ВЕРНУТЬСЯ

(1831-1908)АҚ ЖАҢБЫРДАЙ АҚТАРЫЛҒАНШамырқанса, көңіл көгі нажағайдай шатырлап, тебіренсе, телегей теңіздей бұрқап, ақ жаңбырдай ақтарылған, "Атыраудың ақиығы" атанған ақын, жыраулардың бірі – Нұрым. Ол – Махамбет пен Абыл, Қалнияз бен Шернияз сияқты халық мұратын жырлап өткен көрнекті сөз зергері.Нұрымды көре қалғандардан аз да болса бағалы мәлімет қалдырған Мұрын жырау. "Нұрым денелі, шоқша сақалды, жазық маңдай, қыр мұрын, қияқ мұртты кісі еді, – дейді ол, – жиын-тойда домбырасын алып, суырып салып қоя беретін, салмақпен төкпелеп айтатын. "Абыл ақынның қасына 17 жасымнан ердім. Бес жыл бірге жүріп, бата алдым", – деуші еді. Абыл Нұрымға: "Өлең жылқы секілді еді, шын жүйрік саулағанда жанға шалдырмайтын, ...сөздің мәнісін жыршы біледі. Сен бізден кейін елге жыршы боларсың", – депті. Нұрым шәкірті Мұрын жырауға айтқан естеліктсрі мен өз жырларында ұстазы Абылды өнеге тұтып, оны әркез ілтипатпен еске алып отырады."Ақтабан шұбырынды" жылдары казақтардың Еділ мен Жайыққа дейін барғаны аян. XVIII ғасырдың екінші жартысында коныс тарымшылығы мен хан тәртібіне төзе алмаған Кіші жүз руларының бірсыпырасы Сыр бойына, Каспий теңізінің шығыс жағалауларына қоныс аудара бастайды. Каспий шығысына – Маңғыстауға өткендердің көбі Кіші жүздің Адай рулары еді. Әйтсе де, Адай руларының біраз бөлімі Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Жайық өзендерінің бойын және Тайсойған кұмын мекендеп қалады. Кейінірек Жайық пен Еділ арасына өтеді. Нұрым жырау сол Тайсойған құмын жайлаған Адайдың Жаманадай, оның Мырза деген бұтағынан шыққан. Туған жері де Тайсойған (қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы).Нұрымға ақындықтың қонуы туралы 1965 жылы бізге атыраулық жыршы Ғұбайдолла Зұлқашев айтқан ел аузында мынадай аңыз бар: "Нұрым бала кезінде арып-ашып ел аралап жүріп, далада шаршап келе жатып, бір жерге келіп ұйықтап кетеді. Түсінде ақ киімді, ақ таяқты қарт адам: "Балам, шөлдедің ғой", – деп сүттей ақ, балдай тәтті сұйық сусын береді. Ішіп жіберсе, өзі сап-салқын екен. Шошып оянады. Тұрса, іші кеуіп барады. Айқайлап өлең айта бастайды. Сөйтсе, халі жақсара түседі. Нұрым бұдан былай суырып салма ақын болады".Нұрым туралы бірден-бір дұрыс мәліметтер – Мұрын жыраудан жазылған деректер. Себебі біздің дәуірімізге жеткендердің ішінде Нұрымды Мұрыннан жете білетіні жок.Мұрын Нұрымга Сағыздың Топырақшашы деген жерінде кездестім дейді. "Балам, өлең қуалап жүрсің бе?" – дегенде, Мұрын өз жайын жырмен баян етеді.Жас жыршының өнерге аңсары ауып, көңілі құлап, сол жолға бекем бел буғанын көрген Нұрым оған риза болады. Мұрын Нұрым қасында жүріп, "Қырық батыр" жырының "Қарадөн ұрпақтары" атгы циклін, сондай-ақ өзге батырлар жырын үйренеді. Мұрын: "Мен Нұрымды отыз екі жасымда көрдім, ол алпыс бір жаста еді", – дейді.Мұрынның 1859 жылы туғандығын ескерсек, ол Нұрыммен 1891 жылы кездескен. Бұған қарағанда, сол жылдары 61 шамасындағы Нұрым 1830 жылдар дүниеге келген болады. Демек, Мұрын деректері бойынша Нұрым 1830-1831 жылдары туып, 77 жасында 1907 – І908 жылдары өлген. 1964 жылы Ескі Өзенде біз кездескен Нұрымның туысы Ізімбергенов Абдолла қария: "Шыршығұлдан Нұрым, Жолым деген екі ұл және кіші әйелінен екі бала болған. Нұрымды біз көре қалдық. Ірі кара кісі болатын, өлең сөздің шын дүлдүлі еді", – дейді.Әкесі Шыршығұл өз еңбегімен күнелткен момын шаруа болыпты. 1879 жылғы "Ақ қоян" (қоян жылы) аталатын алапат жұтта Тайсойғаннан Маңғыстаудағы тумаластарына келіп, Қауынды мекеніне орын тебеді. Бұл кезде қырыктың қырқасына шығып, дербес түтін түтеткен баласы Нұрым бағзы мекені Тайсойғанда отыра береді. Біраз жылдан соң ғана Маңғыстауға келіп, хал үстінде жатқан әкесімен дидарласып қалады. Әкесін жер-анаға табыс етіп, Жайық бойындағы еліне аттанарда:...Мен келсем, атам бар екен,"Шырағым, аман ба екен?" деп,Бір көруге зар екен...Ауырды атам жеті күн...Сегіз күнде селті жоқ,Біле алмадым нешігін...Іздеген атам ШыршығүлДүйсенбі күні дүниеденСапар шекті жылқы жыл... –дейтін "Қоштасу" жырын толғаған.Ақын, жыршылар Нұрымның оқи, жаза білерлік сауаты да болған деседі. Бірақ ол өзінен бұрынғы жырауларша жырды қолма-қол шығарып айтқан.Нұрым Тайсойған жерінде туып-өссе де, жыршы, жыраулардың ежелгі дәстүрімен Хиуа, Маңғыстау, Жайық бойы, Ақтөбе қырын жайлаған елдерді аралап, өнерпаздармен кездеседі, көне жырларды жаңғырта жырлап, терме, толғаулар шығарады, Жаскілең, Берішқызы, Балмырза, Қашаған ақындармен айтысқа түсіп, "Тоғыз ауыл" сияқты ерлік дастандар толғайды.Нұрымның "Әтембетке айтқаны" толғауы Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірдің өзінде "Мұрат ақынның Ғұмар Қазыоғлына айтқаны" (Қазан, 1908, 18-19 б.) жинағында жарияланды. "Байбоз – Жанбоз" дастаны "Аламан" (Ташкент, 1926, 27-41-б.) антологиясында басылды. Терме, толғаулары мен айтыстары "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (Алматы, 1967), "Ақберен"', "Өсиет-нама" (А., 1986), "Бес ғасыр жырлайды" (А., 1984), "XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы"(А., І985),"Мен –қашанғы жүйрігің" (Ақтау, 1994), "Жыр-дария" (Ақтау, 1995) жинақтары мен "Коммунистік еңбек" (8/1 - 1972), "Коммунизм жолы" (2/ХІІ -1972), "Жұмысшы" (20/1 - 1973), т.б. газеттерде жарық көрді.Нұрым шығармалары термелер мен арнау өлеңдер, айтыстар мен дастандар.Нұрымның ақындық арынын әсіресе терме, толғауларынан танимыз. "Мен қашанғы жүйрігің...", "Ұсынсам, қолым жетер ме", "Әлеумет, келдің қаумалап", т.б. терме, толғауларында Нұрым заман сырына үңіліп, көне жыраулар дәстүрімен адам өмірі, жастық, кәрілік, жақсылық, жамандық туралы толғанады. Дүние өтпелі, бұл өмірден шешен де, батыр да, сұлу да, ақын да өткен, ертең кәрілік келеді, жас шақта жалындап өт дейді жырау. Ол жалындау дегенде, өмірдегі жақсы мен жаманды салыстыра келіп, мағыналы – адамдық абзал жолды нұсқайды:Айтсам, сөзім өтер меАқылсыз туған жаманға?!Қайыра қамшы сермемеСүйекке біткен шабанға.Екі жақсы дос болса,Бірін бірі қия алмас.Екі жаман дос болса,Бір мекенге сыя алмас.Ақын "Өмірдегі әр нәрсенің жарастығы, көркемдігі неде?" деген сауал төңірегінде тебіренеді. Термелеріндегі сөз мағынасына үңілсек, "Әр нәрсенің жарастығы – уакытында" деген пайымдауын аңғару қиын емес. Сайып келгенде, оның дүниенің қимыл-қозғалыста, даму үстінде екендігін сезінуі айқын аңғарылады. Нұрымның ұсынар жолы – дүние қызығына түскен күйкі пендешілік емес, достық, татулық – адамгершілік абзал мұрат. Ол бұл ойларын әсіресе "Қоштасу" толғауында ұштай, дамыта түседі ("Бұл дәурен бір күн-ақты қайта келмес", "Қуалап дүние түбін, малды ойласаң, Бір күні өтер дәурен қапылда, қыз", "Сыйлаумен жасы үлкеннен алғыс алсаң, Жеткенше қор болмассың басың жерге").Нұрымның бір топ өлеңдері тұрмыс-салт тақырыбында: "Әкесімен қоштасуы", "Той бастар", "Қалышқа көңіл айтуы", "Шенен ер", "Жарлау", т.б. Нұрым "Той бастарындағы" мұндай шебер қиюласқан ауыстырулар мен салыстырулар ақынның мәнді ойын да аңғартпай қоймайды. Нұрым сол заманның әдет-салтымен еріксіз телінген мұңды қызға жаны ашығандай.Аты әйел кейбір шабаз еркек тайлас,Жігіттен пәнері артық, қыз да болса, –деп әйелді кемсінудің жөнсіздігін ашық айтады. Ақын, бірақ, дәуір қауызынан шыға алмайды. Жұбайлық – өмір заңы, сол тұрмысқа үйрен, осы өмірде пенде болма, адам бол дейді ол.Нұрымның "Қалышқа...", "Шенен ер" толғауларының қай-қайсысы да халықтык мұң-шер өлеңдері дәстүрінде.Нәрестең кетті қасыңнан,Терезе әйнек секілдіСынған күні шатынап,Қайғырғанмен пайда жоқ,Қан түкіріп аһлап.("Қалышқа көңіл айтуы") Кешегі кеткен Шенен ерҚатепті қара нар едіТөс табаны түрілген.Жүйрік еді саңлақтыБайрақты жерде жүгірген."Шенен ер".Бұларда да дүниеден өткен жанының қадір-қасиетін еске алып, пәнидің жалғандығын, өтпелілігін айтып жұбату сипаттары бар. Сонымен қатар Нұрым:Адамзаттың баласы,Бұл дүниеден кеткен соң,Келмегі жоқ-ты қатынап, –деп қайғылы қаза кезінде де өмірдің ащы шындығын тура айтады. Бұл пікірлеріне қарағанда, оған айдан анық нәрсе – өмірдің өтпелілігі. Нұрым сөзімен айтсақ:Қоркыт ата қобалжып,Дүниені кезіпті,Өлмейтін жер қайда деп.Бірақ Қорқыт ата да, өзге де оның амалын таба алмапты. Әйтсе де, халық ертелі-кеш қөңілді алаңдатар, жүректі жұбатар әңгіме, хикаялар тудырыпты. Нұрым да, "Басыңнан дәурен бір өтсе, қайтадан дәурен құралмас" деп нақты да нанымды пікірмен шынайы сыр шерте отырып, сары уайым мен түңіліске емес, әмір әрекетіне, үмітке үндегендей ("Қайғырғанмен пайда жоқ қан түкіріп, аһлап"). Нұрым бұл тұста да өлмес өмірді аңсаған халықтық әуенді өзінше жырлап, дамыта түскен.Тұрмыс-салт тақырыбындағы өлендерінің бірі – "Жарлау". Хат-хабары, баспасөзі жоқ көшпелі ел тұрмысында жоқ іздеуші үлкен жиында, тойда, аста жоғалтқан малының түрі-түсін, бейне-белгісін айтып жар салатын. Тек жоқ іздегенде ғана емес, дала өміріне қатысты әрқилы хабарды той, садақа сияқты адам мол жиналған жерлерде көпке мәлім етіп жарлап отырған. Жарлау көбінесе қара сөз түрінде келетін. Нұрым туындысы жарлаудың өлең түріндегі үлгісі. Бұған қарағанда, қазақта жаршы рөлін сөзі уытты ақын, жыраулар да атқарған.Халық ауыз әдебиетінен төрт түлік мал туралы талай өлеңдерді білеміз. Мұндай өлеңдер әдебиет тарихында да аз емес. Абай мен Ілияс жазған аттың сындары әдебиетіміздегі ақындық шеберлік белгісіндей. Нұрым "Жарлауындағы:Арасы екі өркештің сөгіліңкі,Шудасы тізесіне төгіліңкі, –деген жолдар түйе малының бейнесін дәл елестетеді. Нұрымның арнау өлеңдерінен бізге жеткені: "Тайсойған, Бүйрек – екі құм", "Балишанға", "Әтембекке айтқаны". Алғашқы екі өлеңде де сөз болатын ізгілік, ибалық жайы."Әтембекке айтқаны" толғауында да Нұрым – төгіліп тұрған ақпа ақын....Еділден ұшқан аққудайКеліп қондым еңменіпӘтекеңнің төріне.Қанатым талмас, тау қайтпас,Еркіндеп келіп қонған соңДарияның сіздей көліне,Сіз бір туған ақсұңқар,Ұшар деп келдім жөніне.Араңа шайтан кіре алмай,Өсіп еді өркенің.Айырған алтын секілді,Нұр сәулелі жүздерің.Қарасам, бүгін өзгеріп,Солғын тартқан өңдерің.Араздықпен өштесіп,Айрылар болған жөндерің..................................................Теңдесім сіздер болмасаң,Аразы мен татуыНе керек маған өңгенің?!Адасып, көнбей ерлерім,Айрылар болды елдерім...................................................Өзіңнің тума, халқыңныңТілегін бермей келесің,Тұрса да күнде сарсылып....................................................Зар боларсың, бір күніЕсікті кетсе сарт ұрып...Бұл толғауда Нұрым аталы сөз айтар ел ағасы, халық қамқоры ретінде танылады. Ол Жайық бойындағы жұрт аузына қараған Әтембек батырдың бір ісіне наразы. Әтембек ел татулығын, ру арасын бітістіру орнына, кек тұтатып, ауыл арасында алакөздік туғызады. Ақын мәрт батырдың сұстылығына қарамай, жөнсіздігін бетіне басады. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Әтембек Нұрым сөзінен кейін бұрынғы бетінен қайтып, елді татулыққа, достыққа үндеген. Әрине, бұл жайлар жүректі жібітер, көңілді елжіретер ақын сөзінің мәнді, құдіретті әсерін, өнердің ересен күшін танытады.Нұрым – өз дәуірінің арғы, бергі тарихын мол білген, "тұтқиылдан сөз тапқан, қысылшаңда жол тапқан" суырып-салма ақын. Бүл әсіресе оның айтыстарынан да айқын аңғарылады.Көркемдігі мен тапқырлығы тұрғысынан ерекше танылатын шығармаларының бірі – төрт ақынмен сөз жарыстыруы.Кіші жүзде Тана, оның ішінде Жиенбет жырау ұрпағында ақындар көп өткен. Сүгір, Тәбия, Қубала – бәрі де осы елден. Нұрым жол жүріп келе жатып Жиенбет руының бір үйіне кезігеді. Ол үйде сол елдің төрт ақыны отыр екен. Көптен кездесуге құштар ақындар Нұрым түсіп жатыр дегенді есітіп, қуанып кетеді. Қонақ кіре бергенде, олар өлеңді төгілте жөнеледі:1-сі:   Сұрасаң руымды, біз Танамыз,2-сі:  Жиенбет Тана ішінде атанамыз.3-сі   Сайқыдай ел ішінде көп жүрмейміз,4-сі: Ақыннан үйге келген бата аламыз.Сонда Нұрым оларға қолма-қол жауап беріптІ:Руға қайдан қалдым Таналаған.Көп қарға бір сұңқарды қамалаған.Ортаңа мен бір келген көкжал бөрі,Төрт төбет айналамда абалаған.Нұрым сөзінің қатқылдығынан шошып, тапқырлығына риза болған Жиембет ақындары оны қонақ етіп, ақыл-кеңес алыпты. Нұрымның сұрау-жауап, білім сынасу ретіндегі екі айтысы бар. Бірі – Абылдың Нұрымды, екіншісі – Нұрымның Қашағанды сынауы. Екі айтысқа да тиек болатын діни тұжырымдар. Бұл айтыстарда жеңу-жеңілісу мақсаты жоқ, жас ақынның білім шамасын, ақындық өрісін байқау ниеті ғана бар.Нұрымның біршама толық жеткен айтыстары: Жаскілеңмен, Берішқызымен сөз жарыстырулары.Нұрымның Жаскілеңмен айтысы Маңғыстаудың Сам деген жерінде Адайдың бір жиынында болады.Жаскілең – Нұрыммен замандас, Әлім ішінде Кете руынан шыққан ақын, атақты Бекберген жыраудың баласы. Ол Нұрымнан басқа да талай ақындармен сөз сайысына түсіп, айтыс өнерінде аты шыкқан. Табын Жаңаберген жырауды жеңген, Адай Қалнияз ақынмен де айтысқан."Нұрым мен Жаскілең айтысындағы" өзекті мәселе елдік пен ерлік жайы. Екі ақын да өз руларының ерлік, байлығын мақтайтын тұстарда әсірелеу, бейнелеулерді мол қолданады.Нұрымның назар аударарлық шығармасының бірі – Беріш қызымен айтысы.Нұрым ақындық атағы шығып, жас ортасына келген кезде өлең сөзге дес бермеген Беріш қызын сырттай естіп, іздеп барады. Қыз 18 жаста екен. Ауыл адамдарының ақылымен Нұрым, "жеңілсем, ұят болар" деп, өз атын айтпай, інісі Тастемір болып айтысады (О да атышулы сал-серілердің бірі. - Қ.С.). Нұрым әуелі айтыс дағдысымен өзін таныстыра, сес көрсете жыр толғайды:Тастемір өзім атым, ағам Нұрым. Алқада жан сөйлемес бізден бұрын. Сырттай атын естіп, Нұрымнан ғана сескенетін қыз енді айтысушысы өзге деп ойлап, өктем сөздермен жігітті қағыта бастайды:Әуелі келген жерден бір шошындым,Адайда айтқыш Нұрым осы ма деп.Жолаушы болсаң, байғұс, қалма жолдан,Сан жүйрік жас екен деп әуре болған.Қыз Адайдың көшпелі тұрмысын мінеп, сынайды. Соған орай Нұрым да Беріштердің жарлылығын айтады. Әйтсе де, өз сөзіне қарағанда, талай ділмарлар риза болған, он бес жасында Бала Ораз ақынды жеңген ақын қыз сөзге дес бермейді. Осы кезде Нұрым:Қызыл тіл сөйлей-сөйлей желдей ескен,Беріштің бір өнері ағаш кескен,Мал берсе, Беріш қызын бере берер,Сізді де тоқалдыққа берер дескен, –деп сез қармағын тастайды.Және оның орыс төрелерімен сырласуын ілік етеді. Бұл жерде Нұрымның патша өкіметінің отарлаушылык, озбырлық саясатына наразылығы айқын аңғарылады. Ол сол саясатты жүзеге асырушы орыс төрелерін қазақ жұртының жек көретінін де жақсы сезеді.Өленді желдей ескен, бірақ заман салтымен қалың мал қармағына жастай ілінген және "орыс төресімен сөйлесті" деген жаман атқа жолыққан мұңды қыз біраз шекіскеннен кейін, айтыс сонында:Сен жеңдің, біз жеңілдік, ақын жігіт,Сенімен айтысуға тілім мүкі.Қарасам, төрт аяғым бірдей ақсақ,Құдайым бізге бермес енді жақсы ат, –деп зар төгеді. Қыз сөзінен әйел басындағы әлеуметтік теңсіздік жайы аян болады. Екі ақын бір-бірін аяқтан шалып, Адай, Беріш руларының міні етіп айтқан сын сөздері, түптеп келгенде, сол дәуір әділетсіздігін, қатыгез, өткінші өмір мен тағдыр тарымшылығын әшкерелегендей сезіледі. "Нұрым мен Берішқызы" айтысы – өткен заман сырын аңғартатын мәнді шығарма. Бір ескерте кетер жәйт – кейбір зерттеуші әдебиетшілердің Нұрым Әбубәкірмен (Кердері Әбубәкір. - Қ.С.) ноғай атынан айтысыпты дейтін пікірі. Біздіңше, бұл – жаңсақ топшылау. Тек ақын атының ұқсастығы ғана болмаса, қазақ арасына кең тараған "Ноғай Нұрым мен Әбубәкір молланың айтысы аталатын бұл сайыстың Нұрым Шыршығұлұлына ешбір қатысы жоқ. Оған айтыс мазмұнымен танысқан оқырман кәміл көз жеткізе түседі.***Нұрым терме, толғауларымен, айтыстарымен ғана емес, халық арасында желілі жырларымен де кең танылған. Оның ел аузында "Тоғыз ауыл" аталатын дастаны 1926 жылы "Аламан" жинағында "Байбоз – Жанбоз" деген атпен жарияланған. Қазақстан Ғылым академиясының Ғылыми кітапхана қорында да дастанның 1947 жылы Гурьев экспедициясы кезінде жиналған бір нұсқасы бар. Ол жазбаның "Аламан" нұсқасынан түбірлі айырмасы жоқ."Тоғыз ауыл" дастанының тақырыбы – ерлік, ел қорғау, халықтың басқыншыларға қарсы тәуелсіздік күресі. Нұрым халық жырларындағы осы дәстүрлі тақырыпты дамыта түседі.Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Маңғыстау қазақтарына (Күйкен тауында отырған Адайдың Байбоз, Жанбоз руының тоғыз ауылына. – Қ.С.) Хиуа жендеттері қаныпезерлік қарақшылық әрекеттер істейді. Шапқыншылар мыңғырған малды айдап, көптеген адамды тұтқын етеді. Екі жүз елу шапқыншыға Адайдың 40 жігіті Боркұдық деген жерде жетіп, мал, жанын жау қолынан айырып алады. Бұл шайқаста екі жақтан да көп адам шығын болады. Амантұрлы, Еснияз, Қабыл, Ықылас, Төленді сияқты айтулы батырлар осы соғыста қаза тапқан.Бұл оқиғадан кейін, 1860 жылдар шамасыңда, бір жиында ел қорғаған ерлерге лайық сөз шығарғандарға бәйге жариялайды. Жол Нұрымга тиеді. Себебі Абылдың ол кезде жасы сексеннен асып, қартайған шағы еді. "Тоғыз ауыл" дастанын Нұрым осы жиында жырлаған.Ақын алдыңғы екі бөлімде Атырау елінің өткен тарихын, ноғайлы ерлері жайын толғайды да, үшінші бөлімнен бастап нақты окиғаға көшеді. Нұрым елді ойран етіп жау шапқан алмағайып, аласапыран кезді суреттегенде, өз мекенінен ажырап бара жатқан адамдай бағзы бейбіт кезді сағына, тебірене әрі қапалы көңілмен ашына жырлайды:Ойыл да Қиыл, Жем, Қайнар,Көлденең өтіп ел жайлар.Жаз ортасы болғанда,Күн зауалға толғанда,Қонушы еді қарыштап,Маңғыстаудың ойынаСыя алмай шыққан көп байлар.Күні бір бүгін болғанда,Адыра қалып барасың,Қайран Шоқыбоз бенен Бекайдар.Оқиға желісін баяндауда ақын ерлік жырларының дәстүрін шебер пайдаланған:...Дүние өтті талайдан.Көп етіп, дәурен азайған,Тоғыз ауыл шабылдыТолықсып жүрген Адайдан.Қатын-бала, қара орманЕріксіз кетіп барадыЖау қолында қарайған.Жырда шапқыншылармен кездескен жігіттер ерлігі тартымды суреттелген. Ақын ерлер қазасы тұсында тебірене толғанып, қиын сәттердегі шынайы достық пен шын ерлікті қастерлей жырлайды.Ол ұрыспай неғылсын.Ардақтап өскен ұл үшін,Арулап сүйген қыз үшін, –деген жолдар дастанның идеясын аша түседі.Ел тәуелсіздігі үшін күрескен ерлер туралы жыр жалғыз "Тоғыз ауыл" ғана емес, Атырау ақындары толғаған осы тектес бірнеше дастандар бар. Ол жырлардың тууына халық өміріндегі әлеуметтік жағдайлар себеп болған.Қазан төңкерісіне дейін қазақ елі, әсіресе Маңғыстау қазақтары көршілес елдермен жер, су, қоныс, барымта жайында үнемі дау-жанжалда келді. Мұндай дау-шарлардың отын үрлеуші, көрші елдерді қырылыстырушы, ұлт араздығын тудырушылар әр елдің де атқа мінерлері еді.XIX ғасырдың бас кезінен-ақ Хиуа хандығы Маңғыстау қазақтарына ерекше озбырлық көрсетті. Алым-салықтар салды, ауылдарды тонады. Қазақтар жау қолына түскен малы мен жаны үшін күреске шықты. Сан рет қырғын соғыстар болды. Бұл оқиғалар халық әдебиетіне өз сәулесін түсірмей кеткен жок. Осы оқиғаларды суреттейтін Нұрымның "Тоғыз ауыл", Қожа Ғафурұлының "Шапқын", Қалнияздың "Ер Қармыс", "Балуанияз", Ақтанның "Ерлік жыры" сияқты ерлік дастандары туды. Бұл дастандар ежелгі халық жырларындағы ел қорғау идеясы дәстүрін ақындар жырында орнықтыра түсті. Аталмыш шығармалар оқиғасының тартымдылығымен, тілінің шұрайлылығымен, ел қамы үшін күрескен ерлердің кескін-келбетін, батырлық қимыл-әрекетін дәл елестететін бейнелеулерімен, халық өмірінің мәнді оқиғасын суреттеуімен ел арасына кең тарады.Нұрым көне заманнан бері ел арасында кең тараған ерлік дастандарды жүйелей, жаңғырта жырлаған. Көне жыраулар негізін салған, олардың мұрагерлері Махамбет. Абыл, Шернияздар түлете толғаған ерлік жырларын Қазақстанның батыс аймағында олардан кейін Нұрым мен Сабыр, Қазақбай мен Ақтандар жырлап таратқан. "Қырық батыр" цикліндегі және жеке батырлар жырының біразы Нұрым арқылы тарайды. Нұрпейіс, Қашаған, Мұрын сияқты көрнекті ақын, жыраулардың қай-қайсысы да Нұрым өнегесінен үлгі алған: Мұрын "Қарадөң ұрпақтары" атты бір топ ерлік жырларды Нұрымнан үйренеді. Сондай-ақ, Е.Ысмайылов айтқандай, Нұрпейістің жатқа айтатын батырлар жырларының бірталайы Нұрым жырау репертуарымен ұштасып жатады.Демек, Нұрым – Қазақстанның батыс аймағындағы батырлар жырын дамыта толғаған дәстүрлі әдеби ортаның ірі өкілі.Қас жүйріктің белгісі –Дуды көрсе, жұлқынған.Айтулы жүйрік мен едімСалдырмай қамшы, ұмтылған, –деп өзі айтқандай, Нұрым – дәуір сырын ұға білген, заманының көрнекті ақыны. Ол "қырдан асқан түлкідей қырмызы қызыл заманға" немқұрайлы қарай алмаған. Өзі өмір сүрген дәуірдің "жарлы, бай, жаксы, жаман ала жасап, еркінше еліктірген қапыл заман" екенін көреді. Заманының алдамшы, әділетсіздігіне ашынып, адамшылық абзал қасиеттерді насихаттайды, адамды дүние көркі деп ұлығылай таниды ("Жақұт, маржан секілді адамзаттың баласы дүниеге келді сән болып"), әйелді кемсінудің жөнсіздігін айтады.Нұрым дүние даму үстінде екенін сезінеді, заман алалығын уақыттың өзі тезге салады деп үміттенеді ("Бай болсын, мырза болсын бұлаңдаған, жүйріктің жері бар ма сыналмаған"). Ақын пікірінше, туу, өлу хақ, ол заңдылықтан ешкім қашып құтыла алмайды ("Пендеге шыны қаза келген күні дүниеден қосын түзеп кім жөнелмес").Дәуірінің әлеуметтік ащы шындығын көре, сезіне, өмір заңдылығын ұға білген Нұрым өнерпаздар дағдысынша жыр толғап, ел аралаумен өмір кешкен. Оның жырлары қарапайым бұқара халықтың ойыны мен сауығы, тойы мен азасы, адамшылық абзал касиеттері, ерлігі мен батырлығы жайлы. Шығармаларының өн бойынан айқын танылатын қасиет – оның  халықтық игі дәстүрді толғаушы айтулы ақын екендігі.                                           Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ,                                   Филология ғылымының кандидаты

Нұрым