Орталық Қазақстан

Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» қоғамдық-саяси газеті.1931жылғы 4 қазаннан бастап шығып келеді. 2006 жылы облыс жұртшылығы газеттің тұңғыш номері шығуының 75 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Кеңестік кезеңде облыстық, қалалық парткомның, қалалық, облыстық аткомның органы болды, тәуелсіздік жылдары құрылтайшысы – облыс әкімінің аппараты. Қарағанды таскөмір бассейнінің қауырт игеріле бастауына байланысты бастапқыда «Қарағанды пролетариаты» деп аталған. Қарағанды облыс орталығына айналғаннан кейін 1938 ж. «Советтік Қарағанды» деген ат алды. 1963 ж. 1 мамырдан – «Орталық Қазақстан». Газеттің негізін қалауға қазақтың көрнекті жазушылары Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев, С.Ерубаев елеулі үлес қосты. 1933-35-жылдары С.Мұқанов, Б.Майлин (бірнеше рет) Қарағандыға арнайы келіп, шахтерлер өмірінен шығармалар жазды, редакция қызметкерлеріне баға жетпес көмек көрсетті. Газет 1943 ж. ақындар айтысының қайрадан жандануына ұйтқы болды. Қазақ журналистикасының белгілі қайраткерлері Ж. Орманбаев, Т.Нұртазин, Ә.Қарағұлов, К.Үсебаев, Б.Тәйкіманов, Ә.Бөлдекбаев, Р.Сағымбеков, А.Ахметәлімов, Н.Оразбеков әр жылы осында басшы қызметте болды, жас қаламгерлерді тәрбиеледі. Өзінің 75 жылдық даңқты тарихында газет республиканың индустриалды жүрегі – Қарағанды өңірінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жазып көрсетуде көрнекті табыстарға жетті. 1981 жылы басылымның 50 жылдығы құрметіне Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 2001 жылы басылым газеттерді безендіруге арналған «Жаңа ғасыр жарнамасы – 2001» республикалық конкурсында жүлделі орынға ие болды. 2002 жылы газет «Тәуелсіздік жылнамасы» мақалалар тізбегі (1991-2001 ж.ж.) үшін Қазақстан Журналистер одағының республикалық шығармашылық бәйгесінің лауреаты атағын алды. 2007 жылы Қазақстан Журналистика Академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығымен марапаттады. Редакцияда ҚР журналистер одағы сыйлығының 4 лауреаты (М.Сембаев, А.Жанғожин, Е.Лұқпанов, Е. Балташұлы) бар, редакцияның 10 қызметкері Облыс әкімінің Құрмет грамотасына, б қызметкері ҚР Мәденит министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісіне ие. Бас редактордың 1-орынбасары А.Жанғожин 2007 ж. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Облыс әкімі Н.Нығматулин тағайындаған облыс журналистерінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаттары: 2006 ж. – А.Ақын, Қ.Әбілдинов, Ж.Иманалиев, 2007 ж. – Е.Лұқпанов, 2008 ж. – А.Жанғожин, С.Сексенов, 2009 ж.- Е.Имаш. Тәжірибелі қаламгерлер С.Алпысов, С.Жанысбай, Е.Лұқпанов, М.Омарбеков Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті Журналисі» құрметті атағына , ал бас редактордың орынбасары Е.Балташұлы Қазақстан Журналистері Конгресі сыйлығына ие болды. Газет 2007 жылғы 8 наурыздан А-2 форматымен басылады.Таралымы 20 мың дана (2007 жылдан). Аптасына 3 рет (сейсенбі-4 бет, бейсенбі-6 бет, сенбі-8 бет) шығады. Бас редакторы 1997 жылдан Мағауия Сланбекұлы Сембаев, 1955 ж. туған, 1976 ж. ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген. Облыстық Мәслихаттың 111 және 1У шақырылымының депутаты (2003 жылдан). Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері. ҚР төрт мерекелік медалімен марапатталған. 2009 жылы бас редакторлардың Г. Толмачев атындағы сыйлығының лауреаты.