ВЕРНУТЬСЯ

                                                       (1884- 1957)                                               ӨКСІП ӨТКЕН ӨНЕРШиеттей баламыз. Көне Таушықтың бойындағы төрт-бес үйдің жүгірмектері таң атпастан жиыламыз. Қарайтынымыз – күнбатыс беттегі жетінші шахтадан шұбырған халық. Баратын жерлері белгілі. Шығыс жақтағы тау қойнауындағы алақандай алаңқай. Түстік беттен үйлер самсап тұра бастаған. Кішкене кенттің күнгей бет қырпық жоталары. Соларды бойлап темір жол өтеді. Шахтадан шахтаға соғып, көмір тасиды. Одан теріскей – ашық алаң. Жауын жауса, миы ағып кететін балшық.Әлгі жетінші шахтаның адамдары сол тау баурайын бойлап, жолдағы жер қазбалардың қырқай алдымен өтеді. Бұл жолы ұзын шуақ адам тізбектері үнсіз. Әдеттегідей тауды басына көтере әндетпей, сып-сыпайы бола қалған. Қара борбай қартамыс жандар. Араларында әйелдер көп. Жол бойындағы қарап тұрған да – балалар. Ауыздарын ашып, маңқия қарайды.Жұрт өтіп кетті. Ауа бозғылт тартты. Тау сыртынан дүркірей көтерілген қою тұман қымтап алды. Біз көшеге қарауды қойып, үйлердің ығына тығылдық. Өздері үлкен, мойындарына моншақ-түйіншіктерін жиып асып алып, арқаларына салып жүретін қоңқақ мұрын балалар, қайдан шыға келгендері белгісіз, осындайда қаптап кетеді. Әлденелер жөнінде дабырласып айта бастайды. Біз ауыз ашып тыңдаймыз. Түсінбесек те, қызық көреміз. Тұман қоюлана түсті. Селтеңбай пойыздар да көзге шалынбай қалды. Ажылдаған-күжілдеген дауыстар көбейді. Үйіміздің желке тұсында аэродром бар. Бір жағын жел көтерген ала бүйең ілулі тұрады. Ол қазір көрінбейді. Қаннен қаперсіз. Он шақты бала абыр–сабыр ойнап отырмыз.Кенет бірдеңе гүрс ете қалды. Аспан шыр көбелек айналып бара жатқандай көрінеді. Бәріміз отырған-отырған жерімізде құлай кеттік. Әлде бір уақытта әлдекім әлде қарай сүйрелеп бара жатты. Бір уақытта барып басымызды көтердік. Әлгі – Мәрия деген кемпір екен. Көршіміз. Ұстамалы ауруы бар. Шыр айнала зікір салып жүр. Бағанағы қоңқақ мұрындар жоғалған. Қайда жататындары белгісіз. Соғыс басталған соң қаңғып кетті. Аға-аналары забойда. Өздері осылай қол ұстасып жүреді. Үлкен балалар оларды «еврейлер» дейді. Ал біздер қоңқиған мұрындары мен арқаларына асып жүретін қара одеялдарынан-ақ білеміз.Кеш қарая түсті. Әлде бір жүзі суық кісілер келді. Мысықтарды қырды. Иттің көбі тырағайлап тауға қашты. Терезелерге киіз жауып ұстапты. Артынан біздің адамдар жиіледі. Жан-жаққа шықпауды, бөтен кісіге ештеңе айтпауды тапсырды. Мәрия апай бізді онсыз да ешқайда жібермейді.Сол түні адамдар абыр-күбір болды да қалысты. Нан алуға кеткен апаларымыз күн кештете зорға оралды. Хабарларын сыбырлап айтты. Ауыл желкесінде немістер қаптап отыр дейді. Теңіздің шығыс бетіне шыға келсе, темір жолды көздейді. Соны қиратпай, жанында жүрген түйелерге түседі. Тау арасынан шыға келгенде теңізден шыққан келте тұман жерді көрсетпей қояды. Бұлт арасынан шыға келсе, эстакада көрінеді. Қайтып айналып, енді соға бергенде, тұман қаптап кетіп, соңғы бомбасы қала сыртындағы кірпіш зауытына түседі. Сол арада қонып, тұман ашылған соң ұшып кетеді.Әлгі оқиға менің ойымнан шықпай қойды. Сол жылы қыста төсек тартып ауырдым. Анам Қапы аңғарында мал бағатын ағайынымыз Сағидың үйінің қасына көшті. Содан үш жыл бойы күндіз қатынап көмір қазды. Шағын тар табанды жолдың бойында үш-төрт үй отырды. Солардың бірінде Түмен атамыз да тұрыпты дейтін дерек бар. Ал менің 1946 жылға дейін табан серіппей сонда болғаным белгілі.Ол елде ыңғай кәрі-құртаң мен он екіде бір гүлі ашылмаған жастар тұратын кез еді. 1945 жылы Қапы бойынан шығып, жетінші шахтаның желкесінде жал басын толтырған ауылға көшіп қондық. Көп ұзамай іргедегі тау аяғында ұлан-асыр жиын өтті. Жаяу-жалпылап біз де бардық. Мәре-сәре жұрт ортадағы қызыл ағашқа ұзын бойлы қапсағай денелі ақсұр шал көтерілгенде, сілтідей тынып қалды. Күңгірлеген қоңыр дауыс. Көмейде іркіп көп тұрып қалған. Барған сайын ашыла түсті. Кібіртіктеп басталса да, халық назары оған ауып барады. Көзіміз ортада қызыл ағашта сөйлеп тұрған шалда. Ауық-ауық қасымызда аузын басып, тыңдап тұрған аналарымызда. Олардың көздері ежірейе түсті. Кенет мөлдір тамшылар үн-түнсіз ағып, ақ жаулықтың ұшына сіңіп жоғалып жатты. Шал жарты сағаттай күңіренді. Оның дауысына ұйыған жұрт қанша жырласа да қой дей алмас. Кенет сөзін бітіріп, орнына барғанда барып, шарт-шұрт шапалақ қарша борады.Бүл жеңіс күні екен. Төрт жыл бойы күткен күніміз еді. Әлгі шал – Жаңғабылов Сәттіғүл болып шықты. Халық ақыны. Қызыл ағашқа ол күні басқа кімдер шықты? Олар не деді? Ат шаптырылды. Оған кім қосылды? Ешқайсымен де ісіміз жоқ. Назарымыз ауыл алдында ақсиып жатқан жол жақта. Әскерге аттанған қалың топтың қайтып оралар сәтінде. Бәрін тайлы-таяғымеи бірдей аттандырған батыс жақ қылп етпейді. Оқта-текте аттылы, жаяулы, не машинаға ілесіп, біреулер келеді. Көп ұзамай, әйелдер дауыс қылып, ауыл үстін азан-қазан етеді. Ондайда үйде бұғып жата алатын біз бар ма?! Салып ұрып жетеміз. Бір кемпірден бір кемпірге өтіп, шеменге толып қалған жүрегін босатқанша, ұстап алып жібермейді, «Әй, баланың басын ауыртпаңдар. Құдайға тоба деңдер. Бұған да зар қылып қойса, қайтер едіңдер?» – деп, үлкендер жағы бітуәжа айтады.Сөйтіп, біз оқуға баратын жыл да келді. Тұрғын үйдің тең жартысын бөліп, жасаған бастауыш мектеп. Бір бөлмеде бірнеше сынып бірге оқимыз. Там-тұмдап үлкендер жинала бастады. Біреуі ақсақ, біреуі тоқсақ. Қол-аяғы аман ешқайсысы жоқ. Сыңар көздерін таңып алып, сыңар аяғын асып алып: «Бұл қай бала еді?» – деп, аңыра сұрап тұрғандары. Әсіресе, күндіз бос тұрып, кешқұрым жұрттың басын қосатын сайлаушылар үйіне жиналады. Араласып біз де жүреміз. Әуелі кино қояды. Сосын азғантай жиын-сауық. Бір күні бұлдырықтай мойынын созып, бір адам сайрап отыр. Бізбен сыныптас бір қызға келетін сияқты. Ол қыздың қандай өнері бар екенін білмеймін. Әкесінің ұзақ ырғап, терең қайыратын термелері есімде қалыпты. Дүйсенбай жырау деуші еді. Дүйсенбайдың қасындағы ұзын сары кісінің де өнері бар екен. Көгілдір көз қоңырқай кісі дауысын кенеп, тақпақтай сөз бастады. Анадағы Сәттіғұл ақынды еске түсірді. Бірақ, сөзі одан гөрі ширақтау. Биыл дауысқа түсетін екі депутатты сөз етті. Сөзін бітіре бере жұрт ду қол шапалақтады. «Ай, мынаның да мынандай өнері бар ма еді?! Бұны неғып естімегенбіз!» – деп жатты.Сол жылы жазғытұрым біздің ауылға бір топ жыршылар келді. Басшысы – баяғы Сәттіғұл. Қасында – ұзын мойын Дүйсенбай бар. Едірейген елтірі бөрік киіп, жан–жағына шекелей қарайтын жыршы Жанжігіт сауыққұмар топпен жағалай амандасып жатыр. Бәрінен де ұзын бойлы, ұяң өңді, көгілдір қабақ Түменге жұрт көп қарады. «Бұның мұндайы да бар ма еді?» – деп сыпсыңдасқан жұрттың дауыстары естіліп қалып жатты.Жұрттың бұл таңырқауына кейін барып түсіндік. Әр жерде бір көргеніміз болмаса, біз Түменді біліп жарытпайды екенбіз. Ол сонау теріскей Бозашының шалқая біткен бір түбіндегі Қызан деген ауылдан. Аты айтып тұрғандай. Маңғыстау дейтін қара ойдың қашанғы бір қияны. Үстіртпен астасып кетер жерде есіңізде бар шығар. Қорқыт ата кітабында Салор Қазан Қазықұрт тауында ас беріп жатқанда ауылын жау шауып кетеді ғой. Мұсылман дінін қабылдамай, кәпір болып жүрген иректер ұзын арқау, кең тұсаумен ұзақ жүреді. Шабайын десе, тілі бір ағайын. Шаппайын десе, күнара әлімжеттік. Ел шыдамы таусылды. Ақыр аяғында, батырларға да жан керек. Салор Қазан шабуылынан қорқып, Кубан асады. Ол жақта Қондыкер деген елге айналып, ақыр аяғында Анадолы асып, көп Түрікке қосылады. Іргедегі олар жайлаған Айрақты тауында аттары қалған, Иректі-Айрақты түбі бір еді. Қазірге дейін балбал тастары тұрған сол ойда Жеменей руы жайлайды. Жеменей руының да бір кезде оғыз құрамында болғаны белгілі. Кавказда Айтумыш, Маңғыстауда жеменей тайпасы бір рудан тараған елдер. Сол рудың Байғара атанған ауылынан Түмен өрбиді.Орташа дәулеті бар Байғара көпке дейін азаматтарына дін кітаптарын ақтарып, былайғы шаруаларға араластырмайды.Ата дәулетімен ержетіп, басқа кәсіптерді қумаған байғаралардың біреуі Балтабас еді. Баласының оқуға жүйріктігі, шаруаға қолайлы, жұртқа үйірсек болып өсіп келе жатқанын көреді. Құрдастарына қағытпа өлең шығаратынын да біледі. Соны естіп, бірде: «Тақ-тұқ сөз қуған өнердің соңына түспе. Қақ-сұқ әнгімесіне қаларсың», – деп ақыл береді. Діни кітаптардың бір қатарын ақтарып қалған бала жігіт әкесінің не айтпақ екенін түсіне қояды. 1884 жылы туған Түмен сол бетімен шаруа қумай кете барады. «Жетпістен асқан жасым бар, жерге түскен басым бар, мұсылман болса тыңдамай, молдасы да болғанмын, өзім деген адамның жолдасы да болғанмын» – деп жырлауында да бір гәп бар.Ел ішіне Кеңес үкіметі орнайды. Атадан қалған мал ортаға түседі. Күнкөріс көзі азайған елде көп тұрмай, 1934-1938 жылдары Қарағантүптегі Қаңға деген ауылға көшіп кетеді. Елден ел ауып, жерден жер ауып, егін салып, күн көріп жүргенде, тағы да соңына сөз ереді. Бір кездегі ата қонысынан келген адамдар ізіне шырақ алып түскесін, тігулі үйін қалдырып, тып қойып қашып кетеді. Муса дейтін күйеу баласын ертіп, теңіз асып, Мақашқала түбіне орналасады. Бір күні түс көреді. Түсін өзі жақсылыққа жорымайды. 1940 жылы Мұсаны елге алып көшіп келеді. Бір жылдан соң қанды майдан басталып, Мұса аттанады. Екі рет соғысқа түсіп, жараланып, госпитальда жатқан күйеу баласы хат жазады. Бір кезде оның кездейсоқ түсінің шынға айналғанына таңғалады. Соны жолдан оқып алған біреу Түменнің үстінен: «Өзі молда. Үкіметке жау. Елді азғырып жүр» – деп шағым түсіреді. Түмен Алматыға айдалады.Алматыда қамауда жатқан ахун ауруханаға түседі. Ауруханада түрме бастығының алаңдаулы жүзін көреді. «Сен, шырағым, бір нәрсеге қапалысың ғой. Қапаланбасаң да, болатын шаруа екен. Маған көрсетсең, жазылатын дауасын айтар ем!» – дейді. Түрме бастығының әйелі көптен ауру еді. Мәскеу мен Ленинградтан талай дәрігер шақыртып, емін таба алмай қойған. Қуанып кетеді. Көпке көрсетпей, әйелін қаратады. Көп ұзамай жазылады. Енді жақсылық жасаған Түменге болысудың қамына кіріседі. Ауылға қайтарылады. 1944 жылы аудандық милицияның бақылауына елге жіберіледі. Халық санасын жайлап алған шолақ белсенділіктің жойылмаған кезі. Сәл нәрседен хат жазып, қорқытып-үркіту басылмай-ақ қояды.Бір кезде әкесі Балтабастың аманат еткеніндей, жаңғыз баласы Сайын әкесі алпысқа қараған шағында дүние салыды. Бұл дүниеден баз кешіп те көрді. Ақыр аяғында орнынан тұрды. Белін буды. Баласымен қоштасу жырын жазды. "Ісіне жасағанның шүкірлік ет", –деп жұбайына басу айтты. "Тақ-тұқ қайырады", – деп, қорыққаны осы еді ғой. "Қақ-сұқ сөздер айтқызады ", – деп қорыққаны да осы еді ғой. Екеуін де көріп алды.Ақын Түмен бала жастан жинаған басу сөздерін ортаға салды. Ақын Сәттіғұл тапсырмасымен кәріқұлақ көне жырларын сырға айналдырады. «Маңғыстау машайықтың басқан жері, қасиет кереметі тасқан жері» – деп басталатын термелері күллі қазақтың көңілін ашып, көкірегіндегі көне қайымдарды жайып салады. Тақпақ домбыраның қағысындай таңдайыңды шүйіретін небір асыл сөздер өз-өзінен көсілтеді. «Ол күнде ел жер болады, елінде жерін қорғар ер болады»... «Көк теңіз айналасы бәрі балық, ем болған ауруларға дәрі балық... Жегенге жылқы етіндей жеңсік болған ішінде шоқыр, шортан сары балық!» – дей келіп, осынша ырғаққа қызықпаса, жаудың аты жау болар ма еді. Осынау қонысқа бола шайқасқан ерлердің аты қызырдай естіледі.Маңғыстауда осылай шалқыған ерлердің ежелгі мекенін аянбай жыр еткен Түменнің «Адай тегі», «Қазақстан», «Толғау» атты жырлары қасиетті қазақ жерінің қай қырқа-белінен де көңілге медет етер күш табады. Қай ортаны да оқшаулап шолмай, жұртын бірге желпінтер сергек себеп іздейді. Қартайып барып, қағарға қосылған тұйық тағдыр әп дегеннен белін жазып кете алмайды. Оған 1953 жылға дейін сайлауға еркін қатыса алмағаны себепші болған тәрізді. Бұған 1957 жылы ауыр төсек тартып жатқанда жазылған: ..Құдіреті күшті кең Алла, тілегімді бер Алла; қатты жауыр нар болдым, бір жүтым суға зар болдым, төсекке тұтқын – сал болдым, жарығым жатыр таусылмай, тек әйтеуір бар болдым» – дейтін сөздері куә бола алады.Бұл жолдар өмір бақи күнәға ұшырап, жұртпен бірге күле алмай, өз бармағын өзі тістеп өткен ақынның ішкі тылсым сырынан хабар бергендей. Әлеуметтік әділеттің адам өмірінің бірден бір қорегі екеніне көзімізді жеткізе түскендей. Егер заманы қорғап, өз заманы қолдаса, ақиық қырандай айдынды асқар көлдердің ақ құсын ілгендей ақын шабытының не бітіріп, не қоя алмайтынынан хабар алғандай болар едік. Өз-өзінен тұсалып өткен ақынның қасіретті тағдыры мен қасиетті талантының ұқтырары мол, ұғынтары көп болса керек-ті. Шошынған жүректі басып, қаралы қорқыныштың үрейін тыйдырып, дүлдүл сөздің желігіне біржола берілсе, Түмендей иір иінін біліп қалайтын шебердің қолынан шыққан мәрмәр жырдың ақық ажарына да сүйсінер едік. Әттең, шіркін, не керек десеңші?!Бәрі де өтіп бара жатқан өмір ғой...Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы

Түмен