Отандық көлік халыққа ұнаса, өндіріс дамиды

Өткен жылы мемлекеттік органдар үшін 20,68 миллиард теңгеге 3315 қызметтік көлік сатып алыныпты. Оның 3216-сы, яғни 97 пайызы отандық өндірістерде құрастырылған көліктер болса, қалғаны – шетелдік «тұлпарлар». Бұл мемлекеттік органдарда отандық зауыттарда құрастырылған автокөліктерді пайдалану туралы талайдан айтылып жүрген сөздің іске аса бастағанының айғағы. Былтыр еліміздің машина құрастыру саласында 30 мың автокөлік шығарылған. Бұрнағы жылмен салыстырғанда 78,8 пайызға артық. Тағы бір айта кетерлік жайт, өткен жылы нарықта сатып алынған әрбір жаңа көліктің екіншісі елімізде құрастырылған. Отандық автоөндірістің бойына қан жүгіре бастағанын осыдан аңғаруға болады. Саланың дамуы, болашағы жайлы экономистер не дейді? Құлақ түрелік.

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, экономика ғылымдарының докторы:

– Отандық автоөндірісті дамыту үшін тек шенеу­нік­тер­­дің машина са­тып алғаны жеткіліксіз. Себебі, олар күнде машина ауыстыра бермейді. Көлік күнделікті сатып алатын азық-түлік емес. Жаңалап қой­сам, бір көлікті 10-15 жыл мініп, пайдаланам деген жоспар­мен алады. Отандық машинаны ха­лық жаппай сатып ала бастаса ғана мақтануымыз керек. Өз көліктерімізді бүкіл бұқара сатып алуға бет бұрып және ол халыққа ұнайтын болса, сонда отандық автоөндіріс қарқын алады. Осы саланы дамыту үшін, біріншіден, халықтың тұрмысы машина са­тып алатындай жақсы болуы керек. Екінші, отандық автокө­ліктің сапасы шетелдікінен кем болмай, тіпті асып түсуі тиіс. Үшінші, отандық машиналардың бағасы шетелдікінен әлдеқайда төмен болуы керек. Сонда ғана отандық машина жасау саласын дамыта аламыз. Егер шетелдік машинаның сапасы жоғары, бағасы төмен болса, әрине таңдау соған түседі. Соңғы 25 жылда адам­­дар шетелдік көліктерге үй­реніп қалды. Сондықтан санаулы шенеунік сатып алғаннан мемле­кет те, отандық өндіріс те дамы­май­ды, ал жаппай халық сатып алып, халықтың тұрмысы жақ­сарса, экономика көтеріледі, мем­лекет дамиды. «7 – 20 – 25» ав­то­несие бағдарламасын енгізу­дің қаншалықты нәтиже беретінін де уақыт көр­се­теді.

Ілияс ИСАЕВ, Нархоз уни­вер­стие­тінің доценті:

– Егер на­рықта машина өтіп жатса, де­мек халықта сұраныс бар. Сұраныс болса, неге машина өндірісі саласын дамыт­пасқа? Біріншіден, машина жасау үшін оған қажет металдардың бәрі біздің пайдалы қазбамызда бар. Екіншіден, Қазақстанның автокөлік өндіру саласында қа­зақстандық үлесті, яғни машина құрылысы саласына қажет авто­бөлшектер өндіруді арттыра түсуіміз керек. Егер бұл 100 пайыз­ға жетсе, біз нағыз бәсекеге қабілетті өз үлгімізді жасап шығарсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір елімізде автокөлік құ­растыру деңгейінде ғана жұмыс істеп жатсақ, кейіннен 100 пайыз отандық автокөлік өндіретін жағдайға жетуіміз керек. Бәрі бірте-бірте болады. Алғашында түк жоқ болды, одан біртіндеп өз автобөлшектеріміздің үлесін кө­теріп келеміз. Бұл нені білдіреді? Кәсібилік, яғни темірден түйін түйетін азаматтар пайда болып, технократтар көбейеді. Сол авто­көлік өндірісі айналасында қо­сымша шағын және орта кә­сіпкерлік кәсіпорындары пайда болады. Сондықтан ерте ме, кеш пе автокөліктің қазақстандық құрал-жабдығы көбейген сайын бұл сала бірнеше басқа саланың локомотивіне айналады.

Мемлекеттік органдардың былтыр сатып алған көліктерінің 97 пайызы отандық болғаны өте орынды. Бұрын-соңды автокө­лік­ке деген сұраныс көбіне жеке аза­маттардан болса, енді Үкімет автокөлік өндірісі саласын да­мыту үшін мемлекеттік секторда да сұранысты күшейтіп жатыр. Өйт­кені бүгінгі таңда эконо­микамыз­дың 60 пайызы әлі де мемлекеттік. Мұндай жағдайда отандық авто­көлікті мемлекеттік секторға қарай бағыттау өте құптарлық әдіс.

Бұл салаға «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасын енгізсе, біріншіден, сұраныс, әсіресе, жеке сектордан арта түседі. Екіншіден, банктердің пайыздық үстемақысы төмен­дейді. Қаржы саласында несие беру нысаны неғұрлым көбейіп, клиентуралық нарық кеңіген сайын пайыздық үстемақының төмендей түсуі заңдылық. Себебі, банкте ақша бос жатпай, айна­лым­да болуы керек. Егер бұл бағ­дар­ламаны қолға алса, оны алға тартып Үкімет мәжілісінде талқыланса… Банктер бұл саланы әбден зерттеп, Үкіметке ұсы­ныспен шығып отыр. Бұл авто­нарықта қазақстандық үлесті арттыра түсуге ықпал етуі әбден мүмкін.

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз