Ржев қаласы маңынан батысқазақстандық жауынгердің сүйегі табылды

Ресейдің Тверь облысы Ржев қаласынан «Победа» ерікті іздеушілер тобы батысқазақстандық жауынгердің сүйегін тапты.

Аталмыш топ басшысынан Сырым ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөліміне түскен мәліметке қарағанда, Коршунов деревнясындағы бауырластар зиратына 1903 жылы туған, Жымпиты әскери комиссариатынан шақырылған Шундуров (Шундиров) Иманқұлдың да жерленгені анықталып отыр. Сырым ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы міндетін атқарушы, аға лейтенант Жұмабай Сатаевтың айтуынша, қатардағы жауынгер 375-атқыштар дивизиясы құрамында 1942 жылы 13 тамызда қаза тапқан, әйелінің аты-жөні Шундурова (Шундирова) Лак деп жазылған.

Қазіргі кезде бұрын хабарсыз кеткендердің қатарында болып келген осы жауынгердің тума-туысқандары іздестірілуде. Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның сөзінше, Иманқұлдың Аманқұл деген 1906 жылы туған інісі де болған.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз