ВЕРНУТЬСЯ

(1855 – 1918)               «МЕН - БОТАСЫ ӨЛГЕН БОЗ МАЯ...»XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген айтулы ақындардың бірі – Аралбай Оңғарбекұлы.Осы жолдардың авторы 1960 – 1980 жылдарда Аралбайды көрген, қоныстас болған, жиын-тойда бірге болған бірқатар адамдармен кездесті. Солардың бірі жылойлық темір ұстасы, сұңғыла шежіре қарт Қайшыбай Боқанұлы (1890 – 1986) еді. 1964 жылы тамыздың он төрті күні Жем өзенінің жағасындағы Қазыбек деген жерде өз үйінде әңгімелестік. Қайшыбай қарт Аралбай туралы бірқатар мәнді деректер жаздырды.Қарт шежіре Қайшыбай айтуынша, Аралбай 1855 – 1918 жылдарда өмір сүрген. Бұл деректі Аралбайға қосшы бала болған Мұса Өтесінов те (1889 – 1966), ақын ауылымен көп жыл қоныстас болған маңғыстаулық Қибат Шәмкелова да (1899 - ?) макұлдайды. Қайшыбай: "Аралбай жылқы жылы – алпыс үштерде қайтқан", – десе, Мұса ақсақал: "Ол шамамен 1916 – 1917 жылдары өлді", - дейді. Ал Қибат Шәмкелова да Қайшыбай дерегін беркіте түседі. Осы жолдар авторының "Ақын, жыраулар" (1974) кітабында, "Ақберен" (1972), т.б. жинақтарда Аралбай 1854 – 1914 жылдары өмір сүрген делініп кетіпті. "Ештен кеш жақсы" дегендей, ақынды анық білетін кісілердің дерегін негізге алып, жаңсақ кеткен жайларды түзетіп беруді жөн көрдік. Себебі айырмасы аз-кем жылдар болса да, келешек тарих үшін неғұрлым дұрысы қажет.Аралбай қазіргі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы аймағындағы Қарақұм өңірінде дүниеге келіп, Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Айрақты, Қарнау және Қаракұм деген жерлерде ғұмыр кешкен. Бейіті Қарақұм өңіріңдегі Қарашүңгіл қорымында.Аралбай Адайдың Келімберді – Мұңал – Жаулы – Жары – Жетімек деген әулеттерінен шыққан. Жетімектің Ырсалы деген бөлімінен."Аралбай ала көз, қара сақалды, бүкірлеу қара кісі еді, – дейді Қайшыбай қарт. – Тауда – Айрақты маңында Каспийден балық аулап күнелткен қайықшы кедей адам еді. Жалғыз ұлы Берекет сол жерде өлген.Қасыңда да болмадыАғайын-тума, ұраның, –деуі елден жырақтау жүрген соң айтқаны. Арекең там (бейіт, зират. – Қ.С) салатын, етік тігетін, күміс соғатын, жыр айтатын – сегіз қырлы шебер, өнерлі адам еді. Ол Қарашүңгіл зиратындағы Бырт байдың құлпытасын шапқан бас шебер. Ауырып, белі бүкір тартып, мүгедек болған әрі жалғыз ұлынан айрылған Аралбай қасақана қыңыр сөйлейтін...– Қу Құдай, менің екі қолымды сау қойсаң, тіземді тістетіп койсаң да, өлмеймін! – деуші еді".Жұрт жайлауға – Үстірт үстіне, Жемнің жоғарғы басына, Ойыл бетіне көшкенде, Аралбай денсаулығына орай теңіз жағасындағы Айрақтыны қыстап, жайлап отыра берген.Жалғыз баласы Берекет 1904 жылы жиырма бес жасында дүние салады. Академияның ғылыми кітапханасындағы бір жазбада (401-бума, 1-дәптер. 1947 ж. Гурьев экспедициясы жинаған): "Аралбай баласы екеуі бір байға жалданып, шыңырау кұдық қазған. Арқан үзіліп, тас құлап, баласы кұдық ішінде өлген" – делінеді. Аралбайды етене білетін Қайшыбай, Мұса, Қибатгардың бәр-бәрі де мұндай әңгіменің жаңсақтығын айтады. Олардың айтуынша, ақынның баласы ауырып өледі. Аралбайдың өз өлеңдеріне зер салсақ, тіл-көз тиді-ау дегендей.Берекет өлгесін, келіні Меңешті төркіндері алып кетеді.Жастай жабысқан ауру азабы, жалғыз баласы Берекеттің қасірет-кайғысы, келіні Меңештің екі немересімен қолынан кетуі ақынға аса ауыр тиеді. Көп ұзамай ақын атасын қимай, келіні Меңеш қайтып оралады. Меңеш өле-өлгенше атасын күтіп, Берекеттен калған екі баласы Балықбай, Башақбайларды бағып отыра берген, қартайған шағында Құлсары кентінде баласы Башақбай қолында дүние салған.Құлсары кентінде 1964 жылы тамыздың 28-күні өз үйінде Мұса Өтесінов қартпен кездесіп, біраз әңгіме-дүкен құрдық."1910 жылы Аралбай ақынның қасында бес-алты жыл қайықшы болдым, – дейді Мұса қарт, – жиырма жаста едім. Айрақты, Қарнау маңында теңізден (Каспий. - Қ.С.) балық аулап, мамыр құс ұстап күнелттік.Арекең насыбай ататын. Қайықтың кармош кісінде (артқы жағындагы зат қоятын орын. - Қ.С.) аққұстан (ұлутастан. - Қ.С.) ойып өзі жасаған насыбай тостағаны тұратын. Шебер адам еді. Қарашүңгілдегі Бырттыың сандық тас етіп қалаған тамы (мазары. - Қ.С.) мен кұлпытасын жасаған.1910 жылдар Арекең алпыстарды қусырып қалған кісі еді. Екі көзі аларған, құс тұмсық қара кісі. Ойланбай, қағазға жаза салып, "мынаны тарат" деп қағазды ұстата салатын. Немесе былай деп айт деп ауызша да төгіп-төгіп жіберетін".Аралбай кедейлік кесірінен жастай ауруға шалдығып, өмірге әркез ойлы көзбен қараған. Жасында ауыл молдасынан хат таныған ол кейін өздігінен оқып сауат ашады, ел арасына тараған қисса, хикаяларды, Шығыс әдебиеті нұсқаларын оқи аларлық халге жетеді. Өз көңіл қапасын терең, тебірене суреттейтін ойлы жырлар толғайды. Аралбай өлең, толғауларды ауызша да, жазып та шығарған.Ақын толғауларының бір тобы жалғыз ұлы Берекет қазасына байланысты естірту мен жоқтау, жұбату мен арнаулар ("Баласы Берекет мазары басында айтқаны", "Қашағанға мұңын шағуы, Қашағанның Аралбайды жұбатуы", "Келіні Меңешке шығарып берген жоқтауы", "Меңешке айтқаны"). "Қашағанға мұңын шағуы" мен "Баласының мазары басында айтқаны" толғауларының үзінділері 1935 жылы "Әдебиет майданы" журналының 6-санында жарияланған. "Жұт жылы", "Баласының мазары басыңда айтқаны", "Келіні Меңешке шығарып берген жоқтауы" толғаулары 1967 жылы "Ертедегі әдебиет нұсқаларында" жарық көрді. Бізге жеткен қолда бар жырлары түгелге жуық "Акберен" (1972), "Қазақ поэзиясының антологиясы" (1993) жинақтарына енді. Аталған жырлардың бірқатар нұсқасы академия қорында сақтаулы.Соңғы жылдарда Аралбай шығармаларының қатарына бірқатар өлең, толғаулар қосылды. Олар: "Жыр-дария" (1995) жинағында жарияланған "Аралбайдың сөзбасы", "Аралбайдың термесі", "Сұрасаң кеңес Аралдан". "Сөз басы" Аралбайдан гөрі Нұрым сөз саптауына келіңкірейді. Маңғгыстаулық Қ.Шәмкелова 1964 ж. айтқан 'Жұмалы, Көбестің келініне шығарып берген жоқтауы", бізге жылойлық журналист Қ. Қалдоразов 1968 ж. жолдаған "Жұпарға", Ғылыми кітапхана қорынан табылған "Қонақтарына айтқаны" өлең, толғаулары да назарымызға таяуда ғана ілініп отыр.Кейде көңілімізде "Ақын жырлары толық жиналып болды ма?" деген сауал тұрады. Бұған түрткі болатын 1960 ж. күзде атыраулық халық ақыны Сұраубай Үттібаев айтқан сөз.Сұраубай Атырауда көпірдің Бұқар бетіндегі қызыл тас көп қабатты үйде тұрады екен. Жалтыр бас, орта бойлы, кең кеуде кісі. Ауру халде көп сөйлей алмады. Айтқаны Аралбай шығармаларының аттары мен мазмұндары ғана. Кезінде Қашааған, Аралбай, Ақтан жырларын көп айтыпты. Аралбаймен, Қаракемпір Шеркеш Өмір жыршымен кездесіпті. Сұраубай айтуына қарағанда, Аралбайдың біздің қолымыздағыдан өзге "Жеті жұрт" деген толғау-дастаны және Қосым Шеркеш Сақышпен айтысы болған.Аталғаан шығармалар бізге әзір кездесе қойған жоқ. Мүмкін, уақыт тозаңы басып, білетін кісілер дүниеден өтіп, мәңгілік табылмасқа кеткен болар. Кей кезде ел арасынан кездесіп қалатын қолдан жалған шығарма жасау ауруына лайым Аралбайдың ізсіз мұралары кезікпегей. Тіпті ондай болғанынан табылмағаны да дұрыс. Себебі Аралбайдың қолда бар жырларының өзі – "аз да болса саз" дегендей, нағыз асыл дүниелер.Ел арасында кейбір жыршылар ҚаракемпІр Шеркеш Өмір Көшекбайұлының "Әлеумет, келдің жиылып", "Жарандар, келдім алқаңа-ай", "Сөз сұрасаң шешен ділмардан" деп басталатын терме, толғауларын Аралбай шығармалары санайды. Қайшыбай шежіре айтады: "Аралбай 1912 – 1913 жылдары Жылойды (Ескі Қаңбакты. - Қ.С.) қыстаған. Сонда Өмірдікі етіп өлең шығарған. Өмір екі көзі көрмейтін қари (зағип. - Қ.С.) екен. Сондықтан Аралбай нәрлі сөзбен жұрт назарын аударсын десе керек".Бүл сөздің жаны бар. Өмір "Қырымның қырық батырынан" бірнеше жырды толғайтын даусы зор айтулы жыршы болған. Жас кезінен зағип болып, ел аралап жыр айтқан. Аралбайға жиендігі бар, аралас-құралас жүрген өнерпаз екен, Аралбай Өмірге батырлық жырларды айтар алдында не аралығында толғау үшін бірнеше толғау шығарып берген. Олар Өмір атымен елге тараған. Мен осы толғауларды жыршының немере інісі Маханов Ысқақ айтуынан Жылойда Тұрғызба деген жерде Қоғабай Молдағалиевтың үйінде жазып алған едім. Кейін "Ақберен" (1972), "Қазақ поэзиясының антологиясы" (1993) жинақтарында жарияладық. Демек, айтулы екі дүлдүлдің өз заманында бір-біріне сыйлаған бірер дүниесін "бәлендікі екен" деп керауыз әңгіме айтудың қисыны жоқ. Және де Өмірдің өзі де, әкесі Көшекбай да акындық, жыршылық өнерлері бар дарынды адамдар болған. Аралбай мен Өмірді көрген Мұса, Сұраубай, Тәжмұқан сияқты парасатты жыршылар да кезінде біздің осы пікірімізді мақұлдаған.Негізінде, Аралбай ақындығын әйгілейтін де жинақтарда жарияланған, аталған жырлары. Ол сол толғауларында жүрегіңді елжіретіп, көңіліңді толқытар, өмірдің алуан сырын шертетін ойлы ақын ретінде көрінеді:         Базарында дүниеніңКімдердің тауы шағылып,Кімдердің сағы сынбаған?!Жапырағы ұшса, жасарғанБәйтерек солып қураған.Анасы өлсе жігіттің,Суалып көлі кұрғаған.Ағасы өлсе жігіттің,Ақылынан адасып,Әңгімесі кетер кұралған.Інісі өлсе жігіттің,Базары тарқап маусымды,Басылып көңілі тынбаған.Баласы өлсе жігіттің,Жез қанаты қайырылып,Талабынан шырмалған...Бұл – "алтын туы жығылып, асқар тауы кұлаған", "ботасы өлген боз мая" Аралбайдың "тұлыбына келіп ыңыранған" толғауы. "Қаңсыған қара кемедей құрсауы кетіп", "оқ тиген қудай жез қанаты қайырылған" ақынның "шерлі жүрегі" "желінбей құмардан шығуы мүмкін емес еді". "Қайранда қалған кемедей толқынсыз көшіп жылжыған" шағында Аралбай жан сарайын айқара ашып, осылайша жүрек жалынын лапылдата толғаған. Мұндай шынайы сырдың тыңдаушы көңілінің қат-қабат иірімдерін аралап, жан пернесін терең тебіреніске бөлейтіндігі де сондықтан.Аралбай – халық жыршысы. Бұл сипат ақынның "Жұт жылы" жыры мен Құрекешпен сөз қағысуынан айқын аңғарылады. "Жұт жылын" кішігірім дастан десе де болғандай. Бұл жыр ақынның кіріспе-толғанысы, елдің жұтқа дейінгі халі, алапаттан кейінгі жағдай және қорытынды пікірі сияқты бірнеше бөлімнен тұрады.              Бәйтерек едік жапанда              Бұтағы бұлт шалатын.              Дария едік шалқыған              Шөлдеген жандар қанатын.Ақын айтқандай "басы аман, көңілі шат күндегі" ел реңі осындай. Бұл – халыктың биік мерейі мен меймандостығының, қайырымдылығының бейнесі. Ал сол ел жұттан кейін кандай халде?...Әдірә қалды боз дала,Жылады аштан жас бала....Ауыл деп келсең бір үйге,Ит болмаса үруге,Қара жоқ маңда жайылған.Ағарған жүзін көрмедік,Болмады бір мал сауылған.Қатықсыз көже, кара шай,Бүкіржік дерті табылған.Міне, ақын 1910 жылғы сұрапылға ұшыраған дала өмірінің жанды бейнесін осылайша айна қатесіз алдыңызға жайып салады. Ақын суреттеуінде жұт – аштық, ажал, барлық сән-салтанатты тәрк етер сұмдық трагедия.Халық халіне қабырғасы қайыса толғанған ақын елдің қайғы-қасіретке ұшырауына менмендік пен тәкаббарлык, мастық пен паңдык сияқты адамгершілікке жатпайтын кесапатты қылықтар себеп болды дегеңдей. Бұл тұста Қашағанның "Топан" дастанының әсерін байқау киын емес.Ол Құрекешпен сөз кағысуында да сараң бай мен дүмше молданы аяусыз әшкерелейді.             Олжашы деген мас ауыл,             Жігіттері жас ауыл.             Тоғыз тақта Шылымда             Өтекеңнің тасы ауыр.Осылайша Мансұр байды, оның Өтеген, Баспай деген ата-бабаларын жер-көкке тигізбей мақтан еткен өлеңші Құрекешті де мірдің оғындай отты сөздермен сыбап өтеді:              Өтеген, Баспай ар жағың,  Мансұр, Шелей бер жағың.              Данабай тентек дегенге,              Жарымдығың нанғаның.Бұған қарағанда, Аралбай – кезенген нысанасын сілтілі сөзбен сілкілеп аларлық ақындық қуаты мол ақын. Аралбай жырлары шұрайлы, бейнелі сөздерге бай.Қайғы – қара теңіз дүр,Көңіл – үлкен бабасы....Шаттық – жанның саясы.Саяға шықсаң, көрінерАқылдың қорған қаласы....Құр шалғайсыз шаршатарУәйімнің сары даласы.Немесе:Бұтағы сынса теректің,Шырпымен толмас кемелі.Ақпары кетсе арнаның,Айдынның толмас кемері. ...Басы аман, көңіл шат күнде,Ата білмес ұл бұлын,Ана білмес қыз бұлын.Осы тектес ойлы, ұтымды ақыл-нақылдық бейнелі тіркестер ақында мол ұшырасады.Аралбай көршілес түрікмен, қарақалпақ елдерінің акын, жыраулары шығармаларымен жақсы таныс болған. Ақынның жалғыз ұлы Берекет қазасы туралы Қашағанға мұңын ағытқан жыр жолдарынан түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлы әсерін айқын байқаймыз.Мақтымқұлы:Ақ мая алдырса қолдан көшегин,Баурын тлип бозламайын болар ма?!Бир киик алдырса қолдан ылағын,Манграй манграй излемейин болар ма?!десе, Аралбай:  Мен – ботасы өлген боз мая,  Тұлыбына келіп аңыраған.  Мен бір жүрген ақ киік  Ылағын түзде алдырып,  Орнына келіп маңыраған,-дейді.Осынау тебіреністер екі ақында да перзент қазасына арналған. Бұл жағынан Аралбай Мақтымқұлының әрі бейнелеу, айшықтау өрнегінен үлгі алады. Мақтымқұлы баласынан айрылған кекілік пен бұлбұлдың, ботасын алдырған ақ мая мен лағын жоғалтқан қыр киігінің қасіретті халін салыстыра суреттей келіп, бауыр еті баласы өлген адам қайғысының қаншалықты ауыр екендігін елестетеді. Осы тектес:Балапаны өлсе ұяда,Ақсұңқар кұстар шулаған.Атасы өлсе жігіттің,Тауы кұлап, тұрмаған, –дегендей айқын да ажарлы айшықтаулар Аралбайда да мол. Ақын азалы жырларында қайғы бұлты құрсаған қапалы көңілін Мактымқұлыдан гөрі дамыта, әсерлі суреттейді. Аралбай өзін әдіре қалған ақсауытқа, бірде оқ тиген аққуға не канаты сынған қаршығаға, бірде елсізде қалып ыңыранған қартайған арыстанға не жапырағы төгілген бәйтерекке, бірде тұяғы сынған тұлпарға балап, ұғымды тереңдетіп, ой образын өсіре, ұлғайта келіп, жаралы жүрегінің жалын лебін айқын елестете толғайды. Өзгеге балау аркылы өз көңіл-күйін мол ұқтырып, күшті әсерге бөлейтін бұл тұста "Мен – тауда ойнаған қарт марал", "Мен шарға ұстаған қара балта едім" деп келетін Махамбет жырларындағы құбылту (метафора) тәсілі Аралбай толғауларына қанша дарығандығын да бағдарлай түсеміз. Сәттіғұлдың Астрахан жөніндегі, Түменнің Сайын деген баласына арнаған эллегиялық толғаулары Аралбай жырлары (Берекет қазасы туралы) ықпалымен туғандығын еске алсақ, Аралбайға Мактымқұлы мен Махамбет өрнегінің қаншалықты әсері болғандығын да байкау қиын емес.Ол өзі туралы тебіренсе де, бұқара халін жырласа да, адам атаулыға ортақ өмірдің мәнді мәселелерін толғаған. Халық даналығынан мейлінше сусындаған өміршең ойлары мен құнарлы бейнелеулерінен Аралбайдың өзіндік өрнегі айқын танылады.                             Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ,Филология ғылымының кандидаты

Аралбай