Астана ақшамы

Газет туралы

 

 

Елорда әкімдігінің республикаға тарататын бірден-бір қазақ тілді басылымы – «Астана ақшамы» газетіне жиырма бес жыл толып отыр. Осы ширек ғасыр ішінде ол өсу-өркендеу кезеңдерінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналды.

Бүгінде саяси, тарихи, танымдық мақалалар қатары көбейіп, мәдени-рухани дүниелерімен оқырмандарын сүйсіндіріп келе жатқан газеттің қалыптасу жылдарына көз жүгіртсек, 1990 жылдың 13 қазанынан бастап алғашында «Ақмола ақиқаты» деген атпен аптасына бір рет жарық көрген басылым  1998 жылдың қаңтарында – «Ақмола ақшамы» кейін «Астана ақшамы» болып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды.

         Патша көңілді оқырманның  ұдайы үдесінен шығуға ұмтылатын басылымның қол жеткізген жетістіктері де бір төбе. Соның бір дәлелі – 2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанды. Бірнеше журналисі халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты болды.

         Осы жылдарда газеттің танымалдығы артып, таралымы көбейді. Оған ұжымда әр жылдарда еңбек еткен бүгінгі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, журналист Жанболат Аупбаев,  «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары, жазушы Дидахмет Әшімханұлы,  ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, белгілі журналист, филология ғылымдарының докторы  Бауыржан Омарұлы, «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының вице-президенті Ғалым Омарханов сияқты елімізге кеңінен танымал азаматтардың ықпалы аз болған жоқ.

Сондай-ақ, газетті әр жылдары басқарған Кенже Жұмағұлов, Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыханов, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қаменов  сияқты бас редакторлардың да еңбегі бір төбе.

 

IMG_3816Ақпарат кеңестігінде өзіндік салмағы бар бас қаланың айнасы іспетті басылым қазір жаңа құрылымдық өзгерістермен қатар, шығармашылық ізденістермен болашаққа  жаңа міндеттер белгілеп отыр.   Тарих үшін жиырма бес жыл көп уақыт болмауы мүмкін, алайда, мемлекет саясатын жүзеге асыруда бас қаланың кескін-келбетін, тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін бұқараға бүкпесіз жеткізуде аянбай тер төгіп жүрген шығармашылық ұжым үшін жаңа бір белес болмақ. Міне, әр қызметкер бойындағы барын сарқа жұмсап, осы тың белесті абыроймен бағындыра беруге талпынуда.