Көңілім алабұртып саған аздап,
бір алау келе жатты жаңа маздап.
Әйтеуір, Құдай сақтап, қалдым-ау мен
өзіңе ғашық болып қала жаздап.
(Басқаны жазғырғанмен кезіңде жай,
сезбейсің - торға түстің өзің қалай.
Жоқ жерде өрт шыққандай лап ететін
осы бір Құдай атқыр сезімдер-ай!)
Сені де құшағына ап "кесірлі" үміт,
көзіңмен тұрдың мені шешіндіріп.
Сүйіктім қарап тұрған секілденді -
селк еттім сонда ғана есім кіріп.
Кешкің кеп сол бір сәттің отын бірге,
құмарлық есіңді алып отыр мүлде.
Әйтеуір, аман қалдым. Білмеймін тек
мен бұған қуандым ба, өкіндім бе...
1973
- 145 просмотров