Отызыншы жылдар зобалаңы ешқашан ұмытылмайды - З.Сисенғали

Талай адамның көзін жойған отызыншы жылдар зобалаңы ешқашан ұмытылмайды. Бұл туралы Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы Закария Сисенғали мәлім етті.

Оның айтуынша, «Мен қазақпын мың өліп мың тірілген» деп ақиық ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай, халқымыз сталиндік саяси қуғын-сүргін зобалаңын да бастан кешті. 

Осы дүрбелеңде  Жа­ңақаланың екі бірдей басшысы, аудандық партия комитетінің бі­рінші хатшысы Мағауия Өтегенов пен аудандық кеңес атқару коми­тетінің төрағасы Есет Тоқсанов бірінен соң бірі ұсталып, арыстай азаматтар атылып кетті. Тіпті «хазіретті қонақ ет­тің» деген желеумен ауданның Машер, Кәкім деген қарапайым адам­­да­ры да ұсталып, қайтпас сапарға аттанса, Дәулеткерей Кеженов, Досқазы Имашев, Ғұ­мар Салықов, Біләл Сәркенов сынды партия, кеңес қызметкер­лері­нің алды атылып, соңы ұзақ жылдар тар қапаста отырып, түрменің тауқыметін тартты.

Ал Мәскеу қаласында көр­нек­ті мемлекет қайраткері Д.Қонаев­пен бірге оқып, кейін Балқаш кен­ байыту комбинатында қатар қызмет атқарған жаңақалалық Қасым Байғанин де жазықсыз жа­ланың құрбаны болды. Кейін бұлардың бәрі де ақталып, азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.

Елбасымыздың Жарлығымен 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құр­бандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл күн қашан да қасіретті де қасиетті күндер тізбесінде қала бермек.

Жыл сайын Жаңақала ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандары мен жазықсыз жапа шеккен жандарды еске алу шаралары өткізіледі. Осыдан екі жыл бұрын аудан орталығындағы саябақтардың бірінде аудан әкімі Лавр Хайрет­диновтың бастамасымен сол бір сүреңсіз кезеңді еске түсірер әрі қуғын-сүргін құрбандары рухына арналып ескерткіш-белгі қойылып, онда олардың тізімдері ілініп, бейнелері мәрмәр таспен кескінделді. Оның ашылу рәсіміне аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған Есет Тоқсановтың баласы Вилен қария ұлы Ерланмен, басқа да бейкүнә жандардың ұрпақ­тары қатысты.

Тарих дөңгелегі кері айналмайды. Әйтсе де адамзат кешкен жақсылықтар мен жаман­дықтардың, сәттіліктер мен сәтсіздіктердің, жеңістер мен жеңі­ліс­тердің қай-қайсысы да уақыт бедерінде айшықты белгілерімен қалады.

Сталиндік жазалау да тари­хы­мыздың қасіретті беттері бола бермек.

З.Сисенғали елі үшін еңбек етіп, ең­бек­тері еш болған боздақтарға ар­налған ой-толғамын мына өлең жолдарымен түйіндеді:

Гүл басып, қу мекен тақырды,
Атой сап ер ұлдар шарқ ұрды.
Оятып ұлтын да ұйқыдан,
Азаттық, теңдікке шақырды.

Ту етіп Алаштың ұранын,
Көтерді төбеге Құранын.
Күн болып қазақтың көгінде,
Жандырды туған ел шырағын.

Сұм заман неліктен сорлады,
Аспанды қара бұлт торлады.
Дариға-ай, шошынған қырандар
Тұғырға қайтып кеп қонбады.

Көрді де тағдырдың салғанын,
Көтеріп уақыттың салмағын.
Тарихқа айналды тұлғалар,
Қалдырып ұрпаққа арманын.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз