ВЕРНУТЬСЯ

(туған, өлген жылдары белгісіз) Әдебиетшілер назарынан тыс қалған айтыс2010 жылдың шілде айында Боранқұл ауылында тұратын жиен апам Мариям келін түсіріп, тойға барғанбыз. Тойдағы тілек айтушылардың ішінде шын көңілдерімен өз өнерлерін көрсетушілер көп болды.  Руы көрпе бәйімбет Шамшадин ақсақалдың  қолына домбыра алып: «Үйленгелі жатқан баланың бабаларының бірі солтаналы жеменей Жанұзақ ақынның алаша Дәнеш қызбен айтысынан үзінді айтамын» деп жырлап жүре бергені...Үй иесі Бөлекбаев Сәуірбай ру жөнінен Жанұзаққа табиға, «Қарақұм» кеңшарында ғалым-зоотехник болған, күрестен республикалық жарыстарға қатысқан палуан жігіт еді. Айықпас сырқатқа ұшырап қайтыс болған. Ал шешесі Социалистік Еңбек Ері  Мергенбаева Жанбөпе кезінде ерлермен қатар ел басқарған көргені мол әйел еді, бізге жеңге болып келетін.Есіме түсе кетті... бұл айтыстың көшірмесі менде бар еді. Облыстық  «Маңғыстау» газетіне «Жанұзақ пен Дәнеш қыздың айтысын кім біледі?» (№137-138, 23.11.2001) деген мақала да жазғанмын. Бірақ оған марқұм өлкетанушы Ізбасар Шыртановтан басқа мән берген ешкім болмады. Ізекең Бейнеуге келген бір сапарында айтыстың текстін сұрап алып қарап, өзіне қажеттілерін түртіп алып кеткен, одан кейін хабар болмады. Ақтау қаласына көшкен кезде айтыстың текстін қайда қалғанын білмей, жоғалтып алып жүр едім.Айтыстың үзінді көшірмесін Құлсары байланыс және белгі беру дистанциясының Опорный стансасындағы Байланыс үйінің аға электромеханигі Қошанов Түркменбай 1998 жылдың 23 мамырында сол Опорный (қәзір Боранқұл) ауылының тұрғыны жоғарыда біз айтып кеткен  Шудабаев Шамшадиннің айтуынан жазып алған екен. Ал Шамшадин солтаналы Мергенбай ақсақалдың домбыраға қосып жырлауларынан үйренгенін кезінде бір дәптерге жазыпты, одан көшіріп алуға Рамазан Мырзабаев сұрап алады да, содан кейін әлгі қолжазба жоғалып кетеді.«Қарақұм» кеңшарында ұзақ жыл бас есепші, кейін Боранқұл ауылының әкімі болған, руы табынай Лұқпанов Бүркіт те Жанұзақ пен Дәнеш қыздың айтысын бала кезінде құдасы Нұраханның аузынан естідім деп маған  есінде қалған үзінділерді айтып берген еді. Мергенбай да, Нұрахан да, Рамазан да бүгіндері бұ дүниеде жоқ адамдар.Тарихи нәрселерге ұқыпты Түркменбай ағаға мүмкіндігінше айтыстың толық нұсқасын ағайындар арасынан іздестіруді өтінген едік. Түкең сұрастыра жүріп әлгі қолжазбаны Майкөмген ауылының тұрғыны Басжанов Кеңестің үйінен табады. Бұл 2000 жылдың 25 ақпаны болатын. Айтыс бұған дейін неге екені белгісіз әдебиет зерттеушілердің назарына ілікпей қалтарыста қалып қойған. Жанұзақ ақынның бүгінге жеткен ұрпақтарының бірі, кезінде Жылой ауданына қарасты Биікжал барлаушылар поселкесінде тұрған Жұмабаев Ізтұрғанның келіншегі Қалимаш ертеректе «Жұлдыз»  журналынан Жанұзақ пен Дәнеш қыздың айтысы жөнінде материал оқығанын айтқан еді.Ол кезде оған зер салған ешкім болмады. Өйткені жаңа заман әуенімен тәрбиеленгендер үшін ескіліктің қалдығы болып саналатын ол руаралық айтыстың қажеті шамалы еді. Кейін ес жиып, етек жапқандай болған кезде әлгі жеңгеміздің айтқан  мезгілдері осы шама –ау деген жылдардағы журнал сандарын ақтарғанмен ол материалды кезіктіре алмадық. Мүмкін асығыстау іздестіріліп көзімізге ілікпей қалған да шығар. Мүмкін көлемді бір мақаланың сөзі арасында атүсті ғана айтылған шығар.«Өлке» баспасынан 2008 жылы жылойлық қарт ақын Жанаш Нұрмаханның «Қазақтың 5000 ақын –жырауы» атты кітабы жарыққа шықты. Біз автордың ұзақ жылдар бойы көз майын тауысып жинаған осы кітабынан  Жанұзақ атты екі ақынның есімін кездестірдік. Олар жөніндегі үзіндіні сол күйінде келтірелік: Біріншісі: «Жанұзақ (19 ғасыр). Батыс Қазақстан облысында туып өскен. Жырау. Сарай ақыны аталады. «Шайыр яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында (Орынбор, 1910) Жәңгір хан алдында жырлаған жырлары басылған (9-19 б.б.)». Екіншісі: «Жанұзақ (19 ғасыр). Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында туып- өскен. Жұмық Дәулетбай батырдың немересі...» - деп жазылған. Бұл мағұлыматтардағы бірінші айтылатын Жанұзақ біз әңгімелеп отырған ақынға келеді. Себебі мекені сол Батыс Қазақстан өңірі, сұлтансиық руларының арасы. Алашалардың ата мекені Бөкей ордасы, Жайық өзенінің екі беті болған.  Осы кезге дейін бұл өңірден Жанұзақ есімді өзге ақын мұралары көзімізге түсе қойған жоқ.Айтыста Жәңгір хан, оның онекі биінің ішіндегі адай мен беріш руларының билері Хансұлтан мен Шорым есімдері мақтанышпен айтылып кетеді...  Ақынның әдебиетшілер назарынан тыс қалуының негізгі себебі оның «сарай ақыны» аталуынан болса, екінші себебі айтыстың «ру мен ру арасына наразылық тудыратын, коммунистік қоғамда тәрбиелік мәні жоқ» тұрғысында бағаланғаны болса керек. Кеңестік әдебиетші –ғалымдардың бұл тақырыпқа аса сақтықпен қарағандары белгілі.Енді Жанұзақ ақынның біз білетін аз- маз өмір жолдарына тоқталайық. Жанұзақтың әкесі Сүгірбай (Сүгір деп те айтылады)  Маңғыстаудан көшіп, Жайық өзенінің арғы бетіне өтіп кетіп, сұлтансиықтардың арасына қоныстанады. Сүгірбай барымта-сырымтада көп жүретін, түз адамы болса керек, «ағат жіберген бір ісімді қорғай алмадыңдар» деп ағайындарына өкпелеген ол сол жаққа тұрақтанып қалады. Дүниеге ұл келіп, «елден жырақта қашып жүргенде дүниеге келген бала» ғой деп, есімін Қашқынбай (Қашқын деп те айтылады) қояды. Қашқынбайдың да өз жанынан жыр шығарып айтатыны болған. Осы Қашқынбайдан кейін Жанұзақ туады. Жастайынан өлең- жырға үйір бала жанынан өзі де жырлар туындата бастайды. Жұмақшам Өтегенұлы ағамыз: «Қыстыкүнгі таң ұзақ, менің атым Жанұзақ» деп басталатын өлеңін аузынан тастамайды екен»-деп отыратын.Бірде әкесі Сүгірбай ұзақ сапардан келсе, баласы Жанұзақ өзі шағын көрік жасап, жүзік соғып, әндетіп отыр екен.-- Не істеп отырсың ұлым! –дейді әке.--Зергерлік жасап, жүзік соғып отырмын- дейді бала.--Оны не істемексің- дейді әке.--Қыздарға сыйға тартам.- дейді бала.--Балам бұл өнжеусіз ісіңді доғар да пайда әкелетін жұмыспен айналыс. Сенің бойыңдағы зергерлік, ойдан өлең шығарғыштық қасиет менде де болған. Тақ-тақтың соңы тақ-тұқ балам. Қыз-қырқындардың бұйымтайларын орындап тамақ асыраймын-деп әуре болма. Ертең Аштарханға кіре тартысасың. Қожасымен келісіп келдім.-дейді әке.--Әке зергерлік ата кәсібіміз емес пе?Ел арасындағы қысастықтың не түрін көрген, бірінші баласының атын елден қашып жүргенде көрдім ғой деп Қашқынбай қойған әке Сүгірбай  баласының жауабына ашудан терісіне сыймай булығып: «Ата кәсіп Маңғыстауда қалған»- дейді де баласын жон арқасынан қамшымен бір тартып, үйден шығып кетеді.Жанұзақ ол кезде 15-16-лардағы бала жігіт болса керек. Ол да ашуға жеңдіріп, қолына сабы кішігірім домбыра болып келетін сегіз өрме қамшысын алып, жалғыз тайына мініп басы ауған жаққа жүре береді. Жолда Жанұзаққа екі атты кезігіп жөн сұрасады. Бұл аты-жөнін, руының Жеменей, оның Жомартынан тарайтын Солтаналы екенін айтады.- Біз біріміз ысық, біріміз шеркешбіз, анау төбенің астындағы ауылда Алаша руының бәленше деген байы қызын ұзатқалы жатыр. Сол тойға барамыз. Не өнерің бар, жігітім?- деп сұрайды әлгілер. Жанұзақ жыр айтатынын, жанынан өлең шығаратынын айтады.-Е, бопты. Той болғалы жатқан алашаның ауылында Дәнеш деген ақын қыз бар. Айтыста алдына жан салмайды. Дәнешсіз той басталмайды, той бастарды сол айтады, Дәнешсіз келіннің беті де ашылмайды, келіннің бетін сол ашады, айтқыш қыз. Онымен айтысамын деп Адайдың атына сын келтіріп жүрме, жігітім, тыныш барып, тыныш қайталық,-дейді жолдастары.- Неде болса сол қызбен айтысамын, ол қыздың атын естігеннен кейін көңілім тыншыр емес. Жан дүнием аласұрып келеді. «Бұл елге кірмеміз, бір кезде қашып келгенімізді бетімізге басады, айналайын жөніңе жүр»- деп әкем үндетпейді. Бүгін сол әкенің тұтқынынан қашып шыққан бетім еді»- дейді Жанұзақ бар шынын айтып.-Олай болса өзің біл, сынға түспей ер шыңдалмайды. Біз сенің қолдаушың боламыз. Тіпті айтысуға ақын әкеле жатырмыз-деп жар салалық.Шынында солай болады. «Дәнешпен айтысуға адайдың бір жас ақыны аттан түсіп жатыр» дегенді Дәнешке бір ұзынқұлақ жеткізе қояды.«Дәнеш іргесі түрулі ақбоз үйдің ішінде сыртқа қарап отыр екен. Қасындағы бірнеше қыз нөкерлерінің қоршауында ханшадан кем емес дәрежеде, он саусағына он жүзік тағатын, көгілдір көзді ақсары қыз болса керек. Дәнеш қолындағы жүзіктерін етегіне төгіп жібереді де, аяғымен кереге көзін тіреп, домбырасын шертіп-шертіп жіберіп шырқап кетіпті» -  деп бастайды екен жырды Мергенбай да, Нұрахан да.Айтыстың дәл өз күйіндегі нұсқасы әрине жоқ. Бізге жеткізуші Мергенбай мен Нұрахан ақсақалдар кәнігі жыршылар немесе өз жанынан өлең шығарушылар емес. Бар болғаны аталарының асыл мұрасының ұмытылып қалмауына бар жанын салушылар. Кеңес үкіметі орнаған кезде колхозда егін салды, мал бақты.  Текстің кей тұстарын мазмұнына қарай ұйқасқа бағындыра алмаған кезде жобалап қара сөзбен жеткізушілер. «Өнер өлмейді» деген рас. Бұл айтыс та талай қиын қыстау кезеңде жоғалып кетпей абзал азаматтар Бүркіт, Шамшадин, Рамазан, Кеңес, Түркменбайлар арқылы бізге жетіп отыр.Айтыстың тіл көркемдігі қәзіргі заман талабына сай емес, қара дүрсіндеу, кей жерде сыпайылықтан да асып кетіп, өз руын дәріптеп, ал қарсыласының руын жерден алып, жерге салып жамандап жатса, ол сол кездегі сөз сайысының дәстүрі, халықтық демократия, кейін сын естігендер одан тәлім алып, кемшіліктерін қайталамауға тырысады деп түсінген жөн.Айтыстың құндылығы сол заманда өмір сүрген тарихи адамдардың аты-жөндері аталып, мадақталады. Мәселен, сұлтансиық жақсылары Алтыбас, Қарабура, Меңдікерей, Кенжеғара, Байғожа, батыр қыз Балқи, адай Жомарт мырза, Доспанбет би, Сүйін батырдың, Бекет пірдің есімдері аталады. Айтыс қызған сайын Жанұзақтың шашасына шаң жұқпас, терлеген сайын өрлейтін  сәйгүліктей жыр моншағын төгілте білетіні байқалады. Айтыс Жанұзақтың алғашқы түскен жыр додасы екені айтылады. Бұдан кейінгі шығармалары белгісіз. Ал ақын Дәнештің де сөз тапқырлығы көрініп тұр. Дәнеш кімнің қызы, өзге де шығармалары бар ма? Айтыс  тарихын білетін азаматтар әлі де ел арасынан табылып қалулары мүмкін.                             Айтуар Өтегенов,         Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Жанұзақ