Оралдық волейболшы қыздар Нефтекамск қаласында өткен халықаралық турнирден жүлделі оралды

Ресейдің Нефтекамск қаласында 1998-1999 және 200-2001 жылғы қыздар арасында волейболдан өткен халықаралық турнирден Оралдың «Грация» командасы олжалы оралды.

Команда бапкері Көлеңке Ғұбашевтің айтуынша, «Олимп» волейбол клубының 15 жылдығына арналған жарысқа Ресейдің Екатеринбург, Челябі, Мәскеу, Санкт-Петербор, Қазан, Набережные Челны, Тюмень, Ижевск, Югра, Нефтекамск, Қазақстанның Орал, Петропавл, Хромтау қалаларынан командалар қатысты.

Әсіресе, Челябі, Екатеринбург, Мәскеу, Татарстан мен Башқұртстан балалар волейболынан Ресейде үздік болып есептеледі. Соған қарамастан, оралдық қыздар табысты өнер көрсетті. Әсіресе, Екатеринбургтің әйгілі «Уралочка» командасымен бірінші кездесуінде «Грация» күтпеген жерден жеңіп кетті. Бірінші партия 25:13 есебімен ресейліктердің пайдасына шешілсе, екіншісінде жеңіске деген жігерін жаныған оралдықтар 31:29 есебімен ұтты. Үшінші партияда «Грация» 25:21 есебімен алда болды. Бұдан кейін «Грация» Тюмень мен Қазан командаларынан 3:0 есебімен басым түсті. Турнирдің финалдық бөлігінде оралдықтар Ханты-Мансы командасын да тізе бүктірді. Мұнда ресейлік волейболдың жас жұлдызы, бойы 195 см Вика Руссо ойнағанымен, «Грацияның» командалық үйлесімді қимылына ол да қарсы тұра алмады. Келесі ойында оралдық қыздар алаң иелерінен ғана жеңіліс тауып, Нефтекамск командасынан кейін екінші орынды еншіледі.

Сегіз команда қатысқан 2000-2001 жылғы қыздар арасындағы бәсекеде де оралдықтар тамаша өнер көрсетіп, үшінші орынға сәл жетпей қалды.

Еске сала кетейік, қазір Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайтын Сара Анарқұлова (Жарылғасова) волейбол «әліппесін» осы «Грацияда» бастаған.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз