ВЕРНУТЬСЯ

Заманның қалпына айтылған сөздер

Ниет һәм құлқы бөлек әр адамның
Әй, нұржан, мұнан басқа жоқ табарың.
Мұнәжәт һәр нақылдан жазып қара,
Қалпына лайық етіп замананың.
Жаңбыр жаумай, күн күркіреп жерді алдап,
Қатын үйде тыста жүрген ерді алдап.
Қалайы, мыс, алтын, күміс зерді алдап,
Бағасыздың бағалы болған заман-ай.
Арзан менен қымбаттың
Бағасының бір болып
Қатар жүрген заман-ай.
Қыран құстар қыр аспай,
Қарға кіріп қатарға
Қуды ілген заман-ай.

Қатын үш түрлі

 
   Бір қатын сыйлаумен қатын, 
Бір қатын қинаумен қатын.
Нағыз қатын, сол қатын -
Һәр нәрсені ойлаумен қатын.
Қатының жақсы боса
Көңілді жықпас.
Ыңғайын біліп,
Сөзіңнен шықпас.
Ақмағына жолықсаң,
Өз бойына мін тақпас.
Жұмсақ сөйлесең,
Жеңемін деп
Мылтық жасап атсаң да бұқпас.
Қатын алсаң, таспа белді торыны ал,
Ол болмаса аққұбаның зорын ал.
Бұл екеуі болмаса, қажымайтын қараны ал.

Леп ұрған кейбір жігітке

 
   Атқа мінсең наз бедеу 
Қапалы көңіл ашылар.
Кем болмаса тумысың
Қатарға басын қосылар.
Әдеп, ақыл, білімді
Үйрене һеш кім тумайды,
Көруменен ысылар.
Ілгері тәңрі бастырса,
Өнерін күн-күн асырар.
Бақ қалаған жігітке
Таңдап мінсең бедеу ат
Көңілдің күбі шешілер.
Бекзаданың белгісі
Ашу болмас бойында
Жібектейін есілер.
Жамандардың қалыбы
Кемдік беріп талапқа

Ат дұр ердің жолдасы

 
   Ат дұр ердің жолдасы, 
Ұл дұр дәулеттің басы.
Қыз һам болса көңіл хошы
Зұрият керек дұр жігітке.
Ат дұр ердің қорғаны,
Мінсе бітер арманы.
Естен салмағыл алланы,
Кешкенің керек дұр жігітке.
Ат дұр ердің қанаты,
Сөзімнің жоқ дұр ғалаты.
Малсыз болмас һеш қуаты,
Саясатлы мәрт жігітке.
Ат дұр ердің сәулеті,
Болса серік дәулеті.
Артар көңіл һәммәті
Тәңірісі берген жігітке.

Терме

 
   Неше фасыл, неше бап, 
Біздің сөздің бұтақтап
Кетеді ұзап тарауы.
Жүйріктер мінген озбай ма,
Күйіне келсе жарауы?
Ақ иық бүркіт мұз балақ
Қаңтарда қарсы желге ұшар,
Қабақтан түспей қырауы.
Ізгі перзент, ақ жаулық,
Қорада жатар жүз салық,
Құлаш мойын, кез құлақ
Бір бедеу ат, денсаулық -
Ер жігіттің сұрауы
Дүниеде мақсұт тәмам деп,
Еш пенде дәулет көпсінбес,
Аллада ғой құрауы.

Страницы