ВЕРНУТЬСЯ

 

РОМАН

 

АЛҒЫСӨЗ

Маңғыстауда ХІХ ғасырдың аяғында болған бұл махаббат хикаясы ауыздан-ауызға көшіп, жылдардан-жылдарға өтіп, тек сол өңірде емес, көршілес түрікпен, өзбек, иран, ауған, Ресей жерлеріне де тарады. Біздің бала кезімізде ертегі-аңыздардағыдай болып айтылатын Ақбөбек пен Қайып арасында болған ғашықтық оқиғасы көптеген  көркем туындыларға арқау болды, ол туралы зерттеу еңбектер жазылды. Олардың біразын 2007 жылы баспадан шыққан «Мәңгілік махаббат дастаны» жинағында жарияладық.

Осы жинақ шыққаннан кейін  Ақтаудан бір күні Жәкең (Жаздырхан Сейдалиев) қоңырау шалды: ««Ақбөбек» атты бұрын белгісіз роман табылды. Авторы Шоғай Шалқаров деген, қазір жоқ, қайтыс болған, қолжазбаны Жұмақан деген азамат берді. Қазір компьютерге тергізіп жатырмын, біткен соң салып жіберемін, сен баспалармен сөйлесе бер», - деді.

Роман шамасы ертеректе жазылған болу керек, Шоғай Шалқарұлы туралы мәлімет жоқтың қасы, балаларында сақталған  дерек болса беріп жіберуін өтіндім. Соңынан автордың өз аузымен айтылып хатқа түскен дерек те келіп жетті. Онда былай делінген: «Маңғыстау облысының «Шаған» деген жерінде 1926 жылы күзде туылыппын. Құжатта Түркістанда 1924 жылы туылған болып жазылыппын. Әкемнің шын аты  Шалқарбай, ол кейін бізге  Шалқаров деген атпен фамилия болып кетті. Өз атымды туылғанда «Шұғайып» деп Пайғамбардың атын қойған екен. Кейін мектепке барған соң мұғалімдер «Шоғай» деп жазып бұрынғы атымды өзгертіп, содан соң құжатта  солай болып кетті де.

1933 жылдан 1948 жылға дейін Түрікменстанның Байрам-Алы деген қаласында тұрдық.

1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданына көшіп келдік. 1950 жылдан бастап оқып, екі педагогикалық институтты бітірдім. 1949 жылдан бастап педагог болып кеткенмін.

Әуелі Мақтаралдың «Коммунизм», бұрынғы «Трудовосток» колхозында, 1954 жылы «Алғабас» колхозына орта мектептің директоры болдым.

<--break->

1958 жылы денсаулығыма байланысты Өзбекстан Республикасы  Бостандық ауданына қоныс аудардым. Бұл аудан бұрын Оңтүстік Қазақстан  облысына қарайтын.

Бостандық ауданында 1985 жылға дейін орта мектептің директоры қазметінде істеп келдім. 1985 жылы зейнетке шықтым. Сол жылдардан бастап қатардағы мұғалім болып 1997 жылға дейін жұмыс жасадым. 1997 жылы қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласына қоныс аудардым. Өзіміздің еліміз деп, жеріміз деп келген жағдай бар...

Шығармашылығымнан өмір бойы қол үзген жоқпын. «Серік көл», «Ақ пен қара», «Ананың ақ сүті», «Әкемнің сыры» атты кітаптарым «Жазушы» баспасынан басылып шыққан. Көптеген мақалаларым, әңгімелерім баспасөз беттерінде жарық көрді. Саналы  ғұмырымда адайдың кешегі  өткен қос ғашығы «Ақбөбек пен Қайып» оқиғасын отыз жылдан астам уақыт зерттеп роман жаздым.

«Ақбөбек» романын бітіргеніме  өзімді бақытты санаймын. Марқұм шешем Жолдасбайқызы Бажақы ылғи айтып отыратын мына  бір жыр шумағын мен де ылғи қайталайтынмын:

Бозашы қалғаның ба мұнар шалып,

Қарайлап артымызға кеттік налып,

Кір жуып,  кіндік кескен қайран жерім,

Бозашы қалғаның ба орыс алып.

Сол айтпақшы, ат төбеліндей болса да туған ел жақсы, ұлтарақтай болса да туған жер жақсы деп, менің әке-шешем де өздерінің ғұмыры жеткенше  біздің ата қонысымыз Маңғыстау екенін айта-айта өсиет етіп кеткен. Менің ғұмырым жетер-жетпес, ерте ме, кеш пе «Ақбөбек» романы жарыққа шығатынына кәміл сенемін. Менің ұрпақтарым өзінің тарихын осы роман арқылы  оқып-біліп жатса, мен өзімді шексіз бақытты  сезінемін. Ол күндер де алыс емес».

Иә, сол күн туып, автор армандаған сәт те келіп жетті.

Енді осы еңбек жөнінде  аз-кем сөз етсек  ғажайып махаббат туралы  тарихи шындықты  көркем тілмен әсем өрнектеген туынды. Кітаптың әсіресе құндылығы: тарихи шындық пен көркем шындық бір-бірінен алшақтап  кетпеген, бір-бірімен әдемі жарасымын тауып, біте қайнасып өрілген. Роман тілі жеңіл оқылады, сол дәуірдің, сол өңірдің тіліне тән  сөз орамдары  жарасымды қолданыс тапқан, тарих қойнауына  сүңгіген тылсым дүние  тап қазіргідей көз алдыңа елестейді, жаныңды әсем шуақ  әуенмен тербеп, сол кездің мұңды да ғажайып күйіне түсіреді.

Сөз жоқ, «Ақбөбек» романы Қайып пен Ақбөбек махаббатының тарихын зерттеуге  септігін  тигізер маңызды туынды.

 

Бердібай Шалабай, филиология ғылымының докторы, профессор

<--break->

 

Ат туар салсам айғыр қара керден,

Кем емес бетің алтын, етің зерден.

Әркімдер сүйгенімен кетсін деген,

Бір қағаз жазылар ма әкімдерден?

 

Бірінші тарау

 

Толысып туған айдың жазыққа төккен нұры реңдес жаюлы  ақ текеметтің үстіне жайымен барды да, Бөбек қырынан түсіп жата кетті. Сары қаздың ұлпа жас қауырсыны  салынып қабылған, әлі өзінен  өзгенің иіс табы түспеген жаңа қызыл  шыт жастықты арудың  әппақ жүзі алғаш  барып өбіп еді.  Қыздың ақ беті аймалаған  ақ мамық қапелімде үрдіс соққан жүректей дір етті де, демін ішіне тартқандай болып, жайлап қана төмен ойыса  түсті.  Әзірге сыр  иісі айықпаған  нақышты  күрең жастық ағаштың  өзін күндіз қызықтырған  сүмбідей сүйір құлағын  қазір ұстап көргісі келді ме, Бөбек қисайған  бойына оң қолын  көтеріп,  аздап дірілі бар нәзік ақ саусақтарын  ептеп жоғары жағалатты.  Сол кезде  қыздың  сәл бүлк еткен  бөксесінен төмен  серпілген сары жібек баулы сүбелі де шоғыр  күміс шашбау  бері сырғып келді де, аш  бүйірін жанай құйылып, ақ текметтің үстіне сетіней сылдыр қаға төгілді. Қыз елең еткен жоқ, созған  қолымен  жастық ағаштың  құлағынан ұстап, демін әріден бір тартты да, көзін жұмып жата берді. Үстінде  алты қанат ақ отау, салулы төсек, салқын үй. Бұл отаудың іші де жаңа, сырты  да жаңа, ине-жіптен шыққан бойы. Отаудың тігілгеніне  де шай  ішім уақыт болған.

Бүгін Есжан ауылындағы жағалылардың бәрі  «Жүз адым» шымырауының басында  өткізілейін деп жатқан Әлилердің асына таң сәріден жөнелген. Аста  тігетін өздерінің үйлерімен көшіп,  бәйгеге жаратылған сәйгүліктерін мініп, кім біледі, жиынды жердің дау-шары болып тұрады,  егер сондай бола қалған күнде сай тұруға  ауылдағы жуан білек қолдарын да өздерімен  бірге ала, қамдана аттанған. Әрине, қазақ арасында әрі сән, әрі қару деп ерде отырған жігіттердің білегіне  бір-бір дойыр  іліп жүру  елдің салты. Есжан аулының жігіттерінікі  ала-құла емес, сиқы бір, жоны сұп-сұр, бауыры сарғыштау өңкей он екі  өрімді  қызыл сапты  жылан бауыр дойырлар. Бәрі өнерлі бір сабаздың майысқан сиқыр саусақтарынан шыққандығы көрініп тұр.

Кеше Бөбек жаңа тігілген отауын маңғаздана көріп жүргенде, жігіттердің күбінісін байқаған. Білектінің бірі болып ауылдағы  бүкір молданың баласы  Аюп та Есжанның үйінен  мұздай киініп алып, сол үйдің бір дойырын сүйрете,  сауырлы қара көк дөненге  қарғып мініп алған. Атқа отырған көп жігіттің шыбын жанынан басқасы өзінікі емес, Есжан байдың дүниесі. Сонда иесіз дүние иесін тапқандай болып, ауылдың жарлы-жақыбай бозбалалары байдың арқасында ас желеумен сән түзеп, бір мардымсып қалып еді.

<--break->

Бөбек бой жеткен сайын кербезденіп, сөзге сараң тарта түйіліп, көп ойланатын болып жүр. Тіркелген көштің қызылды-жасылды  болып жасанғаны сыртымен жылтырап, қыздың өзі ұзатылатын алдағы тойдан  елес беріп тұрғандай, ал  дойыр сүйреткен жігіттердің кейіп-кескіні Бөбекке тіпті бақаша болып көрінді. Айда-жылда шауып кететін алыстың жауы бар, ол аз дегендей елдің өз ішіндегі қақтығыс-кикілжіңдерді қайтерсің. Замана  нендей зобалаң... Ел шетіне жау тисе мал мен  қоса ауылдың бой жеткен қыздары мен жас келіншектерін айдап кетеді. Содан елдің жүрегі шайылып қалған. Ауылдың еркектері той-томалаққа кетсе, әйел, қыздардың зәрелері қалмай қорқатыны бар.  Неге екені белгісіз Бөбек осындайдан қорқақ. Ол аттанып бара жатқан жігіттерге көзінің астымен қарап тұрып, иығын көтере күрсінді. Ел тынысын ол осымен танығандай.

Қыз баланың жолы жіңішке, есі  кіргелі бері жадырап көрмеген саңлау сыз көңіл, ауыр сезім. Әке қабағына қарауға зәре жоқ,  аға бетін бағуға қаймығады. Шайтаңдама деп шешеңнің  шымшитыны бар. Қыздың көретіні бір ғана кеңшілік – ол байғұс жеңгелерінің алды. Ол сорлылар да үнемі жарқылдай алмайды. Апта сайын байларынан қамшы жеп, жондарын тілгізіп, жан ауруы мен тән ауруын  көз жастарымен жуып жүргені. Сол кезде Бөбек жеңгелерінің мұңына да ортақ,  әйел затының күні осы. Бой жеткен жас қыз дүниені сол нәрсемен ғана өлшейтін тәрізді.  Содан болар, Бөбек кейінгі кезде сөзден тиылып, өз-өзінен мұңайғыш болып барады. Бөбек көшті жөнелтіп салып, оңашада отырып,  бүгін де біраз ойға кеткен. Үлкендер бірдемені сезіп жүр ме,  осы күнде «Бөрі жоқ деме, бөрік астында, жау жоқ деме, жар астында» деп неге айта береді деп қауіптенген де.

Ауылдың азаматтары асқа кетті, қалғандары қатын-қалаш. Бөбек жатарда біраз қорқа соғып, елегізіп басылған. Өзіне арналып, мына жаңа тігілген отауды көңіліне демеу тұтып, ауылда үлкендер жоқта күндіз көріп көзін тойғызып,  түнде аунап жатып, бір қызықтап алмақшы еді. Бұл отау ертең не арғы күні жығылады, содан соң  буылып-түйіліп, тағы да өлі дүние қатарында жата береді. Ұзатылғанша қайда әлі...<--break->

Бөбек оңаша отауға шешінбестен жата кеткен. Үстіндегі қызыл мақпал бешпентінің ілгегін ағытты, сосын астыңғы сол колының жеткен жеріне дейін өңіріндегі ұзыннан тартылған жалпақ зерін төрт саусағымен бойлай сипап өтті. Оң колы жастық ағаштың құлағынан әлі суситын емес. Аяғындағы көксауыр шоңқайма етігін де шешпей жатқан, біреу-міреу келе қалса, үйден сып беріп шыға жөнелмек. Ата дәстүрінде ұзатылар қыздың ата-ананың қолында отырып, алдын ала өз жасауын өзі көруі, өз отауына өзі кіруі қыз салтына нұқсан келтіретіндей «мына қыздың жыртақтауын қара, әбден байсыраған екен» демей ме жұрт. Егер Бөбектің кіші ағасы Есқуаттың отауын тойға әкетпегенде бұл отау бүгін тігілмес те еді.

Келіннің шал-кемпірдің үйіне барып жатуын ретсіз көрді ме, Қалия кетерінде күйеудің құлағына бірдеме деп сыбырлап еді, онысына ол да еңкейіп тұрып бір нәрсе деген. Содан кейін ауылдың кыз, келіншектері кешке таман жабылып, бір сәтте-ақ отауды Есқуаттың жығылған үйінің жанына қондыра койған.

Қазір Бөбектің қасына жеңгесі Қалия да келеді, сосын екеуі ақылдасып көреді, мүмкін ертең осында ауыл жастарын шақырып, бастаңғы жасауы мүмкін. Қалия – ашық-жарқын серпінді жас келіншек, көңіл ашар отырыстан қашпайды, ол қайын сіңлісімен өте тату, оңашада оның бетінен сүйіп, құшырлана құшақтап, бауырына ала қысып-қысып алатын. Бөбекке жеңгесінің сол қылығы ұнайтын да. Қапелімде Қалия келе коймады. Бөбек жастық ағаштан қолын түсіріп, бешпентінің етек жағын кейін серпіді. Сол қырынан жатқан күйі әр нәрсені бір ойлап жатып, ұйықтап кетті. Түс көріп жатыр.

«Бесқала жақтың аспаны көрінбейді. Анау қап-қара болып ұйысқан қарақұрым бұлт па, әлде ысқырық дауыл ма? Иттер ұли бастады. Белдеудегі қаңтарулы айғырлар жер тарпып, оқырына кісінесіп тұр. Жер-дүниенің астан-кестеңі шығып, қарауыта, күңірене дүрсілдейді. Оған жас балалардың шуылдаса жылаған зарлы дауыстары қосылып, айналаны әлем-жәлем жаңғырыққа айналдырып тұр, «Ойбай, келіп қалды!» деген жарқыншақ үн шықты ауылдан. Анадай жердегі желінің басынан аузы-басын жүн басқан біреулер көріне бастады. Оның біреуі келіп Бөбектің әкесін найзамен түйреп сұлатты. Енді біреуі ағасының кақ маңдайынан қылышпен шабайын деп жатыр. Мылтық тарс етті. Бүкір молданың баласы Аюп қалпақтай ұшты. Қалияны біреуі сүйреп барады, жолда оның көйлегі түріліп кетті, анау оған ұмтыла түседі. «Жәуміт, түрікпен» дегені осы екен ғой деп ойлады Бөбек. Көп түрікпен бері жапырылды. Бөбек жабықтан қарап, тасалап тұрған. Түрікпендер бері жағалағанда ол сасқанынан қасында жатқан жыртық жазының астына кіріп кетті. Жау жақындай бергенде шыдап жата алмай, жазының астынан шыға қашты. Бөбек жүгіріп барып үлкен үйге кірді. Түрікпен артынан жетіп келіп, оның білегінен шап еткізіп ұстай алды. Шыбын жаны көзіне көрінген Бөбек бар дауысымен шыңғырып жіберді... Бөбекті қасында жатқан Қалия түртіп оятып: - Ей, Жарқын, бастығырылып жатырсың ғой, тұр, шешініп жат. - деді.<--break->

- Уһ, Бекет-ай! - деп Бөбек жағасын ұстай орнынан тұрды. Оның бойының дірілі көпке дейін басылмады, есікке қарап біраз отырды. Ай сүттей жарық. Желі басындағы сауын түйелер күрт-күрт күйсеп жатыр. Бөбек қайта жатып еді, таң алдына дейін көзі ілінбеді.

Жаздың жанға жайлы желсіз түні. Жан-жануарлар да тегіс ұйқыда болар, ауыл үсті тып-тыныш. Ірге түрулі еді. Бөбек жастық ағаштан төмен жылжып, енді құс жастықты иегіне таяп, етбетінен жатқан. Құбыла беттен түнді жарып шыққан бір сиқырлы үн естіліп тұр. Бөбек көзін ашып тыңдады, ән. Алыста ұзағынан шырқалып, бұралып жетіп тұрған кәдімгі ән әуені. Бірде көтеріліп, бірде бәсеңдеп құйқылжып тұрған әнді қыз ұйып тыңдады. Түнді түре созылып, тамылжыған ән Бөбектің жаңағы көрген түсін ұмыттырып, жан сырына бойлағандай көңілін сергітіп бара жатты. Шіркін-ай, ен даланы тербетіп, таң атқанша ән шырқап жатқан қандай кеуде, қандай жігіт екен деп таңданғандай, тамсанғандай болды кыз. Үзілген әннің қайта ұштасуын ол тағатсыз күтеді. Жақындап келе жатқан сияқты, ән тағы көтеріледі. Енді бұрынғыдай емес, басқа нақышпен көтеріліп, өзгеше бір арбап кететіндей нәзік қайырыммен келіп, жүректі қытықтайтын әуез Бөбектің өн бойына дарып елжіретіп бара жатқандай әсерлі еді.

Таң бозарды. Малшы үйлердің әйелдері шелектерін сылдырлатып түйе саууға келе жатыр. Байғұстар түн ұйқысын төрт бөліп түйелерді түнде бір сауып кеткен, таң белгі бере тағы келеді. Әйелдер түйелерін үнсіз жүріп сауып алды да, үйлеріне кетті. Ән тынар емес. Кең даланы иіріп алғандай көк жүзінде қалықтап тұр. Туысында әнқұмар Бөбек анда-санда бір күрсініп койып, бар ықыласымен беріле, елжірей тыңдап жатыр. Алыстан тамылжи жеткен ән оған алдағы уақытқа бір арман арқалатқандай болып тұр ма, қалай? Көкірегі құбылмалы бойжеткен осы сәтте өзінің оңаша сезіміне беріліп кетті ме, мына ән иесін бір көруге ынтызарлана түсті. Соған сырттай аңсары ауып, мен мұндалап жатқандай...

Таң атты. Бөбек тұрып тысқа шықты. Өмір сабасы күндегісінше, айнала азан-казан. Жылқышылар асау қуып, құрық көтере қиқуласып шауып жүр, желідегі боталар зар қаға боздайды. Қыр астынан жапыра шығып бес-алты ит жапатайы жалпылдаған бір жолаушыны қамады.

Бөбек ауыл сыртынан оқшауырақ шығып, түндегі ән шыққан жаққа карап тұр.<--break->

Екінші тарау

Маңғыстау ойында қыс қаһарсыз өткен. Түйе қомымен, ат жалымен шықты. Қойдың жүні іріген жоқ, ешкі малы бір жылда екі рет күйек көтерді. Қыстан малдары күйлі шыққан байлар жағы мардымсып, бәсекемен көктемде-ақ жиын-тойын өткізе бастады. Көбі дүниеден өткен ата-бабаларына арнап ас берді. Әдетте ас-той жаз аяқтала өткізілуші еді. Онда сойымға тоқты-торым, ешкі-лақ аралас жарай беретін, ал мына кезде байлар өңкей еркек қойларын жайратып тастады. Олар үшін, әрине, басы артық, ауыр шығын, бірақ ел аузында жүретін «Пәлен байдың асындай болсын» деген сөз бар, бәсекенің көздейтіні сол. Бәсекенің түрі көп: әуелі мал бәсеке, одан кейін бас бәсеке, ар жағы абырой мен атақ, «пәленше бай сөйткен, түгенше мырза сақи, береген» – осындай лақап мына Ақтау, Қаратау бойларын аралап өтіп, содан сонау Атыраумен айналады да, Бозашы түбегі мен Шағадам жағалауына жетіп бір-ақ тіреледі. Бәсекеде қанағат бар ма: алпауыт байлар сөзге шешен ауызды би болсам дейді, білекті батыр болсам дейді, мырзалық, сақилық та керек, әйтеуір болған үстіне болсам дейді пенде. Аса бергісі, таса бергісі келгендер оның жолын ізденгендей ел аралайды, жүрген жерінде көрген-білгендерін көңілге сақтап, әбден жырынды сыншы болып алады. Бар адамдар кінәмшіл де болады. Олар тек мақтауда жүруі керек сияқты.

Көргенді болар деп байлар байдың қызын алуға құмар. Қонақ күту, қонақасы беріп, дастархан жаюда еркектің атын әйел шығаратынын біледі олар, үйшілікке де, малшылыққа да жеті мүшесі сау даяр адам керек, сұлулық кімге жараспайды.

Заман жылдан жылға өзгеріп барады, шыр біткен сайын елдің шырайы да жаңарады екен. Мына жағы Шағадам, түрікпен елі, одан былай Хорезм, ары кетсе Ресей, бүгінде қазақтар солармен жиі араласа бастаған. Самаурын, мойны ұзын жез құмандар сол елдерден келіп жатыр. Базаршылар, керуен тартатын саудагерлер қызыл құйрық шай, сопақ сүйір бас секер, түрлі-түрлі тәттілерді қап-қабымен әкеліп жатыр. Қазіргі дәулетті үйлердің дастарқаны басқаша. Шай ішерде тістейтінге кепкен сарсу төгілу қалған. Байлардың үйінде шайға ақ бауырсақ, шақпақ шекер, қалақша тәтті төгу дастарқанның сәні. Қазақ қонақ күтуге ерекше көңіл бөледі, ол әркімнің мойнындағы парызы сияқты. Жолаушы жанына азық байлап шықпас, оның тамағы жолда: бір ауылға түстенеді, бір ауылға қонады. Мұндайда қонақтың сыйы өз алдына, дастарқан басына келіп қалса, алдыңғы қонақтың шайын кейінгі қонаққа құймас, оның өзіне арнап қайтадан самаурын қойып, шайды қайта демдеп, дастарханды жаңартып қайта жаяды. Егер өйтпесе жолаушы өкпелеп, бұл үйден шай ішпей кетуі мүмкін. Бұл да бәсекенің бір түрі болар.<--break->

Осы күнде мына ойдағы адай – Бәйімбет ауылдары қай жағынан да жоғарғы адайлардан озып тұрған секілді. Шалы кұйрық нар мая, қаз мойынды қазанат, өңкей сары үлек, сары айғыр осы Есжан ауылында. Есжанның қоныстас жүрген бай түрікпен біліштері бар. Біліштерінен әкеліп, жылқының асылы ақалтекеден айғыр салды, түйенің асылы деп тау шоқысындай бір өркешті нар маяға қос өңешті қызыл үлекті шөгерді. Бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде асылданған мал бір қалыпты сәнге түсіп, бір шебердің қолынан шыққандай болып кете барды. Бұл енді бүкіл адай, табынға аңыз, соны есіткен өңге байлар кызғанышпен іштерін тырнап жүр.

Ол-ол ма, өткен Әлилердің асында Есжанның дәулеті жайында тағы бір тыңнан қауесет таралыпты. Сол аста Есжанның «Аққанат» деген сары байталы бәйге алған екен, соны сөз ғып отырып біреу: - «Ой, несін айтасың, Есекеңнің қора-қора қойлары бүгінде қойшысыз бағылады, бақташының керегі жоқ» депті. Сонда екінші біреу: «Қойшы-әй, қалай?» – деп сұраса. Оған: «Есекемнің біліштерінің біреуі сонау қызылбас еліне барыпты. Сол жақтан әдейі екі еркек, екі ұрғашы күшік әкеліпті. Соның бір жұбын Есекеме беріп жіберген құсайды. Қызылбастардың иттері шетінен қасқыр алатын үлкендігі тайдай болатын көрінеді. Есекеңнің сол иттері көбейіп, қазір адамсыз-ақ солардың өздері бағып жүр, дейді. «Ой, тоба-ай» – деп таң қалғандарға әлгі кісі: «Қызығы бар әлі» – деп сөзін жалғастырыпты: «Қызылбастар жайған алақандай қалақ ағашқа ма, немесе көнекі қайысқа ма әйтеуір сондай бірдемеге үш-төрт таған істік темір қадап, оны иттің омырауына байлайды екен де, малға жібереді екен. Олар өрістегі қойға шапқан қасқырмен таласпай ма, сонда әлгі иттер омырауындағы істік темірлермен алқымынан алатын көрінеді. Есекем түрікпен біліштерінен соны үйреніп келіпті».

Есжан әлилердің тойында бұрынғыдан өзгешелеу тағы бір нәрсені байқап қалған. «Бұл да бәсеке ме?» деп ойлап қалды ол. Жан-жақтан келіп, асқа жиылған әр рулы елдің біразы ақ сәлделі молдаларын да ертіп келіпті. Ала келген молдалары өңкей кемігі жеткен шал-шапырлар.<--break->

Есжан өзінше бір бұқпа пікір ойлап, таңертеңгі шайға молда Мұқырды шақыртты. Мұқыр кемпірімен екеуі базаршының үйінен сұрап әкелген бір қайнатым шайды шойын қара құманға демдеп, шыны аяқты ауыздарына енді ала беріп еді, «Байекем шақырып жатыр» дегенге кемпір-шалдың екеуі де қуанып қалды. Молда бай үйінен иісін аңқытып кызыл бұйра қою шай ішетініне қуанса, кемпір байғұс буы бұрқырап бір өзіне бір кұман шай қалғанына қуанды. Молданың ойлағанындай-ақ Есжан үйінің шайы дайын екен. Көптен бері ауылда ауру-сырқау болмағандықтан, үйден шықпай ас-сусыз кенезесі кеуіп қалған молданың сағынып көріп, әбден терлеп ішкен жұғымды бір шайы болды. Әңгіме шай ішіліп дастарқан жиылған соң өзгелер кетіп, өздері оңаша қалғасын басталды.

– Молдеке, нешедесің? – деп сұрап қойды бай жайымен.

– Е-е, тақсыр, білсеңіз керек, сізден мүшел жас ұлымын, – деп Мұқыр сипақтап қалды.

– Пайғамбар жасынан асыпсың ғой, шал.

– Иә-иә, Алла ақырын берсін, келіп қалдық қой? – деп Мұқыр еңкіш кеудесін көтере бүкір белін жазғысы келіп, барынша иегін көтеріп еді, басы қалақтап кетті. Болмаған соң ол қайтадан қалыбына түсіп, шұқшиып қалды. Мұқыр тұқымды молда, оның әкесі де осы ауылдың молдасы болған. Құран сөзінен басқаны білмейтін, өзіндік әрекеті жок, үй баққан момақан жандар еді. Мұқыр жасында тіп-тік келген бойшаң аққұба жігіт болатын. Соңғы жылдардың бірінде байдың үркек атынан жығылып мертікті, содан белінен айрылып бүкірейіп қалған. Өзінің бұрынғы азан шақырылып койылған аты Мұқамбет еді, кейін бүкірейіп қалған соң жұрт оны «мұқыр» деп кетті.

– Молдеке, ана балаң хат-сауатын ашқан ба? – деп сұрады құс жастықты шынтағына ала беріп Есжан. Есжан – әрқашан да сабырмен сөйлейтін маңғаздығы басым адам. Елудің ішіндегі етек-жеңі жинақы нарттай қызыл шырайлы кісі. Шошайтпай, селдіретпей кеспелтек қылып қана сақал өсіреді, мұртын да езуден асырмай күзейді, толық, жұмыр денеге соның өзі жарастықты.<--break->

– Е, шырағым,  оқытып  жатырмын, өзім мұқтасардан қайтып едім, Алла бұйыртса, осыны да соған жеткізсем деп, күні-түні дұға етемін, іншалла солай болар, – деп молда шот маңдайының төменгі кенересінен бастап етсіз-сөлсіз қушық бетін оң қолымен сипап өтіп, сүйір иегіндегі шошақ ақ селеу сақалын сауып түсірді.

– Жақсы болған екен, сауап, сауап, – деп Есжан шынтағының астындағы құс жастықты былай ысырып, өзі енді тікейіп малдас құрып отырды, – Алла рақым етсін. Уа, молдеке, әрбір тірі жанның пірі, елінің әруағы бар дегендей, пәлен жыл соларға аянбай қызмет еттің, білген аят-дұғаңды оқып, құдайдың ақ жолына бас июмен келдің. Аллатағала о дүниеде жарылқар. Әкем де, шешем де сенің дұғаңмен ақ жолына жөнелген еді. Солардың әруағы үшін мен саған бұл дүниеде қарыздармын.

– Айта көрмеңіз, тақсыр, сіз қарыздар емессіз. Бізге солардың сауабын бір Алла қайтарса болды, – деп бәйектеді молда.

– Жә, жә, молдеке, енді сенен бір бұйым сұрамақпын.

– Сұраңыз, сұраңыз, – деп қалбалақтады молда.

– Уа, ұлыңыз ер жетті. Өзің айтқандай, сауаты да көтеріліп қалған екен, енді со баланы...

– Иә, иә, айтыңыз.

– Аюпты былайғы жерде молда тұтынсақ деп едім. Көзімнің тірісінде балаға батаңды берсең қайтеді?

– Алда уақыт бар, бола жатар-ау... қазір бала жасаңдық етеді ғой, – деп молда состиып шошыңқырап қалып еді. Молдалық балаға кетсе, бұл ауыл-үйге барып бет сипағанда ішіп-жейтін ас-суынан қағылайын деп отыр, Мұқыр сонысына қиналып отырғандай рең байқатты.

– Солай қыл, молдеке. Белдеуіңе бір мал байладым, сойып, ауылға тарқат та, балаңа батаңды бер. Мен де бір мал шалам, жаны еліге, еті тіріге.<--break->

– Жарар, жарар, – деді іштей налыған молда амалсыздан сөз беріп. Байдың бұл пиғылы да бәсекеден туып отыр. Ендігі жерде бұл да жиын-тойға басына сәлде орап, келбетті жас молдасын ертіп жүрмек.

Молда демі таусылғандай болып, іштен тына үйден шықты.

Шыңғырып мұрнын тескен тайлақтай ғып балауса жас жігіттің басына оқырайта сәлде орап, бай өзімен бірге оны ас пен тойға апарып елден ерекше сән түземек. Аюп бойлы, кеуделі сұлу жігіт. Бір көрінгеннен-ақ сәлделі жас молдаға жұрттың қарауы белгілі. Кім біледі: оны әркім әр саққа жорыр – сонау Бұхар айналып келген текті білімпаз дер ме, немеее Хиуа ханының тағын көрген, соның бір медресе-мешітінен тәлім алған жас ғұлама деп ойлайтын болса молда ұстаған байға одан артық абырой бар ма. Ел арасындағы іш бәсекеде бұл да бір ұпай.

Тыстан ат тұяғының дүрсілі естілді.

– О, хабарлас! – деді жолаушы алдында қатар тұрған екі үйдің қайсысына түсірер екен дегеңдей әудем жерден дауыстап. Демі сақ ширақ жігіт екендігі ат үстінен байқалады. Айтпаса да «қайтеміз» деген ишаратпен босағадан үңілген ат қосшы жігітке Есжан төрде отырып жайымен ғана бір шекесімен отау үйді нұсқады. Үнсіз түсінген қосшы босағадан сып етіп суысты да, жылдам аяңдап барып жолаушының тізгінін ұстады.

Бөбек отау үйде бешпентінің өңіріне зер қадап отырған. Ол жас жолаушының осында кірерін болжаған сияқты еді, бірақ оның қандай жігіт екендігін біліп алайын дегендей, қыз елең етпей ісін тігіп отыра берді.

Жолаушы жігіт косшыға шылбырын берген жоқ, «өзім түсем, бара бер» деді де, өзі түсіп желі басындағы қағулы бақанға атын қаңтарды. Қара кер айғыр жіпсіген, аздап өкпесін соғып тұр. Бірден қызуын баса алмаған ол аздап тыпыршиын деп еді, иесі оның екпінін басқысы келді ме, бусанған маңдайынан бір сипап, алақанымен омырауынан қағып-кағып қойды. Сосын өзі мұрнымен ыңылдай ән салды. Есті жануар бәрін түсінгендей болды ма, ауыздығын күтір еткізіп бір шайнады да, тырп етпей тұрып қалды.

– Ассалаумағалейкум! – жолаушы ішке енді.<--break->

Бөбек есіктен кіріп келе жатқан жігіттің бас-аяғына әдеппен бас көтере көз тікті. Қара мұрттың табы бар маңдайы жарқыраған ашаңдау жас жігіт. Тікелей қараған жігіттің көзінен қыз от ұшқынын байқап қалғандай болды. Соның өзі оның жүрегін қытықтағандай еді.

Оқшау сезімге бой берместен Бөбек иіліп орнынан тұрды.

Ана үйде бай іштен түйіп жолаушының кім екенін білетін секілді, «әнеугі жігіт болар» деп шамалайды. Анадағы бәлилердің асында бұл жігітпен бай кездескен. Сонда жұрт мұның мақтауын келтірген болатын. «Өзі етікші, өзі зергер, қолы желді аса шебер, әнші, сері жігіт. Еңбегіне ақы сұрап жатпайды, өзі бермесе, алмай кете береді» – деп әбден мақтауын жеткізген көпшілік.

Бөбек орнынан, тұрып төрге төсек салып жатып, әнеукүні әкесінің «етікші келеді» деген сөзін есіне алды...

Жігіт әлі үндеген жоқ, сыпайылықпен сабыр сақтап тұрған сияқты. Үнсіз барып төрдегі төсекке отырды.

Өзін өзі билей алмаған сезімде Бөбек отыра берген жігіттің бетіне тағы бір жалт қарап қалып еді, тағы да көзінің алды жарқ еткендей болды ма, оның жүрегі тағы да дір ете ойнап кетті. Бөбектің сезімін түсінгендей жігіт езуін тартты. Ол әлі тіл қатқан жоқ, оңаша екен деп қызбен қылжақтаса кететін еместігі байқалды.

Қыз есіктен шығып барады, ойлап барады. «Кім де болса бір елдің бекзадасы болар».<--break->

Үшінші тарау

 

Үш-төрт күндік түзде жүргенде күйге келген бе, түгі жылтыр орақ жал кара көк құнан байтал үйірдегі қаз мойын ақ боз айғырды сағынып қалған екен. Үстіндегі қанжығасына дейін күмістелген ақ бас ердің айылын ағыта бергеннен-ақ жер тарпып тыпырши беріп еді. Жүгенін сыпырған бойына басын нұқыра бір шұлғыды да, орғи анадайға тайқып шығып, ор қояндай текірек ата жөнелді. Бар денесімен бұлтылдап, ойнақши жеңіл желіп барды да, үйір шетінде талай құрсақ көтергеннен әбден белі қайқиып кеткен жалпақ сары биені қорғаштап оқшау шыға алмай тұрған жарау ақбоз айғырдың иегінің астына кірді де кетті. Айғыр тосырқайын деп еді. Сол сәтте буы бұрқырай бусанып келген көк байталдың аңқыған иісі мұрнын шалғанда сезді, өз үйірінікі екен. Сосын ол өзінің кәнігі әдетіне салып қыл құйрықтың сағасын, жоғарғы ернін жыбырлата тұмсығымен бір сызып өткеннен-ақ алдындағының шыбжыңын сезді. Төсқақпай көріп еті жыртылмай түлеп еркін өскен көк құнан бүгін бір ауыр сыннан өтерін сезгендей бар денесін жиыра, қорқа соғып өз-өзінен дір-дір етеді. Қапелімде ақбоз айғыр да қылығын өзгерте кетті, бірден бойына жел еніп, елеңдей, едірейе түсті. Әлде ол алдындағы жас байталды көрінгеннің бәрінен қызғанды ма, тағы да құлағын жымита айбарын шегіп оқырынды. Зәресі кеткен байтал діріл қаққан бойы үйірден шыға қашпақ болып еді, бірақ әккі айғыр оны омырауымен соғып, иегімен қақпайлап еркіне жібермеді. Әлі жалпаятын шағына жетпеген, әзірге тар терінің ішіне сығыла сиып тұрған қос сауыры басса, жаншыла кетейін деп бөтекедей бұлт-бұлт етеді. Айласыз байтал өзінің пәк жүрісімен ақбоздың иегінің астында жайымен тәлтіректеп барады... Бүгін ақбоз айғырдың омырауынан шыққан сары бие анадайда отын оттап алаңсыз қала берді.<--break->

Есқуаттың өріс қуалап, малға тыңнан жайылым іздеп келіп тұрған бойы. Ауылда үш-төрт күн болмаған. Бұл мініп келген әлгі көк байталының қылығын көрген соң ниеті айныды ма, тез үйге кірді. Қалияш үйде екен.

– Бол, шымылдығыңды құр, – деді ол шешіне беріп.

– Әй, денің сау ма, күндіз шымылдық құра ма? – деп Қалияш қипақтап еді, ол: – Бол деген соң болсайшы. Көп сөйлеме, – деді ол шешініп болған соң кимелеп.

– Бетім-ау, тал түсте... – Қалияш шымылдықты оң жаққа кере бастады.

Есқуат жолсоқты болып сілелеп келіп еді, шымылдықтан шыққан соң көңілі көтерілейін деді.

– Құдайдың күнәсына батырдың ғой, – деді Қалияш шымылдықты жиып жатып, жас неме бер жағымен айтқаны, болмаса өзі де күйеуінің шабытына риза секілді. Әзірге әккілігі жоқ жас келін жар құшудың қадірін екіталай көреді, соның бірі - ер алдында жасқаншақ. Ата-ененің маңында тіпті ұялшақ. Қанша алыс жолдан арып-ашып келсе де, жас келін сыртта тұрып күйеуінің алдынан шықпас. Қалияш жаңа бақырауық жарбайдың үстінен су әкелген метейді түсіріп жатқанда, құбыла беттегі баялышты қырқадан қылт еткен күйеуін көріп қалған. Со бойда-ақ оның бүйірі бүлк етіп, іші жылып бара жатты. Күйеудің алдынан шығуды ерсі көріп, отауына көңілдене лып берген. Есқуаттың кеткеніне бірнеше күн өтіп еді, содан болар, жас келіншектің жүрегін сағыныш оты шарпып өткен сияқты. Жастықтың сәуегейлігі ғой, әнеугінің бәрін ұмытыпты. Сол күні еді ғой, жүрейін деп жатқанда сәл нәрсеге қағына қалып, күйеуі әйелін камшымен қақ жонынан тартып-тартып кеткен. Сорлы әйелдің сондағы сазайы — еркегінің дамбалына ышқырбау өткізбей қойғаны. Сонда тән ауруы мен жан ашуына булыққан келіншек қатарынан екі түн жылап, ашуын көз жасынан алып еді. Жастықтың жеңсігі бүгін соның бәрін ұмыттырған. Қалияш отауға кірген соң сағынышын баса алмай алып-ұшып күйеуінің келе жатқан бетін жабықтан қараған. Есқуаттың да өткендігісі есінде жоқ сияқты, ақбоз айғырдың көк байталға еткен әдісін қызықтап ырсын-ырсын күліп келеді. Еліктеген Есқуат бой қызуын баса алмай келіп, әйеліне тапатал түсте шымылдық құрғызды...<--break->

- Адамдар ауылда ма? - деп сұрады Есқуат киініп жатып.

- Ауылда, - деді Қалияш.

Сапардан келгенде бала әуелі қара шаңырақты ашатын ата жолы бар. Есқуат шайды әкесінің үйінен ішуі керек.

- Жуынып-шайынбай әтекем үйіне қалай барасың, күнаға белшеңнен батасын - ау, - деді Қалияш қатты ыңғайсызданып.

- Құдайдың өзі кешірер, - деді Есқуат күлімдеп. Жастық шақта ердің бір қалыпты мінезі сырт жерге ұнамды болғанмен, әйел затын зеріктіреді. Әйел табиғаты қызыл құмар қызықшыл болғандықтан, ол күйеуінің кейде құбылмалы қылықтарына әуес сияқты. Әйел сезіміндегі күшті жеңсік, қанағат төсекте болатыны белгілі. Қалияш күйеуінің бүгінгі қылығын бер жағымен ғана әдепсінгені болмаса қатты ұнатып тұр.

Ерінің көңілді күйін көрген жас келіншектің көкірегі түлеп, мерейі көтерілді. Қуаныштың әсері ме, жайына қарап тұра алмай, бір қолымен әуелі өңірін сипап, сосын оны аш бүйіріне жүгіртті. Толықша ғана қоңырқай саусақтарын жыбыр-жыбыр еткізе қысып, буылған ақ селеуге түскен арқан табының ізіндей ойықша мықынын бүріп-бүріп өтті. Әйелінің қылымсып тұрғанын байқаған Есқуат Қалияштың иығына қол салып бауырына тартты. Сүйрік бала қамыстай қос құлағы көкке шаншыла жерден еркін көтерілген әсем аққудай болып, жаңағы ақ боз айғырдың сүмбідей жіңішке мойыны әуеге қарай қалықтап созыла берген. Қазір Есқуаттың есіне сол түсіп тұр, жымиып күледі өзі.

- Кідіре тұр, әуелі мен барып самаурын сала берейін, - деді Қалияш күйеуінің құшағынан шыға бере.

Есқуат әкесінің үйінен шай ішіп шықты. Әке қолындағы бала. Жалпақ шаруашылық, мол дәулет, бәрі өзіне қарайды. Қобыздың құлағындай көп тірлік бөксе басқызбайды.

Түс кезі. Шағырмақ ыссы. Артынан сусын ішіп көкірек мұздатпаса қою шайға шөл қана бермейді. Шұбаттан босаған сырлы зереңнің жер иіскеген бойы. Сусындағаннан кейін Есқуат үйден шығып, төмендегі қараша үйлерге қарай жағалады. Малшы, үйшілерге шаруа жайын айтып, әмірін жүргізіп кайтады.

Бүгін ауылда келді-кетті жоқ еді.<--break->

Бөбек танертеңгі шайды өзі құйып беріп, әке-шешесін әбден көңілдендірген. Бұл кейінгі кезде аңда-санда ата-анасына шай құйып беретінді шығарып жүр. Ата-анасы оған қуанатын. Қызының бой жеткеніне олар мәз. Асқар таудай әке, қара жердің кемесіндей шешенің қолындағы тұнықта жүзіп өскен ерке кыз. Алдағы аға мен жеңгеге де ол еркін сөйлеп, айтқанын істете алатын еркетай. Ағасы отауға бармайтын болған соң Бөбек Қалияшты ертіп отауға кетті. Байдың қызы мен келіні сыланып-сипанып бой түзегеннен басқа ермек таба алмайды. Өздерінен өзге кіре бермейтін іші қызыл-жасылды жасанған алты қанат ақ отау.

- Ағаекем не деп келді, көші-қонды айтқан жоқ па? - деп сұрады Бөбек жеңгесінің мойнына асылып тұрып.

- Әтекеме болмаса бізге айта ма! - деп ол да қайын сіңлісін құшақтай алды. Құлпырып жайнап тұр. Қалияш бетіне қан тепсе әріден тебетін, тепкен қан тыз етіп қайтпай, қашан меруерттей құбылғанша ұзақ тұратын қызыл шырайлы қара торының өзі. Көрген кісі қанағатсыз қарай бергісі келетін үнемі шаттық нышанын сеуіп тұрған мөлдір қара көзінде толассыз ойнаған бір ерекше от бар. Қыр мұрындының көбі дөңгелек бет болмайды, бұл да сол. Орта бойлы дембелше келіншектің оң миығының үстіңгі жағындағы дөңгелек түймешіктей қара теңбіл меңін кейбір көңілі келген кездерінде Есқуат суық қолымен түртіп-түртіп коятын. Осы бір жерінде керемет жоқ па өзі, қараған сайын көзім тоймады ғой деуші еді сүзіле төніп. Салт бойынша әйелге қатал Есқуатты Қалияш әркез өстіп бар болмысымен құлпырып тұрып, қалтқысыз жайнай беретін отты көзімен арбап, еріксіз баурап кетуші еді. Ер мен әйелдің төсектегі ләззаты арадағы қандай оқастықты да ұмыттырады. Қалияштың көңілді күйі әлі басылған жоқ.<--break->

Бөбек ағасының әйеліне қатал екендігін де сезеді, әнеукүні жолға жүрейін деп жатқанда жеңгесін сабап кеткенін де көрген. Ол Қалияшты бүгін мұндай көңілді болады деп ойламап еді. Ерлі-зайыптының арасында болатын ләззат дәмін татпаған жас қыз қайдан білсін, «жеңешем байғұс ағаекемнің ашуына ілікпегені ғой» деп жорыды.

- Иіс-қоңыс көбейіп барады, жұрт жаңғыртпай ма екен бұлар, - деді қыз жеңгесінің иығынан қолын түсіре беріп. Оң жақтағы қызыл ала текеметтің үстіне тізе таясып екеуі де отыра кетті.

Бөбектің де көңілі сергек. Ол бүгін алғаш рет түс көріп шыққан. Түсінде алғаш рет жігітке кездесті, оның құшағында болды. Түсінде өзі үрдің қызы екен. Үлкен боз сарайдың ішінде өңкей кәнизектер – үлде мен бүлде киінген сұлу қыздар, майысқан келіншектер. Әлгі қыз-келіншектердің бәрі осы үрдің қызы – Бөбектің күтушілері екен. Бөбек теңіз жағасында, көк айдынға қарап отыр екен. Бір кезде айдын теңізді қара жердей басып, қасына мұрты қиылған қара бөрікті ашаңдау аққұба жігіт келіп отырды. Бұл оның қалыңдығы екен. Жігіт көп отырмайды. Бөбекті орнынан құшағына тарта тұрғызып, ізінше кейін қарай қолынан жетелеп кетеді. Көк теңізге бату жоқ, адымдай аяңдап барады бұлар. Бір уақытта теңіз орманды жерге айналады. Әлгі жігіттің езуі күлкіден жиылмайды, тым сүйкімді көрінеді. Жігіт қалыңдығын құшағына алып, бар күшімен қысып-қысып жібереді. Жігіттің құшағындағы қызда балқып бойы шымырлап кетті, сондай рақат үстінде жатқанда ояна кетсе түсі екен. Бүгін таңертеңнен бері сол түстегі жігіт көз алдында елестеп Бөбекке тыныштық бермей жүр. Өзін сол жігітке ынтық сияқты сезіне ме калай? Бірақ Бөбек ол түсін жеңгесіне айтпады. Қыздың мұндай түс көруі оның бойына жел кірейін дегені. Бойына жел енген қыздың ойы да құбылмалы. Жаңа ғана көңілді қыз енді бір түрлі жабырқай қалған сияқты.<--break->

- Не болды, Жарқын? - деді Қалияш қайын сіңлісінің қапелімде күйзелген ажарын байқап.

- Жә, әшейін, - деп Бөбек төмен қарады.

- Көңіліңде бір нәрсе бар ғой өзің, айт, - деді Қалияш.

- Жеңеше, осы мені айттырып жүрген жері қай ел екен - деп сұрады Бөбек төмен қарап отырып.

- Жеменей дегенді құлағым шалған.

- Топай атып асық ойнап жүрген бала дейді ғой. Қатарым жоқ па екен мен байғұстың, - дегенде Бөбектің көзі жасаурап кетті.

- Бәсе, десейші. Тышқандай балаға. Барған соң жеңге алған әйелдей болып қаласың әлі. - Қалия үлкен бір аянышпен күрсінді.

- Жеңеше, өздерінің арғы тегі құл балалары дей ме?

- Қойшы әрі! - деп Қалияш қабағын көтере секем алып қалды.

- Есіттім. Құл дейді. Менен бес-алты жас кіші көрінеді.

- Қайдағыны айтпашы көрмей тұрып. Құл... Буыны қатпаған бала...

- Ұйықтап қалған жерінен мен соны төсекке көтеріп апарып жатқызам екен де, - деп Бөбек күйгенінен мырс етіп күліп жіберді.

- Баратын жерің Жеменейдің байы дейді әйтеуір. Кім біледі, үлкендердің сүйек жаңғыртайын деп жүргені ме.

- Жұрт жақсы атамайды соларды. Содан ба, менің де суқаным сүймей жүр.

- Қой, Жарқын, жұрт не демейді, әр нәрсені көңіліңе ала берме, - деп Қалияш қайын сіңлісіне басу айтты.

Есік түрулі еді. Аюп осылай қарай бұрылды. Жүрісі өзгеше көрінеді, қара шапанды ақ бозбен тыстатып алған, үстінде қазір ақ шапан. Басында ақ сәлде, аяғында суы төгілген қара мәс-кебіс. Бұтындағының не екені көрінбеп еді, адымын жазыңқырап табалдырықтан аттай бергенде байқалды, терісі боялмаған ақ жарғақ шалбар екен.<--break->

Мәс-кебіс байдан шыққан болар, басқа киімдері өз үйінің мүліктері екендігі көрініп тұр.

- Ассалаумағалейкум! - Аюп есіктен ыржия кірді.

- Көтек, әрі! Еркек жоқта кімге сәлем беріп келесің, - деп Қалияш сыңқ-сыңқ күлді.

Аюп осы ауылда туып өскен жігіт, жастарға тұзы жеңіл. Ол әсіресе қыз, келіншектерге шаңырақ артқан тайлақтай көріне ме, осы молда атанғалы бері әркім әжуалай беретін болып жүр.

- Сұпы, молданың жолы ғой, жас-кәрісіне, еркек-ұрғашысына қарамайды, көрінгенге сәлем беру керек, - деді Аюп отыра беріп. Жазда киген тері шалбар денесін дуылдата қышытады. Қышыған жерін басу үшін Аюп мыналардың көзін ала беріп, жұмыр саусақтарын шабына жүгіртті. Саусақпен бүрген кезде күн жалап қаудырлап тұрған көне жарғақ шатыр еткендей дыбыс беріп еді, бірақ ешкім оны аңғармады.

- Әкең өлмей жатып, орнын басқаның не болғаның, - деді Бөбек қалжың-шынын араластыра.

- Менен сұрама, - деп Аюп басын шайқады.

- Қой, үндеме. Шоттың басын бассаң, сабы өзіңе тиеді, - деді Қалияш.

- Ол не дегенің? - деп Бөбек Қалияшқа қарады.<--break->

- Әтекем ғой, - деп ол қайын сіңлісінің тізесінен нұқыды. Қалияш орнынан тұрып барып, керегенің басына сағағынан ілулі тұрған қара сабадан сырлы зереңге лықыта шұбат құйды да, Аюпқа ұсынды.

Аюп алпамсадай сары жігіт. Салпы ерін, бауыры тартыңқы жалпақтөс. Қолдарын бұлаңдатып сәл еңкіштеу жүреді.

«Тамақты керегінше беріп тойындырса, қайқаяр еді-ау» деп Қалияш ішінен ойлап та қояды.

Аюп екі зерең шұбатты қатарынан көтерді.

- Мен сендерге келдім, - деді Аюп зереңді қайтарып жатып.

- Айт бұйымыңды, - деп Бөбек жас молдаға тікелей қарады.

- Намаз сабақтарыңды жаттадыңдар ма?

- Иә? - деді Қалияш күлімсірей.

- Сен ше? – деп Аюп Бөбекке бұрыла қарады.

- Мына қатын бір елге келген соң үйреніпті ғой, біз де барған жерде көреміз, - деп Бөбек қасын керді.

- Қой сен де үйрен. Егер үйренбесең, отағасылар маған ұрсады, - деді Аюп аузын сүртіп жатып.

- Саған керегі тек намаз сабақ па? Мәлкияумиддин... Якубиде, нәстауғун... шұбыртып ала жөнелді Бөбек.<--break->

- Біледі екенсің ғой, - Аюп қуанып қалды.

- Намазыңды қоя тұр, - деп Бөбек Аюпқа бір табан ысырылып отырды.

- Ал не демексің?

- Сен маған шариғатыңды айт.

- Айтамын.

- Шариғатта әйел бала қаламағанына бармасын деген сөз айтылған ба?

- Сүймегенге барсын деген сөз жоқ.

- Олай болса, қазақтар қызды жастайынан неге айттырып қояды?

- Осыған әкем екеуміз таласпыз: ол «қыз әкенің қалауымен кетеді» дейді. Мен: «өз сүйген адамына барсын, жігіт қалағанын алсын, шариғатта солай айтылған деймін». Қазақта қыз айттыру салтын бетке ұстап әкем жеңістік бермейді.

- Сенікі дұрыс па сонда, сенікі жөн бе, қалай?

- Менікі жөн! Дәлелім бар: қыз бен жігіт қосыларда неке қияр бар. Сонда арада екі адам куәлікте жүреді. «Куә-куә дүрміз, куәлікке жүре дүрміз» деп олар Алланың атынан сөйлеп, екеуінің аузынан бірдей рұқсат алады. Егер оның біреуі қарсы тұрар болса, онда неке жүрмейді. Сондықтан қалыңдық пен жігіттің бірін бірі сүюі шарт.

- Шын-ау осыныкі, - деп Қалияш Бөбектің бетіне қарады. Аюп тағы бір зерен шұбат ішті де, шығып кетті.

Есқуат кешегі көк байталды жетектеп келеді. Жануардың түгі жығылып қалыпты. Мінезі жаман айғыр өзгеден қызғанып қарпып тастаған ба, жалының төменгі жағынан қан шығып тұр.

Қалияш пен Бөбек орындарынан тез тұрып, үй ішін тәртіпке келтірген болып жүр.<--break->

 

Төртінші тарау

 

Ауыл Қыземшектің тұсынан өте бере қонған. Ала көлеңкеде көтерілген көш талма түсте келіп жетті. Тау-қыраты да жарқабақ сай-саласы да мол алыстан қарағанда сонау көкжиекке шейін тып-типыл сияқтанып көрінетін Маңғыстаудың ұшы-қиырсыз көсіліп жатқан боз даласы. Бұл даланы нелер саяқ тұяқ қыздыра шаппады дейсің, небір жандар заманында шайқап өтпеген. Бұл дала жаралғалы не көрмеді: ақтарыла аққан топан судың төсегі болмады ма бір кезде, нендей борасын дүлей, ақшұнақ аяздың өтінде жатқан маңғаз атырап-аймақ қой бұл. Ия, бұл күннің қуатымен тыныстаған сайын қайта түлеп, түрленіп, әлем дүниесіне нәр беріп тұрған кең пейілді, шарапатты Жер-Ана. Жалпақ дүниеге жайғанда адам деген нәрсе шыбын құрлы да болмайды, солай тұрып оның жүрген жерінде тынымсызы-ай. Әлемде адамнан азулы тірі жан жоқ. Әлемнің айдаһары сол томашадай адам секілді, одан жауыздықтың неше түрін күтуге болады. Содан ба, оның өзі де үнемі үрейшіл, секемшіл.

Көшіріп келіп елін қондырып жатқан көшбасшылар тігіліп болған үйлеріне әлі беттеген жоқ, ауыл сыртындағы үйінді қара төбенің басында тобын жазбай кеңес құрып отыр. Бұндайда ауылдың ақсақал, қара сақалының бәрі жиылады, іштерінде көріпкел құмалақшылар, болжампаз жауырыншылар мен әлгі күн ілгері ауа райын топшылайтын есепшілер жүреді. Жасы үлкендер өзара бір мәселе турасында кеңесе келіп, бір түйінге келер кезде оларға да құлақ тосады. Кейде олар бір-бірімен келісе алмай керілдесіп те қалады. Ондайда шешім айтқан үлкендердің аузына қарайды бәрі. Содан кейін барып олар етек қағысып орындарынан тұрысады. Ауыл адамдарының топтасып кеңес құруы әркез болып тұрады, ондайда әлгі құмалақшылар, жауырыншылар есепшілер әбден керек.<--break->

Ен даланы иемденгенмен, бұл ел қауіпсіз емес. Бұл елдің бұрынғы дұшпаны қалмақтар еді, ендігі қауіпті жауы—төмендегі түрікпендер. Сүйінқара ауылы шабылғалы бүкіл Адай елінің жүрегінен өксік басылған жоқ. Сонда Адайлардан түрікпенге жесір кеткен, оның жарасы жуық арада жазылар ма. Адайлар да кек қайтару үшін талай рет түрікпенге шапқыншылық жасады, бірақ қора-қора мал айдап қайтқаны болмаса, жесір кегін қайтара алмаған. Онда Сүйінқара еліне шапқан түрікпендер мал айдап, жесір алып кету мақсатымен өз мүддесін ғана ойлап келген жоқ еді. Түрікпендерден әдейі сарбаз сайлап, қару-жарағымен аттандырған арамза Хиуа хандығы болатын. Ханның түбегейлі ниеті Маңғыстау елін біржола шауып, талап, бағындырып алып, өз қол астына қарату еді. Сөйтіп, жылда салығын салып, алымын алып тұру мақсатында болған. Одан бері жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де, ел тыншитын емес. Түрікпенді ата жау санап, әлі кектесу үстінде жүр. Екі жақ та мәнісіне түсініп жатқан жоқ, екеуі де біріне бірі «жауым» деп қарайды. Бүліктің түбі Хиуа хандығында жатқанын кім біліп жатыр. Әйтеуір ел зәрелі.

Ал күнделікті ауыл арасының дау-шары өз алдына. Шатысқан жіптей бірде шешіліп, бірде шешілмей жатқаны. Қой қорыққа түсіп кетсе де жанжал, біреудің құдығынан біреу атын суарса да, боқтасуға барысу, ауылдан билерді топтастыру, айтысып-тартысып, құн төлету, ат-шапан айып тартқызу. Адам баласында тыныштық бар ма, езулесу, егесу, бір тыныштық таппайды, қоныс таласы бәрінен де ауыр, жесір дауы одан өтеді. Даудың жақсы жері бар ма, кейде адам өліміне барып тіреледі. Онысын барымта, құн, құнның жүрген жері бүкіл рулы елге зобалаң салады.

Есжан аулының адамдары қара төбенің басында жемтікке жабылған қарға сияқты болып тобын жазбай әлі отыр. Кеңестерінің сиқы жайлау мен құдықтың суы жайлы. Мына шымыраудың суы таңқы, бұл ауылдың көп малын сусындандыра алар емес, ал оты мол шөбі шүйгін. Не істеу керек?<--break->

Жоғарырақта бұлармен маңайлас көшіп-қонып жүретін тобыш ауылдары бар. Олармен келісіп алмай, қонысты жоғарыға аударар болса, онда бұлардың жағдайды қиындатып алуы мүмкін, Тобыштарда тентек көп, Бәйімбетпен қырқысып қалуы ықтимал.

Есжан — көптен өзгешелеу тұлғалы адам. Қып-қызыл нарттай болып төбенің ұшар басынан төменіректегі беткейде көптің ортасында жүресінен отыр.

- Әй, жігіттер, — деді ол жұрттың біразы әбден желпініп сөйлеп болған соң, - Тобыштармен былай келіссек қайтеді?

- Қалай? - деп қалды біреу иек көтере.

- Шілде өткенше Тобыштармен қоныс ауыстыра тұрсақ қайтеді. Олардың суы мол құдықтарын біз иемдене тұрсақ, олардың малы аз ауылдары біздің жайлауларды жайласа.

- Оған бір белді адам бармаса, олар көне қояр ма екен? - деді көптің жоғарғы жағында отырған бір жігіт.

- Өзім барармын,   - деді Есжан сыздана.

- Мейлі, бізге малдың жайы болса жарайды.

- Егер солай болған күнде, — деп Есжан қолын жай көтеріп саусағын шошайта сөйледі. Жұрттың бәрі соның аузына қарап қалып еді. - «Сақтықта қорлық жоқ » деген бар, ұры-қарыдан сақ болғандарың жөн.

- Әрине, сырттан байдың малы келді екен деп тартқылап жүрмесін, — деді көптің ішінен біреу.<--break->

- Айтпады екен демеңдер, - деді Есжан, - сөзін жалғай маңғаз бұрылып, - Елде тентек те, телі де бар. Бұрын араласпаған өзге ауылдардан келіп дінкілдейтіндер де табылар, оларға шіңкілдеп, шытырламаңдар. Басу айтып, жыға сөйлеуді ұмытпағайсыңдар.

- «Қара шекпен» екен деп тартынудың қажеті жоқ, керек жерінде мал сойып, қонақ асы беріп жіберіңдер, - деп Есқуат әкесінің сөзін қуаттады. Әке қолындағы  жұртқа «мырза» атанып жүрген ол бұл жолы да өзінің жомарттық сыңайын таныта сөйледі. Есқуат әкесіндей емес, нағашыларына тартқан ба, қара қошқылдау терісі қалың сопақ бетті жігіт. Шынжау да, тапал да емес, орта бойлы, толықша, әсем тұлғаның өзі.

Бай баласының сөзі отырғандарға түсінікті сияқты. Ауыл шетіне келіп дікіреңдеген қойшы-қолаң шабармандарға қараша үйлердің қайсысы алдынан шығып дастарқан жая қояр дейсің. Мырзаның лебізі түсінікті: «ұрттам су мен тебіндік жердің жаманатын байға аударып, өздерің бас сауғалай тайқақтап кетпеңдер» дегені. Даулы қонақ пен сыйлы қонақтың өз үйіне түсетінін, оған сый-сияпат көрсететін өзі екендігін біліп отыр.

Жаз түсіп қалған шағырмақ шақ. Бай үйлері тігіліп болған. Қараша үйлердің жас әйелдері мен жігіттері енді өз жабасамаларын қалқитуға кетіп барады.

Есжан ауылы үнемі бірден көзге түсе қоймайтын тасалау жерге, ойға қонады. Ал малшы-жалшылардың жолым үйлері әрқашан да күн туар бет, Бесқала жақтан тігіледі. Бұл Есжанның іште жатқан ешкімге, ешуақытта білдірмейтін өз ойы, сақтығы. Егер жау тосаттан құйыла қалар болса, сол Бесқала беттен тиер, сонда у-шу ана қара лашықтардан басталсын, айқай дабырық жеткенше қамданып үлгірерміз дегені. Байдың ондай сырын бұл ауылда кім сезсін, бірақ байдың үйі түгел біледі. Өңге адам сезбейтін тағы бір сыр жатыр Есжанда. Кәрі үлкен үйдің төрінде байдың жатып тұратын төсегі бар, бас жағында жастанатын жастық ағашы тұр. Ауыл қонған бойына сол жастық ағаш тұратын жерден айырттан келердей төрт бұрышты енсіздеу шұңқыр қаздырады, қалың қаңылтырдан оны жабатын қақпағы да бар. Шұңқырға отыруға қатарынан екі адам сияды. Ол шұңқырды қонған сайын қазатын кісі тек біреу-ақ — ол сол үйдің үйшісі Қарасай. «Бойымда желім бар, осы шұңқырға күкірт түтетіп булауға түсіп тұрам» деп, біреу-міреу сұрай қалса соны айтады. Ол шұңқырдың түп мәнісін байдың бәйбішесі мен қызы ғана біледі. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер ауылға жау тиер болса, Бөбек пен Қалияштың түсетін жері бұл...<--break->

Ауыл кештетіп қонған күндері үнемі қазан асыла бермейді. Жол соғып, сүр елеп келген адамдар әуелі шайға қанып, соң ағарған жұтып, төсектеріне жатыса кетеді. Бүгін де байдың үйі сөйтіп еді...

Түнде жауын сіркіреп өткен. Танертең жер беті күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Ұйыса біткен қалың көктің шаң-тозаңы кетіп, қалы кілем түгіндей құлпырып тұр. Аяқбасарға аяйсың, айнала қызыл-жасылды алуан түрлі гүлге оранған. Жауыннан кейінгі шық тамшысын көтере алмай кейбіреуі майыса дір-дір етеді. Терістіктен соққан қоңыр самал жалпақ даланың жұпар иісін әкеліп тынысты қытықтайды.

Есқуат өзі де тұрмай, қойнындағы келіншегін де жібермей жатыр. Өзі жырқылдамайды да, ананы жыртақтатпайды да, бар болғаны езуін тартып күлімсірейді, соның өзі емексігені де, еміренгені де. Кеуделі етті-жонды жігіттің бауырында жатқан Қалияштың тұрқы томашадай болып көрінеді. Анау ақыраптың үскірігі жалап өткен қара мұздай үлкен қой тасқа ұқсайды, мынау соның ықтасын қойнауында жанып лаулаған, жалыны енді ғана басылғандағы баялыштың қызыл жалқын үйінді шоғы секілді. Ерлі-зайыпты болып бұлар ешқашан да бірі мен бірі еркінси әзілдесіп көрген жандар емес. Әлгі жайшылықтағы күндізгі кездерде жастыктың желі үргілеп, зайыптық жеңсіктің қозып кететін шақтары болады емес пе, сонда екі жас бірін бірі жанай өтіп, түртіп кетіп, немесе қыбын тауып қытықтап, сыбыр-сылтыңмен мәз болысатын еді, Есқуаттың болмысында ондай әдет жоқ. Ал Қалияштың жаратылысы басқаша: Ол жанып тұр. Бірақ, ол қызуы оның ішінде көміршек, күйеуінің ыңғайынан аса алмайды. Сондықтан болар, Қалияш күйеуіне жалынып, жалбарынбайды да, оған мәймөңкелік те еткен емес, баз баяғыдай бір қалыпты сабырлы қалпын сақтап жүреді. Иә, ол жасық, салақ шүйкебас әйел емес. Ол жайнап жанып тұр, онда қайтпас қажымастай қайнаған қуат жастықтың желігін аңсаған шымыр жүрек тайдай тулап-тулап кетеді, албырт дене қызып-қызып басылады. Иә, ол әрқашан да байсалды, соның бәрін тығыншықтай денесіне сиғызып, жұдырықтай жүректің нәзік қолымен ғана шертіп, оны өзі ғана біліп, өзгеден бүгіп жүрген жәй бар... Қалияш байдың қызы, байдың келіні, ол жасынан тотыдайын таранып бой түзеп өскен жасайын сылқым. Оның үстіне оған тәңір ажар мен көрік берген. Үлде мен бүлде киініп сыланады да жүреді. Әдетте ерге қараған әйел қылықшыл болады, еркегін еліттіріп әкетуге бар әрекетін жасап бағады. Әйел сиқырлығының нендей түрі бар: біреулер жалынышты жәутеңдегіш, енді біреулер жарамсақ жәдігөй, тіпті қисалаң қылықшылдары өз алдына. Еркектің асты-үстіне түсіп, жайдақ ардың көлегей күйімен алдап-арбай кететін әйелдер аз ба, еркекті жолдан тайдырып жақын-жуық, ағайынмен ащы ететіндер де солар.<--break->

Қалияш — ешкімге ондай оғаш мінез көрсетпеген әйел. Ол әйелдік нәзіктікті өз бойында сақтай біледі, оның бітім тұрғылығы тек адамгершілікпен ғана шектелген. Қалияш төселіп шалқасынан жатуды ыңғайсыз көрді ме, әдеп сақтап бүкшиіп қана қырынан жатыр. Төтеп тұрған нөсердің астында қалған еліктің лағындай бүріседі, Есқуат ту сыртынан апарып зілдей оң қолын әйелінің омырауына жүгіртті. Екі алма бір уысына сиып кетті. Есіріктік жасап, күйеуі қысып-қысып жіберіп еді, момақан күйінде томпиып қана жатқан келіншек қос алмасы сыздай шаншыған кезде судан шыққан сазандай бұлқынып-бұлқынып қалды. Сосын томағадай жуан саусақтар жайымен жазылды да, енді келіншектің сол қарына жармасты, оны да қысып өзіне тарта әйелін шалқасынан жатқызды. Қалың қабақтың астынан қан тамырлы қой көзін жүгіртіп, әйелінің жүзіне үңіле қарады. Түнде түсінде көргендей ме, әлде өңінде мына бүгін, тап осы сәтте алғаш рет жатыр ма... Неткен көрік мынау! Қырмызы қызыл тонның білтесіндей қос ерін сәл тобарсып барып болмашы ғана жігін ашқанда ар жағынан күп-күрең жауқасын зерге ұзыннан тізіле түскен ақ судыр моншақтай ақ тістері көрінді. Мөлдір қара көздері төңкерілген қайнардай болып өзеннің тұнығына бойлатып бара жатқандай әсер етті жігітке. Әлгі бұлқыныстың өзі айламен қолға түскен тотының пыр етіп қанат каққанындай әсер қалдырып еді.

Есқуат аймалаған жоқ, бар болғаны мырс етіп күлді. Күйеуінің сырына қанық Қалияш қипаңдап қылымсымады, шаңырақтан көз аудара күйеуіне қарай сәл мойнын бұрды да, көзін жұма жымиды.<--break->

- Асылы малдан да, қатыннан да бағым бар екен, - деп қалды Есқуат әйелінен көз аудара беріп. «Аптасына бір рет қамшы көрмеген әйел тұл» дегендей ата салтын ұстанғыш әйеліне ызғарлы Есқуат осы сөзді қалай айтып қалғанын өзі де сезбей қалды.

Қалияш та тосынан айтылған бұл сөзге таң қалды білем, көзін ашып күйеуінің бетіне қарады. Әдетте жүзі тобарсып жылылық сыр байқатпайтын ерінің бүгін жымиғаннан мұрты көтеріліп, көз алдының күлімдегенін аңғарды.

- Ел айтсын да, өзің айтпа, - деді Қалияш.

- Ел өзімнен артық па? Өзімді өзім бағаламағанда... - деп Есқуат аздап тіксінгендей рең байқатты. Сосын мысқылдай езу тартты да: - Осы сенің бір жаман жерің бар, - деді іле.

- Ия? - деді Қалияш оған күлімсірей қарап.

- Бір қамшыдан шықпайтын майысқақсың, қамшы тисе ауырып қалатының не осы? Жұрттың қатындары ауыл айналдырып сабаса да мойымайды.

- Жаным пәк, денем шикі ғой, қайдан шыдасын.

- Не, басқа қатындардың күнәсі көп пе сондай-ақ?<--break->

- Аз-көбін білмеймін, менің білетінім, нашарды жәбірлеу, әйелдерін сабау еркектерге ермек, соны өздерінше бәсеке санайды. — Қалияштың қаны бетіне тепті. Көңілі бұзылайын деді ме, мөлдір қара көздері жәутең қақты. Көздерін ашып-жұмғанда тізілген қара кірпіктері үп етіп өте шыққан самал желге майысқан ақ селеудей тез-тез дірілдей қимылдап кетті.

- Әйел заты бейшара ғой, бұл итті кейде аяйсың, - деп Есқуат келіншегінің иығынан тартып бүріп жұлқып-жұлқып қойды. Ол оның көңілі сүйіп құшырланғаны ма, немесе аяп жебегені ме, дөрекілігінің түрін өзі де біліп жатқан жоқ.

- Үйбай-ай, қойшы енді, жаны жоқ деймісің, тұла бойымды көгертіп тастадың ғой, - деп Қалияш күйеуінің қолынан ұстады.

- Әйелден сорлы халық бар ма дүниеде. Ойлап отырсам, біздің сұр қаншық та артық па деймін солардан, соған ешкім де таяқ жұмсап жатқан жоқ.

- Анау ақ сүтін берген анаң отыр, алдыңда жалғыз қарындасың жүр, олар да қаншықтан артық емес пе? - деді батылдыққа салып Қалияш.

- Жоқ-ә, олардың орны бөлек, - деп қалды Есқуат түйіліп.

- Мен де солардай әйелмін.

- Білем. Олар, олар — шешем, қарындасым. Сен әйелімсің, сенің орның басқаша.<--break->

- Қарындасыңа жаның аши ма? - Қалияш күйеуіне тіке қарады.

- Е, жалғыз қарындасыма ашымағанда, - Есқуат та оған шүйіле қарады.

Қалияш екі ойлы болып біраз үнсіз жатты, қай жағынан шығам деп күйеуінен қорқа соғып жатқаны. Енді айтар жерім осы дегендей ол басын көтеріп отырып: - Жарқын жылап жүр, - деді.

- Е, неге? - деп түксиді Есқуат.

- Мені теңіме қоспайтын болды, айттырған адамды қатарым емес дейді.

- Не дейді өзі. Баратын жері біздің теңіміз — байдың үйі, байдың баласы.

- Жарқын саған айт деді. Айттырған ел әзірге малын өткізбепті, осы кезде уәдесін бұзсын да, менің басымды босатсын. Жылатпасын мені деді.

- Сен не дедің? - деп Есқуат одан бетер қарауыта түсті.

- Айтқаныңды ағаңа жеткізейін, — дедім.

- М-м-м... Баратын күйеуін көріп пе екен өзі?

- Біреулерден есітіпті.

-Ата-анасының берген уәдесін бұзып, мен енді қарындасыма басқа жақтан бай іздеуім керек пе екен!

- Қойшы әрі! - деді Қалияш.

- Тұр, киімдерімді әпер! - деді Есқуат түйіле басын көтеріп.

Есқуат орнынан күбара тұрып тез киінді де, үйден шығып кетті. Үлкен үйге барып бір-екі шыны аяқ шай ұрттады. Баласының қарауытқан қабағын байқаған ата-ана үндеген жоқ. Ағасының ондай түрін байқамаған Бөбек:

- Жеңешем қайда, неге келмей жатыр? - деді.<--break->

Есқуат жауап қатқан жоқ, шыны аяғын төңкерді де, орнынан тұрып кетті.

Қалияш төсек-орнын жиыстырып болып, аяғына етігін киіп, үстіне қызыл мақпал бешпентін енді іле беріп еді, Есқуат үйге кіре керегенің басындағы ілулі тұрған бақа басты сұр қамшысын жұлқа тартып алды да, әйелін кос бұрымынан бүркітше бүре ұстап тұрып, жонынан тартып-тартып жіберді. Ит ашуын тырнадан алады деген, төтелей соққан ашумен келіп, томырық жігіт жазықсыз жас келіншегін бір сәтте түтілген торғайдай етті де кетті.

- Қатын — койныңда жатқан қара жылан! Басу айтып, ұрыспайсың ба қызға! Араға түсіп әзәзіл болып соның тілегін тілегенің ғой бұл! - деді Есқуат үйден шығып бара жатып.

Қалияш көзінің жасын тия алмастан үлкен үйге кірді. Баланың үйінде бір зобалаңның болғанын сезген Есжан шыны аяғын төңкерді де, төрге қарай бұрылып төсегіне жата кетті.

Бұрынғыдан ашылайын дегені ме, Қалияш осындай жазықсыз таяқ жеген сайын жылап үлкен үйге келетін, ол оның ата, енесіне шағынғаны. Ол үндемеді, солқылдап жылап отыр. Қамшы керген арқасының дуылы әлі басылған жоқ, мойыны ауырып отыр.

- Уа, не болып қалды тағы? - деп маңғаз бәйбіше Зиба қабағын кере бетін басып, оң жаққа қарай жағалай берген Қалияшқа қарады. Оның басында жаулық жоқ еді.

Бөбек шай құйып отырған. Ол ұшып тұра келіп жеңгесін құшақтай алды. Өзі де жылап тұрып: -Жаулығың қайда, сорлы-ау? - деп сыбырлады.

- Жаулық тартқыза ма көгермегір, қашып шықтым, - деді бұл да сыбырлап.<--break->

Ата-енеге жас келіннің жалаңбас көрінуі айып. Бөбек өзінің бешпентін шешті де, жеңгесінің басына жапты. Жеңгесін иығынан басып отырғызды. Өзі де бөксе баса беріп: - Қазақтың қатын баққаны құрысын. Ертеңгі бәріміздің де көретін күніміз осы ғой, - деді Бөбек.

- Әй, қыз, суырылма! Ұзатылмай жатып неге қақсайсың! Бара көрерсің, зарламай отыр!, - деп Зиба көтеріле сөйледі.

- Бұл да өзіңдей біреудің қызы! Алдағы менің күнімді ойласаңдар, бұл қатынға жандарың ашыр еді, итше талатпас едіңдер!

- Әй, сен қыздың неге таңдайың тақылдайды? Сабаса байы оның, неге араға түсесің?

- Балаңа ұрсып жөн сілтемейсің бе? Еріккендегі ермегі — оның әйел сабау. Еркек пе соның, тышқанмен ойнаған мысық!

- Сен қарбаша үндемей отыр! Әуелі ана жеңгеңнің түріне қарашы, таң атпай қара жамылып отыр ма? Жалаң бас, көйлекшең үлкен үйге кірер ме адам? Жоқ басынғаны ма келініміздің?

- Жаны қысылған соң бас сауғаламасын ба?

- Таяқтан өлген қатынды көргенім жоқ. Жейтін таяғыңды үйіңде же, ендігәрі көрінбе көзіме! Шығыңдар үйден! Екеуің де шығыңдар! - деп сарыкідір бәйбіше қолындағы қырғышын ала ұмтылды.

Төрде бетін іргеге алып жатқан бай тамағын қырнап, аздап жөтелгендей болды. Онысы «қой енді!» деп әйеліне жасаған ескертпесі. Бәрін тыңдап, әйелдердің сөзіне араласпай жатыр еді.

Қалияшта енеге қарсы сөйлер сөз бар ма, тіл қатпастан еңкейген күйі жылап отырған. Енесі «шық!» дегеннен-ақ орнынан тұра бастады.<--break->

Есқуат атына мініп шаруасына шығып кеткен. Тағы да алдағы қоныс жағын қарастыру керек. Қозыларды саулық қойдан бөлетін шақ туды. Кеше бойдақ қойлар іріктелген, оған өз алдына бақташы қойылды. Есқуат байдың баласы екенмін деп онша шірене бермейді, көбіне малдың ішінде жүреді.

Қалияш пен Бөбек отауға кірді.

- Шешініп көйлегіңді ауыстыр, - деді Бөбек жеңгесіне.

- Қарашы, арқам удай ашып тұр. - деп Қалияш көйлегін шеше бастады.

- Сорлы жеңешем-ай, екі жерден тіліпті, көкпеңбек, - деді Бөбек жеңгесінің жонын сипап тұрып. Төсектің буы басылмай жатып, не болды сендерге жазығың не сондай-ақ?

- Не жазығым болсын, анадағы сенің айтқаныңды айтып едім.

- Не деп?

- Ағама айт, мені теңіме коссын деді, - дегенім болды.

- М-м-м... Бекер айтыппын-ау саған.

- Сен неге басу айтпадың ол қызға деп жазғырғаны. Қалияш ұйысқан шашын тарап, басына жаулығын тартты.

- Көгермегірдің қолы қатты, - деп күңкілдеді.

Бір кезде іргелес тұрған байдың үйі азан-қазан болды да қалды.

- Ойбай өлдім! Өлдім! Өлдім!

Қалияш селт етті, Бөбек аузын аша аңтарылды. «Өлдім! Өлдім!» деген шешесінің даусын есіткен Бөбек үйден шыға жөнелді.

Бөбек кіре бергенде, әкесі үйден шығып кетті. Шешесі жантая омырылып отыр. Қос ерні білеулене іспек тартып, жапсарынан қанды түкірік көрініп түр. Жазулы алақанында күрек тісінің бірі жатыр.<--break->

Бөбек жерде жайылып жатқан жаулығын шешесінің алдына тастады. Бір қолына от басындағы жез құманды алып, шешесінің бетін жуғызайын деп әлек.

Бәйбіше есін жиып, жан-жағына қарады, аузын алақанымен сипады, қолындағы опырылып түскен күрек тісін көрді. Аузын ашпай тұрып ішінен тілімен түрткілеп, үстіңгі ернін бұлтитты. Ұстала-ұстала қу мойын болып калған түрікпен құманды алып бетін шайды, су ұрттап төкті. Көзінде жас жоқ, байының ұрғанына кәрі қатын жылап келістіре ала ма, ол ашуын ішіне бүгіп, сұрланып отыр. Жалпақ сары өңді әйелдің бет жағы бұрынғыдан өзгерген сияқты: ала бөртіп теңбілдене көгеріп қалыпты. Бөбекке карап тістене бажырайды. Отырған жерінде қасында тұрған қызының аяқ жағына жармасты. Қыз қашып құтылғысы келіп былай қарай ұмтылып еді, ол жібермеді. Жығылып жатқан Бөбекті шешесі қос бұрымынан ұстап алып: - Қатын, көргенсіз қарбаша! Мауыққан қаншық! Ұлыққан екенсің! Сазайыңды берейін сенің! Мәһ, мәһ саған!, - деп бәйбіше Бөбектің сау жерін коймай шымшылай берді, бірауық қос қолдап бүргіледі.

Бөбектің айтқаны: - «Мамаеке-ай, шашымды жұлмашы» болды.

«Бұл көкбет неге дыбысын шығармайды!» дегендей тістеніп, Зиба Бөбектің жұқа шабына қарай қол жүгіртті де, үзіп алардай қатты-қатты бұрай шымшылағанда қыз шыңғырып жіберді... Содан кейін барып шешесінің мауқы басылды ма, қызды босатты.

Бөбектің тұла бойы сыздай ауырып тұр, бірақ ашу қысқан ол жыламады. Неге екенін де, кімнен көрерін де біліп тұрған жоқ.<--break->

- Не жаздым?! - деді былай қол жетпейтін жерге шығып тұрып. Тепсініп қатты айтты шешесіне.

- Жүзі қара, әкең не деп кетті, есіттің бе?!

- Не дейді екен маған?

- Әкеңнің алдында не дедің жаңа?

- Не деппін?

- «Ертеңгі бәріміздің де көретін күніміз осы ғой» деп әкеңнің барында неге айттың? Сенің сол сөзің үшін мен таяқ жедім! Әкең: «Сүт емізген сен, етегін жапқан сен, тәлім-тәрбие берген сен. Ақыры мынау, сенен түскен қыз не оңсын!» деп тұрып сабады жалмауыз! - деді қомдана безілдеп. Зиба ісіп кеткен жоғары ернін сипап, кетік тісінің орнына тілін жүгіртті. Тістен айрылғанына қатты опынып отыр бәйбіше.

Бөбек ойланып қалды, үндеген жоқ. Ата-ананың алдында ондай сөзді айтудың ерсі екендігін енді аңғарып тұр.

«Мамаеке-ай!» деп қайын сіңлісінің шыңғырып қалғанын есіткен Қалияш есіктен қараған Аюпты шақырып алды да, үлкен үйге жіберді.

- Енем қызын ұрып жатыр, есебін тауып арашалап алып кел мында, - деді.

Аюп жүгіріп барса, шешесінің қолынан жырылып шыққан қыз төр жақта состиып тұр екен, Аюп еш нәрседен хабарсыз адамдай: - Бөбек, сені ағам шақырып жатыр, - деп есіктен бас сүғып тұрып айтып еді, қыз оған жалт қарап, үнсіз жүре берді.

Терістік беттен ескен жібектей қоңыр салқыны баяу желпігенде дала гүлінің кош иісі тынысты қытықтайды. Өлі далаға жан бітіп, жан-жануарлардың масайрап тұрған кезі. Жер беті масатыдай құлпырады. Өткінші жауын әлгі бір әзірде сіркіреп өтті де, артынша көп ұзамай аспан шайдай ашылып кетті. Көк майса өлең шөптің бастарынан моншақ тамшылар жел қаққан сайын көздің жасындай болып тамып-тамып кетеді. Жер құмсақ. Үй арасындағы көк жауыннан бұрын - ақтабанға түсіп тапталған. Сыртта жан жоқ, жұрттың бәрі үйлерінде болар.<--break->

Бөбек үйге кірді. Қалияш оны құшақтай алды, өзі де жылап тұр екен. Ыза қысқан Бөбек манадан бері жыламаған, жеңгесінің құшағында тұрып енді көз жасын ағытты. Тарқатылған бұрымын жеңгесі тарап тұр. Қыздың тәні үсік шалғандай жансыз сезіледі. Бөбек еркінше жылап көз жасын тауысқандай болды бір кезде.

- Әйелдің жолы тар дегені осы ма сонда? - деді Бөбек көзінің жасын сүртіп отырып.

- Иә, әйелдің жолы жіңішке, бой жеттің, енді біле бересің, Жарқын, - деп Қалияш қайын сіңлісінің шудадай ұзын қолаң шашын тарап болып, бұрымын есті.

- Бұлардың бәрінің де «сүймегеніңе бара бересің» дегені ғой.

- Солай, барасың. Ол таз ба, пұшық па, соған барасың бәрібір.

Алыстан күн күркіреді. Аспанға тағы да бұлт айналып келеді. Құбылған ауа райы кәрі Маңғыстаудың кәдуілгі тынысы секілді. Маңқиып жатқан боз дала жазда түлейді, қыста қуарады, одан басқаны білмейтіндей...<--break->

Бесінші тарау

 

Анадағы бір алыстан естілген сиқырлы ән тағы да құлаққа құйылып тұр. Енді сонау алыстан емес, жақыннан, осы ауылдың шетінен естіліп тұр. Жаздың тамылжыған түнінде шырқалған ән ат шаптырым емес, көш жерлерге дейін созыла қалықтайды. Ондай кезде адам әнді аңсап, осы бір жақыннан тыңдағысы келіп тұрады. Бүгін, міне, әнші ауылда.

Ақтаудың түлкі қашар қуысынан,

Құрбыжан артық едің туысыңнан.

Сұңқардай қомдап қанат іліп кетсем,

Бұлқынып шығар ма екен уысымнан...

Ән әуелеп барып басылды. Төкпектете салған жыр емес. Шаужайлап бара жатқан тіреспе айтысқа да ұқсамайды. Көрік көмейден шығып құйқылжып тұрған кәдімгі ән. Шырқау әуез қараңғы түнді жара тағы да көтерілді. Безілдеп кетпей, сызыла қалқып барады. Кілт бұрылмай, салалы сазымен көк жүзіне қалықтап, ұзақтарға самғайды. Қайырымы құйқылжыған кезде «құйылам да, жүректеріңе нәр берем» деп тұрғандай талпынысын сездіреді.

Иә, бұл ән ауыл шетіндегі қоңыркай төрт қанат отаудан шығып жатыр. Оралмай өрнексіз тоқылған, сырты ғана қара құрым киізбен қабылған сықырлауықсыз ши есік түрулі тұр. Желкөз керегенің сыртынан жырым-жырым көнерген киізді айқара көтеріп, жағалай белдеуге қыстырып қойыпты. Тұмшадай қара түндік түгелімен ашық. Ортада бір жанып, бір сөніп тұрған жалпылдақ отынның жарығы үйдің ішінде жасы үлкендер, ал сыртында іргеге жабысып жастар отыр.<--break->

Төрде мұрты қиылған ашаң бет ақ кұба жігіт анда-санда айналасына қарап қояды. Қолында бауыры сүйекпен апталған үкілі қара домбыра. Кішкентай үйді керіп, сығылыса сиып отырған көпшілік: - Ой, көп жаса қарағым, өркенің өссін! -десіп ауыт-ауыт шуылдасып қояды.

Қайып бұл ауылға өткен сәрсенбіде келген. Анадағы астағы келісім бойынша бір соғып, келуге уәде байласып кеткен. Содан соң сонау Жем бойындағы өзінің ауылына барып, үйде біраз күн жатып, шалдан рұқсат алып келген. Өнерлі жігіт жаздай ауыл-ауылды аралап етік тігеді, қара күзде, ерте көктемде зираттардың басына тастан там салады, ал қыста үйінде зергерлік құрады.

Есқуат мырза Қайыптың бұл келгенінде әуелі өз үйіне түсіріп, бір мал қонақ асысын берді. «Етікші ұстайтын болдық» дегенде әкесіне ештеме демей, онша мән бермеген. Он саусағынан өнері тамған етікші, зергер дегендердің жұрт өнерін ғана қадірлейді, өздерін онша емес. Еңбегін жалдап, ел аралай күн көріп жүрген қайдағы бір күйкі жандар деп есептесе керек.

Бұл күнде ел талғамшыл, бай мен болыс десе қипақтай қалады, әкімдердің алдында жорғалағыш. Ал қарапайым халыққа салғыртси қарайтыны бар. Есжан байдың мырза ұлы Есқуат та Қайыпты сондай жалданушы қаралардың бірі деп көріп еді алғашында.

Қайып әдепкіде қысылып-қымтырылмастан келіп, ак боз үйдің сыртында аттан түскен де, сол үйдің белдеуіне атын каңтарған. Ыңылдап ән сала жүріп, ат тізгінін Аюпқа берместен сырттан: - Уо, хабарласатын кім бар, - деді.<--break->

- Уа, түсе бер, - деп Есқуат содан кейін үйден шықты. Өзгені төменірек санайтын Есқуат мырза көзі түскен кезде іштей екі нәрсеге есеңгіреп қалғандай болып еді: бірі қонақтың жүзіктің көзіндей жылтыраған орақ жал қара кер айғыры, екіншісі, ел кезген етікші болғанмен, оның ажар-көркіне жарастықты киім киісі. Қаңтарулы қара кер айғырдың күміс сақинадай жылтыраған төменгі ақ бунақ топшысынан бастап сынай анда-санда қайшылана қимылдап тұрған қамыс құлағына дейін ат сынына қанық Есқуат іштей қызғана тұрып, жіті көзімен бір шолып өтіп еді. Анау-мынау айтатын емес, жай ғана етікшінің мініп жүрген Қаракердің сұлу көркі бай баласының ішін тырнап тұр. Ала аяқ қара кер айғыр ұзын бойлы сымбатты жігітке іздеп қосылғандай еді. Жігіттің басында ноғай үлгісінде тігілген құндыз бөрік, үстінде кестеленген жағасы тік, өңірі етегіне дейін бірнеше қатар сары жібекпен қайылып тігілген сұр мәндала бешпент, бұтында бағалы екі көк мақпалмен жиектелген сол түстес зәгран шалбар, аяғында стакан өкше қызыл былғары етік. Әсіресе, жайған алақандай жалпақ жағалы ағзон көйлек қара бешпенттің жоғары жағынан көрінгенде былайынша да келбетті жас жігіттің ажар көркіне аса бір айқын сән беріп тұрғандай еді. Оның сыптай жаратылысына сай киінген шап-шақ киімі сайқылық пен кербездігін айтпай танытып тұрғандай еді. Есқуат іштей бұған да тарылып қалды. Өзі біреудің оң жағында отырып тарамыс тартып, біз шанышатын етікші, ал үстіндегі киімі мырзалардыкінен артық. Астындағы аты тұлпар, әттең алдында айдаған малы жоқ, қара табан демесең...

Дастарқан жайылып, шай құйыла бастағанда Қайып Есқуатқа ақ жарқын жүзімен күле қарап: - Аға, менің кәрі нағашыларым Бәйімбет руынан, әзіліме салауат. Шай құятын бой жеткен қыз жоқ па бұл ауылда? - деді.

Осы кезде ақ құманға қол соза берген Қалияш Қайыптың бетіне жалт қарады, ол «мені менсінбей отырғаны ма» деп ойлап та қалып еді. Айтатын сөзі тамағына таянып тұр, бірақ күйеуінен қаймықты ма, ештеме дей алмады.

- Әй, тілеуі кесілмегір, не дейді мынау. Қызға бергісіз қатынымыз бар, бүгін әуелгі шайды соның қолынан ішсін деп отырмын, - деді Есқуат қипақтап.<--break->

- Жеңгемнің шайы сенің таңдайыңа жағатын шығар, оған дау жоқ, бірақ қыздың қолынан ішкен шайға не жетсін біздер үшін, - деп Қайып тағы да күле сөйледі. Ол көзінің астымен Қалияшқа қарап қояды. Мырзаның сұлу келіншегі маңдайынан терін айналасы кестелі ақ орамалмен сүртіп отыр екен.

Қайып ұзақ жолдан шөліркеп келгенмен, шайға онша ұрына қойған жоқ, шай аяқты екі рет ұсынды да, үшіншісінде төңкеріп берді. Сосын өзі жанында жатқан құс жастықты шынтағына қарай тартты да, жайымен жантая кетті.

Сый қонаққа, әсіресе, жас қонаққа бой жеткен қызға шай құйдыру қазақтың әдеті. Қайыптың бұл үйге қолқа салуы орынсыз да емес.

Қонақтың ыңғайын байқаған Есқуат Қалияшқа қарап иек қақты, Қалияш үнсіз түсініп, орнынан тұрып кетті. Үлкен үйге барып Бөбекті шақырып келді. Есік ашылып, қыз басындағы қызыл орамалды көргеннен-ақ Қайып қолтығындағы құс жастықты былай алып қойып, өзі қайтадан малдас құрып отырды.

- Аман ба, шырағым? Бәйімбеттің еркегіне тек қара құрым мал біткен, ақылы қыздарына кеткен, - деді Қайып тағы әзілдеп.

- Жағы қарысқыр, жиен, ақыр өз дегеніңді еткіздің, — деп Есқуат шыны аяғын жанына келіп отыра берген Қалияшқа ұсынды.

Бөбек үндеген жоқ, сәл ғана жымиды да, төмен қарай иіле келіп, сары самаурынның қасына отыра берді.

- Құй шайыңды, қарағым, шөлдеп келдім, - деді Қайып шыны аяғын қайта ашып.

- Қазақтың «жиен ел емес» дегені рас қой, Бәйімбеттің еркегінде ақыл жоқ дедің-ау жаңа. Ақылсыз жерге мал біте ме? - деп қалды Есқуат Қайыптың әлгі сөзін іліп.

- Ой, тәйірі, мал жарықтық ақылдыға да, ақылсызға да біте береді. Өткен ақын жыраулар, билер, не бір данышпандар бәрі де мал ұстап байымаған дейді ғой. Ақылға мал бітсе, соларға бітпес пе еді?<--break->

- Ол жағына да тұрам, суырып салма ақындар, жағын безеген билер біздің Мұңалда аз ба екен? Мұңалдың Тобыштан қалысатын жері жоқ, - деп Есқуат Қайыпты тірсектеп бара жатты. Руын мақтап қызыл өңеш бола кететін елдің ескі әдетіне көшіп еді ол.

Сөзді әрі созбау үшін Қайып: - Болды, болды, нағашыеке. Елде жақсы да бар, жаман да бар, ар жағын қазбаламайық, -деді күліп.

-Жоқ, болған жоқ! Мен сенімен тіресем. Бай да, би де, батыр да Мұңалдан шыққан, - деп Есқуат төсін соқты.

- Сегіз арыс Адайдың әр руында да бай мен батыр, би, болыссыз ауыл бар ма? Қоялық нағашыеке енді.

- Жоқ коймаймын, сенің сөзің шымбайыма батып отыр. Ата тегімді айтып мақтанам. Тобышыңда атап айтатын кімің бар? -деп өжектеді Есқуат.

- Нағашыеке, байлығыңа мақтан, оныңа дау айтпаймын. Ал батыр мен биіңнің жағдайы белгілі, ол жағын айтпайын.

- Неге айтпайды екенсің, айт, айтасың, - деп күле отырып едіреңдеді Есқуат.

- Өстіп ауызды қышытасыңдар ғой. Батырың Сүйінғара ма, ол елін жауға шапқызды. Ажырата алмады, жау қолында жесірі кетті. Биің Бәймәмбет болса, оныңды Мұңалдың өзі өлтірді. Батырың, биің солар ма? - дегенде Қайыптың ақ жүзіне қан жүгіріп, аздап долданғанын байқатты.

- Әй құрғыр-ай, жиен ел ме, айтайын деп отырғаның осы екен ғой, - Есқуат селкілдеп күлді. Елдің әдеті. Бас көтерер қызыл шапандылар бас қосса, әркім өз руының байы мен батырын айтып өстіп керілдесіп алады. Бірі жеңіп, бірі жеңіліп барып сөзден тосылғанша тынбас.<--break->

Есқуат сол күннен бастап Қайыптан сескенейін деді. Ендігі жерде онымен әзілсіз сөйлесетін болған. «Абыройыңды айрандай төгетін ауызды пәле ғой» деп ойлап жүрді. Қазақта «жиендік наз» деген бар, жиен нағашы жұртына еркелегіш, ол тілінің жеткен жеріне дейін не деймін десе де ерікті, онікі салауат. Арсыз жиендердің «жиен құрық» деп, нағашының өзгеге қимас асыл затын берсе қолынан, бермесе жолынан алып кете беретіндерін қайтерсің. Жалақтап жүріп белдеуден атыңды мініп кетеді, үстіндегі киіміңді киіп алып ыржалақтайтыны да бар.

Бөбек Қайыпты танымады, бір елдің мырзасы ғой деп ойлады. Шай құйып отырып екі-үш рет оған көзінің астымен қарап үлгерген еді. Жігіттің сымбатында ақжарқын мінез бен жылы-шырайлық лебі тұрған сияқты көрінді оған.

Қалияш Қайыпты тым тәкәппар санап отыр. Байдың келінінің қолынан шай ішпеу деген не сұмдық. Келін болып түскелі бері мұндай қонаққа ол кездеспеген. Байдың ұлына батырып-батырып сөз айтуына қарағанда жоғарыдағы бір шонжардың баласы шығар деп те ойлады.

Есқуат Қайыпты өз үйінде бір жұма жатқызып, әуелі әкесіне, соң шешесіне мәс тіктірді. Талғампаз байдың үйі оның қолалысын байқағысы келіп еді. «Шіркін-ай шебер деп осыны айт, қарашы, тігісі білінбейді-ау» деп тігілген мәсті ұстап көріп, жұрт шебердің шеберлігіне таң калыса бастады. Байдың өзі мәсті киіп көріп, «ой, мың жасағыр-ай» деп қатты риза болған.<--break->

Байдың ауылы қонақ-қопсысыз болмайды. Намаздыгерде бай үйінің ту сыртынан келіп, екі жолаушы аттарынан түсе қалды. Оның біреуі Қаражан батыр. Орақ мұрын нән қара. Руы Жеменей, бірақ осы Бәйімбет аулының күшік күйеуі, қыстауы да, жайлауы да бір, осы елге әбден сіңісіп кеткен. Әкесі Есжан ауылының қойшысы еді бір кезде. Бертін келе үш ұлы алғыр-жұлғыр болып өсіп, олар жан-жақтан сүйрелей мал таба бастады. Екі-үш жылда-ақ ыңыршағы айналып отырған үйге шыр бітті, дәулеттілердің санатына кірді. Әсіресе, осы Қаражанның көз жұмбайы күшті, екі-үш рет түрікпеннің елсізде жатқан малынан үйір-үйірімен айдап келді. Соң бұл ауылдан бөліне қонып, өз алдына ауыл болып кеткен. Қаражан қара күшке мығым, сыр білмейтін жерге есерсоқтау мінез көрсетеді. Ауылға сондай біреу керек те. Мұндай адамдарды байлар бір жағынан болмаса, бір жағынан тұмшалайды. Есжан Қаражанға ауылдағы кедей ағасының қызын бергізген. Байға күйеу болған соң жұрт оның содырлығын пайдаланып, кейін «батыр» атап кетіп еді.

Есқуат мырза мал сойды қонақтарға. Дастарқан үстінде болып жататын кеу -кеу әңгіме кәдімгі.

- Мына мырзаны танымадық қой, - деді Қаражан Қайыптың сыпайы сымбатына сүйсінді ме, әлде бір уызында жарыған дәулетті кісінің баласы деп ойлап қалды ма, өзін оның алдында бұрынғыдай даурыға бермей сабырлы, салмақты ұстаған болып.

- Бегей Қорабайдың баласы Қайып деген етікші осы болады, — деп таныстырды Есқуат оны қонақтарға.

- М-м-м, естуім бар, - деп Қаражан түйе жүн шекпенінің жағасына желкесін егеді. - Былтыр Көлденең тауда тобыштардыкінде болғанымда «Қорабай шалдың керемет өнері бар» баласы жайын есіткенмін. Шырағым, зергер етікші екенсің. Әрі тастан қашап өлілерге там салады екенсің, «Есектің артын жу да, мал тап деген», - деді Қаражан. Оның сынаптай толқитын да мінезі бар, сезімі лезде өзгеріп, ескі әдеттінше керісінше тартты. Табан астында Қайыпты кемітіп отырғаны.

Есқуат Қаражанның сөзіне абайсызда ырқылдап күліп жіберіп еді. Қаражан күлген жоқ, сол сөзін өзінше мәртебе санап отырған сияқты. Салиқалы жас жігітті кемсіте сөйлеуі басқаларға істеп отырған қыры, өзінше «мен батылмын, батырмын» дегендейі еді.<--break->

- Отағасы, артқы сөзің шымбайыма батып отыр, - деді Қайып көзін аларта Қаражанға қарап, - көп болса шалқыған бай шығарсың, Алла маңдайыңа сызған болар. Бар бол, құдайдың бергеніне таласым жоқ. Ал енді өнерліге тіл тигізуіңнің мәнісі не?

- Айтсам айттым да, аузыма қақпақ боласың ба? - деп шіренді Қаражан.

- Үстіңде түйе жүннен биязы тоқылған ақ шекпен, аяғыңда мәсі-кебіс, басыңда қара бөрік - осының бәрі өнерлі он саусақтан шыққан дүниелер емес пе? Осы айтқаныңа қарай қас қылып үстіңдегінің бәрін сыпырып шешіп алсам, тек көрге түсуің ғана қалады емес пе? Көрге де ақ кебінмен барасың, ол да он саусақтан шықпай ма? - деді Қайып Қаражаннан көз айырмай отырып.

Жұрт демдерін ішіне тартып, үнсіз қалды. Сөзден ұтылған жерде Қаражанның жағадан ала кететін әдеті бар, көпшілік содан қауіптенетін сияқты. Өз күлкісіне өзі пұшайман жеп Есқуат та сасып қалып еді.

Осы жайды шай құйып отырған Бөбек те байқап қалған. Көптің көңілін серпіп, әңгімені басқа жаққа аудару үшін: - Әй, жезде, аузыңды қисайтпай сөйле! Болмаса сырыңды ашам, тыныш отыр, — деді Қаражанға тікелей қарап.

- Не сырым бар, балдызжан-ау? Есірік дерсің, қылжақбас дерсің. Хе хе-хе...

- Маған десең жынданып кет. Өз еліңе бара алмай, Бәйімбетте паналап жүрсің ғой. Жын қақса, байлаймыз да тастаймыз!

- Айтайын деп отырған сырың осы ма, балдызжан?

- Айтқаным жоқ әлі.<--break->

- Балдызда достық бола ма, айт сырын, аяма, - деді Есқуат қарындасын қуаттап.

- Екі балдыз қонаққа болысып, маған жабылайын дедіңдер ме. Айыбым болса, айта ғой, - деп Қаражан еңсесін көтере беріп еді, Бөбек:

- Әй, кәпір, өлер жеріңе жеттің, - деді.

- Батыр өлер жерін біле ме, қашан да жеңем деп ұмтылады ғой, балдызжан.

- Сен батырмысың, баукеспе ұрысың, жинап жүрген малың біреудің көзінің жасы, біреудің маңдайының тері, қарақшы жезде, — дегенде, жұрт ду күліп жіберді.

Әңгіме басқа жаққа ауысып, сөз сабасы орнына түскендей болды. Сөзден тиылған Қаражан ырқылдап күле берді.

Қайып бір шытынап басылды. Бірақ Қаражанның «Есектің артын жу да, мал тап» деген сөзі есінен кетпей отыр.

Қайыптың айтқаны Қаражанның да ойынан кетпеген. Біреудің қолтығына су бүркуге шебер. Ол үлкен үйден шығарында Зиба бәйбішенің құлағына: - Байекеме айтқайсың... Есқуатың аңғал, қойнындағы қатынына сақ болсын... Көн тері тартқылаған етікшіні қақ төріне шығарғаны несі. Етікші не, үйші не, төрде орын бар ма оларға... Етік тіккеніне ақы алып жүрген өңкей сырдақтар, - деп кеткен.

Есжан ертесіне Есқуатты бір тықсырып алды. Кейін Қайыпты шақыртып алып, оған: - Балам, жиен, - деді сыпайылап сипай сөйлеп, - біліп жатқан боларсың, бұл ауылдан қонақ-қопсы үзілмейді. Есқуаттың үйі саған жайсыз-ау деймін. Өз алдыңа қыздың екі отауының бірін тіктіріп берейін, сонда жатып істе, - деді.

- Жарайды, - деді Қайып.

- Тарамыс тарқатып беретін қызметіңе бір кемпір қоям үйіңе.

- Болады, болады.

Бай қыз жасауының шетін көрсетіп, жинаулы жатқан бес қанат ақ отауды тіктіріп, Қайып пен қара кемпірді соған жайғастырды.

Кемтар елдің адамдары қашанда шүйіркелескіш келеді. Қайыптың әнші екендігі бірден бірге естіліп жатты. Ауылдың жастары кештетіп Қайыптың үстіне келгіштейтінді шығарды. Бүгін қыз, бозбалалар жиылып осы оңаша отауда отырмақ жасап жатыр. Кешегі отырыстың жалғасы бүгін осы Қайып жатқан үйге көшіріліп еді.

Ән саябырлаған жоқ. Бірде баяулап, бірде көтеріліп құйқылжығанда, сан жүректі қытықтайды.<--break->

Таулы жер табаныма батты-ау қатты,

Алғызбай көз шырымын таң да-ау атты.

Өңім бе, түсім бе екен япырмау-ай,

Болдым ғой көргендей-ай перизатты...

Уоһоу, заман-ай... Сағындырдың, құрбым-ай...

Көзге түртсе көргісіз қараңғылық. Әуеге бұлт айналған ба, самал-жел де тына қалыпты. Жатқан түйелердің күйісінен басқа дыбыс естілмейді. Ауыл үсті тып-тыныш, мал да, жан да таңның тәтті ұйқысына батып жатқандай.

Ақ отаудың ашық түндігінен сызыла көтерілген сиқырлы ән әр қырына түсіп тұр. Күміс көмейден сылдырсыз бір ызыңмен созыла шыққан әуен бірте-бірте көтеріліп барып, секпіндей шарықтап кетеді. Айтылған әнді жұрт ешкімге теңей алар емес, алғаш рет осы жігіттің аузынан естіп жатыр. Сырлы сазды тың ән. Бүгін ауылдың жастарының ішінде жұпыны киінген кемпірлер де отыр, жастық шақтары естеріне түсіп отырған болар, анда-санда көздерін жеңдерімен сүртіп қояды. «Жиырма бес қайта айналып келсе маған...» дегеннің өкінішін енді тартып отыр ма әлде.

Есқуат жокта Бөбек пен Қалияш түнде бірге жатады. Татулық қой, құшақтасып алған, ауыт-ауыт бірін бірі қысып қояды.

- Жарқын, арқамды сипашы, - деді Қалияш.

Оның көйлегінің ішінен арқа жағына қолын апара берді де, «ишай» деп тартып алды.

- Не болды? «Ишай» не? — деп қалды Қалияш.

- Арқаңа жара шыққан ба, не пәле. Одыр-бұдыр ғой, - деді Бөбек шошып.

- Анадағы қамшының салған жарасы ғой ол. Бүгін қышып шыдатпай жүр, - деп Қалияш иығын қиқаңдатты.<--break->

Қайып жатқан үйдегі ән басылар емес. Шарықтай көтеріліп құйқылжып қайтқан сайын Бөбектің жүрегін қытықтап, тыныштық бермей жатыр. Көңілі алып-ұшып елегізе береді. Сиқырлы ән тұла бойын түрткілеп бара жатқандай. Оның үстіне ән шырқап отырған сол бір әсем тұлғаны көргісі келе ме, өзін өзі түсіне алмай әйтеуір аласұрып жатыр. Сол жігіттің әнін жұрт тыңдап қойды-ау деп іштей қызғана ма, санасы тарылғандай белгісіз бір сезім билейді. Көкірегінде дидарлық па, бір түрлі сағыныш бар сияқты. Талпыныстың әлегіне түсіп, өн-бойы қызып жанып бара жатқан соң Бөбек: - Тұршы, жеңеше,-деді.

- Тұрып не қыламыз, жатып тыңдай бер, - деді Қалияш. Ол да ұйып тыңдап жатқан. Әнге ұйыған келіншек те қобалжулы еді.

- Барайық.

- Қой, Жарқын.

- Жоқ, барайық. Шыдай алар емеспін.

- Ағаң өлтіреді мені.

- Қайдан біледі ол.

Бөбек жеңгесінің тұрмасына да, бармасына да қоймады, тұрып, киініп үйден шықты екеуі. Жатқан жерінен тұрып көк төбет те оларға ере жүрді. Ақ отау ауыл шетіндегі қараша үйлерге жақын тігілген еді.

Отаудың ту сыртында тұрып Қалияш: - Әрі жүрмейік енді, осы шидің түбіне отырайық, - деді жеңгесі.

- Ішке кірейік, - деп Бөбек Қалияштың қолынан тартты. -Бетім-ау, не дейді. Жарлы жақыбайдың арасына ма? — деп Қалияш қараңғыда бетін шымшыды.

- Қайыптан артық емеспіз. Солар үшін ән салып отырған сол.<--break->

- Ол көптің адамы, оған болады. Байдың келіні мен қызына жол жоқ. Отыр осы жерге, - деді Қалияш. Бөбек одан әрі талпынбады, отыра кетті.

- Тфа тфа, тіл-көзден аман бол қарағым! Даусыңнан айналайын, - десіп жатыр қарттар. Ән тыңған сайын көпшілік бір дуылдап басылады.

Бөбек жан-жағына қаранып еді, үйдің оң жағындағы ана бір шидің түбінен біреу қараң етті.

- Қарашы, анау Аюп, - деді Бөбек Қалияшты түртіп. Ол жөтеліп қалып еді, дауысынан таныды, Аюп екен. Мыналар да аздап дыбыс беріп еді, ол далбақтап жетіп келді. Өзі жалаңбас, қолтығында түйіншегі бар. Келді де отыра кетті.

- Әй, түрің құрысын, молда жалаңбас жүре ме? - деп Бөбек отыра берген Аюптың басына шертті.

- Мен күндіз молдамын, түнде адаммын, — деді ол табанда жауап беріп.

- Неге жасырынып жүрсің?

- Молдаға мұндай жерде жүруге болмайды.

- Болмаса, келме.<--break->

- Қалай келмеймін, жас болсам, жігіт болсам... әй, Бөбек, мынаны көрдіңдер ме, қолтығымдағы айналдырулы тон. Біреу-міреу көріп қалар болса, мына тонды айналдырып киіп алам да, түнде жын болып қорқытам оны.

- Аузыңа келгенді оттама, біреуге бала тастатып қоярсың, - деді Қалияш.

Ән әуелеп тұр. Тағы да жым-жырт дала. Аһау-у-у...

Мөлдіреген көзіңнен...

Айналсам болар өзіңнен...

Осы қайырымнан кейін ән көкті бойлай тағы да көтерілді. Әуелеп барады. Жетер жеріне жетіп, кейін қайтты.

Ши түбін паналап отырған үшеуі демдерін ішіне тарта әуеге қарайды. Құйылып келе жатқан әнді ауыздарымен қақпақылдай қағып алып тыпырши соққан жас жүректерін соған суарып отырғандай... Асқақ әнге ен дала мейірі қанып мүлгіп жатқандай.<--break->

Алтыншы тарау

 

Тоқпанның шешесі томашадай қара кемпір қол саласындай тұтас ақ қайраң тарамыстың қылдай тілін біртіндеп суыртпақтай талдап, былай шығарып отыр. Жақсы тарқатылған тарамыс ширатқанда іріксіз болып, өрімі жылмағай шығады. Тарамыс ширатуға да шебер қол керек.

- Қолың ұсынақты екен, шеше, - деді Қайып етіктің бір қонышын айналдырып жатып. – Тарамыстың тілін білсең керек, былғарының тігісі білінбей жатыр.

Қара кемпір мәз болып қалды. Енді жөнделіп, шөкелей отырып, ұршығын алаңсыз иіре берді. Ұршыққа орау кезінде иірілген тарамысты жіңішке қара саусақтарымен ысып-ысып иірімін жатқызды. Қайыптың сөзіне желденейін деді ме, мұрнынан сөйлеп: - Қарағым, бұл шеше не көрмеген шеше, -деді.

- Қай елдің қызысың, шеше?

- Қарабаудың Шеркешінің қызы болам.

- Адайға қалай келдің?

- Дәулетті жердің қызы едім, әкем би болған. Бір жылы Адай мен Шеркеш жау болды. Кісі өлімі, оның арты барымтаға айналды.

- Сонымен тынды ма?

- Тыну қайда. «Жақсыдан бір адам өлтірмей келіспейміз» деп Адай сіресіп тұрып алған көрінеді. Қол шошайтқаны менің ағам болыпты. Жалғызымнан айырылып қалам деп әкем байғұс сасқан. Екі елді бітістіру мақсатын ойластырса керек. Мені сол адамы өлген Адайдың бір шонжар байына ұзатыпты.

- Сонымен екі ел бітісіп кетіп пе?

- Бітісіпті, бірақ менің бағым ашылмады.

-Ия...

- Келін боп түскен жылы базаршылап кеткен күйеуім жолшыбай жарадан өлді. Одан қайныма атастырды. Келесі жылы ол да шешектен кетті. Қайныларымның тағы біреуіне қосты, ол да бұйырмады маған.<--break->

-Ой, құдай-ай...

- Осы Тоқпанның әкесі төртінші некем. Бастан бақ, қолдан мал кетті. Аумалы төкпелі дүние, шырағым.

- Ия, солай.

- Есжан байдың қары әкелері бір кезде біздің аталарымыздың малын баққан екен. Бүгінде біз олардың ұрпағына малшы болып отырмыз. Құдай шебер, не істеймін десе де істейді, - деп қара кемпір күрсініп қояды.

Үйге асығыстай Тоқпан кіріп келді. Қайыпқа жалтақ-жалтақ қарады да: - Аға, Есжан атам саған «өзі келсін» деді.

- Қазір бара алмаймын, зәру ісім бар деп айтты де, деп Қайып қолындағы қонышты былай қойып, екіншісін қолына ала берді.

Арадан бие сауымдай уақыт өтті. Ақ отауға қарай Есжанның өзі келе жатыр. Есіктен қарады.

- Ассалаумағалейкум, - деді Қайып.

- Уағалейкум, Қайып бері шығып кетші, - деді Есжан сыртта тұрып.

Қайып үсті-басын қағып, иығына шапан жамылып сыртқа шықты. Есжан оны үйіне ертіп кетті. Үлкен үйге кірді бұлар.

Қайып төрге шығып отыра бергенде, оң жақтағы көрініске назар тастады да, бірден шұқшиып қарап таң қалды. Бөбектің қасында бір әйел адам отыр. Басында үкілі тақия, үстінде жағасыз, өңірі кестелеулі қызғылт матадан тігілген ұзын көйлек. Жүз әлпеті қазақтың байырғы әйелдеріне ұқсамайды, қыр мұрынды, шүңірек көз, сопақ бет қара. Көп жылаған болуы керек, қабағы ісіп кеткен. Қос бұрымының жоғарғы жағы сау, төменгі беті тарқатылып кеткен, қою қара шашы шаңға тотығып ұйысып қалған. Қасында отырған Бөбек тұстас жас, өңі балауса көрінеді, маңдайында кекілі бар. Жүзі тым жабырқау, үрейлі отырғаны көзінің жыпылықтағанынан көрініп тұр. Жанында қыз отырғаны оған медеу болды ма, жыламайды әйтеуір.<--break->

- Жиен, мына қызды танисың ба? - деп Есжан сәл жымиды. Байдың жүзі құбарып тұр, ашуын ар жағынан байқататын сияқты.

- Даладан ұстап келген перінің қызы емес пе? - деп таңырқай сөйледі. Қайып бейтаныс қызға қарап, Қайыпқа жаңалық қазақ арасынан қыздың үстіндегі киімі түгіл ондай матаны да ол көрмеген. Қайып екі қызға қатар қарайды. Бөбек қыздың алдына дастарқан жайып, шай құйып беріп отыр. Қыз қолымен ымдап шайға сүт құйғызбады. Дастарқандағы ақ бауырсақтан шымқып жеп, қатқақсып келген болар, шайды көп ішті.

- Түрікпеннің адамын көріп пе едің? - деді Есжан Қайыпқа қарап.

-Жоқ.

- Мынау түрікпеннің қызы.

- Бұл қайдан жүр?

- Біздің ана ит күйеу Қаражанның істеп жүргені.

- Мұны қайдан тапқан?

- Қарақшы неме түрікпеннен мал айдап қайтамыз деп барып, осыған кездесіпті. Атқа өңгеріп, алыпты да қашыпты.

- Мал-мал, адам ұрлағаны несі? - деп Қайып басын шайқады.

- Қаражанды шақыршы бері, - деді Есжан есіктің алдында отырған Аюпты жұмсап. Аюп Қаражан мен Есқуатты ертіп келді. Есқуат оны жөнді күтпеген болар, Қаражан әлі белін де шешпепті. Жол азабын шеккен ол қабағының кіржіңін жаза алар емес, сақал мұрты өсіп, бет пердесі түтігіп түр.

- Салаумалейкум, - деді оған төрде отырған Қайып. Қаражан аузын жыбырлатты да, қазан аяқ жаққа барып жантая кетті.

- Әй, Қаражан, «қарғайын десем жалғызсың, қарғамайын десем қас жалмауызсың» деген, осы жүрісің не сенің? - деп Есжан даусын көтере зілді сөйледі.<--break->

- Не жаздық? - деді жантайып жатып Қаражан.

- Түрікпеннің малын ұрлағаның аз ба, адамын ұрлағаның не болғаның?

- Түрікпенде обал бар ма, ата жауым ол!

- Оттама! Ол да біздей ел, сендей адам. Міне, сенің ол елге ата жау болып жатқаның.

- Сүйінқараның ауылы шабылғаны есіңде ме, отағасы? Түрікпендер ғой солар.

- Олардың да сендей ақымағы аз ба? Елге тиісіп жүргендер түрікпеннің халқы емес, сен сияқты мақау - есуастары.

- Біздердей есуастарың болмаса, момақан еліңді түрікпендер түтіп жеп қояды, отағасы. Бұлардың қызын қатын қылу керек, малын талан-таражға салса беті қайтады.

- Бүгін түрікпеннің бір қызын әкелсең, ертең қазақтың үш қызын әкетеді, мақсатың сол ма сондағы? Сенің мынауың елге салып жүрген бүліншілік!

- Байеке, қазаққа тиіп жатқаным жоқ. Бірақ түрікпенді аямаймын, кегім бар! Кешегі Сүйінқара... Оған кеткен жесірлер түрікпеннің мына бір қызына тұрмай ма? Мұның не, қайнаға? Өштесудің орнына... — Қаражан басын көтерді. Ашуы келді ме, қас-қабағы жыбырлап кетті.

- Кектескен түрікпен ертең жақын жердегі біздің ауылды шабады, сонда көрсетер қайратың бар ма? Қарсы шабар қолың дайын ба?

Қаражан Есжанның бұл сөзіне жауап бере алмай қалды. Есжан өз сөзін жалғастырып: - Қәне, не ойлап отырсың? -деді.

– Қызды алып кетем, ана жоғарғы Адайға апарып сатам, – деді Қаражан.

– Манадан бері мен не дедім, ақырында сен не дедің? Саған қыз жоқ енді. Бұл қызды иесіне апарып қосам, сені де аяқ - қолыңды байлап, осы қызбен бірге алып кетем. Сендей бір тентек үшін ертең елімді жауға шаптыратын жайым жоқ!

– Ей, Есжан, сен ертеңіңді ойласаң, мен бүгінімді ойлаймын! Түрікпеннің қызы менің аузымдағы шайнап отырған асым, енді жұтуым қалғанда маған оны қайта түкіртпекшімісің? Араға түсіп көз алартпа, олжа өзімдікі!<--break->

– Не дейсің, әй?! Мен олжалайын деп отырғаным жоқ, олжаңды өз жұртына табыс етем деп отырмын!

– Жоқ! Егер өктемдік етем десең, түрікпеннің қызын өз қолымнан бауыздап кетем! – деп Қаражан беліндегі қанжарын қынабынан суырып алып, орнынан ұшып тұра келді.

Бөбек жанында отырған қызды құшақтай алды.

Анық түсінбесе де, жанжалдың өзі туралы болып жатқанын ол байқап қатты үрейленіп отырған. Өле ме, қала ма, жоқ жат елдің қолында түпкілікті кете ме, ол жағын ол білмейді. Өз елінде ол «қазақтар жаман, адамның етін жейді екен» дегенді еміс - еміс есітетін. Қаражан қанжарын суырып алғанда, сол есіткені есіне түсіп, «өлдім енді» дегендей зәресі ұшты. Көздері алақтаған ол Бөбекті құшақтай алғанын да сезбей қалды.

Осы кезде Есқуат орнынан ұшып тұрып, Қаражанның қолына жармасты. Аюп та тарпа бас салып, Қаражанның белінен қаусыра құшақтады. Екеулеп көтеріп ұрып, қолдарын артына қайырды.

– Байлап тастаңдар! – деп жекірді Есжан.

– Атаңа нәлет, қарақшы! Шыр біткен соң әкеме көз алартайын дедің бе? – деді Есқуат Қаражанның аяқ - қолын матап жатып.

– Отауға апарып тастаңдар! Осы күйінде апарып түрікпеннің колына берем! – Есжан ашуын баса алмай отыр..

Қаражан қыл арқанмен шандулы жатыр.

Түрікпеннің қызы жағдайға енді түсінейін деді ме, реңін өзгертті. Алдына алып өңгеріп келген Қаражанның бұл елге де дұшпандық еткенін сезіп отыр. Алдан жақсылықтың шарапатын күткендей сезімде.

Қайып бар көріністің куәсі ғана болып отыр, бұл сүреңге араласқан жоқ, әрі қонақ, әрі дау - шар көрмеген сыпайы азамат. Мұндайда сабыр сақтағаны жөн. Бірақ, байдың шешіміне іштей таң қалатын сияқты. Есжан Қаражанды түрікпенге ұстап бермек, сонда оны ата жаудың қолынан өлтіртейін дегені ме... Байдың мұнысы қалай? Түрікпен, қалмақ дегендер қазаққа нағыз ата жау емес пе?

– Отауға апарып таста, жата тұрсын сонда, бүгін түрікпенге алып кетеміз итті! – деді Есжан.<--break->

Есқуат Қаражанды иығынан көтеріп тұрғызды да, үйіне ертіп кетті.

– Әй, Есқуат, – деді Қаражан, есіктен кіре бере, – сен есің бар мырза, балдызым едің ғой, айт әкеңе. Елден, халықтан, тіпті бүкіл қазақтан ұят, егер мені түрікпенге апарып өлтіртетін болса. Шалыңа айт, кешірсін мені.

Есқуат үндеген жоқ, есікті жапты да шығып кетті. Есжан аздап түрікпенше біледі, қыздан қалай қолға түскенін сұрады.

– Аманұрды деген байдың қызы болам. Әкеден бір ұл, бір қызбыз, інім жас. Жайлаудағы малға анда - санда өзім шығып тексеріп қайтатынмын. Сол күні бес адам нөкеріммен келгенмін. Олар шопанның үйінде қалғанда, мен өрістегі қойларды көріп келуге кеткенмін. Төбенің астынан бес атты адам шыға келгенін білем, маған қарай дүрсе шапқанын да білем. Ар жағын білмеймін, жолда есімді жидым, – деді қыз жыламсырап отырып.

– Болды, түсіндім, – деді Есжан.

– Өзіңнің атың кім? – деп сұрады Бөбек қызға күле қарап.

– Атым – Айна.

– Айна? Бет көретін айна ма? – деп Бөбек бешпентінің қалтасынан алақандай айнасын алып көрсетті қызға.

– М–м, – деп ол да басын изеді.

Шай ішіп жіпсіп терлеген соң Есжанның қабағы ашылайын деді. Әкенің ашуы басылғасын отырғандардың бәрі де көңілденді. Жұрттың қасы мен қабағына қарап отырған Айнаның да жүрегі орнына түсейін деді. Бірақ үміт дүниесі әлі бұлыңғыр, «жау қолында отырмын» деп сезінеді ол.

– Жаудан келген жесірді еліне қайтып беруім қазаққа ұнамас, бірақ мен сол ойыма тірелдім, – деді Есжан дастарқаннан кейін шегініп отырып.

Басқалар үндемеді, байдың айтқаны дұрыс та, бұрыс та болып тұр олар үшін. «Онымен жау жаулығын қоя ма?» деп ойланып отырғандай.

– Күйеуіңді де апарып береміз бе? – деп қалды Есқуат бір кезде.<--break->

– Әй, ол иттің көзін қорқыту үшін айтып едім. Жауына өлтірткенімізден өзіміз өлтіргеніміз жаксы ғой тәңір атқырды. Әкесіне табыс етудің жолы қайсы бұл қызды?

Отырғандар тағы да сөзден тиылды. Біріне бірі қарасты да койды.

– Есқуат пен мына Қайып апарса қайтеді? – деді Есжан. Байдың бұл сөзіне де ешкім ештеңе демеді. Тағы да біріне бірі қарасты. Баратын жері жау... Алда не тұрғанын кім біледі. Дүдәмал ой...

– Тәте, ондай жанжалды жерге жастарды жіберуге болар ма екен, – деді Бөбек әкесіне қарап..

– Онысы да бар-ау, – деп Есжан ойланып қалды. – Қане, жігіттер? Не дейсіңдер. Сендермен ақылдасып отырмын.

Ешкім тіс жарып сөйлемеді. Қайыптың барғысы келіп отырған жоқ, ол бір елдің адамы, әрі қонақ. Есқуаттың жүрегі дауа тұтпай отыр, бірақ бір нәрсе деуге әкесінен қаймығады.

– Бұл қызды тек еркек адамға косып жіберу ыңғайсыз болар, қасына әйел косып апару керек.

– Мұның да дұрыс, қызым.

– Тәте, түрікпенге өзің кет. Барғанда бай байды сыйлар. Қарасайды ертіп ал, қыздың жанына оның әйелін отырғыз, түйемен көшіріп апар.

– Мұның да жөн, бірақ мен шаршап қалам ғой.

– Шаршасаң шаршарсың, жаудан түскен жесірді «қайтарып берем» деу де жеңіл-желпі ақыл емес, ол келсе, тек өзіңнің қолыңнан ғана келеді, – деп Бөбек Қайып пен Ескуаттың беттеріне қарап отырып айтты.

Есжан ойланып отырып: – Жарайды барайын, – деді.<--break->

– Жездемді шешіп жіберем, кетсін аулына, – деді Есқуат орнынан тұрайын деп жатып. Сергек қуанып тұр, әкесін бір ауыз сөзбен тоқтатып, түрікпен еліне жібермей қалғаны үшін қарындасына тым риза.

– Шешсең шеш, бірақ мығымдап айтып жібер, бұдан былай біздің елдің ішінде жүрмесін, көшсін. Жоғарыдағы Жеменейдің арасына барсын, – деп еді Есжан, Есқуат іле: – Жоқ, жоқ, тәте, – деді. – Өйтіп қатты кетпе, есіткен елден ұят. Қаражанды көшіргенде апамның бетін қалай көреміз. Өзіміздің атымызға сынықтык келеді, – деп Есқуат басын шайқай берді.

– Ағаекемдікі дұрыс, ауылға да бір тентек керек қой, – деп Бөбек мысқылдай күліп жіберді.

– Мен алжыдым ба, әлде сендер жетістіңдер ме? – деді Есжан басын сипап.

Түс ауа екі жағына бос кебеже теңдеп, оны қалқалай текеметпен орап, жуас жарбайдың үстіне екі әйелді отырғызды да, Есжан мен Қарасай екеуі атқа мініп, шығыс бетке қарай жол тартты.

Қаражан «қонақасы жейсің» деп Ескуатты ертіп аулына тартты.

Бай да, мырза да жоқ, ауыл оңаша. Бөбек кішілеу ақ самаурынды Қайыптың отауына әкеле жатыр. Тасымалдап жүрмей-ақ күндізгі шайды осы үйден беретін болып, шешесімен келіскен.

– Мамыртайдың ақылы қыздарында ма деп қалдым, – деп күлді Қайып самаурын әкеле жатқан Бөбекке.

– Е, – деді ол оның сөзіне түсінбестен.

– Түрікпенге жібермеген сен ғой бізді.

– Жауға сенім бар ма, олардың да жындылары шығып, жап–жас екеуіңді бірдей бауыздап кетсе қайтеміз?

– Дұшпанға сенуге бола ма. Түрікпен дегенді мен көрмегенмін.<--break->

– Мен де көрген емеспін, әйел адамын көрдік қой бүгін, кәдімгі өзіміздей жан, – деді Бөбек төрде отырған Қайыптың тұсына жақындай беріп. Отаудың іші ыбырсып жатқандай көрінді оған.

– Қалай екеніне түсінбеймін, қалмақ пен түрікпенді қазақтың ата жауы дейді.

– Елін шауып, қазақты талай қақсатыпты ғой олар.

– Түрікпенді мұсылман дейді. Құдайы бір, құраны бір бола тұрып неге жауласады екен бұлар?

– Кім білсін, – Бөбек үйдің ішін қағып-сілкіп тәртіпке келтірді. Қайыптың астына қалыңдатып тағы да бір көрпе салды. Ол Қайыппен реті келіп сөйлеспеген еді. Қайыптың да ондайға жігіт болып құмарлығы жоқ болатын. Әнші сырбаз жігіттің сыртқы сымбатына көзі жеткен қыз енді ішкі сарайына да үңілгісі келетін сияқты. Осындай оңашасын тауып дидарласып тұрғаны мынау. Қыз бен жігітте алып бара жатқан өзге ой жоқ, тек әшейін ғана жалпы адамдарша лебіз білдірісу. Бөбектің айттырулы жері бар, жақында ұзатылайын деп отырған қыз, Қайып болса бір жақтан келген етікші.

– Нағашы қарындас, қашан ұзатылайын деп жатырсың? – деді орнына отыра беріп. Ол әзілсіз шынымен сұрады.

– Ағамнан сұрамадың ба? Мен қайдан білейін, – деді Бөбек. Оның білмейтіні рас, не жеңгесі, не шешесі құлақ қағыс еткен емес. Білсе, әке мен ағалары білер, еркектер қашан таянғанша әйелдерге айта қоя ма.

– Баратын жерің қай рудан екен?

– Кедей деп есітем.

–  Күйеуді көрмеген екенсің ғой.

– Жоқ, кім біледі қандай сұмырай екенін.

– Қой, олай деме. Өзіміздей бір жігіт шығар.

– Қане, ондай болса... теңім табылмай ма деп қорқам, – деп Бөбек мұңая сөйлегендей болды. Жұрттың баратын адамын теңің емес деген өсек–аяңынан жүрегі шайылып қалған қыз осындай дүдәмал ойын ортаға салғандай еді.

Қайып одан әрі сөзге келмеді, іске кірісті. Бөбек отырмады. Үйден шығып кетті.<--break->

Жетінші тарау

 

Бай иек қағады, айтады, басқалар бұлжытпай орындайды. Ауылдағы бар шаруаны тындыратын Есқуаттың өзі. Ол әсіресе былтырдан бері әбігер, қарындасын ұзатуға жан–жақты әзірлік көріп жатыр. Өткен күзде екі үйдің ағашын Бесқаладан алдырған, биыл олардың жамылғы-жабдықтары бітті, қос отаудың ішкі дүниелері де біршама реттелді. Енді қыздың киім-кешек, жасауы сайланып жатыр.

Бай көптен бері сайлы тігетін шебер етікші таба алмай жүретін, іздегенге сұраған ол да кезікті, әлі алда талай бейнет бар секілді. Хиуаға керуен жөнелту керек, азық-түлік мұқтажы сол жақпен бітеді. Берісі Үйшік, әрісі сонау Тұзтөбе, Орынбор жәрмеңкелеріне мал айдатып, асыл мата, алтын, күміс сиякты қадірлі бұйымдарды сол қалалардан алдыртуға тура келеді. Әйтеуір іс көп, бәрі де жетіп жатыр, тек қана уақыт керек соған.

Зибаның күбінісі тым ерекше. Ұзатылар қыздың бабын табу, үлде мен бүлденің түр-түрін сұрыптау оған оңай соғып тұрған жоқ. Ол әйелдерден шебер тауып, алға тағатын алқа, өңіржиек, артқа сән келтіретін салалы шашбау жасатып қойды. Сақина, жүзік түрімен, сырға, білезік жұп-жұбымен зергердің қолынан биыл шыққан. Үнсіз жүріп, көп ойлайтын бәйбішенің соңғы кезде денсаулығы болмай жүр, басы ауырып, көзі қарая ма, мең-зең болып тұла бойын зіл басады да жүреді. Екі рет әулиеге түнеп келді.

Осы кезде, әсіресе, байлар жағында қыздары, жас әйелдері, коңыраулы, көксауыр етік киетін бәсеке шыққан. Есжан ондай етікшіге кездесе алмай жүретін. Онысы табылды – осы Қайып.<--break->

Қайыптың маңдайы жарқырап, көзінің алды күлімдейді. Келбетіне ісі сай жас жігіттің қабак шытуы кем, қашан да көңілді отырады. Іс үстіңде көп түртінбейді де, он саусағы қатар қимылдап, желдіртіп кетеді. Дағды алып қалған епті қолдары ұстаған нәрсесіне тым батыл. Жайғасып отырып, алтындай жылтыраған төрт елі сары тоғалы қызыл белбеуді шеңберледі де қос аяғына кигізіп, тізесіне таман сырғытты. Былғары белбеу тізеліктен екі-үш елідей жылжыды да тоқтады. Енді тігілетін етіктің қонышы сол белбеуге қыстырылады. Етікті өз ыңғайына қарай малдас құрып та, көсіліп отырып та тізеге қыстырулы затын тіге береді. Іс үстінде көбіне көсіліп отырады. Ақшыл жүзіне қан ойнап, оның іштегі шаттық сезімін байқатып тұр. Демді мұрнынан шығарып ыңылдап ән толқынын үйіреді. Ойға оралған жаңа әні болса керек, қайта-қайта қайырады.

Жаңа саз, тың қайырымдар шынар таудың баурайына ытқыған көк қайнардай әріден жүрек түбінен толқындап көтеріледі де, бергі күміс көмейге жеткенде сан ғажайып әуен нақышқа түсіп, сиқырлана құйқылжиды, сыртқа шығып маржандай құбылып, сырлы сазына түседі. Тыңнан ән шығар кезінде Қайып өзін игере алмай қалушы еді. Оған айтатын ыңғайлы жер немесе бос уақыттың керегі жоқ, тек оңашасын тапса болды, ыңылдай береді. Кейде ол қиналып қысыла ма, бір сәт өзінен өзі түйіле, алыстарға тесіле қарап, қатты бір толғанысқа түсіп кететін. Осындай шамырқану кезінде ол өзге дүниеге көңіл бөлмегендіктен, төңірегінде не болып жатқанын сезбейтін. Жүректі жарып шығар екі бірдей тілек бар, бірі қиыннан қиыстырылатын меруерт сөз - өлең жолдары, ендігісі көкірек көңілден тебірене шығатын ыстық леп, аяулы жанның азығы – айшықты ән әуені. Қайып үшін бұл екеуінсіз дүние бос, жалған жайдақ секілді. Қайып кеше түнде әрі аударылып, бері аударылып таң алдына дейін ұйықтай алмады. Ойлана–ойлана санасы қалжырады. Әуелі өлең жолдарын тоқыды. Бірінші сүре... екінші... үшінші... төртінші... Енді қайырмасы.

Асыл арман...

Шоқ дүние...

Өтермісің әлу-ай...

Ыңылдап бүгін айтып отырғаны түнде жатталған сол өлеңнің әні.<--break->

Қара кемпірдің құлағы тосаң, Қайыптың ыңылын онша есітіп те отырған жоқ. Өзімен өзі шұқшыңдап, білектей ақтарамысты тіндеп отыр. Ол басқамен ісі жоқ, кепкен ақ қайзаң тарамыспен алысуды біледі. Бар күшін сарқа сауатын аңқаулау аккөйлек жан. Өмір бойы иек асты болып қалған бейбақ кемпір жан-жақтан әмір есіткісі келгендей қасында отырған адамға жалтақ-жалтақ қарап кояды.

– Шеше, не ойлап отырсың? – деді Қайып қос алақандай етік басы қара былғарыны тізесінің үстіне жайып жатып.

Кемпір селт етіп жалт қарады. Қолындағы ұршығын жерге тіреп, Қайыпқа қарай аузын аңқитты. Не айтқанын шала естісе керек.

Қайып күліп жаңағысын қайталап айтты.

– Ей, жарығым-ай, шешеңде не ой болсын. Әлгі Тоқпанжанға көзімнің тірісінде бір шүйкебас бұйырса екен деп ойлай берем,.

–  Алла оңына оралтар, – деді Қайып.

– Айтқаның келсін, шырағым. Жаратқан алла жар болғай, – деп қария маңдайын кұбыла бетке бұрып екі қолын жая тәңірісіне сиынды.

–  Малдарың бар ма?

–  Жоқ, балам. Еншіміз Есжанда. Төрт некелі болдым дедім ғой.

–  Солардың екеуі осылардың жақын ағайындары болатын. Олардың еншілері де Есжанның мойнында жүр. Сорлылар мал шығындап қыз алмай кетті ғой. Малшыларына бірінен кейін біріне мені некелеп беріп әбден олжалады, – деп кемпір күрсінді.

Қамықпа, шеше, өткен іс өтті. Қолыңда бала қалыпты, шүкірлік ет.

– Иә, иә, жарығым. Осы Тоқпаным жаман да болса қыз алса екен.

–  Бұйырса алар.<--break->

– Қайдам. Әкесіндей бақытсыз болмағай. Мен Тоқпанның әкесінен он тоғыз жас үлкен едім. Сол жігітке әлі күнге дейін жаным ашиды. Байдың аузы жақсы әйтеуір. «Қыз айттырып алып беріп, енші бөліп шығарам» деп жүр.

Сырттан тықыр шықты. Әйел адам сәл тамағын қырнады. Ұлы сәске кезі еді. Сырттың аптабы ішке соғып тұр. Бұл жолы ауылдың қонған жері сексеуілі аз өсетін, қысы ызғырықтау, жазы ыссы болатын дөңдеу шағылды атырап. Қайып сусап отырған. Бұрын сусын әкеліп жүретін Қарасайдың келіншегі еді, сол болар деп ойлап қалып еді Қайып, ол емес екен.

Есікті еппен көтере ашып жайымен ғана созыла Бөбек кірді. Қара кемпір қалбақтап орнынан тұрып кете жаздады. Төменгі құрамдағыларды байдың үйінің осындай мысы бар басатын.

Бөбек жігіттен сыр тартқысы келді ме, әлде өзі оған сыр тастайын деді ме, маңғазданып, өзін такаппар ұстады. Оның ізінше Қарасайдың келіншегі Зағира кірді ішке. Қолында бүйірі томпайған кішкентай сырлы метей шелек. Метейше емен ағашынан тым әдемі жасалған. Домалақ метейшенің белдеу тұтқасы алтынның буы берілген темір жалтырап тұр.

Бөбек оң жаққа Қайыпқа жақынырақ келіп бір тізерлей отырды да, есіктен кіре берген Зағираға бері әкел дегендей ишарат етіп, сәл қолын созды. Зағира метейшені Бөбектің қасына әкеліп қойды, бір қолындағы сырлы зереңді оның үстіне жайымен төңкерді.

–  Әлгіні де... – деді одан кейін Бөбек болмашы езу тарта.

Зағира шығып кетіп, көп ұзамай қайта кірді. Ақ дорбаға салулы үлкен түйіншекті ала келіп, оны да қыздың жанына койды.

Бөбек аздап көлбете шайқап-шайқап алды да, метейшенің тығынын ашты. Көпіршіген ақ шұбатты сырлы зереңге онша кілкітпей құйып, Қайыпқа жайымен ұсынды.<--break->

Ер мінез сабырлы Қайып өзінің үйреншікті әдетімен қипақсыз байсалды қалпын сақтап отырған. Бөбек бүгін көкіректеу көрінді оған. Байдың қыздары осы ғой дегендей болды ма, ол іштей шамданып, Бөбекті жаратпай қалып еді. Қайып әуелі мұртын сипап қойып зереңге қол созды. Бөбек ұсынған аяғын қайтып та ала алмай, іс тігіп отырған жігітке «мә ағарған іш» деп те айта алмай, біраз бөгеліп отырып қалды.

Қайып қол созған кезде қызыл зеренге тырмысқан нәзік ақ саусақтарды көрді. Қызыл зерен дір-дір етеді, ақ шұбаттың кілегейі де діріл қағады. Жігіт байқағанымен қыз онысын елемеді. Жігіт оған тіс қаққандау көрінді, содан ба Бөбек туралап қарай алмай отыр. Бірақ кеше де, бүгін де жігіттің үстіне өзі кіріп келуі қыздың батылдығы еді.

Шұбатты жұтып болып, Қайып тағы да мұртын сипады. Қара кемпір де қалтақтап отырып, бір зеренді сімірді. Бөбектің өзі де сусындады. Зағираға да кұйды.

– Шеше, – деді ағарғанның асы қайрылған соң Бөбек,- ана дорбаның ішінде шай-шекерден сыбағаң бар. Үйіңе бар да терлеп шай іш, Бесін намазын оқып келерсің.

– Алла жарылқасын, қарағым. Ой-й, дүние-ай, шешеңнің кенезесі кеуіп жүр ғой бұл күнде, – деп кемпір домаланып орнынан тұра берді.

– Алдымызда ненің барын кім білсін? Бір кездерде бұл да бір байдың қызы екен, – деп Бөбек бүкіреңдей үйден шығып бара жатқан қарияның соңынан қарап, демін әріден алды.

– Сорлының тағдыры сондай болыпты, есіттім – деді Қайып.

Бөбек енді босағаға таяу отырған Зағираға көз тастады.

– Менің жаялығыма дейін жуып өсірген осы кісі. Бұл да бақытсыздыққа ұшыраған жан, – деді Бөбек енді төмен қарап. – Елге би атанып жүрген дәулетті жігіттің тұлымшағы желбіреген әп-әдемі қызы екен. Әкесі мен шешесі бір күнде шешектен өліпті. Жетім қалған ағасы мен қарындасы екі кісінің қолында кетеді. Алты жасар қыздың кейінгі несібесі біздің босағамызға шашылыпты. Не көрмеді бұл бейбақ, желкесі ұйып бала арқалады, иығы кесіліп отын тасыды. Қозы бақты, түйе қайырды. Қауғалап су тартты, шөкімдеп от жақты. Ат теуіп аяғын мертіктірді, үлек шайнап қолын сындырды. Жетімдіктің зардабын тартып жүріп бой жетті. Әкем алысқа жіберген жоқ, есігімізде жүрген жас жігіт Қарасайға қосты. Құдай тағы қысулы, көптен бері бала көтермей жүр. Сен бедеусің деп сабайтын күйеуінің таяғы да өз алдына. Дүниеде не көп, бақытсыз жаратылған жан көп.<--break->

– Оның рас, – деді Қайып етіктің өкшесіне шеге қағып отырып.

Бөбектің Зағираға жаны ашып отыр. Өзін шешесіндей жақсы көреді. Жүдеулігі болмаса, қонақ үрікпес ажарлы да сол. – Зағира, – деді Бөбек қара кемпір кеткен соң, – жеңешеме айт, менің көк бешпентім бар ғой, соны саған берсін. Ана қоңыр сәтен көйлегімді де киіп ал. Мына тұл қалғыр шекпеніңді шешіп тасташы.

– Жеңешем ұрыспай ма? – деді Зағира іштей қуана тұрса да.

– Анам ба? Ұрысса, маған ұрсар, – деді Бөбек.

Үйден шығып бара жатқан Зағираға ол: – Тез орал. Осы маңда жүргейсің, – деді.

– М–м–м... – деді бәрін түсінген Зағира.

Қыз бен жігіт оңаша қалды, бірақ Қайып емекси қойған жоқ. Ол Бөбекті сынап отырған сияқты. Қыздың қыбыр-қимылына, айтқан сөздеріне зер салады. Байқауынша Бөбек оған дара бәйбішелеу көрінді. Мүмкін оның онысы байдың қызына тән еркіндік шығар. Қайыптың бір түйгені: Қыздың алдында не барын кім білсін деп күрсінді. Қыздың бұл сөзінде ерекше мән бар тәрізді. Мұның өзі ертеңін ойлау, алдағыға көз жіберу деген сөз. Келешегін ойлайтын адам алға мұнарта тәубемен сөйлейді. Ол – пікірлілік.

Жас жігіт қыз бойында өжеттілік бар-ау деп те сезінді. Анадағы түрікпенге кетердегі Бөбектің әкесіне айтқан сөздері Қайыптың есінде тұр. Үлкенге ақыл айта білу, оған оны көндіре білу – зерделілік, естілік. Орынды батылдық сондай болу керек.

Қайып ойланып отыр. Қара кемпірге бесін намазын оқып келерсің деді-ау. Кемпірге қыздың «бізді оңаша қалдыр» дегені ме...

Зағираға «осы маңда жүргейсің деді ғой. Онысы айналаны торып жүр, бізді сұқ көзден сақта» дегені ме екен. Жігіт осындай оймен әуре болып отыр. Неге екенін кім білсін, Қайып қыздармен қылжақтасып көрмеген. Әлі күнге шейін қызбен сөйлескенде, жас болып бойы қыза жүрегі лүпілдеген емес. Топта жүрген әнші көпті, көрген шебер жігіт көкірегінің оты жанса, қылмыңдайтын жеңгелер де бар, қалжыңға көнер қыздар да табылар. Ондайға Қайыптың қабілеті әлі оянбаған секілді, бүгін де сөйтіп отыр.<--break->

Бөбекке Қайыптың ұнағаны оның елден ерекше киінетін төрелігі, сыпайылығы еді. Содан кейін Есқуатқа айтқан жарастықты әзілі мұның бүйірін бүлк еткізгендей болып еді. Дастарқан үстінде анадағы жездесі Қаражанды жерлеген сөздері Бөбектің жадында түр. Ондайға сондай қанжар сөз керек еді. Әсіресе, әнеугі әннен кейін Бөбек неге екенін өзі де білмейді, Қайыпты сырттай өзіне жақын тартып жүр. Ол туралы көп ойланатынды шығарды. Кескін келбеті көз алдынан кетпейді. Күнде көріп тұруға ынтық, онымен дидарласып сөйлесуге құмар. Әйтеуір көргісі келіп тұрады, соқыр сезім бойын билеп алған. Пікірлі қыздың жүрек түбінде бір зілдей ой жатыр: бұрын көрмесе де, алыста жүрген иесі бар – айттырулы. Дегенмен... Қайыпқа жан тартқысы келе береді. Неге екенін өзі де білмейді.

– Әніңді сағындым, – деп қалды Бөбек. Абайламай айтты. Күлімсіреп Қайыптың бетіне қарады.

– Қалай сағынасың? Сен менің әнімді есіткен жоқсын ғой, – деп жалт қарады Қайып.

– Анада жеңешем екеуміз келіп, көрінбей сыртта отырғанбыз.

– Неге көрінбедіңдер?

– Әй? – деді де Бөбек ар жағын айтпады.

– Көпшілік бас қосса, айтамын ән дегенді.

– Ата-анам бір жаққа кетуін күтіп жүрмін. Бастаңғы жасаймын.

– Мейлі, бастаңғы болса бастаңғы болсын, – деп Қайып күлді.

Зағира есіктен қарап еді, Бөбек: – Шай қайнат. Осында ішеміз? –деді.<--break->

                                                                      * * *

Байдың үйінің алдындағы желі басына қағылған жуан ақ бақанның түбіне жалғыз атты жолаушы келді де, атынан түсе қалды. Жұпынылау киінгенімен, жігіт сом денелі, жүрісі ширақ, мығым. Аттан түсе байдың үйіне тартты. Сәлем бере үйге кірді. Бұл Кедей Демесін байдың үйшісі Тілес еді.

Есжан үйінде отырған. Жол жүріп келген Тілес шай-суға қарамастан, бірден хабарын айта бастады.

– Мені құдаң Демесін жіберді, – деді ол салулы көрпешенің үстіне отыра бергеннен. – Есбер інім қалыңдығына ұрын барады деп жатыр. Құдам айтсын, қай жұлдызды белгілейді деді.

– Сен өзіі Демесіннің кімі боласың? – деп сұрады Есжан Тілестің ибасыздығын жаратпай.

– Үйшісімін.

Есжан іштей шамданып қалды.

– Атың кім?

– Тілес.

– Сен өзің өкпеңді қолыңа алып отырсың ғой, асықпа. Құдамнан келген құдасың. Қонып қонақ асыңды жеп, ертең кетесің, – деді Есжан сабырлы үнмен.

– Жарайды, жарайды.

– Сен Демесін құдама айтып бар. Мұндай іске өзі келіп ақылдасып кеңесіп кетуі керек еді. Құдалык баланың ойыны емес қой. Бұл тайыздығы ма, сарасыздығы ма?

– Айтайын, айтайын? – деп жаутаңдады Тілес.

– Бұл үйдің мырзасы бар, қыздын ағасы. Ендігісін сол біледі, – деді Есжан сәл қабағын түйе отырып.

Тілес Есқуаттың үйінде отыр. Мал сойылып жатыр. Есқуат әйеліне – Мынау сыйлы қонақ, – деп сыбырлап қойған.<--break->

Жеңгесі сырттан самаурын әкеліп жәрдем беріп жүр. Бөбек шай құйып отыр. Самаурын ортая бергенде, бұл үйге тағы бір қонақ келді. Болыс салық жинаушысы екен. Жасы ортаға келіп қалған ақсары ашаң кісі. Елге белгілі. Өз атын атамай, әкімдігін әсірелегені ме, жұрт оны Айдабол деп кеткен. Айдабол да Тілестің үстіне кірді.

Ішіліп жатқан шайдан Бөбек оған шай құймады. Оған өз алдына дастарқан жайып, шай демдеу керек.

Есқуат Қарасайды шақырып алып, тағы да мал сойғызып жатыр. Ел мәсіккен сайын оның ырың-жырымы, салт-дәстүрі де көбейе түседі. Шай үстіне келген қонаққа ол шайдан шай құймай, соңғы келген қонақты қайтарып қоятынды шығарған. Сонда алдыңғы шай біреудің сыбағасы, кейінгі дастарқан өз сыбағасы болып есептелінеді. Жаңа Тілеске бір мал сойылып еді, енді оның ізін ала келген Айлаболға тағы бір марқа шалынып жатыр. Бүгін бұл үйде қонақтарға екі бас қатарынан тартылады. Бұл елге де әдет болып барады. Кең тынысты халықтың жайшылық замандағы тіршілігі осы. Байлар мал басын арттырам деп әлек, мырзалар жұртқа атағын шығару үшін берімнің, сый-құрметтің түрін көрсетуге құмар.

Бір түнеді де, Тілес Есқуатпен келіскен соң, аулына қайтты. Айдабол қалды, әлі де екі-үш күн қонақ болады. Екі түрлі есеп бар: бірі жоғарыға өткізетін салық, енді бірі Айдаболдың өз үлесі. Келісім екі жақтың пайдасына шешілуі керек. Берсері көп, алары бар адамдар заманның осындай шиырына ілінеді, әркімнің мақсаты – сол шиырдан сүрінбей өту.<--break->

Сегізінші тарау

 

Күн қызып түр. Сонау көкжиектен шарбыдай созылған жұқалаң сағым сілемдері көрінеді.

Төрге күн түсті. Бөбек сыртқа шығып, түндікті еңкейтті.

Төңірекке көз жүгіртті, – тып- тыныш.

Бүгін ауылда бай да, бәйбіше де жоқ, әулиеге түнейін деп кеткен. Бәйбішесі «басым айналады» дейді, шалы «деміге» берем дейді. Бүкір молда кітап ашып «Апырмай, ерлі-зайыпты екеуің бір жерге отырып дәрет алған екенсіңдер. Сол жері түскір бір иесі бар нәрсенің аттап өткен тұсы екен. Салқыны тиген. Аллаға сиынып, енді әулиеге түнеңдер» – депті.

Бөбек иіліп ішке кірді. Жағалап төр жаққа шықты. Қайыптың сол жағына келіп отырды.

Қайып күміс сақиналы үшкір ақ сапты бізін ойнақшыта ұстап көсілген қос тізесінің үстіндегі жылтыр қара сүрікке түйрей беріп еді, сол кезде сол иығы білінер-білінбестей сәл қиқаң етті. Қыз – жігіт колының жүрдектігіне қабағының астымен енді ғана сүзіле қарап, таңданған пішінмен күлімдей түсіп еді.

Әттең-ай. Жігіттің сұқ саусағының ұшынан тарының түйіріндей бір тамшы қызыл қан іздеп барғандай-ақ тігістен созылған ақ тарамысты бойлай тамып кетер ме. Бұл мұндай болмасы. Қашаннан дағды алған үйреншікті он саусақ біз шаншарға келгенде бұндай жазым таппас-ты, қалай болды бұл. Әлде жүрек тұсына көп таяу отырған қыздың жалыны шарпып, бірден жігіт көзін қарлықтырып жіберді ме. Қапелімде қос жүрек тоғысарда үйіріне талпынған тайдай тыпыршып кететіні де бар, бәлкім осы ойпаң-тойпаң үрдіс соққан жігіт жүрегі өнбойын дүрліктіргенде ұсынақты он саусақ та бір сәт дір ете түсіп жаза басқан болар.<--break->

Қайып қыз алдында елең еткісі келмей қан шыққан саусағын бас бармағымен бір сипап койды да, тағы да бізін шаншып, тарамысын  өткізе  берді.  Онымен  қан тиылмады, қызыл тарының жарқыншақ сынық қауызындай болып әлгі жерден тағы көрінді.

Бөбек жайымен жан-жағына қарады, бұл шүберек ізденгені, бірақ әдеп сақтап үндемей отыр. Қыз ойын Қайып та түсінді.

– Керек емес, – деді қан шыққан саусағын ол алдындағы былғарының ішкі бетіне апарып, сүйкеп-сүйкеп жіберіп. Сосын қыз бетіне әбестік еткен кінәлі кісідей ыңғайсыздана қарады да, мырс етіп күліп жіберді.

– Не болды сондай–ақ? Топырағым басты-ау бәлем, – деп күлім қақты Бөбек.

–Солай болды, нағашы қарындас, – деді Қайып күле отырып қыз бетінен көзін айырмай.

– Қолынды жу, – деді Бөбек қозғала беріп.

– Іс тігіп отырмын, қажеті жоқ, – деп Қайып басын шайқады.

Бөбек орнынан тұрып барып, босағада тұрған аққудың мойнындай иірілген ұзын мойын сары жез түрікпен кұманды әкелді де, шүмегін еңкейтті. Қайыптың алдына ұсынды. Жігіт бір көлбей беріп, жууға қолын созды.

– Түс болды тынықсайшы... Жиыстыр анауыңды, – деді Бөбек.

– Әкең құрғыр асықтырып жатыр. Шапшаң істе, тез бітір дейді. Көбірек жатсам, опырып кететіндей тамағын қызғанып жүр ме, байы түскір, – деп Қайып қалжыңын аралыстыра шынын айтты.

– Қапылатын да жүретін әдеті олардың, асықпай жата бер, – Бөбек қабағын шытты отыра беріп.<--break->

Қайып келгелі шал-кемпірге бір-бірден мәс-кеуіш тігіп берген. Ізет құрмет әуелі үлкенге арналады. Қары үлкен үйден кейін одан дүреген отаулар бар. Бүгінде өз алдына басқа ауыл болғанымен, үлкен отау атанатын қара сақал Дүйсеннің сыбағасы деп шал-кемпірдің жез өкшелі мәс-кеуішінің ізін ала тігіп, биік өкшелілеу орыс етіктен гөрі жайдағырақ кең қонышты қызыл былғары ноғай етікпен бәйбіше, келінге арнала тігілген құс тұмсық көксауыр етік, түрікпеннің қырмызы қызыл түкті қалы қоржынымен Қыземшектен әрідегі ауылға алдыңғы күні жөнелтілген болатын.

Бүгін таңертеңнен бері Есқуаттың етігіне кірісті. Соның бір қонышының соңғы тарамысы өткізіліп жатыр.

– Қояйын осы, айтқан соң болмас, – деп Қайып санына тартылған жалпақ белбеудің тоғасын ағыта берді.

Бөбек жігіттің кимыл–әрекетіне байыппен сынай қарап кояды. Ажарының астарына дейін ол көз жүгірте үңіліп, оймен елеп отыр. Шырайы жылы тартқандай. Жігіт болған соң ол анау айтқан ұялшақ ынжық болмауға тиіс. Көзінің оты болсайшы. Сол оттың өзінен адам арқа сүйейтіндей ер мінезінің тереңінен өжететтігі мен қайрат-қажыры көрініп тұрса... Әйел жаны қашанда өзіне пана іздейді. Қаһарын төгіп, жазасын сүйрей келетін томырақ мінездер бар, дүниеде әйел заты содан зәрелейді. Ердің ерлігі болсын, бірақ ол әйелге тігілмесін. Жігіт жүзіне қарай отырып қыз көңілі әр нәрсені бір аңсағандай болады. Бір нәрседен шошынады. Енді бірде өз-өзінен жүрегі жылап жүре береді. Ұйтқып соққан желдей бір сезім бір сезімге ұласып, тоғысып кетіп, жас қыздың ойын шашырата жан-жаққа тартқылайды. Бөбек бұған шейін еркек атаулыны жек көретін. Неге екенін өзі де білмейді, әйтеуір суқаны сүймеуші еді соларды. Әйел-еркектің ерлі-зайыптығын ойлағанда оның зәресі ұшатын. Қалия жеңгесінің жонында қамшы тілмеген иненің жасауындай сау жер бар ма екен. Қауызынан жаңа шыққан гүлдей жас әйелдің Аллаға, адамға не жазығы болды екен сонша. Жас қыз еркектің бәрін Есқуат ағасындай көретін де, ал әйел біткенді жеңгесі Қалиядай санайтын. Ол осы отырысында әйелге деген қатал мейірімсіз ағасының түр-сиқын көз алдына елестетіп отыр. Мына Қайыптың жүзінен де сондай қаталдық пен мейірімсіздікті іздегендей болады. Бұрын еркек атаулыны жек көріп келген Бөбек бүгін қолға үйретілген асаудай болып Қайыпты қанша ұнатса да, соған деген жылы сезіміне көндіге алмай отыр.<--break->Тап осы шақта ол жыланның арбауына түскен торғай сияқты, өзін алға тартып бара жатқан белгісіз күшті қапелімде кейін тартқысы келеді, бірақ болар еместей. Бойын жайлаған мылқау сезім өзін-өзіне игертпей ілгері қарай жетелеп барады. Қарсы алдындағы мұрты шиырылған қалақ жауырын қайқы төс, маңдайы кере қарыс алпамсадай жігіттің күлім қаққан жайдары жүзі әншейін-ақ мұндалап тұрғандай. Оның ажар көркі, арыдан тепкен қан-сөлі, көз қарасы мен қабақ қағысы, бүкіл қимыл-қозғалысы бұрын Бөбек көріп жүрген еркектердің ешбірінікіне  ұқсамайды. Неге ұқсамайтындығына Бөбектің өзі де түсінбейді, сондықтан ол қыдыр көрген жандай болып ысып-суып, еріп-балқып, өңі не түсі екенін тіпті айыра алмай отыр.

– Бізіңді көрсетші, – деді Бөбек қолын созып.

– Абайла өткір, – деді де, Қайып қобдишаға енді салайын деп жатқан бізін беріп бұрылып Бөбектің қолына ұстатты.

Бөбек үнсіз отырып бізді былай-былай айналдырып көріп шықты. Әдемі-ақ, сынық сүйемдей ғана сабының өн бойына созылған өрнек әшекейден көз сүрінеді, қошқар мінез айшық оның ара–арасына арқардың, құланның, тағы басқа түрлі жәндіктердің кескіні түскен оймыштардың бәрі ақ сүйекке таңбаланған да, ол ағашқа көмкерілген.

Әр сүйектің қиындасқан жері жіңішке ақ күмістің сызатымен бунақталған. Төменгі ұңғылығына алтын жиекті күміс сақина кигізілген, ол да әшекейлі. Саптың төрт жеріне балық көзділеу етіп асыл тастан құрап, теңбіл көз орнатыпты, ол сан қимылға сәулеленіп, нұр шаша жалтылдап жанып тұр.

Бөбек таңдай қаға таңданды. Күлімсірей басын шайқады. Сосын бізді алақанына салып аудармалап, қызықтап тағы бір көріп алды да, сол жұмыртқадай шайқаған күйі иесіне ұсынды. Қайып қыздың діріл қаққан ашық алақанынан бізін үнсіз алып, тұрқы қарыстай ғана кішкентай қобдишаның ішіне салды. Бұл қобдиша да алыстан көз тартатын ерекше дүние екен. Өрнек таңбасы мол оюы айқын түскен сартап сүйектен күптелген жұдырықтай қобдиша қыз көзіне бейне бір пейіштен шыққан заттай көрінді.<--break->

Бөбек таңданғаннан астыңғы ернін жұмыра тағы да басын теңсеп қойды. Жігіт өнерінің алуан қырлылығы оған басқа бір дүниені елестеткендей болды. Әне босағада ақ киізбен бүркеулі ер-тұрман жатыр, ол да тұрғылығымен күміспен безелген. Оны Бөбек Қайып осы ауылға алғаш келіп, аттан түсіп жатқанда көрген. Сонда ол ат-көлігі мен ер-тұрманына қарап, жігітті мынау бір елдің «бекзадасы» ғой деп ойлап еді. Міне, енді сол жігітгің оң қолынан өнер тамған шеберлігін көріп, сол үшін оны асқан азамат сайып «өнер де ер қолынан келеді, өр кеудеден шығады» дегендей бар ықыласымен беріле соған тәнті болып отыр. Жігіт оған ашылмастай сыры бар өзгеден ерекше жұмбақ жан сияқты болып көрінді. Сондықтан болар әріден теуіп қыз бойын қыздырып бара жатқан сиқырлы сезім бар, оның мән жәйін өзі де білмейді, әйтеуір, жігітке деген бір іңкәрлік басым...

Бөбек Қайыптың қасынан шыға алмай отыр. Қараңғыда айналып ұшқан көбелек секілді.

– Қайып, бұйымым бар сенде, – деді Бөбек әлгі жеріне бір тізерлей отыра беріп «Аға» дейін деп еді аузы бармады, бөле-жара «Қайып» деп қалды.

– Уоу, қыздың да бұйымы болар ма екен? Әдетте жігіт бұйымшылайтын еді ғой – деп Қайып күлді – Иә, айт? Бұйымың болса.

– Бүгін бізге ән салып бер. Әніңді сағындық.

– Кімге? Бұйымың жеңіл екен онда.

 

– Жеңешем мен маған. Анадағы әнің құлағымыздан әлі кетпей жүр. Біз далада ши түбінде отырып тыңдағанбыз.

– Ішке неге кірмедіңдер?

– Бізге болмайды ғой.

– Неге? – деп Қайып Бөбектің жүзіне тіке қарап қалды.

– Үлкендер малшы ауылға барғанымызды қолай көрмейді. «Тең теңімен, тезек қабымен» – деп барып, ар жағын айтпай мүдірді Бөбек.<--break->

– М–м–м – Қайып түйіліп қалды – Мен де кедеймін, малым жоқ. Жарлының үйіне кірмейтін болсаңдар, оның әнін тыңдаудың қажеті не? – деп қабарып біраз отырғаннан кейін «қойшы, қызбен тіреспейін» дегендей, бер жағымен жүзін жылытты.

– Шамданба, Қайып. Мен сенен ешкімді де артық көрмеймін. Қайтемін, ата-ананың жолы екен, жарлыны жақтырмауды көз ашқаннан көріп келеміз, – деп Бөбек Қайыпқа көзінің астымсн қарап, бір түрлі жалбарынған пішінде айтты.

– Сөйтпесе бай бола ма? – деді Қайып та көңілін жықпау үшін серги түсіп.

– Білмеймін, әйтеуір байға да, жарлыға да жақсы ат жоқ – деп Бөбек те күлімсіреді.

Қайып бір сәт үнсіз отырды. Әлі де болса қызға кекшілдеу ыңғай жасап сырт орайлау пішін байқатады. Байдың қызы деп бата алмай отырған жоқ. Қайыптың әлгі бір сөзінен Бөбек те шатынап кетерме деген кәдік алып қалып еді.

Сырттан аяқ тықыры естілді. Бөбек қыз болып селт еткен жоқ. Онысын Қайып та сезді. «Әне байдың қызының бір белгісі осы».

Тоқпан екен. Ішке кіре арсалаңдап күле сәлем берді. Екі көзі Қайыпта. Оның тасасында отырған Бөбекті ә легенде көрмей қалған. Енді байқады. Сасқанынан қапелімде көзі алақандай болып кетті. Ілгері жүрерін де, кейін кетерін де білмей қалшиып тұр. Бір орында тұра беруге дәті бармады, бөксесімен ши есікті итеріп сытылып шығуға бет алған кезде Бөбек:

– Әй, қағыңғыр-ау, алдыңнан аждаһа шықты ма, мұнша неге үрейлендің? – деді өзі де ыңғайсызданып.

Қайып байқап түйіп отыр. «Жарлы жалтак, бай сұсты.» Байдың батпан топырағы болса сол топырақтан мына қызы екеш қызыңыз да артқан екен шіркін. Әулетімен айбатты-ау бұлар. Осындай ойпаң-тойпаң талай ойды өткерді. Қайып қас қаққанша.

– Дүй ағам (бұл ауылдың жастары Дүйсенді «Дүй аға» дейді) маған ат мінгізді, – деді енді өкпесін басып Тоқпан.

–  Ат, – Бөбек қайта сұрады.

– Тай. Тай жетелетті. Етіктерін апарып бердім. Аяқтарына шақ шықты. Қайып етікші ағама тәңір жарылғасын айтты.

– Иә. Тағы нең бар? – деп Бөбек күлді.

– Аттан түсіп жатып қоржынды ашпай тұрып. Дүй ағамнан шүйінші сұрағанмын. Шүйіншіме кетерімде тай жетелетті. Қайып ағамды мақтап жатыр. Шебер екен дейді. Шал ма, жас па деп сұрады менен.<--break->

– Сен не дедің?

– Жас дедім. Әнші дедім өзі кербез, түбі байдың баласы шығар дедім.

– Жарайсың, айналайын. Иә, ата-бабаларымыз бай болған деседі – деп қарқылдай күлді Қайып.

Бөбек төмен қарады. Ойланып қалды. Қайыптың кедейлігі оның тулаған ойын кес-кестей береді. Әттең жаны теңнің дәулеті де тең болсайшы. Қыз көңілі құлазып сала берді. Іңкәрлігіне де тілегі шақ келмей отыр. Бөбек кенет басын көтерді де:

– Зағираға айт, шай жасасын, – деді Тоқпанға қарап.Тоқпан шығып кетгі.

– Есқуат қайда бүгін? – деп сұрады Қайып, Тоқпан кеткен соң малдасын құрып жатып.

–  Ағаекем қайын жұртына кетті. Екі-үш күнсіз келмес –деді Бөбек.

– Шал-кемпір жолаушылап жүр. Нағыз бастаңғының күні екен бүгін, – деп күлді Қайып.

– Соны айтайын деп келіп отырғаным ғой осы. Әніңді аямассың бізден.

– Қайдан білейін. Өлең дегеннің өзі бір кінәмшіл нәрсе. Көңілдің көзінен шығады.

– Көңіл-көңіл дейсің, ойнап-күліп отырсақ, соның өзі көңіл емес пе? – деді Бөбек назбен қабағын шытып.

– Бұлданудан аманмын, Бөбек. Қайда да айтылып жүрген өлең ғой, аянбаспын, бірақ менің бір жарамсыз әдетім бар.

– Жарамсыз әдет сенде де бар ма екен? – деп Бөбек таңданған рай байқатты. Сосын наздана езуін тартты.

– Жарамсыз демей не дейін? – деді Қайып сыр шертетін кісідей Бөбекке бұрыла қарап – Мен бар ғой көздің жасын жақсы көрем. Біреулер ән салғанымда, жылап-сықтап отырса, шынымды айтайын арқам қоза береді. Сонда мұңды ұнатқаным ба, әй онынысы не екен?<--break->

– Қайдан білейін, – деді Бөбек күрсініп.

– Шын көріп жүрмін, – деп Қайып әлгі қалпын жазбай отырып сөзін жалғады.

– Қойшы әрі. Жұрттың бәрі бірдей дейсің бе? – деді Бөбек.

– Маған солай әйтеуір.

– Енді сонда жылайтындар кімдер?

– Өзімнің қараша ауылым, – деп Қайып ұзағынан демін алды. – Айдағаны, жиғаны жоқтың бәрі ғой. Өкінішпен өткен өмірлері ән есіткенде естеріне түсе ме, жалшының кемпір-шалдары жылауық-ақ. Мен ән салған сайын солардың көз жастарын сұрап алғандай болам. Соған дағдыланып үйренеді екен адам.

– Сонда өзің де мұңаясың ба? – Бөбек толқып отыр.

– Иә, мен өзім солардың көз жасына ортақ болғандай болып сезінем. Тіпті кемсеңдеп жылағым да келіп кетеді. Сосын ал деп басам. Маған десе таң атсын.

– Қайып-ай, қайдағыны айтып отырсың? Мен де шерлі едім ғой. Басымда батпан топырақтай мұңым бар. Сол мұңымды манадан айта алмай отырмын. Зар тыңдар адамым жоқ маңымда. Ата-ана, ағайын бәрі де үкімін жасап айтады, ал датымды тыңдайтын бірі жоқ. Кімге айтам енді. Алысқа қарап аңырайын ба, әлде апанға түсіп кұрт-шаянға жем болам ба – Бөбек жеңімен көзін сүртті.

– Нағашы қарындас-ау, саған не көрінді. Мен бір ел аралап талап қуып жүрген етікшімін. Қайғы-мұңыңды маған айтуың орын ба? Мен тыңдармын, бірақ қолдан келер дәрмен жоқ қой менде.

– Иә, білемін. Сен тыңдауға да шеберсің. Тыңда, менің зарымды. Жылайын, көр көзімнің жасын. Мен егіліп отырып әніңді естиін.

– Неге олай дейсің, Бөбек. Сенде де шер бар ма?

– Сенің лебізіңді аңсап келдім. Міне, шыға алмай отырмын қасыңнан. Қорғалап отырғаным жоқ, ер-азамат қой, – деп әншейін мұң шағып отырған жәйім бар.

– Бөбекжан-ай, түсіне алмадым ғой.

– Тағы бірде естірсің, – деп Бөбек сөзін доғарды да, тұнжырап отырып қалды.

Зағира шаттана келді. Адам көркі – шүберек. Бай қызының көне тоз киімін кигеннің өзінде жайсаң келіншек болып шыға келіпті.

– Қарында Табындардан келген сары май бар ғой, содан әкеліп май сөк жаса. Бол шайыңды тездет, – деді Бөбек Зағираға сыр білдіргісі келмей, енді жүзін жадыратуға тырысып.

Ауылда Бөбектің ығатын адамдары жоқ. Бүгін оған да, Қалияшқа да еркіндік тиді. Қалияш Қайыптың үстіне кіре бірмейді. Күйеуінің қаталдағы өзіне мәлім. Ол жолдан келгенде, бұл күлімдеп алдында отыруы керек.

Қалияш шамалы күннің ішінде Бөбектің күрт өзгеріп кеткенін сезіп жүр. Бөбек салмақ тартып көп ойланып, әріден мұң шақырғандай болады. Осы жақыннан бері Қайыптың үйіне барғыштап жүр. Ішінен «қайын сіңлім бой жеткен екен» – дейді де қояды Қалияш.<--break->

                                                        Тоғызыншы тарау

 

Нөсер алды аласапыран бола қалушы еді. Суырып соғып, өкпек жел тұратын. Жас шөпті жапырып, ескісін тамырымен копарып әкетеді. Мұндайда талай балапан құстар ұясымен ұшып жоқ болатын. Күңірене күн күркірейді. Оған шошына селт етпес жан жоқ. Нөсер құяды. Сел жүріп топан су қаптайды. Ол нендей жан-жануарды тұншықтырады. Найзағай шарт-шұрт ете қара бұлтты қақ айырады. Көк жүзін былай да былай айғыздап тілгілеп өтеді. Ара-тұра жай оғы тас төбеден тарс еткенде зәре-құты қашып жан сауғалауға пана іздемейтін жан жоқ. Бір кезде осы аласапыранның бәрі де өтеді. Аспан шайдай ашылады. Күн көзі жайма-шуақ нұрын төгеді. Тағы да жібек жел есіп, жер беті масатыдай құлпырып жатады.

Иә, бір-екі күннен бері осы Есжан байдың ауылы нақ нөсерден кейінгі байыз тапқан жер бетіндей тыныш еді. Балалары тақыр қуалай топай атысып, адамдар еркін сөйлеп, шалқая күлісіп жүр. Ойын-сауық та өз сабасында. Қара құрым, жыртық-жыбыры сырт көзге шалынбасын дегендей, әдейі жар астындағы шұқырлау ойпаң жерге тіктірген осы қараша ауылға күміс сапты қара домбырасын жүре шертіп, Қайып әнші дөңестен бері құлап еді. Байдың екі-үш ақ боз үйі де бұл ауылға жақын, ат шақырып атап айтқандай сөздер түгел естілетіндей жерде. Ондағы күркелерде не болып, не қойылып жатқаны көзден таса болмай анық көрініп тұратын жерде. Жайпақ дөңнің басында байдың үйлері есіктері бері қараулы, жоғарыға иек арта бадырайып тұр. Осы екі-үш үйдің бүгін бұрынғыдай сұсы жоқ, адамдары жолаушылап кеткен. Ымырт жабыла бай қызының бастаңғысы басталып кетіп еді. Қарасай – палуан денелі мықты жігіт. Ырсалаңдаған пәтуасыз да емес, қара күштің иесі бола тұра өзінше пікірлі де. Бастаңғы осының үйінде.

Намаздыгерде Тоқпан атқа өңгеріп, өрістен телі емген семіз сары марқаны алып жеткен. Жасынан мал союға епті Қарасай сары бағланды көтеріп ұрған да, шалып жіберген. Төрт аяғын іреп жіберіп, шоқпардай қара күс жұдырығымен төрт-бес рет түйгілеп жібергенде сары марқа теріден ажырап ақ шағаладай болып домаланып шыға келген. Қазір қара қазанда қайнап жатыр. Қарасайдың төрт қанат қара үйі, бұл осы ауылдың еңселі үйлерінің бірі. Байдың мал-соғымы, күнделікті конақасысы – бәрі де осында жаратылады, сондықтан жолым үй емес, кең үй.<--break->

Қайып төрде шиден жаңа шыққан аю ақ киіздің үстінде қара домбыраның құлағын бұрап, бұрауын түсіріп отыр. Сол қанатында бір тізерлей сол қолымен иегін таянып Бөбек отыр. Ол жәй байсалды пішінмен үйдің ішін көзімен шолады. Әлгі бір әзірде әйелдерге өзінің буулы тұрған жасауын шештірген. Осы үйде қазір бірсыдырғы жиһаз бар, төрге қалы кілем ілінген, жерге өңкей ақ текемет төселген. Қайыптың оң шынтағына таяу бір құшақ құс жастық тұр, орамын түгелдей жазбаса да, жарғақ бір қанатының алақанын жайғызып басқұр, кереге бау, уық бау, тағы да сол сияқты неше түрлі өрнектеліп тоқылған әрқилы құрлардан тұмшалата кереге бастарына астырып койған.

Қайып көңілді болсын деп Бөбек өз жасауымен үйдің ішін жорта жайнатып қойып еді, «Менің әнімді жылап тыңдап отырса арқам қоза береді» – деген Қайып. Сол үшін бастаңғы мына жалшы ауылда болып жатыр. Бұл ауылдың адамдары мұнда шерлі келеді, кемпір-шалы жылауық.

Қазан түсірілді, табақ тартылды. Шағын ғана ауылдың азын-аулақ адамдары бүкір молдадан өзгесі тайлы-тұяғымен түгел жиылып келіп сары марқаның сырбазын талапайлап жеп, сорпасын ішіп, келіндер аяқ-табағын жинап әбден тындырған. Тыста, анадай жердегі ши түптерінде иттер таласа-тармаса тістелей алып қашқан сүйектерін кеміріп жатыр.

Әлгіде ет тартылғанда, жас демей қонақ болған соң бас Қайыптың алдына келген. "Ойбай әкем бар", – деп ол табақтан шегіншектей берді. Қазақта әкесі тірі бала бас ұстамас.

Сондықтан төрт жерінен тілінген дөң тұмсық қошқар қозының басын қалың майлы құйқасы мен салбырата мына табақтан ана табаққа аударды да, оның қасына жамбас сүйектің тұтас етімен және оған бір білем құйрық майын қоса салып суытпай со бойда бүкір молдаға атап, кемпірінен беріп жіберген. Қатардан қалған шал байғұс жалғыз өзі қара күркесінде тезек шоғының жарығымен тұқшың-тұқшың етіп басты әлі мүжіп отыр.<--break->

Қайып – ел қаумалағанда сызылып баптануды білмейтін әнші. Салған жерден киіп те кетпейді. Төңіректегі жұрттың ыңғайына қарай отырып, ал әніңді айт дегендей көп көз өзіне қарап жәутең қаққан кезде, қасындағы сүйеулі домбырасына бұл да қол соза береді. Әуелі қос шек бір-екі дың етеді. Оның сазы көмейде ағытылғалы тұрған ән әуеніне үйлес келе ме, келмесе қос құлақ қайта бұралады, сосын жай қағыспен дыңылдай күңгірлей барып бірте-бірте өз бабына түседі. Әне оған ілесе баяу басталып, сатылай көтеріліп, қоңыр дауыс қалықтай жөнеледі. Ән қанаты сонау шырқау биікке дейін самғайды. Одан төмен сорғалайды.

Бөлектейді, кұбылады, кұйқылжиды. Нақышын тауып, сазды ырғағымен тамылжи жеткен ән қай жүректі де тез оятып, тез бұлқынтады. Онысына шерлі жүрек елжірейді, қаяусыз жүрек емексиді. Қызып-суып бой ериді, көңіл балқиды.

Жан дүниең ойнап та кетеді, толқып та кетеді, тайдай тулайды да, буырқанып басылады да. Иә бұл киелі дыбыс өстіп тұла бойды түгелімен күйге қосып әкетеді. Шалқар ән күмбірлеген күй – ол екеуі ен даланың үлесі ғой...

Барады көшіп ауылым Ақшакөлге,

                   Ер салып тарттым айыл Қаракерге.

Пенденің еш арманы болмас еді-ау,

Қосылса ажарымен ары теңге...

Бұл өлең әні ауылдың арасында келе жатқанда айтылып еді. Асығыстау болса да Қайып бұл өлеңнің өзіне арнап жаңадан ән шығарды.

Бөбек айттырулы жерін сүймейді. Онысын шет пұшпақтап Қайыпқа айтып та қойып еді. Бұл ән Бөбектің арманына арналған сияқты. "Қосылса ажары мен ары теңге".

– Уоу, көсегең көгерсін қарағым! Иә, иә, – десіп жатыр үлкендер. Жастар жағы жымыңдап қараңғыда бірін-бірі шымшысып өтті.<--break->

Қалияның жанында Аюп отыр. Ол да жас келіншектің бүйірінен одағайлау етіп бір түртті. Келіншек түрткіден тіксінбеді, қайта ол әлгі түрткен қолды іздеп тауып әкеліп өзінің санының үстіндегі мақпал бешпенттің жалмағай ұлпа түгін сипатты. Үйдің іші бірді танып, бірді танымайтындай кою қара көлеңке. Қуанғаннан Аюптың жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Еті жанып басылды. Қолын әлгі жерден алмайды, шеңгелдеп қысып, қайта сипап бешпенттің етегімен қоса сан етке тыныш бермеді. Келіншек те бар денесімен тітіркене қиқаң еткендей болып бойдақ жігітке наз етіп қоятын секілді.

Бұл екі жастың осынысын байқағандай сезімдерінің үстінен дәл түсіп Қайып тағы бір әнін әуелете жөнелді.

Сайрап қал жастығыңда қызыл тілім,

Жігітке бұл да болса өнер, білім.

               Ойнап күл, қатар кұрбым, қапы қалма,

               Бұл дәурен баста тұрмай өтер бір күн...

Бөбек әннің әрбір қайырмасын беріле, елжірей тыңдап, мызғымай отыр. Қасындағы Қайып оған биік бәйтеректей көрінеді, өз үйірінен адасып келіп оның бір бұтағына ғана қонып паналап тұрған әлсіз балапан сияқты. Мылқау, бұйық сезім, өзінен-өзі ауыр тартып, қыз жүрегін қорғансыздың күніне батқандай жалғыздыққа мегзейді. Оған маңдайын тірейтін таяныш керектей. Оны іздеу керек пе, табу керек пе, қаранарын да, қарманарын да білмейді. Ет жүрек езілуге бар, еліруге жоқ.<--break->

О, пәни, өтесің ғой бір күн жайлап,

Жақсыны жаманменен бірдей айдап.

Әйелді неге мұндай қор етті ием,

Еркектің тепкісіне жіпсіз байлап.

 Уо, дүниеай! Даусыңнан айналайын!  жұрт қау-қауласып жатыр. Қарасай мәз болып, Зағираның бүгулі аяғын шынтақтап жатыр, қисайса, басы әйелінің төсіне тиеді... Кеуденің бар салмағы түскен соң, келсаптай шынтақ әйелдің бір жағын езіп тастаған. Әлдеқашан аяғы башпайына дейін ұйып, енді мүлде жаны кеткен. Оны байқар Қарасай бар ма. Ғұмырында еркегінен емексу көрмей әбден қарабауыр болып қалған Зағира күйеуінің мына қылығына қатты қуанды. Әйел нәзіктігі есіне түсіп, мәймөңкелегенсіп, қылмыңдап қалған әшейінақ. Аяғы ауырмақ түгіл, сылдырап үзіліп кетуіне де бейіл осы отырысында ол.

– О, құрбы Қайып, – деді көп ішінен бір жас неме, – Сенің әнің мына Қарасайға дәру болды-ау. Қарашы ананы, күнде бұл уақытта қойдай домалатып қатынын сабап жататын заңғар бүгін бауырына кіріп-ақ кетіпті. Енді бұдан былай қатын сабағанды қой, Қарасай білдің бе.

Қайып сөзге араласқан жоқ. Әлгі әннің аяғын жалғап созып барып, ақырын бір түрлі қайғы-мұңның ырғағына салып жіберді. Көнілденген қауым тағы да су сепкендей басыла қалды.

О, пәни, өтесің ғой бір күн жайлап,

Жақсыны жаманменен бірдей айдап.

Әйелді неге мұндай қор етті ием,

Еркектің тепкісіне жіпсіз байлап...<--break->

Қарасай басын көтеріп алды. Осының бәрі өзіне айтылып жатқандай.

Ұялғаннан еріксіз күледі . Есіне Есқуат мырза түсті. Ол да әйелге қатал. Со қылығын ол қоластындағыларға үлгі еткенсіп мерей тұтатын да. Ал Қарасай оған еліктеуші еді.

Әйелді неге мұндай қор етті ием ,

Еркектің тепкісіне жіпсіз байлап...

... жіпсіз байлап, оу–у–у...

... Дүние-ау, жіпсіз байлап... а–а–ау–у...

... Жіпсіз байла-а- лап...

Бұл әннің тұсында Қалияш пен Аюп болмаған. Шай ішімдей болды-ау... «Ауылдан хабар алып келем» деп Қалияш шыққан үйден. Одан кейін «Шалым ұрсады. Мал жайлаған болып барып көзіне бір түсейін» деп Аюп зытқан... Ол ауылына барып, бұл малына қарап тағы да екеуі бір мезгілде келді...

Түн жарымынан ауған болар. Бұрынғы жерде мұндай отырмақ әртүрлі ойынмен өтуші еді. Сақина сипар, орамал түю, теңге тістеу – бұл ойындар үйде, от басында өткізіледі, ал ақсүйек, жасырынбақ ойындары сыртта болып жатады, қыз, бозбалалар асыр салып жүргені. Бүгін бұл ойындардың біреуі де болған жоқ, кезек бастан аяқ өлең айтып, ән салуға берілді.

Бөбек Тоқпанды жұмсап, ауылдан кішілеу бір метей шұбат алғызды. Маужыраған тымырсық түнде манағы етке тойған кісілер қатқақсып отырған. Бір-бір зерең көпіршіген мұздай шұбатты сіміре жұтысып алғанда өзектері шымырлап, кенезелері ашыла түсті.

Ай батуға тұсау бойы қалған. Дала мұнарытып қараңғылық қалыңдап бара жатыр.

Аюп пен Қалияш енді иін тірестіре қатар отырды. Аюп еңкейіп ананың құлағына сыбырлайды, ол иге келген елтірідей бұғып бүктетіле түседі. Бөбек бәрін де байқаған. Бірақ өз өміріне наразы адамға оның бәрі салауат. Мейлі, кім не болса, о болсын...<--break->

Бөбек өз ойымен әуре еді. Қайып жігіт болып оған қол жүгірткен де емес, не әзіл-оспақ жасап қағытқан да жоқ. Көптің көңіліне ұйып, әнге беріліп, өз парызының үстінде отыр ол.

Бөбек те сондай сырторау сияқты. Сүйісудің де түрі бар... Біреулер біріне-бірі ұнау үшін әуелі көз қысысып, қол жағалатып дегендей қылтың-сылтың ишара керсетісіп барып, жүрек қылын сонымен шертіп, көңіл-күйімен танысады. Енді біреулер бар, олар іштей толғанысып, өзінше пішіп, өзінше болжап, алдағы арманын, қолдағы дидарын өзге қимылдан аулақ, тілсіз ғана тек көз жанарының қарапайым нұрымен-ақ бір-бірінің жүрегіне құя алатын жандар. Әне олар айласыз, амалсыз пәк жанымен біріне-бірі бар ләззатымен, шын ықыласымен түгелдей берілмек. Тілсіз махаббат осылай жаратылған, ол  бәрінен де қуатты болмақ.

Қалай келгенін өзі де сезбеді, Бөбектің басына сынаптай жорғалап тосыннан бір ой құйыла қалып еді. Әлде алаңғасар қиял ма, немесе тәтті сезім бе, сезбей де қалды. Қазір топ тарқайды. Жұрт үйлі-үйлілеріне барып төсектеріне кұлайды.

Бөбек те жайымен орнынан тұрып, Қайыптың ізін ала үйден шығады. Екеуі жәй әңгімелесіп, немесе үндеспей-ақ қатар түзеп кетіп бара жатыр. Қайып жататын ақ отауға жақындайды. Бөбек есіктен ілгерірек кіріп барып жігіттің төсегін өз қолымен жайлап салып береді. Сосын қош айтысып әдеппен үйден шығады. Қалия жеңгесінің төсегіне барып өзі де жата кетеді... Әлгі жылт еткен сынаптай ой осы ғана. Өзінен өзі тәтті сезімге ұялған қыздың қиял желісі осы ғана...

Астың батасы қайырылған кезде, үлкен үй жақтан дыбыс шықты. Көк төбет сүлесоқ үрді де басылды. Шамасы, келгендер ауыл адамы болар.

Қалияш шошып кетті. Тыпыршып отыра алмай отыр. Отырғандардың бәрі де күйбелеңге түсті. Ат тұяғы жақындап келеді. Сырттан біреу: «Ойбай, Есағам келіп қалды!» деп ішке хабарлады. Аюп қалбалақтап ұшып тұра келді. Жұртты аттай-маттай арбаңдап үйден шықты да, зым-қайым зытты. Жастар оған ілесе тапырақтай жөнелді. Шал-кемпірлер сүрініп жығылып, төрттағандай тұрып, ақсалаңдай бүкең қағып барады.<--break->

Ат тықыры таянды. Үзеңгіге шіреніп тұрып үй сыртынан Есқуат қаһарын төге:

– Әй, қайдасың?! Шық бері! – деді. «Әй» – әйел...

Қалияш қолға түскен көбелектің қанат сабалағанындай қалтырап, қалшылдап тұр еді. Бөбек оны қолтығынан ұстап сүйеп тұр. Ол саса қойған жоқ, жан алқымға келгенде адамның осындай ыза мен кекке булығып, ашуымен сіресіп қалатыны бар. Жүрегінің түгі барлар ғана сөйтеді.

Қайыптың Қалияшқа жаны ашып кетті. Орнынан тұрып, есікке қарай ұмтылып еді, оны Бөбек отыр дегендей иығынан басты, шықса шылаудан алатыны белгілі.

Қалияш тақымын қысты, зәр қыстағандай болды ма... Екі тізесі безек қағып бір-бірімен соғысып кетті, сосын еркіне жіберді. Иегі-иегіне тимей қалшылдап тұрып ол Бөбектің құлағына сыбыр етті. «Мен кеткесін орнымды шүберекпен сүртіп тастағайсың...» Тәлтіректеп сыртқа шыға жөнелді. Аяғының астындағы текеметті жалма-жан қайырып тастады да, Бөбек те жеңгесінің соңынан жөнелді. Шығып бара жатып босағада серейіп тұрған Қарасайға:

– Үйден Қайыпты шығарма. Бүгін осында түнесін, – деді Бөбек.

Қарулы жігіт Қарасай есікке көлденең тұрып алып қанша ұмтылса да, Қайыптың алдын тосып жібермеді.

– Жиенжан, сен қонақсың ғой. Әрі ерлі-зайыптың арасына түскенің жарамас! – деп Зағира да жалына бастады .

Ірге киіз түрулі, туырлықтардың жапсары қайырулы, түндік айқара ашық болатын. Есқуат әйеліне бірден қамшы сілтеді. Құлаштай соққан қамшының ауаны тілген екпінді дыбысы құлақтың түбінен зуылдап өткен оқтың дыбысындай жу-жу етеді, арты тарс-тұрс. «Аһ!» «Уһ»... «һаһ!» «Жаным!» «Мһ!» деген Қалияштың жан алқымындағы дауысы бірте-бірте қараңғы түнге сіңіп алыстай берді. Әргірекке барған соң Бөбектің ащы дауысы ен даланы жаңғырықтыра қатты шықты. Жан-жақтан иттер де үріп коя берді. "Ойбай-ай, ағаеке-ай! Өлтірдің ғой бейбақты! Араша деймін, араша! Айналайын ағаеке, бір ашуыңды берсейші! Ойбай-ай, ойбай-ай!" Бір кезде бәрі де басылды. Бәрін де өз ішіне бүгіп, қараңғы түн мүлгіп қала берді...<--break->

Қайыптың Қарасай алдын бөгеп байдың үйіне жібермеген соң, онша көкірек тіреспей, орнына барып қайта отырды. Бірақ ашу қысып отыр, Есқуаттың әлгі ойранын өз басына алып, қатты ызаланды. Егер үйден шығып, жатар жайы ақ отауға барғанда Есқуаттың әйелін қойдай домалатып сабап жатқанын көріп тұрып шыдай да алмас еді. Байдың ұлының шаужайына жабысар болса, үлкен сойқан сосын қаулайды ғой. Естіген ел не дейді: сұр бойдақ етікшіні байдың келіні мен қызына таңбас па... Ел арасындағы дау осыңдайдан тұтайды.

Қайып Қарасайдың үйінде жалғыз қалды. Біраздан кейін Зағира келіп, манағы Бөбектің жасауынан әкелінген жаңа көрпе-төсекті жайып, жатуға жай дайындап беріп кетті. Өздері Тоқпанның күркесіне барып жатты.

Қайыптың намысы қозып, көпке дейін көз ілдіре алмады. Есқуаттың қылығы – оған қорлық, жағадан алып, ат үстінен аударып тастағанда бар ғой...

Түннің бір уағында қатты ұйықтап кеткен екен.

Түс көріп жатыр. Түндегі оқиғаның ішінде жүр.

Ескуат қарындасы Бөбекке араша бермей атын ойқастатып жүр. Қалия тәлтіректей бұралып барып, қайынсіңлісінің мойнына асылды. Осыны көріп тұрып Қайып шырқап ән салып жібереді. Көпшілік қаумалап келіп тыңдап тұр. Есқуат келіп Қайып жатқан Қарасайдың үйінің туырлығын қамшымен сабалады. Қарқылдап күледі. Оянып кетіп Қайып басын жастықтан көтеріп алады.<--break->

Оныншы тарау

 

Ауылдан шығуын шыққанмен, Есжан жолда қатты ойланған. Досқа достықпен барады адам, ал жауға не деп барады. Қолға түскен жесірді өз еліне қайтарып беру де бұрын-соңды болмаған әдет. Қазақ елінде талай басқыншылық болыпты. Бірақ кеткен жесірдің алған жаудан қайтарылған бірі жоқ. Есжанның мына жүрісі елде естілмеген нәрсе. Бұлар жау қолына өздері келе жатыр.

Қарасай да жершіл екен, өзі жүрген, мал баққан қазақ даласын бұлжытпай танып отырып, көшті түрікпен жеріне іліктірді. Кейін ат басын жобалай бағытқа бұрып, іркілместен шығысқа қарай тартты.

Зағирамен бірге түйенің үстінде отырған Айна айналасына жалтақтай қарап, жол шамасын байқап келеді. Дала кезіп, мал жайлауын көп аралаған байдың қызы ар жағын адастырмай, өз еліне жеткізді.

Есжан мен Қарасай жетектеген түйесімен қалың илаттың ішіне келіп кірді. Көштің алдынан арсылдап үріп, айырттан келердей көк төбеттер шықты. Түйенің үстінде отырған Айна «гіт, иоқал» деп дауыстап еді, көп ит оның даусын таныған соң құйрықтарын қысып кейін серпілді. Айна сұқ саусағын шошайтып, алдындағы айналасы кесекпен қоршалған үсті тегіс төрт бұрышты биік жер үйді көрсетті. Кесек қорғанның төңірегінде қатарынан төрт киіз үй тігулі тұр.

– Дұр, аға, шол біздің өй, – деді Айна қуанғаннан көкірегіне қолын басып, күлімсіреді, кемсеңдеді. Екі көзінің жасы мөлт-мөлт етеді, қалтырай ма, дірілдей ме. Тағы да қос қолымен көкірегін басты. Көзінің жасы еріксіз парлап бара жатыр. «Қақа, ене!» деп айқай салайын деп еді, булығып дыбысы шықпады. Қасындағы Зағираны құшақтады. Түйе шөгерілгенше өзін қоярға жер таппай отырды қыз.

Соны көріп Зағираның да жүрегі елжіреп кетіп еді. Алты жасында әке мен шешеден айырылып жетім қалған ол еміс-еміс есінде қалған ата-анасын ойына түсірді. Сондағы бірге қуыршақ ойнаған қыздары, жүрген жерлері, ауылы бірте-бірте көз алдына елестегендей болды.<--break->

Жақында ғана жезтырнақтың шеңгеліне түсіп, өлім мен өмірдің арасында қалған Айна бүгін ойламаған жерде өз елін, өз отанын көріп тұр. Түйе шөгерілді. Үстінен сырғып түсіп жатып: – Қақа, ене! – деді енді қатты дауыстап.

Зағира қыздың сөзіне түсінбесе де, «әкесі мен шешесін атап тұр-ау!» деп шамалады. Айнаның артын ала ол да түйеден түсті.

Бір сәтте сыртқа адамдар жиналып қалды. У-шу, қуанышты дауыстар. «Айна гелди! Айна тапылды!» десіп жатыр тұс-тұсынан көпшілік.

Амандұрды екі аптадан бері қайғымен төсек тартып жатқан. Әйелі де төсекте. Әйелі: – «Тұрмаймын. Сол қыздың жолында өлемін» – деп жатты.

Етті адам Амандұрды аз күннің ішінде салдырауға айналған еді. Үйге ешкімді кіргізбейді, ешкіммен тілдеспейді, жастығын құшақтай етбетінен еңсерілген қалпын жазбай жатқан.

Есіктен кіре Айна: – Қақа! – деді қатты дауыстап.

Амандұрды орнынан атып тұрды. Үйдің іші қараңғы еді, тез барып, кесек үйдің терезесінің жапқышын тартып-тартып қалды. Жапқыш жыртылып жерге түсті. Қызын көріп құшақтап үнсіз ұзақ тұрды.

Айнаның шешесі сасқалақтап төсегінен тұра алмай жатыр. Әлсіреп есі кетіп қалған ол тек екі қолын соза береді. Қыз: – Ене! – деп тізерлеп отырған шешесінің кұшағына кірді.

Шаршап шалдығып келген қонақтар сырттағы киіз үйге жайғасты.

Түрікпендер көк шайды ішеді екен. Ол қонақтардың жүрегіне батпады. Есжанның денесі құрыса, маңдайы тырысып отыр. Бұларды күтіп жүрген Айнаның өзі. Жанындай сыйлап асты-үстіне түсіп жүр. Есжанды әкесіндей жақсы көріп еді ол.

Байдың бабын ойлаған Зағира Айнаға: – Қара шай тап, – деді.<--break->

– Болады. Адам жібердім, – деді ол іркілместен. Ол оны Зағирадан бұрын ойлаған, себебі Бөбектің үйінде өзі сүт құйған қара шай ішкен. Көп ұзамай Айна үйге бір дорба аузы түюлі қара шай әкеліп, Зағираның қолына ұстатты.

Түрікпендерде самаурын жоқ екен. Шай беруді қазақтай сәндендіре алмаса керек, бүйірлі қара құманмен қайнаған суды әкеле берді. Ақ құмандары да тым кішкентай, астына от төсеу жоқ. Зағира шай демдеуді өзінше реттестірді. Бұл үйде сиырдың қаймағы бар екен, Айна шайға құюға соны әкелді.

Шайға қанған соң Есжан ашылып, жан-жағына қарап, айналадағыны бағдарлайын деді.

Амандұрды Есжанның жанынан шықпай отырып, ұзақ әңгімелесті ол осы түрікпендерге белгілі үлкен байлардың бірі болып шықты. Жылқылары мен түйелері осы маңда болады екен де, көп қойы сонау қазақтардың жайлауларымен сыбайлас жататын көрінеді. Ертеректе екі ұлы суға кетіп, осы жалғыз қызға қарап қалыпты. Құдай перзенттен қысқан ол осы жалғыз қызды мәпелеп отырғанда, онысы мынадай пәлеге ұшыраған. Айна әр жылда нөкерімен жүріп, алыстағы қойларды көріп келетін. Биыл да сол дағдысымен өріске барған.

Амандұрдының жасы Есжанмен қарайлас қабағы түксиген шоң қара кісі. Екі ағайынды, інісі де бұдан кішілеу бай.

Амандұрды ел жиып үш күн той қылды. Той тарқағанша Есжанды жібермеді. Тойға көп жерден байлар, ел әкімдері келіп, той иесіне қошемет етіп жатты.

Елін жиған Амандұрды халқының алдына шығып, үш күн бойы жар салумен болған. Есжанды қасынан тастамай жүріп: – Мынау бүкіл қазақтың атын жамылып келген Есжан аға. Жау қолынан тартып әкеліп, менің қызымды туған еліне қосты. Менің қияметтік досым бұл, – деп көзіне жас ала толқып тұрып сөйлеген. Енді бір жерде ол: – Қазақ жау емес, қазақтың ұрылары жау. Түрікпен жау емес, түрікпеннің қарақшылары жау! – деген.

Тойдың екінші күні Амандұрды інісін шақыртып алып, күбірлеп бір нәрсе деді. Көп ұзаған жоқ, біраздан кейін киіз үйдің есігі ашылды. Ішке аяқ-қолдары кісендеулі бес жігіт басқан іздері сылдырлай кірді. Өңдері жабырқау, жүдеу. Топыраққа аунап жерде жатқан болар, үстері шаң басқан, кір, беттері жағал-жағал.<--break->

Амандұрды қабағын түйіп: – Бошот бұлары, – деді інісіне қарап. Олар кеткен соң Есжанға түсіндірді. Айнаны малға ертіп барған осы үйдің үйші жігіттері екен. Амандұрдының ашулы інісі «Айнаның жолына сендерді өстіп өлтірем» деп кісендеп тастаған. Міне, бір ажалдан құтылды бейшаралар.

Бұрын өзге елді аралап көрмеген Қарасай мен Зағира көргендерінің көбіне таң қалумен жүрді. Зағира жаптың ағып жатқан суын көрді, нан жабатын тандырын қызықтады. Әйелдері аузын орамалмен жауып, жалаң аяқ жүре береді екен. Қазақта әйелдің жалаңаш аяқ көрсетуі айып. Қарасайдың бір байқағаны түрікпендер жерге қалы кілем төсеп, керегеге қалы кілем ұстайды екен. Бірақ үйдің сыртын қара киізбен де, көне киізбен де жаба салатын көрінеді. Қазақта байлар ақ үй, боз үй тігуге құмар.

Той өткен соң Амандұрды Есжанды сый-сияпатпен еліне қайтарды. Есжанның жарбайына қосып, екі нар  жетектетті. Бірінің үстіне шай, шекер жүктеп, екіншісіне екі қап ұн артты. Екі түйеге екі кілем жапты. Айна Бөбекке алтын білезік беріп жіберген.

Амандұрды жолаушыларға әлгі кісеннен босатылған жігіттерді қосып жөнелтті. Олар Есжанның көшін түрікпен жерінен өткізіп, қазақ даласына салып жібереді. Содан Есжан неше күн жүріп еліне жеткен.

Үйге келіп, жүк түсіріліп болған соң, Есжан бір қап ұнды Қарасайға арқалатып жіберді.

Ел кұлағы елу, Есжанның түрікпеннен түскен жесірді еліне апарып бергені бүкіл  Маңғыстау қазағына тарады. Мұндай қауесет бұрын-соңды ел құлағына тимеген жаңалық. Жаудан түскен жесірді отанына еркімен қайтару деген не сөз. Бір жағынан Есжанның бұл ісі қарапайым халыққа ұнады да. «Апарып бергені жақсы болған екен. Екі елге дәнекерлік жасапты. Ендігі жерде татуласатын шығар елдер» деп тілекті алға тастайды көпшілік. Ал атқа мінерлерге бұл оғаш естілді. Есжанды «барып тұрған қорқақ, жауға жәдігөйлік жасады» деп жазғырды. «Жаудың қызын – қатын, үйін – отын қылғаннан басқа дауа жоқ» деп көкіді ел үстіндегі әкімдер тобы. Қалай да Есжанның істеген әрекеті ел жадында сақталатын уақиға болып еді.<--break->

Есжан байдың аты Маңғыстау еліне көптен бері белгілі. Екі-үш жылдан бері оның баласы Есқуат сақилықтың шетін шығарып, «мырза» атанып жүр. Сондықтан ба, келушілер көп. Кейде жоқ қарағандар да келіп, байдың отауынан шай-су ішіп кетіп жатыр. Ондайға Қалияш қабақ шытпайды, Бөбек оған жәрдемші.

Есжан түрікпеннен келген күні шайдан кейін тынығып жатыр еді. Үйде ол ешкіммен дін ашып сөйлеспеген, жеңіл мата шапанын аяқ жағына жауып, бетін іргеге қарата жата кеткен.

Күн бесіндіктен төмен түсіп, еңкейіп қалған кез еді. Көлеңкеде жатқан көк төбет ат үстіндегі жолаушыға басын көтеріп үрді, ол аттан түсе бергенде, орнынан тұрған жоқ, қайтадан жата берді.

Бұл ауылда келген қонақтың атын ұстап, күтіп алатын Аюп. Қонақтың жасына, киіміне және астындағы атына қарап, үлкен үйге ме, отауға түсіре ме, өзі біледі, көбіне қателеспейді ол.

– Есжан ауылда ма? – деп сұрады қонақ түскен соң ат тізгінін Аюпқа беріп жатып.

– Үйінде. Жолаушылап бүгін келді, – деді жігіт.

– Ассалаумағалейкум, Есжан, – деп қонақ кіріп келді. Есжан есік бетке бұрылып көзін ашып еді, тани кетті. Қашаған екен.

– Ойбой, төрге шық, Қашеке, – деп Есжан басын көтеріп алды. Қашаған – атышулы ақын. Есжанға бөлелік те жағы бар, бұрыннан аралас жүрген жандар.

Аман-сау алысып болған кезде әдеп бойынша Аюп есіктен қарады, оның бұнысы үй иесінен бұйрық күткені.

– Әлгі Есқуат қайда жүр? Қарасайға айт, – деді Есжан. Онысы Есқуат келіп хабарлассын дегені.<--break->

Қашағанның жігіт ағасы болып қалған шағы, құс тұмсықтау ашаң қара кісі. Қас керетін адам емес, көз қарасы ойнақы емес сұсты. Әуелі үнсіз отырып, Есжанның хабарын тыңдады.

– Түрікпенге барып жесірін қайтарып, азаматтық істепсің ғой, – деді Есжан әңгімесін аяқтаған соң Қашаған.

– Аптаға жақын уақыт жүріп, түрікпен ішін араладым, маған жау сияқты көрінбеді, өзіміз секілді момақан ел ме деймін, –деді Есжан Қашағанға бұрыла қарап.

– Ел елге жау емес, елдерді бір-біріне жау атандырып жүргендердің өздері жау ғой. Оңай жерден олжа тапқыштар, ұрылар жаугершілікгі туғызып жүргендер, – деп Қашаған бас шайқай сөйледі.

– Ұрысыз заман туар ма, жоқ па, білмедік.

– Кім білсін. Әйтеуір алып кету, жұлып кетудің заманы.

– Атысу, шабысу, ел тонау ертеден келе жатыр ғой, қашан тиылары белгісіз.

– Құдайдың құдіреті-ай, адам баласы біріне-бірі жау. Қазақта жабылып істейтін көпке ортақ талап жоқ. Қыбырлаған жан екі топта: бай мен жарлы. Табылған талап – біреуі біреудің малын бағып, есігінде жүріп жалшы болу. Сондағысы тек қана бір тамағының қамы. Онысы көрген қорлығына тұрмайды, – деді Қашаған басын теңсеп.

– Иә, не көп жалшы көп, жетім мен жесір көп. Оның бәріне киім, тамақ қайда?

– Байлар ықыласты болса, қолындағы малын баққандарға тамақ та, киім де, астына мінетін ат та табылар еді. Ондай теңшілікті бере ме байлар.

– Қашеке–ау ойлаңызшы, барлық жағын жетістіріп, ішкенін алдына, ішпегенін артына қойсам, менің малымды кім бағады? Тойынған адам біреудің шаруасын істей ме? – деді Есжан күліп.<--break->

– Ұры қайдан шығады? – деп сұрау қойды Қашаған Есжанға.

– Ит біле ме?

– Білесің, айтпай отырсың. Сенің қолыңдағы малшыларың, үйшілеріңнің қолынан басқа келері жоқ болған соң, амалын білесің, айтпай отырсың. Егер солардың ұрлық қолынан келетін қабілеті болғанда сенің қолыңда бір күн де тұрмас еді.

– Рас, рас. Біздің Қаражанның тегі жалшы еді. Бұл ит кейін ұрлық жасап, мал тауып, бізден бөлінді де, бөлек ауыл болып кетті. Енді елге батыр атанып жүр, – деді Есжан.

– Оны батыр атандырып жүргендер, сендейлер. Бай қолпаштамаса, олар ұры бола алмас еді. Шын батыр елде жүр, олар ел қорғайды, елінің қамын жейді. Досан, Сүйінқара сияқтылар, – деп Қашаған түйін жасағандай болды.

Қараңғы түсіп қалған шақ. Табақ тартылайын деп жатыр.

Жолаушылап келген әкесіне сәлем берейін деп Дуйсен келіп отыр. Есқуат та кірді. Қалияш пен Бөбек осында.

– Есжан, қарап отырғанша әңгіме айтайын. Ертерек кез. Өлең, айтып, топқа түсе бастаған кезім, – деп Қашаған төмен қарап отырып сөйлейді, – Ақын Нұрым «батамды беремін» ден өзі іздеп менің үйіме барыпты. Сол секілді мен бір жігітті іздеп келіп отырмын. Өзі етікші, әнші дейді. Аяқ алысын байқайыншы деп отырмын.

– Бар, бар. Қайып қазір келеді, – деді Есқуат. Қайып мана бір әзірде шақырылған еді, бірақ ол Қашағанның келгенін есітпеген. Естуі бар, көз көріп таныспаған. Ақыннан бата алып, ақын болам деп, алдында мақсат қойып жүрген ештемесі жоқ-тын оның. Қайып есіктен сәлем бере кіріп, сол үшін сақталған бос орын, Қашағанның жанына барып отырды.<--break->

– Қай Тобыштың баласысың? - деп сұрады Қашаған.

– Бегейдің.

– Әкеңнің аты кім?

– Қорабай.

– Әншімісің, жыршымысың?

– Қалай десем болар. Сөзін де, әнін де өзім шығарам, – деп Қайып қапелімде қызарып кетті.

– Мен Бесқала жаққа бара жатырмын. Қолың бос болса, ертіп кетпекші едім. Елмен таныстырайын.

– Ой, Қашеке, ол баланың қолы бос емес. Биылша қалдырып кетіңіз, – деді Есжан бір түрлі елбеңдей сөйлеп.

– Біздің ауыл алыс, сонау Жем бойында. Бесқалаға кету үшін шалдан рұқсат алуым керек. Сізді жолдан қалдырмайын, тағы бірде, – деді Қайып.

– Қазір тамақ жеп болған соң, сенің әніңді, жырыңды есітем, соған келдім, – деді Қашаған өзімсіне.

Ас желініп, батасы қайырылған соң, түгел жиналып отырған үй іші жыршының аузынан бірдеме дәметкендей біртіндеп Қашағанға қарасты. Жыршы түскен жеріне ауыр, сонымен бірге ол қонақ қадесіз де болмайды. Өнер алды-қызыл тіл. Сөз құрсауын шешкенде төмпектетіп, жұптап айтатын, кейде еріп, кейде еліртіп кетердей күш қуатпен бірде жібере тартып, бірде тізгіндеп, еріте, елжірете сөйлейтін саралы сөздің шебері, дуалы ауыз шешендерге халық қашан да құмар. Түнерсе нөсер, жазылса жайма шуақ жадыраған ықыласы мен қара түнек қаһары қатар жүретін от ауызды ақын-жыраулар қалың елдің еркесі емес пе.

Аттың жүйрігі – тұлпар, адамның жүйрігі – ақын. Заманның дүлдүлі оларға ілесіп болар ма? Дүниедегі жақсы мен жаманды таразылай білетіндер тек солар ғана.

Есжанның үйінде халқының қадірмендісі. Қашаған ақын отыр. Ол ақындық өнерге қашаннан қамқор адам. Елдегі «Әу» дейтінді елемей кетпес. "Жүзі жақсыдан түңілме" деген келбеті келіскен Қайыптың енді ішіне де үңілмекші. Жолы болғандай қуанды ма, Қашаған Қайыптың бетіне шұңғылдау отты көзімен қарап: – Ал Қайып, мына көпке ән салып бер, – деді.

– Аға сіз отырғанда... – деп Қайып тартынды.<--break->

Қашаған арт жағында сүйеулі тұрған алааяқ сапты, қоңыр қақпақты домбырасын қолына алып: – Е–е–е–е–ей, – деп қоңыр даусымен жайлата үн шығарды. Соң аржағын екпіндете жөнелді.

Менің бір атым Қашаған.

Шықтаған жерім жаураған.

Сөз ұтыры келгенде,

Тыпыршып тұра алмаған,

Тұғырда тұрған бүркітсің,

Көкке ұшуға талпынған.

Томағаңды алса жарар ма,

Топшыңды көрсе болар ма,

Аңға түссе алар ма,

Адасып әлде қалар ма...

Атаңды сенің білемін,

Жем бойының Бегейі

Туыстықта жоқ өгейі...

Есіттім сенің атыңды.

Өнерің – асыл затыңды.

Іздеп шықтым ауылдан,

Берейін деп батамды... – деп Қашаған домбыраны  Қайыптың қолына ұстатты.<--break->

Қайып үлкендерден именді ме, дауысын көтеріп онша құйқылжыта алмады. Соң бірте-бірте ашылып, енді ғана жөнге түскендей болып еді.

Ауылымның қонған жері кекірелі,

Қазағым қамшы үйіріп есіреді.

Мырзалар көз жұмулы ісінген соң,

Бейнетсіз тойған асқа кекіреді...

– Ой, қарағым–ай, қасыңда мырза отыр ғой, – деп Қашаған иығын бүлкілдете күлді. Қайыптың Есқуаттан ала алмай жүрген есесі бар. Есқуат оның әншілігімен есептесіп жүрген жоқ. Байқайды, бір жағымен ғана мырзалық көрсетті, дастарқанды кең жайғаны болмаса, ар жағынан жалданып жүрген бір етікші көре ме. Анада Қаражанның қасында отырып, оның мысқылдай күлгені бар. Әнеукүні бұл ән салып жатқанда, жас болып есіктен қараудың орнына шақырып алып көзе пара әйелін сабады. Осының бәрі Қайыпқа өтіп жүретін. Бүгін соның бәрін Есқуаттың бетіне басқандай еді. Айтсам ба, айтпасам ба деп манадан бері ойланып отырған. Енді тәуекелге басты.

О пәни, өтесің ғой бір күн жәйлап,

Жақсыны жаманменен бірдей айдап.

Әйелді неге бұндай қор етті ием,

Еркектің тепкісіне жіпсіз байлап...<--break->

– Қарағым–ай, мынауың дұрыс, – деп Қашаған әннің сөзі мен қайырмасына сүйсінгендей болды.

Кетік тісін тілімен жалап, байдың бәйбішесі Зиба Есжанға қарады. Күйеуі төмен қарады.

Бөбек жайымен ағасына көз тастады. Қалияш бас көтерген жоқ, жер шұқып отыр. Есқуат масаттанғандай көтеріліп күлімсіреді. Әйел сабағанды өзінше мұрат көріп отыр ма.

Алланың жазмышына бар ма шара,

Біреу кем, біреу артық сұм жалғанда,

Әйелін көп ішінде жүндей түтіп,

Есқуат көнбей кетті-ау арашаға...

Есқуат осыны есіткенде, тас төбесіне бірдеме түсіп кеткендей болды. Бұрын–соңды бетіне жел сөз тиіп көрмеген мырзаға Қайыптың бұл сөзі ауыр соғып еді. Нағашыларына болмаса әкесіне сырт көрінісі тартпай туған Есқуаттың қаралау өңі қаны қашып бозарып бара жатты.

Ұзын қара қасы бір сәт жығылып, дөңес мұрыны қушиып құл тұмсықтанып бара жатқандай болды. Бойы аласарып, кең кеудесі жапырылып кеткендей ме өзінше. Үнсіз отырғанмен, мырза дегбірсізденіп сасайын деді. Сыр білдірмеуте тырысып, аздап құбара күлімсіреді де койды.

– Тәйірі жігітке сын емес пе? Әйел сабау мешкілік кой, – деп Қашаған өзінің бөлешар деп әзілдесіп қоятын Есқуатқа мойын бұрды.

– Қашеке «мешкі» дегеніңіз не? – деп сұрады Есжан. Намыстанған ол Қайыптың сөзін алдарқатқысы келді ме, Қашағанның сөзін бөлді. Егер ол үндемесе, ақын тағы да өткір-өткір сөздер айтып тастауы мүмкін еді.

– Сиырдың жаманын «мешкі» дейді екен, – деді Қашаған.<--break->

– Аузын былшыратып сиырды кім ұстап көріпті, – деді Есжан екі қолын екі тізесінің үстіне салып отырып.

Үй ішіне түгел тиген болар, Есжаннан басқасы тым-тырыссыз қалды.

От басындағы жағдайдың өзгергенін байқаған Қайып домбыраны Қашағанның өзіне ұсынды.

– Төрем, ерсейші маған, Хорезм елін көріп келер едің.

– Бапқа келсең, асқан әнші, әрі ақын болып кетер дарын бар сенде, – деді Қашаған қолына домбыраны алып жатып.

Қайып үндеген жоқ. Қабағының астымен Қалияш пен Бөбекке көз тастады. Олардың біріне-бірі қарап жәутеңдесіп отырғанын сезгендей болды бұл.

Қашаған таң алдына дейін жыр айтты.

Ертесіне таңертең Есжан Есқуатқа: – Қашекеңнің үстіне жақсы шапан жауып жібер. Ана жиені түскірді де құр қойма, иініне бірдеме ілдіргейсің, – деді.

Бөбек ертесіне іс тігіп отырған Қайыпқа келіп: – сені Қашаған ертіп кете ме деп қорықтым, – деді.

– Уәдені бұзып, істі тастап кете алам ба. Бірақ қол босаған соң ол жырауға екі-үш ай еріп жүру ойымда бар, – деп Қайып делебесі қозып отырғандығын жасырған жоқ.

Бөбек қолындағы кестесі біткен ақ орамалды алақанына жайып жіберіп, мұрнына апарды да бір иіскеді, жаңа әтір сепкен. Сосын жәйімен ғана бетін сипап өтті. Жаңағыдай тағы да күрсінді.

– Қайып, – деді біраздан кейін ол. – Орамал тон болмайды, жол болады деген. Мә, мынаны саған арнап тігіп едім, бетіңді сүрт.<--break->

Қайып тартынған жоқ, орамалды қолына алды да, аудармалап көрді. Таңданған пішінде басын изеп, үстіңгі ернін тістеді. Бөбектің киім пішіп, мата тігуге шеберлігі ауылға мәлім. Еркекке жағалы шапан, жағасыз белдеме, әйелдерге бешпент, елтірі ішік тігуді жастайынан қара кемпірден үйренген. Бұл күнде көнеріп елеусіз жүрген қара кемпір бұрын атақты шеберлердің бірі еді. Енді өнерін Қалияшқа үйретіп жүр.

Орамалдың жұпар исіне құмартқан Қайып иіскеп-иіскеп алды да, төрт бүктеп былай жанына алып қойды.

– Киіп көрші, аяғыңды қыспас па екен, – деді ол қалыптан жаңа шыққан коңыраулы етікті Бөбекке ұсынып.

Бөбек жаңа етікті қоңылтаяқ киіп, орнынан тұрды. Үйдін ішінде олай-былай жүрді.

– Жалаң қабат байтабамен сияды білем, – деп аяғындағы екі етігіне кезек-кезек қарады, тамсанып тұр. Қайып Бөбектің аяғындағы етікке оқырайып бір шекесімен қарайды – сынап отырғаны. Өзінше мін таба алмады.<--break->

                                                       Он бірінші тарау

 

Ескі жұрттан ауып қонуға жөнелген көш аумақты қатқақ жазықтан өтіп, енді сексеуілді қалыңдықты бойлай бергенде алдан үш атты кезікті. Есқуат тани кетті, ортадағысы өткен жылы жоғарғы елдің асында кездескен орта қоныстың белгілі байы Бабық Ырзабек. Төменгі елден жекжат аралап келе жатқан Ырзабекті Есжан байдың мырза баласы қоярда қоймай аттан түсірді. Қонақтарға бола көшті тоқтатып, орта жолда ауылды қондырды.

Асылында бай байға өзінің атағын шығару үшін сый-сияпат көрсетіп, тек бер жағымен ғана қызмет етеді, ал ар жағы біріне бірі күншіл, бақталас. Шынында байдың атын бай шығаратыны да рас. Есқуат әлі дүниеқоңыздыққа жетпеген, әке дәулетінің арқасында «мырза» деген атқа ие болу мақсатында ғана жүрген жан.

Қонақтар мырзаның алты қанат ақ отауына жайғасқан. Сыртта қайнатылған сары самаурынды Зағира үйге кіргізіп, ақ шылапшынмен әкеліп сексеуілдің шоғын төгіп кеткен.

«Қонақтарға шай құясың» деп ағасы айтып қойған. Бөбектің сыйлы қонақтарға алғашқы шай құйып беретін күні бүгін. Үлкен үйден таза киініп, жасанып шыққан ол самаурынның жанына келіп, жайымен тізерлеп отыра кетті.

Қалияш енесінің сандығын ашып, ішінен Есжан бір барғанында Бесқаладан алып келген асыл дүниені шығарды. Ол Хиуа ханы өзінің үйіне деп тоқытқан өрнегі мен реңі көз тартарлық асқа төсейтін дастарқан. Есжанның айтуына қарағанда сол дастарқан үшін базарға апарған малының жартысынан көбін беріп кеткен көрінеді. Қалияш дастарқанды шайға апарып жайды. Әрбір өрнегінен өзінше от шашырағандай бояуы құбылмалы жалпақ әрі ұзын дастарқанның өн бойына көз жүгіртіп, қонақтар іштей таңырқайды. Дастарқанның бет бедерін жарқыраған ашық күйінде сақтағысы келді ме, Қалияш әр тағамды іші сырлы тайпақ шыны табақшаларға салып әр жерге қойып жатыр. Әуелі тістеп жатпай-ақ ауызға бір салатын сүйір ақ бауырсақ дастарқанның қырын бастыра жағалай қойылды. Одан кейін Бесқаланың өрік мейізі, жиде жемісі салынған табақшалар тізілді. Ресей жұртынан келген қара қоңыр балды шыны аяқтарға құйып, әр адамның тұсына бір-біреуден қойып шықты. Қалияш мұнара сипаттас көгілдір түсті сопақ бас секерді дастарқан шетінде отырған Аюптың алдына әкеліп койды, ол оны ұсақтауға әзірленді. Бүгін дастарқанға таба нан, ірімшік, ақталған тары сияқты ауылдың үйреншікті тағамдары қойылған жоқ.<--break->

Ырзабек маңдайы жарқыраған келбетті кісі екен. Есқуат сияқты сөзге шорқақтау ма, онша көп сөйлемейді. Жоқ-жұқа жекжаттарды аралап, жөнді шайға қанбай шекесі тырысып жүр еді, ішкен сайын мына шай денесінің кұрысын жазып бара жатқан сиякты.

Бөбек қызылы басылмай-ақ  алғашқы аққұманды сарықты да, оттан былай шығарып қойды. Бір әшмөңкені аудара салып, екінші аққұманға тағы да шай демдеді. Бөбек сәндеп шай құюды біледі, оның жанында отырған Қалияш шатыстырмай қонақтарға шай аяқтарын жағалатады.

Қайып төрден төменіректе шай құйып отырған Бөбекке қарама-қарсы отырған қабағының астымен Бөбекке көз салады. Қыз күндегісінен бүгін бойшаң көрініп отыр. Оның үлбіреген ақ жүзін құлақтағы сары алтын шығыршық бір түрлі нұрға бөлеп тұрғандай. Сызатсыз ақ маңдайына түсіре тартқан қызыл шарқат орамал қыздың дөңгелек бетін бұрынғыдан есейтіп тұр. Көлденең тартылған қап-қара қасы мен төмендегі түймешіктей тұмсығы бүкіл бет пердесінің ажарын айқындайды.

Бөбек те оқта-текте шайды қарсы алдында отырған Қайып пен Аюпқа өзі ұсынып қояды. Қайып көз тіккен Бөбектің қарақат көзінен бір түрлі жылт еткен ұшқынын байқап қалғандай болады. Сол кезде оның жүрегі ойнап кете жаздар еді. Жұрт көйлекшең отырғанда қыз әдептен аса алмай бешпентшең отырған. Тершіген сайын ақ жүзіне қан ойнап, Қайыптың көзіне ол ерекше кұлпырып тұрғандай болып көрінеді.<--break->

– Қорекеңнің баласы, сен бізге де керек болып жатырсың, елге қашан қайтасың? – деп сұрады Ырзабек Қайыпқа мойын бұрып.

– Жуық арада, – деді Қайып. Жайғасып отырып жайлап ішкен шайдан кейін қонақтар тер басып, бой жазып қайту үшін сыртқа шыққан. Қалыңдыққа кірген соң бытырап кетіп, паналаған сексеуіл тасасынан енді оралып келе жатыр. Төңіректі көзімен шолып қайтқан Ырзабек бай сексеуіл түптерінде иірінді болып жатқан ұлпа талшықты ран отына сүйсіне қарап тұрып: – Нағыз мал қыстататын жер осы ғой, деді.

– Біздің елдің көбіне – Білесің, айтпай отырсың. Сенің қолыңдағы малшыларың, үйшілеріңнің қолынан басқа келері жоқ болған соң, амалын білесің, айтпай отырсың. Егер солардың ұрлық қолынан келетін қабілеті болғанда сенің қолыңда бір күн де тұрмас еді.қыста қыстайтын өңірі осындай, – деп Есқуат айналаға иек көтере қарады.

Қарасайдың жүрегінің суылы әлі басылған жоқ. Көштің барар жерге жетпей қонарын ол қайдан білсін. Есқуат мырзаның үйінде татарға су жоқ болып шықты. Ауыл үйден жинап, самаурынға құяр шайлық қана су тапты. Бұл ауылда қиналғанда дем беретін ақылгөй кісі Тоқпанның шешесі. Шауып Қара кемпірге барды. Ол: – Қарағым Қарасай, қысылма, сауын биелерді иір, әйелдер жабылып тез саусын. Екі үш шелек сүт керек, – деді.

Қара кемпір ошақ басында. Тай қазанға мал ішінен таңдап сойылған нән ісектің етін түгелдей салып, жылқы сүтіне асып жатыр. Сүтке ет асудың бабын өзі біледі. Қатты қайнатса қазанның түбі күйіп, етке дәмі шығып кетеді, онысы таңдайға жақпайды. Жыбырлатып қана жай қайнатып пісірген ет өте дәмді болады. Бойында жел құзы бар адамға жылқы сүтіне пісірген ет мыңда бір дауа деген сөз бар елде. Қаракемпір соның бәрін біледі.

Дәулетті адамдардың үйлері етке қамыр салуды кейінгі кезде шығарған, әр ауылда әр түрлі: біреулер қамырды қазанға шелпегімен тастайды, бір елде шелпекті бармақтай етіп, қолымен үзіп-үзіп тастай салады екен. Бұл ауыл нанды жұп-жұқа етіп, қамырды ысып салып жатыр.<--break->

Қара кемпір қазандағы ет түсірілген соң, қойдың мойын еті мен кәрі жіліктерін ошақ басындағыларға тастады да өзі қонақтарға табақ тарту үшін байдың ас үйіне кетті.

Ас үйде саба пісіп тұрған Тоқпанға шешесі: – Құлыным, бүгін қонақтарға сорпа берілмейді, сорпа орнына қымызыңды дайындап тұрғайсың, – деп ескертті.

Мырзаның үйінде қонақ күтуші – Аюп. Қонақтарға ет турап берген ол тамақ желініп бола бергенде сыртқа шығып еді, оған шешесінің жаңағы ескертпесін айтып, бір табақ қымызды беріп жіберді. Аюп пісуі жетіп, бетінен жыланғарақ көрінбейтін сары қымызды кішкентай қызыл зереңді орталау етіп, отырғандарға кезегімен жағалатып қояды.

Сырбаз болып піскен еттің дәмі Ырзабектің тандайынан кетпей отыр.

– Жерлерінің шөбі шүйгін бе деп қалдым, – деді іштей еттің дәмін жердегі оттан көрген ол.

– Мен де бүгін байқап отырмын, – деді Есқуат мұртын сипап. Еттің дәмі оны да қатты сүйсіндірген болатын.

Түнімен терлеп, бойының құрысынан айыққан Ырзабек таңертең төсектен жеп-жеңіл болып тұрды. Кешегі күтім мұның жан дүниесіне шипа болған сияқты. Жас мырзаның сый-құрметіне риза болған қонақтар таңертеңгі шайдан кейін жөнеліп кетті. Олардың артынша бүгін ауыл тағы көшті.

Ауыл үстін шарлай ысқырып кұйын өтті. Үлкен үйдің боз түндігі ауып түсуге айналып еңсеріліп барып тоқтады. Қиқым-сиқым үйіріле әуеге шаң-тозаң көтерілді. Бұл ауыл маңының тұяқкесті болғанының белгісі.

Қайып ашық сықырлауықтан көріп отыр: ақ құйын аспанға найзадай шаншылап алып ұршықтай үйіріліп барады. Қаңтарулы қара кер айғырдың жал-кұйрығын желпіп өтті. Ана ауылдан томпалаңдап қара кемпір келе жатқан, оны да құйын соғып тәлтіректетіп кетті.<--break->

Түс қайтқан шақ. Керімсал. Бір-бір еркек қой өңгеріскен күйі Қарасай мен Тоқпан өрістен келіп, аттарынан түсіп жатыр. Еріндері кезерген, бастарындағы жапатайлары маңдайларына қарай шөмейіп кеткен, сірә күнге қарсы жүрген болулары керек.

Үйден Есқуат мырза шықты.

– Ей, мұнша неге кешіктіңдер?

– Жеткеніміз осы, Есаға.

– Ей, кұдай атқандар кілең! Болыңдар, сойыңдар!

– Таңдайымыз кеуіп тұр, шай-су алайық, аға.

– О, ындыны кепкірлер кілең! Нәр тартқызармын мен сендерге!

Екі жалшы енді қайтып үн қатпады. Өңгеріп келген еркек койларын көтеріп ұрып, аяқтарын буып жіберді де, тамағынан шалып жіберді.

Қарасай: – Бісмілла, обалың құдайға, – деді.

Тоқпан: – Аллауһакбар, обалың Есағама – деп кекесінді мырс етті.

Кенезелері кеуіп шөлдеп отыр. Тамсанады, тілдері тандайларына желімдей жабысып, көн татиды.

Отауда отырған Бөбек ағасының қаталдығын анадайдан байқап қалған да, шыдай алмай үйден шыққан. Ағасы отырған үлкен үйге кірген жоқ, ар жағындағы Қайыптың шеберханасына өтіп кетті. Ол үйдегі бүйірі томпайған кішкентай метейшеден шұбат үзілмейді. Бөбек үндеместен кіріп, үндеместен алып шығып, бір қолына сырлы зереңді ұстай ана екеуге қарай аяңдап барады. ...<--break->

– Бөбекжан–ай, өлдік қой, әкелші, керемізді ішейік! – деді Қарасай күйінішті үнмен.

– Ай, жаным–ай, – деді Тоқпан бір зерең шұбатты дем алмастан сіміріп салып.

Қайып түрулі есіктен мұны да көріп отыр. Бөбек метейшені қолтықтап бері қайтты.

– Сусын ішесің бе? – деп сұрады Бөбек басын қондырып болып енді етіктің қонышты ішіне қарай айналдырып жатқан Қайыптан.

– Жұтсам жұтайын, шамалап құй, – деді Қайып мұртын сипап қойып.

– Немене, мал сойылып жатыр ғой, қонақ бар ма?

– Өзім де біле алмай жүрмін. Шал-кемпіріміз аттарына мініп таңертең жолаушылап кетті, маған жөндерін айтқан жоқ. Ағекем болса үйден шықпай қалды. Өзінше күбінулі. Кім біледі, Алыстан бір сыйлы қонақ келе ме... Олай болса бізге неге айтпайды.

– Ести жатармыз, – деп күлді Қайып. – Қалияның жайы қалай, әлі қан түкіріп жүр ме?

– Осы бүгін қақырынуы кем. Өкпе тұсым, бүйірім шанши береді дейді. Іші бауырын езіп тастаған ғой сорлының, – Бөбек таңдайын тық еткізіп басын шайқады.

– Әй, дүние-ай, – деп Қайып та қатты жанашырлық белгімен астыңғы ернін тістеді.

Қалияш анадағы соққыға жығылғалы бері түзеле алмай жүр. Бір күн шалажансар жатқан, артынан қан құсқан, бірақ бұл жайды ауыл-үйдің еш жаны білген жоқ. Әйтеуір Есқуаттың со түні шыңғыртып әйелін сабағаны белгілі. Жұртқа бәрібір әйелдің ерінен таяқ жегені кермек сумен бет жуғанмен бірдей...<--break->

Қайып кешке таман Қаракеріне мініп, дала кезіп, бір желдетіп қайтпақшы болды. Анадағы бастаңғының түсінен бері Есқуатты суқаны сүймей қалды. Сол түсті ойлаған сайын төбе құйқасы шымырлап кетеді. Бүгін мал сойылып жатқанына қарағанда кештетіп қонақ басады бұл ауылды. Есжанның өзі жоқ, онымен табақтас отыруға болар еді, иттің етінен жек көретін Есқуатпен бір дастарқан басында қалай жүздесіп бірге отырмақ.

Қайып жол жүретін кісідей болып мұздай киінді. Оң жақтағы ақ киізбен жабулы ер-тұрманын алып сыртқа шықты. Қаракер иесінің пиғылын байқады ма, қаңтарулы жерінде жер тартып кісінеп қоя берді.

Күн көзі биік қырқадан әрі асып барады. Кештің салқын лебі сезілген кез.

Қаракер қазық басынан керіле желіп жөнелген, әне-міне дегенше ауыл шетіндегі көп заманның куәсі жайпақ қара дөңнің басына омыраулай ұмтылып, ойнақшып шыға келді. Қайып тізгін тартқан жоқ, сәл тебіне түсіп еді, Қаракер желісін үдете берді. Дөңнің арғы беті жалпақ жазық, ара-тұра шөбі өскелең көлдеулерге ұласып кетіп жатыр. Дөңнен әудем жер өткенде тағы да ескі заманның бір бейне белгісі сезіледі ол теңіз жағалауынан бері құлап, маңдайын құбыла мен күн туардың аралығын ала тура тартқан қара жолдың сұлбасы.

Бұл жолмен бір кездерде кімдер өткен: әлде бір елден екінші елге азық-түлік, дүние-жиһаз артып сауда жүргізген керуен бе, немесе ел шауып бала жылатуға аттанған қатыгез қалың қол ма, бұл күнде оның сырын ешкім де білмейді. Қайып қара жолмен тартып келеді. Қаракердің көптен мінілмегендіктен бойына тер жиналып қалған екен. Атының сырын білетін Қайып желе-шауып келіп, ымырт қарайған кезде тізгінін тартты. Қаракер ауыздығын күрт-күрт шайнайды, танауына тер құйылған болса керек, басын нұқыра қатты бір пысқырды, атының ащы терін алғанына иесі де көңілденді.<--break->

Ай жаңа көтерілді. Терістіктен самал жел баяу соғып тұр. Даланың жұпар иісіне кеудесін керіп, қоңыр самалына бетін тосып Қайып біраз тұрды. Ай астынан ит үрді. Жақын жерде ел, өрісте жатқан мал барлығы байқалды. Қайып тайын жетелеп со жаққа беттеді. Келсе, Есжан аулының бір қора қойы мен Тоқпан осында екен.

– Ағатай-ау, қайда жүрсің, қызықтың бәрі ауылда қалды ғой, –деді Тоқпан қопаңдап.

– Не қызық? – жүгенін сыпырып атын бос қоя берді Қайып.

– Бүгін күйеу келеді. Қол ұстатып, шаш сипайтын күн, – деп Тоқпан ентіге сөйлейді. Өз-өзінен елеуреп қызып отыр, іштей өкінеді де, опынады да.

Қайыптың қапелімде жағы қарыса қалды. Неге екенін өзі де білмейді, тұла бойы бірден шымыр-шымыр етіп кетті, артынан от-жалыны шыға дуылдап барып, қайта басылды, енді маңдайынан мұздай тер бұрқ етті. Жас жігіттің санасы өзінде сияқты, бірақ талып түрегелген кісідей есалаң сезім де, бүгінгісін, кешегісін, алдыңғысын ойлап есіне түсіргісі келе ме қайтеді. Қатты сасып, не үрейі ұша қорыққан кезде ғана адамның қиялы қайырлаушы еді, Қайып сөйтіп отыр. Бұл қалай?..

Бөбектің берулі жері де белгілі, осы биыл оның ұзатылатыны да анық, қане, ешбір неғайбіл жәйі бар ма?

Тоқпан Қайыпты қонақша күткенсіп қалбалаңдап, болып жүр. Астына шекпенін төседі. Қара бақырышқа торсықтан көпіршітіп қойыртпақ кұйып жатыр.

– Бүгін ауылда қалайын деп едім, Есағам ұрысып қуып жіберді. Қарасай қызықты көретін болды-ау, өһ! – деді. Тоқпан бақырашты Қайыпқа ұсынып жатып.

Қайып қара бақыраш толы қою қойыртпақты бөле жұтып отырып, тауысып берді. Таңдайды үйірерліктей тәтті екен.

– Қызығын ертең есітерсің, – деді Қайып сүлесоқтау үнмен. Әлгі бір дауыл қаққан аласапыран сезім өтті. Оның артын ала бере тағы бір сезім құйылды. Сағынышты, аянышты сезім.<--break->

Бөбек бейнесі айдаладағы жас жігіттің жүрегін шертіп-шертіп кеткендей. Өзі бері қарай қанат соғып талпынғысы келе ме, қайтеді. Жас жігіт со бейнені бір көруге зар болып алыстан сағынып отыр. Ет жүрек елжіреп басылды. Тағы да дүлей толқын дүрс-дүрс соғып кеудені кернеп барады. Тұла бойы тыз етті де, жүрек сіресті қызғаныштың әлеметі. Бұлаң қаққан сол бейне, біреудің суық сұр қолы оны көп ішінен жұлқып-тартып суырып әкетіп бара жатқандай. Жігіт бір тұрып, бір отырды. Бөбек біреудің қарадүрсін суық құшағында тұңғыш жатқандай... Қыз бейнесі жезтырнақтың умашында жатқанда аянышты көрінсе, жігіт қалпы одан да аянышты еді.

– Аға, – деді жантайып жатып Тоқпан, – мен сыбызғы тартам, сен ән салшы, ауыл естісін бәлем.

– Жарайды, айналайын. Ағаңның әні қашпас, әуелі сенің сыбызғыңды тыңдайын қане, салып жіберші жақсы күйлеріңді тыңдайын.

Тола туған айдың бір жүзі осы атырапқа ғана арнайы кұйып тұрғандай. Кең ойпаттың еңіс баурайында күйісін қайырып қой жатыр. Бұлар еңістен жоғары қабақта. Тайдай көк төбет көсілген күйі алдыңғы екі аяғына иек артып мыналарға қарай көзін жұмып жатыр. Түн самалы Бесқала жақтан жайлап есіп тұр, сонда ауыл ық бетте болғаны.

Қайып Тоқпанның сыбызғысын әуелі ұстап көрді. Ұзындығы көзге жақын, жуандығы жас сәбидің білегіндей әрбір бунағының арасы қарысқа жуық қабығы қалың қатты қамыстан жасалған сары сыбызғы. Бір беті жарымына дейін ұзына бойына өңкей тесік. Екі басына да тіс пен ерінге желінбес үшін сары жезден сақина кигізіліпті.

Бұл аталарымыздан қалған сыбызғы екен, – деді Тоқпан сыбызғыны Қайыптың қолынан алып жатып.

Қайып ойлады да қойды: сыбызғыны тек қойшылар ғана тартады.Тоқпан сыбызғыны қолына алып, құрғақ деммен бір үріп, ішінің шаң-тозаңын айдады. Сосын сыбызғының басын күрек тістен былайы біреуіне апарып тіреді де, үстіңгі ернін оған жартылай жапты. Қу қамыс күйге келді. Сыбызғыға майысқан он саусақ пен серіппелі дем керек.

Тоқпан әуелі тұрып тартты, одан кейін отырып тартты. Әр күйді «мынау пәлен күй, мынау түген күй» деп атап-атап тартты. «Бозінген», «Жетім құлын», «Ел ауған», «Жеңгелік», «Жігіт зары», «Қыз сыры», көп-ақ. Бәрі де ұзақ-ұзақ күйлер. Тамылжып барып, құйқылжи құйылатындары да бар. Ән де жүректен шығып, көмейден төгіледі, күйді де жүрек шертіп, көмей көтереді.

Қайып сыбызғының сазын өңге дүниені естен шығара ұйып тындайды.<--break->

Он екінші тарау

 

Жеңгелер де жиналған. Мұндайда қыздың жеңгесі өзін сабырлы ұстап, аянышы мен қызғанышын қоса тартып, қамқорсып, екі жақтың да абыройлы болуын көздей жүреді. Туыстығы қашықтау жеңгелер әккілік жасап қутың-қутың етеді. Көздерін орамал түйін, сақина-жүзік тескен немелер күйеу кәдесінен құр қаламыз ба деп жандарын қоярға жер таба алмай сенделеді. Ана үйден мына үйге, ол үйден бұл үйге кіріп сапырылысуын сайтандардың.

Қалыңдық ойнауға күйеу келіп жатыр. Намазшам кезінде үш-төрт жігіт болып ауыл сыртындағы қырқаның астында, тасада аттан түскен. Аттарын сол жерге матап, өздері жаяулатып келіп, алдын-ала дайындалып қойылған. Есқуаттың отауына жәйімен енген. Күйеудің алдынан шашу да шашылған. Енді оң жақта күйеу сорлы қасықтың үстіне мінгендей шошайып қана отыр.

Бұл да Жеменейдің бір байының тұяқ жалғызы. Жалғыз қызды кеш беріп, жалғыз ұлды ерте аяқтандыратын қазақтың әдеті. Жастай үйленетін жалғыздың алатыны бойжеткен ересек болар. Шариғаттың оған да есебі бар. Бала күйеуге бой жетіп түскен келіншек ертең саркідір тартқанда «бәйбіше» атанады. Мырза болса әлі жас, енді оған жас тоқал алудың жолы ашық емес пе, бұл дәулетті адамдардың әріден келе жатқан салты.

Есберген құрсақтан жалғыз. Балиғаға енді ғана ілінген қара қошқылдау балаң жігіт. Әлі сілекей безі піспеген жас неменің бойдағы қан қызуы да шамалы. Алдағы уақиғаға іштей алабұртып талпынып та отырған жоқ. Анасы аулап әкеліп беріп кеткен жемтікке тойып алып жар басында шоқиып қана тояттап отырған қара құстың селдір, салтақ жүнді жас балапаны секілді. Шай құйып отырған жас келіншек ұсынған шай аяққа қол созғаны қызық, алдына кесек-кесек түскен жемтікті қомағайлана жұтқанда түйіліп қалып ілгері қарай еріксіз мойнын созған әлгі үрпек балапан секілді, бұл да алға таман ұмтылғанда арт жағы түгел көтеріліп кетіп томашадай қалжасын сонысымен байқатып алады.<--break->

Есқуат Кедей аулынан күйеуге бас-көз болып келген құдаларды ертіп, үлкен үйге кеткен. Өз үйінде күйеу, күйеу жолдастары және ауылдың, қыз-келіншек, кілең қылжақайлары.

Жас күйеуді осылардың пысы да басып отырған болар, бас көтеруден қалып жүнжіп барады. Еріксіз жәутеңдеген екі көзі сары дастарқанның үстіндегі шашулы жатқан ақ бауырсақтың әр түйіріне «мен қайтем енді» деп жалбарына жалынғандай тесіледі. Есберген жас, жасандығы болмаса көне беттілеу, қастары қалың, кірпіктері өскелең, кұстұмсықтылау қара сұр өңді бала жігіт.

Әлгі бір әзірде жеңгелері Бөбекті сырттан сүйреп әкеліп күйеу отырған үйдің жабығынан қаратқан. Бөбек күйеуін шатырлап жанған қу баялыштың жалынының жарығында анықтап көріп алды да, зыр жүгіріп келіп жаңа ғана тігіліп, енді ғана төріне ақ текемет жайылған өз отауының есігінен ішке қарай атылды. Не болғанын білмей үшті-күйлі аласұрып зәресі кеткендей қалтырап басылды, жүрегі үрдіс соғып барады. Айналаға қарады – қара көлеңке басқан тұлдыр ақ отаудың іші. Айнала төңірек те бір сәтте қарауытып бара жатқандай. Ақ отаудың ішіне кіргенде Ақбөбектің қос шекесі қақсап ауырып бара жатқандай болды. Өз-өзінен жалғызсырай бастады. Енді бірде тұла бойы ду етті, денесі түршігіп барады. Жаңа ғана жабықтан көріп қалған жас күйеудің ұсқыны бұған бірден ұнамады. Бұл өзін одан естиарырақ санады ма, ананың шоқиып отырысына көңілі толмады. Бойын бір түрлі жиіркенішті сезім билеп бара жатты.

Ол болашақ күйеуді ешқашан көрмеген. Бір дәулетті жерге айттырып қойды дегенді Қалияштан есітіп жүретін. Байдың ұлы болған соң қасы, мұрты қиылған өндірдей жігіт шығар деп, дүдәмал қалыпта ойлайтын да, одан басқаға көңіл тоқтатпай жүре беретін. Бұл сол куйеудің сиқын көргенде, бірден шошып кетіп еді. Тең емес... «Мен қандаймын, ол қандай» дегендей ме. Қанаты қатпаған балапан сияқты екен. Бөбектің көзіне алғаш қораш көрінгені сол болды. Ол өзі өмірді біршама байқайтын сияқты. Өзінше көргені, түйгені көп салауатты адам. Есбергенді өзіне тең санап тұрған жоқ. Күйкентайдың балапаны сияқты тығыншықтау бірдеме. Көз тартар келбет бар ма онда. Бөбек оңаша отаудың ішінде ойға батып біраз отырып қалды. Алдағыны ойлайды, кешке отырыс болады. Қызды күйеудің қасына апаруы мүмкін.<--break->

Қазақтың салт-дәстүрі көп: қол ұстатып, шаш сипатары бар. Қызба, өткір күйеулер түнде күзетші жеңгелерінің көңілін тауып, қолдарына сыйлық-сияпат ұстатса, күйеуді қалыңдықтың қойнына салуы да мүмкін. Бөбек қазақтың мұндай әдетін есітіп жүрген. Оның қазір көп ойға шалдығып, әуре сарсаң болып отырғаны, қалай да сол жағына сақ болу. Неге екенін өзі де білмейді, әйтеуір есебін тауып жас күйеуді қасына жолатпау, өзі де оның маңына жуымау. Әлден еті тітіркеніп өзінің аза бойын таза ұстауға осы бастан қам жасап отыр. Едірең бар да, емексу жоқ. Бөбек жалғызсырайын деді. Айналасынан сүйеніш қара іздегендей. Сонда оның сүйенетіні кім болмақ, кәне қайда ол? Бөбек біліп отырған жоқ, оның осы тұста жақсы-жаманды ажырата білетін, оңды-солды байқап, әр нәрсеге ой жүгіртетіндей бола қалуына не себеп?

Адам әуелі жақсыны көріп, жаманның жамандығын байқайды. Жаманды көріп тұрып, жақсыны сонда аңғармақ. Ақбөбек қазір сондай халде. Ой жүйрік, әр жаққа бір алып қашады.

Қайыптың сұлу пішін, әдепті қимылы, шебер қолы, әуезді әні – бәрі-бәрі Бөбектің жүрегін оятқан еді. Жан-жақты ұнамды жігітті көріп тұрғанда есі бар қыздың қай-қайсысы да есейіп бой түзей бастайды. Бөбектің лезде бойжетуі, жасанып, сындар тарта бастауы осы шырайлы жігіт Қайыптың осы ауылға келген күнінен басталып еді. Бірақ оны Бөбек аңғармаған екен. Қазір алаулы ет қызуы, толқыған жүрек шымыры қыздың ойын әр саққа жүгіртіп, еріксіз толқытып отыр.

Жігіттің сыр-сымбаты мен көргенді көрінісі жақсылықтың шарапаты. Жақсылықты да жақсы ұқса керек.

Бөбек Қайыпты сырттай қатты ұнатушы еді. Қайып та сол дәрежеде болатын. Бірақ мұның екеуі де бір-бірімен сыйлас болғанмен онша іш берісіп сырлас болмаған. Екеуінде де сыртқа шыға алмай, тұншығып қана іште жатқан әлі қайнауы піспеген бір ынтызарлықтың болмашы ұшқыны жататын. Ол бір бас -аяғы белгісіз әлі түтанбаған сәуегей ұшқын болатын.<--break->

Бөбек отырды, отырды да бірден орнынан ұшып тұра келді. Сыртқа шықты. Шалдың сегіз қанат боз үйінің ар жағына тігілген ақ отау жаққа қарады. Ақбөбектің отауы екеу: біреуін кеше тікті, біреуін Қайыпқа арнап тігіп койған. Ол онда оңаша отырып етік тігеді.

Есжан бай қутыңдаған сараң байлардай емес, ұялар жерін білетін мырзалығы бар кісі. Қонақ көңілді болсын деді ме, Қайыпқа арнап қызының бір отауын тіктіріп берген. Қайып та ол кісілікке өте риза болатын.

Қайып бір жақтан келіп, атынан түсіп жатыр екен. Бөбек солай қарай бет алды. Ойын түйіндеп келеді. Ендігі іздеген сүйеніші сол сияқты. Барын баян етіп, Қайыпқа іштегі сырын төкпекші, жасқанатын, қаймығатын емес. Ризасыз ашық пейілмен ішкі бір сезімін аңғартып, сырын төгетін түрі бар.

Қайып келе жатқан Бөбекті көрген жоқ, атының ер-тұрманын сыпырды да, бос айдап жіберді. Қаракердің жем жейтін уақыты болған жоқ, оқыранып артына қарамастан жай желіп кете барды.

Бөбек кідірместен келіп ішке енді. Қайып әлі отырған жоқ, белдігін босатып, орнына енді отыра беріп еді.

– Отырма, – деді ішке кіре берген Бөбек. Қайып қалшиып тұрып қалды.

Бөбек келе Қайыптың мойнына асылып, басын оның көкірегіне басты да, өксіп жылай бастады.

Қайып бірден не болғанын білмей аңтарылып барып кейін есін жиғандай болды ма, Бөбекті құшағына алды. Айтқаны:– не болды, аманшылық па? Өзі де бір түрлі болып бара жатқандай. Құшағында тұрған қызға жаны ашыды, бірақ оның хал-жайын біліп тұрған жоқ.

Бөбек жылап-жылап алды да, отыра кетті. Қайып та отырды.<--break->

Бөбек көзінің жасын жеңімен сүртіп, болған жайды баяндай бастады. Әуелі шағынғандай болып сөйлеп еді, кейін Қайыптың жүзіне жәутеңдей қарап қойып, жалынышты рең білдірді.

Қайыпқа ол өмірден үлкен зардап шеккендей болып көрінді. Жаны аши отырып, қызды отырған жерінен тағы да баурына тартты. Қыз денесінде сүйек жоқтай өз-өзінен майысып, бұралып жігіттің бауырына жарасықты жабысып бара жатты. Қайып та емекси, елжірей түсіп, қызды қаттырақ емірене қысты.

– Мен кешке болмаймын, көкемнің аулына кетсем бе деп отырмын,– деді Бөбек бір кезде.

– Оның болмас, жарқыным. Ағаңның абыройын аяққа басасың ба? – деп Қайып оған басу айтты.

– Еш көргім келмей отыр. Білмей...

– Көрмегендей қайтесің. Ата жолы. Айттырылған қыздың осындай ырым кәдесі болады, ұрын келу күйеудің міндеті. Сен қалай қашпақшысың?

– Жақтырмасам несі бар менде, – деп Бөбек Қайыптың оң тізесін баса сүйеніп отырып айтты.

– Жол-жосығын істей бересін. Әрине, күйеудің қалыңдығына ұрын келуі ата жолы. Ата-анаң оған келісімін берген. Мына ағаңның істеп жатқан сый құрметін тәрк етпе, – деді Қайып.<--break->

Он үшінші тарау

 

Есқуат төрде жантайып жатқан. Бөбек пен Қалияш оң жақта тайлақтың жүнін түтіп отыр еді. Сырлы жастық ағаштың басында жас мырзаға жарасарлықтай екі балағына сары зер жүгіртіліп кестеленген қара мауыт шалбар ине жіптен жаңа шыққан күйінде ілулі тұр. Қалияш соған ақ түйенің жүнінен екі ұшын шашақтап буғызып бермекші.

– Әй, аяғымды жушы, – деді Есқуат жантайған қалпында сәл көсілген аяғын қозғап.

– Қазір, – деді де әйелі тездете жүнін түте берді. Ол қазір бір шүйке жүнді домалақтап, алдында ұршық ұстап отырған Бөбекке бере қоймақ болып еді, әйелінің қапелімде ұшып тұра қоймағанына тұлданған Есқуат жайымен орнынан тұрып керегенің басынан дойырын алды да, Қалияштың жонынан екі рет тартып-тартып жіберді. Қалияш отырған жерінде қайқаң етті де, алдындағы отырған Бөбекті құшақтай алды.

– Аға, бүйткенше әйеліңмен косып мені де саба! – Бөбек ағасына долданып, үйден шығып кетті.

– Баласының осындай дөрекі қылығына Зиба ыза болып жүретін. Бөбек барған соң кідірмей үйден шықты. Үн-түнсіз келіп, отауға сырттан бір шелек суды ала кірді. Төрде көйлекшең қырынан қисайып жатқан баласының басына шелектегі суды ақтара салды. Көлкіген судың ішінде қалған Есқуат ойламаған жерден тап болған жағдайдан шошынғаннан етбеттеп, оң жаққа қарай еңбектей жорғалады. Шешесі жерде жатқан дойырды алып, жалма-жан баласының сауырынан құлаштай періп-періп жіберді. Есқуат босағада бүкшиіп отырған Қалияштың жанына жетіп бас сауғалады.

– Е, көрім, аяғымды жу деп, аурумысың? Атаңда жоқ, енеңде жоқ әдет, домалатып әйел сабауды қайдан шығардың сен осы! Қатының ұнамаса, үстіне тоқал ал, бірақ кісі баласын қорлама. Осы қылығың байдың мырзасына жараса ма. Әй, шірік! – деді де Зиба үйден шығып кетті.<--break->

– Шешесінен кейінірек келген Бөбек оқиғаның үстінен шыққан, ішке кірмей түрулі есіктің маңдайшасына сүйеніп тұрды. Шешесінің таяғын жеп табан астынан мүсәпірлік халге түскен ағасының сиқына ішек-сілесі қата рақаттанып күліп келеді. Қалияш есікті түсіріп, сандықты ашты, ішінен Есқуаттың құрғақ киімдерін алып беріп жатыр

– Әлгі қағыңғыр қыздың әлегін қарашы, шешесіне жеткізген ғой, – деді Есқуат шешініп жатып. Қалияш төрдегі суға малтыққан төсекті біртіндеп сыртқа шығарып жатыр. Күлкіден жарылайын деп Бөбекке жете алмай жүр.

Жазғы шілде өтіп бара жатқан шақ. Жаздай Есжан байдың аулында болып, етік тігіп жатқан Қайып көптен бері ұзап далаға шықпай біршама зерігіп жүрген. Шал-кемпірдің жоғында анда-санда ауылда ойын-сауық құрады. Ән шырқайды, өзі ұйқастырып өлең шығарады. Көкірегінде ауылды сағынады. Бұл ауылдан кеткісі де келмейді. Қайып көп ойланып, әуре сарсаңға түсіп көп толғанатын болды. Ойлайтыны Бөбек жайы. Ата жолы мен өз жолы ешбір тура келмей тұр, біріне-бірі қарсы шабады. Ата жолына салса, Бөбек ойсырап тұр, ал егер өз жолына түссе, біреуі емес, екеуі де жазым таба ма, алды бұлыңғыр. Қайып есі кіріп есейген жігіт. Аумалы-төкпелі ойы көп, бірақ бір түйінге әлі келген жоқ.

Бөбек бұған бар тұрғылығымен беріліп кеткен. Оның жалғыз медеуі осы Қайып.

– Мені алып кет. Қалмаймын сенен! Болмаса у ішіп өлем, – деді Бөбек Қайыптың жүзіне қарап отырып.

– Өзім де сол сөзді саған айта алмай жүр едім. Уәде солай болсын. Онда бір шартым бар, – деді Қайып Бөбекті құшағына алып.

– Айт шартыңды, – деп Бөбек жігіттің көзіне қарады.

– Ешкімге білдірместен кетпейік. Сен Қалияшқа айт осыны, – деді Қайып.

Қайынсіңілісі мен жеңгесінің арасынан қыл өтпес, тату-ақ. Қайып пен Бөбектің арасындағы жағдайды Қалияш бұрыннан сезіп жүретін.

Қалияш қайынсіңілісінің сөзін елеңдей отырып тыңдады. Әуелі жағасын ұстап қорықты. Кейін өз-өзінен алақтап елегзи отырып, біреу-міреу осы сөзді есітіп қалмасын деп жан-жағына қарады.<--break->

– Жарқын-ай, жүрегімді ұшырдың ғой менің, – деді ол бір кезде Бөбекке жақындай отырып. – Қайдам. Айттырулы жеріңді тастап...

– Бәрібір кетем. Менің теңім емес ол, – деп Бөбек жеңгесін қайырып тастады.

– Онымен бірге жүріп, сырласып қойғандай сөйлейсің, жарқын. Айыбы буыны қатпаған жастығы болмаса, мен ештемесін сезгенім жоқ. Жап–жас бала.

– Жеңеше-ау, өзің айтшы құдайшылығыңды. Қайыптың басқан ізіне тұра ма сол көрім, деп бір түрлі жалбарынған пішінде сөйледі Бөбек.

Қалияш бір сәт үндемей қалды. Жүзіктің көзінен өтетін сал жігіт, ойға толы өнері бар сегіз қырлы бір сырлы Қайып оған қатты ұнайтын. «Осындай жігітке кездеспедім-ау» деп ойлап та қоюшы еді ол.

– Есқуат келді ме? – деп сұрады Есжан, үйге кіріп бара жатып.

– Жоқ – деді Қалияш иіліп тұрып.

– Тентек пе өзі! Осынша лағып, – деп Есжан үйге кіріп кетті.

Қалияш ата-енесін үйге кіргізіп болып, сыртта мосыға қара шәйнекті асып жатқан. Бөбек үйден сары самаурынды алып шықты. Қара шәйнек тезірек қайнаған соң, ішіндегі суын самаурынға құйды. Бұл үй шәйнектен шай ішуді қойған.

– Алақай ағаекем келді! –деп қолындағы самаурынды жерге коя сала Бөбек Есқуаттың отауына қарай жүгіріп кетті. Барды да, белдеуге атын байлап жатқан Есқуаттың мойнына асылды. Ол қарындасын құшақтап, маңдайынан сүйді.

Есқуат отау үйде кідірген жоқ, шалдың үйіне кетті. Сәлем беріп, сол дастарқаннан шай ішіп, кешке таман тамақ жеп шықты.<--break->

Қалияш қатты ойланып жүр. Көптен күткен күйеуіне жәутең-жәутең қарап, қасы мен қабағына байқау салып жүр. Күйеуі көңілді, әйелінің мықынынан ұстап-ұстап қояды, әлгі бір әзірде. Қалияш та күйеуін сағынып қалған екен, қасынан бір елі де шықпай қойды.

Күн батып бара жатыр. Есқуат жастық ағаш жаққа қарай береді, әйелінің тезірек төсек жаюын тағатсыз күткендей.

– Атсоқты болып, шаршап келдім, жатайықшы, – деді Есқуат үйдің ішін қара көлеңке басқан кезде.

– Қой, күн ерте ғой, – деп күлді Қалияш.

– Болшы, төсек салшы...

Қалияш кипақтап қалды. Ел жатар уақытқа әлі көп бар. Жолаушыдан хабар білейін деп, ауыл-үйдің адамдары келіп қалуы ықтимал.

Қазақтың жатып қалған екен демей, ардың-гүрдің жетіп келетіні бар. Мұндайда ерте жатқан келінге ұят.

Қалияш Бөбек туралы сөз козғамақ, ешбір есебін таба алмай отыр. Күйеуінің мінезін біледі. Табан астынан шарт-шұрт етіп, ашу шығарса қайтеді. Бірақ бүгін, тап осы тұста Есқуаттың әйеліне қол көтере қоймайтынына оның көзі жетіп отырған сияқты. Сондықтан осы кезде бір пайдаланып қалу да зердесінде тұр.

– Отыра тұршы. Саған айтар әңгіме бар, – деді Қалияш күйеуінің етегінен тартып.

Есқуат әйелінің тізесін шынтақтай қисайып жата кетті.<--break->

– Ал, тыңдадық.

– Қарындасыңның сәлемдемесі бар.

– Қарындасыңның?

– Иә, қарындасыңның, кәдімгі өзіміздің Жарқынның.

– Айта бер.

– Жарқын мына Қайыппен бірге еріп кетем деп жатыр. Ана кедейдегі күйеуін жақтырмайды екен. Оған басымды кессе де бармаймын дейді.

– Иә, мынауың үлкен жаңалық қой.

–Соны ағаекеме айт. Сол үшін өлтіретін болса, мені бауырым ағаекемнің өзі өлтірсін, – деді қарындасың. Есқуат күрсінді. Дым деместен біраз жатты.

– Осы біздің қазақтың жасынан қыз айттыратыны не екен, деді бір кезде Ескуат.

– Қайтесің. Салт болып кетсе. Басын сүймегеніне бергеннен не шығады. Ой, құдай–ай...

– Мұның арты қып-қызыл дау. Қайып соған төтеп бере алар ма екен.

– Қайдан білейін. Менің күйеуім болсын дейтін-ақ еті тірі жігіт.

– Артының не боларын кім біледі – деді Қалияш.

– Жігіттің кемі жоқ. Қызы құрғыр бекер ұнатпаған ғой...

– Солай шығар.

– Мен қарындасыма Қайыптың артынан ер де демеймін, ерме де

демеймін. "Ерме" дейтінім, мұның артынан бітіспес дау шығады. "Ер"дейтінім, егер Демесіннің, байдың ұлы кеудесінде оты бар, жүрегінің жүні бар жігіт болса, біреумен еріп кеткен жесірдің артынан бармайды. Нақ өзім сөйтер едім. Басқа бір байдың қызын айттырар едім де, соны үйіме әкеліп түсіре қояр едім. Кеткен қатынның артынан топырақ шашқаннан басқа не бар.<--break->

Қалияш үндеместен қалды. Есқуат ой үстінде отыр. Қайыптың Бөбектің теңі екеніне көзі жетеді. Байдың ұлы сімсік бола қоймас. Көкірегінде ары болар. Есберген кеткен жесірдің артынан қуып бара ма. Арланбай ма. Біреудің қойнынан шыққан әйелді қайтып алуға намыстанатын шығар. Есқуаттың ойы осыған келіп токтады.

Қалияш Бөбектің "ағама жеткіз" деген сәлемін күйеуіне айта алмай, бірнеше күн іркіліп жүрген. Қай жағынан шығады. "Ит ашуын тырнадан алады" дегендей домалатып сабай берсе қайтеді. Бұрын да қыздың бір сәлемдемесін айтам деп бір сойылды көрген ол. Содан көзі қорқып қалған Қалияш бұнда да алғашқы сөзін айта алмай тұлығып барып, еріндері дірілдеп кетіп еді.

Есқуат түйілгені болмаса ашуланбады, қатты ойланып қалды. Қалияш тым көңілді еді, үйдің ішін көк жусан сібірткімен сыпырып, төсек орынды қағып-сілкіп жүрген. Көптен бері күйеуіне риза. Осы ауылға Қашаған келіп кеткелі Есқуат күрт өзгерген. Әйелге қамшы ойнатуды қойып барады. Өзіне маңғаздық пайда болған. Сонда Қайыптың

"Әйелін көп ішінде жүндей түтіп,

Есқуат көнбей кетті арашаға"...дегеніне ертесіне өкпелемеді де.

Қашағанның "Тәйірі жігітке сын емес пе. Әйел сабау мешкілік қой" деді, бұл сөз бұның етінен өтіп, сүйегіне жеткендей болып еді. Әсіресе ақындардың тіліне ілігуді бай мен мырзалар қаламайды, шошиды.

Есқуат жоқта Бөбек есіктен көңілсіз кірді. Көкірегін уайым басып алған. Ағасы не дейді. Көнбейтін болса ендігі жерде бұл не істейді? Басын өлімге қия ма, қайтеді.

Бөбектің қолында көне жүн дорба, ішінде бірдеме бар.

– Мынауың не? –деді Қалияш жарқылдап.

Бөбек дорбадағыны от басына төкті. Даланың ащы жуасы, тағы да ұзын сопақ және домалақ нәрселер.

Мыналар көсік, монданақ, коян тобық, сыртын қыр да жей бер, – деді Бөбек.<--break->

– Кім әкелді?

– Ауылдың балалары, – деп Бөбек ұзын көсікті дорбаның сыртымен сүртіп-сүртіп жіберді де, кеміріп жей берді. Қалияш ащы дәмге талғақ болып жүрген, бірден көк жуаға ауыз салды, құлшына жеп жатыр.

– Ауызымның суы құрып, өлейін деп жүр едім. Тәңір жарылғағырлар-ай, – дейді Қалияш мәз болып.

– Ол тым ащы ғой, ана монданақ, қоян тобықты жесейші, тәтті, –деді Бөбек.

– Жоқ, осы ащыға құмармын, – деп Қалияш көк жуаны сабағымен қоса ұйпап жатыр.

– Жарқын, – деді бір кезде Бөбекке қарап, – ағаңа айттым.

– Мені ұрмады, саған ұрысқан жоқ. "Қайыптың артынан ер де демеймін, ерме де демеймін" деп рұқсатыңды берді.

– Болды. Ерікті өзіме беріпті ғой ағам, – деп Бөбек қуанып кетті.<--break->

Он төртінші тарау

 

Жүрегі дүрс-дүрс соғып басылды. Төбе құйқасы шымыр-шымыр етті. Тұла бойы діріл қағып аяқ үстінде тұра алмай тұр. Бөбек сол қалшылдаған күйінде үй артына қарай тәлтіректеп жүгіре жөнелді. Ши түбінен бері оралғанда сыртта босағаға сүйеніп ышқына егіліп тұрған жеңгесі Қалияштың дыбысын есітті. Келе жеңгесін ту сыртынан құшақтады, бұ да егіле берді. Қалияш сырт айналып қайынсіңілісін баурына басты. Арқасынан сипай қағып: Қой, жылама, – деді.

Ай тастай қараңғы. Түн тымырсық. Бар дүние демін ішіне тартып тұрғандай. Мал да, жан да тым–тырс.

Мына иек астындағы еңісте Қайып Қаракерін ауыздықтап жатыр. Қалы кілем коржынын жаңа бір әзірде бөктерген. Қоржынның бір басында өзінің ызбырайы, бір басында жол азығы. Бұл да тынысы тарылып қобалжып тұр. Маңдайынан мұздай тер шықты.

Қалияш Бөбекті қолтығынан сүйеп ертіп келді. Бөбек өксігін баса алар емес. Қалияш өзін-өзі ұстап, бекініп жыламай тұрды.

– Тағы бір ат ертте. Бір атпен қалай кетесіңдер, – деді Қалияш Қайыпқа.

– Болмас. Әрі адамын, әрі малын шауып кетті дер ел, – деп Қайып, мырс етіп күлгендей болды.

– Қош бол, Жарқын ... бақытың ашылсын...<--break->

Менің азабымды сен тартасың ғой, жеңеше, – деп Бөбек тағы да жеңгесінің мойнына асыла кетті.

– Тәңір жарылғасын, Қалияш, – деді Қайып атқа мініп жатып.

– Аман болыңдар. Алдарыңнан ақ күн тусын...

Ат үстінде тұрған Қайып жерде тұрған Бөбекті иіліп келіп қос колтығынан қуыршақтай көтеріп алып, оң тізесінің үстіне қондырды...

– Бекет атама сиыныңдар! Бекет ата-ай, оңғара көр!

– Қ–Қ–Қош, же–еңеше. Қош, ел-күнім...

– Тірі болсақ кездесерміз. Басыңды қорға, шырағым... – деп Қайып ат басын кейін бұрды да, тебініп қалды.

– Айналайын жеңешем... – аздап дауыс шығарып Бөбек сыңсып барады...

Есі бар ғой жануардың. Қаракер айғыр басын терістікке бұрғаннан-ақ енді қайтып тізгін тартқызбастан жазылып сала берді. Иесі құс жолын бағытқа алған, бұл да соған түсінгендей. Қаракердің елге қайтарын сезінгеніне үш күн болып еді. Қаңтарса, жер тарпып, ойнақшып бір орында тұра алмаған, бос жіберсе, көсіле бір шауып келіп, иесіне қайта оралатын да, келе өңірін, бетін иіскелеп еріндерімен өбе бастайтын.

Көптен ұзақ сонар жол баспай терленіп қалған қаракср айғыр таң алдына дейін бөкен желістен аумай керіле жосып ақты да отырды.

Жер беті көкорай шалғын. Тек ерте заманнан бері керуен жүріп тұяқ кесті қылып тастаған ұзыннан шұбақ күңгірт сызат жатыр. Бұл соқпаққа еш уақытта да шөп шықпайды. Ол екі жағын көмкерген көкорай шалғынның ұзына бойына жосылып, күндіз қылыштың қырындай болып жылтырайды да жатады.<--break->

Таң кұлан иектеніп атып келеді. Арттан қуғыншы жоқ. Бүгін-ертең қуғыншы шыға да алмас, себебі, Есжан аулының тайлы-тұяғы қалмай сонау Бозашы бойындағы Жеменей аулының асына кеткен.

– Осы жерге бір аялдайық енді, – деді Қайып аттың басын тартып.

Бөбек үндемеді.

Қайып оны ат артына мінгізбеген. Алдына ала қос тізесінің үстіне кезек отырғызып келген. Тақымын қысып еді, Қаракер төрт тағандап тұра қалды. Бөбекті жанымен ғана тізесінің үстінен жылжытып жерге түсірді. Кідірген жерлері үлкен ойпат. Арғы беті ылдилап барып, төмендеген сайын шөбі өскелең тартып сайға ұласып кетеді. Сонау түкпірден кебежедей-кебежедей үш-төрт қара тастың арасынан жылыстап мөлдір қарабұлақ ағып жатыр. Бұл аймақ Қайыпқа қашаннан мағлүм.

– Күнді осы жерде өткізейік, – деді Қайып аттан түсіп жатып.

– Ұзақты күн бе? – деп Бөбек өз-өзінен ыңғайсызданды.

– Иә, ұзақты күн. Елге жеткенше бөтен көзге түспегеніміз жөн. Күндіз көз таса болып, түнде жүргеніміз жақсы емес пе.

Бебек үндемеді. Таң қараңғысы айыға бастаған. Тіршілік дүние қайта тіріліп келе жатқан сияқты: о жер, бұ жерден түз жәндіктерінің сыбысы естіле бастады, түрлі-түрлі әуенмен құстар сайрап жатыр... Бауырына қысып құшып-құшып алды. Қызда үн жоқ. Басса семіп кетердей, ашса жарқ ететіндей алақанда тұрып үлбіріген сусыма жібек сияқты. Тегеурінді жас жігіт қызды босатпай балаша алдына алып отыр. Ауыт-ауыт қысады, ауыт-ауыт аймалап құшады. Қыз ләм-мим демейді, демін ішіне тарта үнсіз күйде бұға түсіп, бетін жігіттің жүрек тұсына тоса береді әйтеуір. Айнала баурай көк шалғын, тебіннен шыққан жас жусанның анқыған иісі таң самалымен есіп тұр. Дүниенің бұл көрінісін екі жас түйіп-сезіп отырған жоқ, өздерімен өзі әуре. Тек қос жүрек бірін-бірі ғана әлдилеп, тербетіп, жан қызығына сонысымен бөгіп, тояттап отырған сияқты.<--break->

Таң бозарып қалды. Қайып Қаракердің ерін алып, жүгенін босатып жіберді. Оны тұсаудың не шідерлеудің қажеті жоқ, қашықтап кетпей, иесін маңайлап оттайды да жүреді.

Бөбек қоржынның бір жағына басын қойып қисайды. Аздап калжырағаны бар, әрі таң ұйқысы маужыратып барады. Қайып та Бөбекті баурына ала жантайды. Жігіт сергек. Қан кызуымен жүрегі дүрс-дүрс соғады. Төңірекке де көз салмайды, әрлі-берлі ештемені де ойламайды. Бар арман-мұңы, ой-түйіні мына ақ мамықтай үлбіреп қойнында жатқан сүйгенінің үстінде. Оның нәзіктігін, пәни жалғанда тағдыр айдап қолына түсіп қалған панасыз пенделігін жан қылымен аялайды, өңге дүниеден оны қызғанады.

Ғашықтар жүрегі саябыр тартқандай ма, бір сәт үндеспей, өз-өздерінен бұйыға демдерін ішіне алып жатты.

Бұлардың нақ алдынан бір боз торғай пыр етіп ұшып тіке әуеге көтерілді. Көп ұзамай-ақ әуеден ән шырқап коя берді ол. Ана жақтан біреуі тағы шырылдай бастады.

Таң самалы желпіп өткенде қалың ақ селеудің бастары да жапырыла майысып барып сыңсып басылды.<--break->

Қайып Бөбекті баурына тартты. Ашық айдалада сүйгенін емін-еркін құшып, кысып-қысып алды. Талдырмаш денелі жас қыз жазылып жатуға ұяла ма, өз-өзінен аш күзендей бүгіле береді. Жігіт сезімі алабұртып әр нәрсені бір ойлады... Сүйгенінен сөз тартқысы келді ме... қатты бір серпінді қимылмен дөрекілеу козғалып қыздын аш беліне білегін артты. Қайыптан бұрын-соңды мұндай одағай қимыл көрмеген кыз қапелімде сасайын деді. Жігіттің қақпанның серіппесіндей карулы білегі қыздың аш бүйіріне қадалып, қаусырып, өзіне қарай бір мылқау күшпен ысырып тарта берді. Жүзіктің бауырдағындай иіліп жатқан қыз енді тапқа түскен алтындай еріксіз жазылып барады. Қыздың қос алмасы жігіттің көкірегіне тиді... Қыз ойында әр нәрсе... Алдан бір жан азабын күткендей ме... Жүрегі соған зу еткендей болды. Демінде үрей бар. Енді... Енді... Жігіттен тағы да бір оқыс қимыл күткендей ме. Қалай... Жігіт бойы оттай қызып өзін-өзі игере алмай жатыр. Көзін бір жұмып, бір ашады. "Енді өзімнің әйелім ғой" деген бір ой санасын шарпып өтті. Көзін жұмып, оқыс қимылдап, баурында жатқан қызды тағы да қысып-қысып жіберді. Қыз булыға шыңғырып қалды. Қос алмасы удай ашығанда жаны көзіне көрінді. Енді бір сәтте жігіттің қолы жыландай жорғалап, кыздың о жер, бұ жерін сипалай түсті... Демі қарлыға қалтырап кеткен Бөбек:

– Елге жетейік... Табалдырығыңнан аттат мені... – деді кенет бұлқынып қалып. – Қайып қолын тартып келіп алды да, орнынан ұшып тұра келді. Бөбек жазылған бойын қайта жиырып, ақ жұмыртқадай болып домаланды да қалды.

– Онда ән салам, - деді Қайып.

– Иә, мені де, өзіңді де әнмен жұбатшы, – деп Бөбек те басын көтерді.<--break->

Күн шығар бет қызыл шырайланып келеді. Қайып әлгі бір әзірде бір сәт үнсіз жатқанда іштей біраз өлең жолдарын иіріп тастап еді.

Барады көшіп аулым Жем бойына,

Жарасқан түрме белбеу қыз бойына.

Адайдан алдым таңдап Ақбөбекті,

Жаратқан шертпеші маңдайыма...

Әз әуен сыздықтай созыла шығып, бұрала толқып, бірте-бірте көкті бойлап әуелей берді. Жалындаған асқақ жүректің саябыр тапқысы келмейді. Әйтсе де одан бір дүдәмал тілектің алдан қорқынышты мұң шақырғандай жадау сарыны сезілер еді.

"Жаратқан, шіркеу салмашы маңдайыма"...

Бөбек басын көтеріп, Қайыптың бетіне карады да, жымия күлді. Еріндері жыбырлап кеткенін өзі де сезбеді.

"Адайдан алдым таңдап Ақбөбекті"... "Ақбөбек..." "Ақбөбек"...

Өзінше таңдағандай. Кешегі өз елінде "Бөбек" еді, міне сүйгені оны айдалада "Ақбөбек" атандырды. Оған кім куә? Төбеде бозторғай ән шырқап қалықтап тұр.

Алтын күн алғашқы нұрын төкті. Мына бетте зеңгір таулар тұр мүлгіп. Мынау кең жазық құба жон. Көк орай шалғын, көк майса. Әне буы бұрқырап көгілдір бұлақ лықсып ағып жатыр. Осылардың барлығына куә, куә, куәдүрміз дегендей сес беріп, қыбыр-қимыл дарытып тұрған таңның қоңыр салқын самалы... " Ақбөбек... Ақбөбек..."

"Адайдан алдым таңдап Ақбөбекті..."<--break->

Он бесінші тарау

 

Бегей ауылы жоғары да өрлемей, төмен де құламай адайдың орта қоныс мекенін жайлап жүреді. Түйесі көшерлікке жететін, қойы сауындыққа жарайтын шағын ауылдар жеке дара ыдырамай, біріне-бірі қарайлас болып, әу дейтіндей аралықта қоныстас болып отырады. Олар ешкімге де тәуелді емес, өзгеге иек артпайды да, талшық дүние-күн көрісі өзімен өзі. Жүк симады екен деп жұртта құрым қалдырмайды, олар ең болмағанда шаңырағын тайлаққа артып-ақ бір жерден екінші жерге ауып қонып жатады.

Қорабай осы момақан қараша ауылдың бірі. Жуас ауыл. Көштен қалмас қана күйге ортақ. Ұрты өсетіндей ұлы да көп емес.

Қайып пен Бөбек түнде ел ұйқыға кеткен кезде жеткен. Әлденеше күн жол басып арып-ашып түсті аттан.

Аулының өрістегі малына Қайып мана намаздігерде жолыққан еді. Со жерде қой қайыруға шыққан бозбалалармен әңгімелесіп, ауылдың хабарын алған болатын. Бұлардың алдынан ең әуелі шәуілдеп үріп көк қаншық шықты. Түн ішінде қақырығын даусынан танып көк қаншық иесінің алдына келді де, бұралаңдап жата кетті. Ақбөбектің де етегінен бір иіскеп, жақындығын сезгендей оған да еркелей құйрығын бұлаңдатты. Қаракерді де сағынып калған екен, оның омырауына шапшып біразға дейін жүргізбеді. Қайыптың алдына қайта келіп, аяқтарын ербеңдете шалқасынан жата кетті, қуанышы ма, несі екен – қыңсылады. Сосын орнынан тұрды да, үйге қарай шауып ала жөнелді. Бара Назардың отауының есігін тырмалап қыңсылай берді. Назар да ауылда жоқ ты. Бұл өзі ақылды қаншық, Назар мен Қайып осындай бір жақтан келсе, Аманқызға өстіп хабарлайтыны бар.<--break->

Аманқыз шырт ұйқыда жатыр еді, иттің қыңсылынан шошып оянып кетті. Сөйткенше болған жоқ, сырттан Қайып: – Жеңеше, – деп жайымен дыбыс берді.

– Шырақпысың?! Әншімбісің?! Ұйыб-ай, ене-ау, ау, ене, Шырақ, әншім, Шырақ келді! – деп Аманқыз отаудың ішін жалғыз өзі абаң-көбең етіп жіберді.

Бұның даусын сыртта тұрған Қайып пен Ақбөбектен өңге ешкім де есіткен жоқ. Шал-кемпірдің үйі жел жақта.

Қайып Ақбөбектің колын ұстап ішке енді. Ай тұсау бойы жаңа көтеріліп келеді. Жаздың жылы желі шалқып соғып тұр. Ірге түрулі. Көктің аңқыған жұпар иісі кереге көзінен кұйылады кеп.

– Жайырак, жеңеше! – деді Қайып сыбырлап, – Түндікті ашшы, есікті түр, саңылау түссін.

Аманқыз жалма-жан жаулығын тартып жұмарлана орнынан тұрып жатыр.

Ақбөбек ұялғаннан Қайыпты тасалап босағаға сүйеніп тұр.

– Көтек! Ұйыбай-ай, мынауың кім?! Аманқыз Акбөбекті енді байқады.

– Жайырақ, жеңеше, өзіңдей адам ол.

– Қойшы байғүс-ау. Не дейт, ұйыбай-ау, мұның кім? Шырақжан-ау? Аман ба шырағым, бері шық...

– Ертең айтам, жеңеше. Бізге...бізге төсек салып бер. Көкемдерді оятпа, таң атсын.

– Бетім-ау, не дейді. Былтырдан бері келіп тұрғаның осы емес пе. Әке-шешеңді қалай оятпаймын!

– Жо-жок, жеңеше. Қызық бар. Ертең есітерсің. Біз өлейін деп келдік, жатып дем алайық. Сілеміз қатып тұр.

Аманқыз ар жағын түсінгендей болды ма, енді қайтып үндеместен төрге киіз жая берді.

– Менің ұйқыға кеткенде, қорылдап қасымдағыларға маза бермейтінім бар-ау, жеңеше, – деп мырс етіп күлді Қайып, – сен үлкен үйге барып қисай...<--break->

– Сен айдамасаң да кетейін деп тұрмын – деп Аманқыз күле сыбырлап шығып кетті.

Таң алдақашан атқан. Ауыл сыртында жайылып жүрген Қаракерді көріп жұрт Қайыптың келгенін біліпті.

Қорабай таң намазына дәрет алып отырғанда-ақ Қаракердің кісінесінен таныған. Қазір төрде қабағы түсіп бүкшиіп отыр. Кемпірін бір боқтап тастады. Аманқыз мал сауып келіп, қазан-аяқ жақта күйбеңдеп жүр еді.

– Келін, – деді деспісін санап отырып Қорабай.

– Әу, Әтеке, – деп жалт қарады Аманқыз.

– Өзі аман ба?

– Сау-сау, Әтеке.

– Әу, демей жатпаушы еді ғой, нағып үндемеді?

– Шаршап келген екен, Әтеке...

– Әй, жоқ, шырағым... Сырқостан аман ба әйтеуір.

– Аман, аман, Әтеке.

Елге келгенін білдіріп ән салушы еді ғой шіркін бұрынғы жерде. Дені-қары сау болса болар, – деп Қорабай жантая кетті. Көңілі бұзылып баласын сағынып отыр. Әлгі бір әзірде іштей томырылып өкпелеген. Алыстан келгенде бала атаға сәлем берер болар... Қашан келді. Неге жатыр бұғып? Ауыл-аймақ, ата-анасын көрмегелі қашан. Осы ойлар шалды біраз буып, тырыстырып еді, бірақ бала мінезді үлкен адам босаңдық етті, жақсы көретін баласы еді, көптен көрмеген сағынышына жеңдіріп, райдан тез қайтты.<--break->

Қайыптың шешесі Айсұлу да шалы жайнамазын жиып, жастық ағашқа қарай жантая бергенде, құбылаға бас қойып еді. Еркектерше күбірлеп, дауыстамай әйелдер намазды сыбырлап қана оқиды. Шариғат бойынша намаз үстінде Алла жолынан басқаға ой бөлінбеу керек деуші еді, бүгінгі таң намазда олай болмады. Жаттанды дағдылы сүресімен намаз сабағын сыдыртып, айтып отырғанымен Айсұлудың намаз үстіндегі ойы алдақашан шартарапқа жайылып кеткен еді. Көрмегелі көп болған баласы жүз көрсетпей әлі жатыр. "Не болды, жаным-ау... Ел ішінде жара бар (жара деп Адайлар шешекті айтатын) деп еді. Аллам-ай сақтай гөр, содан аман ба екен... Ойдағы елдің тырыспайы мен үңірегі болады. Соныңнан сақта тәңірім... Не болды бұған? Қарағым–ау, бұған не болып жатыр? Әлде бір дау-жанжал зобалаңға араласып зақым тартып келді ме?... Қайып жаным-ау, патшам-ау менің. Ата–анаң, ел-жұртыңды сағынбадың ба, жан балам, ақ жүзіңді көрсетпей, таң атқанша нағып жатсың?... Ауру-сырқаудан аманбысың, кұлыным... УҺ...Бекет атам–ай!..."

– Оқ! Өй атаңнын аузын!... – деп Қорабай жастық ағаштан басын көтеріп алып, намаз үстінде отырған әйеліне жекірді келіп. – Не діңкең құрып отыр намаз оқығанға! Бекет атаңда нең бар! Намаз сабағыңнан жаңылып қағынып отырмысың! Өй, ант атқыр!

Айсұлу селк ете түрті. Сасқанынан жайнамазын жиып кеп алды. Үрейлі ойға батып отырып уһлегенін де, Бекет атасына жалбарынып аһ ұрғанын да байқамай қалған екен. Бір сәт ол талып түрегелген адамдай болып есеңгіреп отырды. Тұла бойы ысып-суып, төбе құйқасы шымырлап кетті.

Кезінде бедерлі сіңірлі болғанмен бүгінде семіп қара қошқыл тартқан сабаудай қара сирағын ербеңдете жайымен жиырып әкеліп, бөкседегі түйе жүн шекпеннің етегіне тықты да, Қорабай бүкшиген күйі жастық ағашқа қайта қисайды.<--break->

Айсұлу селк еткенмен шалына қарай алған жоқ. Егер сол жаққа бұрылса, ол тағы боқтайды. Сағыныш пен қорқыныш буып қапелімде есеңгіреп қалған ана шалының айқайынан сескеніп, тез есін жиып, дабдырай орнынан түрып кетті, бірақ үйден шыққан жоқ. Жыландай жиырылып, іштей қаһар төге әне кәрі әке жатыр бүк түсіп. Бала дегенде алпыс екі тамыр ииді. Бала талпынғанда, ана оған елден бұрын ұмтылады. Иә, солай... Бала заңғар сәбиінде талпынар екен. Ер жеткен соң шегінгені ме мынау... Ана байғұс бала десе өле өлгенінше өңменін ашып ұмтылады келіп, талпынады келіп. Қазір де сол, Қайыпжанның, ерке бұланының ақ мандайынан иіскеп-иісксп алып, шөпіте-шөпіте еміреніп келіп сүйгісі келеді. Сағынышты ана жүрегі дамыл таппай алқына түсіп, емеурін іздей елжіреп барады.

Тәйт! Жә! Аңсаған ана табалдырықтан аттай беріп еді, есалаң санасындағы соқыр сезімі өстіп ақырып қалғанда, тағы да селк етіп ізінше кейін қайтты.

Қос қолын бұтына қысып, кәрі мысықтай көзін жұмып іргеге қарай екі бүктеліп жатқан Қорабай бұны сезбеді.

Айсұлу қазан-аяқ жақтағы әлгі намаз оқыған жеріне барып бір тізерлей қайта отыра кетті. Соқыр сезім дес берер емес, былай да былай шалғытып ана үйде жатқан Қайыпты жер-жебіріне жеткізе даттайды."Алыстан келді, аттан түсті. Алдында ата-бабаның аруағындай болып қасиетті қара шаңырак тұр. Ежелден келе жатқан ата жолы қайда?! Құдайдан кейінгі ұлы нәрсе балаға ата мен ана емес пе... Әке – бәйтерек, ана – кеме... Аттан түсе, шал-кемпірдің есігін ашып, қол қусыра сәлем беріп шығу балаға парыз. Түнде келді, таң атты, әлі жоқ. Дені сау ма, есі түзу адам бұл уақытқа шейін шыдап қалай жатар. Апырай, түн жамылып беймезгіл жүргенінде бірдеменің салқыны тимесе болғаны. Алла тағалам-ай, сол баланың есі дұрыс болса болар еді. Жасаған-ай, Бекет–ай!..." Айсұлу толғақ қысқан әйелдей керегенің көзінен ұстап отыр.<--break->

Қайыптың көзі ілінер ме. Қаракер айғыр жаңа тұяккесті болмаған көк шалғында бір сәт табан серіппей қадала оттаған. Содан таң алдында бір жусап алды. Тер басып, бой суытып, отқа тойып, бірақ тыныққан соң, жануар көңілденді ме, өз-өзінен мөңкіп ойнап ауылды айнала орғыта шауып, әбден желігіп басылды. Жер тарпи ойнақшып үлкен үйге бір барды. Одан Қайып жатқан отаудың ту сыртынан келіп туырлықтың жабығынан тұмсығын тығып оқыранды. Ауылын, үйін танып жүр. Үй сыртында тұрып атының жер тарпығаны Қайыпқа тұр-тұрлағандай болып сезіледі. Онысыз да ол не арнасы жоқ, не байлауы, не шешімі табылмастай ауыр оймен арпалысып жатыр еді. Тынысын тарылтып қос бүйірден қысып бара жатқан бұлтартпастай бір ғана зілді сауал бар. "Ақбөбек жәйлі, қане, не деймін?...Шынымды айтсам, әкем маған оң батасын бере ала ма? Жоқ! Біреудің жесірін барымталау құдайдың жолында да, адамның жолында да ақ батаға жатпайды.

Құдайға кеш күнәмді деп әкеме өтірік айтсам...

Не айтам, бұлтарам, кімді нандырам..."

Таң атқанша ойлап, қанша әуреленгенмен Қайып шындықтан озып кете алмады. Ел бұзатындай үлкен айып жасағанын енді ғана сезгендей. Ақыл салып, сүйеніш табатын ағасы Назар да қас қылғандай ауылда жоқ екен.

– Әй, Шырақ, әтекемдер тұрды ғой, қолын алсайшы барып, ұйыбай-ау, – деді сырттан түйе сауып келе жатқан Аманқыз табалдырықтан аттай беріп.<--break->

Он алтыншы тарау

 

Өз ішінде дау-шар да бола бермейтін, өзгенің де ұрды-жықтысына киліге кетпейтін, қоныстас бай ауылдардың жел жағын шаңытпай, ық бетін ала көшіп-қонып жүретін момақан ғана қоңырқай ауыл еді. Көшкенде тайлаққа жүк артқанына арланбаса, ал ерулікте өткен-кеткенге: белдеуге ат байлап, есік ашып келгенге кіржимей отырып дастарқанын барынша мол жайып қонақасы беруден қорынбайтын кісі – осы ауылдағы Қорабай. Міне, осы қараша үйдің қазанының оттан түспегеніне бүгін үш күн. Бас аяғы бір желі қойдың марқа қозыларын шетінен сойып жатыр. Сол күні сәске түсте-ақ Қайып ауыл-аймағымен қосылып әкесінің берген қонақасысын жеп алған. Бесінде Бекіш аулынан адам келді. Жылқышысы екен. Мырза Қайыптың келгенін есіткен бе, табан суытпай Қорабайға тез адам жіберіпті. Өткен күзде "Қайып келген соң қосамын" деп қарызға алған бурыл байталдың "ізіне із қоссын" деген байдың сәлемін жеткізді жылқышы жігіт. Қорабай келген жігітке қонақасысын берді де, "Қайып елден жиған малын кейінге қалдырыпты, айдап әкелген күні біреуін ұстап алып өзім апарып берем, Бекіш ініме сәлем де, ренжімесін" деп аттандырды. Жайшылықпен өткен сол бір-ақ – күн.

Ағайын ат ойнатпағанмен күле кіріп күңірене шығып жатыр. "Қайып қойнында жатқан біреудің жесірін тартып әкеліпті" деген артының зілі бар суық хабар мына Жем, Сағыз бойларын жайлап отырған елге тарапты. Бұл бір кейіннен үлкен сотқарлық шақыратын уақиға. Алыс-жақында қоныстас отырған Бегей ауылдарының зәресі кетті, әсіресе байларының құлы қашты. Барымта басталса руластың, соның ішінде бардың малы шашылады, сойылға жығылып адам өлсе, құнға тағы да солардың малы айдалады.

Үй-іші үрейлі еді. Төрде қос тізерлеп шөкесінен Қорабай отыр. Көргендер жас кезінде қайың төстеу қызыл шырайлы мықты ұзын жігіт еді дейді оны. Қазір алпыстан асып тозған кезі. Әрі бірде жетіп, бірде жетпей қақтап келген сұрқай дүниенің көп жылдық зілі бүгінде оның еңсесін иіп, белін бүкірейтіп кеткен. Келіндер "қара әтекем" дейді. Селдірлеу ақбурыл шоқша сақалын саусақтарымен сауа жайымен бір сипап өтіп еді. Түнеріп, ойланып отырған шалынан Айсұлудың зәресі қалмады. Ол жасынан сырмінез. Қатуланса қайтпайтын жарға жығар бір беткейлігі де бар оның.<--break->

Қайып оң жақта малдас құрып бір иығын керегеге тірей сәл жантайып отыр.

Қасында жеңгесі Аманқыз бір тізерлеген күйі өңі қуқыл тартып қарсы алдында отырған енесіне жәутең-жэутең қарай береді. Одан бір сүйем кейініректе Қайыпты да, Аманқызды да тасалап, қарақұстан паналаған торғайдай болып екі-үш күннің ішінде-ақ жүдеп-жүнжіп қалған аянышты халдегі Ақбөбек отыр. От басында үн жоқ... Сырттың дүрбелеңі ішке ызғар тастап кеткен.

Ауылдағы Әлнияз молданың сөзі: "Бата оқылып, нан сындырылған соң, әйел заты құдай жолымен еркекке бағышталады. Ол соның қосқан қосағы, жесірі. Әгерде Алладан бұйрық келіп, екінің бірі өліп кетсе жесір батасы сонда ғана бұзылады. Әгерде пендешілік жасап кімде–кім бата бұзар болса, оның күнәсі құдай алдында кешірілмейді, әм еш жерде ешкімге, бата оқылған жерден бөтенге шариғат қоспайды, неке түспейді. Жәмиғат біліп қойсыңдар, некесіз әйелдің әрбір басқан ізі доңыз аунаған жерден де харам болар. Одан туған некесіз бала мақшар күнінде тек дозақтың есігін ғана толтырыр... "

Мал десе зәр сындырып тызақ қағатын ынтықпа көржап ағайындардың сөзі: "Қорабай алған жесірін әкелген жеріне орамалымен қайтып апарып берсін де, өзі сол жақта еткен ісіне ат-шапан айыбын тартып келсін"...

Үш күннен бері Қорабай күндіз үйден шықпай, түнде үй көрмей қойған: құтпан намазын оқып үйден шығады да, содан түнімен сенделіп дала кезіп жүріп, таң намазы таянғанда есік ашып ішке қайта кіреді. Ел ішінде мақтаныш тұтып, сүйеніш етіп жүрген ең бір сүйікті баласының мына қылығы оны қатты ойсыратып жер қылып тастап еді. Жүзбе-жүзге келгенде елден ұят, құдай жолы құран аштырғанда шариғаттан аттап кетті бала заңғар. Үшінші кесім міне, әкенің батасы болып отыр. Ашулы әке осы тұста не дейді: қол жайып оң батасын бере ме, жоқ қол сыртынан теріс батасын айта ма. Әке үнсіз, қабағын қарс жауып алған. Ата жолын бұзса да, әке алдында бас ұрып, соның райдан қайтуына жалбарынып жалынғандай ма, отырғандар үрейлі қалыптарын жазбастан кәрі аруаққа қарап жаутаң-жаутаң етеді.<--break->

– Әу, Қорабай! – деп қалды бір кезде Айсұлу орнынан көлбей қозғалып. Бұның осындай бір сазарыс кезінде дін ашып елден бұрын әңгіме бастайтыны бар. Бегей ауылын нағашы қылып жастайынан аржай болып қалған адам. Жиендігін бетке ұстап қайнағаларына да сәлем етпей өтті. Бір жағынан Табыннан шыққан Жантілеу бидің қызы атанып, өзін ділмәрлікке де салатын. Жасында ақжарқын әнші еді. Бері саркідір тартқан соң енді билікке араласып жүр. Қорабайдан тек еркек деп қорыққаны болмаса, ақыл мен қызыл тілге келгенде одан онша қаймыға қоймайтын. Қамшы жейтініне қарамастан орны келген жерде кейде өңмеңдеп айтып та тастайды. Бүгін де сол мінезіне басайын деді білем. – Ау, не болды саған? Неге тұнжырайсың?! Әзірге ел аман, жұрт тыныш. Айт мына бізге, не ақылың бар, не шара бар?

– Уо, мына отырған азаматтан сұра. Алдын ойлап пішіп келген шығар, – деп қалды Қорабай еріксіз езу тартып.

Қайып керегеден шынтағын алып былай жөнделіп отырды. Аққұба жүзі күрең тартып, қабағы іспектеніп тұр. Бер жағымен ғана қысыла күлімдеген болады.

– Сұрама. Сүрінгеннен "неге сүріндің" деп сұрамас болар. Сүрінгенге жол тап, алдында әлі де ұшпа қия-құз жатқан шығар, жардан құлап жүрмесін. Алақтатпай айт балаларыңа жөніңді, – деді Айсұлу шалының бетіне туралай қарап.

– Мен білмеймін. Білетін бір-ақ нәрсем бар – екі рулы ел атысады да шабысады бұдан былай.

– Әй, тәуекел, – деді Қайып.<--break->

Жанында отырған Аманқыз "ұйбай, үндемей отыр" дегендей оның санынан бір түртіп қойды.

– Е, Қайыпжан, – деп Айсұлу енді баласы жаққа қарады, – Жас шыбық майысқақ – Маңдайыңа түскенді көрем деп отырсың гой. Елге бүлік салсаң, өзің де мерт боласың. Әкең соған қайғырады, шешең содан қорқады. Ағайынның сүңкі белгілі, қысылғанда ертең өзіңді ұстап береді.

– Әй, шырағым, Бөбекжан, Ақбөбек, – деді Қорабай есік жаққа бір шекесімен қарап, – сен де бір текті жердің баласысың. Адайда ата-тегің ешкімнен кем емес. Балалық жасап, ата-анаңның ар-намысын аяққа баса көрме. Елдің қақ ортасында жүріп сенің бата бұзғаның атаның аруағына жат, Қарымың Бейімбет емес, бүкіл Мұңал руының белін сындырып кетеді. Мына екі рулы ел жауласпасын. Осы ел аман, жұрт тынышта өзім үйіріңе апарып қосып келейін. Еліңе қайт, балам. Қайыптың істегені алашта айып, оны мына мен әкесімін ғой, халық алдында өзім көтерейін, ат-шапан айыбым бар, оны әлеумет алдында тартамын.

"Еліңе қайт, балам". Ақбөбек шошып кетті. Аманқыз да тіксініп, орнынан қозғалып барып қайта жайғасты. Қайып мұртын шиырып отырып, иығын бүлкілдете күлді. – Ой, көке–ай... – деді де, сөзінің аржағын тиып, үндемей қоя салды.

Неге де болса бас байлаған кісі өжеттік жасайды. Ашу ашындырады оны. Ынжықтык етсем, босқа жемтік болам деп біледі. Акбөбек те үнсіз отыра алмады. Құдайдан қорықты ма, елден ықты ма, ақсақалды ата ауыр да болса екі жасқа зілдей кесімін айтып еді, Ақбөбек те енді оған өз шешімін байқатып қалмақ болды.

– Әтеке, – деді жер шұқып отырған ол басын көтеріп.

– Әтеке, – деме, шырағым, сен маған келін емессің. Құдайласып құда болып алып отырғаным жоқ. Некең қиюсыз, – деп Қорабай "тәйт" дегендей оң қолын сермең еткізді.

– Жоқ, Әтеке. Басыма ақ жаулық түспесе түспесін, некем қиылмаса қиылмасын. "Әтеке" деймін. Арысым деп азаматыңның етегінен ұстап, табалдырығыңнан аттадым. "Әтеке" демей не деймін.

– Астапыралла, астапыралла, – Қорабай жағасын ұстады.<--break->

– Иә, ата–тегім ешкімнен кем емес. Жоқтықтан келгенім жоқ. Құдай бастады – келдім. Алладан бұйрық болмаса, пенде не істер еді, мұнда айдап келген де бір Алла шығар... – деді Ақбөбек төмен қарап отырып.

– Шырағым, жаратқанға тіл тигізе көрме.

– Тіл тигізбеймін, сиынамын. Айып менен. Қайыптың айыбын өзің көтерем деп отырсың ғой. Олай болса, менің айыбымды да әкем көтерер. Күнәні бір Аллаға тапсырдық.

– Қарғыс алма, алғыс ал, балам. Айттым ғой, абыройыңның барыңда еліңді тап.

– Көке, – деді Қайып әкесінің сөзін бөліп, – қисаң қол жайып, батаңды бер, бізге рұқсат ет, болмаса өзің біл. Атылған оқ құндаққа қайта түспейді, айтылған сөз ішке кірмейді. Адайдың бір қызы маған бұйырар деп, сонау Қанақтының бойынан алып келіп отырмын. Айырылмасқа бел буып, бас байлап шыққанмын сонда. Бақ талайы маңдайда не бар соны көрерміз алда.

– Онда өздерің біліңдер. Беретін ақ батам да, теріс батам да жоқ! – деп Қорабай іргеге қарай жантая кетті.

– Ө–ө, тас бауыр! – деді кемсеңдеп Айсұлу – көзіңнің ағы мен қарасындай екі балаң: Назар мен Қайыптан қу батаңды аяймысың. Өзің де атадан жалғызсың-ау. Қайбір желің жайылып отырған адамсың. Тұр! Батаңды бер, ақылыңды айт!

– Айта бер өзің.

– Онда ертең бұларды жұбымен нағашысына жіберем. Адай Атыраудың Табынын шаппас. Бір-жар жыл сонда көз таса бола тұрсын.

– Сандала. Табынды шаппауға Адай сенімен ақылдасар. Осымен сөз тамам, үй іші үнсіз қалды. Айсұлу көзінің жасын жеңімен сүртті. Аманқыз күрсінді. Қайып Ақбөбекке қарады, ол көзінің астымен оған қарады... Алдағы тағдыр дүниесі, ешкімге де көрініп, білініп тұрған жоқ... Маңдай ашық, көз жұмулы сияқты.<--break->

                                                          Он жетінші тарау

 

Осы ауылда Жарылғап деген Бекіш байдың немере інісі бар. Сары кемпірдің жеті баладан қалған жалғызы, әрі ең кенжесі. Қайыптың әрі тайдай құрдасы, әрі жан сырласы. Серілік өнері: өңезсіз қамыстан жасайды, сыбызғы салады, домбыра тартады. Талабы там салу, ағаш үй жасау. Қайып Жарылғаптың жазбайтын зейінділігіне, алғырлығына таң қалатын. Ол талай жердің тұзын татқан жігіт: Бесқала барып екі-үш жыл үй сатты. «Тор көз кереге, жел көз кереге, жатаған уық, түрікпен уық, айналма сықырлауық, оюлы сықырлауық бәрін де білем, бәрін де істей алам» деп шұбыртып кетеді сөйлесе. Он бес жасына дейін немере ағасы Бекіштің қойы мен қозысын баққан. Тергемей, атын атағаны үшін тал түсте сый қонақтардың алдында жеңгесін сабап, Бекіштің үйінен ақысын да алмай, біржола қашып кетіп еді. Басының тазы қайызғақ тартып сол жылы жазылған болатын. Бесқаланың шешегі де шыққан оған. Алдыңғы жылғы елді қырып кеткен үңіректің қақ ортасында жүрді, бірақ бұған дарыған жок. Өмір сілікпесін көп көріп, бәрінен де аман қалғанына Жарылғап өзінше мақтанатын, көсемсініп, батырсынып қызбалана келіп сөйлейді.

Жарылғаптың теңіз жағалауынан оралғанына бір жеті болып еді. Шаландада істейтің бір балықшының үлпершектей жас қызын ақы-пұлсыз әкеліпті. Осы кейінгі жылдары ол жаз айларында өз елінде бейіт бастарына там салып, ал қысқа қарай әрісі Астарқан, берісі мына Үйшік, Кетік пристандарына барып, сондағы батағаларда (балық өңдейтін завод) талап қылып келіп жүр.

Жарылғап жай-жағдайды білген соң, Қайыпқа үзілді-кесілді кеңес берді. «Жесірін жіберіп, адай қарап отыра алмайды. Ертең қуғыншы келеді, алдында тұрсаң, найзаның ұшында кетесің, мына қосағың ат құйрығына байланбасын, орын ауыстыр, ең болмаса біздікінде болыңдар. Қашан олар есітіп әбден маңдай түзеп туралап келгенше, бір жаққа ығыстырып жіберудің амалын табармын әйтеуір» деп ауылдың орта шеніне тігілген өзінің төрт қанат қараша үйіне Қайып пен Ақбөбекті ертіп келіп еді кеше.<--break->

Сіркіреп өткен өткінші ақ жаңбырдан кейінгі ыққа қарай ығысқан шарбы бұлттардан бірде көрініп, бірде көрінбей жылжып күн көзі көкжиекке таман еңкейіп қалған. Ауыл Қонған жер құмайттау еді. Сыртта жүрген адам мен малдың үсті ғана шыланғаны болмаса, аяқтары лайдан таза. Қайып пен Жарылғап ауыл сыртындағы қырқаның арғы еңіс бетінде жүрелерінен отырысып біраз әңгіме құрып қайтты. Арада сыр бар, елдің жайы белгілі. Ағайын екеш ағайындарға да сенім жоқ, егер табан тірер дегду жер болса, әуелі сол жерді өзі басып, өңгені батпакқа итеріп жіберуден де жүз жанбайды бұлар.

- Қайып, сен бәрін де қой, тәукелге бел байла, - деді Жарылғап үйге жақындай бергенде.

- Ал...

- Астарқанға тарт, болмаса Орынбор айда. Он саусағың аман болса, бір күніңді көресің.

- Әй... Ата-ана, елді-күнді тастап... - Қайып үйге кірмей кідіріп, еңсесін түсіре ыңырқанып қалды.

- Сен олай деме. Арадан бір-жар жыл өткізіп ескіртпесең, мынауың...

Қайыптың көзі бұрын шалды да, күн батар бетке аздар мойнын соза қарап қалды. Қос өгіз жеккен төрт дөнгелекті қызыл арба. Ауылдың иттері мен балалары оны түгел қамап алған, арбаның тұрғанын да, жылжығанын да байқатпайды. Әрігеректен жортып келіп, бір атты арбаның үстіндегі екі адамға бірдемені қолымен сілтей айтты да, өзі бір тебініп бері қарай тағы да жорыта жөнелді. Ат мандайы осы үйге тақалатын шамасы бар.

- Қабарлас!

- Уа, келе бер!

- Ассалаумағалейкум!

- Оғалейкум. Ау, мынау Сабекең ғой. Салаумаликім!

- Әликім. Жарылғаппысың. Е, Қайып... Аман сау ма?

- Шүкір.<--break->

Қайып пен Жарылғап қатарласа барып жирсн мұртты сары кісінің атын ұстап, өзін қолтығынан демей жерге түсіре бастады. Аман-сау алысқанша қызықтаған көп баланың у-шуымен араласып қызыл арба да жетті. Үстінен екі адам түсті: бірі ылаушы жас бала жігіт, екіншісі орысша киінген ноғай реңдес біреу. Ол өзінің ноғай екендігін бірден-ақ танытты.

- Сәләматми, жігітләр! - деді.

Сабытай осы елмен қоныстас жүрген Жаңай аулының жігіті. Жасы қырықтарды қусырған. Бұл да жат жердің дәмін көп татып, елкезек болып қалған еті тірі жігіттің бірі. Арғы түбі сіңірі шыққан кедей болғанымен, өз басы әр түрлі талаптың соңына түсіп жүріп, ақыры осы ұңғытшылықтан күн көрісін жақсартып алды. Бұл жұртқа «Сабытай ұңғыт» атанды. Орынбордан әкеліп шәй-шекер, айна-тарақ, күрпішәттік ұнын сатады. Қасындағысы Орынбор ноғайы, бұл да ұсақ саудегер. Хайрулла деген. Сабытай екеуі серік: бұлар бұл жақтан ол жаққа мал айдаса, ол жақтан бұл жаққа өлі зат артып қайтады.

Сабытай үйге кірді. Хайрулла арбаның қасында сыртта қалды. Енді арбаны ауылдың еркегі мен қатын-қалашы қамады. Жүктің ауырлығынан басқан жерін тілгілей шиқылдап зорға жетіп еді. Сап болды. Бір мұрсатта қап-қап тоқаш, жәшік-жәшік шәй-шекер сатылды да кетті. Хайрулла сатқан затына ақша да, мал да алған жоқ, ақ қағазға адамдардың аттары мен алған бұйымдарын жазып алды, болғаны. Бұл елде ақша болмайды. Сатып алған нәрсесін күзде малмен өтейді.

Ақбөбек оң жақта шай құйып отыр. Мал сойылып, сыртта қазан асылып жатыр. Келген сайынғы әдеті Сабытай осы үйде ойын-сауық құрып кетеді. Ауылдың жас бозбалалары бүгін де жиылды. Дастарқан жайнап кеткен: ақ бауырсақ, сары тоқаш, шақпақталған ақ шекер жал боп жатыр. Бүйірлі екі ақ құман бұрқ-бұрқ қайнап оттың екі жағында тұр. Шыны аяққа жұғатын қан күрең қою шайды буын бұрқырата иісін аңқытып Ақбөбек көп қонаққа осы екі аққұманнан кезек құйып беріп отыр. Тершіп манаураған ақ жүзін кестеленген бәтшайы бет орамалмен анда-санда аздап сипап сүртіп қояды. Қызыл мақпал бешпентінің төменгі ілгектері ағытулы. Ақ жібек көйлегінің қызылмен қос термелеп қайылған мол етегі жиырыла төгіліп, бір тізерлеп отырған оның көк сауыр етігінің маңдайын жартылай бүркеп тұр.<--break->

Самсап отырған көп көз жас келіншектің бас жағына ерекше тігіле береді: біреулері қызықтағандай ма, енді біреулері ерсі көріп тосырқайтын сияқты.

Осы көп көзді адастырып отырған Ақбөбектің енесі Айсұлудың ақылы еді. Осы үйге шығарында Ақбөбекті отауға оңаша шақырып алып: "Қарағым, басыңдағы қызыл шарқатыңды таста да, мынаны киіп ал", – деп баяғы өзінің төркінінен киіп келген жап-жаңа қама бөркін сандықтан шығарып берген. Бұл елдің қызы басына қызыл тартады, әйелі ақ тартады. Бөрік кию мына Әлім, Табын, Ожырай жақта болады. Айсұлудың ақылы әрілерді болжаған ғой. Біріншіден, Акбөбектің адайдың қызы екендігін жалпы жұрт біле бермесін дегені. Қарға тамырлы қазақ шет-шамасын сезсе, лезде сыпсың көбейіп хабар тез елге тарап кетеді. Екіншіден, жаңа түскен келіннің сол күні беті ашылып, басынан қызыл орамалы алынады да, оның орнына ақ жаулық тартылады.

Ақбөбектің некесі қиылмаған. Неке қиылмаған әйелге ақ жаулық тарту шариғатқа жатпайды. Енді не істеу керек? Қызыл орамалмен отырса көпке күдік туады, сыбыр көбейеді. Ал қама бөрік қызға да, әйелге де бірдей.

Сол түнгі думанды жиын торғай шырылдағанша тарқамады. Жарылғап ауыт-ауыт шашақты қара домбырадан күй төгумен болды, ара-тұра сыбызғысын сыңсытады келіп.

Қайыптың әнін жұрт сағынып қалған екен. Ұйып тыңдап, мүлгіп кетіп отырған көп ішінде ескі жүректер де бар. Жас бозбалалар ән–күйге еліктегісі келіп елеңдеп өз-өздерінен жымың қағады. Қараңғыда бақыт іздеп сумаңдаған түрлі қолдар тереңде жүзіп тұмсығы жемге тиген шабақтардай әркімнің әр жерін бір түрткілеп қайтады. Әлі иге түспеген тың денелер суық қолдар бір бұрап өткенде, тырсиған тар терісін жарып шығардай өзінің асау дірілімен дүр сілкініп басылады. Жастар жағы ашық-жарықтан көрі осындай қараңғыны, араласып, иін тіресіп қатар отырғанды жақсы көреді. Сонда қараңғыны жамылып, әлгі тіміскі әзілқой қолдар қимылдайды. Олар жүректерді оятады, жүректерден жүректерге ләззат тасиды. Тіс қаққан жігіттер, әккі қолдар бар. Қыл бұрау салғандай санын бұрап келіп алғанда бүлк етпей бәріне де шыдап, қайта өз жайымен ғана қол жүгіртіп, әлгі тыз еткен жерінен сол жылпос саусақтарды бір сипап қалуға ынтазар болып отыратын кәдеқұмар келіншектер. Қос алмаға жармаспай, серіппелі саусақтардың балапан жұтқан жыландай бір алманы жекелеп бүретіні бар, мұндайда төзім дағдысын көрмеген жеңілтек жас қыздардың шыңғырып жіберетінін қайтесің. Бір сәт жанды ауыртып өткенмен, мұның да өзінше ләззаты бар. Сөйтіп жүрек жүректен сусындайды.<--break->

Таң ата жиын тарқады.

Жарылғап Сабытайға жай айтты.

– Жол-жорға көргенсің ғой, Сабеке, не амалын табамыз?

– Не тапқаны бар оның. Қазір. Хайрулла, сен молданың баласысың, өзің де молдасың, – Сабытай иек көтере сөйледі.

– Әййе, булармыз, булармыз, – деді Хайрулла сипақтап.

– Мына Ақбөбек біздің келініміз болады, осының құдай жолына некесін қиып бер.

– Конечно була, –деп Хайрулла иығын қиқаң еткізді. – Қане, шырағым Айнаш, зереңді әкел, су әкел,– деді Сабытай Ақбөбектің қасында отырған Жарылғаптың келіншегіне.

– Қане, кімләр куә була?

– Жарылғап екеуміз.

– Давай, кил әлі килін, башлибыз. Биссимилла рахман рахим...

Бер жағын аздап буалдыр торлағаннан ба күн көзі ұшқын шашпай ұясынан қанжалап шықты. Сырлы зереңдегі молданың дем салған суын Қайып пен Ақбөбек кезек ұрттап іштерінен келемесін қайырды.

Ақбөбек таңертең үйден басына шекелетіп ақ жаулық тартып шықты.<--break->

Он сегізінші тарау

 

Жарылғаптың келіншегі үй шаруасынан гөрі түз жұмысына бейімдеу тарамысы ширақ, күн қақтылау әйел екен. Сыртқа еркекше киініп шыға келеді. Үйде ішін пыстырмау үшін Ақбөбекті сыртқы шаруадан қалдырмай, қасына ертіп жүр.

Таңертең үйден шығарда: – Менің шалбарымды киіп ал, үстіңе де көнетөз бешпент кимесең, жын шашырары бар, жүк артқанда жұғатыны көп кой, – деп өзінің бірсыпыра киімін оң жақтағы жастық ағаштың арт жағынан алып беріп еді, Ақбөбек кимеді. Жиіркенді ме, тіксінгендей кейіп білдірді. Көсеу ұстап, от ысырып көрмеген байдың балауса қызы қоныс шаруаның жайын біле ме... Біреудің тер сіңген киімін кимес те...

Екі келіншек таңертеңгі шайдан кейін қозыкөш жердегі шымырауға бақырауық жарбайға мінгесіп су әкелуге кеткен. Содан оралып, жарбайды есік алдына шегеріп жатқан. Түйені шөгеріп болып, қарсы алдынан енді өте беріп еді, жайрағыр арп етіп, Ақбөбектің үстіне жын шашып жіберді. Жап-жаңа зерлі бешпент бүлінді де қалды.

– О, қарасан болғыр! Мұның осынысы бар ғой! Әй, сен қатын, мына баланы нәйіс шаруаға араластырып неғылайын деп жүрсің?! – деп жатқан жарбайды қарғап, теңдеулі қос метейдің жібін шешіп жатқан келініне ұрсып жатыр жалпақ бет сары кемпір.

Айнаш үндемеді, жүгіріп барып, Ақбөбектің үстін сүртіп жатыр. Енесіне естіртпей сыбырлап Айнаш. – Мана айтқаным сол ғой... Біздің көрген күніміз осы, құрбым, – деді жаны ашыған кескінде.

Ақбөбек жүрегі айныды ма, бір-екі жұтынып барып, лоқсып-лоқсып жіберді.

– Әй, адамдары қайда бұлардың, мына суды түсіріспей ме екен түге?! – деп Күнбибі үй жаққа жағалап кетті.<--break->

– Шақырма,   олар ауылда жоқ, – деді Айнаш енесіне.

– Міне, өзіміз де түсіріп болдық қой...

– Қайда кетті олар? – Күнбибі қатар тұрған екі келіншектің қасына келіп қайта сұрады.

– Бір жаққа кекен, – деп қоя салды Айнаш.

– Еһе, бұлар өстеді, бар сырын қатындарына айтып кетеді, шеше білмейді, – сары кемпір кекесінді үнмен гүрілдей сөйледі.

– Қайып та кетті ме? – деп сұрады Акбөбек.

– Иә, біздікін де, сенікін де бай атам шақыртыпты.

– Неге екен?

– Ой, құрдасжан-ау (Жарылғап Қайыппен құрдас) еркектер ондайын бізге айта ма...

Ақбөбек одан әрі тіл жарып, сөйлемеді. Жаңағы түйеден түсірген қос метейдің темір құрсауына соқтырып, оң қолының қырарқасын қақсатып алған, жаны ауырғанына әрең шыдап, со жерін сипалап тұр. Әрі әлгі жайпа ауыз кемпірдің сөзінен кейін есіне қай-қайдағы түсіп, жабырқау тартып барады.

Бұл елге келгелі жүздескені екі кемпір: бірі өз енесі Айсұлу, бірі мына Күнбибі болса, бұл да жат адам емес, жақын ағайын, жанашыр елдің әйелі. Алланың жаратқаны біріне бірі ұқсаған ба, екеуінің сөз әлпеті бір сыдырғы келетін сияқты. Батылдығы мол әйелдер екендігі байқалып тұр.

Ақбөбек әнеугі айтқан бір ауыз жылы сөзі үшін қайын енесі Айсұлуды сағынып тұр. "Сүрінгеннен неге сүріндің?" деп сұрамас болар... "Тұр! Батаңды бер, ақылыңды айт!..." деп шалымен тайталасып еді Айсұлу анада. Етінен жаралған баласына бауыры бұрғанда ана өр, батыл... Ол ештемеден қайтпайды. Баласының жолына бәйек болған жанқияр ананың сол бір сөзі Ақбөбектің есіне кешеден бері қайта-қайта орала береді. Оған түрткі болған мына сары кемпірдің алдыңғы күні баласы Жарылғапқа оңашада айтқан сөзі. "Сен бала ақ көйлексің өзің... Желбегей шаппа... Өз үйіне симай шыққан Қайыпқа сенің төрт қанат күркең кеңдік етпес. Мұның жүрісінің арты дау. Ағайын деп, аталастың айыбына ортақ болып қаларсың..." дегенді Ақбөбек сыртта жүріп есіткен еді, бірақ Қайыпқа ол туралы айтпаған. Ол содан бері терең ойда жүр. Бұл елдің ыңғайы онша емес, есітіп жүргені өңкей күдікті лебіздер. Алдан бір зобалаң уақиға күткендей сыңай бар.<--break->

Ауыл – үйдің сыпсыңы бірден бірге жетіп, ел арасында қаңқу сөзге айналып кетеді. Тұтам жасында Ақбөбек не көріпті. Өзінікінен бөтен өңгенің есігін ашпаған, өзге елдің өңірінде болып көрмеген, арда тұтқаны ата мен ананың айналасы ғана болып өмірдің саңлауына кезікпей өскен жас жанның қаяусыз жүрегі осы елге келгелі бері шіміркене бастады. Ендігі жерде алдан не күтерін өзі де білмейді. Асқар тау болар атаның айтқаны анау: "Еліңе қайт, балам" "Әтеке деме, шырағым сен маған келін емессің..."

Ақбөбек өз ойымен өзі әуре болып үйге кіруге беттегісі келмей, күйбеңдеп сыртта жүр еді, Айнаш үйден шығып; – Құрдас, бешпентіңді берші, жаңағы бір жерін жуып тастайын. Бір түйір сабын бар екен, – деді.

– Әй, қатын, о сабынға тиме, сырт киімді аша алмайды ол. Сақармен жуыңдар, – деп дауыстады іште отырған енесі оған.

Ұзыннан жатқан қара дөннің шөп шыққан ойыстау баурайында манадан бері үшеу отыр. Оның екеуі жартылай жатақ қараша ауылдан келген. Жарылғап пен Қайып. Бекіш Бегейдің бір байы, мына екі жігіттің ағайыны. Екеуіне қыза, нықыра сөйлейді. Жас жігіттерге жер шұқытып қойыпты. Қаба сақал, қайқы төс мосқал кісі таңқылау танауына анда-санда насыбай атып қояды.

Қайыптың хабарын есіткен соң, кеше Жарылғапқа адам жіберіп шақыртқан. Екі жігіт Бекіштің үйіне сәскеде келген. Оларды аттарынан түсіртпей, осы дөң басына жіберіп, артынан елеусіз жаяулатып өзі келді. Жарлыны менсінбеу, жасты елемеу бардың азалдан келе жатқан әдеті. Екі жігіт таң атқалы оразасын ашқан жоқ.

– Зергер жігіт, барған жақтан олжалы қайтыпсың ғой, – деп Қайыптың ұшығына тигізе бастап еді сөзін Бекіш.<--break->

– Аға, – дей бергенде Қайыптың аузын аштырмай, – Не көп, ұрғашы көп... Жылда шабылып жатқан түрікпенге бармайсың ба, аткөтіне мінгізіп, бір қызын алып қайтпайсың ба... Саныңнан жарылып бара жатырмысың біреудің айттырулы жесірін алып қашып... – деп иықырып тастады.

– Көке... – деді Жарылғап араға түсуге айналып.

–Ей, жапалақсары, үніңді өшір! Малайдан билік сұрайтындай болғаным жоқ. Саған айтарым да бар, шыдай тұр! – дегенде Жарылғаптың да бір омыртқасы ішіне түсіп кеткендей болып, еңсесі жиырыла түсті.

– Аға, "бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ", маған бір ауыз сөз бер, –деді Қайып басын көтеріп.

– Саған сөз жоқ! Қашан көрсең елге зобалаң салып жүретін осы кедей кепшіктен өлдік! Жұрттың малын ұрлайды, ел шабады! Ең болмаса біреудің қатынына барады... Бәрін қылатын сол уызында жарымағандар!

– Көке, олай деме. Есігіңде жүрген малай көп, ұры деп отырғаның солар ма?! – деді онын сөзін бөліп Жарылғап.

– Олар менің ашсам, алақанымда, жұмсам, жұдырығымда... Қыла алмайды оны. Пәлекеттің бәрі өз алдына үй тігіп, бөлек ауыл болып жүрген көшсе, тайлаққа шаңырақ артатындар. Отырған екеуің де солардың тобынансыңдар!

– Аға, жерлей берме, саған ауыртпалығым түскен жоқ қой... – деп Қайып Бекішке сәл тікірейе қарады.

Жұлып алғандай қып Бекіш: – Е, ауыртпалығың бүгін түспесе, ертең түседі! Сен қатын әкелген жоқсың, дау әкелдің! Ертең барымта! Жау келсе, шабылады, барымта болса, байдың малы таланады. Сенің нең кетеді, пәлеңе біз қаламыз сосын! – деп тастап еді, екі жігіт үндей алмай қалды.

– Екеуің де алысым емессің, – деді мырза сөзін аяқтауға айналып, – аталасым боласыңдар. Сен бар ғой, Қайып ағайын ішінде жүрме, көз көрмейтін бір жаққа ас... Ана шүйке басыңды мен еліне апарып табыс етейін. Ат-шапан айыбыңды өзім-ақ төлермін. Елдің тыныштығын ойлап отырмын. Әкеңе барып айт, былтырғы алған аманатымды әкеліп берсін. Бір биені қарызға әкеткен.

– Әзірге Қорабай ақсақалды қинамай коя тұр, көке. Мына Қайып істі болып тұрғанда... – деді Жарылғап.

– Сен араласпа? – Бекіш көз аларта қарады оған.

– Онда екі атымның біреуін мен әкеліп косам...<--break->

– Жайыңа жүр! Сенен мал сұрап отырғаным жоқ! Еншіңді мен бергенмін, білесің бе? Айтып отырғанын. Басыңдағы тазыңның қабығы түсейін депті ғой. Өй, ананды!...

– Аға, ағайын адамдармыз, бір байтал үшін керілдеспейік. Әкеме барып мал төлетпеймін мен. Ана Қаракер соның төлеуі... – деді де, Қайып орнынан ұшып түрегелді. Қамшысын беліне қыстырып келген жөніне қарай кете берді. Жарылғап та орнынан тұрды. Бекіш танауын таңғытып әуеге қарады. – Ей, анаңды... Бұзықтар! Құмалағы құйрығына қатып жүріп...

Екі жігіт үш-төрт күннен бері сабылуда: ашылып сөйлесуді, бел шешіп отыруды қойды, қабақтары қатыңқы, жүрістері суыт. Бүгін де ерте тұрып, аттарын ерттеді. Қаракер иесі қасына барғанда оқыранады, онысы жем тілегені емес, сағынышы. Әнеугүні Қайып атын Бекішке тастап өзі қаракөрім жерге ұзап кеткен. Қыр астында оттап жүрген Қаракер алыстан иесін көріп қалып, соңынан шаба жөнелді. Жолда "тоқта!" дегендей дыбыс беріп, ұзағынан кісінеді. Қайып артына қарамаған, аты орағыта шауып келіп, алдынан өте беріп, ойқастағанда ғана сәл кідірістеді. Арт жақтан дүсір естілді. Қайып елең етпеді, атының айылын қайта тартып, ер басына ілулі алтын түстес сары үзеңгілерді төмен түсірді де, жан-жаққа мойын бұрмастан атына мінуге ыңғайланды. Ойы келген ізіне қайтып, атты Бекіштің қолына ұстатпақшы еді. Бұрын-соңды ешкімнен тауы қайтып көрмеген шыңылтыр мінезді жалаң жігітке байдың сөзі ауыр тиді ме, қияқ мұрты тікірейіп, өңі қуқыл тартып тұр. Іштей азуын қайрап тұр ма, екі ұрттығы бүлк-бүлк етеді.

Арттан көк дөненін тоқырақтатып Жарылғап қуып жетті. Ол да жабырқау, таң атқалы оразасын ашпаған аш. Бай айтарын айтып болған соң, ауылға апарып бір отаудан нәр тартқызады ғой деп ойлап еді ол, онысы болмады, етегін қағынып орнынан тұра бергенде Бекіштің айтқаны: – Әй, Жарылғап, ананың атын апарып бер. Жаман да болса, ағайын ғой. Баламның астындағы атын аударып алды деп, ертең сөз қылады бұл жұрт. Оңашасын тауып Қорабай шалға айт, алғанын тапқан кезде жеткізер.

Қайып ат басын кейін бұрып, Жарылғаппен біраз тайталасты, атты Бекішке тастап кетем деп қасарысады.<--break->

Жасынан көнбісті болып өскен сіңірлі, қарулы жігіт Жарылғап Қаракердің шылауын Қайыптан жұлқа тартып алды да, өзі алға түсіп, атты жетекке тартты.

Сол Бекіштің аулына барып келгелі екі жігіттің жүздері сынық. Өздерінше күбірлесіп, аз-кем тіл жарғаны болмаса, сыртқа сыр шашу жоқ. Соны байқаған әйелдердің де көңілдері күпті, ер бетіне қарап, жүздерін жадырату кем.

Ауылдан шыққан соң, сүт пісірімдей жол жүріп, екі жігіт ат басын тежеді. Ойыса біткен екі дөңнің арасы ауыл орнындай жазықтық. Қоңырдан кейінгі көкмайса өскелең тартқан. Сонау көк жүзінде кешегі жаңбырдан қалған жұлым-жұлым ақ бұлттар білінер-білінбес қалқиды.

Екеуі де аттарынан түсіп, ауыздықтарын алып, шылбырымен көғалға жіберді.

– Қане, жатып бір жазылып дем алайықшы, – деді Қайып жанбауырлау жерге бір қырындап жантая беріп.

– Жас қатын алған неме сілең қатып жүр-ау өзі, – деп күлді Жарылғап етбетінен құлай.

– Дегдуге шыққаның сол ма, маубас-ау. Аузың ырсиып ұйықтайсың да жатасың, – Қайып Жарылғаптың кеспек тұмсығынан бір шертті.

– Екі-үш балалы бол, сені де көреміз, – деді Жарылғап қасында шалқалай берген Қайыптың иығынан басымен сүзіп.

Өздерінше оңаша ойға кетті ме, екі құрдас бір сәт тілден тиылып, үнсіз жатты.

– Жарылғап, – деді екі қолын желкесіне төсеп шалқасынан жатқан Қайып, – Құдайым жер дүниені кең қылып жаратқан.<--break->

– Иә, кең қылып...

– Сол дүниенің адамдарға тарлық қылатыны несі?

– Жүрміз ғой сиып...

– Мен неге симаймын?

– Жер беті кең, сен де сиясың.

– Өз үйіме симасам, өз аулыма симасам... Ақыры ағайын арасы да тарлық еткен жоқ па? – деп Қайып аса бір іштегі ызаның лебін сездіре әр сөзінің ақырын салмақтай сөйледі.

– Құдайдың басқа салғанын көрерсің. Қамықпа, – деді Жарылғап. – Он саусағынан өнер тамған жігітсің, қиналатын не бар, қай жерде де екі аяққа бір жүріс, екі қолға бір жұмыс. Ата-анаңның ашуы басылсын, ағайын арасындағы өсек-аян саябыр тартсын десең, қарға тамырлы қазақ қой, бір түтінге орын табылар, кемді күн көзден таса болып, ығыса тұрғаның да теріс болмас...

– Нағашы жұртыма кетем, – деді Қайып басын көтеріп. Анадайдан Қаракер кісінеді. Қыр астынан шұбатылған қара тобыр көрінді. Екі жігіт орындарынан тұрысып, со бетке қарады. Бір үйір жылқы, жүрістері суыт, жақын араның малына ұқсамайды.

– Ей, мынау түрікпеннің жылқысы ғой! – деді екі жігіт қатарласа дауыстап. Үрпиісіп тұр.

Топ жылқы баурайдан бері құлап, мына жазықтыққа түсті. Алыстан арып келе жатқан көп жылқы көлдеудің қалың отына келгенде, ілгері басқысы келмей, ағын судың үйіріміндей топырлана топталып дөңгелене берді.

Қуғыншы алтау: алда екі найзалы, артта екі мылтықты, екі бүйірдегі екі жігіттің қолдарында білектей сұр дойыр. Бәрі де үстеріне бірыңғай қақпа шекпен, бастарына салпаң құлақ жапатай киіп алған, өрімдей жас жігіттер.

Жылқылар жапатармағай көкке бас қойған.<--break->

Аялдаған алтау түсе-түсе қалысып, аттарын оттауға жіберіп, өздері мына екеуіне қарай жағалады.

– Салаумағалайкум, – деп жапыра сәлем берді келгендер.

– Оғалейкум үссәләм... О, жол оң болғай.

– Әләй болсын... Қайып ағасыз ба, салаумалейкум! – деді аналардың ішінен беті енді түктеніп келе жатқан қара сұр боз бала.

– Сәдуақаспысың, аман ба? – Қайып іш тарта қасынан жігітке орын нұсқады.

Сұраса келе бәрі де жоғарғы адайдағы таныс ауылдардың малшы жігіттері болып шыкты.

– Ал енді, жігіттер, хабарларыңды айта отырыңдар. Жай жүріс емес қой мыналарың, – деді сәл жүзін суыта Жарылғап.

– Жаңғақтыға барып, түрікпеннен мал шауып келеміз, – деді барақ сақалды мосқолдау біреуі.

– Ел шабуға барып па едіңдер? – деп сұрады Қайып Сәдуақасқа қарай бұрыла сөйлеп.

– Жоқ, аға. Ел шабу үшін қалың қол керек қой. Бізге бір үйір жылқы болса жетеді, бір түнде айдаймыз да кетеміз.

– Қарап отырғанша әңгіме болсын, жігіттер, айтыңдаршы. Бұл малды өздерің құлданып кетесіңдер ме, әлде біреуге өткізесіңдер ме? Не мақсатпен біреудің малын айдап келесіңдер? – деді Қайып қабақ шыта отырып. Осы отырған алтауымыз да қатар жүрген үш байдың жылқышыларымыз, – деп Сәдуақас Қайыпқа қарай шешіле сөйледі. – Барғасын бұларды бөліп-бөліп аламыз. Сосын байекемнің көп жылқысына қосамыз да жібереміз.

– Одан не пайда?...

– Мәселеңки, мен өз алдыма түтін түтетуім керек. Әшейін қыз бере ме жұрт. Байекем қыз айттырып алып береді маған. Мырзалығы ұстаса, кейін енші беріп шығарады...<--break->

– Болды, болды! – деді Жарылғап тершіген тұмсығының үстін сұқ саусағымен сүртіп. – Айдап апарып берсеңдер, бай есебін табады. Ар жағын айтпай-ақ қойыңдар. Баяғы менің күнім сендерге де туыпты ғой байғұстар. Жарылғаптың есіне қай-қайдағы түсіп, бір сәт жайсызданып қалып еді. Бұл да Бекіш байдың колында жүргенінде, үш рет түрікпендерден жылқы айдап келген. Содан Бекіш бес жылда өңкей боз айғыр, боз биеден үйірге қосып жүріп, жылқы малының өңін өзгертіп, асылдандырып алған. Бай атағы содан кейін шықты. Жарылғапқа отау тігіп, өз алдына бөлек шығарып еді содан.

Сүргіншілер ет пісірмнен кейін атқа конып, үйірлі жылқыны дүрлікітіре айдай жөнелді.

Сауырына жатып ұйықтайтын жалпақ сары бие үйірдің жел жақ бетін ала басқалардан сырттай жортып бара жатты. Жүрер жолға бағыт түзегенше, қуғыншылар қиқу салып тұс-тұсынан айқай шығарады екен.

Әлгі сары бие бір жорғалап, бір жорытып бара жатқанда артынан бір нәрсені қараң еткізіп тастап кеткендей болды. Бие көш бойындай жерге барды да бірден кілт тоқтап ізіне қайтты. Әлгі тастап кеткен нәрсесі әудем жерден ербеңдегендей болып қара көрсетті.

Оң қапталдан бұрыла шауып келіп Садуақас: – Қайып аға, – деді анадайдан сары бие жаққа найзасымен нұсқап, – ана бие кұлындап қалды. Бізден сауға, ауылға жетектеп кет.

Миығынан күліп Қайып: – Жарылғап, саған менен сауға, жетелеп кел, – деді.

– Ақбөбегің екіқабат қой... Ана кұлын балаңа енші... Өзім бағып, ер-тоқымын салып, бір келгенімде балаңа мінгізіп жіберем...

– Қой айта көрме. Жаудан түскен олжа енші болмас, – деп Қайып қолын сілкілей берді.

Екі жігітгің таңертең ауылдан шыққандағы мақсаты жоғарғы елді жағалап, Қайыпқа коныс қарастырып келу еді. Әсіресе дәулетті ағайындар ауыл арасына сиғызар емес, көрген жерде көзге шұқып, ұры-бөріге ала беретін болды.

– Осы олжамыз жетер енді, бүгін ауылға қайтайық. Ертеңгі нәсіпті де құдайдан күтерміз, – деп күлді Жарылғап.<--break->

Он тоғызыншы тарау

 

Күн бесіндіктен төмен түсіп барады. Әлгі бір әзірде желдетіп басылды. Сол жел қалған-құтқан ала бұлттарды айдап кетті ме, аспан меңсіз, көгілдір тартты.

Ерден ертерек қалған адуындау кемпір Күнбибі ойынды-шынды араластырып бат-бұттап сөйлей береді. Оның онысына жастайдындай еттері өліп кеткен келін-бала айылын жимайды.

– Әлгі байларың қайда сендердің?! – деді оң жақта отырған екі келіншекке ол иегін көтере қарап.

– Еркек адам жүрген жерін айта ма бізге, – деп Айнаш енесіне көзінің астымен қарап қабақ шытқандай болды.

Ақбөбек үндемеді. Ол әлі күйеуінің сырына қанып болған жоқ, бірақ еркектің әйелге ызғарлы келетінін сезеді. Аға-жеңгенің қолында болған қыз. Ағаның әйеліне қаталдығын бұрыннан білетін ол.

– Қатындарына ұрын келіп жүрген жоқ па, түге... Түнде келіп, түнде кетіп... –  Күнбибі еңкілдеп күле сөйледі.

Ақбөбек қысыла түсті. Кемпірдің шалдуыт сөзі жанына батады. Кешегі шалқып жүрген байдың қызы шүйкедей болып бір кедейдің босағасында от ысырып отыр. Сіңірі шыққан жарлы-жақыбайдың кемпірінен сүйек сындырар сөзді бұрып соңды есітем деп ойлаған ба ол. Ақбөбек күрсінді. Бір қызып, бір суып, тұла бойы дулығып басылды.

Айнаш байқап отырған. Кемпір қазан-аяқ жаққа бұрыла бергенде, қатарлас отырған Ақбөбекке «жүр, шығайық» дегендей ишаратпен ым қақты.

Екі келіншек сыртқа шығып, аздап бой жазғандай болды да, екеуі екі жаққа бет бұрып, еркектерінің жолын күткендей айдалаға қарасты.

– Анау біздердікі ғой... Жетегі бар ма артында, – деп қалды Айнаш, анадайда келе жатқан үш қараға көз тастап.<--break->

– Мына жақтан көш көрінеді. Артқы түйедегі шаңырақ емес пе? – деді Ақбөбек қасындағы Айнашты иығынан түртіп.

– Алдындағы атты бері бұрылды. Жүр, үйге кірейік, – деп Айнаш Ақбөбектің қолынан тартты.

– Көрінбей ме? – деді Күнбибі ішке енген келіншектерге.

– Келе жатыр білем, – деп Айнаш төр жаққа төсек сала бастады. Үйдің екі жағынан келіп, дабырласа сәлем берісіп жатқан әйел, еркектердің дауыстары естілді.

Күнбибі іште отырып, айнытпай таныған екен: – Мынау күңкілдек қайнағаның баласы тамшы қайным ғой байғұс-ау. Тұрыңдар, келіндер! Қайнағаларың келеді. Төсек, төсек! – деп сасқалақтай күбініп қалды.

Сырттағы әйел даусын Ақбөбектің өзі таныды, – өзінің абысыны Аманқыз, Назардың әйелі.

– Салаумағаликум! Сары алтын жеңешем, аман-саумысың? – деп Назар үйге кірді. Сары кемпірдің арқасынан қағып, шүйіркелесе амандасып жатыр. Ақбөбек Назарды бұрын көрмеген, Қайып алып келіп есік ашқызғанда, ол ауылда жоқ еді.

Оң жақта тұрып Акбөбек қайынағасына иіліп сәлем етті.

– Көп жаса, аманба, қарағым, – деді Назар қамшысын керегенің басына іліп, бел шешуге ыңғайлана бергенде. – Сыртта абысының келіп тұр, бара ғой, шырағым.

Қашанғы ата дәстүрі келіннің ибалылығын жасап, есікті иіле тұрып ту сыртымен ашты да, Ақбөбек сызыла басып тысқа шығып кетті.

Қайып пен Жарылғап екі түйені шөгеріп, үстіндегі жүгін түсіріп жатыр. Жарылғап мәз, ырсалаңдап сөйлеп жүр, Қайыпта үн жоқ. Әрқайсысы бір қақпай айтып, ел запы қылып тастаған ба, ол аға-жеңгенің бетіне де қарай алмай қалыпты, тұнжырап, түйіліп тұр.

Қайынағаның "қарағым", "шырағым" деп ет жақындығын білдіре, бауырға тарта сөйлеген жан жылытар ықыласын сезгеннен-ақ, осындай жылы сөз, ақ тілекке іңкәр болып жүрген жас келін есіктен шығарда өз-өзінен толқып, іштей елжірей бастаған.<--break->

– Қоңырқаз–ау (Аманқыз Жарылғапты Қайыптың жан досы болғандықтан, солай атайды), суытпай, үйді тіге қойыңдар. Бүгінгі қонақасыны осы отаудан жерсіңдер, – деді басындағы ақ термелі жаулығын бұрышын шығара қайта орап тұрып. Енесіндей үлкен кісінің үстіне кіруге әзірленіп, бас-аяғын жөнге келтіре сипанып тұр, біршама жүрексінгендей кейіп білдіреді.

Шөгерулі жатқан түйелерден бірі беттей үйдің тасасына ойыса бергенде, қарсы алдынан Ақбөбек шығып, абысынның мойнына жайымен асыла кетті. Дауыс шығарған жоқ, езіле еңіреп тұрып жылады, өксігі тым аянышты еді. Аманқыз да келінін баурына тарта бергеннен көз жасын төкті. Екеуі де егіліп тұр. Жыламасқа бола ма, кеше ғана тайраң қағып, ауыл-аймақтың төрінде, ата-ана, аға-жеңгенің аясында балаң өскен еркетай қыздың бүгін кедей-кепшіктің бір әйелінің ғана орнын басып, шүйкебастың күніне түсіп қалғанына Аманқыздың қабырғасы қайыса жаны ашып, есіркеп тұрғаны.

Ақбөбек аулынан шыққалы көзіне жас алған жоқ еді. Алтын ұяның буы көпке дейін басылмаған. Асау жүрек көзден жас шығара ма. Бір жүректің алауы бір жүректі шарпыған да кеткен. Бір жүректің қалауы сонымен болып, басқа дүние еленген бе?.. Қайғы, мұң, көздің жасы кейін-кейін келе береді. Ақбөбек соған енді-енді душар бола бастаған сияқты. Кешегі лүпіл қаққан ақ жүректі бүгін тағдырдың запыраны жайлаған ба әлде?..

Акбөбектің өзегі өртеніп бара жатқандай еді, өксігін жиілетіп, солқылдай ұзағынан жылады. Жас келіншектің егіл-тегіл еңіреуі өкінішке толы шерлі жүректің аянышты бұлқынысын байқатқандай.

– Қойшы, қоя ғой, жаным! – деді бір кезде Аманқыз құшағын жазып. Келінінің көз жасына шыланған қызыл жарғақ сәтен көйлегінің омыраулығы мұп-мұздай болып, денесіне жабысып тұр.<--break->

– Жеңеше, ұят болды ма? Жыламаушы едім, жылағым келіп кетті... – деді Ақбөбек бет орамалымен бетін сипап тұрып.

– Елді сағынғансың ғой. Түскен жылдары бәріміз де жылағанбыз, – деп жеңімен көзін сүртті Аманқыз.

– Жоқ, жеңеше, ешкімді де сағынбайтын болып, белді бекем буынып шыққанмын ғой. Жанымда Қайып жүрсе, басқа сағынарым жоқ... – деді Ақбөбек өзгеге есіттіргісі келмегендей сыбырлай үн қатып.

– Бақытты болыңдар әйтеуір. Қайдан білейін... – деп дүдәмәл ойын байқата сөйледі абысыны есікке қарай беттеп.

Тумысында сөзге сараң Назар бүгін шешіліп отыр. Сары кемпір білтесіздеу түсіңкі еріндерін анда-санда бір жиырып таңданған пішінде шылп еткізіп қояды. «Ой, дүние-ай!» деп ара-арасында таңдай қағатыны да бар.

Акбөбек бүйірлі ақ құманнан буын бұрқыратып шай құйып отыр. Бұл ауылда ақ құман тек осы үйде бар. Жарылғаптың танысы көп, әсіресе ұсақ сәудегерлермен сабақтасып жүреді, шай-шекерді де солар жеткізіп тұрады.

– Ой, жеңеше-ай, бір құдайым сақтағай, – деп қалды шыны аяғын төңкере беріп Назар.

– О, дүние-ай, тыныштық па қайным? – деп Күнбибі таңдайын тық еткізді.

– Биыл Бесқалаға базар шығып келдім. Бесқаланың ойы әбігер. Алла сақтасын.

– Иә, ауру-сырқаудан аман ба екен?

– Жара... Төменгі елге жұққан құсайды. Ел бері, жоғары серпіліп жатқан көрінеді, – деді Назар даусын бәсеңдетіп.

Үй іші бір сәт үнсіз қалды. Жасаған ием сақтай көр. Шешек деген елге тауан болып тұр ғой...<--break->

Ақбөбек селт еткендей болып еді, онысын отырғандарға сездірмейін деп аздап еңсесін көтере есік жаққа қарады. «Төменгі елге жұққан ұқсайды»... Елі есіне түсті. Көшіп-қонып жүргенде жасынан көзі қаныққан жерлері көкірегінде сайрап тұр. Бір шағыл, бірі жал болып, ақ тақыры аралас бұталы қоңыр дала жатушы еді сағымға қалқып. Жаңғақ пен Қыземшектің жазы-қысы төрт түлігі қоңды болды деп жоғарыдан құлаған елге шалдар көкірек кере мақтанып айтып отыратын. Жыл аралатып соғып өткенде, сол елді сейілтіп кететін індеттер: шешек, тырыспай, үңірек жайын Ақбөбек біледі. Қазір ел-жұртын еске алып, зәресі қалмай отыр.

– Біздің елді қойсайшы, – деді Назар арқасын керегеге тірей кейін шегініп отырып, – ақ көз сорлы аулығып дүрлігеді де жүреді. Індеттің сыбысы шықты болды, отырған қонысын тастай қашады ғой түге. Төменнен үркіп жоғары өрлеп, жоғарыдан сескенсе, төмен құлап, аласұрып сабылысады келіп. Сөйтіп жүріп сау елді арамдайды ғой...

– Иә, қашқанда, құдайдың құрығынан құтылып бола ма? Сорлымыз ғой жүрген, – деп сары кемпір ақырғы ұрттамын жұтты да, шайтабағын дастарқан шетіне ысыра салды.

Сырттан сөйлесе келіп, Қайып пен Жарылғап есік ашты. Олардың артын ала Айнаш еңкейіп ішке кірді.

– Ене ас қайырып жіберші біз тұрайық, – деді Аманқыз, аналар келген соң.

– Еркек тұрғанда, әйел ас қайыра ма? Қайным... – деп Назарға қарап иек қаға қол жайды Күнбибі.

...Асқа -берекет...

 Адамға -қанағат...

Күллі бәледен аман ет!..<--break->

Қазанға ет салына бергенде жаңай аулынан Сабытай мен Хайрулла келіп түскен аттарынан. Бозашы жақтағы жұрияттарына барып, дүниеден өткендеріне бата тигізіп қайтайын деп шыққан екен, екеуі де жеңіл желбегей салт атты. Саудагер Хайрулланың қайтарында Шағадамға соғып, бір-екі түйеге шай артып оралатын ойы бар. Сабытай дүниенің көзін тапқыш, қызылбастармен де, түрікпендермен де шүйіркелесе кетеді, алуға дегенде тілі үйіріле қалады, арада жүріп, Хайрулланың саудасын бітіретін сол.

– Ә–ә, сәу–сәләмәт иурәсиң ми? – деп үйге Ақбөбектің арқасынан қаға кірді Хайрулла есіктен ашық-жарқын мінезімен аңқылдап. Анадағы неке қиғаны есіне түсті ме, Акбөбекке жебесін білдіріп, іш тарта сөйлеген.

Екі үйлі жан келген қонақтарымен қоса бір әзірде тігілген Қайыптың төрт қанат отауында қау-қауласып әңгіме-дүкен құрып отыр. Өзіне арналып отау тігілгеніне ме, Қайып манағыдай емес, көңілденейін деді. Ауылдан шыққалы думанды көріп отырғаны да осы. Ел арасының сыпсыңы көбейіп, осы күнде жұрт бұдан іргесін аулақ сала қырындап кететін болып жүр. Содан ешнәрсені суқаны сүймей, өз-өзінен торығып, той-томалаққа, ойын-сауыққа да бармай, енжарлықта назары түсіп, шабытсыз жүруші еді. Ол ой түбіне әлі жеткен жоқ: өзінің не істеп, не қойып жүргенін, қылған қылықтарын ой таразысына салар емес, көңілі тоқ, көзі жұмулы жүрген бір меңіреу жан секілді. Жұрттың айдап-ұшпа сөздерінен жабырқау тартатынын өзі сезеді, ал Ақбөбекті көрсе, онысы лезде тарқайды. Күндіз басқан зіл түнде айығады... Көңілдегі бір-ақ медеу – ол, Ақбөбек... Одан әріде бұлқыныс табар ой жоқ... Тылсым дүние соның төңірегін тұмшалап қана тұрғандай.

– Әніңді сағындық кой, – деді бір кезде Сабытай Қайыпқа қарап.

– Айтсын, айтсын! – десіп жатыр отырғандар.

Ақбөбек жайымен есікті ашып, тысқа шығып кетіп еді, көп кідірмей Жарылғаптың үйінен Қайыптың үкілі қара домбырысын әкеліп, Сабытайға ұсынды.<--break->

– Мә, – деді ол сүйекпен нақышталған қара домбыраның әшекейлі бетіне таңдана қарап, әбден көз жүгіртіп алған соң, Қайыпқа қарай жағалатып.

Қазан қайнап жатыр. Сытырлап жанған қу дүзгеннің ақ жалыны үлкен қазанның астыңғы баурайын сүйрік тілімен жалай шашып, үш таған ошақтың кенересінен аса шашырағанда, үйдің ішіне түгелдей жарық түсіп, адамдардың жүздерін әшейін-ақ нұрландырып кетіп тұр. Жарқ еткен сайын Күнбибі үйдің сонау төбеден желбау, басқұрынан мына етектегі ірге киізіне дейін барлап, барынша қабағын кере бажырайып, үйдің сәнін көзімен шолып өтеді. Күлдіреуіштер де көрінбейді, айқыш–ұйқыш тартылған.

Сан түрлі құрлар шаңырақтан төменгі жақты сала-саласымен бойлап алып жатыр, бәрі де бір қолдан жаңа шыққан, қызылды-жасылды болып жайнап тұр. Қызыл бояулы тор көз керегенің сыртынан тартылған шидің реңі бейне бір түрікпеннің  қалы кілеміндей құлпырады. Бұл да киелі қолдан төгілген өнер.

Күнбибі сәнді дүниеге іштей қызғаныш білдіріп, өз-өзінен тартынып отыр. Ол онша көп араласпағанмен, Қорабайдың осы келіні кілем тоқиды, ши орайды деп сырттай есітетін.

Қайып домбырасын қолына алған соң, сұқ саусағымен жайлап шеріте серпіп отырып, бұрауын тұсірді.

............О-о-о-о... уо-о-о-о............<--break->

– Даусым шықпай отыр ғой, – деп Қайып қасындағы Жарылғапқа бір түрлі қысыла қарады. Аға-жеңгеден қымсына ма, бірден көмейі ашыла алмай отыр.

– Айт! Айта бер! – деді біраз жас үлкендігі бар Сабытай кимелегендей кеуде көтере талпынып.

– Сенің даусыңды мына Ақбөбек жұтып койған ғой, – деп Жарылғап Қайыптың кұлағына сыбырлады, онысы қайрап отырғаны.

О–о–оу.........

О, пәни өтесің ғой бір күн жайлап,

Жақсыны жаманменен бірдей айдап.

...Алланың жазмышына шараң бар ма?...

Біреу кем, біреу артық сұм жалғанда...

– Ой, бәрекелде! Мың жаса! Айта бер, қарағым, айта бер.... – сары кемпір көйлегінің жеңімен көзін сүртті.

Сайрап қал жастығыңда қызыл тілім,

Жігітке бұл да болса өнер-білім...

Ойна, күл, қатар құрбым, қапы қалма...

Түннің бір уағында табақ тартылды. Назар ісек қойды сойып, бас-сирағымен алып келген. Ойы осы қараша ауылдың үлкендерін шақырып, інісінің отау тігеріне бір малын тарқатып жіберу еді, Жарылғап шақыртпады. Ағайынға көңілі қалғанын Назарға бұлжытпай жеткізді. Қайып ағайын ішіне симайтын болды, ертең-арғы күні басқа бір елге қоныс аударайын деп отыр. Ағайынның кірбіңін есітіп, Назар да кілтиіп қалды.

Жүрер алдында Назар Жарылғап пен Сабытайды шақырып алып, Қайып төртеуі кеңес кұрды.

– Нар тауекел, інімді ауылға көшіріп әкетем бе деп отырмын – деді Назар жігіттерге кезек қарап.

– Жоқ, – деді Жарылғап, – ағайыннан жерініп болғанбыз. Бұл күңкіл жуық арада басылмайды. Сондықтан ағайыннан алшақ кеткен дауа.

– Мен Атыраудағы нағашыларыма кетсем деймін, – деп қалды Қайып жер шұқып отырып.<--break->

– Енді табынға күлкі болуымыз қалды ма? – деді Назар мысқылдай мырс етіп.

– Жігіттер, – деп Сабытай кеудесін көтере қолымен ишарат жасады, – "Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде болсын". Өз еліңнен оқшау шығу жігітті "келімсек" атандырады. Оның үстіне – "желке ет емес, жиен ел емес" деген де сөз бар, Қайыпжан. Жұриятпен алыстан сыйлас, алыстан...

– Қосарың не, Сабеке? – деді Жарылғап.

– Қосар билігім сол, Қайыпты мен көшіріп әкетем. Түбіміз бір Тобышпыз. Сен Бегей де, мен Жаңай – арғы атамыз бір кісі... Алыстығымыз жоқ, ағайынбыз. Ат тұяғынан шалғайырақпыз ғой, паналауға Жаңай аулы ыңғайлы болар, – деп Сабытай сөзді бір қайырып тастады.

– Мен де жөн көрем осыны, – деді іле Жарылғап, – жайбарақат жүрмейік, күтінейік. "Жау жоқ деме, жар астында..." Жесір дауын білмейміз бе: қызын жоқтамайтын, жесірін дауламайтын ел болмайды, Бәйімбеті болар, Кедейі болар, әйтеуір біреуі дауласуға шығады.

Еркектер жағы сөзді осымен тоқтатқан секілді.

Абысынды екеуі қырқаны тасалай түзге отырып қайтты. Ақбөбектің өңі қуқыл тартыпты, анадағыдан жүдеген. Тағы да көзінің жасы мөлтектеп келеді. Қасына қара тұтып Аманқыздан айырылғысы келмейді. Алдында не барын, артының не боларын білмейді, күпті жүрегі күннен күнге алқымына таянып келе жатқандай тынысын тарылта түседі. Оны да елемегенсиді, бірақ осы жақыннан бері жетім көңілденіп, өз-өзінен жылағысы келе беретінді шығарды. Оған да онша мән бермейді, ақыр түбі бір тәуекелге мініп тұрғандай сезініп жүре береді, бірақ жүрек күпті, бойынан зілі айығар емес.<--break->

Аманқыз сынын алдырып қалған Ақбөбекке қатты жаны ашып қиналып келеді.

– Көшкенде екі түйеге ауыр болмасын деп керегенің бір қанатын тастап кеттік, әзірге төрт қанат үй жетер екеуіңе, – деді ол Ақбөбектен бір табан оза беріп.

– Жастық ағаштарын Бесқаладан әкелді қайын ағаң. Інісі байдың қызын алып қашып кетті дегенді со жақта базар шықан біреуден есітіпті. Жасауын енем екеуміз жасадық, өз қолымыздан шықты. Айтпақшы, жастық ағашты қайын ағаң істеген. Біреудің төсенген төсегін, жастанған ағашын саған әкелмеймін ғой, көңіліңе секем алып жүрме, – деді Аманқыз сөзін пысықтап.

– Әтекемнің ашуы басылды ма? – деп сұрады Ақбөбек.

– Әтекем нардай шөгіп қалды ғой... Былтыр сұпылыққа қол берген екен. Құдай деп жүргенде мына іс тап келді. Үйден шыға алмайды осы күнде.

– Жеңеше айтып бар. Ноғай молдаға қиғызды, – деп мырс етіп күлді Акбөбек.

– Жақсы болған екен, енеме айтам. Әтекем екеуі соның үстінде күнде бір керілдесіп алады. Кеше біз шығарда енем шалына: "Сұпылығыңды жау шапсын! Бала-келініңді некесіз жіберіп, құдайдың алдында не дейсің?!" – деді.

Торы биеге мінгесіп жатып, Аманқыз: – Ана қара маяны сауып тұрғайсың, сауулы саудыра береді. Анда-санда шынтағымен қағары бар, жекіріп қойсаң, жуасиды, – деді Ақбөбекке қарап.<--break->

Жиырмасыншы тарау

 

Елдің мәс болып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған жылдар Маңғыстау өңірінде кем кездеседі. Алты ай жазда ғана арқасы кеңіген болады, онда да ат жауыры жазылмайды. Күн жылтырағаннан-ақ көшпенді елдің кәсібі бір қоныстан бір қонысқа ауысып, жер жаңарту мен құдық қуалау. Сапырылыс, сабылыс өмір оларға әбден етене болып кеткен. Болмай бара жатса, тайлаққа жүк артады, тайға бала мінгізеді, әйтеуір көшуді мансұқ еткен халық. Бұл елдің жер қайыстыра мал айдап, мыңғыра баюы да оңай, бір жұтта тышқақ ылақсыз қара жұртқа отырып қалатыны да бар, бірақ оған қан жылап қиналмас. Жаз шыға жекжат-жұрият аралап кетеді. Әрісі Жайықты жағалап, берісі Тайсойған, Қарабауды жайлап отырған жазда жайлаулы, қыста қыстаулы елшілік, жұрият болған соң олар қарап қалмайды. Жылуы бар, көтермесі бар –жұтаған елге мал айдатып жатады. Жұтаған байлар екі-үш жылда тағы да қалыбына түседі. Ақтылы қой, үйірлі жылқы мен келелі түйе көбейген соң танабы тарылған байлар қонысқа, құдыққа таласады. Айлық жол атырап та тарлық етеді. Мына беті Жем, Сағыз, одан төмен Үстірт өңірі, ар жағы Жаңғақты, Бозашы – ұшы-қиырсыз кең байтақ боз даланы, айлық жолды да алыссынбай, малды, қолды рулар қоймағайлықпен өзара бөлісіп, иемденіп алғаны қашан. Мал көбейсе ел арасында қиястық та күшейеді: қоныс дауы, кұдық таласы – ақыры бас жарылып, қол сыну, қиқу шабыс пен барымта. Адамнан адам қорқу жоқ, баққаны бақастық болып барады. Әйтеуір көкте құдай бар, содан қорқады бұл жұрт. Тіпті асып-тасып бой бермей бара жатса, құдайдың қаһарын шашуы қиын емес, көрсетер тақыртұяқ жұты бар, жіберер сиқа–дерті, қырғын індеті бар...

Қоянның жұтынан кейін жаз бен қыс райлы келіп, өсім көбейген, мал қоңды, ел мәс еді, әр жер, әр жерден бүлік шығып кетіп жүр. Өткен күзде Қаражонның жолында Хиуа хандығының керуенін тонапты, биылғы жазда төменгі түрікпеннің үйірлі жылқысын шауып, қоныстас отырған Бәйімбет ауылдарының үстінен жоғарғы елдің қарақшылары арашаға алдыртпай, айдап өтіпті. Мамыртай Есжан бай араға адам салса да қайтпапты.<--break->

Енді бұл ел үрейлі. Түрікпен кегін жібермейді, олар қазаққа кеткен өшін қазақтан алса болды, алысқа бармай-ақ, жақын жерден ертелі кеш осы ауылдардың малдарына тиісері анық.

Хиуа ханы қарап қала ма, оның да бейбіт елді бір қақсатары бар. Бұлтарыс өмір, бұлқыныс заман, өзіне-өзі қылғандай, адам баласына бір жайшылық жоқ тіршілікте.

Есжан керіліп атқа мінуді қойған, іш қайғысы мол, сырқос. Байдың қасы мен қабағына қарап отырған ауыл-үйдің адамдары да жабырқау жүреді. Қыздың күйігі, елдің дүбірі қабат келіп, жасы қайтқан адамды күннен күнге езіп барады. Көңіл ашып сөйлесері Зиба. Ол өзі шалмалы қожаның қызы, түскер, көріп келдігі бар әйел. Күнде бір түс жорытып, адамын әңгімеге айналдырып, көңіл жұбатып отырады. Өз түсінен өзі күдіктене тұрса да, жақсыға жорымасқа амал жоқ.

Өткен сәрсенбіде құмалақшы Отарбай, жаурыншы Мөңке келіп, екі күн жатып кетті. Құмалақ жайып, жаурын қағып екі балгер осы ауылдың тілегін тілеумен болды. Айтатындары Алланың шарапатына тағзым: "жол қайырлы, бас аман...".

Есжан бетін іргеге беріп, бөксе жағына түрікпен шапанын ысыра салғанда ақ көйлек, ақ дамбалымен қырынан қисая кеткен, көзі ілініп бара жатыр екен. Сырттан Зиба кіріп келді де, жатқан шалының иығынан түрткіледі.

– Аһ! – деді ол шошып оянып.

– Қара көрінеді, бес-алты атты... Маңдайы біздікі білем, тұр, киін, – деп Зиба асығыстай барып қоңыраулы сандықты ашып, ішінен ақ түйенің жүнінен тоқылған қағаздай ақ үйме шапанды сілкіп шығара берді.

Еңселі, кеуделі ақ боз үй бесенеден белгілі, байдың ордасы. Ат маңдайы тіреле бергеннен-ақ анадай жердегі қоңыр үйден Аюп жүгіре шықты да, қонақтарға қарай аяңдай берді. Түзге шығып, ат ұстаушысы, келгеннің киіміне, кескініне қарап, қай үйге түсіретінін де сол шамалайды.<--break->

Шірене келіп, тізгін ұстатқан жалпақ бет, жирен мұртты, қасы қалың, қызыл шырайлы орта жастағы кісі аттан түспей тұрып Аюптан: – Мырза бар ма екен?   деп сұрады.

– Бар, бар, үйде – деді Аюп оған өзі аттан демеп түсіруге кол соза беріп.

– Әй, Түрен, аттарға жем бер. Қару жараққа сақ бол, – деді аттан түскен мырза киімі жөнді болғанмен, кескіні келіспеген тапал қараға.

Мырзаның сөзін іліп әкетіп ол: – Болса сұлы болсын, батырдың айғырына, деп Аюпқа иек қаға сөйледі.

– Болады, болады, бәрі де бар...

Маңғыстауда белгілі екі Есжан бар: бірі Бәйімбет Есжан бай, тағы бірі Кедей Жеменейдің Есжаны – батыр Есжан.

Екі рулы елдің екі Есжаны ай өткенде бүгін бас қосып отыр. Екеуі де біріне бірі іштей ренішті,  келіп отырған батыр Есжан құдандалы елдің арқа сүйері болса, бұл елдің сыйлы қонағы. Қонақасына мал сойылып, қазан асылып жатыр.

– Уа, Есеке, — деп бастады батыр Есжан шайға қанған соң шыны аяқты шайтабаққа төңкеріп жатып, – ат ізін салмағанымызға көп болды. Сендерден де хабар-ошар кідіріп қалды. Уа, қыз беретін жақ кежірлік жасағанымен, қолына құс түсіретін жақ қашанда жалбарынышты ғой... әрі жасы үлкен, әрі жолы ұлы деп бір ауыз сәлемімді сақтап жүр едім, бүгін соның сәті түсті білем. Батыр шай құйып отырған Қалияштың алтын сақинасына меруерт жүзік таққан аксүйрік саусақтарына қимыл сайын көз жүгіртіп қояды. Байдың текті жерден таңдап түсірген әсем келінінің отырысында да ерекше бір көз ойнатар сән бар. Шай аяғын ұсынып, қонақтарға қол созғанда батшайы көйлегінің жеңі кейін серпіліп, астынан қалағы қалың алтын білезік дастарқан үстінде жарқ етеді. Үй ішінде оған түспейтін көз жоқ. Есжан байдың өзі де үлде мен бүлде киген жарасымды келінінің туа бітті сымбатына іштей сүйсініп, аса бір мақтаныш сезіммен осындайда көлденең жұрттың қызғанышын одан бетер қоздыра түсу ниетінде отыратын.<--break->

– Ай өткенде сәлеміңнің сәті түсіпті, оныңа тәңір жарылғасын. Хабар-ошар болғанда, сүйінші сұрамаймыз ба... – Есжан бай сөз сыңайын әріден жағалата өзінің де ренішін сездіріп.

Екі жақта да өкпе-наз бар. Батыр да, бай да бір-бірінің сөз әлпетін түсіністі де, әрі қарай жалғастырмай қоя салды. Қазақы жолдың межелі шегі бар: ақыл-кеңес, дау-шар қозғалар болса, дәмнен кейін, қонақасыдан соң айтылады, Есқуат кірді ішке. Ол отырмай жатып, әкесі оған: – Дүйсенге адам жібер. Қонақ келді, көрініп кетсін, – деді. Бай ойша пішіп, алдағыны сезіп отыр. Келген қонақ қашаннан даулы жерде жүретін адам. Ол бекер келіп, құр қайтпайды да. Бүгінгі дау бұрынырақ басталу керек еді, мұншалықты кешеуілдеп кеткеніне Есжан бай ой тоқтата алмай отыр.

Бесін намазы оқылған соң, қонақтарға табақ тартылды. Астан кейін көкіректі мұздатып шұбат ішілді. Кестелі ақ киізбен қапталған домалақ метейшеден сырлы зереңге шұбат құйып, қонақтарға өз қолынан ішкізіп үйге шығып кетті.

– Ал, Есеке, сый-құрметіңізге Алла сыйласын. Сен бұйым сұрамассың, дегенмен біз шаруамен келдік, – деді батыр байға көз қырын тастап.

– Айт, айт, шаруаңды, – деп бай Есжан оң жақта баласына, Дүйсен мен Есқуатқа қарады.

– Сырттан суық хабар естідік, рас па, өтірік пе, соны 6ілейік деп келдік. Егер рас болса, дауласайын деп отырмыз.

– Дауың ешқайда қашпас, әуелі өзің басыңды ашып ал, – деп малдас құрып отырған Есжан бай екі қолымен екі санын сипады. Жүзін суытқысы келмей, бер жағымен болса да сабыр сақтап, күлімсіреген болады.

– "Басыңды ашып ал" – деуің қалай, мырзаеке? Менің басым байлаулы ма еді сондай-ақ. Байлаулы бас сенде емес пе еді?..

– Иә, менің басым байлаулы, соны байлаған сен емес пе едің?<--break->

– Есеке, түтінің енді түзу шықты. Бас байлаған мен екенім рас, өзін басым түскендей сезінді ме, батыр Есжан мысқылын іштей танытып, сырттай жүзін жылыта сөйледі.

– Байланған бастың иесі болмас па?.. Жоғыңды іздемей қайда жүрсің? Жоғалғанда мал екеш малын да іздейді ғой жұрт, – деді Есжан бай.

Қолдан кеткен жоғыңды сен іздеуің керек еді, Есеке. Әлі де жетесіне жете алмай отырсың-ау. Аңғал болсаң да, аңқау болмағайсың. Ойланып көрші, осы тұста кінә менде ме, сенде ме, қалай өзі? Бар кінә сенде деп отырмын. Қыз сенікі! – деп қайырды сөзін Есжан батыр.

– Төреңе құлдық, қыз – менікі, жесір – сенікі... Ауыр жағы кімде екен сонда? – деп Есжан бай батырдың бетіне қарады. Айыптың астары өзінде жатқанын біліп отырса да, дау-шардың талайын басынан өткізіп әккі болып қалған майысқақ та батыл жан сөз қисынын келтіре сөйлеп, ертеңгі күннің дүрбелеңінен өз басын қалай да аман сақтап қалуды осы бастан діттеп отырған тәрізді. Батырдың есерсоқтығын да біледі, бірақ сөзден жығылмау керек.

– Жесірімді жолдан алмаймын, қолдан аламын! Құдайласып құда түскенмін, айттырулы адамымды өз қолыңнан алып кетемін, байеке. Менің шешімім осы!

– Айдан асып, апа-сапа болғанда бүгін бізге келіп жесір даулама, отағасы.

– Екі рулы елдің жауласуы да жетер, біз үшінші болып шабыспаймыз! – Әуелі Дүйсен, онын сөзін іле Есқуат екеуі қатар сөйлеп қалып еді, Есжан батыр: – Шырақтарым, қыздың әкесі сендер емес, өз қыздарың өскенде мұндай іске араласарсыңдар. Алдарыңда әке отырғанда сабыр сақтағайсыңдар! – деп одан әрі оларды сөйлетпей қойды.<--break->

– Жә, азаматтар! Қиқаласып жатпайық. Қыздың әкесі менмін ғой, төрелік менен болсын. Есжан батыр құлағыңды сал. Бір елдің бетке тұтар бекзатысың. Ақырсаң, ықтыратын, арындағанда ұқтыратын айбат-ырқың бар, бір тентекті қайыруға құрбатың келетін шығар. Бейімбет пен Кедейдің жел жағына өзің шық. Сауданы екі адам бітіреді, дауды да, екі адамның шешкені естілік. Одан артығы артық, бізді киліктірме, өз қайғымыз өзімізге жетіп жатқан жоқ па? – деп сөзді ұзағынан бір қайырды Есжан бай.

Батыр Есжан қызара бөртіп, түйіліп біраз үнсіз отырып қалды. Қасында ертіп жүрген нөкерлері де бірі бай, бірі батыр – екі шонжардың егесіне араласа қоймады. Бұл отырғандар жекжат екі рулы елдің адамдары, айтылар сөз, айтылар сыр сыртқа шықпайды, уәжге келе ме, қыңырына кете ме, осы жерде шешіліп, осында түйінделеді.

– Мен қауқарсыздықтан келіп отырғаным жоқ, отағасы, – деді Есжан батыр екі иығын қомдана қозғап қойып, – жесірім ешқайда кетпес, атыссам да, шабыссам да алып қайтармын. Бірақ сенің қызыңды колыңнан бергендей болып бұғып жатуың бізге өтіп тұр.

– "Сүйінші сұраймын ба" деп мана бір айтып едім-ау. Сөз қайталанса қор деген... – деді Есжан бай сәл еңсе түсіріп.

– Жарайды, онда. Мына бір жері кем соғып тұрған секілді. Қыз сенің үйіңнен кетті, біз оны сыртынан меншіктеп, "жесір менікі" деп барып, бір елде дау туғызсақ, қисыны келер ме екен. Еліңнен бір-екі адам қос, куәлікте болсын, – деді Есжан батыр өз пайымын аңғарта.

– Оның да жөн-ау, дегенмен... – деп барып кідірістеді қыздыі әкесі.<--break->

– Егер күйеуі бар болғыр ұрын келмегенде, алған малымды қайтарып беріп, айқай-сүреңсіз отыра бермес пе едім. Қызылы кетіп енді ақ жаулық тартуы қалғанда ол қызды маған меншіктетпе, қарағым. Иесі өзің... Оған да куәлік сұрарсың әлі... – Есжан бай кекесінді кейіппен күлкінің ишаратын жасады.

– М–м–м... – деп Есжан батыр ыңырана отырып мұртын сипады. – Құда, – деді енді бір қозғалып қойып, – Бәйімбет деген бір жуас ауыл ғой, бас бағып қалуды ыңғай көріп отырсың-ау. Қала бер, адамыңды ертпеймін. Бір Бегейден жесірімді қайтарып алуға өз құрбатым да жетер – деп батыр Есжан көкірегін кере түсіп сонау шаңыраққа көз тастағандай болды. Қалияш сары самаурынды от басына әкеліп қойып кетті, қақпақтың тар тесігінен сыздықтап бу көтеріліп тұр.

Қонақтар манағы тамақтан кейін шөліркеп отырған, жайылып жазыла түсіп қайта жайғасты.

Есжан батырдың екі көзі сары самаурында. Үйшік жақтың отырықшы байларында болмаса, көшіп жүрген бұл ел әзірге тұтына қойған жоқ. Бәсеке қуған байларға ғана бірен-саран көрініп жүр.

Аптығып келіп, Аюп есіктен қарады да, ыммен Есқуатты шақырды.

– Тоқпанның үйіндегі қара әжем үзілді, – деді ол сыртқа шыққан Есқуатқа.

– Өздерің жайғара беріңдер, – деп Есқуат есікті қайта ашты.<--break->

– Не дейді әлгі, өңі суық кой өзі, – деді баласына қарап Есжан. Жаманатқа құлақ түріп, өзі де жайсыз отырған ол.

– Тоқпанның шешесі... – ар жағын айтпады Есқуат.

– Қайтты дейсің бе?

– Иә...

– Иманды болсын. Қонақтар, қорықпаңдар. Жазмыштан озмыш жоқ. Елімізде жара бар. Үш күнде үш адам дүниеден өтті, – деді үй иесі жабырқау тартып.

– Сол жара осы жақыннан бері біздің елге де барды. Қаразымның базаршылары жұктырып кеткен деседі, – деп қалды қонақтардың бірі.

– Алла сақтасын. Үрке көрмеңдер, жаным. Ол жарықтық кінәмшіл болатын көрінеді. Қашса одан сайын құтырып кетеді дейді ғой... – деп Есжан төңірегіне көз тастай сөйледі.

Қонақтар бір-біріне қарасып, сәтте дегбірсіздене бастады. Жүректеріне шай да батпаған болар, шыны аяқтарын бірінен соң, бірі төңкеріп дастарқаннан жылыстай кейін қарай шегінісе берді.<--break->

Жиырма бірінші тарау

 

Түндік жабық. Төрт қанат шағын отаудың іші тастай қараңғы. Ынтығы басылмаған жас жұбайлар түн қызығына тояттай алар емес. Жұбын жазбай жатып, түннің бір мезгілінде Қайып пен Ақбөбек қатты ұйықтап кеткен еді. Оқшау отаудың оңаша ұйқысынан енді оянды олар. Саңлауы жоқ қараңғы үйде сырттың күнін де, түнін де аңғарып болмайды. Ұйқы масы кезінде ашылып қалған ба, Ақбөбек бейне бір жел өтінде панасыз қалған еліктің лағындай болып, тар төсектің шетінде жиырыла құнысып, бір қырындай жатыр екен, Қайып оны құшақтай алып, баурына тартты. Тағы да тұла бойы ду етті. Қайта козған сол іңкәрлік... Лап бергенде күйіп-жанған ет қызуы еріктен тыс еліртіп барады оны. Жайымен ғана жазыла түсіп, сезіксіз ғана жылжып барып, ыссы койынға кіре бергенде сүйіктісінің ақ білегі жар мойнына орала кетті... Емеурінді ердің айқасқан құшағының еркіне түскенде, ол бар денесімен балқып, тарқатыла майыса бұралады, сонда ол барымен берілген ынтық болмысындағы ықылым ынтызарлығын сонысымен сездіретіндей. Бірін-бірі өзге түгіл жаратқанның жарығынан да қызғанатын сияқты, көздері жұмулы, көңілдері құндақта. Жасқану, тартыну жоқ, бойларын билеген шабыт пен талпанысты өздері де сезбейді.

Бар ынтасы құлай, бүкіл жан дүниесімен беріле мейірі кеткен шақта жүрек лүпілін баса алмай жатқан албырт жігіт бауырындағы зайыбын аса бір қызғанышпен қорғаштай, тұмшалай береді. Толассыз толқып, мерейі тасып, ерік бермей бойы қызған бұлқыныста ол оны бір қысып, бір босатып, құшырлана құшар еді, сонда ол кәдімгі ақ мамықтың үлпілдек ұлпасындай бірде семіп, бірде өсіп сиқырлы тал бойына күш иесін тарта түсетін. Жар кұшағы серіппелі, тегеурінді, бірақ ол қаттылык етіп, жанға зәредей батпайды... Жүректен жүрек сусындап, ләззат тұнығына бойлай нәрленген, аяулы махаббаттың сәт сайын өрбіп, ұштаса, жалғаса беретін аянышты сағыныш күйі болады, оның еселей соғатын екпіні ұзақты түнге басыла қоймас, оған айлар, жылдар керек. Құштар жүрек тоятсыз көңілдің түн асып, көзді ашқан кезде бірден опық жегендей болып, өткен қызығын азсына аңсап қалары бар...<--break->

Сырттан тысыр шыкты. Үйді айналып жүрген адам аяғының дыбысы естіледі. Көп ұзамай: – Өй-й, мыналар тұрды ма өзі? – деп дауыстады Жарылғап белдеуден түндік бауын шешіп жатып.

Тұрғанымыз қашан, шәй ішіп болдық қой, – деді шалқасынан төсекте жатқан Қайып, құрдасының сөзін қоштағандай.

Ұшып тұра келіп, басына айпақ-құйпақ жаулығын тартып жатып, Ақбөбек ернін тістеп, бетін шымшыды. Сәтте ақ жүзі нұрланып, ұят шырайы ду етті. Тез қызыл мақпал бешпентін киіп, сыртқа енді шыға берейін дегенде, түндік ашылып, үйдің іші жарқ етті.

Тфтақ! – деді түндікті қайыра ашып, бауын белдеуге байлап жатып Жарылғап, – тапа-тал түсте түндігін жауып қойып, ас ішкенді қайдан көрдік, кұдай–ау.

– Кіре бер, – деп жастық ағашты сықырлата керілді Қайып. Мұртын сипап күледі. Әзілі жарасқан құрдас адамдар, айылын жимай бірін–бірі қағытады.

Ақбөбек тысқа шыкқан соң, Жарылғап есік ашты. Ойнап қамшысын ұмтылып еді, жатқан Қайып оның қолынан шаппа ұстай алды да, оның демеуімен қарғып тұрып кетті тесегінен.

Сәскенің кезі. Күн шықпай мал өріске кеткен, енесінен бөлек бағылатын қозылар енді еріп жатыр.

Дастарқан жайылып, шай жасала бергенде, Сабытай енді ішке. Төрге шық десе де, шықпай, ол қазан-аяқ жақтан орын алып отыра кетті. Досқа дегенде ар жағында бүкпесі жоқ, сампылдап сөйлей беретін жадағай кісі.

– Мен жүрейін деп отырмын, – деді ол шайтабаққа құймай-ақ шыны аяқтың өзінен шай ұрттай бергенде.

– Сапар оң болғай, – деді Қайып одан жөн сұрағандай.

– Әлей болсын, Орынбор, Тұзтөбе жақта аздап шаруа бар, – Сабытай әнеугүні елдегі жарадан секем алды ма, Шағадамның жолына шықпай қалған. Ол бір жұмыстың басын ұстамай, ауылда бос жолдыбай жүре алмас. Жасынан күн көрудің мойындырығын киіп, еңбекте әккі болып қалған епті жігіт. Орынборда бір ноғайдың үш жыл дүкенін ұстады. Бір үйі сонда, енді дала елі мен қаланың арасында ірілі-ұсақты сауда жүргізеді.<--break->

– Мен де ауылға жүрем, – деп Жарылғап та хабарын айта отырды. Ол осы Жаңай аулына Қайыптың үйін көшіріп әкеліп қондырған. Сабытайдың үйіне түнеп шықты.

– Ал Қайып інім, келін... Шырағым Ақбөбек бұл ауылды өгейси көрмеңдер. Арғы шаңырақ – біреу: Тобыш. Ағайынның жаттығы болмас, – деп Сабытай ноғайша қойған кеспелтек сақалын сипап өтті. Әңгіменің ығытына қарай көңіл-күйін өзгерте сөйлегенде саз жақ қабағының үстіндегі тыртық күлтене ойнап кетіп тұрады екен. – Айтып қояйын, сауын бізден, ішіп-жеулерің де сол үйден...

– Алла рахым етсін, – деді Қайып төмен қарап.

– Айтпақшы ұмытып барады екенмін. Осы елде екі түрлі талап бар: бірі – зергерлік, бірі – там салу. Қайып сен соның қайсысын оңтай көресің?

– Бір елге барғанда етігін тігіп, зергерлік жасап, оның олжасын әкеліп қойдық қой, соны қанағат тұтсам, жарар, – деп Қайып үйдің ішін бір күлдіріп алды.

– Бұл олжаң саған сауындыққа жарай коймас... – деді Жарылғап сылқылдай өз алдына күліп.

– Маңда болса, там соғам ба деймін. Үйге қатынап істеуге ыңғайлы жағы керек, – деп Қайып шай құйып отырған Ақбөбекке көз қиығын тастап қойды.

Есіктен тұлымшағы жалбыраған секпіл бет қызалақ бала қарады да: – Көке! – деді.

– А, қарағым, – деп орнынан қопаң етті Сабытай. Сыртқа шығып келіп: – Жігіттер, ауылға орыстар келіпті. Тілмәш керек екен, мен барайыншы, – деді ол.

"Орыс" дегенде елең еткендей болды Ақбөбек. Ол өмірінде орысты көрмеген, соны бір көруге кұмар.<--break->

Көп ұзамай Сабытай екі орысты осында ертіп келді, өзі қарқылдап күледі. Екі орыстың біреуі бет-ауызын жүн басқан шот маңдай қартаң адам. Анаусы ақ селеу түстес селдірлеу ақ шашты өзі сап-сары жас жігіт. Сабытай былдырлап олармен сөйлесіп жатыр. Күле береді ырылдап.

– Сәдис, – деді төрді нұсқап ол әлгі қартаң орысқа. Ол барып төрге шығып отырды. Сабытайға қарай сөйлеп жалтаң-жалтаң етеді.

– Мыналар Петербор жақтан келген жер қыртысын барлаушылар екен. Тілмәші науқастанып, Үйшікте қалған құсайды. Мына нән осылардың старшыны, бастығы көрінеді.

Қайып түрегеп тұрған жас орысқа "отыр, отыр" деп салулы киіздің үстін қолымен нұсқады. Ымға түсінген ол "отырмаймын" дегендей тұрған жеріндс басын шайқады.

Акбөбек аң–таң екі орыстың үстіндегі киімдеріне, өздерінің түр–түсіне көзінің астымен қарай береді.

Шал орыс жайғасып отырған соң басындағы кәртөзін алып. жастық ағаштың құлағына іліп қойды.

Ақбөбек оның бас киімінен жиіркеніп шошынайын деді. "Ананы былай алып қойшы" дегендей қасындағы Қайыпқа қарады, оның онысын ол аңғармады. Қайыптың таң қалып отырғаны Сабытайдың орысша сөйлескені.

Ақбөбек шал орыстан көзін айырар емес. Оның жабағылай ұйысқан ақ бурыл дода шашы мен көзінің алдынан басқа жерін тұтасынан жүн басқан бет әлпеті Ақбөбектің көңіліне адам ажарынан тыс көрініп, қараңғыда кездесетін жын-перінің әлем-жәлем тұрпатын елестетті. Үйден шығып кеткісі де келіп еді, бірақ Сабытайдан именіп, амалсыз отырып қалды.

Шал Сабытайға өзін таныстырып жатыр. Сөз арасында "профессор", "губернатор" деген сөздерді қайта-қайта айтып еді, Сабытай оны қайталап көрді, дегенмен тілі үйірілмей-ақ койды.<--break->

– Әй, мынауың патша ағзамның адамы болып шықты ғой. Портқа бара жатырмын дейді. Сондағы әкімдердің үстінен қарай ма, кім білсін, – деп Сабытай шалдың сөзіне шалалау түсінсе де, біраз нәрсенің басын кұрап, өзінше біршама долбармен жеткізді.

– Ауылдарыңда бай бар ма? – деп сұрады қарт.

– Жоқ, бұл кедей ауыл – деді Сабытай.

Ақбөбек келген қонаққа суқаны сүймей отырса да, шай қайнатып, дастарқан жайды.

Сары шылапшынды әкеліп қонақтардың қолына су құйды. Орыс кісісі малдас құрып отыра алмады ма, бір қолымен жер таяна олай бір, былай бір жантайды, ол да жамбасына жайсыз болып, енді аяғын алдына қарай созды, көсілді. Жуған қолын шылапшынға сілкіп-сілкіп жіберіп еді, Ақбөбек оның бұл қылығына да тіксініп қалды. Әлгі еріп келген сары орыс босағада тікесінен тіке қалшиған күйінде әлі тұр. Сабытай жас жігіттің бетіне бір қарап алды да, шалға қарай бұрылып: – серігің неге отырмай тұр? – деп сұрады.

Шал күліп: – Ол менің күзетшім, – деді.

– Дә, дә, – деп Сабытай жағдайды енді түсінгендей аузын аша аңкиып біраз үнсіз қалды.

Шай құярдан бұрын Ақбөбек сырттан отын әкелуге шығып еді, көп кідірмей үйге өңі боп-боз болып қайта кірді.

– Төртеуі қолдарына мылтық ұстап біздің үйді қоршап тұр, – деді Қайыпқа қарай сыбырлап.

Қайып та дегбірсіздене Сабытайға көз тікті.<--break->

– Не өзі? – деп сұрады ол сырттағы жайсыз жағдайды сезіп. Қайып әлігіні айтып еді, Сабытай өз көзімен көруге тысқа шығып кетіп, қайта оралды. Ол сырттағы келеңсіз көріністі төрде отырған бастығына жеткізді. Қарт босағада тұрған сары жігітке даусын көтере әмір етіп: – Айт! Тарасын! Түскен үйіміз мына кісінікі. Сол үйдің маңында болсын! – деді.

Күзетші қожасының әмірін сырттағы үй қоршап тұрғандарға жеткізді де, тез оралып, орнына келіп тұрды.

– Сендер қорықпандар. Біздер залалсыз қонақтармыз.

Заң солай, олар күзетшілер, – деді әкім орыс Сабытайға салиқалы үн қатып.

Сырттан жер дүсірлегендей болып еді, бір сәтте үй түбіне келіп токтаған ат тұяғының дыбысы естілді.

– Хабарлас! – деп дауыстады ат үстінде біреу.

– Уо, түсе бер! – деді іште отырған Қайып. Орнынан тұрып, өзі де сыртқа шықты.

– Мырза осында ма? – деп сұрады әлгі кісі аттан түсіп жатып.

– Мырза ма, қара ма білмеймін, екі орыс осында, – деді Қайып.

– Салаумағалейкум! – деп сәлден кейін екі адам ішке кірді. Бірі жасамыстау, бірі жас. Алдыңғысы қызыл атты, қызыл киімдінің өзі болар, басында жылтыр қара сусар бөрік, үстіне кигені Ресей патшалығының үлгісімен тігілген қайырма жағалы сары ала зерлі шапан. Еті толық орта бойлы, балық көзділеу қызыл шырайлы кісінің қырықпа мұрт, келте сақалы өзінің кескін-келбетін келтіріп тұр. Есіктен кіргенде онша маңғазданып шіреніс білдірмеді. Ол табалдырықтан аттап үйдегілерді байқағысы келді ме, сәл кідіріс тапты. Осы кезде төрде іргеге аяқ созып, қырындау отырған жүнді орыс оған мойын бұра тігіліп оқшырая қарап қалып еді, артынша кесілген аяқтарын жиып, одан тізерлей барып, орнынан құнжаңдай тұрды да, құшағын жая: – Оһо–о, дорогой мой, Ураз! – деп айқайлап жіберді. Аралықта отырған Сабытай орнынан кейін ысырылып, келген қонаққа алдынан жол берді. Қонақ та тез аттай қалбалаңдай барып, орыстың ашылған құшағына өзін тастады. Анау мұның бетінен шөпітіп сүйіп жатыр. Дап-дардай адамдардың сүйісіп жатқаны Ақбөбекке тым ерсі көрінді. Сүйісіп, арқа қағысып болған соң, екеуі бір-біріне таяна тізе басысып отырысты.<--break->

Сабытай келген қонақ жайғаса бергеннен үйден шығып кеткен. Көп болмай оның артынша моржасының түтіні басыла қоймаған ақ самаурынды көтеріп Сабытайдың әйелі кірді ішке. Ол отқа таяу қайнап тұрған қара шәйнекті алып кетті. Айтпай түсінген Ақбөбек самаурынды жайғастырып қойды да, жалғастырып шайын құя берді.

Сырттан маңыраған койдың даусы естілді. Сыртқа шыққан Қайыпқа Сабытай: – мыналар жай адам емес. Ояздың адамдары болар. Қонақасы жеп кетсін, – деді қойдың аяғын буып жатып.

Түймеш ақ дорбамен тағы бірдемелер әкеле жатыр. Қасына келе бергенде Сабытай әйеліне: – Жас адамға қазан ұстатпа, өзің жайғар. Шайдың тістейтіні мол болсын, – деді – Бауырсақ, шекерімді әкеле жатырмын ғой, – деп Түймеш колындағы дорбасын көрсетті.

Ошақ сыртта. Малын сойып, қазанға салып берді де, Сабытай ішке кірді. Ол әңгіме-дүкенге кұмар адам. Көпшіл, аржай, Орынборда жүріп, аз-кем орысшаны сонысынан үйреніп алған. Аулына осындай көрнекті қонақ түскенін бір жағынан мақтаныш етіп те жүр ол.

– Бұл қай ауыл? – деп сұрады кейінгі келген конақ.

– Жаңай ауылы боламыз, – деді Сабытай.

Ар жағын сұраған жоқ қонақ. Біраздан кейін: – Мына кісі мақтап отыр сені. Осынша ауылдан бірде-бір тіл білетін адам шықпапты. Егер сен болмағанда далаға түнейтін түрі бар екен бұлардың. Көп жаса, сауапты іс қылыпсың, – деді ол ризашылығын білдіріп.

– Мырза, біздікі жоқтан бар. Әйтеуір онда-мұнда жүріп... – деп Сабытай төмен қарады.

– Оқуың бар ма? Қай жерлерде болғансың?

– Ноғайдың арасында жүріп, қаралай хат таныған болдық қой. Орынбор...<--break->

– Мына отырған – ұлық, оқымысты адам. Петербурдан бері қарай ел аралап, жер кезіп дегендей жаяу-жалпы дүниені шарлап келеді. Тұла бойын жүн басып отырғаны мынау ғой, бірақ жас кісі — қырықтардың төңірегінде, – деп қазақ қонақ жолаушы жайынан сөз бастай беріп еді, орыс қонақ оның санынан түртіп, еңкейе құлағына сыбыр етті. Бұл да естілер-естілместей етіп, жауап бергендей болды. Сосын ұлық босағада тұрған солдатқа: – Саған рұқсат, Аллам жар болсын. Серіктеріңе барып қосыл, – деді. Солдат өз тәртібі бойынша селт еткендей қимылмен лезде бойын тікірейте кеудесін кере тұрып, оң қолын шекесіне апарды да, аяқтарын тық еткізді. Соң иіле есікті ашып, үйден шығып кетті.

Ол кетісімен қазақ жолаушы жанында отырған жас жігітке:

– Сен де сол жерге бар. Қоржыныңды ала кет. Солдаттарды тамақтандыр, ашыққан шығар сорлылар,  деп бұйырды.

Осы кезде оның сөзін бөліп Сабытай: – Мырза... Отағасы, ғафу еткейсің... Қазақтың жолын бұзуың әнтек. Қазақ қара көрім жолға азық алып шықпаған. Үш мезгіл тамағы жолшыбай ел мойнында болған. Жолда жүріп қай ата-бабам аштан өліп еді?.. "Ер азығы жолда, бөрі азығы жолда" демеуші ме еді бұрынғылар, – деп тастады бастырмалата сөйлеп.

– Сөзіңе тоқтадым, інім. Дегенмен мына жолаушылардың тәртібі, заңы біздің салтымыздан өзгешелеу ғой деп отырғаным, – деді мырза Сабытайдың сөзіне ризалығын білдіріп.

– Артық кетсем, айып етпе, аға, ардалығымыз бар...

– Байқадым, інім... Жол көрген жөн білер деген, топта болған баласың ғой деймін. Көңілден шығып отырсың. Қонақтар қашан келді бұл ауылға?

– Түске таянғанда келді-ау.

– Мен де кезінде жеткен екенмін, жақсы болды.

– Немене, уәде бар ма еді?<--break->

– Жоқ. Бұл кісі алдынан кім шығарын білмейді. Үйшіктен шыққан күні тілмәші науқастанып қалып, кейін қайтыпты, бұлар кері оралуды ыңғайсыз санап, алған бағытымен жүре берген. Үйшік Кетікке хабарлапты. Ояз мені жөнелтті.

– Біз қайдан білейік, ауылдың шетіне келіп түсіп жатыр екен. Асынған мылтықтарын көріп жұрт қорыққанынан үйлі-үйлеріне кіріп кетті. Ел байғұста үрей бар ма, бір жағынан түрікпен, бір жағынан бүйірден Хиуа, орысы мынау...Өлсем, мен өлейін деп қастарына бардым. Жоқ, жаулық етер пиғылы жоқ көрінеді. Ертіп келіп үйге түсірдім. Баяғы қонақ келсе, тырбынып қалатын әдетіміз, бір мал қонақасымызды беріп аттандырсақ деген ниетіміз, ағасы, – деп Сабытай барынша ақтарыла шешілді. – Ой, есі түскір, ұмытып барады екенмін ғой, – деді артынша санын соғып, – Мынау менің ана отырған Қайып деген інімнің отауы. Солдаттар біздің үйде қалды. Мұнда келуіміздің себебі жоқ емес, – деп иығын бүлкілдете күлді Сабытай.

– Айта бер, аяқта сөзіңді, – деді мырза қосыла күлмей.

– Түсіп жатқанда ат тұлғының астында қалып, мына ұлыктың етігінің ұлтаны қақырап кетіпті, тіпті аяқ басып жүре алар емес. Қайып етікші ғой. Қонағымның етігінің табанын қақтырып берейін деп келдім осында.

– Ой, тәңір атқыр-ай, табан астында қырсығуын қарашы, – деп мырза сылқылдай күліп алды.

– Қайып қарағым, тамақ піскенше қағып тастай гөр, – деді Сабытай артында жатқан етікке қол созып.

Қайып ірге жақтан қобдишасын алып, бірден іске кірісті. Ақбөбектің аулынан шыққалы қолына азбар ұстап отырғаны осы.

Әңгіме жалғаса берді.

– "Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл" деген ағасы. Ныспыңызды білсек.. – деді Сабытай.

– Кетіктегі ояздың тілмәші жары Ораз деген ағаң болам. Айттым ғой жаңа, мынау орыстың білімпаз ғұламасы. Өзі жиһанкез, сонау түрік, мысыр сияқты шығыс елдерін аралап келген адам. Атын жаттай алар ма екенсің. Николай Федорович Козловский. Шені үлкен – Генерал... Ояздағы әкімдердің үстінен қарайды.<--break->

– Бізде орыстың ондай атын Мекалай дейді ғой. Анаусын жанарал демей ме...

Николай Федоровичтің екі көзі Қайыптың екі қолында. Саусақтарының жыбырына көз ілеспейді: қонышы қайырулы қара сүрік орыс етіктің ішіне бір кіріп, бір шығады. Етікке қағылған темір шегелерді қышқашпен сыпыра суырып алып тастап жатыр. Енді қобдишаның ішінен ақ қайың ағашының кесіндісін алып, оны пышақпен жарып-жарып, кейін жұқалап кертіп, қиындысынан шеге жасай бастады. Етіктің қақыраған ұлтанына су бүркіп жұмсатып, бір қабат киіздің астына бұқтырып тастаған.

Николай Фелорович сандыққа сүйеулі тұрған қара сумкасының кілтін ашып, ішінен көк тысты қалың дәптерді алды да, орта жерінен былай қарай қарындашпен түрткілей жаза бастады. Анда-санда жайымен басын шайқап қояды, онысы Қайыптың ісіне таңданып отырғаны болар.

Қайып қатарынан жатқан көп қалыптың арасынан екі-үш орыс қалып шығып қалып еді, соның біреуіне әлігі ұлтаны кеткен етікті кигізіп, табанына тізілте шеге қаға берді. Ағаш шегеге бұрынғы темір шегенің орнын басқызбады, қалың ұлтанды күміс сақиналы ұшты бізбен тыңнан тесіп, жаңа ізбен екі қатар етіп шегеледі. Қобдишаның үстінде жатқан сұқ саусақтың қарамындай шеге тізбегіне оң колы көз ілестірмей ойнап барып келіп тұр.

Бір сәтте етікті шегелеп болып, ішінен суырып қалыпты алып тастады. Одан кейін тағы да бірнеше рет қол жүгіртіп, етіктің ішін ысқылағандай болды. Іс бітті. Етікші етікті күлімсірей отырып, иесінің қолына ұстатты.

Николай Федорович етігін қолына алып, олай-бұлай аударып көрді, мін жоқ, асты мен үсті жымдасып-ақ қалған. Ана сыңар етігін алып, екеуін салыстырып көріп жатыр, айтары жоқ, қылаусыз көрінеді.

Қатты риза болған ол азбарын жинастырып болып, енді орнына отыра берген Қайыптың мойнынан құшақтап қайта-қайта бетінен сүйді, арқасынан қағып, мәз болып жатыр. Тумысында алғаш көрген өзге жұрттың адамының мұншалықты кішіпейілдігіне Ақбөбектің енді-енді іші жыли бастады. Көзі үйренді ме, оның түксиген түрі де біршама жылы тартып бара жатқандай.<--break->

Николай Федорович қолға су құйылар кезде Ораздың бетіне қарай отырып, Қайыпқа көңілінде дүдәмәл болып тұрған бір сауалын койды. – Ағаш шеге былғарыға осалдық етпес пе екен?

Қайып: – Орыстар аяқ киімнің табанына темір шеге қағады екен, қайта сол осал. Неге дегенде, суға тиген сайын темір шегенің өзін тат басады, сонан соң ол қағылған былғарыны да шірітеді. Содан кеңейген тесікті қуалап барып, етіктің табанынан су өтеді.

Қазақтың ағаш шегесінен мықтысы жоқ, ол өзі шірімейді де, тұрған жерін шірітпейді де. Ылғал тисе, ісініп, табанынан су өткізбейді, әсіресе қалың ұлтанды қатты ұстайды, – деді ежіктей түсіндіріп.

Тілмәш Ораз ауыз-аузына жұқпай сөйлеп, Николай Федоровичке жеткізді. Ол жазу үстінде отырып, басын изеумен болды.

Сабытай атының қайылын тартып, үзеңгіге аяғын салайын деп отырған екі сапарынан қалды, Шағадам жолынан ел ішіндегі індет, шешектен қорқып ізіне қайтса, Орынборға жүрерін ұлық Козловский мен тілмәш Ораз тоқтатты. Екі бекзатпен түнімен сөйлескенде баласын орыс оқуына беретін болып, бір шешімге келіп еді. Топтан қалмай аттарын ерттеп баласы мен екеуі енді аттанайын деп жатқанда, ана ауылдан хабар келді, Сабытайды екі би арнайы адам жіберіп шақыртыпты. Елдің зиялылары би мен болыс шақыртқан жерге бармауға болмайды, олардың назарға іліктіріп, адамның атын атауы оңынан шықса, мәртебе де, ал егер қырынан тұрса – қатерлі.

Сабытай мәртебелі қонақтарын жөнелтіп салып, өзі Ақберген бидің ауылына ол тартқан.<--break->

Жиырма екінші тарау

 

Акбергеннің боз үйі. Бұл еңсесі көтеріңкілеу орта дәулетті бидің ауылы. Жігіттері де тікіреңдеу, батыл, кимелеп сөйлеуге құмар, сан түзеуге, жағалы киімге бейім тұрады. Төрде Әлмағамбет би, одан төменіректе жандайшап қосшылары болар, орта жастардағы екі жігіт отыр. Әлмағамбет егде тартқан көселеу қара кісі. Акберген мүшел жас кіші болғанмен, оған үстемдік жасағысы келе ме, өзі сөзуарлыққа салып, асыңқырай ағытыла сөйлеп, анаған тыңдау кезегін ғана беріп қойған. Бұл екі би қарайлас қоныстарда көшіп-қонып жүрген Жаңай ауылдарының бетке тұтарлары. Ақберген түбінде болмағанмен бер жағынан өркөкіректік көрсете білетін кимелігі бар би.

Кейде-кейде өрісі бөлектеу жатқан кіші жүздің Ысық, Шеркеш, Таз, Беріш, Есентемір ауылдарын аралап, жекжат-жұрият қуалай жүріп, әр елдің жол-жоралығы, салт-дәстүріне қанығып, ысылып қалған орта жастағы ділмерлігі басым, өзімшілдеу бидің ағайын арасында бетіне қарайтыны кем де кем. Мына аға бидің алдында әдейі оң жамбасқа алайын деп, Сабытайды шақыртып отырған осының өзі.

Әлмағамбет бұдан хабарсыз, ол басқа шаруамен келген. Ел арасы тентексіз бола ма, аулына барса Ысықтың жігіттері Әлмағамбеттің бір жақынын сабап жіберіпті. Таяқ жеген жанды жақты, бетті әулеттен ол топ жинап Ысықпен кектесуге шығатын сыңай білдіріп отыр, соны аналарға ат-шапан тартқызып, өшікпей тұрған кезінде басу керек. Жасы үлкен аға дауды бітістіруге Ақбергснді ыңғайлап келген.<--break->

Сабытай есіктен кіре жалпыға бірдей сәлем берді де, оң жаққа барып отыра кетті. Үйден басына ноғай берік, аяғына орыс етік, үстіне ноғай пішімінде тігілген қара мауыт ұзын бешпент киіп, бұл өңірдегілерден ерекшелеу жасанып келіп еді.

– Інім, ауыл-елің аман ба? – деді Акберген Сабытайға назар аударып.

– Шүкір аманбыз, – деп Сабытай қатар отырған екі биге қарай мойын бұра қос қолымен көкірегін басып, тағзым ете иілді.

– Уо, көші-қон, келім-кетім жоқ па?

– Әй–й, ондай жаңалығымыз жоқ...

– Елің қуғын-сүргіннен тыныш па?

– Тыныш–тыныш...

– Ел құлағы елу ғой, естілмейтін сес бар ма, жаңалықты жасырмай айтып отыр, – деді Ақберген Сабытайға тікелей қарап. Ашаң ақ сұр бетін өзгертіп, тікірейе ашу шақырып, түтіге түсті. Әлгі бір әзірдегі кілегейі бозғылт өлексе көзі енді бөрінің жанарындай сұқтанып, әріден от шаша айбаттанып бара жатқандай оқталады.

Сабытай бұлардың жайшылыққа шақырмағанын сезе бастады. Орны келгенде тікшілдеу жігіт бұл да аздап шамырқанайын деді ме: – Акберді аға, күдікті жерден дәл басып, айта бермейсің бе? Біз бір бас баққан жоқ жұқа ауылмыз. Арамызда ұры-қары сірә болмайды. Әйтеуір бас баққанымызға мәзбіз. Кінәм болса аяма, бетіме айт, аға, – деді кеудесін көтере түсіп.

– Кінәлі емессің, айыптысың! Адам ұрысы, сұқайт ел бұзар қарақшыны үйіңде сақтап отырған құсайсың! Қане, соныңды айтшы!<--break->

– Аспай сөйле, аға! Елде мал ұрысы бар, адам ұрысы жоқ! Бегей Қорабай баласы Қайыптың бәйімбет Есжан байдың қызын алып келгені рас. Ол оны ұрлаған жоқ, олардың бір-біріне құдайдың өзі ықыластарып құлатып сүйістіріп қосқан. Сүйіп косылғанды шариғат та теріске шығармайды. Қайып қарақшы емес, бір елдің адал азаматы.

– Е, біреудің жесірін тартып әкеткені қарақшы болмағаны ма?!

– Шариғатта некеленбеген әйелді "жесір" демейді. Қыз туған ұясы ата-анасының үйінен шығып отыр. Ата анасының ақ батасын алмай, ұлықсатсыз қосылғандары үшін ата-баба жолында ерлі-зайыптының екеуі де кінәлі, бірақ шариғат оны да кешіреді екен... Шариғат кешіргенді қазақ неге кешірмейді осы?!

– Әй, сен өзің орыс, ноғайдың арасында жүріп, зәкүншіл болып кеткенбісің? Тіпті ата-жолын да теріске шығардың ғой.

– Ата-жолын бұзатын өзіміз. Дін Исламға түсінбегендіктен, шариғатқа бағынбай ардаңдап кетеміз. Аға, сөкеттігі болмас, мен орыстан өнер үйреніп, ноғайдан дін жолына жығылып тағлым алып келдім.

– Бүкіл қазақты шариғатпен сабап отырсың, осы білімпаздығың ба?

– Білімпаз емеспін, бірақ қазақты білімпаздыққа шақырар едім. Енді тізгіндеп тұрған би, болыстарымыз бар, солар ғаріп танымайды, құбыланы білмейтіні қанша. Оларға шариғат та жат көрінеді, сонысын ол қаралай басып, қалай болса солай бұрмалай беруге оңай. Орыстың алдында төрттағандап жорғалайсыңдар, барыңды беріп бағынасыңдар. Ал оның заңын, тәртібін үйренумен жұмыстарың жоқ.<--break->

– Әй, мына ант ұрған бізді кәпір қылмақ па? Өшір үніңді! Тиясың ба, жоқ па тіліңді?! – деп Акбергсн тұсында ілулі тұрған дойырына қол созды.

– Болды, аға, мен тоқтадым, – деп Сабытай кішілік ізетпен сылқылдай күліп бас иді. – Әңгіме Қайып жайында көтерілді ғой, не айтасың? – деді сосын күлкісін тиып.

– Көшсін! Өлсе-тірілсе де елінде болсын! Ертең қыздың айттырулы жері де, өз елі де «ұрыны ұстап отырсың» деп бізге өкпе-назын артады.

– Жығылғанды тұрғызбау, сүрінгенді сүйемеу шариғатта жазылмаған, аға. Бөріден қашқан қоян да бұта түбін паналайды, бұта құрлы жоқпыз ба? Құдайдың қасына келген пендесін маңына жолатпа деуің мұсылманшылыққа жата ма, би аға?

– Енді кідіре тұршы, інім, – деді манадан екі жақты бірдей тыңдап отырған Әлмағамбет Сабытайға иек қағып. – Жігіттің қызды алып келгеніне қанша уақыт болды?

– Жаз ортасында әкелген, міне күз түсті.

– М–м–м... Құдамдалы екі елде де шикілік бар білем, осы уақытта шейін жоғын жоқтамастан хабарсыз жатулары қалай? – деді Әлмағамбет әдеттегі сабырлы үнмен.

– Ол жағын білмедік, – деп Сабытай иығын бүлк еткізді.

– Айтыпты ісі бар Бегей ауылының бұғып жатуы да жөн емес. Ол елге бармас па? Өз мінін өзі айтып, құлшылықта құрайласар болар... Әлі күнге дейін көңілдің кірі айтылмаған екен, артында зілі жатпасын оның...  деді Әлмағамбет басын шайқап.<--break->

– Арты бас жарысу, барымта, онысы жаугершілікпен өтеді, – деп Акберген тісімен астыңғы ерінін қайзап қойды.

– Ал, енді «ақыл жастан» демекші, кесімімізді сен айтшы, – деді Әлмағамбет Ақбергенге мойнын бұра қарап.

– Мен айттым гой, Әлеке. Мұның ең дауасы ана Қайып деген Бегейді көшіріп жіберу. Өз еліне барып, өз қотырын өзі қасысын. Жұрттың дау-шарына көлденеңнен қосылатын жай жоқ, – деп Ақберген ат-тонын ала қашатындай ыңғай білдірді.

Біраз үнсіз отырып Әлмағамбет: Бір үйдің шешіп кетер ісін екі руға салып, араны шатастыруы қалай? – деп тұр. Бір жанса, оны өшіру қиын. Сен сол жағын зердеңе салшы.

– Әлеке-ау, ойлап-ойлап, таразымнан өткізілген соң айтып отырмын ғой.

– Таразыңа шикі ойыңды сала койған екенсің... ендеше тоқтамды маған бер.

– Бердік-бердік.

– Қазы қазылығын ете алмаса, қазанға түскен қыздай болар. Билігін жүргізе білмеген бидің биік жартастан құлағаны... Бұл істі кем өлшеп, келте кеспейік. Келер даудың тамыздығы – қыз бен жігіт. Олар істерін істеп келіпті. Болмас істі болдырғаны үшін жас немелерді түртіп-түрткілеудің қисыны келмес деп отырмын.

– Айналайын, аға! Сөзіңе құлдық! – деп Сабытай көңілі бұзыла кемсеңдеді. Осы сөзге көңілі бұзылған ол орнынан қозғалақтап кетті. Енді мойнын бұрып, Әлмағамбеттың аузына қарады.

– Ел бірлігін ойлайтын, жаратқанның жаршысы болу – пендеге парыз. Ақберген, сен осы тұста тайға мінгендей кеттің-ау.<--break->

– Ой, құдай сақтасын, – деп Ақберген бетін қыбыр еткізді.

– Иә, бөле жара бөтен сөзден сақтаған құдай тағалам – деді Әлмағамбет оны тағы да қағыта. Малай, Кедей, Мамыртай – үш рулы ел. Үшеуін бірімен бірін жауластырып қойып, біз сыртынан қызығына қарап отырсақ, құдайдың алдында не дейміз? Араға түсер ағайын қайда? Бар емеспіз бе?

– Бармыз, бармыз, – деп қалды Ақберген әңгіменің барысына енді иіліп.

– Бар болсаң, жүресің менімен бірге. Келесі жетіде біздің ауылға соғарсың, мен де дайын тұрам. Ара ағайын болып барып, үш жақты да бітістіріп қайталық, – деді Әлмағамбет ақырғы тоқтамын айтып.

Ақбөбек жүдеу. Қайып та бұрынғыдан ысылған. Екеуінің де іш құсасы ішінде – бірі алыстағы ата-анасын, елі-жұртын сағынады, бірі қыр астында жатқаи қаһарлы әкеге, жігерсіз жақын-жуық ағайынға өкпелі, ерлі-зайыптының бірінде қайғы, бірінде ыза.

Бұл екеуінде оңаша ой болмағанмен, ортақ сезім бар, жан-жалғамы, жүрек лүпілі сол ортақ сезімді аялайды. Осы бір дидарын тауып жамырасқан қос жүректе ешқашан да сейілі тарқамастай, өршіген қуаты басылмастай адуын күш жатыр, ол мына екі жастың өн бойын тұрғылығымен билеп алып, бүкіл жан дүниесін тұтасымен елжіретіп тұрған саябыр таппас сабырсыз сағыныштың кереметі. Көңілдегі жұбаныш, жан медеуі сол ғана...

Қайып есікті ашып тұрып, шықпай кідіріп, артына қарады. Ақбөбек есікке қарай қадам басқан күйеуінің ту сыртынан қарап, көзімен жебеп тұрған. Ертіп кетіп, қасынан бір табан да қалмай, ауыр азаптың астында болса да, күні-түні бірге жүруге бар. Әттең әйел жолының тарлығы-ай...<--break->

Қайып Ақбөбектің қасына қайта келіп, оны тағы да құшақтай алды. Ақбөбек күйеуінің көкірегіне маңдайын таяп тұрып, күрсінгенін сездірмей ұзағынан дем алды. Қайып әйелінің арқасынан қақты, аянышын ол да тілсіз сездіргендей болып, үндеместен үйден шығып кетті.

Сыртта ат үстінде Сәдуақас Қайыптың үйден шығуын күтіп тұрған. Астындағы имек мойын, ұзын сирақ боз айғыр ерттеулі Қаракердің тұсына келе бергеннен-ақ, қысқа кісінеп, ышқына оқыранып, мойнын тұқыра жер тепкен. Қаракер де өз айбатын көрсеткендей ауыздығын күтір-күтір шайнап, тыпыршып, бір орында тұра алмай тұр.

Үйден шыға Қайып екі айғырдың еліріп тұрғанын көріп:

– Һеһей, жануарлар, тынышталыңдар! – деп айқайлап койды.

Екі айғырдың елірмесі жолға шыққан соң басылды. Қос жорға терістіктен соққан күздің өкпек желіне қарсы тайпалмай тартып келеді. Атының жорғасына қызыққан Сәдуақас тізгінді бос ұстап шалқая түседі. Жас жігіттің бойында қуаныш пен мақтаныштың желі бар.

Шай қайнатым шақта бұл екеуі үлкен қара дөңнің басындағы қалың қауымның шетіне келіп ат басын тартты. Қайып пен Сәдуақас бір бейіттің басына ақ тастан там қалап жатыр, бір жетіден асты.

– Бүгін екеулеп қалайық: бір қабырғасын сен, бір басын мен деді Қайып Сәдуақасқа ерік беріп.

– Аға, бұзып алам ғой... – деп Сәдуақас жүрексінгендей түр көрсетті.

– Бұзбайсың. Неше күннен бері көрдің, көзің үйренді. Енді қолға алатын уағың жетті, – деді Қайып.<--break->

Сәдуақастың қарақшыларға қосылып, түрікпеннің анадағы малын айдап келгені Қайыпқа қатты батқан. Буыны қатып, ақыл тоқтатпаған жап-жас бозбаланың осы бастан ұрыларға ілесіп, қарақшылыққа бой ұруының арты ажалсыз өлімге тірелетінін білген Қайып оны ондай арам кәсіптен құтқаруға бар әрекетін жасады. Әуелі Сәдуақасты қожасынан үш күнге сұрап алды. Одан кейін Сәдуақастың інісін ағасының орнына жылқы бағуға жібергізді. Енді Сәдуақастың басы бос, оны өз жанына алып, там соқтырып жатыр.

Сондағы айдап келген бір үйір жылқыдан бөлісе келе Сәдуақасқа тиген үлес – осы ақ боз айғыр. Бұл үйірде жүріп, әбден титықтап, көркінен айрылған жабыдай да сүңкі жоқ, азғын ат еді. Бай он биені өзі олжалап алған да, Сәдуақасқа енші қып, осы ат пен және бір байталды белдеуіне байлатқан. Сәдуақастың кәрі әкесі өмірі жылқы ішінде өткен, сейістігі бар бапкер адам. Ертелі-кеш жем-шөбін беріп жүріп, айғырды оңалтқан сол, кәрия.

– Аға, қарап жіберші, – деді Сәдуақас тамның оң жақ қабырғасына үш қатар тас қойып болған соң.

Қайып қаланған тастың ұзына бойын сығалап көріп алды да, – Анау бұрыштағы екі тас тырнақ сыртындай ішкері кеткен, сәл ғана кейін қағып қой, – деді.

Ақбөбек Қайып кеткен соң оңаша отырып біраз егіле жылап алды. Жаңа қоныс, танымайтын ел. Жұпыны ауылда той-тамаша, ойын-сауық та болмайды екен. Кіріп-шығатыны Сабытайдың үйі. Олар барын аяп жатқан жоқ, ішім-жемі ортада. Сабытайдың өзі аңқылдақ болғанмен, әйелі шешіліп сөйлесе бермейтін бас бағардың өзі. Үлкендігі де бар ма қалай, өзі үйленбей тұрғанда, Сабытайдың жеңге алғаны көрінеді. Киім тігуге келгенде шебер кісі.<--break->

Ақбөбек кеше Түймешке апарып піштіріп әкелген ағзон көйлекті қолға алды. Осы ауылдың бір үйінде той болады деп есіткен ол. Той күні ағзон көйлекті Қайыпқа кигізбек. Бір көргенін жазбай істейтін Ақбөбектің де ісмерлігі бар, бірақ киім пішуге шорқақ. Оны Түймештен үйренуге құмар. Ақбөбек жалғыз отырып, түске дейін киім тікті. Ыңыш құлақтан тыныш құлақ болып қарасыз үйде жалғыздан-жалғыз отыра берген соң, оны маужыратып ұйқы басты, қисайса ұйықтап қалатыны белгілі. Ол тұрып кетті. Тігіп отырған көйлегін орап-орап, қолтығына қыстырды да Түймештің үйіне барды. Ауылда еркектер жоқ. Бұл үйдің екі баласы да көрінбейді.

– Кел, келе ғой, – деді Түймеш қара шәйнекті мосыдан түсіріп жатып, – Сөк бөрітіп қойдым. Шай ішіп терлейікші, бүгін басым ауырып отыр.

– Шәйнекті маған бер, мен құям ғой, – деп Ақбөбек мосыны жиыстырып босағаға сүйеді де, қара шәйнекті өз жағына әкеліп қойды.

Шай орталап ішіліп болғанда, осы үйдің үйелмелі-сүйелмелі екі баласы сырттан бірін-бірі қуалап келіп тасыраңдай үйге кіріп кетті. Біреуі оң жақта шай құйып отырған Ақбөбекті аттап кете жаздады, төрге бара құлады.

– Өй, мына жер жастанғырлар қайтеді? Отқа түсе ме? Суға түсе ме? Жабысқырлар-ау, алдарыңдағы адамды басасыңдар ма енді? – деп Түймеш ішіп отырған шайын қоя салып, екі баласын қарғап жатыр.

Шешенің қарғысы екі баланың қыңына кедер емес, біреуі етбетінен шынтағын таянып жатып, сыры көшкен жағал зереңдегі май сөкке бас қойды, екіншісі шешесінің дастарқан шетінде тұрған орталау шыны аяғына қол соза берді. Кемпір-шалдың қолында бейбастақ ерке өскен балалар.<--break->

Сырттан Сабытай қақырынды, аттан түсіп жатыр. Екі бала ұшып түрегеліп, орындарына жайғасып отырысты. Әлгі асыр салған тентектер су сепкендей басыла қойды.

Сабытай дастарқан басына отыра бергеннен-ақ саудырап әңгімесін бастады.

– Жарылғаптың әйелі науқастанып жатқан көрінеді, үстіне бірдеме көрінген дей ме, – деді жай сөйлеп.

– Ой, сақтайгөр. Бұл жаққа да келіпті ғой, – деп Түймеш жағасын ұстады.

– Ой, бұл сорлы қазақты қойсайшы. Ел үркіп көшіп жатқан құсайды. Одан құтыла ма?

– Жара жарықтықты желіктірмеу керек. Жылы үйде сақтан, желден, суықтан қорғаса ештеңе етпейді. Оны біле ме бұлар, ашық-тесік жүргенінен қырылып жатыр, – деп Түймеш бір кездегі шешектен ауырғаны есіне түсті ме, саусағымен бетінің бұжырын сипады.

– Келін, сен қандай пісікпісің? – деп сұрады Сабытай Ақбөбектен.

– Солай шығар, Тәтем жасында Хиуаға апарып ектіріп келдім дейді ғой, – деді Ақбөбек кестелі орамалымен маңдайының терін сүртіп.

– Мен де мына балаларды былтыр Орынбор апарып ектіріп келгенмін. Қатынды шешегін шығарып, құдайдың өзі тастап кеткен, – деп Сабытай иығын бүлкілдете күлді.

– Бұл індет қыс түсіп, жер мұздамай кетпейді енді, – деді Түймеш басын шайқап, есік жаққа қарады.

– Сен қатын, ертең Жарылғаптың аулына кет. Есуас ел дүркіреп көшіп кетсе, ол үй жалғыз қалады. Мен де қазір мына Сарманмен жолға шығам, – деді Сабытай қасында отырған баласына мойын бұрып.

– Көтек не деп отыр! – деп Түймеш шошып кетті.

– Оқуға берем баламды.

– Оқуы несі?

– Орысша оқытам Сарманымды, сосын тілмәш болып шығады. Бәлкім ояз жұмысына араласар...<--break->

– Қой, қой, жайыңа жүр! Жұрт өзіңді орыс болып кетті деп жүргенде, енді балаңды кәпір қылайын дедің бе?! – деді Түймеш, күйеуінің бетіне қарай бажаңдап.

– Тәк! Бір нәрсе көрейін деп отырсың ғой! Еркектің жұмысына араласпа! – деп Сабытайдың көзі ақшыраңдап әйеліне жекіріп тастады. Сосын:

– Тұр, киін! – деді баласына.

Сарман көзі алақтап орнынан тұрды да, күйбеңдеп жүріп киіне бастады.

Акбөбек тез дастарқанды жиыстырып, жүрер адамдардың жолын ашқандай болды.

– Бермеймін баланы! Кәпірдің қолына беріп!.. Оқытсаң, молдаға оқыт!

Түймеш қайтпайтындай ыңғай көрсетіп, қатулана түсті. Сарман киініп болып, жалтақтай әкесіне қарады. Сабытай 12 жасар баланы алдына салып, үйден шықты. Түймеш бар даусымен бақырып, бетін тырнай бастады. Үндеместің осындай болмас жерде долылық жасайтыны бар. Түймештің мұнысы Ақбөбекке ұнамады.

– Жеңеше, қой. Кететін адам кетті, деп еді, Түймеш үнін үдете соза түсіп, дауыс етуге көшті.

Аттың шылауын баласына ұстатып қойып, Сабытай үйге қайта кірді. Тістеніп барып, әйелінің басындағы жаулығын жұлқып тастап, төбе шашынан бүре ұстап тұрып, қамшымен жонынан екі-үш рет осып-осып жіберді.

– Байың өліп отыр ма, балаң өліп отыр ма?! Анағанаңды!... – деп тістенген күйінде үйден шықты да кетті Сабытай.

Әйелінің үні өшті. Қор етті де құлады. Табан серіппестен талды да алды.

Зәресі кеткен Ақбөбек Түймешті жұлқылайды.

– Жеңеше! Жеңеше!...

Түймеште сес жоқ, сұлқ түсіп жатыр. Долылығы ұстағанда, оның осындай серейіп қалатын ұстамалы талмасы бар. Оны Ақбөбек білмейді.<--break->

Бір кезде ештемеден қаперсіз жайшылықта отырғандай Сабытайдың кіші баласы он жасар Қаржау – Тиме, жата берсін! Өзі тұрады, – деді жылап әбігерде жүрген Ақбөбекке.

Сабытай баласын артына мінгізіп алып, маңдайын құбыла бетке түзеді. Баланы Кетікке апарып, Козловский мен Ораздың қолына тапсырады, уәде солай болған. Анада Козловский жүрер алдында Ораз, Сабытай, Қайып болып төртеу ара кеңес құрған. Орыстың ғұлама ғалымы Ресей патшалығына қарасты ұсақ елдердің балаларын орыс оқуына тарту жөніндегі кеңестің мүшесі, сондықтан ол өзі тартынбай өзге ұлттарды тікелей аралап жүр. Әр елдің, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жүрген жерінде жазып алып, зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Бұл бағытта патша ағзамы да оң көзбен қарайтын сияқты. Мұсылмандарға арнап Петерборда мешіт салғызуының өзі оның ілім-білімсіз жүрген кішігірім аз ұлттарға жаны ашып іш тартқандығы екендігін қайта-қайта айтып, ежіктей түсіндірген Козловский отырғандарға оның айтуына қарағанда башқұрт пен татар елдері балаларын жаппай орыс мектебіне беріп жатқан көрінеді, жақын арада орын толып қалуы мүмкін дейді.

Осыны есіткенде Сабытайдың делебесі қозып кеткен. Ол өзі ноғай мен башқұрттардың арасына барғанда орыс тілін білмейтініне қорынатын, олардың сайрап тұратынына қызғанышпен қараушы еді.

– Сабытай, сен көкірегі ашық, адал жігіт екенсің. Саған менің ықыласым құлап отыр. Сен қайрымды адамсың. Етігімнің табаны түсіп қалғанда мынауымды жамап бер деп мен саған жалынғаным жоқ. Сен менің мүсәпірлік халімді өзің көріп, өзің ертіп келдің осында. Танымайтын біздерге қонақасы бердің. Бүкіл қазақ халқының қонақжай, дарқан ел екендігін сен арқылы көріп отырмын, – деді ғалым кетерінде.

– Айтқаныңа алла сыйласын. Барым әзір, жоғым жай, – деп Сабытай бас изеп, қол қусырды.

– Саған менің де шарапатым тисін десең, бір балаңды маған ертіп жібер, оқытып, адам санатына қосып берем, – деді Николай Федорович Сабытайға колын ұсынып.<--break->

Кідірген жоқ, былайынша да ынтасы құлап отырған Сабытай бірден қол беріп, уәдені сонымен түйген.

Еркекпісің деген, әйелге сыр айта ма, содан бері ішке сақтап келіп, бүгін төбеден жасын түскендей етіп, тосаттан айта салды.

Алдын ала естіртіп, әйелінің құлағын үйретіп қойғанда бұл үйде бүгінгідей зобалаң болмас па еді.

Баласының айтқанындай Түймеш біраз жатып, көзін ашты. Ақбөбек басында жылап отырған.

Түймеш ұйқыдан оянғандай бір сәт көзін ашып жатып, әбден есін жиған соң, басын көтерді. Еш нәрсе болмағандай, есі түп-тузу, бұрынғы момақан күйінде отыр. Бас жағында отырған Ақбөбектің маңдайынан сипап: – Қарағым-ай, мен бейбақ қорқытып, қойдым-ау сені. Қорықпағайсың, шырағым, менікі ауру емес, ашу, долылық. Арқасы құрғырым бар, өлген-тірілгенімді білмей қалам... – деді. Оның ойы Ақбөбектің көңіліне секем салмау.

Әсіресе, әйелдер жағы талма сақинасынан қорқады. Ондай адамды жын-перінің салқыны тигенге балап, немесе албасты айналдырды деп есептейді. Қожа, молдалардың кітап ашқанда жүкті әйелдерді сақтандыратыны да сол кесел.

– Қамшы тимегенде, талмас едің ғой, – деп Ақбөбек орнынан тұрды. Түймеш сықылықтай күліп: – Менің дертімнің дауасы қамшы. Болмаса жуық арада басылмаймын, – деді.

Ақбөбек тігіп жатқан Қайыптың көйлегін көрсетіп, Түймештің сынынан өткізіп алды.

– Шабуын дұрыс қондырыппын ба? – деп сұрап еді Ақбөбек, Түймеш көйлектің екі жеңін олай-былай аударып көріп: – Жарайды, жарайды – деді артынша. – Қалай дегенмен байдың қызысың ғой, тігісіңде мін жоқ, – деп Ақбөбекгі мақтап, едәуір көңілін көтеріп тастады.<--break->

Жиырма үшінші тарау

 

Әлмағамбет пен Ақберген дау шықса, соның түпкі қазығы санап ат басын әуелі Мамыртай Есжанның ауылына бұрды. Қонақ асынан кейін қонақ иесі қонақтан бұйым сұрайтын әдеті бар. Жаңайдың екі биі түскен үйден бұйым сұратпады, бұйым қызметін жәйлап шай үстінде-ақ өздері бастап күй-жағдайды түсіндіре анықтай орағытып, кеңінен кеңес құрған.

Жасы үлкеннің алдында жасы кішінің ауыз бағатыны бар, бұл жолы Акберген екі жактың сөзіне ара-тұра араласып, екі бетті де қоштай сөйлеп, бас изеумен отырды. Бидің негізгі жүгі Әлмағамбетте, салмақты кісі сабырмен сөйлеп отыр.

– Уо, Есеке, жас қатар: заман ортақ, өмір олжа... Алланың берген ырызығы ғана әркімге меншікті екен, ол да болса біреуде толық, біреуде олқы, – деп ол сөз жүйесін әрідсн тартып, беріден қайырды.

– Пенде маңдайға жазғанын көреді де. Тең дүние жоқ қой, – деді Есжан тісін шұқып отырып. –Тіс бүтін бе?

– Бүтіндік қайда, ауылдың екі жағынан екеуі кетті.

– Ұл өсіріп, қыз жетілдірген адамның тісі қаладай болып тұра ма, өкінбе, замандас. О да бір Алланың ісі, – деді. Әлмағамбет әзіл-шыны аралас тұспалдай, қағыта сөйлеп.

– Уа, би, алса, қызымды алды, тісімде несі бар құдайдың. Астыңнан жел шықса, о да құдайдың ісі ме? – деп Есжан қияңқы тілімен Әлмағамбетті бір түлеп өтіп еді, үйдің іші ду етіп күліп басылды.

– Әзілдеріңіз жарасып отыр, ағалар. Көңіл түзу болған соң, әзіл де жарасықты, жолаушы жолдың төтесін ұнатады, көңілдің көркі, сөздің жетесінде болар. Сол жағын есітсек, – деп Ақберген бай мен биге келесі сөздің үмітін артқандай болды.<--break->

– Есеке, осыдан шығып, біз кедейге соғамыз, не айтасың? – деді Әлмағамбет.

– Не айт дейсің маған, Халімді көріп отырсың ғой. Қызым тілімді қырқып кеткен, аяқты матап кеткен, басымды байлап кеткен ...Басым қаралы, бетім жаралы отырмын. Тек екі қолым бос, соны кесе алмай отырмын... Араға түскен ағайын аржағын өздерің білесіңдер, – деп Есжан Әлмағамбетке қарай қабағын кере сөйледі.

– Жесір дауламайтындай етіп, Кедейді жөніне тартсақ деген ниет бар. Көңілдің бір жері ғана мүкіс, соны сұрап алайық. Егер де Кедей жағы ымыраға келер болса, олардың баталасып өткізіп қойған қалың-малының өтемін жаңа құда екі жактың қай жағына құяр екен?

– Мен көнермін, Кедей сол сенің саудаңа бара қояр ма екен?

– Біздікі бір тілек қой.

– Алыстан ат арытып келіпсің, жанашыр ағайын. Айтар алғысым ғана бар. Суда батып шығып, үйірімге түсіп жүрмін, жерде жарға тіреліп тұрмын. Аспанның асты тар маған қазір. Тумай кеткір сол қыз арымды таптап, абыройымды судай төгіп кетті. Көкіректе ашу бар, ыза бар. Көңіл мұңды, сана тозаң. Елге қарар бет жоқ, сөз айтуға тіл жоқ. Менен ақыл сұрамаңдар, ағайын. Бітістірер ер, бітісетін ел болса, мен бармын, топтан шықпаспын, – Есжан қаны бетіне шыға толқып, күңірене сөйледі.

– Алла рақым етсін. Біз жүрейік, Есеке. Ендігі хабар өзімізден болар, – деп Әлмағамбет қасындағыларға қарап сипана бастады.

– Әлгі бір әзірде, мал өтеуін айтып қалдың-ау, Әлеке. Оңынан шығып, Кедей жақ келісер болса, мен өткізген малын төлінің төлемімен қосып қайтарам. Қыздың басын босатса болды. Реті келсе осыны да айтарсың, – деп Есжан қала берді.<--break->

Күздің алғашқы жаңбыры сіркіреп тұр. Жолаушылар атқа қонды. Кедей ауылы түстік жер, түнделетіп болса да соған жетіп қону керек. Жел лебі ызғарсыз еді, жолаушылар Есжан ауылынан шыққан кезде, жылы жаңбыр бірде тамшылап, бірде тиылып тұрған. Бұлар жүрістерін үдетіп, аттарын біраз қыздыра желдетіп алды. Жаңбыр себелеп барып, тағы саябыр тартты. Әлмағамбет иек көтеріп, әуеге қарады. Қара қожалақ бұлттар ағаяз тартып, селдіреп сиреп барады. Толастаған жауыннан кейін терістіктен өкпек жел көтеріліп еді, жолаушылардың қарсы алдынан соғып, бара-бара бетті ашытуға айналды. Маңдай түзеген бағытта ғана бағдарға алғаны болмаса, жолаушылар соқпақсыз айдалада тәуекелмен шамалап келеді. Жолсыз жердің жүрісі ауыр, әр жерде кездескен сояулы бұталар да аттың тізесінен қағып кес-кестейді. Жер жұмсақ, жауыннан кейін сорлы жердің кебіртегіндей болып беті тобарсығанмен асты жұмсақ жатыр. Ат тұяғы батқанда топшысын жалап қалады. Ат желісіне қарсыласқан жел ызыңы құлаққа да жайсыз тиеді. Жолаушылар Есжан ауылынан шыққалы күн көзін көрмеген, сонымен ымырт жабылатын болды. Алды түн, бағдар бір шамадан шыға ма, жоқ па...

Әлмағамбет тағы да басындағы бөркін ұстап, әуеге қарап еді, әр тұста жыртылған бұлттар арасынан көк жүзі көрініп қалып жатты.

Екі бидің қасында екі қосшы келеді – екеуі де құр емес, бірі – ізшіл, бірі – жершіл.

Мана күндіз Әлмағамбеттің қосшысы Сәрсен серіктеріне жөн сілтеумен келген еді, енді оның үні өшті. Қараңғылық түскен соң, жер бетіндегі із-белгіден адасты. Ол күнімен көзін жерден айырған емес. Кедей аулынан шыққан үш аттының ізін бағумен болған. Бүгін бір сөзінде Есжан Кедейдің үш жігіті келіп кеткенін айтып қалған, Сәрсеннің құлағы сол сөзді шалып еді, енді Мамыртай аулынан шыққан бойына келген үш аттының ізін тауып, соны көріп қуалап келе жатқан. Қараңғылық түскелі ол бағыттан көз жазды.<--break->

Қосшы баласының сырын білетін Әлмағамбет. Сәрсен адастырып алмайсың ба? – деді бір кезде. Барар жерімізді есіткенсің ғой – Аққұрық Балша...

– Күндізгі жөніміз бұлтарыссыз болды-ау, маңдай түзу. Ендігісі нағайбіл – деді Сәрсен.

– Ей, неге үндемейсің, Құлтай? – деп ортада келе жатқан Акберген оң қатардағы қосшысына үн қатты. – Түннің жолы сенікі енді. Адастырып кетіп, істі насырға шаптырма.

Құлтай атын тебіне түсіп, әуеге қарап-қарап қояды. Іздегені аспандағы жерін айнытпай табады.

– Құдай сақтасын, Ақа. Әне, жұлдыз көрінді, енді қорықпаймын – деді Құлтай атын тебініп қалып.

Ала бұлттан аспан айыға қойған жоқ. Құлтайдың көзі бірде Үркерді, бірде Жетіқарақшыны ыққа қарай жай жылжып көшіп бара жатқан шоғыр-шоғыр бұлттардың ар жағынан арагідік байқап қалады.

Бірте-бірте қараң-құраң бұталар сирей бастады. Мал жүріп тұяқ кесті болып қалған ауыл маңы шөп-шөңге, бұта сояудан айрылып, осындай тықыр күйге түскен.

– Елге жақындадық, – деді екі жігіттің жасы үлкендеуі Сарсен.

– Әлі біраз жүреміз, – деп Құлтай өзінше мұрнын тартып-тартып қойды.

– Оны қайдан білдің? – деп сұрады Ақберген.

– Ауыл жел жақта, қара көрім жерден иісі келеді мұрынға.

– Ой, заңғарлар ай, – деді Әлмағамбет дауыстай күліп, – адастырмай жеткізсеңдер болды әйтеуір.<--break->

– Байғыз шықылықтады төменнен, ауыл ойда екен, – деп Құлтай шабан дөненіне қамшы сілтеді.

– Байғыз? – Ақберген жаратпай қалды. Ол өзі ырымшыл адам. Құстың ішінде байғыздан жек көретіні жоқ. Тіпті бір жақтардан оның даусын есітсе де, түнде ұйқысы бөлініп, көз шырымын ала алмас. Сейсенбі күні ол сапарға шықпайды. Таң атса, ертең сейсенбі. Таң атқанша осы ауылға жетіп, қисайып көз ілдірер болса, осында бір түнеген есеп онысын. Әрі кетсе, ертең түс қайтқанша бұл ауылдың беретін қонақасысы да желінеді, екі жақтың айтылатын сөзі де бітеді. Сосын Әлмағамбет: Ал жігіттер, жол мұраты жүру деп қалсашы. Сейсенбіге жолға шықпаймын деп қалай айтар Ақберді. Сол жағын іштей ойлап келеді. Ер адам ырымшыл болмауы керек. Ырым жөніндегі ойын ортаға салуға ол қорқады. Дөң астынан бір ит ұлыды. Ақберді мұны да жаратпады. Жолымыздың өзі... Сәтті болса қане... деп іштей ойлады да қойды.

Жолаушылар ауыл шетіне кіргенде, қатарынан шөгулі жатқан желідегі көп түйенің арасынан құманын көтеріп біреу түрегелді.

– Бар, анау еркек кісі шығар. Болыстың үйін сұра, – деді Әлмағамбет Сәрсенге.

Таң бозара жеткен, жолаушылар Бозым болыстың қонақ жай бос үйіне кіріп, киімдерімен жата кеткен.

Әлмағамбет көз іліндіріп жарытпады, қашаннан дағдыға айналған таң намазы кезінде тұрып, шешініп шапанын желбегей жамылды да, сыртқа шығып дәрет алып келді. Намаздан кейін мәс киерде қос қолымен қонышын тартып жатып күшенетін әдеті бар, оның сонысынан артында жатқан Ақберген оянып кетіп, айпақ-ойпақ орнынан тұрып жатыр.<--break->

– Намаз қаза кетпесін. Әлеке, оятпағаныңыз не? – деді ол асығыстық білдіріп.

– Ерте ғой, – деді де, астыңғы ернін тістеп алып, Әлмағамбет екінші қонышын тағы да күшене тартты.

Осы кезде... Артынша күшенуін тиып: Алла кешіре көр... деді өзімен-өзі сөйлескендей ол. Ұйқысы сергек адамды оятып жіберетін-ақ дауыс болған секілді, үлкен кісінің Алласына жалбарынуына қарағанда, сонысына өзі де шошып кетсе керек.

– Намаз оқып алып па едің? – деді сес шығармай иығын бүлкілдете күліп отырған Акберген.

– Оқыдым ғой... – деп Әлмағамбет бөксесін бұрып есікке қарап отырды.

– Намазға кесірі тимесе болғаны, би аға. Мұндайды орыстар айып көрмейді екен... – Ақберген ашық күліп еді,

– Әй, тілеуің бар болсын. Орысқа теңегені несі... – деп Әлмағамбет шамданып қалды.

Таң намазынан кейін екі би қорылға басып ұйықтап жатқан Сәрсен мен Құлтайдың ұйқыларын бұзбау үшін тағы да көздерін жұмып, жантая кетіскен олар. Жолдан шаршап келген билер тез ұйқыға кетті.

– Уо, Сақтаған! Тірімісің? Не жатысың ол!? – деп айқайлады есікті бір-бір желпітіп сырттан біреу.

– Тұрдым, тұрдым – деді киімшең жатқан үйші жігіт Сақтаған орнынан атып тұрды.

Ол тез тысқа шығып, түндікті ашты. Күн көтерілген. Әйелдер түйе сауып келе жатыр. Ауылда ұсақ жандықтың қарасы көрінбейді, әр жерде бастары бос шідерлеулі аттар жүр. Әр үйдің желісінде екіден-үштен боталар байлаулы тұр. Ауылдың азын-аулақ сауынды түйелерін бір атты жапатайы жалпылдап, түстік бетке қарай айдап барады.<--break->

Болыстың ақ ордасынан иегі типыл, кейкілеу қос танауының етек жағынан екі езуінің жоғарғы ернеуіне дейін санаулы-ақ қылтанақ біткен жалпақ бет қара сұр жігіт шығып, бері, мына қонақтар жатқан боз үйдің есік тұсына жете бергенде, сырттан:

– Сақтаған, бері шық! – деді.

Сақтаған жүгіре шықты үйден. Анау бұған бір нәрсе деп күбірледі де, кейін қайтып кетті.

Ол кеткен соң бұл қайтадан ішке еніп, қонақтарға:

– Болыс жөн сұрап жатыр, ағалар, – деді.

– Сен кімісің бұл үйдің, шырағым? – деп сұрады Ақберген жігіттің сөзіне жауап берудің орнына.

– Айыпқа бұйырмаңыз, ағалар. Мен Самарқан, Бұхара жақтан келген адаммын. Әкемді де, шешемді де білмеймін. Өз атым Сақтаған. Ол да болса, осы елдің қойған аты, – деді қас-қабағы қиылған сырықтай аққұба жігіт жайдары жүзбен жымия күле қарап.

– Ой, жазған-ай, деп үлкен бір аянышпен толқығандай, Ақберген әңгіменің ар жағын созбай, сәл бас шайқады да қоя салды.

– Болысыңа барып айтқайсың, шырағым. Бойымызда алып келген сиқымыз жоқ. Иығымызда шеніміз де болмаған. Алыстағы Жаңай аулынан келдік, болыста шаруамыз бар. Осы сөзді бұлжытпай жеткізерсің, – деді Әлмағамбет екі қолын екі санының үстіне қойып, өзі шалқая көкірек кере отырып, болыстың тыңшылыкқа әуелі баласын жіберіп, онысы аз болғандай енді мына үйшісі арқылы сөз салғанына қатты шамырқанып қалып еді Әлмағамбет.

Сақтаған шығып кетіп, біраздан кейін оралды. Қартаңдау әйел келіп, таңертеңгі шайдың дастарқанын жайды. Қара шәйнекті Сақтаған әкелді. Ақ құманның астына сырттан сексеуілдің дайын шоғын да әкеліп төкті.

Әлмағамбет дастарқандағы төгулі жатқан сары ірімшіктен шымқып бір түйірін аузына салып, дәм татты, жол-жөнекей астай ғып, бір шыны аяқ шайды шайтабаққа құймай ұрттап-ұрттап асығыс ішті де төңкере салды.<--break->

Оған қарап қонақтардың басқасы да сөйтті. Осының бәрін байқап отырған Сақтаған лезде үйден шығып кетіп еді, енді қайтып оралғаңда, ол есіктен кіре: – Мырзалар сіздерді болыс шақырады, – деді ақ жарқын үйші.

– Жүр, Ақберген – деді Әлмағамбет орнынан тұрып жатып, – Сен екеуің осында отыра беріңдер, – деді Сәрсен мен Құлтайға.

Бозым болыс ақ ордасына көк мақпал мен жабулы кенересі кең дөңгелек тапал үстелдің астына екі аяғын соза жіберіп, оң қолымен иегін тірей есікке қарап отыр екен. Қасында манағы тікенек мұрт көсе жігіт.

Акберген бұл жігітті біледі, мына Бозымның баласы, әкесі баласын баулып әкімдікке дайындапты деп еститін. Оны Ысық, Шеркеш елдеріне барғанында бір-екі жерде жергілікті әкімсымақ нөкерлерінің ішінде көрген. Қазан шәрінде оқып келді деген де қауесет бар.

Бозымды Әлмағамбет бала жасынан біледі, өзінің нағашы жұртының адамы. Бозым орнынан тұрмай, екі бидің қолын алды. Әлмағамбет жиендікке салып келе тиісе, болысты әжуа ғып, қалжыңдай сөйледі.

– Аман-сау ма, Болысеке? Жан, малың аман ба? Өлім-жіттім...

– Шүкір. Аманбыз.

– Нағашыеке, еліңді Қарезімның шешегі топалаң тиген койдай қырып жатқанда аманбыз деуің қалай?

– Қайтеміз енді, құдайдың ісіне амал бар ма?

– Құдайдың ісіне орыстың амалы бар, сарттың амалы бар, сенікі неге жоқ? Ол елдерде шешек болмайды. Қазақта неге бар?

– Қайдан білейін... Жиен, қолыңнан келсе, сол індетті сен жойсаң етті.

– Алпауыт болыстар отырғанда менікі не?

– Болыс дертті жіберген құдаймен алыса ма, өз жұмысы да жетіп жатыр емес пе?<--break->

– Біз үш күннен бері ашпыз, – деді Әлмағамбет әзіл-шынын араластыра Бозыммен біраз қалжыңдап болған соң.

– Неге, қайдан жүрсіңдер өзі?

– Сен үйіңде хабар алмастан жатырсың. Өстіп ас-сусыз қонақ күту әкеңнен қалған мирас па еді?

– Әлмағамбет жиен-ай, жасыңда мылжың едің, өскен соң не оңайын деп едің, – деп Бозым шалбар бетін тыржың еткізіп күлген болды.

– Жеті атаңнан бері көсесің, сен қай жеріңнен оңасың.

– Оңбағаным қайсы, болыспын. Қолымда қару бар, аузымда үкім тұр. Қане, кимылдап көрші, жиен.

– Бұл сөзің уәж, нағашы-еке. Болыссың, әкімсің. Бірақ адамгершіліктен жұрдайсың.

– Неге?

– Алыстан келгенде алты жасар баланың да алдынан шығады. Менің жасым сенен үлкен. Болыстығыңа бақтың. Жетесіздігіңе тарттың. Келмедің. Сәлем бермедің. Осының жауабын тапшы.

– Әлеке, жиен, қазақ көп нәрсеге түсінбейді. Орыс дегеніміз бек үлкен халық қой. Біз содан көп нәрсені үйренуіміз керек екен.

– Айта бер, нені?

– Жылына бірнеше рет оязға барамыз. Әкімдерден бізді ешкім де шақырмайды. Салынған қонақ үйі бар, соған кіреміз де жата-жата кетеміз. Бізге де сондай талап қойып жатыр. Біздің қазақ өзі ісімен болысқа келеді, тағы оған тамағыңды беріп күт...<--break->

– Е,-е-е, әлгі біз түнеп шыққан ана үйің сол орыстың үлгісімен тігілген екен ғой. Сен онда орыстан түрегеп тұрып зәр тастауды да үйреніп келген боларсың... Доңыздың етінен де ауыз тиген шығарсың, хе-хе-хе-.. Ой, тәңірі-ай. Заманың ауғаны осы да...

– Ресей патшасына бағынғанымызға елу жылдан асыпты. Сонда да бұл қазақтың беті бері қарамайды-ау, – деп Бозым сақал сипалағандай ретпен типыл иегін бес саусағымен бір жүргізіп өтті.

Болыстың осы сөзінен кейін Әлмағамбет қалжыңды тоқтатып, әңгімені төтесінен тартқысы келді. Ол болыстың үйінен басқа жүрген жерлеріндегідей сый құрмет көрмеген соң нағашылы жиендіге салып Бозымды біраз тірсектеп көріп еді, ол да өзінің әккілігіне басып башпайынан қақтырмады.

– Біздікі бір баяғы ауыз үйренген әжуадағы. Мені өзің білесің. Мына отырған Ақберген деген ініміз болады. Есітуің бар шығар, бұл да ел ішіндегі алқалы жиыннан орын алып, ақылдылар айқасында сөз сайысына түсіп жүрген жігіттердің бірі. Екеуміз саған бір шаруамен келдік, сені сол ісімізге алдағы уақытта ниеттес бола ма деген үмітіміз де бар...

– Құлақ  сіздерде.  Иншалла  өрісіне  қарай өремізге шамалармыз, –деді Бозым.

– Ертасжан сен де құлақ түре жүр.

– Ақберген, сөз кезегі сенікі, – деп Әлмағамбет кейін шегініп отырып, күміспен бунақталған қара шақшаның шашақты тығынын тық еткізіп ашты да ұнтақ көк насыбайды бас бармағының үстіне сыздықтатып үстіне төге берді, соң оны қалтыраған қолымен кос танауына кезек-кезек тосты.

– Екі кісі шекіссе, бір адам арада жүреді, біз сол, – деп бастады манадан бері сөзге араласа алмай, көкірегі күпті болып отырған Ақберген. – Жоғалтқан жоғын қарайды, ұрлатқан ізін кеседі, кейде соның табылуы даулы болып шығады. Біз сол даулы жағынан келіп отырмыз, арашаға түскен ағайынбыз.<--break->

– Тура сөзге тосқын жоқ қиялатып айта бер, – деді Бозым әкімдік түр білдіріп...

– Сабыр, сабыр, тақсыр, – деп койды, қитықтанған би болысқа көз қиығын ғана жүгіртіп. – Жоқ жоғалтқан Мамыртай. Айнажан баласы Есжанның қызы кетті. Жоқтың жоқшысы Кедей Демесін баласы Есберген – жесірі кетті. Жоғы табылды, ұрысы Бегей Қорабай баласы Қайып. Қолдан өлген құнсыз кетпейді, жолдан әкеткеннің тартар айыбы бар. Біз ұрыны ұстап беріп, жазалатпайық деп, соның айыбын өзіміз арқалап келіп отырмыз. Мақсат, мұратымыз елдің тыныштығы ғой...

– Бұл жүрістеріңіз бөтен емес, азаматтар. Бірақ... Құда-жекжаттың арасына болыстың түсуі қалай болады екен? – деп Бозым басын сипап отырып, баласына қарады. Ар жағын сен айтшы дегендсй емексу бар жүзінде.

Әкесінің әріде жатқан жұртқа жұмбақ ішкі сырын көз қарасынан топшылайтын Ертас отырған жерінде өз-өзінен екі иығын кезек қимылдатып, жаурынын күжірейте түсті. Онысы қапелімде айтуға әзірленіп, ой жинақтағаны. Тұқымға тартқан көселігі болмаса, дене пішімі сыртынан қараған көзге салиқалы. Ояздағы орыстармен көп араласқаннан ба, көбіне аяғына қисық табан қара сүрік орыс етік, үстіне де тік жағалы қайырма етек қара камзол киіп жүреді. Көрген елге сонысымен-ақ сұсты ол. Орыстардың көзіне де жағымды ұшырап жүр.

– Ел болған соң, қақтығыспай, алыспай жүре ме. Оның да ауыры, жеңілі бар. Жаға жыртып, бет қаратудың жөні бөлек, ол мұның қасында шайдың батасындай-ақ. Мынау тым ауыр шаруа, отағасы, – деді Ертас ар жағында тағы сөз қалдырып...

– Жүктің ауырын болыс көтереді деп келдік қой, – деп Ақберген Бозымға қарай көз тастады.<--break->

– Ендеше болыстың жүгін кім көтереді? – Ертас алмақтың да салмағы бар, дегендей тұспалдап еді, Ақберген қапелімде түсіне алмай қалды ма, табанда жауап айтудан тайсалғандай болды. Сөз сарынын байқап отырған Әлмағамбет: – Өз жүгімізді болысқа артқан соң, оның жүгін біз көтермеске әдіміз жоқ, – деді сөз кезегін өзі алып.

Түсетін жердің төбесін көрген соң болыстың өзі шешілейін деді ме, алдын ала тамағын қырынып отырғандардың назарын өзіне аударып алды да: – Анығырақ біліп алғаным жөн, менен не қызмет сонда? – деді.

– Жесірінің біреудің артына мінгесіп кеткеніне төрт-бес айдың жүзі болды демесең, оның соңынан іздеу салып, қуғыншы жібермеді. Ол некесі қиылып, біреуге әйел болып отыр. Ол жақ айыпты болса, бұлар кінәлі. Бүгінде ол жесірі бір елдің некелі қатыны, оны енді шарылдатып бесігімен әкелмесін. Демесін, одан абырой табар ма? – деді Әлмағамбет.

– Демесінді, кедей жағын маған таста, ал қызы кеткен Есжан бай не дейді екен?

– Біз кеше барып, Есжанның ұлықсатын алып келіп отырмыз.

– Не айттың?

– Егер Бегей мен Кедей дау-жанжалсыз өзара бітісер болса, мен Демесіннен алған қалыңмалымды төлінің төлеміне дейін қосып берем, заттай сабақты инесіне дейін үстемелеп қайтарам деді. Байдың сол уәдесімен бері шықтық.

– Жарайды, жарайды. Нықтап келіпсіңдер.

– Жесірін әкеткені үшін Кедейге Бегей айтқанынша айыбын тартады.

– Біз куә, көндіреміз ағайынды.

– Бегей төлейді, төлейді, айыбы мол олардың.<--break->

Кисынын тауып, бар істі жай-жайына қойған болыстың беделіне сый тартуымыз өз алдына, нағашыеке деп насыбай шақшасын қолына ала берген Әлмағамбет сылқ-сылқ күлді.

Демесіннің судыр ағайындарына барып жалынышты болмай, бері бұрылғаның орамын тапқан іс екен, жиен. Биыл өзі Демесін әулетін қырсық шалып тұр білем, жақын-жуықтарынан біраз адамын мына індет алып кетті. Әлгі Есжан байдың күйеуі атанып жүрген жалғызын, Есбергенді, жарадан қашыртып, сонау қу Еділ бойындағы қала Астарахан асыртты деп ұзын құлақтан есітіп жатырмыз.

– Апырай, киын болған екен байғұсқа. Жалғыз тұлға аман болсын әйтеуір, – деп Әлмағамбет аяныш білдірді.

– Ал енді, қонақтар, әңгімені біршама түйіндеген сияқтымыз. Келістік мына кедей ағайын ауру-сырқаудан құтылып, былай... өлім-жітімнен аман қалған соң, бас-аяғын жияр. Аңысын андап тұрып, соң мен өзім шаруаны қолға алармын. Әзірге кідірте тұрайық, қотыр үстіне шиқан болғанымыз болмас, – деп Бозым болыс кеңеске тұжырым жасады.

– Хабар кімнен болады сонда, тақсыр? – деп қалды Ақберген Бозым мен Ертасқа кезек қарап.

– Бізден, бізден... Мен өзім еліңе бір соғып кетермін, – деді Ертас әкесінен бұрын сөйлеп. – Тура сөзге тосқауыл жоқ деп көкем айтты ғой... Елдеріңе барған соң, анау Бегей ағайындарыңа айтып, уәдені шегелеп қоярсындар. Ескертпеген ісің иесіз қалар деген, естеріңде болғай. Ардалыққа салып, бара қалсаң, алдыңа мал айдататыны бар осы қазақтың. О заман өтті. Ақпатшаның ақшасы тұрғанда малдың қажеті не... Жоғарғы әкімдерге барғанда, біз алдымызға мал салып бармаймыз ғой.<--break->

– Рас бұл балада басынан өткенін айтып отыр. Жоғары жақпен араласып, ісімді тындырып жүрген осы бір жаманым. Ауылдан бітпеген жұмыс ояздан бітеді... Өздеріңе белгілі құр аяқтың заманы емес... – деп Бозым баласынын сөзін іліп әкетіп еді.

– Ай сайтандар-ай, жатырларың бөлек болғанмен, тамшыларың бір ғой... – деді Әлмағамбет әкелі-балалы нағашыларына тағы да әзіл жүгіртіп.

– Бір кеуденің тынысындай-ау дем алыстары – бірі ішке тартса, бірі сыртқа шығарып желпітуін қарашы.

– Ой, тілеуі бар болғыр, жиен. Нағашылы-жиенді екеуміз де мардымсыз емеспіз ғой, мен ел түзетер болыспын десем, сен бір жүрген сынықшысың-ау осы, баққаның елдің бітімі, құрғаның билік, қане, кем жеріміз бар ма? – Бозым қиқылдап келіп күлді. Тұяқ дүбіріне тыпыршитын бәйге атындай болып, сөзге араласуға делебесі қозып отырған Ақберген:

– Иә, тақсырдың айтқанын қостамасқа болмас, дұрыс қой. Сонда болыс елдің зергері болғаны, би – дәнекер... Дәнекердің жемтігі қалай, болыстың жемтігі не болды сонда? – деді күлкісін араластыра желпіне сөйлеп.

– Ой, тәйірі, оның жемтігі кәдімгі халық-та, – деп Әлмағамбет мынаның сөзін іліп кеттті.

Әзіл-оспақтың іле қақпайынан сырттап қалмайын деп, жас пері Ертас та іштей қызыл тілін безеп отырған, әрі ана екі би сатылап соғып, тірсектеп барды әкесін. Сөздің де кегі болмақ. Жемге ұмтылған бүркіттің балапанындай қомдана күдірейіп отырған ол:

– Қазақ жақсы, жаманның бәрін де бір құдайдан көріп, қорыққаннан соған сиынып, жалбарынып бағады. Құдай жолына деген байғұс барын аямайды ғой, бағлан боз қасқасынан бастап, тышқақ лағына дейін шалып жатады. Ал басына іс түскенде сол құдайға неге бармайды осы қазақ, шұбырып басқа жетеді. Қауіптен, қатерден құтқарып жүрген де жұртты болыс емес пе? Егер де төбедегі бір құдай хақ болса, жердегі болыс та хақ, оның алғаны да адал! – дегенде Ертас қызумен орнынан тұрып кетті. Әкесі баласының қисынды сөзіне мәз болып, ырқылдай күліп жатыр. Әлмағамбет желкесін қасып:

– Ой, тәңір атқырдың баласы-ай, сөз тапқанға қолқа жоқ... – деді.<--break->

Сырттан мұрынның ұшынан шыққандай ма, сыбызғының үніндей созың қыңыл естілді. Оны есіткен болыс бірден еңсесін көтере есік жаққа қарады. Ертас та артына қарай мойнын бұрды. Үйші жігіт Сақтаған екен. Болыстың үстіне кірерде тыстан дыбыстап, әндетіп келетін оның әдеті. Еш уақытта жабырқау дегенді білмей, үнемі жарқыл боз күйінде жүретін де оның тумысына біткен дағдылы қасиеті.

Сақтаған есіктен жүз көрсетіп:

– Тақсыр, ас дайын, осында ма, онда ма? – деді.

– Осында, осында! – деді Бозым. – Жиені құрғыр кілтиіп, мына қонақжайдан шай ішпепті. Осында жесін кересін, – деп Әлмағамбеттің айтқан өкпесін жуып шайғысы келді.

Хиуа елінен шыққан түбі жайпақ, кенересі ішке қарай еңкіш ойылған үлкен ағаш табақпен Сақтаған буын бұрқыратып ет әкеліп, тапал үстелдің үстіне жайымен қойып кетті. Табақта бас көрінбеді.

Қолын сыбанып жіберіп, қос өкшесімен бөксе тірей тізерлеп отыра қалды да, Ертас өзбекше соғылған жалпақ ақ пышақпен ірі қараның етін турай берді.

Болыстың қонақ асы бермей, өлі ет тартқанына Әлмағамбеттің тағы да жыны құрыстап отыр.

– Бозым, қатындарың қайда өзі? Өзіңде екеу, балаңда екеу, төрт қатыннан біреуін көрсетпедің-ау ең болмаса. Сарттар қараңғы үйге қамап қойып, қатындарын жарыққа, ел бетіне шығармайды деп есітуші едім, сен де сөйтіп койғансың ба? – деп Әлмағамбет ет туралып болғанша тағы бір қағытып тастап еді, Бозым оның көкірегіндегі кіркілін әріден сезгендей сыңайда – Әй қатын деген түндікі ғой, күндіз бала-шағасынан ауыса ма, –деді де, аржағын басқа сөзге аударып, былай бұрып кетті. Пұшық мұрнын жасырмас деген Әлеке нағашың жағдай айтайын деп отыр.<--break->

– Айт есітейік.

– Ауылда қажыға кол беріп келген Қоңыр үйлі қожамыз бар. Кітап ашады, жаурын салады. Халық алдынан өте алмайды о молданың...

– Иә, не дейді екен молдаң?

– Мына індет басталғаннан бері ауылға мал сойдырмай қойды. Қан шығарғанды жара жақтырмайды екен. Ғүламаның дегеніне көнбеске болмады, біз де соның бірі болдық.

– М-м-м... – деп біраз ыңырқанып отырды да, – Қалдықожа молдаңды естуім бар, қырағаты күшті дейді. Өзі қай жерде оқыған екен? - деп сұрады Әлмағамбет.

– Аурулы жерде мал соймауды хадистер жолында есітпегенбіз. Әлде сол Бұхар елінің әдеті ме екен?

– Әй, нағашым болмай кет, малғүн! Сөйтпесең болыс боламысың. Мана бір сөзіңде кәпір бола қалдың, енді міне өзге елдің сөзін сөйлеп отырсың. Жаңа бір әзірде мына отырған бауыретің балаң жақсы мен жаманның бәрін жауып бір құдайды кінараттап еді, оның асқаралы әкесі, мына сен жаманаттың бәрін жалғыз молдаға аударып отырсың. Әйтеуір өздеріңе шаң жуытпау... Бірде түйенікі... бірде биенікі... Ой жазғандар-ай, – деп Әлмағамбет тағы да сылқ-сылқ күлді. Ет туралып болған кезде басқадан бүрын өзі үмтылып, Бозым;

– Ал, алыңдар, – деді де, қолын табаққа созып, ілгері қарай сұғына берді.

Әлмағамбет әдеттегі маңғаздығынан жазған жоқ, бипаздана отырып, саусақтарының ұшымен ғана алып, тамақтан шымшып ауыз тиді де, дастарқан үстіндегі шүберекке қолын сүртті.<--break->

Кешеден бері нәр татпай, жүрегі кесіліп отырған Ақберген екі-үш рет ауыз толтыра асап үлгерді. Сосын Әлмағамбеттің ыңғайынан өте алмаған ол тез қол сүртіп, кейін шығып кетті.

Болыстың ісіне күйінген Әлмағамбет бидің болыстың үйінен шығардағы ойы «Қап бәлем, Қашағанды бірге ертіп келіп, сорлаған сұпыдай ғып ит теріңді басыңа бір қаптатпасам ба...» болды.

Қайыптың шешесі Айсұлу кезінде алқалы топтың ажарын келтіріп өткен тіл мен жақтың сұңғыла жүйріктерінің бірі. Табын Жантілеу бидің қызы. Ертеден тамырлас, құдандалы болып жүрген екі елдің бір-біріне қыз беріп, қыз алысып сүйек жаңғыртатын әдеті бар. Айсұлу Бегейге жиен екен, соң нағашы жұрты Қорабайға ұзатылып келіп, бұл елге келін болды. Жасында жасықтау еді, бертін келе ашылып, ширап, үлкен-кішінің сөзіне араласатын болып кетті. Оған қарағанда анда-санда қорс етері бар Қорабай тұйық. Айсұлу балалары жетіскеннен бері шалымен шәлкес түсе беретін болып жүр. Оны Қорабай өздігінен білмейтіндей білгеннің тілін алмайтындай. Өткен сейсенбіде екеуі таңертеңнен түске дейін күбір-күбір күңкілдесіп жүрді де, бесін намазы кезінде қақтығысты да қалды.

– Барам, барам! Баланы туған мен! Барам балама! – деді Айсүлу сыртқа дәрет алуға шыққан шалына қарап өжеттене.

– Бармайсың! Барсаң, тірсегіңді қиям! – деді Қорабай. Әйелі тағы да «Барам» – деп баж етіп еді, еркегі қолындағы шойын құманды оң қолының бар пәрменімен жіберді кеп. Осы кезде үй сыртынан айнала берген Назардың көзі шалып қалып, ұшып келе жатқан құманға қарай таппа жүгірді. Шешесіне жеткізбей қағып алған ол, не болып жатқанына түсінбей, аңырып тұрып қалды.

– Не болып қалды сабаздар-ау?! – деді ол состиған күйінде сол қолымен ышқырын ұстап тұрған әкесіне кеселеп қарап.

Ол бір шекесімен әйелі жаққа одырая көз тастап:

– Өй, тегіңді... – деді де, үйдің тасасына кетті.<--break->

– Қу жалмауыз ғана, екі баламның біреуінен айырайын дегенің бе? – деп Айсұлу баласының қолындағы құманды алды.

Назар сол күні шешесін Қайыптікіне апарып тастаған.

...Тағдырдың талқысына әзірге түсе қоймағанмен, Ақбөбек қысымын көре бастаған сияқты. Өмірінде иесіз үйде оңаша жатып көрмеген ол жалғыздыққа бой үйрете алмай түнімен көз ілдіру жоқ, таң атқанша әуре-сарсаң болып шығады. Қайып қар түскенше там салды, онда үйге түнеп кетуші еді. Түн қызығын ойлаумен өткізетін күндізгі жалғыздық ештеме емес екен. Қорыққанға қос көрінеді, дегенмен сырттағы кеңістіктегі қорқыныш оншалықты болмас, мына жан-жағы қымтаулы қараңғы түнек қуыста жер жастана тың-тыңдап, жападан-жалғыз жатқан кездегі үрейдің түрі аулақ. Ондайда адамның өз демі өзіне жау сияқты болатын көрінеді. Түнде түндікті ашып жатуға болмайды, үлкендердің айтуынша әсіресе әйелдердің көзіне иесі көріну мүмкін.

Ақбөбек жалғыз өзі кезіндс өмірі шалқасынан жатқан емес, саңылаусыз болса да түндік жаққа қарай көз аша алмайды елегізіп қорқады. Көңілінде сол тұста бірдеме болса елестеп тұрғандай. Ол өз-өзінен тынысы тартылып, қыбыр қимылсыз жатады. Қысылғанда қорқынышын басу үшін екі құлағын тас бітеп, бетін бүркеп алады, содан түнімен қара терге түсіп шығады.

Қайып ауылға көрінуді қойды, бір жетіден бері зират басында ауру бағып жатыр. Ақ тастан қалап бір тамды бітірген күннің ертесіне Қайып пен Сәдуақас қауымның арғы шетінен тағы бір тамның табанын тартып, әуелі төрт бұрышын қалқита беріп еді. Күннен күнге ауа райы төмендеп бара жатқан соң, екінші тамды бастамай тұрғанда Қайып Сәдуақасқа осымен жиыстырайық істі, келесі көктемде бастармыз, деген. Ол оған көнбеді. Жалынып-жалбарынып Қайыптың ризалығын алған да, екінші тамға Сәдуақастың өзі кірісіп кеткен. Аға, басқасын өзің әзірлеп беріп тұрсаң болды, қалауы менікі, – деп те жұмыстың қиыны мен нәзік жағын өз мойнына алып, аса бір құлшыныспен бастады-ау, не амал, таң алдында тұла бойы оттай жанып, науқастанды да қалды. Көкірегі қанша талпынғанмен таңертең орнынан тұра алмай қалды.<--break->

Бұлар зират басынан күнде іңір қараңғысында келетін де, үйлеріне түнеп, елең-алаңда жұмыстарына аттанып кететін. Бүгін Сәдуақас айналды. Атын белдеуге байлап қойып, Қайып жарық түскенше күтті де, келе қоймаған соң, атына мініп өзі барды үйіне. Екі беті манаурап жатқан Сәдуақасты көріп, Қайып шошынайын деді, шешектің белгісін байқаған ол жігітті бұл жерден алып кетуге ыңғайланды. Сүйемелдеп тұрғызып, тез киіндірді де, амалдап апарып атына отырғызды. Қауым басындағы там салған кезде екеуіне арналып тігілген күркеге тартты. Кетерінде Қайып үйіне соғып, қатерлі жағдайды Ақбөбекке ескертіп кеткен.

Бұл өңірдің халқы жұқпалы кесел деп шешектен, тырысқақ пен үңіректен қатты сескенеді. Әдетте жара шыққан адамды шетке алысыраққа апарып бөлек үйде жатқызып, сиқадан қауіптенбейтін пісік адамға бақтырады. Егер бірлі-жарым қадірлі адам науқастанатын болса, онда оның өз үйінде жанына ешкімді жуытпай, тіпті үй маңын күзетке алып, арнаулы бір кісіге жеке бақтырады. Ауыл ішінде жараның сыбысын есітіп қалар болса, ол үйді жалғыз қалдырып, бір түнде дүркірей қаша жөнелетіні бар. Қайып елдің сырын біледі.

Сәдуақаста бір үйде үш жан: шешесі, інісі, өзі. Шешесі ауылда жоқ болатын, оның жақын бір інісі, осы індеттен қайтыс болып, жоғары елдегі төркініне кеткен. Інісі елсіз далада мал соңында жүр. Байдың үйінде Сәдуақасқа қарасар адам жоқ. Бұл байды биыл құдайдың шырмаған жылы.

...Құдайберді әкесінің азан шақыртып койған аты, бірақ байдың ол есімі ел арасында қашандары ұмытылып кеткен. Бертін келе қатарынан үш нысбы бар-тын. Жасында аяғын үсік шалып, содан бір бақайы жоқ. Ойын балалары оны Башпай деп атап кеткен. Жігіт кезінде суға таласып, құдық басында ру-ру, жік-жік болып төбелесіп жатқанда кеңірдегіне пышақ тиіп, содан даусы шықпай қырылдап қалған, жұрт оған Сыбыр деп ат қойыпты. Келе-келе ол ұрлық пен қарақшылықтан байыды. Сосын ұрылығын да, қарақшылығын да тәубеге келіп тастайды. Үйші, малшы ұстап үйден шықпай отырып қалыпты. Бойында елден ерекше, бір әдеті болған оның. Жазы-қысы шайды киімімен бүркеніп отырып ішеді екен. Сонда терлейді, терлесе басы жазылады. Сонысын көрген келіндер оған Бүркеншек қайынаға деп ат таққан көрінеді. Сүйер ұлдың аты көп деуші еді осы жұрт, елдің сүймес пендесінің де бір басына лақап ат аз берілмеген екен: «Башпай» , «Сыбыр», «Бүркеншек». Бастағы Құдайберді осы соңғы лақабы Бүркеншек атымен жуырда ғана о дүниеге аттанып еді. Орында қалған тұяқ – жалғыз қыз. Елуге жетпей ол кетті, қырыққа жетпей артында аюдай ақырған ақ қатын қалды. Ол Сәдуақасты иттің етінен жек көреді. Бірақ Бүркеншекке Сәдуақас қайраттылығымен, алып кел, жұлып келге икемділігімен ұнайтын.<--break->

Сәдуақастың түрікпен жұртынан жылқы айдап келгеніне қатты сүйсінген Бүркеншек «биыл, не келесі жылы қыз айттырып алып берем» деп жүр еді оған. Бай өз ажалынан опат болған емес, ат теуіп өлтіріпті.

Байы жоқ әйелді басынайын деді ме, әлде жігіттіктің бойдың еркін алып бара жатқан қызуы болар, Бүркеншек өлгеннен кейін көп ұзамай-ақ қатынның бой жетіп отырған жалғыз қызына қырындай бастады. Анада бірде, ұстап алса не боларын кім білсін, Сәдуақас оңаша үйдің ішін айналдыра әлігі қызды қуып жүр. Жігіт бөз дамбалдың шашақты өрме бауының салақтағына қарамай ырсалаң-ырсалаң етеді, қызы құрғыр, жарқылдап келіп күледі де, қашады. Осы кезде шешесі кіріп келсін үйге. Қайраты қайтпаған арынды әйел есіктен қашып шығып бара жатқан Сәдуақасты желкеден бір түйіп, май құйрықтан бір теуіп үлгірді. Қызын ұстап алды да, екі ішкі бетінен сау жер қоймай қос қолдап шымшыласын келіп...

Содан бері Сәдуақас бай үйіне жолай алмай сырттап, қашақтап жүретін. Әйтеуір оған Қайыптың кез келіп, там салысуға алып кеткені мұндай жақсы болар ма.

Ақбөбек Қайыптан суық хабар есіткеннен кейін жүрегі алып ұшып, өз-өзінен елегізіп, үйде отыра алмады. Сабытайдың үйіне барса, ол жоқ екен, Орынбор кетіпті. Кішкентай Қаржау әлі оянбаған. Түймештің жалғыз өзі шай ішіп отыр. Сәдуақас жайлы хабарын айтып еді Ақбөбек. Ол оның сөзін бітіртпей:

– Не дейді, Бекет-ау? Кеше түнде ғана көріп едім. Тфә, тфә, түсім түлкінің боғы болсын, – деді шай аяғын дастарқан шетіне қоя салып.

– Қайып түсте жейтін азығын тастап кетіпті. Қапылыста естен шығарған ғой, – деп назырқады оң жаққа шығып отыра бергенде Ақбөбек.<--break->

– Ана сорлы бала да нәр татты дейсің бе? Даланың ызғырында науқасын желіктіріп алады-ау ол.

– Жағатын отындары бар ма екен, а?

– Қайдан болсын.

– Жеңеше неғыламыз? Қайныңның да үсті жұқа, желбегей-желең шықты ғой үйден.

– Қой, келін. Біз әйелшілікке салып, еркектің жолына қарап отырмайық. Барайық сол жерге. Әнші қайным ауру бағып көрді деймісің, жас неме...

– Түйеге отын артып әкетеміз ба?

– Иә.. иә, сексеуіл жатыр ғой әне.

– Мен киініп келейін үйге барып.

– Бар. Айтпақшы, келін деймін. Сәдуақасқа жара шығып жатыр деп, тісіңнен шығарушы болма. Есітсе, ел шошиды.

Жел өтінде жатқан боз төбенің басындағы о дүниеліктердің құлазыған қауымы. Күнгей беттегі ылдида төбесі қыңырайып жаба салма күрке тұр. Күркенің кеудесі құшық, әсіресе күмбезсымағы терісіне жабысқан арық малдың қабырғасындай арса-арса.<--break->

Ішкі беті талай ұрпақтар қыздырынып, бой жылытып өткен ақ алау, қызыл жалынның ұдайы шарпуына қақталып, зәһарлы қара түтінін жұта-жұта қасаң-көңдей тырысып, бүрісіп қалған, сырты көп жылдардың нелер жауыны сабалай-сабалай тескілеп, қарлы бораны мен шыңылтыр аязы жалай-жалай әбден түткілеп, жұқартып тастаған, кей жері тіпті кәдімгі жауыр аттың күл себілген жарасындай болып түйіртпек-түйіртпек тартып кеткендіктен оның қатпары ма, қабығы ма біліп болмайтындай түрдегі, әрі шет пұшпақтары сөгіліп, ыдырап жырым-жырым сілімтікке айналған қара қожалақ бірінен-бірі өтетін айызды қос туырлықты төрт жағынан төрт күлдіреуішке ғана іліндіре уық шаншып, ортасынан сырықпен тіреп қалқитқан жұдырықтай қара домалақ шаңырақтың шошайған төбесіне айқастыра апарып бүркей салған екен.

Әгібір әзірде күркенің төбесінен қарап еңістен құлап келе жатқанда Ақбөбек оның сырт сиқына мырс етіп күліп жіберген. Жас кезіндегі бір көргені есіне түсіп кетіп еді.

Ақбөбектің тұлымшағы желбіреп ойнап жүрген бала кезі. Бір күні ауылдарына бірі атты, бірі түйелі – екі жолаушы келіп түсіп жатады. Ойын балалары қызықтап, келген қонақтарды қоршап алады. Әлігілердің түйелісі басы жер сүзуге айналған бүкір кемпір екен. Ол түйесінің мойын жағынан сырғанап жерге түсе бергенде ауылдағы дабырласа топтасқан бір жиын әйелдердің арасынан Ақбөбектің әжелерінің бірі жүзге таянған Белдес әжесі бөліне шығып, сол жаққа қарай өз бойын тік ұстай сылти басып жүре берді.

Белдес әжей жасында мен-менмін деп жүрген жігіттердің белдескенде қаншасын мықшитып жығып кеткен палуан әйел болған екен. Сондықтан оны жұрт өз атымен атамай "Белдес" деп кетеді. Бертін келе ол бала мінезді болып, үлкендерге жоламастан үнемі ауылдағы ұсак-түйек қыз-қырқындармен балаша қуыршақ ойнап отырады екен. Әлгі түйеден түсіп жатқан бүкір кемпірмен бара құшақтаса кетті. Бірі түкірігіне шашалап ышқына жөтеледі, бірі күркірей дауыс шығарып, сыңсыған болады, қалайда көрісудің жолын істеп жатыр. Бірі бүкір, бірі тік екі кемпірдің құшақтасуы онша жарасып, жымдасып тұрған жоқ еді, бір кезде жөтел қысқан дымқос көксау бүкір кемпір әлсіреп кетіп бір жағына қарай қыңырая қисая берді. Оны демеп, не сүйеп тұруға қуаты жетпеген Белдес әжей де құшақтасқан күйінде солай қарай қыңырая барып, ананы астын ала құлап түсті. Соны көріп қызықтап тұрған балалар мәз болып шуылдасты да қалды.<--break->

"Алақай, Алақай"!..  Белдес әжем жықты!..Жықты!"...

Ес кірген соң есітсе, сондағы кемпірлер көп жылдар бойы кездеспей жүріп көріскен апалы-сіңлі бауырлар екен. Сол екеуінің бала көңіліне күлкі ұялатқан со бір кездегі көріністері Бөбектің есінен әлі күнге шейін шықпайтын. Мына қара күркенің бір жағына қарай шойрылып бара жатқандай тұрысы сол апалы-сіңлілі екі кемпірдің құшақтасқандағы халдерін еске түсіріп еді.

Түймеш ішке кірді, Ақбөбек сыртта, босағада қалды. Қуықтай күркенің төрінде жалаң қабат сырмақ тоқымның үстінде атының ер-тұрманын жастанып, Сәдуақас қаны бетіне тебе қызара бөртіп сырт киімімен көзін жұмып жатыр. Ырсылы, ыңқылы жоқ, бірақ іштің қызуы күшті болуы керек, жанары жасаурағандай ма, бер жағы кілегейленіп, манаураған жүзі тұтасымен іспек тартыпты.

Түймеш ішке кірген соң, үйдегі артық дыбысты сезіп ұйқыдан оянған адамдай Сәдуақас көзін ашты.

– Құрықшы қайным, (Сәдуақас жылқыға құрық тастап, асау үйретеді) жағдайың жақсы ма? – деді жүресінен отырған Түймеш.

– Жатырмын. Әлгі шешек дегені осы ма, жеңеше? – деп Сәдуақас шалқасынан жатып, бер жағымен күлімсіреген болды. Иегі енді түктеніп келе жатқан өндірдей жас жігіт жазымына кезіккенде, апанға түсіп мертіккен арыстандай өрекпу, өршелену жоқ қуатынан айырылып, сұлқ түсіп жатыр.

– Құдайым сақтасын, жаным. Маған қырқымнан шықпай көрінген бұл жарықтық. Қорықпа. Жазылып кетерсің, – Түймеш науқастың көңілін селбеу үшін ғана айтқаны болмаса, Сәдуақастың өңінен сескеніп отыр.

– Жеңеше – деді Сәдуақас көзін жұмып жатып, – Анам ауылда жоқ еді. Келсе менің жайымды айтпай тұра тұрыңдар. Жазылғасын өзім барып қуантармын...

– Жарайды, жарайды қайным. Өзің барасың ғой... – деді де Түймеш орнынан тұрып, артымен сыртқа шығуға айналды.

Сосын "ішке кір" дегендей Ақбөбекке ым қақты.<--break->

Ақбөбек ішке кіріп, Қайыптың сол жағына таяна бір тізерлеп отыра кетті. Ол үндемеді, тек Қайыптың бетіне жәутең-жәутең қарай береді. Қайып та тіл қатқан жоқ, келіншегімен іштей мұңдасып, бәрін де оның жәудіреген көзінен аңғарып отырды. Енді ғана бір ауылға "ерлі-зайып" атанып келе жатқан жас жұбайлар әлі тек түн еркіндігінен асып кете алған жоқ-ты. Күндіз ұяң, ұялшақ. Көзден таса кезде бірін-бірі ойлағыш, сағынғыш... Бүгін мына өлілердің мекені болған айдаладағы боз төбенің басында бұлар біріне-бірі тым аянышты көрініп еді. Ол бұған қуқыл тарта жүдеп, ескі беттеніп қалған сияқты да, бұл оған жағы суалып, мұрты селдіреп кеткендей болып көрініп отыр.

Түймеш түйені шөгеріп, үстінен артып келген сексеуілді түсіріп жатыр. Сәдуақас іргеге қарай сәл аударылып жатты.

Қайып пен Ақбөбек орындарынан үнсіз жайымен тұрып, қол ұстаса күркеден шықты. Ақбөбек былайырақ барған соң үн қатты.

– Күркеде от жағатын да бос жер жоқ, қалай шыдайсыңдар мына суықта?

– Қайтеміз енді. Менде қайран жоқ. Ауруды тастап шыға алам ба?

– Ана баланы ауылға апару керек.

– Байдың жесір әйелі апарғызбайды дейді. Содан сақтанып тұрмын.

– Жеңеше, мұнда келші.

– Қазір.

– Жеңеше, – деді Ақбөбек қасына келген Түймешке, – мыналардың екеуі де қатып өледі ғой.

– Көріп тұрмын.

– Мен ауылға алып барайық деп едім.<--break->

– Өй, шырағым-ай... Бүркеншек қайнағаның ақаюы бәрімізді де қуып шығады ауылдан. Ойбай айта көрмей, ол көкбет маңға жуытар ма.

– Тәуекел! – деп Қайып қолын бір-ақ сілікті, – Осында боламыз. Маңдайына жазылғаны бар шығар пақырдың.

– Ертең үйінен төсек-орнын әкеліп беремін. Сабытайы құрғыр да ауылда жоқ. Осындайда жоғалып кетеді көгермегір, – деді Түймеш. Орынборда жүрген күйеуін қарғап. Күйеуі қала шығып кетсе болды, ол пейілі тарылып, қарғампаз болып кетеді. Сол жақта дүкен ұстап тұрған ноғай әйелі бар деп ұзын құлақтан есітеді.

Ақбөбек Қайыптың бетіне ауыт-ауыт қарай береді. Не айтарын, не істерін білмей, санасы тобарсып тұр. Ар жағындағы інкәрлік беріден сағыныш отын қозғайды. Жалтаңы жоқ, жәутеңі көп, оған жалынышты емес, өзінше емексу, жалбарыну бар. Тесіле қарамайды, жәудіреген көзімен ғана жебейді. Іштей елжірейді. аңсап оны аялайды. Тастап кетуге қимай, өзі де бөлініп шыға алмай, егер жайылса, ашылған құшаққа оқтай атылуға да бар, егер "жүр" десе, құстай ұшуға да әзір. Көз жазбай көріп тұрса, жұп жазбай бірге жүрсе – көңілдегі қызығы мен жан серігі – ләзаты тек сол ғана...

Мана қауым басына барған әзірде ызғырығын айдап, аспан түнере қалып еді. Бірнеше күннен бері осы қара суық азынап тұр. Суыра соққан сайын жер бетіндегі қурап басы мүжілген қылтанақ шөптерді одан бетер қалтыратып, кейбірін түбімен жұлып кетіп жатты. Бұталар жалаңаштанып, селдіреп, сидиып, қара сояу болып қалған. Бұл бетте өткен жаз қуаңшылық болды. Бай ауылдар қыста Бозашы жақты паналаймыз деп солай ауып кетіп еді, алысқа өресі жетпейтін жарлы-жақыбайлар жылы орнын суытқан жоқ. Қоныстары қарайлас Бегей ауылдары да, Жаңай ауылдары да қысты осы атырапта қыстайтын түр білдірді.<--break->

Қорабайдың әйелі Айсұлу қыс түсіп кетпей, бала-келінін көріп кетуге асыққан. Шалы "жібермеймін" деп қырсығып, бұл "кетемін" деп тырысып, ақыр аяғында Назардың тәуекелімен бүгін ауылдан шығып, Жаңай елінде отырған Қайыптың үйіне келіп түсіп жатқаны. Айсұлу жазы салған атанға кос тең теңдеп, оның айналасына қалқан киіз орап, көштің түйесіндей сәндендіріп келген.

Қос қанаты екі ұлдың бірі, Қайыптан аяр не дүние бар, келіні Аманқыз екеуі жаз бойы тырбынып, соның енді ғана құрылып жатқан жаңа отауына жиһаз-жасау дайындады.

Елден жас келініңнің аяғы ауыр дегенді еміс-еміс есіткені бар, қыстың күні қыраулы деп оның да қамын ойластырған. Базаршылар арқылы қаразымның көк талынан алдырып, Назарға келешек нәрестеге бесік жасатып еді, осы келісінде оны да ала қайтты.

Бұлар жүгін түсіріп болған кезде, үй жағынан аңқылдап Сабытай келе қалды.

– Уо, жеңге, аман ба? Ел-халық тыныш па?

– Шүкір. Өздерің де амансыңдар ма, қайным.

– Шүкір аллаға.

– Бұл үйдің адамдары қайда жүр екен?

– Менің келіп тұрғаным осы. Әлгі кішкене балам бірдемелер дейді, сөзіне де түсініп жарымадым.

– Бір жаққа кеткен болар.

– Кеткен, кеткен дейді. Қане біздікіне жүріңдер. Сонда шай-пай іше тұрайық. Келіп қалар, – деп Сабытай Айсұлу мен Назарды өз үйіне ертіп кетті.<--break->

– Сабытай көрші үйдің келінін шақыртып, шай қайнаттырып жатқанда, Түймеш пен Ақбөбек те келіп жетгі. Ақбөбек енесін көргенде, өз шешесі келгендей қуанды. Айсұлу әуелі Сабытайдың қақ төріне шыққанмен, кейін ол орнынан ысырылып барып, қазан-аяқ жаққа ауысып отырған. Сабытай, Назар, Айсұлу үйде отырғандардың Ақбөбектен бәрі үлкен. Әлі ысылып ел жұртқа, жақын-жуыққа бауыр баса қоймаған жас келін бірден үйге кіруден қамығып, ұялшақтап сыртта біраз тұрып, лоблыққан жүрегін басты, бойын жиып, аздап ширап, алғандай болды да, аса ибалық жасап, жаймен ғана есікті ашты. Төмен қарап, табалдырықтан аттады, иіліп тұрып, бір тізерлей сәлем етті. Осы кезде Айсұлу ауыр денесімен отырған орнынан көлбей тұра келіп, қос құшағын жайды:

– Келші қарағым, маңдайыңнан сүйейін – деуі мұң екен, Ақбөбектің көзіне сол сәтте үйдегілердің бірі де көрінбеді, өзінің не болғанын да білген жоқ, бірден құшақ жайған енесінің бауырына кіріп, қос қолмен оның мойынына асылғанын біледі. Солқылдап келіп ұзақ жылағаны да есінде. Ене құшағы да шамалы уақытта жазыла қоймады. Ол да ар-тұра еңкілдей ме, мекіріне ме, сағыныш пен аяныштың көз жасын төгіп тұр. Жас келіннің егілгені басқалардың да көңілдерін толқытып кетіп еді.

Түймеш көз жасын сүртіп болған соң, кемсеңдей отырып:

– Ай, қу құдай-ай-й, әйел сорлыны неге жылатты екен қор қылып, – деді. – Қор ғой, қор. Жетім, жетім емес-ау, әйел жетім. Жиырмаға жеткізбей алтын ұясынан айырып, жат елдің босағасына аттанатынын қайтерсің, – Айсұлу Ақбөбектің арқасынан қағып-қағып койды да, отыра кетті.

– Алтын босағамды әлі күнге дейін сағынам, – деді Түймеш төрдегі қоңыраулы сандықты ашып, ішіндегі сәукеледей сопақ, сүйір құйылған көк мұз реңді үлкен бас секерге қол созып жатып. Адамы базар-қалаға шығып тұрған үйдің сандығынан шәй-секері арылмайды.

– Ой-й, тегіңді... Мен тұрғанда алтын босағаң не болыпты, – деп Сабытай мыңқ етіп күлді.

– Жат жұртқа жаратқан соң, құдайдың ісіне шара бар ма? Ата-ананы сағынғанньң бөтендігі жоқ, сағыныпсың, қарағым. Өсіп-өнгеннен кейін ата мен ананы қойып, балаңды сағынатын боласың әлі. Мен бүгін бала-келінімді сағынып келіп отырмын. Сен де баламсың... Бір ананың орнына жүрермін, айналып кетейіндерім, – деді Айсұлу күрсіне сөйлеп.

Бір жеңіл тамақтанып алды да, Назар ауылына жүріп кетті, Айсұлу Қайыптікінде қалды.<--break->

Ақбөбек енесінің әкелген бір текемет, бір түс киіз, екі ораулы шиді көріп, балаша қуанып қалып еді, оң жақтағы жастық ағаштың тұсында жабулы тұрған бесікке көзі түскенде, шошып кетсе бола ма. Бірақ үндемеді. Тұла бойы бір дір етіп басылған болатын. Бәрін де байқап, біліп тұрған Айсұлу келінін сөйлеткісі келмей әуелі өзі:

– Мына бесікті әлгі саудагер қайнымның үйіне апарып коярмын. Әзірге сонда тұрар, – деді. Ақбөбек ұялғаннан тырс еткен жоқ. Енесінің алдын ала қам жасап жүргеніне іштей риза болып тұр, тек Қайып көріп қалмасын деген ойда, әсіресе содан ұялатын сияқты.

Шешесі баласының ауру бағып жатқанын түнде басы жастыққа тиерде естіген. Күндіз Түймеш те, Акбөбек те ол туралы ешкімге тіс жармап еді.

– О-о, қасқаның баласы енді ауру бағып кетті ме? – деп Айсұлу басын жастықтан көтеріп алды. Жер таянып отырып:

– Қу далада ас жоқ, су жоқ, азып өледі ғой ол! – деді қараңғы үйді басына көтеріп.

– Байдың малшысы кімге керек. Балаң амалсыздан қалды басында – деді Ақбөбек жаймен дыбыстап.

Арадан алты-жеті күн өтті. Сабытай Қайыпқа күнде барып-келіп тұрды. Науқастың жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатқанын байқайды.

Сәдуақас бүгін ажарлы. Жүзі нарттай қызара бөрітіп, жатқан жерінде сөйлеп жатыр. Жаңа бір зерең шұбат ішті. Айтатыны: «Ішім өртеніп, қызып барады».

Қайып жұдырықтай күркенің есікке таяу жерін шұқыр ғып қазып, күліп, шоғын шашыратпай, сол шұқырға ауыт-ауыт от жағып қойды. Сексеуілдің жалыны баялыштікіндей ұшқындап жоғары шапши бермейді, түтіні де кем, төмендеп жанады, бірақ қызу-аптабы күшті, жақынырақ отырсаң, бетті жалап маңдайыңды ашытып жібереді.<--break->

Қайып күркенің ішін жылытып тұруға ерінген жоқ, күні-түні ошақ орны отсыз, шоқсыз болған емес.

– Аға,– деді бір кезде Сәдуақас шалқасынан көзін жұмып жатып.

– Иә, не? – деп Қайып оның бетіне қарады.

– Бір зат айтайын ба?

– Айт, айт.

– Бүркеншек байдың неден өлгенін білесің ба? – Жоқ.

– Менің боз айғырым теуіп өлтірген.

– Қойшы шырағым. Айтпай-ақ кой.

– Тек саған айтам. Менің айғырым теуіп өлтірді.

– Ал қалай?

Жылқы да кекшіл бола ма деймін. Түрікпеннен айдап келген кезім. Бүркеншек осы айғырды шетке шығарайын деп, жетегіне алып еді, бұл жануар тартыншақтап жөнді жүре қоймады. Бай дойыр қамшымен алды да сабады. Айғыр шыңғырып жіберді.

Арадан біраз уақыт өтті. Мен байға көрсетпей жүріп, үзбей жем беріп бақтым мұны. Сауыры жылтырап, аз күнде оңала бастады. Біздің байдың сейістігі бар ед. Айғырды олай-бұлай көріп алды да:

– Мынаны бұл үйірден айыр. Ана өзіміздің жергілікті үйірге апарып қос, – деді.

– Жарайды, – дедім.

– Жануардың қасиетіне таң қаласың. Бұның ақылындай ақыл біздің тұғырлардың біреуінде жоқ.

– Қасиетін айтшы.<--break->

– Қасиеті қызық. Бір байқағаным еркек болса, үйіріне жабағы тайды да жуытпайды екен.

– Сосын.

– Сосын, күйге келген байталды алдына салып, топ жылқының ішінен былай оңашаға, шетке шығарып әкететінін көрдім...

– Жануар қызғаншақ мал екен ғой. Оңашаға шығарғаны қызғаншақтығы оның. Байдың өлімін айтшы.

– Сұмдық-ай... Бір күні енесін арда еміп жүрген көк құнан күйге келсін. Айғыр ақсақ мама биенің алдынан қызын бөліп әкетті. Сүт еміп жүрген байғұс енесінің маңынан айналшықтап шыққысы келмеп еді, айғыр қойсын ба, тұяғымен бір-екі жер тарпып алды да, оқырына кісінеп, көк байталдың жалынына ауыз салды. Жалын шайнатқан кезде жаны ауырған көк құнан өз-өзінен тыпыршып безек қаққандай дір-дір етті. Ашулы айғыр омыраумен қаққылап, шетке айдап кетті. Түс мезгілінде Бүркеншек келе қалды. Түрікпен елінен келіп, үйірге жаңа түскен әйгілі Ақалтеке тұқымдас айғырдың өзі мен алдындағы «қалыңдығын» қызықтап, бай солардың қасына таяп барып қалады.

Ажал айдап барады ғой сорлыны.

– Иә-иә. Мен де сол маңда жүргенмін. Құдай-ай, сақтай көр. Әлгі айғыры түскір жер тепкіліп бірден жынданып кетсе бола ма? Көк құнанның сауырына иек артып түскен бойы еді... Қорыққанынан не кете алмай, не оттай алмай тұрған байталды «бар, кете бер» дегендей омырауымен бір қақты да, боз айғыр лезде ашуға мініп, жалын күжірейте басын шұлғи бастады. Ышқына бір кісінеп алып, құлағын жымита қасында таяу тұрған Бүркеншекті қос аяқпен сарт еткізе қарсы алдынан теуіп жіберді. Сосын жортып бара жатқан көк байталдың артынан шаба жөнелді.<--break->

Бүркеншек шалқасынан түсті. Аяқтарын бір-екі серіпті де, тынды. Содан көз алдымда жан тапсырды.

– Имаңды болсын пақыр. Ажалы содан болған да.

– Аға, құдайға өтірікші де болдым-ау.

– Е, неге?

– Бүркеншектің әйеліне айғыр тепкенін айтқаным жоқ. «Байтал теуіп өлтірді» дедім. Обалдағы-ай, сол көк құнанды «байымды өлтірген сені ме» деп қарасына сойдырып жіберді. Жануар келесі жылы құлындап тұрар еді.

– Абайлап жүргейсің, айғырың қызғаншақ мал екен.

– Жоқ, жоқ. Олай болса маған неге тимейді. Одан емес, бұл өте ақылды мал. Байдан таяқ жегені есінде қалған, соған өшіккен болды. Қызғаншақ емес, кекшіл де. Үлек те, бура да кекшіл болады, жылқы малы да солай екен, енді білдім, – деп Сәдуақас әңгімесін аяқтаған соң біразға дейін үнсіз қалды.

Қайып сексеуілдің жан-жакқа жайылған шоқтарын ысырып жатып, өз-өзінен мырс етіп күліп жіберді. Ойда жоқта Ақбөбек есіне түсіп кетіп еді. Бір ойдың бір ой қуғыншысы, «мама биені арда емген көк құнан», «күйге келіпті», «жануар келесі жылы құлындап тұр еді»...

Қайып бір жұмадан бері бел шешкен емес. Жылы төсектің қадыры өтіп отыр. Ақбөбекті сағынып, жүрегі елжіреп басылды. Сәдуақастың «арда емген» дегеніндей бұл да біреудің ар емген еркетай қызы еді. Мұның жан алданышы, жан серігі... Әлемдегі жанашыры, аяулысы сол болар. Оның мөлдіреген қарақат көзіне бір қарауға ынтызар. Қаз қадаммен жүргенде, жаймен сырғып жөн сипайтын қос бұрымға сыртынан көз жүгіртіп қызықтаса кәнеки... Жақындап барып бір-біріне тиісіп қалғанда, жүрек жүректен нәр алар ма еді!.. Қимылсыз тұрыс, дыбыссыз тыныс жүректерге ғана дидарлықтың нұрын құшып жатпас па еді...<--break->

Іңкәрліктің ыстық сезіміне бөленгенде, Қайыптың суық сорып құрыстанған денесі бір сәт қызып бара жатқандай болды. Көз алдына Ақбөбек елестейді.

Арадан тағы екі күн өтті. Бұл науқас меңдеткенін білдірмейді екен. Сәдуақас есі-жөнінен айрылғаны жоқ, алғашқы күндері қаны бетіне теуіп, қып-қызыл болып жатып еді, кейін қызарып, бір сұрланатын болды.

Шешектің  жайын   жақсы   білетін   Түймештің айтуына қарағанда жарасы сыртқа шықпапты. Бұл өзі іштен сүйекті жарып шығатын көрінеді. Жара терінің сыртында көрінбесе қауіпті.

Сәдуақас түстен кейін тіпті қунақ көрінді. Қайыптың көзіне бүгін тамақсау. Бір емес, екі рет тамақтанды. Сосын бірден жығылды. Есі түзу, сөйлеп жатыр.

– Аға,-деді ол аздап жөтеліп алып. – Мен бейіт басына там салуды үйрендім ғой, а?

– Үйрендің, үйрендің.

– Бүркеншек мені ұрлыққа үйретті-ау... Қарақшы болыппын. Оның өзі ұрлықтан байыған адам еді.

– Ол кісі дүниеден өтті. Не істесе де құдай алдында жауап бере жатар. Сенімен келістім, сен енді ұрлыққа жоламассың.

– Жоқ, жоқ жуымаймын. Сенің қасыңнан бір табан қия бассам ант ұрсын! Там соғу қолымнан келеді, ендігі жерде етік тігуді үйреніп алсам...

– Қолдан келген өнерімнің бірін қалдырмай үйретемін саған інім.

– Аға... – деп барып Сәдуақас ойланған адамдай біразға дейін үнсіз қалды. Бір... Бір сыр айтам, ұрыспайсың ба? – деді сосын көзін бір ашып, бір жұмыс жатып.<--break->

– Айта бер. Сыр айтқанға ұрыспас болар. – Мені Бүркеншектің қызы айналдырып жүр.

– Айналдырғаны несі?

– «Ал» дейді маған. «Әкемнің мұрагер ұлы жоқ. Егер мен басқа елге тұрмысқа шығып кетер болсам, жаман ағайындар әкемнен қалған дәулетті талапайға салады» дейді. Сен мені алсаң, мына дүние мүлікке ие болып қаласың, – дейді.

– Шешесі біле ме екен оны? Ұлықсат берсе қанеки.

– Біледі шешесі. Айтқан екен, шешесі шашынан ұстап сабапты. «Байдың қызының теңі ме жалшы?» дейді екен. Бәрібір қыз қайтатын емес, бет бақтырмай отыр шешесіне.

– Қайдан білейін інім... Елі-жұрты бар, сенің дегеніңе көне ме, шешенің айтқаны болып кете ме... Уақыт көрсетер.

– Аға... мен құдайға күнәлі болып жатырмын... Оллаһи.

– Е, неге?

– А-анада бірде... шырт ұйқыда жатсам, қойныма кіріп келіпті... Қыздың өзі қорғанбаса, жігіт аяй ма оны... Өзі ғой, өзінен болды...<--break->

– Көк байталдың күні оған да... – деп Қайып иығын бүлкілдете күліп алды.

– М-м-м... Иә... – деді Сәдуақас ауыр дем алып жатып. Сәл де болса күлейін деп еді, оған жетер сергек көңіл, серпінді дәрмен жоқ, бойдағы әл-қуаттың көзі сарқылып, бары азайып, таусылып бара жатқан сияқты.

Қыршын жастың әлгі бір сөзі оның тұтам ғұмырына басылып қалаған өмірдің мөр-таңбасы ма екен... Жан азығының жан ләззатымен дәмдестігін айтты ол. Қысқа ғүмырының сол бір сәті тәтті өмірдің тәттілігінің ілкі бастамасы да, ең соңы да болар... Тамырынан солмай, белінен қиылған жас құрақтай боздақтың жалған дүниеден өтер алдындағы ақырғы ақық сөзі осындай өмір ұшқынына келіп тіреледі, сонымен тынды.

Сәдуақас содан кейін тіл қатқан жоқ. Таң алдында тынысы тарылып демі азайды.

– Сәдуақас, Сәдуақас! Көзіңді аш! Сәдуақас, – деп Қайып оның бас жағына таянып, үстіне үңіле түсті. Өкіріп жылады. Айналасы қымтаулы бітеу күркенің ішінде өз даусы өз құлағына ғана жаңғырықты. Қайып егіл-тегіл еңіреп, өлі дененің басында ұзақ жылады.

Сәдуақас таң белгі бере үзілді.<--break->

Жиырма төртінші тарау

 

Ақбөбек Жаңай ауылына үйренісіп келеді. Бірақ ауыл-үйге етене араласып, онша үйір бола қойған жоқ. Қазақтың бір әдеті кімді кім, оның руын, ата-тегін сұрайды. Ақбөбек содан қашақтайды. Сұрағанда руын айтар-ау, «ал кімнің қызысың?» дейтіні бар ғой. Сонда бет пердесі сылынып қалардай ұялады. Алғашқы кезде ол көп нәрсеге мән бермей, тұрмыс етудің жолы осы ғой деп жүре берген екен. Бақса, олай емес көрінеді. Өмір шіркіннің өзіндік өрнегі барлығын енді-енді аңғарып келеді. Басына ақ жаулық түскен соң әйел заты айбарлы болып кете ме, қалай, осы ауылға келгелі Ақбөбектің қасына қыз-қырқын жолауды қойды. Жас келіншектер де үйлерінен шыға алмай ма, отын-суға барғанда болмаса олар да ұшыраса бермейді. Осындайда жас келінге сары қарын абысындар үйірсек, түндіктен үйір түтін шықса, немересін жетектеп, түс мезгілін аңдып тұрғандары бар. Олар қарап отыра ма, қыдырымпаз әйелдердің ауыздары да жүгенсіз болады. Сыпсыңдап қап-қап өсегін арқалап келеді де, төгеді. Сосын жан-жақтан орағытып қайдағыны сұрағыш-ақ шіркіндер. Осындай бір-екі жерде байқап қалған Түймеш қаңғыбас әйелдерге тыйым салды, я сол әйелдердің ізін ала өзі келеді бұл үйге. Қайып жоқта Ақбөбек түскі тамақты Сабытайдың үйінен ішетін болып жүр. Себеп? Ол былай болды. Бір күні ауылдың бір желаяғы сәскеліктен намаздыгерге дейін отырсын мыжып. Жас келін әуелі шай беріп еді, кетпеген соң оған тамақ асуға тура келді. Жас адамның іші-бауырына кіре сөйлеген тілі қандай тәтті сабаздың.

«Сені туғаң анаңнан айналайын... Перінің қызындай қыз тапқан шешеңнің арманы бар ма дүниеде...Құдай қосқан қосағын қарашы мұның. Айыбы кедей демесең, сом алтын ғой тұрған... Өнерлі жігітке осындай перизатты тап қылған құдайдан мың айналсаң болмас па... Ата-тегің мықты ғой деймін, келінжан. Жүріс-тұрысың текті жердің қызы екендігіңді көрсетіп тұр-ау, балам... Иә, қай елдің қызысың, шырағым?»...<--break->

– Бәйімбеттің...

– Құдай-ау, қай Бәйімбеттің?..

– Мамыртай...

– Иә, иә, мен жиен болам, ол елге. Мамыртайда кімнің қызы боласың сонда?

– Есжанның.

– Әлгі Есжан байдың ба? Адайдың атақты байы ғой ол. Ой, садағасы...

– Иә...

– Ұйыбай-а-ай... Иә, иә... Атағы жер жарған мырза дейді ғой әкеңді. Айтпақшы, жасауың қайда, келінжан-ау?..

– Елде тұр... мына ауру-сырқау саябыр тартсын деп молдалар жүк әкелуді кідіртті. Шешек қызыл-жасылға өш дейді ғой... Жасау қызыл емес пе, індет сонымен бірге еріп жүрмесін деп сақтандырған шығар...

Акбөбек бұлтара сөйледі. Оның өмірінің ішінде айтқан ең бірінші өтірігі осы болар...

– Иә, иә.. Түрі аулақ, елді қырып кетті ғой бұл жара. Індет басылсын дегені де дұрыс. Байдың қызы аз отаумен келе ме, басы қос отау... Дүние-мүлік те қос-қос... Үйшісі тағы бар... Құдай білсін, малы жүз-жүзден бе, мың-мыңнан ба... Әйтеуір қызыл дүние, ақ күміс, сары алтын, бәрі сенікі келінжан... Жасау артқан көштің жүгін өзім түсірісем, айналып кетейін, Аппағым, Ақ құсым, Ақбөбегім... Айтпақшы, о-о, есім құрысын... Әкең ата жолын қуған бай болса... Құдай қосқан қосағыңды жамандайын деп отырғаным жоқ, ренжи көрме қарағым.<--break->

– Айтқаның дұрыс қой... Қазақта «Сүйек жаңғырту» деген бар емес пе? Жастайымыздан баталасып қойған көрінеді... – деп Ақбөбек төмен жер шұқыған сонда. Бұл тұста да тұйыққа тіреліп барып, сөзбен жол тауып кетіп еді. Бірақ қатты қысылған. Бұрын-соңды әккілікті әдет етпеген адамға бірден басқа жаққа бұра бұлтара сөйлеу – жанның азабы. Олардан аттап кетіп, ұят пердесін табан астында жыртқаны. Амал нешік. Өмір көшінің жол-жөнекей көрер бел-белестерінің бастамасы болар бұл. Ананың бауырында жатып, әкенің алақанын аялаған кезде баланың жаны таза, ары пәк боларын Ақбөбек білген бе, сірә. Алтын ұяда өтірік айтып, өсек қуалайтын орын болған ба? Балапан жанды бейкүнә жастардың әманда жаны адал, ары таза болатыны содан. Ондағы өмірі тым мөлдір еді оның. Ата-ананың алтын босағасынан аттап шыққан соң өмір соқпағының басқаша жаратқанын оның ирелеңіне енді түсіп келе жатқанын Ақбөбек бірте-бірте байқап қалып жүр. Бүгін қысыла-қысыла отырып тағы бір сынынан өткен сияқты. Әлі алда...

Содан бері Ақбөбектің назары сынық. Көп ойлап, көп толғанады. Кез келген қатынның әңгімесі сырты жылтыр болғанымен, іші ауыр зіл тастап кеткен еді. Ол үшін сол әңгіме келешекке жол сілтеп, тіпті жар сала бажайлап тұра ма, қалай... «Қос отау»... «Жасау»... «Қызыл дүние»... «Ақ күміс, сары алтын»... Қилы қатын солай деп кетті. Айтқаны жөн. Ата-анадан ақ батасын алып, ризаласып, келгенде ғой... оның сөзі орынды-ақ. Мыңғыртып мал айдап, көлбетіп көп көш жетектеп келетін болар еді. Әттең, арманды дүние-ай... Ақбөбектің ойы осы тұсқа жетеді де, шорт үзіледі, содан кейін одан әрі ешбір өрбімес. Ой тұйығы осымен біткен соң, ол орнынан тұрып кетеді. Ол ойын Қайыпқа да айтпайды, оған да беті шіркеулі сияқты ма, кім білсін.

Алдан күтер үміті жайлы Қайып та бір ауыз сөз айтқан емес. Әнеугүні бір сөзінде «Бәрі жақсы болып кетеді. Жаз шықсыншы...» – деді де қоя салды. Ақбөбек оның сөзін қуалап, артынан ой жүгіртіп жатқан жоқ.

Адам уайымшыл болу үшін басына ауыр-ауыр іс түсу керек. Маңдайы тасқа тигенде ғана жан ауырғанын біледі ол. Қайып пен Ақбөбек әлі жамандыққа кезіккен жоқ, онысы былай тұрсын, олар тіпті өздерін жамандыққа бой ұрдық деп жүрмесе керек.

Ер адам болған соң Қайыптікі бір тәуекел. Ал Ақбөбектің сенері де, таянышы да – көз ашып көрген жары Қайып, ол жүрген жерде көлденең бәлеге жолығам деп жүрген ол жоқ.<--break->

Махаббат – тілсіз жау... Ол – көзсіз көбелек... Кейде жанып тұрған от... Жалыны шарпыған сайын, көзге ештеме көрсетпейтіні бар. Оны олар сезе ме екен... Махаббат мен мұндалап, жар сала келмейді. Құдіреті де, қуаты да ішінде оның. Құпиясы қос жүректің өздерінде ғана. Махаббатта тіл жоқ, қос жүрек бірімен бірі тілсіз сөйлейді. Мақсаттары біреу-ақ. Табысу... Болды. Табысты. Ар жағының не боларымен олардың жұмыстары жоқ. Онысын алдан шығар апатқа алып кетуге де дайын тұрады. Махаббат қазақ үшін қауіпті. Сондықтан оған ерік бермей, темір торға салғандай етіп, шариғаттың күшімен мықтап ұстап келген.

Қайып пен Ақбөбектің арасындағы сүйіспеншілік сол ғасырлар бойы жан-жаққа бұрылтпай, қимылдатпай әбден сіресіп қатып тұрған шариғат құрсауын бұзып кетті. Бұл сүйіспеншілік аңыз-ертегі көне қиссаларда бар, бірақ адамдар арасында болған ба екен? Шариғат жолы темірден қатты, болат пышақтан өткір болғанда Қайып пен Ақбөбекгің оны бұзып кетуі қалай, ерлік пе, ессіздік пе, әзірге олардың ол ісі көпке жария болған жоқ. Шын шамырқанса жаза кесер құдайы бар, кешірем десе, бір Алланың өзі біледі. Пендесі оның құлы, ол қай жағын ыңғайласа, бұл сол жаққа жорғалайды. Алла тағаланың көрсетерін пендесі алдан күтеді. «Үмітсіз шайтан» деген, мүмкін Қайыптың іші үмітке толы шығар. Алдағы күндерден күтіп жүрген шарапаты бар-ды, онысы бір өзіне ғана аян. Кім біледі, ер жігіттің іш бүкпесін ішіне сақтап, әлі күнге шейін жанында жатқан жан серігі Ақбөбекпен ашылып бір сыр шертіспеуіне қарағанда, бүкіл сана сезімі қайғы-мұңға батып алып, соның зіліне тұншығып, содан тілі байланып жүргендей де сыңай байқататын сияқты.

Ал солай болсын... Ақбөбегіне жуып кетсе... Жүрегі жарылып, қабағы ашыла кетпей ме... Тілсіз ауру, үнсіз емексу... Қорқыныш емес, қуаныштан жан дүниесі балқып, бар денесі мамықтай босап, бүкіл болмысымен құлай берілетіні бар. Сонда ақ жүрегі ашылып, кірбіңсіз санасы бойлай көрініп тұрады. Мұң басқан, шер жиналған жүрек өйтіп соға алмас еді...

Ерліктің белгісі екі сөйлемеу. Ер намысы – тәуекел. Нар тәуекелге қонған ер азаматтың істерін істегенмен уайым-қайғыдан қашық жүретіні азалдан белгілі. Ердің ісмерлігі басым болар, бірақ сөзге сараң. Ол ұнағанына ұмтыла бермес, ұнатқанын қоймас. Ердің тұрлауы ұнағанына жеріншек, ұнатқанынан мәңгі бақи жерінбеуге бар.<--break->

Қайыптың бойындағы осы қасиет Ақбөбектің жүрегіне тілсіз барып, өз-өзінен ұялаған сияқты. Сондықтан болар олардың жүректері қаяусыз қалпында тұрып, бірі-бірінің көзіне түссе болды, жандары жамырасып кетеді.

Алыстан атан жеккен шана көрінді. Кешеден бері ертелі-кеш шаңырақ басына өрмелеп шығып, қалашылар жолын қарауылдап жүрген Қаржау үй төбесінде тұрып:

– Мама, мама! Көкемдер келеді! – деп айқайлады.

– Көтек! Сұмырайдың баласы! – деп Түймеш іште отырып селк ете түсті.

Саусағына кигізген шүйкесін тез сыпырып тастап, ұршығын жиыстыра бастады. Ақбөбек жүн түтіп отырған, қуанғаннан ол да орнынан ұшып тұрды.

– Мен үйге барайын, жеңеше, – деді жүрегі лоблыққан ол бір орнында тұра алмай.

– Бара ғой. Қызарып кеттің-ау келін. Әбден сағынғанға ұқсайсың шалыңды, – деп күліп алды Түймеш.

– Сағынбай қайтем, айдан асты, – дегенде жанары жасаурап бара жатты.

Қаржау үй төбесінен сырғып түсіп кетті де, айқайлап, күртік қарды омбалай әкесінің алдынан шығып барады. Түймеш үйдің ішін жинастырып болған соң, мосының бұтын жайып, қара шәйнекті ілді.

Ақбөбектің жүрегі әл бермей тулап тұр. Өн бойын ұстай алар емес. Денесі қалтырап дірілдейді. Аулыққан жүрек шыдатарлыққа жоқ. Ақбөбек сыртқа бір емес, екі шығып кетті. Үшінші рет іште тұрып, сыртқа есіктен қарады. Әне, қарасы көрінді.

Қайып Сабытайдың үйінен бері бұрылды.<--break->

Сырттан тысыр шықты. Аздап жөтелген болды, тамағын қырнап, дыбыс шығарды. Есік ашылды. Үйдің іші жарқ еткендей болды. Қайып жымиып ақ тісін көрсетіп, табалдырықтан аттай құшағын жайды.

Ақбөбек төрден жүгіріп барып, ашылған құшаққа бар денесімен өзін тастап жіберді. Күйеуі оны қағып алып, балаша көтерген күйі дөңгелене жүріп, үйдің ішін бір айналып шықты. Соң жерге түсіріп, біразға дейін бауырына басып тұрды.

Ақбөбек жан жарының мойнына асылып тұрып күледі де, жылайды. Ай жүріп, қосағына қосылған ерлі-зайыптыда үн жоқ, көкірекке қонақтаған сағыныштарын тілсіз тарқатысып, өздерін қуанышқа тоғытып тұрғандары ғана байқалады.

Сабытайдың шай ішіп болған бойы еді. Неше күндік қарлы боранды кешіп, сықырлаған аяз табына қақталып келген денесінің құрысы әлі жазыла қойған жоқ-ты.

Сыртта ат үстінде тұрып біреу:

– О-о-о, хабарласатын кім бар?! – деді.

– Біз бар! – деді іштен Сабытай.

Ақбергеннің атқосшысы Құлтай мен Бозым болыстың үйшісі Сақтаған екен. Сабытайды шақыра келіпті. Қонақтар үйге кіріп, жайғасып отырған соң, Сабытай барынша сәнді киінген, көзі отты, қасы, мұрты қап-қара манардай аққұба жігіттің бетіне бір қарап койып:

– Мына мырзаны танымадық қой, – деді.

– Бұл мырза болыстың нөкерлерінің бірі... – деп Құлтай аздап жымиып қойды. Оның жымиюында астар бар. Бозым болыстың баласы Ертас кеше қасына ертіп шыққан үйшісі Сақтағанды «мырза», «болыстың жәрдемшісі» деп таныстырған. Бүгін ауылдан шығарда Ақберген би де қосшысының құлағына сыбырлап, осы жайды ескертіп жіберіп еді.

«Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген, мырзаның ныспын айтып қой.

 – Сақтаған...

Үй иесі одан әрі әңгімені созбады. Құлтай өзіне белгілі адам, ағайыны. Оған онша қошемет көрсетпесе де болар еді, бірақ мына мырза өлі етпен кетсе айып. Сабытай шайдан кейін күбіне бастады, қонақасына мал сою ойында бар.

Қонақтар қазан астырған жоқ, шайға қанып алған соң, аулына қайтып кетті. Сабытай ертең баратын болып қалды.<--break->

Сүт пісірімдей уақыт өтіп еді, Құлтай Сабытайдың үйіне қайта оралды:

– Аға осында жатып, бүгін тынығам, – деді аттан түсе ол.

– Денің сау ма, мырзаны жалғыз жібере ме екен, – деп Сабытай кейіді.

– Аға, кейін айтам жын-перілердің сырын, – деді де Құлтай ішке кіріп кетті.

Ақберген бидің Сабытайға адам жіберіп отырғаны тектен тек емес. Ақбергендікіне Ертастың келуінің де себебі бар. Сабытайдың көкірегінде бәрі сайрап тұр. Орынборға кетерінің алдында Әлмағамбет пен Ақберген билердің құзырында ол болған. Сонда Әлмағамбет Сабытайға:

– Шырағым, сені бай деуге де, кедей деуге де батпайды. Бірақ дәулет қуалап баюға тарпынып жүрген қараның ішінде еті тірі жігітсің. Саған араға түскен ағайынбыз, ана әкімдерге апарып берейік. Сөйтіп ауыз бастырық етіп қойсак, ертең дау-шар шыға қалса, септігі тиер, – деген.

Акберген өзінше соққан:

– Әй, ұңғыт! – деген ол тікелей тиісіп, – сен шалағайдан-ақ өлдік, жүрген елдің басын шырғалаңға салып отырсың. Ат сабылтып, арып-ашып жүргеніміз мынау. Қарақшы көшіріп әкеліп мынау енді бізді азапқа салып отырсың.

– Олай деме, отағасы! – деген Сабытайға:

– Көп сөзіңді қой да, ана Қайыбыңа айт. Әкесіне барсын да, бес қараның құнындай ақша әкеліп берсін елінен, – деп кесіп айтқан.<--break->

Сабытай Әлмағамбет жұмсаған Қорабайға да барған жоқ, Ақбергеннің айтқанын Қайыпқа да білдіртпеді. Бір түн жатып, әбден ойланып алды да, ертесіне бес-алты түйеге жүк артып, жер қарада Қайыппен бірге Орынборға тартып отырды. Сауданың көзін білетін ол қалаға жәрмеңке жоқта шығады. Сонда апарған дүние өтімді болады, алған зат тиімді көрінеді. Орынбор базарында жүн-жұрқа, тері-терсекті әсіресе қыс айларында тигізбейді. Сабытайдың саудасы қызык, қыс түссе сойылған соғым малдың ішектерін жинайтын әдеті бар. Шірітпей Орынборға жеткізсе болды, Еділ жағалауынан келген орыс көпестері көтере сауда ғып алып кетіп жатады. Ол елдің де қыста соғымы болады, ұсақ малдың ішегін шұжық тығуға жарататын көрінеді. Осы барысында Қайып Сабытайдың ептілігіне таң қалып, жағасын ұстап келеді. Сабытай орыс базарына неше малдың ішегін апарып салса, сата келе сонша малдың тірідегі құнын тұрғызыпты. Бүл апарған затын ақшаға аударса, ол жақтан әкелген дүниесін ауылда малға өткізеді. Бұл келісінде екі жігіт олжалы, шай-шекер мен күрішаттың қап-қап ақ ұнын қос шанаға тиеп қайтты. Іш есебі ішінде.

Ақберген айтқан бес қараның ақшасын бір қалтасының түбіне қаладан шығар күні тығып қойған. Ертең Ақбергендікіне барады да, Бозым болыстың баласы Ертастың қолына ұстатады. Ал Ақберген мен Әлмағамбетке барып, «Қорабайдан әкелдім» дейді ақшаны.

Құлтай Сабытайдың үйіне қонып шықты. Таңертеңгі шайдан кейін екеуі аттарына мініп, жолға түсті. Бағыт – Ақберген бидің ауылы.

– Аға, жол қысқартсақ қайтеді? – деді Құлтай былай шыға.

– Қысқарт, қысқарт. Айтпақшы, кешегі жын-періңнің сырын қозғашы, – деп Сабытай атын тебіне түсті.

– Үш-төрт күннен бері аулымызда Ертас жатыр. Екі күн Әлмағамбеттікінде қонақ болып келді. Әлекең қонағасына тай сойған көрінеді.<--break->

– Ой шалқыпты ғой би ағамыз.

– Себебін айтайын ба? Күзде Бозым болыстың үйінде болғанбыз ғой. Сонда ол өлі ет асып берген. Әлекең өкпелеп өлі еттен ауыз тимей шыққан. Мынау соған қас қылып, болыстың баласын аспен ұрып отырғаны.

– Солай де. Ой, кесапаттар-ай кілең.

– Ал, Ақаң күнде бір еркек қойдың басын тартып жатыр. – Жаңай ауылдарының мырзалығын бір көрсетпекші ғой.

– Иә, иә сақилығы ұстады екі бидің.

– Жақсы ғой. Бар болса, берсе, өздеріне де, елге де абырой.

– Қалтаң қайда, аға. Болыстың баласын саған қаратып жатыр екі би. Күзде уәделесіп келген еді гой.

– Мал алам дей ме екен болыс?

– Айта көрме, ақша. Ақша адал деп келіскен.

– Сұрағанын берермін.

– Беретініңді Әлекеңе тапсырғайсың, аға. Ол бөліп-жырып қала қоймас. Иманы бар адам.

– Ақаң-шы? Сенің қожаң?

- Мен қожамның сырын білем, шамасы келсе, жымқырады.

– Мен берерімді берем. Құдайыма ақ болсам болды. Әркімді құдай табады.

– Әй, қайдам, Құдай тапса алымқор әкімдерді таппай ма.'

– Қой, айтпа, інім. Кешегі мырза қай рудан болады?

– Онын руы жоқ аға. Ол бір соры қайнаған ақта жігіт.

- Койшы ей! Не дейт ақта дейсің бе?

– Иә, піштіріп тастаған ақта жігіт.

– Ой, құдай сақтай гөр. Есітпеген елде көп... Не болды екен байғүсқа.<--break->

– Ол мырза емес, болыстың үйшісі.

– Тағы не дейді? Құдайдың мұнша қақсатқаны несі екен?

– Келбетіне қарадың ба?

- Ханның ұлы дерсің. Аллатағалам сымбатты аямай құйған. Суда жүрген перінің қызына апарып қосар ма еді.

– Хиуа хандығында нелер сыншы шешіндіріп көріп тал бойынан зәредей мін таппапты ғой.

– Сол жақтың адамы ма екен?

– Бұқар жерінен келіпті.

– Жігіттің сұлтаны-ау, сабаз. Сау жүргенде бар гой... Әйел біткеннің көз құртын...

– Өзі де содан сорлаған құсайды.

– Айтқан шығар саған.

– Айтты. Ұзақ әңгіме.

– Айта бер, жол ұзақ әлі.

– Бұл бір уәзірдің жалғыз ұлы екен. Әкесі қаталдау болған ба, әйтеуір елдегі бір әкімді жаламен қаралап хан сарайынан екі жыл зынданға салғызады. Күні бітіп зынданнан шығады ол. Уақыты жетіп мына баланың әкесі де, шешесі де опат болады. Жетім қалған баланы әлігі зынданда отырып шыққан әкім асырап алады. Бұқар, Самарқан елдерінің ғұрпында дәулетті адамдар сауықшыл болса керек, кешкісін байдың ұлдары жиналып, ойын-тамаша құрады екен. Сондай жиындарда ортаға шығып, 12-13 жастағы ер балаларды ойнатады, билететін болған. Ол топқа түсіп би билейтін балалар жай балалар емес, олар дәрежесі жоғары адамдардың өздеріне меншікті қол балалары. Ондай балалар көрсе көз тартарлык сұлу, сымбатты болу керек. Жалпылама жұрт өз баласын қолбалалыққа бере ме. Қолбала болып кеткендер жетім-жесірлерден немесе басқа жұрттан сатып әкелгендер. Қолбаланы қожасы тек ойын-сауықта билетіп қоймайды екен. Ой, басқа жағы... бәлесі бар, аға...<--break->

– Бәлесі несі? Сол жерін айтшы.

– Аузым бармайды, аға...

– Өй, не деп келесің?! Аузым бармайдысы несі!

– Айтайын. Мына Сақтағанды асырап алған әкім әйел орнына қолданып келіпті... Бірнеше жыл...

– Тегіңді... Елінің салты солай ма екен?

– Солай болса солай шығар, онысын білмедім. Сақтағанның бізге айтқаны сол.

– Ал арты не болды?

– Сақтаған жігіт болған. Жігіт болғанда қандай. Бірақ әкімнің үйшісі есебінде жүреді.

– Содан.

– Қожасының үш әйелі, бір бойжеткен қызы болады. Екі тоқалы үлпершектей жап-жас болса керек.

– Иә, иә, айта бер.

– Күндердің күнінде екі тоқал үйші жігіттің қыр соңынан қалмай жүріп, өз ниеттерін орындайды.

– О, сайқалдар-ай... Айта бер, айта бер.

– Көп ұзатпай екі тоқал бәйбішенің қызын да әкеліп салады жігіттің қойнына.

– Ой, тұқымыңды... Бәйбішесі қалды ғой тек...

- Ойбай-ау, оның да аңсары ауады. Жігіт бәріне бағынышты, қорқады. Айтқандарын екі етпей көрсін.

– Бәйбіше де қосылды ма үйірге? Әрине. Бай бәленің шет-жағасын сол бәйбішеден сезіктеніпті.

– Сосын?

– Бай жігітті өлтіруге қорықса керек, бұрын зындан көрген неме ғой. Енді астыртын іске кіріседі. Өзі ұзақ сапарға шығып кетеді де, жендеттерге Сактағанды ұрлатады. Олар түнде көзін байлап әкетіп, жігітті тартып тастайды. Ал әкім бәйбішесін араға салып тоқалдарына у бергізіп өлтіреді.<--break->

– Тарттырғанда өлмейді екен-ау адам.

– Не керек, содан Сақтаған басының ауған жағына тентіреп кетеді. Қаңғырып жүріп, Бесқалаға жетеді. Одан керуенге ілесіп, Маңғыстау еліне келеді. Оның ақталығын әбден білген соң, Бозым ажарына қызығып өзіне үйші қылып алыпты.

– Ой, заңғар дүние-ай... Есіл азаматты құдайдың мұншалықты қор етуін қарашы, – деп Сабытай басын шайқады.

– Құдай шебер. Адам баласын бір жағынан болмаса, бір жағынан қысады екен, – деді Құлтай басындағы Ақбергеннің көне бөркін маңдайынан кейін ысырып қойып. Жүріс аттарының танауынан бу парлап келеді. Аяздың түстігі болған жоқ, бет қаруы таңертеңнен бір қалыпты. Ат тұяғының сықыры да бәсеңситін емес. Ел қарасы әлі көрінген жоқ. Жолаушылар ат тізгінін тежеп, жерге түсті. Бел шешіп алып, аттарына қайта мінді.

– Аға, жол қысқарту сенен енді, – деді сөз кезегін Сабытайға беріп.

– Не айтам мен, Құлтай. Сөзге шорқақ адаммын ғой.

– Қайыптың хабары елге жайылып барады осы күндері. Байдың қызын алып қашып келгені рас па, Сабеке?

– Рас, рас.

– Байдың қызы түгіл қараның қызын алып қаша алмайды жұрт. Жүрегінің түгі бар екен Қайыптың.

– Тәуекелге мықты бала. Сыр-сымбаты кешегі Сақтағаннан кем түспейді-ау.

– Сауықшыл сері жігіт дейді ғой.

- Өнерлі қолға кір жұқпайды, білесің 6е? Кірсіз қолға мал біте ме, ойлашы. Қайып сегіз қырлы, бір сырлы жігіт.

– Етікші деп есітем.<--break->

– Он саусағының он түрлі өнері бар. Көрік құрған ұста, алтын-күміс еріткен зергер, елге аты кеткен етікші. Тағы несі қалды. Тас қалап, там тұрғызғанын көрсең... Шерім шартып, күміс қаптап ер жасағанын көрсең... Ебін тапқанда қақ сүйекті балқытып, майыстырып жібереді ғой. Есіме түспей келеді, өнерінің есебі жоқ сабаздың.

– Әйелі қандай? Үрдің қызындай деп жүр ғой.

– Күн қақпай, үлде мен бүлденің ішіндс өскен бала ғой, көріксіз бола ма. Бір жігіт қомсына қоймас.

– Мұның арты не болар екен? Өзі біреудің жесірі болса... Ауыл ақсақалдары тым қауіптеніп жүр.

– Болар іске болыспауға болар еді. Ал болған іске болыспаса бола ма? Шалдарымыздың ат сабылтып, араға түсіп жүргені елшілігіміз ғой. Би-болыстар араласса, елдегі бір-жары кикілжіңді тындыратын шығар.

Ел қарасы көріне қоймағанмен, ауыл иісін сезді ме жануар екі ат ілгері қарай мойындарын соза түсіп, жүрістерін үдетті. Ет қызуымен жіпсіген жалаңаш сауырлары дымқыл тарта жылтырап кетіп, болар-болмас бу шығарып қалады кейде.

Құлтай жанның жершілі, оған күн жарық, түнде аспан ашық болса болды, алған бағытына мірдің оғындай тіке тартады. Жолсыз жермен жүргенде борасында ойпаңға жоламай, үнемі дөңнің қар жатпайтын жағын, суырма беткейін жағалап кетеді екен. Тек желдің өті демесе, қатқақ жер ат тұяғына жеңіл.<--break->

Бесін намазы кезінде бұлар ауыл шетіне жайпақ дөннің терістік жақ баурайынан келіп құлады. Құлтай әлен-пәлен деген жоқ, ат басын өз үйіне қарай бұрып еді, Сабытай оған:

– Ақаңның отанына түспейміз бе? – деді.

– Жоқ, – деп қамшысын үзеңгідегі етігінің қонышына қыстыра берді Құлтай:

– Сен  мырзалардың  үстіне  кірмеуің керек екен, – деді Құлтай.

– Неге? Менің албастым бар ма оларды басатын? – деп алып тіксінді Сабытай.

– Отағасының айтқаны сол. Біздікіне өзі келіп алып кетеді.

– Ө-өй, ата-бабаңның аузын... Мырза болмасаң, құдай бол! – деп тісін қайрап алды да, Сабытай тізгінін тартып, кері бұрылды. Алдындағы ақ боз үй Ақбергендікі. Құлтай бұған ермеді, «өзің біл» дегендей ыңғай байқатып астындағы атын тебінді. Сабытай атын қаңтарып, шылбырын түйелердің желісіне іле салды да, қамшысын беліне қыстырып, екпінмен есік ашты.

– Салаумағалейку-у-ум... – деді табалдырықтан аттай беріп.

– Уағалейкүмүссәлам...

Төрде Ертас, оның екі жағында Әлмағамбет пен Акберген – үшеуі отыр. Бейтаныс адам келген соң, Ертас әңгімесін тия қойды.

Әлмағамбет жан-малын сұрасып, Сабытаймен амандасып жатыр. Ағайын болғанмен, бұлар бөлек ауыл.

Ақберген мұның үстеріне кіргенін жаратпады. Сабытай төменірекке барып бөксе баса бергенде, Акберген:

– Шырағым, конақтың бір парасы жастар. Құлтайдың үйінде шығар... Сонда бар, қатарларыңмен бол, – деді оң колын соза көтеріп. Өңі сұрғайып, көздері жыпылықтап кетті, онысы әріден ашу тепкені.

– Болады, адаспапсың, аға. Барам, – деп отыра берген орнынан қайта тұрды да, Сабытай қойнына қол жүгірте берді.<--break->

– Бара бер, бара бер. Сол жерден алармыз... Ақберген қайта тұрды да, қол көтерді.

– Қазір, қазір, – деп тұрып Сабытай қойын қалтасынан бір дода қағаз ақша шығарып, оны төрдегі Ертасқа апарып ұсынды. Ештемеден хабарсыз адам сияқты. Сабытайдың ұсынған қолына тосырая қараған Ертас бетін жыбырлата күліп, ақшаға алақанын жайды.

– Мұның не, жігітім? – деді алып жатып.

– Бұл бес қара, бес жандықтың құны. Баласы байдың қызын алып қашып келген Бегей Қорабай беріп жіберді, «болысқа табыс ет» деді. Аманатты жеткізіп тұрған мен – Құралбай баласы Сабытаймын, – деп сөзін созбаламай, желдірте тақ-тақ айтты да, басқаның сөз сөйлеуіне мұрша бермей, артынша бұрылып үйден шығып кетті.

Ақша өз қолына тимеген соң, өзегі жалындап кетті ме:

– Ғафу ет Ертас, інім. Бұл өзі бізге алыс адам емес, айыбы кәпірлердің ішінде көп жүргені болмаса... Орыс мінезділеу – ит, – деді Ақбергсн еріксіз тіс ақсита.

Ертас   әркімге   бір  ұстатып,   жолшыбай сатылатпай-ақ түгелімен бірден қолымен бергені үшін Сабытайға іштей риза болып отыр.

– Мейлі ғой. «Есектің еті арам, күші – адал» деген, бергені адал емес пе, отағасы, – деді Ертас есік жаққа қарап.

Әлмағамбеттің де көңілі тоқ, акша түгелдей келіп, иесін тапты. Манадан бергі әңгіме-дүкен кезінде Ертас өзі жап-жас болғанмен өзін салиқалы ұстап, үлкен адамдарша бедерлі, парасатты көрсете білуіне Әлмағамбет әрі таңданып, әрі қызғанышпен қарап отыр еді. Ата жолын қуған ел көзіне ілінуі осындайдан басталады емес пе. Алымқор әкеден жұлмыр бала туса, несі бар – бәрібір ата жолы ғой...

Сабытайдың жаңағы қылығына көңілі бітіп отырған Әлмағамбет:

– Әй, Ақберген-ау, сөкпейік о баланы. Алған жерін білген соң, берер жерін де тауып келді ғой ол. Алған азсынбай, берген күдіктенбей кетсе болды бізге, – деді Ертас жаққа көз тастап.

Ризалық нышаны болар, Ертас бас шұлғыды.<--break->

Жиырма бесінші тарау

 

Қыс қыраулы өтті. Жоғарғы елдің де малы қыстан жүні ірімей тың шықты. Төменгі мәсі қойы қораланбаған, жылқысы тебіндік көрмепті. Қыстың жайлы болғаны сонша, Бозашы бойының раңы тіпті ұшпапты дейді. Қалың елдің қарап отырғаны – малы. Ол қыстан аман өтті-ау. Бірақ... Қарашаңырақтың көбі қайғылы қалды. Індетін ала келген былтырғы жаз адам шығынына ұшыратып, халықтың үрейін ұшырып, қатты қобалжытып еді. Төрт құбыласы түгел ауыл жоқ, біреудің жалғызы, біреудің жампозы сол індеттің құрбаны болған. Жұқпалы аурудан запы болғандықтан, көзі қорқып қалған алыс-жақындағы ел біріне-бірі қатынас та жасай алмады. Жазатайым келе қалса, қонақтан үркетін болды жұрт. Дабыры көп даланың жайына жатар күні болсайшы. Малы түгел, басы амандықта жадырар көзі болар ма... Аумалы-төкпелі дүние. Сабылысы мол, саябыры кем.

Есжан аулынан Тоқпанның шешесі мен Қарасайдың әйелі Зағира дүниеден өтіпті. Ұзын құлақтан есітіп, Ақбөбек ағыл-тегіл жылап алды. Бір кезде жаялығын жуып, тұлымшағын желбіретіп өсірген қолы жұмсақ Зағира еді. Ақбөбекке анасынан гөрі оның етенелігі артық болатын.

Қайыптың қайғысы биыл басынан асып жатыр. Жарты құрт бөліп талмаған жан жолдасы Жарылғаптың жалған өмірінде «ищә» деспеген жан жары Айнаш жарадан қайғылы қаза тапты. Қайып пен Жарылғапты «Әлгі біздің коңыр қаздар қайда жүр?» деп отырушы еді, бота көзі мөлдіреп. Әйелдері есті жігіттердің арадағы жора-достығы да берік болады, осы екеуінің шығарда жаны бөлек. Айнаштың өліміне Ақбөбек те тебірене қайғырды. «Келіннің бетін кім ашса, сол – ыстық» демекші Ақбөбектің басына ақ жаулық Жарылғаптың үйінде түскен болатын. Сонда неке қиярдың куәлігінде болып, тәтті неке суын ұрттатқан Айнаштың жарқын жүзі Ақбөбектің көз алдына әлі елестейді. Ол елі-күнінен айырылып, тағдыр айдап келген Ақбөбекке жаны ашығаннан онымен ұзақ-ұзақ әңгімелесіп, қамқорлык жасай, көңілін жұбатып жүруші еді. Айнаш теңіз жағасындағы жатақтың қызы, балықшы ауылдан түскен бұл елге. Жарылғап келіншегімен әзілдесіп отырып:<--break->

– Айнаш-ау көлкіген көк теңізден басқа не көрдің сен. Жегенің шабақтың еті, – дегенде, ол оған:

– «Құлазыған кең далада кенезең кеуіп, қаңбақ қуалағаннан басқа сен не көріпсің. Қорегің қойдың еті, сол тамақ па?.. Балықта бекіренің етіндей ет жоқ, шіркін. «Бекіренің бес кеспесін жемейтін басым қойдың құйқалы етіне қор болдың-ау...» – деп біздің елдің қыздары бекер айтты деймісің...» деп күйеуіне жеңістік бермей, сөзден тойтарып тастағанын Қайып та, Ақбөбек те әр тұста есіткен. Айнаштың алдыртпағанына бәрі мәз болып қалысатын.

Жазмышы келте, тұтам өмірінде жалған дүниенің бір қызығын да көре алмай қыршынынан қиылған Сәдуақастың мезгілсіз ажалы Қайыптың қабырғасын қайыстырып кетерін кім ойлапты. Ел қатарына косылғанда, ер азамат болатын келешегі енді-енді көрініп келе жатқан жүрегінің түгі бар жігіт еді. Қамқор тұмсық, қанды бет, төртбақ жігіттің адуын қайратына Қайып шын ықыласымен беріле сүйсінетін. Оны қызықтырғаны – оның бойындағы ыждағаттығы, жақсылық нышаны бар әр нәрсеге талпыну қабілеті. Ол шәкірт, бұл ұстаз болып еді оған. Күзде бейіт басына там соғуды үйретсе, биыл қыстай бірге отырып, етікшілік құрамыз деп жүргенде, қарашы құдайдың құдіретін...

Ақбөбек бүгін таңертеңнен бері ақ тайлақтың жүнінен Қайыпқа ышқырбау ызып отыр. Бір келгенінде абысыны Аманқыз тінін қылдай ғып жібін иіріп беріп кеткен. Осы қыста сол ақ тайлақтың жүнінен тоқып, мына сері қайнысына шапан тігіп беретін болыпты. Аманқыз киіз басу, ши орауға шебер адам. Өрмек тоқу мен киім қиюға келгенде, бұл ауылда одан өтетін әйел заты жоқ.

Ақбөбек киім пішуді содан үйреніп алыпты. Қайыпқа тіккен көйлегін көріп, енесі анада келінін баласына мақтап, маңдайынан сипаған екен. Содан бері Ақбөбек қол ісіне тым ынталы. Қайып Орынбордан келгелі үйден аттам шыққан жоқ, осы ауылдың бой жеткен қыздары мен келіндеріне етік тігіп шықты қыстай. Ақбөбек тарамысын ширатып беріп отырды, ол тігеді. Етіктің табанына қағылатын шеге ақ қайыңнан жасалады, ол да Ақбөбектің қолынан келе береді.<--break->

– Беліңе байлап көрші, – деді Ақбөбек бір ұшының шашағын ширатып болған соң, ышқырбауды күйеуіне ұсынып.

– Мынаның бәрін қайдан шешіп жатам, отырған жерімнен өзің-ақ өлшеп көрші, – деп Қайып келіншегіне қарап, суға бойлайтын адамдай екі қолын жоғары тік көтерді. Онысы отырған қалпында өлшетуге белін ұсынғаны.

Ақбөбек сәл именгендей болып еді, соң көздері күлімдей күйеуіне таман бөксесімен жылжыды.

Қайып екі аяғын көсілген күйінде қос тізерліктің жоғарғы жағынан қайыс белбеумен алып, жаңа етіктің қонышын сол белбеуге қыстырып қойып, ақ тарамыспен тігіп жатқан. Шынында да ол бұл отырысында аяқ қимылдата алар емес.

Ақбөбек күйеуінің бір санын баса отырып, қара мауыт бешпенттің ілгектерін ағытып өңірін ашты. Іштегі ақ көйлектің де етегін көтеріп, күйеуінің жалаңаш беліне қос қолын бойлай жүгіртті. Қайып әлі қолдарын көтерген күйі қаққан қазықтай болып отыр. Жалаңаш тәніне әйелінің қос қолындағы мұздай алтын білезіктері тиген сәтте Қайып:

– Ойбай! – деп қалды.

Ақбөбек шошып кетіп, қолдарын тартып кеп алды.

– Уһ, не болды? Жүрегімді ұшырдың ғой! – деді ол күйеуінің күлкілі жүзіне жәутеңдей қарап.

– Шынымен қорықтыңба? – деп Қайып, өзі де секем алды ма, жалма-жан келіншегін бауырына басып, біразға дейін босатпастан, құшырлана құшып бақты.

– Қорықпашы, жалғызым, жалбызым... Қасымдағы қарамсың, жаһандағы барымсың...<--break->

– Қыса бермеші адамды, білмейсің бе?.. – дейді Ақбөбек айтарын айтқанмен, күйеуінің құшағынан шыққысы келмей отырып.

– Ой-й, солай ма еді.?.. Түсіндім, түсіндім, – деп барып Қайып тізесінің үстінде отырған сүйіктісінен бір шумақ өлеңмен өтініп сұрады.

Есермін бе, есірік, тәңірім-ау?

Ата сақал шыққанша ес кірмеді-ау...

Жаздым деп, жаңылдым деп бас иемін,

Бергейсің байғұсыңа кешірім-ау...

– Бұл ауылда ойын-сауық кем болады екен. Қызық-қылуаның бәрі біздің елде қалған ба? – деді Ақбөбек Қайыптың бешпентін қаусырып жатып. – Әніңді сағынып жүрмін.

– Сағынсаң, қазір-ақ шырқап жіберем.

А-һа-һа-ау-у-у...

«Ай-күннің аманында босанып ал

Бір тұлпар со балаңа атауым бар...

А-һа-һа-һа-ау-у атауым бар»

– Қойшы әрі. Біреу естіп қалса қайтесің? Ұяттағы...

– Қимылдады ма өзі?

– И-и-и, түрткілеп ұйықтатпайды адамды...

– Мен түс көрдім, ұл табасың шекесі тоқпақтай...

– Қойшы! Ұялмайсың ба? – деп Ақбөбек орнына барып отырды да, қолындағы ызып қойған ышқыр баудың бір жағының ұшынан аздап тарқатты, ұзындау екен.<--break->

Осы кезде үйдің теріскей бетіндегі мұз тайғақ болып ерімей жатқан қабыршақ қары сытырлады. Жүрісі тез, ұл ма қыз ба, әйтеуір жас адам.

– Жеңеше, – деп Нұрқан жіңішке сыңғыр дауысымен.

– Келе бер, – деп Ақбөбек қолындағысын төсек киіздің бір қабат астына тыға салды да, өзі орнынан тұрып кетті.

Нұрқан именбестен үйге кіріп келді, төрге шығып, Қайыптың жанына келіп отырды. Жасы Ақбөбектен кіші емес, қарайлас. Бойы сұңғақ, аққұба, бір көруге әдеміше. Қимыл қаракетінде ер баланың қылығы бар. Ардың-гүрдің мінезінде абайламай сөйлеп, оғаштық жасап алатын әдетін қоя алмай жүр. Жалғыз болған соң, әке-шешесі еркек балаша киіндіріп еркелетіп жүруші еді, өткен жылы өлерінің алдында ғана әкесі елге той жасап беріп, қыздың киімін кигізген. Содан бері киімге көзі тояр емес, қос-қостап тіктіріп жатыр. Жайпақ өкше, стақан өкше, шоңқайма етік дейсің бе – бәрі бар. Енді көк сауыт етікке ынтызар болыпты, қоярда-қоймай жүріп, сонау қияндағы Ресей елінің саудагерлері арқылы былғарысын алдыртып еді, соны шешесі екеуі келіп, Қайыпқа беріп кеткен. Енді күнара соғып, бол-болмен етікшіні запы қылуға айналды.

Ақбөбек мосыға шәйнек ілді. Нұрқан келген сайын осы үйден шай ішіп кетіп жүр. Отырып алып, көбіне Қайыппен әңгімелеседі. Он алтыға шыққанша ер адамдардың арасында өсті ғой, содан шығар, әйтеуір үлкен, кіші демей еркекке үйір.

– Ағатай-ау,  әлі  отырсың  ба? – деді Нұрқан Қайыпқа жақынырақ жылжып.

– Отырмай қайтем, қарындасым-ау... – деп Қайып бас көтермей, өз ісімен өзі бола берді.

– Мына етік менікі ғой? Былғарысын таныдым...

– Ен салып қойып па едің сондай-ақ, – деді Ақбөбек күліп. Қыздың Қайыпқа жақындай бергенін ол жаратпай отыр. Тұла бойы бір түрлі болып, тынысы тарылып бара жатқандай. Онысының қызғаныш екендігін сезді де, өзін тез басты. Енді қызға байсалды өң білдіріп, жай ғана езу тартып отыр.<--break->

– Сен қатынға не жоқ! Ен салуға сендей шебер емеспін! – деді Нұрқан Ақбөбекке бажырая қарап. Бірақ ар жағынан ашу шақыратындай көздері шатынаған жоқ. Сәлден кейін бет ажары жылып, күлімсірегендей болды.

Ақбөбек оның ойыны ма, шыны ма, түсіне алмай қалды.

– Қарашы, қарындасым, менің осы екі құлағыма ен салып қойған сол жеңгең, – деп Қайып Нұрқан жаққа қарап басын қыңырайта беріп, сықылықтай күлді.

– Көрдім, аға. Сыңар ен салыпты. Тағы бір сұлуды әкелші, ана құлағыңа да ен салсын. Нұрқанның сөзі әзір тұр. Еркелікте еркін сөйлеуге әдеттенген бір отанның жалғызын, бір жағынан барлықтың мастығы да еліртіп тұрған сияқты. Ақбөбекке оның бұл сөзі де ұнамады. Аузынан шыққан сөзі жүрегіне түрпідей тиіп, барған сайын қызғанышын қалыңдатып барады. «Ана сүті езуінен кетпей жатып... Сондағы түрі мынау. Есік көргенде қайтер екен...» – деп ойлады да, Ақбөбек қызбен одан әрі ерегіспей, аузын бағып, әңгімеден шеттеді.

Қарап отыра ма, Нұрқан тағы бір сөздің шетін шығарып қалды.

– Бекер еттің, аға. Мамам айтып еді, етікті біздің үйге барып тікпегенің... Оңаша үй мамамнан басқа кім бар?

- Нұрқанжан-ай, бұл үйде оңаша ғой. Айналдырған екеуміз, – деді Қайып тізесіндегі белбеудің тоғасын ағытып жатып. Көп нәрселер ойына оралып отыр. Сәдуақастың өлер алдындағы айтқаны... «Қойныма өзі кіріп келді», «Қыздың өзі қорғанбаса, жігіт аяй ма оны?!.»

Сондағы Қайыптың өзінің сөзі «Көк байталдың күні оған да...»

– Әкем өлгеннен кейін басымызға жалғыздық туды. Өзіңнің ағайының да дұшпан болады ексн. Өрістегі малымызды біртіндеп әкетіп жатқан көрінеді.<--break->

– Қол ұшын берер ет жақындар жоқ па?

– Бар, немере ағаларым жүр. Бәрі де безіп кетті бізден.

– Олар да дәулетті адамдар ма?

– Сауын  сұрарлығы  жоқ, дөңгелек  шаруасы өздеріне жетеді.

– Ағайынның бәрін  жамандауға  болмас, қарындасым. Ішінара шығады жақсысы да, жаманы да бар.

– Қалап алды жеңешем... – деп Нұрқан Ақбөбекке қарай майыса сөйледі. Ажарың айдай жеңешем... Әне қазы, қарта, жал мен жая-жас ет әкелдім. Азбан койдың сүр еті жатыр дорбада. Араластырып ас жеңеше. Молырақ сал, Сабытай көкемді осында шақырсын деді мамам. Ет пісерде келеді өзі.

– Өз үйлеріңе шақырсаңдар қайтеді? – деді Ақбөбек, – жаман үйдің қонағы билегендей...

– Бір себебі бар шығар. Сағын сындырмайын жеңгейдің, – деп Қайып алдындағы жинастырған заттарын ірге жаққа тастай салды. Үнемі көсіліп отырғаннан ба, иілуге келмей, аяқтары ұйып қалыпты. Шайдан бұрын біраз бой жазып келу үшін сыртқа кетті.

– Кербез жігітке құдай қосты сені, Ақбөбек, а? – деді Нұрқан есіктен шығып, бара жатқан Қайыптың ту сыртынан қарап.

– Қойшы әрі суырылмай... Қыз бала әдеп сақтамас па, – деп Ақбөбек қабағын шытты.

– Осындай сал жігіттің етегінен ұстаған әйелдің арманы бар болар ма дүниеде. Ақбөбек, айттырулы жерің бар ма еді?

– Жоқ! Айттырылған адамым – Қайып!

– Иә,ә, жорта айтып отырсың. Сені біреудің жесірі дейді ғой.

– Айтқанның аузына шоқ түссін! Сен қызсың ғой, не керек сондай сөз.

– Ашуланба, жеңеше. Сені көңілім тартқасын келіп жүрмін. Әрі бар жердің, бай ауылдың қызы екенсің. Сырласатын қатарым жоқ маңда. Ішімдегі шерімді кімге айтарымды білмесем, – дегенде Нұрқанның көзінен мөлт-мөлт жас шығып кетіп еді.<--break->

Ақбөбек енді оның бетіне мүсіркей қарады. Бір сәтте жаны ашыған кейіппен:

– Жақында әкең қайтыс болды деп есіткем, – деді.

– Одан да басқа мұңым аз емес. Оны құдай алды ғой...

– Армансыз адам бар ма?

– Сәдуақас жүрегіме от жағып кетті ғой... Сол өлгеннен бері ішкен асым батпайды.

– Сәдуақас?!

– Әңгіме көп, құрбым, айта берсем...

– Айт, есітейін.

– Менің әкем иманды болғыр, жас кезінде бір бай ағайынымыздың малшысы екен. Жасынан бау кеспе ұры болып, алыстағы түрікпеннің иен далада жатқан малдарын айдап келе беріпті. Әкем содан байыған көрінеді.

– Қой, айтпа. Не керек енді, өткен істі қазбалап неге керек.

– Қалай айтпассың. Арты мынау ғой. Тұл дүниені жиды, жиды да, ақыр соңы қызығын көрмей өлді де кетті. Құдай қайырсыз малын берді. Сорлы ерні тұшып ұл сүйе алмай өтті.

– Қиын болған екен. Алланың ісіне не амал.

– Тісіңнен шығара көрме. Мен сол үйге тұтқа болар ма екен деп Сәдуақасты иемденім жүр едім, ол да маңдайыма сыймай кетті.

– Айттырылған адамың жоқ па еді? Сәдуақас сендерге ағайын емес пе?

– Ағайындық жері жоқ оның. Шыққан тегі Ысық олардың. Ертеректе келіп ата-бабалары біздің елге сіңісіп кеткен дейді.<--break->

– М-м-м-..

– Сырымды саған айтпағанда кімге айтам. Әкем байғұс момын адам еді. Шешем... Мамам ба... Мінезсіз адамның жақын-жуығы да жат болып кетеді екен. Сырымызды білген ел мені айттырмай жүр. Бәрі шешемнен.

– Жаман да болса анаң ғой, сырт адамдарға жамандай берме. Өзің жақсы болуға, ел-жұртыңа қайрымды болуға тырыс. Бұйырғаны болар. Асықпа, адам да табылар бір басыңа.

– Жоқ, жоқ, мамам тұрғанда біздің отанға ешкім де жоламайды. Қызық айтайын ба саған.

– Қайып келеді ғой. Еркек адамның алдында көкіп сөйлей берме.

– Келгенше... Сәдуақас өлгенде інісі үйінде жер бауырлап жатып, екі күн жылады. Даладағы жылқы қараусыз қалып, бір бие опаға түсіп өлген. Сол үшін Медетті алсын да сабасын мамам. Шіркін-ай, нар екен, шешеме қол көтермепті. Абырой болғаны, со бойда олардың үстіне Сабытай көкем келіп қалса бола ма. Мамамды ол да қамшының астына алған. Жеңгесін ұрып жығып кетіпті сөйтіп. Сабытай содан бері өкпелі. Шай-шекерін де сатпай қойды бізге.

– Қайнысымен жарасайын деп шақыртып жатыр екен ғой біздің үйге, – деп Ақбөбек күлді.

– Көкем қайсар ғой,бір қасарса, жібу қиын. Бізге қайырымды еді ол, мынау енді арамызды үзіп алып... Мамам қайтерін білмей қысылып жүр. Бір рет тамақ асып, үйге шақырып едік, көкем келмеді. Мынау менің тапқан айлам.

– Айлам?..

– Иә, айлам. Қазан толтырып етті асамыз. Қазан қайнап жатқанда, сен барып Сабытай қайнағаңды шақырып келесің. Ет пісе бергенде мен мамамды ертіп келемін. Сосын әңгімені өзім бастасам, Қайып ағамыздың мінезін білем, ол менің сөзімді жақтайды. Сабытай ағамыз жақсы көретін інісі Қайыптың алдында қиқарлыққа бармас. Көнеді, жеңгесімен қол алысуға мәжбүр болады, бәріміз қолқаласақ. Ұктың ба ақ жеңешем? – деп Нұрқан асығыстай, желпіне сөйлеп, Қайып келіп қала ма дегендей ме, есік жаққа қарай берді.<--break->

– Ұқтым. Ұқпасқа қоятын түрің жоқ қой қайын сіңлім, – деді Ақбөбек шәйнекті түсіріп, мосыны жинастырып былай алып қойған соң, енді отқа үш таған ошақты орнатып, үстіне қазанды қойып жатып.

Қайып жуық арада орала қоймады. Қыр астындағы қалың шидің ішінде оттап жүрген Қаракеріне көз салайын деп кетті ме.

– Түбінде би болып кетем бе... Еркектермен сөз таластыруға құмармын, Ақбөбек. Оным қалай?

– Ар жағыңда болса, билік пен шешендік бақыт қой.

– Әдіре қалсын, әйелден би шыққанын көрдің бе?

Еркіне жіберсе, әйелдің бәрі би, бәрі шешен... Еркек тұрғанда о бейшаралар қатарға қосылып жатыр ма? Шалқайып күлер, жазылып жүрер бір күні жоқ. Барын ішіне бүгумен білген білігін сыртқа шығара алмастан тұншығып өтеді олар. Ақбөбектің есіне жеңгесі Қалияш түсіп кетіп еді. Аздап толқып, мұңайып отыр. Қалияш қандай ақылды әйел. Көркі кімнен кем. Атақты бидің қызы. Қыз кезінде әкесін талай жерде сөзде мүдірткен екен. Жат жұртқа келіп, басына ақ жаулық түскен соң, көміршек болды да қалды. Оның сөзін тыңдайтын, ақылын ескеретін кім бар? Ата алыстағы бір асқар таудай, ене көз ұшында көрінетін айдың көлдегі кеме, сөз айту былай тұрсын, келін олардың қарасынан қаймығады. Қасында бір төсекте жатқан күйеуінің жылуынан суығы көп. Жан күйінде жүрек жылытар бір қылау жоқ, тән ләззаты түзге отырғандай болып кеткен тек бір әдет... Күндіз жылан бауыр қамшы тілген арқасы удай ашығанда, әйел бейбақ түнде шалқасынан жазылып жата алған ба?.. Қырынан бүктетіліп, бүкшиіп жатып, омырауын көз жасымен көл етіп, көрер таңды жан азабында атыратын.<--break->

Ақбөбектің ағасы келіншегіне тым қатал еді. Ол Есқуаттың Қалияшты талай жерде қойдай домалатып сабағанын көрген. Қайыпқа кездескенше, Ақбөбек еркек атаулыны әзірейілдей жек көретін. Ағасының жазықсыз жеңгесіне көрсеткен зұлымдығы оның өмірге деген көзқарасын үмітсіздікке, тұңғиыққа батыратын. Әйел затын дүниедегі ең бақытсыз жан деп есептеп, еркек біткенді нағыз жауыз санайтын. Түңілуден арылған бір сәтте ол әйел болмысын танып, әйел затына сұқтанар, оны өз деңгейіне тарта біліп, оның пәк жүрегімен дидарлас болатын, әманда мейір-шапағаты үстем, мерейі тең шығар ер азамат бұл жалғанда бар ма екен, бар болса, ол дүниенің қай бұрышында жүр екен дегендей ойдың жетегіне түсіп, өзінше армандағандай болатын.

Ойламаған жерден Қайып тап келді. Ақбөбек мүлдем өзгерді. Ақбөбекте осындай еркек тап болса екен деген тілек те болған жоқ-ты. Енді ол Қайып кім, өзі кім, Қайып қандай, өзі қандай, қалай танысты, қалай сүйісті – оны ол зерделеп көрді ме, сырт адамға болмаса, өзіне белгісіз. Жігіттік емеуріні қалайда тартты, Ақбөбектің білетіні сол-ақ. Ағаның көрсеткен қорлығы, жеңгенің тартқан азабы қыз бен жігіттің махаббат арнасына тезірек жол тартқан болар... Қатты қорқу да, есепсіз шошыну да бір жаңалықты, күрт өзгерісті бастайтыны бар... Елге ерсі болса да, екі жастың біріккен ықыласы мен құрайласқан жүректері, қосылған тағдыры сондай бастаманың бірі болар...

Ақбөбек күрсінді. Ауыр ойын тарқатқысы келді ме:

– Құт ошақтың басында қызға не айтса да жарасады. Ата-ананың алды айдын, қалай жүзсең де батпайсың. Жебейтінің тұрғанда сөйлеп, қал. Басыңа отау түскенде, бағыңды сынап көрерсің, – деді.

– «Басыңа отау» дедің-ау... Бір зат айтайын ба? – деп күлімсіреді Нұрқан.

– Айт.

– Сәдуақастың інісін білесің гой. Менен екі жас кіші. Медет ағасынан да мықты болатын түрі бар, асауға құрық тастағанын, құдықтан қауға-қауға су тартқанын көрсең. Сәдуақас өлгеннен кейін маған бір ой келіп жүр.<--break->

– Иә, не ол?

– Соны үйге кіргізіп алсам қайтеді? Иесіз отанға тұлға болсын. Қартайып қалсам, үстіме тоқал алып берермін...

Сырттан Қайып қақырынды. Үйдің артына әкеліп, бір нәрсені дүрс еткізіп тастай салды.

– Ақбөбек бері шықшы, – деді сыртта тұрып. Ақбөбек үйден шығысымен шошып кетіп:

– Әулие! Мынау не бәле?! – деді

– Қасқыр. Қасқырдың арланы. Соғып алдым, – деді Қайып ентігін баса алмай тұрып. Қалай соқтың?

– Қақпанын сүйретіп жүр екен. Жаяу қудым, шынжыры бұтаның түбіне ілініп қалса бола ма, қолыма сексеуілдің томары түсті, қара тұмсықтан бір ұрдым, аунап түсті.

Артынша болған жоқ, жайдақ атпен шауып, Медет жетті. Оның даусын – есітіп, үйден Нұрқан шықты.

– Осы қасқыр кеше бір құлынды жеп кетті. Түнде қақпан құрып едім, түсіпті ғой. Қаншығы бар мұның. Бүгін оған да құрам, – деп Медет атынан түсті.

– Үйге апар, – деді Нұрқан Медетке үкімін жүргізіп.

– Неге апарам?!

– Қасқыр біздікі!

– Қаншығы кімдікі?<--break->

– Қаншығы   мына  ағаңдікі, – деді   Ақбөбек Нұрқанның әдепсіздік жасап тұрғанына қитықтанып.

– Қанжығаға әуелі кім байласа, аң сонікі.

– Апар. Алып кет, Медет. Маған керегі жоқ, – деді де, Қайып үсті-басын қағынып үйге кіріп кетті.

– Жеңеше, – деді Медет атына қарғып мініп жатып, – Жата берсін, кешке келіп, терісін сиырып тастармын. Ана қасқырдың терісі де сендердікі. Илеп өзіңе ішік тіктіріп берем, жеңеше!

– Маған! – деді өзі өзгеріп Нұрқан.

– Саған... Барған жеріңде артыңнан апарам...

– Мамама айтам! Көктемегір ғана...

– Құдайыңа айт!

– Қайным!.. Нұрқан! – деді екеуіне басу айтып Ақбөбек.<--break->

Жиырма алтыншы тарау

 

Қыс ауру – сырқаулы болғанмен шаруаға жайсыз болған жоқ. Күн жылтырап, шығырмақ түскен сайын ауыл айналасының иіс-қонысы көбейіп, жұрттың қыс қонысынан жеріне бастаған шақ. Ауыл ақсақалдары үйлерінен шығып, көктің иісін іздегендей самал-желге танауларын тосады. Сосын екі-үшеуінің басы қосылса, ауыл сыртындағы шағыл төбенің баурайына барып, жантайысатынды шығарды. Шалдардың баққаны алдағы уақытта жаңа қонысты қайдан бастау, мал жайылымын қай өңірден іздеу жайлы кеңес. Бір рудың елі қонысқа, жайылымға таласып, тақасып-тайталасып жатпайды, қай ауыл бұрын барып орын тепсе, маң соныкі. Шымырау құдықтарға қойылған тәртіп те сондай, кімнің малы құдық басына ерте барса, астау соныкі. Ел ақсақалдары рулас аталы жұрттың адамдарын бір-бірімен шекістірмейді, әр ауылдың өз «тентектерін» қатты қадағалап, қия бастырмауға құрбаты жетеді. Әрбір ауылдас елдің жақсы ма, жаман ба, өз сыры өзінде жатады. Сырды сыртқа шығармауға аузы берік болу да ата жолының бір тармағы. «Бас жарылса бөрік астында, қол сынса жең ішінде» деген нақыл сөз сол аталар жолының сүрлеуінен қалған болар.

Құмсақ өңірдегі ұлпа шөп, раң бас қылтитып қалыпты. Кедей аулының жылда жайлы қоныс, шұрайлы жер таңдауға бапкер болып қалған жершіл саяқ жігіттері бүгін ертерек шығып кеткен. Олар жолдағы әр ауылға қона-түстене жүріп, тұяқ жеткен аймақты оралып қайтады. Олардың іздегені мал жүріп тұяқ кесті болмаған, қыстан бұтасы шашақты шыққан өңір, ондай бұйратты жердің көктемде көгі де тез көтеріледі.

Кедей ауылдары Текебай қара, Аққұрық балша, Басар, Ешкі қырған, Қолқа, Бозашы сияқты орта қоныстарды жайлайды. Бұл ауылдар жоғарғы қонысқа да өрлемей, төменгі қонысқа да құламайды, осы орта қоныс оларға құт-берекелі көрінеді.

Демесін кеше боз қасқа шалып, бір мал садақасын берген. Кешке ауылдың қожа-молдасын жиып, оларға да бір мал тарқатты, кезек-кезек қол жайып, ғұламалардың батасын алды. Түннің бір уағында жылтыраған оттың жарығында шешініп, әйелі мен екеуі мойындарындағы бұршақты шешті. Ерлі-зайыпты екеуі өткен күзде дүниеден тәрк бола жаздап, бастары жастыққа тимей сенделіп кетіп еді, сонда қоралы қойдың көгенінен шешіп әкеліп, осы қос бұршақты мойындарына салған. Жалғыз ұлы Есбергенді әке мен шеше құдайдан мойындарына бұршақ салып тілеген. Індетті жаз, қатерлі қыс өтті, ата-ананың тілегі болып, жалғыз бала ауру-сырқаудан аман қалды.<--break->

Шешектен зәресі кеткен Демесін Есбергенді қасына үш жігіт күтуші қосып, сонау қияндағы Астархан жаққа жөнелткен. Қыстай со бетте жүріп, Есбергеннің еліне есік ашқанына бүгін үш күн.

Демесін жаңа жұртқа ауып қонуға ауылын асықтырып жатыр. Әлі де сеніңкіремей ме, запы жүрек алас ұрып, жаңа жұртқа көшпеуіне қояр емес оны.

Бозым болыс қыс бойы пікірін ішіне сақтап, Есбергеннің елге оралуын күтіп жатқан. Кешеден бері бір ойын соқтырып, бір түйінге келе алмай, қай жағынан шығам, қалай реттеймін дегендей үміт пен күдіктің арасында әуреге түсіп отыр. Демесіннің үйіне бара ма, жоқ оны өз үйіне шақырта ма, ол жағы да дүдәмал тұр. Барса бас игендей, шақырса-шығын. Егер дастархан жаймай, кісі жіберіп кеңсесіне келтірер болса, ағайын адамға ұлылық жасағаны, үкім жүргізгені болады. Дегенмен жасы кішілігі бар, Демесіннің үйіне ұзақ сапардан оралған. Баласына көзайдын бағыштаған болып, өзі баруға іштей ұйғарып қойды, ол үшін бір-екі күн бұрын жансыздары арқылы байдың құлағына сыбырлатып қоюы керек.

Бозым баласы Ертасты ертіп, сол ауылдың шетінде отырған Демесіндікіне атпен барды. Болыстың аттары әбден жырынды болып қалған ба, бөгде жерге барып, бас байлатқан соң-ақ құлақтарын қайшылап оқырына бастады – онысы жем тілегені. Байдың қызметшілері жүгіре-жортып жүріп, көлік қамына көшкен, бір-бір кілем дорбаға сұлы салып әкеліп, ат басына іліп кетісті.

Әкесі үйге кіріп кеткенде, Ертас ауыл адамының сыңайын байқамақ болып айналсоқтап сыртта қалған. Сонда аттарының басына ілінген бірыңғай қызыл дорбаларға көз қиығын тастап үлгіріп еді. Іштей тамсанады, сол дорбаларды есебін тауып бұйымшылауға бүйрегі бұрып тұр. Қай елге барып жүрсе де, ол мұндай жаңалықты көрген емес-ті.

Дүниеде байлар бәсекешіл, әкімдер бәсекешіл, тағы күншіл. Байлар қызылға құмар, әкімдер тіленшек, берсе қолынан, бермесе жолынан алады. Демесін Есжанмен бәсекелес. Қызына құда түскеннен бастап, таразының бір басына өзін, бір жағына оны қойып, бірде басып, бірде көтеріліп кетіп жүр, Есжанда мал көп, содан ба жалпақ елде абыройы артықтау. Өзі оған жетпесін білген соң, Демесін ынта-жігерін қызыл дүниеге аударған. Хиуаның түкті кілемін, түрікпеннің қалы кілемін текшелеп жинап жатыр. Биыл келін түсірем деп жүрген ол елден ерекше көріну үшін қалы кілем өрнегімен ат басына дорба тоқытты. Саны көп, көшкенде түйенің бір жағына бір тең. Тойға келген бекзаттардың аттарын көрмеге қатар байлатып, бастарына бір-бір кілем дорбаны жағалай ілгізіп, көптің көзін қызықтырмақ ойы болушы еді. Бір тай кілем дорбаның әзірге бел бумасы шешілген жоқ. Ел көзіне бүгін соның екеуі көрінді, оған болыстың баласын қызықтырмақ ойы болушы еді. Ертас сыртта Есбергенмен біраз сөйлесіп алды. Олай-бұлай сөзге салып, саққа жүгіртіп көріп еді, балаң жігіт иге көне беретіндей түр аңғартты. Оның солбырлау ынжықтығы да байқалып түр.<--break->

– Қалыңдығыңның кетіп қалғанын есіттің бе? – деп сұрады Ертас.

– Білем, – деді Есберген аяғымен жер түрткілеп тұрып.

– Жесіріңнін артынан қумайсың ба?

– Бармаймын, желкемнің шұқыры көрсін!

– Әй, Есберген, інім... Сені қалыңдығыңа ұрын барды дейді, шын ба?

– Рас.

– Ұрын барсаң болыпты ғой... Әйеліңнен қашқаның не?

– Қайдағы әйел?

– Е, қол ұстасқан соң әйел емей не? Табандап ұстап қатып қалмай ма екен жігіт. Қоянның көжегіндей бүрсеңдетсең, сенен айрылғанын көрейін.

– Өзі іште отырып, керегенің сыртындағы маған қол берген болды. Сипап көрсем, күс басқан бір пәле, кемпірдің колы ма деп қалдым атаңа нәлетті. Қыздың денесі сүйегі шыққан арық, терісі одыр-бұдырлы бола ма? Маған ұстатқаны кемпірдің қолы...

– Бұлай... өзіңе тартып, баурыңа баспадың-ау деймін.

– Тартпақ түгіл жөнді жүздесе де алмадым. Ол сырттан, керегенің көзінен қол ұстатты.

– Қап құдай-ай! Жорта қашақтап саған наз қылып жүргені ғой сайтанның. Езгілеп, қайыстай илеп кетпегенің-ай...

– Бірдеме қаққан ба, шалдуарлау неме ғой өзі.

– Ал енді, – деді Ертас Есбергенннің біршама белін басып көрген соң, сөзді былай құрып.

– Сен жолама, інім, сол қызға. Оны нақұрыстау деп мен де есіткенмін. Бармасаң, барма неге керек ол саған.

– Жуымаймын да, маңыма жолатпаймын да.

– Сен Жеменейдің бір байының жалғызы болсаң, қатын табылмас дейсің ба. Саған дегенде жолда жатыр ондайлар. Ол есік көрді, біреудің ақ жаулықты әйелі. Есің болса, маңайына бармағайсың, інім.<--break->

– Бармаймын, аға. Мен талақ!..

– Жігіт екенсің, Есберген! Бір байдың қызы болмаса, тағы бір байдың қызы.

Ертастың сөзі пышақты жанымай, қайрағандай болып еді. Бұл болыстың ым қақтырмай түсінетін нағыз өзектес баласы. Әкесіне айтқызбай жағдайдың алдын алып тұр. Ертеңгі күні жазатайымдау шығар болса, оның қазіргі қоламтасы – Есберген. Әуелі соны сендіру керек.

Ертас үйге кіргенде Бозым қақ төрде жастық шынтақтап, жантайып жатыр екен. Демесін қара сәтенмен тысталған күпісін жамылып,одан бір орын былайда малдас құрып отыр. Ол дүниесі мол, дәулетті болғанымен кербездігі шамалы, қарадүрсіндеу адам. Оның көкірек керіп, жағасымен желке қаситын да әдеті жоқ. Бай болып жарма мінезге де жарымаған, замандастары күйтіктеу көреді оны. Басты адамының момындығынан ба, қатар жүрген ел Кедей ауылын «жуас» ауыл деп жүр ғой.

Бозым Дәмесінге мал сойғызбады, суық сорып қыстан шыққан малдың еті таңдайға татымайды деп, сүр ет пен сары ала қазы астырып жатыр.

Бозым шынтақтағы қызыл жастықты арт жағына ысырып тастап, бой көтере тікейіп отырды. Ол жасандылау болса да, паңдыққа үйір. Көселігі жараспайды, қайтсін, әйтеуір барынша кірпияздық жасап бағады. Көбіне көсе адамның беті сұрғылттау келеді. Қаулап тұрған сақал-мұрты, әр жерде бір талшық көбікке біткен қылтанақтай-ақ. Сонда да болса Бозымның кәдімгідей сақал сипайтыны бар. Қазіргі отырысында да сақалын сауғандай ишарат көрсетіп қойып, аздап тамағын қырнады. Оң жағында отырған Ертасқа көз тастап алды да, енді Демесінге кеуде бұра қарады.<--break->

– Уа, отағасы, – деді мұрнымен болар-болмас жөтеліп, – жесірімізді алып қашып кеткен Бегей ауылы адам жіберіпті бізге. Қатты өкпелі құсайды.

– Ал айтшы өкпесін, – деді Демесін енді тізерлей отыра қалып. Жақ, дөң тұмсық, қалқан құлаққа жатпайды, шұнақ құлақ, зер салған адамға мұның сүйек бітісі мен кескін-келбетінде арғы тегінде болған құл тұқымның сарқыншағы екендігі аңғарылып тұрады.

– Иә, өкпесі қазандай. Ойлап-ойлап, олардікі де орынды ма деп қалдым. Бегейдің бір есуасы Бәйімбеттің бір қаншығын өңгеріп кеткеніне біз күйінбесек те болады. Айтып отырса, түрі жаман. Ұлыққан ит те ондай емес дейді.

– Астапыралла... – деп Демесін жағасын ұстады. Апарғасын   Бегейлер   әйгілі   малғұндардың   екеуін екі үйге қамап, қырық күн тұтқындапты. Ана есуас жігіт түнде қамалған үйінің шаңырағынан шығып кетеді екен де, ана үйдің шаңырағынан түседі екен. Таң атқасын қараса екі мақұлық бір үйде, бір төсекте құшақ жазыспай жататын көрінеді.

– Ойпыр-ой, ойпыр-ой беті құрысын, – деп Демесін басын шайқай берді.

– Өздері адамнан туған ба? Жын ба, шайтан ба, не пәле!? Ондай нақұрыстар үшін бізге несіне өкпелейді екен олар?

– Өкпелейтін себебі бар: жесір сенікі емес пе, отағасы-ау? Артынан қуғыншы жібермегеніне өкпелі Бегейлер. Неке қиғызбай келсе, жесірін өздеріне қайтарып берем деп, сендерді күте-күте қырық күн ұстапты. Қырық күннен кейін еркімен келген былай тұрсын, жаудан түскен жесірлерге де шариғат неке бұйырады екен. Бегейге өкпе жоқ, сондада неке қиғызбай, әлгі екеуін елден қуып жіберіпті. Кетіпті тентіреп, қайда жүргенін ешкім білмейді. Паналайтын жер тапты ма, жоқ суыққа қатып өліп қалды ма, кім біледі, айдалада аш бөріге жем болды ма, ешкімге белгісіз.<--break->

Бозым жайымен жағалатқан жоқ, көбінше өтірік қосып ертегідей бөрттіре сөйледі.

Ертас бірде мысқылдай күліп, бірде ашу шақырғандай кіжіне түсіп, орнынан қозғала берді. Бұл құбылжытып отырған сырт көрінісі. Іші жылы, әкесінің ықпалына тәнті, риза. Сыртта баласы баласын, іште әкесі әкесін алдап, арбауында жатқан үлкен мәніс бар, оның шыққан тамыры бір, енді сол бірі мен бірі уағдаласып қойғандай-ақ қаракетке қатар кірісіп, келісін бірдей тартқан әке-бала арасындағы сиқырлық жөнін тауып, түйінделе бастаған сияқты.

– Ал келген кісілерді не жауаппен қайтардың? – деп сұрады Демесін дегбірсіздене отырып.

– Демекеңе маңдай түзеп келген екенсіңдер, оларды жолсыз демеймін дедім. Бірақ ол кісіге тікелей бара беріңдер деп айта алмаймын дедім. Сол кісіден жейтін қонағасыны біздікінен жерсіңдер, біз да алыс адамдар емеспіз, – дедім.

– Тәңір жарылғасын... Бақытты бол...

– Бүгінде ағамыздың көңілі жарымдау жүр, жалғыз тұлға сапар шегіп кеткен, уайымына бәріміз де ортақпыз дедім.

– Ой, не дерің бар. Жанды шүберекке түйдік кой...

– Жаманың жол сапарынан аман сау оралсыншы. Ата-анасына қауышқан соң арқа-бас кеңір, сосынғы жұмыс қой бұларың дедім.

– Дұрыс айтыпсың, інім.

– Көңілдің қошында ағамызбен сөйлесіп көрермін дедім. Ендігі жерде сол жесір бізге керек пе, керек емес пе, ойласып көрерміз дедім.

– Оның да жөн.

– Алакүлік шайтанның артынан куалағанша, құдайымызға сиынып, бір баланың тілегін тілегеніміз артық емес пе дедім.<--break->

– Құдай-ау не айтқаның...

– Демесін табаны жарылған жарлылардан емес дедім. Оның маңдайға біткен жалғызы елден қалған сілімтікке зәру бола қоймас дедім.

– Өй, анасын... оның! Айтқан жерден аулақ! Демесін Бозымның сөзін дән қоя тыңдады. Болыстың сөзінде іркісін жоқ, жігі білінбестен барып жүрек түбінен орын алған сияқты. Демесін алқаға түсіп, өңеш қызартқан адам емес, дәулетке дс мастанбайды. Байлардың күншілдігі әйелдердің күндестігіндей болса, ондай қасиеттен бұл да құр емес, бірақ біреуге зардапсыз. Әркіммен үзеңгі қағыстыру мұнда атымен жоқ, жұртқа сұс көрсетуді де әдет қылмаған. Тәкәппарлығы үйдегі жасауы – қызыл дүние, мырзалығы – жайылған дастарқаны, сыртқа да сақилық жасап бағады, бірақ онысын көпке көрсете білу үшін бір жағында суы дайын тұратын ұртты ауыз керек: киліге кетіп, өңмендей түсетін өресі болсын, қызыл тілдің киелі сөзі өз алдына. Ондай қабілетінің жоқтығын Демесіннің өзі біледі, онысына ол қорынбайды да. Аздап аңғалдығына, әркімге сенгіштігіне бағып жүре береді, әйтеуір шаруа жағына, дүние жиюға мығым.

Көкірегі кіршіксіз қарапайым адамдардың көбі әкім біткенді ұлы санайды, сондықтан оларға табынғыш. Демесін де солардың бірі. Осы отырысында оның Бозымның алдында аздап жалтаңы байқалады. Ол не десе соны мақұлдауға бар.

– Ал, енді Демеке, ағасы... Менің көптен бері іште сыр сақтап жүрген жайым бар, – деді Бозым әке сөзіне араласпағанмен, оның әрбір лебізін іштей таразылап, ой үстінде үнсіз отырған Ертасқа тағы бір назар аудара қарап қойып.

– Айт, сырыңды, айт інім, – деп Демесін сәл дене қимылдатып, еңкейе құлақ тосты.

– Ана қарбашадан хабар аламыз ба, алмаймыз ба? Меніңше сол қаншықты талақ етіп тастасақ деймін. Ал мен қыз иесі Есжанмен жекелей өзім сөйлессем деймін. Сенің өткізген мал-мүлкіңді Есжаннан саған қайтарып бергізсем болмай ма?<--break->

– Болсын, солай болсын. Бұл ақылыңа тұрам.

– Келген малды көтере сауда қыламыз да, бір қызға аудара саламыз. Оныңды тездетуге де араласайын. Іншалла, сәті түсер, отағасы. Араға болыс түссе, бітпейтін іс бар ма? Бітірермін...

– Сөйте ғой, шырағым. – Жабырқау күйде отырған Демесіннің үні бәсең тартып, тым жалыныштылау болып шықты. Ол әлі жөндеп есін жия қойған жоқ. Баласының көріскеніне екі-үш күн-ақ болған, келім-кетіммен жүріп, жалғызының тамағынан иіскеп, маңдайынан сүюге де уақыт таба алмай қойды. Сағынышы тарқап, мейірі қанбаған әке маңдайына біткен жалғыз ұлдың төбесін көруге асыға ма, есік жаққа ауыт-ауыт қарай береді. Есі-дерті со баланың үстінде, көрмеседе оны өзінше өзеуреп, өзгеден қызғанып отыр. Оңаша отырып, оңаша сөйлесіп, бетіне көп қарап, мауқы басылатын емес. Есік жаққа тағы қарады. Осы сәтте есік ашылды. Есберген екен.

– Кел, бала кел! – деді Бозым иегін көтеріп.

– Қайда жүрсің, қарғатай-ау?! – деп жүрегі жарыла қуанып кеткендей Демесін оң қолын ербеңдетіп, өз-өзінен қопаң-қопаң етті.

– Мамамның қасында... – деді Есберген әкесінің сол жақ иығына қол арта қос тізерлей отырып жатыр.

– Шешесі жақын ғой бұған, – деп Бозым күліп қойды. Есберген әкесінің бір санын шынтақтап отырды. Өзі қауқиып өсіп қалыпты. Шаршысы да бір шама шығайын деген. Қалың қара қасы, ұзын кірпіктері, жақтың ойығы, тұмсығының дөңі әкесінікінен айнымаған.<--break->

Бозым бәріне зер салып отырып, енді өз баласына көз салды. Оның көселігі келеді екен, дегенмен бет пішіні сәл басқашалау. Өз баласы өзі секілді майысқақтың озбыры, оған мақтаныш етсе болады.

Болыстың Есбергенге көңілі толмай отыр. Оның дене бітіміне емес, балауса балалығына. Қалыңдыққа ұрын барып, беті ашылған жігітке ұқсамайды ғой өзі. Әлі күнге шейін әлпештеген алақанның тербелісінен түспегендігі көрініп тұр. Буыны қатқан, бірақ ақыл-ойы сарапқа түспеген, таралмаған, ширамаған... Ысылуға, шынығуға әлі уақыт керек, ол үшін өмірдің кермегін татып, сабауын жемесе бола ма?..

– Осы біреуім аман тұрса, басқа уайымым жоқ менің, – деп Демесін баласының арқасынан қағып-қағып койды.

Үйдегілердің бар ойы Есбергенге ауып кеткен соң, Бозымның да айтып отырған сөзі бөлініп еді. Енді сол ойын бір қараға жеткізейін деді ме ол:

– Ертас, құлақ сал бері, – деп баласының бетін өзіне қаратты. Сен тіс қағып қалдың, балам. Жер көріп, ел кезіп жүрсің. Жақсыдан алған нәфіратың да аз емес. Жетілдім, жетістім деп адам бір басына сене берсе, ол да асылық. Асып кетпеу үшін сенің қасыңа өзіңнен жасы кіші бір серік керек болып тұр. Шәкіртсіз ұстаз тұл депті бұрынғылар. Ұстаздық дәрежеңді тұл етпегейсің, жаныңа шәкірт ерткейсің, балам, – деп сөзін жалғады.<--break->

– Шәкірт табыңдар, бата беріңдер, – деді Ертас әкесіне ыңғай бере сөйлеп.

– Саған жарар шәкірт мына отырған Есберген інің...

— Жарайды онда. Есберген, тұр орныңнан! Бері шық. Қасыма кел! – деп Ертас Есбергенді саусағымен шақырды. Есберген орнынан ұяла тұрып барып, Ертастың жанына келіп отырды.

– Бұл қарадан шыққан қасаң емес, байдың балпаңы. Осы жігітті қасыңнан қалдырмай жүріп, тәрбие көрсет. Қанатын қатырып бер. Байлығы мен мырзалығы ешқайда кетпес, бізге керегі осының келешекте топқа түсуі, тіл ұстартып, шешен болуы. Кейін не ояздың, не болыстың төңірегінен жұмыс таптырып бергізермін... Қане, Демеке, – деп Бозым қол жайып бата беруге айналды.

Отырғандар қол жайысты, бата берілді. Ертас Есбергенді колтығына тартып, арқасынан қақты. Демесін «отыра тұрыңдар» деді де, сыртқы шығып кетті.

Аттың ер тұрманын алып, аяғын шідірлейтіндей уақыт өткенде қайтып оралып, бір нәрсені қолтықтай кірді ішке. Болыс пен баласына екі бірдей зерлі шапан жауып, бай тағы қол жайды.<--break->

Аспан ашық. Көктемнің алғашқы шуағы бойды қыздырған сайын көңіл де сергек тартып тұр. Қонақтар ыстық тамақтан кейін әрі қызыл күрең шайға қанып, үйден қызара бөртіп шығып еді, Есберген Ертасты маңайлап, қасынан қалмай жүр. Әлгі бір әзірде үйші жігіттерге ым қағып, аттардың басына дорба ілдірген, аттар жерден бас көтерер емес, дорбадағы жемді күтірлетіп жеп жатыр.

Демесін бай қонақтармен қош айтысты да, үйіне отырып қалды. Желең киінген екі жігіт сауыры бұлтиған семіз қос күреңнің желкілдеген жалдарын саусақтарымен тарап тұр. Аттар жемдерін жеп болса, қайта ерттеп, сыйлы қонақ Бозым мен Ертасты қолтықтан демеп, үзеңгіге аяқ салдырмақшы. Аттар дорбаларын босатты.

Ертас Есбергенді қасына шақырып алып:

– Мынадай дорба Маңғыстау елінде жоқ. Түскен ауылға жігіттің мақтаныш ететін дүниесі екен. Бұдан былай екеуміз елге шығып тұрамыз ғой. Ат дорба бәрібір керек... Аналарға айт, ер басына іле салсын, – деді.

Жігіттерден бұрын барып, Есбергеннің өзі ат басынан дорбаларды сыпырды да, екеуін екі ердің басына ілдіріп жіберді.<--break->

 

Жиырма жетінші тарау

 

Ақбөбек осы үйдің табалдырығынан аттағанынан бергі күйеуіне айтқан алғашқы ұсынысы. Айтам деп айта алмастан бірнеше күннен бері жүрексініп жүретін. Қайып бұған қарап бірде бір қабақ шытқан жан емес, Ақбөбек те сол. Қайып таңертең үйден шығып кететін, кешке есік ашып кіретін. Екі арада олар бірін-бірі аса сағынушы еді, шыдамы жетпестей бірін-бірі тақатсыз күтуші еді. Көз көріп, қол ұстасқан сайын екі жастың көңілдері жұбанатын, жүрек дүрсілдері басылатын Олар біріне-бірі тікелей де қарай алмас еді, бірі-бірінен ұялушы еді. Көрінген сайын көрген сайын ол мұны, бұл оны аяй береді, аяй бсреді. Аяныш жүрген жерде ілік табар не бар...

Ақбөбекке осы жақыннан бері бір оқшау ой түсіп жүр. Ойланғысы да келмейді, ойламасқа да болмайды. Ол күйеуінен оғаш мінез тапқандай болып, соған өзі де кобалжитын секілді.

Қайыптың мінезінен қараулық тауыпты, қобалжитыны сол оның.

Қайыптың үйіндегілердің әкесінен басқасы биыл қысымен із суытқан жоқ. Назар Аманқызды ертіп неше дүркін келіп кетті, Айсұлу апталап жатып кетіп жүрді. Ал Қайып пен Ақбөбек ол ауылға қарап қадам баспады. «Неге олай? Акбөбектің ойына орала беретіні сол жағдай. Әкенің сөзін кек тұтар ма бала? Ұрса да, ұрысса да, ол әкесі... Әке үйінен шығарып жіберсе оған әкесі емес, бала кінәлі...<--break->

Қайып әкесіне өкпелеп жүр ғой шамасы... Оның онысы жолсыз... Наурыз өтті, әкесіне барып көрісіп келмеуі ұят... Қайыпта қараулық бар, енді біліп жүрмін... Айтсам, ренжітіп алам ба?.. Өзімді сөйлетпей қойса... Қайтарып тастап, тоңмойындық жасап кетсе қайтем». Ақбөбекті осындай ойлар тұмшалап алған, кейде сіресіп, кейде босайды. Бүгін таңертеңнен бері бар ойын топтай келіп, қалай бастап, не деп айтарына келгенде қай сөздің басын ұстауын біле алмай қиналып жүр еді. Бір ойы «жарықта айтам ба?» дейді, енді бір ойы «қараңғыда айтайын» дейді. Ең соңында жарық барын күтетін болды. Ендігі бір ойы кешкі кезде от жарығында және шәй үстінде сөз бастауды мақұл көрді. «Кейітіп алсам, алдым түн ғой, жылармын-сықтармын, атырармын бір таңды»...

- Шайыңды өзінен құйшы, маңдайым жіпсіп келеді, - деді Қайып әйеліне таман жақынырақ жылжып отырып.

- Мен де шөлдеп қалыппын, - деп Ақбөбек аққұманның астына шоқ тартты.

- Қызы құрғыр күнде келіп дікілдеп мазамды алып болды ғой. Бүгін кұтылдым әйтеуір.

- Тездетіпсің. Екі етігін де тігіп бердің бе?

- Иә, тағы бір етіктен дәмелі.

- Көк сауыт, қоңыраулы - оларды тіктірді. Енді қайсысына кұмар?

- «Шығыт» етікті де кием дейді.

- Кисін, кисін, аяймыз ба. Дегенмен пысық қыз.

- Жанып тұр-ау, жанып тұр.

- Бұны алған адам жаритын шығар. Алатын жерде құдайдың бермесіне қояр емес, алымқор ғой.<--break->

- Несін көрдің сондай-ақ?

- Білесің бе, анадағы екі қасқырдың терісін илеп қойған жерінен Медеттің шешесінен тартып әкетіпті.

- Қасқырды не қылады екен?

Сонда Медет маған «Жеңеше, осы терілерден саған ішік тіктіріп берем» деген. Нұрқан «бермеймін, өзім алам» деп кеткен. Маған бергізбеу үшін істеп жүрген қияңқылығы.

– Қоя ғой, терісінің де керегі жоқ, бәрі өзіне, – деді Қайып қол созған әйеліне шай аяғын ұсынып жатып.

– Мә-ә саған, оның қызығы бар. Медет те кекшіл екен, ертесіне құлындайын деп тұрған екі биенің «қасқыр тартты» деп қарнын жарып кетіпті. Оның ертесіне Нұрқанның шешесі дауыс етіп, бет жыртып жатқан көрінеді, – деп Ақбөбек кестелі орамалымен тершіген маңдайын сүртті.

– Маған берші, – деп қол созды Қайып. – Салқын тиген бе, кешеден бері желке жағым ұйып, денем құрыстап жүр еді, әбден терлеп отырмын.

– Қой.   Біреудің  тер   сіңген   орамалын... Өзіңдікімен сүртсейші.

– Су болып кетті. Қайып жігіттігі ұстап, келіншегіне әдейі жұғысқысы келгеннен сұрап отыр.

Ақбөбек күйеуінің «сайтандығы» ұстап отырғанына онша түсіне қоймады ма, орнынан тұрып барып, төрде тұрған сандықтан кеше ғана кестелеп тігіп бітірген айналасы қызыл жібек шашақты ак патсайы бет орамалды әкеліп берді.

– Иә.

– Әкел... Отыра ғой... – деп Қайып күлімдеді.

– Отырмай қайда барам? – деді Ақбөбек күйеуінің дастарқан басында қылжақтап отырғанына мән бере қоймай.<--break->

– Отырдың ба?

– Иә, отырдым. Немене дейді аспаннан түскендей болып?

– Жанымды тербеп барасың, қыбыржымай қайтейін! – деп Қайып орамалды қолына бүктеуін жаза сілкіп-сілкіп жіберді де, қаңбақтай жеңіл көтеріліп орнынан тұрып кетті.

– Акбөбегім, Бөбегім...

Айналып сенен кетсем бе...

Ақбөбегім, керегім...

Құл болып саған өтсем бе...

Қоймадың-ау еркіме коймадың-ау...

Тоймадым-ау көркіңе тоймадым-ау...

Ұстатқан соң колыма сен орамал,

Сүртейін деп терімді колға алдым-ау... – деп түрегеп тұрып тақпақтады әуелі. Соң шайтабағын қоя берген Ақбөбектің ту сыртынан барып, бір қолымен құшақтап, бір қолымен оның бетін сүртті.

Ақбөбек жұлқынбады, сәл шалқая түсіп, жайымен тершіген жүзін тоса берген еді. Біріне-бірі тиер-тимес болып, білтелі қос еріні дір-дір етті.

Қайып орнына барып отырған соң, сол орамалмен өзі бетін сүртті. Мәз болып күлді.<--break->

Жас жұбайлар ойнап-күлуге зауқы қашанда орын таңдар емес. Кіршіксіз көңіл күдіксіз болады. Күдіксіз көңіл қашанда үміткер. Үміткер көңіл алданғыш. Бұл жас жүректерге, сүйіскен жүректерге тән дидарлыктың белгісі. Өмірдің өрнегі, әшекейі сол...

Ақбөбск айтам деп отырғанын бұл жолы да айта алмады.

Қас қарая Жарылғап келіп түсті. Қоңырқай үнмен енжар сөйлесіп отырып, тамақ жеп болысымен, төсек салғызды. Бұрынғы шаттық жоқ, жүдеу, жабырқау. Айнаштан кейін жүнжіп, бозарып, солып қалыпты. Қайып та ашылып сөйлей алмады. Құрдасының қайғысына ортақ.

Ақбөбек көз жасын төгіп біраз жылап алды. Айнаш отбасына тыныш, оның бар-жоғына бірдей, өмірі қабақ шытуды білмейтін аржай жан еді. Қазымырлау ененің өктемдігіне төтеп берем деп те қиналмады, бәрін де ақылмен жеңдіріп жүріп, дүниеден өтті. Отырықшы ел, балықшы ауылдың қызы, мына көшпелі ел, малшы ауылға түскен жылы бірден үйренісе алмай, едәуір жан қинап еді, жоқ, салпы етек болып қалмады, тез арада ауыл өміріне сіңісіп кеткен. Кейініректе көшпелі елдің жігіттері теңіз жағасындағы балықшыларды «Ауызы ақ көрмеген, ұрты етке толмаған қара табан жатақ» деп мұқатайын дегенде, Айнаш «Қыздарың қырық күннен бас жумайды, жігітің ала қыстай бел шешпейді, бөксе басып, бір тынбайсың, көрген рахатың қайсы?!» деп олардың аузын аштырмай тойтарып тастаушы еді. Өз елінің беделін көтеру үшін «Бекіренің бес кеспесін жемейтін басым қойдың құйқалы етіне қор болдым-ау...» деген мақалды қайта-қайта айтып, қарсыластарының анда-санда есіне салып қоятын.

Жатарда Айнаштың сол мақалын қайталап, Ақбөбек көзін сығып алды. Бір жастық ағашты үш адам жастанып, бір түнді өткізді. Жатуға Ақбөбек төсек жайып жатқанда, Қайып оған:

– Төсекті бірге сал, – деген.<--break->

Көңілі тату құрдастары келгенде ерлі-зайыптылардың бір төсекте жата беретіні бар. Оны шын достықтың, қимастық белгісі деп біледі.

Ана екеуі бір сәтте қорылға басты, от жақта жатқан Ақбөбек түннің бір уағына дейін көз іліндірс алмай, таңертең шала ұйқылау болып тұрды. Өзге еркектің қорылы, дем алысы, тіпті аударылып жатқандағы қимылы да оның жанына түрпідей тиіп, жөнді ұйықтатпады. Және сырлас құрбысы Айнаштың тірі кезіндегі бейнесі көз алдына елестей берді.

Таңертеңгі шайдан кейін Жарылғап пен Қайып далаға шықты. Бас қосып сыртқа шыққан соң отыруға, сөйлесуге ыңғайлы оңаша орын іздейтін еркектердің әдеті. Ашық алаңды, не дөң басын қалайды. Қараң-құраң қалың бұталы жаққа бармайды, себебі ол жұрттың түзге отыратын жері, иіс-қоңысы көп. Екі жігіт ауылдың батыс бетіне қарай жүріп, оқшауырақ шығып кетті. Бұл өңірдің жері кебіртектеу, бір замандары су ағысының табанында жатқан ба, жері ой-шұқырлы, кейбір тұстарының ұзына бойы арналы, оның екі беті кемерлі жал болып созылып кетеді. Шилі, бұталы маңы көп. Қалыңдық аңсыз болмайды, қасқыры, қарсақ, түлкісі кей жылдары өріп жүреді. Қоянын қалың қарда иттер де соғып ала береді екен.

Қайып пен Жарылғап жар қабақтың басына шығып отырды. Жарылғап бір сөзінде "Қатын өлсе қамшының сабы сынды" дейді осы қазақ. Сол не білгеннен айтқаны екен? – деді күйінішті кейіпте.<--break->

– Өй, байлардың оттағаны ғой, – деп Қайып бетін кіржитті.

– Құса болып жүрмін. Айнаштай қатын қайда енді маған.

– Бұйырғаны болар. Өзіңе өзің мықты бол.

– Тірі жан тіршілігін етер-ау, әрине ондай жоқ қой енді маған.

– Көз салған жерің жоқ па?

Бекіш байдың аталары бізден алыстау, білесің гой. Соның жақын екі інісі өлді былтыр. Жесірлеріне қолайлы әмеңгер жоқ. Әрқайсысында екі-екіден бала бар. Жеңгелеріміз жыртыңдайды мені көрсе. Байқаймын, Бекіш те теріс көрмейді-ау.

– Оның мақсаты келіндерді қорадан шығармау. Сен қолбайрақты адамсың, – деді де Қайып сөзінің ар жағын созбады.

– Бекіш бөлек ауыл қондырады дейсің ба мені. Малына салады да, – деп Жарылқап оның сөзінің үстінен ар жағын созбады.

– Қайын жұртыңмен хабарласып тұрсың ба? Олар не айтады?

– Балдыздарым бар, қайдан білейін. Қатыны өлгенге...

– Апасының аруағы үшін иманы бар біреуі шығар. Не де болса бесік көргенге ұрынсаңшы.

Екі жігіттің арасындағы әңгіме отыра берген соң, әр саққа жүгірді.

– Біздің қайын жұрттан хабар-ошар жоқ па? Біз болсақ іннің түбінде жатқан қояндай болып, ешнәрседен қаперсіз жатырмыз.

– Осы кеше жақында Есжанның күшік күйеуі, аулындағы Жеменей Қаражан батыр деген бар екен, сол келіп кетті. Бегейдің апшысын қуырған көрінеді. Ауылдың дәулетті адамдарын жиып, ішінде Бекіш те бар, жесірін даулапты.

– Мынауың тың қауесет қой. Айта бер.

– Жесірім аяғымен келген жоқ, оны атқа өңгеріп әкелдіңдер.<--break->

– Жан керек болса, жесірімді қайтып апарып, иесіне табыс ет! Олай етпесеңдер шабысамын, шабамын! – депті.

– Ал, сонымен. Қайыптың өңі қашып кетті. Еш жерден мұндай дүмпуі бар әңгіме есітпеген ол, тұла бойы түршігейін деді ме, төбе құйқасы шымыр еткендей болды.

Қайыптың абыржуын байқаған Жарылғап:

– Ағайындар араға түсіп, даукестің бетін әрі қаратқан көрінеді. «Жесірің жүкті, туайын ден отыр» депті. Сонымен дау малмен бітетін болыпты.

– Сонда қалайынша? Қалыңы ма, айыбы ма?

– Әңгіме қалың малдың үстінде. Біз қыздың қалыңмалын өтейміз. Ол Есжандікі. Ал Есжан Демесінмен есептескен құсайды.

– Келісіп, бітісіп жүргендер өздері ме екен, жоқ арада дәнекер бар ма?

– Бар, бар. Біздің жақтан Әлмағамбет, Ақберген ара ағайыншыл жасап келген. О жақта ымыраға жатқан – Бозым болыс.

– Шығындалар Бегейлер ғой, – деп Қайып жер шұқып отырып миығынан мырс етіп күлді.

– Қайтеміз басқа ылаж жоқ. Ағайындар бас қосып, ортаға тоқты-торымдарын салып жатыр. «Көп түкірсе – көл» деген амалдап құтылармыз борыштан, – деді Жарылғап айналаға көз жіберіп отырып.

Қайып ойланып, түйіліп отыр. Жаз өтті, қыс өтті, еш жақтан еш хабар болмаған соң, «Өй енді тыныш кетті ғой» деп жүретін. Бұған батып тұрғаны ағайынның күбініп, бұл үшін жылу жинауы, абыржуы. Елге бүлік салғанын енді ғана сезінгендей ол. «Ар жағы не болады?..Жұрт малын күліп отырып бере ме, жыланып отырып қарғап береді ғой... Жеті мүшесі сау аспа-жалап жігітке елден жылу жинау қол ма? Ат басындай азаматтың бір шүйкебас алуға жағдайы жетпеуі... Өз басын өзі алып жүре алмай, елге кесірін тигізгені... Тайы мен тайлағына жүк артып жүрген әке еді, екі бала ер жетіп, өз қолы өз аузына енді бара бергенде... Қара жұртқа тағы да қадалтатып болды ғой мына құдай... «Балаларым табыскер, құдайым он саусағына өнер берген» деп мардымсып жүретін әке елге енді не бетін айтады... Баланың әкеге көрсеткені осы ма?..»<--break->

Қайып ауыр ойдың әлегіне түсті, тұла бойы тобарсып ләм деместен біраз отырып қалды. Шуағы жоқ дүлей ой оған бас көтертпей отыр. Ауыт-ауыт жұтынады, түкірігі сұйылып кеткен. Басы күп болып ісіп кеткендей ме, салмақ тартып, бір жағына қарай ауып бара жатқандай сезінеді.

Жарылғап та ой үстінде. Қайыпты қалай сергітудің амалын таппай отыр. Ол Қайыпқа жақтас, тілектес. Оған ол бар ықыласын төгіп, құлай берілген. Қайыптың ісі шәлкес, ата жолына да, шариғат негізіне де қайшы, оны ол біледі, біле тұра оған ол қарсы шыққан емес, болған істі бұзуға болмайтынына оның көзі әуел баста-ақ жеткен. Ендігі жерде Қайыптың сол бағытына шамасы келгенше жол ашып, оның шылауын тартысуға, оған кедергі келтірем деушілермен айқасуға да, алысуға да бар. Көңілге медеу тұтарлық алда бір-ақ нәрсе тұр, ол – тәуекел. Сол тәуекелді Қайыпқа ұстатпақ. Өзі соған демеуші.

– Тұрдық, – деді Жарылғап тайдың топайындай домалақ ақ тасты жер бетімен тегіс жатқан жалпақ қара тасқа ермек үшін үйкелеп отырған Қайыптың иығынан түртіп:

– Қой күйзелме. Маңдайға жазғанын көрерміз. Ердің ерлігі осындайда сыналады. Әңгіме істің дау-сүренсіз бітуінде. Қолмен істегенді мойынмен көтермесе, қандай жігіт ол. Тәуекелмен бастаған істі тәуекелмен аяқтау керек.

– Қайда да бір тәуекел ғой... – деп Қайып орнынан тұрып, алға түсті. Екі жігіт жотаны жағалай жүріп кетті.

Ауылдан төменіректегі қалың бұтаның ішінде сары бие жабағы тайымен тұсаулы жүрген. Жолда құлындап, сүргіннен қалған осы сәтте сары биені Сәдуақас Қайыпқа сауғаға тастап кетіп еді. Қайып оны Жарылғапқа жетектетіп жіберген. Енді осы биеден тағы бір тұқым алатын ойы бар Жарылғаптың:

– Сәдуақастың інісі жылқышы дейді, ауылдан табар ма екенмін, – деді Жарылғап аттардың жанына келе бергенде.<--break->

– Медет пе? Бала жіберіп білерміз, – деп Қайып енесін еміп тұрған мойны құрықтай көшелі тайдың жүні тықыр ұзын сирақтарына таңдана қарады. Қыстан шыққан құлынның жабағысы болар еді, мұнда ол қазанның қаспағындай-ақ жұқалаң, жыртык, арқа тұсының, қабырғалықтың әр жерінде алақанның қарамындай болып, бөлек-бөлек ілініп жалбырап тұр. Бұл арғымақтың, түрікпеннің ақалтекесінің тұқымы. Мойыны созыңқы, омырауы мен сауыры қушықтау тірсектері тік, ұзын, тұяғы жұқа, топшысы жалаңаш, көшелі тұрқы сүйірлеу, жүні тықыр, жылтыр болатынын Қайып түрікпенге жақын төменгі қоныста отыратын Есжанның үйірлі жылқыларының ішінен көріп еді. Мына тай оған құмырсқа бел, қайық төстеу көрінді. Есжан ауылы есіне түсіп тұр. Бай ауыл, дарқан ауыл, айдай сұлудың ауылы, сол ауылда жастық шақтың шырынын татқан. Киелі махаббаттың буына батқан, сол ауылда армандауды сезіп еді, арзуылықты біліп еді... Жаңа дүние, жаңа өмірге аттандырған сол ауыл емес пе еді?.. Дарқан ауылдың адамдары да сақи болатын, жүздері жарық, алды кең болатын... Мерейлі әке, мейірлі ана бар, қамқор аға, сырлас жеңге бар. Олар ортадағы қара шаңыраққа дүниенің қызылындай көркі болған жалғыз қызға, еркетай қызға қатер тігер ме, аямас па оны... Қияңқы Қаражанды, қайсар, қарақшы Қаражанды өз елін аузына қаратып отырған ақыл-парасаттың иесі Есжан бай осындай даулы жорыққа аттандыра қойды ма екен... Қаражанның сырын білетін Қайыптың көңілі күпті. Бірақ ол жайында Жарылғапқа бір ауыз айтпады. Оның ендігі ойы Жарылғаптың хабарын Ақбөбекке айту ма, айтпау ма. Айтпауға бекінді.

– Мына биені үйірге қосып алсам деп тұрмын, – деді Жарылқап сары биенің жалынан ұстап тұрып.

– Еліңде жылқы жоқ па? – Қайып оған күдірейе қарады.

– Бүркеншек демекші, Құдайберді байдың бір үйір жылқысы түрікпеннен келген деп есіттім. Соған қоссам деймін. Тұқымын бұзбайық жануардың ұрығы өзінен болсын, – деді. Жарылғап сары бие мен жабағы тайға қарап тұрып.

– Байдың бой<--break->

– Не ұялады дейсің бе мені. Жүр кеттік! – деді Жарылғап Қайыпты қолынан тартып, – Медетті де сонда шақыртамыз.

Қайып тартынған жоқ, Жарылқаптын ізіне түсті де, Нұрқанның үйіне қарай жүре берді. Есігін ашпаған үйі. Көзіммен көрейінші дегендей әдейі келеді. Бұл шаңырақ жайында айдап-ұшпа сөз көп. Еркегін тірісінде «Құдайберді» демеген, «Бүркеншек» деген. Әйелін «Ақайым» демей «Ақар» деп жүр. Қыздың аты әзірге «Нұрқан » емес, «Мыстан».

Ақбөбектен тағы бір естігені «Жағамды ұстадым». Кәпір өз қазанымды өзіме ұстатпай, әбден күйдірді-ау сонда.

Нұрқан үйінде жүк жинап жатыр екен. Екі жігіт кірген соң, жүкті қайта жығып, қонақтардың астына қалың-қалың көрпе жайды. Қыз болып сызылу жоқ, сөйлеп жүріп, істеп жүр.

– Қайып от басының үйірсегі еді ғой. Тфә-тфә, тіл тимесін үйкүшік ағама. Мұны мына жігіт шығар күркесінен сүйреп шығарған, – деп салды Нұрқан жігіттер енді отыра бергенде.

– Нұрқан, сенен сондай сөзді естиін деп келіп отырмын. Әлі де болса, ендігәрі есігіңді ашпайтындай қылып айт, қарындасым, – деді қыздың адуын сөзін көңіліне ауыр алған Қайып.

Еркек емес, әйел емес, үлпершектей жас қыздың аузынан шыққан сөздің ерсілігі Жарылғапты да тіксіндіріп қойған еді. Екі жігіт біріне-бірі қарасып, біразға дейін үнсіз қалды.

Соны байқады ма, Нұрқан:

– Аға, ренжіп қалма, әзілім ғой, – деді. Қайып жауап қатпады.

– Сұлу қатыны барлар кінәмшіл, өкпешіл болады дейді. Немене аға, сондай болып кеткенсің бе? – деп Нұрқан Қайыпты тағы бір қағытып өтті.<--break->

– Нұрқан-ау, – деді Қайып сөзді былай бұрып, менің боларым болған ғой, бір жаманға байланғанмын. Мына Жарылғап деген бойдаққа еріп келіп отырғаным да рас. Бұл жігіт ел кезіп, қыз таңдап жүр. Ағаңды мыжып нетесің, осы жігітпен болсайшы.

Нұрқан сөзден тиылды. Оны Жарылғаптың мысы басты ма, қайқаңдап үйден шыға жөнелді. Сыртқа шығып біреулерге бір нәрселер айтты. Көп ұзамай өзі ішке қайта кірді. Жаңағы киімдерін тастап, жаңадан киініп келіпті. Баста қызыл шарқат орамал, үстінде қызыл мақпал зерлі бешпент, арқада шашбау, қолда білезік, сақина, жүзік, құлақта шығыршық. Үрдің қызындай болып жасанып келген, екі жігіт тағы да бір-біріне қарасты.

Көңілденді. Ендігі жерде қыздың қылымсуына ынтық сияқты олар. Нұрқан бір сәтте салмақты бола қалып, өз-өзінен сызыла түсті. Бір көруге сұлулығы ешкімнен де кем емес. Оның Ақбөбекпен ажар таластырып, күндес адамдай болып жүргені содан. Ақбөбекті өзіне қарағанда күйкілеу, ынжықтау көреді. Оған іштей қитықтық жасап, Қайыпқа шағыстыруға құмар-ақ.

Жұпынылау киінген келіншек сырттан темір астауға салынған сексеуілдің шала жанған көміршіктеу шоғын әкеліп, үйдегі от орнына төкті, ізінше буы бұрқыраған қара шәйнекті сол отқа жанбастата апарып қойды. Сосын «шайды кім кұяды?» дегендей сыңай байқатып, Қайыптың жанында отырған Нұрқанға қарап еді, ол «отыр» деп орынды көзімен нұсқады.

Келіншек отыра беріп, аққұманға шай салды.

Қайып мұртын сипап койып, тағы да сөз бастады. Әлгі келіншекке қарап:

– Қарағым, сен біздің елдің қызысың, құмалақшы атамның немересі боласың, мына Жарылғап та саған аға болады. Қарындастың шайын үйіне барған соң ішерміз. Біз бүгін Нұрқан сұлудың қолынан шай ішейін деп келгенбіз, айып етпе, шырағым, – деді.<--break->

Келіншек сол сөзді ести сала орнынан тұрды да, үн-түнсіз үйден шығып кетті. Нұрқан бір қызарды, бір бозбарды, бірақ әдеп сақтағансыды ма, үндемеді, жер таяна жылжып барып шай аяқтарға қол созды.

– Ак жеңгем көрінбеді, – деді Қайып шай үстінде.

– Көріп келейін деп өрістегі малға кетіп еді. Келетін уақыты болды – деп Нұрқан есік жаққа бет бұрды.

– Медет ше?

– Екеуі бірге жүр.

– Келе ме ол?

– Мамам жалғыз жүре ала ма? Келеді. Нұрқанның шай құйысында шеберлік бар. Шыны аяқты толтырмай, орта белінен жоғарырақ етіп қана құяды. Онысы шайтабаққа бір құйса, асып кетеді, екі құйса орта қалады. Сыйлы қонақта шай ішудің мәнері болады. Тез ұрттау, сораптай тарту –әдепсіздік. Шайтабақтын ортасы ұстауға ыңғайлы және сыздықтата ұрттауға жақсы. Ибалы қонақтың шай ішкендегі дем алысы да шуылсыз болады. Дастарқан басында тым еркінси беру жігітке сын. Жантаймай, қисаймай тік отыру керберзіктің белгісі. Нұрқанның шай құю мәнері мен жігіттердің шай ішу тәртібі біріне бір қабысып, ұштасып жатқандай еді. Талай жердің тұзын татып, көпті көріп жүрген екі жігіт Нұрқанның ойлағанындай тек бір шай ішіп, тамақ жеп кеткенін олжа көретін сыбай-салтан, сырдаң біреулер емес екендіктерін осы бір шайдың үстінде-ақ аңғартқан сияқты.<--break->

Жарылғапқа Нұрқанның әлгі бір сөзі болмаса, өңі ұнап отыр. Әлі тіс жарған жоқ. Жүрексінгендей түрі бар. Нұрқанның қарпи сөйлегенінен жасқанып қалыпты, енді ауыз ашуға қаймығып отыр. Жалғыз жайдақ өскен адуын қыздың шалдуар мінезі әке мен шешенің қақпайсыз, қайырусыз қарауының салдарынан болар. Ал оның туа-бітті қасиеті әлі ашылмаған да шығар. Шіркін, заман дегенің аумалы да төкпелі, өмір деген жарықтық құбылмалы емес пе, адам дейтін заңғарымыз одан өткен, мінез-құлқы сәт сайын өзгертеді, нағыз құбыжык, сәуегей... Жарылғаптың іш есебі, түйіні осы. Қалай да Нұрқанның сырт бітіміне көзі тояттай тұрып, енді оның ішкі сарайына үңілгісі келеді, содан бір жақсылыктың нышанын тартуға әуестенетін секілді. Жалпы сұлу қыздың бар болмысын жамандыққа қимайтындай рай бар Жарылғапта.

Қайып жанындағы Жарылғапқа маңғаздана мойын бұрып:

– Ұмытпай айтып қояйыншы, Сабытай төрт-бес самаурын әкелген құсайды, соның бірін Назардікіне ала кетерсің, – деді.

– Жарайды, – деді де, Жарылғап Қайыптың бұл сөзін басқаша жорыды. Қайып байдың үйін кекетіп отыр деп ұқты ол.

Қайыптың сөзін есіте сала Нұрқан да елең етіп, жігіттер жаққа қарады.

– Маған да біреуі керек.

– Алып қал онда.

– Байдың үйі дейді-ау бізді жұрт... Әлі күнге шейін самаурын жоқ.

– Бұрын болды ма бұл нәрсе, енді келіп жатыр ғой.

– Одан емес. Менің әкем де, шешем де дүниеге қызықпаған адамдар. «Қойшы, сол боқ дүниені»» деп отырушы еді иманды болғыр әкем. Шешем әлі сол, «зат» десең тулайды. Дерті – мал.<--break->

Шай ішілді, дастарқан жиылды. Нұрқан сыртқа шығып келіп қонақтарға:

– Еркек жоқ үйден «су ішіп шықтық» дерсіңдер. Мал сойдырып жатырмын, қонақасыларың бар, асықпай жеп кетіңдер – деді.

– Әнтек болыпты ғой. Жеңгей болса жоқ, – деп Қайып сәл ыңырқанып қалды. Сосын:

– Мен аттарды көріп келейін, сен отыра бер, – деді де, Жарылғапты тастап,  өзі жалғыз кетті.

– Нұрсұлу, жаңа «еркексіз үй» дедің... – деді Жарылғап сөздің аржағын Нұрқанның өзіне тастап.

– «Нұрсұлу» емес, «Нұрқан» де, – деп Жарылғаптың сөзін түзетіп алды да, Нұрқан:

– Атадан жалғызбын. Әкем қайтыс болды алдыңғы жылы, – деді. Өңінде аздап мұңаюдың табы бар.

– Маған «Нұрсұлусың», – деп күлді Жарылғап, – жаңағы Қайыппен мен аттай құрдаспыз. Оның келіншегінің аты «Бөбек». Елге әкелген соң «Ақбөбек» деп атын өзі қойып кетті. Үйленсем әйеліме де ат қойып алам деген ниеттемін.

– Ниетіңе түсінсем бұйырмасын, – деген Нұрқанның жүзі нұрланып кетіп еді «Әзілі ме, шыны ма»... Маған ат қойып алып... Алмай жатып... «Нұрсұлу»... «Ақбөбек»... Бастағаннан іші-бауырыма кіріп баратқанын... Қызыл көрген бәле ме...

Жарылғаптың бетіне әуелі тікірейе бір қарап алып, кейін жәутеңдей бастады.

– Айттырулы жерің бар ма? – Жарылғап жылжып, Нұрқанның жанына жақындай беріп еді, ол да қымсына қойған жоқ, оған мән бермегендей еркінше отыра берді.<--break->

– Құдай сақтасын.

– Сақтасыны несі, жас келгесін кетпейсің бе?

– Жазылғаны бар шығар.

– Ай, құдай, мені жаза көр, – деп Жарылғап елбектейді. – Мені Нұрсұлуға бұйырта гөр...

– Ақбөбекті шақырып келейін, жалғыз отырмасын, әрі біздің үйдің есігін көрген жоқ еді, – деп Нұрқан орнынан тұруға ыңғайланды.

– Онда Қайыптың домбырасын ала кел. Әнін сағынып келдім. Өңкей жастар екенбіз ғой, тыңдайық, – деді Жарылғап.

Нұрқанның албырттығы басым, оның сыр сақтай алмай қапелімде көкірегінің шерін көрсетіп қоятыны да содан. Кейде елгезек, кейде томырық қыз жүрегінің түбіне бірден байлау кім-кімге де қиын.

Қайыптың отауынан шыға бере Нұрқан Ақбөбекке:

– Құрдасың жақсы жігіт пе, әй? – деді.

– Қайыпты көр де оны көр, ар жағын өзің біл, – деді Ақбөбек Нұрқанды мықынынан жайымен сипай түртті де күлді.

– Сенің атың кім? Өз атың?

– Бөбек...

– Қайып па «Ақбөбек» деп атаған?

– Иә.

– Мені де құрдасың «Нұрсұлу» деп отыр.

– Алмай жатып па? – деді Ақбөбек. Нұрқан онысына жауап бермей қалды.<--break->

Астан кейін қолқалап қоймаған соң Қайып домбырасын қолына алды. Бұл үйіне коңсы-колаңнан ешкім бас сұқпады. Нұрқанның шешесі Ақайым әлі келген жоқ. Жарылғап біріне бірі еліктеп, емеурін тастап отыр. Кәмелетке жеткен қыз жұпар иіске құмар, еркектің иісі де – иіс... Сол секілді жасы келген қыз мезгілінде еркектің иісіне құштар болса керек. Әйел – қуыршақ, еркек оның көркіне қызығады...

Қыс қатпаған қатқақ жердің көктемде құлпыратынындай, Жарылғап көңілі жасарып, бүгін бір жасап отыр. Құрбы-құрдас, замандастар жиналып, бас қосқанда осындай ортаның әр жүректі бір қытықтап, қызықтырып, әр нәрсеге еліктіре беретін, желіктіріп, жетелеп кететін қуаты, пәрмені болады.

Жарылғап құдай қосқан қосағы, сүйікті жарынан айрылғалы бері көкірегі шерлі боп, қатты жабығып жүретін.

Ақбөбектің ақ ордалы елінен кеткелі қашан. Сағыныштан тұла бойын мұң басып, қадам жері қат, елжіреумен, езілумен жүруші еді.

Ата мен ананың алақанынан сытылып шығып көрмеген балауса жан Нұрқанның алқалы топ құрап, дүрмекке түсіп отырғаны бүгін.

Тек ауыл жастарының бұл жиынға, байдың қызының бастаңғысына келтірілмегеніне Қайыптың көңілі қолаңсып отыр. Ол да сыртын ғана жылтыратып, сыртқа сыр бермей жүргені болмаса, іш қайғысы ішіндс болып, басқа түскен өмір қақпайының жалтағынан шыға алмай жүрген...

– Жұртты тамсандыра бермей, айтатын болсаң, айт! – деді Жарылғап өктемдік жасағандай Қайыпқа бұрыла қарап.

– Қалқатайыңа арнап өлең шығарыпсың, айтшы есітейік, – деді Нұрқан Жарылғап сөзін доғара бергенде. – Осы қатынға өлең шығарып... Обалдағы-ай, – деп жанында тізерлей отырған Ақбөбекті күншілдікпен бір қағытып өтті.

Қайып еркін отырып, әнге басты. Сағынып қалған екен, шырқаған сайын үдете берді. Көбіне халық әндеріне салып, ел аузынан терген-жиған өлең тізбектерін бірсыпыра айтып тастап еді.<--break->

Сайрап қал жастығыңда қызыл тілім,

Жігітке бұл да болса өнер-білім.

Ойна, күл, қатар құрбым қапы қалма,

Бұл дәурен баста тұрмай өтер бір күн...

Барады көшіп ауылым Ақшакөлге,

Ер салып, тарттым айыл Қаракерге.

Пенденің еш арманы болмас еді-ау,

Қосылса ажары мен ары теңге...

Ән әуендеп тұр. Бірде құйқылжи көтеріліп, серпіле қайтады. Бірде қалықтап қалып, тағы да сыздықтап кетеді. Нақышын жайған әуезді ән жүректерді түрткілейді, ұйқысынан оятады, қыбын тауып қытықтайды. Киелі әннің әсерлі әуені бірде жылатады, бірде күлдіреді.

Қыза-қызбен отырып Қайып Нұрқанның Ақбөбекке тигізген манағы ілмешек сөзін ұмытып кеткен екен, енді есіне түсті. «Осы қатынға өлең шығарып... Обалдағы-ай...» дегендей бар ғой.

Қайып маңдайының терін сүртті. Ақбөбекке көз қиығын тастап еді, ол да мұны көзімен жебеп отыр екен. Көздері көздеріне түскенде екеуі де бірі мен бірі ымдасқандай білінер білінбес шыраймен миығынан жымиысып қана койды.

Домбырасының бұрауын қайта түсіріп, қос ішекті шертіп-шертіп жіберді де, Қайып Нұрқан жаққа қарай иегін көтере берді.

Барады көшіп аулым Жем бойына,

Жарасқан түрме белбеу қыз бойына.

Адайдан алдым таңдап Ақбөбекті,

Бір Алла шіркеу салма маңдайыма...<--break->

– Әттеген-ай! Сондайыңды айтпайсың ба?! – деп санын соғып, қасында отырған Ақбөбекті шынтағымен түртіп қалды Жарылғап. Ақбөбек күлімсірей төмен қарады. Нұрқан Жарылғаптың қошеметін жаратпады ма, оған тіктеу қарап, ернінің ұшын көрсетті.

Жарылғаптың да бір реттігі ұстап:

– Айт, айт!Тағы, тағы! – деді. Жігіт арсыз, күлкі арсыз... Ойын арзан... Арсыз жігіт арсыз күлкісімен арзан ойынға салып, осы қызу үстінде бірдеңенің шетін шығарғысы келді Жарылғаптың. Қол созатындай ештемесі жоқ, Нұрқанмен ара жақын, сәл жылжыса тақалайын деп отыр. Басқаларға білдіртпей төмен қарай колын түсірді Жарылғап. Бүйінің жүрісіндей етіп көрпешенің үстімен саусақтарын жыбырлатты. Бір тізерлеп отырған Нұрқанның жатқан санына таман төрт саусақ төрттағандай өрмелеп барады. Жетті. Ілінді. Сусыма ақ жібек көйлектің бір қабат ішіне кіргендей болды. Басбармақ пен сұқ саусақ атауыздың тісіндей қауышып барып, қайта ашылып, өскелең, өткір қос тырнағымен қабажақтай ак көйлектің сыртынан абайсыз отырған аңқау қыздың сан етіне барып қадалды, мейірімі жоқ қос тырнақ қарпи қадалған күйі қабыса қалып, әлі сүйкелім көріп, жел қақпаған әппақ сазандай дененің бір жапырағын жұлып алғандай болды. Сілікпеге түсіп, көнбісті болмаған, шынықпаған қабығы жұқа тән ауырғыш келе ме, сан етінің ашуы тас төбесінен шыққанда, Нұрқан шыңғырып жіберіп, қарғып кетті орнынан. «Үйбай-ай!.. Ой!..»

– Немене? Шағып алды ма бірдеме? – деп Жарылғап ешнәрсені сезбегенсіп, Нұрқанның ізінше өзі де ұшып түрегелді. Ақбөбек сұстия елеңдеп қалды.

Қайып сезіп отыр. Мән берген жоқ, домбырасын шерте түсті.

– Уо-һо-һо-оу...

Ойна, күл, қатар құрбым, қапы қалма...

– Жоқ бол, әрі! – деп Нұрқан Жарылғапқа қарап назбен көз алартты.

– Отыр, – деп Жарылғап қолынан тартып еді, ол отыра кетті. Сұлу қыздың назы да сұлу көрінді Жарылғапқа. Өзіне өзі риза. Асауға құрық тастағандай болып еді жаңа бір әзірде, енді оны жуасытып, басына ноқта кигізген адамдай көңілденіп, масаттанып отыр.

Жайымен есік ашылып еді, манағы дастарқан жайған келіншек басын көрсетіп, Нұрқанға ым қакқандай болды.

Сыртқа шыққан Нұрқанға ол:

– Мамаң науқастанып келіпті. Медет атқа өңгеріп әкелген құсайды. Ана үйде жатыр, – деді.

Нұрқан жүгіре жөнелді.<--break->

Жиырма сегізінші тарау

 

Ауыз аққа тиген шақ. Қой қоздап, елдің сабылысы басталып кеткен. Жер аяғы кеңіп, көші-қон көбейді. Әзірге алыстан ат сабылта қоймағанмен, жуық маңдағы елдер бір-біріне қатынасып жатыр: ағайын-жекжаттар араласып, наурыздан кейін жаңа жылда үлкендерге сәлем беру бар не болмаса жасы кішілер жеңгелерінің қыстан шыкқан қалған-құтқандарын жеп қайту үшін де белдеуге ат байлап жатады – қатынасудың, кездесудің түрі көп. Мұндайда сары қарын кәрі келіндер де өзара бәсеке таластырады, жақын қонған көрші ауылдың басты адамдарын, қадірлі қарттарын қонаққа шақырып, қонақасы беріп жіберуді салтқа айналдырған. Жазға дейін сұр сақтау оңай жұмыс емес, оның күтімі мен бабы айрықша, көбіне жасамыс әйелдер ғана біледі. Қонақасына бас орнына сүр ет тартатындар да солар. Әр ауылда аспаз әйелдердің аттары жүреді. Шайы тәтті келіндер, саба піскіш, шұбат күткіш әйелдер үлкендердің тіліне оралса болды – олардың еркектеріне де абырой. Дастарханын мақтағанды кім жек көреді.

Сабытай ауылы көшіп қонған, жаңа жұртта. Сабытай да, Түймеш те күбінуде, екеуі де көңілді-ақ. Сабытай ояз жақты жағалап, баласынан хабар алып келген. Сарман орыстардың арасына түскелі бір шама тіл сындырып қалыпты. Тілмәш Ораздың да қамқорлығы күшті екен. Николай Федорович Сарманды тіпті өзінің баласындай қылып алған дейді. Өзі ол жерде көп тұрмайды, бірақ кеткен сайын ояздағы орыс, қазақ қызметшілеріне баланы қатты тапсырып, оған ерекше күтім жасауды өтінетін көрінеді. Бала бағулы, әрі сауатын ашып қалғанына әкесі мәз, қуанышы қойнына сыймай жүр. Соған барып келгелі қалбалақтап, айналсоқтап әйелінің маңынан шықпай қойды. Өзі топ көргісі келеді, көңіл сүйер адамдармен отырып, олармен әңгіме дүкен құруға құмар. Баласы жайлы мақтанышын айтып, көңілдегісін тарқату.

– Ана қайнағаларға есік көрсетпейсің бе, олар сені әлі тақыр кедей деп ойлайды-а, – деді Түймеш бір ыңғайы келгенде күйеуіне қарап.<--break->

Сабытай әйелінің сөзіне көне салды. Оның көкірегі көтеріңкі еді. Осы жақында қыстайға сауда-саттықтан алатын малдарын жинастырған болатын. Бір қора қой болды, оған дербес қойшы салды. Байлық, дәулет осындайдан өседі. Есебін тауып, құрай білген жігітке байлық алыс емес.

Әлмағамбет пен Ақберген билердің ауылдары бір-бірінен онша ұзақ кетпей, қарайлас көшіп-қонып жүреді.

Сабытай кеше Әлмағамбет ауылын шай ішім жерге келіп қонып жатыр деп есіткен. Таңертең Түймешке:

– Түске таяу, әрісі бесінге келіп қалармыз. Тамақ жағына бар шеберлігіңді саларсың, қатын, – дегенде, Сабытай Әлмағамбет пен Ақбергеннің ауылдарына жүріп кеткен.

Ақбөбек есігінің алдына шығып, жаңа бір әзірде аттанып кеткен үш аттының қарасы үзілгенше, көз айырмай ізінен қарап тұрды. Үнсіз тұрып көз жасын төгеді. Кешеден бері айтылған ауыл-елінің бейнесі көз алдынан кетер емес. Елжіретіп, езіп бара жатқан сағыныш. Елі-жұртын бір көруге арзу болып тұр.

Ара конып, кеше кеште Ақбөбектің ауылына Аюп пен Тоқпан келген. Бүгін түсте еліне қайтты олар. Қайып ол екеуін шығарып салуға кетіп барады.

Ақбөбек үйге кірді. Аюп пен Тоқпан әкелген дүниелерін қоржынымен тастап кеткен. Қос-кос бешпент, жеңсіз камзолдар, асыл матадан тігілген көйлектердің неше түрі, етіктер, мәс-кебіс, қатарынан қос жаулық. Қоржынның бір басынан сырлы зерең, сырлы қасықтар мен әлі қазанға түспеген ақ ожаулар шығып жатыр. Қоржын түбіне қол созғанда одан бетер қуанып кетті, ұсақ бұйым өзінің алтын сандықшасы. Алды да қос қолымен көкірегіне басты. Көз ашқалы көріп, бірге жасасып келе жатқан қуыршақтай асыл бұйымы оған тым ыстық көрінді. Сырты алтынмен апталған, ұзын тұрқы қарыстай, ені сынық сүйем қобдиша. Ақбөбек оны жасынан «сандық» деп кеткен. Қызының сол сандығын бөліп алып, шешесі Ақбөбекеке беріп жіберді. Ашқанда дың етіп, дыбысы біразға дейін басылмай тұратын коңыраулы кілті бар, жасында Ақбөбек сандығын ашып-жауып даңылдатып отырушы еді. Сағынып көріскен сол сандығын қазірде екі-үш рет ашып-жауып отыр. Бірде күліп, бірде жылап алады.<--break->Сандықшаның іші толы жасау, алтын мен күмістен жасалып, меруертпен безендірілген асыл дүниелер. Ақбөбек басқа дүниені естен шығарғандай сандықшаның үстіне түсіп барады, бұрыннан көз таныс заттары болса да, көрген сайын көргісі келіп, қызғанышпен ашқарақтана үңіледі. Арқасындағы өзінің тағып жүрген көнелеу шашбауын шешіп тастап, шешесінен келген мына жалпақ салалы моншағы мен тасы көп шашбауды тағып алды. Қолындағы сақина-жүзіктерін, білезіктерін жаңамен ауыстырды. Қазір Қайып кіріп келгенде, алдынан шығып наздана, бұрала тұрып бойындағы тағынған сәнді дүниелерін мақтанышпен бір көрсетпекші. Онысын ол жұрттың еркектеріндей бозарып не сүмірейіп тұрмайды, бірден қызына кетеді, құшырлана түседі, құшақтай алып, бауырына қысады, босатпай тұрады, соң тамақ астынан мейірлене бір сүйіп барып жібереді.

Қайып әзірге оралған жоқ еді, жасанып алып күйеуінің келуін күтіп тұрған Ақбөбектің үстіне Түймеш кіріп келді.

Ақбөбек қапелімде не дерін білмей өз-өзінен ыңғайсыздана қысылып қалды.

– Қарағым-ау, мыналарың не? – деді Түймеш жайрап жатқан сандықшаның қасына барып отыра кеткенде.

Ақбөбек төркінінен келген жасауын түгелдей көрсетті Түймешке.

– Жеңеше, – деді отыра салып, мына білезігімді саған берем. Мә, жүзік пен сақина.

– Қой, шырағым. Дүниеңді бере көрме. Өзің тақ, – деп Түимеш кейін шегініп кетті.

– Жеңеше, – деді тағы да Ақбөбек Түймештің жанына тақала түсіп, –менің бүгіндегі жақыным, тіпті түпкілікті жақыным сенсің. Анамнан бірде кейін көрмеймін. Мен риза болсын десең бергенімді ал, қолымды қайтарма.

– Өзіңе керек қой...

– Маған деген дүние жетеді. Елімде қос отау тігулі тұр – бәрі менікі. Беріп отырғаным көнем, жаңасын тағып алдым өзім.

– Садағаң кетейін-ау, алтын мен меруерттің көнесі бола ма, – деп күлді Түймеш қолын соза беріп.<--break->

– Білмеймін жеңеше... Осы ай туғаннан бері бір түрлі болып жүрмін. Ауыт-ауыт жүрегім алып ұшып лоблыға береді

– Екіқабат адамның өлі ара кезінде сөйтетіні бар. Ештеме етпес.

– Қайыпқа айтқаным жоқ, әнеугүні жарамсыз түс көріп шықтым. Қазіргідей көктемдей көк майса шағы екен деймін, Қайып екеуміз айдалада қол ұстасып келе жатқан көрінеміз. Бір кезде жүріп келе жатқан жеріміз қақ айрылып кетсе болама ма, Қайыбым соған түсті де кетті... Құлдилап бара жатып «Ақбөбек»,  «Ақбөбек», «Ақбөбек» деп үш рет атымды атады да жоқ болды. Қайыптың артынан жарылған жердің жарығына мен де өзімді тастадым... Енді құлай бергенімде, желке жағымнан бір мұздай нәрсе қысып ұстады да, мені аспанға көтеріп әкетті. Сол кезде мен де «Қайып», «Қайып», «Қайып» деп үш рет айқайлаппын. Жүрегім дүрсілдеп ояндым. Оянсам – түсім.

– Түс – түлкінің боғы. Не көрінбейді адамның түсіне. Ондайды ойға ала берме, – деді Түймеш. Ақбөбектің көрген түсі оған да ұнаған жоқ, бірақ жаманға жоруға бола ма.

Ақбөбек төмен қарап отырды-отырды да, тағы да сөзін жалғастырды. Кеше де түсімнен шошып ояныппын Әлгі енем әкелген сіздің үйдегі бесік бар ғой. Сол бесік өзіміздің үйде екен деймін. Таңертең тұрып қарасам құдай-ау бесіктің жамылғысының үстіне шөп шығып кетіпті. Оны сыпырып алып тастап, ішіне қарасам, бесік топыраққа толы... «Бесіктегі балам қайда?» деп жан даусыммен бақырып жатыр екенмін. Шошып оянсам – түсім...

– Түс түлкінің... Жақсы да болса, жаман да болса түсті жорымау керек екен. Түсті жорыса, алам секемшіл болады. Мен түс жорытуды қойдым, сен де соны қыл, – деп Түймеш орнынан тұруға ыңғайланды. Орнынан тұрған кезде барып: - Үй-йы-бай бетім-ау! Көп отырып қалғаным... Жүр келін үйге жүр. Манағы қайнағаң қонақ шақыра кетті. Келіп қалар, – деді де қабалақтай үйден шықты.<--break->

Жарылғап Бекіш байдың алдына түскендей болып келіп, Қайыптың үйіне түсіп жатыр. Атынан қарғып түсті де, енді жетіп, ат басын тартқан Бекіштің қолынан тізгінді алды. Қолтығынан демеп, атынан түсіріп жатыр оны. Қайып та, Ақбөбек те үйінде жоқ еді. Біреуі Сабытайдың үйінде, біреуі атын шідерлеуге кеткен. Бұл ауыл кеше көшіп қонған, үй араларындағы көк майса отқа әлі табан тиіп болмаған.

Сабытай келіп қонақтармен амандасты да:

– Қане, мына үйге кіріңдер, – деп өз үйін нұсқады.

Бекіш Қайыптың үйін осы деп ойлады ма, Сабытайдың соңынан іркіліссіз жүре берді. Сабытай қонақтарды өзі бастап келіп сегіз қанат, көп үйдің есігін көтере ашып тұрды.

Сабытайдың үйіне келіп түсіп, Әлмағамбет пен Ақбергеннің енді жайғасып отыра берген бойы еді, Бекіш пен Жарылғап олардың үстіне кірді.

Екі рулы елден келіп бас қосып отырған сыйлы қонақтар сыпайылық жасап, әдеп сақтап біраз үнсіз отырысты. Бұрын араласпай жүріп, тыңнан қосылысқан қонақтар әдетте әуелі үй ішіне көз салып таныса бастайды.

Бекіш Сабытайды сыртынан таниды, бірақ дәмдес болып араласпаған. Қатарлас ауыл ағайындар болғанымен, Әлмағамбет пен Ақберген Сабытайдың есігін ашқан емес. Бұлардың бәрі де бұл үйге тың қонақ есебінде келіп отыр.

Ал Бегейдің Бекіш байы мен Жаңайдың мына екі биі бұрыннан таныс-біліс, ел ішіндегі құрайлас дәмдес адамдар, бірін-бірі құрметтей білетін сырттай сыйластығы бар жандар. «Бай тамырлас, би құлақтас» дегендей бұлар ауызекі болса да біріне бірі іш тартпаса болмайды, сырттап кету олардың өздеріне тиімсіз.

Қонақтар әлі шешілмей отыр. Елдегі өткен індет пен өлім-жітім жайындағы азын-аулақ тиіп-қашты әңгімелер болмаса, өз арасының дүбірлі өмірінде болып тұратын келелі мәселелер жайлы түбегейлі сөз бастала қойған жоқ. Кім неден бастарын білмей, білсе де кімнің қай жағынан шығам деп жүрексініп отыр ма, әйтеуір қонақтар біріне-бірі лебіз күткендей сыңай байқатады.<--break->

Түймеш сырттан буын бұрқыратып ақ самаурынды әкеліп қойды да, қонақтардың алдына дастарқан жаюға кірісті. Бүгін мұның дастарқан жаюы басқаша. Әуелі жазса, жайыла беретін қабат-қабат топсалы, екі беті де сырлы, жеп-жеңіл шетен тақтайды сатырлата қанатын жазып, қонақтардың алдына ұзынынан төседі де, оның үстіне иілімі мықты қалың тоқылған гүлді матадан тігілген шашақты дастарқанды орамын серпи жазып жалпағынан жая берді. Астына тақтай төселген теп-тегіс дастарқанның жылтыр бетіндегі гүл шоқтары от басын құлпыртып жібергендей болды. Қонақтар іштей таңданып, көз айырмай қарайды. Елгезер қонақтардың көздеріне оттай басылған бұл бір жаңалық сияқты. Дастарқанның шет-шетін жазуға қол созған сайын Түймештің саусақтарындағы сақина, жүзіктері де жалт-жұлт етіп, дастарқан бетіне сәуле шашқандай болады.

Сабытайдың өзі де әйелінің киім киісіне қатты таңданып, тамсанып отыр бүгін. Түймеш тым сұлу боп көрінеді көзіне. Іштей риза.

Ақбөбек аққұманға бір әшмөңке шайды аудара салды. Қалампыр, қара бұрыш түйірлерін тастады оның үстіне. Ақ самаурынның шүмегін бұрап, аққұманның ортасынан су құйды. Оны бірден отқа қоймайды. Сыртқа шығып кетіп, отсалғышпен жанған сексеуілдің шоғын әкелді. Бұл үй ортаға от жақпайды екен. Шайдың оты қос саусақтың қаусырымындай-ақ шеңберде қалың қаңылтырдан жасалған үш аяқты отсалғышқа салыныпты. Аққұман соның үстінде тұр. Жаз айына керекті зат. Бұл да қонақтардың назарынан тыс қалған жоқ.

Ақбөбек аққұманды енді қойды отқа. Бұрқ етіп бір қайнаған соң, аққұманды оттан түсірді де, самаурынның үстіне тағы су құйды, бірақ толтырмады. Шай бабына жетті-ау дегенде Ақбөбек шай аяқтарды қатарынан тізе берді.

Ақбөбекгің сол жағында Жарылғап таяу отыр, Қайып қазан-аяқ жақта Түймештің орнына жайғасқан. Екі жігіт екі жақтан қонақтардың шай аяқтарын жайғастырып отыруға дайын.<--break->

Елдің дәстүрлі тәртібі бойынша бірінші аяқ отырғандардың жасы-үлкеніне беріледі. Оны шай құйып отырған қыз баланың не келіншектің өзі ұсынуы шарт. Сол үшін ол қарт адамның «Тәңір жарылғасын» немесе «Көп жаса, шырағым», дегендей ақ батасын алады...

Ақбөбек ақ құманнан алғашқы шыны аяққа қызыл күрең қою шайды құйған кезде қалампырдың иісі бірден дастарқан басына жайыла көтеріліп барып, қонақтардың танауын қытықтап кетіп еді. Жұрттың бәрі тамсана жұтынып, аңсары ауа бар ісін әдеппен бастап жай, аса бір сазбен қимылдап отырған ибалы назды келіншектің дастарқан бетімен ербеңсіз қалықтап келе жатқан жең ұшындағы ақ жұмыр қолына қарап қалды. Оның дірілсіз ұсынған шай аяғын төрде отырған Әлмағамбет діріл қаққан қолымен алып, дастарқан үстіне қоя салды да: «Бақытты бол, балам» деп қол жая батасын берді Ақбөбекке.

Көптің көзі жас келіншекте. Оның кескін-келбетіне мүшелеп тұрып қарайды. Ажар-көркі, бет-бейнесі, тұлға бітімі сын таразысының үстінде тұр. Оның қыбыр-қимылына дейін санаулы. Жүрісі, тұрысы, отырысы, тіпті оның еңсе көтеруі, бір нәрсеге бұрыла қарауы, адам жүзіне көз тастағандағы бет бедеріне шейін есепке түсетін сияқты.

Ақбөбек атақты жердің, Маңғыстау еліне белгілі байдың қызы. Бұл маңның елі оның айттырулы жерін тастап, бір кедейдің артына мінгесіп келгеніне таң. «Пақырдың есі дұрыс емес шығар. Бір нәрсе қаққан ғой» деп ойлайтындары да бар көпшіліктің.

Мына отырған үшеуі Әлмағамбет, Ақберген, Бекіш қалың елдің жампозы. Олар сыншы да, мінші де. Құдай айдап келгендей бүгін үшеуінің бастары қосыла қалыпты. Үшеуі де бұрын кедей ауылдың ішіндегі қараша үйлердің қатарында көпке белгісіздеу отыратын мына Сабытайдың үйіне қалай келіп қалғандарына таңданғандай еді. Сондықтан олар көрінгенді көзімен жебеп, үй ішін түгел байқап, өздеріне ғана белгілі бір сырлы сезімде отыр. Ақбөбек ешкімге сездірмейін дегендей болмашы ғана қимылмен бешпентінің самаурын жақтағы сыртқы қалтасынан бет орамалын алып, сәл жүз бұрған болып отырып маңдайының терін елеусіздеу бір сипап өткен еді, бәрі бір сұқтана барлап отырған көп көз ақ жібек орамалдың қызыл кестесін қиялай шалып қалған екен.<--break->

Беттің терін сүрту сонда ғана есіне түскендей борша болып қара суға түсіп отырған ауыр денелі Бекіш көлбей беріп жан қалтасына қол жағалатты. Бір терлесе көп терлейтін етті адам, оның тер сүртері бір кезден кем болмайды, енсіздеу қоңыр шыт мата. Әр жерінде басылған түйір-түйір ақ ноқаты бар жұмырлаулы жұқа мата оң қалтасынан шығып жатыр. Үнемі жуан нәрсе байлап, әбден керіп тастағаннан ба, жұмарланған қара орамалды суырып алғанда, кең қалтаның аузы қапелімде жабыла қоймай аңқиған күйінде қалды.

Шыныаяққа жұғатын қою шайдың іштен тепкен лебінен бусанбаған адам жоқ. Әсте есінен шығарған екен, ішке бір кіргенде байқап қалды Түймеш, қонақтарға тер сүртер шаршы орамал бермепті. Оң жақпен жағалап барып, Жарылғаптың ту сыртында тұрған сырлы сандықты жайымен ашты да, төрдегі сыйлы қонақтарға бір-біреуден ұсынды.

– Бұның не шырағым? – деп сұрады Әлмағамбет орамалға қол созып жатып.

– Тер сүртсін деп... – деді Түймеш;

– Ой, тәйір-ай... Байлығы шалқыған елден де мұндайды көрмеп едік...

– «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген ғой, Сабытай ініміз ішке (Маңғыстаудың елі Үйшік жақты, одан әрі Ресей елін «іш» деп атаған) барып жүріп, өзге елден көп нәрсені үйреніп, көп нәрсені әкеліпті ғой, – деді Ақберген жаңа орамалмен бетін сүртіп жатып.

Бұдан кейін сөз тиылды, жұрттың аузы шайдан босар емес.

Ақбөбекке Түймеш тағы бір аққұман әкеліп берді. Алдыңғы самаурынның суы сарқылайын деп еді, оны алып кетіп, орнына одан да кеуделі сары самаурынды әкеліп қойды.

Ақбөбек тағы бір әшмөңке шайдың қағазын ашып, бос аққұманға салды да, шайды қайта демдеді. Қонақтар көздерінің қиығымен бір-біріне ұрлана қарасты да, «іше береміз» деп уәделесіп қойғандай бірінен кейін бірі босатқан шай аяқтарын самаурын жаққа бағыттап, жайымен жылжыта берді.

Ойда жоқта босаған шайтабақтар дастарқан шетіне жеткенде, сәл кідіріс тауып, бір сәт иіріліп қалып еді, алдыңғы самаурынның соңғы ұрттамын күткен екен әлгілер, Әлмағамбеттің шай аяғы соңынан барып қосылды оларға.<--break->

Көргенді келін бұл жолы да әдеттегі дағдысынан жаңылған жоқ, жаңа демделген сары самаурынның алғашқы дәмін тағы да жасы үлкен Әлмағамбетке өз қолымен ұсынды.

Жақсыны да, жаманын да көріп, бар ғүмырын сарапшылықпен өткізіп келе жатқан адамның серісі Әлмағамбет бәрін байқап, біліп отырып:

– Көсегең көгерсін, қарағым... Ой, дүние-ай, Есекемнің қызысың ғой, Есжанның... – деді жас келінге қарап.

Бұл жайды аңғармай отырған жұрт бірден елең еткендей болды. Жасы кіші болғанмен, үзеңгілес жүрген замандас Ақбергеннің Әлмағамбетпен сөз қағыстыратыны бар. Шайдан аузы босай бергенде аздап әзіл жүгірткісі келіп:

– Отағасы бірді бір емес, екіні екі емес... Қомағайдың аузынан басқа несі бар? – деді ол.

Бекіш оның сөз төркініне түсініп, иығын бүлкілдете күлді. Аздап аңырып барып, артынан еркектердің бәрі күлісті.

Ақбергеннің сөзінен кейін Әлмағамбет іле:

– Әзілі жарасса, атасымен ойнағанға не жетсін... «Бірді бір» деп отырғаның жасымның ұлылығын көргенді келіннің көре білгендігі шығар... «Екіні екі емес» деп соны да қызғанып отырсың-ау... Уа, жұртпен қатар жұтқан ұрттам су қомағайлыққа жатпас. Бір шыны аяқ шайына сарқыт сұрағанша ана жемтік құмар жемсауыңды тыйсаңшы, – дегенде отырғандар ду ете күліп, дастарқан басы біраз серпіліс тауып, сергіп қалып еді.

Арнайы шақырылған соң, Әлмағамбет пен Ақберген аулынан амалсыз шығып еді. Келгенде де осы есікті онша менсіңкіремей, «ай, сорлының ары-тұрық бірдемесін жеп қайтармыз» дегендей әрі жоғары, әрі аяныш пікірде болған олар. Енді, міне, бақсының зікіріне түскендей болып отыр сол қонақтар. Бұл үйдің дастарқан жайысының өзі бірден көңілге ұялаған. Дастарқан үстіне төгілгенді сынай-сынай отырып, көбінің аттарын білмеген. Бұл төңіректе атымен жоқ, бәрі де ана жағы Ресей, мына жағы Хорезм, Хиуадан келген тағамдар.<--break->

«Ас иесімен тәтті»... деген бар, алдымен қонақтардың таңдайына татып, аса бір тәбетін ашып кеткен мына дастарқан бетіндегі самсап жатқан елге таңсық түрлі тағам болса, пейіштің асындай шашылған сол тағамның періштедей иесі болып отырған Ақбөбектің әйел затына тән сұлу сымбаты мен әсіресе оның кәдімгі қазақ келіндерін тәнті етерліктей әдептілік аясындағы биязылығы білгендік іс-қарекеті – түгел болмысы осы қараша үйге нұр жаудырып тұрғандай еді. Ол алғаш үлкен кісіге шай аяқты ұсынғанда-ақ жең ішінен көрінген саф алтын білезіктің сәулесі шыны аяққа шағылысып жарқ еткенде, жұрт со бетке түгел қарасып, сонда олар жас келіннің сары білезікке жалғас жатқан тарамысы тамыр білтесі білінбес, болмашы ғана дүмбілезі байқалар қол сыртындағы ашық жер, ақ мамық түстес үлбіреген әппақ тән бедерін анық байқап қалып еді. «Жақсыны көрмек үшін» дей ме, сұқтана қарай отырып, жұрт со бір сәтте Ақбөбектің саласы қатарынан тізілген сақина-жүзікті, әрі қызылдың киесімен, әрі өзінің жылжу-жыбырымен айшықты әр бере арбап тұрғандай сумаңы жоқ ақ сүйрік саусақтарына телміре көз ойнатқан болатын. Ашқарақ көзге тойым бар ма, қараған сайын қарай берсем дейді, бір тізенің үстінде қашаннан бері қаққан қазықтай болып өзі нәр татпастан қос самаурынды еңсергенше ешбір тапжылмастан көпке шай құйып беріп отырған талдырмаш жас келінді аяйтын біреуі жоқ, сол сұғанақ көздер әлі де болса, оның тал бойынан, іс-қарекеттерінен мін іздеп, тіміскіленуін қояр емес...

Ақбөбек үйінен шығарда бөгде біреулердің көзіне түскенді ыңғайсыз көріп, жалпақ түрме белбеумен көйлегінің ішінен белін таңып тастаған... Отырарда бешпентінің тоғасын ағытып қойып, әдейі самаурын жақтағы тізесін бүгіп, қонақтар жақтағысын көңгейіне ала жайғасып еді. Былайынша да аяғы ауыр жүрген ол екі самаурынның суын сарыққанша бір орында қозғалмай ұзақ отырғандықтан, біршама жайсызданайын деді. Содан ба, бір бүйірі бүлк-бүлк соғып ол да тыныштық бермей барады...

Бір кезде шайдың дастарқаны жиналды. Қонақтар сыртқа шығып, бой жазып жүр. Ауыл сыртындағы көлмектің орнында қалған алақандай ақ тақырда балалар асық ойнап жатыр. Өзара асыққа таласып кіжілдесіп, керілдесіп алады. Ересек балалар әміршіл, әкіреңдейді, кішкентайлары көздерінің жасын сүртіп жүр.<--break->

Қайып пен Жарылғап жәбір көрген екі кішкентайдың қолдарынан топайы мен сақасын алып, ана естирақ балалармен ойынға түсіп кетті. Топаймен бір, сақамен екі – бас-аяғы үш шеңбер ойнағанда екі жігіт уыстарын толтыра асық ұтып алып, әлігі ұтылып жүрген әлжуаз балаларға бөліп кетті.

Қонақтар үйге кіргенде Сабытайдың он жасар Қаржауы қонақтардың қолына су құюға әзірленіп, ақ шылапшынды ұстап тұрған, мойыны сорайған бүйірі жатық жез құманды ол екі бұтының арасына қысып алыпты.

Есіктен кіре берген әзілкеш Жарылғап Қаржауға:

– Әй, құманыңның аузы ашық тұр ғой, жіберіп қойма... – деді.

– Жоқ... Жаңа далада іш етіп келгенмін, – деп бала мұрынын сырқ еткізіп бір тартып қойды.

Үйге Қайып пен Жарылғап сырттан екі керсен табақ әкелді. Олардың ізін ала кірген Түймеш, табақтар қонақтардың алдарына қойыла бергенде:

– Қайнаға, – деді жүзін Әлмағамбетке қаратып. Мынау қыстық сыбағаң... Мына келіндеріңнің сақтағаны... Қонақасы берем десе, інілеріңнің өздері білсін...

– Алла разы болсын, шырағым... Жол білер көргенді келіндердің садағасы кетпесін... – деп толқу үстінде даусы қарлығып, Әлмағамбет бар пейілімен алғысын айтып жатыр.

– Алла сыйласын. Ұл табыңдар, келіндер, – деді оны қуаттай сөйлеп Ақберген.

Манадан сөзге араласпай отырған Бекіш бай:

– Біз бұйырған астың үстінен шығып отырған құдайы қонақпыз. Әуелі бір тойынып алайықшы, алғыс ешқайда қашпас, – деп өз-өзінен бүлкілдей күліп алды. Онымен жарыса күлген ешкім болмаған соң Сабытай Бекіштің сөзін суытпайын деп:

– Ағалар, осы үйде екі іні, екі келіндерің отыр. Келіндерің тізе бүгіп сәлем етуге жараса, інілерің қол қусырып сәлем беруге әзір тұр. Мына Қайыптың отауына кіріп, баталарыңызды беріп шығарсыздар, – деді.

– Қарақтарым-ай, осы ас жетпес пе еді, неғылайын дедіңдер... – деп Әлмағамбет сәл қынжылыс білдірді.

– Мынау қай құстың еті? – деді ішіне қойдың еті кететін үлкен ағаш керсеннің бір жағын ала төңкерулі жатқан сары ала қаздың жарты етіне шекесінен қарап Ақберген би.<--break->

– Бұл қаздың сүр еті. Орынбор ноғайларының қыста жейтін дәмді тамағының бірі осы, – деді Сабытай.

Түймеш ауыл әйелдерінен өзін озық көрсету үшін және қонақтар жүрген жерінде айта жүрсін деп бүгін бір қазанға қаздың еті, қойдың еті, қазы – үш түрлі сүр етті араластырып асқан. Өңкей ет пен май жүрекке тиеді. Оны қайтаратын дауа иленіп жайылған қамыр – күртік.

Түймеш ақ ұннан қамыр илеп, шелпегін қолымен жазды да, шетінен үзіп қайнап жатқан қазанға тастай берді. Етпен бірге түсіріліп, табақ қоса салынатын күртік қаласы қашық көшпелі елге таңсык, ілуде бірдің, мына Сабытай сияқты саудагердің үйінде ғана ұн болады.

Табақты кеуделеп туралған етті ойсырата бергенде, қарап отырмай Ақберген:

– Ау, келін, – деді Түймешке бас көтере қарап, – Қазының еті кетіп барады ғой, мынауыңның өзі дуалы тамақ па?..

– Ақберген-ау, қомағайға не дуа керек? Оның көмейі дуасыз-ақ осындай ет жегенде көріне бермес пе... – деп Әлмағамбет Ақбергеннің манағы сөзін бір қайтарды.

– Бұған төрдегі үшеу біраз күлісіп алды.

Тамақ желініп, ас қайырылған соң, асығыстығы жоқ қонақтардың ауылдан алшақтау кетіп, ың-жыңы кем оңаша далада отырып, өзара әңгіме-сейіл құрып қайтатыны бар.

Әлмағамбет қатты риза болып шықты Сабытайдың үйінен. Бұл үйдің дастарқан жайысы ол үшін хан-төренің күтімінен кем болған жоқ. Қашан да елін ойлап, ел қамына бүйрегі бұрып тұратын ықыласты би бір жегеніне мәз болып кете беретіндерден емес, ол кешегі сіңірі шыққан кедейдің бүтін шыр бітіп, ел қатарына қосылғанына қуанып қалған сияқты. Алда Әлмағамбет, артта үшеу – ауылдың жел жақ бетіндегі көкмайсалы жазықтықта келе жатыр.

– Артты көріп қартаямыз... Сендер кешегі шаңға аунап жүрген бала едіңдер. Міне, жетісіпсіңдер... Тіпті би болмасаң да, би түсетін үй болыпсың, Сабытай, – деп Әлмағамбет іштегі ризашылығын айтты жер таяна отыра беріп. Екі бидің мысы басты ма, бұрын сөзшең Бекіш аузына талқан салып қойғандай томсырая берді.<--break->

– Бекіш, сөйлей отыр. Көптен бері сіздер жақтан хабар ала алмай жүрміз, – деді Әлмағамбет енді сөз желісін былай бұрып.

– Әй-й не хабар болсын, аманбыз әйтеуір, – деді Бекіш сәл қипақтап. Келген шаруасын айтпай көкірегіндегісін бүгіп отыр. Қайыптың өз алдына үй тігіп, ел санатында жүргенін білмейтін еді ол. Бірде «некесіз қатын алып тентіреп кетті» дегенді есіткені бар. Қайып жайында Жарылғаптың айтқанына сенбей жүруші еді. Алдыңғы күні бір тыңшы келіп кеткен үйіне. Оның өзі Кедей ауылының дұшпаны екен, «Кедейлер Бегейді шабамыз, барымтаны байларынан бастаймыз» деп жатыр деп Бекішке айтып кетіпті. Содан бері оның ішкен асы жүрегіне батпай жүр. Кеше Жарылғапты шақырып алып «Маған Қайыпты тауып бер», – деді. «Жүр», – деді де Жарылғап бүгін ертіп келді, оның арам ойы ертең ауылына барымташы бара қалғандай болса, Қайыпты ұстап беріп, алғанымен екеуін ат артына теріс мінгізіп жібермекші.

– Жас қатар, қалай айтсақ та жарасар, – деді Ақберген Бекіштің қарсы алдында отырып:

– «Бай тамырлас, би құлақтас» деген аралас-құралас жүрген түбірі бір ағайын едік. Олай болмады.

– Неге ашу аразымыз жоқ қой, – Бекіш басын шалқайта отырып, бер жағымен күлген еді.

– Бегей өз тентегін өз ішінде ұстап тұра алмады. Бұл қалай? Бегей өз дауына өзі ие болмай, өзгелерге артып кетті. Онысы несі? Ертең екі, тіпті үш ел жауласып кетер болса, даудың басы өзі болып тұрып, Бегей аман қалам деп отыр ма? Осыны ойлайтын бас көтерер адам елінде жоқ па? –Ақберген әдетінше малдас құрып отырып, екі санын екі қолымен сипай береді және аспанға қарап сөйлейтіні бар.

Бекіш қапелімде сөз таба алмай, бір сәт тығылып қалды.

Әлмағамбет Ақбергеннің бірде шорт кететінін, сөз бастауда жібере тартуға жоқ екендігін бұрыннан біледі. Тоқтап қалған сөзді оның өзі жалғап:

– Бір даудың кесірінен және бір дау тумасын. Өзара дауласуды қояйық жігіттер, – деді.

– Бір тентігіміздің бары рас. Өз үйіне сыймаған тентекті елі ұстап тұра ала ма? Ата-ананы тастап, бір қаншықтың соңында кетті. Ол иттің жазасы ат құйрығына байлап сүйреу...<--break->

– Бекіш даусын көтеріп кіжіне сөйледі.

– Бір елден қыз, бір елден жесір кетті. Сол елдермен Бегей хабарласты ма екен? – деп сұрады Әлмағамбет.

– Ол жағын білмедім. Бірақ ел болып мал-салын жиып қойдық. Қыздың қалың малынан құтылсақ болмай ма? – деді Бекіш. Әлмағамбет ыңырқанып қалды. Бекіштің кем өлшеп, келте қайырып отырғанына ызасы-ақ келді, бірақ сабыр сақтайын  деді.

Ақберген тағы да іліп әкетті:

– Қалай-қалай сөйлейсің, замандас! Інің төбет, келінің қаншық болатын болса, жаңа олармен табақтас болмауың керек еді ғой... Қазақ іштен түскен түсікке де ат койып, адам деп жерлейді. Ойпырмай-й, соғұрлы болмағаны ма бұлардың...

– Ей, Ақберген. Қатарым екен деп ілінісе берме о жігітпен, – деді Әлмағамбет Ақбергеннің иығынан түртіп. – Бәрімізде де бір құдай бар ғой... Нақақ сөзден аулақ болғанымыз жөн. Мен өзім төбемде құдай тұр, келін баланы сол дау-шарыңа қимай отырмын. Екеуін де бірдей алтынның сынығы, егіздің сыңары десем болар. Қарақтарым-ай... Өлім түгіл жаманатқа қалай қиярсың оларды.

– Ағалар-ай, көңілімді босатып отырсыңдар! – деді жанары жасаурап манадан бері үнсіз үлкендердің сөздерін тек тыңдаумен отырған Сабытай.

– Қайып менің жақыным емес. Бірақ келісті жігіт. Қосағы Ақбөбек, Ақбөбек десе Ақбөбек. Жұрттың қызы мен келіні сондай-ақ болсын.

– Ой, көргенді бала екен, құдайдың қалай азғырғанын... – деп Әлмағамбет басын шайқады.

– Ағалар-ау! – деді қос тізерлеп отырған Сабытай ілгері қарай мойнын соза түсіп, – осы біздің қазақтан сорлы ел жоқ. Мұның ана қасаң шариғаты бар ғой... Әй, қойсайшы!..

– Шариғатта нең бар?! – деді Ақберген одырая қарап Сабытайға.<--break->

– Мәселеңки... Мына орыс елін, башқұрт, татар елдерін көріп жүрмін. Олардың отау тігуі қыз бен жігітке байланысты. Бірін бірі қаласа болды – бірі қатын, бірі бай – отау құрып шыға келеді. Осы біздің қазақтыкі не? Қатын алуы бір машақат азап... Баста ерік жоқ, ауызда билік жоқ, – деді Сабытай.

– Шариғатпен іс қылмаса ел бұзылып кетеді ғой, – деп Әлмағамбет төмен қарады.

Сабытай қолын сілтеп:

– Елді бүлдіретін осы қазақтың шариғаты. Ертең не боларына көзіміз жетіп отыр ма? Бегейге қызы кеткен Бәйімбет те жау, жесірі кеткен Кедей де жау. Ел шабуға келгенде шаруасы жоқ, «Шариғаттың жолы осы» деп біріне-бірі найза кезеніп шыға келеді, – деді өз-өзінен күйінішін көрсете.

Құдайға да, құранға да тіл тигізбе, Сабытай, – деп Әлмағамбет қабақ түйді. – Осы жер қарайғалы әр жерден қауесет шығып жүр. Біз мына Акберген екеуміз сол даулы екі елдің екеуінде де болып ағайынның арашасына түсіп қайтқанбыз. Іншалла дау көтерілмес деп отырмыз. Айдап-ұшпа өсек-аяңға елегізе бермейік.

– Кім біледі, қазақта жер дауы, жесір дауы қиын, – деді екі иығын кезек қиқаңдатып қойып, екі тізесін алақандарымен бір соғып қойды да Ақберген:

– Көңілдеріңе келсе де айтайын, Бекіш. Бегейде ел қамын ойлайтын бас кетерер азамат жоқ екен. Кесірінен сақтасын, ертең елдің басына күн туа койған күнде де сендерден тізгін ұстар адам шықпас деп қорқам.

– Қой, олай деме, – деді Әлмағамбет.

– Қалай демейін. Жылға айналып барады. Бегей неге бүркеніп жатыр? Ақсақалы жоқ па? Ақылгөйі қайда? Батагөйі бар емес пе еді? Бар болса солары не ойлап жүр өзі? Алдарына барып жағылмас па? Көз-көзден тартынар еді... Жүз-жүзден ұялар еді... Ашудың арты – кек. Соны неге білмейді. Бегей ағайын – Ақберген намыстың ызасы мен бір көз тастап алып.

– Бекіш, шырағым... Сенің ешкімнен кем түсетін жерің жоқ, мал тапқан, бай болған жігіттің ақыл-есі кем болмас... Әлгі Ақберген айтқандай сол елдің ақсақалы, ақылгөйі, батагөйі болатын азаматсың. Мына істі тоқтатпаңдар. Өзің бас болып, сол дау екі елге бар. Бегей айыпты, сол айыбыңды төле. Елің үшін қинал осы жолы. Өкпелерін өршітпе. Ол ел сендерге өкпелі. Елге тыныштық керек. Азды-көпті мал шығыннан тайсалмағайсың, еліңе бір сақилығыңды танытарсың көп болса.<--break->

Ауыл жақтан Қайып пен Жарылғаптың қарасы көрінді. Бұлар да орындарынан тұрып, солай қарай жүрді.

– Уоу, намаздыгер болып қалыпты-ау. Намазды қаза етпейік, жүріңдер – деді Әлмағамбет. Түстегі сүр ет шөліркеткен бе, таңдайы тобарсып келеді.

Әлмағамбеттің бар ойы енді Қайып жағына ауысты. Ауыл арасынан көптің көлкөсір сөзін күнде есітіп жүрген ол Қайып пен Ақбөбек жайындағы ойын әр саққа бір жүгіртетін еді. Мінезі қыңыр адамдардың пиғылдары да қисық. Олардың былапыт ауыздарынан бірді бірге айдап салар қаңсық, қақпақыл сөздер шығып жатады. Енді бірде елдің елдігіне дауа боларлықтай тыңдаған құлақтың құрышын қандыратын, иманның қабы дерлік, зейін ашып, зердеге қона кететін инабатты әңгімелерді есіткенде, адамның бір жасап қалатыны бар. Жақсы мен жаманды таразылаумен өмірі өтіп келе жатқан қырағы би Әлмағамбеттің болжауы мен топшылауы қазір Қайып пен Ақбөбектің үстінде тұр. Қайыптікі жігіттіліктің желігіне түскен даңғазалық па, әлде өз басын жан қиярлыққа салған шын махаббат жолындағы ерлік пе?.. Ақбөбектікі не?..

Хақ жолынан тайғаны несі? Бір білместікпен есірік еркектің умашына түссе, түскен шығар, ал сонда соңынан еріп кететіндей, ата жолынан шығатындай не көрінді оған. Әзәзілдің азғыруынан ба, арбауынан ба? Жоқ болмаса, бір мезеттік бой шымырының қызуына елітіп жүрген есі жарым әйелдің есалаңдығынан ба?.. Жә...Тоқтам... Бір Аллаға аян. Адам ата мен Хауа анамыз да күнаһар болып пейіштен шыкқан... Бүгінгі пендеге не жорық...

Әлмағамбет тоғылсуынан гөрі соқтығысуы көп оймен келіп, Қайыптың үйінің есігін ашты. Жас келін, жайсан келіннің қолынан тағы да қызыл күрең қалампырлы шай ішеді. Жұрт мақтап жүрген сері жігіт Қайыптың төрінде отырып, арнаған қонақасысын жеп, ақ батасын береді...<--break->

Жиырма тоғызыншы тарау

 

Кедей ауылдары қыстауы Бозашы түбегін қыстап шыққанмен, көктем шыға ерте қозғалады «Маңғыстаудың ен даласын елден бұрын иемденіп қалғысы келетіндей абыржып асығыстай көшеді де, терістіктің салқын самалына кеуде тосып, сонау жоғарыға қарай өрлей түседі. Әзірге Қолқа мен Ешкі қырғанды жайлап отырса, кейін жұрт аудара жылжып, ауып-қонып жүріп, жаз бойы тынбай мына беті Басар, Аққұрық балша, Текебай қара аралықтарын шарлап шығады, соң барып күзге таман тағы да сары даланы бойлай төмен құлайды. Бұл жолы онша асығыстық жоқ, сабырмен жайлап көш өресін ұзатпай, бір қырқадан екінші қырқаға асып қонып жүріп-ақ қара суық түскенше қыс қыстауына жетеді. Жайлап көшкен ел жаздың шұрайлы жайлауында шүйгін шөпке семірген малдарын қатты айдап, қабырғасын сөгіп алмау мақсатында болады. Жол шаңытпай, жүре оттаған малдың қоңы жарылмайды, ондай мал алдағы қысқа да төзімді келеді. Мал бағып, шаруа қуалаған елдің тылсым-тіршілігі сол.

Жалпы жұртпен таныстас, біреуге асыра беріп, атақ шығаруға құштарлығы жоқ, өз ақылы өзгеге ауыса бермейтін, өз дәулеті өзіне жетерлік бас бағар момақан ауылдардың бірі еді Демесін ауылы. Өз ішінен іріткі шығып, табан астында зобалаң тиді де, осы жақын арада ауыл бүлінді. Бәленің басы бір ауыз сөзден шықты. Оның арты Демесін байға тіл тиді, Есберген мырзаның жонына қамшы ойнады, Қалдықожа қажының жағасы жыртылды. Бас-аяғы бір ауыз сөздің ылаңы.

Өткен күзде Есжан батырдың шешектен бір ұлы, бір қызы шетінеген. Қаралы қазаға көңіл айтып, қыстай аяқ жетер маңдағы ел келіп-кетіп жатты. Енді күн жылынып, ел қыбырлаған кезде ата дәстүрі бойынша азалы түтіннің отбасына жақсы тілек білдіріп, көңіл жұбату үшін қатар жүрген танитын ел Есжан батырды қонаққа шақырыса бастап еді. Мұндайда ел аузында аты жүрген батырды әуелі жұрттан бұрын бір-бірімен бәсекелес байлар шақырды. Байлардың қонақтары көбіне батыр, би, болыстар сықылды өңкей тілдің томағасы түріліп, сөз құрсауы ағытылған кезде бірін-бірі кекету, оспақпен ілу, әзәзіл әжуаға айналдыру, ақыры барып кемсітіп, кектендіріп тынады.<--break->

Есжан батыр Жеменейдің бір байының үйінде отырғанда үстіне Жары Мәтжан кіріп келеді. Қағытпадан гөрі қаңырып, тойтарып тастауы басым, шақпа тілге жүйрік қара сөзге шешен адам. Жеменейге нағашылы-жиенді болар Есжан батыр дене пішімі қораштау, әрі үстіндегі киімі жұпынылау көрінген Мәтжанға ара-тұра тиісіп, жайына отырғызбады. Жаңа бір әзірде Мәтжанның шақырылмай келгендігін мазақтағысы келіп, дастарқан үстінде – Жарының жоқ қарағаны да бір үйді толтырады. Көп ел ғой бұл өзі, – деп еді, оған ол үндемеді. Есжан екі аяғын көсіліп, жастыққа шынтақтап жатқан, Мәтжан малдасын жазбай отырып, шапанын шешіп алған да, оның екі етегімен екі тізесін қымтып қойған еді.

Ас алдында қолға су құяр шақ болды. Есжан жантайған күйі шылапшынға қол созды.

Мәтжан ілгері ысырылып отырып, тағы да тізесін шапанының етегімен жапты.

Оны байқап жатқан Есжан: – Мәтжан, қымтана бересің... Бір жерім ашылып кетер деп сақтанып отырмысың? – деулі көсілген аяқтарын жия беріп.

– Тақсыр-ай, қажай бердің-ау... – деді Мәтжан табақ тартыла бергенде.

«Көш мәнісін білмеген,

Көшсе көлік өлтірер,

Сөз мәнісін білмеген,

Сөзді өзіне келтірер...» – деген бар. Сөз жүйесін сен таппасаң, мен табайын... Уа, жарының көптігін көре алмай отырсың. Алса, ұл-қызыңды құдай алды. Жары алып, санын көбейткен жоқ... Батыр-ау, менің жабулы етегімді сөз еттің. Өз етегің былтыр ашылып еді ғой... Бегейлер ашып кеткен етегіңді әлі күнге дейін жаба алмай жүріп... Ағасы, не дегенің ол?

Екі жақ та сөзден тиылды. Асылған тамақ рия – желінбей қалды. Шешеннің тілі батырдың жүрегіне қанжарлай қадалды. Батыр тілге келместен, орнынан тұрды да, жаюлы дастарқаннан аттай жөнелді. Атына мінді, кетті. Батыр сондай мінез-құлқымен батыр. Ауыл батыры осындай болады.

Есжан ауылын келіп ағайын-жамағатын дүрліктірді шетінен.<--break->

Әуелі Демесіннен бастап:

– Неге бұға бересің, отағасы? – деді.

– Е, не істеуім керек? – деді ол.

– Сенен жесір кетеді, маған сөз тиеді көрінгеннен. Бір ауыз айтып түрткі жасамағаның не, отағасы?!

– Есжан! Қой, шырағым, соны. Жалғыз балама кесірі тие ме деп қорқам. Мен талақ со көрімнен! Қой, қозғама!

– Не деп отыр мынау? Осы ауылдан жоқты жоқтайтын бір еркек кіндіктің таптырмағаны ма?

– Есжан, қарағым, есің бар ғой, өзіңді бас. Бір ашуыңды бер маған. Балам жалғыз! Қорқам құдайдан!

– Қап! Ойбай-ай! Атаңа нәлеттер-ай! Орнымды жоқтатпайтын біреуінің шықпауын қарашы!

– Сенің басыңа іс түсіп, азалы болып жүрген соң, біз кезінде үндей алмадық.

– Үндерің өшсін сендердің! Басқалар қайда?

– Қой, Есжан. Қоламтаны қозғама.

– Қозғамаймын! Өртеймін бәрін!

– Әкелме ол қатынды! Неке түспейді оған. Жалғызымды некесіз қатынның қасына жатқызбан!

– Кім айтты неке түспейді деп?

– Молдаекем...

Есжан Қалдықожа молданың үйіне барып:

– Молдаеке Демесіннің баласына айттырып қойған қалыңдығы біреумен қашып кетіпті. Соны барған жерінен қайтып әкеліп, айттырулы күйеуіне қоссам, неке түсе ме, түспей ме? – деп еді ол:

– Түспейді, – деп кері жауап берді.<--break->

– Неге?

– Ол әйел бұ баламен бұрын некеленбеген. Барған елінде ол некелі болды. Енді ол некені бұзуға шариғат қоспайды.

– Сен құдаймен сөйлесіп келдің бе сондай-ақ?! – деп ақыра сөйледі Есжан ашумен қызара бөрітіп тұрып:

– Құдайға тіл тигізіп, күнәһар болмаңыз, батыр. Мен бұл дилилдерімді шариат хадислеринден аладурмун, – деп сексенді алқымдаған қызыл көз молда батырға ашуланғаннан өзін ұстай алмай, селкілдеп кетті.

– Ей, арамза молда! Аңқаулықпен сендерге сене береді ғой бұл қазақ, – деп Есжан пысқырына гүрілдеді.

Әбден ыза қыстаған Қалдықожа қатты қалтырап шекесінен отыра кетті де, екі алақанын жерге қарай жайып, теріс бата беруге ыңғайлана беріп еді, Есжан да ашумен келіп, шалдың көтерілген қолдарын қағып төмен түсіріп жіберді.

– Маған қол тигізбе, әруақ алар сені! – деп молда селкіл қағып қала берді.

Үйінен бір емес, қатарынан екі өлім шыққан Есжан қатты күйініште жүретін. Кіжініп, тістеніп, ара-тұра құдайды боқтап алады. Бұл ауылда оның бетіне қарайтын, оған ақыл айтатын адам болмас.

Дәулетінің арқасында елінде қадірлі болып отырған Демесіннің беделімен де бұл онша санаса бермейді. Содырлығына салып, өзінің бірбеткейлігіне тартқанда, оны ешкім тоқтата алмас. Момақан ел мұның қимылына әбден көндігіп қалған, бұл да жуас түйе жүндеуге жақсы дегендей болып жүріп, ауыл-үйге қоқаңдайтын ожар мінезін бірте-бірте дағдыға айналдырып алған. Есжан Қалдықожа қажының үйінен шыққан соң, тұла бойы бей-жай тартып, бірден бас жағы ду етті де, төбе құйқасы шымырлап кетті. «Маған қол тигізбе, әруақ атар сені!»... Молданың осы сөзі көкірегінен дулықтырып тұр оны. Ауыл арасын біраз кезіп, әркімдермен амандасып, сөзге араласқан соң, бойының бей-жайлығы тарқайын деді, ойы да басқа жаққа ауды.

Есжан Демесіннің үйіне жақындай бергенде, қайта қатуланды. Ар-намысын қопарып, өзегін өртеп кеткен Жары Мәтжанның уытты сөзі санасына қайта оралғанда, батырдың бойы тағы ду етті.<--break->

Демесін үйінің есігін ашумен қалай ашқанын өзі де сезбей қалып еді. Демесін төрде баласы Есбергенмен сөйлесіп отыр екен. Батырды көргенде, Есберген ұшып тұра келді. Есжан отырмады, қатулы қабағын ашпастан тұрып, – Әй, жатыры жаман жасық неме!.. Тай шығатын күнің бар ма?!.. Жұрттың сендейінің қатынға бай, балаға әке болғаны қашан! Жүр, киін! –деді.

– Қайда? Қайда барамыз аға? – деп сұрады Есберген өлген қойдың көзіндей көзі бозарып. Иығы түсіп, бейне бір жіпке асып қойғандай қолдары салбырап тұр. Бойында сергектік жоқ, тік тұрғаны болмаса, қыбыр-қимылы таянған жансыз денеге ұқсайды.

– Қайда, деуін қарашы мына нәсіқұрдың?! – деді Есжан талдырмаш жас жігіттің төбесінен төне қарап. Азуын қайзап, тістерін сықырлатып еді, Есберген кеудесін кейін тартып, бұрынғыдан бетер жасқана түсті. Терісі қалың қанды қара торы жүзінің қаны қашып, көне шүберектей оңып, қуарып бара жатты.

– Баратын жерің мәлім емес пе?! – деп Есжан танауы желбірей тепсініп кіжіне сөзін жалғастырды.

– Сенің Бөбек деген қатының Қайып деген қарақшының қойнында жатыр былтырдан бері. Барып, сол қарақшының елін шабамыз, Қайып қарақшыны бауыздап, қойнында жатқан сенің қатыныңды айырып әкелеміз, білдің бе енді?

Төрде керегеге арқасын сүйеп отырған Демесін тәлтіректей қозғалып орнынан тұрып кетті. Қапелімде төнген үрейден көзі қарайып, бір сәт үйдің ішін қара түнек басты. Қари адамдай қолдарын ербеңдетіп тұрып:

– Жоқ, жоқ, батыреке! Жалғызымды жібермеймін! Жау болып шабам деп жүріп баламды бауыздатып алсам қайтем! Мені өлтіріп кет, болмаса баламнан айрылмаймын! – деді Демесін.

Есберген де кейін шегіншектеп кетіп, әкесінің қалтыраған қолдарына түсті.<--break->

– Әй-й, анаңды...сенің! Сендей көрдемшенің теңі жорық па! – деп Есжан Есбергеннің жағасынан ұстап, ілгері қарай сілке тартып алды да, ақзон көйлектің қызыл жібекпен қайылған кестелі өңіріне бүре жабысқан томардай қара шеңгелін жазбастан жуан жүнді білегінің салмағымен оның басын төмен нұқырта басып тұрып, қамшымен көйлекшең жонына жосытты, өмірінде қорғасын өзекті дойыр қамшы түгіл тал шыбықтың табы түсіп көрмеген балауса тәнінің удай ашуына шыдай алмаған балаң жігіт екі аяғымен жер тепкілеп, жас бұқашықтай ышқына үн шығарды.

Демесін ойбайлап келіп баласының үстіне түскенде ғана Есжан Есбергеннің жағасынан уысын босатты, қолындағы жылан бауыр қамшысын бүктеп, көз аларта сұстана тұрып, беліндегі деңмент белбеуіне жайымен қыстыра берді.

Көктемнің айсыз қараңғы тамылжыған бір түні еді. Аспан да меңсіз болар, жұлдыздар баданадай болып, төбеден самсай төніп тұрған. Таң бозара қойған жоқ. Бір кезде терістік беттің қараңғы түні жарқ-жарқ етіп шытынып кетті. Жердің бір қабат астынан шыққандай сонау алыстардан жарқыншақ жалт ойнап, түн қараңғысын бұзды.

Демесін аулының қараша үйлері түнімен күбінуде. Әр үйдің төбесіндегі түндігінен шыққан жаққан оттың болмашы бозамық жарығы қараңғы түнді төменнен түрткілеп тұрғандай. Бұл да түн тыныштығын кетіріп тұрды.

Бір үйлерден күбір-күбір үн шықса, енді біреулерінен күңіренген дауыстар мен жылап-сықтаулар естіледі. Қайғы-мұңға ұласқан бұл түннің дүрбелеңі әсіресе Демесін байды жайына ұйықтатпап еді. Ол бойының қызуы көтеріліп, кешегі баласының арқасын тілдіріп алғаннан бері төсек тартып ауырып жатыр. Кеше кеште ауылдағы малшы-жалшылардан он шақты жігіт келіп, жорыққа аттану үшін оның алдынан өткен. Ол олардың ешқайсысына да жөнді жауап берген жоқ, «сендерді мен көтерген емеспін», ендігісін өздерің біліңдер деген де, бетін ілгері бұра, аударылып жатып қалған. Түнімен көз ілдірмеді, аударылған сайын күрсініп, күрсінген сайын дөңбекшумен жатты. Әйелінің жүрегі сиқалы, ұрыс-жанжал, айқай-шу шыққан жерде ұстап қалатын талмасы бар, Демесін бірде болмаса бірде өліп кете ме, содан сақтанады көбіне.<--break->

Есберген әкесінің қасында жастығын құшақтап етбетінен қорылды басып жатыр. Қамшы жеген сауырының жарасы сәл қимылдаса болды тыз ете шаншып кетеді, онда ол ұйқы үстінде жатып, ыңырсып ыңылдайды. Демесін селк ете шошып, көзін шайдай ашады, одан кейін ұйқы жоқ. Көз ашып көрген жалғызына жанын жаялық қылып жатыр. Баласын қасына алып жатуына да бір себеп, осы түнде қалай да бір бас сауғалатып, жалғызын Есжанның қанды жетегінен аман-сау құтқарып қалудың амалы болатын.

Мына қара шаңырақта Демесін тек әйелі мен екеуі жатады, жігіт болған баланың жатар жайы бөлек үйде, ел біледі оны. Кім біледі, адуын батыр есіріп келіп, жесір иесі Есбергеннің қолына найза ұстатуы мүмкін. Жас жігіт сосын дүрмектен қала алар ма, амалсыздан жауға аттанады да кете барады.

Демесін қауіп пен қатерді сырттан тықырынан күтіп, түнімен үрейге тұншығып көз іліндіре алмай жан қинаумен жайсыз жатып еді, таң ата қатып ұйықтап кетіпті.

Тұтасқан түн қараңғысын жамыла Есжанның қарулы тобы жараулы сайгүліктеріне қонды. Күннің табына қақталып, аязы мен боранына суарылып, шаруаға жастай араласып шынығып өскен қара күшке дегенде қуатты, мығым денелі, сілтемі қатты, жуан жұдырықты сайдауылдай қара дүрсін жігіттер бойларына алдағы қақтығыстың әлден-ақ желі енді ме, ерге бөксе басуы мұң екен, бірден шалт қимылмен ілгері ұмтыла, тізгіндерін бос ұстай мінген аттарын тебініп-тебініп қалды. Ақ көйлектің де желі болады, Сайгүлікке мініп, самалдата жорту мен қолға қару ала шабудың кепиеті одан кем бе.

Жігіттердің қолында бір-бір ұшты найза, он екі өрімді бір-бір жуан дойыр, сол жақтағы қында мүйіз сапты кездік қоржынның оң беттегі басында айбалта бар қару жорыққа сай келеді. Қатуланған жігіттер бірден-ақ еріндерін жымыра түсті...

Қатарында қосшы жігіті бар, бес-алты аттың өресіндей жерге оқшауырак озып, Есжан топтың маңдай алдында кетіп барады. Бағыт – манағы найзағай шыққан бет.

Есжан қаһарлы, оның оншақты жігіттен құралған тобыры да қатулы сияқты.

Ауылдан ақ тілектен баз кешіп, ақ батаны алмай, тек қана қара ниетпен көтерілген қанқұмар қарулы топ қара түнді қак жарып суыт келеді.<--break->

Отызыншы тарау

 

Сабытайдың сабалақ жүнді көк төбетінен ауыл иттерінің құйрығын қыспайтыны жоқ. Оны көрсе, қоңсылардың иттері алдындағы итаяқтарын тастай қашады. Қасқыр жалды көк төбет басқалар былай тұрсын, өзінің ұяластарын да аямайды. Даладағы арам өлген малдардың қаңқасы да әуелі сонікі, ол тойып шыққанша басқа иттер жолай алмай тілін жалап, қыңсылап өлексіні сырттай сұқтана қаумалап тұрады. Заман күштінікі. Жаралған жанды дүниенің тіршілік – тылсымы осы тәрізді. Жан-жануар, хайуан тобындағы мақұлықтар, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей тіпті саналы жаратылған көкірек көзді адамдардың өздері де жалған өмірін қызғанышпен, күштілікпен алысып-жұлысып, таласып-тармасып жүріп, ұдайы қырқысуда өткізеді.

Кешеден бері ауыл иттері ұйлығып жүрген. Іңір қараңғысында топ ит бірімен бірі таласты, көбі жарақаттанды, бірінен кейін бірі қаңсыласып артта қалып жатты. Көк төбет қара қаншықты оқшау шығарып алып келіп еді. Содан сілесі қатып оралған ол. Сабытай мен Қайыптың үйінің аралығына келіп құлаған. Таң алдында көк төбет басын көтерді, орнынан тұрды. Екі үйдің арасынан соққан таң самалына тұмсығын тосты, соң ұли бастады. Тұрып алып бір емес, әлденеше рет ұлыды.

Үйде жатып Сабытай «кет!» деп жекіріп еді, иесінің даусынан бір сәт басылған болды, да, біраздан кейін даусын соза тағы ұлыды.

Сабытай үйден шықты. Босағаға сүйеулі тұрған бақанмен көк төбеттің жанына періп келіп жіберді. Ит омақаса құлап, орнынан тұра алмай, бар даусымен ышқына қыңсылап жатты.<--break->

Үй түбінен шыққан төбеттің ащы дауысынан Қайыптың құшағында шырт ұйқыда жатқан Ақбөбек селк ете түсіп шошып оянды.

– Не? Не болды? – деді ол Қайыпты түрткілеп.

– Ит ұлып... – Қайып ояу жатқан.

– Ит, ит ұлыды дейсің бе? Ақбөбектің жүрегі зу етті.

– Иә, көк төбет ұлып еді, Сақаң ұрып жықты білем... – деді Қайып сол қолын Ақбөбектің үстінен өзіне тартып жатып.

Әйел заты күдікшіл. Ит ұлыса, үй төбесінен байғыз шақырар болса жақсылыққа жорымайды. Екі-үш күннен бері Ақбөбектің сол қабағы тартып жүретін, жарамсыз белгі деп оны да ол жақтырмай қалып еді, мынау оған косымша болған сияқты.

Қайып пен Ақбөбек түнде кеш жатқан. Қонақ күткен. Нұрқанның шешесі сол анадағы малдан ауырып келіп, төсек тартқанынан қайтып тұрмай, қайтыс болып еді. Білетіндер түйнемеден кетті дейді.

Қайыптың үйі Нұрқанның қайғысына көңіл білдіріп, кеше кешке қонақасына шақырып жіберген.

Қызға қырындауын қояр емес, кімнен естіп келгенін кім білсін, сойылған малдың еті қазанға түсе бергенде, аулынан Жарылғап жетті осында. Түнде қызбен табақтас болып, ет турап берді. Соң Нұрқанды үйіне ертіп апарып тастап кетті.

Үйден шығарында Қайып әзілдеп оған:

– Әй, өзің тым желпілдеп кеткен екенсің, барған үйіңе жатып қалам деп қағынып жүрме, – деген.<--break->

Жарылғап та іркілместен:

– Жатсам-тұрсам өз еркім. Мен бір жоқ қараған адаммын, жоғым табылса, қала берем, – деп еді. Со кеткеннен оралған жоқ, бірақ Нұрқанның үйінде қонып қалмаған. Онымен жай әңгімелесе жүріп, қол ұстасып барған да, үйіне жеткенде, өзі есігін ашып тұрып, оны ішке кіргізіп жіберген, сосын қайтып келіп, Сабытайдың бос тұрған қонақ үйіне жата кетіп еді.

Алғашқы кездерде достық, құрдастық салтымен Жарылғап Қайып пен Ақбөбек үшеуі төсекте жатып кетіп жүрді. Енді ол әдетті қойды, ыңғайсыз – Ақбөбектің аяғы ауыр... Төсегі былай тұрсын, кеше тіпті осы үйдің өзіне түнеп шығудың өзіне де қалай болар екен дегендей дудамалдау ой бөліп отырған еді ол.

Көк төбет қыңсылап жатып, қатты соққан бақанның ашуы басылған соң, сүйретіле орнынан тұрды да, бұралаңдай барып, анадай жерге тағы жатты. Біраздан кейін ол тағы ұлыды. Бір емес, даусын созып-созып үш қайтара ұлыды.

– Мына мәлетті атып тастамасам ба сені! – деп Сабытай үйден шықты. Оның қарасын көргеннен көк төбет ауыл сыртына қарай жорта жөнелді. Сол кеткеннен таңертең асқа да келген жоқ, қайда жүргені белгісіз, шығандап кетті.

Ақбөбек өз-өзінен құныса берді. Жел қарысты ма, бір бүйіріне шаншу қадалғандай болды. Со бүйірін бір нәрсе бұрай беріп шаншытып барады. Сол қысымға шыдай алмай іші бауыры төңкеріле тулап кетті. Ақбөбектің жүрегі зуылдап, тынысы алқымына келді. Таңдайы кеуіп, қатқақсып жатыр. Қайыпқа сездірмейін деп еді, болмады. «Уһ-й» – деп ұзағынан дем алды. Үсті-үстіне күрсінді. Іші-бауырым жай табар ма екен дегендей олай да, бұлай да аударыла берді.<--break->

– Қ-қайып,  – деді бір кезде даусы дірілдеп.

– Аһ – деді ұйқылы ояулы жатқан Қайып.

– Тұршы. От тамыза аласың ба, жарық қылшы.

– Не, бір жерің ауырып жатыр ма?

– Білмедім... Мына жағым түйнеп барады...

Қайып жалма-жан ұшып түрегеліп, Ақбөбекгің аяқ жағынан аттап өтті де, ошақ басына барды. Қараңғыда сипалап жүріп, көсеуді тауып алып, көмулі қоламтаны ашты. Шоқтың жарқыншақтары жылтырады. Оның үстіне жылқының қу тезегін уқалап сепкілеп еді, жаңағы жылтыраған шоқ жарық жоқ болды.

– Не жанбайды мынау, – деді Қайып өзінен өзі күңкілдеп.

– Үрлесейші. Үрлемесең, жана ма ол, – деп өзі де басын көтерді Ақбөбек.

От жанған соң бір сәтте үйдің іші түтеп кетіп еді, Ақбөбек:

– Түндік, –деді еріксіз күліп.

Қайып жүгіріп барып түндікті ашып келді.

– Бір жерің ауырып отыр ма, өңің боп-боз ғой, – деп Қайып әйелінің қасына келіп отырды.

– Су берші. Иттен қорқып кетті ме, мынауың тынышымды алды ғой, – деді Ақбөбек мырс етіп күліп, сосын күйеуінің иығына басын сүйеді.

– Одан бұрын өзің қорқып жүрмегейсің, – деп Қайып келіншегінің иығына қол артты, – Қалай, басылды ма?

– Тыншыды, ұйықтады білем...

– Қой, онда жатайық. Әлі таң атқан жоқ, – деп Қайып Ақбөбекті қолынан тартып еді, ол:

– Сыртқа шығам... Түндікті жауып келейікші. Ит қайда екен? – деді орнынан тұра беріп.

– Қоян жүрексің-ау өзің. Сәл нәрседен қорқа бересің. Мен бармын ғой қасыңда, – деп Қайып та әйеліне ере шықты.<--break->

Дала жым-жырт, тастай қараңғы. Аспан буалдыр болар, жұлдыздар алыстап кеткен бе, тот басқан теңгешіктей болып, әр тұста бір түйірі болмашы көрінеді. Айсыз, желсіз түн жамылған түз демін ішіне тарта мүлгіп тұр. Қырдың киік оты мен көк жусанының жұпар иісіне бөккен түннің тымық лебі ғана дем тартқан сайын тынысты кеңіткендей болады.

Үйден қол ұстаса шыққан Ақбөбек ажырамастан Қайыпты ертіп барды да, жатқан түйелердің тасасына отыра кетті... Осы кезде аспан сөгіліп жерге түскендей болып, сатыр-күтір етті. Сол сәтте қылыштың қырындай көк жасыл сәуле аспан көгін тілгілеп кетіп, көз қарықтырған жарықпен аралас шатыр-шұтыр еткен ащы дауыстың екпіні тас төбеден соққандай құлақты бітеп кетіп еді.

Зәресі ұшқан Ақбөбек орнынан атып тұрды да, артында тұрған Қайыпты құшақтай алып, бауырына кіріп кетті. Құбылаға қарап отыра кеткенін найзағай басылған соң барып сезді ол. Құбылаға, айға, күнге қарай отыру – күнә...

Ақбөбек жасынан қараңғыдан қорқақ. Түнде сыртқа шықса, шешесін алып жүретін қасына, сол бала кезіндегі әдеті әлі бар. Енді күннен күнге ырымшыл болып барады, әрі секемшіл. Оқыстау шыққан болмашы дыбысқа да жүрегі зуылдай шошып кетеді, сәл нәрседен күдіктенеді. Сонысын өзі сезіп, әнеугүні Түймешке сыр ғып айтып еді, ол «жүкті кезінде әйелдерде сондай құбылыс болады» деп оның көңілін жұбатқан.

– Кешеден бері бір түрлі болып жүрмін. Ата-анам аман ба екен? – деді төсегіне қисая бергенде Ақбөбек.

– Аман дейді, есіттім кеше, – деп Қайып әйелін бауырына тартты. Бетіне бетін тақап, арқасынан қағып, өзінің мейірлі дағдысына айналып қалған кәдімгі әдетімен мейірлене аймалай бастады. Қайып серілігі басым сақа жігіт. Ол он саусағының өнерімен мал табуға бар, бірақ онда дүниеқоңыздық жоқ, бұл да серіліктің бір белгісі болар. Серіліктің нышаны жастықтың сергелдеңіне түсіп, көрінген жерде қыз-қырқынға қылжақтау болса, бұған дәл сол жағы жетіспеді. Жігіттік дәуір біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Қайыпқа сол дәуір кешеуілдеп жеткен еді. Жердегі шөп те буыны қатқанда жұғымды, қазандағы ас та қайнауы жеткенде дәмді. Сол сияқты адам да жасы жетіліп жетіседі, сонда ғана оның өмірге деген талғамы берік, тәуекелі мықты болмақ.<--break->

Жігіттік дәурен өздігінен тумайды екен. Ол өзі жер қойнауында жабулы жатқан асыл зат тәрізді, оның бетін ашпаса, оған қол тигізілмесе жарқылы көрінбей, сол күйінде жата берер еді. Ет жүрек те адам бойына біткен асыл зат. Онда қан бар, жан бар, қуат бар... Ол қастерлі: қуана да біледі, буырқанып бұлқына да біледі. Бірақ ол шаққа дейін белгі бермейді, бейне бір жас сәбидей ұйқыда жатады. Содан кезі келген кезде ғана саналы жүректің бір себеппен оянуы шарт. Ұйқыдағы ер жүрегін тек әйелдің ояу жүрегі ғана оята білсе керек... Иә, Қайыптың ұйқылы жүрегін Ақбөбектің ояу жүрегі оятқан еді.

Ақбөбектің жүрегі тағдыр дүмпуіне ерте түсіп, ерте оянған болатын. Оның жас жүрегі іздегенге сұрағандай тауып, Қайыптың жүрегін паналап еді. Содан бері Қайып оған барынша берілген қамқор, Ақбөбек оның панасындағы балапан. Қайып Ақбөбектің балапан басты балалығын көтереді, кешірсді, оның әйелдік назы мен зайыптық еркелігін аяушылықпен қастерлеп, бар ықыласымен мейірін төге аялайды.

Ақбөбектің жүрегі дүрсілін қойған жоқ әлі. Түн ортасында иттен қорқып шошып оянды. Далаға шығып еді, найзағайдың жарқылы тағы қорқытты. Құбыла беттегі елін де сағынған екен Ақбөбек...

Қайып бәрін де сезіп жатыр. Жаны ашиды, аяйды. Сақа жігіт көп ойланған жоқ. Бар мақсаты әйелінің қазіргі әлем-жәлем ойын бөліп, жайсыз сезімін жанына түсіру. Ол үшін жастықтың желігіне ерік берсе болды...

Ақбөбек те күйеуінің кейбір дағдылы әдеттеріне қанығып қалған. Оған бетіне бетін тигізіп, мұртымен қытықтауының өзі басқа жаққа ой бөлдірмей қоймайды... Күйеуінің мейір төге құшырлана құшуы әзірге көңіл жығып көрмеген иі жұмсақ жас жұбайға ұнайды да...

Ақбөбек жастық ағашқа бас қойып, көңілсіз күйде бұйығып жата кеткен еді, бойының құрысы енді жазылайын деді. Күйеуінің мойнына қол артты. Қайып та сабырлы, бұрынғыдай қаусыра құшақтап, қатты қысуды қойған. Жақын арада әке болары белгілі...<--break->

– Тырнағың өсіп кеткен бе? – деп Ақбөбек шым еткен жалаңаш балтырын елеусіздеу бір сілкіп қалды... Көңілдері көншіген ерлі-зайыпты екеуі де қатты ұйықтап кеткен екен, күн шыққанда Жарылғап келіп оятты бұларды.

– Әй, тал түске дейін жатып... Ұят деген бар ма өздеріңде? Әттең, шал-кемпірдің қолында болғанда бар ғой, көрер едім сендерді... – деді Жарылғап мосыға қара шәйнекті іліп жатып. Жымың-жымың етеді. Қайып пен Ақбөбек оған сыр мінез, олардың көз алдында құшақтасып жату да бұған таң емес, өзінің талай жатып жүрген төсегі. Жарылғапты жымыңдатып, таң атпай от жақтырып көлбеңдетіп кеткен өткен түндегі Нұрқанның үміт арта айтқан бір ауыз жақсы лебізі. «Үйде жалғызбын... Ойлайтыным – сен... Сағына берем...» деген Нұрқан.

Таңертеңгі дастарқан жиылған соң, Жарылғап аулына жөнелді, Қайып қауым басына. Асығыстау болды ма, әлде екі-үш күннен соң қайта соғатын болған соң ба, сырын ол Қайыпқа айта алмай кетті.

Ақбөбекте түндегі үрейдің ізі қалмаған секілді, Сабытайдың үйінде ыңылдап, ән салып жүр. Төсек-орынды жинастырып болған соң, жағалап оң жақта ала батшайымен бүркеулі тұрған бесіктің қасына барды, соған сүйеніп отыра кетті. Күлімсіреді. Үйде өзінен басқа ешкім жоқ. Тағы күлімдеді. Бесіктің жапқышын ашты. Дүниеге енді келер сәбидің жөргек-төсегі салулы тұр. Ақбөбек соны қызықтап отыр. Бесіктің арқалығынан оң қолын асырып, өзі аздап жаптайды. Онысы бесіктегі баласын емізіп отырған ана болғаны. Ойлайды: «Қашан жетем сол күнге?.. Кім екен, ұл ма екен, қыз ба екен? Аты кім?.. Үлкендер тұрғанда бізге ат қойғызар ма?..» Ақбөбек тәтті ойдың жетегінде отыр. Осы бір сәтте санасында көңілге түйткіл түсірерліктей бірде бір кіреуке дақ қалмаған сияқты. Дарқан сезімнің айдынында жүзген ол шалқыған көңілін игере алмай, шаттанған үстіне шаттана түседі. Көз алдында сүйген жары Қайып тұр, сүйікті жардың ертеңгі күнінің жалғасы болмыш дүниеге енді келер перзент әлі күннен-ақ аяқ-қолы ербеңдегендей елестейді... Ақбөбек өз-өзінен жүрегі жарыла қуанып отыр...

Бесіндіктен өткен шақ. Күн тұтылып тұр. Аспан сұп-сұр болып кетті. Бір-біріне қарасқанда адамдардың беттері де қан-сөлінен айрылып, қуарып, көгеріп бара жатқандай. Желідегі боталар да боздағанын қоя қойды. Тақырда топай домалатып, асыр сала асық ойнап жүрген балалар тым-тырыс тиылып, үйлеріне бір кіріп, бір шығып, жан қоярға жер таппай жүр. Жұрттың көзі нұр-сәулесінен айрылып қанталаған күн табағында. Күн көзінің бір беті қара жамылған.<--break->

«-Сақтай гөр, Алла... Ақыр заманның таянғаны ма?»... десіп, шал - кемпірлер жағаларын ұстайды, құбыла бетке қарап, тәубе қылған болады.

Ақбөбекке де мына жабырқау тартқан көптің ықпалы тиді. Жер бетін жапқан ажарсыз көрініс оның да көңілін құлазытты. Ол бұрын мұндай күн тұтылуын көрмеген. Содан ба, онша жүрегі зуылдап қорыққан жоқ, бірақ іштей келемесін қайырды. Бір мал садақа айту көкірегіне келіп еді, оны келген соң ақылдаса отырып, Қайыптың өзіне айтқызам деп ойын тоқтатты.

Ұясына тұсау бойы қалғанда, күн көзі қара белдеуден арылды. Бәрі бір со бет әлі қып-қызыл қанталаған күйінде еді. Біраздан кейін көкжиектің етегін түре қап-қара қою бұлт тұтасымен көтерілді де, көк жүзіне жайылған әлгі қан бояудың бетін бүркей бастады. Топан судың нөсерін айдап келе жатқан өкпірім қара дауыл секілді алыстан жер беті енді қарауытып, сұрықсыз күйге түсті.

Өрістен қайтқан сауын малдар ауылдың тұс-тұсынан жапырды. Қой, қозылар маңырасып, жамырасып жатыр. Желіде тұрып зарлай боздаған боталардың дауысы оған ұласып кеткен. Ауыл-аймақтың жас-кәрісі түгелдей далада, мал қуалап, шетінен сабылысып жүр. Ауыл үсті азан-қазан, айқай-шу, мал баққан шаруа елдің аласапыраны кәдімгі үйреншікті, дағдылы кештерінің бірі еді.

Сабытай үй ішімен әйелінің төркініне кеткен. Бір көген қойды бүтін Ақбөбектің өзі сауады.

Қайып пен Нұрқан сауындық саулықтарды иіріп ұстап, ұзын желіге шетінен бастарын айқастыра көгендеп жатыр. Қойларды көгендеп беріп, Қайып үйге кіріп кетті. Қылымсуы күшейіп жүрген Нұрқан бүгін Ақбөбекке тағы бір қырынан көрінгісі келді ме, үйінен әдейі еркекше киініп шығып еді. Шаруасына қарасып, Ақбөбекке жәрдем беріп жүрді. Нұрқан жеңгесімен әзілдеседі. Сыптай киінген сылқым жігіт болып келіп, Ақбөбектің қос алмасына қол жүгіртті. Сықылықтап күледі.

- Қой, ұстамаймын. Желіндеп тұрған немесің... Мә, менікін ұстап көрші, тастай...- деді.<--break->

Ақбөбек: - Әрі кет! Ұяттағы, қыз басыңмен ...- деп бетін шымшыды. Қолына қой сауатын шелегін алып, сырт айналып кетті.

- Шелек бер, мен де сауысайын, - деді Нұрқан Ақбөбекке. Қосақтың екеуі екі бетіне өтіп, саулық қойларды бір басынан сауа бастады. Ауыл арасының у-шуы саябыр тартты. Жайлауға қонғанда үйлер бір-бірінен алшақ тігіледі, әр түтіннің күл төгері мен шаңдағы, желісі мен ықтасыны бөлек.

Сабытай мен Қайыптың үйлері ғана іргелес тігілген, ауылдың жел жақ шетінде оқшау тұр.

Әлгі бір әзірде сонау қияндағы жер жапсарынан көкті тірей тұтаса, сіресе көтеріліп, аспан әлемін торлап алған қатпары қалың қара бұлттың сүйірлеу келген бір ұшы найзадай болып төбеден төнді. Сол ұшынан жарқ-жұрқ от шықты, көк жүзі опырылып тау құлағандай күтірлеп барады.

Ақбөбек тұла бойы тітіркеніп, үрейлене бастады. Ол найзағайдан жаны қалмай қорқады. Баларақ кезінде аулының жасыл түсіп өлген бір қойшысын көрген, содан бері оның жүрегі ойнамалы болып қалған.

- Жүр кетейік! - деді ол қарсы алдында қой сауып, еркін отырған Нұрқанға.

- Тек! Мына малды сауып болмай қайда барасың?-деп Нұрқан оған жекіріп тастады. Өзі сыңқылдап күледі.

Осы кезде ауылдың күн шығар бетіндегі қара жосын төскейден бір топ атты құлап келе жатты. Олар төмен түсіп, алдағы жазықтықты біраз бойлай жүрді де, енді қарсыдағы қырқаны жағалай ескі сүрлеумен жоғары өрледі. Қыр астынан қылт еткен тобыр ат тұяғының дүсірін сездірмей, тізгін тарта жай басып, ауыл шетіне ілікті. Ақбөбек пен Нұрқан бұл топтың келіп қалғанын қапелімде аңғармай да қалып еді. Қатар тұрған үш үйдің (Сабытайдың өз үйі, қонақ үйі, Қайыптың отауы) ту сыртынан келіп, әлгі тобыр аттарынан түсіп жатыр.<--break->

- Уа, хабарлас!-деді көптің ішінен бір жуан дауыс.

- Адам бар, түсе беріңдер,-деді іштен Қайып.

- Қайыптың үйі қайсы?-деп сұрады әлгі кісі гүрілдеп.

- Осы болар - деді  Қайып іште тұрып. Бұлардың жай адамдар емес екенін іші сезеді. Қолға алайын десе, үйде қару жоқ. Кереге басындағы қамшыдан басқа үй ішінде қару бола алмайды. Не мылтық не қылыш керек. Айбалта болса одан да жақсы, олар бұл үйде жоқ қарулар.

Қайыптың қолына түскені - кездік.

- Қайып болсаң шық бері - деді жаңағы адам.

Қайып бір сәт үнсіз тұрып қалып еді, көп ойдың қайсысын ұстарын білмейді. Сыртқа шықса, жанжал туып, жаң-жұң басталады, онысын Ақбөбекті қорқытып алады.

Іштен жауап күтпей-ақ алдына үш адам салып, өзі солардың соңын ала Есжан батыр сау етіп үйге кіріп келді де, қолындағы кездігін көтере берген Қайыптың тұсына найзаларын тіреп тұра қалысты.

- Бұл үйде жоқ! Бөбекті іздеп табыңдар! - деп бұйырды Есжан есікті аңқара ашып, ілгері ұмтыла берген тобырдың басқаларына «Қайып болсаң, шық бері!»... дегенді есіткеннен-ақ жамандыққа жорыған Ақбөбек дегбірі қашып қалтырап кетті. Сол сөзді ашық есіктен тосындау естіп қалған оның шелегі дірілдеген қолынан сыпсып түсіп кетті.

- Енді қайттім, Нұрқан?! – деді Ақбөбек даусы қарлыға сыбырлап. Орнынан жылыстап әрі кетейін деп еді, буындары босап, өз денесін игере алмады.

Сабытайдың екі үйін тінтіп, ешкімді таба алмаған соң әлгі бес-алтауы бері қарай жапырылды.<--break->

- Қосақтың астына кір, жасырын!-деді сасқалақтап тұрып Нұрқан Ақбөбекке.

- Әй, жігіт, мынау кімнің қосағы? - деп келе кимелей берді бір шомбал қара.

- Менікі! - деді Нұрқан еркек дауысқа салып.

- Еркек мал сауа ма екен? Қатыны қайда мұның?!

- Қатыны жок, қыдырып кеткен! Мен үйшісімін!

- Әй, шайнама! Сен үйшіге ұқсамайсың!

- Онда мен Жаңай Құдайберді байдың жалғыз ұлымын! Білдің бе, шайнамасаң шайнама! Ой, жеп атаңды!..- деп Нұрқан шомбал қарамен тіресе кетті.

Қосақтаулы қойлардың ана бетіне шыққан біреуі Ақбөбектің ортасынан сүтімен тұрған шелегін көріп қалып: - Қой сауып жатқан әйел бар осында. Міне шелегі тұр, - деді.

Нұрқанның арт жағына орала берген енді біреуі: -Әй Тілес алдыңда тұрған еркек емес, қыз ғой - деді оның саусақтарына түскен білектей қос бұрымын көріп қалып.

- Қапаш! - деді Тілес қасындағысына, - көгенді кесіңдер де, қосақты таратыңдар.

Қапаш пен Шүрен желінің екі басына шығып алды да, қосақтаулы қойлардың көгендерін турап түсіре берді. Матаулы қойлар бастары босаған соң, қозыларын іздеп, маңырасып, тұс-тұсына бытырай жөнелді.

- Таста пышағыңды, әйтпесе түйреймін найзамен!-деді Есжан Қайыпқа тістене көздері шатынай қарап.

- Сені «Есжан батыр» деп есітем. Батыр екі сөйлемес! «Түйреймін» дедің бе, түйре! - деді Қайып сазарып тұрып.

- Таста деймін қолыңдағыны!-Есжан тағы бір ақырды.<--break->

- Тарт, Есжан, найзаңды!  Болмаса сал!  Міне кеудем! Жесірім деп келіп тұрсың! Жесір сенікі болса, Акбөбек менікі! Оны айырып алам деп тұрсың! Акбөбекті құдай алар менен, бірақ саған жоқ ол! Найзаның ұшымен қорқытам деп әуре болма батыр, Қайыпты!-деп қатуланған Қайып қолындағы кездігін жоғары көтере ойнатып тұр еді, оның онысына шыдай алмаған Есжан найзасын тастай салды да, Қайыпқа қарай өжеттене ұмтылды. Қайып кездігін сілтеп үлгіре алмады. Жан-жағынан тірелген найзалар оның алысуына, бұлқынуына еркіндік бермеді. Талай жылдар талай жерде жаға ұстасып, әркімдермен алысып, тартысып, талайдың басына әңгір таяқ ойнатып қалған жаратқанның бір өлермен пендесінің ұрда жық тағылық қимылына төтеп беру қиын еді. Бұрын-соңды атыс-шабысқа, тайталас-тартысқа түсіп жырынды болып көрмеген, қазақтың дарқан даласында арда өскен, жаратқанның тағы бір пендесі сол аңқау даланы билеп тұрған озбыр күшке тап болды. Қайып қазыр қанаты қатпай ұядан түскен балапан... Оның әр қолы төрт шеңгелдің құрсауында, қимылдауға шама жоқ. Әзірге екі аяғы бос тұр. Қарсы алдында тұрған Есжанның жанды жеріне етігінің ұшымен теуіп-теуіп жіберіп, көктесін бір бүкшитіп тастағанда одан кек кайырғандай болар еді, Қайып өйтпеді, тақасып төбелескен кездегі ер жігіттің мұраты - білектің, қолдың күші болмақ, аяқ жұмсау-ар. Қазақта адам түгіл хайуанды да теппейді.

Есжан Қайыптың қарысып қалған саусақтарын күшпен біртіндеп жазып тұрып, мүйіз сапты, күміс сақиналы ақ жылтыр кездікті тартып алды.

- Байлаңдар мына доңызды!-деп әмір етті қасындағыларға.

Екі жігіт Қайыпты қаусыра құшақтап, біреуі төмен еңкейіп, екі аяғына жабысты да, өзіне қарай жерден тайдыра тартты. Қайып шалқасынан құлап бара жатты.

- Аяқ-қолын буып беріңдер маған! Бауыздап кетейін шошқаны!-деді Қайыптың бас жағына төне беріп Есжан.

- Бұтыңда безің болса, бауызда, көрсін ел! Бәрібір Ақбөбек сендерге жоқ, - деп жатыр Қайып.

- Ойбай, көкешім! Қазақ шошқа бауыздай ма? Қалсын тірі таста, көкетай! - деп үшеудің біреуі Есжанның алдын тосып жалбарына бастады.

- Тірі тастап бола ма бұл көрімді! Бұралқы иттей соңымнан ере береді ғой ашқарақ неме.<--break->

- Ермейтіндей қылып кет, ағатай.

Есжанның үш қосшысы жастық ағаштың басына ілулі тұрған Ақбөбектің түрме белбеуін алып, Қайыптың екі қолын артына қайырып байлап тастады.

Осы кезде Қапа есікті ентіге ашып тұрып: - Таптық, батыреке! -деді.

- Шеш етігін! - деп күж етті Есжан қасындағыларға. Екі жігіт жүресінен отыра кетіп, қос етікке қатарынан жармасты. Сілкілей, жұлқылай тартып, мұрсатында шешіп алған олар, екі етікті екі жаққа лақтырды.

- Басып тұрыңдар аяғын! - Есжан кездікті жалаңдатып, Қайыптың аяқ жағына төне берді.

Шірене созылып, сықырлата тісін қайрап жатқан Қайыпты үшеудің біреуі кеудесіне, екі аяғының ұшымен екеуі қонжия кетті.

Есжан ернін тістей еңкейіп барып, Қайыптың жалаңаш табанын өкшеліктен башпайына дейін кездікпен бір осып өтті. Екінші табанын тағы кездікті батыра тіліп жіберді. Ұзынынан тілінген қос табанның тілінген жапсарынан қан бұрқ етті. Төрдегі төсеулі ақ текеметтің беті қызыл қанға боялып жатты.

- Ит Бегей енді соңымнан еріп көрерсің! - деді Есжан қолындағы қанды кездікті қазан-аяқ жаққа лақтырып тастап, қанталаған ала көзімен ата артына қарап тұрып.

Жендеттер жауыздықтарының ең соңын босағада ілулі тұрған Қаракердің қыл шылбырымен Қайыптың аяқ-қолын шандып, өзін керегеге таңып тастаумен аяқтаған болатын.<--break->

...Көгені қиылған, қосақтағы қойлар ыдырай бөлініп екі бетке айрыла берді. Ақбөбек ұзынынан тартылған желінің орта тұсында бастары қарама-қарсы айқастырыла көгендеулі тұрған екі саулықтың аяқтарынан ұстап, қос тізерлей бұғып отырған. Желі басында керілдескен, боқтасқан дауыстардың бәрін естіді.

- Өй, сен өзің кімсің, қатын секілдісің ғой. Қане бөркіңді алайыншы былай! - деп шомбал қара Нұрқанның басына екпіндей қол созды.

- Мәһ саған бөрік! Шешеғанаңды! - Нұрқан оның сұқтана созған қара құс қолын қағып жіберіп, жағасынан ала кетті де, жұлқып қалып, тұмсықтың тұсынан түсірді кеп. Қол жұмсап кимелеп тұрған алдындағының күнқақты ескі бешпенті мен қимайыдай баттасқан боз көйлегінің қара жағал жағасын көргеннен-ақ оның біреудің жалшысы екенін біліп, Нұрқанның жыны қозып кетіп еді. Нұрқан жау денесінен қан шығарайын деп, әдейі тұмсықты соққыға алды. Асауға құрық тастап машықтанған қолы желді қыз шомбал қараны аяғынан шалып шалқасынан жығып кетті. Жаудың мұрнының қаны сорғалап, бетіп жауып барады.

- Һей, барсаңдаршы! Өлтірді ғой Тілесті! - деп айқайлады аналардың біреуі.

Жау қолына түсерін анық білген Ақбөбек қатулана бойына күш жинап, отырған жерінен өзі тұрды. Жалаңбас. Ақ жаулығы мал тұяғының астында қалған, ұзынынан шұбатылып жатыр. Жаңа қой баспасын деп омырауына түсіріп, алдына алып алған еді.

- Кім керек сендерге?!

- Бөб-Бөбек!

- Бөбек - мен! Қай ауылдан келдіңдер!?

- Де-Демесін... Есберген аулынан...<--break->

Нұрқан жүгіріп келіп Ақбөбекті құшақтай алды. Бес-алты жендет бұларға жабысты. Екі-үшеуі Нұрқанды ұстап қалып, біреуі Ақбөбекті көтеріп ала қашты. Енді біреуі ақ жаулықты сүйрете жөнелді.

Есжан атқа қона найзасын ұстап, қарсыласар кім бар дегендей төңірекке сүзе қарап тұрған. Ақбөбекті көріп: - Осы ма?-деді ол.

- Иә, осының өзі.

- Ей, ананың бетіне не болған?! Мұрны қисайып қалған ба? Ой, анаңды!.. Жұдырықтай қатыннан таяқ жеп! - деп Есжан Тілеске, бір жекіріп алды да: - Мінгіз мынаны соның артына! Жаулығымен таңып таста беліне! - деді сосын ақырып.

Алда не боларына Ақбөбектің көзі жеткендей болды. Үйінің түбінде тұр. Іштен дыбыс естілмейді. Қайыпты мына жауыздар өлтіріп шықты деген жаман ойға кетті ол.

-Қайып!.. Қайып!.. Тірімісің?.. Қайып...

Іштен дыбыс шықпады.

Қан кеткен, соққы көрген тұла бойдың зардабынан талықсып бара жатқан Қайып құлағына шалынған ызыңға жауап бере алмады.

 Өшір үніңді! Ө, жүзі қара! - деді Есжан астындағы атын тебіне беріп.

Ақбөбектің онымен жұмысы болмады, екі көзі есікте. Қайып іштен шыға келер ме деген де ойы бар. Үйден сес шықпады. Ақбөбек тағы да жаман ойға шырмалды «Қайыпты өлтірген ғой мына жауыздар...»

- Қайып! Қайдасың, Қайып! Найсаптар өлтіріп кетті ме сені?!

- Еһе, өлтіріп кеттім Қайыпты! Ол буыршын енді саған жоқ! Ө-ө, көкбет! ... Қайыпшылын мұның!

Ақбөбек қас қылғандай Есжанның бұл сөзін де елеген жоқ. Есікке қарай талпынғысы келді, қимылдауға шама бермей, қуғыншының екеуі оның екі қолтығынан табандап ұстап тұр.<--break->

- Қайып, сен өлсең, мен де өлемін. Мақшарда кездесерміз... Тірі болсаң, күтемін!.. Сенсіз бұл жалғанда маған өмір жоқ!..- деді ақырғы сөзін Ақбөбек ат артына таңылып жатқанда. Оның демі сақ, сөзі ширақ еді. Көзінен жас та шығарған жоқ. Жау қолында тұрып, көзден жас шығару қорлық, жас шығармау - ерлік... Ашынған, ашуға мінген Ақбөбек сол сертті мықтап ұстады.

Аспан көгі қақырап қарс айрылып бара жатқандай бірден тасыр-тұсыр етті. Көк жүзін найзағайдың семсері кескіледі. Төбеден төнген қара бұлт қаһарын төкті. Баданадай ақ бұршақ төпей жауып, аспан астын құлпыртып сәнге бөлеп тұрған қырдың қырмызы қызғалдағын бытыраның оғындай тескілей шашып, қылтанағын қалдырмай жермен жексен етті де кетті. Ақбөбек ат үстінде, көйлекшең, жалаңбас, шомбал қараның беліне танулы отыр. Жел айдаған бұлттың бұршақ аралас нөсері қиялай соғып, бет қаратпай төпеп тұрғанда жорықшылар бел асып бара жатты.

Намаздыгер мен намазшамның аралығы. Алай-дүлейін ала келген батар күнінің көріксіз бір шағы.

Өткен жаздың осындай бір кезінде өзінің алакеуім ақ таңымен қараңғы түнді айқара ашып тастап, өзін аңсай күткен арзу әлемін нұр сәулесімен жадырата оңынан туған қуанышты күн еді, сол нұрлы күн содан бері жаһан дүниеге дарытқан сол ләзатына жазбай тұрып, енді бүгін ол күрт өзгеріп, морт кетіп, лезде бар ажар, бар нұрынан махрұм бола оңып, сөніп, қашанғы қараңғылықтың тұңғиық түнегіне қайта батып бара жатқандай еді. Сұм жалғанның көрсетер сыбағасы осы болды ма...<--break->

Отыз бірінші тарау

 

Бегей мен Жаңай рулары бір-біріне сыбай ел, алшақ кетпей, қатарлас көшіп-қонып жүреді. Мал өрісі де қарайлас. Құдықтары да ортақ. Маңайлас қонып, кезек күте малдарын суарып, ауыз суын іркіліссіз алып кетіп жатады. Мұндайда рулы елдер талас-тартыссыз аралас, құралас болып, татулығын бұзбай күн көшіріп жатады. Ал ел арасынан дау шығып, ру мен ру жауласа кетер күн туса, руластар бөлініп шыға келеді. Әр рудың жауы да бөлек, барымтасы да бөлек.

Жесір дауымен көтерілген Кедей жақтың шапқыншы тобыры сыбайласқан екі рулы елдің біріне тиіп, біріне тиген жоқ. Бегей ауылын қапыда барымталап, малын айдап, адамдарын соққыға жығып астан-кестең етсе, Жанай аулына найзасын тақымына қыстырып ұрлана барды да, шетте тұрған үйден тек жесірін ғана ала жөнелді. Даудың да шегі бар, рулы елдің дау-шары сол рудан тысқары кетпей, қалай да сол елдің ішінде болуы шарт.

Есжанның тобы әуелі Қорабайдың ауылына келіп тиіскен. «Жесірім сенде!» «Тапта тап!» - деп Есжан тепсінген... «Торушы сен! Іздеуші сен! Тапсаң өзің тап!»... Қорабай қолындағы құманын ала ұмтылған...

Қорабай таяққа жығылды. Әкесін арашалаймын деп келісіп баласы Назарға шоқпар тиіп, ол сұлады. Басындағы жаулығын мойнына сала жүгірген Айсұлуды дойырдың бір сілтемі-ақ омақастырды. Аманқыз қайқаңдап қашып құтылды. Қорабайдың ауылдағы жанашыр ет жақындары жұдырық көтере жұлқысқан еді, бірақ найзаларын үйіре шүйілген жарақты жігіттерге қапелімде әрекет ете алмады.

Басқыншы тобыр Қорабай аулына сойқан салып болған соң, Қайып паналап жүрген Сабытай аулына қарай құйғытты. Бара Қайыпты қансоқтаға жықты, Ақбөбекті қанжығаға байлады. Бұларға қарсы бұл ауылдан тіпті бір жан серпілмеді. Осыған екі түрлі себеп бар. Бірі-төбелесіп келгенде, әркім өз қанына тартады екен. Жаңай-Жаңайға, Бегей-Бегейге дегендей... Енді бірі - бұл елдің өзі шапқалаң өмірдің не бір қысылтаяң қыспақ кезеңдерін басынан өткізіп, әбден зығыры шыға үркек те, секемшіл де болып қалған жүректері қаяулы еді. Әріден патша ағзамы тізгіндесе, берідегі шылауы хан мен төренің шеңгелінде... Басы байлаулы, аяқ-қолы матаулы елге тіміскі жау да құмар: Хиуа хандығының жол тосарлары қазақтың қайтқан базаршылары мен керуендерін тонап жатады. Арқайын елдің бір тажалы-түрікпендер, қыр астынан қылт етіп шыға келеді де, бүкіл бір ауылды шауып, мал-мүлкін, олжа ғып кетеді. Бүліктің де түрі көп: жер дауы, жесір дауы, құдыққа таласу, астауға таласу, ең болмаса байдың баласын кедейдің бір жалаңаяғы сабап кетсе де, бір даудың басын ұстайды, әйтеуір қысталаң-қиғаш тіршілік.<--break->

Есжанның шабармандары Ақбөбекпен қоса Бекіш байдың бір үйір жылқысын айдап кетіпті. Барымта басталды. Бұл жолы Кедей мен Бегей руларының арасында тұтанған жанжалдың беті қатты келді, ақыры немен тынары белгісіз...

Егер со бойда Нұрқан жүгіріп жетпегенде, Қайыптың тұншығып өлетін түрі бар еді. Жауда опа бар ма, ес-түссіз талып жатқан Қайыпты сүйретіп апарып, керегеге таңып тастаған соң, Есжанның бір жігіті үйден шығарда, кереге басына бекітулі уықтардың бауларын жағалай қырқып, турап кеткен екен. Шаңырақ бір жағына ойыса ортаға түсе бергенде, Нұрқан есікті ашып үлгерді де, сыртта босағаға сүйеулі тұрған ақ бақанды жалма-жан ала кіріп, Қайып жатқан туырлық пен түндікті жамылған күйі қаңырая келіп, бақанның үстіне түсті, асты қуыс болып қалған, сол қуысқа өзі отыра кетіп Нұрқан алас-қапас Қайыптың аяқ-қолын шеше бастады.  Қайып сұлқ түсіп дыбыссыз жатты.

Енді не істерін білмей, Нұрқан қараңғы түнек қуыстың ішінде дауыстап жылап отыр еді, сырттан дүсір шықты.

- Ойбай-ай, мына үйге не болған!- деп айқайын салған Жарылғаптың даусы естілді. Кім бар іште?

- Мен, - деп Нұрқан жан-жағы бекітулі қараңғы қуыстың астынан үн шығарды.

- Ақбөбекпісің? Қайып кайда?

- Мен! Нұрқанмын! Аш тезірек, өлдік!..-деді егіл-тегіл жылап отырған Нұрқан булыға үн қатып.

Жарылғап састы. Жауын құйып кетті. Шаңырағы ортаға түскен үйдің жабуын алу бір адамның қолынан қапелімде келе кояр емес. Жарылғап төңіректегі үйлерге айқай салды.

- А-а-ау, адамдар! Халайык қайдасың?! Уа, шығыңдар үйден! Уа, жәрдем, жәрдем беріңдер!..

Көп ұзамай ауыл үйдің қатын-қалаштары жиналып Қайыптың үйін қайта тігісті.. Ауылда еркек жоқ, бүгін таңертең мал қырқуға жайлауға кетіскен.

Қайып Сабытайдың қонақ үйінде жатыр. Жарылғап пен Нұрқан оны шаңырақтың астынан жаңа шығарып әкелді. Үсті-басы малмандай су, Нұрқан да нөсер жауынға малтыққан, қалтырап тұр, көз жасын тия алмай солқылдап жылайды.

Жауын суына жаурап, бойы тоңазиын дегенде барып, Қайыптың денесіне жан кірді, бір кезде көзін ашты.<--break->

Жарылғап тілі байланып қалған адамдай үнсіз жүр. Үйге бір кіріп, бір шығып, не істерін де білмей жүрген сияқты.

- Киіз әкел - деді Нұрқан жылап тұрып.

- Неге? - деді Жарылғап сонда барып үн қатып.

- Екі аяғын көрдің бе? Шаңырақтың астынан аяқтарын бері тартып жатып, қолымды қанға батырып алғанда сездім. Жараланған. Не болғанын білмеймін, әйтеуір түрме белбеумен орап тастағанмын, - деді Нұрқан.

Жарылғап түрме белбеудің орамын жазған кезде отырған жерінде шалқалап барып, шынтақтап қалды.

- Бай-бай-бай!.. Енді қайтеміз!-деп ол жылап жіберді.

- Не болған екен?

- Білмеймін, екі табаны да арсиып тұр, сүйегіне дейін тілінген-ау. Қан саулап жатыр...

- Тездет, киіз күйдіріп басу керек, болмаса қаны тиылмайды.

Қансырап қалған Қайып таң алдында есін шалалау жиып, от жылтыратып күзетте отырған Жарылғаптан: - Мен қайда жатырмын? - деп сұрады.

- Сабытайдың үйінде.

- Ақбөбек қайда?

- Үйің бос тұр... Ақбөбек... Жарылғап не дерін білмей қатты қысылып отыр.

- Ақбөбек қайда деймін?! Бар ма дүниеде, жауыздар өлтіріп кетті ме?

- Білмейміз үйде жоқ, әйтеуір соны білеміз... Шапқыншылардың әлегінен әбден сілесі қатып қалтыраған Нұрқан киімімен қисая кетіп еді, қатты ұйықтап кеткен екен, Жарылғаптың даусынан шошып оянды.<--break->

- Кіммен сөйлесіп отырсың?

- Қайыппен.

- Алақай! Тірі қалса болды! - деп Нұрқан жатқан жерінен ұшып тұра келді. Қайыптың бас жағына барып отыра кетті.

Қайып әлі есін толық жимаған болар, көзін қайта жұмып, тыныс білдірместен қимылсыз халде жата берді.

- Үндеме тынықсын, - деді Жарылғап Нұрқанның етегінен тартып. Нұрқан бері бет бұрып Жарылғаптың қасына жылжыды. Жайымен сыбырлай сөйлеп: Соры қайнаған Ақбөбек не күйде жүр екен? Кешегісі есіме түссе, тұла бойым мұздап кетеді,- деді.

- И-и-и, әзірге айтпай тұршы, Нұрқан. Онсыз да көкірегім жарылып кетейін деп отыр, - деп Жарылғап қолымен бетін көлегейлеп, басын шайқай берді. Іштей қасірет-қайғы шегіп, тұла бойы езіліп отыр. Сіркесі су көтермегендіктен, өзі дін ашып сөйлегісі де келмейді, өзгенің сөзі де оған түрпідей қадалатын сияқты. Қайыптың жағдайын көріп, ол қатты шошынып, абдырап қалып еді. Қайсарлығы кемжеттікке де бара алмай, өзін-езі тек іштей кеміруге бар, иі жұмсақ бос кеміктеу жігіт екен, кеше кештен бері жүнжіп кетті. Ой шумағы келте болса керек, бұрары жоқ, тек қана бір ойдың үстінде отыр. Қайыптың жарасы, Қайыптың жатысы - бар толғанысы сол ғана.

Нұрқан кешегі уақиғаның басынан аяғына дейін өзі ішінде болып, Ақбөбектің басына түскен істі түгелдей ғып бірін қалдырмай айтып берген.

Қайыптың ыңқылы жоқ, ыңыранбады да, тым-тырыс жатыр. Әбден есін жиып алып, кешегі бастан өткен оқиғаны ойдан өткізіп жатыр ма, әлде қайта талықсып кетті ме, Жарылғап та, Нұрқан да шамалай алған емес, олардың екеуі де, оның тірі екендігіне көздері жеткен соң, соған қуанып отыр. Өздері де енді-енді ой жинақтауға айналған сияқты.

Жарылғап қу бұтаның шөңгелерін анда-санда отқа тастап қойып, жарық шығарады. Нұрқан оның иығына басын сүйеп ұйқылы ояулы күйде біраз отырды.

- Жатсайшы, - деді Жарылғап оның бетіне бетін тақап - Таң атқасын оятам өзім. Оған шейін Қайып та басын көтерер!<--break->

... Нөсер жауын саябыр тартар емес, тасырлаған бұршақпен аралас құйып тұрды. Жорықшылар қырдан қыр асып, тұңғиық түн қараңғысына сүңгіп кеткен, аттарын тебінуге ғана жарап қимыл жасаған болады. Әуелі шелектеп құйған бұршақты жаңбыр кейін сирекси бастады. Енді қарсы алдарынан азынай жел көтерілді. Жел екпінімен қиялай соққан бұршақ түйірлері бет қаратар емес, ашық денеге тиген жерін тесіп өтердей түрткілеп, кейде тіпті жалаңаш етті жарып кетіп жатыр.

Тас қараңғы түнерген түнде жол белгісі жоқ, әйтеуір бағыт жобасын жорықта жүріп талай жылдар сапар шегіп қалған кәнігі жануарлар, тақымдағы көліктер ғана шамалап, бір бағдарға алып барады.

Тілестің астындағы құла бие анадай жерде тобырдың алдында келеді. Есжан бастаған тобыр екіге жарылған: қарулы мықты жігіттерден төртеуі Бегейді барымталауға бөлінді, олар бір қапталдан жылқы айдап өтеді. Найзалы жетеу жесір алып келе жатыр. Бұл топ Есжан батырдың әмірінде «тұр» десе тұрады, «отыр» десе отырады. Ат терлеген, адамдар жаураған, адамда да, айуанда да үн жоқ. Бәрі де батырға құлақ түреді, содан әмір күткендей.

Құла биенің жаратылысы да, жүріс-тұрысы да бөлек, қазақтың карабайырына да, түрікпеннің акалтекесіне де ұқсамайды. Тоң мойын, шуда жалды, ойдым етті, омыраулы, бұлтылы жоқ сауырлы жануардың жүрісі де жайлы-ақ. Жүнді жуан сирақтың топшысынан тігілген қалың шашақ жалпақ тұяқты түгелдей бүркеп жер сыза жауып тұр, етті-жонды бұл аттың жүрісінде текірек жоқ, алшақ адыммен жер басқанда аяңының өзі басқа аттың желісінен озады. Құла биенің арғы атасы Ресей жерінен келген еді, содан қалған ұрық, Демесін жылқыларының ішінде бірен-саран бар. Құла бие – жүкке белді, жүріске төзімді мал. Бұл ат Демесін байдың үйшісі Тілестің карауында, соның мініскер көлігі. Құла бие жасамыс, бірақ әлі тісінің мөрі кетпеген. Баратын жерін бағытынан аумай табатын жершіл мал. Ауылға қайтарда күндіз болсын, түн болсын тізгін тартпай, басының еркін өзіне берсе, туралаған жөнінен жазбай бір қалыпты аяңмен барар жерінің дәл үстінен түседі. Оның жүрісінің жайлылығы мінген адамға тыныш, онша көп соғып тастамайды.<--break->

Ақбөбек төбесінен құйған аласапыран жаңбырға мән бермей, қасарған қалпында азуын баса безеріп отыр. Жалаң бас. Бытыраның оғындай тескілеуге бар мұз бұршақтың тасырлаған соққысына да со күйінде мыңк етпей, шыдап бақты. Қаншалықты жаны ауырғанын да сезбеді, азуын қайрай береді. Санасында өзімен ілесіп келе жатқан бір-ақ сандырақ ой бар: «Қашан есімнен танам?.. Қашан өлемін... Барар жерге жетпей  өлсем еді... Қашан өлемін, қашан?!»

Ауылдан біраз ұзаған соң, ашуы тамағына тіреліп, ышқына булықты. Дауыстап кеп жылағысы келді. Артынша ақылға берілді. Ол жыламады. Демін қайтадан ішіне жұтты. Тісін қайрай, азуын баса шықшытын шығарды – бар ызасы қазір де соған келіп тоқтап тұр.

Ашу қыстағанда қан көзге толады. Әттең қолында қару жоқ, әйтпесе ат үстінде өзі таңулы келе жатқан алдындағы шомбал қараның бүйірінен түйреп сұлатар еді де, өзі атқа камшы баса артқа карай шаба жөнелер еді. Егер куғыншылар қуып жетер болса, кездікті өз жүрегіне де шаншыр еді...

Тілес жауын басталып, үсті-басы сулана бастаған соң, жаны ашыды ма, басындағы бөркін алып, сол қолымен артына, созды.

- Мә, басыңа киіп ал...

Ақбөбек қол да созбады, тіл де қатпады.

- Мә, деймін, киіп ал... Жауап болмады.

Біраздан кейін Тілес бөркін тағы ұсынды.

– Бөбекжан, жаурайсың, ки мынаны. Жол алыс, қиналып каласың. Мен саған дұшпан емеспін, – деп Тілес өзгелерге естіртпей, артына бұрылып сыбырлай сөйледі.<--break->

Ақбөбек бөрікті алмады. Ештеме естімегендей болып, үнсіз отыра берді.

Тілес кырықты алқымдаған кісі. Демесіннің ағайыны. Жасынан осы үйдің есігінде жүріп, әбден сіңісіп кеткен. Ауыл-үйдің сенімді қамқор қараушысы. Бұл малға, түзге шыға бермейді, бірақ - айда-жалда керуен тартары, базар шығары бар. Демесін үйінің отын - суына осы қарайды. Арамзалығы жоқ, айдаболдың өзі. Өзінің бағынышты адамдарының дегенін екі етпей, кібіртіксіз жөңки беретін жан. Осы келе жатқанның өзінде де Ақбөбекті алдағы өзінің бағатын адамы санап, соның қызметіне күні бұрын мойын сұнып келеді. Қожасына кұлдық ету туғанынан бері тәуекелден махрум болып, оның бойындағы жатталып, жаттығып қалған дағдылы касиеті сол бағыныш қана, одан басқа онда әдет жоқ.

Тегі қордалы байдың қызы Ақбөбек Тілестің емексуін соған балады ма, көкіректегі ұстап, менсінбегендіктен, оған сөз айтуды зая көріп келеді.

Тілес бөркін басына киіп, содан кейін Ақбөбекке ештеме деместен кете берді. Әйтеуір астындағы атының жүрісі жайлы ол Ақбөбектің жайлы атқа мінгеніне риза. Соның өзін оған жасаған қамқорлыктай көріп келеді. Жауа-жауа түннің бір кезінде жауын басылды. Қалың бұлттан арылайын деді ме, аспан көгінің әр тұсынан бірен-саран жұлдыздар сығалады.

Есжан үнсіз. Басқаларда да тіл жоқ. Еті қызып тер шыққан аттар таң салқынымен желісін үдете түскендей еді. Сол жақ беттен таң бозарайын деді.

– Мына құдай қашан алады жанымды?! – деп қалды бір кезде Ақбөбек. Оның өкпесі аузына тығылып бара жатты. Есінен танды ма, басы бір жағына салбырап кеткендей болды.

Алдан самсаған тамдар көрінді, қауым екен.

– Батыр еке, кідіріңдер! Мында келіңдер, әй жігіттер! – деп дауыстады Тілес ат басын тартып.<--break->

– Не болды? - Есжан гүр етті.

– Мынаған бір нәрсе болды білем. Тезірек!

– Ана күмбезді молаға жеткіз. Түсір сонда!

Аттарынан секіріп асығыстай түсе, екі жігіт енді белін шешіп жатқан Тілестің арт жағына таман орала беріп, басы салбырап тұрған Ақбөбектің қолтығына жармасты.

– Ойбай, өліп калған ба деймін! – деді біреуі жансыз денені ат үстінен түсіріп жатып.

–Оқ! Жағы қарысқыр! - деді екіншісі «өліктің» басын сүйеп тұрып.

– Әй, – деді зілді дауыспен ат үстінде тұрған Есжан. – Ана күмбездің ішіне кіргізіңдер!

Екі кісінің бейіті жатқан күмбезді тамның есігінен Ақбөбектің қимылсыз денесін екеулеп кіргізіп олар.

– Һай, атаңа нәлет! Өлтіріп алған жоқсың ба?! – деп ақырды Есжан атынан түсіп жатып. – Ит-ау арқаңдағы адамның өлі-тірісін білмегенің не болғаның!

Тілес үндемеді, зәресі қалмай қорқып тұр. Жазатайым мынау өліп кетер болса, жазықсыз жанның қанын жүктеген болады. Қан орнына қан деген де бар. Сүйек Бәйімбеттікі, адам Бегейдікі... Олар найза сүйретіп келіп, екі жақтан шүйліксе... Өзі екі қабат әйел... Жамандығына барғанда Тілес екі адамды өлтірген нағыз қанішер болып шыға келеді. Кектескен кезде екі кісінің қанына бір адамның қанын төгу қиын емес...

Ақбөбек бір кезде аздап тыныс тартты. Ышқына бір дем алды да, тағы тынысын үзді.

– Батыр-еке, тірі, тірі! Дәмі бар! – деп қуанғаннан айқайлай жаздады Тілес.

– Әзірге қозғамаңдар! Ақыр есін жияр! – деді Есжан тамның есігіне бас сұғып тұрып. Таң атып, жер бетіне бозамық жарық түсті.<--break->

– Ей, нақұрыс немелер, аштан өлтіресіңдер ме мені! Жорыққа шығарда азық-түлікті қамдап шықпас болар ма! Қоржындарыңда не бар, әкел мында! – деді Есжан тамның арт жағына барып, арқа сүйей отыра беріп.

– Аздап ірімшік қалыпты, ағатай, - деді қосшының біреуі қызыл қоржынды иығына салып келе жатып.

– Әкел! Ей, доңыздар! Аштан өліңдер енді! – Есжан қоржынның түбіндегі кепкен ірімшіктен қос уыстайын алды да, қалғанын қоржынымен кейін лақтырды.

Кешеден бері ауыздарына дәм тимеген аш құрсақ жігіттер қоржынды тигізбей қағып алып, екі басына бірдей жабыла қолдарын сұққылады. Қызыл құмар Демесін байдың бір кезде «жол көркі» деп тоқытқан түрікпен қоржыны Есжан нөкерінің қолдарына түскенде, тұс-тұсынан ит тартқылаған өлімтіктің терісіндей етіп әрқайсысы бір қақпақылдап, бірінен бірі жұлып алып жатыр. Қоржынның түбіне дейін тінтіп, жұлқылап, қоржынның екі басын да теріс айналдырып тастады.

Тамның ішінде Ақбөбектің шалажансар денесін бағып жалғыз Тілес қалған. Әлгі қоржын сілікпесіне де араласа алмаған. Бүктетіліп аш отыр. Түкірігін жұта береді.

Саңылауы жоқ күмбезді тамның іші тастай қараңғы еді. Оның қиялай кірерлік еңсесіз қушық есігінен таң сәулесі еміс-еміс түсе бастады.

Тілес кеше кеште алас-қапаста жүріп Демесіннің болашақ келінінің ажар-көркін онша анығырақ аңғара алмаған еді, енді осы оңашада ең болмаса бет-әлпетін анығырақ көріп алғысы келгендей шалқасынан жатқан жансыз дененің бас жағына төне, үңіле түседі.

Ақбөбек бешпентшең жатыр, аяғында көксауыт шоңқайма етік, үстінде қызыл сәтен көйлек – бәрі де жаңбыр суына әбден тоғытылған.

Күмбезден тамшы ақпаған, тамның іші құрғақ екен. Қатар түсіп, екі бейіт жатыр. Соның біреуін Ақбөбек жастаныпты. Ақ жаулығының бір шеті басының астында, бір ұшымен Тілес оның маңдайынан ары қарай бүркеп, тарқатылып ұйыса қобырап кеткен қолаң шашын жасырды.

Ақбөбекте анда-санда соғып кететін тыныс белгісі бар, әлі ес жиып, көзін ашқан жоқ.<--break->

Тілес, жүрегі сызып, өзегі талып отыр. Қос бейіттің басында тірі өлікті бағу одан ауыр еді оған. Оның кешеден бергі еткен ісі жауыздық: жазықсыз жанды құдай қосағынан айырып әкетті. Көрсеткені қорлық, тарттырғаны азап... Жатысы мынау... Осында не жазық бар. Тілес соның бәрін өзі сезгендей ме, жан күйдіре толқу үстінде отыр. Алдында жатқан тірі өлікке қараған сайын жүрегі тобарсып жаны ашиды. Ол кешегі шапқыншылық кезінде де Ақбөбекке ілтипатпен қарап еді. Қосақ басында әйел заты Нұрқаннан таяк жеуі, шашынан ұстамай, ұрмай-соқпай, тіпті бар-ау өзінің бетін тырнатып, тұмсығын бұздырарға да ықырар болып, Ақбөбекті көтеріп, ала қашуы, оны жазасыз әкелгенде, жүрісі жайлы деп өз атына мінгізіп алуына бір құдайдың өзі ғана болмаса, басқа ешбіреудің куәлік етер ісі емес...

Таң атты! Есжан арқасын тамға тіреп отырған жерінде ұйықтап кеткен екен, селк етіп оянды. Маңдай алдынан шығар күннің қиығы көрінді. Аспан ашық. Сонау көк жүзінде кешегі нөсер жауыннан қалған із бар, әр тұста бөлек-бөлек шашырай, сейіле, білінер-білінбестей жай жылжып бара жатқан жұқалаң бұлттар алыстан байқалады. Беті қиыршақ майда тасты үлкен төбенің жайпақ баурайы екен. Терістік беттен таспадай созылған қара жолдың тықыр бедері келіп тіреліпті қауым басына. Түн қараңғысында топты бастаған кұла бие қай өңірден іліккенін кім білсін, мына қауым басына осы ескі сүрлеумен келіп жеткен екен. Қауым үлкен, бір беткейді, алып жатыр.

Есжан қара төбенің басына көтеріліп, жан-жақты көзбен шолып болған соң, ендігі аттанар бағытты шамалап, бағдарлап алды да, қайта оралып күмбезді моланың жанына таянғанда:

- Тілес қайдасың? - деді

- Мындамын, іштемін.

- Анауың тірілді ме?

- Жоқ, - деді Тілес.

- Ой, атаңның көрін!.. - деді де, Есжан анадай жерде аттарын оттатып жүрген қосшы жігіттерін қол бұлғай шақырды.<--break->

Олардың біреуінен басқасы тез келіп, үйіріле тоқтады.

- Екі жігіт атқа мініңдер! Қару жарақсыз... Маңнан ауыл табасыңдар. Кірмеңдер, сырттан адам жіберіп, өздерің ауылдан қашықтау жерде жатасыңдар.

- Иә, сосын?

- Тыңдасайшы, доңыз-ау! «Ауру бағып жатырмыз» деңдер. Тамақ асып берсін бір үйі, тістейтін, сусын... Әй, былшылдап аты-жөндеріңді айтып қойып жүрмеңдер! Адайды атама, Атырау елінің бір руын айтарсыңдар, - деді ежіктей сөйлеп. Жігіттер бас шұлғысты да аттанып кетті. Есжан жуық арада жолға шыға алмайтын болған соң, өтірікті шындай ғып, тамақ табудын жолына көшті.

Тілес тамның ішінен шығып, сырттағы жігіттерге:

- Су керек, ерні кезеріп жатыр, - деді.

- Су қайда? - деді біреуі жұлып алғандай.

- Төмен ойға түсіңдер. Көлдеу бар шығар немесе қақ тұрған шұқыр-шұқанақ табарсыңдар, амалдау керек, – деп Тілес ішке қайта кіріп кетті.

Ақбөбектің әуелі кірпіктері қимылдап еді, біраздан кейін сығарайтып көзін ашты. Қайтадан көздерін жұмып жатып, қабағын кіржитті. Бір жері ерекше ауырып, жаны қиналып жатқанға ұқсайды. Көздерін енді үлкенірек ашып, төбеге қарап қалды. Екі қолын ербеңдете көтерген болды. Бір аударылып, қырынан жатты. Үстіңгі қолы қалтырай жыбырлап, бір бүйіріне таман барып қайта береді.

Басын көтерді, жан-жағына қаранды. Жүзі суық төрт бұрышты тас там. Қасында қос төмпешік – кәдімгі өлік қойылған мола. Ойы әлем-жәлем болып барады. «Өлген екенмін ғой... Мынау Қайыптың моласы ма екен?.. Екіншісі менің молам ба?.. Қайда отырмын өзі?..» – деп іштей ойлап отыр.

- Сен кімсің?! Жан алғыш сенбісің? - деп калды Тілеске қарай тіксіне дауыстап.

- Қорықпа, Бөбекжан. Қорықпа, қорықпа... - деп жайымен дауыстады Тілес.<--break->

Ақбөбек селт ете шошып кетті. Енді барып толық есін жиды. Тұлабойы сергігендей болды. Кеудесі кеңіп, дем алысы қалыпқа түсіп келеді, тартқан сайын қанағаты кетіп, салқын ауаны жұтқан үстіне жұтқысы келе береді. Екі бүйірі тулап тұр... Түзге шыққысы келеді.

- Бөбекжан қорқа көрмеші. Осында түнеп шықтық бүгін. Қауымды жер ес болады. Бұл қасиетті орын. Қорықпа, - деді тағы да сөзін жалғап Тілес.

Ақбөбек оның сөзін толық есіткенмен, оған жылы шырай сездірмеді, тіл жарып, дін ашпады. Алдында отырған шомбал қара оған дұшпан...

Ақбөбекте қорқатындай сезім калмаған. Қазір ол ешкімнен қорықпайтын, ешнәрседен тайсалмайтын нағыз тас бауыр қаныпездің өзі. Кешеден бері өлімге бас байлап алған ол, тап қазір де ажал күтіп, өлімге бір табан жақындағысы келіп отыр. Төңірекке тәкаппарлықпен қарайды. Тілесті адам ғұрлы көріп отырған ол жоқ.

- Шық моладан! – деді бір кезде ол Тілеске теріс қарап отырып. Тілес қалбалақтай орнынан тұрды да, сыртқа шығып кетті.

Ақбөбек кешегі оқиғаны біртіндеп есіне түсіре бастады. Тек бір-ақ нәрсені ойлай береді, Кайып өлі ме, тірі ме?.. Мына жауыздар оны тірі тастар ма... Өлтіріп кетті...»

Орнынан тұрды, аяқ – тың. Жүргісі келіп, екі төмпешікті айнала беріп, тұла бойының босап бара жатқанын сезді. Іші-бауыры төмен түсіп бара жатқандай. Безгек ұстағандай қалтырап барып, көздері тұмандана теңселіп, жер таяна отыра кетті. «Толғақ болмаса игі еді...»

Таңертеңгі тамақ іздеп кеткен екі жігіт көңілді оралды. Жарты қойдың етін пісіріп әкеліпті, қоржынның бір басында жарым мес шұбаты бар.

Жорықшылар асқа сұғына бергенде, Ақбөбек тамның сыртынан бой көрсетті. Молаларды сырттай жағалап, қос бүйірін таяна кетіп барады. Төменгі ылдиға түсіп, бой жасырды. Әне келеді - жоқ, міне келеді - жоқ, көпке дейін көрінбеді ол. Көпшілік алақтай бастады.

- Әй, неғып отырсың?! Кереңді жеп болмадың ба? Әлгі қаншық қайда? Тұр!- деп ақырды Есжан Тілеске қарай ұмтылуға ыңғайланып.

Әлі қаузанып болмаған Тілес жаланып, тамсанып алды да, аузын қолының сыртымен сүртіп, орнынан тұрып кетті.<--break->

- Тілес, ей, ана қатынға жейтін бірдеме ала кет,- деді көптің ішінен біреу.

- Ол қатыннын іші тоқ құсайды. Бегей тойдырып жіберіпті. Хе-хе-хе... «Жарлының бір тойғаны, шала байығаны» дегендей, мұрттары майланып, ар жағына ел қонған соң есірік жігіттердің ауыздарынан ақ пен қара аралас шығып, демдері мүңки бастады. Қолға қараған бұралқының күні сәл тоғайса, құйрығы шиыршық атып шыға келеді, ашықса құйрығы бұтына кіріп, жетекке-жүргіш...

Бұл жолы Есжан сөзге араласпады. Ол әзіл-оспақ, кағытпаға кемтар адам. Алда-жалда түйеден түскендей ғып бетке бадырайтып қойып қалатыны бар, онысың ар жағы насырға шапты дей бер, я оны құтыртады, я өзі тұлын тұтатады, әйтеуір қамшы ойнатпаса болғаны, ақыры көз алартысып, ажырары анық. Оның канына сіңіп, калыптасқан бір-ақ мінезі бар – сөзді шорт кесу, әмір ету, үкім жүргізу – онысы дұрыс та болса –дұрыс, бұрыс та болса – дұрыс...

Есжан тобы Тілестен басқасы өлген малдың жанына жабылған көк мойын құзғын қарғалардай үймелеп, дастархан - қоржынның басында қала берді.

Тілес балпандай басқанмен қадамын алшақ тастайды. Есжанның жекірігінен зәрелеп орнынан тез көтерілген ол епетейсіз қолбаңдап бір жағына қарай көлбей адымдап кетіп еді. Бір сәтте ол да көзден таса болды. Зираттың күнгей бетін ала қара төбені бауырлай барып, төменірек түскенде, алдыңғы жақтағы шырпысы қалың дода бас қоңыр бұтаның жанынан ағарып жатқан бірдемеге көзі түсті. Тілес бұта түбіне шапшаң басып, тез жеткенмен, кілт тоқтап, табан астынан жылан басып алғандай кейін шегіне артымен қашты. Екі қолын ербеңдете көтеріп барып тоқтады. Ілгері таман қайта жүрді. Төбе құйқасы шымырлап, көздері бұлдырап кетті. Қорқынышы мен жанашырлығы қоса келгеннен айқайларын да, жыларын да білмеді. Жүрегі мұздап, буындары қалтырап барады.

Әлгі бұта түбінен көрінген ақ жалқын нәрсе - Ақбөбектің шаршы, жайылып қалған ақжаулығы екен. Жаулықтың бір шетінде дүниеге жаңа келген шаранасының әлі буы кеппеген шақалақ сәби жатыр... Ақбөбек басындағы жаулығын алып, жерге түскен сәбиін соның үстіне тастауға ғана шамасы келген болар, үстін жаба алмапты. Өзі етегін жауып үлгеріпті, бір қырына қисая құлаған қалпында, ес-түссіз талып жатыр.<--break->

Мына жайсыз көрініске қаныққан соң, Тілес дабдырауын қояйын деді. Жаулықтың бір шетінен жыртып алып, нәрестенің кіндігін байлады. Қап-қара шашы маңдайына түскен ұл баланы жаулыққа кұндақтап тастады да, өзі Ақбөбектің жанына жүрелей отыра кетті. Ақбөбек көздері жұмулы ұйықтап жатқандай еді. Өңі қан-селсіз, жанып біткен шүберектің күліндей боп-боз.

Кіндігі байланып, құндаққа түскен нәресте жарық дүниеге сәлем   бергендей   ана   құрсағында   талмаған аузындағы шаранасына шашала аса бір тылсым қуатымен барылдата үн шығарды. Қазақтың үнсіз, тілсіз құлазып жатқан меңіреу сахарасын жаңғырықтыра шыққан осы бір сәбидің дауысы өзінің дүние есігін жаңа ғана ашып, адамзат санатына енді ғана қосылғандығын бүкіл әлемге жар сала баяндап жатқанының айғақты белгісі болар...

Нәрестенің іңгәлеген алғашқы дыбысы әл үстінде талмаусырап жатқан Ақбөбектің құлағына жетті. Ол көзін ашты. Осы кезде ол өзін бір қуатты күш келіп, жерден қағып әкетіп, ұшырып бара жатқандай сезінді. Әлгі сәбидің үнінен бірте-бірте алыстап барады.

- Баламды тастамаңдар далаға!.. - деп қалды Ақбөбек сыбырлағандай даусын әрең шығарып.

Тілес туралай салып, зираттың ортасымен Ақбөбекті алдына ала көтеріп келеді. Оның жүрісі өлік көтергендей еді, әйелдің шашы, аяқ қолдары салбырап кеткен.

Отырғандар үрпиісіп қалды.

- Не болды?! - деді Есжан.

- О-о-ойбай... Батыреке...- ар жағын айта алмай ырсылдады Тілес.

- Әй, жаны шыққыр, ынтыға бермей айтсаңшы! Не болған мынаған? Қансырап қалған ба өзі?

- Ойбай, бала туып қойды!..

- Не дейді?! Өлі ме, тірі ме?

- Тірі, тірі, жылап жатыр..<--break->

- Өшір үніңді! - Есжан қасына ешкімді де ерткен жоқ, екі қолын артына ұстап, сол жаққа қарай өзі кете берді. Оның ойынша жесірді қарсылық-кақтығыссыз алып қайту оңай болды-ау, мынасы... Есжан ойламаған жерден сәтсіздікке ұшырағандай көңілі құлазып келеді. Қапелімде санасына жөнді ой да түсе қоймады. Шым-шытырық ойының түйіні: тірі болса, баланы қайту керек?..

«Жесірді салт күйінде қайтару – ата жолы сол... Балалы жесір – бұзаулы сиыр. Адайдың жек көретін малы – сиыр... «Есжан бесіктегі баласымен қоса жесір даулап жүр» деп ел күлер... Өзіме мін тілеп алғанша Бегейдің бір көрдемшесін... Көзі жоқтан көзі тірінің дау-шары жаман... Кедей көрдемшеге зәру емес!..»

Алыстан қаһар айдап шыққан адамда адал ниет, ақ пиғыл қайдан болсын, көзіне қан толған Есжан атырапта көзге түскен қараны айдаһарша жұтып жіберуге бар, сірескен ашу үстінде айдаланы ойып жіберетіндей болып келеді.

Анадайдан қарағанда қиыршық тасты қара жер реңдес төмпешіктей үйіле біткен көк жасыл бұтаның тасасынан өресін жаза қашып бара жатқан көшелі ақ қояндай болып, ақ сұлба көрінді.

Есжан соған келіп тіреліп, одырая қарады.

Нәрестеге ораулы ақ жаулық... Кәдімгі ақ жаулық... Ол шешенің басына тартқан, иісі сіңген ақ жаулық... Ол әкенің алақаны аймалаған, ыстық демі сіңген ата мен ананың жастық қойып қызықтаған төсегінде аялаған ақ жаулығы... Қазір ол әке мен шешенің ортақ перзентіне ораулы жатыр. Сол ақ жаулықтың ендігі тағдыры белгісіз: кебенек болып жер үстінде қала ма, кебін болып жер астына түсе ме...<--break->

Есжан нәрестенің іңгәлаған дыбысын есітіп тұр. Оның не ойлап тұрғаны бір Алланың өзіне ғана аян... Кім біледі, нәрестенің жапан түзді жаңғырықтырып тұрған іңгәсінде адам баласының ақылы жетпес кұпия сыр бар шығар. Себебі ол қысыл таяң қысталаңда дүниеге келді. Ашық аспан астында, айдын әлем аясында жатыр. Ол саф алтындай жаны таза, ары пәк періште. Ол бүкіл жаһанды, оның дүбір-дүрбелеңін көріп жатқан болар. Жалпақ өңірге жар сала іңгалауы соның куәлігі шығар...

Әлде әке мен шешенің жалғаннан тартқан азабын сезіп, содан шошынғаннан іңгалағаны ма екен әлде...

Жалған дүниенің жарығын жаңа ғана көрген бойы еді періште сәбидің. Төбесінен төңіп жаналғыш тажал тұр. Бейкүнә нәресте соны сезіп қалған болар... Мезгілсіз ерте келген ажалға қып-қысқа ғұмырын, шыбын жанын қия алмай, бүкіл әлемнен араша сұрап, жан сауға сұрап шырқырағаны ма екен...

Есжан тістенді, кейін шегінді. Ак жаулықтың арасынан қарлыға жылаған томашадай сәбидің үні естіліп жатыр.

Әуеде қауырсыны сойдиған бір қара құс қалықтап жүр. Әлгі бір әзірде Есжанның тас төбесіне шүйіліп қайтты. Осы маңның ол қан жұғындысын көрген болар. Есжан кейін шегіне барып, жоғарыдан төмен қарай қайта текіректеп келді де, бар пәрменімен бір аяғын қатты сілтеп қалды... Ақ жаулық анадай жерге ұшып түсті, бірақ орамы жазылмады...<--break->

Есжан ізінше кейін оралғанда көзі қарауытты ма, бір түрлі бейжай болып кетіп еді.

- Һей!.. Кайдасың Тілес?

– Мындамын, көке.

– Бері кел!

Тілес Ақбөбекті басқалардың көзіне түсіргісі келмей, бірден күмбезді тамның ішіне алып кірген. Жүгіріп шыға келді. Екі көзі батырдың қасы мен қабағында.

- Не аға?

- Аузыңа келгенді шайнамай жүр! Шала туған баланы тірі деп... Түсік ол... Бар да, әкеліп, ашық көрдің біріне таста. Бетін жасырып кет. Аналар есітпесін, білдірме! Бар, – деп әмір етті Есжан Тілеске.

Көз ашқалы қожаның әмірін тыңдап, үкімін орындауға етене сіңісіп, әккі болып кеткен жалшы айтылғанның бәрін бұлжытпай істеп қайтты. Тілес өз жанына екі рауаят қосты: шейітті «Арман» деп ат қойып жерледі, сосын басына аят оқып бет сипады. Оның қолдан келер басқа амалы жоқ еді. Көңілі бос Тілес барарда да, қайтарда да көз жасын ағызумен болды.

Ес жиған соң Ақбөбек баласының жайын осыдан сұрайды. Ол перзентін жоқтап жылайды... Жер соғып қарғайды мұны. «Қайыптан айырғандарың аз ба еді, кәпірлер! Жазықсыз сәбиімде нелерің бар еді, неге өлтірдіңдер, жауыздар!» дейтіні анық бауыры күйген ананың.

Сонда не деп уәж айтар екен Тілес?.. Айтады, әрине. Қожасы нені айтса соны айтады ол. Ертеңгі күнде айтары қып-қызыл өтірік. Ақбөбекке «баланы өлі тудың» дейді. Онысы құдайды алдағаны. Сол үшін ол машқар күнінде күрзінің астына түседі. Тілес содан қорқып жылап жүрген сияқты.

Жігіттердің бәрінің басы қосылған кезде Есжан:

- Қане, жүреміз. Аттарды ерттеңдер, - деп әмір етті.

Бөбек атқа отыра алмайды, - деді Тілес Есжанның құлақ тұсынан күңк етіп.

- Отыра алмаса, алдыңа алып ал! Кеудесіндегі жанын жеткізсең болды!<--break->

Отыз екінші тарау

 

Әуелі ағайын арасы бүлінуге айналды. Қорабайдың үй ішін сойылға жығып кеткен соң бұрын бұғып жатқан туыстар енді бас көтере бастағандай. Ағайын бір өлі, бір тіріде деген біртіндеп келіп зәбір көрген үйдің айналасында қауқылдаса қара көбейтіп жатыр. Жауға қарсы аттанатын әзірге білекті бір жігіт шыққан жоқ. Жамырасқанмен, жалтаңы басым. Біріне бірі қабақ астымен қарасып, өзді-өзі күңкілдеседі.

Баталасып атастырып қойып, енді ұзатуға дайындық жасап жатқан біреудің жесірін алып келген Бегей ауылы бұғып алып әлі үнсіз жатыр еді. Ара ағайын, араға түс деп сөз айтпады. Бауырынан шыққан бала, жаңа түскен келін өз елінен кетіп басқа жұрттың ішінде жүр. Бұл өзі Бегей аулына үлкен сын болып тұр. Қолға түскен құс, жас келіннің шыққан жері де, баратын елі де ешкімнен кем емес, осы Маңғыстау аймағына белгілі дәулеті шалқыған бай адамдар еді.

Бегейлердің бұнысы несі, басынғаны ма, әлде өздерінің дәрменсіздігімен қоса көргенсіздігі ме? Оқиғаны есіткен сыртқы жұрт осылай деп айыптайды.

Шындығында бұл өзі солай ма? Осы елде де аузы алты қарыс билер бар, қара жердің шаңын шығарып, мал айдап мыңғырған байлар жүр. Елдің қамын ойлайтын солар емес пе.

Ауылдан жүрегін жаулықтың ашуына суарып, алыстан кектеніп шыққан Кедей аулының Есжаны әуелі Бегей ауылын сүзе тінтіп, іздегені табылған Қорабайдың үйіне шүйілген. Олар үй сыртында найзасын шошаңдатып тұрып, Қайып пен Бөбектің кайда екенін сұрады. Үй ішінің аузынан шыққаны «Білмейміз» басталды да кетті. Қорабай сопыны да, оның баласы Назарды да шоқпардың астына алсын Есжан. Екі бірдей азаматын соққылап жатқанда қалай шыдап тұрсын, Айсұлу арашаға түсіп еді, оны шетте тұрған бір шабарман иығынан түртіп итеріп жіберді. Ол алдындағы жанып тұрған ошақтың үстіне құлап түсті. Жаны ашыды ма, шабарманның енді біреуі Айсұлуды жеңінен тартып сілкілеп ошақтан былай алып тастады. Бір қолы ғана отқа тиіп, өртеніп кетуден аман қалды ол. Ар жағын білмейді, есінен танып жығылып жатты.<--break->

Аманқыз келіншек келген тобырға көзі түскеннен-ақ олардың жау екенін байқап қалған. Ер басында домалақ басты шоқпар, қолдарында сүйір басты найза. Ол ел шабуға келген түрікпендер ел шапса, ауылдың жас келіншектері мен бой жеткен қыздарын айдап кетеді деп еститін. Сол есіне түсті де, жаудан құтылу мақсатымен үйден шыға қашты. Ауыл шетіне қарай артқа карамастан зытып барады.

Соққыны көбірек жеген Назар болды. Жас неме Есжанның жағасына жармасып, біраз тайталасып көрді. Көп болып сабалап оны әп- сәтте сұлатты да тастады.

Бәрінен де жаудан қорыққан Аманқыздың халі нашар. Есалаң адамша алақтап, ентіге береді. Түнде тысқа шығуды қойды. Түнде төсекте жатқан кезде көрпені басына тартып, қымтап, бүркене береді. Кейде ыстығы шығып, селкілдеп басылады.

Соққыға жығылғандардың сүйектері аман екен. Қорабай төсектен тұра алмай әлі жатыр. Кайыптың не болғанын бұлар әзірге білмейді.

Ағайын жиналып, зорлық көріп, зардап шеккен үйге көңіл білдірісіп отыр. Қарапайым ауылдың көп жігіттері осында.

- Қайыптан хабар бар ма? Не болды екен? - деп сұрады Қорабай төсектен басын көтере алмай жатып.

Отырғандардын ішінен біреуі:

- Жау барып Қайыптың әйелін алып кетіпті, - деді.

- Өзі қайда екен, өзі? - деп тағы сұрады Қорабай.

- Білмейміз...

- Ой, кұдай-ай. Со балаға жазым болған шығар, - деді Қорабай ара тұра ыңқылдап жатып.

Жұрт үндеген жоқ.

- Салаумағалейкум, - деп есіктен Бегейдің Бекіш байы кіріп келді.<--break->

Отырғандар орындарынан тұрып, жарылып, төрден орын берді оған. Бұл ауылдың жасы үлкендері де төмен жақта қалды, анау бірден төрге шығып кетіп отыра бергеннен-ақ:

- Жастығы бар ма бұл үйдің, әкел ай бала! - деді есік жақта тұрған бір жас жігітке.

Байдың паңдығы бар. Мұндай үйге келгенде, оның көзінің қарасынан аласы басым. Ағайын деп жалпылдау жоқ, томырық. Жан-жағына көзінің қиығымен ғана сүзе қарайды.

- Ақсақал, жау шапқанын естіп келіп отырмын. Тірі қалдыңдар ма әйтеуір? - деді ол аман-сау алысқаннан кейін.

- Иә, сол есіткенің, - деп Қорабай жайымен басын көтерді. Бекіштің бетіне аса инабаттықпен қарайды.

- Қағынып кеткірдің осыны істерін біліп жүр едім, - деді Бекіш тізесін бір сипап қойып. Қайыпты кінәлап отыр. Ар жағында ашу бар. Қорабай үндемеді, қайтадан жата кетті.

- О, баланың айыбын айтып бетке баспа, Беке. Ағайын айыптасуға келмейді, жаны ашып қамқорлық жасауға келеді, – деп қалды ішіндегі ызасын көрсете Назар.

- Е, мақтауым керек пе оны?

- Қарын жамандағанның қары сынсын деген, аға. Менің үйімді жау шауып кетті, енді оны даттауың ағайындық жасап қарасқаның ба? - Назар бай ағасының бетіне тіке карап, қаттырақ шарпи сөйледі.

Назардың сөзі ұнап отырған болар, айналадағылар тым-тырыс отырды. Жатқан әке де Назарға «қой» демеді.

- Сен өзің, жауға тартар ашуыңды маған шашып отырсың ба, неге оттайсың.<--break->

- Үйіме жау тиіп отырғанда ағайынға наз айтпай қайтем. Аға, бар айыпты саған жүктеймін.

- Не дейді мынау, әй! Мен бе бір елдің жесірін алып қашып келген?

- Айтпа ол жағын, келер жесір келді. Соны бітістіру бас көтерер аға, сенің мойныңда еді. Ағайын жиылып, қалың малға деп малын жиып берді. Ол қайда өзі? Араға адам салып, малын беріп, екі жақты бітістіретін сен емеспе, аға, - деді Назар сұрланып.

- Неге шатынайсың, сен маған қарап! «Келер жесір келді» дейсің, соныңа мақтанып отырғаның ба? Мықты болсаң, құлданбадың ба ол қатынды әне, Кедейлер зорлықпен алып кетті әкелген адамыңды, қолыңнан не келді?! – деп Бекіш ашуға булыға сөйледі.

- Бірдің күші кімге жетеді? Түс араға. Ағайын осындайда болмағанда қашан керек, кедейден адамымды қайтарып бер! - деді Назар жауапты өршелене қайтарып.

- Көп оталай берме, ай сен! Кедейлер әкетсе, өзінің жесірін әкетті. Сенен ештеме шыққан жок. Екі ортада кедейлер мені күйдіріп кетті. Өзінің жесірімен қосып, менің бір үйір жылқымды айдап кетіпті. Соған күйіп келіп отырмын.

- Аға, біз үй ішімізбен жаудың соққысын жеп, жанның азабын тартып жатырмыз. Саған мал кайғы болса аға, – деп Назар Бекішке қарай сұқ қолын шошайта сөйледі.

– Иә, маған мал қайғы. Барымтаға кеткен малымды қайтаруым керек. Осы ауылдан қол жинайын деп келдім. Қане, ағайын, шығыңдар. Жігіттерді жинап беретін кім бар қане? Мен Кедейлерге аттанам! - деп керегеге сүйеніп отырған Бекіш бері қарай ұмтылып, бойын тікейтті.

- Аға, бұл ауылдан кім шығады деп отырсың. Әрбір орда тұтқан бай адамдардың төңірегінде топтасып жүретін қолдары болады. Олардың мінісіне сайлы ат, жорығына керекті қару-жарық дегендерді байдың өзі бұрыннан тауып қояды. Ондай дайындық бар ма. Біз немен аттанамыз сонда? – деді көптің ішінен бір мосқалдау жігіт. Бекіш сөзден кідіріп, айналадағыларға кезек қарап қалды.<--break->

- Бұл ағамыздың, тек малы көбейсе болды, басқа сәндікті неғылсын, - деп мырс етті.

- Е-е, кекетуге барсыңдар. «Ағайыннан жиылған мал қайда?» деп менен мал даулауға барсаң, ай Назар, мал десе сенің де жаның шығып отыр ғой. Мен жеп кетті деп отырмысың со қойларды. Алар жесірін алып кетті кедейлер. Егер олар жылқымды қайтып бермей кетсе, жиған малдарыңды мен сендерге қайтып бермеймін, жылкыларымның орнына соны жатқызам - деді Бекіш енді Назарға бақырая қарап.

- Алдағыны болжап жүр екенсің ғой. Енді сөйт, аға, бізден мал төлет.

- Е, Кедейлерге мал береді деп отырсың ба?

- Жылға айналды ғой, аға. Ертерек қимылдап ауылдың би, болыстарын жіберіп, ат-шапан айыбымызды тартқанда, қалың малын төлегенде, осылай жаугершілік болмас па еді.

- Ел арасы алыс. Апаратын тоқты-торым қоңсыз. Еттендіріп, өсіріп апарам деп жүр едім, - деп Бекіш уәж айтқан болды.

- Бекіш, - деді Қорабай сөзді басқа жаққа аударып. - Әлгі Қайыптан хабарың бар ма?

- Еміс-еміс есітіп келіп отырмын. Жау жақ жесірін алып кетіпті. Қайыптың үйінің шаңырағын қаусатып, үйдің ортасына түсіріп кеткен деп есіттім.

- Бала қайда ? Өлі ме, тірі ме? - деп Қорабай жастықтан басын көтерді. Айсұлу дауыстап жылап қоя берді.

- Өлтіріп кеткен ол баланы. Шаңырағын ортасына түсіргенінен біле бер. Ойбай! Ойбай!

Отырғандар біріне-бірі қарасып орындарынан тұра бастады.<--break->

Шешесінің аузынан осы сөзді есіткенде Назар алақтап айналасына қарады да, орнынан ұшып тұра келді.

- Аманқыз қайдасың? Атты әкел, кетем! - деді.

Назар Қайыптыкіне кетті. Жұрт жөнге келместен томсырайған күйінде тарқасты.

Шай ішіп болған соң, кетерінде Бекіш Қорабайға түйін айтты. - Ақсақал, аңысын аңдып тұра тұрайық. Кетер жесір кетті. Жиналған мал менде тұр ғой. Тұра тұрсын. Дау бітіп, апа-сапа болған соң, балаға қыз айттырармыз. Малды соған жаратсақ қайтеді?

- Өйтпегенде қайтеміз, - деді Қорабай.

Бекіш кеткен соң Айсұлу Қорабайға тиісті. Мыжып манадан ұрысып отыр. Шал көзін жұмып жатыр.

- Осы кесапаттың бәрі сенен! - деді Айсұлу көзінің жасын саусағымен сипай түсіріп отырып.

- Неге менен болады? Қияңқылық жасаған мен бе, ана балаңа айт! - деп Қорабай жатқан жерінде кіжінеді.

- Сенен! Балаң қу далаға келген жоқ қой, үйім, әкем, шешем деп келген жоқ па? Әкеліп, қолыңа келін түсірген соң, қабыл алып, некесін қидырмағаның не?! Бала, келініңнің төсегі арам кетті, сол саған сауап па? Сұпылығың қайда сенің?

- Тәк! Аузыңа келгенді соқпа!<--break->

- Өтірік пе? Балаңды қуып жіберген сенсің. Мен айтпадым ба саған. Келін баланы ұзағыраққа, сонау Атырау жаққа нағашыларына жібергенде, ол жаққа барып шапқыншылық жасамас еді.

Қорабай бұл жолы сөзден бөгелді ме, үндемей қалды. Айсұлу жылап, тағы сөйлеп кетті.

- Сенің ағайындарыңды көрдік. Біреуі қамқорлық жасай алмады. Қайта Жаңай ауылы азаматтық көрсетгі. Сен нені білесің, бір рет барып бала келініңнен хабар алмадың.

- Қойсайшы енді заңғар!

- Қоймаймын, ол сау емес. Өлтіріп кетті олар. Иттер-ай, туайын деп тұрған әйелді дәті барып, қалай алып кетті екен.

- Екіқабат?

- Иә, екі қабат еді келінің.

Қорабай тағы да үнсіз қалды. Өзін өзі кінәлап жатқандай. Некесіз. Некесі қиылмаған әйел жүкті...<--break->

Отыз үшінші тарау

 

Демесін жаңа жұртқа ауып қонып, үйінің оң жағына отау тіктіріп қойған.

Хорезм базарына кеткен осы ауылдың керуені әкелген жүктерін түсіріп жатыр. Демесін жылына екі-үш рет сыртқа, базарға керуен айдайтын. Оның жазғы жәрмеңкесі Хиуа ойы болатын да, күзгі базары Орынбор еді. Хиуа жеміс-жидектің орны. Базаршылар кептірілген жүзім, өрік, тай-тай мата артып қайтады. Домалақ жуа, дөңгелек тоқаш жеп, балалар бір қаужаңдап калушы еді.

Орынбор жәрмеңкесіне қазақтар күз кезінде семіз қой айдап барып сатады. Еті ауыр азбан еркек қой өтімді. Орыстың ерекше киінген сақалды көпесі қазақтың құйрықты қойына құмар. Олар қоралап қой иіріп қоймай, қазақтар әкелген жүнді тай-тайымен қабылдап алады. Асқан саудагер байлары болмаса, қазаққа ақшаның керегі жоқ. Әкелген малдарын затқа: күрпішат ақ ұн, шәй, шекер, мата  – оларға керегі сол.

Демесін жаз базары Хиуаны көрген соң енді Орынбор жәрмеңкесіне дайындық  қамында жүрген.

Керуеннің жүгі түсіріліп, көптен жол шегіп, сартап болып келген түйелер енді тұра бергенде, терістік жақтан бір топ қара көрінді.

Касында тұрған баласы Есбергенге: - Көзің жете ме, қарашы ана келе жатқан әнеугілер емес пе? - деді.

- Солар білем, - деді Есбереген өз-өзінен күмілжіп.

Тілес әуелі өзі аттан секіріп түсіп, соң артында отырған Ақбөбекті көтеріп түсірді.<--break->

Ақбөбекті көргенде Демесін бір орында тұра алмай, кейін шегініп, үй жағына бұрылып кетіп еді.

Келгендердің алдынан ешкім де шыққан жок. Демесін кетіп бара жатып, тігулі отауға қол шошайтты. Онысы «ана үйге кіргізіңдер» дегені.

Есжан Демесінге де сәлем берген жоқ, әйтеуір атынан түсіп аздап ибалық жасаған болды.

– Әй, артыңа қара! Мен Кайыптың әйелімін. Ішімнен шыққан баламды өлтірдің. Саған, сенің еліңе құн тартқызам, біліп қой! Айқайлап айтып тұрмын, мына отырған елің болса, есітсін! - деп Ақбөбек даусын көтере дауыстады.

Есжан да, басқалары да оған қарсы бір ауыз сөз қатпастан аттарын жетелеп кете барды.

Осы сөзді Демесін де, Есберген де анық есітті...

Демесін үйіне барып, етпетінен жата кетті. Ойланып жатыр. Қатты қиналуде.

«Біреудің балалы қатынын алып беріп, жалғызымды неге қорладым. Жалғызымның теңі сол болды ма. Ана тентекті бекер жіберіппін. Жалғызымның обалына қалатын болдым-ау. Елге масқаралық емес пе... Елде қыз құрыды ма. Ой, сорлы басым жалғызымның теңі елден қалған қатын ба? Енді қайтем? Жалғызымның жүрегіне жара салатын болдым-ау. Миым жоқ қой басымда, миым...»<--break->

Ақбөбек отауға кірді де, төрдегі салулы төсекке жата кетті. Артында не болып қалғанын, алдында енді ненің барын білмейді. Енді-енді ойланайын деді. «Қайып өлі ме, тірі ме? Мына жауыздар не істеп кетті екен. Аяқ-қолын буып тастады ма, әлде бауыздап тастады ма. Бұл көрімдерде жүрек бар ма өлтіріп кетуі де мүмкін. Ал бұлар өлтіріп кетсе қайтем. Онда өзім де асылып өлем. Маған бұдан былай тіршіліктің қажеті жоқ... Егер тірі қалса, мені бұл жаққа тастамас, есебін тауып алып кетер.

Ал ендігі күнім не болар? Мені жаңа күйеуге қоса ма... Ол байдың ұлы бола тұрып, сонда біреудің әйелін ала ма? Ар-намысы қайда? Елінен ұялмай ма екен... Ұжданы болса, жолай қоймас... Ашумен әкеліп жүрген мына тентек батырсымақгың ісі болар. Ертең бұл ауылдың естілеріне айтам, мені өз еліме, ата-анамның қолына апарып тастасын. Үйімде жүрем. Бәрібір Қайып келеді маған. Қосылам, кетем... Қайыппен бірге өмір сүрем. Онсыз маған дүние тұл... Менің маңдайыма жазылған дүниеде бір-ақ адам бар – ол Қайыбым. Соғатын жүрегім де сол, жалғандағы жаным соның өзі... Бұл ауыл маған дұшпан, жау... Мен жақсылық күтпеймін бұлардан... Бұлардың еткен жақсылығы бұдан былай маған жұқпайды да. Кетем. Қалайда кетуім керек. Азулы бай әкем бар, аймалайтын шешем бар. Жүрген жерінде ізетті, көрінгенді ықтыратын ағаларым тұрғанда, мен бір елдің езгісіне түспеспін. Мені қорлатпас олар. Жау қолынан алып шығар... Қайыбым аман болсын... Қор бола қоймаспын мен... Қаттылық керек, мықты болайын. Әзірге шыдайын, бірақ түбінде төзе қоймаспын. Маған деген ашық аспан, жарық күн бар шығар...»

Бірнеше күн жол шегіп, атсоқты болған Ақбөбек ой үстінде жатып ұйықтап кеткен екен. Бір кезде селк етіп шошып оянды. Айналасына қарап еді, есік жақтан қараңдаған біреудің сұлбасы көрінді. Еркек пе, әйел ме деп, анықтап көз жіберіп еді, жас әдемі келіншек самаурын қойып, шай дайындап жатыр. Көзін ашып қимылдай берген Акбөбекке ол: - Сәлем бердік, - деп жайымен сәлем берді. Ақбөбек сәл ғана басын изеді де, үндеген жоқ. Шай жасалды. Екі келіншектің екеуі де көпке дейін үнсіз отырды...<--break->

Жау қолында келе жатқанда Ақбөбек нәр татпаған. Аштықтан бүгін көзі қарайып келіп еді. Үйге түскен соң оны бір ой меңгеріп алған. «Өлгеніме бұл жұрт қарамас. Тамақ ішпей өзімді өзім қор еткеннен не пайда. «Жау қолында болдым» деп ас-тамағымнан қалмайын. Қайып келіп қалар, кайта әл-күшімді жиып, қуатты тұрғаным жақсы...»

Хорезм базарынан келген жеміс-жидек терген ақ дастарқанның бір шетінде бірнеше қызыл зереңде үйе салған ақ бауырсақ. Жас келіншек қара күрең шайға түйе сүтін құйған жоқ, қой сүтінің сары қаймағын құйып отыр.

Маңғыстаудың қазағы шай ішуге де бәсеке таластырып жүр. Шайға құюға түйе сүтінен қойдың қою сары қаймағын артық санап, төменгі Адайдың дәулеті барлары мұны да мансұқ етіп жүр. Орта қоныстағы және төменгі Адайлар бір-бірімен қоныстас жүреді. Әрқилы бәсекеге осылар құмар. Үйлерінде түрікпен кілем, түрікпен қоржын. Хиуа жаққа барып, бас киімдерін өзгертіп жүргендер де бар. Қазақтың қыздарына қарағанда түрікпеннің кыздары кілем тоқуға, киім кестелеуге шебар. Базардан әкелген заттарды көргенде, ауыл әйелдерінің таң қалғаннан таңдай қақпайтыны жоқ.

Ақбөбек байқап отыр, осы отаудың ішінде түрікпен бұйымдары баршылық, жерге төселгені қалы кілем, кереге басында қоржын ілулі тұр. Қазан-аяқ жақтағы ілулі тұрған қазан қаптың өзі кілем өрнегімен қолдан тоқылған.

Ақбөбек көзімен тергеп, үйдің ішін бір қарап шықты, бірақ оны ешнәрсе кызықтырған жоқ. Кәдімгі жаудың үйінде отырғандай сезінді. Бұған оның бәрі де қаңырап тұрған тұл дүние сияқты.<--break->

– Мен кімнің үйіндемін? - деп сұрады шайды орталап ішіп бола бергенде Ақбөбек.

- Атамның үйінде, - деп жауап қатты ақ келіншек.

- Атаң кім? Ешкім жоқ қой айта бер.

- Демесіннің...

- Сен кімі боласың?

- Інілерінің әйелімін.

- Қай елдің қызысың?

- Қырықмылтықтың.

- Аулың алыста екен ғой. Олар жоғарғы адайлар емес пе?

– Иә, алыс. Жылдан асты, ата-анамды көргенім жоқ, - деп келіншек жыламсырап төмен қарады.

- Атың кім?

- Рабиға.

- Бұл ауылда не хабар болып жатыр?

- Не хабар болсын. Асықтырып кеше ауылды көшіріп қондырды.

- Елің не деп жүр?

- Не десін. Ештеме айтып жүргенін есітпедім.

- Қорықпа айта бер, мен де алыс адам емеспін, осы ауылға түсіп отырмын, - деді Ақбөбек әдейі сөз тарту үшін.

- Есберген қайнымның бір жігітпен қашып кеткен қалыңдығын, жесірін барған жерінен қайтарып алып келеді екен, – деген сыпсың бар. Ашық айтуға жұрт қорқады.<--break->

- Қорқатын несі бар. Мына менмін сол жесірі. Атым Бөбек, барған күйеуімнің қойған аты «Ақбөбек»

- Атыңды есіткенмін.

- Менің елімді де есіткенің бар ма еді?

- Есіттім. Бәйімбет Есжан байдың қызысың.

- Бұл ауылға біздің елден ешкім келмеді ме, білмейсің бе?

- Келмеген болар. Келсе, менің білуім керек, себебі бұл үйге сыйлы қонақ келіп түссе, шай құюға мені шақырады.

Ақбөбек Рабиғамен ашық әңгімелесіп отыр. Байсалды түрде еркінше сөйлеп отыр. Мұңайған, қысылып, қаймығатын түр көрсететін емес.

- Мен Қайыпқа барып, былтырдан бері отандасып жүр едім. Жүкті едім, босанатын уақыт жақындаған. Мына жауыздар барып, зорлықпен алып қайтты. Жолда баламды тудым... Тірі еді. Бері шыққан соң, жолда есім кірді. Қарасам, балам жок. Өзімді өңгеріп келе жатқанын білдім. Мына жауыз иттер баламды өлтіріп кетіпті.

- Ой, құдай, сақтай көр, - деп Рабиға жағасын ұстады.

- Үстімнің кірі де жуылған емес, қаным да кепкен жоқ. Жаушылықтың шегіне жеткен жендеттер ғой бұл иттер.

- Мына қайнаға бар ғой, Есжан тентек, құдайдан, діннен безген адам. Ауылда одан қорықпайтын адам жоқ. Жыны келсе бай ағаларын да сабап кетеді.

- Сабамақ түгіл өлтіріп жіберсе де, мен бірін де жасырмаймын. Өлген балама құн төлеттірем.  Айтам, елге жаям, - деп Ақбөбек іркілместен кіжіне сөйледі. Рабиға жағасын ұстап отыр.

- Сұмдық қой мынау. Бұл үйдің адамдары жуас қой, аузынан шөп алмайтын жандар. Әркімге бір килігетін де жүретін ана батыр қайнаға, оның жүрген жеріне шөп шықпайтын қаныпездің өзі, – деп Рабиға жан-жағына қарана сөйледі.

- Рабиға, сен де мендей әйелсің, жаны ашитын шығар деп айтып отырмын. Сен тыңда, мен жағдайымды білдірейін саған, - деді Ақбөбек шайдың соңынан дастарқан жияр кезде.

- Айта бер, - деп ол төмен қарады.<--break->

- Мен мына жауыздардың тұтқынында отырмын. Сен солай түсін. Мен бұл үйге адам болмаймын. Менің көз ашқанда көрген жалғыз-ақ адамым бар, ол өзімнің сүйген жарым Қайып. Айтып отырғаным өсек емес, шындық. Мына ел есітсін, айта жүр. Аяқ-колымды байлап төсекке жатқызса, амалым жоқ, зорлыққа не шара. Егер бар ғой өз денем өзімде болса Қайыптан басқаға ұстатпан оны! Осыны жүрген жеріңде айта жүр, –Ақбөбек ішіндегісін әдейі елге жаю үшін айтып отыр.

Бүгін бұл үйдің есігінен ешкім қараған жоқ. Үй иесі тың тыңдату үшін Рабиғаны жорта жіберген шығар. Ақбөбек оны да ойлап отыр. «Мейлі», – деді ішінен, «Мен зорлықтың күшімен келген адаммын. Аяқ-қолымды байлап алып келді, одан артық етер жамандығы жоқ. Мен несіне қымсынамын, ашыларым ашылып болды. Байдың ұлы біреудің әйелін иемденсе, өздеріне сын емес пе. Мен онысына көнбейтінімді айтып, еліне жария етем, көрінгенге масқара болсын. Тірінің азабын мен тартсам, олар да құр қалмасын, шексін ар-намыстың қасіретін».

Дастарқанды жинап, самаурынды Рабиға сыртқа алып шығып кеткен. Әлденеше уақыт болды. Ол әлі қайтып оралған жоқ. Манағы Ақбөбектің айтқан сөздерін Демесіннің үйіне жеткізері белгілі.

Ақбөбек сыртқа шыққан жоқ. «Енді не істер екен бұлар? Қайып өлі ме, тірі ме?».

Қас қарая бергенде, сырттан тықыр шығып еді, Рабиға екен. Сары шылапшынды бүйірі томпиған жатаған жез құманмен қоса алып келді. Қолға су кұйды.

- Тамақ пісті, - деп ескертті. Ол шығып кетіп еді, көп ұзамай шара табаққа салып буын бұрқырата ет әкелді.

Үйде екі әйелден басқа ешкім жоқ. Осы оңашалық Ақбөбекке біраз жеңілдік бергендей.<--break->

- Ақбөбек, - деді Рабиға ет турап отырып, - мынау марқа қозының еті. Сенің манағы айтқан сөздеріңнің бірін қалдырмай мына түскен үйіңнің адамдарына түгел жеткіздім. Атаң байғұс момын жақсы адам ғой... Тездетіп саған арнап қозы сойғызды. Сорпасын ішіп, тезірек бой көтерсін дегені ғой.

– Ата деме! - деді Ақбөбек.

- Енді не деймін? - деп Рабиға сасып қалды.

- Мені осында әкелдіріп отырған адамды «ата» демеспін. Жауым ол менің, - деп сілкіне сөйледі Ақбөбек.

- Ақбөбек, сен бір нәрсеге түсініп ал. Нақ шыным, адал ойымды айтайын. Атам Демесін, қайным Есбергенде айып жоқ. Сені зорлап әкелген ана ісік қайнаға. Соның күшімен болып отыр, - деді Рабиға көздері жәутеңдей отырып.

Ақбөбек үндеген жоқ, алға қойған тамақты шөкімдеп жей бастады. Рабиға айтқанына іші жылитын емес.

Ол үнсіз ой құрсауында.Тұла бойы дел-сал болып езіліп отыр. Ауыт-ауыт о жер, бұ жері шаншып кетеді. Осы кезде ойы бұзылады. Аулында қалған Қайыпты ойлап, әуре-сарсаңға түседі. «Тірі ме, өлі ме?».<--break->

Отыз төртінші тарау

 

Жаңай аулына жау тигені сол маңға жайылды. «Жаңай ауылын жау шауып кетіпті» деген хабар елді бір дүрліктірді. Қазақ елі секемшіл болып алған. Жау десе болды. Ия түрікпеннен, ия Хиуа хандығынан көреді. Олар да қазақтардан талай жерде запы шеккен. Кімнің жау, кімнің дос екенін өздері де түсінбейді. Сол елдердің ішіне барсаң, бір адам маңдайына шертпейді. Ал қарумен келіп бірін бірі шабысатыны рас. Олар ұры, қарақшылар. Халық оған түсіне ме, бір елді екінші ел жамандайды да жатады. Түрікпенге қазақ «жаман», қазаққа түрікпен «жаман». Құлақ жеткен Маңғыстау елі. Жаңай ауылын шапқан түрікпендер деп жүр. Жақ-жаққа тараған ел хабары әр-қилы.

Сабытай ауылда жоқ еді, қатты опынды. Жатқан Қайыпты көріп, ашуға булыққаннан жылап жіберді.

- Ойбай-ай, құдай-ай! Қырсыққанда ауылда болмағанымды қарашы. Мылтығым да бар еді. Басшысын атып түсірер едім ғой. Басқалары пышырап қашатын еді.

- Ой, құрысын, айтпа. Дау үстіне дау жамап не қыламыз, - деп Жарылғап оған басу айтты.

- Кәззаптар қарсыласар адам болмаған соң еркін қимылдапты-ау. Алар жесірін алып кете бермей ме екен. Қайыптың аяқ-қолын буып кетсе де болады ғой. Табанын тіліп несі бар. Хайуаннан бетер малғұндар.

- Есепсіз қорлап кетті иттер, - деп Жарылғап есік жаққа қарай берді.

Көп ұзамай Назар келіп түсті аттан. Үйдің ішіне кіре бергеннен:

-Тірімісің? Тірі қалдың ба, жаным? - деп Қайыптың бас жағына барып отырды<--break->

- Бұдан өлген артық қой, - деді Қайып. Есін жиғалы бері бар ойы Ақбөбектің үстінде. «Қанішер кәпірлер дәті қалай барып, екіқабат әйелді ат артына мінгізді екен. Қыз болса бір сәрі, әйел ғой ол. Жүкті әйелді барымталай ма дені сау адам. Адамгершіліктен безген өңшең иттер...» Қайып осы ойдан әлі арыла алмай жатыр. Әрлі-бері ежіктеп ұзақ ойлауға жоқ, соққыны қатты жеген басы өзінікі сияқты емес. Көзінің алды кіреуке, басы айналады.

Нұрқанды шақырып келші, - деп Сабытай әйелі Түймешті жұмсады,- Сол біледі уақиғаның ішінде болған.

Көп ұзамай Нұрқан келіп, болған жайды бұлжытпай айтып берді.

- Шақырақтың уықтарын кескілеп, ортаға түсіріп кетті. Қайыпты басып қалған екен. Егер біз болмағанда, білмеймін не боларын, - деді ол сөзінің соңында. - Ақбөбек жеңешем үйдің ішінде не болып жатқанынан хабары жоқ. Оны сырттан ұстап алып кетті.

- Ел емес екен атаңа нәлеттер. Намысты болса, былтыр келіп қызу үстінде алып кетсе болмай ма? Жыл өтіп, балалы болатын шақта келуін жаман немелердің, - деді Жарылғап.

- Ақымақтың есі түстен кейін кіреді, - деп Сабытай ашумен бір жағынан мырс етті.

- Шешіп табаныңды көрсетші, - деді Назар өз көзімен көргісі келіп. Қорлыққа шыдай алмай, қатты қиналыс үстінде іштің ызасымен булығып отырып. Екі табан да қақ айрылған болып көрінді Назардың көзіне. Басбармақтан өкшеге дейін тілінген.

- Жарымжан қылып кетіпті-ау, қан құмар жендеттер. Бұл қашан жазылып, қашан қатарға қосылады, - Назар маңдайын ұстап жылап жіберді.<--break->

- Қой, Назар, жылама, мықтылық керек. Бүйтіп отырмайық, бір нәрсені ойластырайық, - деді Сабытай.

- Қане бұдан былай не істеу керек? - деп қосылды оның сөзіне Жарылғап.

- Жаудың артынан қуу керек. Көбірек болып барсақ, ажыратып аламыз.

- Ау, Жарылғап, оны айтпа. Біріншіден, сен оларға жете алмайсың, салт атты адамдар ұзап кетті. Екіншіден қарулы жауды оңайлықпен ала алмайсың. Үшіншіден, олар қай жолмен кетті. Белгілі сайрап жатқан жол бар ма? Ұшы қиыры жоқ, қу дала, қай жағымен кетті, кім біледі, - деді Сабытай.

- Болар іс болды. Кетер адам кетті. Ендігіні ақылға салайық. Әуелі барлау салып білгеніміз жөн болар, - деді Назар сабыр сақтай отырып.

- Болысқа барып шағым етсек қайтеді? - деп қалды Жарылғап.

- Қай болысқа барасың? Адайда болыс көп, - Сабытайға бұл сөз ұнамады.

– Өз елінің, Кедейдің болысына барамыз.

- Сенен бұрын барып, о болыстың аузын алып қойды ғой кедейлер.

- Онда оязға бару керек. Оязда сенің араласып жүрген адамдарың бар. Әрі балаң жүр сонда, - еді Жарылғап Сабытайға қарап.

- Жігіттер, әзір болысты да, оязды да қоя тұрайык. Қазақтың қазақшылық әдет-ғұрпы, жол-жобасы бар емес пе? Сол қазақшылықпен аңысын аңдып көрейік. Әуелі жағдайды біліп, анық-қанығына жетіп алмасақ болмас, - деді тағы да Назар.

- Ал, Назар сен ауылдан келдің. Не хабарың бар? – деп сұрады Сабытай.<--break->

- Сол күні болар. Жау әуелі біздің ауылға келіп тиісгі. Үй ішімізбен бізді сабап, сойыл соғып кетті. Әкем тұра алмай, төсек тартып жатыр. Өзім ес жиған соң, бері тарттым. Ініме асықтым. Тірі екен, соған көңілім тоғайып отыр. Тірі қалғанына шүкір.

- Сенің елің қандай тұжырымға келді?

– Бегей аулынын бас көтерерінің бірі Бекіш қой. Ол кісі түйінге келіп, елге ештеме айтпады. Мұндай жиын ағайын арасында болды, үнсіз келіп, күңкілдесіп қайтты. Менің аңғарғаным сол, - Назар сөзді көбейтпей қысқасынан қайырды да қоя салды.

- Мейлі Бсгей ағайындар өз шарасын өзі ойлар. Қысқасы жау мықты дайындықпен келіпті. Бір емес, екі рулы елді бірдей әлекке салып кеткені ауыр тиіп тұр. Әбден басынғаны, - деп Сабытай ойлана отырып, шекесін қасыды. Қайып аяғын баса алмай айдан аса жатты. Өз үйі қаңырап бос тұр. Сабытай мен Түймеш Қайыптың асты-үстіне түсіп, бәйек болып жүр. Іркілмей ас-суын аузына тосып, қолдан келер шарапатын жасап жатыр. Жаз өтіп бара жатыр. Орынбор жәрмеңкесі басталды. Сабытай жәрмеңке кезінде сонда болады. Орыстың көпестерінің, татардың саудагерлерінің арасында сауда-саттыққа дәнекер бола жүріп, жан-жақтан түсер пайдамен біраз көтеріліп, әжептеуір табыс тауып қалады. Маңғыстаудан барған қазақтардың малын, жүн, терісін сатуға да ол өткір. Қалада Хайрулла, кең далада Сабытай тұрады. Екеуінің достығы мен ым-жымы бір. Сабытай ояздағы орыстармен де араласып, достасып алған. Ол етек-жеңі жинақы, епті, пікірлі жігіт. Қазақ шамасы келсе, мал жинайды, мал көбейтеді. Ол ақша жияды. Қазақ ақшаға құмар емес, ішіп-жеуі мен үй ішінің шығынына көбіне мал жұмсайды. Сабытай мал шұбыртуға ықыласты емес, ішіп-жеуі мен қыс соғымына болса жарап жатыр. Өріп жүрген малы болмаған соң, қазақ оны жарлы көреді. Шын мәнісінде ол байлардан да бай. Сауда, ақша-байлық сонда. Ондай жағдайды даланың елі біле бермейді.

Сабытай ат көлігін дайындап, жолға шығайын деп жатыр.<--break->

- Сен аяғыңа мін, жазыл. Мен Орынбор жақты бір айналып келейін, –деді ол Қайыптың қасында отырып.

- Сен келгенше жазылып қалармын, деп Қайып ризалық ишаратпен оның қолын ұстады, -Тұра алмай амалым құрып жатыр. Ақбөбектен хабар жоқ, өлі-тірісін де біле алмадым.

- Әлмағамбет пен Ақберген билерге хабар жібердім. Солар Кедейлерге барып, жағдайды біліп қайтар. Сосын бізде кеңесіп, келісерміз, - деді Сабытай.

- Жарайды, - деп Қайып оған да ризашылық білдірді. Сабытай кеткен күннің ертеңіне Нұрқан Түймешке келіп:

– Жеңеше, – деді жарқын мінезін көрсете. - Қайып ағамды өз үйіне апарып жатқызайықшы.

- Неге, бұл үй тарлық кылды ма оған?

- Жоқ мен өзім қарап тұрам дегенім.

- Мен қарасам болмай ма? Сыймайтындай, бұл үйде адам көп емес.

- Өз үйі бос тұрған соң айтам да, - деп Нұрқан сөздің ар жағын созбады. Ақбөбек кеткелі осы қыздың көкірегіне бірдеме пайда болайын деді. Сөзі де, жүрісі де өзгерді.

Әуелгі кезде Жарылғаппен ымпыл-жымпылы жарасып, бірі-біріне дегенде ұшарға қанаты болмай жүретін. Енді суысып қалған ба, енді үндеспей, бір-біріне сұстия қарасатын болып жүр. Таң атса болды Қайыптың қасынан шықпайды. «Өз үйіне апарайық, мен қараймын» дегені несі. Түймешке оның мына сөзі ұнамады. «Сиқырлығы ма, қарбашаның» деп ойлады ол сырт айналып.<--break->

Түймеш түйе саууға шелегін алып сыртқа шығып кетті.

Нұрқан Қайыптың бас жағына келіп, бір иығын баса шынтақтай отырды. Үнсіз біраз отырды да, Қайыптың бетіне қарап жымиды. Оның көкірегіне басын қойды.

Қайып оның ерсі қылығына таңданғандай, бірақ сыр ашып үндемеді.

- Аға, үйде жалғызбын, ішім пысады. Үйші, малшылармен әңгімең жараса ма, жалғыздықтан үйде тұра алмай жүрмін, - деді Нұрқан Қайыптың көкірегінен басын көтермей жатып.

- Нұрқан, Жарылғаппен уәдең бар емес пе? - деп сұрады Қайып.

- Жоқ. Оны қаламаймын.

- Жарылғап жарамды бір әйелге зайып болуға жарайтын жігіт. Сен оған тиіп ал. Ол әйелдің қолына кіруге көне ме, көнбей ме, ол жағын білмеймін. Сөйлесіп көрейін, - деді Қайып қолымен Нұрқанның басын көтеріп.

- Жақтырмаймын Жарылғапты.

- Неге?

- Ол сендей емес...

- Менің одан артық жерім жоқ.

- Маған артықсың...

- Мен үйленген, әйелім бар адаммын ғой.

- Ол әйел енді саған жоқ. Жау қолына түскен әйел келе ала ма? Жесірім деп әкеткен соң оны біреу қатын қылып алады.

- Қой, айтпа оныңды, - деді Қайып жаратпай.

- Дәу де болса көрерсің, ол қатын енді саған жоқ. Оны байдың қызы деп жатырсың ғой. Мен де бір байдың қызымын. Ажарым Ақбөбектен кем бе?<--break->

- Нұрқан саған не болған. Айтпа ондай сөзді, - деп Қайып қайтарып тастады Нұрқанды.

Түймеш келе жатыр ма, сырттан тықыр шықты.

Нұрқан шығып кетті, ой үстінде келе жатыр «Жарылғап Қайыптың сирағына тұра ма. Бір кезде Бекіш байдың үйшісі болған екен. Уызында жарымаған адам не оңдырады дейсің. Сол, сері Қайып тұрғанда, одан басқа маған кім керек. Қалай арбасам да, осыны айналдырып, үйіме кіргізіп алмаймын ба... Бұған менен артық қатын жоқ енді...»

Сабытай кеткен күннің ертесіне Хайрулла келді. Бұл жолы әкелгені жеңіл дүние: айна, тарақ, моншақ – өңкей әйелдердің бұйымдары.

- Мен мыналарды сатып болып, өзіммен бірге Сабытайды ала кетейін деп келіп едім, - деді ол Қайыптың қасында шай ішіп отырып.

- Жақында жәрмеңке басталады деп асығып кетті, - деді Түймеш.

- Жәрмеңкеге уақыт бар әлі. Биыл жәрмеңке екі апта кейін басталатын болыпты. Патшалықта үлкен жиын болады екен, содан кейінге қалдырыпты, - деседі.

- Ноғайларда біреудің әйелін зорлықпен тартып әкететін әдет бар ма? - деп сұрады бір кезде Қайып миығынан күліп.

- Жоқ! Ондай әдет жоқ бізде. Алла сақтасын, - деді өз-өзінен шошынғандай болып Хайрулла.

Қазақтың әдеті сол. Бауырындағы әйеліңді тартып әкете береді.

- Шариғатта да мұндай тәртіп жоқ. Қазақтар қайдан шығарған бұндай бейбастықты. Астапыралла.

- Мен алам деп бесікте жатқан қызды айттырып қою бар ма сіздің елде?

- Жоқ, жоқ. Ата-анасының қолында қыз өсіп, кәмелетке жетеді. Содан кейін жігіт оны қалап, ұнатса, ризалығымен құда түсіп алады. Шариғатта да соны айтады.

- Қазақта да шариғат бар. Сонда олардың шариғат жолын етпегені ме?<--break->

- Әрине, етпегені. Құдайға қарсылық емес пе бұл?

- Қарсылық болса, қарсылық. Қазекеңе бола береді, - Қайып тағы бір мысқылдап өтті.

- Жандарм, полиция деген бар ма сендерде. Ана бұзықтардың үстінен шағым жазу керек. Қамауға алынсын. Олар аяғыңды тілгілеп, майып қылып кеткендерге жаза қолдануы керек кой.

- Қазақта ондай әкім болмайды. Тентектерге жаза тартқызу жоқ. Әркім бас-басымен лағып жүр. Қазақ сондай ел.

- Орыстар тәртіпті қатты ұстайды. Біздер де сол елдің ішінде отырмыз ғой. Солардың тәртібі бізге де тәртіп.

- Ондай тәртіп қазаққа қашан келетіні белгісіз, - деп күрсінді Қайып.

- Астапыралла. Қорқамын. Әйел үшін қантөгіске баруға бола ма? Сұмдық, - деді Хайролла басын шайқап.

- Хайрулла аға, - деді Қайып бір сәт ойланып жатып, - саған бір өтінішім бар, айтайын.

- Айт, айт. Тыңдаймын.

- Жүрегімнің жартысын зорлап алып кетті дұшпаным. Сүйгенімнен айрылып, құр ғана сүлдем жатыр. Бірақ кеудемде жаным бар. Әлі де әрекет жасаймын ба деп жатырмын.

- Не, әрекет, айтшы.

- Ақбөбегімді жау қолына тастамаспын деймін. Бәрібір оны алып келем. Мен артынан қуып бара алмадым. Жау өзімді үйде сұлатып, оны сырттан алып кетті. Жатысым мынау, аяқ басуға дәрмен жоқ.

- Ақбөбек қайда? Әкесінің үйінде ме, оны қайда апарды екен?

- Білмеймін. Еш хабарым жоқ. Ақбөбектің не күйде екендігінен де хабарсызбын. Жақында босанайын деп отырған, онысы не болды екен? Ешнәрсені де білмеймін. Ақбөбек кімнің қолында, ол да белгсіз.

- Маған айтар өтінішің не?<--break->

- Сен сол жаудың еліне бар. Ақбөбектің қайда екенін біл. Ешкімге сездірмей, бір есебін тауып Ақбөбекпен сөйлес. Ол да менің өлі-тірімді білмейді. Айт, менің мына жағдайымды айт.

- Жарайды барайық. Басқа айтарың бар ма?

- Ақбөбек басын бағып жүре тұрсын. Аяғыма тұрған соң, мен артынан барамын. Бәрібір алып қашып шығам, дайын жүрсін.

- Жарар, жарар. Ертең жүрем онда.

- Айт Ақбөбекке. Ендігі жерде жанымды соның жолына қиямын. Жау қолына тастамаймын оны. Мен тірі жүрсем, Ақбөбек менімен болады. Осыны айт, аға.

- Айтам, айтам. Өзім некесін қиған Ақбөбек менің жақсы келінім ғой. Сволочтар-ай, аямай алып кетті-ау.<--break->

 

Отыз бесінші тарау

 

Көп ұлдың ішінде жалғыз қыз еді. Еркелігі өз алдына болатын. Әке-шеше, аға-жеңге бетінен қаққан емес-ті. Ақбөбектің Қайыппен қашып кеткеніне Есжан қатты қайғырды. Есқуат пен Дүйсен онша алаңдаған жоқтын. Ата жолының қаттылығын көріп тұрса да, олар оның Қайыптай бір жігіттің етегінен ұстағанына бір жағынан қуанған да.

Кедейлер Бегей аулынан Ақбөбекті ат көтіне мінгізіп алып келіпті деген хабарды Есжан аулына біреу жеткізді.

Есжан қатты күйініп отыр. Есқуат пен Дүйсен қасында жер шұқып қалған. Дүйсен бөлек ауыл, бүгін алдағы шаруа жанын, көші-қон туралы келісіп алу үшін шалға келіп сәлем беріп отырғаны еді. Аяқ астынан мына суық хабарға кездесті. Дүйсен томырықтау жуас жігіт. Тіс жарып онша үндей қоймады. Қасында отырған Есқуат қызынды.

- Ит Кедей, былтырдан бері неғып жатты. Енді тірілген екен ғой, - деді Есқуат басын көтеріп.

- Құтырудың ерте-кеші бар ма? - деп Дүйсен күңк етгі.

- Қандай есуастар! Қыздың барғанына жыл болды. Төсегі ескіріп қалған біреудін қатынын әкеліп, бұл Кедей енді төсек жаңғыртпақшы ма? Мәңгүрт пе өздері, - деді Есқуат даусын бәсеңдетіп.

Қыздың шыққан елі біздікіне әкелмей ме екен, - деп Дүйсен өзінше бір байлам айтып еді, әкесі Есжан оның сөзін бөліп:

- Жесір Кедейдікі, саған неге әкелсін ол. Қыздың баратын жері сол, соған апармай қайтеді, - деді.

Екі жігіт одан әрі сөз таластырмай, үнсіз отырып қалды.<--break->

- Маған қосатын ақылдарың болса айтыңдар. Мен білсем, жақын арада Кедейден біздікіне адам келеді. Толық мәлімет берер.

- Мейлі, – деді Есқуат.

- Олар келсе, құр келмейді, өзімен ала келетін дауы бар.

- Не дау айтады сонда?

- Қыздың дүние-мүлкін, жасауын сұрайды. Жолына салғанда мен оны беруім керек, - деді Есжан бай.

- Жасау жоқ Кедейге!

- Неге?

- Былтырдан бері ие болатын болса, жесірін неге іздемеді. Мүмкін ол әйел бұл уакытқа шейін балалы болған шығар. Бір ел екінші елге баласын өңгертіп жіберер ме? Онда Бегейлер де шатақ шығарады.

- Біз сонда қай жағында болуымыз керек. Кедей жақта ма, Бегей жақта ма? - деді Дүйсен әкесі мен Есқуатқа кезек қарап.

- Мен өзім Кедейдікін дұрыс деп табамын, себебі аталып қойылған жесір сонікі деп Есжан тоқ етерін айтты.

- Мен қосылмаймын! - деді Есқуат әкесіне көзінің астымен қарап. - Ата-анасының еркінен шығып, Есжан байдың кызы жалаң аяқ біреумен кашып кетті деген атақты алғанымызға міне бір жыл болды. Енді кедейлер зордың күшімен жесірін, Есжан байдың кызын ат көтіне мінгізіп әкеліпті дейді бұл жұрт. Ол атаққа да біз ортақпыз, - деді Есқуат.<--break->

- Рас, - деді оның сөзін қостап Дүйсен.

- Ал сонда не демексің? Өзіңді өзің мұқатып жүре бересің бе? - деп Есқуатқа қарап. Есжан сәл иек көтерді.

- Жүреміз, аға. Басқа етер шамамыз жок, – деді Есқуат.

- Ал сонда қыздың жасауын беріп жібереміз бе?

- Бермейміз. Ендігі ерікті қызға саламыз. Қыз не дейді? Соның айтқаны болады.

- Қызға адам жіберіп, жағдайын білу керек, - деді Дүйсен.

- Дұрыс, - деді Есқуат. - Бөбекке сенімді біреуді жіберіп аламыз. Анығын өз аузынан есітейік. Қыз не түйін айтады, соған қарап әрекетімізді етерміз. Алдымызда екі дау бар: Кедейдің, Бегейдің – бізге қиыны сол.

Ақбөбектің жасауы жеткілікті. Ұлдардың арасындағы жалғыз қызды әкесі қос отаумен көшірем деп жүрген. Алтынмен апталған, күміспен көмкерілген бұйымдар көп. Жәрмеңкеге барған сайын жалғыз қарындасы Ақбөбекке Есқуат та, Дүйсен де асыл заттарды іле қайтатын. Көрпе, жастық дегендер ылғи асыл маталардан тігулі тұр. Қатар тігілгенде қос отаудың іші адам кірсе, шыққысыз безенетін еді. Қазір сол тұл дүние иесіз қалған, тең-тең болып жинаулы тұр.

Былтыр кеткен әзірде шешесі байғұс шыдай алмай Аюпты Ақбөбектің артынан бір рет жіберіп, бір киер киім-кешектерін апарғызып берген. Ауыл арасы алыс, неше күндік жол. Оны Есжан білмейді. Рұқсатсыз кеткен қызына өкпесі қазандай болып жүретін. Аюп сол барғанында, Ақбөбек пен Қайыптың жақсы жағдайларын асыра айтып мақтап келген. Содан бері шешесі, аға-жеңгелері, мәз-мейрам болып жүруші еді. Арты мынау, үй ішіне тым ауыр тиіп отыр.<--break->

Есжан Ақбөбекке адам жіберетін болып келіскен. Таңдағаны Аюп. Мұқыр молданың баласы Аюп мінезді жігіт. Сауат ашып, әкеден көп нәрсені үйренген, ауылға молдашылық етеді, керек жеріндс шаруаға да сай. Байдың қолқанаты, сенімді адамы сол.

Есжан Аюпты іздетіп еді, ауылда жоқ екен, сауын түйелерді қайырып келуге кетіпті. Келуін күтті оның.

Есжан ауылы салқын болсын деп жалпақ даланың дөңестеу тұсына, қыраттың басына қонған. Биікте тұрып, төмендегі ылди бетке қарағанда сонау алыстарға да көз жетеді. Маңда тақыр жер жоқ, ұйысқан қалың бұталы аймақ.

Есжан үйінен шығып, жан-жаққа көз жүгіртіп қарап тұр. Түрікпен біліштері көп.

Ол бұл өңірге именбей кіріп, мал жайып кете береді. Есжан қойдан бөлек өз алдына бір қора ешкі бақтырды. Келген сайын түрікпен қонақтарына тумаған туша сойып, қонақасы береді. Қазақ марқа қозының етін жақсы көреді, түрікпен шыбыштың, не тушаның етін ұнатады. Көбіне түрікпендермен аралас-қоралас, қоныстас жүргеннен бе, саранау тұқымды ақ қарасы аралас ешкі ұстайтыны бар.

Түстік жақтан үш салт атты көрінді. Жақындай бергенде, шамалап шырамытты – келе жаткандар түрікпен адамдары. Мойындарында асынған бес атар мылтықтары бар. Олар келіп аттарынан түскенше, Есжан соларды күткен адамдай орнынан козғалмай тұрды.

- Салаумалейкум, Есжан аға.

- Алейкумуссалам. Құрғын ба (амансыңдар ма)? Қане, үйге кіріңдер. Қонақтар үйге таман жағалады. Есжанның таныс білістері екен. Аннамұрат байдың қызметкерлері. Қонақтардың келуі суыт еді, үйге кірген соң, жайбарақаттана бастады.

Шай жасалды. Олар үшін көк шай демделді. Қонақтар кепкен ірімшік, сары бауырсақпен рақаттанып отырып шайға қанды.<--break->

Есіктен Аюп қарап еді, оған Есжан:

- Өзің кетіп қалма, осында бол. Қарасайға айт, мына қонақтарға туша әкеліп сойсын. Ар жағын өзі білер, – деді.

- Есжан аға, - деді қонақтардың жасы үлкені - біз жүрейік... Бізді Аннамұрат аға жіберді.

- Саламат болсын. Айта беріңдер.

- Ұрысыз ел болмайды. Біз ұятты болып келіп отырмыз.

- Қандай ұры?

- Біздің обамыздың (ауылымыздың) ұрылары кеше түнде кішігірім бір үйір жылқы айдап келіпті. Қазақы жылқылар. Жылқылар үйірімен қамауда, ұрыларды Аннамұрат байлатып тастады.

- Қай жердің жылқысы екен? - деп Есжан иегін сипап біраз ойланып қалды.

– Есжан ағаға сәлем айт, - деді Аннамұрат аға, егер жылқылар соныкі болса, адам жіберіп, танып алсын. Егер өзінікі болмаса, маңдағы елдеріне хабар жіберсін. Малдарын алып кетсін, - деді.

- Біздің малымыз түгел. Малшыларымыз бүгін келіп кеткен, - деді Есжан.

- Біз жүреміз.

- Мал сойылып жатыр. Қазақ қонағасысыз қонақ жөнелтпейді. Отырып, тамақ жеп кетесіңдер.

- Асығыс едік.

- Құдайдың күні көп, асықпаңдар, - деп Есжан қонақтарға жылы лебізін айтып, сыртқа шығып кетті. Аюп оның қасына келіп, айтарын есітейін деп құлақ түріп жүр.

- Аюп, мен сені ана Кедей аулына жұмсайын деп тұрмын. Жеңілтек мінез көрсетіп, балалық жасап қойма. Саған жүктер міндет бар, білдің бе?<--break->

- Қандай міндет?

- Демесіннің үйіне түс. Берсе асықпай отырып қонақасын же. Бөбек жайлы бар хабарды айтар ол. Тек тыңдай бер. Сен шешім айтпа оларға, тыңдаушы ғана бол.

- Жарайды.

  • Сосын, Бөбекпен оңаша отырып сөйлес, қыздың ойын біл. Оған да шешім айтпа.
  • Жарайды.
  • Содан кейін, Аюп, ар жағында алыс болмас, бір күндік жер. Қайын жұртыңа барып қайт. Құдаға айтарсың, биыл күзде қызын берсін.
  • Жарайды.

Құдаға түсіндір. Кедейлеу адам ғой, қызым жұпыны кетеді деп қиналмасын. Жетпес жерін өзім жалғастырам.

  • Жарайды, - Аюп жүрегі жарыла қуанып кетті. Жүрегі алып ұшып, орнынан қалай тұрып кеткенін өзі де сезбей қалды.
  • Аюп, тоқта, тұра тұр, - деп дауыстады Есжан - үстіңдегі киімің нашар ғой. Қалияшқа айт, Есқуаттың бір киер киімдерін берсін. Сонымен барып кайтарсың.

Аюп тез атын ерттеп, кідірмей кетумен болды. Биыл үйленеді.

Мұқыр молда көп жылдардан бері осы ауылға сіңісіп кеткен. Оның баласы Аюп еңселі, кеуделі өндірдей жігіт. Есжан оны ұнатады да, елге, ауыл-үйге кикілжіңі жоқ. Жұғымды бала. Есжан биыл оған қыз айттырып қойды. Қалың малын, тойын-бәрін өзі көтереді. Ол жігіт осы ауылдың жас молдасы, сонымен бірге Есжанның атқосшысы. Ол өзі байдың қонағын күтуге де шебер. Ажарлы, көрікті жігіт, үйдің құты сияқты.

Ас желініп, қонақтар жүрейін деп жатыр. Есжан дастарқанның батасын беріп болған соң, түрікпен қонақтарға өзіндік бір тоқтам сөз айтты.<--break->

-      Аннамұратқа сәлем айтарсыңдар. Ұрыларын шешсін. Апарған малдарын өздеріне берсін. Мен қазақты білетін болсам, қазақ ешуақытта түрікпеннің аулына мал қуып бармайды. Осының өзі біздің елдің салтына айналып кеткен.

Қонақтар біріне-бірі қарасып, шошынышты түр көрсетті. «Түрікпеннің үйірдегі малынан мал айдап қайтады...»

         – Сәлеміңді байға айтайық, - деді жасы үлкен қонақ.

         – Аннамұрат аулының ұрыларын бұдан былай біздің жаққа жібермейтін болса, сол жетеді. Біз де қолымыздан келгенше ұрыларымызға сақ болайық, – деп Есжан орнынан тұрды.

Қонақтар кетті. Есжан кең сарайлы боз үйінде жалғыз отыр. Көп жасаған адам, қатпары көп ойдың түбіне бойлап кеткен. «Адайға атағы шыққан Есжан бай. Міне, есітсе ел ұялатындай ісі насырға шауып отыр. Ата мен ананың уысынан қыз түгіл еркек бала шыға ма. Қызы қашты дегенді жарғақ құлақ есіткен бе сірә. Сүйгенімен дейді-ау және... Қатынның сүйген-сүймегенінде не бар... Айттырды, алды, болды емес ме... Сүйді дегені шайтанның ісі ғой. Қай елге атастырылса, қыз соған бару керек. Бүгін өзімнің балаларым да сол қыздың жағын алып сөйлеп отырды ғой, бұл қалай? Құдайдың, адамның жолына қарсы тұрғаны ма олардың. Түсінбеймін, түсінбеймін... Қызымның түрі анау болса, енді менде не абырой қалды. Жардың бір қабат астымен жүрмесе, енді ел бетіне көріну жоқ.

Елі Есжанды армансыз дейді. Қане армансыздығы. Жұмыр басты жанның армансыздығы болар ма?»<--break->

Отыз алтыншы тарау

Әсіресе биыл Маңғыстау елінің әбден байып, толысып, кемелге келіп отырған шағы. Өткен жұттан бері бір шама уақыт өтті. Жазы жайлы, қысы қытымырсыз болып тұр. Жер қайыстырған малдың есебі жоқ. Барлық мастықты тудырады. Байлардың көкірегі зорайған, кедейлер ашушаң. Мал көбейген сайын қоныс тарылады, су тапшы. Мал шымырау құдықтан суарылады. Құдыққа талас күшейді, кім қолды, күшті болса, қауға соның колында. Біреудің астаудағы суын тартып алғанға байдың көкірегі өсе түссе, азапта жүрген малшы-жалшылар көлденең біреудің таяғын жеп күйінеді. Аумалы-төкпелі заман. Бұл заманда теңдік бар ма?

Ел масыққан сайын алды-жұлды барымта көбейіп, бір ру мен екінші рудың арасы қиян-кесті болады да жатады. Төбелесте бармақ сынып, көз шықса, құн төленеді. Егер даулы жақ құн төлемесе, арты барымта. Барымтасы – бірінің малын бірі айдау, мұнымен жүріп ел қалай оңсын.

Басқа елдікіне қарағанда Маңғыстау халкының шаруасында бір ерекшілік бар сияқты. Бұл ел тастан үй салып, қыс қыстаған ел емес. Қысы, жазы көкмайса көлбеу, жайлы жайылым іздеп, ен далада мал бағумен жүретін ел. Сол жүрісінде бір жыл қыс катты келсе болды, малы жұтайды да қалады. «Бай бір жұттық» деп содан айтады. Байлар бір қыста жұтап, тұяқсыз қалады. Жаз шыға тағы тырбынады. Жұтамаған ағайын, жекжат-жұраттарды аралайды, қарызға деп, сауынға деп солардан алып, мал жияды. Үйіндегі жинап, тыққан алтын, күмістерін сатып мал алады. Бір-екі жылдың ішінде тағы да күйленіп, байып шыға келеді.

Құдай да кызық, ел малданып байып, сосын есі шығып дарақыланып бара жатса, соның мерейін қайтаратын, жұртқа ұғындыратын кереметі бар. Ол аз дегендей адамы көбейсе шешек, оба, сияқты дертін жібереді, жаппай қырғынға ұшыратады. Ел есеңгіреп ес жия алмай қалады.

Тәубе қылар адам жоқ, бастан өткенін тағы ұмытады, тағы баяғысынша құтырады. Аумалы-төкпелі заман деп осыны айтады.

Былтырғы шешектің кезінде Есжан батыр бір емес екі жанынан айрылған. Соның азасын тартып ең болмаса бір жыл да жайына отыра алмай, бір елге зобалаң салып келді. Екі бірдей от басына ойран салып отыр. Бұдан былай Демесіннің оты жөнді жана ма, жоқ па белгісіз.

Демесін аулына келіп-кетушілер көбейді. Ақбөбек жайы бүкіл елге жайылған. Даудың арты соқтығыс жанжалға айналып кетуі ықтимал. Адам өлімі бар. Дау-шардың күн сайын өрбіп бара жатқаны содан.<--break->

Жаңа ғана Жаңай аулынан қуғыншы келді. Әлмағамбет пен Ақберген би төрт адам болып аттан түсті. Қайыптың жағдайын, тілінген табан етін көріп келген билер тым ашулы, тым ызғарлы еді.

Демесін қой аузынан шөп алмайтын жуас адам. Ашып айтар түбірлі сөзі де жоқ. Төмен қарай береді.

– Демесін, біз Жаңай аулының билеріміз, өзің білесін. Жесірімізді қуып келіп отырмыз. Алып кетеміз, - деді Әлмағамбет. - Әуелі біліп алайық, Ақбөбекті мұнда кім әкелді?

– Есжан батырымыз, - деді Демесін.

– Шақырт Есжанды. Сөйлесейік біз.

         Демесін Есжанға адам жіберді.

Біраздан соң, кеудесін кере түсіп, маңғаздана Есжан енді ішке. Төрдегілерге қабақ түйе қарайды.

  • Акбөбекті шақырып әкел, - деді Әлмағамбет қасында отырған қосшысына.

Ақбөбек кіріп, төрде отырғандарға қарады, тани кетті. Өзі білетін Жаңайдың билері - Әлмағамбет пен Ақберген. Ақбөбек соларға қарап, тізесін бүге сәлем етті.

  • Көп жаса-деді Әлмағамбет. - Отыр, шырағым. Ақбөбек оң жаққа шығып отырды.
  • Ал қарағым, біз ауылдан жоқ қарап шықтық. Жоғымыз табылды - сен екенсің. Енді бастан аяқ болған оқиғаның бірін қалдырмай бізге айтып бер, – деді Әлмағамбет.
  • Әтеке, Қайып аман ба, тірі ме? – деп сұрады Ақбөбек сөзін бастамастан бүрын.

-      Тірі. Өлмей қалды. Мыналар жарақаттап кеткен екен. Жарасы жазылып келеді, – деп Ақберген жауап берді.

Ақбөбек айтар сөзін Есжанның бетіне тіке қарап отырып айтты. Әбден ашуға мініп ашынған ба, жасқанбастан кідіріссіз сөйлеп кетті. Болған уақиғаны түгел айтып берген соң, тағы да Есжанға тікелей қарап:

– Мына отырған жауыз мынау! – деді. Ай-күніне жетіп отырған жүкті әйелді жаулап әкету әуелі құдайға кешірілмес күнә, сосын адамға жасаған қиянат емес пе? Жолда бала таптым. Шырқырап жерге түскен бала еді. Оны өлтірген мына жендет! Есімді жиып, орнымнан тұрсам, балам бауырымда жоқ. Оны өлтірген осының өзі.<--break->

Есжан Ақбөбекке қарап ақырып қалды.

– Қаңсылай берме, қаншық! – деді ол тұра ұмтылып. Ақбөбек те бедірейген күйінде орнынан тұрды. Есжан Ақбөбекке қамшы ұмтылып, жонынан бір-екі тартып үлгерді.

Әлмағамбеттің қасына еріп келген екі жігіт тұрып барып, Есжанның қолынан ұстап, орнына отырғызды.

  • Мені бұл елге әкеліп қатын қылам деп әуре болмаңдар. Менің күйеуім бар ол – Қайып. Араға түскен мына ағайынның алдында айтам. Мен Қайыптың адамымын. Соған қосылам, - деп Ақбөбек орнына қайта отыра беріп еді, Әлмағамбет:
  • Жатқан жеріңе бара бер, шырағым. Өзіміз хабар етерміз, - деді.

- Маған таяқ көтеруге сенің қақың жоқ! Байдың жуындысын ішкеніңе семіріп жүрсің ғой. Ата-тегім ешкімнен кем емес, бір байдың қызымын. Аяғыңды аңдап бас, қолшоқпар есірік неме! - деп ашынған Ақбөбек Есжанға айтарын айтып кетті.

Ақбөбектің сөзіне қаны қызған Есжан терісіне сиып отыра алмады. Сыртқа шыққысы келіп қопаңдап еді, Ақберген:

- Батыреке өзіңді бас. Қылар істі өзің қылыпсың, оны бетіңе айтса, көтере алмастай нең бар. Қозғалма, отыр. Біз сонау ел шетінен келіп отырмыз. Осы мәселені шешіп кетеміз деп келдік, - деді жай сөйлеп, сабырмен қарап.

Әлмағамбет жан-жағына қарағандай болып, үйдің ішіне көз жіберіп алды да:

- Сынған саусақтың да кұны бар, ағайын. Сендер адам өлтіріп алып, енді құр кетпейсіндер. Біз тиісті жеріне барып, Кедейге, саған Демесінге құн тартқызамыз, - деді.

  • Әрине кұн. Арт жағын тағы көре жатармыз, - деді Ақберген. - Біз қазір елге қайтамыз. Адамымызды алып кетеміз.
  • Құн төлетесіңдер ме? - деп сұрады Есжан қабағын көтеріп. Қатты ойланып қалып, енді өзінше бір түйін тапқандай миығынан мысқылдай күлді.
  • Иә, құн тартасың! - деді Әлмағамбет оған тіке қарап. Әсіресе оның мысқылдай күлуі шымбайына тиіп отыр.<--break->

_ - Онда адам жоқ саған! Бермеймін. Табалдырығымда шірітем! -деді Есжан тікірейе, ожырая қарап.

  • Әй, Есжан, інім, менің бір ауыз сөзім бар, - деді манадан үндемей отырған Демесін.
  • Ал айтсын сөзін, - деді Ақберген.

– Есжан, мен ұрыс-керісті жаратпайтын адаммын. Дау-шырғалаңды қоялық та, адамын беріп жіберейік. Бегейдің бала туған әйелін мен жалғызыма қатын қылғым келмейді.

– Мұнысы дұрыс Демесіннің, – деді аузынан сөзін жұлып алғандай болып Ақберген. Өзі осы сөзге көтеріліп көңілдене түсті.

– Демесін, аға, – деді Есжан түтігіп, – Бір сөзде тұрмайтының бар, қолға түскен жесіріңді қайтып берерің бар екен, онда мені қару асындырып неге жібердің ол елге?! Жесір біздікі, қайтармаймыз!

– Есжан інім, қайтарайық. Көріп отырмын бізге келін болып жарытпас бұл.

– Қойнындағы байы бар қатын қайда барады! Шашынан ұстап сабап тұрып көндірер болар! – деп қызара бөрітіп ашумен ақыра сөйледі Есжан.

– Қайтар, ізіне қайтар, – деп Демесін өз аузымен үш рет қайталады. Есжан көнбеді. Ең ақырында айтқаны: – Егер қойнына әкеліп жатқызған қатыннан айрылып қалса, жалғыз екен демеймін. Балаңа жазым етем! – деді Есжан қамшысын беліне қыстырып тұрып.

Демесін үнсіз отырып қалды. Жаңай аулының билері түстен кейін аттанып кетті. Олар Бозым болыстың аулына жөнелді. Былтыр өзі уәде берген, артынан бәрін тыныдыратын болып, баласы ақшалай пара алып кеткен. Әлмағамбет пен Ақберген Есжан мен Демесінге Бозым болысты салмақшы. Сөзге көндірер деген үмітте.

Қонақтар кеткен соң Есжан Демесінмен оңаша отырып, қайта сөйлесті.

– Байеке-ау, сенің күшпен зорлап әкелінген қатынды қайтарып жіберем деуің не? – деді Есжан Демесінге.

– Бала туған қатын жас балаға қатын бола ма? Білмеппіз, соның артынан барудың керегі жоқ еді.

– Айттырылып, баталасқан жесірін алып бер. Үстіне қатын алсын, тағы тоқал алар. Жесірден айрылып қалу елде жоқ, айтпа оны, отағасы.<--break->

– Бұл дау оңайлықпен бітпейді. Аралас елдің арасы бүлінеді. Бай атым бар, маған да сынақ. Бай, мырза атанған Есжанның абыройына да дақ түседі.

– Енді сары уайымға салма. Болар іс болды. Дауыңды маған бер, өзім тындырам.

– Тындыра алмайсың. Әлегі маған түседі ғой.

– Еңді бар ғой, мен саған тоқ етерін айтайын. Жесіріңнен айрылма. Енді жесіріңді алған жеріңе қайта қоссаң, Бегей бізге құн төлетеді. Баласын өлтіргенім рас.

– Ойбай-ау, жас баланы өлтіруге қалай дәтің барды. Мойныма бұршақ салып құдайдан тілеп алған жалғызыма кесапаты тимесін. Сақта құдай.

– Болмашыға босай берме, қалтырама. Дұшпанымды өлтіргеніме мерейім өседі менің.

– Баламның басын дауға салғым келмейді.

– Әңгіме жесіріңнен айрылмау. Дау басылады. Келінің қолыңда тұрса, ол ел сенен құн төлетіп ала алмайды. Сол үшін жесірден айрылмауың керек, – деп Есжан шегелеп айтты. Ол тәжірибелі, әккі неме. Бәрін сезіп біліп тұр. Аңғал Демесінге осындай да адам керек сияқты. Сөзіңді сөйлесе, арыңды арласа, одан артық бұған не керек. Момын елге осындай тентек керек, жел жақтың панасы ғой ол.

Ақбөбектің жатқанына айдан асты. Ауру есебінде күні-түні жатады да қояды. Рабиға оның күтушісі.

Армансыз жан бар ма дүниеде. Өкпесіз адам жоқ. Не құдайға, не адамға әйтеуір біреуі болмаса, біреуіне өкпелеу керек. Рабиға құдайға да, адамға да өкпелі еді. Ақбөбекпен сырлас болып алған. Алғашқыда Ақбөбек оған іш бермей, сақтықпен сөйлеп жүрді. Сенбестік білдіргені рас. Рабиға ақ көңіл, сыр бүкпейтін жадағайлау әйел екен.

Бірде ол: – Мен де бақытсыздың бірімін, – деді қамығып, көзінің жасын сүртіп отырып. – Күйеуім әлім-берім дәулеті бар еді. Осы Демесіндердің ағайыны. Мен жатақтың қызымын. Кедейге жиен боламын. Сүйек жаңғыртамыз деп шешем берген мені. Екі жылдан асты, бала көтермей жүрмін.<--break->

– Қиын болған екен. Асықпа артының қайыры болар, – деді Ақбөбек.

– Екі жыл болды, көтермей жүрмін. – Рабиға төмен қарап отырып жер шұқыды.

– Басың жас қой. Көтерерсің.

– Қайдан білейін. Күйеуім биыл қатын алып кетті. Аз-кем малымен бөлек ауыл болып жүр.

– Келіп тұра ма?

Анда-санда бір көрінеді. Ол да ештеңе емес-ау. «Қара құсы» бар бұл қатында бала тұрмайды, – деп шығарды ғой бұл жұрт.

– Жұрт не айтпайды. Еріккендердің екі елі аузына тыным бар ма.

– «Қара құсы бар» деген сөз күйеуімді шошындырды. Сонысы ауыр ғой. Енем де баласының сөзін сөйледі. Баласының әйел алуына сол да себепші болды. – Жалғыз тұрам. Көші-қоным Демесіннің мойнында. Бұдарда қолқанат келін жоқ. Шай-суына қарағанда, Демесін жуас адам сияқты. Баласы өзінен де ынжық көрінеді.

Есберген қалыңдығы келгелі бері әлі есіктен қараған емес. Батылы бармай жүрсе керек. Ақбөбектің жолда босанып келгенін айтып, Рабиға шошынтып қойды ма...

– Есбергені қайда? Ауылда ма? – деп сұрады Ақбөбек.

– Үйінде қарадай қорқып жүр сенен. Сенің Есжанға айтқан ащы сөздеріңді есіткен ол. Ол кісінің бетіне барған адамнан кім қорықпайды дейсің. Әйел затының батылы, батыры екенсің, – деп таңдана сөйледі Рабиға.

– Шешінген судан тайына ма? Жауда жүрген адам оқтан қорқа ма?.. – деп сілкінді Ақбөбек.

– Енді не етпексің, өстіп жата бересің бе? – деп сұрады Рабиға.

– Жата тұрам. Сен де «ауру» деп қой жұртқа. Арт жағын ойланып көрем.

– Күйеуің Есберген үстіңе кірем десе қайтем. Кіре берсін бе?

– Маңыма жуымасын ол сұмырай. «Ауру» де, «Тұра алмай жатыр» де.

– Айтып жүрмін ғой. Әлі де айтам.

– Акбөбек қатты ойланып жүр. Күткен үміті бар сияқты. Анадағы Әлмағамбет пен Ақбергеннен «Қайып тірі» дегенді есіткеннен бері сәл арқа басы кеңіп, келешекке ой жүгіртетін болып жүр. Үміті – Қайыптың айналып соқпауы мүмкін емес. Іштен шыққан баласының өлімі жүрегіне дерттей болып жабысқан. Жанын жегідей жеп барады. Ашу, ыза, көкірегін қайнатып, Есжанға деген ызасы бір басылар емес. Бүкіл ауылды, Кедей біткенді жабылған жау көріп отыр. Бір де бір адамның жүзін көргісі келмейді.

Күткені Қайып. Ол бір топ болып келіп, Есжанға тиіссе деген ой жүрегінен орын алған. Ол мейірімсіз жау. Жауға жауша қарап, есінен тандыра қансоқта қылып кетсе екен деп іштей ызаланады. Қайып тірі жүрсе, өзін бір елдің қолына беріп кетпейтініне көзі жетіп отырған сияқты. Ендігі күтетіні алдағы үміт пен арманы – Қайып.<--break->

Отыз жетінші тарау

 

Демесін ауылы кеше түс ауа қалың көлдеуге келіп қонған. Бір-екі аптаға дейін ауыл еру болады, көші-қон жоқ. Бұл ауыл осы қонысқа алыстан арып келіп қонды, жері, от суы мол.

Бүгін елең-алаңнан бері күндіз қой қырқымы басталып кетіп еді. Көктем, күз қырқымы елге бір мереке сияқты, қатарлас көшіп-қонып жүрген ағайын жұрттың жігіттері осы кездерде шақырылып келіп бас қосады, бір-бірімен әңгімелесіп, қаужаңдасып, бір көтеріліп қалады. Малы барлар жан-жаққа жайлау іздеп кетіп, қой соңында жүрген ауылдарын жинап, қатар қондырып, қырқымды бір қоныста өткізеді. Мұндайда жаздай жүріп, бірін-бірі сағынысып қалған әйел, бала-шағалар да бастарын біріктіріп, шүйіркелесіп күлімдеседі, содан мауқын басып, бір сергіп қалысады.

Бай ауылдың қырқымы қызық, кәдімгі ет пен шай емес, дастарқан жаңарып, базарлығы бар жаңалықтар көрінеді. Жайылған дастарқанға Ресейдің ақ күрпішат ұнынан пісірілген домалақ бауырсақтар төгіліп, Хиуадан келген жидек, жемістер шашылады. Осында жұрт бұрын сирек кездесетін бас секерлерді де көріп қалады. Қолдарына тоқаш ұстаған балалар тіпті мәз, жүгірісіп, тайраңдасып кетеді.

Биыл күзгі қырқым ерте басталды. Елде жауырыншы, құмалақшы дей ме, балгер көп әйтеуір. Әр тұста есепшілердін аттары естіледі: олар күнделікті ауа райының сейісі. Ұмытпай есептейді – жыл он екі айдың әрбір күні есінде, соған қарап отырып есепші күз бен қысты, көктем мен жазды алдын ала болжайды. Есептеп отырып қыстың суығын, жаздың ыстығын шамалайды. Есепшілердің айтуы бойынша биыл күз ерте түседі, алды суық, арты жылы болады екен. Ол үшін қырқымды жылдағыдай ертелеу бастау, соғымды қамдау керек.

Демесін ауылы қырқымды биыл елден бұрын бастап жіберген. Ағайын елдің жігіттері әр қайсысы бір-бір қырықтықтарын қанжығаға ілінген дорбашаларына салып алып, жан-жақтан қаумалап келіп жатыр.

Ауылда ересек адам қалған жоқ, жұрттың бәрі қырқым басында, Демесіннің үйі түгелімен сонда.<--break->

Отауда Ақбөбек пен Рабиға. Демесін әдейі ес болсын деп Рабиғаны осы Ақбөбектің қасынан шығармай қойды. Демесіннің тағы бір ойы – Ақбөбектің ашуы басылсын, елге бауыр басып үйреніссін дейді. Ол баласы Есбергеннің де шамасын байқағандай. Есбергенде де жас болып қызыну, талпыну жоқ. Жас бозбала жігіт отау үйдің ішінде дәу, я болмаса аждаһа жылан тұрғандай бір сөз айтпайды. Өсе берсін, буыны қатсын, соң жетіле жатар деп алдан үміт күте ме кім білсін

Күннен күнге жиналған ыза көкірегіне қанжардай қадалған Акбөбек ақылға бой бермейтін қиялға ұрынып отыр еді. Тұтқыннан ажыратып, кегімді қайтаратын Қайып бар деуші еді, одан хабар-ошар дерек жоқ. «Мені тастап кетті ме?», «Менен күдер үзді ме?» деуге аузы бармайды. Айналып келіп тұтасып соғатын ойы «жарасынан жазыла алмай жатыр ғой»... Ақбөбек жалғыз отыр. Жаңа ғана Демесін үйіне үш-төрт атты қонақ келіп түскен. Демесін Рабиғаны қонақтарға шай құйып беруге шақырып кетті.

Сырттан біреу: – һаһау,һау! – деп әуелі көтеріңкі дауыспен айқайлағандай болды, соң: – Айна менен тарақ бар, алмасаң да қарап қал! Айна менен тарақ бар, алмасаң да қарап қал! Ау, келіңдер! – деді.

Ақбөбек селт етіп құлақ түрді. «Айна менен тарақ бар, алмасаң да қарап қал!». Бұрын Ақбөбектің есіткен сөзі, таныс дауыс... Кәдімгі Хайрулла, Ноғайдың сөзі. Сабытайдың, Қайыптың досы. Ақбөбектің некесін қиған да сол. «Бұл мұнда неғып жүр?» деп ойлады Ақбөбек. Үйде отыра алмады, шыдай алар емес. Сағыныш ішіне симай отырған Ақбөбек ауылдан келген өзіне сыры мәлім адамды көруге асықты. Сыртқа қалай шығып кеткенін өзі де сезбей қалды. Сыртқа шыға бере, жан-жағына жалт-жалт қарап алды да, ешкім көрінбеген соң: – Хайрулла аға, – деп сыбырлай үн қатты.<--break->

Хайрулла артына бұрылып жалт қарады. Есіктің алдында Ақбөбек тұр. Ақбөбектің өзі. Ақбөбек қой мынау...

Хайрулла Ақбөбектің артын ала жүріп үйге кірді.

– Мен сені іздеп келем, – деді ол келе қоржынын аша беріп. Ішінен айна, тарақ басқа да ұсақ-түйек бұйымдарды шығарып жатып. Қайып жіберді, Қайып.

– Амансыңдар ма? Қайып қайда? – деп іле сұрады Ақбөбек.

– Жарасы енді жазылды. Аяғы дақ-дақ басуға жарады.

– Не деп жіберді?

– Анық біліп кел. Ақбөбек қайда, кімнің үйінде? Барған үйі не істеп жатыр? Бәрін біліп кел, – деді.

– Сосын не айтты?

– Сені алып қашам, бұдан былай аяқ жетпес ұзаққа алып кетем, – деді. Қолындағы алтын жүзігін сипап-сипап алып, саусағынан шығарып, Хайрулланың қолына ұстатты. – Мә, мына жүзікті Қайыпқа бер. Түнде, асығыста келеді ғой. Менің мен екендігімді мені осы жүзігім арқылы танып, табыссын.

– Ярыр, ярыр, бирәм Қайыпқа, – деді Хайрулла жүзікті Ақбөбектің қолынан алып жатып.

– Сәлем айт елге, Қайыпқа. Қазір сыр бермей сыртқа шыға бер. Қазір мына байдың, Демесіннің үйінде шай ішіліп жатқан болар, қонақтарымен қосылып шай іш. Асықпай отырып осы үйден тамақтанып кет, – деді Ақбөбек.

Хайрулла үйден шығып кетті. «Айна менен тарақ бар, алмасаң да қарап қал».

Ақбөбек бір сәт желпініп, сергіп жеңілденіп қалды. «Қайып алып қашам» депті. Қуанды ма, қорықты ма, жүрегі ойнап басылды. Енді қиялға шомып, өз-өзінен қуанып отыр.

Есіктен Рабиға кіріп келіп: – Ақбөбек, сені болыс шақырып жатыр, – деді.

– Қандай болыс? Болысы кім? – деп тіксіне қарады Ақбөбек. Әтекем үйінде Бозым болыс отыр. Осы елдің болысы сенімен сөйлесетін көрінеді.

– Кім бар ол үйде. Өзімен үш қонақ, әтекем отыр солармен.

– Бар айт сол болысқа «мен тұтқындағы адаммын. Жәбір тартып жатқан әйелмін. Тұтқындағы адамның хал-жайын кім де болса қасына келіп білсін. Мен бара алмаймын» деп айтты де. Келсін үстіме.

– Айтайын, – деді де Рабиға шығып кетті.

Болысқа не айтарын түйіндеп, Ақбөбек қайтадан қатуланып отыр. Ашулы көңілдің қыспағында. Болысқа не айтам, неден бастаймын деген ойда. Қалайда жалбарына алмаспын жау қолында отырып деп ой түйеді. Ақбөбектің мінезінде бұрыннан да мәймөңкелік жоқ, ағалардың арасында ерке өскен байдың қызы. Ол көкірегі енді ашу-ызаға шалдығып әбден ашынып алған. Егер көңілдегі жерінен шықпаса, ешкімнен қайтар түрі жоқ. Егер ыңғайласпай сөйлессе, Бозым болысқа да бетің бар, жүзің бар демей, қатты-қатты сөз айтып тастауға баратын сияқты.<--break->

Жайымен есік көтерілді. Ішке Бозым болыс енді.

Ақбөбек төрдегі төсекте қисайып жатқан. Басын көтерді, бірақ орнынан тұрған жоқ.

– Аман ба, қызым? – деді Бозым төр жақтан орын ала отырып жатып.

– Шүкір, – деп күбір етті Ақбөбек.

Бозым басқа жағдай сұраспады, бірден өз сөзін бастап кетті.

– Мен осы елдің болысы болам, шырағым. Атым Бозым, – деді ол Ақбөбекке көз сүзе қарап отырып.

Ақбөбекте оған көзінің астымен зер салады. Болыстың аяғында қара сүрік орыс етік, үстінде өңірі кестеленіп сырып тігілген Хиуа базарының қымбат шапаны, бәрі кісінің бойына жарасып тұр, бірақ оның түр әлпеті ұсқынсыз көрінді. Көсе ме, типыл қара сияқты.

– Атыңызға таныспын, – деді Ақбөбек басын көтеріңкіреп, көзін есік жаққа ойыстыра отырып.

– Осы жақын арада Жаңай ауылының екі биі – Әлмағамбет пен Ақберген келіп, сен туралы хабарды жеткізіп еді. Сенің әкеңді де жақсы білемін. Адайдың шоқтығы биік байларының бірі. Менің мақсатым екі елдің дау-жанжалын басып, келістіру, жарастыру.

– Екі елді жарастырудың жолы не сонда?

– Атақты жердің қызысың, шырағым. Атына сын келтірмей, әкеңнің атастырған жеріне түсіп, сен осы елде қалсаң – жолы сол жарасудың.

– Ұрланған малдың да ізін суытпай іздейді иесі. Адамы жоғалған Кедей қайда жүрді, – деп еді Ақбөбек, Бозым бір сәт үндей алмай отырып қалды.

– Жаны бардың жазымы бар, шырағым. Былтырғы індетте бұл ел өлім-жетімді болды, жоқ қарауға шамасы келмеген шығар, – деді Бозым сөз тапқан болып.

– Олай болса, өлім-жетімнің, індеттің арты салауат болмас па? Арадан жыл өткенде бір айып кешірілмес пе? Арадан жыл өтті. Мен балалы болдым. Осы ауылдың есуас Есжаны ішімнен шыққан баламды өлтірді. Бұған не айтасың? – деді Ақбөбек енді Бозымға қарай бұрылып.

– Баламды өлтірді дейсің бе? – деп қабағын көтере тіксінді Бозым.

– Иә, мен ай-күнім жетіп отырғанмын. Есжан шабарман нөкерімен барып, отырған үйімді бұзып, жан жарымның аяқтарын кескілеп, мені аттың артына байлап алып келді. Мен орта жолда босандым. Шаранасы кеппеген сол нәрестені Есжан жауыз өз қолымен өлтірді. Бұған не дейсің?

– Ой, сұмдық-ай, бұны ешкімнен есітпедім ғой. Адам өлімі бар... Мен анықтайын... Білейін. Дауға адам өлімі араласса, жуық арада оңайлықпен бітпейді. Арты құн, – деп Бозым орнынан қозғала берді.

– Менің өз елім Бәйімбет, Мамыртай. Барған жерім Тобыш, Бегей. Кедейдің менің баламды өлтірген қанды шеңгеліне екі бірдей ел бір тосқауыл жасайтын шығар. Екі ел екі жақтан келіп шапса арты жақсы болмас.<--break->

– Шырағым, қарындасым, ондай жаман сөзді айта көрме. Дау ұлғаймасын. Мен араға түсейін. Демесінмен сөйлесейін. Ішіңді сезіп отырмын, Бегейден ажырағың жоқ секілді.

– Иә, мені сол барған еліме қоссын...

– Жарар, шырағым. Мен араға түсермін. Іншалла, – деді Бозым. Кедейлер рулас өз елі. Бұл елден Бозымға ешнәрсе түсіп жарымайды. Шынында да қазіргі отырысында ол Ақбөбек жағына ауып кетіп еді. Былтыр Жаңайдың екі биі келіп осы істі бітірісуге көмектесуін өтініп кеткен. Олар мал беруден де тайынған жоқ, уәделесіп кеткен. Сол уәдені қуалап, қыста баласы Ертас аулына барған. Жаңайдың бір азаматы Сабытай Ертасқа мол ақша беріп, өте ризалықпен жөнелткен.

Қайып үшін, Қайыптың отбасы үшін жасаған сакилығына Әлмағамбет пен Ақберген билер Сабытайға өте риза еді. Берген уәделерінен шыққан, олар биыл да Бозым болысқа барып шағымын айтқаны содан. Істі оңына оралтуға Бозым да екі бимен уәделескен. Бүгін сол уәденің үстінен шығайын деп Демесін ауылына түсіп отырғаны. «Атақты жердің қызысың, шырағым. Атына сын келтірмей, әкеңнің атастырған жеріне түсіп, сен осы елде қалсаң – жолы сол жарасудың» деп Бозым Ақбөбектің белін басып көріп еді, ол сөзге қыз бой бермеді. Басының қаттылығын байқаған Бозым Ақбөбекке басқа ақыл айтпай, ығына жығыла кеткендей рай білдірді.

Бозым шығып кеткеннен кейін Ақбөбек жастығына қайта қисайды. Көкірегі кеңіп, ой толғамы сапасына түскендей. Ашуы серпіліп, ызасы қайтқан сияқты. «Жарар, шырағым. Мен араға түсермін. Іншалла...» Болыстың аузынан мұндай жылы лебіз шығады деп Ақбөбек ойламап еді. «Болыс екі сөйлемес болар» деп түйді ол. Бұл ауылға келгелі мұның көңілінің біршама көтерілуі осы. Алды дәмелі болған соң, еркін ойдың жетегінде жатыр. Бойындағы зілі кетіп, зердесі жеңіліп бара жатқандай. Осы сәтте ол тұманды ойдан арылып, тұла бойы сергек, жеңіл тартып бара жатқандай сезінеді. Бойын сағыныш кернеп жатыр. Қайып... Қайып... Қос табаны тілінген... Жазылыпты... Маған түнделетіп келеді... Тағы да сүйгеніме қосыларым анық. Келмесе де болар еді, болыс уәде беріп кетті ғой. Бұл ел өзінің айыбын мойындап, мені еліме апарып тастар... Қайтадан Қайыбыма қосылсам болды емес пе... Үш елді шырғалаңға салып неғылам. Дауды өрбітудің қажеті не...»<--break->

Отыз сегізінші тарау

 

Елдің көкірегінде мәңгілік запыран болып қалатын замана қайым оқиғалар қазақ даласында көп болған. Ел үдере көшіп, кіндік кесіп кір жуған қонысынан ауып кеткен дәуірдің естен кетпес адыра қалған жылдары да болды. Ондай оқиғалардан ел жүрегінде зар мен мұң қалады. Замандар өткен сайын көкіректе жатқан ол зар жыр болып жатталмақ. Онысын ол ауыздан шықса, есіткенді мұңға батыратын  қайғылы үнге айналады. Маңғыстаудың ен даласын сарнатқан «Елім-ай» әні сол оқиғалардың біріндей болып, елдің жан-жүйесін босатады емес пе...

Елдегі жеке бастың қайғы-қасіреті өз алдына. Біреу дәулеттен қақсайды, біреу перзент деп қақсайды. Әкеге ұл, шешеге қыз тартпаса, ата-анаға ол да бір мұң. Жекжаттың дүрдараз келуінен, ағайынның бір-бірімен ащы болуынан тыныштық жоқ - қуаныштан күйініш көп.

Қайыптың көкірегінде сәуле жоқ, әбден шерленіп біткен. Өзінше ойлап, не істерін білмейді. Өзінің шыққан тегі Бегей аулына барған жоқ. Ағасы Назар әлденеше рет келіп кетті, былай қыламыз деп ашық сөз айта алмады ол. Ашып айтары ағайындарға өкпелеген болады. Шоқпар көтеріп шығатын елінде «тентек те» жоқ құсайды.

Өз ішінде отырған Жаңай аулынан қызба жігіттер шықты. Оларды ауылдың шалдары еркіне жібермей басып қойды. Бір рудың дауын екінші ру көтермейді, онда дауға дау қосылады. Бір рудың дауын басқа ру араға түсіп басады. Жаңай руының азаматтары Бегей руының дауына басу айтып екі жақты келістіру, жарастыру мақсатымен араласып жүр. Бұлар Кедейге шоқпар көтермейді. Елдің тәртібі сол.

Қайыптың қайғысы қалың, оның көңілін көтеріп, зейінін ашар дүниеде еш нәрсе жоқ сияқты. Кейде өз-өзінен булығып, тұншығып бара жатқандай, қысылып қиналады. Ақбөбекке үйленуіне ризалығын бермеген әкесінің қарғысына қалғандай. Өз руының ішінен басқа елге көшіп кетуі ағайынға да ұнамаған. Осының бәрі жиналып, ақыры Қайыпты құдайдың кәріне ұшыратқандай. Қайыптың мойыйтын түрі жоқ. Көкірегін ыза кернеп, ашуға булыға түседі. Тістенеді, тісін қайрайды. Оңаша үйде былай да былай жүріп, өз-өзінен күбірлеп сөйлейді. Ойлайтыны – Ақбөбек. Сағынады, елжірейді. Сол кезде ыңылдап ән салады. Жадына өлең жолдары тізбек тартады.<--break->

            Маңайлап аулым көшті Ақкөлмекке,

            Құдайдан сұрамап ем мал мен тақты...

Адайдан таңдап алған Ақбөбек ед.

            Ит Кедей алып кетті-ау келген бақты...

Пенденің өз басы өзіне жүк, Әркімнің өз қайғысы өзіне жүк. Ет жүректің өз қалауы болмаса, пендеге одан артық жүктің керегі не. Шерлі жүректің шерін тарқату үшін өзін билетпей кететін ұйтқып соғар дауылдай ерекше бір күш керек. Ол көкіректі кемерлеп, сыртқа лықсып шығып кетердей алып күш – әріден тоқылып, келе-келе жатталып шығуға жол іздеп кеудені кернеп тұрған өлең жолдары. Қайыптың ой төрінде талай жолдар, өлең шумақтары сайрап тұр. Ол отырыс, қызық думанды осы тұста аңсағандай, жаңа бір әуенмен, жаңаша ырғақты, айшықты сөздермен құйқылжыта төгіп-төгіп жібермекші.

Барады аулым көшіп Ақкөлмекке,

Жарасар алтын ілгек ақ көйлекке

Жаңғақтан алып келген Бөбек едің,

Зар болдым ақ жүзіңді бір көрмекке.

Ақтаудың түлкі қашар қуысынан,

Құрбыда артық едің туысымнан.

Адайдан таңдап сүйген Бөбек едің,

Дүние-ай, кеттің шығып уысымнан.

Қайып бойын сәл еңгіштеу ұстап, екі қолы артында, ыңылдап ән салып жүр. Кеудені кернеген осы шумақтар сыртқа шығып жатыр. Ара-тұра ол: – «Ой, заңғар дүние-ай», – дейді. Тағы да үнсіз жүріп, ойға шомады. Тағы да ыңылдайды.

Замана жылдан жылға өзгерілген.

Күн қайда жаман-жақсы теңгерілген?

Бұл елде қанша сұлу кездессе де,

Бәрі де Ақбөбектен кем көрінген...<--break->

Есіктен Жарылғап кіріп келгенін Қайып сезбей қалды. Жарылғап өлеңнің соңғы тіркестерін ғана естіп үлгерді. Бұл елде қанша сұлу кездессе де, Бәрі де Ақбөбектен кем көрінген...

– Айт, айт. Ар жағын айта бер, – деді Жарылғап есіктің алдында тұрып.

– Кел жоғары шық, – деді Қайып оң жаққа отыра кетіп, – Ақбөбекті қатты сағынып кеттім. Содан өлеңі құрғыр ішіме симай барады. Амансыңдар ма?

– Аманбыз, ауылдан келем, – деді Жарылғап жоғары жағалай беріп.

– Отыр. Бүгін кетпейсің. Нұрқанның үйіне барамыз, – деді Қайып.

– О қыз құрғырдың өзі менімен қырбайлау болған ба, сөйлеңкіремей жүр ғой, – деп Жарылғап қабағын шытты.

– Сен алсаң, ол барады. Сенен артық кімді табады дейсің.

– Мінезі шайпаулау демесең, құрғыр бір адамдай ажарлы-ау.

– Басына жаулық түскен соң, ол мінезі басылады. Қайыптың іші сезіп отыр. Өлер алдында Сәдуақастың айтқаны есіне түсті. Нұрқан қыз емес, жастығы ма, мастығы ма, әйтеуір бір қателік жасап, Сәдуақаспен бір түнеп шыққаны бар. Ол сыр тек Қайыптың ішінде ғана жатыр. Нұрқанның одан кейінгісі Ақбөбек кеткелі Қайыптың үйінен шықпай жүр. Алдыңғы күні мезгілсіз уақытта, түн қараңғысында келіп, Қайыппен ұзақ сөйлесті. Ақыр соңында «Мені ал» деуге де аузы барды. Қайып: «Менің әйелім бар – Ақбөбектен басқа маған ешкімнің керегі жоқ», деп құтылған. Бұл да Қайыптың іште сақтаған сыры. Оны Жарылғапқа айтқан емес, айтпайды да.

Жарылғап Нұрқанға үйлене қойған күнде де еш нәрседен ұтылмайды. Әйелі өлген адам. Қалай да қыз алам деуге құштар емес. Екіншіден, мал-дәулеті бар қыз, дайын дүниеге ие болады. Жарылғаптың ұтылатын жері жоқ.

– Жарылғап, – деді Қайып Ақбөбектің қызыл мақпалдан тігіліп өңір-жағасы, етегі бойлай зерленген шыт жаңа бешпентін кереге басына іліп жатып. – Мынау сандықта жатыр еді. Ақбөбектің көзіндей көріп, жаңа шығардым. Көз алдымда ілулі тұрсын.

– Көрген сайын көңілің бұзылады ғой, – деп Жарылғап Қайыпқа жабырқай сөйледі.

– Мейлі елжірейін, езілейін. Ол жоқта тұла бойды мұң бассын. Одан аяр жаным жоқ, – Қайып қызыл бешпенттің өңірін сипалап біраз тұрды.

– Мен сенен хабар алайын деп келдім. Жағадайыңды айт, – деді Жарылғап әңгімені басқа бұрып.<--break->

– Кейін айтам. Жүр, Нұрқаннын үйіне барайық, – деп Қайып отырған Жарылғаптың қолынан тартты.

Нұрқан үйінде екен. Бұрын «Байдың қызы» деуші еді жұрт, енді «бай қыз» атанып жүр.

Қазақтың бір әдеті қонақ түсіп жатқан үйінің сыртынан не жөтеліп, не қақырынып дыбыс беруші еді.

Қайып өзінше ыңылдап әндете есік ашты.

Нұрқан оң жақта ілулі тұрған шарайнаның алдында тұрып, басындағы қызыл шарқат орамалын қырын шығара қайта тартып жатыр екен. Ол қонақтарға маңғаздана бұрылып, көз қиығын тастады да: – Төрлетіңдер, – деді. Бай қыздың мінезі қызық – бірде байсалды, бірде жеңілтек. Оның сөзі мен үні де әрқилы – бірде адуын сөйлеп, еркек дауысқа салады, енді бірде шыңжау адамдай мызыла әлсіздене үн қатады. Бүгін жүріс-тұрысы, қимыл-әрекеті саябыр тартып, әншейін-ақ өз-өзінен сызылып тұр. Онысы бойдақ екі жігітке істеп тұрған назы ма, әлде көрсетіп тұрған қыры ма.

Қонақтар жайласып отырып болған соң, есіктен бір келіншек бас көрсетті.

– Шай қайнат. Тамақ ас, – деді оған Нұрқан жаймен ғана. Әлден уақытта самаурынмен шай келді үйге. Манағы қараторы келіншек дастарқан жайып болған соң отыруға орын дайындай беріп еді, Нұрқан оған: – Шайды өзім құям, қазаныңа бара бер, – деді.

Әжік-күжік әңгіме шай тұсында өтті. Табақ тартылуға әлі біраз уақыт болса керек. Қайып негізгі әңгімеге көшті.

– Жарылғап, Нұрқан екеуің де маған дос, қимас адамсыңдар. Мен ақ ниетіммен сендерге жақындығымды білдірейін деп отырмын. Нұрқан, сенің де бұрар-тұрарың шамалы, бір ғана қыз басыңа осыншалык дәулетті игеріп әкету, ұстап тұру оңай емес. Отаныңа бір азамат керек.

– Иә, – деді Нұрқан төмен қарап отырып.

– Жарылғап, сен басың бос азаматсың. Бір отанды ұстауға шамаң жетер «Етестіру иесінен» дегендей бір-біріңе қосылып ептестіріп кетсеңдер қайтеді. Айтып едім, Сабытай ағамыз да осыны жөн көріп кетті, – деп Қайып әңгімесін бір қайырып тастады.

– Нұрқан біледі, – деді Жарылғап күлімдеген сыңай білдіріп. Қапелімде жауап бермей, Нұрқан үнсіз отырып қалды.<--break->

– Домбыраны алшы бері, – деді осы үзілісте отырғандардың көңілін көтергісі келіп Жарылғап. Ол домбыра тартушы, әрі сыбызғышы. Мал баққан кезінде домбыра да, сыбызғы да қолынан түспейтін оның.

Нұрқан орнынан тұрып барып, төрде ілулі тұрған қара домбыраға қол созды. Жарылғап екі-үш күй тартты. Сосын домбыраны Қайыпқа ұсынды. Нұрқан оның домбырашы екенін енді білді, өзінше сүйсінгендей болып еді.

– Шебер адамның қолынан шыққан екен, –
 деді Қайып домбыраны шертіп-шергіп жіберіп. Көмейі кең ойылып, қақпағы жұқа тақтаймен жабылған көненің көзіндей қара домбыра күмбірлей сөйлеп тұр. Сабы сүйекпен апталған домбыраның үкілі басына бір қарап қойып, Қайып ән-әуенін бастады.

Сұңқардай қомдап қанат іліп едім.

Сүйенер ешкім жоғын біліп едім,

Болған соң алысқан қол, айтысқан серт,

Кете алмай маңайыңнан жүріп едім...

Ай, аһ, аһ-у! Ой, ой,дүние-ай!

Өтемісің жас дәурен.

Жалған-ай, жастық-ай...

Бір көруге дидармын...

... Қалайша сені қиярмын...

Қайып әннің ар жағын толқыта көтеріп барып, безілдете қайырды. Өлеңнің сырты ғана Жарылғап пен Нұрқанға арналған сияқты болғанмен ішкі мазмұны әннің лебі, әуен қайырымы сонау алыста жүрген Ақбөбекті елестететіндей сезімді түрткілейді. Жарылғап мәз болып қалды. «Сұңқардай қомдап қанат іліп едім...» Осы сөз оның жүрегіне тым жақын сияқты. Алдында отырған Нұрқанды «іліп» кетердей шабыт бар өзінде.

Нұрқан Қайыпқа телміре қарайды. Таңдана тамсанатындай. Осындай жігітке белінен ұстатқан әйелдің арманы бар ма екен деп отыр ма, кім білсін. «Менің әйелім бар – Акбөбек» – деді әнеу күні. Қайыптың сол сөзі есіне түсті оның. Қанша өзеуреп, қанша талпынғанмен, Қайыптың өз қолына түспейтініне Нүрқанның көзі жетті. Енді одан күдер үзбеске амал жоқ. Ендігі мақсат, сол бір мақсат– мына отанды ұстап тұратын үйге бір азамат керек. Нұрқан қыз басымен бұл дұниеге тұтқа бола алмайды.<--break->

Астан кейін бата қайырылып, дастарқан жиылды. Тағы да шай ішілді.

– Нұрқан, мен ертең жол жүргелі ниеттемін. Сенен жауап күтіп отырмын, – деді Қайып домбыраны керегеге сүйеп жатып.

– Қайдам... Сабытай ағаммен кеңесіп көру керек еді, – деді Нұрқан сабырлы үнмен.

– Мен ақылдасқанмын. Қолай көрді. Ол кісі әзір келмейді, Жәрмеңкеде жүр.

– Жарар онда, – деді Нұрқан. Төмен қарап отырып, артынша жылап жіберді. Өксіп-өксіп басылды.

– Қой, Нұрқан. Не болды саған? – деп қалбалақтады Қайып.

– Әкем мен шешем есіме түсіп кетті. Олар болғанда жалғыз қызын асқаралы той жасап ұзатар еді ғой.

– Алланың ісіне шара бар ма? Пенденің қай арманы орындалып жатыр. Көнесің, бәріміз де көнеміз, – деп Қайып даусы қарлыға сөйледі. Өз басындағы іс те есіне түсіп тұр. Іштей қамығады. Қайтеді, көнеді...

Жарылғап Қайыптың үйіне келіп жатты. Ақбөбек жайын Қайып жыр ғып айтып берді. Хайрулла арқылы хабарын алған болатын. Ақбөбектің беріп жіберген жүзігін көрсетті. Апаруын апарғанмен, Кедейлердің біреуі де Ақбөбектің маңына жуи алмай жатқан көрінеді. Қасында бір күтуші келіншек, бір үйде бір өзі жатқан сияқты.

– Босанған жоқ па екен? – деп сұрады Жарылғап.

– Алып бара жатқанда жолда босаныпты.

  -Баласы қайда?

– Кедейдің тентегі Есжан батыр баланы өлтіріп кеткен көрінеді.

– Ойбай-ай, ойбай-ай, иттер-ай, қалай қолы барды екен.

– Солай. Көзіне қан толған дұшпандар сәбиге қол жұмсаған.

– Онда үлкен дау, жанжал көтеріп, құн төлеттіру керек малғұндарға.<--break->

– Мен де соны ойлап жүрмін.

– Біз де аттанамыз.

– Аттанамыз, бірақ қазір емес.

– Қаратуға болмайды. Қашан?

– Әуелі Ақбөбекті әкелу керек. Содан кейін көтереміз даудың көкесін.

– Қалай әкелесің? Оңайлықпен бере ме олар?

– Түнде барып алып-қашу шарасы сол.

– Ұрлап па?

– Әрине. Ұрлап алып қашам. Ауылға бір жетсем, ар жағын өзім білем.

– Жүр екеуміз кетеміз.

– Жоқ. Жалғыз кетем. Ыңғайы сол.

– Онда ат жетектеп кет. Жүрісің өнеді.

– Ат жетекгесем көзге түсем. Салт атты сезіксіз болады.

– Жалғыз жүріп қолға түссең қалай болады екен?

– Қой сары уайым салма. Ешкімнің қолына түспеймін. Қайыптікі көз жұмбай тәуекел. Соған байлаған ол. Енді сол сөзінен, сол пиғылынан таяр емес сияқты.

<--break->

Отыз тоғызыншы тарау

 

Ақбөбек кеткелі Есжан үйінен шықпайтын болып алды. Іштей қатты толғануда. Енді мына Кедейлердің қылығы қабырғасын одан бетер қайыстырып кетіп еді. Ашуы қызын алып кеткен Бегейде, сосын Қайыпта. Сыра шапан киген кедей неме атақты байды басынып кетті. Ерлік жасап, қызды алып кеткен соң, заңғар сол кеткеннен көрінбестен құрып кетпей ме. Қолға түсіп, қойнындағы әйелінен айрылып қалғаны несі күрдің. Аюп Демесіннің аулына барып, Ақбөбекпен сөйлесіп келген. Ақбөбек «Әкеме айт, маған өкпелемесін. Құдайдан көрсін, маған Қайыпты жақсы көрсеткен де сол құдай. Құдай ұнатқанды мен де ұнатқанмын» депті. Мына қыздың өзін жын соққан ба, мынау не дегені деп Есжан күбір еткен. Аюптың Ақбөбектің атынан тағы бір айтқаны оған ұнамады. «Тәтеме айт» депті, қызы арнайы сәлем жолдап, – «мені қос отау тігіп, жасаумен көшірем демесін. Мен Кедейдің адамы емеспін. Бұл елде тұрмаймын мен. Менің ием Қайып, мен қалған өмірімді сонымен өткізем. Берсе жасау, жинағын Бегейге Қайыпқа берсін...». «Мына қыз қалай-қалай сөйлейді» деп Есжан бұған да бір күңк еткен.

Демесін де, Есжан де бір кісідей дәулетті адамдар. Екеуі де Адайдың белгілі байлары. Екі байдың да ниеттерін құдай қабыл алмапты. Бірі қыздан, бірі жесірден айрылып отыр. Қызы кетіп, жесірі қашып екі бай Алланың кәріне ұшырағандай еңсе көтере алмай қалды. Екі елдің арасында адам өлімі бар. Даудың зоры сол. Адам өлімі екі елдің де жүрегіне дақ түсіретін ауыр жара. Ол жара құн төлетісумен ғана жазылады. Қазаққа құн төлеу тым ауыр соғады. Құнға бір үйдің малы жетпейді, оны рулы ел болып төлейді. Құн тартқызу қызыл кеңірдек айтыс. Ондай дауды шешуге нелер орақ ауыз ұтқырлар, қызыл көмей шешен билер араласады. Өткірлік пен тапқырлық, жырындыға шырмау салардай айла, амал керек. Зорлықтың күшімен ғана құн төлейді жұрт.

Есжан ойлай-ойлай өз ойының түбіне жете алмай, әуреленіп отыр. Ендігі даукер жесірін әкелген Кедей емес, арада адамы өлген Бегей болмақ. Ол – ел арасы бүлінді деген сөз. Айналып келгенде, осының бәрі кімнің кесірі? Есжан байдың қызы Ақбөбектің ылаңы емес пе? Есжанға осы жері тым ауыр тиіп тұр. Зеңіп басы ауырады, көп ойланғаннан ұйқыдан да қалған. Тұла бойын зіл басқан сайын сүлесоқ халге түсіп, ешнәрсеге шабыты шаппай қойды. Басы ауырса, тездеттіріп қою шай ішеді де, біраз жіпсиді, содан кейін бойы бусанып сәл жеңіл тартқандай болады. Бірақ сергектік жоқ, көңіл күйі, сірә, бір көтерілер емес.<--break->

Қаляш жаңа ғана үйге кіріп келіп, төрде отырған атасының үстіне ақ түйенің жүнінен тоқылған ақ үйме шекпен жауып кеткен. Он саусағынан өнері тамған келінінің шеберлігіне тамсана қарап қойды үлкен кісі. Аты шекпен демесе, бұл киім пішімі өзгеше, кәдімгі шапанша тігілген. Жағасы кестелеулі, тік. Өңірі қызғылт жібек матамен әдіптеулі. Сонау жағадан етекке дейінгі сүйемге жақын жерін бойлай қызыл жібек жіппен қайып тігіпті. Сырттан қарағанда ақ матаның үстіне түскен әшекей өрнек сияқты, ерекше көз тартып тұр.

Есжан келініне алғысын айтты. «Көп жаса, қарағым. Абыройлы бол». Шебердің қолынан шыққан жаңа шапанды жамылып, ол сыртқа шықты.

Айырттан келер төбет түс кезіндегі үйдің қиықтай көлеңкесінде аяқтарын жаза тырайып ұйықтап жатқан. Қасынан өте берген иесі жөтеліп қалып еді, көк төбет оянып кетіп басын көтерді. Ауыл бұталы қара дөңнің түстік бетіндегі еңісте еді. Төменгі жақтан бері бұрылып келе жатқан төрт-бес аттыны көріп қалып, көк төбет сол бетке тұра жүгірді. Үріп бара жатқан итке Есжан: – Әй, һәй, жат! – деп жекіріп еді, көк төбет құйрығын қысып, үнсіз тұрып қалды. Аттылар жақындай берді. Есжан келе жатқан қонақтарды көріп, төсек салдыра беруге үйге кірді.

Кедей ауылдарының болысы Бозым нөкер нояндарымен келіп, аттарынан түсіп жатты. Анадайдан Аюп та аяңдап келіп, қонақтардың аттарын ұстап, сәлемдесті.

– Байекем бар ма ауылда? – деп сұрады Бозым.

– Бар, бар. Үйге кіре беріңдер.

Үйге қонақтарды кіргізіп жайғастырып болған соң, Аюп тағы бір соғып есіктен бас көрсетіп еді, Есжан оған: – Қарасайға айт, қамдансын, – деді. Үй қожасының «қамдансын» дегені «сыйлы қонақ келді, мал сойсын» дегені. Қарасай қожасының айтқанына түсінеді. Сояр малын таңдап, ерте туған семіз марқа қозыны әкеледі.<--break->

Елдің тәртібі бойынша, әсіресе, даулы мәселе туралы әңгіме қонақ асынан кейін дастарқан жиылған соң айтылады. Келген қонақтар қарапайым адамдар емес, ел кезіп, көпті көріп, талай жерде алқаға түсіп жүрген қызыл тілін безей білетін өзекті жандар. Жайшылық әңгімеде көбінесе ел жайы, одан кейін алыстағы патшалықтар туралы сөз қозғалады. Ондайда басталған әңгімені ешкім кес-кестеп тоқтатпайды, бірінікін бірі тартып, әрі қарай бірден бірге ілестіріп әкетіп жатады. Әркім де әнгіменің мазмұнына сай тартып, тіл мәнерін келтіре сөйлеп бағады. Оқымаған ел қара сөзге жүйрік келеді. Әр сөзін көненің көзіндей сақтап келген халықтың мақалынан бастап, арт жағын мәтелдетіп әкетеді. Бозым болыс бастап келген бүгінгі қонақтардың Есжан үйіндегі   әңгімесі  жан-жақтан  желі  тартып   кетіп, өзінің дәйектілігімен отырғандардың көңілін бір көтеріп тастап еді. Көптен бері топ, жиын көрмей іш құса болып жүрген Есжанның өзі де бүгін бір жазылып, көңілденіп қалғандай.

Тамақ піскенше бір емес, екі рет шай ішілді. Қой сүтінің қаймағы құйылған самаурынның күрең шайы таңдайға жұғады. Самаурын тек бірен-саран байларда ғана бар. Самаурын шайын татуға құмар емес адам жоқ. Аюп есіктен кіріп келіп, тамақтың әзір екендігін ескертті. Оның артынша бір жас жігіт сары шылапшынды әкеліп, қонақтардың қолына су құйды. Бұл үйде байдың бәйбішесі жоқ, ол қонақтарға араласып отырмайды.

Табақты Қарасайдың өзі жасайды, тартатын Аюп. Әр елдің өзінің салты болатын секілді, әр үйдің де өзінше бір тәртіп-дәстүрі болады.

Аюп қойдың басын етпен қоса үлкен табаққа салып әкелген жоқ, өз алдына кішілеу жайпақ табақпен әкелді. Бұл тәртіп Бозымға ұнады. Бастың өз алдына бөлек келуі қонақтың құрметін ерекше бір өсіргендей болып көрінді оған. Қойдың жамбасы баспен бірге жүреді. Табақтың бір жағына бөлек орналасыпты. Табақтың ендігі бір жағында басқа сүйектер мен ет, бір тұсында жалпақ құйрық май төңкеріліп жатыр. Табақтың түп жағында ақ ұннан ысып жасалған қабажақтай жұқа қамыр бөлектері жайылып жатыр. Бозымға бұл әрекет те ұнаған сияқты. Маңғыстау елінің илеп-илеп қолмен жайып, қазанға сала салатын күртігінен мынау анағұрлым жеуге ыңғайлы, сүйкімді, әрі тәтті ғой. Ел үстінде адамдар мұндай жақсы дәстүрді тез байқайды.

– Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ, – деп бастады Бозым тамақ желініп болып, асы қайырылған соң, – Сол сүрінген тұяқ мына Кедей аулында. Елдің жүгін көтеретін пендеміз ғой. Сол ауыртпалықты мен де көтеріп келіп отырмын.

Есжан болыстың сөзінің тұспалына түсініп, құлақ қоя тыңдады.<--break->

– Тәңір жарылғасын. Келгенің де, айтқаның да бөтен емес, – деді Есжан еңсесін көтере қонақтарға көз жібере отырып.

– Қолда ел билігі тұрғанда шыбын жанға тыныштық бар ма... Ойлайтыным елдің тыныштығы. Әуелі Демесін аулына келіп, жағдаймен таныстым. Жесірім деп әкелген келінімен, Бөбекпен сөйлестім.

– Иә, не дейді келіні?

– Басы қатты Кедейлер баламды өлтірді деп зар етіп отыр.

– Осы жеріне тоқталшы.

– Патшаның қолтығы кең, құрығы ұзын деген, құрыққа ілініп қалмайық. Әріге жібермей, бұл мәселені өз ішімізде, ауылда шешейік деп отырмын. Хан қасында уәзір білгіш болса, қара жерден кеме жүргізеді деген, өткен уақиғаның тігісін жатқызуға септік жасағанымыз жөн болар, отағасы.

– Тігісін жатқызудың амалы?

– Амалы сенде, – деді Бозым, – Демесінмен сөйлестім. Бөбекті бұрынғы барған жеріне қайтаруға көніп отыр. Бөбекпен де сөйлескенмін. Ол, Кедейге құн төлеттірем деп отыр. Демесін Қайыпқа қайтып берсе, ол онымен тұрмай, артынан адамымды өлтірді деп құн дауын көтерсе... Сол дауды көтертпеу үшін сен Бөбекке пісіріп айтуың керек. Қосағымен қосылған соң, артынан жанжал дау көтермесін.

– Біріншіден, ол қыз әкесімен ақылдасып кеткен жоқ, ендігі жерде менің ақылыма көнер ме екен. Екіншіден, адамның өлгені рас қой, ел аузына етек тықпақ бар ма, біреу болмаса біреу бәрібір айтады ғой. Демесін әлі келінінен айрылып, әрі құн тартып жүрмесін, – деді Есжан толғаныста отырып.

– Демесін содан қорқады, – Бозым сасқан адамдай бетін жыбырлатты.

– Күйікті көбірек тартып отырған менмін, ағайын. Ендігі жерде оның дауын дауласуға менде шама жоқ. Мені араластырма. Жесірін әкелсе, қан төгіспей әкелмей ме Кедей. Қолымен істегенін мойнымен көтеру ертеден хақ нәрсе.

– Ақ көңілді адамға біреудің сырқауы батады емес пе, маған Бегей мен Кедейдің қылықтары батып отыр. Байеке, қыз сенікі, оған байланысты мәселеден шеттеуің орынды болар ма екен?<--break->

– Шеттемегенде қайтем, былай барсаң арба сынса, былай барсаң өгіз өлсе... Кедей тек жесірін әкелгенде, ар жағы даусыз еді ғой.

– Ендігі әңгіме соны қалайда басуда ғой. Жаман елдің жақсысы болғанша, жақсы елдің жаманы болайық... Мақсат дау – шарды өрбітпеуде.

– Алқаға түсіп, тартқы көріп жүрген саңлақсың ғой, Бозым. Осы дауда кінә қай жағында басым?

– Екі жағында да бар.

– Қазақ кетсе, артынан тұра қуып барып жесірін ажыратып әкеліп үйіріне қосады. Кедейдің жесірі қашан кетті екен? – деп Есжан Бозымға қарай жайымен мойын бұрды.

– Жыл болыпты, – деді Бозым іле жауап беріп.

– Бір жыл ол үй тігіп, шаңырақ құрды, отан болды. Жылдан кейін оның үйін жығуға, шаңырағын құлатуға, отанынан айыруға бола ма? Сонда айып кім жағында басым? – деп Есжан Бозымға кекесінді жүзбен қарап қалды. Артынша ол сөздің тоқ етеріне келіп:

– Даудың осы жері мені араластырмай отыр, – деді ол шаңыраққа қарап.<--break->

Қырқыншы тарау

 

Көк жүзі бүгін ала бұлт, терістіктен салқын самал соғып тұр. Қайып бір жақты мінезіне салып, ауылдан жалғыз шығатын болды. Жарылғап айтқанына көндіре алмай, іштей ренжіп қалды. Қайып Ақбөбек кеткелі өзгеше өзгеріп кеткен, иі қатты, айтқанынан қайтпай, сіресіп алатынды шығарды. «Менің ісіме ешкім араласпасын. Қылығым құдайға да, адамға да қарсы болса, шапағат алар жер бар ма? Бастаған істің түбіне өзім ғана жетемін. Жете алмасам, соның жолында өлемін» деді.

Кеше кеште ол Қаракерге жемін молырақ беріп, ұзақ жолға дайындап қойған.

Үйден жалғыз шықты. Кедей ауылын бетке алып атты аяңдатып келеді. Өзі қару-жарақсыз. Ауылда әлденеше күн өзінің қабырғасымен кеңесіп, әуре-сарсаң ойға батып та жүрген. Қару асынып барып, Есжан батырды жайратып тастағысы да келді. Егер өйте қойғанда оның арт жағы не болады? Қарғыс, айтыс, ұлы сүрең басталады. Қайып қара басымен қайғы болып кетті. Ақбөбек шырылдап сол барған елінде қалып қоймай ма? Қайып үшін Ақбөбектен тірідей айрылу – өлім. Қайып ондай ойдан арылып, райдан қайтқан. Есжан әлсіз жау емес, оған қарсы шапқанмен оны мойыту қиын. Қарулы оңайлықпен алдыртпас.

Қайыптың жеке отырып тапқан ойы, Ақбөбекті оңашасын тауып, ұрлап алып шығу.

Қоныс шалғай, жол ұзақ. Жазылып жатқан ен даланы бөктерлеп келеді. Ер азығы, бөрі азығы жолда, жапан түз елсіз емес, соның біріне түстеніп, жол шексе де, қанжығасына ішіп-жеймін деп асын іліп шықпайды, несібесі жолшыбай елде. Қайып бір ауылға қонып шығып, екінші ауылдан түстеніп алды. Барар еліне жуықтап келеді. Жолда сұрап: Демесін аулының қай құдықтың басында отырғанын сұрап алып еді. Оған шай ішімде жетіп баратынын шамалаған ол атынан түсіп, айылын босатып, екі төбенің аралығындағы ойпаңға біткен қоңырға, көғалға ауыздығын алып, басын босатып жіберді. Өзі шалқасынан жата кетті. Атын оттатып, әрі өзі де тыңайып алып, тағы да жолға түседі. Ел жата Ақбөбектің ауылына жету.<--break->

Ақбөбек бірнеше күннен бері ұйқы көрмей, Қайыптың келуін күтіп жүр. Кеше таңды көзімен атырды. Екі-үш күннен бері оң қабағының үсті тартып, бір оқиғаның боларын өзі де күтіп жүрген. Ауыт-ауыт жүрегі ойнап кетеді. Кейде өз-өзінен тұла бойы мұздап басылады. Көкірегінде қуаныштан гөрі елегзу сияқты қорқыныш сезімі басым. Сол кезде өңірін ашып, көкірегіне «тфа, тфа» деп түкіріп қояды.

Оңына оралып, Рабиға да Ақбөбектің ойынан шығып жүр. Екеуі сырлас, Ақбөбек оған сенеді. Қайыптың келетінін ол оған бір жеті бұрын айтып қойып еді. Кешеден бері екі келіншек түннің бір уағына дейін ауыл сыртына шығып Қайыптың келер жағын күтіп кетеді.

Рабиға үйінде жалғыз. Қолындағы қара болып отырған енесі биыл баласының қолына кетіп, айлап сонда жатып қалатынды шығарды. Рабиғаның күйеуі анда-санда сағындырып бір соғып кетеді. Жас келіншек оқта-текте соғып кеткен зайыптың қызығын місе тұта ма. Ер құшып, мейірі қанбағаннан болар Рабиға өзіне-өзі ерік бермей, бойы қызып, жүрегі лүпілдеп кейде үйге сыймай кетеді. Жалғызсырап, елеңдеп есауан халге түседі. Кейбір түнді ұйқысыз өткізеді – бәрі де жар құшағының сағынышы болар... Өз тағдырына өзі ренішті жан Рабиға Ақбөбекке қатты жаны ашиды. Қолынан келгенше оған септігін тигізуге әзір, Ол бүгінгі түнді өз мойнына алып еді. Ел жатқан кезде екі рет ауыл сыртына шығып келіп жастығына қисайған. Ұйқысы келмеді, біраз жатты да, тысқа тағы шықты.

Демесін ауылы қонысы жайпақ дала емес, ойлы-қырлы. Бұтасы аз боздықта... Маңғыстаудың боз жерінің шебі шүйгін, әрі түрі көп, малға от болады. Бұйрығын, жусан, өлі шөбі, аққайың, топ бас, шатыр, сары шудан, сірге қара, бұлдырық шөп, құс таңдай, беде, мортық еркек, боз қоңырбас, раң т.б. Демесін шаруаға мығым адам. Жазда жайлаудың жайлы жерін таңдағыш. Осы қонысты тепкеніне екі-үш күн болып еді. Өзі бүгін үйінде жоқ. Қайын жұртына кеткен. Ауыл он шақты күн көшпейді, еру болады деп малшыларына айтып кеткен. Боздың шөбіне тойған малдың еті де шымыр, дәмді болады. Демесіннің есебі соғымдық малды боздың отына жайғызу. Ауылды ол ойға тіктірген. Әсіресе ауылдың шығыс беті өрлеу, Рабиға өрлеп келеді. Ай қорғалаған, түн қараңғы, бірақ аспан ашық, бұлтсыз. Беткейден аздап қоңыр жел есіп тұр.

Рабиға қыратқа көтеріле беріп еді, әріден бір қара көрінді. Кілт тоқтап Рабиға отыра кетгі. Ат жетектеген біреу келе берді.

Рабиға ізінше кейін қайтты. Тезірек аяңдап келіп, Ақбөбек жатқан үйге кірді.

Ұйқысыз жатқан Ақбөбек: – Рабиғамысың? – деді.<--break->

– Иә, Ақбөбек. Тұр. Ат жетектеген біреу келе жатыр. Ақбөбек орнынан тұрып, алас-қапас киіне бастады. Жүрегі алып-ұшып дабдырайды. Буындары босап қалтырап басылды. Кім біледі, Қайып па, басқа біреу ме? Екі келіншек үйден бірге шықты. Алда Ақбөбек, артта Рабиға. Баурайдан аса бергенде әлгі ат жетектеген адам бөгеліп қалды.

Бір сәтте Ақбөбектін қорқынышы басылып, бойын күш, қуат билегендей болды. Мұндайда адам тәуекелшіл болады, – Сен бұтаны тасалап, баялыштың түбінде отыра тұр, – деді. Өзі жайымен кетіп бара жатыр. Атты кісі тұрған орынынан қозғалмады. Ақбөбек оған жақындай түсті. Жетті. Екеуі қосылып, жұп жазбай біршама тұрып қалды. Бір кезде ажырасқандай болды. Біреуі ананы тастап, өзі бері жүрді.

– Қайып екен, – деді Ақбөбек өкпесін баса алмай аптығып тұрып. – Жүр үйге киініп шығайын. Көп ұзамай екі әйел үйден шықты.

– Қайыбыңды көріп қалайын. Енді қайтып көре алмасам, есте жүрер, – деді Рабиға Қайыпқа жақындай бергенде.

–Қайып, мынау менің құрбым, досым. Аты Рабиға, осы Кедей аулының келіні болады, – деді Ақбөбек Қайыптың беліндегі белбеуін ұстап тұрып.

– Амансың ба? Алла жарылғасын. Еткен адамдығыңа, көрсеткен көмегіңе рахмет, – деп Қайып Рабиғаның қолын қысты.

Ауыздығын күтір-күтір шайнап, үркетін аттай құлағын тікірейтіп тұрған Қаракер қасына таяна берген Ақбөбекті көкірек тұсынан иіскеп, аздап мекіренгендей болды. Қайып үйде жоқта Акбөбек оның басына дорба іліп, жем беретін. Әбден жемге үйренген ол шымкөректеу, шөпті аз жейді. Иелеріне үйірсек, алыста жүрсе де, дауыстап шақырса болды, желе тартып, жетіп келетін. Ақбөбек те сағынып қалған екен. Қаракердің маңдайынан. жалынан сипап, омырауынан қаға біраз тұрды.

Рабиға атқа мінерінде Қайыппен қол алысты, Ақбөбекті құшақтап бауырына басты.

– Қош сау болыңдар. Алдарыңнан ақ күн тусын...

– Айтқаның келсін. Сау тұр, аман жүр...<--break->

Басын кейін ел жағына бұрғанда Қаракер түсінді ме, иесіне тебіндірмей, бас тартқыздырмай, бірден желдей есіп жайқала жорғалап кетті.

Бетті шығыс бетке алып, қараңғы түнді қақ жарып келеді.

Ақбөбек ерінің артына мінейін деп еді, Қайып оған көнбеді, тізесінің үстіне отырғызып алдына алып алған.

Анда-санда кездесетін көшкен елдің ескі жұрты мен көп малдың жүріп өткен шиыры болмаса бұл далада із басты болған жол жоқ. Жолаушы күндіз алдағы бағытты байқап, түнде аспандағы жұлдыздарды бағдар тұтып, шамамен жүріп отырады. Есі бар, иесіне сыр мінез аттар түнде адастырмайды, еліне қайтарын білсе болды, тура тартып, ауылын тауып бара береді.

Ақбөбек пен Қайып бірден сөйлесе қойған жоқ, маңдайды әбден елге қарай түзеп, Кедей ауылынан ұзап кеткенше үнсіз отырды.

Ақбөбек Қайыптың көкірегіне басын қойып, өксіп жылады. Жылап отырып: – Мені жұбатпа, жылай-жылай іштегі шерімді тарқатып алайын, – деді ол. Қайып үндемеді. Не ойлап, неге жоруын да білмей келеді. Ауыт-ауыт Ақбөбекті бауырына қысып-қысып қояды.

– Ауылдан шыққалы жылағаным осы. Дұшпанымның алдында көз жасымды көрсеткім келмеді, – деп Ақбөбек көзінің жасын сүртіп, басын көтерді.

– Қаныпезер иттер-ай, бауырымдағы баламды өлтірді-ау. Сол көз алдымнан кетпейді. Ойыма түскен сайын қабырғам қайысады.

– Не шара... – деп Қайып күрсінді.<--break->

Қайып тізгін тартқан жоқ. Қаракер бауырын жаза желіп, тайсалмастан жорғалап отырды. Таң атты. Қатар қонған екі ауылдың кідірместен үстінен өтіп кетті. Сәске түске дейін жүріп отырып, ұзыннан ұзақ созылған үлкен арна, күн батар жағында жар қабағы бар, дөңкиіп жатқан кереге тастың үстінен шықты. Маңда бұлақ болуы керек, арнаның төменгі ойысы ұйысқан қалың көгал. Осы тұста атын тоқтатып, Қайып кідіріс жасауға ыңғайланды. Терін басу үшін атын қаңтарып қойды. Жаздай тұяқ көрмей үстіңгі беті сарғыш тарта тотығайын деген көктің шетіне барып екеуі отырысты.

Ақбөбектің қатқыл өңіне қан жүгіріп ажарланайын деді. Сағынған жары, сүйіктісіне қайта қосылып, жазира кең даланың таза ауасын жұтып отыр.

Қайып анадай жерге барып, Ақбөбекке қол бұлғады. Қара тастың астынан қайнап шығып, мөлдір бұлақ екпінмен ытқиды. Ұйысқан көк майсаның ішіне кіріп, көрінбей жоқ болып кетіп жатыр. Түс болып, күн қызып қалған кез. Көйлегін шешіп, Қайып белуарына дейін шомылып, жуынып алды. Ақбөбек бұлақ басында қалып, Қайыптан кейін жуынып барды.

Қайып қаңтарулы Қаракердің басындағы жүгенін сыпырып, көгалға бос жіберді.

Ақбөбек ат үстінде басынан өткен уақиғаның бәрін бұлжытпай айтып берген. Қайып Есжанның өзіне жасаған қылықтарының шет жағасын ғана болмаса әңгімені қоюлатпады, табаны тілінгенін айтқан да жоқ. Кейін біле жатар деген. Ақбөбек те қазбалай қоймады.

Қаракер арна бойындағы көгалды қуалап ұзап кеткен бе, анадайдан қара көрсетпеді. Ашық күнге шағылыса ма, бұлтиған сауыры жылтырағандай болады. Айнала жым-жырт. Жоғарыда кереге тастың биік шоқтығына үлкен қара құс келіп қонып еді, төмендегі қараңдаған Қайып пен Ақбөбекті көзі шалып қалып, орнынан қанат серпе көтеріліп ұшып кетті.

Қайып Ақбөбекке күлімдей жақындап, оның қолынан ұстап, өзіне қарай жайымен тарта берді. Тапа- тал түс жарық дүние көзіне шіркеу болды ма, ұят пердесін жамыльш, жүзі құбылып бара жатқан Ақбөбек сәл тартыншақтап, көзін жұмды. Артынша биязылықпен жайымен қол созып, Қайыптың мойынын іздегендей болды. Көптен бері көрмей, әбден сағынып көріскен сүйген жарын бауырына қысып отырып, маңдайынан, тамағының астынан иіскеп-иіскеп қойды. Лүпіл қаққан жүрегінің дүрсілін игере алмастан күрсініп алды. Шайдай ашық тұнық аспанның асты бір өзіне тигендей. Зердесінде ешқандай ой жоқ, әйтеуір емірену, әдеттегі талпыныс... өз қолы өзіне бой бермей жыбырлап, сүйіктісінң үстіндегі бешпенттің ілгектерін ағыта берді. Көзі жұмулы ол да аздап тітіркеніп басылып, елжіреген қалпында буындары босай қырынан қисайып бара жатты. Ендігі еркін еріне беріп, жайғасып жата бергенде, Ақбөбектің астындағы жер дүрсілдегендей болды. Айдаладағы оқыс дыбыстан Ақбөбек көзін ашып жіберді.<--break->

– Тұра түршы. Мынау ненің дауысы? Қуғыншы болмасын, – деп шоши басын көтерді Ақбөбек.

Қайып селт еткендей болып, сол дүбір шыққан жакқа қарап қалып еді.

– Жата бер, – деді ол Ақбөбекке – бұлақтан су іше келген киіктер екен. Шағындау бір үйір киік. Тездікпен топырлай келіп, бұлақ басына жабыла бас қойды. Олар қапелімде тасада жатқан мына екеуін байқамаса керек.

Ақбөбек киік сияқты аңды бұрын-соңды көрмеген. Қызықтап көріп жатыр.

– Ана біреуі неге оқшау тұр? – деп сұрады.

– Ол еркегі. Басқаларын күзетіп тұр. Суды кейін ішеді.

– Ақылдысын қарашы жануардың.

– Әрине, әр нәрсенің бір тажалы бар, сақтанбаса бола ма. Асылында киік есі бар, киелі аң.

– Киік көрдік. Онда жолымыз болады екен, – деп Ақбөбек тағы да жата кетті.

Көп киік кідірген жоқ, жабылып суларын ішіп болды да, келген іздерімен кейін қарай шұбай жөнелді. Жүрістері сергек, асығыс аң дүркіреп барады.

Арнаның бойын тағы да жым-жырт тыныштық басты. Талықсыған тал түс. Ашық күнде мұндайды машық қылмаған жас келіншек өз күйеуінен өзі ұялшақтап жатыр. Екі жастың бойға біткен сағынышы бәрін де жұтып жіберіп жатқандай, ет қызуын баса алар емес. Үстіндегі бешпентін ауырсынды ма Ақбөбек шешіп тастап, көйлекшең жатыр. Кір көтерер қоңыр, шарпақ патшайы көйлегінің кең жеңі түрілген сайын өміріндегі күн тимеген балауса ақ білегі күнмен шағылысқандай жарқ етеді. Ақ сүйрік саусақтарындағы бауырлы жүзік, типыл сақиналары өз алдына жарқырап, тал шыбықтай бұралған сұңғақ денесіне ажар қосып тұр.

Қайып та, Ақбөбек те бірнеше рет бұлақтың суына шомылып келді. Екі жастың жүрек дүрсілі басылып, бой қызуы бір шама сабасына түсейін деді. Кешке таман Қайып атын ерттей бастады.<--break->

Қырық бірінші тарау

 

Таң атып, күн шыққалы қашан. Ақбөбек күнде таңертеңгі шайды асықпай кеш ішетін. Рабиға бүгін есікті тым кеш ашты. Ойы: Ақбөбектер ұзаңқырап кетсін дегені. Ақбөбек жоқ үйде, өзі біледі. Рабиға үйіне барып самаурын қойды. Оның суы қайнағанша әлден уақыт өтті. Самаурынды Ақбөбек жатқан отауға кіргізіп, ошаққа ақ құман қайнатар сексеуілдің шоғын дайындады. Содан кейін Демесіннің үйіне кірді. Үйде Есберген бар, ол әлі төсегінде жатыр.

– Мырза бала, – деді Рабиға ішке кіре бергеннен, – Тұр, тұр, қалыңдығың үйде жоқ, қайда екенін білмеймін.

– Мен қайдан білейін? – деді бас көтерместен жатып.

– Тұр, тұр! Іздейсің бе, қайтесің?

– Іздеп не қылам мен оны.

– Өзің біл, – деді де Рабиға шығып кетті.

Әлі көкірегіне жел енбеген жас бозбала онша елеңдей қоймады. Жолда бала туып келген қатын Ақбөбекті өзінше арам астай көріп, тіпті оны көргісі де келмей жүретін. Біреудің астынан шыққан қатыны, беті ашылмаған жасқа қалай ұнасын.

Демесін ауылда жоқ еді, бір кезде Есберген төсегінен тұрды, киінді, сыртқа шығып, Ақбөбек жатқан отау үйдің есігінен алғаш рет бас сұқты. Шынында Ақбөбек көрінбеді.

Рабиға сол үйге дастарқан жайып, шай жасаған. Өзі жалғыз отырып шайын ішіп болды. Енді тұрып, төсек орынды жинайын деп отырғанда, Есберген келіп кірді.

– Қайда кетті екен, ә? – деді ол ешнәрседен күдіктенбестен. Өзінше ауыл-үйдің айналасында жүрген шығар деп ойлады.

– Білмеймін. Бұрын ешқайда шықпаушы еді, – деп Рабиға төмен қарады.

– Киім-кешектері үйде ме екен, жеңеше?

– Көрінбейді.

– Ештемесі де қалмаған ба? – деп Есберген енді күдіктене бастаған сияқты.

– Тастамаған ба, білмеймін. Оның не киімі болушы еді? Одан әрі Есберген үндеген жоқ. Бір-екі аяқ шай ішті де, шығып кетті.

Ол шақырып келген болар, біраздан кейін Есжан есікті қамшысының сабымен ашып, ішке кірді. Рабиға тұрып сәлем етті.<--break->

– Ол қатынның қасында ешкім жоқ па еді? – Есжан қабағын түйіп тұрып.

– Жоқ. Бір өзі жататын, – деді Есберген өзін ақтап тұрған адамдай.

– Өй, тумай туа шөккір! Қолыңа әкеліп берген қатыннан айырылғаның не болғаның! Ол сайқал қашып кеткен. Жина жігіттерді! Мініңдер атқа! – деп айқайлады Есжан.

Бір сәтте дайын аттарын ерттетіп, өзімен үш жігітті қару асындыра ертіп келді ол.

– Есберген қайдасың?

– Мындамын, – деп Есберген өз үйінен үн шығарды.

– Шық! Қатыныңды қуамыз артынан. Мә, мына мылтықты асынып ал! Шоқпарды іл ердің басына!

Есберген үндемеді, енжар қимылдап барып, атын ерттеді.

– Қайным, әй. Өзің бара бер, баланы таста! – деді Демесіннің бәйбішесі үйден шығып. Ол Ақбөбектің кеткенін естіп отырған.

– Неге? Қатын иесі үйде қала ма? – деп жекірді Есжан.

– Буыны қатпаған бала ғой. Ұрыс-керіске араластырмашы, қайным осыны.

– Ау, жеңеше неге түсінбейсіңдер. Ол қарбаша еліне барған соң қарап жата ма. Нөкерлерін жіберіп, ертең Кедейге құн төлеттіреді ғой. Ол қатынды бұл ауылдан шығармау керек, шығармау! Мен Демесіннің малын босқа шашқызбайын деп жүрмін. Түсінсеңдерші! – деп Есжан ат үстінде тұрып даусын бәсеңдете сөйледі.

Содан кейін бәйбіше бір сәт үнсіз қалып еді, Есжан Есберген мінген аттың сауырынан қамшымен тартып-тартып жіберді. Ат құйрығын көтеріп, бір мөңкіді де, жорыта жөнелді. Төрт атты шығыс бетке қарай шауып келеді. Өңкей жемде тұрған суын ат бірден бой жазып кетті.<--break->

Шырпысы ат үстіндегі адамға ұрынатын шашақты биік сексеуілдердің маңынан ат шауып өте алмайды, айналасы сары шұнақ тышқанның опырым жерінде. Құмсақ жерден өтіп еді, тықырлау ауыр жердің бұталары қара шағыр, дүзген, баялыш аттың тірсегінен қағып, шашасына жабысып, жүрісті өндірмей біраз ентіктіріп тастады. Ол сирей бергенде, енді құлан құйрық жұмсақ сексеуіл, ақселеу қалыңдады. Ат тұяғына тигенде, көті бос домаланып кетіп, ықтасын тапқандай қатты қараның түбіне барып ілігеді. Өстіп боздың бұталары ат жүрісін баяулатқан. Ұшы-қиыры жоқ кең аймағы теп-тегіс емес, ойлы-қырлы, бірде дөңес, бірде ойпаң.

Таулы, тасты жерінің жолы тым қиын. Есжан бастаған тобыр әзірге таулы тұсқа ілінген жоқ. Сусыған төгілме құмы бар, аңдаған бұтасы көп жазық даланың жол азабын тартып келеді.

Еруде суын аттар бірде шауып, бірде ұмтыла жортып отырып, кешке шейін жол танабын өндіріп тастап еді.

Есжан Ақбөбекті аулына жеткізбей, жолдан ұстасам деп келеді. Бірақ қашқын қалай, қай тұспен кетіп бара жатыр, ол жағына ақылы жетпейді.

Күн батып, ымырт жабылған. Ай қараңғы, түн тымық. Анда-санда шырылдап қоятын құстардың үндері өшкен. Шегірткенің шырылы ғана аздап естіледі. Күн батып, салқын соға бастаған сайын Қаракер жүрісін үдете түсті. Жолдың нобайы жүрілді, ауыл алыс емес.

Қайыптың көңілі көтеріңкі, бойы сергек. Соза әндете ән шырқайды. Бұрын Ақбөбек есітпеген тың әуез, жаңа өлең шумақтарын бірінен кейін бірін есіп келеді.<--break->

Замана жылдан жылға өзгерілген,

Көзіңе анау-мынау кем көрінген.

Сүт ішіп, сұлы жеген сұр бедеудей,

Арқанда жем беріліп үйретілген.

Жаңғақта елім қалды құлай алмай,

Айрылдым Бөбегімнен құдай алмай.

Қапыда қалғаныма өкінемін.

Ит Кедей тұз құйдың-ау табаныма-ай...

Қаракердің үстінде еркін отырып, барынша иек көтере, әуендете шырқаған әні зеңгір көкке, түннің тынық ауасына жаңғырта көтеріледі. Кірбіңсіз көмейден шыққан үн, пәк, таза. Бірде қалқып, бірде толқып, құбыла көтеріледі, содан бірте-бірте баяулап басылады.

«Сүт ішіп, сұлы жеген, сұр бедеудей...» Ақбөбек бұл өлеңді өзіне арналып айтылғандай көріп, сүйсіне бір қозғалып қойды. «Ит Кедей тұз құйдың-ау табаныма-ай!». Осы кезде Ақбөбектің өнбойы суынып, жүрегі дір еткендей болды. Сағынған ән, тың сөздерді, есіткен сайын ол елжіреп, елтіп бара жатқандай. Екі қолы сүйікті жарының мойнына бірде асылып барып, бірде сусып кетеді.

Таң атар бет бозамықтанып келеді. Жанға жайлы желсіз тымық түн. Қайыпты әлі түнсоқты етіп маужыратар емес.

– Тоқтаңдаршы! – деп Есжан атының тізігінін тартып қасындағыларға түн ішінде.

Аналар тоқтай қалды.

– Нені есітіп тұрсыңдар?

– Ән, біреу ән салып жатыр.

– Қайып қой ол. «Әнші» деп еді ғой ол итті. – деп Есжан атының басын тартып, бір қолы ердің басында төмен қарай еңкейе тыңдап тұр.

– Иә, иә, иә. Соның әні. Мен есіткенмін, – деді Есберген.<--break->

– Тартыңдар солай қарай! Ауылына жеткізбей қуып жетеміз! – деді Есжан. Жүргіншілер аттарының басын оңға бұрды. Бұлар адасып, терістікті бетке алып келе жатыр екен, Қайыптың жөнін енді біліп алды. – Түннің әні алыстан естіледі. Тебініңдер, атты шаптырыңдар! – деп Есжан атқа қамшыны басты.

Мігірсіз қозғалыста суыт жүріп келе жатқан қуғыншылар таң атқанша ат сабылтты. Түндегі ән шыққан жақты бетке алып келеді қуғыншылар. Тымық түнде салған ән күндік жерге жетеді дейді. Қашқындар ұзап кеткен болар, жеткізер емес.

...Таң атты. Күндіз көзге түсе бермей, түнде жүрген Қайып ел қарасына жуықтадық-ау дегенде жолда кездескен бір ауылға түсіп, тынығып дем алғысы келді. Сексеуілді құба шағылдар артта қалған. Жақпарлы тау өңірінен де өтті. Сары ала таң атқалы бері кебіртек кеңістікте келеді. Енді алда көлденең түскен арасы ат шаптырымдай жерге ұзынынан жайласа жатқан еңісі түйетайдылау үлкен дөңес бар. Содан өтсе ар жағы қара тепсең қатқылға айналады. Сосын ауыл көрінсе керек. Бұл маңды бес саусағындай білетін Қайып бәрін көріп шамалап келеді.

– Ақбөбек, – деді Қайып, – әуелі шалдың ауылына түсеміз. Сол жерден мамамды аламыз да, сонау Атырауға нағашымдікіне тартамыз.

– Неге?

– Менің нағашым табын руынан. Атыраудың елі. Сол жаққа асып кетпесек, бұл Кедей бізге тыныштық бермес.

Қайыптың шешіміне ерік берген Ақбөбск одан әрі үндеген жоқ. Күн көтеріле бергенде жолаушылар айнала атырап көрінетін ұлы дөңнің шетіне ілікті. Бұл өңірдің ызыңдай соғып тұратын ерекше желі болады. Жылы желдің ызыңын есіткеннен-ақ, осы тұста бір кідіріс тапқысы келген. Қайып ат тізгінін тартты. Ауыздығын күтір-күтір шайнап Қаракер тоқтады. Әуелі Ақбөбекті түсіріп, соң өзі секіріп түсті Қайып. Бұл тұста ұзақ кідіргісі келмеді ме, атты босатпай сағағынан байлап, ұзын қара шылбырын анадай жердегі дүзгеннің түбіне орай тастады. Қайып келе Акбөбекті әуелі аймалай белінен тартып, соң қаусыра құшағына алды. Өзін қоярға жер таппай тұрғандай тұла бойы қызып, біртүрлі үнсіз екпіндеп тұр.<--break->

– Отырайықшы. КөкірегімдІ шайтан азғырып кетті, – деді ол Ақбөбекті жерге қарай жайымен қисайта беріп.

– Қойшы, шыдашы. Ауылға келіп қалғанда, – деп Ақбөбек назбен жалынғандай болды.

– Түннен күн жақсы ма деп қалдым. Ақ жүзіңді анықтап бір көріп алайыншы, қалқам, жаным, – деп еміренеді күйеуі.

– И-и-и, Қайып-ай, осындай шыдамсыздығың бар-ау... Есжан тобы жан-жағына қараңдап, ауыт-ауыт ат сауырына қамшы жұмсай шаба жортып келеді. Талай суыт жүріп, түн кешіп қалған кәнігі қарақшы ұзақ жолға азатын да, алдыратын да емес, бет әлпеті сұрланып өршелене түсетін сияқты. Селдірлеу қиық мұрты тікірейіп, қабағы қатыңқы тартып, қой көзінің ағы қызыл тамырланып кеткен. Бұл оны ызалы ашу кернегенінің белгісі.

Талма түстің кезі еді. Ештемеден қаперсіз Қайып ат тізгінін ұстап, жай жүрісте келе жатқан бос. Алдан сонау қырқаны бауырайлап бара жатқан бір атты алыстан бұлдырап көрінді. Есжан ашық күннің астынан анық көру үшін қабағының үстіне оң қолын апарды. Ат. Атты адам сағыммен бұлдырай қарауыта көзге түсті.

– Әй, қаруларыңды әзірлеңдер! Жеттік білем, – деді Есжан қасындағыларға дауыстап. Аттарына қамшы басып, қуғыншылар жапыра шауып келеді.

Жүргіншілер жалғыз атқа жақындай берді. Қайып қашып құтыла алмасын сезіп, аттың тізгінін тартты.

– Түсейік аттан, келіп қалды, – деді келе жатқандарға үркіп қарап. Тап бүгін қуғыншы келіп жетеді деп ол ойлаған жоқ еді. Жолсыз айдалада үстінен түсерін қайдан білсін. Түндегі шырқаған әнінің түн қараңғысын жара күндік жерде естілерін жас жігіт өздігінен біліп пе... Өз әні өзіне тажал болып жабысқаны...

Аттарынан түсе-түсе қалып, қуғыншылар найзаларын кезене Ақбөбекті құшақтап өздеріне қарсы қарап тұрған Қайыпқа қарай ұмтылып келеді.

– Өй, әкеңнің аузын!.. Жеті атаңды!.. Құтылып кетерсің менен! – деп ақырды Есжан.

Қайып: – Өлтіріп кет, болмаса Ақбөбек саған жоқ! Бүгін жетсең, ертең қаларсың, бүтін ұстасаң, ертең айрыларсың! Бәрібір Ақбөбек сендерге жоқ! – деді Ақбөбекті бауырына қысып тұрып.<--break->

– Ұстаңдар! Жығыңдар! Аяқ-қолын таңыңдар да, менің қолыма беріңдер! Бауыздаймын қазір! – деп ақырды Есжан.

Есжаннан қорыққанынан ерқара болып, топқа амалсыз ілесіп келген Есберген қару ұстаған жоқ, төрт аттың басын жинап анадай жерге шегініп кетіп еді. Қатты қиналып, келгеніне өкініп тұр.

– Әй, Есжан! Өлтірсең мені өлтір! Қайыпта кінә жоқ, қашқан мен! – деді Ақбөбек бедірейе Есжанға қарап тұрып. – Бүгінгі күннің ертеңі де болады. Егер өзіңе жан керек болса Қайыпқа зақым келтірме!

Жанына таянғандарды Қайып жұдырықпен бір-бір ұрып қана үлгерді. Жерден күтпеген соққы жеген үшеу қапелінде кейін шегінді. Аюдай ақырған Есжанның даусынан соң жан-жағынан жабылып ұстап, бір сәтте көтеріп ұрды да, Қаракердің қара шылбырымен шандып таңып тастады.

– Мына қарбашаны апарып, ат көтіне мінгізіңдер! – деді Есжан Қайыптың жанына жақындай берген Ақбөбекті иегімен нұсқап.

«Өлтірмесем де, бұл иттің төлін есауан қылып кетейін» деп ойлады ол байлаулы жатқан Қайыпты бүйірінен теуіп. Басы-көзіне төпеген Есжанның соққысынан ол есінен танып қалды. Біреумен жаға ұстасқанда арқасы қозып, есінен жаңылатын содыр жай сабап кетуді аз көргендей ештемені сезбей талып жатқан Қайыптың отыра қалып шалбарының бауын шеше бастады... Басқалар бұл жерге жоламай, кейін шегініп, Ақбөбекті ұстап тұр, қанша жұлқынса да, оны олар жіберер емес.

– Сен доңызды ақта қылып кетейін! – деп құнжыңдайды Есжан...<--break->

Қырык екінші тарау

 

Жұт көрмеген қыр елінің әбден мәсігіп тұрған кезі. Маңғыстауды жайлаған адай жұрты он екі болысқа жетіпті. Бас аман, мал түгелдіктің қадірін біреу біледі, біреу білмейді. Кәрілер арасында кері тартпа қыршаңқылық бар, жастар жағы елірме.

Ауылдағы есті-басты жөн білетіндер азшылық, бірен-саран азамат көптің кеу-кеуін баса алмай әлек. Атадан балаға жетіп, ел арасында аңызға айналған өткендегі халықты қан жылатқан қанды тырнақтардың жойқын соғыстары, қарақшылық қылықтары бүгінгі күнде де елдің көз алдына қорқады. Кімнен қорқады? Ол жағына көпшілік онша көңіл бөле білмейді, түсіне де алмайды. Білімділердің байқауынша елдің екі жағында екі қыспақ бар сияқты, бірі – Хиуа хандығы, екіншісі – орыс патшасы. Халық соның екеуінен де үркеді. Бесқала жақтан бес жүз жәуміт аттанып келіп, жайбарақат жатқан Сүйінқара еліне жау болып тиіп, кәрі-жасты шулатып кеткен. Елі шабылғанда Маңғыстаудың сары даласы сарнап қалып еді. Бұл ел не көрмеді, нені бастан өткізбеді.

Енді орыстар көрініп жүр. Діні де, тілі де басқа көрінеді. Олар теңіз бойын жағалан сонау Бозашы түбегіне дейін жетіпті деседі. Бірақ оларды қазаққа қару көтерді деп ешкімнен есіткен емес. Олар көбіне жер шұқиды, жер астын тексереді деп есітеді. Кейде молдалар «орыс шошқа жейді, олармен қатар отыруға, олармен табақтас болуға болмайды» деп адамдарды шошытады. Өзге елдің сырын білмейтін қарапайым халық одан да үркеді.

Іштен келген орыстар қастарына сол жақтан қазақ ертіп келеді. Өзара былдырлап бір-бірімен сөйлесіп жатады. Содан кейін қазақтар қонақ асысын беріп, оларды күткен болады.

Жергілікті жұрт ешбір патшалықтан қақпай көргісі келмейді. Қара ниетпен қару кезене келіп, қарсы тұрғандарға бұлар да табан тіресе қарумен жауап беруге бар.<--break->

Елдің шабылуы, жаудың жетегінде жесір кетуі, дүние мал айдалуы тек ұры қарақшылардың қолынан келетін шапқыншылық емес, бүкіл Хиуа хандығының жасап отырған зұлымды қәрекеті екендігін бұл аймақтың халқы анық түсініседі. Содан Хиуа хандығына табан тартып, сенбестік білдіріп қалған. Соның есесін қайыру үшін бұлар да әлденеше жорыққа шықты. Қорқақтың сиқы мен батырлық жасап, ерлік көрсеткеннің мүсіні жаугершілікте айқындалады. Күнделікті өмірдің күйбеңі емес, халықтың басына күн туған аласапыран ауыр кезеңдерде ел көп нәрсеге мұқтаж болады. Ел ішінен алдын болжайтын жауырыншы, құмалақшы, түс көретіндер шығып жатады. Тіпті кейбір адамдардың бойына сіңген білгірлік қасиеті болады екен. XVII ғасырдың аяғында Адайдың Мұңал тайпасының Жаулы тегінен қосқұлақ Мырзақұлдың баласы Бекет өтті. Адайдың әуелгі ұраны Алшын болатын, кейін сол Бекет ата болды. Оның көрегендігі, білгірлігі турасында ел арасында аңыз көп.

Бірде қалмақтар келіп, қазақ ауылдарын шауып кетіпті. Арадан біраз уақыт өткізіп қазақтар да қалмақ елін шабуға жорыққа аттанады. Жұрт қорқынышты, байыз таппай жорықтағы адамдарының аман қайтуын күтіп, үрей үстінде жүреді. Осы қорқыныш кезінде түн болса болды, біреу ауыл сыртына келіп алып: «Жорықшылар аман да келеді, жаман да келеді»... деп қақсайды да жүреді. Оның кім екендігі белгісіз. Айтқан сөзі жақсы емес, екі ұштылау. Сөздері ұнамаған адамды ауыл адамдары ұстап, кім екендігін білгісі келеді. Әлгі адам қара көрсетіп жүргенімен, атпен қуса да ұстатпайды. Біреулер оны жын-шайтан деп ойлайды.

Бір күні осы бейқұт елді Хиуа хандығы жақтан көп түрікпен жапыра келіп, мал мен жанын айдап кетеді. Ертесіне бұл елдің қалмақтарға аттанған жорықшылары келеді. Аман, олжалы. Келсе ауылын жау шауып кеткен. Жол шегіп жадал келген жорықшылар жаудың артынан қуа алмай қалады. Халық әлгі сөздің мәнісін сонда түсінген екен. «Жорықшылар аман да келеді, жаман да келеді»... Бұл сөзді айтқан Бекет болып шығады. Содан Бекет халқына жар салады. Адайдың ұраны болып кеткен Алшын атаның туын сұрайды. Бұдан былай – дейді ол халқына, – жауға аттанар болсаңдар, менсіз, менің рұқсатымсыз шықпаңдар! Елі мақұлдайды.<--break->

Әлгі ел шабылғаннан кейін арада үш жыл өтеді. Жауға жаны кеткендер қатты ойсырап, Бекеттен бір жауап күтіп жүрді. Бір күні Бекет:

– Қол жиыңдар! Аттаныңдар! – деп еліне жар салады. Жиналған топ Бесқалаға қарай жөнелді. Хиуаға барса, алдынан шығар біреу жоқ. Қару көтерген де ешкім болмапты. Қазақтар ана жылғы айдалып кеткенді түгел қамтып, кеткен малдарына мал қосып аңдап, аман-сау еліне келіпті. Сөйтсе қазақтар Хиуаға барған күні, ол елді сонау Қоқан хандығының әскері шауып кеткен екен. Елінде қару ұстар адам қалмаған бәрі жаумен болып кетіпті.

Бекет сол күнді болжап, өз жорықшыларын аттандырған екен. Бекет алдағыны жорамалдайтын болжамшы адам болыпты. Талай жерде қиын-қыстау қауіпті, қатерлі тұстарда елін тұтқиылдан аман сақтап қалған көрінеді. Ол кісіні ел пір тұтады, сиынады. Аты аңызға айналған Бекет ата туралы сөз көп. Қашқанда «Бекет ата, құтқар», деп қашады екен, қуғанда «Бекет ата, ұста!» деп қуады екен деген ел ішінде нақыл сөз бар.

Адамдардың табынатыны бір ғана құдай емес сияқты. Маңғыстау өңірінде үш жүз алпыс  әулие бар дейді, соның бәріне сиынады олар. Басы олар құдайдан қорқады, қала берді әулие-әмбиелерден аяғын тартады көпшілік. Дін бар, шариғат жолы жатыр, адамдарды жасқандыратын, сескендіретін адам баласының тапқан ұсылдары көп-ақ. Елдің салт-дәстүрі де соның төңірегінде жүретін сияқты. Шариғат пен халықтың әдет-ғұрпының арасында кереғар қайшылық та бар, бірақ оған көпшілік бас ауыртып жатпайды.

Бір жыл бұрын Қайып үйіне келіншек түсірді. Оның әкесі Қорабай некесін қиғызбай, үйінен шығарып жіберіп еді, Айтқаны: «Біреудің айттырулы жесірі неке түспейді». Сол жесірін айттырулы жері Кедейлер қайтарып апарды. Демесін ауыл молдасы сексенді алқымдаған Қалдықожа қажыға барды. Ол Ақбөбектің некесін қимады. Айтқаны: «Біреудің бала туып келіп отырған әйеліне неке түспейді. Кімде-кім алып, бала туғызса, жесір соныкі...» Меккеге барып келген оқуы-тоқуы мол Қалдықожа қажының айтуына қарағанда, қазақ көп жерде шариғат жолын бұзып алып жүргенге ұқсайды. Бесігінде қыз айттыру шариғатта жоқ дейді. Оны «жесір» деуге болмайды. Некеден кейін «жесір» атанады. Ұнатып, «мен осыны қаладым, сүйдім» демесе де, неке түспейтін көрінеді.<--break->

Сол күннің ертесіне Ақбөбск жоқ болып шықты, Қайыппен қайтадан қашып кеткен болар. Артынан қуғыншы кетті.

Демесіннің ішкені ірің, жегені желім. Үйге бір кіріп,бір шығады. Қуғыншыға ілесіп, Ақбөбектің соңынан кеткен Есбергеннің жанына жазым болмаса игі еді деп жаны жай таппай жүр. «Сол қатынды алып қайтпаса екен» деп тілейді. Өткен жылғы індет кезінде жалғызын мойнына бұршақ салып тілеген ол тағы да соны қайталауға әзір. Егер өзі ауылда болғанда, Есбергенді ол жібермес еді. Үйге кіріп-шығып, дедектеп сенделіп жүріп «Бекет атам-ай, жалғызыма жар болғайсың. Қауіптен, қатерден сақташы»... деп жалбарынады. Кешеден бері әйелінің құлақ етін жеп болды. Екі-үш рет желкелеп, түйпіштеп алды.

– Малғұн-ау, неге жібересің баланы?!

– Мен қайтейін! Есжан ғой еркіне алып кеткен.

– Сен қайдасың? Жабыспайсың ба баланың мойнына.

– Ол тентек маған қарай ма, мені бір жұлқып, оны алды да кетті.

– Өлмедің бе соның жолында ?!

– Есің болса, баста неге жібердің сол Есжанды! – деп әйелі еріне қарай бақшаңдайды.

– Мұның боларын біліппін бе, – деп Демесін үнін өшірді.

... Ақбөбектің кеткенін Есжан ауылы да есіткен. Кеше мал жаққа шығып кеткен Есқуат атын байлап, енді ғана есіктен бас көрсете беріп еді, күйеуін қарсы алған Қалияш төрден төсек жая бастады. Есқуат қолындағы дойыр қамшысын әйелінің қолына ұстатты. Ат соқты болып шаршап келген ол белін босатып, сырт киімін шеше бастады.

– Шөлдеп келдім, шайыңды қамдастыр, – деді ол орнына отыра беріп. Қоңыр күздің қатуы шалып, жүзін тотықтырайын деген бе, Қалияштың көзіне жадаулау көрінді ол.

Қалияш тезірек от жағып, мосыға қара шәйнекті ілді. Маздап жанған сексеуілдің түтіні кем, ақшыл алауы асулы шәйнекті тез қайнатты.<--break->

– Жарқынның жүрегінің түгі бар екен, – деді Қалияш шай құйып отырып. Есқуат үндемеді, сәл езуін тартқан болды да қоя салды. Қалияш сөзін жалғастырды: – Ол қыз енді бұл елде тұрмайды. Сүймеген соң...

– Еркіңе жіберсе, сен де мені сүймес едің, – деп Есқуат мырс етіп күлді.

– Сүймесем, талай таяғыңды жер ме едім, – Қалияш күйеуінің бетіне тікелей қарады.

– Былтырдан бері, Ақбөбек кеткелі қамшы көрдің бе өзің.

– Жоқ. Ашуыңның бәрін Жарқын алып кеткен бе? Неге олай, – деп Қалияш таңданғандай белгі берді.

– Қарындасыма жаным ашығаннан мінезім өзгерген бе... Бөбек жарлыға барды, әрі оның таяғын көтерсе, не жаны қалады деп көп ойлайтын болдым. Әйел сорлыда не жазық бар. Алды еркектікі болғанымен, арты қамшыныкі...

– Бір апта таяқ жемеген әйел – «тұл» деп неге айтты екен?

– Ақымақтар аз ба? Солардың бірі шығарған ғой.

– Есікті еппен ашып, жайымен ғана Зиба кірді үйге. Есжан байдың бәйбішесі, текті жердің қожа руының қызы. Балаға да, келінге де дауыс көтермей иман жүзділікпен сөйлейді. Қазанға шай-суға көп араласа бермейді. Бетінің оң жақ ойығында қаралтым меңі бар, маңдайы жазық, сары өңді саркідір әйелдің жүріс-тұрысы да тым баяу, аса әдепті. Бәйбіше отау үйге сирек кіреді. Есіктен енесінің жүзін көргеннен-ақ, Қалияш ұшып тұра келді. Осы кезде баласы Есқуат та қипалақтап орнынан тұрды.<--break->

– Сәлем бердік, – деді шешесіне.

– Көп жасаңдар. Отыра беріңдер,  деді шешесі төрге шығып отыра бергенде.

– Кешеден бері ауылда жоқсың. Даладан келгенде, әуелі бас сұғып кетер едің, бүгін өйтпедің... Дені-қары сау ма деп үйден шыдай алмай келдім.

– Денім сау. Шаршап келіп едім, – деді Есқат сәл ыңғайсызданып.

– Аман жүрсең болды. Бөбек Қайыбына тағы қашып кетіпті, есіттіңдер ме?

– Есіттік.

– Мұның арты не болады енді? Қырқысқан қырық пышаққа айналмаса. Ендігі жерде қыздың жайы не күйге түседі?

– Білмей отырмыз.

– Қыз кеткелі денсаулықтан айырылдым мен. Ұйқы жоқ, көрер таңды көзіммен атырып жүрмін. Бейбақ қыз не күйде, не халде қазір?

– Бәрімізге де ауыр. Не істерімізді білмей, шарасыз отырмыз. – Әкең де үйден шығуды қойды. Ашуының кімде екенін білмейді. Кедейде ме, қызында ма?..

– Әкемді білмеймін, өз ойым өзімде. Мен қарындасымның жағын аламын. Тағы қуғыншы кетіпті артынан. Енді қалай оңады, – деді Есқуат күрсініп.

– Қорлық.. Қорлық. Ендігі көретіні ол қыздың тек қана қорлық.

– Солай болса керек.

– Балам, – деп саған айтып отырмын. Еркек адам, әкең менің айтқаныма көне қоймас, сен айт. Ана Кедейдің тентектері Бөбекті тағы да қайтып әкелетін болса, онда сырттап жатпа, сен бар ол ауылға. Қызға жөндеп өзің түсіндір. Болмас іске бас ұрмасын енді. Өзіміз алдырайық ауылға. Жасауын жасап, ұзатайық Кедейге. Екі елді жауластырмасын, қалсын өзінің айттырылған елінде.

– Көрейін, – деді Есқуат шешесіне.<--break->

Қырық үшінші тарау

 

Қайып әкесінің үйінде көптен төсек тартып жатыр. Бөксе жағын ала алмайды. Жүрсе тақымының арасы аши ма тізелері дірілдеп, аяқ басқан сайын қатты қиналады. Сыры өзіне мәлім, бірақ ешкімге айтпайды.

Айсұлу Қорбайдың құлақ құрышын қандырады. Баласының тартып жүрген азабын шалынан көреді. Баласымен ниеттес болмағанына күйінеді. Қорабай тырысқақтау, әйелінің қазымырлығына көнбей, кейде оған қол көтеретіні бар. Өзінше сұпылық жолы солай деп ойлай ма, кіржиіп қабағын ашпайды. Сыр білмес сырт адамдар «Әй,байғұс шал, баласының қайғысынан мүжіліп жүрген дағы» дейді де қояды.

Қорабай үйіндегі ақ жарқын адам – Айсұлу. Жазда мал жаюға жайлауға шыққаны болмаса, көбіне зымнеңкеде жасайтын әдетімен, үй ішін таза ұстайтын, тым тирақ адам. Келіні Аманқызды да жасынан солай үйретіп келеді. Көкіректік жасап, әсіресе салдыр салақтау әйелдеріге жыны құрысады. Айсұлудың қатар отырып, еркектермен де билік таластыратын уақыттары болады. Анада бірде күйеуімен сен-менге келіп отырғанда: – сенің осы Бегейіңде әу дейтін кім бар? Ішінде өнерлісі бар ма екен? – деп қалды.

– Өй, тәңірі атқыр, сонда не демексің?

– Иә, мақтанам. Көмейі күлкілдеген әнші баланы туған мен. Он саусағынан өнері тамған ұлды тапқан да мен.

– Өй, тілеуің кесілмесін, ақтарылуын мынаның. Иә, сол әншіліктен, серіліктен тапқан балаңның пайдасы ғой мынау, – деп Қорабай әйеліне кекесінді тіл қатып еді, ол: – Оу, ол күндегенің бе, күйінгенің бе? Қараңғыны қақ жарғандай ғып Есжан байдың тұнығын шайқап, періштедей сұлу қызын алып келгені баламның етінің тірлігі емес пе? Мен соған мақтанам.

– Ақырының қайыры болмаған соң жайыңа отыр.<--break->

– Жауға аттану үшін ең бірінші жүрек керек, бірақ ақырының сәтті шыға бермеуі мүмкін. Сол сияқты балам ержүректікке алып, байдың қызын ортадан алып шықты, әкеліп құсты қолыңа беріп еді, ұстай алдың ба? Айырылып қалған өзіңсің.

– Мен бе?

– Иә, сен.

– Қалай-қалай сөйлейсің тәңір соққыр! – деп Қорабай тыжырына түскен.

– Өзің балаға жөн сілтеп, сардарлық жасай алмадың. Мына бүркеншек елің «бүркен» демей не дейін, араға, арашаға түсуге жарамады, от басында бұғып қалды.

– Не, ағайын атысу керек пе?

– Керек жерінде атыссын. Ар үшін, намыс үшін атысады.

– Қой оттама! Қатынның аузы ағайын арасына от салуға бар. Ағайынмен жұмысың болмасын, айтарыңды өзіме айт, – деп Қорабай қопаң етіп әйеліне ажырая қарады. Біраз терін шығарып алсын дегені ме, бұл жолы ашу шығарып, әкіреңдеген жоқ. Жастығына жантайып жатыр еді, енді басын көтерді.

– Ал өзіңе айтайын. Менің айтқаныма көндің бе сен. Бала, келінді төркініме, Атырау жаққа асыр – дедім. Келіспей, кекшидің де қалдың. Ел ішіндегі «жауын» оспадар Адайың қоя ма, баланы ұрып жығып, қойнындағы әйелін алды да кетті.

Сыртта жүрген Аманқыз есіктен қарап:

– Әтеке, деді Қорабайға, – Бұжыр қайнағаның үйі сіздерді садақаға шақырып кетті, тез келсін – дейді.

– Ойбай-ай, ұмытып кетіппін ғой. Бүгін Бұжырдың үйі шектік жасап жатыр. Әкесінің асы жақындап қалды ғой, – деді Айсұлу орнынан тұра беріп.<--break->

Манадан бері ағалы-інілі екеуі сөйлесіп отырған. Назар Қайыптың үстіне түсіп бәйек болады. Қайыптың жатқанына көп болып қалды. Назар жаздай қауым басында о дүниеліктерге там соғып шыққан. Бұл үй соның табысымен ғана күнелтіп отыр. Азын-аулақ жандықты шашау шығармай төлдетуге алып қалып отыр. Шай сүтіне жарарлық бір-екі түйе бар. Күз түсіп, жер қатқақсыған кез. Малы бар жинақты адамдар соғым сойып жатыр.

– Қайып, белің, жамбасың сау ма, неге төменгі жағыңды ала алмай жүрсің. Молдаларға кітап аштырайын, зақым көрген жерің болса, емшілерге апарайын, – деді Назар інісінің қолын сипап отырып. Ол бауырмал, елпілдек. Інісінің асты-үстіне түсіп қалбалақтай береді.

– Екеуміз ғана білейік, – деді Қайып ойланып отырып, біраздан кейін, – Мейірсіз дұшпандар есімнен танғанша тепкілеп сабап, ақырында үрпіме қара бұтаның бұтағын тығып кетіпті. Қуыққа сол жерімнің ісігі қайтпай жүр. Кіші дәрет зорға шығады, содан қиналып жүрмін.

– Ой хайуандар-ай, адамның естімегенін істепті-ау. Ішінде жаңқа қалмады ма екен, ісігі неге қайтпайды?

– Оншасын білмедім.

– Емшіге көрсетсек қайтеді?

– Қой елден ұят. Бірте-бірте жазылар.

Аманқыз есіктен қарап: – Тұр, шық, – деді Назарға, - қонақтар келеді біздікіне. Қонақтар екі адам: Сабытай мен Жарылғап. Бірі ат үстінде, бірі арбада.<--break->

Үйден Назар да, Қайып та шығып, қонақтарды төс қағыса қарсы алып жатыр. Сабытай Орынбордан жаңа арбамен келіпті. Дөңгелегінің күпшегі қажалмаған, кегейі мықты, айнала қоршау құрсауы жаңа сырланған, тұла бойы жып-жинақы әдемі арба. Әрі жеңіл, әрі атқа ғана жегіледі. Сабытай үйдің қасына келіп, тоқтаған соң арбадан түсті. Сампылдап сөйлеп жатыр. Сөзді жасы үлкен сөйлесін дегендей, Жарылғап үндеген жоқ, жайымен атынан түсіп, тізгінді арбаның бір құлағына байлап жатты.

– Аманқыз, – деп шақырды есік алдында жүрген Аманқызды Сабытай, – Келін, мында кел. Астындағы екі қап ұнды Назар мен Жарылғап түсіріп жатыр.

– Келін, – деді тағы да Сабытай, – шайыңды тездет. Соғымға деп мына Жарылғап ту байтал жетектеп келді. Күн ашықта бүгін соны жайратып тастайық.

Жарылғап Нұрқанға үйленген. Мынадай жағдайға ұшыраған Қайып тойға қатыса алмады. Қайып басы-қасында болсын, – деп Жарылғап тойды кейінге қалдырғысы келіп еді, Сабытай оған көнбестен, болар істі тездетіп жіберді. Алыста жүрсе де, Нұрқанның ет жақын ағайындары, шешесінің төркіні, нағашылары бар. Олар келіп Нұрқанды көшіріп әкетуі де мүмкін еді. Осы жағын ойластыра келіп, Жарылғапты асықтыруға тура келді.

– Хайрулла аманба? – деп сұрады Қайып қонақтар жайғасып отыра бергенде.

– Аман. Енді ол жаз шыққанша елінде болады ғой, – деді Сабытай.

Қайып Хайрулланы бекерге сұрап отырған жоқ, мына сырқатынан арылар болса, Кедейлердің ауылына тағы бір жіберіп алмақшы ойы бар.

– Байдың қызын алып, бай болам деп шаршап жүрмін, – деді Жарылғап басын сипап отырып.

– Неге? – деді Қайып, – байлар шіреніп үйде жатушы еді ғой.

– Білмеймін, маған тыным жоқ.<--break->

– Саған әлі байдың маңғаздығы жұға қоймаған, кедейлігіңе тартып жүрсің ғой. Жарлы бейнетшең болады, малдың сынық тұяғына дейін өзің қарағандықтан, тыным көрмей жүрсің ғой, – деді Сабытай күліп.

– Рас. Солай, солай, – деді Жарылғап. – Кейде бірнеше күн қойды өзім бағып, қойшыларымды ел қыдыртуға жіберем. Нұрқан онымды жаратпайды. Мен оған қол сілтеймін. Қатынның айтқанын кім қылыпты. Жарылғап алғашқы кезде «қатынның қолына кірдім-ау» деп намысы келіп те жүрген. Өз ауылына көшіп кеткісі келіп еді, бір жағынан қоныс жайы болмайтын болды, екіншіден, Сабытай оны басты, «Сен күшік күйеу болмайсың, біреудің шал-кемпірінің қолына қарап қалған жоқсың. Өз шешең өз қолыңда. Бұл ел де алыс емес, ар жағы ағайын жұрт. Осы ауылда отыра бергенің жөн» деген.

– Бұл малды бай, мен ақшалы бай болуға айналдым. Екеумізде де, мал болғанда бір ауылға сыймас едік. Құдайға шүкір, туған інімдей болып қалды. Жетпей тұрғанымыз тек сен ғана, Қайып, – деп Сабытай сәл реңі бұзыла сөйледі. Қайып кеткелі ол тым жалғызсырап жүр.

– Аяғыңа тұрып, жазылып кетсең, ауылға алып кетем, бірге тұрамыз, – деді Жарылғап.

– Әрине. Үйің тігулі тұр. Сол отауың – отау . Сөзсіз өз үйіңе барасың. Әттең, әттең, – деп Сабытай тағы да мұңая сөйледі.

Қайып түйіліп төмен қарады. Ақбөбек есіне түсіп қайғырып отыр. Қанаты қайырылып қалғандай дәрменсіздігін сезеді. Алда не тұрғанын, артта не боларын болжауға шамасы жоқ сияқты. Әйтеуір тұнықта тұрған арманы біреу-ақ, Ақбөбекті кісі қолында қалдырмау. Аларын алып, Кедей жайына кетпеді, жеті мүшесіне зақым келтіріп, кетті. Адамдар арасындағы жаушылықты, қатігездікті енді байқағандай болып жүр. Өзі шариғатқа шорқақ, ендігі жерде ата жолына қарсы. «Қызды жасынан айттырып, біреуге басын матап қоюы қалай? Туып, дүние есігін ашқалы Алла адамға күлкі берген, жылауды қосқан. Адам бір нәрсеге сүйінсе күледі, сүйіспендік бар жерде күлкі болмақ. Құдай тағала біреуді біреу ұнатуға, сүюге ерік бермес пе? Ата жолының мынаны қалама, ананы сүй деуі әділетсіздік, тіпті қияңқылық.... Ақбөбектің өмір бақи жылап өтуі жаратқанның қай пендесіне керек. Пендесінің жаратпағанын ата жолы неге ұстайды?»... Қайып ұзағынан күрсініп, аздап еңсесін көтерді.<--break->

– Кеудемде жаным тұрса, Ақбөбекті мен ол елге қоймаймын, – деді Қайып өзіне-өзі қуат беріп.

– Қарағым Ақбөбек уызында жарыған тектінің қызы, көргенді бала еді ғой. Құдайым ажарды да аямай берген өзіне. Есіл ғана шырғым-ай... Есіме түскенде тынысым тарылып кетеді, – деп Сабытай өзінің қиналысын айтып, қабағын түйе басын шайқады.

– Әуелі мына сиқыңнан айығып алшы. Ендігәрі сені жалғыз жібермеспіз. Біз де қол жинап барып, еліне тиіп, Ақбөбекті қақ ортасынан алып шықпасақ па, – деді Жарылғап қыза, кіжіне сөйлеп.

– Жарылғап, інім, сен бұл сөзді тумаңа жаның ашығаннан айтып отырсың. Оныңа рахмет, тәңір жарылғасын. Бірақ қол жинау дегенді айта көрме. Ол атысу, адам өлтіру деген сөзің ғой, өзге жұрт емес, Адай Адайды шауып жатса не оңады. Онысын ру-ру болып қырқысып кетпейміз бе? Өйтіп елге ауа салсақ, бүкіл Адай арасы бұзылар. Бітісудің басқа жолын іздейік, – деп Назар қолын сілкілей, ат-тонын ала қашты.

– Иә, иә, – деді Сабытай, – ойлаған жөн, бір мәніске келерміз. Осы шешімге тоқтағандай басқалар үндемей қалды. Сабытай қол жайып, шайдың батасын қайырды.

Тағы да жел көтеріліп, ашық аспанда бірте-бірте ала бұлт торлай бастады. Биылғы жаз Маңғыстау ойында жауынсыз өтпеді. Нәр дарыған барлық аймақтың жері от, шөбі шүйгін. Сауырына ер тимей үйірде жүрген қысырақтардың семіздіктен айғырдан тоқтамай кеткендері бар. Жүні жылтырап, таңынан жарылайын деп жүрген олар күзде соғымға кетсе керек. Қысқа тақала бергеннен-ақ, соғым қамына көшу елдің ескі әдеті. Соғымға жылда негізінен бес-алты жасар азбан қойлар жаратылатын, биыл байлар жағы оның көбін базарлы болады деп күзгі жәрмеңкеге айдап, соғымға ту қысырақтарды жықпақ.

Көшіп жүрген елге жазғытұры, күздегі қырқым мен қыс басындағы соғым үлкен науқан. Ет тұздауға бірен-саран епті еркектер болмаса, ондайға көбіне бапкер сарығарын әйелдер шығады. Етті тұздаудың, жаюдың, кептірудің әртүрлі жолы бар, оны бабымен сақтай білсе, ет сөлінен айырылмайды, тарамыстанып кетпейді. Сонда асқан сүр еттің дәмі таңдайдан кетпейді! Берген шайы тәтті, асқан еті дәмді болатын әйелдердің ішінде осы үйдегі Қорабайдың әйелі Айсұлу жарамды. Ол өзі бүгін көңілді көрінеді. Көптен бала көтермей сырдаң жүрген келіні Аманқыз оңашада енесіне қойдың сүр етіне талғап жүргенін сыбырлап айтып қалған.<--break->

– Назар аға, – деді сырттан біреу.

– Иә, – деп дауыстады Назар іштен.

– Шүйінші, мынау сіздің мая емес пе? – деді ол.

Назар сыртқа шықты. – Ойбай-ау, мынау біздің түйе ғой, – деп ол ақ тұмсық, салпы ерін қара аруананың бұйдасынан ұстай алды. Қасында жүні желбіреген ақ бота. Боталы түйені айналып көріп жүріп: – Бұған қайдан кезіктің? – деп сұрады Назар ат үстінде отырған жігіттен.

– Жем бойынан келе жатыр едім, жолда бір ауылдың жайылып жүрген түйелерінің ішінен танып әкеттім, – деді жігіт.

Осы үйдің тартарына жарап тұрған екі түйенің бірі еді осы қара аруана. Өткен қыстың аяғында бошалап кеткен бұл жануар. Жаздай таңдайды кептіріп кетіп еді, міне енді келіп тұр хайуан.

Назар сүйіншіге үстіндегі түйежүн шапанын шешті де, берді әлгі жігітке. Жігіт қуанып тұрып, шапанды үстіне киіп алды.

Арқа беттегі тақырдан қақтың суын әкеле жатқан Айсұлу «Ақтұмсығына» жылап көрісті. Иесін таныған «Ақтұмсық» Айсұлудың иығынан бір искеді де, «мені сау» дегендей артқы екі аяғын жазып ыңырсыды.

– Қане жігіттер, – деді Сабытай тізесін сипап, Назар ішке кіріп хабарын айтып болған соң, – тұрайық та, сырттағы байталды жайратып тастайық. Құдайдың күніне сенім жоқ, жауып кетпесін, Қайып сен шықпа сыртқа, үйде отыра бер.

– Назар аға, – деді Жарылғап тысқа шыққан соң, – биылғы соғымдарың менің мойнымда. Ендігі келгенде, қой айдап әкеліп тастармын.

– Шай, шекер, ұннан да қам жемеңдер, – деді Сабытай Назардың арқасынан қағып.<--break->

Қырық төртінші тарау

 

Желсоқты болғаны болмаса Ақбөбек бұл жолы жан қиналарлықтай азап шеккен жоқ. Қуып жетіп, тағы да Қайыптың жанын көзіне көрсеткеніне іштей мәз болып қайтқан Есжан мейірленейін деді ме, әлде мазақпен табалайын деді ме, Есбергенді тоқтатты да, ана қуғыншының артында отырған Ақбөбекті ат үстінде тұрып көтеріп алды да, Есбергеннің алдына отырғызды. Өзі епетейсіз кейіпте миығынан күлді. Есберген құшағын жазып, алдына ала беріп еді, Акбөбек бой берместен жұлқынып қалып, аттан жерге секіріп түсті.

– Әй, малғұн! Үйіңдегі қызыңды өңгерт мұның алдына, білдің бе! Жағадан алған жау адамға ондай шарапат етпейді. Ей, көрім! Жендет! – деп Ақбөбек Есжанға қарай қолын сермеді.

Есжан аузын ашқан жоқ, бұлардан озып кету үшін тебініп қалып, атына қамшы жұмсады.

Ақбөбек Есбергеннің артына мінгескен жоқ, бұрынғы атына мінді. Есжан әудем жерде, алда. Басқа жорықшылар үнсіз, бір-біріне де қараспайды, еңселері түскен күйде құр селбемен келе жатыр. Бел-белессіз мидай далада бүгін жүгірген аң да, ұшқан құс та көрінбейді.

Тағы да жау қолына түсіп, үміті кесілген Ақбөбектің ойы Қайыптың үстінде. Өлі ме,тірі ме? Қайыптың ат үстінде тұрып, Есжанмен алысқанын, оған бір-екі қамшы жұмсағанын көрді. Соң қуғыншылардың оған топырласа жабылғанын, олардың Қайыпты аттан аударғанын көзі шалды. Жығылған Қайыпты Есжанның тебе бастағанын көргенде, Ақбөбек көзін жұмып, бетін басқан, одан арғысын ол білмейді, қуғыншылар оны алып кеткен.<--break->

Жүргіншілер ауылға намаздыгер кезінде жетті. Есберген атынан бұрын түсіп, сүйеп түсіремін деді ме, Ақбөбек мінген атқа қарай жақындай беріп еді, ол оң қолын сілтеп, ат үстінен: – Әй, жолама! Кет үйіңе! Қолға түсірген жауыңа қол ұшын беріп есіркейін дедің бе?! Жолама қасыма! – даусын көтере уытты сөзбен шарпи сөйледі.

Ақбөбектің бетіне қарай да алмаған Есберген бірден тоқтап, жалтақтаған қалпында ізінше өзінің үйіне қарай бұрылды.

Аттан түсіп жатқан Ақбөбекті көргенде, Рабиғаның жүрегі зу етіп еді.

– Бейбақ-ай, тағы да қолға түсіпсің-ау, – деп іштей күбір еткенмен, сырт пішінінде сыр білдірместен, Ақбөбекті қарсы алған болып жатыр. Ақбөбек кетерде, ол сәттілік тілей, оның бетінен сүйіп қалып еді. Енді оған жаны ашып, іші-бауыры елжіреп тұр. Үйге кірген соң, Ақбөбек Рабиғаны құшақтап еңіреп қоя берді, «Бастан бақ тайса, көретін күнің осы да» деп ол да жылады.

Арадан апта өткен. Қолтығында үлкен ақ түйіншегі бар, жасы ортадан асқан, бетінің шешек дағы бар, ақшыл реңді әйел есікті екпінмен айқара ашып, Ақбөбектің үстіне кіріп келді.

– Аман сау ма, шырағым, – деп сөйлей кірді.

Ақбөбек ауыз ашып сөйлемеді, тек ернін жыбырлатқан болды.

– «Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ, жақсының ашуы бар, кегі жоқ» – деген, қарағым. Қайтарып әкелді деп кек тұтпағайсың, төрем, – деді ол отыра беріп.

Ақбөбек тағы да үндемеді, әйелге көзінің аласымен қарады да қойды, әйелді суқаны сүймей отыр.

– Мен Рабиғаның енесі болам. Анда-санда осында соғып кететінім бар, – деді ол хабарын айтқан болып.

Ақбөбек тіл қатпады, тағы да көзінің қиығын тастап отыра берді.<--break->

– «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қияғы бүтін сұңқар жоқ», ботам. Кемідім деп қамықпа. Кемді күнгі көңілдің ортасы кейін толысып кетеді. «Жалынсаң, жақсы кешірер, жанысаң болат тым өтер» деген сөз бар. Осы ауылдың тілегін тілеп, осы елдің әруағын сыйлап, Демесіннің атынан саған жалбарынайын деп келіп отырмын. Терісімізді кешір, қарағым. Бетіңді бері қаратқайсын, – деп сөзін соза түсті әйел. Өңі шырайлы, киім киісі жинақы мосқал әйелдің сөз жүйесі тым жатық, құлақ құрышын қандырып, жай адамды баурап әкетерліктей сыңай байқатып тұр. Бірақ Ақбөбектің іші-бауырына кіре алмай тұрғанын өзі де байқап отыр. Бір ғана отбасы емес, бүкіл рулы елге өшіккен Ақбөбек оның сөзіне жібір емес. Бай қызына тән паңдығына салып, көзімен басқа жаққа тесіле қарап, көкірегін көтере үнсіз отырды.

– «Жақсының жақсылығын айтсаң, әруағы тасады». Сенің ел-жұртыңды, әкеңді білем, Адайда аты шыққан, сақи мырза кісі. Ілуде біреу болмаса, жақсыдан жаман тумайды, балам, – дегенде Ақбөбек іліп кетіп:

– Шеше, сол ілуде бірдің жаманы біз болармыз, – деп қалды.

– О, қарағым-ай, олай деме. Сен жақсылығыңнан отырсың расында, жаман болсаң кімге керексің, жақсы адам құдайдың салғанына көнер болар. Бұдан былай өткеніңе салауат етіп, назарыңды ашқайсың, қарғам, қайғыны қой. «Уайым түбі – теңіз, батасың да кетесің», – деп еді әйел, Ақбөбек: – «Тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де, өтесің» деген, мен тәуекелге мінген адаммын, – деді сөзге тоқтау айтқысы келіп.

– Үлкеннің ақылын арқалаған кем болмайды, қалқам. Ұлы басымды кіші етіп, алдыңа келіп отырмын, өтінем, жөнге көш. Барға келдің, жоқта не бар? Демесін атаның көсеуі ұзын, тұқымынан қазаны қаспақты адам. Оның жалғызы Есберген кімнен кем, өндірдей жігіт. Жалғызға келіншек болу бақыт емес пе. Байдың келіні болып шалқып отырмайсың ба, бұл жүрісің не азап.

– Басқа айтарың бар ма? – деп Ақбөбек әйелге туралай қарады.<--break->

– Айтарым көп, енді бері қара, келін. Мына дүниені ата-енең беріп жіберді. Мынау Орынбор жәрмеңкесінен алдырылып, саған арнап тігілген киімдер, – деп әйел ақ түйіншектің түйінін шеше берді. Ақбөбектің өз үйінде көрген таныс маталарынан тігілген киімдер. Ақпатшайы көйлек, қызыл мақпал бешпент, сырты қара мандаламен тысталған ақ елтірі ішік – бәрі де өз үйінде бар дүниелер, көзге таныс нәрселер. – Бұл үйден дүние керегің табылады, қарағым: тоқа мен дүрия, ақмаржан, алтын, күміс, гауһар тас дейсің бе, бәрі табылады, – деп сапырып сөйлеп отыр.

– Мен бұл үйден киім кимеймін, шеше. Өз киімім өзіме жетеді, – деді Ақбөбек жатқан заттарды әйелдің өзіне қарай ысырып.

– Сағымды сындырма, келін. Қазір шешін де, мынаның бәрін үстіңе киіп ал, құдай құтты қылсын, – деп әйел жалбақтады.

– Мына дүниені алған жеріңе қайтып апарып бер, мен бұл елге киім киейін деп келгенім жоқ.

– Жалынамын, қызым. Аяғыңа жығылайын, несі бар, абыройы бар жақсының баласысың ғой, киіп ал, – деп әйел қиыла жалбарына берді.

– Жоқ, кимеймін! Саған менен бір өтініш бар, соны айтып бар Демесінге.

– Айт, қарағым.

– Демесіннің әйелі мен баласы маған келіп жолықсын. Заттарын өздеріне апарып бер.

Рабиғаның судыр енесі түйіншегін қайта буып, қолтығына қысты да, үйден шығып кетті.

Есберген шешесін ертіп, Ақбөбек жатқан отауға кешке таман кірді. Ақбөбек келе ме, келмей ме деп екі ойлы болып отыр еді. Үстіне үлкен кісі кірген соң ибалық жасап, орнынан тұрды.

– Тәңір жарылғасын, қалқам. Аман ба? – деді Дәмелі.

– Әйтеуір бармыз ғой жалған дүниеде, – деді Ақбөбек орнына отырып жатып.<--break->

– Біздің үйге ренжіме, қалқам. Бізде кінә жоқ. Елге ойран салып жүрген де біз емес, елдің елшілігі бар, араға шауып жүрген басқалар, ағайындар, – деді Дәмелі жайсызданғандықтан тұтыға сөйлеп. Ынжықтау, тегі жуас, Ақбөбектің пысы басты ма қалай. Бойы шарғалау болғанмен, қара торының сұлуы, бірақ бойы қораштау, жас кезінде тықыраңдаған пысықай еді, бертін келе ауыр мінезді Демесін әсер етті ме, осы әйел өз-өзінен жүнжіп кеткен сияқты, осы отырысында ол Ақбөбекке тіке қарай алмай, жасқаншақтық жасағандай кейіпте еді. Ақбөбек байқап отыр, оның бойында кәдімгі байдың бәйбішесіндей паңдық көрінбейді.

Осы кезде Ақбөбектің көз алдына өз шешесі Зиба елестеді. Шешесі есіне түскенде, жүрегі елжіреп кетіп еді, айналасына бір қарап, тағы өзін басты ол. Жау қолында отырғаны лезде зердесін ду еткізіп, енді оның жүрегі қайтадан қатуланайын деді.

– Біз келдік алдыңа, не дейсің, қалқам, – деді Дәмелі Ақбөбекке жыпылықтай қарап.

– Есітіпте жатырмын, көріп те отырмын. Сендерді кінәләудің реті жоқ тәрізді, дегенмен айтарым бар.

– Иә, қалқам. Айта бер.

– Қару кезеніп барып, біреудің отанын бұзып жүрген адам сендердің ана Есжан қаныпезерлерің.

– Иә, солай... Біз одан аса алмадық қой.

– Енді бәрібір. Мен бүгін де осы Кедей ауылында Демесін байдың тұтқыны болып отырмын, әңгіме менің үстімде болған соң, білгім келіп отыр.

– Қане, Есберген, сен айтшы. Аулыңның би-болысы, ақсақалдары бар, солар не түйінге келді екен, соны білмекпін.

– Бұл дауға би-болыс араласып жатқан жоқ, ал үлкендер жағы сенің әкеңе өкпелі. «Қызын біреумен қашырып жіберіп, бізді жесірімізден айырды» деп жатыр, – деді Есберген міңгірлеп.

– Әкең молда шақыртты деп есіттім ғой, – деп Ақбөбек Есбергенге тікелей қарап еді, анау қабағын төмен түсірді.<--break->

– Есжан ағам келіп молда шақыртқаны рас, бірақ қажы «біреудің балалы әйелін елге тиіп зорлап әкелдің, оған бата жүрмейді» деп неке қиюдан бас тартты. Есжанның «сен болмасаң, басқа молда шақыртам» дегенін есіттім, – деп күмілжіді Есберген.

Жау қолында егес-шайқасқа бойы үйреніп, әрі Есбергенді менсінбейтіні бар ашынып алған Ақбөбек, өзін тым еркін ұстап, жол көрген кексе адамдарша сөйлейді. Туралап қарап, Есбергеннің тұрпатына назар аудара сынап отыр. Арғы тегі құлға шатыс па, Есберген оған иығы пұшықтау әрі жазық маңдай емес, жар қабақтау сопақ бет, құл тұмсықты, жалпы су мұрындау болып көрінді. Баданадай арбиған саусақтарының үстінде аңдаған жүн көрініп тұр. Ана жылғы ұрын барғандағысынан бір шама өсіп, толысайын депті. Есіл-дерті Қайып болып ынтасымен соған беріліп кеткендіктен, бұған Есбергеннің рең-басы, түр-тұрпаты тіпті ұнамай отыр.

– Молда шариғат жолын көздеген ғой байғұс. М-м-м... – деп Ақбөбек басын изеді.

– Ол кісі Меккеге барып келген үлкен ақұн. Ол құрандағыны тіке айтатын адам, – деп Дәмелі сөзге араласты.

– Мен Қайыптың некелеп алған әйелімін. Ай-күніме жетіп отыр едім. Есжанның тобыры барып құтты үйімнің шаңырағын ортасына түсіріп кетті. Онымен тұрмай, Қайыптың қос табанын тіліп, жарасына тұз құйып кетті ғой айуандар. Жолда босандым, ұл таптым, сол баламды мына Есжан жендет өз қолымен өлтірді, өтірік десеңдер сонда қуғыншы болып барған Тілестен, Шүреннен, Қапаштан сұраңдар. Сендер анығын есітпеген шығарсыңдар, есітсін деп айтып отырмын, – деп Ақбөбек жыламсырай отырып, даусын көтере өжеттене сөйледі.

– Ой, Бекет-ай, жас бөбекті өлтіруге қалай қолы барды екен, – деп Дәмелі жағасын ұстады.

– Сонда сен жас басыңмен біреудің төсегінен шыққан, бала тапқан әйеліне қосылмақпысың? – деп сұрады Ақбөбек Есбергенге қарап.

– Қайтем, «ал» десе, алам да, – деді Есберген қорс етіп. Ақбөбек «әй, құдай-ай, жарата бересің-ау»... деді де, ар жағын айтпай төмен қарап ойланып қалды. «Мынау жетекте жүрген ит қой өзі» деді ішінен. Ақбөбек мына сөзіне қарап Есбергеннен түңілейін деді.<--break->

Иә, адам баласы бірдей болып жаратылған ба. Ұнату бар, сүю бар, бірақ оның бәрі махаббат емес. Махаббат әркімнің басында бола бермейді. Ол қылыштың жүзіндей өткір. Махаббат жүректен шығады. Батырлық та жүректен шығады десек, екеуінің де ұясы бір. Махаббаттың тілі біреу-ақ, ол тек соның иесінде. Шешімі де біреу-ақ, ол да сонда... Махаббат көлденең пікірге, өзіне қарсы пікірге ешқашан көнбейді. Махаббат тек сүйіктіге ғана ұяң, әлсіз, ал өзгеге қатты. Ақбөбек осы отырысында Есбергенге аса қаттылық жасап отыр ма... Ол ой үстінде отыр еді. Бір сәтте Қайып оның көз алдына елестеп кеткен. Оның түр-сымбаты, жүріс-тұрысы, шырын көзі, ойын-күлкісі – бәрі, бәрі көз алдына келіп іркілген.

Ақбөбек енді сөзді басқа жаққа аударып, айла-амал іздеу жағына көшті. Оның пікірі Демесінге сөз салып, оны көндіріп, кемді күнге болса да өз басын тұтқыннан босатып алу.

– Есберген, сен осы үйдің азаматы болсаң, жақсылап ұғып ал, маған киетін киім беріп жіберіпсіңдер. Мен жаудан түскен жалаңаш-жалпы күң емеспін. Менің елім, отаным бар, Маңғыстауда әке-шешемнің үйі тұр, өздерің білесіңдер. Сендерден мен қазір киім кимеймін. Ата-анамның тіктірген киімдері жетеді маған. Әңгіме киімде емес, сендерге басқа айтарым бар, – деді Ақбөбек екеуіне кезек қарап отырып.

– Айт, қалқам, айт, – деп Дәмелі еңсесін көтере түсті.

– Мен кешеден бері ойланып отырмын. Басымды тауға-тасқа ұрғанмен, еш нәрсе шығар емес. Құдайдың жазғаны маған осы ма деп отырмын...

– Солай, солай, – деді Дәмелі елпектеп.

– Алланың бұйыртқаны маған осы үй шығар.

– Іләйім, әумин, – деп оның сөзін іліп кетті Дәмелі. Есберген де қабағын көтере сәл жымиған болды.<--break->

– Олай болса әтекеме айтып, өздерің кеңесіп көріңдер.

– Иә, не деп? – Дәмелі елеңдеп шыдамсыздығын байқатып еді, Есберген де оған қосыла: – Тәтеме не дейік, – деп қалды.

– Мен енді Қайыптан күдер үздім. Оған ермеймін. Есбергеннің өзі айтып, маған қосылам деп отыр ғой, мен көндім. Істеп жүргенім менің қателік екен, – деп еді Ақбөбек, ана екеуі де орындарынан қозғалып, қуанғаннан күлімдеп кетті. Есберген Ақбөбектің бетіне жалтақ-жалтақ қарай берді.

Ақбөбек те жылы шырай байқатып, маңдайын жаза күлімдеген болды. Тағы да сөзін жалғап Ақбөбек: – Әтекеме айтыңдар, мені төркініме апарып тастасын. Құдасы дүние-жасаумен мені ұзатсын. Екі жаққа да абырой болар. Иә, менің де еткен айыбым сонымен жуылып кетеді, – деді.

– Әй, қарағым-ай, мына сөзің тым орынды шықты ғой. Болды, шалға жеткізейік сөзіңді, – деп Дәмелі орнынан тұрып кетті. Ойламаған жерден тілектері орындалған баласымен шешесі есіктен қатарласа аттап шығумен болды.

Ақбөбек жауап күтіп жатқан. Көңілі тоқ, күткені жаксылықтың шаранаты еді. Арадан екі күн өткенде, есік алдынан тықыр шықты, Ақбөбек үстіндегі бешпентінің ілгегін салып, басындағы жаулыған түзеп, маңдайына түсіріңкіреп қойды. Қапелімде келе жатқан Есберген бе деп те ойлап қалды. Сыртта есік ашпастан бұрын қақырынып сес беріп алды біреулер. Есікті ашып бірінен кейін бірі бас көрсетіп жатқандар Демесін байдың үйшілері – шомбал қара Тілес, шибұт Шүрен, бойы сорайған талтақ Қапаш. Есжанның ертіп жүретін қуғыншылары осылар. Бұлар келді де, есік алдында жүресінен отыр кетті.

Ақбөбек бұларға көзін алартып бір қарады да, елемеген кісідей жүзін бұрды.

Сөзді Тілес бастап, қарлыққан үнмен: – Акбөбек, Бөбекжан, бері қарашы, айналайын. Мына үшеуміз кешірім сұрауға саған келдік, ғапу ет, кешір бізді, – деді ол көкірегіне қолын апарып. Басқалары да көкіректеріне қол апарып, жерге қарай бүкшие бастарын шұлғыды.

– Нені кешірем, байымнан ажыратып, баламды өлтіргендерің үшін бе! – деп Ақбөбек енді ашумен бері бұрылып, оларға тікелей қарады.<--break->

– Рас, мойындаймыз, – деді Шүрен.

– Нені мойындайсыңдар, жауыздар! Баламды өлтірген қайсың іштеріңде?!

– Баланды біз өлтіргеніміз жоқ. Біз тек қуғыншы болып бардық, соны кешір. Біз айтқанды қылатын адамның итіміз. Бізде не бар, – деп Тілес сәл еңсесін көтерді.

– Баламды қайсың өлтірген?

– Балаңды жаулығыңа орап, құндақтап қойған мына мен. Есжан оны құндақтаулы күйінде теуіп-теуіп жіберді де, көрдің тесігіне домалатып жіберді, – деді Тілес тағы да жерге қарап.

Ақбөбек баланың қалай өлгенін, оны кім өлтіргенін анық білмеуші еді, анығына енді жетті.

– Қайыптың табанына тұз құйған кім?

– Біз дейсің бе, Есжанның өзі да.

– Кейінгі барғанда Қайыпқа не жасап кеттіңдер?

– Біз білмейміз. Біздің қарап тұруға мұршамыз болды ма. Сені жетелеп кеттік қой. Жығылып жатқан Қайыпқа Есжанның найза тірегенін ғана көрдік, – деді Қапаш сабырлы үнмен.

Ақбөбек ар жағын қазбалаған жоқ, екпінінен қайтып, назары түсе төмен қарап қалды. Оның жүрегі күпті еді, бұлар Қайыпқа жазым қылып кетті ме деп қатты қиналып жүрген. Ол баласының өлімін де осылардың біреуінен көріп күмәнданатын. Бүгін кезі келгенде, соның бәрін сұрап анықтап алмақ.

Тілес еңсесін көтеріп Ақбөбекке қарады да:

– Біз найзаның ұшында, пышақтың қырында жүрген адамбыз, қожамыз не айтса, соған барып ұрынамыз. Саған жанымыз ашиды, бірақ не амал? Біз сенің алдыңнан бір жақсылықты есіткесін келіп отырмыз, кетсе, кешірім сұрап татуласып қалайық деген ниеттеміз, – деді.<--break->

– Не жақсылық? – деп сұрады Ақбөбек иегін көтеріп.

– Бүгін байекемнің үйінен естідік, сені еліне апарып тастайтын болған көрінеді.

– Есжан болған жоқ па Демесіннің үйінде?

– Жоқ, бұл үй ішінде болған әңгіме.

Ақбөбектің іші жылып қуанды, бірақ сыртқа сыр бермеді. Бұл үйдің еркектерінің кім айтса, соған еретін әдеті бар, әсіресе белділер айтса құрдай жорғалайды. Соны білетін Ақбөбек бұлардың сөзіне егер Есжан араласса, бәрін бұзып кетуі ықтимал деген күдік отыр.

– Мақұл, бара беріңдер. Сендерде не айып бар, – деді Ақбөбек.

Олар есікті бөксесімен ашып, иілген күйінде біртіндеп шығып кетті.<--break->

Қырық бесінші тарау

 

Жалғанның жарылқаған күні аз екен. Ақбөбектің Қайыппен бірге өткізген қызық дәурені бір күнгідей болмай зырғып өте шыкты. Түн ұйқысын төрт бөле күні-түні қайғы жұтып, ішқұсалықта әуре-сарсаңмен жүргенде жаздың жарымы өтіп кетіп еді. Қайыпқа сенімі мол Ақбөбек тағы да жүздесем, әлі де құтылып кетеміз деген үмітте күн санап ынта боп жүретін. Қайып көз алдынан кетпейді, оны ойлаған сайын жүрегі тулап, бойы қызып кетуші еді.

Қайыптың жаздай хабар-ошарсыз қалғанына қарағанда оған бір нәрсе болды деп ойлады Ақбөбек. «Есжан тұра алмастай қылып зақымдап кетті ме?» деген күдігі бар. Тағатсыз сағыныш пен қалың қайғының өртін жамылып жүргенде, қыс келіп, міне ол да өтіп барады. Уақыт озып, ара алшақтаған сайын шерлі көкіректің зілі басып, Ақбөбек төсек тартуға айналды.

Көппен жүріп азап шеккеннен гөрі жалғыз жатып қайғы тартқан жаман. Адам өзін-өзі кеміріп жеп қояды. Күзет күшті, қақаған қыста жатқан қарды сықыр-сықыр басып үйді айналып жүреді. Әсіресе түндегі тықыр Ақбөбекті тіпті ұйықтатпайды, сол тықыр жүрегіне найзадай қадалып, тұла бойын тырыстырады. Ақбөбек бұрын бір сәт ұйықтағанда түс көретін, түсінде көбіне Қайыпты көруші еді. Енді басқан табанның сықыры одан айырды. Биылғы қыс тым ұзаққа созылды. Аязды күндер аз, боранды күндер көп болды.

Рабиға түнде өз үйінде, күндіз келіп Ақбөбекке шай-суын беріп кетеді. Ол өсекке үйір әйел емес. Анда-санда Ақбөбекпен әңгімелесе қалған күнде де ауыл-үйдің өсек-аяңын тасымайтын. Демесіннің үй-іші жайында, Есберген жөнінде бірауыз бұралқы сөз айтқан емес. Айтары Ақбөбектің өз басы туралы ғана, оған жанашырлық білдіріп, үмітіне үміт қосады, басу айтып, жұбатады. Ақбөбек жайында да елге сыр шашпаған, шұқылап сұрағандарға айтатыны «білмеймін».<--break->

Есберген әкесімен қырбай, соған өкпелегеннен өткен жаздан бері ол Ақбөбектің үстіне кірмей жүр. Есберген Акбөбектің сәлемін жеткізгенде, әкесі көнген, мақұлдасқан. «Өзің апарып келерсің» деп те уәде берген. Артынан Есжанның үйіне барып келді де, Демесін айныды, сөзден тайды.

Қырыстығы ұстаған Есберген әкесіне: «Мен қатын алсам, ата-анасының қолынан ұзаттырып алам, зорлап әйел алмаймын», – деп қолын сілтей орнынан тұрып кеткен. Айтқаны болмаған соң, Есберген содан бері ынжықтықпен Ақбөбекке көріне алмай жүр.

...Қайып Қаракерді омырауынан қағып-қағып қойып, қыстай қол тимегендіктен, түйдектеле ұйысып қалған өскелең ұзын жалын саусақтарымен сүзгілей тарамдап жайымен тарап тұр. Қыс көріп суық шалған жүні де ұйпалақ тартқан. Сауыры суалайын деген бе, бұрынғыдан ойпаң көрінеді, түгі шаң басқандай бозғылт. Көптен көрмей иесін сағынып қалған жануар Қайып қасына барғанда, жер тарпып мекіренген. Иесі жалын тараған соң енді бұйығып мүлгіп тұр. Шамадан тыс аязды, боранды күндері Қайып Қаракерді күркеге кіргізеді. Қатты аязда байлаулы тұрса, тұяғы мұздап, жылқының суықтан өліп кететіні бар. Өзі жоқта ол атқа қамқорлық ететін бұл үйде тек шешесі ғана.

Қайып аттың жабуын алып, күркеге апарып тастады. Ержүректікке салып іштегі қайғысын сыртқа шығарғысы келмейді. Елге көрінуге қошы жоқ. Өлмей тірі айрылған жаман, барған сайын құтсыз сапары оның жанын жегідей жеп барады. Содан ба өзі жүдеу, биыл ұсқынсыз. Үй ішінде жалғыз ғана Назармен сөйлесетін, ол да анада: «сол қатынды қой енді, қоймасаң, мерт боласын, не өлесің. Қыз айттырайық» деді. Сонда бұның ісіне үй іші түгел қарсы. Қайып ағасымен де сөйлеспей қойды. Қапаста отырған Қайып бүгін жарық дүниеге шығып, бой жазып қайтайын деп еді.<--break->

Жер бетінде жұқалаң қар жатыр. Аспан ашық, күн сәскелікте. Күн көтерілген сайын шымыр аяздың беті қайтайын деді. Қайып атқа отырды. Ауылдан былай шыға ат тізгінін терістікке бұрды. Жұмсақ жердің күнгей бетінде қар жоқ, үсті қатқақ, асты жұмсақ. Ат тұяғы құмға батып, кейде омбылай жаздайды. Қыстай жол жүрмей тыңайып қалған Қаракер құмды жердің жол ауырлығын сезбегендей желе жортып келеді. Бағыт түстік жердегі Сабытай мен Жарылғаптың ауылы. Ауыл Сам құмының иегіндегі бұталы ойпаңда.

Қайып ыңылдап ән салып келеді. Кедейлердің соққысынан көп азап шеккен ол қысқа таман бойындағы ісіктің ізі қалмай тәуір болған соң, қатты қапалықта жүріп, Ақбөбекке арнай бірнеше өлең жолдарын үйіріп қойған. Енді соған ән шығару үстінде.

Өз аулында іштен шығармаған өлеңін бүгін Жарылғап үйінде айтпақ.

Су тарттым шымыраудан сусындауға,

Қолыма ілінді ғой тесік қауға.

Алыспай дұшпаныммен кете алмаспын,

Кедейден қалғанымен жаным сауға.

Келеді көшіп ауылым Сам құмына,

Көрген қызық айналды бәрі мұңға.

Ақбөбек, ала жаздай бара алмадым,

Тұра алмай жау дертінен жатып сында...

Қайыптың алдындағы еңістен қараңдап бірінің артынан бірі жорыта екі қасқыр өтіп кетті. Олар былай барды да, бірі-бірінен кейін ұлыды. Қасқырды көрген соң, Қайыптың ойы бөлініп кетті.<--break->

Түс ауа бесіндікте Қайып ауылға келіп жетті. Қыс айы қайда шықсын, ауыл адамдары үйлерінде екен. Қайып жасы үлкен аға, сәлем беріп шығайын деп әуелі Сабытайдың үйіне түсті. Бара әдейі асығыстап, Түймешке қазан астырмай, ішіліп жатқан шайдан ауыз тиді. Ендігі түсетін жерін айтып, үйден шыкты.

Жарылғап үйде екен. Өзі бір жақтан жол жүріп келген бе, дойырын төр жақтағы кереге басына іліп, енді бел шешіп жатыр. Нұрқан сырттан жарқылдай кіріп, Қайыпқа қарай күле сөйлеп келеді. Жарылғаппен енді амандаса берген Қайып құшағын жазбай тұрып Нұрқанға:

– Қане, құрдас келін, кел бері, маңдайыңнан сүйейін, – деді енді оған қарай ұмтылып.

– Келіні несі шырақ-ау, – деді Қайыпқа жақындай берген Нұрқан күліп.

– Оның менен бір-екі күндік үлкендігі бар, – деді Жарылғап Қайыптың иығына қол артып тұрып.

Көп ұзамай Жарылғаптың шешесі сары кемпір Күнбибі үйге кіріп, келісімен Қайыпты құшақтай алып, еңкілдеп біраз жылап алды. Ол көзінің жасын жеңімен сүртіп тұрып: – Ауылды сағынып кеттім, – деді.

– Сырласып тұратын адамдарыңды сағынасың екен. Өз ауылыңа не жетсін.

Қайып Күнбибінің арқасынан қағып:

– Шеше, жаз шықсын, елге араласасың әлі, – деп күлді.

– Мамам бұл жақты жерсінбей жүр, – деді Жарылғап шешесін жабырқаған пішінмен.

– Көшейік, елге қосылайық деймін. Мына балам да, ана қатыны да бой берер емес, – деп Күнбибі қазан-аяқ жақтағы орнына барып отырды.

– Шеше-ау, бұл ел алыс па, ол Бегей болса, бұл Жаңай – бәрі де Тобыштан тараған, – деді Қайып үстіндегі сеңсен тонын шешіп жатып.

– Әй, ұяласқа не жетсін...<--break->

Қайып Жарылғапқа мал сойдырмай, Нұрқанға сүр астырып жатыр еді, Жарылғап Сабытайды шақырып келем деп кеткен. Барса үйінде екі адам отыр, бірі Әлмағамбет би мен оның қасынан қалдырмай үнемі ертіп жүретін атақты ізші Сәрсен.

Жарылғапқа табанда ой түсті. Үйленгелі есік көрмеген елдің биі еді, осыны үйіне шақырғысы келді. Би мен болыс ел адамы, оған бар адамдар үй көрсетіп, қонақасы береді, ол да бір мәртебе.

Жарылғап келген қонақтарымен қоса Сабытайдың үй ішін шақырып кетті.

Жай қонақтарға бұрын дастарқан жаятын үйші келіндер болатын, бүгін шайды Нұрқанның өзі құйып отыр. Басына ақ жаулық түскелі Нұрқанның тұрқы өзгеріп, тіпті ажарланайын депті. Бұрамы келтірілген ақ жаулық пен екі құлақтағы гауһар көзді ұсақ түймешіктері тізілген майда қоныраулы қос шығыршық ақ жүзін одан бетер нұрландырып тұр.

Қайып құрдасы Жарылғаптың Нұрқанға үйленгеніне тым риза, оны бақытты санайды. Сол бір кімнің кім екендігін танытатын алмағайып кезең еді: Жарылғаптың әйелі жоқ, бойдақ жүр. Нұрқанның шешесі қайтыс болған, бір отанда жалғыз қалды, Қайып та әйелсіз еді. Сонда осы екі жігіт Нұрқанның қалауына түскен сияқты. Нұрқан мал-дүниеме қызығады деп ойлады ма, Қайыпты өзіне тартам деп біраз әуреленген. «Ақбөбектен өліп қана айрыламын, болмаса жоқ» деп жүрген Қайып Нұрқанның дүниесінс қызықсын ба, ол Жарылғапты үйлендіруге әрекет жасады. Араға түсіп жаушы болып жүріп, ақыры қызды жан досы құрдасына қосқан.

Шай құйып отырған Нұрқанға көз қиығы түскенде, Қайыптың көз алдына Ақбөбек елестеді. Жас жігіттің жүрегі елжіреп кетіп еді. «Әттең дүние-ай, Ақбөбегім болғанда ғой, мына келіншектің қасында қос сұлу болып отырмас па еді» деп ойлайды.

Әлмағамбет би сөзге мығым, төңірегін зеріктірмейтін адам. Өткенді қозғап шешіліп сөйлеп отыр. Алты қанат ақ үйдің іші ыссы, отырғандар сырт киімдерін иықтарынан кейін ысырып тастаған.

Жасынан тирақ Нұрқан бұл үйге жазы-қысы ыс болады деп жалпылдақ отын жақтырмайды. Қыстағы үй қыздыратын айласы – жанып түтіні басылған сексеуілдің қызыл шоғы. Сырттағы үйдегі асылып жатқан қазанның астынан үйші әйел жаңа бір әзірде сары шылапшынмен үйіп шоқ әкеліп тастаған, әне тағы әкеле жатыр.<--break->

– Адай атамыздың екібаласы болған ғой: Құдайке, Келімберді. Құдайкеден Қосай болса, одан алты ұл туыпты анамыз: Байбол, Тіней, Әйтей, Бегей, Бәли, Сүйіндік. Келімбердіден де алты ұл тапқан анамыз: Ақпан, Құнанорыс, Балықшы, Жеменей, Тобыш, Мұңал.

– Иә, айта беріңіз, – деді Сабытай бидің сөзін қуаттап. Сабытай сөзге шорқақтау, содан ба, әлде осы жұрт оны «Қалталы бай» деп атап жүр, содан ба, әйтеуір маңғазданып көп сөйлейтін болып барады. Бұл жолы сөйлеуінен тыңдауы көп.

– Бұл қазақтың бармаған жері, баспаған тауы бар ма, – деді Әлмағамбет шай-батасынан кейін шегіне отырып. – Маңғыстауға біз кейінірек келген көрінеміз. Бұрын да жеті жұрт көшкен Маңғыстаудың жеріне кіші жүздің ішінде тек біздің ел ғана төзімділік жасап қоныстанған екен. Қысы қатты, жазы ыссы, ағын суы жоқ, кім шыдасын бұған.

– Ол рас-ау, көрген күніміз азап қой өзі, – деп Жарылғап басын шайқады.

– Ата-бабамыздың әрқайсысы әр жерде қалған, – дей беріп еді Әлмағамбет, жастық шынтақтаған Сабытай басын көтеріп:

– Әлеке, осы Адай атамыз қайда қалды екен? – деп сұрады.

– Адайдың сүйегі сонау Сауран деген жерде жатыр дейді. Ол өзі Еділ, Жайықан былай тым алыста көрінеді. Неше айлық жол екенін құдай білсін.

– Ал басқа аталарымыз ше?

– Құдайке бабамыз Сыр бойындағы Ташкент қаласының маңында деп есітеміз шалдардан. Келімберді ғана осы жаққа жеткен құсайды, мына Ақтауға жерленіпті. Ал Құдайкенің баласы Қосай Бесқаланың жерінде жерленген. Туыс бір болғанмен, шашылған нәсіп жан-жақта. Нәсіп теріп жүрген адамның қазасы да сондай, жан-жақта...<--break->

– Әрине ғой, – деді Сабытай.

Әлмағамбет:

– Күн артынан күн, жыл артынан жыл кетіп жатыр. Бір күн бір күнге ұқсамас, заман да сондай тұрақсыз, – деп жайымен сөзін жалғастырды. – Сөзден сөз шығады, мына бізге ата жау болып жүрген түрікпендер бұрын қазақтармен қойы-қоралас қоңсы болып отырған ел еді. Қыз беріп, қыз алысқан ғой бұлар. Біздің бір шешеміз түрікпеннің қызы екен. Тағы бір шешеміз қарақалпақтың биінің қызы көрінеді. Жаратқан Аллада алалық жоқ. – Бәрін бір қылып жаратқан. Алалық адамдардың өзінде, біріне бірінің жау болып жүргені содан.

– Кейбіреулер «алты арыс Адаймыз» деп жүр. Енді біреулер «сегіз арыспыз» дейді, онысы қалай? – деп сұрады Жарылғап.

– Келімбердінің алты баласы бар ма, ал оның ағасы Құдайкенің Тәзіке, Қосай деген екі баласы бар емес пе? Сонда екі атадан сегіз бала – сегіз арыс болады ғой.

– М-м-м, – деп ойланып қалды Сабытай.

– Шалдардың айтуына қарағанда Маңғыстаудан бұрын жеті жұрт көшкен дейді. Сол жеті жұрттың бірі болып есептеле ме, жоқ па, білмейміз біздің есімізде қалғаны ілгеріде біздің елмен көршілес көшіп-қонып жүрген түрікпен елі. Түрікпеннің бес руының осы Маңғыстауда болғаны рас. Олар өздерін «бес есенбіз» дейді екен, яки Егдір, Шәудір, Бозашы, Мұрынжық, Абдал – осы бес ру.

– Ой, Әлеке-ай, біз не білеміз. Ел арасында жүрген сіздерден естіп қаламыз әйтеуір, – деді Жарылғап. – Айта беріңіз, ақсақал.

– Қарап отырғанша күлейікші, – деді Әлмағамбет сақал-мұртын сипап. – Анада бір үлкен бір жиында болдым, сонда қызық оқиғаға кездессем бола ма. Он екі ата Байұлының әр руынан бар. Нағашы-жиенді адамдардың арасында әзіл-оспақ, бірін бірі мұқату, шенеу сияқты сөз жарыстары болып тұратыны бар емес пе, Беріштің бір жігіті отырған көпшілікке қыза қызбен бір әзіл тастады.<--break->

Беріш көрсең, бірі ерлікте. Шеркеш көрсең, бірі билікте. Таз көрсең, бірі саудада. Ысық көрсең, бірі ұрлықта. Есентемір көрсең, бірі қорлықта. Адай көрсең, бірі зорлықта...

Осы сөзді есіткенде, отырған топ күлісіп мәз болып қалып еді. Бір кезде Есентемірдің жігіттерінің біреуі орнынан ұшып тұра келіп, әлгі айтқан жігіттің басына дойырмен тастап-тастап жіберсе бола ма. «Мә, саған Есентемір қорлықта» деп тағы ұмтыла бергенде, анау да жағадан ала кетті. Төрдегі үлкендер жекіріп баспағанда, екі жақ болып кетуге сәл қалды.

– Япырмай әр елдің мінін аудармай айтыпты-ау, шіркін, – деді күліп отырып Сабытай.

– Есентемірің аршыл жігіті екен, ана Берішке сол керек, – деп қопаң етті Жарылғап.

– Тоқшылықта бұл қазақ қарап жүре ме, сылтау тапса, қағысуға әзір тұрады, – деп Әлмағамбет насыбайын иіскеп алған соң бір әңгімені бастады. – Ертеректе бір оқиға болыпты. Жайлауда отырған елде бір үйдің кәрі кемпірі қатаң ауырып әл үстінде жатқан көрінеді. Осы уақытта сол үйдің тұсынан екі атты тасырлатып шауып өтіпті. Со бойда әлгі кемпір жан тапсырған екен. Сонда «Ойбай, шешеміздің жүрегін жарып өлтіріп кетті жаңағылар» деп күзетте отырған балаларының бірі тез далаға аттыларды қуа жөнеледі. Жетіп қайтарып әкеледі. Үлкен дау басталады. Ақыры дауды қазы шешетін болыпты. Қазы сол үйге адамдарын жіберіп:

– Барыңдар да, сол үйге үлкен қазан астырыңдар. Қазанның ішін сүтке толтырып отқа жылытыңдар. Сүт жылыған кездс бетіне сәл кілегейленіп жұп-жұқа қаймақ пайда болар, сол кезде үйдің үстінен екі атты жерді дүрсілдете шауып өтсін. Байқаңдар, сонда сүттің бетіндегі қаймақ жарыла ма, жарылмай ма? – депті. Сүттің бетіндегі қаймақтың бір шеті сәл айрылған екен, қазыға айтып барыпты адамдары. Сонда қазы үкім жасап, атпен шауып өткен екі адамға өлген кемпірдің құнын төлеткен екен.<--break->

Манадан бері тек бидің сөзін үнсіз тыңдап отырған Қайып сәл жымиып күлді де, басын изеді.

– Не дерсің бұл жұртқа, шешесінің өлімін біреуге артуын қарашы, – деп Сабытай Қайыптың тізесін қаға күлді.

Қонақасы желініп болды. Біраздан кейін Нұрқан ортадағы ақ темір шеңберлі сары жезден тұтқасы бар ақшыл метейшеден қонақтарға сырлы зереңмен шұбат ұсынды. Жатарда шай ішілді.

Түннің бір уағы болған. Қонақ үйіне төсек салынып, Әлмағамбет пен қасындағы жолдасы екеуі жатуға сонда кетті.

Нұрқан осы үйде Жарылғап, Қайып үшеуіне төсекті бір салды. Алыстан келгенде құрдастардың бір төсекте жататын әдеті ғой.

Таңертең шайдан кейін Қайыпты оңашаға шығарып алып Әлмағамбет:

– Шырағым, Қайып, – деді өзінің қалыпты дауысымен, – Келбетіңде, мінез-құлқыңда мін жоқ, бір азамат сендей-ақ болсын. Айыбың кедейлігіңде. Жаңай аулына келіп паналаған соң, ағайын ғой сен үшін Ақберген екеуміз біраз ат арыттық. Сол елдің болысы Бозымға барып уәдесін әкелгенбіз. Бәйімбет Есжан мен Кедей Демесіннің алдынан өтіп, олардан кешірім сұрап, істі бір жақты қылғандай болып қайтып едік. Құдайдың жолына салғанда әйел сенікі, некелеп алып қойғансың. Ал қазақта «жесір» деген әдет, салт бар, оның өзі елдің ар-намысымен байланысты. Ағайын арға шабады, елдің тентегі оны құптайды.

– Иә, сол тентектер ғой билеп-төстеп жүрген, – деді Қайып сөзді бөліп.

– Есітіп жатырмыз, – деді Әлмағамбет сөзін жалғастырып. – Бір рет әйеліңді алып қайтыпсың, жолда қолға түсіп, көп бейнет шегіпсің, есітіп жатырмыз, қылар амалымыз жоқ. Араға түсу үшін тек қару көтеру керек, онда екі елдің арасы бұзылады.

– Керек емсс, ел арасы бұзылмасын, – деді Қайып.

– Кедей Бегейдің адамын өлтіріп отыр, жай қалдыруға болмайды. Адай да он екі болыс болса, мен бүкіл Адай болыстарының алдында мәселені көтермекшімін, – деді Әлмағамбет.

– Білмеймін, біздің атымыз бүкіл Адайға, тіпті Маңғыстау бойына жайылыпты, – деді Қайып төмен қарап отырып.<--break->

Әлмағамбет пен Сәрсен Жарылғаппен қош айтысып жөнеп кетті.

Олар кеткен соң, сәскеде Сабытай келіп:

– Біздікіне жүріңдер, – деп кетті.

Қайып, Жарылғап, Нұрқан үшеуі Сабытайдың үйінде сән түзеп отыр.

– Үйге қыз керек екен, – деді Түймеш қазанның астына томар салып жатып.

– Жеңеше, неге қыз тумадың? – деп күлді Жарылғап.

– Мына ағаңнан көр, – деді Түймеш ошақтан басын көтеріп жатып.

– Туарда тудық қой, содан құдайдың қалдырғаны екеу ғана.

– Кешеден бері Әлекеңнің әңгімесін тыңдадық. Ал енді сағынып қалыппыз. Қайыптың әнін тыңдасақ қайтеді, – деді Сабытай қара домбыраны Қайыпқа ұстатып жатып. Қайып домбыраны қолына алды.

ааһа-аһа- ау...

Алланың салғанына көнбей жүрмін,

Өзімді өзім матап бермей жүрмін – деп басталған ән әуені тыңдаушыларын бір желпіндіріп өтті.

Жарасар қызыл басқұр ақ үйлерге,

Жетіпті біздің хабар хан, билерге.

Жаңғақтан таңдап алған Ақбөбегім,

Жүр екен осы күнде не күйлерде...<--break->

Түймеш жылап қоя берді. Нұрқан жүзі құбыла отырып, төмен қарады да көзін сүртті. Үйдің іші жым- жырт. Ешнәрсеге түсінбеген кішкентай Қаржау жалтақтап әркімге бір қарады. Сабытай мен Жарылғап бозарып төмен қарап қалды...

Барады ауылым кешіп Ақкөлмекке,

Жарасар алтын ілгек ак көйлекке.

Жаңғақтан келген алып Бөбек едің,

Зар болдым ақ жүзінді бір көрмекке...

Аһа- аһа- ау...

Қаратау қайтейін-ай биігіңді,

Атайын жанбауырлап киігіңді.

Алаштан алған таңдап Бөбек едің,

Қайткенде баса алармын күйігімді...

– Әйт деген-ау! Көп жаса, айта бер! – деп Сабытай жауырынын көтере қомдана түсті.

Шерлі жүректен шыққан мұңды өлеңді есітіп, көңілдері бұзылып отырған Түймеш пен Нұрқан көз жастарын әлі тыйған жоқ.

– Қайран Ақбөбек-ай, жалғанның қызығын көре алмай, арманда кеттің-ау, – деп өксіді Түймеш.<--break->

 

Қырық алтыншы тарау

 

Демесін қарау да емес, үйірсектігі де шамалы, қулық-сұмдығы аз қарадүрсіндеу адам. Өздігінен кесіп айтарлығы, киіп кетерлігі болмаған соң, пысықай ағайындарға қарай жан тарта береді; жөн бе, кисық па, бұл оған онша мән бере бермейді; солардың ыңғайына түсіп, жетегіне ере кетеді. Алқаға түсіп, топ жара сөйлеп, көп ішінде желіс көрмегендіктен бе демі қысқа, сөзге шорқақ. Бірақ өз шаруасына епті-ақ, мал құрауға, дүние жинауға жүйрік. Оқта-текте отбасында көрсетері бар, ол кезде оған қарсы сөз жоқ, баласы мен әйелі оның ығына жығыла кетеді. Жуастығына қарап, осы күнде жұрт Есбергенді де «төсегіне тартқан» деп жүр ғой.

Сыртта жүрген ағайынның «ата жолым» деп арға шапқаны Демесіннің отбасына арылмастай әлек салып кеткен. Жұрттың несі кетті, қау-қаумен дауды бастап берді де, жайына кетті. Енді бар бәле мойнына түсіп, әлекке қалып жатқан Демесіннің үй іші. Қайғы жұтқан Демесін үйден шығудан қалды. Бастарын бастап қойған істен енді кейін шегіне алмай отыр. Мынадай тірі бағу өлік баққаннан жаман екен.

Демесін осыны көрем деп ойлап па еді? Мойнына бұршақ салып жүріп құдайдан сұрап алған жалғызының басына осындай күн туатынын ол біліп пе? Өзі біліп бір шешімге келе алмаған Демесін бүгінде «былай барсаң, арба сынады, былай барсаң, өгіз өледінің» кебінде жүр. Бір жағы ол құдайдан да қорқады.

Өзіндей біреудің баласын тұтқында ұстау, оны бас еркіндігінен айыру құдай алдында күнә емес пе? Ертелі-кеш адам оның жазасын тартпас па? Ойлай-ойлай келіп Демесін «осы жалғызыма жазым болмасын» деп қорқады.

АқбөбектІң бір үйде жалғыз қамауда жатқанына екі жыл толуға айналды. Екі жақ та райдан қайтар емес: Ақбөбек жаудан түскендей өшпенділікте жесір қалпын сақтап ымыраға келер емес, мыналар оны тұтқында ұстағаннан басқа амал таба алмай әуре-сарсаңда жүр. Ақбөбектің беті қатты, ешкімге, ешнәрсеге көнбейтінін Демесін жағы біледі. Қалай дегенмен екі жақтың да үміті барға ұқсайды: Ақбөбек құтылып кетем десе, Демесін ұстап қалам деп отырған болар. Пенденің «қашқан да құдай дейді, қуған да құдай» дейтіні осы.<--break->

Ауыл адамдарынан Ақбөбектің жүзін әлі көрмегендері көп, ол үйден шықпайды. Өзінің де түнде туған ай жүзін көрмегені қашан. Сары уайым күннен күнге меңдетіп, ас- ауқаттан да қалып барады. Өткен күннің белгісі қалмаған, тек жылдың төрт мезгілі ғана есінде сияқты. Өткен айдың есебі жоқ, міне жыл артынан жыл келеді. Жақсылықтың бірде бір нышаны сезілмейді. Құдайға қанша жалбарынса да, күткен үміті оңына оралар емес, жалғанның жан азабынан басқа ешнәрсе көрінбейді.

Ақбөбек былтыр қыс басында осы ауылға жұт келсе екен деп тілеп еді, Демесіннің малы қырылып, есалаң күйге түссе, менімен жұмысы болмай қалар еді деп ойлаған. Оның бәрі пендешілік екен. Қыс залалсыз өтті, көктем де жайлы, мал ауызы көкке тиді. Мал қоздап жатқан кез.

Ақбөбек кеше Рабиғаны ертіп, ауыл сыртындағы қыратқа шығып қайтқан. Бергі ойдан жуа теріп жеп, біраз ащылаған болатын.

Ақбөбек ауыл жаққа қарап еді, ауыл үсті түнеріп тұрған қап-қара аспан сияқты болып көрінді. Алдына аждаһа шығатындай төбе шашы тік тұрып, жүрегі мұздап бара жатқандай халде өз-өзінен көзі қарауытып кетті. Одан кейін ол жаққа бет бұрмастан түске дейін осы далада жүріп алды. Таза ауаны аңсаған ол мұрнымен демін ұзақ-ұзақ тартады. Басын көтеріп, тіке аспанға қарайды. Соң айдаланы көзімен шолады. Енді бірде жүресінен отыра кетеді. Жер беті құлпырып тұр: еркек, боз, қоңырбас, раң сияқты өлі шөптер көкпенбек болып қара жерді түгел жапқан. Құбыла құлпырған көкмайса оттан көз айырмай шөкесінен біраз отырды. Бірақ көктемнің бұлтсыз шуақты күні, төселген кілемдей жер бетінің құлпырысы Ақбөбекті қызықтырған жоқ. Оның зердесі басқа жақты шарлап жүр. Орнынан тұрды, терістік бетке көз тастады. Қайыптың ауылы сол жақта. Оның келер жолы да сол бетте, алып кеткендегі бағыты да сол... Аңсары ауа терістік бетке әлі қарап тұр Ақбөбек. Қыс өтті, жер аяғы кеңіді, Қайып бір қарасын көрсетер деп ойлап тұр ол.<--break->

Ақбөбек ауылдан қашықтап, төменге түсіп кеткен. Ауыл жақтан бір атты адам келеді. Жапатайы жалпылдап қарынды қара биемен үйші Шүрен бұлардың тұсынан шапқылап өте шықты. Әлден уақытта сол ізімен кейін қайтты.

– Көрдің бе, – деді Ақбөбек Рабиғаның иығынан сәл түртіп.

– Не? – деп жалт қарады Рабиға.

– Мына сұмырай бізді іздеп шықты, білдің бе?

– Солай шығар.

Қыстай күн көзін көрмей, әбден мезі болған Ақбөбек бүгін дала кезіп ұзақ жүрді. Ауылға түс кезінде қайтып келе жатыр. Ішін кернеген мұңды сыртқа шығарғысы келе ме, жайымен ыңылдайды.

– Сені де Қайып секілді әнші дейді ғой, – деді Рабиға Ақбөбекке қарап.

– Қыз кезімде айтушы едім, соң қойып кеттім. Ән салатын уақыт болды ма менде – деп Ақбөбек күрсінді.

– Біреуін тыңдайын, айтшы, Ақбөбек, – деді Рабиға қиылып.

– Шерлі көкіректен шыққан зарлы өлеңнің несін тыңдарсың.

– Екі қатынның бірімін, менің де көкірегім шерлі. Тыңдайын, айт.

Ақбөбек жабырқау кескінде келе жатып жайымен қоңыр дауысын соза беріп, жүректі сыздатарлықтай мұңды сарынмен әнін бастап еді.

Жүйрік ат көзге түсер бәйгеменен,

Алашқа атым шықты әйгіменен.

Сұм тағдыр Қайыбымнан айырған соң,

Жүдедім осы күнде қайғыменен...

– Жалған дүние-ай, адамды осынша зарлатпасаң қайтер, – деп Рабиға іштегі жан қиналысын айтты көзі жасаурап.<--break->

– Осы өлеңді Қайыпқа кездескен бойда айтып берем, – деді Ақбөбек сәл езуін тартқан болып. Ашаң жүзінен күлкі аяны білініп тұрған жоқ,

– Әй, Бөбек-ау, кездескен жерде айтам деп, айдалада дыбыс шығарып жүрме. Білесің бе, сендер алғашқы кеткендеріңде неге қолға түстіңдер?

– Оны білмеймін.

– Ауылына жақындай бергенде, түнде Қайып ән шырқаған екен. Оның дауысы ен далаға есітілсе керек. Сонда адасып, басқа жаққа кетіп бара жатқан Есжан Қайыптың дауысымен бұрылып қолға түсірген екен деген ел аузында сөз бар, – деді Рабиға.

– Қойшы әй, солай болып па? Иә, Қайып ән шырқаған. Сөйтіп қара басыпты ғой бізді. Жастықтың, шаттықтың әлеметі дейсің, басқа не айтарың бар.

Ақбөбек пен Рабиға ойдан көтеріліп, адырға шыға бергенде, алдыңғы ылдидан атқа қамшы көтере қопаңдаған Тілес көрінді.

– Айтқан осы, осы, – деді Рабиға Тілеске қарап иек көтере. Акбөбек анадайда кетіп бара жатқан Тілеске қарай қол бұлғады. Атын бұрып келіп, қасына жақындай бергенде Тілеске:

– Әй, бірінен кейін бірің неге ат сабылтып жүрсіндер? – деді ол.

– Біз күзетшіміз, айым. Сендерді ұзап кете ме деп... – деді Тілес басын қамшысымен қасып түрып.

– Қасымда еліңнің адамы жүр, мені қайда кетеді деп жүрсің? – деп Ақбөбек Тілеске көзінің аласымен қарап қойды.

– Ол да қатын... Қатынға сенім бар ма, – деп Тілес күлді. – Әй, тұл қалғыр! Көгермегір-ау, өз қатыныңа да сенбеймісің? – деді Рабиға.

– Оллаһи сенбеймін. Атаңа нәлет, ойнас қылып қоя ма, кім білсін...

– Көк түйнеме шыққыр-ау, ондай қатынның қасына жатып неқыласың.

– Түнде керек қой, құрғыр...

– Атыңды бер, мен қазір қашайын, – деп әзілдеді Ақбөбек.

– Оһо. Онда мына Рабиға екеумізді бір көрге тығады ғой апарып.

– Менімен бір көрде жатсаң арманың не, жер жастанғыр, – деді Рабиға.<--break->

– Ақбөбек, айым-ау, – деді Тілес қиыла қарап, – мына Демесінің отанын ешкім жаман деп айта алмайды. Өздері бір құдай деген жуас жандар. Есбергенді сен өзіңнен кем тұтып жүрме, ол адам кемсітетін бала емес, айыбы момындығы демесе... Бірақ бір әйелдің тақымын толтыратын жігіт.

Ақбебек түйіліп, үндемей қалып еді, Рабиға оның сөзін алып Тілеске:

– Әй, сен өзің арамза болып тұрсың ғой. Шешек шыққыр, ақылың атаңның басына, жоқ бол әрі! Қазақта екі әйел алу бар, бірден екі байға тию жоқ. Ақбөбектің күйеуі бар ана жақта, білдің бе? Құры, итаршы!

Тілес атына қамшы басты да, жөнеле берді.

Ақбөбек әлгі әжік-күжік әңгімеден кейін, әрі даланың таза ауасына бой жазған, аздап ес жиғандай болып, енді үнсіз ғана ой үстінде келеді. Күні бүгін алдағы жаз белгісін білдіріп тұр. Түске таяу терістіктен соққан ызғарлы салқын самалдың беті қайтты. Жел басылған соң күннің шағырмақ шуағы бойды қыздырайын деді. Жаз белгісін көрген сайын Ақбөбектің үздіксіз ойы Қайып жайында болатын. Қайыптың алып қашқанда біржола құтылып кете алмай, Есжанның қолына түсуі мұны қатты толғандырады. Ендігі жерде Қайыпқа үлкен сақтық пен таптырмас айла керек. Сонда ол қашан, қалай келеді: бір өзі ме, әлде қол жинап па? Тағы да аулынан жалғыз шығар болса, Ақбөбекпен қалай, кім арқылы хабарласады? Егер көп болып келсе-ші? Онда екі жақ атысады, қан төгіліп, адам өледі деген сөз...

Қалың ойдың қабатында тұла бойын зіл басып келген Ақбөбекке алдында тұрған ақ отау қара түнектей болып көрінді.

– Үйіңе бара бер, – деді ол есікті аша берген Рабиғаға.

– Түс болды ғой, тамақ ішпейсің бе? – деген оған:

– Зауқым жоқ, – деді.<--break->

Үйге кірместен, Рабиға кейін қайтты. Ақбөбек жаюлы көрпешенің үстіне барып киімімен жата кетті. Қысы-жазы іс-әрекетсіз сарытап болып қалған шынжау денесі бүгін салдырап тарқатылып кеткен сияқты. Жілігінің майы кеткен бе сырқырап, екі аяғы үзіліп барады. Сонда да ол ойдан тыйылар емес. Алда әлі өтетін бел-белестер жатыр, көретін қиын-қыстау күндер бар, өмірдің үміті мен қорқынышы аралас келіп тұрған шақ... Ақбөбектің екі шекесі сынып барады. Шалқасынан жатып, екі самайын екі қолымен саусақтарын батыра сипалады. Әлгі бір әзірде өн бойы қызып басылып еді. Жүрегінде запыран бар ма лоқсығысы келеді. Өкпесі қысылып бара жатқандай. Басын көтеріп тіктеліп отырды. Таңдайы қатқақсып, шай ішкісі келеді. Жаңа бір сәт көзі қарайып, үйдің іші тас қараңғы болған.

Рабиға да үйіне кіріп, біраз тыныстаған болатын. Оның да өз қайғысы өзіне жетеді. Дүниеде екі әйелдің бірі болу жаман. Бір еркек екіге бөлінген соң, екі әйелдің ырысы екіге бөлінеді, онысын жарым құрсақ.... Рабиғаны сол жарым нәпсілік жүдетіп жүрген сияқты. Күйеуі кіші әйелдің қолында, бөлек ауыл. Айда-жылда бір келіп, бір түнейді де кетеді. Оған оты қайтпаған жас әйелдің мейірі қана ма? Шөлдеп келіп ұрттаған суын бір жұтқанда тартып алғандай болады да қалады. Төсекте тояттамаған әйелдің әр уақытта көңілі жарым жарық дүние, оны төсектің қызығынан басқа ешнәрсе қызықтыра алмайды. Рабиғаның ұйқысы шала, күйеуін ойлап жатып, кейде көрер таңды көзімен атқызады. Төсекте жатқанда, кейде бойы шымырлайды, кейде қызады, тіпті жүрегі ойнап кетеді. Енді бірде екі санын шірене қысып-қысып қойып керіледі келіп. Ұйқысын бөлетін бойын билеген сол жайсыздық...

Рабиғаның күйеуіне күйгендегі айтатыны: «Қараң батқыр, ана сайқалдікінен шыға алмай жатырсың ғой!»

Түскі кезде әр үйдің төбесінен шығып жататын түтін басылған. Ауыл адамдары ас-ауқаттан кейін шаруаларына тарқасқан болар. Рабиға Ақбөбек жатқан отауға кіріп, мосыға кішкентай қара шайнекті ілді.<--break->

Бүгін Есжан Демесіннің үйінен шай ішіп отыр. Демесін өздігінен жарылып сөйлей бермейтін кісі. Өмірі дау-даңғазамен өткен Есжанның суық жүзінен қаймыға ма, өзі түрткілеп сөйлетпесе, тіпті тіс жармай отыра береді. Әкеге қарап өскен Есбергенде де сондай тұйықтық бар. Басынан балалық табы кетпегендіктен, бұның бойына өздігінен жігер бітер емес, тәуекелі жоқ, әркімнің аузына қарағаны болмаса, манадан бері ешкімнің сөзіне араласпастан, терлеп шай ішіп отыр.

– Әй бала, – деді Есжан Есбергенге қарай мойнын бұрып, – Сен боз өкпелігіңді қашан қоясың? Естіп жүрмін, қатыныңның жатқан отауына жоламайтын көрінесің, оның қалай? Түн сенікі, кірмейсің бе үйіне, төсегіне жатпайсың ба? Қатын өзіңдікі болған соң қайда барады, бір қатынның сілікпесін шығармайтын нең бар. Тақымға түскен қатын көнбей қайтеді. Есберген қабағын түйіп жерге қарады.

– Салбырап жүре берсең, бұ қатын тағы қашады, естіп отырсың ба? – Есжан сөзін жалғап.

– Уәдеміз бар, – деп қалды Есберген.

– Қандай уәде?

– Оның басына ерік беріп, өз еліне қайтару керек. Дүние-жасауымен әкесі ұзатады. Некесін қиып, шымылдық құрып берсін, сосын қасына барып жатам...

– Ой, тілеуің кесілсін! Ол қатын еркімен саған келмейді. Еркімен қатын болатын адам қаша ма? Мұны тек зордың күшімен қатын қыласың. Оған ерік берем деп ойлама.

– Қамап қойып отырмыз. Бұл өзі түбінде жөнді қатын болар ма екен? – деді Демесін түсіп бара жатқан шапанын иніне тартып.<--break->

– Олай деме, отағасы, еркектің тақымына түскен қатын көндікпей қайда барады.

– Ішкенім бойға тарамай басым қатып жүр осы күнде. Жалғыз балама алып беретінім зорлықпен атқа өңгеріп келген даулы қатын болса... Бұл үйде не береке болады? Қалған өміріміз ит-ырқылжыңмен өте ме сонда?

– Қызын еліне қайтармасам, берген малым күйіп кетеді деп отырсың-ау, ақсақал. Есжан бай сенің ойлағаныңдай емес, оның алды кең адам. Малыңды жемейді, қайтарады. Қызы осы үйде қалса, жасауын өзі-ақ көшіріп тастайды, – деп Есжан Демесіннің мықынынан түртті. Демесін шаян шағып алғандай шоршып кетті. Ол мінезі ауыр болғанмен, өте қытықшыл адам еді, оның сырын Есжан бұрыннан біледі.

Еркектердің әңгімесіне араласпай, шай құйып отырған Дәмелі:

– Қой әрі атан түйенің ойнағанындай болды мынауың, –деді оған үрпие қарап. Бір мәселенің басын шешерде болмаса, Есжан бұл үйге келе бермейтін. Ақбөбек жайында анадағы Дәмеліге айтқан жауабы кем соққандай бүгін үй ішіне тағы айтып, сөзін нықтап кетейін деп келгені еді. Шайдың дастарқаны жиылған соң, ол үйіне қайтты. Демесін мен Есбергсн кесіп ешнәрсе айта алмастан, отырған орындарында қала берді.<--break->

Қырық жетінші тарау

 

Қашан екендігін кім білсін, бұл аймақты бір кездерде мұхит жатқан жер екен дейді. Мұхит тартылғаннан кейін көп замандар бойы бұл маң көк орай шалғын болып жатқан көрінеді. Үлкендердің айтуына қарағанда бұл өңірде жер астынан қайнап шығып жататын мөлдір бұлақтар көп болған екен. Жан-жануар мақұлық: ұшқан құс, жүтірген аңның мекеніне айналған аймаққа ұқсайды. Кейінірек ел қоныстанған. Нендей күндер, қандай замандар өтті... Қаншадан қанша әулеттер келіп, ұрпақтап өтті дүниеден... Замана бір қалыпты өткен бе сірә. Таң атып, күн батып, күндер жылжып өтіп жатыр, олар бір-біріне ешбір ұқсамай кетеді. Кең дүниеге жаратқаны келеді, соң олар жалғаннан бір-біріне ұқсамастан кетіп жатады. Сол әлемде көненің көзі болып, өткен өмірдің ізін басып келе жатқан бүгінгі ұрпақ бар, оның да бүгінгісі өткеніне ұқсамайды. Бүгінде Маңғыстау жерінің кенезесі кеуіп жатыр, ағын су жоқ. О шеті мен бұ шеті айлық жол, сағым қуалаған ұшы-қиырсыз кең алап. Қазіргі кезде өмір сабасы басқаша: бүгінгі ел қыста қардың суын ішеді, жауынды кезде қақтың суын таңдайына тартады, болмаса, үңілетіні жер түбіндегі құдық. Халықты өмір осылай үйреткен. Маңғыстау елінің шаруашылығындағы тағы бір ерекшелік, үш түлік қана мал ұстайды. Сиыр малы көшпенділікке жарамайды. Сенгені де, баққаны да мал болып, қысы-жазы көшіп-қонумен күн кешірген елдің бір көзі жерде болса, бір көзі аспанда жүреді. Онысы жерден малына от көздегені, аспаннан жауын тілегені. Оның қорқатыны жылдың екі кезеңі: үскірік суық күшейіп, борасыны қалыңдап, жер бетін қар көмген соң, ол ұзақ уақыт жатар болса, оның арты жұт. Қыстың қыспағынан шыққан жерге күні жылы, жауыны көп көңілді көктем керек, олай болмаса, оның арты қуаңшылық. Биылғы көктем өкпек желі көп, жауыны аз болып, сырдаң етті. Жұрт «жұт болмаса игі еді» деп алдағы қысты ойлап уайым етіп жүр,

Мал жұтай ма деген жұрттың уайымы осы күнде Жарылғаптың басында да бар. Бұрын көшсе, жүк артарлығы болған кедей жігіт бүгінде бай. Әкесінен қалған әйелінің дәулеті өзінің қолында. Әнеукүні бірнеше күн жүріп, малдарын аралап келген, орта есебін алғанда, оған тым көп көрінді.<--break->

Ауылға келіп Сабытаймен ақылдасып еді, ол оған: «Қой малын азайт: саулық қойларды жазда Бесқалаға, бойдақ қойларды күзде Орынборға айда. Өткеніне сатып, ақша қылып аласың. Ал жылқы мен түйені қысылып бара жатсаң, Бозашы болар, Түлей болар әйтеуір жылы қонысқа айдап кетерсің», – деді.

Осы кезде Жарылғаптың бөксесі жер иіскемей жүр. Енесін еттендіру үшін биыл қозыларды емшектен ертерек айырды. Саулық қойлардың бір қорасын екіге бөлгізді, қорасында аз қой жайылымда тез оңалады. Ендігі жерде Жарылғап қысқа қоныс қарастыру мақсатымен сонау төменгі Адайларды аралап қайтпақ. Жасында біреудің қолына қарап, жоқшылықтың тауқыметін тартып өсіп еді. Бертін келе өз алдына үй тіккен. Одан кейін бір-екі қара бітіп, бес-он жандық өргізген соң шешесімен өз басына үй болып бір ауылдан түтін түтеткен. Бүгінде өз қолы өз аузына жетіп, мол дүниенің тұтқасын ұстап отырған ол қызыл дүниенің қызығына түскендіктен емес, ептестіре алмай, бардан айрылып, баяғы таз қалпыма түспейін дегеннің арына шауып жүр. Сонымен бірге ол тағы бір жауапкершілікті сезінетін сияқты. Оның осы дәрежеге жетуіне себепкер – Қайып. Қолдағы дәулет арқылы маңдайға біткен бақты тайдырып алмай, ұстап тұру кімнің алдында болса да сын, әрине.

Жарадан қыршын кеткен Сәдуақас Бүркеншек байдың есігінде жастайынан көп еңбек сіңіріп еді. Со байдың қолында жүріп ол қарақшылыққа үйреніп, сонау төмендегі түрікпеннен үйір-үйір жылқы айдап келіп те жүрді. Жұрт төлге төл қосып байып жатса, Бүркеншек сырттан айдап келген үйірлі жылқымен дәулетін молайтып жатты. Асылында арамдық дегенді білмейтін адал да ақ пейіл Сәдуақас бұқпантай қожасының алдында ынта жігерімен бар еңбегін аямай төгіп еді. Оның інісі мына Медет те ағасы секілді өндірдей болып өсіп, бойындағы күш-жігерін сарқа төгетін бүкпесіз аңқылбоз ашық жігіт қатарында жетісті. Жарылғап оны інісіндей жақсы кереді. Малға қарайтын бақташыларды соның қарауына беріп, өз алдына бір ауыл етіп, шешесі мен екеуін бөлек шығарып қойған. Жарылғап Нұрқанға Медеттің атын ататтырмай «қайным» дегіздіріп жүр. Жарылғаптың ендігі максаты үстемелеп мал берсе де, Медетке бір дәулетті жердің қызын алып беру.<--break->

Сабытай көптен бері күбінулі. Әркімнің талабы әр қилы, күн көрісі әртүрлі: біреулер қалай жайын табам, қалай көбейтем деп малмен әлек. Елдің енді бір парасы төменгі сатыда: біреуге біреу жалынышты, соның малын бағады, отын жағып, су әкеледі, өмір бақи оның отымен кіріп, күлімен шығады.

Сабытайдың әрекеті тіпті басқаша сияқты. Орынборда жүріп, орыс пен ноғайлардан үйренгені бар, істейтіні сауда. Орынборда үй салғызып қойған. Жәрмеңке кездерінде кіреге байлардың малын сатысады, апарған өз дүниесін сатады. Қайтарда ол жақтан керегінше зат жүктеп қайтады, оны өз еліне әкеліп тағы сатады. Бұл кәсіпке ол әбден машықтанып алған, өзіне қатты ұнайды да. Биыл осы өнеріне Қайыпты тартқысы келетін ойы бар. Бесқаланың жәрменкесін көрсетіп қайтсам деп жүр. Үйінің қасында атан түйе жегетін бір емес, екі арба тұр. Бұл ел бұған да таңырқай қарайды, шеттен келген бір жаңалық сияқты болып көрінеді.

Таң атқалы Сабытайдың күйбеңі көп, ішке кіріп шыққанына қарағанда, буынып-түйініп бір нәрсеге әзірлік көріп жүргенге ұқсайды. Енді отауға кіріп, ер-тұрманын алып шықты. Ақбөбек кеткелі екі жылға айналып бара жатса да, Қайыптың отауы әлі жығылмаған. Ақбөбектен кейін Қайып бұл үйге түнеген жоқ, өз еліне кеткен, ата-ананың қолында қазір. Сонда да болса Қайып пен Ақбөбектің құрметі үшін Сабытай отауды қысы-жазы жықпай отыр. Бұл үй ауыл көшкен сайын жығылады, қонған сайын жұрттыкіндей тігіледі. Жас отаудың дүние жиһазы шағын ғана. Соның ішінде көзге оттай басылатын үш-ақ нәрсе көрінеді: оң жақта кереге басына ілулі Ақбөбектің өңіріне жағалай зер жүгірткен қызыл мақпал бешпенті мен шашақты ұзын түрме белбеу, жерде Қайыптың өз қолынан оюмен өрнектеліп жасалған сырлы жастық ағаш, төрде келінінің ай-күніне жақындаған кезде енесінің алдын ала әкеліп қойған нәрестенің бесігі тұр. Бүгінде олардың иесі жоқ, жалғанның жазығына ұшыраған тұл дүние. Осы көзіне оттай басылған дүниеге қараған сайын еске алып елжірейсің, жаның ашып қиналасың, аяныштың ауыр жүгін арқалаған кезде тұрған жеріңде құлап кетуге барасың. Анада келгенінде Қайып оңашада отауына кіріп, үйдегі заттарды толқып тұрып көзден өткізген. Жақындап барып Ақбөбектің бешпентінің жағасынан иіскеп еді. Түрме белбеуді қолына алып, тәберіктей етіп бетін сүртті. Соң жастық ағашқа сүйеніп біраз отырды. Қазіргі мұның алдағы алып-ұшпа үміті жеңді ме, бір күрсініп басылып алған соң:

– «Осы жастықта екеуміздің басымыз қартаяр әлі» – деп ойлап еді.<--break->

Өзі жоқта ешкім кірмесін деді ме, Сабытай Қайыптың үйінің сыртқы ши есігін түріп қойды да, іштегі сықырлауығына алқа салды.

Түстегі шайға отырған кезде Сабытай Түймешке:

– Бүгін Кетікке жүрем, – деді. – Сарманнан хабар алып келейін.

– Қойшы әрі! Табан астынан нетіп кететінің бар осы, – деп Түймеш шошып кетті.

– Е, бармайын ба?

– Ертерек айтпайсың ба, бауырсақ пісіріп беріп жіберер едім.

– Бауырсак саған ғана қат, олар нансыз емес.

– Бетім-ау, бауырсақтан артық не бар?

– Аш сандығыңды, олардың әуес нәрсесі сонда жатыр. Бесқаланың мейізін, өрігін, жидесі мен алуасын әкеліп қойғанмын. Бұған олар құмар ғой, соны апарайын. Қане әрқайсысынан бөлек-бөлек етіп дорбаға сал.

– Қой, мен ол жемістеріңнің керек десең аттарын да білмеймін, өзің бөліп, өзің сал, – деді Түймеш.

Сабытай күтімдегі қос айғырдың таңдаулысы деп ұзақ жолға төзімді, шабысқа жоқ болғанымен, желісі өрелі, топшысы жуан, омыраулы қара айғырмен жолға шықты. Барар жері Кетік, бірнеше күндік жол. Сабытай жолда қонып-түстеніп дегендей ел аралаған жоқ, суыт жүріп отырып Кетікке жетті. Желсоқты болып келген ол бір-екі күн тырп етпестен тілмәш Ораздың үйінде демалып жатты.

Николай Федорович Козловский де осы Кетік басында екен. Ол өзі, Маңғыстау түбегін зерттеушінің бірі. Ел аралағанда бұрын қасына бірнеше солдат алып жүретін, былтырдан бері онысын қойды. Енді жанына тілмәш ертіп алып, ел кезіп жүре беретін болған. Қазақ алдына бас тартса, сый көрсеткенге алғысын айтып, оны да мүжи береді. Николай Феодорович Петербордан жақын арада келіпті. Күзге таман тағы қайтып кететін көрінеді.

Сабытай Сарманды көргенде қатты қуанып, төбесі көкке жеткендей болып еді. Бойы өсіп, ағарып, әжептәуір ысылайын депті. Баласын құшақтап бетінен сүйді.

– Қарағым, жағдайың жақсы ма, – деп сұрап еді әкесі, баласы оған;

– Мамамның дені сау ма? – деді.

– Аман, аман, мамаңның да, ініңнің де дендері сау, – деп Сабытай баласының арқасынан қақты. «Шешеңді сағыныпсың-ау, балам» деп ойлап қалды ол.

Ораздың үйінде қонақ болып отырған Николай Федорович достық кейіпте Сабытайға қарап:

– Сережа зейінді бала. Орысшаны тез меңгеретін түрі бар. Бұл өзі келешекте қылтың-сылтыңы жоқ ибалы жігіт болайын деп тұр, – деді.<--break->

Орыстар Сарманды «Сережа» деп атайды екен, Сабытай соны ұқты.

– Рахмет, Алла сыйласын. Ораз екеуіңіз болмағанда, балам бұл жергс келер ме еді? Жақсыдан шарапат дегеніміз осы емес пе, – деді мәз болған қалпында Сабытай.

– Бұлар біздің келешегіміз ғой, мырзалар, – деді Николай Федорович Сарманның жаймен ғана иығынан қағып отырып. – Жастар оқып, білім алып ғылымның дәмін татса, бізге керегі сол. Өз жері, өз елінің қажетіне жарайтын білімді азаматтар, ғалымдар шығып жатса, менің сонау Петербордан келіп нем бар мұнда, өз жұмысым да жетеді, жатпаймын ба сол жақта, –деп күлді Николай Федорович.

– Сіз дұрыс айтасыз, Николай Федорович, – деді Ораз әкесінің тізесін шынтақтап отырған Сарманға қарап. – Орыс ілім-білімге жетік халық, бірақ қазақ соған қол жеткізе алмай жүр ғой. Байқап жүрем, оған бірнеше себептер бар сияқты.

– Айтыңызшы қандай себептер?

– Атам заманнан бері елді шаршатып келе жатқан бір індет бар – ол елмен елдің арасындағы жаугершілік. Бір кездері біздің елге қалмақтар тыныштық бермеген. Мына жағымызда Хиуа хандығы көз алартады, кей-кейде шапқыншылық жасап, ел тонап кетеді. Ұлт пен ұлт арасында үйірсектік жоқ, біріне бірі дұшпан көзденіп қарайды. Содан еліміз үркек болып қалған, сол үркектігінен орыстарға да сенбейді бұлар.

– Рас. Өте орынды айтып отырсыз. Бірақ қазіргі жағдай басқаша ғой, соны сіздің халқыңыз әлі түсіне алмай жүр. Патшаның жарлығымен мұсылман балалары үшін орысша школа ашылған, соған балаларын берсе болмай ма?

– Әрине, болады, соның өзіне үркектік жасап отыр-ау бұлар.

– Болады, болады, мырзалар. Алдан тек жақсылық қана күту керек. Келешекте барлық елдің басына бір жақсылық келері анық, – деді Николай Федорович дастарқан жиыла бергенде.

Козловский тамақтан кейін көп отырған жоқ, Оразбен бір нәрсе жайында әңгімелесіп, уәде байласқандай болды да, орнынан тұрды. Кетерде Сабытайға айтқаны: – Ертең менің жатқан үйіме кел, қазақтар туралы сұрайтыным бар, сен көпті көрген адамсың, білуің керек, – деді.<--break->

Ораз Сабытайды ертіп жүріп, Кетік қалашығын таныстырып шықты. Сырты қызылмен боялған тас үйлерде ояз приставында істейтін қызметкерлер тұрады екен, көбі орыстар. Тас үйлердің жанында биіктігі кісі бойынан асатын қорған тұр. Оның үлкен дарбазасы ашық екен, ауланың ішінен Сабытайдың көзіне бірдемелер істеп жүрген азын-аулақ солдаттар түсті.

– Анау мектеп, – деді Ораз тас үйдің бірін саусағымен нұсқап, – Менің балам, сенің Сарманың соған қатынап жүр.

Сағынып көріскен баласына жаны ашып тұр ма Сабытай Ораздың сөзін бөліп:

– Бізде баланы молдаға бергенде, «сүйегі менікі, еті сенікі» деп тапсырады, бұларда қалай екен? – деп қалды.

– Бала оқытатын молдасын бұлар «учитель» дейді. Учитель балаға қол тигізбейді. Баланы жазалау деген тәртіп жоқ бұларда, – деді Ораз.

– Жаксы екен онда, – деп Сабытай күлімдеп көңілдене түсті. Ораз осы тас үйдің бірінде орыстармен қоңсылас тұрады.

Сабытайды өзінің оңаша отырып жұмыс істейтін бөлмесіне кіргізді. Жұмсақ орындыққа жайғасқан Сабытай бөлменің ішін көзімен шолып отыр.

– Мынауың қағазға түскен адамдардың тұрқы, ал ана жарға қағылған шимайың не? – деп сұрады Сабытай қабырғаға ілінген сан қилы бояудан өрнегі бар үлкен қағазды иегімен нұсқап.

– Оны карта дейді. Дүние жүзінде қанша ел болса, соның бәрінің аттары жазулы сонда.

– Не дейді құдай-ау, жер жаһанның елін алақандай қағазға сиғызғаны ма.

– Міне мынау ақпатша тұратын Петербор деген шаһар, мынау өзіңнің жәрмеңкеге баратын Орынборың, анау Хиуа, Бесқала, мына жер біздің Маңғыстау, – деп Ораз картаны қолындағы қаламымен түртіп көрсетіп тұр.

– Менің Сарманым да үйрене ме осыны, – деп орнынан тұрып кетті Сабытай.

– Әрине, ғылым кітапта, оқи берсе адамның білмейтіні бар ма.

Ертесіне Ораз бен Сабытай Козловскийдің жұмыс істеп отырған бөлмесіне барды. Әкімшілік кеңсесінің бір бөлмесінде әрі жатып, әрі сонда жұмыс істейді екен. Үшеуі көп сөйлесті. Сөзінің ақырында Козловский Оразға қарап:

– Мен қожайындарыңнан рұқсат алдым, қасыма сені ертетін болдым – деді.<--break->

– Қай жерлерге барамыз сонда?

– Бозашы түбегіне барып, содан төменгі елдерді аралап қайтсақ, – деді.

– Жарайды. Себеппен сол жақтағы нағашыларыма соғатын болдым ғой, – деп айтып бар.

– Ал, Сабытай, біз ертең жүреміз, естіп отырсың ғой, көрдің, жағдайы жақсы. Сарманды енді прапорщиктің үйіне жатқызамын. Оның балаңмен бірге оқитын баласы бар. Сарман солдаттардың ішінде жүріп, солармен ойнап, әңгімелесе берсе, тілді тез үйренеді, – деді Козловский.

– Рахмет, ол жағын өзің білесің, – деп Сабытай басын изеді.

– Еліңнің хабарын толық айтпай отырсың-ау, – деді Ораз Сабытайға бұрыла қарап.  – Естіп жатырмыз...

– Реті енді келді. Екеуіңнің бастарың қосылып отырғанда айтайын.

– Иә, айта бер, мен Николай Федоровичке өзім түсіндіріп отырам.

– Өздерің үйінде болып, қолынан дәм татып кеткенсіңдер.

– Білгенде қандай. Николай Федорович Ақбөбек пен Қайыпты қатты мақтап кеткен сонда, – деп Ораз ар жағын Козловскийге түсіндіре бастады.

– Жеменейдің Кедейінен қорлық көріп отырмыз. Тал түсте келіп, Қайыптың қойнындағы әйелін тартып әкетті.

– Ужас! – деп көкірегіне қолын апарды Козловский.

– Онымен кетпей, Қайыптың қос табанын пышақпен тіліп, жарасына тұз құйып кеткені өтті бізге.

– Дикость, – дегенде Козловскийдің қолы қалтырап кетті.

– Қайып Кедейдің аулына барып, әйелін түнде алып қашып кетуге мәжбүр болып еді, одан да нәтиже шықпады. Кедейлер қуып жетіп, Қайыпты екінші рет соққыға жықты. Ақбөбекті тағы қайтарып әкетіп, енді күзетпен қамауда ұстап отыр.

– Қандай озбырлық! – әкімдерге айтып, үстінен іс қозғау керек қой, – деп Козловский тағы да сөзге араласты.

Манадан сабыр сақтап ой үстінде отырған Ораз:

– Бұл қиын мәселе, – деді бас шайқап, – қазақтың өз салты мен өз заңы бар, олар соған шауып жүр.

– Патшаның заңы бұл елге де жүруі керек емес пе? 1826 жылы шыққан патшаның жарлығы бар: қыз бен жігіт сүйгеніне қосылуға ерікті делінген сол заңда. Жазсын, арыз әкелсін осында. Оязда қаратамыз!<--break->

– Николай Федорович, шешілуі өте қиын, ең жаман даудың бірі бұл.

– Не істерімізді біле алмай жүрміз, – деді Сабытай төмен қарап.

– Адайдың сыры маған қашаннан мәлім. Егеспесін, қастаспасын олар. Онысын бет алған жағынан қайтару қиынға соғады.

– Солай болып тұр. Ақсақалдарды, би, болыстарды араға салып көрдік. Ешқайсысы істі оңына оралта алмады.

– Мен Қайыптың жағын алып сөйлеп отырмын. Қазақтың салт-дәстүріне салсақ, оныкі дұрыс емес, ал шариғатқа салсақ оныкі дұрыс. Бесікте жатқан нәрестені біреуге атастырып қою шариғатта жоқ, қазақтың салтында ғана бар. Салтына шапқан қазақ шариғатты белінен басады да кетеді. Кедейлер салтына басып Бегейлермен жауласып жүргені содан.

– Енді не амал бар? Меніңше орыстың заңы шариғатқа келіп тұр.

– Иә, орыстарда зорлық жоқ, кім кімді қалаймын десе, соған қосылады.

– Өзің бір түйінді жерін айтшы, мен Қайыпқа айтып барайын, – деді Сабытай.

– Ораз, – деді Козловский сұқ саусағын көтеріп, – Қайып бұл әдетін қоймаса, дұшпанның қолынан өліп кетері анық. Харап болмасын, оның өмірін сақтап қалу керек. Ол үшін дауға патшаның әкімшілігі араласуы ләзім.

– Оязға келсін бе?

– Келсін. Шағымын өзің жазып бер.

Ораз бен Сабытай Козловскийдің бөлмесінен шығып келеді. Қайып жайындағы әңгімелері тиылар емес, алға ой тастап келе жатқан болар, Ораз қабағын түйіп, басын шайқай береді. Даудың арты жақсылықпен бітпейтініне Сабытайдың да әңгімеден кейін енді көзі жеткен сияқты.

– Қалай болар екен, ә, – деді Сабытай басындағы бөркін еңкейтіп.

– Сабытай, інім, – деді Ораз жолда келе жатып, – ойымдағыны айтайын, ұғып ал. Қысқасы, Қайыптың тығырыктан шығар екі-ақ жолы бар: бірі, Ақбөбекті алып із-тозын білдірмей алысқа, басқа елге өтіп кету. Онда елі-жұртын тастау керек оған. Оған тәуекелі тұрар ма екен?

– Қайдам... Екінші жолын айтшы.<--break->

– Әлгі айтқан, оязға шағым беру. Оның орнына оралып, Қайыптың пайдасына шешіліп кетуі екіталай. Бардың жолы ашық, жоқтың жолы тар. Демесін бай, Қайып жарлы. Ертең әкімдердің қай жағына шығып кететінін кім білсін.

– Иә, иә. Бір құдайдан басқа ешкім білмес.

– Тайғақ заманда тайып жығылып жатқан Қайыпқа бір нәрсені кесіп айтуға жүрек дауа тұтпай тұр, – деп Ораз ойындағысын айтты.

– Дұрыс қой. Дегенмен жағдайға шамалап түсіндім, – деді Сабытай астыңғы ернін тістеп тұрып.

– Шырағым, Сабытай, Қайыпқа тілектес екенімді айтып бар.

Қолдан келген көмегімді көрсетермін, егер болмай қалса, бәрің де ренжіп жүрмеңдер.

– Жоқ, жоқ, аға. Ақыл-кеңесіңе рахмет.

– Жаман «шынымды айтам» деп, сырын айтады деген, мен өзім жетімдікте өскен адаммын. Сондықтан ба, жоқ-жітікке жаным ашығыш.

– Қалай адам болдыңыз, аға, сол жерін айтып беріңізші.

– Ұзақ әңгіме ғой ол, мейлі айтайын, әке-шешем індет кезінде үңіректен өлген. Бір дәулетті кісінің қолында қозы бағып жүретінмін. Бір жылы күзде малымды айдап, өріске кеттім. Жалаң аяқ едім. Түстен кейін қар жауып кетті. Күн суытты. Жалаң аяқ қар басып келе жаттым. Ауылға жақындағанда алдымнан үш-төрт атты адам шықты. Соның бірі жалма-жан мені жерден көтеріп алып, ауылыма апарды. Сол күні екі аяғымды да үсітіп алыппын. Әлгі қонақ Еділ бойының ноғайы екен. Маған жаны ашыған болуы керек, мені ағайындарымнан сұрап, еліне алып кетті. Еліне барған соң, орыс мектебіне оқытты, кейінірек мұсылманша сауатымды да ашты. Үйленер шағымда еліме әкеліп қосты.

– Иманды болғыр-ай, құдайдың сүйген құлы ғой солар. Тірі ме қазір?

– Тірі, жылда барып сәлем беріп тұрам.

– Лайым аман болсын.

Жазда бір-екі ай демалсын деп Сабытай Сарманды ауылға алып қайтты.<--break->

 

Қырық сегізінші тарау

 

Жалпы Тобыш тайпасынан тараған Бегей, Бабық, Жаңай сияқты рулар Маңғыстау өңірінде орта қонысты жайлайды. Жем, Сағыз, Көлденеңтау жазда жайлауы болса, Маңғыстау одан төменгі атырабы олардың қыстауы. Сирақ шыққан, Құлажат, Қары баян, Жол баян, Сүйір бас, Бабас, Жүз адым деп аталатын шымыраулардан Тобыштар мен Әлилер су ішеді.

Күн жылынып, жер дегдігелі бері Назар мен Қайып байлардың дүниеден өткен адамдарына қауым басында ақ тастан там салып жатқан. Жаз орталап қалды. Қайып қалың ойдың қатпарында, сыртқа шықпай, іштей тулаған түпсіз ой күннен күнге кеміріп жеп барады. Тағы да барып, Ақбөбекті Кедейлерден алып қашудың жолын іздеумен әлек. Әкесі мен шешесі Ақбөбекті ауызға алдырмай зар қағып отыр. Ағайындар да Қайыптың қылығына қарсы. Әсіресе кейінгі сәтсіздіктен соң Қайыптың сөзін сөйлейтін, жағын жақтайтын ағайын арасынан бір адам шықпай қойған. Ауылдың айтатыны: «Ол қатыннан күдерінді үз».

Қайыптың Ақбөбекке баруын қоймайтынын Жаңай аулындағы Жарылғап пен Сабытай ғана сезеді. Сабытай анада келіп, Кетікке барған хабарын айтып кеткен.

Қайыпқа Ораздың айтып жіберген ақыл-кеңесі ұнап еді. «Ақбөбекті көз көріп, аяқ жетпейтін алыс жұртқа алып кету».<--break->

Қайып кеше кеште қауым басынан қайтып келе жатып Назарға:

 – Мен кетем, мына жұмыстан шаршадым, – деді.

– Неге? – деді Назар үрпие қарап.

– Ел аралап, етік тігіп қайтам.

– Қайдан білейін, шал-кемпірмен ақылдасып көрсейші, – деп Назар күмілжіді.

– Айтам да, кетем, – деді Қайып сөзді шорт кесіп.

Бүгін түсте Қайыптың үйіне Жарылғап келіп түскен. Қайып екеуі ауыл сыртындағы баурайда отыр. Жарылғап Сабытай жеткізген Ораздың сөзін талқыға салып отыр.

– Тығырықтан шығатын екі жол бар: Бірі, тұяқ жетпес, көз көрмеске алып кету, екіншісі, ояздың алдын көру, соның қайсысына тәуекелің тұрады? – деді Жарылғап Қайыпқа тікелей қарап.

– Алып қашам, – деді Қайып көзінің оты жайнап.

– Ел-жұртыңнан безіп пе?

– Безсем, безем.

– Бір қатынның соңынын еріп пе?

– Өзің ойлашы, Кедей намысымды таптап кетіп жатыр. Арым үшін өлімге де басымды байлаймын керек болса!

– Арты не болар екен мұның? – деп Жарылғап саусағымен мұрнын қысып, төмен қарады.

Қайыптың ызалы өңін көріп, оның алған бетінен қайтпайтынын да сезіп отыр ол. Кесіп айтуға сөз таба алмаған Жарылғап орнынан тұрып, етегін қақты.

Қайыптың іштегі ызасы қайтты ма, бір сәтте өңі өзгеріп, жүзіне күлкі ойнағандай болды. Отырған жерінде Қайып қол созды. Жарылғап оны қолынан тартып тұрғызып жіберді.

– Ал енді, бір ғана өзің біл, – деді Қайып Жарылғапқа қарай еңкейген болып, – Мен жақын арада жол жүрем.<--break->

– Акбөбекке ме?

– Иә, солай қарай жағалаймын.

– Қалай бармақсың?

– Есембет руының бір мырзасы маған кісі жіберіпті. Сонда жатып жаздай етік тігем. Ол ел Кедейлерге бір табан жақын. Сол елде жатып Ақбөбекпен хабарласуым керек. Істейтінімді қашықта жүріп істемесем, еліме қырсығым тиіп кететін түрі бар.

– Тағы да жалғыз кетесің бе?

– Жалғыз жүрем, Ақбөбекті қасыма адам ертпей, тек өзім алып кетем.

– Бұл жүрісіңнен қорқам, жалғыз шауып жауды жеңуге бола ма?

– Тыңдасайшы. Мен бірден жауға шаппаймын ғой. Есембет ауылында белгісіз бір етікші болып жатам. Ебін тауып біреу арқылы Ақбөбекпен хабарласам, сосын ар жағы белгілі ғой.

– Мен қорқам, Қайып. Сенікі көзжұмбайлық емес пе?

– Тәуекел, қарап жатуға болмайды.

– Құдай да «сақтансаң, сақтаймын» дейді, абайла.

– Білем. Ақбөбек қатты күзетте.

– Келісіп алайық, қайда кетпекшісің, сонда?

– Бірден Шағадам тартсам деп тұрмын.Түрікпеннің жерін басып, я Бесқалаға, я Рессейге айдасам қайтеді?

– Ойбай-ау ол жаққа қаражатсыз қалай кетпексің?

– Әй, ер азығы жолда, бөрі азығы жолда...

– Көзсіз көбелек екенсің ғой, жол жүріп көрмегендігің бұл.

– Не демексің сонда? – дейді Қайып.<--break->

Жарылғап белін шешіп, қойын қалтасына қол жүгіртті, қойнынан бір уыс қағаз ақша алып, Қайыпқа ұзатты. Мә, мынау орыстың ақшасы, ал да жанқалтаңа салып қой. Мен бір-екі айдан кейін Есембет аулына барып сенен хабар алармын.

– Жарар, – деді Қайып ақшаны етігінің қонышына тығып жатып. Екі жігіт құшақтасып ажырасты. Жарылғап аулына жүріп кетті.

Шаруаны игере алмаймын ба деп Жарылғап жаздай сасқалақтап жүр.

Бүркеншек байдың қызын алып, мал-дүниесін иемденіп қалғанымен, дәулетті адамдардың қатарына кіріп, әлі сән түзеген емес, сабылып малшылардың ішінде жүр. Көріксіз көктемнен кейінгі жаз қуаңдығы елдің пейілін алып барады. Көктің иісі көктемде кем болған, жазда жер жалаңаш. Қара бұталар селдір сексеуіл шашақтары да салалы емес, шая. Құмды жердің раңы жаз басында-ақ ерте ұшып кеткен. Жаздың соңынан қорыққан кейбір ауыл құдай жолына тасаттық беріп жатқан көрінеді.

Қайыптың жол жүруіне әкесі разы болмай отыр. Қайып өз бетінен қайтар емес.

Кеше кештен бері шешенің көз жасы тиылған жоқ.

– Ей бала, – деді Қорабай маңдайы тырысып отырып, атаның сөзін аяққа баспа! Баста да айтқанымды қылмай кеткенсің. Атадан теріс бата алып кеткен адам оңа ма, ойланшы.

– Қойшы әрі! Балаңа теріс бата берейін деп отырсың ба?! – деп Айсұлу шалына қарап бажыраң етті.

– Айтқанымды ет, шырағым, – деп Қорабай сөзін жалғастырды, – Әуре болма. Сен тағы бүлдірейін деп жүрсің. Ол енді саған қатын болмайды.

– Мен оған барам деп отырғаным жоқ қой. Елге барып талап жасап келем, – деді Қайып жалтара сөйлеп.

– Қой балам, сөзіңе сенбеймін. Үйден шықсаң, тағы бүлдіресің, – деді Қорабай қолын сілкілеп.<--break->

– Айналып кетейін, Қайыпжан, биылша үйде бол, кетпеші, – деп Айсұлу жалынды.

– Бармаймын да, алмаймын да дедім ғой сол әйелді,- деді де Қайып орнынан тұра берді.

Есембет ауылын «Қосын мырза ауылы» деп атайды екен, елі. Әлім-берім шаруамен жүрген дөңгелек ауыл. Қайып жұрт аударып енді ғана көшіп келіп жатқан Есембет ауылының жаңа қонысының үстінен шықты. Маңдай түзеп келгені Қосын мырза болатын, ол үйінде жоқ екен. Саудагер адам керуен айдап, Шағадамға базар шығып кетіпті. Қайып сырттағы жаңа тартылған желіге атын қаңтарып, өзі осы үйге қарай жағалады. Мал жайлап жүрген жас жігіт үлкен үйдің есігін өзі ашып тұрып, Қайыпты үйге кіргізіп жіберді.

– Ассалаумағалейкүм.

– Кел, төрлет, – деді қазан-аяқ жақта отырған егде әйел.

Оң жақта отырған қызыл шырайлы келіншек орнынан ұшып тұра келіп, қонаққа иіліп тұрып, алдынан жол берді. Төрде ақ көйлегінің етегі беліне дейін түрулі сары домалақ ұл бала еңбектеп жүр. Оның қасында бірі бойжеткен, бірі талдырмаш екі қыз көйлегі түрулі сәбидің тоңқандаған қимыл әрекетін қызықтап отыр. Олар баланы көтеріп алып егде әйелге ұсынды, өздері ысырылып төрден қонаққа жай босатты.

Танысқан соң белгілі болды: Үлкен әйел мырзаның бәйбішесі, жасы тоқалы болып шықты. Екі қыз бәйбішенікі, еңбектеп жүрген ұл кіші әйелдікі екен. Бүгінде ажарсыз болғанмен, Мақпал бәйбіше ашық, ақ көңіл, отырған жерін зеріктірмейтін сөзуар адам еді. Қайыптың ішіне кіре сөйлеп, бірден баурап әкетті. Малшылары, үйшілері болғанмен, үйдің ішкі-сыртқы шаруашылығын бастап-төстеп отырған бәйбішенің өзі көрінеді.

– Төрем, мырзаны күтіп жатпайсың. Бәрін айтып, маған тапсырып кеткен. Керек нәрсеңді өзім тауып, дайындап берем, бүгін жатып демал, ертеңнен жұмысыңды бастауға болады, – деді Мақпал шай дастарқаны жиналғаннан кейін.<--break->

– Жарайды, – Қайып еңбектеп келіп, тізесіне жармасқан баланы көтеріп алдына алды. Қапелімде іші-бауыры жиырылып бара жатқандай, өз-өзінен бір түрлі болып кетті. Ақбөбек көз алдына үйірілді, баласы елестеді. «Ақбөбек ауылда аман босанғанда менің балам да осындай болар еді-ау» деп ойлап отыр.

– Саған іс тігетін өз алдыңа үй керек болар, – деп Мақпал Қайыпқа қарады.

– Иә, – деді Қайып баланы Мақпалға ұсынып жатып.

– Ырысжан, қарағым, тұр. Әлгі жігіттер қайда? Ошақ қазсын, тамақ асайын. Әй, қыздар, сендер де тұрыңдар. Жеңешеңмен барып, отау үйді босатыңдар. Төсек-орынды осында тасыңдар, енді бәрің де үлкен үйде боласыңдар, – деп Мақпал үй ішіне үкімін жүргізіп жатыр.

Қосын былғарысы бар ма, шерімі бар ма, тіпті тігуге тарамысы мен қағуға шегелік қайын ағашына дейін дайындап қойған екен.

Отау үйге барған соң Мақпал үш түйежүн қаптың аузын ашып, ішінен үш түрлі: қызыл, қара, көк реңдегі бөлек-бөлек былғарыны көрсетті.

– Ең әуелі мырзаның өзіне қызыл былғарыдан киім тік. Одан кейін сол қызылдан мәс, кебіс шығар. Одан соң әйеліне де қызыл былғарыдан тігесің, – деді Мақпал

– Әйел адамға қызыл етік жарасар ма екен? – деп еді Қайып, Мақпал: – Жарсқанда қандай! Ерлі-зайыпты екеуі бір түрде киініп шықса, мырзаның көңілі тасымай ма? – деп Мақпал иығын бүлкілдете күлді.

– Мейлі, қалауын табатын өздерің, – деді Қайып.

– Басқаларымызға қара былғарыдан тіге бер.

– Болады.

– Айтпакшы, ана кішкентайымызға, Жеткізгенге де етік керек. Тұсауын кескен соң кигізем жарығымның аяғына.

– Оны қатардан қалдыруға болмайды ғой, тігем, тігем, – деп күлді Қайып.<--break->

Күндер өтіп жатыр. Қайыптың ісі өнімді. Қолқанаты қасында – Мақпал. Әңгімеге жалықпайтын, көкірегі сайрап тұрған жан. Ол ескіден қозғап, ру-рудан билерді атап-атап айтып, олардың ел арасына тараған нақыл сөздерін тізіп отырады. Тек қана Адай емес, бүкіл он екі ата Байұлының руларын жатқызып өргізеді. Қайып мұндай сөзі мәнді шешен әйелге бұрын кездеспеген. Іштей таңданып, тыңдаған үстіне тыңдағысы келе береді.

– Бидің қызымын, – деді Мақпал бір сөзінде тарамыс иіріп отырып, – Әкеміздің тұқымы төрт атаға дейін билік құрып өткен екен. Шебер құдай әкемізге ұл бермепті, шешемізден жалғыз-ақ мен туыппын. Ұл болып жаралғанда, мен де ұрық-аймағыма тартып билік сүріп жүрмес пе едім.

– М-м-м, – Әрине, – деді Қайып етіктің ұлтанына су бүркіп отырып.

– Шебер құдай мені де етектен қақты, екі-ақ қызбен тоқтап қалдым...

Мақпал қолы ұсынақты кісі: етік тігетін тарамысты түйіртпек жібермей, мінсіз етіп қолмен де ширатады, ұршықпен де иіреді. Оның тағы бір елге белгілі өнері – домбыраға ішек иіру. Адайдың домбырашыларының маңында жүргені осы Мақпалға келіп домбыраға ішек иіртіп кетеді. Ішегі жақсы болса, домбыра шыққыр болады.

Қайып сырттай сыр бермегенмен, іштей асығыс. Мырзаның етігі мен кебісін тігіп бітірді. Мырза әлі базарынан оралған жоқ. Мақпалдың айтуына қарағанда, етіктер әр адамға қос-қостан тігілуі керек.

– Отағасы қашан келеді? – деп сұрады бір күні Қайып Мақпалдан.

– Кім білсін. Көп ұзамас деп отырмыз. Қасымызда мырзаға жәрдемші болып жүрген екі жігіттің үйі бар. Сол баланың біріне шүйкебас алып бермек мырза. Жолда қыз іздеп айналып қалмаса, – деді Мақпал.

– Келе жатар, – деді де қойды Қайып.<--break->

– Мырзамыз жоқ-жітікті есіркегіш адам. Жасында Ысық руының бір байының керуенін жетектеген. Мен де әке-шешем ерте өліп, қалада саудагер ағайынның қолында жүретінмін. Қалаға келіп жүріп, әлгі Ысықтың саудагер байы ағайын ағамызға аздап ақша беріп, мені осы Қосынға алып берген. Атасына рақмет, сол бай аздап енші беріп, бізді өз елімізге көшіріп тастаған.

– Жақсы, жақсы, – деп Қайып тігіп отырған етіктің қонышын қайыра берді.

- Айып етпе, інім. Ар жағымыз Тобыш, мен Шоңайдың қызымын, саған апа боламын, - деді Мақпал ұршығын жерге қойып жатып.

- Апа деп отырмын ғой, - деп Қайып күлді.

- Бір нәрсе сұрайын.

- Сұра, сұра.

- Сен Бегей Қорабайдың баласы Қайыпсың. Әнші, зергер, там соғатын шебер деп есітіп жүретінбіз. Әлгі Есжан байдың қызы Бөбекті алып қашқан сен ғой.

- Болсақ болармыз, - деп Қайып мұртын сипап күлді.

- Е-е-е. Есжан бай біздікінде болған, мырзамызбен алыс-берісі бар. Перінің қызындай асқан сұлу деп келуші еді Бөбекті көргендер.

- Сол сұлу қазір қолда жоқ, көз алдымда елес болып қалды ғой, - деді Қайып дегбірсіздене төмен қарап.

- Ол жағын естіп жатырмыз. Айттырулы жері қоя ма. Оқиғаларыңды жұрт бас қосқан жерде аңыз қылып айтып жүр.

- Елге әйгілі болдық, артының не боларын кім білсін.

- Тентек есуаста рақым бола ма, Кедейдің Есжаны Қайыптың табанын тіліп, жанын қинау үшін жарасына тұз құйып кетіпті деп те есіттік.

- Р-р-рас, апа, - деді Қайып ызалы күлкімен.

- Демесін байдың ауылы онша алыс емес, бізбен қарайлас көшіп жүреді.

- Апа, - деді Қайып Мақпалға қарап, - Мен туралы бұл ауылға ештеңе демей-ақ қой, жұрт білмесін.

- Сыр ашпаймын, төрем. Бұл ауылда бізбен сөйлесетін кім бар, өңкей кедей-кепшік.

- Үмітті дүние емес пе, алдағыны тағы көрерміз.

- Біреудің қойнындағы әйелін тартып әкетті дегенді естіп көрмеген едік. Ақырзаман ғой мынау, - деп Мақпал Қайыпқа аяныш білдіріп отыр.<--break->

 

Қырық тоғызыншы тарау

 

Есембет ауылының қонысы Бозашыға иек артып тұр. Мал соңына түскен байы жоқ, күн көрерлік қана мал айдап жүрген жұқалау ауыл. «Мырза» атанған Қосында да мал кем. Ол саудагер, жинағы қалтасында. Дастарқаны мол, келіп ішіп-жеп кететіндер көбіне қызыл ат, қызыл киімділер. Мұны «Мырза» атандырып жүрген де солар. Бұл елдің базары – Шағадам. Қосын айналды, кеткеніне айдан асқан. Қайып күн санап, Ақбөбекпен жүздесуді асыға күтіп, арман етіп жатыр. Анадағы Жарылғапқа «менің ісіме ешкім араласпасын, бәрін де өзім тындырам» деген сөзі де әнтек болған екен. «Келіп, хабар ал» дегенде, ол келген болар еді. Қасында ақылдасар кім бар қазір? Кіммен байланыс жасайды? Ақбөбекке жолығудың жолы қане? Кім арқылы, қалай, қашан?

Кеше «етікшіні көрейінші» деп осы ауылдың аксақалы Құлшар келіп, Қайыптың қасында түске дейін отырып кеткен. Көпті көрген адам. Он саусағынан өнері тамған талай шеберлерді атап беріп еді. Кебеже оятын, домбыра жасайтын шеберлер мен өңіржиек, шашбау, шығыршық соғатын зергерлерді жақсы біледі екен. Алтын-күміспен аптап, атқа ер-тұрман жасайтын ұсталардың атын тамсанып отырып атап еді. Қайыптың тіккен етіктерін көрді. Басын изеп отырып, ол: - саусағыңның желі бар бала екенсің. Мыналарың үріп ауызға салғандай ғой, балам. Тфә-тфә, тіл-көзден аман жүр, қарағым, - деген.

Кетерінде: - Балам, маған мәс, кебіс тігіп берерсің. Мақпалға айтып кетемін, былғарысы осы үйден болар. Мақпал келінімнің сырты қара болғанымен, іші алтын ғой, жоқ демес, - деген Қайыптың арқасынан қағып.

Қайып қолға алған жұмысын еңсеріп тастаған. Әсіресе, осы жақыннан бері түн ұйқысы шала. Ақбөбек көз алдынан кетпей қойды .<--break->

Қосын мырзаның екі үйшісінің бірі Жалғас үндемейтін момақан жігіт. Осы жақыннан бері отауда, Қайыптың қасында жатып жүр. Түннің бір уағына дейін Қайыппен әңгімелесіп жатады. Қайыптың қасына алып жатқанына ол мәз болып жүр.

- Жалғас, - деді бір күні оған Қайып, - сен Кедей Демесін ауылын білесің бе? Алыс па, жақын ба?

- Онша алыс емес деп естігем, бірақ араласқан елім емес, - деп Жалғас ойлана самайын сипады. Іштей ол елдің қай құдықтың басында екенін еске түсіріп тұр. Жалғас көзі шүңіректеу демесең, жауырыны жалпақ, орта бойлы мығым жігіт.

Ақсары жігітті Мақпал «Сары бала» деп атайды.

- Сол ауылға бара алар ма екенсің? - деп Қайып сөзін жалғастырды.

- Неге бармаймын, барам, - деді Жалғас іле сөйлеп.

- Жігітсің ғой, құпияны сақтай білетін шығарсың.

- Маған сенсең болды, айта бер.

- Сыр білдірместен жоқ қараған болып барсаң...

- Кімдікіне?

- Демесін байдың үйінде менің әйелім Ақбөбек тұтқында отыр. Есебін тауып соған жолығуың керек.

- Ақбөбек жайын естігенмін, білем.<--break->

- Жалғас, құлақ сал, тыңда. Демесіннің үлкен үйінің қасында тігулі отау тұр, Ақбөбек сол отауда отыр. Оған тікелей кіріп бара алмайсың, күзетшісі бар. Ақбөбекті күтуші Рабиға деген жас әйелдің үйі тұр сол отаудың маңында. Әуелі Рабиғамен кездесуің керек. Рабиғамен бітеді.

- Ауылына кешке таман барғаным жөн болар.

- Иә, күн бата, ел орындарына отыра берген кезде.

- Не дейін Ақбөбекке?

- Әуелі мына жүзікті қолына ұстат, Онсыз саған сенбеуі мүмкін.

- Өзіне берем ғой, - деп Жалғас жүзікті алып, басындағы бөркінің қыртысына қыстырды. Сәл сипанып ыңғайсызданғанмен, үстіндегі түйежүн шекпенінде жанқалта жоқ.

- Ақбөбектің өзімен тікелей сөйлес. Әзірленсін, мен алып кетем. Қашан, қай күні барайын, соны айтсын.

- Үйге «Өрістегі малды көріп келем» деп кетем, - деді Жалғас, Қайыпқа ескертіп.

Күн ыссы, мал көлеңкелейтін шақ. Бұл өңірдің жері бірде тақыр, бірде құмайт. Бар жерінде бұталары қалың, биік өседі. Даланың өлең шөптері сарғайып, талшықтары сорайып ағара бастапты. Бұл жақтың көктемі биыл көңілсіз болған жоқ, дер кезінде жауған бір-екі жаңбыр құмайт жерді құлпыртып кеткен. Шілденің ыссы кездерінде бұл аймақтың самалсыз тымырсық күндері көп болды. Ішке тартқан демін от болып кіретін жанға жайсыз аптабын айтсаңшы, теңіз беттен келе ме түйе шағатын сонасы бар, шыбын-шіркейдің де көбейген кезі.

Жалғас ағалы-інілі екі жігіт, үйде жалғыз шешесі бар. Баланың үлкені, жасы жиырманың төртеуінде. Қосынның үйлендірем деп жүргені осы жігіт. Жалғас жолға жақсы киініп алған. Қосын қолындағы екі жігітті інісіндей сыйлайды. Киім-тамағына таршылығы жоқ, оларға ықыласпен қарайды.<--break->

Жалғас шамамен бет түзеп, жолсызбен жүріп келеді. Адыры жоқ, тегіс дала ашық аспанда ыссы күннің сағымымен сонау көкжиек бұлыңғыр тартып тұр. Анда-санда қалықтап ұшқан қара құстар көзге шалынады.

Ол Кедей ауылына күн батуға таянған кезде келіп түсті. Шеттегі қараша үйлердің кейбіреуі сауып болған көгендегі саулық қойларын енді босатып, қозыларды жамыратып жатыр. Шілдеде қой сауған бұл ауылдың әдетін Жалғас ерсі көрді. ШІлдеде қой сауа ма, ірімшікті жұрт көктемде, әрі кетсе, жаз басына дейін қайнатып алады. Демесіннің көп қойдан кезек-кезек бөліп әкеліп, малшыларына жаздай саудырып, айран-сүтке қарық қылып отырғанын Жалғас түсінбей, тек жұрттан көрген әдетіне басып тұр.

Жалғас атын жетектеп келіп, ауыл шетіне тақалды. Байдың үйі қайсысы екен деп бағдарлайды. Басқадан арасы алшақтау тігілген біреуі ақ, екеуі боз, қатарынан үш кеуделі үй тұр, соның бірі деп шамалады Жалғас.

Шеткі кішкентай қара үйден сегіз-тоғыз жасар жалаңаш дамбалшаң бала шықты. Ол есік алдындағы қара бұтаның түбіне барып отыра кетті де, біраздан кейін үйіне қарай жүгіріп еді, Жалғас оны қол бұлғап шақырды. Бала әуелі ышқырын көтеріп қойып, соң жайымен бері бұрылды.

- Демесіннің үйі қайсы? - деп сұрады Жалғас баладан.

- Әне, анау, - деп бала әлгі үш үйдің ағын қолымен нұсқады.

- Рабиғаның үйі қане?

- Әне тұр.

- Барып, Рабиғаны шақырып кел. «Інің келіп тұр» де.

Үйі жақын екен, бала тез оралды. Ол: «Айттым» деді де, кері бұрылып кетті.<--break->

Үлбіреп тұрған жоқ, жүзі тотығайын деп ысылып қалған ақ келіншек келіп, Жалғастың бетіне тосырқай қарады да: - Көтек, әлгі жабысқыр «інің келді» деп еді ғой, - деді.

- Оқасы жоқ, ол сөзді мен айтқанмын, - деп жымиды Жалғас.

- Иә, танымадым, аман ба.

- Саламатсың ба, танысу қиын емес. Мені Қайып жіберді.

- Қойшы - әй! Бекет-ау, көретін күн бар екен ғой!

- Ендігісін өзің білесің.

- Шылбырың бар ма, атыңды ана жерге апарып арқанда. Ер-тұрманын мына үйдің қасына тастай сал, өзің біздің үйге жүр. Біреу-міреу көріп қалар болса, өзің айтқандай «інім» - деп таныстырармын.

- Келістік, - деді де Жалғас Рабиғаның қатарында келе жатты.

Рабиға қонақтан бұрын үйге өзі кіріп, төрге төсек салды. Сыны бұзылмаған сымбатты келіншектің жүріс-тұрысы мен қимыл-әрексті жаңа көрген жас жігітке оңаша үйде аса ұнап бара жатқан сияқты еді. Өңгенің көзінен таса жерде кездескенде, жігіттің жүрегін ойнатып кететін әйелдің осындай бір кереметі бар. Жалғас өзгенің көзіне түспей, Рабиғаның үйін тауып алғанына өз-өзінен риза болып, көңілі тоғайып отыр. Ауылдағы Қайып есіне түсті. Ақбөбектің хабарын тез жеткізсем деген асығыстық сезім бар бойында.

Рабиғаның жүрісі ширақ, сырттан мосы әкеліп, шайды үйдің ішінде қайнататын болды. Түрулі іргені түсірді. Сыртқа дыбыс шықпасын деді ме, сыртқы есік түрулі, сықырлауық жабық еді, енді киізбен тысталған сыртқы ши есікті де жапты. Күні ыссы болып өткен бүгінгі кеш қағусыз тымырсық еді.<--break->

- Атың кім? - деп сұрады Рабиға Жалғастан шәйнектің астына жылқының қу тезегін қалап жатып.

- Жалғас.

- Руың кім?

- Есембет.

- Туыстығың жоқ, әзілдессек болады екен, Жалғас. Айналаны қымтап, сені бүгін бұлауға салайын деп отырмын, - деді Рабиға сылқым күлкісіне салып.

- Бұлауың жағар ма екен, түссек түсіп көрейік, - деп Жалғас та әзіл тастады.

- Сен отыра бер, мен барып, «Қайыбыңнан хабар келді» деп Ақбөбектен сүйінші сұрап келейін, - деп Рабиға үйден шығып кетті.

Көп ұзамай, қайтып оралған ол: - Шөлдеп келген шығарсың, асықпай шайға қанып ал. Асулы тамақ бар соны үшеуміз жерміз, ел аяғы әбден басылсын, - деп шайға дастарқан жая бастады.

Ақбөбек жүрегі тулай қуанып отыр. Тәбеті ашылды ма, өзінен өзі сусап, шай ішкісі келді. Аздап өзегі талғандай, тамақ жегісі келіп, жүрегі кесіліп отыр. Бұрын асқа пейілі шаппай, сартап болып жүретін адам қазір қомағайланып бара жатқандай. Қайыптың хабарсыз кеткеніне неше айдың жүзі болды. Ой үстіне ой туындаған кезде көп ойдың ұшына шыға алмаған Ақбөбек кейде есалаң халге түсетін. Анада бірде «Еркек еркектігіне салып, басқа біреуге ауып кетті ме?» деп те ойлаған. Осындай дүдәмал ойлар қылаң берген сайын ол үсті-үстіне жүрегі суылдап, бұрыңғыдан бетер жайсыздана беретін. Ақбөбектің жүрегі енді орнына түскендей болды.

Рабиға Жалғасқа бір шайды беріп алған соң, ақ құманның шамасын төгіп, қайтадан шай демдеді. Ақбөбек келген соң тағы дастарқан жаймақ.

- Ақбөбекті ертіп келейін, - деді ол Жалғастың тізесіне сүйене орнынан тұрып жатып. Жалғас жас келіншектің қылымсуын сонысынан байқап қалған сияқты.<--break->

Ай қараңғы. Күндіз қызған жұмсақ жердің қызуы басылған. Аздап бетке соғатын леп бар. Кешкі жуындыларын ішіп алған ауыл иттері топтасып алып, сонау дөңде жүр. Бірі қаңсыласа, бірі шәуілдейді, ұйығып жүрген болар. Күнімен малда, шаруада сабылған адамдар төсекке ерте қисаяды. Ауыл арасы тынышталған. Мүлгіген түнде РабиғаТілестің үйінің сыртында тұрып: - Тілес бармысың? - деп дауыстады.

- Аһ, не болды?! - деді Тілес жарқыншақ дауыспен сасқалақтап.

- Ұйықтай бер, Ақбөбек біздің үйде болады, - деп ескертті Рабиға.

Ақбөбек ішке кірді. Түрегеліп тұрған Жалғаспен қол алысып амандасты. Сәлемдесіп болған соң, ол Рабиғаның қасына барып отырды. Жалғас жанқалтасынан Қайыптың беріп жіберген жүзігін ұсынды Ақбөбекке. Ақбөбек жүзікті қолына алып, былай-былай аударып көрді де: - Таныдым. Мынау Қайыптың маған арнап соққан жүзігі, - деді Рабиғаға көрсетіп.

- Ой, дүние-ай, - деді Рабиға тамсанып.

Екі келіншек Жалғасты ортаға алып кезек-кезек сұрау беріп жатыр.

- Қайып қайда қазір?

- Бозашыдан беріде Есембет ауылында.

- Сенікі де сонда ма?

- Иә, Қосын мырзаның үйінде.

- Қайып той-домалаққа барып жүр ме?

- Үйден шыққанын көргенім жоқ.<--break->

- Көңілді ме өзі, қандай?

- Онысын байқамадым, үндемейді, күлмейді әйтеуір.

- Мен туралы не дейді?

- Сен туралы ол не десін. Елдің гуілі жетіп жатқан жоқ па?

- Неге көптен бері хабар алмай жатты?

- Ол жағын білмедім.

- Сені не үшін жіберді маған, соны айтшы.

- Шығатын күнін белгілесін, барам да алып кетем, - деді.

- Ал, енді қайттік, - деді Ақбөбек қапелімде дағдарысқа ұшырап.

- Білмей қалдым, - деп Рабиға Ақбөбекке қарады.

- Ол күні ауылда адам қарасы кем болуы керек.

- Ақбөбек, әлгі ас беретін күнді атасақ қайтеді?

- Қайта ол күні адам көп жиылмай ма?

- Ол күні кімді кім байқайды. Түнде ойын-тамаша болады, жұрт соны қызықтап кетпей ме? Сол түн қолайлы болады деп ойлаймын, - деп еді Рабиға, Ақбөбек оның сөзін қолдағандай болып: - сол дұрыс-ау, - деді.

- Ас қай күні беріледі екен? - деп сұрады Жалғас.

- Білмедік, бірақ шілдеден кейінгі ай деп естігенім бар, - деді Рабиға.

- Біздің мырзаны да шақырады тойға. Сол жақтан есітермін.

- Онда, Жалғас, сен тағы бір хабарласып кетерсің, - деді Рабиға.<--break->

- Жарайды, - деді Жалғас, - мен той болар аптаның дүйсенбісінде соғармын. Айтып қояйын, ол күні бұл ауылға қонбай кетем. Күн қағуда осында жететін болып, ауылдан ерте шығармын.

- Қайда, қалай кездеспексің сонда? - деп сұрады Рабиға.

- Ауыл сыртында кездесіп, ізімше қайтсам деймін.

- Онда Ақбөбек екеуміз даланы серуендеген болып, сенің жолыңды күтеміз.

Ақбөбек әуелі шай ішкен, одан кейін тамақтанды. Әңгімеден соң көңілі көтеріліп, біраз кетпей отырды. Ұйқысы келді ме. Рабиға ауыт-ауыт керіліп есіней, бастады.

Оны сезген Ақбөбек:

-Мені үйге апарып таста, - деді.

Екі келіншек далаға шығып, сырттың салқын самалын жұтып тұр.

- Жалғас қашан қайтады? - деп сұрады Ақбөбек.

- Көзге түспейтін уақытта, таңертең ерте тұрғызып жіберем бе деп тұрмын.

Ақбөбек отауға кіріп кетті. Рабиға Тілестің үйіне жақындап, түрулі іргеден: - Әй, сорлы, тірімісің? -деді жаймен.

- Уһ, Рабиғамысың? - деп басын көтеріп алды шошып оянған Тілес. Түндегі күзетте көбіне осы Тілес жүреді. Жасынан уақытпен санаспай, белгілі қалып көрмей өскен ол ұйқыға сергек, түннің қай кезінде оятсаң да, тұрып кете береді. Түнде көбіне шешінбестен үстіндегі киімімен жата кетеді.

- Біз келдік, - деді де Рабиға ізінше үйіне кетті.<--break->

Жалғас тысқа шығып кеткен. Ол қайтып оралғанша, Рабиға оң жаққа жайылымын мол жазып, екі адам жататындай етіп төсекті кең салды.

Аңызақ жұтып, күнімен жол жүріп келген Жалғас сілесі қатып шаршап тұр. Өзі ұйқышыл жігіт, қисайса көз жұмуға әзір.

- Жата бер, төсегің әне, - деді Рабиға өзі де шешініп жатып. Жүзін іргеге бұрып Жалғас жата кетті. Сақа жасқа келгенмен, Жалғас мұндай жағдайға кездеспеген еді. Ол Қосынның қызметшісі. Керуен тартқан, базар шыққан, талай жерде жолаушылап жүрген. Бірақ үнемі мырзамен бірге болатын. Анда-санда ауылдағы жеңгелерімен әзілдескені болмаса, әйел баласымен мұндай оңаша үйде кезігіп көрмеген.

Рабиға үндемей біраз жатты. Жалғас сол іргеге қарап жатқан күйінде, онша көсіліп, бойын да жазған жоқ, қырынан жатыр. Ұйықтап кетпесін деді ме, шамалы байқап жатқан Рабиға: -Жалғас, неше баланың әкесісің? - деді. Жалғас енді шалқасынан аударылып: - Үйленгенім жоқ, - деді.

- Мен барайын ба, жоқ сен келесің бе? - деп Рабиға бері қарай қырынан аударылды. Жалғас қапелімде еш нәрсе дей алмай қалып еді, артынан барып: - өзің біл, - деді.

Рабиғаға Жалғас әлі  мұрны тесілмеген бас білмейтін буыршын сияқты көрінді. Бұрын әйел төсегін көрмеген бозбала жігіттерді ауыздандыратын жеңгелердің қылығына салып, Рабиға төсегінен өзі тұрып, Жалғастың қасына жатты. - Ерсіз емеспін, ағаң бар. Мені «тумайсың» деп, үстіме қатын алып кеткен. Басқа ауылда тұрады, - деді Жалғастың мойнына қолын сала беріп. Енді бойы қыза бастаған Жалғас Рабиғаның үстіне аяғын тастады. Рабиғаны бауырына алып, қысып-қысып жіберіп еді, әйел: – Ойбай, қабырғамды сындырып жіберерсің, –деп, аздап бұлқынған болып, майыса наз қылып жатыр. Еркектің құшағына түсіп, оның буын иіскеген кезде әйелдің өстіп бар еркінен айырылып, өз-өзінен тарқатыла беретін әдеті...<--break->

Түндік жабулы, ірге қымтаулы, есік пен сықырлауық жабық, үйдің іші қапырық ыссы. Жалғас терлеп жатыр, төсек сиын кәріп қалған әккі келіншек терлеген жоқ, аздап бойы қызып, мейірленіп жатқан тәрізді. Біраздан кейін Жалғастың мойнына тағы да қол салып еді, оның терлеп жатқанын сезді. Салқындасын дегендей реует жасап, ол Жалғастың көйлегін түрді, өзі де әдейі көйлегін жоғары ысырып, қос алмасынан ысырып тастады. Соң бір аяғын жігіттің жайымен апарып тақымына қыстырды. Сөйтіп жатып: - Бүгін ұйықтамайық. Таң белгі бере көзге түспей, кетуің керек, - деді.

- Ұйықтап қалып масқара болмайық, - деп Жалғас Рабиғаның бетін сипады.

Жігіттің жалаңаш етке қол тигізіп, өзін құшақтай алмай жатқанын сезген келіншек Жалғастың қолынан өзі тартып, әуелі қос алмасын ұстатты, соң төмендегі тізесіне дейін апарып, жалаңаш тәнін сипатты. Өзі де қымсынбастан Жалғастың бауырына жабыса түсіп, жайымен шымшылағандай болып, бар денесіне қол жүгіртіп жатыр. Әйелдің жыбырлаған саусақтары кіңдіктен төмен кеткенде жігіттік қытығы келіп кетті ме, әлде оның делебесі қозды ма, өз-өзінен қозғалақтап, шынтақтап басын көтеріп алды. Осындай еркек нәпсісін байқаған әйелдің бетін түндікке қарай бұрып жататын әдеті, Рабиға сөйтті...<--break->

Елуінші тарау

 

Түкірігі жерге түспестей қауым елді аузына қаратып жүрген азаматтар бар. Оларды жұрт көптің тамырын ұстап, тынысын байқайды деп түсінеді. Олар елдің қамын ойлаймын, қажетін өтеймін деп сайлаудан өткен болыстар. Жылтыр заманның легіне түсіп алған соң олар арбасын өзінше сүйретіп кетеді. Әр болыс ел тізгінін өзінше тартқан соң биліктің шешімі бұзылады, сосын сенім қашады, алауыздық басталады.

Тұрақтаған сайын олардың ішінен көңіл жығар дөрекілері де, мойны қатты өр көкіректері де шығып жатады. Жоқ емес, олардың қорқақтары да бар, бірақ олар бұқара халықтан қорықпайды, өзінен жоғарғы әкімдердің алдына барғанда өзінің жағымпаздығымен, жәдігөйлігімен жорғалап кетеді. Заманды сонысымен жылтыратады олар. Түссе адамды қырш еткізетін Бозым болыстың аузында сақиған азуы бар, іліксе, адамды шайнап тастардай айбат жатыр, бірақ ол азуын да, айбатын да ешкімге көрсетпейді. Кімді болса да мәймөнке сөзімен, ойдай уәдемен шығарып салады. Елде оны кім «жаман» дейді түгімен жұтатын аларман ол жоқ, ондай іске өзі ешқашан араласқан емес. Жасынан араласып, алуға келгенде саяқ жырынды болып қалған баласы Ертас бар. Ол әкесі жұртпен сөйлескенде, оның аузына қарап отырады. Тек әкенің уәдесі керек, ар жағын өзі біледі. Әкені оған араластырмай, алымды Ертастың өзі алады. Аңғал ел талай жерде алданып қалғанмен, Бозымнын алдына ешкім шыға алмайды.

Бір кезде Әлмағамбет пен Ақберген би Ақбөбек жайында араға салу үшін осы Бозым болысқа алыстан ат арытып келген болатын. Сонда Бозым нағашылы-жиенді болғансып Жаңай билерін өзіне тарта сөйлеп отырып, Ақбөбек дауын «өзім басам» деп үлкен уәде беріп еді. Сонда әкесімен бірге дастарқан басында отырған Ертас қыс ішінде Жаңай ауылына барып, алатынын ақшамен келіскен де, Сабытайды көп дүниеге түсіріп кеткен. Ақбөбек дауы көтерілген соң, бәленің басы-қасында болмайын деген Бозым Демесін аулынан Жеменейдің басқа ауылына көшіп кеткен. Келесі жылы оязда болыстардың жиыны болды, сол кеңеске Бозым да қатысқан еді. Сонда Бозымға Ораз кездесіп: - Кедейдің Есжаны Бегей Қайыптың әйелін тартып әкетіп, жолда баласын өлтіріп кеткен. Сол елдің болысысың, не шара қолдандың? – дегенде Бозым: - Ой, құрдасжан, хабарым жоқ, мен басқа ауылда жасаймын. Адам өлтірсе, мен оған құн төлетем, - деп құтылыпты.<--break->

- Бүкіл елдің құлағына жеткен оқиғаны сенің естімеуің қалай? - деген Оразға ол: - Былтырдан бері сырқау болып, көпке араласа алмай жаттым ғой, - деп табан астынан өтірігін соқты. Оразды басқа сөзге келтірмей, артынша: - «Жесірімді жібермеймін» деп арға шабатын болса, Есжан қыздың басына ақ түсірместен қайтармай ма? Кедейдің бала туған қатынның артынан баруы дұрыс емес. Мен сөйлесем олармен. Ақбөбекті бала туғызған байына қосу керек, - деді. Өз заманының сырына қанық Ораз ыңғайына қарай жығыла сөйлегеннен-ақ байқаған болар, елде атағы бар сырты салиқалы болғанмен, Бозым болыстың бұл сөзіне сенер-сенбесін білмей кеткен сонда.

Елдің қашаннан тамырын ұстап, әр уақытта көппен тыныстас болып жүретін халық арасынан шыққан біртуар дарынды жандар бар. Сөз зергері шешендер мен кесіп айтар билердің орны бөлек. Оларды халық сайламайды да, олар өздері барып сайланбайды да. Суырып салма ақындар, төкпе жыраулар, он саусағы киелі күйшілер мен жез таңдай әншілер бар, оларға дәрежелі орынды әкімдер белгілеп берген емес. Олардың абыройы мен атағы, дәрежелік орынды тек халықтың ғана жүрегінде сақталады. Сол дарын иесі өнерпаздардың бірі елден шыққан билер. Адам бойында жақсылық пен жамандық, әділет пен қыңырлық сияқты қасиеттер болады. Сол қасиеттердің ішінен ең тазасы саналатын әділет тұрса, осы билердің жүрегіне ұялап қалғаны сол әділет болса керек. Халықтың қалауы солай.

Жаз басында Байұлының бір руы Адайдың билерін шақырыпты. Сол мәслихатқа Әлмағамбет барып қайтқан. Адай мен Байұлы арасында дау туыпты. Жоғарғы Адайдың Қырықмылтық руынан бір бай Байұлының жайлауына тақау көшіп барыпты. Қарап жүреме, жайлауға малын түсіре беріпті. «Қой десе, қоймайды, «кет» десе, кетпейді. Ол өзі көтерер қолы шамалы шағындау ауыл екен. Қырықмылтық айтқанына көнбеген соң, өз елінің билеріне хабар салады. Байұлының билері өзара кеңесе келіп, «өздері шешсін» деп Адайдың билеріне адам жібереді. Сонда Адайдың билері Қырықмылтықтың ісін жөнсіз деп тауып, оған ат, шапан айып төлетіп, өзін ол жерден көшіріп жіберген екен. Сондағы топтың ішінде Адайдың белгілі билерінен олжашының Айдарбайы, қырымқұлдың Ғафуры, шалбардың Дауылы, сердаланың биі Дәрменбай, қыдыршадан Сарбас болып, екі елдің арасындағы дауды шешуде әділеттіліктің туын көтеріп кетіп еді.<--break->

Елге қайтып келе жатқан Әлмағамбет Адайдың басты билерін үйіне шақырып, қонақ асы беріп жіберді. Сол бас қосуда Қайыптың мәселесін ортаға салып көріп еді, әуелі дауылдасып алып, кейін өзара келісімге келген көпшілік: - Бұның екі жағында да тентектік болған, біріншіден, біреудің үйінде отырған жесірін алып кеткен Қайыптікі дұрыс емес, екіншіден, біреудің бала тапқан әйелін зорлап алып кету қазақтың салтына жатса да, шариғатқа жатпайды, Кедейдікі қисық. Шариғат пен салттың үйлеспеген жеріне шешім айту қиын. Ендігі түйіні сол: кім жеңсе, дұрысы сол... – деп тарқасты.

Көптен бері Сабытайдікіне соғудың реті болмай жүретін. Ауыл арасы онша қашық емес, қатар көшіп жүрген ел.

Әлмағамбет Сабытайдікінен қонақ асы жемеймін деп қасына адам ертпей, ауылдан бір өзі шығып еді. Ауылға жақындағанда, ойын өзгертіп, Сабытайдікі емес, Жарылғаптың үйіне түсетін болған. Сабытай да, Жарылғап та ауылда жоқ екен, бірақ Нұрқан: - Көп ұзамай Жарылғап келеді, - деді. «Жүрем» деп Әлмағамбет тамақ астырмай отырған. Шай ішіліп болған соң, ас қайырды ол.

Нұрқан жүкті, ай-күніне жетіп отыр. Ойда жоқта Нұрқан: -Ата,-деді бешпентінің өңірін ұстап, - құдай айдап келіп қалдың, балама ат қойып кет.

- Қайдағы балаға? - деп қалды абайсызда Әлмағамбет.

- Көріп отырсың ғой...

- Ой, қарағым-ай, жарық дүниеге шықсын да әуелі, ат қою қайда кетер дейсің.

Осы кезде Жарылғап сырттан жөтелгендей дыбыс берді.

– Әне, келді, – деді Нұрқан оттағы ақ құманның шамасын төгуге әзірленіп.

Жарылғап кіріп, Әлмағамбетке қол беріп амандасты. Нұрқан бүйірлі ақ самаурынның түтігіне сексеуілдің шоғын салды. Тағы да дастарқан жайылып, шай құйыла бастады.

- Қайыптың жай-жағдайын білейін деп саған келіп отырмын, - деді Әлмағамбет шай үстінде.

- Қайып бұл жақта жоқ, Бозашы жаққа кетті, - деді Жарылғап.

- Со баланың өзіне жолығам ба деп едім. Қыста сенің үйіңде кездескенде, оған жөндеп ақылымды айта алмай қалыппын.<--break->

- Тыныштық па?

- Кездескен жерде «Аулыңа барған бір баланы жауға талатқаның не» деп Қорабай бетіме салық қыла ма деп ұялып жүруші едім. Оның үстіне Адайдың бас көтерер адамдарының Қайып жөнінде айтқан сөздері де маған қамшы болып тұр.

- Не дейді сонда?

- Ешкім Қайыптың ісін жөн деп отырған жоқ. Билердің болжамы ауыр. Енді тірескен жақтың қайсысы жеңсе, сол жақтікі ақ болайын деп тұр шамасы. Жалғыз шауып Қайып қарулы жауды жеңе ала ма? Екі ортада азамат мерт бола ма деп қорқам, – деді Әлмағамбет.

- Кедейлер оның баласын өлтірді ғой, сол жағынан айыптаса қайтеді?- деп Жарылғап шай аяғын төңкере салды.

- Жеме-жемге келгенде Кедейлер «бала өзіміздікі» деп шыға келмей ме?

- Қалай айтады, оған дәлел бар ма?

- Бар. Бұрынғы күйеу   қалыңдығына ұрын барған. Соны себеп қылып, сөз жоқ, «жесіріміздің ішінде кеткен бала» дейді олар.

- Құрғырдың сонысы бар екен ғой.

- Қайыпты тоқтату керек. Жас неме босқа өліп кетпесін.

- Сөйтсе қайтеді. Тайға алған бір қатын, танаға алған да бір қатын, бір шүйкебас тауып алар, – деп Нұрқан сөзге араласты.

- Жарылғап оған көзінің аласымен қарады да қойды.

- Қайыпты көрсең, айт, маған жолығып кетсін, – деді Әлмағамбет.

Жарылғап сырды ішке сақтап, Қайып туралы ешнәрсе айтпады. Әлмағамбетті атына мінгізіп жөнелтіп салды да, үйіне қайта кірді. Нұрқан көңілді отырған, жарқылдап сөйлеп отыр. Жолдан шөлдеп келген Жарылғап жастыққа шынтақтап, тағы да шай ұрттап отыр.

- Жарылғап мына балаңа «ат қойып беріп кет» дедім атама, – ол күйеуіне қарап тісін ақсита күліп.<--break->

- Ат қойды ма?

- Жоқ. Әуелі босанып ал, – деді.

- Ой, тілеуің кесілсін, тумаған балаға ат қой деп дардай кісіге қалай айттың?

- Немене ұят па?

- Әрине ұят! Осындай ардың-гүрдің мінезіңнен талай жерде ұрылып жүрсің, қоймайсың-ау тіпті. Жаңағың не, еркек адамдардың сөзіне әйел басыңмен араласуың қалай?

- Солай ма еді, - деп Нұрқан Жарылғаптың құлағынан тартты.

- Жырқылдай бермеші! Осы жырқылыңнан...

- Иә, жырқылыңнан, - деп Нұрқан шынтақтап жатқан күйеуінің тамағынан қытықтады.

- Айтайын ба?

- Айта ғой.

- Айтайын ба?

- Ал айт, - деді Нұрқан. Ол Жарылғаптың не айтайын деп отырғанын ұқпады. Бір жерін түрткісі келіп, қол соза беріп еді, Жарылғап оған: - Осы жырқылдақтығыңнан сен үйіңде жаулық тартып алғансың. Маған қыздай келдің бе? - деді Нұрқанға шұқшия қарап отырып.

Нұрқан қапелімде сасқалақтап, сөз таба алмай қалды. Бетіне қан ойнап, көзі жасаурап бара жатқандай болды.

- Қойшы енді, - деп төмен қарады.

- Сенің бақытыңа мен бұрын әйел алған адаммын, кек тұтып жатпаймын. Бірақ біліп қойғым келеді, саған тиген Қайып емес пе?

– Жоқ. Ақбөбек кеткен кезде Қайыпқа қосылғым келгені рас.

– Жасырма, айт, кім сонда?

– Жағаласып ойнап жүр едік, бір-ак мәрте... Не болғанын сезбей де қалдым....

– Кім? Жасырмай айт, – деді Жарылғап әйеліне тіке қарап.

– Жылқышымыз еді, ол жігіт өліп кетті, – деп Нұрқан төмен қарады.<--break->

– Болды түсіндім, – деді Жарылғап. Ол көптен бері ойланып жүретін. Ақбөбек кеткеннен кейін Нұрқан Қайыптың жарасын таңып, басы- қасында болып, біраз күн әуре болған. Сол кезде болды ма деп Жарылғап ойлаушы еді. «Өзінен қалғанды маған ысырмауы керек» деп алдыңғы ойына тойтарыс беретін тағы да.

Есжан байдың ауылы әбігер. Ақбөбек қыз күнінде ойын-тамашаға құмар, сауықшыл еді. Қойшы-қолаң болса да, ауыл-үйдің адамдарын талғамай, араласып кете беретін. Содан ба бүкіл ауыл қайғырып, Ақбөбекке жаны ашиды. Маңғыстау өңіріне тараған Қайып пен Ақбөбек оқиғасы күннен күніге өрбіп, кейде жаға ұстатарлықтай дәрежеге көтеріліп, барынша өршіп барады. Есжан батыр Қайыптың табанын тіліп, тұздап кетіпті дегенді естігенде жұрт шошып кеткен. Енді одан да суық хабар жетті бұл жаққа. Сол Есжан кейінгі барғанда Қайыпты ақта қылып келіпті деген дабырық та шықты. – «Өйтіп азаматты еркектіктен айырғанша, өлтіріп-ақ кете салмай ма» деп есіткен жұрт жағасын ұстап жатыр. Сол сөз құлағына жеткелі бері Зиба қатты абыржудың үстінде. Кеше кеште ол: - Барған байы ақта болып жатса, біздің қарбашаның ол жаққа талпына беретіні несі? – деді Қалияшқа.

– Жарқын қайдан білсін оны. Мүмкін айдап-ұшпа өсек шығар, - деп Қалияш сенбестігін білдірді. Дейтұрғанмен, өз көкірегінде де күпірлік бар еді оның.

- Қалай білмейді? Ел естігенді ол естімей ме?

- Онда адам жіберіп, Жарқынға хабар салу керек.

- Құдамызға таңым бар, ол қызды жалғыз қамап, несіне ұстап отыр. Бізге әкеліп, қолымызға бермей ме, біз дайын тұрған жасаумен сол Кедейге ұзатпаймыз ба?

- Сөйту керек қой.

- Шалға айтайын мен, балаларды жіберіп біржақты етіп келсін, - деді Зиба күбініп.

Есжан түскі ұйқыдан енді тұрып, жағасы далбиған ақзон көйлегінің өңіріндегі бауын байлап, енді ғана мәсін киейін деп кең балақты ақ дамбалының етегін бүктеп жатыр еді. Зиба үйге кіріп келгенде ол: - Сусын әкелші, таңдай құрғыр кеуіп барады, - деді.

- Шай ішпейсің бе?

- Жоқ.<--break->

Ірге түрулі болатын. Сырттың керімсалы соғып, сегіз қанат үйдің ішін біршама ысытып жіберіпті. Кейінгі кезде Есжан деміге беретінді шығарып жүр, қапырықты жақтырмайды. Кешеден бері бұл үй қонақсыз. Қараң-құраңсыз болған, кең үйдің іші құлазып тұр. Қонақсыз қолаңсыған кезде байдың бұйығып жата беретіні бар. Көңілінің де қошы болмас онысын.

- Есқуат қайда?

- Үйінде. Дүйсен келген, соның жанында.

Есжан басқа сөзге келмеді. Сырлы зереннің кемеріне келтіріле құйылған қою шұбатты бетіндегі көбігін үріп жіберді де, ара-тұра дем алып, сіміре жұтты. «Уһ, жаным-ай».

- Немене, денің сау ма?

- Ауру-сауымды білмей отырмысың? Бойы құрғыр зілдей. Зиба адамның сырын біледі. Ақбөбек кеткелі ол мазасыз.

Аңқылдап сөйлеу, қабақ ашу қалған. Күйеуінің қасы мен қабағына қарап отырған бәйбіше де соның ыңғайында. Қабарумен күн өткізеді. Бұл жолы да айтайын деп келгенін айтуға Зибаның батылы бармады. Көп отырмай, үйден шығып бара жатып: – Келін шай әкелсін, ішесің бе?- деді Зиба күйеуіне.

- Жоқ, - деді де ол мәсін шешіп, жастығына қайта қисайды. Зиба үйден шықса, бой көтеріп, ашылады. Сөйлесетіні балалары мен келіндері. Сөйлескен сайын іштегі шерін төгеді, қайғыға ортақ балалары да оның сөзін сөйлейді. Сонда қыз күйігі саябыр тартып, бойдың тырысқаны сәл тарқайын дейтін. Өмір бойы төрт құбыласы түгел болып келген ардақты ана қыз күйігін тартам деп ойлаған ба? Алғашында Ақбөбектің ісіне Зиба талқан болып ашуланған. Кейін ол райдан қайтып, «қойшы, жас жан сүйсе сүйген шығар, Қайып кімнен кем» деп өзіне тоқтам берген. Сонымен басылып кетпей, кейін екі арада дау көтерілгені жаман болды. Кедейдің озбырлығы тек қана Қайыпты мұқатып қойған жоқ, ол бүкіл Есжан әулетін елге  масқара етіп кетті. Есжан байдың жалғыз қызын Демесін төңірегіне күзет қойып, қыспақта ұстап отыр. Бұл не қорлық, бұдан артық басыну бар ма? Аталасып келгенде Мамыртайдың Кедейден кем жері бар ма? Арғы тегін, дәулетін сұрастырғанда, Демесіннің Есжаннан артықшылығы қайсы? Бар ашуы ішінде булығып тұрған Зиба отаудың есігін ашты. Дастарқан жайылып жатыр. Дүйсен жантайып жатып Есқуаттың сөзін тыңдап отыр еді, шешесі үйге кіргенде, ол именіп, басын көтеріп, малдас кұрып отырды. Зиба қазан-аяқ жаққа келіп отырды.<--break->

- Әтекем тұрды ма? - деп сұрады Қалияш.

- Сусын ішіп, қайта жатты. Шәй ішпеймін, - деді. Оттығынан шоқтың табы көрініп сары самауыр шыжылдап тұр. Қақпағының тесігінен буы көтеріліп, үлкен аққұман шоқтың үстінде қайнап тұр. Шәй жасарда Қалияш барып, түрулі іргені түсіріп келген. Шәйді қымтанып отырып ішетін елдің әдеті. Әсіресе үлкендер жағы бусанып, терлеп отырып ішкенді ұнатады.

- Құманды шығар оттан. Қазақтың әдеті кұрсын, өңешімізді өртеп өлеміз ғой бір күні, - деп Зиба қабағын тырыстырды.

- Қайнатпаса, таңдайға тати ма? - деп күлді Дүйсен.

- Сырттың ыссысы аз ба? Самаурын қайнап тұрса. Оның үстіне қуықтай үйге от әкеліп... - деді Есқуат шешесінің сөзін қоштап.

- Осыған үйренгенбіз қайтеміз енді, - деді Қалияш шыны аяқтарға шәй құйып жатып.

Есқуат: - Түрікпен ауылдарға барып жүрміз ғой, олар көк шәй ішеді екен. Неге десең көк шәй шөл қандырғыш болатын көрінеді.

- Түрі қандай? - деп сұрады Қалияш күйеуіне қарап.

- Сұйық, сарғыш, оны сүт құймай ішеді.

- Бекет-ау, өзі сұйық шәй жүрекке жата ма екен?<--break->

- Қазақ шәй ішуді сән көреді, әрі терлеп, бас жазам деп ішеді. Түрікпен шаңқаған кезде шөл басу үшін ішеді. Есқуат осыны айтқанда, ұрттап отырған шәйіне шашалып қалды. Қалияш оған қарап жымиды.

- «Әр елдің салты басқа, иті қарақасқа» дейтіні осы, деп Дүйсен кестелі орамалымен бетін сүртті.

Шәй ішіліп болып, дастарқан жиылған соң Зиба екі баласына кезек қарап:

- Бөбектен хабар бар ма? - деді. Екі жігіт біріне бірі қарап, қапелімде айтуға сөз таба алмай қалды. Бұлар ол елге барған емес-ті. Айда-жылда Аюпты жіберіп, сол арқылы жағдайды сыртттай есітіп жатқан болатын.

- Аман. Аюп барып келді, - деп Дүйсен міңгірлей сөйледі.

Көзімен жер тесіп отырып Зиба:

-Күні-түні күзетте жатқан адамның, аманы бар ма, жаманы бар ма, - деді де күрсінді.

Қалияш жер шұқып отыр. Бет орамалы қолында, ауыт-ауыт көзінің жасын сүртіп қояды. Есқуат әйелге дегенде қол жұмсағыш шытырлақтау болғанмен, қарындасын тым аялағыш еді. Сол бауырмалдығынан болса керек, әйелін сабаған кезде үстіне қарындасы келіп қалса, жуасып, кейін шегіне, қолындағы қамшысын лақтырып тастайтын. «Жазықсыз бейшараны несіне түте бересің. Шешеңдей шешесі бар, әкеңдей әкесі бар, сенен кем жері жоқ қой мұның. Өзіңдей адамның баласы ғой бұл» деп Ақбөбек ұрысқанда, ағасы үндемей отыра кететін. Ақбөбек кеткен әзірде Есқуат бір күні үйіне кіріп келсе, Қалияш төрде жылап отыр екен. Күйеуі: Не болды? деп сұрағанда әйелі: «Жарқынды сағындым. Енді маған кім арашаға түседі? деп те ойлап отырмын» Сол сол екен, Есқуат содан кейін Қалияшқа кол тигізе бермейтін болған.<--break->

Бауырмал аға кетерде Ақбөбектің көңілін қимай, «барсаң бара ғой» деп рұқсатын беріп, аттандырып жіберіп еді. Енді өзінің сол бостығына өкініп отыр. Ақбөбекті Кедейлер зормен алып кеткен кезде, Есқуат «Барамын, қарындасымды алып келем» деп қызып еді, әкесі:  «жайыңа жүр, сен араласпа, өзіміз бармыз» деп оны жібермеген.

- Иә, қазір Кедейдің жалы биік. Төрелессе жол соныкі болып тұр, - деді Дүйсен.

- Мен әйел басыммен ештеңе айтуға бата алмай отырмын. Сендер ер адамсыңдар, еркекше сөйлесіңдер. Біреуіңді жіберсін қызына, - деді Зиба.

- Не деп? - Есқуат шешесіне қарай мойнын бұрды.

- Ұят та болса айтайын, - деді Зиба. Сезіп қалды ма: Қалияш тез үйден шығып кетті.

- Ал,иә, - Дүйсен төмен қарады.

- Ана қалап барған байын Есжан тентек еркектіктен айырып кеткен көрінеді, қызға айту керек. Адам қатарынан қалған Қайыбын қойсын. Қызды алып келіңдер, бұрынғы атастырған жеріне өзіміз қолымыздан ұзатып берейік, - деді Зиба өз шешімін айтып.

Дүйсен де, Есқуат та төмен қараған күйі үндеместен ойланып калды...<--break->

...Ақбөбек түнімен ұйықтай алмай жатып, таң алдында ғана көз ілдіріп еді. Ас берілетін күнді тағатсыз күтеді, дөңбекшіп жатып, үсті-үстіне ойлай береді. Шыдамы азайған сайын ұшқыр көңіл еркіне жібермей алып-ұшып барады. Ой үстіне ой келіп, жүрек лүпіл қағады. Ақбөбекті екі түрлі сезім билеген: бірі – сағыныш, Қайыпты көргісі келеді, оның құшағында жатып, дидарласып, мауқын басуға құмарлығы, екіншісі – жау қолынан кету, кеткенде қалай, қай жаққа қарап қашудың жолы. Енді терістікке карай жол тартуға болмайды, күн шығыс пен күн батыстың біреуін бетке алған жөн. Ақбөбек осы ойда жатып ұйықтап кеткен. Түс көріп жатыр. Жан-жақты қара бұлт қаптап келеді, жалт ойнап, күн күркіреп тұр екен. Ақбөбек бес-алты жасар баланы жетектеп алған, қасында тағы бір ер адамның сұлбасы көлеңдейді, үшеуі де өкпелері қабына жан ұшырып жүгіріп келеді. Арт жағы жер-дүниені алып бара жатқан ағын су. Ақбөбек сел-селден қашып келе жатқан сияқты. Алдыңғы бет айдын далаға ұқсамайды, әлем-жәлем бола қарауытады. Қайып сол күңгірт дүниенің тұйығына түсіп бара жатқан сияқты. Ақбөбек Қайыпқа жетем деп қабынып келеді. Жақындадым-ау дегенде Ақбөбек: - Қайып, тоқта! -деп айқайлады. Атпен кетіп бара жатқан Қайып оның айқайын естіп, артына қарағандай болып еді, бірақ кідірмеді. Бір кезде әлгі жетектегі бала Ақбөбектің қолынан шыға жөнелді. Құстай ұшып барып, Қайыпқа жетіп алды. Қайып оны алдына өңгергендей болды. Ақбөбек жалғыз жүгіріп келе жатып, артына қарап еді, аударылып-төңкеріліп аққан топан су тіпті жақындап қалған сияқты. Суға кетем деп қорыққан Акбөбек: - Қайып, тоқта, өлдім! - деп тағы айқай салды. Қайып артына қарайтын емес. Ақбөбек: - Қайып, Қайып! – деп жан ұшыра айқайлап жатқан өз дауысынан оянып кетті. Түс көріп жатып жаны қиналған ол көзін ашқасын «тфә-тфә» деп көкірегіне түкірді.<--break->

Елу бірінші тарау

 

Шағадам шығып кеткен Қосын мырза артынып-тартынып, бұл жолы да олжалы қайтып еді. Биыл қызын ұзататын жылы, бір жағы соның дайындығымен жүр. Әрқашан да бәсеке бардікі, оның әрі өзіне, әрі көпке сын жерлері де бар. Бұрын өзінің барып жүрген той-мерекелерінің иелерінің мырзалығы осындайда көрінеді. Кезекті дүние, олар мұның тойына немен келеді, бергенін қалай қайтарады, ол жағы оларға сын. Ал тойды өткізу кезінде аянбай мерекенің қағидалы жолдарын тарынбай орындау, ойын-сауыққа адам басын көп жинау, әйтеуір қыспай, қорынбай мал шаша білу бұған сын. Қосын балалы болғанда бір той өткізген. Онда аянбай тырбынды, әжептәуір атын шығарды. Бірақ өзінің көңілі оған олқы болып жүретін. Той шағындау өткен сияқты оған. Ендігі мерекеге әзірлік көруде Қосынның ойы ұзақта, мақсат сақилығын ел аузында қалдыру.

Қосын әңгірлеуі жоқ, салмақты адам. Отбасымен тіпті жұмысы болмайды. Оның білетіні сырттың саудасы, үйге түскен затты өз бәсімен сату. Қосынның ақылгөйі бәйбішесі – Мақпал. Сырты күйкілеу болғаннан ба, оның кемеңгерлігін сырт адамдар біле бермейді. Оның қасиетінде жұрт сезбейтін бір көсемдік бар. Мақпал – үй кезбейтін, әркіммен сөйлесіп, өзгеге сыр шашпайтын әйел. Оның кемеңгерлігі тысқа шықпайтын болып, тек қана өз үйінің ішіне дарыған. Мақпалда еш уақытта да «мен айттым» дейтін сөз жоқ. Қосынға берген ақылын тек Қосынның өзі арқылы ғана орындатады. Мақпал оған «мен айттым» деп ортақ болмайды, істеген ісінің бәрі тек Қосынның өз басынан шығып жатқандай.

Анада Мақпал Қосынға: - Кезі келіп тұрғанда, тағы бір көрініп қаларсың. Сен асқа сегіз қанат ақ үй тігіп бар. Көріп жүрміз, жұрт төрт-бес қанат қара үймен барады. Бір емес екі, үш үй тіксең де болады. Барған өз аулыңның адамдары сиятын болсын, - деді.<--break->

– Алданмен алыс-берісіміз енді басталайын деп отыр, тойына не апарамыз? - деп еді Қосын, Мақпал оған: - Тістейтін шекері мен миуасы елге қыт емес пе, сен сонысын көтер, - деді.

Мақпал мырзаның кіші әйелі Ырысжанды алдағы болар Алданның тойына дайындап, қолдан келер бар өнерін төгіп жатыр. Үш күндік тойға үш түрлі көйлек, үш түрлі бешпент кигізілетін болды. Қазақтың орама жаулық, қырлы жаулық дейтіні бар, үш түрлі матадан тігілген шыт жаңа ақ жаулықтарды өз алдына бүктеп, бір түйіншек етті. Алтын сақина, көзді жүзік, түйме шығыршық, қоңыраулы шашбау бір орамалға түюлі. Осы киімдермен жасанғанда, бөтеке беттеу қоңырқай жүзді келіншектің ажары ашыла түспей ме? Ырысжанның тұрғандағы тұлғасы сұлу, төсі қайқылау, мықыны жіңішке, бөксесі домалақ. Үлде мен бүлдеге бөленіп, сегіз қанат ақ ордада шай құйып отырса, жанындағы жас иіс мырзаны сүйсіндірмей ме? Жасамыс еркекке ол да бір мәртебе. Басына құндыз бөрік, үстіне қырмызы шапан киіп, ақбоз арғымақпен тойда мырзаның өзі көрінеді. Оған жиналған қауым жұрттың көз сүзе қарамайтыны бар ма?

Түнде Қайыппен «кетем» деп келісіп қойған Жалғас Қосынға «өрістегі малға барам» деп таң алдында үйден шығып кетті. Рабиғаны ойлаған сайын өнбойы қызып, жүрегі дүрсіл қағады. Киелі келіншек әйел қылығының дәмін жаңа татқан жас жігітті торғайды қуалаған жылан сияқты алыстан арбап жатқан секілді. Жалғастың ұшарға қанаты жоқ, үсті-үстіне атын тебініп, суыт жүріп келеді. Ат терледі, омырауынан ақ көбік көріне бастады.

Демесін ауылының қонған құдығын ол біледі, ат басын соған туралады. Күн қағу терістіктен салқын самал соғып тұр. Байлауда тұрған семіз айғыр ащы терін шығаратын болды. Күн төбеге жақындаған кезде, сонау қара көрім жерден бір адам көрінген сияқты болды. «Алдынан екеуміз шығамыз» деп еді, мынау олар емес қой» деп ойлады Жалғас. Жақындап келе бергенде таныды, Рабиға, жалғыз. Аттан түсе қалып:- Ауыл қайда, көрінбейді ғой,- деді.<--break->

-Анау ойда. Өзім көп ұзап кетіппін-ау, – деп Рабиға қолындағы дорбасын жерге тастай салды да, жымия Жалғастың қолынан ұстады.

- Қасыңда кім бар, Ақбөбек қайда?

- Күзетшілер Жалғасты көріп қалады, сен барма деп тастап кеттім, - деп тағы да жымиды Рабиға.

Отырған адам көрінбейтін бұл жақтың бұтасы қалың. Күн қыза бастады. Жалғас тездетіп атын анадай жерге апарып, қаңтарып келді. Ыссылап кетті ме Рабиға үстіндегі бешпентін шешті. Ақ жібек көйлегінің өңірінен ұстап, денені жел қақсын дегендей желпітіп тұр. Жалғас келе келіншекті құшақтай кетті. Әйелді бауырына қысып, бір жағына қисайта берді.

- Тұра тұршы. Сусын әкелдім, ішіп деміңді алшы, – деп еді Рабиға, Жалғас оның сөзін тыңдаған жоқ, құшағын жерге жатқызған соң жазды.

- Басыма бешпентімді жасташы...

Жалғастың айтқаны: - Өлдім шыдай алмай барам...

Күн төбеден ауып барады. Сүмбіленің ақырғы кезі. Аптап қайтып, салқын түсе бастаған шақ. Жалғас өкпесін басып, есін енді жинағандай. Рабиға оған торсықтағы шұбатты кішкентай зереңге құйып беріп отыр.

– Бұл ауыл тағы көшеді. Жері жазық ана Мұқыр деген шымыраудың басына қонбақ. Той сонда өтеді, – деді Рабиға.

– Қайып қай күні келсін?<--break->

– Ас тарқатылған соң, ат бәйгесі болады. Одан кейін жыр, күй, ән тыңдау сияқты жастардың ойын-сауығы бір түнге кетер, сол күнді шамалап отырмыз.

- Онда солай болсын, – деді Жалғас.

- Сен келесің бе?

- Мырзамыз үй тігіп келеді. Мен болам, әрине.

- Ол күні ығы-жығы адам көп болар. Мені таба аласың ба?

- Мені сен тап. Сырты көк бояумен боялған айыр бақан бар үйде, соны үйдің оң жағына қағамын, белгі сол. Ұмытпа, біз ақ үй тігеміз.

Жалғас құшақтап отырып, Рабиғаның көйлегіне қол жүгіртті.- етіңді көрсетші,- деп ақ жібек көйлектің етегін жайымен сусыта ысыра беріп еді.

- И-и-и, ұят қой – деп Рабиға қырынан қисая бастады. Санынан жоғары қарай жып-жылтыр аппақ екен. Жалғас мықынның ойығынан бір бүріп қалып, өңірі ағытулы келіншектің ақ мамықтай үлбіреген жұп-жұқа тамағын тұмсығымен аялай иіскеп-иіскеп алды. Рабиға етігін шешіп тастаған. Тәнінің жоғарғы жағына қарағанда, балтыры сәл қоңырқалау болатын. Жалғастың көзіне оның жалаңаш балтыры да жалтырап көрінді. Сопақ түймешектей ұсақ саусақтары зергердің қолынан шыққандай сүп-сүйір болып тым әдемі көрінді.<--break->

Төсіне дейін түрулі көйлегіне қол тигізбей Рабиға қырынан түскен күйінде сәл тізесін бүгіп жата берді. Айналада қауіп етердей қара жоқ. Дала жел уілінен аман. Күннің қайту кезіндегі жанға жайлы жұмсақ леп еркін жатқан Рабиғаның жалаңаш етін өбіп тұр. Оның басы бір жағымен шынтақтап, жантайып отырған Жалғастың білегінде. Әйелдің сұлу денесінен көз айырмай сынай барлап отырған жігіт бірден құшырланып кетті де, әйелдің тамағынан тағы иіскеді. Өзінше бір қолапайсыз қимылдап, қырынан жатқан Рабиғаның иығынан жерге қарай ауната тартты. Көк жүзіне көзі түскен келіншек ұйқылы-ояу адам сияқты манаураған назды қалпын сақтай қайтадан көзін жұмды...

- Қойшы енді, құмарың қанған шығар, – деді Рабиға күн еңкейе берген кезде.

- Менің құмарым тарқар ма, куйеуің бар сен болмасаң, – деп құшағын жазбай тұрды Жалғас.

- Қайдағы. Алда-жылда бір келіп, итке жуынды құйғандай етіп кетеді.

Жалғас күн батуға жақындағанда, атына мінді. Демесін ауылы мал шиырынан аман тұяқкесті болмаған оты мол жерге қонып жатыр. Қонысқа онша жайлы емес, ойлы-қырлы. Алдағы үлкен жазықтыққа бай аяқ бастырмай отыр, ол жерге той өткізетін Алданның ауылы келіп қонады. Демесіннің үйі күбіністе. Жекжаты Алданның ас өткізуіне көмек көрсету керек. Қызмет жасайтын ауыл азаматтары да түгел осында. Алдан бәсекеден қалмауға тырысып жүрген  адамның бірі. Ас берілері алты ай бұрын елге хабарланған. Алдыңғы жылғы індеттен кейінгі өткізілейін деп отырған бұл бірінші мереке. Халық көп жиылса керек. Той-мерекеге жиылған жұрттың ынтасы елдің жан рақаттандыратын өнерін көру. Тойға жан-жақтан жиналып, нелер күміс көмей әншілер, жез таңдай жыршы-жыраулар, майталман күйші-домбырашылар, суырып салма айтыскер ақындар келеді. Сайрағанда елді аузына қаратқан төкпе ақын кешегі өткен Абылдың замандасы, шәкірті болған қастерлі сөздің иесі ақпа жыршы Нұрым, сөзі уытты шақпа тілді Қашаған, айтса, ағып кететін тәулігіне бой бермейтін тұғырында тұра алмас Ақпан, әуелі жай бастап, кейін өршелене төгетін ерен жүйрік Аралбай сияқты қызыл тілдің зергерлері осы тойда қонақ болатын көрінеді. Жүрген жерінде «жас пері» атанған арқалы домбырашы Өскенбайды жастар жағы қатты күтуде. «Оның күйін үйренеміз» деп қолдарына домбыраларын алып жүр.<--break->

Дүрмекті көргенде, оқырана жер тепкілеп қазығында тұра алмайтын бәйге атындай дәлебесі қозған Қайып та Қосынның көші жөнелгенде, бір тыпыршып басылды. Талай той-жиынды көріп, алқаға түсіп қалған ол бір түрлі болып еліріп тұр.«Әттең» дейді ішінен. Қалай талпынғанмен, бұл той оның маңдайына жазылмаған. Демесін аулына еркімен бару қайда, барса, қарақшылық жасап, өз әйелін әкету үшін барады. Талайына сол ғана жазылыпты...

Ауылдың бас көтерер жігіттерін ерткен Қосынның көші бүгін жолға шықты. Көшті жетектеп кеткен – Жалғас. Жігіттің сыры ішінде, қуанышында шек жоқ. Кетерде Қайыптың қасына келіп:

– Аға, не дейсің, Ақбөбекке айтатының бар ма? – деген.

– Сәлем айт. Рабиғамен сөйлес, Ақбөбектің қамын өзі ойлар, – деп еді Қайып, Жалғас оған:

– Тойдың үшінші күні кешке ауыл сыртына келіп отырарсың, өзім хабар алып тұрам, – деді.

Қайыптың көңілі қобалжып тұр. Жарылғап ауылда бұған: «Артыңнан барайын» дегенде «жоқ» деп жолатпаған. «Ақбөбекке ат жетектеп бар, екеуің екі атпен шығыңдар» дегеніне де құлақ аспаған. Сонысына енді өкініп түрған сияқты.

Бұрын қақтың суы жайылып, саздақ жердің беті қаймақтана қабыршаққа айналған ойпаңдау алаңдағы үстіне қылтанақ бітпеген аумақты ақ тақырды жағалай ағаш үйлер тігіліп жатыр. Соның бірі Қосын мырзаның сегіз қанат ақ отауы. Қызыл нарға артылған жүкті Қосын сонау бас жақтағы Алдан байдың үйіне апарып түсіртті. Жүк түсірілгеннен кейін шай ішімге жетпей-ақ, әр үйге бас секер тарқатыла бастады. Осыдан кейін Демесін мен Алданның қызметші жігіттері Қосынның ақ ордасына ауыт-ауыт кіріп, келген сайын мырзаға бас ие жүгініп өтетін болды. Жаңа бір әзірде Алданның өзі келіп, мырзамен біраз әңгімелесіп, шай ішіп кеткен. Қасында екі-үш адамы бар, міне, Демесін есікті ашты. Даяшы жігіттер аңдып тұрғандай байдың ашқан есігіне қарап аяңдайды. Келе: «Кемшілік жоқ па? Не керек?» деп жалтаңдап сұрап жатады. Даяшылар жағын зыр жүгіртіп, тойдың бір жағын басқарып жүрген Есжан батыр. Киім киісі, жүріс-тұрысы салауатты, мінезіне тұлғасы сай кеуделі ірі кісі. Ашуы қабағынан көрініп тұратын сұсты, дәрежесі жоғарғылар болмаса қатардағы адамдар оның бетіне қарай алмайды. Әлгі бір әзірде кіріп, Қосынға сәлем берген. Шай құйып отырған Ырысжанға көз қиығын тастап, оған таяу отырған Қосынға көзін сығырайта қарап қояды. Кетпей, жас келіншектің қолынан шай ішуді мақсат тұтып еді ол.<--break->

– Биыл күзде қыз ұзатам. Осы жиында елге соны айтып жіберем бе деген ойым бар, – деді мырза.

– Қолайлы кезі осы. Айтып жіберуге әбден болады, – деді Есжан оның сөзін қуаттап.

– Енді дайынмын десем болады. Жөнді етікші ұстай алмай жүретінмін, ол да табылды.

– Біздің жаққа да етікші керек еді, кім екен ол?- деп қалды Есжан.

- Мен өзім жолаушылап жақында келдім. Әлі сөйлескенім жоқ онымен, Бегей жігіті дейді әйелдер,- деді ештемеден қаперсіз Қосын.

- Етікші Бегей болса Қайып болмасын ол осы жақта жүр ме екен? деген ой Есжанның көкірегін ду еткізді. Бірақ ол туралы тіл қатпай, сырын ішіне бүгіп кеткен.

Демесін бай тойға қатарынан төрт-бес үй тіктірген. Соның біріне шай құйдыруға Демесін Рабиғаны ыңғайлаған. Рабиға «ауырып жүрмін» деп одан қашқақтады. Бұл ауыл үлкен әулиенің маңына келіп қонған болатын. Бала көтермей жүрген әйелдер осы әулиеге түнейді. Рабиға кеше әулиеге түнеп келем деп соған кеткен. Бүгін кешке дейін келеді. Сол себеппен ол шай құю қызметінен құтылды. Ауылдан екі әйел болып атпен кеткен Рабиға жаңа күн батарда жетті. Тездетіп барып, тойдың асулы қазанынан ет салып әкелді. Ақбөбек екеуі тамақ жеп отыр. Жалғасқа әлі кездескен жоқ, асығыс.

- Сен тамаққа тойып, әлденіп ал,- деді Рабиға еттен шымшып жеп отырған Ақбөбекке.

- Демесіннің әйелі кешеден беріп жатыр, - деп күлді Ақбөбек.

- Иә, ол өзі қалбақтаған жаны жоқ жақсы адам,- деді Рабиға.

- Күйеуің келді ме?- деп сұрап еді Ақбөбек Рабиға қабағын шытып: - келем деп кетіп еді, келмеді ғой қарасы батқыр, - деді.

- Ұрыса бермеші байғұсты, шаруасы болған шығар.<--break->

- Ей, ол тойға қызыға ма, жүрегінің оты жоқ неме. Қышыры жоқ еркек әйелге де суық болады. Соның сүлесоқтығынан ба, еш мейірім шауып, қанағат етпеймін соған.

- Қой енді, қоқыта берме,- деді Ақбөбек күліп.

- Жаман еркекке жыным келеді,- деп кіжінді Рабиға. Ақбөбек тойға барған жоқ, үйде жатыр. Ауылда жан қалмаған. Сыртта анда-санда не қақырынып, не жөтеліп дыбыс шығарып жүрген жалғыз күзетші. Ақбөбектің уақытты өткізе алмай асыққаны сонша, ауыздан алған демін санап жатыр. Әбден шыдамы тозған ол сыртқа қайта-қайта шығып келеді. Күзетші:

- Немене, денің сау ма?- деп сұрады.

- Аурумын, ішіме ас тұрмай жүр,- деді ол қырсығы ұстап. Рабиға тойда ауыл адамдарына көрінбей, сырттап жүр.

Ымырт жабыла Жалғасқа кездескен. Жұрт орынға отырып, тамаққа айнала бергенде, тағы бір айналып соғып еді, дайын тұрған Жалғас оны қолынан ұстап ертіп алды да, ауыл сыртындағы ойға қарай жөнелді.<--break->

Елу екінші тарау

 

Кеткеннен бері Қайыптан хабар жоқ. Ол ел мен бұл елдің арасы қашық. Үлкен үйде екеуі, Қайып кеткелі оң жақ опырайып бос тұр. Кемпір-шал күбір-күбір сөйлеседі де отырады. Әңгімелері Қайыптың үстінде: «қайда жүр, қашан келеді?». Қорабай баласының жүрісіне сенбейді, шешесі сенер-сенбесін білмейді. Әке балаға кіжінеді, шешенің жұтқаны қайғы.

- Әй, шал, тұршы! - деді Қайыптың шешесі Қорабайға. Түннің бір уағында.

- Әй, не болды?

- Түс көрдім, түсімнен қорқып отырмын, - деді Айсұлу.

- Не деп оттайды тілеуі кесілгір, - Қорабай шекпенін бүркене түсті.

- Қайыптың үстіне киген киімі қап-қара, өзі моланың басында отыр. Бекет-ай, бұл не сұмдық, - деп Айсұлу түн ішінде жағасын ұстап.

- Түс түлкінің боғы, оттама, жат төсегіңе! - деді Қорабай әйеліне кіжініп.

Жатқанмен, Айсұлу таңды көзімен атырды. Қайдағы ойлар құйылып келіп жанын жаралап жатты. Алыстағы баласы көз алдына елестеген сайын «бір бәлеге жолыққан шығар» деп тұла бойы түршігеді. Қорабай да бүгін ерте тұрған, әйелінің сөзінен кейін бұрыннан да жүрегі күпті оның бойын бір түрлі ауыр сезім билеп кеткен. Далаға шығып дәрет алып келіп, таң намазын оқыған соң, төсекке қайта қисаятыны бар еді, бүгін өйтпеді, деспісін санап таң атырды. «Құдай-ау, алсаң, баланың күйігін тарттырмай ал» - деді күбірлей орнынан тұрып жатып.

... Қайып таңертең жолға шықты. Ол Қосын мырзаның жұмысын бітіріп, онымен есептескеніне апта болған. Шаруасы көп Қосын бел шешіп отырып, әлі жөнді сөйлескен жоқ-ты. Ол екі-үш күндікте: «Інім, асықпа, жат, деміңді ал. Сенің қызметіңе аса ризамын. Мына той өткен соң саған арнап, бір мал қонақ асымды берем. Одан кейін сенің бітірген жақсы ісіңнің құрметіне ризашылығымды білдіріп, тарқататын садақам бар. Асықпай, соның ішінде болып кетерсің» - деген.<--break->

Бүгін Қайып Мақпалға:

- Далаға шығып, бой жазып келейін, - деп таңертеңгі шайдан кейін атына ер салып еді. Атын сабылтпай жүре оттатып, екі көзі айдалада, жай жүріп келеді. Түнде адаспау үшін күндіз бағытты бағдарлап алу керек. Қайып Ақтау мен Қаратаудың аралығындағы қасқа жолмен бұрын жүріп өткен, ол маң таныс. Аққуыс, Шөжікті де біледі, олар сонау сол жақта қалған. Құбыланы оң иыққа ала жүріп отырсам, Кедейдің ауылының о жақ, бұ жағынан шығамын деп маңдай түзеп келеді.

... Астың бүгін үшінші, қызық-тамашаның ен қайнайтын күні. Күндіз палуандар күреске түседі, онымен аралас қыз бен жігігтердің айтысы, әр түрлі ойыны өтеді. Бәрінен де кеші қызық, жыршы-жырау, әнші-күйшілер топқа түсіп өнер көрсетеді. Жанды рақатқа бөлеп, құлақтың құрышын қандыратын солар.

Қазақтың өткен ата-бабасына арнап ас беруінің ар жағы «құдай жолына» делінгенмен, бұл бертін келе көңіл көтеретін мерекеге айналып кеткен. Ас беру дәулеттің күші, ол бардың қолынан келеді. Бәсекеге түсу мен атақ шығаруды сол туындатып жатыр. Сондықтан астағы ойын-сауықтың түрі көп. Соған жарасар әр ойынның бәйгесі болады. Тойға жиналған қауымды ерекше қызықтыру үшін мұндайда мерекенің алғашқы күнінен бастап-ақ ауызға алынып, бәс тігіледі. «Шаңырақ көтерер», «уық шаншар», «ошақ қазар», «мал сою» дегендердің бәріне бәйге алып жатады жұрт. Кеше бір жігіт аяғының астындағы аяғы байлаулы ісек қойды бауыздап жіберді де, төрт сирағын кесіп алып: төрт жаққа құлашы жетердей пәрменмен лақтырды. Жігіттің қасындағы бозбала сирақтарды теріп келуге кетті. Жігіт тез қимылдап қойдың терісін сиыра бастады. Бозбала төрт сирақты жинап келгенше, жігіт қойдың терісін сиырып тастап еді, қолы қуатты жігіттің шалт қимылы қарап тұрғандарды таң қалдырды. Той иесі оған да бәйге есебінде бір шаршы мата жыртып берді.<--break->

Алқалы топты халық сағынып қалған екен, бұл тойға адам ығы-жығы көп жнналыпты. Ат жіберіліп, шақыртылып қойған сардар ақын қарт Нұрымды Алданның екі жігіті барып ертіп келіпті. Одан оншақты жасы кіші, оның ізін басып жүрген Қашаған да сыйлы қонақтың бірі Демесін тіккен үйдің төрінде отыр. Қашағаннан бата алған ақпа жыршы Ақпан да бір үйдің төрінде, өзін кіші санағанмен, Ақтанмен жасы шамалас, жастайынан үзеңгі қағысып өскен, ағалардың бәріне еркелік жасайтын, егер рұқсат етсе, өзінің ән-жырымен киіп кететін арқалы Аралбай әуелі әр үйде отырған жасы үлкен ақындарға барып, сәлем беріп шықты да, соң өзі жастардың арасына барып жайғасты. Солардың бәрінен жас, он саусақтың өнерімен елге таныла бастаған Қалманбеттің домбырашы баласы қырғи көз Өскенбай жігіттер мен қыз-келіншектердің арасында жүр. Екі жақ болып егесіп қалардай той-томалақта болмаса, мұндай ас кезінде ақындар жағы бір-бірімен желпінісіп, айтыса кетуге енжарлық жасайды, әркім өз бойындағы өнерін өзінше көрсетуге тырысады. Бірінен бірі бата алып, тәрбиесінен нәр тартқан ақындар ұстазымен белдеспейтін палуандар сияқты өз ұстаздарының алдынан кесіп өтпейді, онысы ежелгі әдет.

Түн түскен. Ақындар отырған үйлердің ірге киіздері түрулі, кейбір үйдің туырлығы ірге киізден жоғары көтерілген. Үйдің іші де, сырты да толып отырған адам. Жұрт әнші, жыраулардың жүзін көруге ынтық, біреулер түрегеп тұрып, туырлықты ысырып жабықтан қарап тұр. Топқа түскенде, анда-санда тізесін сипап қоятын әдетімен Қашаған жырын бастады да, екпінді ашық дауысын соза көтеріп қайырды, әуелі жайлап бастап, соң екпіндете көтеріп кететін кәдімгі Қашағанның тыңдағанда баурап кететін үні.

Қайып мана бір әзірде ауыл сыртына келіп аттан түскен. Түнді жара шыққан Қашағанның дауысын Қайып танып отыр. Оның әуенін ана жылы Ақбөбектің үйінде естіген болатын.<--break->

Жұрт күткен тамашаның ең қызығы бүгін өтіп жатыр. Үйден шықпай жалғыз жатқан – Ақбөбек. Тыста бір-екі адамның күбірлескен үні естіледі, күзетшілер болар. Демесін аулының іші тып-тыныш, адамдардың бәрі той болып жатқан жерде.

Жалғас атын ерттеп қойған. Үзеңгіге аяқ салып атқа қонды, Қайыпты іздеп табу керек.

Ақбөбек «бүгін болмайтын түрі бар» деп үйде уайымдап отыр.

Далада манадан бері түн күзетіп жүрген Қайып та екі ойлы. «Еркек қой, мүмкін Есберген Ақбөбекті тойға алып кеткен шығар» дейді ішінен.

Сырттан күзетшілерге сөйлеп келе жатқан Рабиғаның даусы естілді.

- Тілеспісің?

- Иә, Шүрен екеуміз.

- Құдайдың кем жаратқан сорлылары. Сыртынан бағып мына қатынды қызықтап жүрсіңдер ме? - деді Рабиға әдейі аналардың қыжылына тиіп.

- Қайтеміз енді,- деп күңкілдеді Тілес.

- Бейшаралар-ай, қызық тамашадан қалдыңдар-ау, - деді Рабиға жаны ашыған болып.

- Сен осында бола тұрсайшы, біз барып келейік, - деді Шүрен тыпыршып.

- Жоқ, кетем, жұмысым бар. Бұл қатын көптен бері сүлесоқ ауру, білесіңдер ме? Үйден шыға алмаса керек, - деді Рабиға.

- Солай ма, - деді Шүрен ебелектеп.

Рабиға жағалап барып, Қосынның үйінің арт жағына оралып еді, тез Жалғас қасына келіп: - Келіпті, дайын, - деді.<--break->

- Сен атты әкеліп біздің үйдің белдеуіне байла, өзің үйге кіріп тұр. Мен барып тағы хабар алайын, - деп Рабиға кідірмей қайта кетті.

- Шүрен, ішке кірші, отыр ма, жатыр ма, білейік, - деді Тілес

- Кірсең, өзің кір. Байдың келінінің үстіне кіріп жыным бар ма, - деп Шүрен шаңқ етті. «Әй, ит-ай!» деп Тілес үйдің сыртымен жағалап, есікке таянды.

Жайымен ғана есіктің жапсарын ашып, бетінің жарымын босағаға сүйеп тұрып төр жаққа сығалай қарады. Шала көрінеді, бірақ Ақбөбек жатқан сияқты. Тың-тыңдап еді, дыбыс естілмеді.

- Ұйықтап жатыр, - деді Тілес Шүренге.

- Неғыламыз, - деп Шүрен Тілестің иығынан түртті.

- Сен тұра тұр, әуелі мен барып келейін, - деді Тілес. Қайтсін, жасы кіші Шүрен үндемей қала берді. Тілес кеткен соң Шүрен іші пысып зеріге бастады. Делебесін қоздырып, тойдың қызығы түрткілеп тұр оны. «Ауру қатын қайда барады дейсің» деп ойлайды ішінен. Көп кідірмей Шүрен де жөнелді. Ақбөбек көзін ашып тыңдап жатыр, сырттың дыбысы басыла қалды.

Рабиға жаңа бір әзірде тойға бара жатқан Тілесті сыртынан көрген. Тағы Ақбөбектен хабар алуға келеді. Үй сыртында ешкім жоқ, «кеткен екен» деп ойлады.

- Сыртта жан жоқ. Тұр, тездет, - деді ол Ақбөбекке асығыстап. Екі келіншек қол ұстасып үйден шықты. Рабиға өз үйінің қасында атқа мініп әзір тұрған Жалғастың артына Ақбөбекті мінгізіп жіберді.<--break->

Қайып Жалғастың артында отырған Ақбөбекті аттан көтеріп алды. Бауырына қысып бетінен сүйді. Ақбөбек көзден жас шығармаймын деп мықтысынып келіп еді, енді өзін-өзі ұстай алмай, даусын шығара еңіреп жіберді. Көзіне жас алды ма, Қайып та біраз үнсіз тұрып қалып еді.

- Қой, жылама, - деді Жалғас Ақбөбекке. Қайыптың құшағынан шыққан Ақбөбек Қаракерге де жылап көрісті. Оның жалын ұстап, омырауын сипап еді, жануар таныды ма, Ақбөбектің иығына иегін асып тұрып, сәл оқыранып қойды.

Қайып атқа бұрын отырып, Ақбөбекті жерден көтеріп алды. Қайып пен Ақбөбекті жөнелтіп салғаннан кейін Жалғас пен Рабиға ауыл шетіне шығып өкпелерін басты.

- Жалғас, - деді Рабиға Жалғастың құшағында отырып. - Сенің алғашқы келгенің қашан еді, айдан асты ма?

- Асты. Екі айға жуық болған шығар.

- Білмеймін. Бір жағынан қорқам, бір жағынан қуанам...

- Түсінбедім, қуануың не, қорқуың не?

- Әйелдердің жағдайын білесің бе өзің? Содан бері белгі жоқ...

- Түсінбедім.

- Екі қабатпын ба деймін.

- Тусаң ту. Күйеуің бар адам, несіне қорқасың?

- Баласы әкесіне тартпаса ше? - деп Рабиға ойындағысын айтты.

Жалғас үндемей қалды.

Қуғыншыны адастыру үшін Қайып ат басын бірден күн батысқа бұрды. Күн салқынында Қаракер адымын алыс тастап желіп келе жатқан. Тақым көрмеген тың ат басқан сайын желісін үдете түседі. Төрт-бес бел асқан соң Қайып атынан түсе қалып, Ақбөбекті жерге көтеріп түсірді. Бұл жолы да оған Ақбөбек тым жеңіл көрінді. Түн ішінде оның ажарына әлі көзі түскен жоқ.<--break->

- Жаным-ай, көрер күн бар екен ғой,- деп әйелінің иегінің астына тұмсығын апарды. Құшырлана құшақтап қысып-қысып алды. Көптен көрмей әбден зарыққан жас жігіттің жуық арада мейірі қанар емес. Ақбөбек үнсіз, бойын жайлаған сағыныштың оты тілін байлап тастаған секілді. Майысқақ шыбықтай бұралып, Қайыптың көкірегіне басын тыға берді. Күйеуінің төсіне бетін басып, өксіп-өксіп қояды. Іңкәр сезімі сонда ғана жай табатын тәрізді. Қайып әлдилеген бала сияқты етіп, Ақбөбектен құшағын жазбай отыр. Ауыт-ауыт қысып-қысып қояды. Сүйген жанның құшағы әйел затына дәру. Оның таңсық сезімі содан нәр алады, әйел еркекті құшуға олақ, бірақ оның басқа жағынан артықшылығы бар, еркекке өзін құштыра білудің өзі оған мәртебе. Сонда ер құшағында жатқан әйелдің ет жүрегі елжірейді, бара-бара ол емексиді, сонысын бар еркін соған береді. Көкіректі жұмсақ жүзімен өпкен әйелдің әрбір дем тартысы, көзін бір ашып, бір жұмған кездегі назды келбеті еркектің жан дүниесін балқытып жібереді. Қайып қатты-қатты қысып еміренген сайын Ақбөбектің көптен бері кимыл-қысым көрмей сартап болып қалған қатқыл денесіне енді-енді қан жүгіріп, өне бойына жан бітіп келе жатқандай еді. Сөлі азайып қатқақсыған тәні енді жібіп келеді. Еркекке еркін берген әйелдің о жер, бұ жерінің сыздап ауырып қалғанын кейін сезетіні бар. Ақбөбек біраз отырғаннан кейін енді-енді есін жинай бастап еді. Басын көтеріп күйеуінің құшағынан шықты. Со бойда Есжанның бір айтқаны есіне түссе бола ма оның. Былтыр «Қайыпты ақта қылып кеттім» деп елге жайған ол.

Қайып әуелі өзі жантайды, соң Ақбөбектің беліне қол жүгіртіп, оны да қисайта берді...

- Жүрейік, таң атып қалар, - деді Ақбөбек орнынан тұрып.

- Қорықпа, бұл жолы бағытты өзгерттім, – деп Қайып атының тартпасын қайта тартты.

- Қалай?

- Бүгін менің жатқан аулыма барамыз. Сол жерде біраз аялдап алған соң, теңізді жағалап кетіп, түрікпен жеріне өтеміз. Одан әрі қарай...<--break->

- Бекет-ау, не дейді?

- Енді бізге Маңғыстау жоқ, басқа елге өтіп кетеміз. Қаракер талай бел-белесті артта қалдырып, қара терге түсіп келеді. Жемде тұрып жал байлаған жануар барынша омыраулап, өресін жаза түседі.

Күн төбеден ауып барады. Жаңа жолдағы бір ауылдан тамақтанып шықты бұлар. Енді оңға бұрылып, Есембеттің аулына тарту керек.

- Атты суытып аламыз ба?- деді Қайып Ақбөбекке қарай жымиып.

- Өзің біл, - деп қалды Ақбөбек Қайыптың ниетіне түсінбей. Бұл жерге көп кідірген жоқ, бұлар тағы да жол тартты.

Қайып шамалап келеді, ауыл онша қашық емес.

Жүріп-жүріп келіп, жайпақ дөңнің төбесіне көтерілгенде, алдыңғы жақтан ауылдың қарасы көрінді.

Таң атқалы қатты ойланып, жаны қиналып келеді Қайыптың. Аяныш пен ыза тынысын тарылтып кетті. Ақбөбектің реңін көргенде, төбе шашы тұра шошыған ол, көзінің қарашығы азайып, ағы сарғайып кеткен. Ұрты ортайып қалған, жақ сүйегі сорайып тұр. Күлгенде, бет ажарының бұрынғы белгісі қалмапты, тіпті сөзі де, үні де өзгеріпті. Белі қылдырықтай болып, бөксе жағы семіп қалған сияқты.

Енді еңіске құлай бергенде, Акбөбек артына қарап қалып еді, оң жақтан қарауытып келе жатқан бір топ атты адамдар көрінді. Бірден үрейленіп, жүрегі зу еткен Ақбөбек:

– Анау не?, - деді Қайыптың иығынан түртіп:

- Қуғыншы болмасын, тым қарқынды ғой өздері, - деп Қайып атын тебінді.

- Бекет-ай, сақтағайсың, - дегенді Акбөбек иегі қалтырап зорға айтты.

Ауылға таяна бергенде, әлгілердің қуғыншы екендігі анық байқалды. Ең әуелі өңмеңдей ұмтыла шауып келе жатқан Есжан ілгеріректе көрінді. Найзасының басына шүберек байлап алған ол бесенеден белгілі еді. Қуғыншы мен Қайып ізбе із емес, екі жақпен келген. Бірақ қара басқанда, жеткен уақыты тең келсе бола ма.<--break->

- Иттер-ай, менің осы ауылда жатқанымды біреуден есіткен ғой, - деді Қайып. Ауылдың шетіне іліге бергенде, Қайып аттан секіріп түсті. Ол жалма-жан аттың үстінен Ақбөбекті көтеріп түсірді де, бетінен бір сүйіп:

– Жүгір, бір үйге барып панала. Бұлар қазір менімен болады. Сен бешпентіңді шешіп, бүркен, түзге отыратын әйел болып, шамаң келсе ауылдың сыртына шығып кет, – деді.

Ақбөбек тәлтіріктей жүгіріп кетті. Алдындағы үйдің есігін ашып табалдырығынан аттай бергенде есінен танып құлады.

Қайып үйді тасалай беріп, сыртта сүйеулі түрған жуан бақанды қолына алды. Жай берілсін бе, жауымен айқасып қалмақшы.

Аттан түспей тұрып, Қайыпты әуелі қамшылап алғысы келді ме, Есжан тістенген күйі оған қарай атын тебіне ұмтылды. Қайыптың тасадағы бақанын ол байқамап еді. Қайып дәлдеп тұрып Есжанның маңдайынан бақанмен бір ұрды. Талайдан бергі ызамен кек еді бұл. Соққы қатты тиген болса керек, Есжан аттың жалын құшты. Шапшаң қимылдаған Қайып жауының желкесінен тағы бір соғып үлгерді. Екінші соққыдан кейін ол аттан құлады. Қайып аттап барып, жердегі найзаны алды. Енді шаншам деп Есжанның көкірегіне таяй бергенде жүгіріп келген Тілес аяғымен теуіп найзаның үшын тайдырып жіберді. Қуғыншылар Қайыпты жабылып ұстап тұр. Едәуірде есін жиып Есжан орнынан тұрды. Күлгені ме, ашуы ма Қайыпқа қарап тісін ақситады. Барып қанжығадан шоқпарын алды. Ол жақындаған кезде, Қайыпты ұстап тұрғандар серпіліп кейін шегінді. Қорғану жоқ, Қайып жауына қарай ұмтылды.

Қайып жерде жатыр. Ақ көйлегінің өңірі айырылған.

Ауыл арасы у-шу. «Жау келді!» деп айқайласады. «Келген түрікпендер!» деп әйелдер жан далбасамен тұс-тұсына қашып барады. Айқай шуды есіткен соң алас-қапас кебісін киіп Есембет аулының ақсақал шалы шықты үйден. Ауылда еркек шамалы қалған болатын, бас көтерерлердің бәрі Алданның тойында.

Қошар жиналған топырға жақындап келе берді. Жерде жатқан адамды тани кетті – Қайып. Төс жағы жалаңаш шалқасынан жатыр. Жігіттің екі қолын аяқпен басып, алты-жеті адам сол төс жағына жабыла найза тіреп тұр.

- Қайда әлгі қаншығың, әкеліңдер! Көріп кетсін, соның көзінің алдында өлтірем! – деп айқайлады көзі қанталаған Есжан.

- Қай үйге кіріп еді? - деп сыбырласты қуғыншылар.<--break->

- Әне, ана үйге, - деп иек көтерді жаңа Ақбөбектің кіргенін көз шалған Есжан.

- Әй, азаматтар, - деді Қошар «өлтірем!» деген сөзді есіткенде.

- Бұл жеті атаңды... Көзін жойып кетейін, - деп Ақбөбектің келуін күтіп, тісін қайрап тұрған Есжан ашумен қалш-қалш етеді.

- Араша, ағайын. Араша! - деп Қошар ақсақал айқай салды. Тізерлей отыра қалып, жалаңаш етке тіреліп тұрған найзаларға қол созды.

- Қарақтарым-ай, жас жан ғой бұл, бір қасық қанын кешіңдер. Бір жанын қия көріңдер, - дейді қария Қайыптың үстіне түсіп.

- Қап! Қап! - деп кіжінеді Есжан.

- Бұл біздің ауылдың қонағы. Өзге ауылдан келіп, қонағымызды өлтірмеңдер, қарақтарым. Бұл өнері бар, елге керегі бар жігіт, - деп Қошар көп найзаға қол соза берді. Әуелі Есжанның найзасын ұстады.

- Өлтірем! Мұны өлтірмесе, елге тыныштык жоқ! - деп еді Есжан, Қошар тізерлеп отырған жерінде оған қарап:

- Танымайды дейсің бе, ей Есжан! Бұл жігіт Қосын мырзаның қонағы, ол өзі сенің аулыңда отыр. Мырзаның құрметін сыйла, шырағым, - дегенде барып Есжан найзасын босатқандай болып еді. Қошар Қайыптың кеудесінен әуелі ұстаған соның найзасын ысырып жерге түсірді. Ауыр сокқы жеген Қайып ес-түсі жоқ сұлық жатыр...

- Әлі есін жимаған ба, Тілес Ақбөбекті көтеріп әкеле жатыр.

- Атқа теріс мінгіз сайқалды! - деп ақыра сөйледі Есжан. Ақбөбек аяққа тұра алмай, бүктетіле берді. Тілес оны алдына алып, атқа өңгеріп әкетті.<--break->

Елу үшінші тарау

 

Жарылғап күзгі жәрмеңкеден бұрын Қайыптан хабар алып келем деп жүруші еді. Ол да сол кеткеннен хабар-ошарсыз кетті. Қайда жүр, не істеп жатыр, бұл жаққа белгісіз. Ақбөбектің жағдайы қандай, одан ол хабар алды ма, жоқ па, оны білмейді.

Кеше Сабытаймен ақылдасып, ертең, арғы күні жүріп кетуге уәделесіп еді. Сол күні Есембет аулынан адам келді. Қосын Бекіш байға Қайыптың жағдайын айтып жіберіпті. «Жарасы ауыр» депті. Бекіш Жарылғапқа хабарлады.

Шошып кеткен Жарылғап алас-қапас асығыста, ауылдан Медетті ертіп шықты. Бір түйеге тең-теңдеп Қайыпты соған жатқызып әкелмек.

- Ай, есіл азамат-ай, қу құдай тағы да жұлдызын терісінен туғызыпты ғой, – деді ол қасында шошынғаннан боп-боз болып отырған Нұрқанға астыңғы ернін жымыра тістеп оң қолымен маңдайын қысып отырып.

- Сорлыға не болды, әлсін әлі қолға түсе беріп, – деп Нұрқан күйеуіне қарады.

- Алды-артын ойламай тұрып, тағы да буынсыз жерге пышақ салған ғой, әріден ойланып, әуелі істер ісінің шешімін шешіп алмас па адам. Ордалы жылан сияқты тобымен қару кезеніп отырған кекті жау оңайлықпен құтқара ма оны, - деді ызалы Жарылғап.

- Бейбақ Ақбөбек тұтқында шіритін болды-ау. Елі қайда өзінің? Төрт құбыласы түгел түрған байдың қызын біреудің қолына күңдікке беріп қойғаны несі-әй, – Нұрқан еркек адамша даусын көтере сөйледі.

- Қой, кетейік. Жағдайын бара көрермін. Пендеміз ғой, Қайып бір тентектік жасаған шығар. Болар іс болыпты, – деп Жарылғап ойлана орнынан тұрды.

Барар жер алыс, жетектеген түйеге неше күндік жол. Жарылғап пен Медет екеуі атқа мініп, жетектегені жүрісі жайлы қолбайрықты атан түйе. Неше күн жол жүріп, кеше кештетіп қана жеткен бұлар.

<--break->

Қосынның үй іші әбігер. Жасының ішінде мұндай зобалаңды көрмеген Қосын мырза Кедей аулына тым өкпелі, Есжанның қылығын Қосын тентектік емес, жауыздық, жендеттік деп отыр. «Есжан қарумен келіп, аулыма тиді. Оның бейбіт жатқан елге тисуге қақысы жоқ. Қонақ менікі еді. Оған қол тигізу оның жолы емес. Бұл өзі барып тұрған бейбастақтық, көргенсіздік, арысы нағыз тексіздік». Қосынның ашулы өкпесі сол.

Қайып отау үйде жатыр екен, қасында Мақпал мен Жалғас. Мақпал Жарылғапқа жыласып көрісті.

- Мына Жеменейдің кедейі бассыз ел екен. Ана Есжаны байлап қоятын қып-қызыл жындының өзі ғой. Соның қолына қару ұстатып, өзіне қорғаныс етіп жүрген Демесін байдың өзі нақұрыс қой, – деп Мақпал сөйлеп отырып, Қайыптың аяқ жағындағы жабулы көк мауыт шапанды жоғары қарай асырды.

- Қашан болды бұл оқиға? – деп сұрады Жарылғап.

- Екі жетіден асты, - деді сөйлеп отырған Макпал.

- Бұлар осы ауылда ма еді? - Жарылғап жатқан Қайыптың маңдайын сипады.

- Атқа мінгесіп келген екеуі ауылдың ішіне кірген бойы еді, әлігі жауыздар артынан қуып жетіп ұстады, - деді Мақпал. - Қошар ақсақал болмағанда, інімді ол жынды өлтіріп кетер еді. Араға түсіп, арашалап қалған со кісі. Алданның тойынан қайтып аттан түскен бойына Қосын осы жайды есіткен. Ол Демесінге қатты ренжіп, Қошар мен Жалғасты сол ауылға жіберген. Қошар Демесіндікінде болып, мырзаның өкпе-назын жеткізген. Шақыртып алған Есжан Демесін мен Қошарға: «Ағайын, жоқ қараған адаммын. Есембет ауылының шетіне іліге бергенде, жоғым табылды, ұрым қолға түсті. Өлтіргенім жоқ, ұрымды тастадым да, жоғымды алып қайттым. Менде не айып бар?» - депті. Сөз тапқанға қолқа жоқ, ол сонымен құтылып кетіпті. Ертесіне Демесін Қошарға ат шапан айыбын беріп жөнелтіліпті. Бұл хабарды Қайып есітпеген. Мақпал үлкен үйге келген бойына манадан үндемей жатқан Қайып:

– Маған айтпағаның не, Ақбөбектің жағдайын білдің бе? - деп сұрады Жалғастан.<--break->

- Жолықтым, қуғыншылар зәбірлемеген. Аулына апарып, сол жатқан отауына кіргізіпті. Маған Рабиға: «Келгелі тамақ ішпей жатыр» деді.

- О, сорлы аштан өле ме? - деді Жарылғап Жалғасқа қарап.

- Мен Ақбөбекке: «Сен тамақ татпай жатып, бұларды мұқата алмайсың. Қайта уақытылы асыңды жеп, қуаттанып жүргейсің» дедім, - деп Жалғас Қайыпқа көз қиығын тастады.

- Айтқаның жақсы болыпты, - деді Қайып жайымен ғана үн шығарып.

- Шайды әңгімелесіп отырып осында ішіңдер, - деді үлкен үйден келген Мақпал.

Әйтеуір сүйегі сау болмаса Қайыпты ойсырата мертіктіріп кеткен Есжан. Иектен төмен қарай қос иығы екі шынтаққа дейін, кеуде түгелімен өңкей ақ матаға оралған, тіпті таңулы жатқан адам секілді көзге.

- Қайта беті бері қарағаны ғой, жарасы тым ауыр еді мұның. Найзаның ұшы әрі кетпеген, әйтеуір сол таңдаулы жердің бәрін аямай шанышқылаған иттер, - деп Мақпал безек қағады.

- Ауыт-ауыт киіздің күлін басқаннан ба, жарасы іріңдемепті, қара қошқыл болыпты, үсті қатып, қалың қабыққа айналған.

Жарылғап пен Медет Қосынның үйінде бір жетідей жатып, бүгін елге жүрейін деп жатыр.

Дұшпанның тартқызған зардабына қимастай өнерлі ер жігіт Қайыпқа Қосынның жаны ашып жүрген. Жүрерінде Жарылғапқа айтып, бұрынғы акшалай бергеннің үстіне тағы да Қайыптың жетегіне бір айғыр, бір аруана қосып жіберді.

Қоспақ түйеге төңкеріп үлкен екі кебежені теңдегенде, кебеженің үстіне қалың ғып киіз төсеп, әрі теңнің айналасын қалқалап киіз орап, Қайыпты түйенің үстіне жатқызып әкеле жатыр.<--break->

Жарылғап жолда ой үстінде болған, Қайыпты қай ауылға апарып түсіру керек? Қайғымен қақсаған әке-шеше бұрынғыдан бетер абыржиды. Баланың күйігі оларды енді орындарынан тұрғызбай тастайды емес пе. Есіткен елдің қаңқу сөздерінің өзі насырды шөппен шұқитындай болды. Бегей ауылының әбігерлігін күшейтпейін деп, Жарылғап Қайыпты бірден өз үйіне әкеліп түсіріп еді.

Қорабай жасы егде тартқан соң сопылық жолына көшкен, оның жолдасы мойыны сорайған жез құман. Баласы жолаушылап кеткенде ата-ананың алаңдамайтыны бар ма, бұлар Қайыпты анда-санда еске алып, сағынышы мен уайымын айтып қойып жүретін. Бірақ Қайыптың сырына қанық Қорабай оңашада ойға салып отырып, өзінше күдіктенетін де. Қайыпта қайыспайтын бірбеткейлік бар. Әкесі баласының сонысына риза емес. Кезінде жай айтып та, ұрсып та көрген, дүниетанымы өзінше қалыптасқан жас жігіт оған көне қоя ма.

Шаруа қуған елге жылдың төрт мезгілі де жеңіл соқпайды: аштан қағысып, қыстан жүдеп шыққан малдың ерте көктемде қатарынан жауған екі-үш күндік үскірік жауынға төзе алмай, қырылып қалатыны бар. Жазда да озбырлығы аралас өлермендік керек сияқты, жұрттан бұрынырақ қимылдап, мал жаятын тың жайлау, кең өрісті қуалап кетсе, сол озады. Күзде жұрт қырқым мен соғымның әлегінде. Одан кейін қыстың қауіпі өз алдына. Осы қапылыста жүргенде, жыл мезгілдері бірінен соң бірі зымырап өтіп жатады.

Биыл Қарабауыр, Самнан гөрі Қорабай ауылы үшін Жем бойының жайылымы жайлырақ болды. Күнелтерлік малы қоңды. Қолындағы малы жайлы болса, елдің де пейілі жұмсақ, көңілді жүреді.

Сабытай мен Жарылғаптың ауылы одан жоғарырақта, ауыл арасы бұрынғыдан қашықтау. Жаңай руынан қыз алған Жарылғап Сабытай ауылына «бай күйеу» деген жаңаша атаққа ие болған. Ол өзі, Қайыппен туыстас. Ал Жарылғап Сабытайға күйеу сияқты күдіреюі жоқ, әбден інісіндей болып кеткен. Қайып пен Сабытай Жарылғаптан бұрын танысып, бұрын араласқан. Ақбөбек пен Қайыптың алғашқы түскен үйі осы Сабытайдың шаңырағы. Қайып өз алдына отау тікті. Сабытай оған көшуге әкесі Қорабайдан көлік алдырған жоқ, өз түйелерімен Қайыптың отауын көшіріп-қондырып жүрді. Секеңі жоқ биязы мінезімен көрсе көз тоятын үлпершектей Ақбөбек бұл үйге бірден ұнап қалып еді. Үйінде Қайып жоқта, Ақбөбек келін болып үнемі Сабытайдың үйінің шайын құйып беріп отыратын. Сол сыйластықтан болар, Ақбөбек кеткелі оның отауы әлі жығылған жоқ. Бұлар әлі күнге шейін қалайда Ақбөбек, Қайып оралады деген үмітте жүрген болатын.<--break->

Сабытай Орынбордан келетін Хайролланы күтіп жүр. Ол көбіне айна, тарақ, жүн бояу, иіс сабын әкеліп сатады. Заттарын кідіртпей сатып бітірсе, Сабытай мен Жарылғап оған еріп, үшеуі Орынбордың күзгі жәрмеңкесіне кетеді. Жарылғап пен Нұрқан шешеден бөлек үлкен ақ үйде тұрады. Өлерінің алдында түгелдей ақ киіз, қызыл құрмен жабдықталып тігілген Бүркеншек байдың сегіз қанат ақ ордасы еді бұл. «Қызымды осы отаумен ұзатам» деп жүруші еді бейбақ. Әкесінің көзіндей көре ме, әлде өзінің тирақтығы ма осы үйге кір жуытпай, тым таза ұстайды. Қыста үй жылытатыны-жанған томардың қызыл шоғы, үйдің тор көз керегесі мен уығы, тіпті шаңырағына дейін қызыл бояумен боялған.

Жарылғаптың шешесі Күнбибі осы үймен қатар қондырылған өзінің бұрынғы қара үйінде тұратын. Жасынан жоқшылық пен кем-кетікте өскен адам жасы тоқтасқанда кезіккен байлық өмірге үйренісе алмай жүр, әсіресе бұрынғы бірге өскен адамдармен кездескенде, өз-өзінен қорынып ұялшақтайтын сияқты. Қалыпқа түсіп үйренген жан байлыққа шалқитын емес. Нұрқан өткен айда ұл тапты. Оның әке-шешесі бұрын балаға таңсық болып өткен жандар еді, содан ба, Нұрқан ұлды болғанына қатты қуанып, жалпақ той жасамақшы болған. Жарылғап та әйелінің сөзіне ылығып еді. Күнбибі келін мен балаға ықтиярлық бермеді. Нұрқан енесіне ренжіп, қабақ тырыстырып көрді. Күнбибі оңашада оған: - қарғам, келін, мен сенің малыңды аяп отырғаным жоқ. Есің бар, мұның басқа жағын ойла, - деді.

- Не басқа жағы бар? - деп Нұрқан енесіне қабақ көтергсн.

- Шырағым, әкеңнің еңбегі әлі ескірген емес, тіпті шешеңнің топырағы кепкен жоқ, әлі үйіңе бата оқитындар бар. Ағайынның ішінде отырсың, еліңе күлкі болма деп отырмын, - деп енесі келініне басу айтты.<--break->

Нұрқан ененің сөзіне сонда тоқтаған. Немересіне ат қойған Күнбибінің өзі «сендерге қанат болсын» деп баланың есімін «Қанат» деп атады.

Қанаттың бесігі әжесінің көне үйінде тұратын. Жарылғап пен Нұрқан арланайын деді ме, қояр да қоймай жүріп, осы үйге жаңа киіз жауып, сыртын жаңартып берді. Қайып келгеннен бері осында. Шаруамен жүрген Жарылғап күндіз қолы тимегенмен, кешке Қайыптың қасында болады. Тамақ осында пісіріліп, осында желінеді. Бала емізері, тамақ асары бар, Нұрқан да осы үйге өткен. Жарылғап екеуі бесігін алып, жатарда кетеді өз үйіне.

Қайыптың жарасы жұтқыншақтан төмен, төстің айналасы мен екі білекте. Қайып жығылған кезде жауы оны тұрғызбау үшін кеудесін найзамен тіреп тұрған болуы керек. Киіз күйдіріп басқан төстің төңірегі мен екі білек қарала. Жараның беті қабыршақтанып қалған. Неше жерінен найзаның ұшы тигенін Күнбибінің өзі ажырата алмай отыр. Найзаның ұшы әріге бармай, бергі сүйекке тіреліп қайтқаны Қайыптың сергек дем алысынан, бетінің тез бері қарай бастағанынан байқалып тұр. Қорқып кетеді деп, енесі Нұрқанға Қайыптың жарасын көрсетпеді.

Есжанға деген Қайыптың ызасы мен кегі бұл өмірде қайта ма, ендігі жерде соны барып, өз қолымен өлтіріп келгісі келеді. Әттең бір оңашада кездесер ме еді – деп ойлайды. Бойдағы ашу, көкіректегі булыққан жарамсыз ойлар жанын жаралап, оған тыныштық бермей жатыр, сонда да болса, Қайып сыртқа сыр бермей, өзін көңілді, сергек ұстауға тырысады.

Қайып төсекте, оның бас жағында анда-санда жылаған Қанатты тербетіп қойып, Күнбибі ұршық иіріп отыр. Биыл ол Жарылғаптың малшыларына түйенің жүнінен тоқып, бір-бір шекпен кигізем деп уәде берген. Өңірі, жағасы қызыл жібекпен қайылған астарлы ақ шекпенді осы қалай деген дәулетті адамдар киеді. Бір жағынан оларға жаны ашырлығы болса, екінші жағынан кедейліктен байыған баласы Жарылғаптың абыройын көтермек.<--break->

- Айнаш келінімдей енді маған келін қайда, - деп Күнбибі әңгімелесіп отырып.

- Ай, шіркін, Айнаш мінезді еді ғой, - деп Қайып оның сөзіне қосылды.

- Мынауым едіреңдеген бірдеме. Кейде одыраңдап, не айтып, не қойғанын білмей қалады. Өзінің мінезі ме, жоқ, жалғыз неме ерке өскендіктен бе, сондай өзі.

- Жас қой, басылып кетеді.

- Араға түсіп мен өлетін болдым.

- Неге?

- Жарылғап қамшы көтеретін болып жүр. Талай жерден қамшысын тартып алып, баламды басып қоям. Қашанғы қасында жүрем олардың.

- Айтып қояйыншы Жарылғапқа, - деді Қайып.

- Айтпай-ақ қой. Еркектің қоқанын көрмеген әйел басқа шығып кетеді. Ерлі-зайыпты адамның арасына түспе, - деп Күнбибі Қанаттың бесігін бір тербетіп қойды.

- Дұрыс. Екеуін де өзің мықты ұста.

- Баланың қасы мен қабағына қарап отыратын Ақбөбек келіндей болсын ба, - дегенде Күнбибінің көзі кілегейленді. Өзі бос, жылауық.

- Иә-ә, - шалқасынан жатқан Қайып даусын созып.

- Айнаш екеуі тату еді-ау.

- Тату болмай не көрініпті.

- Бірінен өлі айырылдық, бірінен тірі айырылдық, сұм жалған-ай! Күнбибі еңіреп жіберді.

- Шеше, босама. Алланың ісіне шара жоқ, - деді Қайып. Оның өзінің де тамағына бірдеме тығылғандай болып, іштегі ыза оны булықтырып жатыр. Бір сәтте елестеп кетті көзіне. Оның анадағы азған ажары есіне түскен сайын қабырғасы сөгіліп кете жаздайды. Қайып үндемей, шаңырақтан көкке көз жіберіп жатыр. Қысылғаннан ба айнала көзге еш нәрсе көрсетпей, өз-өзінен мұнартып барады.<--break->

Махаббат тек жақсы өмірдің ғана тәттілігі емес, ащы өмірдің де тәттілігі. Пенде біріне-бірі ұқсамайды. Махаббат та сол сияқты біріне-бірі ұқсамайды. Махаббат бір қалыпта ғана емес, әр пенденің өз махаббаты өзінше. Бәріне ортақ бір қасиет бар: махаббат киелі. Адам бойында естілік, есерлік, батырлық, менмендік, қайсарлық сияқты қасиеттер болса, махаббатта да соның бәрі бар. Сондықтан ол қарсыласқа қарсы қайтпай шабады. Махаббатта сүйіскен қос жүрек бір-біріне кездескенде ғана нәзік. Махаббат заманға сәйкес келтірем деген өзгенің ырқына көнбейді, ол тізгінін өзінше тартады. Адамның жан дүниесін әбден билеп алған махаббат «шықсам, оның жанымен бірге шығам» деп тұрады. Қайыпты жауының үш рет жарақаттап, қатты азап шегуі жасытқан жоқ сияқты. Оны өзімнің кем ойлап, келте шешкенімнен демейді. Бұрын жүріп, егес-тайталаста болып көрмеген жігіт өмір тәжірибесінің тапшылығынан бір емес, екі рет қолға түсті. Әуел баста қару асынған дұшпаны қойнындағы әйелін өз ауылынан тартып әкеткен жоқ па еді. Енді сол ауылға әйелін қайта алып қашқаны қалай? Өзі жауынан қашып келе жатып, түнде жолда ән салғаны несі? Кейінгі қашуында да өзінің балалық кемістігі алдынан шықты. «Ел құлағы елу», мұның Қосынның ауылында етік тігіп жатқанын құлақ тігіп отырған дүшпаны біреу-міреуден есітіп қалмай ма. Алып қашқан Ақбөбекті сол ауылға әкелер ме? Ажалы жоқ екен жас жанның, егер арашашы Қошар Қосын мырзаның атын атамағанда, Есжан Қайыпты табанда найзамен жаншып өлтіріп кететін еді.

Түс ауған кезде, Жарылғаптың үйінің тұсына келіп, Назар мен Айсұлу аттан түсіп жатыр еді. Нұрқан есіктен басын шығарды да, ішке қайта кірді.

– Қайнаға мен енем келе жатыр, – деді ол Күнбибіге қарап. Күнбибі орнынан тез тұрып, сыртқа шықты. Бегейге келін болып түскелі бір ауылда жүрген құрбысы Айсұлуды көргенде Күнбибі:

– Елім-ау, бармысың? – деп боздап қоя берсе бола ма. Бұл оның сағынышпен айтқан сөзі еді.

Алдынан Күнбибі дауыс шығарған соң, Айсұлу қорқып кетті ме, өкіріп қоя берді.

- Ойбай-ау,өлі ме, тірі ме? – деп келіп, Күнбибіні құшақтай алды.

- Қақбас мен не деп тұрмын, сенен бұрын жылап, – деді Күнбибі, құшағында тұрған Айсұлудың арқасынан қағып.<--break->

- Жарығым-ау, бұл құдайға не жаздық? – деп жылай барып шешесі жатқан Қайыптың бетінен сүйді. Шешесінен кейін Назар келіп інісін құшақтады. Жылап-сықтап алғаннан соң Айсұлу баласына:

–Тірі келсең болғаны, – деп өкпесін басқандай болды. Назар інісінің жарасын көргеннен кейін төмен қарай өз-өзінен түйіліп, біраз отырып қалып еді. Кедейдің қорлығы өтіп, ар-намысын таптап кеткендей сезімде тұнжырайды. Болары болып, қанаты қайырылып жатқан ініге бұл арада не десін. Дұшпанның табасына ашуы қозады, кек қайнайды, жаралы жатқан ініге де өкпе-зары қосылып Назардың бойын құрыстыра, әбден сірестіріп тастаған тәрізді.

Кеше Орынбордан Хайролла келген. Келген бойда ол да бірден Қайыпқа соғып, жаны ашырлықпен қатты қиналған.

Қонақтарды бүгін Сабытай шақырып кеткен. Қайып бара алмады, Күнбибі оның қасында қалды. Нұрқанның шақырған жерден қалмай күйеуімен бір жүретін әдеті бар, онысы Жарылғапқа ұнамайтын. Келінін Күнбибі қақпайламаған соң, іштей наразы болғанмен Жарылғап үндемей жүре беретін. Бүгін Нұрқан Сабытайдың үйіне бесіктегі Қанатты алып кетті.

- Қарағым-ау, нәрестені жасқа жеткенше үйден шығармас болар. Тіл-көзден сақ болу керек, – деп еді енесі, келіні оның айтқанын етпеді. Арадан шәй ішім өткенде, Нұрқан баласын үйіне қайтып әкелді. Қақылдап жылай береді, – деді ол дегбірсізденіп.

- Айттым-ғой саған. Жас баланы үйден шығарма, ауырып қалған шығар, – деп Күнбибі жалма-жан баланы қолына алды.

- Ол үйде болғалы бір еміздім.

- Адамдар көрді ме балаңды?

- Иә көрді. Хайролла қолына алды.<--break->

- Ойбай-й-й, көзі тұздай неме, соның көзі өтті онда, – деп қақсады да қалды Күнбибі. Баланың бетіне қарап:

– Қой мынау сау емес, – дейді өзінен-өзі шошып.

- Әкел, бөлейінші, – деді Нұрқан.

- Ал енді бар да Хайролланың артын бақ, – деп енесі баласын ұстатты.

- Қойшы әрі, – деді Нұрқан баласын бөлеп жатып.

- Қойыңды қой. Түзге шыққанда ноғайдың отырған жерінен дәретін алып кел, мына баланы соған шомылдыру керек. Нұрқанды Сабытайдың үйіне қайта жіберді.

Қонақасыдан кейін Хайролла бастаған жігіттер бесін намазына тұрды. Қолында шылапшынға салынған су топырағы бар Нұрқан:

- Жүр, ене, үйге кеттік, - деді Айсұлуға.

- Мынауың не? - деп сұраған Айсұлуға Нұрқан «өй, ештеңе емес» - деді.

Сабытайдың үйінде жігіттер кеңесіп отыр.

- Мұның арты не болар екен? – деді Сабытай басындағы бөркін жерге алып қойып, сұқ саусағымен басын қасыды.

- Не оңар дейсің, - деді Назар төмен қарап.

- Қайыптың ендігі ойын білмеймін, ол туралы сөйлескенім жоқ, - деді Жарылғап.

- Қайып басында қателік жасаған. Ақбөбекті біздің елге алып бару керек еді. Енді поздно, деп Хайролла ішке қарай ерінін жымқырды.

- «Поздно» дегенің не? - деп қалды ол сөзге түсінбеген Жарылғап.

- «Кеш» дегені ғой, - деді Сабытай оның сөзін қазақшалап.

- Ол жаққа асыра алса, әлі де кеш емес қой, - деді Жарылғап жаңа қойылған қырбық мұртын сипалап. Ол өзі биыл мұрт қойып намаз оқып жүр.

- Ой, жігіттер, бұл енді жау қолында өлсін демесеңдер, сол қатынды қойсын, айтыңдар, – деді Назар екі қолын көтере дірілдетіп.<--break->

- Айтудай айтып жатырмыз ғой, дегеніңе көніп жүр ме бұл, - деді Сабытай.

- Айып інімде ғой, құдайдың жолына қарсы тұрар ма адам. Біреудің жесірін алып кету дұрыс па? - деп Назар басын шайқай береді.

– Өткен іске өкінбейік, жігіттер, – деді Сабытай.

– Алда құдайдың салғанын көрерміз, Қайыпты елге алып кетейін деп отырмын, – деп Назар Жарылғапқа қарады.

– Осы үйде жатып тыңайсын да, – деп еді Жарылғап Назар оған:

– Шырағым бәрінде де шаруа бар, бір жағы сендер базар шығайын деп отырсыңдар, – деді.

– Мейлі, ауылына барып жатсын, – деп Сабытай Назардың сөзін қуаттады.

– Айтпақшы, Сәке, – деді Назар Сабытайға қарап. – Мұнда қаңырап бос тұрып неғылады, Қайыптың отауын да ала кетейік.

– Отауға көз түскен сайын иелерін көргендей болып жүруші едік, осы жерің ауыр тиетін болды-ау, – деп Сабытай бозарып қалды.

Қонақтарын жібермей, бір аптадан аса жатқызды Жарылғап. Қайып та күннен күнге тыңайып келеді. Үй жығылып, жүк буылып жатыр. Жарылғап үйді көшіруге екі түйе берді. Қосынның берген аты мен түйесін де көштің жетегіне косты.

– Мә, – деді Жарылғап Назарға. – Мынау аруана, сүтті, сауып ішесіңдер. Анау қоспақ, үй шаруасына жуас. Майына алдық деп жүрмеңдер, Қайыптың отауына бергенім.

Жүк артылған түйелер тұрғызыла бергенде Назар Сабытай мен Жарылғапқа:

– Жайшылықта пенде бірінің қадірін білмей жүре береді, ағайын осындайда керек екен, сүрінгенде таянуға жарадыңдар, жығылғанда бас сүйедіңдер, бұдан артық не керек. Алла сыйласын, еткен қызметтеріңе рақмет, – деді.<--break->

Елу төртінші тарау

 

Жеменей ауылдары Текебай қара, Аққұрық Балша, Басар, Ешкіқырған сияқты жазғы жайлауларын жаздай шарлап өткен еді. Жер қуаң болғандықтан, ел бір қоныста ұзақ отыра алмай, тез жұрт аударып тұрды. Рулас ел көбіне қатарлас, сыбайлас көшіп-қонып жүретін. Биыл Кедей руы олардан аяғын шеттете бастап, ерте күзде Бозашыны маңайлай берген. Қуаңшылық болған жылы елдің көбі алдағы жұттан қорыққандықтан жылы қыстау іздеп кетеді. Мақсат: ебін тауып, мал шығынына қыста ұшырамай шығу. Жалпы елдің мақсат-мүддесі сол.

Есжанның қуғыншы тобыры Қайып пен Ақбөбекті Есембет руының ауылына жеткен жерде қуып барып ұстаған. Қашқан жесірді тағы да ауылға қайтарып апарды. Бұл жолы Есжан Ақбөбекке естен шықпайтындай қатыгездік жасап еді.

Құйымшағы сорайған арық атқа теріс мінгізіп, Шүреннің беліне оны таңып қойған. Жорғасы жоқ жортақ ат қамшы тиген сайын мөңкіп қойып, ауылға дейін жортағынан жазбай келді.

Ауылға қашан жетіп, аттан қалай түскенін Ақбөбек білген емес. Жорықшылар Демесін үйінің қасына келіп тоқтады. Тілес өзі аттан бұрын түсті де, барып Шүреннің белін шешті. Ақбөбекті аттан көтеріп түсіріп жатқанда байқады, аттың сауыры қып-қызыл қан, буы шыға бусанып тұр. Тілес Ақбөбекті үйге көтеріп алып кетті. Апарып салулы төсекке жатқызғанда тағы аңғарды, ак көйлектің арт жағы етегіне дейін тұтасына қанға боялған.<--break->

Есжан аттан түспей тұрып:

– Есберген, бармысың? – деп гүрілдей дауыстады. Осы кезде үйден шықпай отырған Демесін баласына:

– Сен отыр, мен шығайын, – деп сыбыр етті. Кеше қосып алып шығам деп іздеткенде, Есберген ас үйдің жанында жатқан түйенің жазысының астына жасырынып, қуғыншыға ермей қалған.

Есікті бір иінімен көтеріп, бас көрсеткен Демесінге Есжан:

– Салаумаликім, отағасы, – деді ат үстінде тұрып.

– Есбергенді жібер бері!

– Е, маған айта бер, – деп еді Демесін, жол шегіп ашулы келген Есжан түтігіп:

– Байеке, маған Есберген керек! Інім шықсын бері! – деді.

– Бәрін естіп отырған Есберген шыдай алмай үйден шықты.

– Ассалаумалейкум, аға.

– Сәлем бермей кет! Ей, анаңды... неге ермедің маған? Қатын сенікі емес пе? Ей, көрім! – деп Есбергеннің жонына қамшымен тартып-тартып жіберді.

– Ойбай, аға! – деп Есберген қайқаң ете түсті.

– Қатынынды сен бармасаң да, мен әкелдім! Түсіріп ал аттан! – деді де ол атын тебіп жөнеле берді.

Есберген Ақбөбек жатқан отауға қарай қадам басты. Есік алдында шегір көз қылаң байтал басын төмен тастап, әлі демігін баса алмай тұр. Жаздай қозы баққан балалар мініп қыршаңқы қылып тастаған арық байталдың арт жағынан келген Есбергеннің көзі түсіп еді, құйымшақтың жоғарғы жағынан аттың терімен қосыла тықыр жүннің үстімен сорғалап ағып келе жатқан қызғылт қанды көрді. Оған онша мән бермей, ол өтіп кеткен. Үйге кірсе, Тілес Ақбөбектің жастығын көтеріп, жайғастырып жатқызып жатыр екен.<--break->

– Анаған қарашы, – деді Ақбөбектің көйлегіне қарай қол шошайтып.

Қаны кеуіп жұмарланып қалған көйлектің етегіне қарағанда, Есбергеннің жүрегі мұздай болды. Жолдың шаңы мен көздің жасы араласқаннан Акбөбектің беті жағал-жағал болып кеткен. Реңі жоқ, құп-қу болып жатыр. Көзі жұмулы, шалажансар жатқан Ақбөбекті көргенде, Есбергеннің қатты жаны ашып кетіп еді. «Әттеген–ай, бекер бармаппын, өзім болғанда ғой, бүйтіп қорламас едім» деп ішінен өкініп тұр. Ақбөбектің қасына барып, тізерлей отырды. Аянышты халде жатқан Ақбөбекті қапелімде желеп–жебегісі келеді. Құшаққа алуға да әзір. Маңдайын сипаймын деп қолын созып еді, жеткізбей қайтып алды. Айдай аруды осы күйге түсіргеніне өзі кінәлі, өзі айыпты сияқты. Іші жылап қанша аяғанмен, оны аялай қоюға ары жетпей отыр. «Көзін ашып қалса, не деймін?» деп те өз-өзінен жасқанатын тәрізді.

Рабиға кіріп келіп, Ақбөбектің түрін көргенде, бірден шошып кетіп еді.

– Мынаның киімін ауыстыру керек, – деді Есберген орнынан тұрып жатып.

– Құры әрі, тірі жан! Мұны қатын қыла алмасаң, еркіне жібермейсің бе?! – деп Рабиға Есбергенді есікке қарай итеріп жіберді. Артына қарап, жеңгесіне ыржиған болды да, ол үйден шығып кетті.

Рабиға солқылдап жылап отыр. Әуелі шүберек сулап Ақбөбектің бетін сүртті. Рабиға киімін ауыстырып болғаннан кейін Ақбөбектің кірпігі қимылдады. Біраздан соң көзін ашты. Жатып-жатып басын көтергесін Рабиға оған:

– Шайдан бұрын аздап ағарған жұт, – деді. Шайдан кейін Рабиға Ақбөбекті шомылдырды.

–Мына шұнақ құдай менің соңымнан қалмады ғой, – Ақбөбек тілге келген соң.

– Қой, тіл тигізбе – деді Рабиға оған.

– Білмеймін, Қайыпты өлтіріп кете ме деп қорқам.

– Қойшы, айта берме.<--break->

– Менің сол жақтың өзінде есім ауып қалған, – деді шайдан кейін тағы да ағарған ұрттап отырып Ақбөбек.

Есберген Ақбөбектің үстіне шешесін ертіп келді. Ойы сөйлестіру.

– Қарағым, аман келдің бе? – деді Есбергеннің шешесі Ақбөбектің қасына таяу отыра беріп. Сөзге шорқақ әйел қапелімде не айтарын білмей қалды ма.

Оның сөзіне қитықтанған Ақбөбек:

– Иә, аманмын. Күйеуім Қайыпқа барып, бір түн түнеп қайттым, – деді «енесіне» тіке қарап.

– М–м–м...– деп мұрнымен сөйледі Есбергеннің шешесі.

Отырмай түрегеп тұрған Есбергенге қабақ көтеріп:

– Әй, Есберген, саған да соны айтам, күйеуім әкетіп, түнетіп жіберді, – деді әдейі миығынан күліп Ақбөбек.

Қыс түсті. Бірнеше күн үзбей сіркіреп жауған жаңбырдың арты бірте-бірте қарға айналды. Елде жүріс-тұрыс, конақ-қопсы азайған, қыстың қамына көшкен жұрт өз шаруасымен өзі әлек. Көшердегі жүк көбейген: соғымның еті, ақталып қапқа түскен тары, жаздай жиналып кептірілген ірімшік, құрт – бәрі де қыстың азығы, түйеге жүк. Әсіресе жас балалы үйлерге қыста көшіп-қону барып тұрған азап. Бұл кезде еркектер ауылдан шықпайды, әйелдерімен қосыла үй жығысып, үй тігісіп жатқаны. Жігіттер мен жас келіншектер қолдарында шоты, жолшыбай отын шауып, оны буып-түйіп аттылардың қолына ұстатып жатады. Қонған бойына жаға беретін отынды ебі бар пысық жігіттер өстіп жолда дайындап келеді.

Демесін ауылының көші шұбатылып келіп, қара дөңнен өткен соң, ықтасыны көп қалың бұталы ойпаңға қонып жатыр. Ақбөбектің отауы Демесіннің үйінен бұрын тігіледі. Бұл үйдің оты да жұрттікінен бұрын жағылады. Ақбөбек осы уақытқа шейін колына көсеу ұстап, от ысырған емес. Әлі күнге дейін мосыға шәйнек ілген жоқ. Егер алдында дайын тамақ болмаса, аш жатуға бар. Рабиға да Ақбөбектің сырын біліп алған. Оны ол қабақ шытпай бар ықыласымен балаша күтеді. Бәрінен де Ақбөбекпен сырластық жағы артық. Ол іштен сыртқа сыр шығарған әйел емес, қайта сырттың хабарын Ақбөбекке жеткізіп тұрады. Бүгін де Рабиға тым қуанышты, ол жүкті. Жалғас түнделетіп анда-санда бір соғып кетеді. Ақбөбекке сездірген жоқ, Рабиғаның осы сыры ішінде. Ауыл әйелдері «Әулиеге түнегенін құдай қостады» деп өздерінше топшылайтын көрінеді.<--break->

Соңғы келгенінде, Қайып құшақтап отырып: «Жаным-ай, жүнжіп кетіпсің ғой, дұшпанның колында жүрген адам өзін бүйтіп алдыртпау керек, қайта қасарысыпай, өзіңді мықты ұстағанда ғой, бұл күйге түспес едің» деген еді. Оның сол сөзі Ақбөбектің есінен шығар емес. Содан бері бұл өзіне басқаша қарайтын болған. Қайыптың сол сөзі оған содан кейін демеу болған сияқты. Уайым-қайғыға бас ұра бермей, өзін ер жүректікке салып, еркін ұстауға тырысатын болған. Өзінде қазір батылдық бар. Ілмиіп отырмастан, ас-ауқатқа да зауқы жақсы. Жау қолына еті үйренген ол ендігі жерде ешкімнен именетін, жасқанатын емес. Іштегі қайнаған шер, ашу, ыза басылар ма? Ол күшейе түспесе, жазылмайды. Күндіз тікірейіп жүргенмен, Ақбөбек түн сайын босап, езіле еңіреп жататын.

Арық аттың арқасынан көрген тән жарасы жанды қинай-қинай өтті. «Адам жеті күннен кейін қара жерге де үйренеді» деген, тағдырдың талайына түскен Ақбөбек неше түрлі күйінішті жағдайдың бәріне төзіп келеді. Еркінен кете қамығып та, азып-тозып қайғы тартып та көрді, оған дұшпан мойыды ма, несі кетті? Таң атып, күндер өтіп жатты. Ай артынан ай кетіп, жылдар жылжып барады. Тағдыр Ақбөбекті иіп, екі бүктеймін дейді, бірақ ол еңкейер емес. Тағдырдың жетегіне бой ұсынбастан бел буып, белең асып бара жатқандай. Ол өз ісіне өзі өкінер емес, оның мықтылығы сонда. Онда үлкен үміт бар. Алдына келешегінде паналайтын асқар тау, сүйенерге биік бәйтерек тұрғандай. Оның асқар тауы мен бәйтерегі – Қайып. Ол мұның мәңгілікке бағыштаған жан қияр серігі. Ақбөбек Қайыпты жылдар бойы былай тұрсын, көз жұмғанша күтуге бар. Қайыпппен бірге өмір сүрем, Қайыппен бірге көрге түсем деген сезім оның жүрегін жайлап болған.

Кедейден үш рет қатты соққы жеп ауыр азап шеккенмен, Қайып жаситын емес. Бойын кернеген ызаның оны тоқтатар түрі жоқ. Қара қабықтанып жарасы жазыла бастағанмен, оның ара-тұра бас айналуы қайтпаған. Сонда да болса өзін сергек ұстап, барынша ширақтық жасап бақты. Атқа отыруға жараған соң күз басында жеңгесі Аманқыздың төркініне барып қайтты. Аманқыздың інілерінің бірі Қыстаубай оған көңілі жақын інілеріндей болып жүретін. Сол жігітті Қайып Ақбөбекке жіберді. Қыстаубай әуелі Қосынның үйіне түсті, Қайыптың айтуы бойынша Мақпалмен ақылдасып алды. Есжанның Қайыпқа көрсеткен жәбірін өз көзімен көрген Мақпал содан бері кедейлерге ашулы еді. Қайып Қосын мырзаның қонағы. Қайыпты таяққа жығу – Қосынға қол тигізу деп намыстанған болатын Мақпал.<--break->

Қыстаубай Жалғасты ертіп Демесін аулына барды. Ел арасында айтыла беретін жолаушыға ауызға жеңіл желеу бар-жоқ қарау. Қыстаубай мен Жалғас Кедей аулына қонаққа барып, бір түнеп қайтқан. Қайып Қыстаубайды «айт Ақбөбекке, қыста барып алып қайтам» деп жіберген.

Ақбөбек Қайыптың онысын жөн көрмеді. Бұл кезде жаздағыдай емес, ауыл арасы қашықтап кеткен. Біріншіден, бұл ауылдан шығуын шығар, бірақ барар жері белгісіз. Екіншіден, қыста қар жатыр, әрі жер ылғал. Ылғал жер мен қарға із түседі. Қайда қашып құтыласың? Қыстың суығында жол жүруге жайшылықта сақтанады жұрт. Осының бәрін зердеге салып, әбден ойланғаннан соң, Ақбөбек Қыстаубайға:

– Қайыпқа айтып бар, өзіне шыдастық берсін. Қыстың күні қыраулы, суықта менің жолға жарар түрім жоқ, – деді.

Содан бері Ақбөбектің көңілі көтеріңкі. Қайып тірі қалған. Алда тағы кездесу тұр. Сүйікті адамына жүктелген сенімнің үміті алға жетелейтіні анық. Ақбөбектің көкірегі бұрынғыдан бүгінде басылған, қызып-жанып, алып-ұшып тұрған жоқ, ол енді өзі алыста жүріп, жолаушылап кеткен ерін қалыпты сағынышпен күткен әйел секілді. Ақбөбек көңілдегі тоқырау сезімінен арылып, енді тек алға тартқан үміт дүниесіне берілген еді.

Есберген есейіп ашылайын деген бе, жоқ әлде айдап салып жүр ме әйтеуір Ақбөбек жатқан үйге кіріп-шыға беретін болып жүр. Ол үйдің есігін ашса болды, Рабиға шыға жөнеледі. Оңаша сөйлесудің талайын көрген тәжірибесі мол әккі келіншек «бейшара бала дидарын айтсыншы» деп ойласа керек.<--break->

– Ақбөбек, сен мені неге жаман көресің? – деді әнеу күні Есберген өзінше бір батылдық жасап.

– Жоқ, мен сені жаман көрмеймін. Сен айыпты емессің, – деп жауап берді Ақбөбек.

– Онда неге бүйтесің?

– Өзімнің адамым, күйеуім бар болған соң сөйтем.

– Әуелде мені жек көрмегенде, оны жақсы көрмес едің ғой.

– Кім біледі, сен бұрынырақ ұшырасқанда, бұндай жағдай болмас па еді. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» деген, бетімді ашқан Қайып, маған сол ыстық.

– Енді саған Қайып жоқ қой.

– Онда мен де ешкімге жоқпын.

– Сонда мен қатынсыз өтем бе?

– Өтпе. Айттыр да бір байдың қызын ал.

– Сен тұрғанда қалай алам.

– Жас басыңмен біреудің әйелінде нең бар. Босат басымды, кетейін.

– Менің айтқанымды қыла ма бұлар? Арға шапқан ағайын өз бетінен қайта ма?

– Біреудің некесін бұзу, қойнындағы әйелін әкету саған ар емес пе? Бойында қышқылы бар жігіттің соған намысы келуі керек қой.

Ақбөбектің осы сөзі Есбергенді кідіртіп тастап еді. Өңі бозарып, еріндері жыбырлап кетті, бірақ сөйлей алмады. Жігіттің жігерсіздігін байқап, Ақбөбектің көңілі бұрынғыдан бетер құлазып кетті. Тұлға-пішіні ешкімнен кем емес, жас жігіттің астарсыз ақыл-парасатына оның көңілі толмай отыр.<--break->

Әйелдің сынын келтіретін екі-ақ белгі бар, оның көркі мен мінезі. Еркектің ерлігін білдіретін қасиет оның ақыл-ойы. Әйелге әдеп, еркекке сыпайылық керек. Ынжықтық сыпайылыққа жатпайды. Жасық еркек көңіл тояттата алмайды, сол себептен тың жүрегінде махаббат тұрақтай алмайды. Махаббатты ояту үшін жүрекке от керек. Ақбөбек ойлай-ойлай отырып, Есбергеннің жасық жан екендігін аңғарды. «Ай, байғұс жігіт-ай» деп іштей жаны ашығандай болды.

Есберген тұнжыраған кейіппен бір сәт отырып еді, енді серпілгендей болып еңсесін көтере:

– Ақбөбек, мен сенің өткен ісіңнің бәрін кешіріп жүрмін, өзің білесің. Өткенге салауат деп, енді некемізді қиғызайық та, – деді.

– Жарайды, – деді Ақбөбек.

Есберген көзі жылтырап қуанып кетті. Отырған жерінде қопаң етті.

Ақбөбек сөзді кідіртіп, көпке дейін күлімдеген болып үнсіз отырды.

– Ата-анама айтайын ба? – деді Есберген ажарланып.

– Иә, – деп Ақбөбек оған тағы дем берді.

– Қазір барам, – деді де Есберген орнынан тұра бастады.

– Кідір, отыр.

– Не демексің?

– Дейін бе?

– Де, де.

– Былтыр айттым ба?

– Нені?<--break->

– Жігіт басыңмен қалай ұмыттың? Басымды босат, өз еліме барайын. Әке-шешемнің алдынан ұзатылып келіп, Кедейге келін болайын дегенім қайда?

– Үй ішіміз болып айтып едік, Есжан көнбеді, – деді Есберген құбылып.

– Ендігісін өзің біл, менің уәдем сол уәде, – деп Ақбөбек өз тоқтамын айтты.

– Ата–анама тағы айтам. Еңді болдырам, – деп Есберген орнынан тұрып кеткен.

Ақбөбекте екі түрлі ой бар: егер Кедей бас бостандығын берер болса, Қайыпқа өз елінен ілесіп кету оңай. Ал олай болмаған күнде сол уәдесін ұстап тұрған болып, Есбергенді маңына жуытпау. Еркек неме қылжақтап кете ме деп те қауіптенеді ол. Ақбөбек батылдығы жоқ Есбергеннің ынжық мінезін пайдаланып, оны жұмсақ сөзбен шығарып салды.<--break->

Елу бесінші тарау

 

Нұрқан қатты ұйықтап кеткен екен, бесіктегі Қанат жылап, оны оятып жіберді. Жарылғап та оянын кетті. Нұрқан бесіктің бел ағашына сүйеніп отырып, баласын емізді. Төсекке қайта жатқан әйелін күйеуі бауырына тарта жұлмалап ұйықтатпады.

Әрі ұйқысын қимай, әрі суықтан қорынған Нұрқан күйеуін өңіменен итеріп, жұлқынып көрді. Шабыты келгенде еркектің есірігі әйелінің ырқына көне ме...

Түн. Қыстың қақаған аязы. Үсті-үстіне жауған қар қатпары қалың.  Сауын  маялар алдыңғы аяқтары тізерлеулі үйдің жанындағы қары күрелген ықтасында қатарынан шөгіп жатыр. Таңертең мал суарға шыққанда байқап жүретін, іштен ыстық шығара ма, жатқан түйелердің арасынан көтеріліп тұрған буды  көретін.  Нұрқан  қоламтада тұрған  қара шәйнектен бүйірлі шойын құманға толтыра су құйды. Иініне ақ елтір тонын жамылып, құманмен далаға шықты. Жатқан түйелердің арасына барып отырды. Шешінді. Жалаңаш тәнін түн аязы қарып барады. Нұрқан түрегеп тұрып төбесінен су құйды. Құлақтарына саусақтарымен су жүргізді, аузын шайып, мұрнына су жүгіртті. Тұла бойында су тимеген жер қалдырмай, әбден тазаланып шомылды. Табаны тоң жерде тұрған. Ең артынан сауырын жапқан қос бұрымын сығып-сығып жіберді де, діріл қағып тұрып киіне бастады. Үйге кіріп, қара шәйнектен шойын құманға тағы да су толтырып, коламтаның шоқ жатқан жеріне ысырды. Екі бұрымына мұз қатып қалғанын төсекке барып жатқанда білді Нұрқан. Жарылғап әлгінің арасынша ұйықтап кеткен екен, Нұрқанның түрткеніне оянбады. Болмаған соң әйелі шымшып оятты оны.<--break->

– Тұршы, үстіңе су құй, – деп Нұрқан Жарылғапты сыртқа алып кетті.

Жаңа түскен жас келінге ененің алғашқы өсиеті осындай тазалық сақтаудан басталады. Келіндердің о бастан құлағына құйылған сөз: «Жуынбаған еркектің төсегі арам, жуынбаған әйелдің емшектегі сүті арам».

Түндік жабулы, үйдің іші қараңғы. Жарылғап та, Нұрқан да қатып ұйықтап қалған екен. Таң атып, күн шығып кеткен болар.

Сыртта тұрып Күнбибі: – Әй, тұрмайсыңдар ма? – деп айқайлады. Енесінің даусын естігенде шошып оянған Нұрқан апыл-ғұпыл тез тұрып киіне бастады. Қанат та оянған екен, сырттың дыбысын естігенде, бесікте жатып уілдеді.

Күнбибі ішке кіріп, бесіктегі немересінің бетін ашты.

– Жарығым, құлыным, – деп еңкейіп баласының маңдайынан сүйді.

– Әй, қатын, түнде еміздің бе мұны?

– Ей, ембей жата ма ол. Түнімен ұйқымды бөліп...

– Әй, сен бала. Мынауыңның ұйқысы жаман, түнде бала жылап қалмасын. Жыласа оятып тұр, – деп Күнбибі енді тұрып, басына орамал тартып жатқан Жарылғапқа қарады.

– Тезірек қимылда, шайыңды бер, – деді Жарылғап Нұрқанға.

– Шай дайын, жүріңдер, – деп Күнбибі келін-баласын өз үйіне шақырды.

– Жүр, мен кеттім, – деді Жарылғап.

– Әй, бала, бесікті ала кет. Күнім-ау, тұмсығы көгеріп тұр, осы бала тоңып қалды, – деп Күнбибі бәйек болып жатыр.

Жарылғап Сабытайдың үйіне барайын деп асығыстап отыр. Сабытай ояздағы баласына барып, үйіне кеше келген. Алыстан келгенде сырт хабарға құмар отырған ауыл-үйдің адамдарының кіріп-шыға беретіні бар. Кеше Жарылғап Сабытаймен жөнді сөйлесе алмаған.

Оңына оралып түске таман Қайып келіп қалды. Қайыптың келгеніне Жарылғап та, Сабытай да көңілденіп отыр.<--break->

Қайыптың күзде Ақбөбекке адам жіберіп, «қыста алып қайтам» деуі осы екі жігітті елеңдетіп кеткен. Қайыптың тағы желігуі бұларға ұнамады. Қыста Қайыптың қашып құтыла алмайтынына бұлардың көздері жеткен. Енді қолға түссе, Кедейден оның өлігі келетінін білді. Қайыптың желігін басу үшін, әзірге кідірте тұру үшін не істеу керек?

Сабытай күз басында баласына барып келіп еді. Онда Қайыптың Ақбөбекке Қыстаубайды жібермеген кезі болатын. Қайыптың желденуі оның тынымын алған, ояз жаққа тағы барып қайтуына тура келді. Ақылдасатын адамы – тілмаш Ораз. Ораз көп ойланды. Қабырғасымен кеңесе келіп ол: «бұл дауды шешуге ендігі жерде қазақтан қайыр болмас. Енді сәті түссе, орыс заңының бір-ақ тармағымен шешіледі Қайыптың дауы» деп жіберіпті. Негізінде бұл даудың шешімі бүгінде тұйыққа тіреліп тұрған. Болыстың алдынан өтті, ақсақалдардың арасына түсті, бүкіл Адай билерінің кеңесінде болды, солардың бәрі де «шешем» деуге табан тіреп тұра алмады ғой.

– Оразға жолығып, істі тыңғылықты қылып қайттым, – деді Сабытай киімшең жатқан төсегінен енді тұрып отырып. Ол жолда суық шалған ба, тұмауратып жатыр екен.

– Не болатын болды сонда? – деп сұрады Жарылғап.

– Оразға шағым жазғызып, оязға беріп кеттім.

– Мені де шақыра ма екен ояз? – дегенде Қайыптың жүзінде қан ойнап, мұрты тікірейіп бара жатқандай болып еді. Ол орнына қозғала көңілденіп бара жатты.

– Әрине, сен де, Ақбөбек те барасыңдар. Үлкен жиын болып, сонда екі жактың ісін талқыға салатын көрінеді. Әйелдің кімге кететіні сол жиында шешіледі.

Қайып жасқанып, сақтанып отырған жоқ, өзіне сенімі күшті сияқты.

– Қашан барамыз екен? – деп сұрады Қайып.<--break->

– Ораз алдағы жазда деді, – деп Сабытай үстіне қара сәтенмен тысталған күпісін жамыла берді.

– М–м–м.

– Тілмашы Ораздың өзі бола ма екен? – деп сұрады Жарылғап.

–Ол жағы белгісіз. Пристап дей ме, урядник дей ме, тілмашты солар таңдайтын құсайды.

– Е–е–е, солай де, – Жарылғап астыңғы ернін тістеп, басын изеді.

Қаһарлы қыс өтіп, жаз белгісін білдірді. Өткен қыста ел жұт бола ма деп қауіптеніп еді. Бірақ биылғы қыс зақымсыз өтті. Жер бетіне көк көріне бастағанда бұл жаққа Хайролланың бір соғып кететін әдеті. Сабытай оны сабырсыздана күтіп жүретін. Үлкен жерден, іштен келетін сол болған соң, алыстың хабарын білуге жұрттың құлағы түрулі. Ол Ресейдің түкпір-түкпірінде болған адам, естігені, көргені көп. Отырған жерінде дінге де жүйрік. Араб, Мысыр елдерін көріп келгендей етіп әңгімелеп кетеді. Сондықтан жұрт оны оқымысты, білімдар адамның қатарында еске алып отыратын. Көп күттірген жоқ. Ол шиқылдақ арбасымен бұл ауылға алдыңғы күні келген. Ашық, ақкөңіл Хайролла келе Сабытайдың кішкентайы Қаржаумен сәлемдесіп, бетінен сүйіп, әкелген ойыншықтарын оның алдына төкті. Содан кейін Түймешті құшақтап, арқасынан қаға маңдайынан сүйді. Сосын барып Сабытайды құшағына алды.

Бұл келісінде Хайролла зер, моншақ, жүн бояуды көп әкеліпті. Сонау төменгі елге де баратын ойы бар. Енді арбаны тастап, атпен кетем деп отыр. Сабытай ақылдаса келіп, Хайролланы сол жақтан Ақбөбекке жолықтыратын болды. Өйткені ол заңды, елдің жөн-жосығын жақсы білетін әрі қара сөзге шебер адам. Әр сөздің орнын таба жүйелеп айтып, құлаққа құйып кететіні бар.

Ақбөбск топқа түспеген, көптің алдында сөйлеп көрмеген, әлі беті ашылмаған жас адам. Алда алқаға түсетін қиын-қыстау күндер бар, соған осы кезден бастап әзірлік жасау керек. Бұл оязға барады. Сонда бұған көп көз қадалады, жан-жақтан сұрау жаудырып, сөйлетеді мұны. Сол кезде саспай, орнын тауып сөйлеу қажет екендігін бұл осы күннен біліп қою жөн. Келер күнге дайындық: осы уақыттан бастап сана-сезімге жол ашып, жүрекке жігер, бойға қуат жинау. Алда болар сын кезеңнен Ақбөбек хабарсыз. Ол ертеңгі күні нені айтарын білмей, топ алдында алақтап қалуы мүмкін.<--break->

         Келешекте тұрған осындай жағдайды алдын ала ескертіп, күні бұрын Сабытайдан айтып жіберген көрінеді Ораз. Хайролланың Ақбөбекке баруда атқаратын міндеті осындай қырағылық сезімді оятуға арналған болатын. Орыс пен қазақғың жан дүниесін жақсы білетін Хайролла енді ояз алдында айтылатын сөзді Ақбөбекке өзі түсіндірмек болып барады. – Қашан жүресің? – деп сұрады Сабытай Хайролладан.

– Бір күн өтсін. Аманшылық болса сәрсенбінің сәтіне, – деді Хайролла.

Қайып қыстай қарап жатпаған еді. Сабытаймен Жарылғаптың өздері мен бала-шағаларына етік тігіп жатты. Енді көрік басып зергерлік жұмысын қолға алды.

Жарылғаптың үйінде Бүркеншек байдан қалған сыртының сыры көшкен көне екі сандық тұрушы еді. Шешесі өлген кезде Нұрқан сандықтарды бір мәрте ашып көрген болатын, бірақ ішіндегі дүниені түбіне дейін ақтармай, сандықтарды жаба салған.

Қайып сол екі сандықты қайта бояп, жаңартып бермек болды. Нұрқан сандықтарды босатып берейін деп ашуға кілтін бұрады. Марқұм шешесі сандықтардың ішіндегі асыл заттарды байқатпау үшін үстіңгі бетіне ескі-құсқыны тастай салған екен, көп дүниенің астыңғы жағынан бүгінде ел көрмей жүрген неше түрлі асыл маталар шықты. Соның ішінен Нұрқанның танитыны ақ мандала, қызыл мандала, сосын жібек маталар, ал басқалары шешесінің «зағран мата» дейтіні болса керек. Енді бір сандықтың түбінен сыртын тозаң басқан сияқты үлкен қоңыр қалтаны көтерді, қалтаның аузын шешті. Нұрқан өз көзіне өзі сенбеді: ішінде бармақ басындай сом алтын аралас неше түрлі күміс түймешіктер жатты. Сол дүниені Нұрқан Жарылғапқа көрсетті, Жарылғап Қайыпқа айтты. Сол алтын, күмістен Қайып Нұрқанның он саусағына жетерлік сақина, жүзік соғып берді. Екі қолына, екі білегіне кигізді. Нұрқан Ақбөбекке арнап бір жүзік, бір сақина жасатты.<--break->

– Хайролла аға, – деді Қайып жалтыраған жүзік пен сақинаны қолына алып отырып, – мынаны ала кет.

– Не қылам, сатып келейін бе? – деп Хайролла қолына алды.

– Сатпа, Ақбөбектің қолына тағып кел.

– Оһе-е, тамаша мынауың, тамаша. Келінімді қуантатын болдым.

– М–м–м,

– Шеберсің, інім. Қолыңнан айналайын, – деп Хайролла сүйсініп отыр.

Көшпелі елдің өз өнері өзіне жетіп жатқан сияқты. Темір атасы табылса болды, көрік құрған ұсталар қайыстай илейді. Қой қырқуға біздей қырықтық, аң аулауға серіппелі қақпан, жаудан қорғану үшін жебе, найза, айта берсе аты көп бәрі солардың қолынан шығып жатады. Түрлі-түрлі өрнекпен ойып жасалған үлкендердің жастық ағашы, жас балалардың көшкендегі үйі болатын кебеже үйге сән қосатын мүліктер. Ебін тапқан шеберлер қақ сүйекті де жібітеді. Сүйекті түрлі ағаш бұйымдарына өрнек жүргізуге пайдаланады. Сал жігіттердің қолындағы сүйек домбыраларды көрсең, көз тоймайды. Сом мүйізден қақталған шаш тарақтар сол он саусақтың өнері. Алтын, күміс пен меруерт, гауһар тастардан жасалған алқа, өңіржиек, білезік, сақина, сырға, шығыршық, арқадағы шашбау бәрі де әйел затының көркін келтіретін қызығы мол бұйымдар. Ұсталар мен зергерлер дүниеде тек әсемдікке ғана жаратылған жандар ғой. Әйелдердің өнері одан өткен. Қазақ киімді сатып алмаған. Оқалы бөрік, зерлі бешпент, жағалы шапан, сеңсең тон – бәрі де әйелдің нәзік саусақтарының жемісі. Қалы кілем, өрнекті киіз бен ши орауға жұмсалған өнер қыз-келіншектердікі. Тіпті екі ұшын шашақтап дамбал бау ызудың өзі сол үйдің әйелінің ұсынақты қолын танытатын.

Дәуір тынысы заманын түлетіп, жаңартып тұрмақ. Заман ескірмейді, жасара береді. Ана бір жылдары қаладан келетін жез шәйнек ілуде біреудің колына түсетін. Енді байлар қара шәйнекті үйшілеріне, малшыларына беріп, өздері сары самаурыннан шәй ішетін болды.<--break->

Ел мен елді бір-біріне араластырып, бір елдің жаңалығын екінші бір елге таратып жүргендер осы саудагерлер. Қазақ арасында көп болып, қазақтың сыр мінезін, әдет-ғұрпын әбден біліп алған Хайролла ілгеріде Орынбор жақтан осы елге зәру заттарды әкеліп сатып, ел ішіне тастай батып, судай сіңіп кетті. Хайролла ешкімге сыр сездірмей, Демесін ауылына келіп, саудасын жасап кеткен. Досы Сабытайдың сөзімен Ақбөбек пен Қайып үшін ол бүгін тағы келді. Ауыл арасы қашық, ол қона жүріп, бұл ауылға айға жақындағанда жетті.

Үлкен ақ үйдің тұсына келе бергенде, ол шаманы байқап:

– О-о-о, бауырлар, айна менен тарақ бар, алмасаң да қарап қал, – деп өзінің жіңішке үніне салып дауыстады.

Үйде отырған Ақбөбек қапелімде селт етті. «Мынау Хайролланың даусы емес пе?» деп ойлады ішінен. Жіберіп, сырттан хабар алғызуға үйде Рабиға да жоқ еді. Өтіп кетпесін, белгі беріп, Хайроллаға көрініп қалу керек. Шыдап отыра алмай Ақбөбек іштен жөтеле дыбыс шығарды да, артынша есікті жаймен ашып, сыртқа шықты. Жан-жағына алақтап қарап еді, ешкім көріне қоймады.

Ақбөбекке көзі түскен соң Хайролла тез аттан түсті.

– Аманбысың, айналайын, – деп ол басындағы ноғай бөркін көтеріп иек қақты. Ақбөбек біреу естіп қалмасын деді ме сабыр сақтап, үндемей бас иді.

Сақтанған Хайролла одан әрі тіл қатқан жоқ. Атын жетектеп, Ақбөбек жатқан отауға жақындады. Үнсіз келе жатып, қойын қалтасынан кішкентай түйіншек шығарды. Ақбөбек әрі қарай қадам баспай есікке сүйеніп тұрған.

– Қызым, белдеуіңе ат байласам бола ма? – деп әдейі дауыстап келіп, айналасына бір қарады да, әлгі түйіншекті Ақбөбекке ұсынды.<--break->

Ақбөбек түйіншекті қолына алған соң:

– Бұл қонақ түсетін үй емес, ана үйге байлаңыз, – деп анадай жерде тұрған Рабиғаның үйін қолымен сілтеді. Бәрін түсінген Хайролла атының тізгінін солай қарай тартты.

– О-о-о, қыз, келіндер, айна менен тарақ бар, алмасаң да қарап қал...

Әне-міне дегенше жан-жақтағы үйлерден шуылдасып әйелдер мен балалар шыға бастады. Хайролла Рабиғаның үйіне үш түнеді. Сауда-саттықпен бір күн сау болса, екі күн «ауырдым» деп жатты. Рабиға Ақбөбектің үйіне жатып жүрген. Хайролла Ақбөбекпен кеңінен сөйлесіп, оған айтарының бәрін тізіп-тізіп жеткізген болды.

– Ақбөбек жаңылысып жүрме, – деді ол ең арғы сөзінде қайта-қайта пысықтап Ақбөбекке, – саған сөз бергенде, сөзіңді мынадан баста. «Есжан менің баламды өлтірді, ол қылмысты. Ең әуелі соған жауап берсін» де. Ең соңында сөзіңді былай аяқта, «Сүйгеніне қосылсын» деген ақ патшаның заңы бар. Мен сүйікті адамым Қайыпқа ақ патшаның заңына сүйеніп барғанмын» дегейсің.

Келген шаруасын бітірген соң, Хайролла көңілді бірлеп елге қайтып кетті. Жолай Сабытайдікінде болып, соң Орынборға қайтпақ.

Ақбөбек Рабиғаға Қайыптың беріп жіберген сәлемдемесін көрсетіп отыр. Саусағынан бұрынғы жүзігін шығарды да, Рабиғаға берді.

– Мә, – деді ол, – мынау ішіңдегі балаға берген байғазым, тағып ал.

– Қой, ұят қой, әуелі жарыққа шықсын да, – деп Рабиға қызарып кетті.

Ақбөбек Қайыптан келген жаңа жүзікті тағып алды. Ол жүкті жүрген Рабиғаға қатты риза болып, өзі де қуанып жүретін. Оңына оралтып мына жүзікті жақсы көретін құрбысына шын ықыласымен берді.<--break->

Бүгін таңертеңгі шай елең-алаңда ішілген. Демесін ауылы көшіп жатыр. Жүрісі жайлы деп мойынының шудасы орауын жабатын қос өркешті төртпақ атанға өзі отырған жүкті артқызған. Түйенің жүгіне кілем қоршаса, жатаған аласа болады. Отырғанда бой көрінбесін деген мақсатпен Рабиға жүгін жаңа текеметпен қоршатты. Көш жүрерде Ақбөбекке:

– Менің қасыма мінші, – деген еді.

Екі келіншек бір түйенің үстінде отыр. Түс кезі болды. Ұзағынан созылған көш жайымен жүріп келеді.

Рабиға ара-арасында Ақбөбектің иығына қос қолымен сүйеніп қояды.

– Өліп қалмаймын ба? – деді ол көзі аларып.

– Қой, жоқтағыны айтпашы, – деп Ақбөбек оның бүйірін сипап отыр. Мұндайда әйел үйде сүйеулі бақанға, не кірулі жіпке сүйеніп тұрушы еді.

– Ой, жаным–ай, – деді Рабиға.

– Шыда, шыда, – деп Ақбөбек оның тершіп кеткен маңдайын сүртті.

Рабиға екі қолымен Ақбөбектің мойнына асылып отыр. Мұрнымен алған демі аздық ете ме, еріндерін босатып, аузымен дем тартады.

– Ойбай, өлдім, ана-а-а, – деп Рабиға тізерлеп отырған күйінде өз-өзінен шалқая берді.

– Бекет десейші, – деді Ақбөбек оның басын сүйеп жатып. Шыр етіп нәресте жерге түсті. Қапелімде енді не істерін білмей сасып қалған Ақбөбек еңкейіп жіберді де, баланың кіндігін тісімен кесті.

Көшті жанай ілгері өтіп бара жатқан Тілес баланың шыр еткен даусын естіп қалып:

– Әй, қатындар, не болды? – деді.<--break->

– Көшті қондыр, – деді Ақбөбек жайымен. Тілес атын тебініп, ілгері қарай жорыта жөнелді. Көп ұзамай көш кідірді. Жігіттер жабылып жүріп, ең бірінші Рабиғаның үйін тікті. Мал сойылып, қазан асылып жатыр.

Шүрен сүйінші сұраймын деп Рабиғаның күйеуінің ауылына атпен шауып кетті. Рабиға құндақтаулы баласын алдына алып, үңіле бетіне қарайды да, жымиып күледі.

Енді ауыл үш-төрт күн еру болады. Жас босанған келінді бірнеше күн үйден шығармай, жас сорпамен бағатын елдің әдеті бар.

Демесіннің үй шаруасымен айналысатын үш қосшысы бар. Соның ішіндегі байға сенімдісі – Тілес. Ішінде бүкпесі жоқ, ақкөңіл жігіт. Кейде Ақбөбекпен әңгімелесіп, ішіндегі сырын айтып отырады.

– Айналайын қосағыңнан айырылып, бәрінен де саған қиын болды,– деп өзінің жанашырлығын айтып кояды. Сөзіне қарағанда, ол Ақбөбектің Қайыпқа кеткенін ыңғайлайтын тәрізді. Бірақ Есбергенді өзі жақсы көреді. «Ызғарсыз бала» деп мақтап та қоюшы еді. Жалпы байдың үй-ішін айтқанда, «жуас адамдар» деп бағалайды.

Тілестің жаны қалмай корқатыны – Есжан. Ақбөбектің соңғы кеткенін Есжан осы Тілестен көріп, мұны ол көкала қойдай қылып сабаған.

Бүгін ауылда әйелі мен бай жоқ, Тілес Ақбөбектің қолынан шай ішіп отыр. Есжанның Қайыптың көкірегіне найза тірегенін айтып отырды да, соңынан өз мұңына көшті. Басындағы жапатайын алып төмен еңкейді:

– Айналайын, Бөбекжан-ай, көрші мынаны, – деп төбесіндегі ұзынынан түскен тыртықты саусағымен көрсетті. Оған жаны ашыған Ақбөбек:

– Ол жауыз кімді аяған, – деді колындағы шай аяғын дастарқан үстіне қоя салып.<--break->

– Білем, сен тағы қашасың. Айналайын кетпеші, кетсең, ауылда мен жоқта кетші, – деді Тілес жапатайын басына киіп жатып.

– Енді кетпеймін, – деп күлді Ақбөбек.

– Кетуіңе сөз жоқ, сен бұл ауылда тұрмайсың.

– Кетерімді айтып кетсем, сен ұстап бересің ғой, – деп Ақбөбек күле сөйлеп еді.

– Жоқ, жоқ, төбемде құдай тұр, оллаһи, – деді Тілес басын сілкілеп. Тілестің осы сөзі Ақбөбектің біраз етек-жеңін кеңіткендей болып еді.

– Жарайды, – деді Ақбөбек.

– Баста өздеріңнен болған. Ауылда Есжан барда қашасыңдар ма, мұның бір құритын күнін күтпейсіңдер ме.

Хайролла келіп кеткеннен бері Ақбөбек бұрынғыдан еркінсіп, өзін ширақ тұтқаннан біршама қуаттанып жүретін. Тілестің мына сөзі оны бұрынғыдан да жігерлендіре түсті.<--break->

Елу алтыншы тарау

 

Назар жолаушылап кеткен. Сонау Ақтөбенің ар жағындағы Тұзтөбе бетте Қорабайдың немере қарындасы тұратын. Бір кезде Кіші жүздің Шеркеш руына ұзатылған екен, жасы келіп қалған адам. Сол кісі сырқос деп есіткен Қорабай. Барып, біліп келу үшін Назарды жіберген. Назар апасына барып қайтып келе жатқан жолда қонаға бір ауылға түседі. Белдеуіне ат байлаған үйде бір балаң жігіт, бір бойжеткен қыз, бір жас әйел бар екен. Үлкен үйдің табалдырығына дейін жағалай төсек салып тастаған. Ортада кең дастарқан жаюлы. Бұл үйдің бойжеткен қызы бастаңғы қылып жатқан көрінеді. Ата-анасы, ағалары тойға кетіпті. Ымырт жабылған соң әп-сәтте жастар жинала бастады. Төрде үлкен қара қобыз, оның жанында ақ қақпақты қоңыр түсті домбыра керегеге сүйеулі тұр. Тамақ желініп болған соң, қыздар мен бозбалалардың ойыны басталып кетті. Оның арты ән мен жырға ұласты. Басқалардан әрі жасы үлкен, әрі қонақ болған соң Назар төрде отырған. Әр елдің әдет-ғұрпында өзінше ерекшеліктер болады. Назарға бұл елдің жастарының етек-жеңі келтелеу, денеге шап-шақ тігілген киімдері мен өздерінің әдептілігі, сыпайылығы ұнады. Сосын бір ұнағаны отырыстағы ойын түрлері. Бір кезде осы үйдің жас әйелі домбыраны Назардың қолына берді. Назар «ауылдың алты аузын» айтып құтылды.

Бір қасында отырған жігітке:

–  Жайық бойынан естіп келген өлеңіңді айтшы, – деді.

Сақал-мұрты енді тап беріп келе жатқан дембелше бойлы аққұба жігіт үлкен қара қобыздың екі жақ тартпасын иығына ілді

Аһа-а-а-а-ау...

Барады көшіп аулым Жем бойына,

Жарасар түрме белбеу қыз бойына.

Адайдан алдым таңдап Ақбөбекті,

Құдайым шіркеу салма маңдайыма...

Сайрап қал жастығында қызыл тілім,

Жігітке бұл да болса өнер-білім.

Ойна, күл, қатар құрбы, қапы қалмай,

Бұл дәурен баста тұрмай өтер бір күн...

Алатаудың түлкі қашар қуысынан,

Құрбыда артық едің туысымнан.

Адайдан таңдап сүйген Бөбек едің,

Дүние–ай кеттің шығып уысымнан....

Барады көшіп аулым Ақкөлмекке,

Жарасар алтын ілгек ақ көйлекке,

Жаңғақтан алып келген Ақбөбегім,

Зар болдым ақ жүзіңді бір көрмекке...<--break->

Мынау Маңғыстаудан Тұзтөбеге жеткен Қайыптың әні. Салған әнді, айтылған өлеңді табанда жаттап алып, бірден таратып жіберетін қазақтың әдеті бар. Әлгі жігіт салған әнін құйқылжытып айтатын көмейлі әнші екен. Қайыптың әнін қобызға қосқанда көбіне жіңішке тілін басып, қыздай сыңсытып жіберіп отырды. Тұмша жігітке көптің ішінен бірі:

– Ақбөбегі қайда кеткен? – деді.

– Қайып деген әнші сал жігіт байдың енді ұзатылайын деп отырған қызына ғашық болады. Ақбөбекті еліне алып қашып кетеді. Сөйтіп бірге өмір сүріп жүргенде, «жесірімізді жібермейміз» деп, айттырулы елдің адамдары артынан қуып келіп, Ақбөбекті ғашығынан тартып алып кетеді. Қайып сүйікті әйелін ол елден әлденеше алып қайтады. Сол елдің адамдары Қайыпты өлтіріп кеткен дейді.

Манадан бері жастардың ойын-тамашасын көріп, мәз болып отырған Назар әлгі жігіттің бетіне шошына қарап:

– Сен қашан естідің бұл сөзді? –деді.

– Мен кеше келдім Жайық бойынан. Сол ел айтып отыр, – деп ол Назарға мойын бұрды. «Өлтіріп кетіпті». Осы сөзді естігенде, көптің гуілі басыла қойды. Қыршын кеткен жас өмірге жаны ашыған көп біразға дейін үнсіз отырды. Назар түнімен ұйықтай алмай көрер таңды көзімен атырды. Назардың ауылдан кеткеніне айдан асқан. Елден хабарсыз жүрген ол «Қайып Ақбөбекке тағы барған, кедейлердің қолынан қаза тапты» деп ойлады. Қайып туралы ол сыр ашпаған, үй иелері де Назардың кім екенін, қайдан келе жатқандығын сұраған емес.

Қайыпты өлдіге санаған Назар елге жетуге асығып келеді. Жолда ол ойламаған ой қалған жоқ сияқты. «Қой дегенде, қоймады бейбақ бала. Бір қатын болмаса, бір қатын... Алар еді біреуін, Ойбай-ай, енді сенің орның толар ма бұл жалғанда?..  Жалғыз ғана інім-ай, шіркін, жалған өтті-ау басыңнан..».<--break->

Ауылға жуықтаған сайын Назардың бойы түршіге бастады. Әлем-жәлем ойда. Қазір аттан түседі. Ешкім үйден шықпайды. Көзінің жасы мөлтектеп, жайымен үйдің есігін ашады. Еңсесі түсе жерге қарап отырған әке көзге түседі. Есіктен Назардың басы көрінгеннен шешесі мен әйелі дауыс етіп жылайды. Үйдің іші у-шу болады да қалады... Аулына келіп, үйінің тұсына келгенде Назар түнере атынан түседі. Аттың үстіндегі екі бүйірі томпайған кілем қоржынды алып, үйдің жанына сүйеді. Енді қазыққа атын байлап келе жатыр еді, үйден Аманқыз жарқ етіп шыға келді. Күйеуін көргенде, қуанып кеткен ол ыржиып күлді. Со бойда:

– Ене, балаң келді! – деп айқайлады.

– О-о жарығым келді ме? – деді іште отырған Айсұлу. Назар әйелінің бетіне қарап, өз көзіне өзі сенбегендей аң-таң болып тұр.

– Амансыңдар ма? – деп сұрады сосын ол Аманқыздың бетінен көз айырмай тұрып.

– Аманбыз. Денің сау ма, неге түтігіп тұрсың? – деді күйеуінің реңінен шошығандай ол.

– Қайып қайда?

– Жұмысында. Бір тамды бүгін бітіретін күні, кешірек келем деп кетті.

– Ой, тоба, бәрі бекер екен ғой, – деді Назар өз-өзінен теңселе сөйлеп.

Жаз артынан қыс, қыс артынан жаз өтіп, міне үшінші жылға аяқ басты, Бегей мен Кедейдің арасындағы шырғалаң тынар емес. Дау ұзаққа созылды. Біріне бірі өшіккен екі жақтың дес берер түрі жоқ. Тобыштың бегейі мен жаңайы қару жұмсаспай, кедейдің қолындағы «жесірін» жайшылықпен алып кетпек. Ал оған қарсылас жақ «жесір менікі, бермеймін» деп қару асынып отыр. Кім жеңері белгісіз. Баста басымдық көрсетіп әдеттенгендіктен бе Есжан тобы елірудің үстінде, тіс қайрап, шықшыт жыбырлатуын қоймады.

Бүкіл Маңғыстау еліне әбден әйгілі болған Қайып пен Акбөбектің оқиғасы жайындағы қауесет бірден бірге өрбіп, жоғарыдағы Атырау еліне, төмендегі Бесқала жұртына жайылды. Қайыптың әнін сонау Еділ бойындағы қазақтар айтып жүр. Адайдың бегей руынан шыққан сегіз қырлы жігіт Қайып пен бәйімбет руынан бой жеткен Ақбөбек сынды арудың арасындағы заманына бой бермей жалыны шарпыған ғашықтық бір ғана елдің емес, дәл сол дәуірдің сырын әшкере еткендей болып еді. Бұндай оқиғаны бұл ел бұрын-соңды естімеген. Бұл өзі көне дәуірдің сілімтік қағидасына мүлдем қарсы шығып, жаңа заманды тудыруға жұмсалған тегеурінді күш сияқты еді.<--break->

Иә, қайғының қасіретін шеккен Ақбөбек жыл мен айды былай қойып, өтетін бір күнді айтпағанда, тұтқында отырып шай ішім уақытты өткізудің өзі тым ауыр еді. Нәр татпай ашығып та көрді, еті-жонынан айырылып, жүдеп-жадап та жүрді. Талай түнді жылаумен өткізгенде, өксігі басылмаған күндер де болды. Күнімен алысқа қарап зарығып аңсаумен жүрген оны түнімен жанын тырналап әурелейтін ащы ойлар ұйқы бермейтін. Сонда сарылып, сарғайып жан азабында жүргенінде оған медеу болып, өмірін жалғастыратындай бір-ақ сезім зердесінде тұратын. Ол –«құтылам, кетем, қосылам» дегендей жалғыз ғана үміт болатын. Есжан батырда сенім күшті, Ақбөбекте үміт бар. Анау көндірем дейді, мынау зорлығыңа көнбеймін дейді. Сөйтіп тайталасып, тіресіп жүргенде өмірдің үшінші жылына аяқ басты.

Бүгін сәскелікте Демесін үйіне Бозым болыс келіп түскен. Болыс жеке шықпайды, қасына шабарман нөкерін ертіп жүреді. Оған еріп келген төрт жігіт болек есікке кіріп кеткен, болыстың өзі байдың үйінде, Демесіннің жанында отыр. Бозым бұл үйге Ақбөбек туралы тіл жармауының себебі бар: қай жақ жеңеді, ертеңгі күні, соны барлап көз жеткізіп алмақ. Негізгі мақсаты: бүгін Демесіннің мойнына жүк артып кететін ойы бар. Соны ойластырып отыр. Егер оязда жеңіс Қайыптікі бола кетсе, оған бұл «ісіңді мен бітірдім» дейді, себебі одан алып қойғаны бар. Ал егер Есберген ұтып келер болса, онда Демесінге: «Айтып қойғанмын, жұмысыңды реттеген мен» дейді. Сондықтан оязға барудан бұрын бір жаққа ауып кетпей, осы күнде екі жақты да «бітірем» деп уәдемен тойдырып қою керек,

– Рұқсат болса енді біз жүрейік, – деді Бозым астан кейін іштегі айтайын деп отырғанын әлі айтқан жоқ.<--break->

– Ал, інім, бұйым-қызметіңді айт, – деді Демесін елпектеп.

– Рақмет, бұйымды кейінге қалдырайық, – болыстың өстіп сөз бұйдасын кейінге тарта сөйлейтіні бар. Аз кідірістен соң:

–Бір ауыз сөз бар, далаға шығайық, – деді малдас құрып отырған Демесіннің оң тізесіне алақанын қойып.

– Иә, құлақ сенде, – деді Демесін сыртқа шыққан соң Бозымның алдын тоса тоқтап. Осы оңашада тұрып болыс:

– Ояз шақырып жатыр, – деді.

– Тілеуі бар болғыр, үлкен жер бізді шақыра ма, – деді Демесін шоши тұрса да, сыр бермей күлімсіреген болып.

– Келіннің аты кім еді?

– Ақбөбек.

– Иә, Есберген мен Ақбөбекті ояздың ұлығы шақырып жатыр.

– Құдай–ау, неге? – деп Демесін енді шынымен сасқалақтайын деді.

– Ана бегейдің жігіті «әйелімді тартып әкетті» деп Есбергеннің үстінен шағым жазыпты. Ояз тергеу жүргізіп жатқан көрінеді.

– Енді қайтем! Ойбай-ау баламнан айырылып қалмаймын ба?

– Мен қайдан білейін, отағасы.

– Баламды жібермей, ана қатынды апарсақ қайтеді?

– Олай болмас, байеке. Екеуін де жібер. Ертең мен оязға жүрейін, алдын ала сөйлесіп қояйын, – деді болыс.

– Сөйт, қарағым, сөйт, – деп Демесін қалбалақтап қала берді.<--break->

Елу жетінші тарау

 

Қайыптың жағы азғана топ: Сабытай, Жарылғап, Назар, Қыстаубай. Бұлар салт атты. Қайыптың әкесі Қорабай баласының бұл кетісіне де риза емес, кетер кезде бір ауыз сөз айтпай, бүк түсіп отырып қалды. Шешесі Айсұлудың екі көзі бұлаудай, кешеден бері көзінің жасы тиылған жоқ. Баласы аттанып бара жатқанда, «Аман барып, сау қайт» деп боз қасқадан садақа айтып қалды. «Атады, асады» дегенді алыстан еститін бұл ел. Сондықтан ба ояз дегеннің атынан қорқады.

Найза асынған Есжан қасына өз тобырын ертіп алған. Еңбектеп жүрген жас баласын енесіне тастатып, Есжан әрі күзетші, әрі күтуші әйел Рабиғаны ала шыққан. Төрт түйеге жүк артылды, екі түйенің үстіне қалы кілем оралып, біріне Ақбөбекті, біріне Рабиғаны мінгізді. Көш келіп пристав кеңсесінің алдына қонды. Көп ұзамай кеңседен төменгі екі етегі айрық, тік жағалы қара бешпент, бұтына сыптай ақ шалбар, аяғына қара етік киген жасы ортадағы екі қазақ шығып келіп, Қайып пен Есжан тобын бос тұрған екі тас үйге жайғастырды. Кейін байқаса, бұл екі қазақ осы кеңседе істейтін тілмаштар екен.

Коңыр күзге айналған шақ. Аспанға әзір бұлт айнала қойған жоқ. Ызғарсыз шағырмақ күз. Мұнда келгендер үйлерінен сырт киімін ала шыққан, бірақ оны кимей, жеңіл киімдерімен жүр. Бүгін жиынның басталатын күні. Екі жақ та дегбірсіз. Ен даланы иемденіп еркін өскен адамдар бүгін басқа бір дүниенің есігін ашқандай сезімде еді. Жүректері суылдап қорқып жүргендері бар. Мұның ішінде орыс дегенді әлі көрмегендері де жүр. Есжан бұрын көтеріліп қалған кеудесін әлі де көтеріп ұстағысы келеді, бірақ назары  сынық, мұрты жығылып тұр. Кешеден бері тілден қалған.

Тас үйлерінен шығып, бір-біріне әлі кездеспеген екі топ кеңсеге қарай беттей берді. Олар қатарласа берді, сәлемдескен жоқ. Осы кезде Ақбөбек топтан бөліне Қайыпқа қарай жүгірді. Қайып құшағын жазды. Ақбөбек жүгіріп барып оның құшағына кірді. Қайып Ақбөбектің бетінен сүйіп, біразға дейін жібермей тұрып қалды. Назар ұялғанынан теріс айналып кетті. Жасы үлкен Сабытай жымиып төмен қарады. Жарылғап ырқылдап күлді. Келіп Ақбөбекті Қайыппен қоса құшақтады.<--break->

Есберген бозарып тұра берді. Есжан иықтарын қимылдатып түтігіп кетті.

- Әкеңнің аузын... Былтыр өлтіріп-ақ кетпеген екенмін... - деп тістеніп тұр.

Ақбөбек тым ширақ күлімдеп Қайыппен бірге келеді. Қайып пен Ақбөбектің елдің ескі дәстүрінде жоқ қылықты көрсеткеніне Есжанның іші бір түрлі болып кетіп еді. Екеуі де басқа бір дүниеден келген сиқырлы бірдемелер сияқты көрінді.

Егестің бірінші күні пристав кеңсесінің сырты қызыл, іші аппақ. Жергілікті халық бұл жерді «ояз» деп атай береді. Дала елінен келгендер үйдің ішіндегі көрініске таң қалысып тұр. Кеңсенің екі бетінде де самсаған терезе, бәрі де темір құрсаулы. Көшелі кең бөлменің ортасына ұзын қара стол, оның екі жағына қатарынан арқалы орындықтар қойылған. Төрде төбесіне дейін шашы жоқ тақыр бас, сақал-мұртының орны да типыл жылтыр, көк көзді ақ селеу реңдес егде тартқан кісі көз әйнегін қолына ұстап түрегеп тұр. Оның төңірегінде сол реңдес бірнеше ақсары адамдар әлгінің ауыз ашуын күтіп, бетіне қарай телміріп отыр. Бүгін Қайыптың шағымы бойынша іс қаралып жатыр. Осы жиынға приставтың таңдап қойған тілмәші шалбар руынан Бостан мырза болды. Ол өзі сақал-мұрты қырулы орыс шенеуніктерінше киінген, көптен күнге шықпай, бозғылт тартқан орта жастағы адам. Ол жоғарғы топтың арасында емес, төменіректе столдың шетінде қос шынтағын таяп отыр. Ораз тілмәш төрдегі жиынды басқарып тұрған адамның жанына жайғасқан. Көзге түскісі келмеген болар, ол бұл жолы Сабытаймен амандасқан да жоқ, араласқан да жоқ.

Есік жақта Есбергеннің тобы мен, Қайыптың тобы екі бөлек, екеуі екі бұрышта тұр. Екі топтың аралығында екі әйел: Ақбөбек пен Рабиға. Бірден көзге түсетін жерге біріне бірі иін тірестіре тұрыпты. Ұлықтар ұзыннан созылған көшелі кең бөлменің түпкі шетіндегі көкіректен келердей биіктікте соғылған теп-тегіс жылтыр еденнің үстіне көлденең қойылған ұзын қоңыр столдың арғы бетінен жағалай орын алып, беттерін төмендегі сонау есік жаққа қаратып отырысқан.<--break->

Тілмәш бөлменің орта тұс шетіне қойылған қара столды бір өзі иемденіп алған. Ауылдан келгендер сол есік беттегі бірінен кейін бірі қатар қойылған арқасыз орындықтарға отырыса берді. Көбі үйреніспеген орындықтарға таңырқай қарай ма әзірге отыра кетпей, тікесінен тік тұр. Әлгі бір әзірде Бостан тілмәш төрде отырғандардың алдына көтеріліп барып, бәріне естірте:

- Ана даулы келіншек байдың қызы, байдың келіні, ана қасындағы соның күтушісі. Анау соның алатын күйеуі, ол да байдың ұлы. Оның арт жағында тұрған кеуделі зор жігіт соның қызметшісі, күтушісі, - деп қол шошайта көрсетіп Рабиға мен Тілесті таныстырып өткен. «Күтуші» дегенді өз елінің тәртібіне сай келген соң ұлықтар теріс көрген жоқ, «мейлі тұра берсін» дегендей ишарат жасап бас изеген болатын.

Төрде отырған қасқа бас орнынан тұрып, көзілдірігін көзінен алып, стол үстіне қойды да:

- Құрметті халайық,- деді бір қалыпты дауыспен, - Ақ патшаның атымен мәжілісімізді ашық деп жариялаймын. Жиналыс жабық түрде емес, ашық түрде өткізіледі. Айтып қояйын, мәжіліске қатысқан мырзалар, айымдар ең бірінші тәртіп сақтауға міндетті. Мұндай жиында тәртіп бұзған адамға жаза қолданылады. Айыпкерді де, айыптаушыны да қатты ескертемін, олар берілген сауалға өтірік қоспай, дәл жауап берулері ләзім. Егер жалтара сөйлейтін болса, ол кісі де жауапты, жаза тартады. Жауап беретіндерден осыны талап етемін.

Тілмәш ұлықтың айтқанын тұрғандарға қазақшалап түсіндіріп берді.

Одан кейін ұлық отырып:

- Біз бүгін ояздың атына түскен Қорабай ұлы Қайыптың шағымын қараймыз. Шағым иесі Қайып айыптаушы болады. Шағымда екі адамның аты көрсетілген - бірі Демесін ұлы Есберген, екіншісі Есжан қызы Ақбөбек. Сонда Есберген «айыпкер», ал Ақбөбек «жәбірленуші» болып саналады.<--break->

Бостан бұл сөзді де егжейлеп түсіндірді.

- Айыптаушы кім?

- Мен, - деді Қайып.

- Айыпкер кім?

- Мен, - деп Есберген тұттыға жаздап даусы қарлыға үн қатты.

- Жәбірленуші кім?

- Мен болам, - деді Ақбөбек жіңішке үнін ширақ шығарып.

- Үшеуің де берірек қатарласып тұрыңдар.

Қарулы екі солдат есік аузында қалды. Енді екі солдат қарсылас екі топтың аралығына келіп, тағы бір солдат Есберген мен Қайыптың арт жағына барып тұрды. Сескенерлік жағдай. Ауылдан келгендерге төрде отырғандар тым сұсты көрінеді. Ұшқан шыбынның ызыңы білінетіндей кеңсенің іші тып-тыныш.

- Қане, шағым жазған айыптаушы Қорабай ұлы Қайып, сөзді саған берем, айт.

- Мен Есжан қызы Ақбөбекке сүйіп, қосылғанмын. Онымен бір жыл отастым, әйелім екі қабат еді. Мына Есбергеннің адамдары келіп, әйелімді тартып әкетті. Ай-күніне жетіп отырған әйелім, жолда босанған болатын. Сол баламды бұлар өлтіріп тастады.<--break->

– Балаңды өлтірді ме?

– Иә, баламды өлтірді.

– Тағылық қой мынау! – деп шошына сөйледі ұлық. Енді Есбергенге қарап ол:

– Демесін ұлы Есберген, жауап бер. Әйелін тартып әкеткенің рас па?

– Рас.

– Қайыптың баласын өлтіргенің рас па?

– Рас.

– Өз қолыңмен өлтірдің бе?

– Жоқ...

– Кім сонда?

Есберген көзін жыпылықтатып, «сен айтшы» дегендей артында тұрған Тілеске қарап қалып еді.

– Әй, атыңды айт, баланы өлтірген сен бе? – деп ұлық Тілеске қарай қол шошайтты.

– Атым Тілес. Өлтірген мен емес...

– Кім өлтірді, шыныңды айт!

– Ана Есжан, – деді Тілес.

– Есжан қайсың, бері шық! Есжан бір қадам алға жылжыды.

– Сенбісің өлтірген?

– Менмін.

– Жас сәбиді өлтіруге қалай колың барды?  Хайуандық, хайуандық! – дел ұлық басын шайқады. Төрде отырғандардың бәрі де Есжанға ала көздерімен ата қарап еді.

– Қайып, сенің тағы айтарың бар ма?

– Бар. Осы Есжан менің қос табанымды тіліп, жарама тұз құйып кетті. Онымен қоймай шаңырағын ортаға түсіріп, үйімді құлатып кетті.

– Айта бер.<--break->

– Осылардың колынан әйелімді екі рет алып қаштым. Екеуінде де осы Есжан қуып жетіп, мені қатты жарақаттап, мертіктіріп кеткен болатын.

– Қалай?

– Бірінде шабыма бұтаның сояуын тығып, кеткен. Содан орнымнан тұра алмай алты ай жаттым. Екіншісіндегі жарам мынау, – Қайып бешпентінің өңірін ағытып, көйлегінің жағасын ашты да, мойнынан төмен қарайғы жараның тыртығын көрсетті. – Осы соққыдан кейін де бес ай төсекте жаттым...

– Қуығымды жараладым деген жеріне түсінбедім, – қайта айтшы,– деп еді ұлық, жанында отырған Ораз еңкейіп ұлықтын құлағына сыбырлады. Сосын барып ұлық Бостанға сөйлетпей қолын көтерді.

– Қандай сұмдық! Бұдан артық тағылық бар ма? Сен сотталасың, Есжан! Абақтыға жабам сені! – деп ұлық орнынан бір тұрып, бір отырды.

Төрдегілер бүгін түскі тамаққа бармайтын болып, өзара келісті.

– Сөзді жәбірленуші Ақбөбек Есжан қызына берем, – деді мәжілісті басқарушы.

– Күйеуім Қайып шындықтың бәрін айтты, – деп бастады Ақбөбек алға қарай бір қадам жылжып тұрып, – мына Есжан сұмырай бауырымдағы баламды өлтірген жендет! Қойнымдағы күйеуімнен ажыратқан жауыз! Мені мына Есбергеннің үйіне тұтқында ұстап отырған да осы Есжан! Бұндай ауыздықсыз асаудың тізгінін тартатын кім бар?

– Біз бар, біз, – деді ұлық қолындағы коңырауды сылдырлатып.

– Біз дінге бағынатын, дін жолындағы елміз... Солай бола тұрса да, қазақта дінге жатпайтын бір жаман әдет бар.<--break->

– Қандай әдет? Соны айтшы, – деп ұлық селт еткендей қабақ көтерді.

– Бесікте жатқан нәресте қызға құда түсіп, бесіктегі балаға атастырып қояды. Кәмелетке жеткен соң екеуін ерлі-зайыпты ғып қосады. Шариғатқа жатпайтын бұл әдетті шығарып жүрген көбіне дүниелі бай адамдар.

– Егер екі жас бірін-бірі ұнатпаса? – деп қалды төр жақтан біреу.

– Көнсе қолынан, көнбесе жолынан демекші, зорлап қосады.

– Өз жағдайың нешік, соған тоқта.

– Мен қазақтың дін жолына жатпайтын жаман әдетіне қарсы шыққан әйелмін.

– Айттырған жерге бармадым, өзімнің сүйген жігітім мына Қайыппен кеттім.

– Дін мен қазақтың әдетінің бір-біріне қайшылығын сен қайдан білесің?

– Білетінім, мені Есжан Қайыптан ажыратып әкелді. Бірнеше күннен кейін менімен Есбергенді ауылдағы қажы сексен жастағы молдаға апарды. Маған зорлап неке қидырмақшы еді. Молда Есберген екеумізді отырғызып қойып, әуелі менен:

– Мына жігітті қалап келдің бе? Неке қиюға разымысың? – деді.

Мен: – жоқ, разы емеспін. Менің сүйіп қосылған, некелескен адамым бар ,– дедім.

– Шариғатқа сүймеген адамына неке қиюға болмайды, – деп молда бізді қайтарып жіберді,– деді Ақбөбек шешіле еркін сөйлеп. Ол баста «жылап жіберем бе» деп қорқып еді, босамады, ызалы сезім қайта оның бойын бекітіп кетіп еді.

– Просто красавица бедная девушка, – дейді үзіліске шығып бара жатқан төр басындағылар біріне бірі күбірлеп. Үзілістен кейін жиын жалғасты.<--break->

– Есберген Демесінұлы, сөз саған берілді.

– Мен...мен... Ақбөбек менің айттырулы қалыңдығым. Сүйсем де, сүймесем де соны алуым керек.

– Сүймеген қызды ала ма жігіт?

– Біздің елдің тәртібі сол.

– Біреудің әйелін тартып әкеткенің дұрыс па?

– Дұрыс-бұрысын білмеймін. Өзімнің жесірім болған соң...

– Ақбөбек саған бармаймын деп тұр ғой.

– Мейлі, бармаса, алмаймын, барса, алам..

Жиынның жалғасы ертеңге қалдырылды. Пристав мүшелері өзара кеңеске отырды. Төрағасы: – Жауапқа қайсысын тартамыз: барғанды ма, жібергенді ме? – деп төңірегіндегілерге көз тастады.

– Екеуін де: Есжанды да, Есбергенді де.

– Қой, біреуін айыптайық.

– Екеуін де.

– Есбергенде кінә жоқтың қасы. Қасарысы жоқ, екі жаққа да көніп тұрған жігіт қой өзі. Айып тарттырсақ та жетер оған. Ал, Есжан, ол қауіпті адам. Шет жердегі дұшпан емес, өз елінің адамына осынша қастандық жасағаны кешірілмейтін қылмыс. Жауапқа соны тартамыз.<--break->

– Ақбөбек Қайыптікі, екеуін қосамыз.

– Дұрыс...

– Мендегі ұсыныс, – деді ең соңынан сөйлеген Ораз, – жергілікті жағдайды есепке алғанымыз жөн. Қайыпқа Ақбөбекті қайта қосуымыз Есбергенге де, Есжанға да тарттырған жаза болып табылады. Бұл бір жағы. Екінші, Есберген белгілі байдың баласы, Есжан болса байдың арқа сүйер белді адамы. Екеуі де аман қалсын.

– Жарар, жағдайға қарап көреміз, – деп тарқасып еді бұлар. Ораз сол күні кешке Қайып пен Есбергенді шақырып алды.

Мақсаты екі жігітті өзара жарастыру, арадағы ортақ мәселеге келісім жасау еді.

– Егер қатерін тіксе, Есжан екеуіңді жазаға тартатын түрі бар, – деді Ораз.

– Есжанды қамауға алам деді ғой, – деп Есбергеннің өңі қашып отырды.

– Саған да үлкен айып төлетпекші.

– Онда бүкіл елге масқара болатын болдық. Бәрінің жаманаты әкеме түседі.

– Жағдай ауыр. Одан кейін ел арасына қобалжу түсуі мүмкін, – деді Ораз.

– Ел арасында жүрген адамсың, аға. Осы жерден біздің аман кетуімізге жол тап, – деді Есберген елпектей сөйлеп.

– Меніңше бір-ақ амалы бар сияқты, – деді Ораз ойланып отырып. – Ашық түрде айтып, Ақбөбекті еркіне жіберіңдер. Дауды шиеленістірмесеңдер, мен оязға айтып көрейін.<--break->

– Жарайды, аға. Мен Ақбөбектің басын бүгін босатам, – деп Есберген орнынан ұшып тұрды. Оған ауыр-жеңілі жоқ, ол осы жерден бәлеге шалдықпай, еліне аман кетсе болды. Ояздың қысымын байқаған ол енді дүние танымын өзгертпейін деген сияқты.

– Сен қалайсың, Қайып? Осы уәдеге тұрасың ба? – деп сұрады Ораз оған қарап.

– Не айтам. Ақбөбегім қолыма түссе, болды деймін де, – деді Қайып.

– Олай болса, Есберген, саған қояр шарт: бүгін түнде Ақбөбекті Қайыпқа жіберіп жолықтыр.

– Жақсы.

– Қане қол алысыңдар. Көңілдің кірі қалмасын. Екі жігіт қол алысты.

Түн түскен. Ай қараңғы. Ызғарсыз қоңыр салқын. Есберген Ақбөбек пен Рабиғаны сыртқа алып шықты. – Ақбөбек, – деді ол Қайыптың жатқан үйіне барар жолда, – бар, Қайыбыңа бар. Жолық, сөйлес, мауқыңды бас. Рабиға, сен қайтарда алып қайт. Түнеуін осында түнейсіңдер.

Екі келіншек кете берді, Есберген қалды.

Екінші күнгі кеңес. Сәске кезінде айыптаушы Қайыптың тобы мен айыпкер Есжан жақтың кешегі кеңсеге қарай аралары жақын қатарласып келе жатты. Ояздың ұлықтары арғы беттен келіп, кеңсеге кіріп кетті. Есжан жақтың жігіттері тым жұпыны, ауылда не ойлағанын кім білсін, үйдегі шаруа киімдерімен шыға салған екен, тек Есжан мен Есберген ғана нағыз байдың адамдарынша асыл киімдерімен жасанып келіпті. Басы Есжан болып бұл жақтың кешегі үрейі әлі басылмаған сияқты.<--break->

Өз-өздерінен жабырқау тартып, жүдеу пішінде тұрғаны байқалады.

Қайыптың жігіттері бүгін мүлдем басқаша түрленген. Елге некен-саяқ көріне бастаған жаңа пішімде қара сүріктен тігілген орыс етік киіп шығыпты. Қайып пен Жарылғап қара мақпал бешпенттің үстіне ақ тайлақтың жүнінен тоқылған жағасы мен өңірі қызыл мауытпен сырылған астарлы ақ шапан киіп алған. Жарылғаптың сәл жуандығы болмаса, екеуінің бойы бірдей.

Ақбөбек кешегі киімінде, бірақ бүгін алтын алақанды шығыршығы мен қоңыраулы шашбауын тағып келіпті.

Ақбөбек пен Рабиға кешегі жерінде қара столдың шетіне таяу тұр. Қайып өз тобынан бөлініп, Ақбөбектің оң жағына барып тұрды. Одан кейін Ақбөбекпен қатар тұрған Рабиғаның сол жағына жақындады.

Еркін тұрған қос келіншек біріне бірі көз қиығын тастап, болар-болмас жымияды. Сыры бір жас келіншектер әлі буы басыла қоймаған өткен түннің қызығын еске алып тұр ма, көңілді жүздерін құбылтады.

Рабиға түнде өз бөлмесінде түнеп, Ақбөбекті Қайыптың қасынан таң алдында алып шыққан еді.

Бұрын қазақ арасына шықпаған ұлықтар бар, әсіресе солардың назары Ақбөбекте. Еркектің көзі әуелі әйелдің ажарынан кейін мықынына түседі. Ұлттық киімдердің ішінде әйелдің ішінде пішім-тұрқын байқататыны қынамасы келіскен бешпент. Ал сұлудың көркін келістіре түсетін зергерлік бұйым құлақтағы шығыршық болса керек. Ұлықтардың көбі Ақбөбектен көз айырмай отыр. Ақбөбектің ажар-көркін, келіскен келбетін үстіндегі қызыл мақпал бешпент пен құлақтағы алтын шығыршық бұрынғыдан да ашып, көптің көзіне кәдімгі перизаттай көрсетіп тұрған тәрізді.<--break->

– Анау не? – деп сұрады жиналысты басқарып отырған кешегі қасқа бас есік жаққа одырая қарап. – Найза,– деді солдаттың біреуі.

– Қане тез әкетіңдер найзаларыңды! Бізді қорғамай-ақ қойыңдар, өз қаруымыз жетеді, – деп даусын көтерді ұлық.

Шүрен жеті найзаны сыртқа алып шығып кетті. Төрдегілер түксиіп қалып еді.

Мәжіліс қызу жүріп жатыр. Төрде отырғандардың ішінде аузын баққаны тек Ораз ғана. Ұлықтар кезек-кезек сауал беріп, күнімен Есжан мен Есбергеннің сілесін қатырды. Қуғыншы болып барған Тілеспен ұлықтар көп сөйлесті. Ол Есжанның Ақбөбектің баласын қалай өлтіргені жайлы сөйледі. Ақбөбекті немен және жолда қалай әкелгенін сұрады.

– Есжан ұрды ма Ақбөбекті?

– Ұрған жоқ, бірақ шашынан тартып сүйрегені рас, – деді Қапаш.

– Ужас!..

– Ақбөбек, неше күн жүрдіңдер жолда?

– Үш күн жүрдік, екі рет түнедік.

– Сен жүкті ме едің сонда?<--break->

– Екі қабат отырғанмын. Есжан аттың артына мінгізіп, түсіп қашпасын деп мені біреудің беліне таңып тастады. Түнде жаңбыр құйып нөсерлетіп тұрған, жалаң қабат бешпенттен су өтіп кетті. Түнімен жүріп, таң атқанда бұлар аттан түсті. Түскен жеріміз бір зираттың басы екен, мен толғаттым. Жаңбыр әлі басылмаған. Содан жаным қысылып бара жатқан соң орнымнан тұрып, мазардың шетіне бардым. Сол жерде босанып, баламды жаулығыма орағанымды білем, со жерде есімнен танып жығылыппын. Баламның жерге жылап түскені де есімде. Көзімді ашсам, моланың үстіне салынған күмбезді тамның ішінде жатырмын. Содан кейін сол баланы мен көрмедім. Қуғыншылардың айтуына қарағанда, Есжан құндақтаулы баланы теуіп өлтіріп, көрдің тесігіне тығып кетіпті.

– Қандай қаталдық! Ақбөбекті күмбезді тамның ішіне әкелген кім?

– Талып жатқан жерінен тамның ішіне кіргізген мен, жаңбырдан қашырдым, – деді Тілес.

– Баласы сол жерде ме еді сонда?

– Сол жерде жылап жатқан, мен екеуін көтеріп әкете алмағанмын.

– Сосын?

– Сосын баланың жатқанын Есжанға айттым. Бұл барып баланың үнін өшіріп келді.

– Нағыз жендет!

Ашуға булығып қызара бөртіп тұрған Есжан ілгері бір басып:

– Әй, тілмәш, жақсылап түсіндір анауыңа, – деді, – өзгені өлтірсем, құн төлеймін, өз баламды елтірсем, оған құн жоқ. Өлген бала мына тұрған Есбергендікі, – деді.

– Қалай Есбергендікі болады ол бала, – деп ұлық орнынан тұрып кетті.<--break->

– Бала менікі, – деді Қайып.

– Есберген, сенің балаң ба? – деп сұрады ұлық.

– Менікі емес, Қайыптың баласы, – деді Есберген.

– Қайып алып кетпестен бұрын Есберген қалыңдығы Ақбөбекке ұрын барған, сонда бітіп қалған бала ол, – деп Есжан даусын көтере сөйледі.

– Солай де... – ұлықтар біріне бірі қарасып аңтарылып қалып еді, Ораз орнынан тұрып:

– Есберген, сен айтшы, сол ұрын барған күні шымылдық құрып жаттыңдар ма, сол жерін айтшы, – деді.

– Жоқ, Ол күні Ақбөбек менімен тілдескен де емес, – деп Есберген шынын айтты.

– Не сандырақтап тұрсың! Кімдікі екендігін баланы тапқан шешесі айтып тұрғанда, далада жүрген сенікі не? – деп ұлық Есжанға ұрысып тастады.

– Әй, тілмәш, жақсылап түсіндір, – деді Есжан қабағы түксиіп, – мені атып жіберетін болса да айтам! Біздің қазақтың өз заңы, өз салты бар. Айттырып қойған жесірін басқа біреудің алып кетуге қақы жоқ. Сондықтан мен Қайыппен қандасып жүрмін! Осыдан мәселені Қайыптың пайдасына шешетін болсаңдар бар ғой, онда ешкімнің мәртебесіне қарамаймын, ұлықтарға да бір зауал!<--break->

– О-һо, мынау не деп тұр?! Патшаның оязын қорқытайын деді ме. Апар, қама! – деп қасқа бас орнынан ұшып тұра келді.

Екі солдат жақындап келіп, Есжанның қолын тартты. Ол қарсылық жоқ, солдаттарға еріп кете берді.

Есжан қамауға алынып, арт жағы шиеленісіп бара жатқан соң, ұлық жиналысты жапты. Жұрт дүркіреп далаға шықты. Есберген жыларманға келіп, өңі кетіп тұр. Кешегі Оразбен жасалған келісімді ол батылы барып айта алмаған. Ол басына құрық түспей тұла бойы асаулыққа піскен адам, бүгінгі қылығына қарағанда, Есбергеннің дегеніне көнбес те еді. Бірақ Есберген ондай ойға кеткен жоқ, Есжанның қамауға алынғанына қиналып тұр. Енді елге не деп барады, содан қорқатын тәрізді.

Толқу басым. Есжан жақтың тобы жатар жерлеріне бара алмай, сыртта сенделіп жүр. Топтың көзі Есбергенде, ендігі сүйенері сол болған соң, содан бір ишарат күткендей. Ол көзі жасаурап, мұрнын тарта береді.

Ояздың приставы Есжанның оңайлықпен алдырмайтын жау екендігін енді сезді. Ол тек қана өркөкірек содыр ғана адам емес, сонымен бірге тағылығы, жауыздығы басым пенде екендігін кешегі талқының үстінде-ақ байқаған.

Оразға жиналыстың жабық түрде емес, ашық түрде өткізілуі о баста-ақ ұнамаған. Жабық мәжіліске Қайып, Есберген, Ақбөбек қана қатысқан болар еді. Онда мәселе оңай шешілер жағдайда өтілері анық болатын.

Бүгінгі Есжанның қамауға алынғанына Ораз енді көңілденіп отыр. Ол абақтыдан шықпай тұрғанда, жиналыстың шешімі қабылданса екен деп тілейді.<--break->

Тартыстың тақалған жерін анық сезген тілмәш Бостан шайдан кейін үйінде отыра алмады. Сөйлегенде, көзінің алды ойнап тұратын таңқы мұрын, жалпақ бет тапалтақ бойы бар, шегір көз, сары кісі. Ояздағы жұмысқа көптен бері араласып жүр. Реті келген жерде жемсауы кең, түйені түгімен жұтатындардың бірі. Есжанды алып кеткеніне бұл қуанып қалған: енді араға түсіп қимылдайтын тұс осы. Бостан төрағасы ұлықтың үйіне барды.

– Маңғыстау қазақтарының сыры маған белгілі, – деп бастады ол сөзін, – бұл елдің сары даланың кеңістігіндей ақ пейілділігімен қоса ұсақ-түйекті көңілге алмай кете беретін және сәл нәрсеге иланатын аңқаулығы бар. Ал қасарысқан жерінен қан алам дейтін қайсар мінезін айтпауға болмайды. Өткен патшаларымыз Маңғыстау елінің сол қасиетін ертеден білсе керек, мәселен сонау Екатерина заманынан бері қарай бұл елді үркітіп алмау мақсаты мен әрбір шығарылған жарлықтың орындалуын үш жыл бойына талап етпеген.

– Аһа, – деп ұлық басын сипады.

– Мәртебелі мырза, – деп Бостан сөзін жалғастырды, – марқұм Рукиннің уақиғасын, оның ажалының қалай жеткенін сіз жақсы білесіз... полковник Рукин қандай жақсы адам еді...

– Білем, білем, – деп ұлық Бостанға қарады.

– Мәртебелі мырза, мен сізге адал ақ жүрегіммен берілген адаммын. Кектесер болса, бұл халық өзге түгіл өзін де аямайды, «қазақтан орыс оқуына бала берем» деген бір ауыз сөзі үшін еліміздің беделді биі Бәйменбетті өлтірді бұлар.

– Хабарым бар. Ол жайында жазылған қағаздар ояздың архивінде жатыр, – деді ой үстінде отырған ұлық.<--break->

– «Қазақтың өз заңы өзіне жетеді» деген кешегі Есжанның сөзінде жан бар. Баласын үйлендіру, қызын тұрмысқа шығару тәртібін өздері шеше береді. Сіздің, біздің міндетіміз қазақтардың ішкі салт-дәстүріне араласа бермей, тек сыртқы саясатын бақылап тұру емес пе? Ел көтерілмесе, патшамызға қарсы шықпаса болды ғой бізге.

– Әрине?

– Есжан еліне беделді үлкен тұлға. Есберген байдың мұрагері – жалғыз ұл. Осы жағын назарға алсақ қайтеді?

– Ойланып көрейік.

– Ісіміз бір жақты болмасын десеңіз, Есжанды босатып, ертеңгі жиынға қатыстырасыз.

– Солай етеміз бе?

– Өзіңіз біліңіз, мәртебеңізге құлдық, – деп Бостан орнынан тұрды.

Ұлық Бостанды ертіп барып, алдында тұрған солдатқа Есжан отырған кішкентай бөлменің есігін ашқызды.

– Ағасы, босадың. Жатқан үйіңе бара бер, – деді Бостан. Есжан үндеген жоқ, кетіп барады, «құдай жарылқады ғой, бұл қалай?» дейді ішінен ол.

Бостан Есжанды апарып, үйінен шай беріп отыр. Ел арасында дау-шардың талайын көріп жүрген жырынды әккі Бостан Есжанның бетіне бірнеше рет көз тастап еді. Мінезі шәлкес болғанмен, мұндай жерде оның иге көнгіш, айтқанға құлай кететінін сезді.<--break->

– Құрысын, орыстың мойны қатты болады. Үстіңен іс қозғап, алыстағы абақтыға айдамақ. Ой ит-ай, – деп қабағын тыржитқан болды Бостан.

– Тәңір жарылқасын, – деді Есжан.

– Байдың оң қолысың ғой, Демесінге айтып қоярсың.

– Айтқанда қандай. Сый-сияпаң дайын.

– Мынаның жолы бөлек. Ал ертеңгіні ашық айта алмаймын, бірақ барымша әрекет жасаймын. Оңына оралса, оның кәдесі мүлдем басқаша болар, еске тұтқайсың.

– Аллам жар болсын. Бәріне түсініп отырмын. Болғанда қандай.

Кетерінде Есжанға бойға жел беріп есіртетін бір сөз айтты Бостан.

– Сен, – деді ол, – бұдан былай жаза тартам екен деп қорқушы болмағайсың. Ертең де аянбай сөйлеп қал. Қатты тұрмасаң, жесірден айырылып қалуларың мүмкін. Батыр адамсың, қару көтерем деп бәлеге қалып жүрме. Ал сөзге келгенде, қасарысып бақсаң болды.

Есбергенде зәре жоқ, аса қорқынышты. Шатыламыз, жаза тартамыз деген ой көкірегін жайлап болған. Ақбөбектің Қайыптың әйелі екендігі белгілі, мына жанжал соның кесірі. Оның бүйрек бұрардай қай қылығы бар? Одан тезірек құтылғысы да келіп жүр оның.

Есжан екі ойлы. Бүгін тоқ етері болатын күн. «Орысқа сеніп бола ма?» дейді ішінен. Бостанның айтуына қарағанда бұның бұл жерден шатылмай аман кететін түрі бар. «Аянба» деген Бостанның сөзі бір жағынан мұның бойын желдендіріп болған. «Жығылсаң, нардан жығыл» дейтін күн бүгін.<--break->

Келгелі Ақбөбектің тізгіні түрулі. Түнімен Қайыптың қасында болады. Екі күннен бергі күндізгі өткен мәжілістің ыңғайын байқайды, көптің көзі де, сөзі де Қайып пен Ақбөбектің жағында. Күндегідей сәскелік кезі. Бүгін жұрт сырт киімдерін киіп алған. Таң алдынан бері қарай ызғырық. Аспанға қара бұлт айналыпты, бара-бара қалыңдап, тұтасып бара жатыр.

– Құдайдың күні түнеріп тұр ғой, – деді Рабиға кеңсеге келе жатқан жолда.

– Уақыты келді ғой, қашанғы тұрсын, – деп Ақбөбек әуеге қарады.

– И-и-и қашан кетем. Көшімді сағынып кеттім, – деді Рабиға суықтан тітіркенген денесімен жұлқынғандай болып. Демесін оның көште туған баласының атын «Көшім» деп қойған.

– Асықпа, Көшіміңе жетерсің. Мені жөнелтіп сал аулыма. Сосын... – деді Ақбөбек.

Әсіресе кешеден бері Қайыптың сенімі күшейген еді. Жарылғапты оңаша шығарып алып ол: – ауылдан не түйе, не ат жетектеп келмегеніміз әнтек болған, Ақбөбекті немен әкетеміз, – деді.

– Ол жағына қам жеме. Осы жерден бір атты не майына мінеміз, не ақшаға сатып алып кетеміз, – деп Жарылғап Қайыптың иығынан түртті.

Бүгін оязға түскен шағымды талқылаудың үшінші күні. Өткен екі күннің сұрау-жауабында Қайып пен Ақбөбектің дәлелдемесі басым келіп, көптің көңілі сол жаққа ауып кетіп еді. Соның салдарынан Есжан қамалып шықты. Бүгін шешім қабылданатын күн. Оны Қайып пен Ақбөбек өздерінше сеніммен күтеді, ал Есжан жақ дүдамал ойда. Жиынның немен тарқары белгісіз бұларға.

Жиналыс басталарда төрдегі ұлықтар тым-тырыс болып, үнсіз отырған. Олар төмендегілерге қанын ішіне тартып, сұрғайып отырғандай болып көрінеді.<--break->

Ораз бірінші күні-ақ ойға алғанын орындаған. Ораз екі жігітті жарастырғанда Есберген Қайыпқа Ақбөбекті қайтаратын болып, уәде берген болатын. Кеше Есжанды қамауға алып кеткен кез Есберген жақтың мәселесінің тұйыққа тірелген тұсы еді. Нақ сол шақта Есбергсн ұлықтардың алдында «мен Ақбөбекті алудан бас тартам, Қайыпқа бара берсін» деп шыға келгенде, орынды болатын. Жігері жетпеді ме ол оны айтпай кетті. Ораздың екі көзі бүгін де Есбергенде. Бұрын үйленбеген байдың жалғызы біреудің әйелін тартып әкетуге намыстанар деген ойда отыр Ораз.

Ораз бен Есбергеннің арасында болған сөзді Есжан да, Бостан да білмейді. Бостан мен Есжанның әңгімелескенін де Ораз сезбеген.

– Шағым беруші Қайып Қорабайұлы, қыздың ата-анасына қалың мал беру қазақтың рәсімінде бар. Сіз Ақбөбек үшін қалың мал төледіңіз бе?

– Бергенім жоқ, – деді Қайып сәл кідірісінен кейін.

– Еһе, оныңыз қалай? Әкесін ренжітіпсіз, бірінші дұшпан сол болмасын сізге?

– Әрине, – деп Есжан ұлықтың сөзін аузынан жұлып алғандай, – Қайып дегенің кім өзі? Ауыл аралап, жамау жамап жүрген жалаң аяқ тақыр кедей! Сіңірі шыққан қу табан қалың малды қайдан тапсын.

– Тоқтаңыз, сізге сөз берілген жоқ, – деп ескертті ұлық Есжанды, – Қайып, қызын қалың малсыз алып кеткеннен кейін сіз оның әке-шешесімен ризаластыңыз ба?

– Егер менің алып кетуіме қарсы болғанда, қыздың елі артынша қуып келіп, адамын қайтарып әкеткен болар еді ғой.

– Сандалама! Өтірік айтып тұрғаны! Бұл ұры! Бұл қарақшы! Қызды үйінен ұрлап әкеткен! – деп Есжан тағы киліге сөйледі. – Ақбөбектің әкесі Адайдың атақты байы болса, осындай тексіз жұлмырға үкі тартқан аруын тегіннен тегін ат көтіне мінгізіп жібере сала ма?

– Сізге сөз бергенім жоқ, – деп еді ұлық, ашуға булыққан Есжан кідіртпестен өз сөзін жалғай берді. – Қыз бесікте жатқанында айттырылған. Ақбөбектің қалың малын мына Есбергеннің әкесі Демесін бай, он жеті жыл бойына төлеп келді. Қыз енді ұзатылайын деп отырғанда, Қайып қарақшы ұрлап алып қашып кетті. Қазақ қызын малша жетектетіп жібермейді, дүние-жасаумен ұзатады. Жүз қара, жүз жағамен ұзатылайын деп отырған қыз еді бұл. Қос отауы тағы бар.<--break->

– Осы рас па? – деп сұрады ұлық Қайыптан

– Рас, – деп қалды ол бұлтара алмай.

Бүгін жиынды басқарып отырған ұлық жанындағыларға сөз бермей, тек өзі ғана сөйлеп отыр. Ол кешегі Бостанның сөзінен соң оңаша отырып, көп ойланған. Бүгінгі Есжанның да айтып тұрғаны қоспасыз, шындыққа жатады. «Жалаң аяқ кедей», «Қарақшы», «Байдың баласы», «Байдың қызы»...

– Қос отау, жүз қара, жүз жағамен қыз ұзататын адамның қалың малға алғаны одан көп қой, әрине, – деді Ұлық «сен сөйле» дегендей Есжанға қарап.

– Айтып тұмын, келін түсіретін құда он жеті жылдың қарауында сол қыздың қалыңын өтеп келген, – деді Есжан.

– Есжан сізге бір сұрау: Қайыпқа тұла бойына жара салып қорлық көрсетуіңіздің себебіне тоқталыңыз, соныңыз адамгершілікке жата ма? — деп сұрады Ұлық.

– Адамгершілікке жатады. Біздің қазақта адам қамайтын абақты жоқ. Қайып бұзақылық жасаған тентек жігіт. Оны жөнге жүргізу үшін оған күш жұмсау керек емес пе, – деп Есжан жұдырығын көтерді.

– Болды! Енді сөйлеме! – деді Ұлық.

– Әй Тілмаш, ана әкіміңе айт, сөзім біткен жоқ, сөйлеймін, – деп төсін соқты Есжан. Бойын ашу кернегеннен көзі қызарып, бетінің түгі тікірейіп кеткен.

Ұлық сөйлесе сөйлесін дегендей басын изеді.

– Қазақ діні мен салтын берік ұстайтын ел. Оны кім де кім бұзар болса, оған қолданатын заңы бар. Біреу адам өлтірсе, ол сол айыбы үшін құн төлейді.

– Естуіміз бар. Қайыпты айыбы үшін жазаладым деп тұрсың ғой.

– Айтайын деп тұрғаным, мен Қайыпты үш рет қолға түсіріп, үшеуінде де құнынан қашып сүйегін сындырмай кеттім. Оны өлтірсем де, қолымнан келер еді, өлтірмедім, төлейтін құнынан қорықтым.<--break->

– Солай де, – деп ұлық бер жағынын мырс етті.

– Ояз қалай шешсе, солай шешсін, оны өздерің білесіңдер. Айтып қояйын, бірақ осыдан кейін Қайып Ақбөбекті алып кетем деп тағы да бүлік шығарса, онда оны өлтірем. Ендігі жерде оның өліміне құн төлемеймін, әрі кетсе сендер абақтыға жабарсыңдар.

Ояздың ұлықтары қызыл өңеш кеңесте. Ортаға түскен мәселе шешімін таба алмай жатыр.

Түрлі сауалдар мен жауаптар көптің ортасында. Қандай тоқтамға келері белгісіз. Ұлықтар тұтасқан қалың нуға кіріп кетіп, содан шыға алмай отыр.

– Отасып отырған әйелінен ажыратып бола ма, Ақбөбекті Қайыпқа қосайық...

– Есжан жесірін жібере ме?...

– Жібереді...

– Есжанның төзімі жетпейді оған. Онда ол Қайыптың көзін жояды...

– Солай етуі мүмкін...

– Оны да Есжанды қамауымыз керек...

– Сонда екі адам бірден құриын деп тұр ма?...

– Онда екі елдің арасы бұзылмай ма?...

– Ал ояз қандай абырой алады сонда?...

– Қазақтың қалыптасып қалған салт-дәстүрін біз бүгін жөнге сала аламыз ба?...<--break->

– Ел арасы бүлініп кетсе, ояз өз үкіміне өзі жауап береді... Ұлықтар біріне бірі қарап, аңырып қалған еді. Егер олардың үкімі сәтсіз шықса, бұлардың бәрі де жұмыстан айдалуы ықтимал...

Ояздың үкімін хабарлау үшін төрдегі өз орнына бас ұлық – қасқа бас жалғыз өзі кетті, басқалары кеңес өткізген оңаша бөлмеде қалып қойды.

Мәртебелі патшамыздың атынан ояздың үкімін жариялаймыз, деп бастады ол сөзін,

– Ақбөбек кімнің қолында қазір?

– Біздің қолымызда, – деді Есберген.

– Ақбөбек Есбергенде қалсын... Ояздың үкімі сол, – деді де ұлық кейін бұрылып, әлгі кеңес құрған бөлмеге кіріп кетті.

Приставтың үкіміне әуелі аң-таң болып, соң жүрегі мұздай бастаған кезде Ақбөбек:

– Жоқ, жоқ! Мен Қайыптан айырылмаймын! – деп діріл қаға қалтырап барып Қайыптың мойнына асыла кетті. Қайып оны құшақтай алды. Жаны ашыған Рабиға қос алақанымен бетін баса жылап жіберді. Сабытай мен Жарылғап көздерін сыға теріс айналып кетті. Ақбөбектің жүрегі дүрсілдеп, дем ала алмай өксіп тұр. Қайып оны бауырына қыса түсіп, өзі де көз жұма еңкейіп барады. Бұл Қайыптың бауырына түскендегі Ақбөбек жүрегінің ең ақырғы дүрсілдеп соғуы еді. Қайыптың көкірегін шылаған Ақбөбектің ең соңғы көз жасы болса керск. Махаббат алауына тұмшалаған екі жастың ыстық денелері енді қайтіп бір-біріне бүйтіп жұғыса алар ма екен. Екі жас қайырымсыз жалғанның қалын жүгін арқалап тұр. Дүниеде бұлар енді қайтып кездесе ала ма, жоқ па?...

Алдамшы жалған, жұмсақ өмір... Қатал тағдырдың баянсыз қызығы өстіп өшеді..<--break->

 

Елу сегізінші тарау

 

Төбесінен төңкеріле түскен көк аспанды сұрықсыз қара бұлт торлап алыпты. Көмкерілген көкжиек көмескі тартқан. Алыстан қарауыта бұлдырай сонау көз ұшынан басып қалың бұлт басқан Қаратаудың сұлбасы көрінеді. Алдағы болар дауыл мен нөсерден қорыққан жапалақ құстар былай да былай жер бауырлап ұшады.

Тағдырдың тәлкегіне түскен Қайып шөп шықпаған тастақ қара төбенің басында шекесінен бүк түсіп отыр. Мәңгүрт дүниенің ішінде қалған онда енді әрекет етердей, алдан үміт күтердей ой қалмаған. Жалған дүниенің аяусыз төккен жазасын тартқан ол өмірдің қара түнек тұйығына келіп тірелген сияқты. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шұқыттырмаймын деп жүретін аяулы Ақбөбегі алыста жат қолында қалды. Арындаған көңіл су түбіне кеткендей. Азғана сүрген дәуреннің арты осы. Алды қараңғы дүниеден әбден жерінген Қайып құндағында өскен еліне, кіндік қаны тамған ата қонысына қол сілтеп, біржолата кетуге бел байлап отыр.

Жел көтеріліп қара төбенің басы азынай бастады. Бұлт төмендеп келеді, қазір күннің құйып кететін түрі бар. Қайып түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шыққан. Мана бір әзірде Назарды былай шығарып алып: «Мен Бесқала жаққа барып, бой жазып келем» деп шықты үйден. Міне енді оны тағы да үміт дүниесі түрткілеп отырған сияқты. Бұдан былайғы ойы сонау Хиуа бетпен оралып, қалай да Ақбөбекке тағы соқпақ.

Жаңбыр тамшылап бастады. Қайып орнынан тұрып, үзеңгіге аяқ көтерді. Қара төбенің басынан баурайлап, етегіне түскенше, жаңбыр құйып кетті. Алдан ештеңе көрінбейді. Қайыптың беті Бесқалаға баратын керуен жолы...<--break->

...Бесіктегі баладан басқаның бәрі сыртқа шығып кеткен. Асыр салып жүгірісіп жүрген ойын балалары бір сәт тына қалып, көптің көз тіккен жағына қарай барынша бақырая қарады. Жұрттың қорқынышты сыңайын аңғарған олар демдерін іштеріне тарта тырп етпей тұр. Күн бұлтсыз, аспан көгі ашық еді. Таңертеңнен бері желдің лебі тынып тұрған. Түс ауған кез. Жарқыраған күннің сәулесі сөніп бара жатқандай болып, аспан асты кем-кемнен күңгірттене бастады, әр жерден иттер ұлып кетті. Адамдар күн бетіне қарап қалшиған қалпында, әйелдер жағы жағаларын ұстап: «Бекет-ай» дейді пірге сиынып. Күн тұтылып тұр. Күн тұтылғанынан қорқатын елдің әдеті бар. Күннің тұтылғанын жақсылыққа жорымайтын ел құдайдың құдіретінен қорқып, ертесіне тасаттық шалды. Тасаттық өткеннен кейін Демесін өз алдына үйіне құран оқытып жіберейін деген мақсатпен бір малын сойып, ауылдың шалдарын шақырған. Кештің кезі. Қолға су құйылып, дастарқан жайылып жатыр. Оңаша отауда отырған Ақбөбекке де бір табақ тартылды. Үш жігіт бір табақты алдарына алып, асқа сұғына берді. Тілестің тамақ жегенде, мұрыны шуылдақ, етке ауыз салғаннан-ақ оның мұрыны шуылдай бастады.

Ақбөбек ояздан келгелі, Рабиғаның зорымен анда-санда жүрек жалғағаны болмаса, жөндеп тамақ ішпеген. Етбетінен жатып, жастығын ғана бетке басады. Көз жасын тия алмай көп күн жатты. Онымен қосыла жылаған Рабиға да азып кетіп еді. Оның ана ауылдан күйеуі келген, содан шыға алмай жатқан болуы керек, манадан бері көрінген жоқ.

Ақбөбек басына жадағайын бүркеді де, бір қолына ет салынған табақты алып, жайымен сыртқа шықты. Ешкім де елеген жоқ, ол түзге отырайын деп бара жатқан әйел. Түзге отыратын адамның соңынан иттердің еріп кететін әдеті. Ақбөбектің артынан екі ит еріп барады. Ауылдың сыртына шыққан соң, Ақбөбек қолындағы табақты екі иттің алдына қоя салды да, өзі тез аяңдап кете барды. Іңір қараңғысы болатын, ай қорғалап тұр. Түн салқындау біраз жерге дейін жүгіріп еді, өкпесі қабынып, тамағы құрғаған соң, демі тарыла бастады. Тегістікке, тақырлау жерді басса, жүрісті тездетеді, құмды белестерге кездескенде, омбығып жүре алмайды. Қанша жер басқаны, қай маңға келгені белгісіз, кідіріссіз жүріп келеді. «Қасқыр да кездеспеді-ау, жеп кете салар еді» дейді ішінен. Таң белгі берген соң, түн қараңғысы айығайын деді.<--break->

Ақбөбек Демесін үйінен айдалада не қасқырға таланып, не аштан өлемін деп шыққан. Енді оның өлімнен басқа күтетіні қалмаған. Ауыл да дүрбелеңге түсті. Күзетшілер тағы отауға бас сүғып еді, Ақбөбек жоқ. Түн ішінде жаяу жүгіре ауыл маңын шарлап шықты, таппады.

«Сұрап кел» деп Тілес Шүренді Рабиғаны үйіне жіберді. Шүрен төр жақтың тұсына келіп, сырттан: – Рабиға, Ақбөбек қасыңда жатыр ма? – деп сұрады. Күйеуінің тақымында жатқан Рабиға үндей алмай қалды – Одан үн шықпаған соң бар-жоғын байқайыншы деді ме үйді жағалай келіп, есікті ашты Шүрен. Сол кезде Рабиғаның ұялғаннан сасқан күйеуі: – әй, мына есуас көрпемді аша ма қайтеді?! – деп аударыла кетті.

Оның даусын есіткен Шүрен зыта жөнелді. Қараңғы түнде ол ештемені де байқаған жоқ.

Таң алдында қару-жарағын асынған Есжан тобы Ақбөбектің соңынан куып, Қайыптың еліне қарай тартты.

Ақбөбек үш түнді түзде өткізгенін біледі. Алдынан терістікке қарай созылған үлкен қара жол шықты, оған ол түспеді. Біреу-міреу кездесіп қалса, аман қалам деп ойлады. Әзірге есі түзу сияқты. Әлі де бірдемелерді ойлайды. Кейде-кейде аяғын шәлкес басады. Ауыт-ауыт сүрінетінді шығарды. Тілі таңдайына жабысып қалған секілді. Бірақ әзір көзі қараюдан аман, дақ-дақ басып келеді. Алдынан бір түлкі қашты, оны анық көрді. Түнге қарай сонау алыстан қасқыр ұлыды. Тезірек талап жесін дегені ме, Ақбөбек солай қарай беттеді. Аузын ашып дем алғысы келіп еді, ашылмады. Жағы қарысып қалған. Нәр тартпағанына неше күн болғаны есінде емес. Бұл түн де өтті. Бір кезде көзі қаруытып кетті. Енді жығылам, өлем деді ме, ойына алғаны: «қош бол Қайып, жаным сенен садаға»... болды. Жығылған жоқ, есін қайта жиды. Теңселе басып жүріп келеді, мең-зең болып тұмандаған басына ой түспей келеді.<--break->

Ауылдан шыққанда, Ақбөбектің санасына жайласқан бір ой болатын: отырмай-жатпай әлінің жеткенінше тентіреп кете беру, әлсіреп есі ауған кезде құлап, сол жерде өлу... Бойын билеген сол ойдың дағдысы болса керек, бірде жығылып, бірде тұрып, әлі аяқ үстінде қадам аттаған болады. Жусанның түбіршегіне сүрініп, етпетінен құлап түсіп еді, ес жиған соң, жер тырмалап қайта тұрды. Ілгері аяқ баспай қалқиып біраз тұрып қалды. Өзінше бірдемеге ой жүгірткісі келеді. Осы кезде құлағының түбі еміе-еміс шуылдап кеткендей болды. Есеңгірей көз жұмып тұрған оған енді бір түрлі дыбыс естілді. Шошып оянған адамдай көзін ашып жіберді. Алдынан ербеңдеп келе жетқан ала-құла бір нәрселер көрінді. Ақбөбек ар жағын сезбеді.

Қостан шыға екі төбет арпылдай жүгірді. Ақбөбек ес білмей қырынан жатқан. Төбеттер жатқан адамға тимеді, екеуі екі жағынан абалап-абалап басылды. Иттер кетпей, аңысын аңдағандай болып, шөкесінен отыр. Анадайда тақырға біткен шашақты жалғыз сексеуілдің түбіндегі қоста шал иттердің даусы шыққан жаққа қарап еді, олардың қасында шұбатылып жатқан бірдемені көзі шалды. Өз көзіне өзі сенбегендей қолын қалқалап, батар күннің астынан сол жерге тағы қарады. Жатқан зат адам сияқты бірдеме.

Кештің кезі еді. Әуеге бұлт айналып тұрған. Ауа райы күндегідей бүгін шымыр. Шал қойды осында түнетейін деп отырған.

– Әй, Сансызбай, – деді шал бытырай жайылған қойларын жатқан ескі жұрттың орнына қарай иіріп келе жатқан бозбалаға қол көтеріп.<--break->

– Анау не? Иттер неғып тұр онда?

Сансызбай барды да, тез оралды. Үрейлене, ынтыға ксліп:

– Ойбай, бір әйел жатыр!

– Қой, балам. Жапан түзде не бар оған?! – Шал орнынан тұрып ,сол жаққа қарай жүре берді.

– Көке, – деді оған еріп келе жатқан Сансызбай шошына сөйлеп, – жын-пері болмасын, келемеңді қайыр.

– Ой, құдай сақтасын, қорықпа.

Шал еңкейіп әйелдің бетіне қарады. Адам баласы екендігіне көзі жеткен соң: – Ел арасы алыс қой, бұ сорлы қайдан жүр, – деді шал ойланған пішінде. Сансызбай әлі де қорқа соғып, шеттеп кейінде тұрған.

– Тірі ме өзі, деп сұрады ол шалдан. Шал әйелдің қолын ұстап көріп: – Тірі, – деп екі қолынан көтере берді. Екеулеп қосқа әкеліп жатқызды. Шал Ақбөбекгің жүзіне үңіле қарайды. Аздап демі бар, көзі жұмулы жатты ол. Түр ұсқыны кетіп қалған.

– Метейшеден құманға су құй, от жақ, қайнат, – деді шал, – Маған салқын су әкел, мынау көптен бері үй көрмеген адам. Шөлден өлетін болған.

Жағы қарысып қалған Ақбөбектің аузы ашылмады. Шал оның езуінен су тамызып отырды. Ақбөбек біраздан кейін көзін ашып, есін жиды. Басын көтерді. Сөзге келген Ақбөбек: – Ата, мені жіберіңіз, баратын жерім бар, –деді.

– Бұл маңда сен баратын ел жоқ, қызым, – деп шал оған шеті жырық зереңмен қайнаған су ұсынды. – Ішпеймін, – деп еді Ақбөбек, ол: – ішесің, – деп ішкізді.

Біраз отырғаннан кейін торсықтан айран құйып берді.

– Менің ажалыма тоқтау болдыңыз ғой, ата, – деді Ақбөбек шалдың жібермесін білген соң.<--break->

– Түсінбедім ол не дегенің, қызым?

– Мен ауылдан осы далаға өлетін болып шыққанмын. Өлмегеніме өкініп отырмын.

– Қарағым, өзіңе өзің жаны қас болма. Шыбын жанды құдайдың өзі алсын.

– Ата, мен өмірден безген адаммын.

– Атың кім, қызым?

– Ақбөбек.

– Ойбай–ау, әлігі Демесін байдың қолындағы Ақбөбек емеспісің?

– Иә.

– Өзің жайлы есіткенімізге көп болды ғой. Міне, мына балалар Қайыптың өлеңін айтып жүр. Кәне Сансызбай, Қайып ағаңның әніне салшы, – деді шал от жағып отырған баласына.

Сансызбай ән құмар жігіттердің бірі екен, кідірместен даусын шырқап кетті.

Аһа–ау

Замана жылдан жылға өзгерілген,

Күн қайда жаман-жақсы теңгерілген.

Бұл елден қанша сұлу көрсемдағы,

Бәрі де Ақбөбектен кем көрінген...<--break->

Қайыптың әнін есіткенде, Ақбөбектің ой тұманы ашылып, сәл сергиін деді. Оның үміт дүниесі жалғасқандай болып, санасына әр түрлі ой жүгіре бастаған еді.

– О, даусыңнан садаға кеттім. Осы балам Қайып ағасындай әнші болады әлі, – деп шал мәз болып қалды. – Тірі жүрсем, осынымды Қайыптың қасына бір-жар ай қосам деп жүрмін.

– Мұны қайдан үйрендің? – деп сұрады Ақбөбек Сансызбайдан.

– Біздің ауылдың бір әнші жігіті Жем бойындағы бір ауылға барып еді, сонда тойда отырып естіпті, – деп жауап берді Сансызбай.

– Қарағым, Ақбөбек, – деді шал баласының салған әнінен кейін. – Қайыптың әнін естігенде, біз сияқты тоқтасқан адамдардың да баяғы жастық дәурені есіне түсіп, бір толқитыны бар. Көмейі дуалы әнші ғой, шіркін.

– М-м-м, – деді Ақбөбек.

– Шырағым–ау, жарық дүниедегі Қайыпты тастап, сенің «өлем» деуің қалай?

–Қайыпқа қосыла алмаған соң өлуім керек емес пе. Жүргенде, дүниеде не бітірем.

– Тіршілікте ақылы кем тоғышар пенделер ғана үмітсіз болмақ. Жас жан үмітсіз бола ма? Сен қателесіпсің, қызым.

– Солай ма, ата?

– Үмітсіздік шайтанның ісі, қызым. Бастарың жас, өмірлерің алда, сен Қайыптан күдеріңді үзіп жүрме. Құдайдың мейірімі түсер, әлі де табысарсыңдар.

Ақбөбек бойындағы ауыр жүктен айығып, енді өзінен өзі жаңа сезімге бой билете бастап еді. Қайыптың әні құлағынан кетпей отыр. Қайып есіне қайта оралды. Ол Қаракерін жетелеп келе жатқандай болып көз алдына елестеп кетті.<--break->

– Мен де құдайға жазықты адамның бірімін, – деп бастады шал сөзін Сансызбай жатып қалған соң. – Ақтау, Қаратау еліне аты шыққан әнші едім. Қоянды көзінен ататын мерген болатынмын. «Қалқа мерген» деген атым ел аузынан әлі түскен жоқ. Құдайға жазған жерімді айтайын, шырағым.

– Айтыңыз, айтыңыз, – деді Ақбөбек Қалқа мергенге қарап.

– Қаратаудың шыңына жылда ұя салып, балапан ұшырып жүретін ерлі-зайыпты екі бүркіт болатын. Бір жылы ниетім айныса болама, солардың балапанын ұстап алып, бүркітшілерге сатпақ болдым. Өрмелеп шыңға шықтым, ұяға жақындай бергенімде, алыста ұшып жүрген екі бүркіттің көзі шалған екен, маған қарай қанат қағып ұшып келеді. Біреуі төбемнен түйілді, оның тырнағы тисе, құздан құлап өлемін. Жан керек, бүркітті атып түсірдім. Оның ізінше екінші бүркіт шүйілді, оны да аттым. Жалғыз-ақ балапаны бар екен, үйге әкеліп баға бердім. Қара қанат болып қалған балапанды қырсыққанда, тазы талап өлтірсе бола ма.

– Қап, құдай-ай... – деп Ақбөбектің жаны ашыды.

– Сол екі бүркіттің отанын жойып жібердім, ұрпақ қалмады. Құдайдың құдіреті күшті, содан кейін менің бағым кесілді. Көп ұзамай індетте жігіт болып түрған екі балам шешектен өлді. Ол бүркіттер сияқты менің де тұқымым құрыды. Содан соң серт етіп, аңшылықты тастап кеттім.

– Мына Сансызбай балаң емес пе?

– Бұл бала да біреудің жалғызы еді, сол індетте әкесі де, шешесі де қаза болған. Кемпір екеуміз осыны бала қылып алдық. Екеуміз байдың малын бағып жүрміз. Ендігі үмітіміз осы балада. Құдайдан сұрайтыным көзімнің тірісінде осы баланы үйлендіру. Алланың салғанына көнбеуге болмайды, қызым. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген ғой. Алдағы көретінің шырылдап жерге түскеннен-ақ маңдайыңа жазылады.

– Дүниедегі ең жаман нәрсе не? – деп сұрады Ақбөбек.<--break->

– Құдайдың өзі бермеген ажал. Жаны қастықтан өзіңді өзің өлтірсең, сол жаман. Екінші дүниеден ұрпақсыз өткен де жаман...

Ай көтеріліп төбеге жетіп қалды. Таң алдының салқыны бойды тоңазытуға айналды. Ала бұлттың ар жағында жүзген айдың сәулесі жер бетіне бірде түсіп, бірде түспейді. Ақбөбектің ұйқыдан қалжырап отырғанын Қалқа мерген сезді. Орнынан тұрып барып, екі аттың ер-тұрманын алып келді. Бірін өзі жастанды да, бірін Ақбөбекке берді. Ақбөбек қойшылардың даладағы өмірін тумысында бірінші рет көріп отыр. Сансызбай мана киіммен жата кеткен. Қалқа мерген де шешінбестен жатты. Ішкен шайы қайнаған ақ су, шайға тістегені кепкен сары су. Кештегі тамақ орнына жегені – торсықтағы айран.

Ақбөбек ерді жастанып жатып еді, тер сіңген тоқымның сасық иісі оны көпке дейін ұйықтатпады. Қалқа мергеннің әңгімесін қайта-қайта ойдан өткізіп жатқан болатын. «Жаны қастықпен өзін-өзі өлтірген жаман».

Ақбөбектің ояздан қайтқанына екі айдан асқан. Енді есіне оралған сияқты. «Осы мен жүктімін-ау» деп ойлап қалып еді ол. «Ең болмаса Қайыптан ұрпақ қалсыншы артымда,» деп ой үстіне ой қосты.

Ертесіне Қалқа мерген Ақбөбекті өз алдына атқа мінгізіп, ауылға әкелді де, Демесіннің қолына тапсырды. Қатты қуанған Демесін Ақбөбектің сүйіншісіне бір ат мінгізіп жіберді.

Рабиға Ақбөбекке жылап көрісті. Көшімді арқасына салып келген. Ол келе еңбектеп Акбөбектің алдына барды. Ақбөбек жылап отырып, баланың бетінен сүйді. Онын кіндік баласы керегеге сүйеніп аяқ басатын болған.

– Ояздан келгелі азып-тозып өлетін болдың-ау, – деді Рабиға Ақбөбектің жүзіне қарап.

– Ажалы құрғұр келмеді ғой, – деп Ақбөбек көзінің жасын сүртті.

– Күдер үзбе, Қайып тағы оралады, – деді Рабиға Ақбөбекті жұбатып.<--break->

– Енді өлем дегенмен, өле алмаймын-ау, – деп Ақөбөбек түйілген қабағын сәл жазғандай болды. Кестелі орамалын жан қалтасына салып қойып: – Қайыптың баласы жатыр ішімде. Оның баласын дүниеге келтіріп, өзіне көрсетуім керек қой, – деді.

– Жақсы болыпты. Ең болмаса Қайыптың көзіндей көріп жүрерсің, – деді Рабиға.

Ақбөбек келген күннің ертесіне осы ауылға Аюп келіп, бесін намазын Демесіннің үйінде оқыды.

Ақбөбек кеткелі Есжан бай үйден шығуды қойған. Тіпті бүкіл ауыл бойынша көңіл көтерерліктей ойын-сауық жасамайтын болды. Келген жекжат-жүрияттардың есітіп кететіндері тек қайғы мен мұң болатын.

Ақбөбектің оязға барған хабарын да Есжан сырттан естіп жатқан. Ояздың шешімі оған жеңіл тимеді. «Айтылған сөз – атылған оқ» дегендей ояздың үкімі де атылған оқ, ендігі жерде Ақбөбек Қайыпқа жоқ, Есбергеннің қолында қалады. Есберген енді «бесік көргенді» емес, «есік көргенді» алатын болды. Байдың қызы атанған Ақбөбектің әкесі Есжанға бұл да бір сынықтық келтіретін жағдай. Бір кезде қызын құтты ұясынан алып кеткен Қайыптың ісіне де көніп еді, енді Есбергеннің қылығына көнбеске шара жоқ.<--break->

Аюп Есжанның жұмсауы бойынша жай-жағдайды біліп кетейін деп келіп отыр. Аюп үлкен үйден қонақ асысын жеп болды. Астан кейін сыртқа шықты. Қасында Есберген жүр. Екеуінің жасы қатар. Аюп Есбергеннің жуас жігіт екендігін анда-санда келіп жүргендерінде шамамен байқайтын. Оның бүгінгі сезіп, ішке түйгені Есберген өлі көзденіп адам бетіне жалтақтап қарай береді екен. Жарыла, жазыла кететін ақжарқын күлкісі жоқ, күлгенде, маңдайының кіржігі ашылмай тұратынын байқап еді. Әлгі салмағын ғана артқаны болмаса, әйел затының құштарлығына даритын бойының қызуы, жанының қышқылы жоқ еркектер болады. Сондай сезімде келе жатып Аюп:

– Ақбөбек қайда, тамаққа келмеді ғой, – деді.

– Ол келгеннен бері біздің үйдің есігін ашқан емес. Сол бір отаудың ішінде жатады да қояды, – деп Есберген Аюптың бетіне жалтақтай қарады.

– Сен өзің сөйлестің бе онымен?

– Оқта-текте сөйлесем. Әкем де, шешем де әңгімелесіп көрді. Әкем ауылдың ақсақалдарын да салып сөйлестіріп еді, бәрімізге айтатыны «Мен тұтқынмын, сендер маған жаусыңдар, менімсн сөйлеспеңдер» – айтатын сөзі сол.

– Ояздан кейінгі өзгерісті айтшы.

– Түнде жатқан отауынан шығып кетіпті, содан төрт-бес күн жоқ болып кеткен. Жапан түзде өлейін деп жатқан жерінде кезігіп, өлімнен сақтаған бір қойшы кеше бізге әкеліп берді. Айтатыны «өлем».

– М-м-м, – деп Аюп басын сипады.<--break->

– Шешем бүгін молдаға барып, кітап аштырып келді. Перінің ізін басқан ба, бірдеменің салқыны тиген депті. Бойтұмар әкелді молдадан, оны таға ма, тақпай ма білмей отырмыз, – деді Есберген.

– Мен Ақбөбекке барып, хал-жағдайын білейін, – деді Аюп. Есберген оған ермеді, өз үйіне қарай бұрылып кетті.

Аюп жағалап келіп, Ақбөбек жатқан отаудың есігін көтерді. Шүйкедей болып бүкшиіп қана отырған Ақбөбектің ұсқынын көргенде, Аюптың төбе шашы тік тұрып:

– Ойбай-ай, не болып кеткенсің?! – деп өкіріп жіберді. Келді де Ақбөбекті құшақтай алды. Тайдай тебісіп жасынан бір өскен Ақбөбектің кескінін көргенде, Аюптың тұла бойы ду етіп, аяныш сезімінде қатты тебіреніп кетіп еді. Өзін бірден игере алмай қалған оның көз жасы ытқып кеткен. Жігіт адамның онысы тез басылып, енді кейін шегіне жылжып, Ақбөбектің бейнесін тағы көзімен шолды.

Ақбөбек тым әлсіз еді. Бұрынғы ажар, бұрынғы тұлға онда қалмаған. Ақ жүзінің терісі қалыңдап, реңі қарақошқылданып кеткен. Бет сүйегі одырайып, жағы суалғаннан иегінің ұшы сүйірлене шошайып көрінеді. Әжім түскен бе маңдайында сызат пайда болған. Ақбөбек ояздан келгеннен бері бас көтермей «өлем» деудің үстінде жатқан болатын. Тамақ татпай жатқан күндері де болды. Жақыннан бері жүрегінің басында запыран тұрған сияқты, құсқысы келеді, құса алмайды.

Ақбөбек әр нәрсені бір ойлап өз-өзінен есеңгіреп отырған еді, сол кезде Аюп кіріп келді. Елінен адам келеді деп ойламаған ол қапелімде сасып та қалған. Ақбөбек есін енді жиғандай болып, кейін шегініп отыра берген Аюптың мойнына асыла кетті. Енді даусын шығарып сыңси бастады.<--break->

Не жаздым саған құдайым,

Тартқыздың маған уайым...

Болдың-ау құдай безбүйрек,

Алмадың мені тезірек...

Асқар тау едің сен маған,

Алыста жатқан әкешім.

Есітіп менің күйімді,

Қалай бір шыдап жатырсың?..

Түн ұйқыңды төрт бөліп,

Ақ сүт берген, анашым.

Дүниеде нұр болса,

Маған сепкен, анашым.

Әлдиіңнен бір жазбай,

Өсірген мені, анашым.

Хабар алмай қызыңнан,

Қайда жүрсің, мамашым...

Арқама қағып ардақтап,

«Еркетай» деп жүретін.

Жаннан артық, ағатай,

Мені келіп көрмедің.

Жай-күйімді білмедің,

Қол ұшыңды бермедің.

Осы бір жерің, ағажан,

Жүрегіме батады...

Сылқымбоз менің жеңешем,

Тұра алмас едің көрмесең.

Қойныңда жатып ержеттім,

Мойныңа мініп бой жеттім.

Силасым едің, сырласым,

Сырымды білер сен едің.

Сыныңды ұғар мен едім,

Ендігімді сен білмей.

Қош бол қайран жеңешем...<--break->

Ботадай едің желілес,

Тебісіп тайдай бір өскен.

Ағамдай болған сен Аюп,

Жайымды менің білуге.

Түрімді мына көруге,

Келіпсің, аға, көп жаса.....

Ақбөбек егіле жылап, Аюптың көкірегінен бас көтермей көп отырды. Көптен көрмей, бойын сағыныш билеген Аюп та оған тоқтам айта алмай өзі де қосыла жылаумен болды. Ақбөбек іштегі шерін көз жасымен тарқатып алған соң, Аюптан ажырап, өз орнына жылжып отырды. Қысқаша аман-сау алысқаннан кейін шошынуы қайтпаған Аюп тағы да Ақбөбекке үрпие қарап:

– Ойпырмай, Бөбекжан-ай, не болып кеткенсің? – деді, – Ауру –сырқаудан аманбысың?

Аюп Ақбөбектің жаюлы төсегінің шетіне жайғасып отырды.

– Қайыптан басқа ауруым жоқ, – деді Ақбөбек орамалмен көзінің жасын сүртіп отырып.

Аюп тіл қатпай, түнере түйіліп, біраз үнсіз отырып қалды. Аюптың барып-келіп жүрген қалыңдығы бар, сол есіне түсіп кетіп еді. «Менен ажыраса, оның да күні осы ғой» деп ойлап отырған. Ақбөбек:

– Үйлендің бе? – деп сұрап қалды.

– Жоқ әлі. Саған қаратып тұр. «Бір жақты болсын» дейді, – деді Аюп.

– Ағаларыма барып айт. Әкемді көндірсін де, сені үйлендірсін. Оны маған қаратпасын. Мені Қайып қашан алып кетеді, мен мына тұтқыннан қашан босаймын, ол жағы әлі мәлімсіз, – деп Ақбөбек Аюпқа бұрыла сөйледі.<--break->

– Мені Ежем саған жіберді. (Ауыл жастары Есжан байды «Еже» деп атайтын)

– Иә, айта бер.

– Ежемнің саған арнап айтып жібергені мынау, – деді Аюп Ақбөбекке жақындай ысырылып. Ол мұны есітпесін дегендей құпия ретінде айтып отыр. – «Алланың бұйрығы – бір, патшаның үкімі – бір. Ояздың әмірі де сол. Қызым ояздың әмірін бұзып жүрмесін, егер бұзса, мерт болады» деді саған, – деп Аюп Ақбөбектің әкесінің сәлемін жеткізді.

– Ал басқа не деді?

– Кедейдің қолында ұлықтың куәлігі тұр. Бөбек бұдан былай Бегейден күдер үзсін, – деді.

– Содан кейін? Айта бер.

– Қос отауыңды қатар тігіп, жасауыңды бір-бірлеп көзден өткізді. От көсейтін шаттауығың біреу екен, оны жұп қылу үшін тағы біреуін ұстаға соқтырып қойды. Саған берілетін дүниенің бәрі дайын тұр.

– Болдың ба?

– Жоқ Ежем: «Қызым менің айтқаныма жүрем десе, осы күн жылыда дүние-жасауын беріп жіберем» – деді.

– Болдың ғой?

– Болдым....

– Енді маған құлақ сал. Әкеме бұлжытпай айтып барарсың.<--break->

– Құлағым сенде.

– Менің құдай қосқан қосағым – Қайып. Балалы болғанмын. Қайыптың баласының қаны Кедейдің мойнында кетті. Бегей де ел ғой сұрайтын шығар.

– Алла сақтасын, балаңды өлтірді ме?

– Өлтірген бұл жалмауыздар. Мен енді бұрынғы ерікті некемді тастап, еріксіз некеге бас ұрмаймын. Менің жарым да, жақыным да – Қайып.

– Жарар, айтайын, – деді Аюп.

– Ұят та болса айтайын. Мен жүктімін. Қайыптың екінші баласын осы тұтқында туғызар деп отырмын бұлар, – деп Ақбөбек кекесінді пішінде езу тартқан болды. Ол жүнжіп отырған жоқ, батылдықпен қуаттана сөйлейдй.

– Не дейді?! – деді Аюп Ақбөбекке өз әдетімен одырая қарап. «Қайыппен қалай кездесіп жүр» деп іштей таң қалып отыр.

– Ол жағын сұрама, – деп Ақбөбек Аюптың бетіне күле қарады.

– Тағы айтарың жоқ па?

– Бар. Менің Қайыпқа деген ықыласым бүкіл ел аузында жүр, білесіңдер. Енді мына сөзім де өлсем, артымда қалсын, жүрген жеріңде айта жүр.

– Ал айтшы сол сөзіңді?

– Ұлы барлар, қызы барлар естісін. Бесікте жатқан сәби басымды біреуге атастырып қойғаны үшін бар обалым әкеме. Өліп жатсам, қаным, тірі жүрсем, азабым – бәрі соның мойнына жүктелсін... – дегенде Ақбөбектің даусы қатты шығып еді.<--break->

Аюп ауыр жүкті арқалағандай болып үйден шықты.

Есжан батырдың жорықтан оралып, аттан түскен бойы. Барған жерінен Ақбөбекті таба алмай, босқа барып, бос қайтты. Есжан тобыры бұл жолы ауылдан ер басына шоқпар іліп, қолға айбалта алған да найзасыз шыққан. Сақтанып бірден Қорабай аулына бармай, топ жаза бөлініп қоңсы ауылдарға түсіп жатқан. Есжан Бегей мен Жаңай ауылдарына тыңшы жіберді де, Қайып пен Ақбөбек жайынан хабар алғызды. Бегей аулының хабары: Қайып Бесқалаға кетіпті. Ал Ақбөбек жөнінде ешкім еш нәрсе білмейді.

Жаңай аулына Есжан Қапашты жіберген. Ол аузынан жаңылып тыңшы болып барғанын Жарылғап пен Сабытайға сездіріп қойыпты, әрі ол екеуі оязда болған Қапашты танып қояды. Қапаш бұл ауылдан Қайып пен Ақбөбектің хабарын біле алмай қайтады. Ол ауылдан ұзап кеткен соң, Сабытай оның артынан үш жігітті қудырып жібереді. Олар Қапашты ұстап алып әбден сабайды. Егер Қапаштың аузынан Есжанның осы маңайда екенін білгенде ызадан кектеніп жүрген жігіттерден Есжанның тірі қалуы екі талай еді. Сосын екі бетін пышақпен тіліп, ер-тұрмансыз атқа жайдақ мінгізіп жібереді. Қансыраған Қапаш Есжан тобына зорға жетіп қосылады. Қапаштың сол екі беті көпке дейін жарасы жазылмай жүрген еді. Орны ұзыннан түскен ағаяз тыртық болып бітті. Сұраған адамға: «мына екі беттің бірі Қайып үшін, бірі Ақбөбек үшін тілінген» деп жасырмай айта беруші еді.

Жорығының сәтсіз болғанына Есжан қатты ызаланып қайтып еді. Ақбөбектің хабарын естіген соң ашуы қайтайын деді. Үйінен шай ішіп шығып, енді Демесіннің үйіне қарай жағалап келеді.<--break->

Есберген мазасыз, кешеден бері тұла бойы құрыстап жатқан. Денесі қызып басылады. Көкейдегі көп ойдың ешбір шетіне  шығар емес. Әсіресе ояздан қайтқалы айыпты адамдай ықылассыз жүрген. Өз ісіне өзі риза емес. Оязда Оразға уәде берген, Қайыппен қол алысып ризаласқан. «Жолың ашық» дегендей екі түн Ақбөбекті Қайыппен ұшырастырған болатын. Оязда айтатын бір ауыз сөзге жігері жетпегеніне бұл пұшайман «Мен алмаймын, Ақбөбекке рұқсат» дегенде ояз Ақбөбекті Қайыпқа қосып жіберген болар еді. Ендігі Ақбөбектің жағдайы мынау. Отырған бір сүлде, оған жаны ашиды. Ақбөбекке сөз айтуға бұның беті перделі. Енді бәрі кеш, Есбергеннің өкініші осы.

Ішке Есжан кіргеннен кейін Есберген төсегінен бас көтерді, тұрды. Киініп Есжанның қатарына келіп отырды. Оның бір нәрсе айтайын деп келгенін сезді де:

– Есберіен, інім, құлағыңды тос, сенімен сөйлесейін деп келдім, – деп бастады Есжан сөзін. – Біз Қайыптың еліне барып қайттық. Ол Бесқала жаққа қаңғырып кеткен көрінеді. Енді ол бұл бетке көрінбесе керек.

– Рас па екен? – деп Есберген Есжанға мойнын бұрды.

– Рас болмаса айтам ба. Сен екі-үш жылдан бері бізді қинап өттің.

– Мен емес қой қинаған.

– Сенсің, інім, сенсің. Мейлі ол жағын қозғамай-ақ қоялық. Ендігісін айтсам, мына қатыныңа ие бол.

– Аға, мұның қатын қылатын жері қалмаған, көрші өзің.

– Немене, ауру ма өзі?

– Ауру болса керек.

– Ауырса, өлсін, сүйегі өз үйінен шығады, білдің бе. Тірі болса, қатын қыл.

– Оязда Қайыбына ертіп жіберуім керек еді, бекер етіппін.<--break->

– Не деп оттайды мынау. Әкеңді тірілей көмейін деп жүрмісің? Ата-бабаның әруағын аяққа басайын дегенің бе бұл? Арың өзіңде ме, намысың бар ма өзіңде?

– Жаныма тиді.

– Оттама. Балалықты қой. Бүгіннен бастап күзеттен босат мұны. Енді оған Қайып жоқ, айт соны.

– Күзеттен босатайық, аңысын аңдып көрейік, – деп Есберген Есжанның сөзін қостады.

– Қажы некесін қимаса, қимасын, басқа ауылдан молда әкеліп, некесін қидырып берем. Еркек болсаң, енді еркектігіңді ет.

– Ақбөбекпен сөйлесіп көрейін.

– Сөйлеспе. Еркімен қатын болатын болса, үш жылдан бері неғып жүр ол. Айт қатыныңа, Қайып бұл дүниеде жоқ оған, әуре болмасын. Ояздың кесімі – қылыштың жүзі. Егер оны бұзар болса, Қайыптың мойны кесіледі. Айт осыны, – деді де Есжан орнынан тұрып кетті.

Түнделетіп Жалғастың Рабиғаға келіп кететіні бар. Қыс басында бір соққанында ол Рабиғаға суық хабар жеткізіп кеткен еді. Күзде жәрмеңкеге барған базаршылар Бесқалаға кіре беріс жолда жатқан бір өлікті көріпті. Мұрты бар жас жігіт дейді. Түрі қазаққа ұқсайтын көрінеді. Базаршылар өліктің бетін жасырып кетіпті. Соны естіп, Қайыптың ағасы Назар үш-төрт жігіт болып Бесқалаға кетіпті. Ар жағының анық-қанығын Жалғас білмейді. Өзі бұл хабарды Қосын мырзаның үйіне келіп отырған Бегей ауылының бір адамынан естіпті. Рабиға ол туралы Ақбөбекке ретін тауып айта алмай жүр. Онсыз да жарым көңілді Ақбөбекке қасірст шектіргісі келмейді.<--break->

Қыс түскен. Үскірік қара суық басталған. Ақбөбекте күзет жоқ, отауына кіріп-шығып жүреді. Рабиға екеуінің ермегі тәй-тәй басып жүрген Көшім. Рабиғаның енесі келіп жақында оның тұсауын кестіріп кетті.

Ақбөбек алдан бір жақсылық күтетін секілді. Іштегі баласы қимылдаған сайын Қайып есіне түсіп, бір көтеріліп қалады. Бұл жайлы ол Есбергенге айтқан болатын. Есжанның «молда әкелем, некесін кидырам» дегені болмай тұр. Шариғатта екі қабат әйелге неке түспейді дейді, бұлардың кідіртіп жүргені содан болар... Ақбөбектің одан хабары жоқ, оның ойы басқа жақта.

Қайыптан үміткер ол келесі жазды күтеді. Осы бойға біткен бала дүниеге келсе, екі елдің арасында үлкен өзгеріс болады деп ойлайды ол. Алдағы жақсылықтың бір нышаны деп түйеді Ақбөбек. Оның жүрегі аңсап, сағынудан жалған дүниеде ешбір жалығар емес. Бар жүрегін Қайыпқа түгелдей беріп жіберіп, оның жүрегін өзі алып қалғандай болады да тұрады... Жүректі тулата бойды қыздырып тұрған сезімнің алауы тек көз жұмылғанда ғана басылар... Түн ортасына ауған. Төсегіне қисайғалы қашан. Көз алдына Қайып елестейді. Дидар көңіл, сағынышты сезім Ақбөбекті ұйықтатпай жатыр...<--break->

 

              Елу тоғызыншы тарау

 

Айнала төңірегі тұмшалаулы өресіне ой жетпес жұмбақ өмір. Оның қыруар қыртысы мен ой-шұқыры, бұлтарыс-бұралаңы көп екен. Тайғақ тағдырдың баянсыз да жалған үмітінен соққы жеген Қайып бұл жолы да қасына қара ертпей, ауылдан алыс сапарға жалғыз шығып еді. Зердедегі бар ойы сарқылып, жүрегіндегі үміт саңылауы мүлдем бекітіліп қалғандай ойсырап біткен томаға тұйық бос санамен жол жүріп келеді. Бұрынғы кезде күндіз ойынан шықпай, түнде түсіне кіріп, ешбір тыныштық бермей тұратын Ақбөбектің бейнесі елестеуді қойған, ол тіпті дүниеде болмағандай, белгісіз бірдеме тәрізді. Бойдың қызуы, жүректің лүпілі әбден сөніп біткен.

Ат үстінде отырған Қайып кей-кейде тізгін тартып, оқта-текте тебініп қояды. Сол қимылын ол өзі сезбейді де, ес-түссіз келе жатқан бір сүлде. Көкжиектің астында ойы мен қырын онша байқатпай, ұшы-қиырсыз көлбеп жатқан күздің боз даласы, оған бұл зер салған жоқ. Ат тұяғының алды тулақтай болып қана қарауытып елес береді. Бойды билеп тұратын өршіген талап, қайнаған ыза мен кектің бірі де қалмаған, тұңғиыққа түсіп жоқ болған тәрізді.

Жалғанның үміт дүниесінен айырылып, ой-сезімі қайырылып біткен Қайып бетін күншығысқа алып келе жатқан еді, алдынан ескі сүрлеу жолдың бағдар бейнесі көрінді. Сол бағытта қанша жүргені белгісіз. Қапталдағы айрық жолдан кеп түйе жетектеген керуен келіп қосылды. Атырау жақтан келе жатқан керуен екен. Қайып осы керуенге ілесіп, Бесқала топырағына жетті. Ол қаланы аралап, ығы-жығы көпшілікті көргенде сасқалақтап, басқа бір дүниенің есігін ашқандай болып еді. Елінің тұрар жайлары біріне бірін иін тірестірере соққан кесек там. Қалыңдық қапырыққа түскендей сезімде жүрді Қайып. Жауын жауды. Кешегі ағаязданып жатқан сорлы жер жауыннан кейін аяқ алып жүргісіз қара батпаққа айналды.<--break->

Қайыптың елде көргені кеңде жүрген көшпелі ел, теңіз жағасында отырған жатақтар. Бұл елдің көрінісі оған тіпті ұқсамайды.

Бесқалада көп тұрақтай алмады. Ақылға салып еш нәрсе ойлай алмай мең-зең болып жүрген Қайып қаладан шыққан тағы бір керуенге ілесті де, басының ауған жағына кете барды. Үлкен арнада толқып ағып жатқан ағын суды жағалап келе жатқанын біледі.

Неше күн дегенде сорайған тал, терек аралас өскен қалың бұталы жерге қонып отырған үлкен ауылға келіп, әлгі керуен тоқтады. Қайып та керуеншілермен бірге сол ауылда аялдады. Бұл ауылда бір-екі күн тыныққан керуен әрі қарай тағы жол тартатын болды.

Жүрер әзірде керуен басы Қайыпқа:

– Жігітім, салт басты екенсің. Бізбен бірге қара болып жүре бер. Елді, жерді көрерсің, егер ол жақ ұнайтындай болса, қаларсың сонда, болмаса, бізбен бірге қайтарсың, – деді.

Қайып ар жағына ой жүгірткен жоқ, керуенге ерді де кете берді. Ол ой ойлауды, сөз сөйлеуді қойған қалпында еді. Үнсіз жүріп, жүк түсіріп, жүк артысуға жәрдем береді. Керуеншілер оны науқасты адам қатарына санап жүрген болар.

Бұл жақтың жолы түйе табанына, ат тұяғына жайсыз соқты. Керуенді шөл сахарасына шыққанша таулы, тасты жол қинады. Таудан асып, ары түскен соң тағы да шөлейт даламен көп жүрді. Жақындай келе білінді, үлкен алқап екен, керуен соған жетіп кідірді. Жүк түсіріліп жатыр.

Керуен басы келіп:

– Біз Ауған еліне келдік, әкелген заттарымызды осында сатамыз да, кетерде тағы жүк артып қайтамыз, – деді.<--break->

Ордалы елден шығып, сауда жасап тұратын атағы көп аймаққа мәлім белгілі керуендер болады. Мынау Бесқаланың сондай керуендерінің бірі. Бұндай керуенге патшалы елдің жергілікті әкімдері жолда қақпай көрсетпейді, қолдарында екі елдің келісімі бойынша қағаздары бар.

Осындай ұзаққа шығатын атақты керуендер өздерімен бірге сәлделі молда алып жүретін әдет те бар. Кім біледі, «жан бар жерде қаза бар дегендей». Ауғанның күні Бесқаланыкіне қарағанда жылы екен.

Керуеннің молдасы жасы ортаға жеткен, сақал-мұрты қалың шот маңдай қара кісі. Құл тұмсық молда сөзге сараң, сабырлы, салмақты адам болған соң Қайып оның сол мінезін ұнатушы еді. Қасындағы адамдар жолда оның атын да атаған емес, айтатындары: «Молдаеке».

Қайып молданың жанына аттың ерін жастанып, киімшең қисая кететін. Шабытсыз, ойсыз сана сезімнің қалпында Ауғанстанға жетті. Сол күйінде бүгін де ер жастанып жата кетіп еді.

Қатты ұйықтап кеткен екен, түс көріп жатыр. Ақбөбекпен өз отауында жатқан көрінеді. Ақбөбек бұрынғыша Қайыптың құшағында. Біріне бірінің құмарлығы, ынтасы күшейіп, үсті-үстіне аймалау, емексу назы қозған жас жұбайлар ажырарлыққа жоқ, құшақ жазыспастан әншейін-ақ жымдасып қалған сияқты... Қайыптың бойы шымыр-–шымыр етті... Керегенің көзінен біреу сығалап тұрғандай болды. Оны байқаған Ақбөбек айпақ-құйпақ көйлегін түсіріп, орнынан тұрып кетті. – «Жаным, дидарым, жатшы, тұрмашы», – дейді Қайып Ақбөбектің етегінен тартып.

– Әй жігіт, бастығырылып жатырмысың? – деп қасында жатқан молда Қайыпты түртіп қалды. Шошып оянған Қайып:

– Еһе! – деді былай аударылып жатып.<--break->

Таң бозарып қалған шақ. Молда орнынан тұрып, төсегінің аяқ жағында тұрған бүйірі томпақ домалақ құманды алды да, шөгіп жатқан түйелердің арт жағына кетті.

Молда қайтып оралғанша Қайып та орнынан тұрды.

– Молдаеке, құманыңызды алсам бола ма? – деді ол түрегеп тұрып.

– Сұрама, ал, ала бер, шырағым, – деп молда Қайыпқа қарай елпектей сөйледі.

Қайып дәрет алып келіп, молдамен бірге таң намазына тұрды. Намазын оқып болған соң молда: – Інім, бүгін сөйлеп шықтың-ау, – деді Қайыпқа қарап.

– Сөйттім бе? – деп Қайып бір түрлі ыңғайсызданып қалды.

– Әйел адаммен сөйлескендей болдың. Келін түсіңе кірді-ау шамасы.

– Солай болды...

– Бәсе, «Ақбөбегім... жан сәулем...» дегендей болдың.

Таң атты. Күн туар беттен қарауытқан тау сілемдері көрінді. Оның арғы беті қызарып келеді.

Кеше керуен тегістіктің шығыс жағындағы қара дөңнің жайпақ баурайына келіп қонған екен. Қайып ауылдың жоғарысынан қарап, әр үйге көз жүгіртіп назар аудара бастады. Жасайтын кесек үйлері, адамдарының киім киістері Бесқаланың елінікіне онша ұқсамайды. Ол жақтың көрінісі есіне түсіп, бұл елмен салыстырып отыр. «Ұқсастығы сол, бұлар да жатақ ел ғой» деп ойлады.

Керуен түнеген жерден қашық емес, соған жалғас дөңнің басында осы ауылдың адам жерленген қауымы жатыр. Таңертеңгі шайдан кейін Қайып бір өзі соған барып, мазар басына дұға оқып келді. Байқағаны бұл ел бейіт басына белгі қоймайтын көрінеді. Жатқан өңкей төмпешік. Неге солай екендігіне оның зердесі жетпеді. Мазар басынан қайтқан бойына ол молданың алдына келіп:

– Молдеке, мен қауым басына барып құран оқып едім. Сол жерде бір нәрсені байқап келдім, айтуға бола ма? – деді Қайып.<--break->

– Болады, айтыңыз, – деп молда Қайыпқа қарап жылы шырай байқата сөйледі.

– Бұл ел дүниеден өткендерінің басына там салмайды екен, ешқандай белгі көрмедім. Себебін білерсіз, – деп Қайып молданың жүзіне тіке қарай алмай тұрған кейіпте.

– Шырағым, – деді молда салмақты түрде сөз бастап, қауым басына барып дұға жасағаның өте сауапты іс болыпты. Бұл ауған елі де біздер сияқты мұсылман. Барша мұсылманның діні бір. Бірақ әр халықтың атам заманнан ұстанып келе жатқан салт-дәстүрі бар. Бұл ел бейіт басына белгі қоймайды. Дін жолында адам әу баста топырақтан жаратылған дейді. Ол өлгеннен кейін де топыраққа айналуы керек екен. Ауған халқы сол ұғымды ескеріп өлгендерге там салмайды.

– Біз бейітке тастан там салып жүрміз. Сол тастың өзі де топырақ емес пе? – деп қалды Қайып молданың сөзін одан әрі анықтай түскісі келіп.

– Біздің елде дүниеден өткен ата-бабаларын соңында қалған ұрпақ ұзақ уақыт есте сақтасын деп там салуды дәстүр еткен. Құдай алдында оның күнә-сауабы жоқ, – деп молда түсінік берді.

Түнде көрген түсінен кейін Қайып жаңа дүниенің есігін ашқандай болды. Сана-сезімі шайдай ашык, зердедегі ой-пікірі өзінен-өзі сайрап тұр. Өткен ояз оқиғасы, көз алдында Ақбөбекті қолынан сүйреп алып кеткен Кедей руының зорлығы – бәрі, бәрі көкірегіне қайта құйылған сайын тұла бойы қызып, содан жүрегі қысылып, демі алқымына тығылып тұрғандай болады. Іштегі ыза мен кек қайта кернеп барады. Бойды билеген ащы сезім оны дедектетіп әкететіндей. Қасында сөзін тыңдайтын сыр мінез адам болса, іштегісін ақтарайын деп тұр. Онымен сөйлесетін кім бар бұл жерде? Қалай айтады? Кім тыңдайды?

Қайып түзге отырған болып, анау қара төбенің ар жағына барып қайтты. Ойлап келеді.

«Есім кірді Санам қалпына түсті. Қой енді, ашуға жеңдіртпе. Аптығыңды бас. Өткеннің бәрін ойлай бергеннен еш пайда жоқ. Сенің ойға алатын бір-ақ нәрсең бар, ол – Ақбөбек...»<--break->

Болайын деп тұрған істі керісінше тартып, ояздың опасыздық жасағаны Қайыптың төбесінен ерітіп қорғасын құйғандай болған. Ақбөбекті шырқыратып алып кеткенде, есінен танып бара жатқан Қайыпты Жарылғап құлатпай ұстап қалған болатын. Содан кейін-ақ Қайып есалаң күйге түсті. Ал есінің кіргені осы еді.

– Шырағым келбетіңе қарасам, біреудің бекзатына ұкқсайсың, – деді керуеннің молдасы. Біз ертең Хиуаға қайтамыз. Сен бұл жаққа не шаруамен келіп едің?

– Мен де еліме жүремін, сендерден қалмаймын, бүгін жағдайым жақсы деді Қайып, арғы жағын айтпай.

– «Бүгін жағдайым жақсы» дегеніңе түсінбедім ғой.

– Бойымды дерт шалған науқасты адам едім...

– Алла шипасын берсін. Сауығып кеткейсің, – деді молда қол жайып, бата бергендей ишарат жасап.

Ауған еліне барып сауда-саттығын жасап қайтқан керуеннің өз еліне беттегеніне әлденеше күн болған. Түйе үстінде келе жатқан молданың айтуына қарағанда, орта жолдағы Қорғантөбе деген жерге аз күн қалған көрінеді. Сол шама – шама екен, керуен бесінде Қорғантөбеге келіп жетті.

– Бүл ауыл өзіміздікі. Осында екі-үш күн жатып тынығайық, – деді кеуделі жирен мұрт мосқал кісі.<--break->

– Отағасы, біздің баратын жерді білесіз ғой, – деп молда әлгі керуен басы жирен мұртқа қарады. Ол түйеден түскен соң үсті-басын қағып, басындағы сәлдесін дұрыстады. Керуеншілер бөлініп үй-үйге тарасып кетті. Молда осы ауылдың имамының үйіне түсті. Өзімен бірге Қайыпты ерте келді. Имам жан-жақты адам болса керек, келін-балалары, қыздары тағзым ете иіліп жүріп, қонақтарға қызмет етіп жатыр. Имам ауылдың ардалығы жоқ, көзқарасы иманды, жатық сөйлейтін кісі сияқты. Орта бойлының толығы. Жалпақ бетіне жатаған тұмсығы жарасып тұрғандай. Оқымысты адамның өңі сынық келеді. Көпті көрген биязы мінезді имам Қайыптың аты-жөнін сұраған жоқ, ол көбіне назарын молдаға аударып, онымен әңгімелесіп отырды.

Екі молданың қасында болған соң Қайып шеттеп қалғысы келмей, олармен бірге намазға тұрды. Ол намаз сабағын бұрыннан білетін. Қорабай сұпы Назарды да, Қайыпты да ертеден намазға жыққан еді.

Қайыптың намазға тұрғаны екі молдаға ұнап қалды. Енді олар өздерін бұған жақын тұта бастады.

– Пірәдәр, – деді жатар кезде имам қатар отырған екі қонаққа мойнын бұра қарап, – жаман шынын айтам деп сырын айтады дейді. Сол сияқты менің көптен ойлап жүрген ниетім бар еді. Алла тағала қолдаса, сол сапарға шығамын ба деген ниетім бар.

– Айтыңыз, айтыңыз Сұлтеке. Оң болғай, сонда қай сапарға? – деп сұрады керуен молдасы.

– Жанәділ інім, сіздің басқан қадамыңызға дейін сауап, құдайға құлшылық етіп жүрсіз, бізбен пікірлес, сырлас адамсыз. Сізден жасыратын сыр жоқ. Құдай жеткізсе Меккеге, пайғамбарымыз жатқан жерге барып, зиярат етіп қайтсам ба деп отырмын, – деді Сұлтанбек имам сабырлы үнмен.

– Сапарыңыз оңынан оралғай, тақсыр. Ойлағаныңыз орындалсын, әзиз аға, – деп Жанәділ молда қолын көкірегіне апарып, бас ие ықылас көрсетіп жатыр. Жанында отырған Қайыпқа да қарап қойды.<--break->

– Періштелер әумиін десін ағасы, – деді Қайып Жанәділдің сөзіне тілек қосып.

– Айтқандарың келсін, рахмет інілерім, – деп Сұлтанбек екі қонағына ризалық білдірді.

– Күш-қуатыңның барында барып келгенге не жетсін, – деді Жанәділ Сұлтанбек жаққа сәл иек көтере сөйлеп.

– Айналайын халықтан садаға кетпеспісің. Бұл ауыл жан-жақтан жиналған көп рулы ел. Осы ауыл екі жылдан бері мені Меккеге жібереміз деп өзара қаржы жинап жатқан көрінеді. «Көп түкірсе – көл» деген... Халқым мерейін төксе, құдай қабыл етсе, сол қаржы жолыма демеу болар. Әйтеуір Алла оңғарсын деген ақ ниетте жүрміз... Сұлтанбек төмен қарап, ойлана, толғана сөйледі.

– Көптің де тілегі көл ғой, тақсыр. Жаратқан ием жарылғар, Сізді, –деді Жанәбіл Сұлтанбекке қошемет көрсетіп.

– Жаратқан Хабар алмай қызыңнан,жол берсе жүремін-ау, бірақ менің өз жағдайымда бірер кемшілік болып тұр, – деп имам басындағы сәлдесін алып жанындағы жастықтың үстіне қойды.

– Ол не кемшілік, тақсыр?

– Аяғымда жолға киетін жарамды жақсы етігім жоқ. Мәсім де көне, жамап киіп жүрмін.

 – Ауылда етікші жоқ па еді?

– Әр жақтан жиылған ел ғой. Етікшіміз жоқ. Іздесек те таппай отырмыз, – деп имам езу тартты.

– Мен етігімді беріп кетемін. Киіп көріңіз. Аяғыңызға сиса болды, –деді Жанәбіл есік жақтағы етігі тұрған бұрышқа қарап.

– Қой, обал болар інім. Біреудің қажет нәрсесін алуға болмайды, ол өзі жан ауытрқанмен бірдей ғой.<--break->

– Жоқ, тақсыр, олай демеңіз. Мен ризалықпен, шын ықыласыммен беріп отырмын, оның обалы болмайды.

Қонақ бөлмеге үш адамға бөлек-бөлек төсек салыныпты.

Көпке дейін Қайыптың ұйқысы келмеді. Ойланып жатыр. «Бұл не жүрісім?... Неге кеттім елімнен?... Отанымнан айрылдым, Ақбөбек қалды сол жақта.. Тындырған ісім сол-ақ па?.. Кімге өкпелеп жүрмін өзі? Мұным есуастық емес пе? Алға койған менің бір ғана мақсатым бар ғой... Ақбөбекті жау қолынан алып шығу... тентірегенде Ақбөбек алдымнан шыға қоя ма? Мынауым жынды адамның жүрісі. Асылында мені бірдеме қаққан... Есі дұрыс адам өйтпейді. Мен Ақбөбектен алыстап кеттім... Ол менен, мен одан хабарсызбын. Менің жүрісім мынау болса, мұның артынан не күтуге болады?.. Енді білдім, бір нәрсенің салқыны тиген екен... Енді есім кірген сияқты ғой. Қой бұдан былай құдайға тәубе етіп, әулиелерге сиынып көрейін. Жаратқан ием жар болсын... Бағыт-бағдарым түзеліп кетер. Бұрынғы тілек бұрынғы, бұрынғы үміт бұрынғы... Бәрібір Ақбөбек мені күтіп отыр... Қыстың күні қыраулы, әзірге менің кездесе алмайтынымды ол біледі. Биылғы қыс өтсін. Жазға салым Ақбөбекті іздеп шығамын... Ендігі жерде мен Ақбөбекке бұрынғы жүрген ізбен бармауым керек. Оған елге белгісіздеу төменгі  тұстан  немесе  Шағадам   айналып,  бір бүйірден бармаса болмайды... Енді Ақбөбекті, осында әкелемін... Әзірге Маңғыстауға да, Бесқалаға да жоламаймын, көзге түсемін. Биылғы қысты осы Қорғантөбеде өткіземін. Ақбөбекке баратын жол-жосықтың жайын осы елден сұрап біліп аламын...»

Күбір-күбір сөйлескен екі молданың даусынан шырт ұйқыда жатқан Қайып оянып кетті. Көзін ашты. Бөлменің іші қаракөлеңке күңгірт. Кішкентай терезенің алдында білте шам сығырайып жанып тұр. Есік жақтан қатарынан үш құманды қолдарына алып сыртқа шығып кетті.<--break->

Қайып та тез орнынан тұрып, құманды қолына алды да олардың артынан үйден шықты. Сырттан дәретін алып келген олар, бірінің соңынан бірі тұрып таңғы намазға жығылды

Әр елде болып, талай жерлерде әркімдермен дастархандас болып жүргенмен Қайып молдамен бірге жүріп не онымен табақтас болып көрмеген еді. Екі молданың діни ортада көрген тәрбиесінде біріне бірінің көрсеткен қарым-қатынасы мен рухани бірлігі ықпал етті ме, Қайыптың жан дүниесі мүлде өзгеріс тапқан сияқты. Ол молдалардың қасында олармен өзектес, рухтас адам тәрізді сезінді. Осы мінезін көрген молдалар да оны қатты ұнатып қалған еді.

Таңертеңгі астан кейін Жанәділ:

– Киіп көріңіз, Сұлтеке, – деп есік жақта тұрған жап-жаңа қара былғары етікті әкеліп имамға ұсынды.

Киіп көрейін деп Сұлтанбек етікті қолына ала бергенде Қайып:

– Ақсақал, тақсыр, сол етікті кимей-ақ қойыңыз. Ағаның өзіне бұйырсын, – деді жайымен имамға қарап.

– Неге? – деп қалды Жанәділ молда.

– Өзім тігіп беремін.

– Етікшімісің?

– Иә.

– Бізбен жүрмейсің бе?

– Жоқ, осы ауылда қалам ба деп отырмын.

– Болды, болды балам. Онда осы үй өзіңнің үйің, жата бересің, – деп имам етіктерді орнына қойды.

Керуен жөнеліп кетті. Қайып осында қалды.<--break->

Сұлтанбек имам кесек үйінен өз алдына бір бөлме босатып берді. Қорғантөбеде әр рудан құралған шоғыр ел. Ауылда имамның өз аты ауызға алынбайды екен. Елдің атайтыны «имам», «хазірет», «молдеке».

Сұлтанбекті көптің қатты құрметтейтін себебі ол араб, парсы тілдерін жетік білетін, діни сауатты, құран сүрелерін халыққа қазақша жете түсіндіретін адам екен.

Қайыптың мінез-құлқын аңғарған Сұлтанбек оған ілтипат көрсете, іш тарта сөйлейді.Үйінде өзі барда тамақты Қайыппен бірге отырып ішеді. Қайып оның өткен өмірінен хабардар болып қалған. Түбі қазақ болғанмен, ол Самарқан маңында туып өсіпті. Кейін Бұхараға келіп оқып, медресені тамамдап шыққан. Бір замандарда бұл кісінің ата-бабалары сонау Ақмешіт жақтан ауып келген көрінеді.

Қайыпқа Сұлтанбек имамның ұнайтыны ол өзі кежірлігі, кикілжіңі жоқ ашық, сыпайы кісі. Имамның өз алдына отау тігіп отырған ұл-қыздары осы төңіректе қара шаңырақ әкеден ұзап кетпеген. Мешіт ұстаған имамның үйіне жалпылама адам кіре бермейді екен. Бұл үйге қонақ болып келген адамдарды көрген сайын Қайып имаммен ақыл-парасаты деңгейлес зиялы адамдар ғой деп ойлаушы еді.

Қыс, дәлу айының іші. Бұл шақта елде қыс қақап тұратын. Көз аштырмайтын қарлы боран соғатын. Қорғантөбенің күзі жылы, қысы жұмсақ болады екен. Қар жауған болады, артынша еріп кетеді, көбіне жаңбыр сіркіреп тұрады.

Бесін намазының кезі еді. Қайып түскі тамақтан кейін имамның конақжайынан шықты. Етік тігіп жатқан өз бөлмесіне барып, қалыптан жаңа шыққан қара былғары мәс пен сары былғары кебісті алып шықты. Дастархан жиналған бойы Сұлтанбек дуалға сүйеніп отырған.

– Киіп көріңізші аға, – деп Қайып мәс пен кебісті Сұлтанбектің алдына қоя салды да, өзі де отыра кетті.

Молда мәс пен кебісті қолына алып, екеуін кезек-кезек аударып көре бастады. Таң қалған ол астыңғы еріндерін жымыра тістеп, басын бір изеп, бір шайқайды. Имамның өзі көріп жүрген Самарқанд, Бұхара елдеріндегі мәсті жұқа шерімнен тігеді және оның ұлтанын ширатылған жіңішке жіппен тігеді.<--break->

Қайыптың өнері өзгеше. Ол мәсті қара былғарының жұқалау жерінен алып шығарған. Әрі мәстің ұлтанын тікпей, майда ағаш шегемен ұстатқан. Қара былғарыдан тігілген тұмсығы сүйірлеу келген мәс аса сұлу көрінді. Имам мәсті аяғына киіп алды да, енді екі кебісті қолына алды. Жергілікті елдің киетін кебістері жалпақ өкше, жайын ауыз және кеспелтек таңқы тұмсықтау келеді. Қайыптың мәнері одан өзгеше, көзге сүйкімді көрінеді.

Сары былғарыдан тігілген кебістің сірісіне ернеуін сыртқа шығара қайырып, ішкі бетінен алтындай жалтыраған сары жез қағыпты. Ол жез мықтылыққа қағылған, сірін ішке майыстырмай ұстап тұрады. Сыртынан қарағанда әшекей іспеттес көрік беріп тұрады.

Мәс пен кебісті киіп алған Иман бөлменің ішінде былайда-былай жүріп жүр. Қатты сүйсінгеннен Қайыпты қолынан тартып орнынан тұрғызды. Оны бауырына алып құшақтады, маңдайынан сүйді.

– Ой, көп жаса, төрем. Осыны тіккен қолыңнан айналайын сенің, – деді имам қуанышы аралас аса ризалық білдіріп.

Өткен күннің белгісі жоқ, уақыт зымырап өтіп жатыр. Қайып Сұлтанбектің балаларына аяқ киім тігіп жатқан, әзірге бітіре алған емес. Ауылда етік тіктірем деп көз тігіп жүргендер көп. Ауыл жағдайын байқаған Сұлтанбек бір күні Қайыпқа:

– Қарағым, Қайып, – деді іс тігіп отырған бөлмеге кіріп, – менің аяғыма көзі түскен адамдар саған етік тіктіреміз деп сырттай сұқтанып жүрген көрінеді. Ескертіп айтып қояйын, басқа үйде жайың болмайды. Сені баламдай көріп айтып отырмын. Біз сияқты бірен-сарандар болмаса, елдің бәрі киіз үйде отыр. Еліңе қайтқанша осы біздің үйде боласың.

– Қазақтар етікті үйіне жатқызып тіктіреді ғой.

– Жоқ төрем, сені елден қашыртып отырғаным жоқ. Халыққа қызмет ет, сауабы тиеді. Өнеріңді аяма, тіге бер етікті. Бірақ жұмысыңды біздің үйде жатып істейсің. Мен сенің жағдайыңды ойлауым керек.<--break->

– Жарайды, аға.

– Келістік.

Адамы аралас, қойы қоралас болып, осы маңға жайғасқан қалың ел той-садақасыз, ойын-сауықсыз отырмайды. Қайып ондай жиынның біріне де барған емес. Бұл бұрынғының бәрінен айырылып, өзге өмірдің қалыбына түскен адам. Оқымысты имамның ыңғайына беріліп, оның тізгін тәртібіне ауысқаны ма, осы үйдің табалдырығынан аттағалы бес уақыт намазын тастамайтын әдетке ұшырады. Той-тамаша десе бұрынғыдай бой қызу, талпыныс деген жоқ. Ақбөбекті ауыт-ауыт еске алады, бір сәт мең-зең күйге түсіп ойланады, толғанады. Артынша су сепкендей басылады. Ол екпіндеген бой қызуын, жүрек лүпілін сол Ақбөбекке түгелімен тастап кеткен тәрізді.

Сайрап тұрған көкірегіне құйылып жататын сиқырлы ән қайырымдары мен тоғысып кететін өлең тізбектерінің қазір бірі жоқ. Ой қайырымында жанды түрткілейтін ешбір үрдіс қалмаған. Дені сау, есі түзу, арғы-бергісіне сана сезімі жетеді. Бірақ оның бар болмысы сол қалыптан аспай тұр. Қай жағынан екендігін кім білсін, әйтеуір имамның бар ықыласы, мейірі Қайыптың үстінде. Елішілік қой ғұлама адамды көп жерде қонаққа шақырып тұрады. Молда Қайыпты соның бірінен де қалдырған емес. Баратын үйіне өзімен бірге ертіп жүреді. Екеуі бірге жүріп, Самарқанд, Бұхара елдерін аралап қайтты. Құтты дастарқан басында зиялы ғұламалардың үлгілі сөздерін есітіп, жүйелі әңгімелерін тыңдау, олармен қатар отырып, сұхбаттас болудың өзі Қайыпқа үлкен ғибрат аларлықтай өмірдегі есігі жаңа ашылған жан тербетер жаңалық еді. Осындай тәлім алар, көңіл ашар көріністер оның ой-өрісін одан әрі ұлғайтып, дүние танымын әсте тереңдетіп кеткен сияқты. Қайып осы күнде көп ойланады. «Жақсы көп пе, жаман көп пе? Адал көп пе, арам көп пе?.. Қаныпездік жасауы қалай?.. Сауап көп пе, күнә көп пе?..» ой түбіне жете алмай, өз-өзінен әуреленеді...

Қыс өтті, көктем белгі берді. Қайыптың бойы тағы да желдене бастаған секілді. Ақбөбекке деген сағынышы күннен күнге үдей түсті. Онда Ақбөбекті алып қайтам деген жалғыз ғана мақсат бар.<--break->

Қайыптың зейіні көп нәрсені енді аңғарып жүр. Елде оның ұстаздары Сабытай мен Хайролла еді. Орыс патшалығын, Хиуа хандығын солардан еститін. Көп мұнаралы Самарқанд шаһарын өз көзімен көрді. Бұхара шаһарын аралады. Білім ордасы саналатын осы екі қала оған хандық құрып отырған өз алдына бір-бір мсмлекет сияқты болып көрінген. Имам Қоқан хандығын атаған. Ауған жұртын, Иран, Осман патшалықтарын атап, олардың бәрін де мұсылман елдеріне жатқызған.

Сұлтанбектің тағы бір айтқаны есінде.

–  Біздің қазақтың табаны тимеген жері жоқ. Мұхамед пайғамбардың елі  бізден тым қашықта, жердің түбінде жатыр. Сонда барып қазақтар Мекке шаһарында мешіт құрып, немесе тастан там салып, қазақ елінің ұлттық белгісін қалдырып кетеді екен, – деген бірде Сұлтанбек. Қайып «Ақбөбекті алып осы елдердің біріне ауып кетсем болады екен ғой» деп іштен ойлап қоюшы еді. Дүниенің кеңдігін енді байқағандай ол.

Қайып бұл елде ешкімге сыр ашпаған. Сұлтанбекке айтқаны:

– Есім кіресілі-шығасылы науқасты жігіт едім. Керуенге еріп, Ауғанстанға барыппын. Сол жерде есім кіріп, науқасымнан айыққандай болдым.

– Білгір ғұламалардың айтуына қарағанда бір нәрсені көп ойлап, жан азабына түсе берсе, адамның жүйке тамырына зақым келеді екен. Содан ол ауруға шалдығады. Қазақтар кейде оны «құса» болып ауырды дейді. Қайдан білейін, сондай кеселге жолықпасаң, – деген еді Сұлтанбек сонда.

Қайып түсіне тұрса да, ар жағын қозғамай қоя салған. Сұлтанбек сыр тартарлығы, қазымырлығы жоқ кісі. Сонша әңгімелесіп жүргенде, Қайыпқа «үйленіп пе едің?» деген бір-ақ сауал қойған екен. Сол сауалға Қайып «иә» деп жауап қатқан.

Бұл ел құдық дегенді білмейді. Мал суаруға, ішерге арықтың суы ағып жатыр. Ауыл айналасы қалыңдық. Шөл даланың сексеуілі болмайды. Ылғалы мол жерде шеңгел, қара сораң, жантақ, мия сияқты бойы өскелең өсімдіктер малға жақсы азық көрінеді. Жер бетін шаруашылық пен ажырық жауып жатыр. Жылқы мен ұсақ жандықтар жерден бас көтермейді.<--break->

Қайып Қаракерді арықтың жағасына жетелеп барып, аяғын тұсап жібере салатын. Күніне бір мәрте басына жем іледі.

Наурыз айының іші. Енді бірнеше ұстауы бар, оразаның аяқталып қалған кезі. Бүгін күн шағырмақ. Қайыптың ауызы ораза. Күн батардың алдында Қайып қолына жем салған шашақты қызыл дорбасы бар арықты жағалап келеді. Қаракерге жақындай бергенде, жігіт қалт тоқтады. Қатты шошынған ол өз-өзінен сіресе қалшиып тұрып қалды. Қаракер аяқ үстінде зорға тұрған сияқты. Бас жағы көнектей ісік. Жабылған қабағының астында екі көзі жұмылып кеткен. Жем ілдіруге басы сияр емес. Ат дірілдей бастады. Бірде қалтырап, бірде басылып біраз тұрды. Бір уақытта гүрс етіп құлады. Қайып жалма-жан барып, атының тұсауын шешті. Көп жатпай, аяғын бір-екі серіпті де, жануар жан тапсырды. Бұл жақтың қарақашақ дейтін өте улы жыланы болады. Ту сырты жып-жылтыр қап-қара, астыңғы бауыр жағы жылтыр сары. Адам да, мал да ол шақса тірі кету қиын. Қаракерді сол қарақашақ, улы жылан шаққан болуы керек.

Қайып осы жуық арада ауыз ашқан соң Шағадамға жүрем деп отыр еді. Кетерде имамға:

– «Елге барам, әйелімді алып келем», – деп кетпек болған. Қайыптың негізгі ойы Шағадам арқылы Ақбөбекті осында, Қорғантөбеге жеткізу. Бұл жақтың жолының жеңіл болатынын ол шамалаған болатын.

Көп жылдан бері жан серік болып қалған жалғыз атынан айырылу Қайыпқа қатты батты. Үш-төрт күннен бері бүк түсіп жатқан.<--break->

Айтқа қарсы «ертең ауыз ашар» деп отырған күні аспаннан түскендей болып Маңғыстаудан Жарылғап келе қалды. Екі жігіт төс қағыса жылап көрісті.

– Аманшылық па? Біздің шал-кемпірден хабар бер. Аман ба әйтеуір? – деді Қайып бірден.

– Аман, аман. Бұл жаққа жүрерде үйіңе барып шықтым. Сенен басқамыз түгелміз, – деп Жарылғап Қайыптың бетіне күле қарады.

– Мен жердің түбіне асып кеттім деп жүрсем, Қайдан есітіп келдің?

– Ызыңы бар желден есіттім, сыпсыңы бар елден есіттім. Екі жігіт кеуделерін керіп, біраз күлісіп алды. Есік жақта бір кезде күміспен көмкеріліп жасалған Қаракердің ер-тұрманы жатқан, Қайыптың көзі соған түсті. Аты есіне түскен ол реңі өзгеріп, лезде күлкісінен тиыла қалып еді. Түйіле төмен қарап отырған Қайыпқа қарап Жарылғап:

– Бір жайсыз нәрсені ойлап отырсын ғой, – деді.

– Әй, жоқ, – деп айтпай қоя салды Қайып.

– Тым шеттеп кетіпсің. Бұл жерге не іздеп келдің?

– Өзім де білмеймін. Керуенге еріп жүргенім шала-шарпы есімде сияқты.

Жарылғап ар жағын қазып сұрамады. Енді ішке симай тұрған өз хабарын бастап кетті.

– Жолымыз оңына оралды, – деді Жарылғап, – Біздің ауылдан Назар екеуміз шыққанбыз. Қыста бір суық хабар есіткенбіз.

– Иә, айт. Қандай хабар?

– Бесқалаға барған базаршылар айтып келіпті.

– Не деп?

– Қалаға жете беріс жолда өліп жатқан бір жас жігітті көрген құсайды. Сені танитын адамдар оның түрін саған ұқсатыпты. Суық сөз жата ма, осы хабар бар маңдағы елге тарап кетті. Бәрінен де бізге ауыр соқты. Қыстайғы көрген күнімізді сұрама, ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болды ғой.<--break->

– Иә, сонымен?

– Назар Бесқала жолын жақсы біледі емес пе. Сол өлікті өз көзімізбен көріп келейік деп белді бекем будық та, Назар екеуміз жолға шыктық.

– Өлікті таптыңдар ма?

– Жалғыз моланы таптық. Аштық. Көрдік. Киімі мүлдем басқа, бітім-тұлғасы өзгеше. Саған ұқсамаған соң, жүрегіміз орнына түсті.

– Ар жағын айта бер, мынауың қызық болды ғой.

– Қалаға келдік. Базар араладық. Кешке қонатын жер іздеу керек. Осында тұратын менің кәрі нағашымның баласы молда кісі бар. Өзі ұлықтардың сауда жасайтын керуендеріне молда. Абыройы күшті адам. Соның үйіне бардық. Құдай айдап барғандай болдық. Сенің хабарыңды сол Жанәділ молда айтты.

– Иә, иә, – Қайып иығын көтере қопаңдап отырып тыңдады.

– Әңгіме үстінде сен туралы айттық қой.

– Ол жігіт бізбен бірге Ауғанға барып келді, – десе бола ма Жанәділ.

– Ойбай, ол қайда жүр? – дедік біз.

– Қорғантөбеде қалды, – деді молда нағашым.

– Сендерді ол үйге құдай айдап барыпты ғой, – деп Қайып Жарылғаптың иығына қол артты.

– Ел құлағы елу деген осы. Жүрегім жарылып қуанып отырмын. Тірі жүрсең болды,– деді Жарылғап құрдасының арқасынан қағып.

– Елден кеткеніме өкінетінім ата-анамды қамықтырып кеттім. Солардың назарына қалдым. Сосын Ақбөбектен алысқа шығандап кеттім. Әйтпесе бұл жақтан жамандық көріп жатқаным жоқ, – деп бастады Қайып енді өз сөзін, – сенің нағашы жұртыңнан екен. Жанәділ Бесқаланың молдасы, есі бар ғүлама адам. Сол кісіні мен дертіме шипа бергендей көргенмін. Жанында жатып ұйықтадым. Түнде түс көрдім. Ол мені иығымнан тартып оятты. Содан кейін есім кіре бастады, санам ашылды. Сауықтым да кеттім.<--break->

– Алланың рақымы түскен ғой. Жазылсаң болды.

– Қазір осы Қорғантөбе елінің имамы Сұлтанбек деген ғұламаның үйінде жатырмын. Осы кісіге жолдас болғалы жаһан дүниені танығандай көкірек көзім ашылды. Мектеп көріп, ұстаздан тәлім алған ылымды жандар осындай болады екен. Біздердің елде көргеніміз болыс пен ояздың ұлықтары. Соларды құдайдай көріп, маңына жуи алмай жүруші едік. Кімнің кім екенін енді біліп келе жатырмын.

– Иә, иә, көп нәрсеге кейін түсініп жүрміз ғой. Есіңде ме, Козловский қандай иі жұмсақ кішіпейіл адам еді. Білікті, үлкен ғұлама деп соны айтса болар.

– Қаракерден айырылдым, Жарылғап, – Қайып есік жақта жатқан ер-тұрманға қарай қабақ көтерді.

– Ойбай-ау, не болды оған?! – деп Жарылғап тіксіне қарады.

– Жылан шағып өлтірді.

– Ой, жануар–ай, есті мал еді, – деп Жарылғап басын шайқай берді.

– Ақбөбекке жүрейін деп отыр едім, – деді Қайып қиналыс үстінде отырып.

Жарылғап қапелімде ойланып қалып еді. «Бұл әлі күдерін үзбепті ғой... Ақбөбекке тағы барсын, оның арты не болады сонда? Осының, ажалы Ақбөбектің үстінде болмай ма?.. Ояздың үкімі қылыштың қыры. Қолында ояздың үкімі қағаз тұрғанда Есжан мұны аяй ма, табанда өлтіреді... Қайыпты ол бетке жуытпау керек.»

– Ақбөбек өлді, барам деп әуре болма, – деп қалды Жарылғап томсырайып отырып. Өз-өзінен именіп, Қайыптың бетіне қарай алмайды.<--break->

– Не дейді! – деді Қайып селк етіп.

– Солай деп есіттік.

– Ойбай-ай, ит кедей ақыры өлтіріп тыныпты ғой!

– Иә, дегеніне жеткен білем...

– Ай, асыл арман-ай, ойрандалдың-ау! – деп Қайып саусақтарымен қос шекесін қысып отырды да, көз жасын төкті. Арман тілегі опырылып, жігер-қуаты жер болған Қайып қайғымен етбетінен түсіп жатты да қойды.

– Бізге сенің тірілігің керек, – деді Жарылғап Маңғыстауға қайтайын деп жатқанда, – Алланың ісіне амал жоқ. Мен де әйелі өлген кісінің бірімін. Арты түзеліп кетті ғой...

– Мен де елге қайтсам қайтеді? – деп Қайып ішін білдірді.

– Жоқ. Қайтпа. Бұл жұрт «Қорабайдың баласы тентіреп кетіп, тентіреп келді» деп сөз қылады. Мен әуелі ауылға барып, ата-анаңды қуантайын. Сосын көп ұзатпай қайтып оралам осында. Мен келгенше осы елден өзіңе ұнайтын бір қыз қарастырып қой. Сені осында үйлендіріп, сосын елге көшіріп әкетем. Түсіндің ғой, бауырым. Ендігі жерде дұшпанға күлкі болмайық.

Жарылғап кеше  Қаракердің күміспен күптелген ер-тұрманын үйден ала шыққан.

Құйрық-жалы келтелеу имек мойын, ұзын сирақ, омыраулы боз айғырдың тізгіні шеңгел қораның белдеуінде байлаулы тұр. Тартпаға төстігі шығыңқы, айыл тартатын жағы қапсағайлау әлі жалпая қоймаған сауырдың дөңестігі сәйгүлікгің жас мал екендігін көрсетіп тұр.<--break->

Қайып боз айғырдың жалынан ұстап, жонынан қағып тұрып, тамсана қызықтап еді.

Жарылғап оған Қаракердің ерін салды. Сосын айғырдың сауырынан сипап-сипап қойды да, Қайыпқа күле қарап:

– Мә, мынаған мін де, ауылды бір айналып келші, – деді.

Ештемеден хабарсыз Қайып атқа мінді де кетті. Біраздан кейін қайтып оралып, боз айғырдан түсті.

– Әй мынауыңның тек сырты сұлу ма деп тұрсам, жүрісі тым бөлек қой. Жайқалған төкпе жорғаның өзі. Ой жануар-ай,– деп Қайып басын шайқай таң қала сөйледі.

– Есіңде ме,– деді Жарылғап аттың омырауын сипап түрып, – Ана жылғы Сәдуақас айдап келе жатқан жылқылардың ішінен бір сары бие шауып бара жатып құлын тастап еді ғой. Құлыны жерге түскенде кідіріп, артына қайтқан жануар. Көріп тұрдық қой сонда, есіңде болар.

– Иә есімде,– деп күлді Қайып.

– Мына тұрған боз айғыр сол сары биенің сондағы құлыны. Сәдуақас сонда сол құлынды биені біз екеумізге тастап кетіп еді ғой.

– Есімде, есімде. Жатқан жері жайлы болғыр Сәдуақас сөйткен.

– Мә, осы айғыр саған. Қаракердің орнына мін, – деп Жарылғап тізгінді Қайыптың қолына ұстатты.

«Алмаймын» деп Қайыптың тартынғанына көнбестен Жарылғап боз айғырды белдеуге байлап кетті.

Жастайынан тайдай тебісіп бірге өскен, өсе келе сырлас, мұңдас болып, біріне бірі дегенде жан ашырлығы былай тұрсын, жан қиярлығы бар, өзді-өзіне шексіз қамқор, қимас достар еді бұлар. Жарылғап «Ақбөбек өлді» деп айтып қалған өз сөзіне өзі тым қиналып тұр. Сол сөзі Қайыптың алдағы көретін келешек тағдырына өмірлік жалған боларлықтай айқын жол аша ала ма, әлде оның қалған өмірін бұрынғыдан бетер күйретіп кете ме, осы жағына Жарылғап ой жеткізе алар емес. Әрі Қайыпқа жаны ашиды, әрі Ақбөбекгі өлдіге қимайды. Жарылғап тұңғиыққа тіреліп тұр. Алдында тұрған аяулы Қайып пен елде қалған аянышты Ақбөбек жағдайын қанша ойлағанмен, Жарылғап үміт дүниесінен бір саңылау таба алмай қиналады. Ол Қайып пен Ақбөбекті табытқа салғандай ауыр сезімде тұрып қоштасты....<--break->

Алпысыншы тарау

 

Ояздың төрелігінде ұтып шыққан Есжан қайтқан көшті еліне жеткізген соң ауылда көп айналмады, ат тұяғын суытпай сол оязға қатарынан екі мәрте барып қайтқан, бірінде байдың ұлы сияпалы мырза деп қасына Есбергенді алып еді, одан кейінгісінде жолымыз сұсты болсын дегендей ауыл әкімдерінің бірі Бозым болысты ертіп шықты. Алғашқы барғанында уәде бойынша Бостан тілмәштің үйінде болып, апарған сый-сияпатын Есберген мырзаның қолымен ұстатты, соңғысында ел төресі деп ертіп барған Бозым болыс арқылы ұлықтың көңілді жерінен басқан. Ондай жерде құр қалсын ба, Демесінді өз алдына қалжалап кетті Бозым.

Ел арасындағы сыпсың азайған, дау басылып, ауыл іші тыныстап тыншығандай болып еді. Ояздан қайтқан соң, Ақбөбек өзіне өзі жаны қастық жасап, әйтеуір сан себеппен әр өлімнен қалған. Бәрібір одан кейін де ол оңалып кете алмады. Іш құсалықпен жүргенде күннен күнге азып, салдырап сартап күйге түскен.

Демесін әйелі екеуі оның түрінен корқайын деді. Өліп қала ма деп қатты сасқан Демесін Есжанды қайта-қайта шақыртып алып, қорқынышын айта берді. Содан кейін Ақбөбекке күзетші қоймайтын болды. Басына еркіндік берілгенмен, Ақбөбектің көңілі оған көтеріле қоймады.<--break->

Есжан Есбергенге тісін қайрап жүретін. Ол Ақбөбекті қалай иге көндірудің жолдарын талай жерде айтып, әбден үйретіп баққан. Есберген ол айтқанның бірін де қылмай кетті.

Бүгін бала жібертіп, Есбергенді әдейі шақыртып алып отырғаны.

– Салаумалейкүм.

– Әлейкімәссалам.

– Мені шақырттың ба?

– Иә, шақырттым.

– Не айтасың.

– Отыр. Бері жақында. Әй, әйеліңмен сөйлесіп жүрсің бе?

–Жоқ.

– Неге? Корқып жүрсің ба?

– Ол қатын ымыраға келетін қатын емес. Көзге көрінсең, теріс қарайды. Күле сөйлесу деген жоқ.

– Әй анаңды... неге күлсін о қатын. Қатынды күлдіретін қасындағы байы емес пе? Оған күлетіндей қылық қылдың ба?

– Не қылық керек оған?

– Иттің айтып отырғанын қара. Еркекпісің өзің?

– Еркекпін.

– Еркек болсаң, еркектің әйелге жасайтын қылығын білмеймісің?<--break->

– Білем.

– Білсең, білетініңді қатыныңа істемейсің бе?

– Өзі ризалығын беріп, құшақ жайып жатпаған соң...

– Әй сімсік неме! Біреудің қойнында жатқан қатынын әкеліп отырсың ғой. Ол оңайлыкпен құшақ жая ма саған. Оны сен зордың күшімен қатын қылуың керек.

– Оған менің батылым жетпейді.

– Әй-й-й сондай ынжықты жаратқан қандай құдай екен?! Өз әйеліңді бауырға тартуға не батылдық керек? Қолың бар, қаусыр құшаққа. Аяғың бар, қыс тақымға! Әйелді күлдірудің жолы сол, түсіндің бе өзің?

– Өйтіп күлдіре алмаспын...

– Оттама! Үш жылға кетті, сенің жігерсіздігіңнен әкең мен шешең азып өлетін болды ғой. Олар қан жұтып жүр, хабарың бар ма? Бүгін ақырғы сөзімді айтам, құлақ сал

– Иә...

– Бүгіннен бастап қатыныңның торсаңдағанына қарамай, қасына жат. Еркектігіңді жасап көр, оныңа көнбестей болса, мен тура айтайын, үйіңе жеңгелеріңнің бірін жіберем, екі қолын ұстап отырады, ар жағын өзің біл...

– Қой, аға. Болмайтын нәрсені айтпа, – деп Есберген орнынан тұрып кетті.<--break->

– Болмай ма?

– Жоқ! Өйте алмаймын.

– Онда өзің біл. О, қатынды сыртынан қарап жүріп, тағы да он жыл бақ. Ары қарай асырай бер. Сонымен қартай. Сосын өл!!.. – деп тістене, нықыра сөйлеп, Есжан орнынан сілкіне тұрды.

Демесін Ақбөбекпен жеке сөйлесіп, өз үйіне, ата-анасының қолына қайтаратын болып келісті. Есжан да оған қарсы бола қойған жоқ. Ояздың үкімінен кейін ол арқа-басын кеңге тастап, арқайын жүретін. Қайыптың Маңғыстау өңірінде жоқ екендігін ол біледі.

...Есжан байдың ауылы жаңа жұртқа бесіндікте келіп қонған еді. Бүгін түс кезінде осы ауылдың терістік бетіндегі бұталы ойпаңға қызыл-жасылды болып жасанған шағындау көш келіп қонып жатыр. Көшті қондырып, үй тігіп жатқандар өңкей еркек адамдар. Керегелер тез жайылып, шаңырақ бірден көтеріліп еді. Бір пәсте ақ жамылған ақ отау көрінді. Ол үйді Есжан аулының бірі елесе, бірі елемеген.

Демесін бай Ақбөбекті ақ отаумен көшіріп жіберген. Екі келіншек: Ақбөбек пен Рабиға үйдің ішіне төселген ақ текеметтің үстіне барып отыра кетті. Алдын ала бір жаңалық күткендей екеуі біріне-бірі қарайды.

Есжан әлгі үй көшіріп келген жігіттерді ертіп, Есжан байдың үйіне қарай бара жатыр.

– Жау шапқырдың елі, еркегінде де, әйелінде де түйір ақыл жоқ, – деді Ақбөбек бұрамы қиғаш ақ термелі жаулығының бір шекесін шығара қабақ қырын тікірейтіп, басына тартып жатқанда.

– Немене? – деп Рабиға оған қарады.

– Демесіннің әйелі жүрейін деп жатқанымда, маған: «шырағым, ата-анаңның қолына бара жатырсың, басыңа қызыл тартып, қыз болып бар» десе бола ма. Мен: «қайтадан қыз болам деп құдай мен елімді алдайтын жайым жоқ. Мен Қайыптың некелескен әйелімін», – дедім де, әкелген қызыл шарқат орамалын өзіне қарай лақтырып тастадым.<--break->

– Зердесінің жеткен жері сол оның. Соны өзі әулие көріп айтып тұр ғой, – деп Рабиға мырс етті.

Арадан сүт пісірім өткенде, ауылдан Қалияш пен Аюп жетті. Есіктен кіре бергенде, орнынан ұшып тұра келіп, Ақбөбек Қалияштың мойнына асыла кетті. Екеуі қатар сыңсығанда үйдің іші күңіреніп кетті. Сыңсуының арты өксікке айналып, екі келіншек ұзақ жыласып алды. Жерде отырған Рабиға төмен қарап көз жасын жаулығының ұшымен сүртумен болған. Аюп керегеге сүйеніп жылап тұр еді, құшақ жазыса алмай егіліп тұрған Қалияш пен Ақбөбектің жанына жақындап барып: – Қойыңдар енді, – деп екеуінің иығынан жайымен кейін тартқандай болды.

Есқуаттың үйі бұрынғыдан кеңіген, іші-сырты қайта жабдықталып, енді сегіз қанат ақ орда атаныпты. Ақбөбектің қос отауының бірі сол орданың қатарында бой түзеп тұрған. Ақбөбек сонда жайғасты. Екі күн бойына ауыл адамдары жамыраса келіп, Ақбөбекпен амандасып жатты. Сол күні-ақ Ақбөбек Аюппен барып, Тоқпан мен Қарасайдың үйіне бет сипап қайтты. Тоқпанның шешесі мен Қарасайдың әйелі Зағира жарадан қайтыс болған ғой.

Есжан бай дін ашпастан қабарып көп отырды. Ал Демесін жағынан келген Есжан төркіндік сөзі жоқ, көбіне тоңқ етері басым бірбеткей адам. Ол байдың қасында тіпті ашыла алмай отыр.Тамақ желініп, ас қайрылған соң Есжан бай:

– Ал, қонақтар, бұйым-қызметіңді айт, – деді мойын бұрмай отырып. – Рақмет, бұйым бітті, – деді Есжан.

– Елдің хабарын айта отырмадың-ау, – деп Есжан бай өкінішін сездіргендей болып еді, Есжан батыр оның сөзін іле:

– Отағасы, қыз сенікі болғанда, жесір біздікі еді. Кеткен жерінен жесірімді қайтарып әкелдім, айып етпессіз, – деді қанталаған көзін есік жаққа тіге отырып.<--break->

– О жағына барсаң, айыпты саған жүктеймін. «Неге?» дейсің ғой. Кеткенде жесірің кімнің қолында еді? – деді Есжан бай.

– Сіздің қолыңызда болған.

– Сөзіңе құлдық, жесірің менің қолымнан кетті ғой. Жесіріңді іздемей бір жыл жаттың үйіңде. Мұның қалай?

– Өлім-жітімді болдым. Кезінде үйден шыға алмадым.

– Еліңде сенен басқа жесір даулайтын тірі жан жоқ па еді?

– Болмағаны ғой...

– Кедейдің тірісі жалғыз сен екенсің ғой, – деп Есжан бай кекесінді кейіпте мырс етті.

– Не десеңіз де сол, отағасы, – деді Есжан батыр ашумен қызара бөрітіп.

– Қазақ жесірін ізін суытпай іздейді. Оны тез қайтарып, үйіріне қосса жарар, сенікі не, арадан жыл өткенде, біреудің қойнында жатқан әйелін тартып әкеліп, онымен тұрмай бауырындағы баласын өлтіріп кеткенің адамның, құдайдың жолына жата ма?

– Ашу үстінде солай болып қалды.

– Бұған екі дүниеде де сен айыптысың.

– Болсақ болармыз...<--break->

– Біздің елдің де алаңғасар есуастары бар. Біздің бір тентек сонау түрікпен жеріне барып, бой жеткен қызын атқа өңгеріп келіпті. «Түрікпеннен жесір әкелдім» деп мақтанып отырған тентекті байлатып тастадым да, түрікпеннің қызын қиянда жатқан әкесінің қолына өзім апарып тапсырып келдім. Есуастың бұйдасын түріп жіберсең, ол заңғар жүрген жерін бүлдіре жүреді, – деп Есжан бай келгендердің қытығына тие сөйледі.

– Қатты кеттің ғой, байеке, – деді айтар сөз таппай екі иығын қимылдата берді Есжан батыр. Бай оны елемеген сыңайда орнынан тұрды.

Есжан батыр үйден ренжулі кейіпте томсырая түйіліп шықты.

Ақбөбектің мойнына Демесін байдың құрығы түскеннен бері оның ұдайы тартып келген қайғы-қасіретін бөліп, іш дертіне қайыса ортақ болып жүрген жанашыр жан Рабиға бұл жолы онымен құшақтаса, арқа қағыса күліп тұрып қоштасты.

Келген күннің ертесіне Ақбөбекті ата-анасының қолына тапсырған Есжан батыр көшін жетектеп кейін қайтты. Оңаша үйде бой жазып демалсын дегені ме әкесі Ақбөбекке арнап, өз алдына отау тіктіріп қойған. Ақбөбек келгелі бұл ауыл бұрынғы сабасына қайта түскендей болып еді. Қызы қашып кеткен үйге келе беруге аяқ тартып жүрген жұрағаттар енді біртіндеп келе бастады.

Келген күннің ертесіне үй іші Ақбөбектің кейіп-кескінін көріп, қатты шошынған. Әсіресе Есқуат пен Дүйсен ашулы. «Ана Демесін бар ғой нағыз малғұнның өзі. Оның Есжаны қанішер, жендет! Оларды адам қатарына қоспаңдар» деп кіжінеді. Қайын сіңлісін көргенде, Қалияш көз жасын ұстап тұра алмас еді. «Ой, дүниелері тұл болғырлар, мына қызды не күйге түсіріп қойған?» деп тыпыршып кетердей жер теуіп қарғайды.<--break->

Ақбөбек отауында жаюлы қызыл текеметтің үстіне төсеген қалың құстөсекте киімшең бүкшиіп қана жатыр. Оның қасында жаңа бір әзірде келген шешесі Зиба жатыр. Қызының бетінен көз айырар емес. Үңіле қарап, өз-өзінен шошына түседі.

– Денің сау ма өзі, қарағым?

– Сау білем, ауырып жатқан жерім жоқ.

– Аш болдың ба?

– Жоқ. Қасымда ас-ауқатыма қарайтын күтуші әйел болды.

– Мына түріңнен қорқып отырмын. Ана қағынғыр Қайыбың дуалап кеткен жоқ па екен?

– Иә, ол мені, мен оны дуалап қойғанбыз, – деп Ақбөбек жымиып күлді.

– Қойшы әрі, – деді шешесі сенер-сенбесін білмей отырып. Онда молдаға оқытсақ қайтеді, дуаны қайтарар.

– Онда Қайып екеумізді бірдей оқытыңдар, болмаса менікі қайтпайды, – деп тағы жымиды Ақбөбек.

– Ой, Бекет-ай, – деді Зиба орнынан тұруға ыңғайланып. Үйіне барып, шалымен ақылдасу ойында бар.

Ақбөбек сыртқа шығып еді, үлкен үйдің маңынан Аюпты көріп қалды. Бері қараған Аюпқа бұл қол бұлғады. Сосын өзі үйіне кіріп, әлгі ақ түйенің жүнінен оралған шүйкені саусағына кигізді де, ұршығын иіре берді. Аржай Аюп есіктен күле кірді.

– Ежеме жолығайын деп едім, – деді Аюп асығыстан сездіріп. Айтарын кібіртіктеп айтты. Ішінде бір астарлы ой бар секілді.<--break->

– Не демексің Ежеңе?

– Қайын жұртқа барып қайтсам...

– Қашан үйленесің?

– Ежем біледі. Бұрын саған қаратып жүрген сияқты еді.

– Бері қара. Бүгін Ежеңе жолықпай-ақ кой. Ертең өзім сөйлесем. Сені қыс түсе үйлендіреміз, – деді Ақбөбек жүресінен отырған Аюпқа тікелей қарап.

– Ой, алақай! Айналып кетейін сенен! – деп Аюп Ақбөбекті құшақтай алып, маңдайынан сүйді.

– Шаруаңа қарай бер. Келістік қой, – деді Ақбөбек саусағынан шүйкесін шығарып, ұршығын былай қойып жатып.

Ақбөбек жалғыз жатса, елігіп ұйықтай алмайтын қыз күніндегі әдетін тастаған. Түнде сыртқа шығуға қорықпайтын болған. Демесін ауылында өткізген өмірі оны батылдыққа, ерлікке үйреткен тәрізді. Оған тағы бір әдет жабысқан ба, жеке отыруды, оңашаны ұнататынын байқатты.

Есқуаттың үйінде таңертеңгі шай ішіліп болған, Қалияш дастарқанды жинастырып жатыр. Есқуат анда-санда қарындасының кескін-келбетіне көз иығын тастап қояды. Оны іштей елжіреп есіркейді. Жаны ашып аяғаннан оған ләм деп тіл қата алмайды. Тек көзбен жебегеннен басқа шара таппайды.

– Ағаеке, – деді Ақбөбек көзін төмен салып отырып.

– Иә, қарақ.

– Аюпты үйлендіретін мезгіл жеткен жоқ па?

– Жетті, жетті. Береріміздің бәрін үзіп койғанбыз.

– Онда ырың-жырыңның жоғында сол келінді түсіріп алайық.<--break->

– Болады ғой, «ырың-жырың жоғында» дегені несі? деп Есқуат іштей ойланып. Бірақ әңгімеге өзге сөз араластырмады.

– Кідірудің қажеті жоқ.

– Шалмен сөйлесіп көрейін.

– Бар жердің қызы ма екен?

– Жатақтың қызы деді ғой.

– Жатақтың қызы болса, үй тігіп келе алмайды ол.

– Әрине.

– Ағаеке келінді өз колымызға түсірсек қайтеді?

– Молдаекем не дейді? Бізге режімесе болды.

– Аюптың әке-шешесі жас, өз шайын өздері қайнатып ішер.

– Сөйлесіп көрерміз.

– Менде бір ой бар, ағаеке.

– Айт, қандай ой?

– Маған арналған қос отаудың бірін үлкен үйдің қасына тігіп, келін мен жігітті соған кіргізсек болмай ма? Екі үйдің қазаны жеңешемді шаршатып болды ғой. Жас келін үлкен үйдің шай-суына қарасып тұрар.<--break->

– Оның да дұрыс-ау, бірақ ол отау сенің мүлкің ғой.

– Мен енді кімге барсам да қос отау тікпеймін, біреуімен кетем, – деді Ақбөбек қарсы алдында отырған Қалияшқа қарап.

Есқуат қапелімде сөзін кідіртіп, көзін есік жаққа қарай аударды. «Кімге барсам да...» Бұл қыздың мұнысы несі? «Енді кімге кетпекші...» Есқуат қарындасының сөзінен іштей күдіктенді де қойды.

Шайдан кейін Ақбөбек отауына кеткен. Өз ауылының жай-жағдайын тосырқап қалған ба, ауыл арасының көрінісіне бұрынғыдай қызыға қарауды койған. Адамды елеңдететін дүниенің қызығы қалмаған секілді.

Өткен түнде Қайып түсіне кіріп шыққан. Оның бейнесі алыстан елестейді. Ақбөбек солай қарай ұмтылады. Қайып соған мәз... Ақбөбек сол түсін қайта-қайта еске түсіріп отыр.

Қалияш есіктен қарады.

– Жеңеше мында кел, – деді Ақбөбек «отыр» дегендей қасынан қолымен орын нұсқап.

Қалияш оның жанына келіп, иық тірестіре отыра кетті.<--break->

– Бүгін Қайып ойымнан кетпей отыр, – деді Ақбөбек Қалияштың оң иығына басын сүйеп.

– Сағынғансың ғой.

– Ол өзі қайда жүр? Бір белгісін беру керек еді ғой.

– Қайдам. Бесқалаға кетті дегенді ұзын құлақтан есіткенбіз.

– Иә, кетуін кетті. Неге алыстап кетті сонша. Түсінбей отырмын.

– Білмедік кой. Саған айтып кетпеді ме?

– Уақыт болды ма оған. Сөзге келтірмей, екеумізді екі жаққа ажыратып жіберді.

– Ендігі ойың не?

– Қайып қалай да мені алып кетеді деп жүрмін.

– Ояздың шешімін бұзып кетсе не болады?

– Оған ол қарамайды. Тірі жүрсе, менен ажырар ма?

– Қолынан келсе.

– Оның қолынан келмесі бар ма, ақыры құтқарады.<--break->

– Жарқын-ай, – деді Қалияш Акбөбектің бір қолын өзінің тізесінің үстіне қойып. – Мен сенің ісіңе таң қалып жүрмін. Адам нанғысыз ержүрек болып кетіпсің. Жекпе-жекке шығатын батырдың жүрегі бар сенде. Құдайым басқа салмасын, өзіміз сенің көрген күніңнің біріне де шыдай алмаспыз, – деп Қалияш жағасын ұстады.

– Жеңеше мен бір нәрсені ойлап отырмын, – деді Ақбөбек өз ойын ортаға салмақ болып.

– Айт ойыңды.

– Қайып қайда жүр? Кеңістікке шыққанымды хабарлауым керек қой.

– Қайда жүргенін қалай анықтайсың?

– Аюпты Бегей ауылына жіберіп алсақ қайтеді? Сол елден біліп қайтар.

– Өзің біл. Барса барып қайтсын Аюп.

Қыс ортасынан ауған кез. Боранды күндер көбейіп, борасыны қалыңдаған шақта ел көшіп-қонып, жұрт ауыстыра бермейді. Малын қыстатқанда жұрт ықтасын панасы молырақ сексеуілді өңір бұталы қалыңдықты іздейді. Есқуаттың ауылы қыс басынан-ақ төменгі бетке ығысып, осындай жылы аймаққа ойысқан.<--break->

Жаз жайлауын күткен жоқ, Есқуат мырза теңіз жақтағы жатақтарға барды да, Аюптың қалындығын ұзатып алып қайтты. Зибаның күңкіліне қарамастан, Ақбөбектің ақ отауын тіктіріп, жаңа түскен жас келінді соған кіргізді. Күн қақты болмай өскен қағылездеу қызыл шырайлы келіншек бір көргеннен-ақ өзінің жұғымдылығын байқатып тұрған.

Ақбөбектің бетіне келіп жатқан ешкім жоқ. Жас келіннің жай-жағдайына өзі қарап жүр. Келін келген күннің ертесіне сырты әшекейленіп, сары қаңылтырмен қапталған коңыраулы құлыпты өзінің жасауы жатқан орыс сандықты ашып, ішінен өз киімдерін алып берді де, жас келінді бірсыпыра киіндіріп шықты.

Әке дәулеті жетеді. Есқуат мырза осы келін түсіру кезінде өзі қолына билік алғандай болып еді. Ол бір нәрсе істегенде, оның шығынына қарамайды, оған ол ісінің көріп тұрған көпшілікке ұнағаны керек. Оған керегі жұрттан мақтау, марапат алу. Аюпты үйлендірерде қарындасының айтқан ақыл-кеңесі мен істеген ісі оған ұнап қалып еді.

Мырзаға алда әлі іс көп: Тоқпанды үйлендіру, Қарасайға бір жерден басы бос жесір тауып беру – осының бәрі соның мойнындағы жұмыс.

Таңертеңгі шайдың дастарқаны үлкен үйде жайылған. Жас келін жаңа ғана әкелініп қойылған сары самаурынның қасына келіп отырды. Дастарқанда тізіліп тұрған шай аяқтарға жаймен қол созды. Шыны аяқтың біріне отта тұрған аққұманнан шай құйып, сосын оны самаурынның шүмегіне апарып тосты. Оң қолымен құлағын бұрап-бұрап жіберіп еді, су тамшылағандай болды, ақпады. Одан кейін шүмектің айналмалы құлағын жоғары көтере бұрап жіберіп еді, жеңіл айналған құлақ шығып кетті. Бос шүмектен су сауылдап аға берді.<--break->

Дастарқан басында отырғандар біріне бірі қарасып, аздап состиысып қалған. Жонастың сол жақ жанында отырған Аюп қопаң етіп бір қолын таяна ілгері ұмтылды да, келіншегінің қолынан алып, самаурынның шүмегін орнына салды. Ұялғаннан қатты қысылған Жонас таңертеңгі шайдан татпай отырып, дастарқан жиды. Бүгін екінші рет оның білместіктен сәтсіздікке ұшырауы. Шайдан бұрын мана бір әзірде Қалияш мұны ертіп түйе саууға апарған. Сауам деп шелек көтеріп барған әйелді қара маяның мойнын бұра бір иіскеп қоятын әдеті еді. Жонас шелегімен барып бауырына жақындай бергенде, қара аруана бүгін де сол әдетін жасады. Жонас шелегін тастай қашты.

– Қорықпа, келін, бұл жуас түйе, – деп Қалияш жерде жатқан шелекті Жонасқа ұсынып:

– Мә, сау. Қорықпай тұрып сауа бер, – деді.

Жонас түйені жөндеп сауа алмады. Бір аяғын бір тізесіне тіреп қойып, одан кейін екінші тізенің үстіне шелек қойып саууға машықтанбаған екен, көтерген аяғы тұрған аяғының тізесіне тірелмей, төмен жылжып кете берді.

– Үйреніп кетесің, шырағым. Адамның істегенін адам істейді, – деген оған Қалияш дем беріп.

Алдағы көктем белгісін бере бастаған сияқты. Жер беті бірде тобарсып, бірде жібіп жатқан кез. Аспан асты ызғарынан айрылған. Бұлтсыз күні үйдің күнгей беті күншуақ. Ойын балалары сол ықтасынды паналап жүр.

Ақбөбектің жүзі қаралтым дақты секпілінен айығайын депті. Бой түзеп ажарланып келеді. Дүйсен қарындасының қасы мен қабағына қарап, жиі соғып кетіп жүр. Қызының беті бері қарағанына Зиба қуанышты. Демесін құдасынан әлі хабар алған жоқ. Есжан үй ішіне жария етпегенмен, ол туралы іштей «әй, тегінде түк көрмеген жетесіз екен гой..» дейді де қояды.<--break->

Есқуат Демесінді сырттай жүріп-ақ иттің етінен жек көреді. Қарындасының сүймей кетуіне қарап, баласы да әкесіне тартқан бірдеме ғой деп ойлаушы еді.

Аюп аттан түсіп жатыр. Ақбөбек ата-анасына сездірмей, оны Қайыптың аулына жіберген.

– Ал хабар? – деді Ақбөбек Аюп отауға кірген бойына.

– Жөнді хабар жоқ,– деп Аюп кідірістей сөйледі.

– Қайыптың қайда жүргенін білдің бе, айтсайшы.

– Бегейдің аулына бардым. Назарға жолықтым. Оның айтқанын айта алмай отырмын, – деп Аюп айтар сөзден тайсақтай беріп еді, Ақбөбек:

– Не болып отыр өзіңе. Кібіртіктемей айт, –деп даусын көтере сөйледі.

– Күзде Бесқалаға барып, базаршылар Қайып жайында суық хабар жеткізіпті.

– Иә, не депті?

– Бесқалаға кіре берістегі жолда бір жігіттің өлігін көріпті. Мұрты қиылған аққұба жігіт дейді. Базаршылар «Бұл Қайып болар» деп өліктің бетін жасырып кеткен көрінеді.

Ақбөбек құп-қу болып кетті. Жыларын да білмей, отырған жерінде қалшиды да қалды.<--break->

– Тек сол ауылдан қайттың ба?

– Екі-үш ауылда болдым, бәрінен де естігенім сол сөз.

– Базаршылар Назардың үйіне келіп хабарлап па?

– Жоқ. Бұлар да сырттай естіпті.

– Әй, бекер шығар. Жұрттың алып-ұшпа сөзі болар. Ол өле қалатын жан емес. Анық білетін адам болғанда, Қайыптың үйіне келіп естіртуі керек қой.

Аюп отауына кетті. Ақбөбек маңдайын қолымен тірей бүкшиіп отырып қалды. Ол келгелі, бұл ауылға құт құйылған тәрізді. Есқуат теңіз жағасында отырған ауылға барып, Тоқпанға қыз айттырып келіпті. Қарасайға жоғарыдағы жатақтан бір жесір әйелді тауып қайтқан көрінеді.

Шілденің тууына аз қалған. Ауыл ірімішік қайнатумен әбігер. Қозылар марқайып қалды, енді оларды енелерінен бөліп бағуға болады. Түйелерге індет жабысқан, қотыр түсіпті. Көрінгенін тез емдеп, алдын алмаса, ол кесел түйе малына жаппай жайылып кетеді. Қотырдың емі – қимайы. Екі-үш күннен бері Қарасай мен Қопан жерден шұқыр қазып, әр шұқырдың үстіне қойдың кепкен құмалағын үйіп жатыр. Оны түтетіп, қимайыны содан ағызады. Малшы ауылының әр үйінің жанына бір-бір жерошақ қазылып, бәріне тайқазан орнатылған. Күнде кешке саулық қойларды қосақтап, әйелдер қой сауады. Содан түннің бір уағына дейін ірімшік қайнатумен болады. Байдың үйі түйежүн сары қаптарды әкеліп тастаған, күніне кептірілген ірімшікті сол қаптарға салып жатыр. Ол алдағы қыстың азығы.<--break->

Ақбөбек бір малшының үйіне барып, сыртта үйдің үстіне жайып тастаған жас ірімшіктен үлкен қызыл зереңді толтырып, өз отауына алып келді. Сосын үлкен үйден Жонасты шақырды. Екеуі құйрык майға ұқсаған сары ірімшіктің бір білемін екіге бөліп, қолдарына алды. Жеп жатыр.

– Апа, мынаның тәттісін-ай, – деді Жонас тамсанып.

– Кепкеннен кейін қытырлатып шайнасаң, бұдан да тәтті болады, – деп Ақбөбек қолымен шымшып ірімшікті аузына салды. Оның жастайынан әдеті жас ірімшікке зауқы шамалы, күтірлетіп жейтін кепкенін ұнатады. Оған Жонас құмартып жеп жатыр, бұған таңдайға татымды таң тағам.

– Күйеуің ұнай ма? – деді Акбөбек күлімсірсп.

– Оғаш мінезі жоқ кой, – деп Жонас ұялғансып отырып жауап берді.

– Бақытты боларсың, Аюп елгезектігі бар ақкөңіл жігіт.

– Апа, Қайып деген кім? Кеше Әтекеме келіп бір кісі «Бесқаланың жолында Қайыпты өлтіріп кетіпті» деді.

– Кейін біле жатарсың, – деді Ақбөбек.

Бұл хабардың Ақбөбекке ауыр соққанын Жонас сезді. Ақбөбектің өңі бұзылып қуарып кетіп еді.

– Апа, жақын адам ба еді?

– Иә, маған жақын жігіт...

Жонас үндемей қалды, өзінше ойланып отыр «Кейін біле жатарсың...». «Маған жақын жігіт...»<--break->

Кеше ауылдың ауып қонған күні еді. Қатар тігілген үй аралықтарына әлі табан тиіп жарымаған, шөп басы жапырылмай тұр. Түске таянған шақ болатын. Құбыла беттен екі салт атты байдың үйінің ту сыртынан келді де, тізгін тартты. Тұяқ тысырын есіткен Аюп тез сыртқа шығып, қонақтарды күтіп алды. Демесін екен.

Есжан құдасымен салқын амандасты. «Мал сояйық па?» дегендей Аюп есіктен қарап еді, қожасы оған:

– Келінге айт, шәйнек ілсін, – деді.

Аюп өз отауына кіріп Жонасқа:

– Шәйнек іл, қонақ келді, – деді де, өзі сыртқа шығып кетіп, мосы іздеді, тапты. Жонас сырттағы керулі шидің ығына мосы жайды да, бүйірлі қара шәйнекті соған ілді. Аюп шәйнектің астына от жағып отыр. Қара шәйнек қайнаған соң, оны мосыдан түсірген де, үлкен үйге алып кеткен де Аюптың өзі.

Жонас қонақтардың кім екенін білмейді, жоқ қараған біреулер шығар деп ойлады да қойды. Жұпыны ғана дастарқан жайылып, қара шәйнектен шай құйыла бастады. Бұл ауылға келін болып түскелі Жонастың бірінші мәрте шәйнектен шай құюы.

Есжан Есқуатты да, Қалияшты да шақыртпады.

Есжанның денесі қызып, шекесі тырысып отыр. Демесінге деген өкпесі қазандай. Қызына күзетші қойып, тұтқында ұстауы ата жаудың ісіндей еді оған. Шай қайнатым уақыт өтті, әлі тіс жарған жоқ. Шай ішіліп жатыр. Өзі алғаш құйылған шайды алған да, шыны аяғын төңкере салған.<--break->

Демесін де дін ашпаған. Шайдан кейін қонақтар жүруге ыңғайланды. Кетерінде Демесін Есжанға жалтақтай қарап:

– Құсымды қолыма қашан қондырам деп келдім, – деді.

– Әй, Демесін, келеке етіп отырмысың не? – деді Есжан Демесінге туралай қарап.

– Келінімді өз колыңнан жөнелтпейсің бе? – деп Демесін төмен қарап қалды.

– О баста соны ойламадың ба? Алар жесіріңді ізін суытпай қайтарып әкеліп, өз ұясы деп менің қолыма тапсырғанда, мен қызымды айттырулы жеріне ұзатып жіберген болар едім. Сен өйтпедің. Бізді басынғандай болдың. Қызымды тұтқында ұстағаннан не бітті сонда? Алған келіннің қызығын көрдің бе, әлде азабын шектің бе?

– Бізден қателік болыпты, құда, – деді Демесін бас көтермей отырып.

– Құдайды ойлаған пенде адамды да ойлауы керек. Үш жыл тұтқында ұстап, азап тарттырған келінің жалғыз балаңның ертеңгі қосағы емес пе? Осы жағын ойға салдың ба өзін?

– Ойламаппыз, отағасы.

– Қолыма құс қондырам деп отырсың. Ол құстың титығына жетіпсің. Қыз ауруға шалдыққан, жуық арада сауығып кете ме, жоқ па білмеймін.<--break->

– Қайдан білейін, асты-үстіне түсіп бақтық, әйтеуір.

– «Іштен шыққан жыланның ирендегені жақсы» деген келінің саған жаман болса да, қызым өзіме жақсы. Құс түсірем деп асықпа, қызды бағайық. Бойына ас тарап, адам сияқты қалыпқа түсер. Алдағыны тағы көре жатармыз.

– Дұрыс қой, Хабар алайын деп келіп едім...

– Үш жылдан бері алмаған хабарды енді алудың қажеті жоқ, – деді Есжан түйіліп отырып.

Демесін үнсіз қалды. Жанқалтасынан жарым көздей ала шыт орамалын алып, маңдайының терін сүртті. Сосын сыртқа шығуға белгі бергендей, басын көтере сипана бастады. Есжан қоштаспастан отырған күйінде қалды. Қонақтар шығып кетті. Аюп оларды аттарына мінгізіп, аулына жөнелтіп жіберді.

Жаз ортасынан ауған. Биылғы төлдің алды қонақасыға жараған шақ. Байдың аулынан келім-кетім үзілген бе, бірі кетіп, бірі келіп жатады. Ақбөбектің құлағы түрулі. Біреу-міреуден жақсылық хабар естіп қалам ба деп дәмеленудің үстінде жүр. Үміт үзердей бір хабарды ол бұрын естіп қойған, бірақ көзі көрмеген соң, оған сенбейді. Қалай дегенмен, уақыт созылған сайын үміт азайып бара жатқандай сезім туары анық. Ояздан кейін көп айлардың жүзі болды, соның өзі күдік тудыратындай жағдай.

Егер Қайып осы кезде келе қалса, жол ашық, кетуге болатындай көрінеді Ақбөбекке. Оның күні-түні ойлайтыны сол.

Әсіресе, кейінгі кезде Ақбөбектің көңілінің қошы болмай жүрген, сөйлемей, жарқылдамай, кірбиіп жүргеніне ата-анасы мен аға-жеңгесі қиналады. Оның қасы мен қабағына қарап. аянышын білдіре бәйек болады.<--break->

Демесін келген күні Зиба үйде жоқ еді. Ол жайында бір хабарды күйеуінен естіген соң, бұл бір нәрсені қызына айтайын деп, айта алмай жүрген. Айтайын дегені: «Қызым-ау, Қайыпты жұрт өлдіге санап жүр. Хабарсыз кеткеніне қарағанда, сонысы рас болар, өлгеннің артында өлмек жоқ. Уайым етпе. Әйел заты әмеңгерлік жолымен қайнысына, қайнағасына тиіп, отан болып кетіп жатыр ғой. Көп болса сондай-ақ болар, бұрын етек көрмеген бозбала емес пе, құдайласып айттырылған жігітің Есбергенге-ақ бара саларсың» деп жұбату айту еді.

Ақбөбек бүгін отауына кіріп, төсегіне ерте қисайды. Ел жатпаған кез. Итаяққа құйылған жуындыға таласқан иттердің даусынан көңілін тыншыта алмай біраз жатты. Көзі ілінер емес. Толқып-толқып келіп, көкірегін қым-қуыт түрлі-түрлі ойлар торлайды. «Жалғаннан тапқан жалғызым, дүниедегі көркім, елімдегі мақтанышым, өмірімдегі сүйенішім... қамқорым, пірім, Қайыбым... О баста қиян шетке менсіз шығандап кеткенің не болғаның?.. Сені адам ба айдаған, құдай ма екен?.. Білем, бойыңды кернеген ашуың, ыза мен кегің бар, соны ақылға жеңдіртпегенің қалай?.. Ұзап кетпей, елде жүргеніңде әлдеқашан кездеспес пе едік... Мені жау қолына тастап, өзің көз көрмейтін жаққа асқаның не?.. Бір хабарыңды бермей қайда жүрсің, Қайып, жаным, жан серігім... Сен барсың дүниеде, өлген жоқсың... Өлсең, түсімде көрер едім сені... О-о, құдай, неге бүйтіп қинайсың... Қайғы жұтқызатындай бұл құдайға не жаздым мен... Түпкілікгі бақытсыз еттің бе, құдай?.. Не жазығым бар еді саған... Маңдайыма жазғаның осы ма?.. Аямадың ғой. Көз жасымды көрмедің-ау, сиынған құдайым... Қосағымнан тірідей айырғанша мені өлтіріп-ақ айырмайсың ба?.. Жаратқаным-ай, мұндай қатыгез болармысың... Мен бейбаққа бір жылылық көрсетпедің–ау... О-о-о, құдай, естісейші менің сөзімді... Қайып екеуміздің ортамызда жалғыз-ақ жүрек бар еді. Оны екіге бөліп, жарымын оған, жарымын маған тастадың. Екі жартыны қосып, мұратына жеткізетін күнің бар ма?.. Осы күнде ішкенім – у,  түкірігім – запыран болып жүр... Зарығып, сарғайып жүрмін, осынымды көрсейші, құдайым...»