Вице-министр Петропавлдағы оқыс оқиға болған мектеп туралы ақпарат берді

 Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев Үкімет отырысында Петропавлдағы оқыс оқиға болған мектеп туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«№4 орта мектепте 2 ауысыммен сабақ оқиды, 39 сынып, 984 оқушы, мұғалімдер штаты – 70, оның ішінде біреуі психолог.

Мектепте және оның аумағында 42 бейнебақылау камерасы және «СА BARS NEXT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қосылған (шақыру түскен уақытта жылдам қимылдауды қамтамасыз етеді) 5 дабыл белгісі бар», - деді ол.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, оқиға болған күні мектептің 1 қабатында күзетші-вахтер болған.

«Тергеу барысы бақылауға алынды, оның нәтижелері бойынша қылмыс пен заңды бұзудың себептері мен жағдайларының алдын алу туралы ұсыным енгізіледі», - деді Марат Қожаев.

Еске салсақ, Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке қаруланып келіп, бірнеше баланы жарақаттаған болатын.

Кеше түс кезінде оқиға кезінде зардап шеккен оқушылар жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды.

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз