ВЕРНУТЬСЯ

Шығарманы жақсылап тексеру үшін оның тілінің кейбір жақтарын (мысалы:
эпитет, теңеу т.б.) алып қарауға да болады. Бірақ бұл жеткілікті емес. Оның
әртүрлі өзгешеліктерін бір-бірімен байланыстыра отырып, тілін бүтіндей алып
тексеру керек.

Мысал үшін бірнеше жазушылардың тілдерін алып салыстырсақ, араларында
үлкен-үлкен айырмалары барлығын байқаймыз. ХVIII ғасырдағы Бұхар жырау мен ХІХ
ғасырдың алдыңғы жарымындағы Махамбетті алсақ, поэзияларының тілдерінде де
үлкен айырмалар бар. Бұлардың тіліндегі өзгешеліктер олардың дәуірлерінің
өзгешеліктері ғана емес.

Бұхар - өз кезінің әрі биі, әрі ақын, жыршысы. Оның дүниетанушылық
көзқарасы да сол ортаның мақсат-тілегіне бағыныңқы болады. Бұхар өлеңдерінің
тек мазмұны ғана емес, оның тілі де өз ортасына арналған тіл. Бұхардың образ
қолданыстары жұмбақталған, айтайын деген ойды ашып айтпай, ұшығын көрсете
сөйлеу негізгі бір қасиеті боп саналады.

Бұхардың:

 

Қарағай - судан қашып,

Шөлге біткен бір дарақ.

Шортан - шөлге шыдамсыз,

Балықтан шыққан бір қарақ, -

деп
келетіні де сондықтан. Бұхардың жеке эпитет, метафора, теңеулерін алсақ та, осы
тәрізді, ылғи жұмбақталған, ұшығын көрсете сөйлеген образдар боп келеді.

Бұхардың ізін баса шыққан Махамбетті алсақ, оның тілі Бұхардан өзгеше. Ол
өз кезіндегі үстемдік етуші тапқа қарсы шықты. Езуге шыдай алмай хан, патша,
төре, сұлтан, билерге қарсы көтерілуші шаруалардың жыршысы болды. Сондықтан да
оның поэзиясының тілі - халық тілі. Сондықтан да оның тілі әрі өжет, өткір,
көпшілікке түсінікті.

Беркініп садақ асынбай,

Біріндеп жауды қашырмай,

Білтеліге доп салмай,

Қорамсаққа қол салмай,

Қозы жауырын оқ алмай,

Атқан оғың жоғалмай...

Қасарысқан жауыңа

Қанды көбік жұтқызбай, -

деп
көтерілуші еңбекші шаруалардың не істеу керектігін қолға ұстатқандай етіп
сөйлейді. Оның әрбір образдары да сол күрес тілегіне бағыныңқы түрде жасалады.
Тап осы тәрізді, әр таптың жазушыларының тіл өзгешеліктері болатындығын орыс
әдебиетінен де анық көруге болады.

            Дворян-ақсүйек жазушылары «төмен»
(халық сөзі) сөздерден, шаруалар тілдерінен қашты. «Шаруалардың «парень» деген
сөзін қолдана көрме», - деп Карамзин Дмитров деген ақынға жік-жапар болды.

ХІХ ғасырдағы революцияшыл-демократ ақын Некрасовты алсақ, оның
алдыңғылардан  тіл құрылысы мүлде
басқаша. Некрасовтың тілінің дворян ақын-жазушыларынан өзгеше болуы да
дәуірінің өзгешелігінен емес, идеялық тілек-мүддесінің өзгешелігінен.

Некрасов өз өлеңдеріне шаруаның тілдерін, соған жақын сөздерді, ауыз
поэзиясына тән болған өте кішірейтіп сөйлейтін сөздерді пайдаланады. Шаруаның
ауыз шығармаларынан алынған болымсыз теңеу, олицетворениелерді көп қолданады.
Ол ауыз әдебиетінің сөйлем құрылысын пайдаланды. Некрасов өзінің барлық
шығармаларына да, өлеңдеріне де публицистік газет сөйлем құрылысын көп
кіргізеді. Бұл Некрасовтың шаруаға түсінікті болғысы келгендігін көрсетеді. Ол
қала мен ауылдың шындық тұрмысын, ауыр еңбекті, қайыршылықты суреттейді. Ол
патшалық Россия құрылысын сөгеді. Өзінің көркем тіл құрылысын да соған сәйкес
етіп алады.

Өте бай тіл - Горькийдің тілі. Ол ащы тілмен еріксіз еңбекті, езілушілікті,
өзара қарсылыққа негізделген ескі тұрмысты суреттей біледі.

Ол өсіп келе жатқан жас таптың, пролетариат табының өкілі болғандықтан,
капиталистік қоғамның азабын «ауыр дерттей иттік» деп алады. Горький
капиталистік қоғамның тұсындағы азап өмірді «ауыр дерт» деп суреттесе, сол ескі
қоғамды жеңіп, үстемдікті қолға алған пролетариат коллективінің шолпанындай
шалқыған әдемі өмірін  шын жүрегімен
қызықтыра суреттейді. Сондықтан біздің өмір жайлы оның эпитет, теңеу,
метафоралары әр түсті, ашық, таңғаларлықтай әртүрлі және бай боп келеді. Оның
сөздері суретті, кімге де болса түсінікті.