"Сыр бойы" газеті

Облыстың ұлттық танымдық-саяси басылымы "Сыр бойы” газеті 85 жасқа келді. Ол 1929 жылы 1 шілдеде "Сыр бойы” деген атаумен шықты. Арада үш жыл өткеннен кейін, 1932 жылы басылым аты "Ленин туы” болып өзгертілді. Ал, 1938 жылдан 1991 жылға дейін "Ленин жолы” аталып, аймақтың ақпарат тынысына айналды. Еліміз тәуелсіздік алып, тарихи атаулар қайта қалпына келе бастаған шақта, яғни 1991 жылдың 24 қыркүйегінде газет өзінің ежелгі атауы "Сыр бойымен” қайта қауышты. 1979 жылы басылым өзінің 50 жылдығына орай мемлекеттік жоғары награда "Құрмет белгісі” орденімен марапатталды. Осыдан сәл кейінірек одақтық социалистік жарысты насихаттау мен оның жетістіктерін баспасөз бетінде көрсетуде үздік деп жарияланып, бірсыпыра нұсқалары Мәскеудегі бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үлгі ретінде қойылды. Сол сияқты 1972 жылы газеттің 10 мыңыншы санының жарыққа шығуына орай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы газетті республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен наградтады.
Уақыт талабы мен мерзім міндеттері газет өміріне елеулі өзгерістер алып келді. 1998 жылдан бастап газет жаңа заман талабы саналатын офсеттік тәсілге көшті. Компьютер интернет жүйесіне қосылып, электронды пошта қызметін пайдалана бастады. Газеттің ең алғашқы нөміріне Ж.Тілепбергенов қол қойған болса, одан кейінгі жылдарда Қ.Қауымбаев, М.Сәтбаев, Т.Елемесов, Б.Сарбасов, С.Сейітов, Ж.Қонақбаев, Х.Сыздықов, З.Жарқынбаев, Ұ.Бағаев, Ө.Әбенов, Н.Уәлиұлы, Ә.Рахымбекұлы, Ж.Рахматулла, С.Пірназар, Н.Аманжоловтар басшылық  қызметінде болды. 2013 жылдан бастап облыстық "Сыр бойы” газетінің бас редакторы қызметін Ж.Әбдіраман атқарып келеді.