Теректідегі татулық тойы

1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күнін Теректі жұртшылығы аса қызығушылықпен тойлады. «Достық» мәдениет үйінің алаңында халықтың қарасы өте көп болды. Аудан әкімі, мекеме ұжымдары, БАҚ өкілдері, этномәдени бірлестіктер, жастар жалынды ұрандармен орталық алаңнан бастау алған шерудің көркін келтірді.

Мерекелік бағдарламаны аудан әкімі Ж.Серікқалиев ашып, барша Қазақстан халқына, соның ішінде теректіліктерге деген ыстық тілегін білдірді. 

«Ақ желкен» балабақшасының бүлдіршіндері орындаған «Калинка» әніне негізделген би көрерменге шаттық сыйлады. Этномәдени бірлестіктер де мерекеден тыс қалмай, өздеріне тән ұлттық тағамдарын жиналған жұртшылыққа ұсынды.

Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздарының, «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің, «Достық» мәдениет үйінің ұжымдары атсалысқан мерекелік концерт мамырдың мамыражай күнін жылылық пен сұлулыққа толтырды. Түрлі ұлттың әні мен биі, тағамы мен сусыны, киімдері мен көрнекіліктері Теректінің төрін танымастай өзгертті. Риясыз күлкі, керемет көңіл-күй, дүбірлі думан берекелі бірліктің көрінісі іспетті. Мерекелік бағдарлама алаңдағы бимен қорытындыланды.

Аудан әкімі, ақсақалдар, жастар – барлығы бір жерден табылып, ынтымақтың үлгісін көрсетті.

Татулық пен бірлік мерекесі жүректегі жылылық пен көңілдегі қуанышты еселей түскендей.

http://zhaikpress.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз