ВЕРНУТЬСЯ

(1816 – 1902)ЖАУЫНГЕР АҚЫН XIX ғасырда жорық жыршысы атанған жауынгер ақындардың бірі – Қалнияз Шопықұлы. Ол тапқыр да ойлы өлеңдерімен, ауыздан ауызға көшкен ерлік толғауларымен, "Қырық батыр" жырларын айтып таратумен ел арасында кең танылған.Қалнияздың әкесі Шопық Доспамбетұлы жас кезінде Еділ, Жайық өзендері арасындағы Нарын құмын мекендейді. Кейін Маңғыстауға беттеп, Қаракұм, Үстірт жерлерінде Мұңат, Тілеп деген байлардың жалшысы болады. Міне, Қалнияз осы өңірде – қазіргі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Сам мекені аймағында дүниеге келген.Қарақалпакстанның Хожелі ауданы, Бекжап мекенінің тұрғыны Қалбаев Өмірзақ Қалнияздың туған, өлген жылдарын аныктап, ақын мұрасын жинауға біраз жыл ізденіс жасады. Әділхан, Әліпбай қариялар айтқан деректерге сүйеніп, Қалнияз 1816 – 1902 жылдарда өмір сүрген деген тоқтамға келді (23.X. 1989).Өмір бойы шыр бітпей, жалшылықпен күн кешкен Шопықтың Қалнияз, Көлнияз, Ернияз, Қапа, Рақа, Тілеубай аталатын алты баласының ең үлкені Қалнияз қаршадайынан бай малын бағып, жасқау, жәбір көріп, өмір сырын ерте сезіп, ызакекке қайрала өседі.Қалнияз өмір сүрген аймақ ерте кезден тоғыз жолдың торабы, атадан балаға ұласқан батырлық жырлар мен Ақтабаншұбырынды, Исатай – Махамбет оқиғалары кең тараған өңір еді. Оның үстіне, Хиуа хандарының Маңғыстау, Үстірт қазақтарына басқыншылық шабуылдары мен патша үкіметінің отарлаушылық саясаты Қалнияздың ел қорғауға үндейтін жырлар толғап, көне ерлік дастандарды насихаттауына ерекше әсер етеді. Қалнияз өз дәуіріндегі Хиуа хандары басқыншыларына қарсы күрескен Балуанияз бен Қармыс, Төлеп пен Амантұрлы, Қожалақ пен Қарақұл, Сүгір мен Тұрманбет, Балта мен Дәуіт батырлар бастаған жорықтардың көбіне қатысып, жауынгерлерді өлең, толғауларымен ерлікке үндеген.Қалнияз қолына қару алып ел қорғауға қатынасқан жауынгер ақын болыпты. Қалнияз жырларын жинаушы Қалбаев Өмірзақ айтады: "Маңғыстау, Үстірт елінде сауыт киген батырлардың соңы Досан болса, садақ тартқан жауынгер ақындардың соңы Қалнияз деседі. Ол қоржынының бір басына сұқпалы домбырасын, бір басына садақ жебесін толтырып ала жүреді екен" ("Қазақ әдебиеті", 9 маусым, 1982).Патша үкіметінің 1868 жылғы "Уақытша ережесіне" наразылық білдірген Маңғыстау қазақтарының бірқатар ауылдарымен бірге Қалнияз да Хорезм өңіріне барады. Қалнияз бұл мекенге де көп түрақтамай, 1870 – 1885 жылдар аралығында Табын Адайбек, Қоскұлақ Көтібар қажы, Бегей Тайжандармен бірге бірқатар Адай, Табын ауылдарын бастап Тәжік жеріне өтіп, одан көшіп, Ауғанстанның Гөрібағлан деген жеріне тоқтайды. Бірақ жергілікті ауған әкімдерінің талауына көне алмай, Есембет Бердібек батыр ұрпақтары: Балжігіт, Жанжігіт және Бәли Марқабай батырлардың ұрыса көшуімен сол ауылдардың бірқатары қайтадан тәжік жеріне келеді. Бұқар әміріне қарайтын бұл аймақты қоныс ету үшін Байбақты Нұрмағанбет, Қырықмылтық Жарған қажылар қызмет етеді. Сөйтіп, бұрын елсіз жатқан Себістан, Саңлақ, Күләп, Қорған, Сарайкемер, Қаратау, Теректі, Төлеутау сияқты жерлерді заңды мекен етеді.1986 жылы қарашаның 5жұлдызында Тәжікстанда Вахш ауданы, "Москва" колхозында кездескен жетпіс бес жастағы Әли Әбдіғапар Көктаубаев қария елдің Ауғанғастанға барғандығы жөнінде бірқатар әңгіме айтып еді. Қарияның айтуынша, Адай, Табындардың Ауғаннан оралып, Тәжікстан жеріне қоныс тепкеніне 101 жыл болған. Күләп аймағындағы Тасқала, Селбі және Сәбістан, Саңлақ, Ығыран, Молдаман, Ақсу – солардың бәрін де қазақтар мекендеген. Сол өңірде қазақ қойымдығы сақталған.Ақын қартайған шағында "Аңсадым аға, жеңге, ағайынды", "Ата қоныс Нарында", "Қалнияз едім күнінде" деп басталатын өлең, толғаулар шығарып, жорыққа бірге аттанған батырларды сағына еске алып, бағзы ата қоныс, туған жерін аңсайды, елден шалғай кеткеніне өкінеді. Вахш, Қорғантөбе, Пәндіж сияқты қолайлы қоныста отырса да, Қалнияз елді аңсап, атамекенге оралу ниетімен бірқатар ауылдармен бірге Дүйсенбі (Душанбе), Ысар (Гиссар) бетке көшеді. Бірақ ол арманына жете алмай, сол жерді мекендеген қазақтар арасында І902 жылы 86 жасында дүние салады.Қалнияздың Құлшар, Қожа, Бимағанбет, Қортан (Тұрмағанбет) атты балаларының ішінде Қортан (1868–1952) әке жолын қуып ақын, жыршы болып, тәжік жеріндегі қазақтарға атағы кең тараған. Қортанның:Қалнияздан туған Қортанмын,Ақ киіктей жортармын...Ауылымды сұрасаң,Қызылсудың бойында.Мен айқайға салайынАқ Балжанның тойында...немесе:Қалнияздан туған Қортанмын,Сөйлер сөзге дарқанмын.Қадірімді білгенгеҚойдан жуас маркаңмын.Көңілім сүймес кісігеЖылқыдай асау тарпаңмын, –деп басталатын   терме,   толғауларын Тәжікстан, Қарақалпақстан жеріндегі қазақтар жақсы біледі.Ал Қалнияздың Қожа деген баласы да қара жаяу болмаған. Оның да:Қалнияздан туған Қожамын,Қатарымнан озамын.Той–думанды естісем,Мойынымды созамын.Бір құлағым тігіліп,Бір құлағым бүгіліп,Айқай шықса, қозамын, –деген сөздері ел есінде қалған. Реті, Қожа да жыршы болса керек. Ал Қортан ақпа ақындығымен қатар, "Қарасай – Қази", "Қобыланды", "Едіге", "Нұрадын", "Орақ – Мамайды" жырлаған.Қортаннын ақындық һәм жыршылық қуатын, арқалы ақпа өнерін көзі көрген Әли Әбдіғапар қарт тамсана әңгімелеген. Әбдіғапар ақсақал бізге Қалнияз, оның балалары Қожа мен Қортан туралы мәліметтер берген еді. Әбдіғапар: "Қортан аласа бойлы, етжеңді ақсары кісі еді. 1952 жылы        84 жаста өлді, зираты Теректі тауында", – деген.Қалнияз ақпа–төкпе ақындығымен қатар, айтулы әнші, күйші де болған. Ақтөбе облысы, Байғанин кентінің тұрғыны Төлекбай Қарасаевтың бізге жолдаған деректеріне (27.ҮІІІ.1982) қарағанда, "Қалнияздың үніндей үн, дауысындай дауыс болмаған, оның толғауларын әкем Басшы көзінен жасы шұбырып, үнсіз отырып тыңдайтын", – дейді. Қалнияз жыр күйін (жыр сазын) халық өнерпаздары арасында күні бүгінге дейін жақсы білетіндер әлі де табылады. "Аржағымды сұрасаң, өртеніп жатқан кең қора, бер жағымды сұрасаң шыққыр қара домбыра", – деп өзі айтқандай, Тәжікстан, Қарақалпақстан жерлерін мекендейтін Қалнияз ұрпақтарында ата дәстүрін ұстаған жыршы, домбырашы өнерпаздар аз емес.Қалнияз жырлары XIX ғасырдың екінші жартысында–ақ ақын, жыршылар айтуымен қазақ жерінің батыс аймағына кең тараған. "Балуанияз" дастаны Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірдің өзінде "Мұрат ақынның Ғұмар Қазыоғлына айтқаны" (Қазан, 1908) жинағында жарияланды, 1926 жылы Ташкентте "Аламан" антологиясында жарық көрді. "Ер Қармыс" жыры, Жаскілең ақынмен айтысы алғаш "Аламан" (Ташкент, 1926) топтамасында жарияланған. Соңғы кезде ақынның бірқатар өлең, толғаулары мен "Ер Қармыс" жыры "Ақберен" (Алматы, 1972), "XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы" (Алматы, 1985), "Жыр–дария" (Ақтау, 1995) жинақтарында жарық көрді. Қазақстан Ғылым академиясының Орталық Ғылыми кітапханасының қолжазба қорында Қалнияздың "Көтібар ауылында айтқаны" дейтін бір өлеңі (393–бума) мен "Ер Қармыс" дастаны (401 –бума, 2–дәптер, 9–14–6.), сондай–ақ Әдебиет, өнер институтының қолжазбалар қорында "Ер Қармыстың" өзге бір жазбасы (Қ.Бекниязов тапсырған) сақтаулы. Ғылыми кітапхана корындағы "Ер Қармыс" жырын жинаушылар Нұрым Шыршығұлұлы шығармалары санатына қосқан. "Ер Қармыстың" 1926 жылы "Аламан" жинағында Қалнияз атымен басылуын, Назарбек Раев, Жанжігіт Қосназаров, т.б. Маңғыстау жыршылары бұл дастанды өмір бойы Қалнияз жыры деп таратып келгенін ескерсек, "Ер Қармыс" авторы Қалнияз екені дау тудырмайды.Енді бір мәселе "Балуанияз" дастаны хақында. 1908 жылы Қазан қаласынан жарық көрген "Мұрат ақынның Ғұмар Қазыоғлына айтқаны" жинағында "Балуанияз" Нұрымның "Әтембекке айтқаны" толғауына жалғас берілген. Кімнің шығармасы екендігі көрсетілмеген. 1926 жылы Ташкентте жарияланған (Х.Досмұхамедов құрастырған) "Аламан" антологиясында да авторсыз беріледі. Осы жолдардың авторы сол жағдайларға орай "Ақберен" (1972), "XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы" (1985) жинақтарында "Балуаниязды" Нұрым шығармасы ретінде жариялады. Бірақ соңғы 15–20 жыл ішінде "Балуаниязды" біреу Нұрымдікі, екінші айтушылар Қалнияздікі дейтін екіұдай пікір өрбіді. Қалнияздікі деушілер Нұрым көбінесе Жайық өңіріңде жүрді, Үстірт, Маңғыстау оқиғасын ол қайдан біледі әрі Нұрым дінді көбірек айтқан ақын дейді. Мұның әсіресе алғашқысы дәлел бола алмайды. Нұрым Маңғыстау оқиғасын білмесе, "Тоғыз ауылды" қалай шығарды? Мәселе шығарманың кімдікі екенін анықтауда. Біз бұл орайда "Балуанияз" өлең құрылысының сөз саптауына, ақындық серпініне (пафос), сөз қолданысына қайтадан зер сала қарауға мәжбүр болдық. Сонымен қатар, "бір білсе, осы кісі біледі–ау" дейтін көне көз, кәрі кұлақ жыршы, шежірешілермен тағы да ақылдасуымызға тура келді. Қалнияз туралы көптен ізденісте жүрген халық акыны, қарт шежіреші Қалбаев Өмірзақ және басқа азаматтар "Балуанияз" Қалнияздікі деп бірнеше хат жазды.Мен бір кезде хатқа түскен жазбаларымды ақтардым.Қарт шежіреші Қайшыбай Боқанов айтуынан 1966 жылы жазылған қойын дәптер қағаздары алдымнан шыға келді. Қайшекең де "Балуаниязды" Қалнияздікі депті. 1989 жылы Түрікменстанның Қошоба ауылында біз кездескен Тиінов Кірбас (1910 ж. туған) шежіреші де Қалнияз шығарған дейтін пікір айтты. Осы қарт шежірешілер пікірі мен жырда діни сөздерден гөрі жарқылдаған жарақты жолдардың көп кездесетіндігін еске алып, мен де Қалнияздікі екен–ау деген тоқтамға келдім.Көп тексеруден, сан саралаудан кейін өз пікірімізді өзгертіп, түзетіп отырсақ, оқушы жұртшылық ол үшін бізді жазғырмас деп ойлаймын. Себебі "дұрыс та болса, бұрыс та болса, менің айтқаным жөн" деп қақырайып қалудан жұртшылық үшін де, келешек үшін де еш пайда жоқ. Қайта, бұлдыр мәселені айқындай түссек, халыққа дұрыс бағдар берсек, сонымыз жөн шығар.Бізге жеткен Қалнияз жырларының саны көп емес.Ақын жырларының мазмұнына, ондағы адам аттарына қарағанда, "Ер Қармыс" та, "Балуанияз" да, Жаскілең ақынмен айтысы да, "Көтібар бөтен кісім бе?" толғауы да Маңғыстау, Атырау, Қарақалпақстан, Түрікменстан жеріндегі қазақтар арасына кең тараған. Аталған шығармалары және "Сүгір батырға айтқаны", "Батырда Балуанияз, Қармысы бар" өлең, толғаулары Маңғыстау, Үстірт аймағында 1868 жылдарға дейін, "Амантұрлы батыр қазасын шешесіне естіртуі", "Қожалақ батырға айтқаны", "Ер Көней", "Билерге айтқаны", "Қара бір сөзге келгенде" Хорезм өңірінде, "Аңсадым аға, жеңге, ағайынды", "Қалнияз едім күнінде", "Ата қоныс Нарында" тәжік жерінде шығарылған.Қалнияздың бірқатар өлең, толғаулары кейінгі кезде Хорезм аймағынан табылып отыр. Өмірінің соңғы қырыққа тарта жылы өткен тәжік жеріндегі қазақтар арасында ақынның бұрын жарияланбаған, жиналмаған жырларын білетіндер болуы керек.Қалнияз жырлары өз дәуірінің ең көкейкесті мәселесіне арналған. Ол – халық тағдыры, елдікті сақтау. Бір жағынан Хиуа, Хорезм хандары мен бектерінің, бір жағынан патша үкіметінің отарлаушылық саясатының қысымын көріп, қашты–қуды, көші–қонды күндер кешіп, ел тағдыры талқыға түскен аласапыран дәуірде бұқара мүддесі үшін бас көтеру ердің ерлігін, елдің елдігін сынайтын ең басты мәселе еді. Осындай қиын кездерде қарақан бастарын қатерге тіккен азамат ерлердің талайы кұрбан болған. Бірақ олардың игі ісі ел есінде қалатын. Міне, Қалнияз өлең, толғауларында осындай ел қамқоры болған азамат ерлерді үлгі етіп, олардың кісілік, адамгершілік келбетін бейнелейді. Ақын "Қожалақ батырға", "Сүгір батырға айтқаны" толғауларында қол бастап, жауға жапыра шабар кезде батырларға жойқын жігер бергендей әсерлі де қуатты сөз тіркестерін ("Аруағың ақ бұлттай күнге өрлеген, Ежелгі ер емес пе ең дүбірлеген?!", "Жүрегің берік құрыштай") қолданады. Ерлердің делебесі қозып, рухы көтеріліп, намысы тұтану үшін ақын халықтың қанатты сөздерін өзінше ұстарта пайдаланады ("Ер өлмейтін бе еді намыстан?!").Қалнияздың көлемді жыры – "Ер Қармыс". Хиуа ханы басқыншылығына қарсы күрескен бұқара ерлігін суреттейтін бұл жыр XIX ғасырдың І жартысында 1840 жылдар шамасында Маңғыстау қазақтары бастан кешірген нақты оқиға желісіне құрылған.Жыр оқиғасын өрбітуде ақын өзіне дейінгі батырлық дастандардан белгілі біркелкі сатылы суреттеу әдісін қолданады. Жырда табиғат суреті, басқыншылар мен қуғыншылар әрекеті, олардың ой–ниеті, жәбір көрген ел адамдарының арман–мұңы мен ыза–кегі – бәр–бәрі көрініс тапқан. Мысалы, Хиуадан шығып, Манатау келіп, қойға шабар қасқырдай бейбіт елді талаған кара ниет жаудың басқыншылық әрекетін ақын:Жалаң қылыш, жалаң атБұйқыт* елді бүлдірді.Қақ айырып қазанын,Балтамен ұрып сындырды, –деген төрт тармақта–ақ аян еткен.Таланған елдің талайсыз тағдырын ақын жау қолына түскен он екі жасар қыз баланың арман–мұңы ретінде суреттейді. Ол бұрынғы бейбіт күндерді, туған мекендегі бағзы тіршілікті аңсау, тұтқын болған азапты сапарға мұңая, жатырқай қарау әуенінде беріледі. Ақын туған жердегі бейбіт күндерді аса ажарлы жарқын реңде, ал тұтқын кездегі қайғылы халді жұпыны, жүдеу сиықта суреттейді. Және сол қыз "жасанған жаудың алғаны – Қармыс сынды көкеме хабардың тимей қалғаны" деп өкінеді. Ақын қыздың арман–өкінішін аяқсыз қалдырмау үшін жырада жасырынып қалған он екі жасар бір баланы сай ішіндегі жайдақ атқа мінгізіп Қармыс батырға хабар бергізеді. Міне, оқиға желісі тағы да дамып, өрши түседі. Одан әрі өрбитін көріністер – Қармыс батырдың жауды қуып жетіп, ауыр жаралы болуы, Төлеп бастаған батырлардың жеңіске жетуі, баба батырдың өсиет сөзі."Ер Қармыста" ерекше назар аударар Қармыс пен Төлеп бейнелері. Қалнияз Қармысты жәй ғана қатардағы көп батырлардың бірі емес, елдің елдігінің ұйытқысы, ердің ерлігінің куәсі, жаудан жәбір көріп езілген елдің қаржалған көкірегінде әлі қыз–қыз қайнап сөнбей жатқан үміт, рухы есебінде бейнелейді. Бір қарағанда, быт–шыты шығып шабылған ел енді бас көтерместей. Міне, осындай қиын кезде жетпіс бес жастағы Ер Қармыс "Аттан!" деген бір дауысты естіп, төсектен атып тұрады. Талай жорықты бастан кешірген қарт батыр ұран отын жағып, еліне жар салады, жауды қуа жөнеледі. Себебі ол шыбын жанын аямас ер, өлімнен қаймықпайтын қайсар.Қармыс көкем келер деп,Жауда жесір тұрған–ды.Осы жаудан мен өлсем,Менің басым кұрбан–ды.Астымдағы күрең ат,Қара–асым деп мінгенмін,Үстімдегі сұр мауытКебінім деп кигенмін.Қолымдағы көк сүңгіСолқылдаған ақ найзаБасыма сайғақ болсын деп,Оң қарыма ілгенмін.Мен анамнан туған күнӨлерімді білгенмін.Он ай кезік болғанмын,Жорықта ал деп жанымдыАллаға тілек салғанмын...Қармыстың өрлік, ерлік, мәрттік бейнесін, сыр–сезімін, мақсат–арманын аша түсетін осынау серт–сөздерінен қазақ жырларындағы бірқатар батырлар монологтерінің әсері, Шәлгез, Махамбет толғауларының (Махамбеттің "Ереулі атқа ер салмай") ықпалы айқын байқалады.Ақын бағзы тіршілік те, өмірдегі ерлікте тоқырап, тоқтап, үзіліп қалмайды, өрбіп, жалғасып отырады, халық арманы үшін күресетін азамат–ерлер әр кезеңде де туады, табылады дейтін идеясын жырда кейінгі қолды бастап келген он алты жасар Төлеп батыр бейнесі арқылы береді. Төлеп бейнесі — жау қолынан жорық даласында елі үшін қаза болған жетпіс бес жастағы Қармыс батыр бейнесінің жалғасы. Төлеп –Қармыс ісін алға апарушы. "Ата балаға сыншы дегендей, Қармыс батыр Төлепке үміт ете қарайды. Ол ауыр жаралы боп өлім аузында жатып жас батырға сенім артады....Қабағыңа қарасам,Қас батырға меңзейсің.Елібіңе карасам,Ер Төлепке меңзейсің.Алып кетіп барадыОмыраудың арасы,Он найзаның жарасы.Алдым биік, артым жар,Оралуға жерім тар...Ақын жауға таланып, жігері жасып, халықтың ақылгөй абызы әрі қарт батыры мерт болып, қуғыншы қолы дағдарған тұста, елдің келешек үмітін Төлеп бастаған бозбала батырлар етіп көрсетеді.Айналайын аға–еке,Сенің көрген жауыңдыБір көруге ынтызар, –деген Төлеп сөзіне ақын шабылған елдің қорқыныш, үрейін ыдырататын ересен жігер мен сенім дарытқан.– Ер баба! – деп шулағанҚыз–келіншек дауысыҚұлағымнан кеткен жоқ...Бұл қарт батыр Қармыстың өсиет–аманатындай, оның ерлік рухын ер Төлеп жалғастыратын жолдар.Қызылойдың түбіненЖау қарасын көреді.Он бес жасар ер ТөлепЖалғыз шауып келеді.Сұр бұлттай тырысып,Жон арқасы құрысып,Езуінде егіз оқ,Садағында сегіз оқ,Астындағы құла аттыңТанаулары талыстай,Кұлақтары қамыстай.Екі көздің арасыСалып қалсаң қарыстай.Омырауына қарасаң,Оралып жатқан түбектей.Ерініне қарасаң,Қақтап шапқан күректей.Азу тісі балғадай,Бауырлары аралдай,Қабырғасы шеңбердей,Омыртқасы отаудай,Шоқтықтары шоңқалдай,Толарсағы тоқпақтай,Жіліншігі жіптіктей.Ту сыртынан қарасаң,Суға жүзген сазандай.Шекесінен қарасаң,Он алты тілік қазандай.Басқан ізі аймақтай,Құйқылжып–ақ келедіЖел аударған қаңбақтай...Міне, ел намысын арқалап, ыза–кек буып, қаһар–қайратқа мінген Төлеп батыр мен жер апшысын қуырып келе жатқан құла ат суреті. Әсірелей, теңеулерді әрі мол, әрі орынды қолдана отырып, ақпа–төкпе ақынға, тума талантқа ғана тән шеберлікпен бейнеленген. Мұндай құнарлы жолдар өзге жырларда кездесе бермейді. Ақын ер Төлеп тұлпарын айқын елестету үшін оның кейбір мүшелеріне көптік мән бере суреттейді ("бауырлары", "шоқтықтары"), оның өзі де жыр ағымында оғаш, ерсі көрінбейді, қайта ер қанаты – батыр атының көнбістілігі мен арындылығын көріктендіре көрсетуге ерекше ықпал етеді."'Ер Қармыстың" мазмұнына түрі сай. Басқыншылар әрекетін, қуғыншы ерлер қимылын, айқас сәттерін, шауып келе жатқан Төлеп батыр көріністерін Қалнияз жеті–сегіз буынды жыр жолдарымен өте шебер бейнелейді. Ақын жырының ырғақ екпінінен садақ жебелерінің ызың–зуылын, ат тұяғының сатыр–дүбірін, шайқас даласының ыю–қию дауыстарын естігендей әсер аласыз.Қармыс пен Төлеп арасындағы диалогтен ақынның жорық эпизодтарын көпшілік жағдайда неғұрлым нақты, шынайы суреттейтінін байқаймыз. Ақын жау күшінің орасан басым екендігін Қармыс батырдың:Мен көрген жаудың бірі емес,Айыртар жаудың түрі емес,Айналайын Ер Төлеп,Айтулы ерден кімің бар? –деген тармақтармен аңғартады. Демек, Қалнияз батырлары ертедегі кейіпкерлері сияқты бір өзі мыңдаған жауды жайпап салатын керемет, құдіреттер емес. Олар қарсылас күшін қатты сезініп, қауіп ете біледі. Әрине, бұл ақпа ақын Қалнияз шығармалары батырлар жырының әсірелеу әдісінен ада дегендік емес.Қаптай шапқан дұшпандыҚақ ортадан жарады.Қойға тиген бөрідейБөрліктіріп барады.Ай бетінен кіреді,Күн бетінен шығады.Екі кіріп шыққанда,Он сегізі құлады.Қармыс батырдың Хиуа басқыншыларымен кездесу сәтін суреттейтін осы тармақтарда көне жырлардың игі әсерлері бар екендігі сөзсіз."Ер Қармыста" көптеген батырлар аталады. Қалнияз олардың ішінде тек Қармыс пен Төлеп ерлігіне ғана ерекше көңіл бөліп, өзгелерін санамалап өтеді. Ақын санамалауда да ұтымды әдіс қолданады. Оны Төлеп монологінен аңғарамыз. Төлеп өзі бастап келген батырларды айта–айта келіп:Кайсыбірін айтайын,Бірі – айыр, бірі – нар,Бірі – мая, бірі – жал,Бірі – шекер, бірі – бал,Бірі – қайың, бірі –талдеп жинақтай хабарлайды. Бұл–ақынның өзі мол сусындаған ерлік дастандар мен көне жыраулар мұрасынан дарыған тапқырлық пен шеберлік дағдысы."Ер Қармыстағы" оқиға, әрекеттер, батырлар келбеті ықшам, бейнелі сөздермен суреттеледі. Жеті–сегіз буынды жыр ағымымен кұйылып тұрған құнарлы жолдар ақпа ақынның шабыт–арынын да, сөз асылын толғай, таңдай білетін талғам–талантын да танытады."Ер Қармыс"– көркемдік, әлеуметтік мәні жөнінен Қалнияз атын халыққа кең танытқан елеулі шығарма."Балуанияз" дастанында дәуірінің ең көкейкесті мәселесі — басқыншыларға қарсы халық күресін жырлаумен қатар, ел намысын ту ғып ұстап, қарақан бастарын қатерге тігіп жасанған жауға шапқан ержүрек батырларды ерекше сүйсіне суреттейді. Әсіресе, солардың ішінде поэтикалық бейнелеу, бояуының канықтығымен, сөз тіркестері мен ырғақ, ұйқастарының әуезділігімен, келісім, қисындылығымен жұртшылық жадында сақталып қалғаны Балуанияз, Кенжебек батырларды суреттеген сәттер.Тәуекелшіл бір батырӨзденбайдың Кенжебек.Сол жігітке жарасар,Мақтап айтсам ер демек.Жауатын бұлттай түнеріп,Жылдан жылға келедіАруағы өрмелеп.Немесе:Балуанияз мырзаңыз,Басына қыдыр дарыған,Уызына жарыған,Ежелден Құдай қалаған,Аш, арыққа қараған,Сырлы аяқтың түбіненБал сапырып жалаған.Жасынан–ақ жау көрсе,Ат құйрығын тараған.Ақын мұның қай–қайсысында да бағзы дәуірден халық ұғымына ұялаған қыдыр колдап, аруақ қонып, уызына жарып, аш–арыққа қарап, жауды жасқау сияқты ең абзал қасиеттерді өзі суреттеп отырған батырлардың бойына дарыта білген. Басқа бейнелеулерін айтпағанның өзінде, "Сырлы аяқтың түбінен бал сыпырып жалаған" деген жолдардан Шығыс халықтарына, соның ішінде қазақ табиғатына тән жарастық аңғарылады. Мейлі ақын халық тұрмысына орай ежелден сыралғы сырлы аяқты елестетсін немесе онын түбінен бал сыпырып жалаған қимыл–әрекетін суреттесін, қайткенде де батыр бейнесінің бояуын қанықтыра түседі. Сондай–ақ жау көрсе, жайша шатырлап, аруағы қозып, арқасы құрыстар ересен ердің кесек келбетін "Жауатын бұлттай түнеріп" деп бірден көз алдымызға әкеледі. Енді бірде ақын батырға сырттай қарап, оның жүрек жұтқан көзсіз ерлігіне таңғала, тебірене суреттейді:Балуанияз батыр–ай,Алаштан озған ақылы–ай,Ерліктен жоқ қапылы–ай,Түтеп тұрған мылтыққаТура шапты, апыр–ай!Өзге жырларда кездесе бермейтін, тек ақпа–төкпе тума талантқа ғана тән осындай бейнелі сөздер халық көкірегінде жатталып кеткен.Аталған жырлар халық өмірінің сол кездегі көркем шежіресі болды, елдік пен ерлікке үндеді.Қалнияз "Ер Қармыс", "Балуанияз" жырларынан өзге де бірқатар толғауларында ел қамқоры батырлар бейнесін суреттеген. Көней батырды мықты, қайратты, сұсты, батыл етіп бейнелеуде де әсерлі теңеулерді мол қолданады. Батыр "кірістен шыққан жебедей" айбарлы да сұсты, жау "қарақұс көрген шөжедей" бұтаға тығылар дәрменсіз – бір–біріне қарама–қарсы сипатта көрінеді.Қалнияздың "Көтібар бөтен кісім бе", "Билерге айтқаны", "Батырда Балуанияз, Қармысы бар" толғауларының қай–қайсысы да ақпа–төкпе ақындықты әйгілер шеберлік пен тапқырлық кепілі.Тұрмыс–салт жырлары үлгісіндегі "Қара бір сөзге келгенде", "Амантұрлы батыр қазасын шешесіне естіртуі" деген толғау өлеңдері нақты жағдайларға байланысты шығарылған. Алғашқысы той бастар алдында ақынның өзін таныстыруы. Әдетте, "Той басталарда" ақын, жырау өзі мен той иесін таныстырады, қыз ұзату тойы болса, қыздың әдеп–ізеті мен сымбат–көркін сипаттайды. Ал Қалнияздың бұл толғауы "Той бастардың" тек өзін таныстыру бөлігінен ғана тұрады. Мүмкін, өзге бөлімдері бізге жетпеген де болар.Ал "Амантұрлы батыр қазасын шешесіне естіртуі" жоқтау үлгісінде. Өлеңнің мазмұн–мәнінен де, екпін–ырғағынан да естірту, жоқтауға тән арманда, қапыда өткен халді еске ала өкіну сарыны айқын байқалады ("Ардақты Амантұрлы ерім еді–ау").Қалнияз Жаскілең, Тәжібай ақындармен айтысқан. Жаскілеңмен айтысы 1860 жылдар шамасында болған. Мұнда екі ақын да өз еліндегі байлық пен батырлықты ғана мақтан етеді. Елін, жерін, батырларын әсірелей суреттейді.Қалнияз жырларын жинаушы Қалбаев Өмірзақ деректеріне қарағанда, Үстірт жайлаған елдер Тіней Өгізбай жырауды Ожырай Тәжібай ақынмен айтыстырмақ болады. Сонда Өгізбай: "Мен қартайдым, аузымның қиыны қашты. Тәжібайға Қалниязды апарыңдар, Қалнияз әрі жас, әрі көңілді еді, айтысқа батырлық керек", — деп Қалниязды жіберткен екен. Қалнияз Тәжібайды жеңіп келіпті. Бірақ бұл айтыстың тексті соңғы кезге дейін кездесе қойған жоқ еді. Кейінгі жылдарда осы айтыстың бір текстісін Қалбаев Өмірзақ жариялай бастады. Біздіңше, бұл жазба көбінесе ел арасындағы ауызша әңгіме деңгейінде туған, Қалнияздан бері көптеген жамау–жасқауларға ұшыраған, ақын мұрасына көрік бере қоймайтындай халде. Оны мазмұн, ұйқасынан да, бейнелеу сөздерінің жүдеулігінен де байқауға болады. Мазмұны да бұрыннан белгілі Қалнияз бен Нұрымның Жаскілеңмен айтыстарын еске салады. Бұл тұста ақынның тәжік жерінде туған жырларының көп өзгеріске ұшырап, ұйқасы жөнінен жүдеушілік көруі, көлемінің мәнсіз ұзарып кетуі де көңілге оралады.Қалнияз "Қырық батыр" аталатын халқымыздың қымбатты қазынасын айтып таратуға, ұстартып–жетілдіруге атсалысқан. Дәуіріміздің атақты жырауы Мұрын репертуарындағы "Қырық батыр" жырларының көбін Нұрым мен Қашағаннан, Қарасай мен Қалымнан, олар Абылдан үйренген. Сол сияқты Қашаған мен Ақтан репертуарындағы жырлар Қалнияз бен Нұрымнан тараған, оларға Абыл арқылы ұласқан. Ал Абылға жеткен жырлардың түптөркіні Сыпыра жыраудан шыққан.Қалнияздың:             Байұлыға белгілі Ұстазым Тіней Өгізбай.             Неше буын жыр төккен             Он екі баспа қобыздай.             Тосылып сөзден көрмеген             Адайда айтқыш Абылдай.             Шабатын жүйрік мен едім             Сөзге қамшы салдырмай, –деген жолдарында Абыл мен Өгізбай жырауды ұстаз тұта қатар айтады. Алайда Өгізбай аты "Қырық батырды" жырлап таратқан айтулы жыршы ретінде Хорезм, Тәжікстан жерлеріндегі қазақтар арасында көбірек мәлім. Бұған қарағанда, Қалнияз Өгізбай жыраудан Хорезм жерінде өнеге алып, "Қырық батыр" жөніндегі таным–түсінігін молайтып, жырлау шеберлігін жетілдіре түскенге ұқсайды. Өмір жолдары мен жыр, толғауларын саралағанда айқын танылатын ақиқат жәйт: Қалнияз – көне жыраулар сияқты өз дәуірінің ең елеулі оқиғаларын толғап, екіталай кездерде еліне ақылшы болып ел бастаған, елі мен жерін қорғар күн туғанда жорық жыршысы болып қол бастаған ақын. Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ,                                 Филология ғылымының кандидаты

Қалнияз