржылық астанасына айналуы мүмкін. Аймаққа қаржы мекемелері ауысып, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сарапшылардың болжамынша, 10 мың адам жұмыспен қамтылып, Франкфуртегі активтер 800 миллиард еуроға артады.

Ульф Шнайдер, «Schneider group» басқарушы директоры:

- Франкфурттың Еуропаның жаңа қаржылық орталығына айналуына мүмкіндіктері зор, оған қоса Еуропаның орталық банкі де осында орналасқан. Банктер осында көшуге шешсе, қаламыз әлемнің қаржы астанасына айналуы мүмкін. Британия шыққаннан кейін Франкфуртке көптеген қаржылық қызметті өзіне алуға тура келеді. Бұл Германияға тек пайда әкеледі. Дегенмен Брекзиттен елдерімізге келген шығынды толық ақтамас деп санаймын.

Британия 29 наурызда Еуроодақтан шығуы тиіс. Осының қарсаңында бүкіл Еуроаймақта экономикалық өсімнің күрт бәсеңдегені байқалып жүр. Ақпарат құралдарының мәліметінше, шетелдік компаниялар Британиядағы кеңселерін өзге елдерге көшірте бастаған. Мысалы, Sony мен Panasonic штаб-пәтерлерін Амстердамға ауыстырмақ.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз