ВЕРНУТЬСЯ

     Агба аттың жер тарпып пысқырғанын естіп, орнынан тұрды да, қораның есігін ашты. Іштен мана өзі оттыққа үйіп салған көк балаусаның иісі бұрқырап қоя берді. Бесті айғыр Шам мұны көріп оқыранды да, қайыс шылбырды кере жұлқынды. Байлауы үзіліп, не шешіліп кетсе, жолына кесе-көлденең тұрғанды омырауымен қағып өтіп, сыртқа атыла жөнелетіндей. Сауырының, кең алқымының бұлшық еттері серіппедей жиырылып-жазылып шиыршық атады.
Кең қораның іші қазіргі кешкі шақта қара көлеңке тартыпты. Қызғылт қымбат ағаштан қиып жасаған, енді көк темірмен торлап тасталған терезеден ішке батып бара жатқан күннің әлсіз сәулесі талмаурап тарайды. Әшекейлі оттықтың оюлы бедерлеріне жете бере жұтылып, бірте-бірте өңсізденіп, аздан соң біржола сөнейін деп тұр.
Албар жақтан әңгі айғыр Хабданның шәңгірі естілді де, Шам бұрынғысынан да мазасызданды. Аясы үлкейіп кеткен жанарында долы ызаның табы бар, ағаш еденді қайта-қайта тарпып, бүлік іздейді. Осында әкелген он шақты күннің ішінде еті арып, қыр арқасы біліне бастапты. Онсыз да сала құлаш мойны тіпті ұзарып кеткендей, бұған бұрыла қарағанда, доғаша иілді.
- Жат ел, өгей жерге үйірсектене алмай әбден мазаң кетті-ау, жануар, - деді Агба аттың жалынан сипап. -Мен де қайбір жетісіп жүр дейсің. Адам деп ескеріп жатқан тірі пенде жоқ. Оның үстіне көзім іліге қалса, сахараның бұйра-бұйра ыстық құмын, бәдәуилердің тотыққан жүзін, құдіреті күшті бейдің рахымы түсіп берген азын-аулақ теңгеге салып алған аядай лашығымды, мейірімді аспаз әйел Фатиманы көремін де, ояна келе қарадай қажимын. Бұл сағыныш дегенің жегідей жейтін дерт қой, емі жоқ дерт.
Шам оның даусын естіген жоқ. Аттың күтіп-бағушысы - Агба тумысында мылқау адам болатын. Әлгі сөзді іштей айтып, іштей күңіреніп жүр еді. Сол күйінде Шамның шылбырын ұзартыңқырап байлап, ақшыл жалына жабысқан шөптің қиқымын тазартып болғанша біраз мұңын шағып үлгерген. Арабтың үстінен құс ұшып өткенше қанаты күйетін ұлан-ғайыр шөл даласын, шымырлап ағып жататын қасиетті Нілді, айшықты күмбездері заңғар көкпен тілдескен сән-салтанатты мешіттерін, адамның жанынан өзгенің бәрі табылатын, сатушысы да, алушысы да, ұры-қарысы мен кәріп қайыршысы да құжынаған, азан-қазан базары бар Мәкканы күйзеле еске алғанда, жанарына жас үйірілді.
- Оларды жұмыр басты пенде мен түгілі төрт аяқты хайуан сен де аңсайсың ғой, - деп таусыла аһ ұрған.
Содан кейін оттықтың жиегіне барып, әлі де тынши қоймаған Шамға қарап ұзақ отырды. Әлсін-әлсін қабырғасы сөгіле күрсініп, енді өзінің жат жердегі мұңын шағар жалғыз сырласы, жабыққанда аз да болса көңілін демдер таянышы мына иненің көзінен өткен сәйгүлік екенін ойлады. Онымен өз тағдырының біржола байланғанына көзін жеткізе келіп: “Елегізи берме, тұлпарым. Мен сені тастап ешқайда кетпеспін. Алла атымен ант беремін саған”, - деп жұбатты.
Орнынан ат қораның ішін тастай қараңғылық тұмшалап алған, жат бауыр бейтаныс өлкеге тағы бір тылсым түн әбден орныққан кезде тұрды. Бұл қозғалақтағанда қос құлағын қайшылап, қайтадан тыпырши бастаған Шамның сауырынан еркелете сипады да, еденге тізерлей отыра қалып, тәңіріне сәйгүлікті жын-періден қорғай жүр деп жалбарынды.
Тысқа шыққанда салқын жел екпіндей соғып тұр екен. Дала көзге түртсе көргісіз, көрдей қараңғы. Жұлдыз біткен ұшты-күйлі жоғалған. Мана кеш алдында аспанның батыс жақ қапталын қою қара бұлт торлап жатқан, соның аумағы сәт санап ұлғайып, енді заңғар көкті саңылау қалдырмай, құрсаулап тастағандай. Ауадан жаңбырдың сыз иісі білінеді, оның кешікпей сатырлап құя жөнелетіндігі де анық еді. Бірді-екілі жетім тамшы тама бастаған.
Агба аспаны да, ызғырық желі де, тіпті көгінде қаңғыған кезбе бұлты да өгей болып көрінетін жердің мына салқын түнін мүлде жақтырмады. Ол бар маңайды бұған ерегісе, қасақана тұмшалап, бүкіл жан дүниесі мен ой-санасынан Арабтың жазы мәңгі билік құратын, өрісінен аруанасы мен сәйгүлігі арылмаған, түні мақпал, күні қызулы қасиетті өлкесін біржола өшіріп, қайыра еске түспестей етіп ұмыттыруға тырысқан секілді еңсені езіп барады. Әлгі әзірден бері қатая түскен желі де бұған өш, тұла бойын тітіркенте мұздатып, әбден түңілдірген.
- Тәңір куә, мен бұл жерге ешқашан да бауыр баса алмаспын! - деп айғай салды ол іштей.
Содан кейін тумысында мылқау, нойыс адамның дүние-әлемнің бәріне кекті долы қыжылымен аяғының астын жұлқына тепкіледі. Тастай қараңғы көкке жұдырығын түйіп, әлдекімге кіжіне сес көрсетті. Ғұмыр бойы қасірет пен азап-мұңнан арылтпай қойған қатыгез тағдырына ағыл да тегіл қарғыс жаудырып, осынау сұрқай өмірге келгеніне таусыла өкінді.
Ал меңіреу түн оның тұлан тұтқан ашу-ызасына пысқырып та қараған жоқ. Тауын шағып мелшиіп, түнеріп тұрды да, аспанның астын күркірей дүрліктіріп, отты жылан болып тілгіледі. Күн күркіреп, найзағай үсті-үстіне жарқылдады. Ірі тамшылар қара жерге сырылдай төгіліп, айнала енді бұрынғысынан да суына, жат бауырлана түсті.
Агба дәл мұндай ызғарлы жауынды алғаш рет көріп еді. Үсті-басы әп-сәтте малмандай су болды, тісі тісіне тимей, қалтырап бара жатты. Мәкканың жылы жаңбырының астында қалған талай қиын күндер басына түскен мына қысылтаяңға қарағанда, жайсыз түс көргендей ғана ауыз ауыртып айтуға тұрмайтын кез екен. Ондай шақтарда бұл әбден қажыса, ат қораға барып паналайтын, не мейірімді аспаз әйел Фатиманың есігін жасқана қағатын. Ал қазір мұның барар жері, басар тауы мүлде қалмаған. Жат жерлік жаңа қожайыны француз бей бұған қорада түнеуге үзілді-кесілді тыйым салған болатын. Неге осынша қатты кеткені белгісіз, Агба, әйтеуір, оның өзін салған беттен жақтырмай қалғанын, төбесі көрінсе қабағы түйіліп кететінін ғана біледі.
Ызғар сүйегінен өтіп, шыдатпай барады, енді қалай да бір пана табу керек. Есіне осындағы ат бағушылардың ішіндегі бұған жылы шыраймен қарай бастаған ұзын тұра жігіт түсті. Оның үйі ат қорадан алыс емес, осы арадан төрт жүз, бес жүз қадам жердегі өзеннің жағасында. Бір жолы ол мұны ертіп барып, тамақтандырған да. Дәм үстінде ұзын тұра шарапқа лық тойып алып ұзақ сөйлеген, бірақ Агба оның не айтқанын түсінген жоқ, қолын кіжіне сілтегенінен, қыза келе үстелді қайта-қайта қойғылап, ашу шақырғанынан әлдекімге ызалы екенін ғана ұққан. Ақыр аяғында әйел-баласына, мұның өзіне соқтығып, бәрін далаға қуып шықты. Қазір бара қалса, кім білсін, артынан бір теуіп, есіктен қуып шығуы қиын ба.
Қайткен күнде де ол жаққа беттеуге жүрегі дауаламады. Ал жаңбыр күшейе түсті, қатты жел үйіре соққанда ірі тамшылар жалаң қабат көйлегінен өтіп, денесіне шаншудай қадалады. Қайыс шәркейі езіліп, табанынан да ызғар өтіп барады. Дәл төбесінен шарт етіп найзағай атылғанда, аспан қақ жарылғандай болды, қораның ішінен Шам шұрқырай кісінеп қоя берді. Ат қораны алыстан орай қоршап тастаған биік темір шарбақтың қақпасы жақтан күзетушінің қабаған қасқыр иті қыңсылады.
Агбаның енді ойланатын мұршасы да, жауынның астында тұра беретін шамасы да қалмап еді, ызғар бар төзімін тауысып, тәуекелге бел буғызған. “Мейлі, - деді ол іштей жанығып, - мейлі, көп болса қожайын дүре соққызар. Ол көрмей жүрген қоқайым ба. Ат қораға барып, Шаммен бірге түнеп шығайын”.
Осы ұйғарыммен қораның есігін жасқана ашып ішке кірді де, киімін шешіп, суын сығып, оттықтың ернеуіне жайып қойды. Қараңғыда сипалап жүріп, Шамның жібек жабуын тауып алды. Соны оранып, бұрыштағы сабанның үстіне барып отырды.
Даладағы суықтан кейін қораның іші жұмақтың тап өзіндей болып көрінді. Денесінің қалтырағаны басылып, аздан соң бойына ыстық қан жүгірейін деді. Алакөбеден тұрғаннан кешке дейін дамыл көрмей, күйбеңдеумен болғандықтан ба, қол-аяғы салдырап, дел-сал күйге түскен. Түзеліп отыруға да ерінді, кешікпей көзіне ұйқы тығылып, маужырап бара жатты.
***
Ол шым-шытырық түс көріп еді.
Мәккаға тағы бір ымырт үйіріліп, бұл өзінің аядай ғана лашығына келіп кірді. Босағада тұрған құмғанды алып қолын жуды да, кешегіден қалған нанға құрма қосып жеді. Содан кейін дұға оқып, төсегін салып жатып қалған. Бұл үшін осы тіршілігінен артық рақат, сірә да, табылмайтындай көрінетін де, көзі ілінер алдында құдайына құлдық ұрып, шүкіршілік ететін. Басында панасы, өзегін жалғар асы бар, одан өзге не қажет бола қойсын. Өмірдің басқа қызығын армандау бұл үшін ессіздікпен пара-пар, оны қиялдағанымен қолы жетпесін айдай айқын біледі ғой, ендеше, құр есек дәмемен өзегін өртегенде не таппақ. Құдіреті күшті тәңірі мұны бір тәтті үмітіне жеткізген, тумысында жүйрік атаулыға барымен құштар еді, міне, бейдің білдей ат күтушісі болып жүр. Күн сайын қожасының, оған алла жар болсын, көздің жауын алатын талай дүлдүлін көріп қана қоймай, жал-құйрығын тарап, бауырынан жаратып баптайды. Сәті түскенде, сирек те болса олардың бойын қыздыру үшін ерттеп мініп, ұлан-ғайыр албардың ішінде тақымын жазады. Сол кезде екі дүниеде Агбадан бақытты адам болуы мүмкін емес-ті. Осы салтанатты, рақат-қызығы өлшеусіз шағы үшін ол өзін өмірге әкелген тәңіріне ағыл да тегіл алғыс жаудырар еді: “Көріңдер мені. Тұлпар мінген Агбаға қараңдар. Мұндай бақыт екінің біріне қонбайды” деп жар салатын, ерекше шаттанатын.
Ұйқылы-ояу жатқанда лашықтың тақтай есігі сықырлап ашылды. Келген адамның мейірімді аспаз әйел Фатима екендігін бірден білді. Бұл оның жүрісін өзін көрмей-ақ танитын, ол жанына таялғанда еркінен тыс масайрап, екі езуі екі құлағына жетіп, күле беретін. Бұл жолы да солай болып еді, Агба жатқан жерінен асығыс тұрып, Фатиманың алдында құрақ ұшты.
- Неменеге тұрдың? - деді ол бұған жымия қарап. - Жата бер, мен әншейін кіре салып едім.
Соны айтты да, қыш табаққа салынған, иісі бұрқыраған кебабты ірге жаққа қойды.
- Бәлкім, ыстық кезінде жеп аларсың, - деген мұның жанарынан көзін тайдырып әкетіп.
Агба рақметін ыммен білдіріп, төсегінің үстіне отырды. Фатима да жанына тізе бүкті. Етжеңді әйелдің қоңырқай толық білегі иығына тиіп кетті, бір сәт ол мұны әдейі істеген болып көрініп еді. Агба оған ұрлана қарап, осылай отыра беруін, кетіп қалмауын құдайынан тіледі. Осы кез Фатимадан көрікті, одан мейірімді әйел заты жоқ секілді сезілген.
Ол лашықтың ішін үнсіз шолып шықты да:
- Күні ертең үйленіп, балалы болсаң, қайда сыйғызасың? - деп күлді.
Агба қызарып кетті, бұл төңіректе кейде ойға да бататын, оның өзінде түн баласында оңашада ғана толғанатын. Сонда көз алдында үнемі Фатима тұрушы еді. Әйел сол ұры ойын сезіп қалғандай қысылып, маңдайы тершіді.
Фатима тағы біраз уақыт үнсіз отырып, мұның үсті-басына қарады.
- Көйлегіңді шешіп бер, - деді күтпеген жерден, - жуып қояйын.
Агба әйелдің алдында кеудесіне дейін жалаңаш қалуға ұялып, азар да безер болды. Бірақ ол көнетін емес, бұл өздігінен шешпейтінін көрген соң, бар денесімен қопарыла бұрылып, қол салды. Екеуі тар лашықта ойда жоқта апыр-топыр алысты. Фатиманың етжеңді жұмсақ денесі, шығыңқы кеудесі келіп тигенде Агбаның басы айналды. Ол бірте-бірте әлсіреп, көзі қарауытқандай болып, әйелдің ырқына илігіп бара жатыр еді. Тек оның алыса жүріп өзін құшақтай беруін қалаған жетім үміт, қыз-қыз қайнаған құштарлықпен ғана қарсыласқан. Бара-бара Фатиманың мысы мүлде басып, әрі мұны бұрын-соңды болмаған батылдық билеп, төсекке екеуі қатар жығылған бір сәтте өзін өзі ұмытқан, алғаш рет әйелдің ер адамға сыйлар ұшан-теңіз бақыты бар екендігін сезіп, аласұрған.
Одан кейін аяқ астынан жат жерден бір-ақ шықты. Бейдің француз патшасына сыйға тартқан сегіз сәйгүлігін айдасып әкелісті. Мұнда келгендеріне аптаға жуық уақыт болған сияқты, арабтар елге қайтуға жиналып жатыр. Бәрі ол-пұл шаруасын реттеп, атқа қонуға дайын тұр. Бұларды басқарып келген жүндес Омар кілең жүйріктің қайтарымына берілген қымбат мүлікті серіппелі арбаға артқызған еді, өзі соның жанынан айналсоқтап шықпайды, таялып кеткенге ақырып-жекіріп шала бүлініп жүр.
Агба өзіне бөлінген көлік - жараған аттың жанында екі иіні салбырап жүдеп тұрған. Іштей бекінген өзіне де тосын шешімінің кейін мұны қаншалықты азап-бейнетке салатынын, оны ана жүндес Омар мен жат жерліктердің қалай қабылдайтындығын білмей дал болды. Осында айдалып әкелген бесті айғыр Шамды тастап кетуге қимай, қарадай қажығанда бұл қылығын серіктері түсінбеді, бәлкім, қол-аяғын байлап алып кетуге де тырысар, өйткені бұл бейдің басыбайлы құлы ғой. Ал олардан бір есебін тауып, қалып қойғанда, күні ертең өгей елде қайыр сұрап кетпесіне, аштан өліп, шыбын-шіркейге жем болып, көмусіз жатпасына кепілдік және жоқ. Француз қаласының ұшар басы үшкірленіп барып бітетін биік мұнаралары, өңкей сұрғылт үйлер, қабақтары салыңқы, ерсілі-қарсылы асығыс жөңкілген киімдері сыптай бөгде адамдар, анда-санда тағалы аттарын тас төселген көшеде желдірте, асығыс өте шығатын қылышты солдаттар бұған тым сұсты, әрі қатыгез болып көрінді. Ойы онға кетіп, әбден сарсаңға түсті, өзегі өртеніп барады.
Бұрылып ат қораның алдында байланған сәйгүліктерге қарады. Шам ерен жүйрік, есті жануар ғой, шылбырын жұлқа тартып, тыпыршып тұр, осында мүлде қалдырылғанын анық сезетін сияқты, әлде мұны қимай қинала ма екен? Бесті айғыр болғанша ерен жүйріктігімен Мәкканың басын шыр айналдырған дүлдүлді Агба құлын күнінен аялап өсірген. Ол мұның мейірімді аспаз әйел Фатимадан кейінгі баға жетпес қымбаты еді. Жаратылысынан тәкаппар, кірпияз жүйрік өзінен басқа ат күтушіні маңайына жолатқан емес. Оны бұдан өзге ешкім де ауыздықтап мінбеген. Талай әлдемді шабандоздар Шамның жынын қағып алмақ болып дәмеленгенде, мертіге жаздап, зорға аман қалған.
Бірде Мәдинаға аты шыққан Әли шабандоз келіп, бейдің алдында асауды жабыдай жуасытатындығына серт берді. Бей оған егер сөзінде тұрса, Шамды тарту ететіндігін, ал керісінше болып шықса, өзінің басыбайлы құлы етіп қалдыратындығын ескертті.
Бұл сөзге Әли қарқылдап күлді.
- Ат әлсізді басынады, өзінен мықтыға тәк тұрады, - деген сендіре. - Көріңіз де тұрыңыз, асау айғыр менің тақымым тигеннен-ақ дірдек қағады.
Сонымен жұрттың бәрі албарға жиналып, Агба Шамды ерттеп алып шықты. Белін арқанмен шандып тастаған Әли жатағандау келген, тұрқы ұзын, бір қарағанда шабысқа жоқ шабан да болып көрінетін бестіге көз салып, сәл бөгелді. Айнала қарап, ерсілі-қарсылы жүргізіп, ұзақ барлады. Содан кейін бейдің сарайында тұратын, елмен бірге қызық көруге шыққан хазіреттен бата алып, тізгінді қолына ұстаған. Оның ерге қалай шапшаң қарғып мінгенін Агба да, былайғы ел де аңғара алмай қалды. Аты шулы шабандоз өте епті екен. 
Әлидің қас қағым сәттегі бұл әрекетін асау Шам да байқап үлгере алмағандай, алғашқы бетте қимылсыз тұрып қалды. Тек ауыздығын қарш-қарш шайнап, жер тарпи берді.
Кейінгі барлық жын ойнақ шабандоз тебініп қалған кезден басталды. Шам тұншыға кісінеп алып, Нілдің алты құлаш дүлей жайынындай тулады. Маңайында тұрған жұрт жан дәрмен бас сауғалап, ат қораға қарай қашты. Сәйгүлік біресе мөңкіп, біресе қалт тұра қалып аспанға шапшиды. Тұра шапқан бетінде екі қапталына алма-кезек жалтарып, құйындай құтырынды. Талай атпаз ол осылай жалт-жұлт жүйіткігенде ерден ұшып түскен. Ал Әли жырынды құлаған жоқ, алдыңғы екі аяғын Шамның қолтығына тығып жіберіп, атты аспанға қарғытпауға, мөңкіп шаба жөнелтпеуге барын салып жүр. Асау тоқтай берсе, сауырына қамшы басады, алға ұмтылса, тізгінді тұқырта тартады.
Адам мен аттың жекпе-жегі осылай біраз уақытқа созылды. Шам да, Әли де қан сорпаға түсіп, қажып тоқтайтын кез алыс қалмаған секілденді. Агбаның жүрегі аузына тығылды. Шам мәдиналық шабандоздың жетегінде желіп кете баратындай көрінген. Онда бұл жұртта қалған бұралқы иттей сандалар, бар қызығы мен өмірінің өзегінде өрілген үміті біржола тоналатыны анық болатын. Шам шабандоз атаулыны шыдатпай, тулай берген соң оған тек өзі ғана мініп шабатын. Талай бәйгелерде сәйгүлігін желдей естірген Агба мәреге бірінші болып келіп жүрді. Екпіні шапқан сайын үдей түсетін дүлдүлді құтырта жүйткітіп, азан-қазан шулаған, таңдана бас шайқаған, Шамды бұ дүниенің дүлдүліне теңеген елді қақ жарып, ат үстінің қызба желігіне мас болып, сол думанды, ештеңеге теңестіруге келмейтін шақтың рас, өтірігіне көзің жете алмай ағызып өте шығу қандай ғанибет еді.
Агба әрбір бәйгеден соң өмірге қайта келетін. Бұл жалған пәниге Шам сынды тұлпарды әкелген тәңірге құлдық ұрып, бейдің оза шапқаны үшін беретін азын-аулақ теңгелерін мешітке тапсырып, өзі сол баяғы бірде аш, бірде тоқ күйінде жүре беретін.
Аз ғана уақытта арғымақ пен екеуінің лақабы Арабтың біраз жерін шарлап кетті. Агба ат күтушілердің түсіндіруімен өзінің елдің аузында ертегіге бергісіз сан түрлі аңызға айнала бастағанын білді, соған мағұрланып, Мәкканың бір мықты тіреуіндей сезінді, тар лашығына сыймай, шаттанумен болды. Сол кездері мейірімді аспаз әйел Фатима мұны бұрынғыдан да жақсы көріп кеткен.
Келе-келе Шамның бұдан басқа жанды маңайына жолатпайтын шу асаулығы өзіне кесір де болып тиетінін қайдан білсін. Әлдебір қаскүнем: “Агба сәйгүлікті дуалап тастаған көрінеді, ол жалған мылқау, әрі зымиян сиқыршы екен”, - деп гу-гу өсек таратып жіберіпті. Бұл лақапқа бей сеніп, Шамды Мәкканың ғұлама молаларына талай рет қаратты. “Оның бойынан мылқау сиқыршының дуасын қайтарған адамға шаш-етек сый тартамын”, - деп жар салғызды. Сол жарлықты естіген иісі молла бейдің сарайына қаптап кетті. Ұзақты күн бойы Шамды орталарына алып, дұға, аят оқыған діндарлардың сарнаған дауысы бір тынбады. Бара-бара шалғайдағы Мысыр, Бағдаттан да бақсы-балгерлер келетін болды. Бірақ Шам шу асаулығынан арылған жоқ. “Ал енді қойдан да жуас еттім, мін де жүре бер”, - деген моллалардың сөзін малданып, талай атпаз жер құша жығылды, кейбіреулері мертігіп, қор болды.
Соған ыза болған діндарлар мұны енді бейге ібіліс етіп көрсетіп, нәлет айтып шулады. Бейдің сарайындағы хазірет бастаған моллалар Агбаны көзге шұқып тұрып:
- Кет, пәлекет. Иісі мұсылманның маңынан жүрме. Кесір-кесапатыңнан аулақ, - деп арс-арс етті.
Сорлы Агба олардың қанталап кеткен сұсты жанарларына қарауға қорқып, қалтырап тұра берді.
- Кімде-кім мына жын-сайтанның құлына рақым көрсететін болса, о дүниеде тозақ отына күйеді, - деп үркітті хазірет.
- Өшсін қарасы! Мәккадан қуылсын, - деп дүркіреді діндар атаулы.
Агбаның әлі құрып, жерге тізерлеп құлап бара жатты. Сол сәтте басына қатты соққы тиген, одан кейінгісін білмейді. Есін қаланың шетінде борпылдақ құмның үстінде жатқанда бір-ақ жиды.
Осы қарғыс атқан күннен бергі үш-төрт айда мылқау байғұстың көрмеген азабы жоқ еді. Күндіз Мәкканың іргесіндегі қоқым-соқым үйілген сасық жерге жасырынып, түнде ұрланып барып, үй-үйдің күресінінен өзегін жалғар талшық іздейді. Кей күндері өзеннің жағасына шығып қалған балық, өліп жатқан құс қолға ілігеді. Осы қияпатты ауыр сәттердің азабына шыдай алмай, талай мәрте өлгісі де келді. Бірақ тірлікті қиып кету мұның дәті баратын іс емес екен. Ол енді өзі іздеп табатын түбі бір келуге тиіс ажалды сарыла күтумен болды.
Сондай күндердің бірінде, тірі өлікке айналған шағында Шамды соңғы рет көріп, бұл маңнан қарасын мүлде өшіруге бекінген. Түн қараңғылығын жамылып, бейдің ат қорасына тартты. Жақындаған сайын жүрегі атша тулап, қыбырлаған, қарайғанның бәрінен үрейленді. Ат қораның темір қоршауына таяғанда ойда жоқта домаланған жүндес ит қарсы алдынан шыға келіп, шәуілдеп қоя берді. Өне бойы қалтырап кеткен Агба жан дәрменде жерге жата қалды. Абырой болғанда ит бұған өшіге ұмтылып, шабаланып тұрып алған жоқ, ырылдап айбат шеккен қалпы айналып өтіп кетті.
Орнынан сүйретіліп тұрып, тағы да алға жылжыды. Ендігі бар ойы күзетшінің көзіне шалынып қалмау еді. Барынша еппен қимылдаған болып, ат қораның сыртқы жағына шықты да, осылай қарай қатерлі жолға аттанғанда белдігіне қыстыра салған кетпеннің сынығымен шарбақтың астын қаза бастады. Қуғын-сүргінді, аш-жалаңаш күндерде әбден арыған бұған жер қазу оңайға түскен жоқ. Өлдім-талдым дегенде денесі сыятын шұқырды зорға жасады.
Жерге жабысып жатқан күйі ішінен дұға оқып, тілін кәлимаға келтіріп, тесіктен аман-есен өтті-ау. Ендігі жерде ол Шам қамалатын қораға қиындықсыз жететіндігіне сенімді еді. Албардың іші қалың қау болатын, оның арасымен еңбектеп, алға дамылсыз жылжи берді. Көп кешікпей межелі тұсына да келіп қалды, жер бауырлап барып есікке де ілікті. Айналасына әбден қарап алып, іске кірісті. Өзі осында жүргенде салынатын құлыпты бұл қолына түскен шегемен оңай аша беретін. Енді қараса, басқасы ілулі тұр. Үлкендігі қос жұдырықтай қара құлып пұт балғамен ұрсаң да қайыспайтын секілді, тым мықты екен. Агбаның кетпеннің сынығымен шұқылағанына ештеме өнбеді. Біраз әуреге түскен соң бұл қарекетінен түк шықпайтындығына әбден көзі жеткен.
Түн баласындағы қауіпті жортуылының соңы осылай күйзеліспен біткенде, Агба өкініш пен ызаға шыдай алмай, иығы селкілдеп, ашына жылап жіберді. Мылқау сорлының көкірегі шерге толды, кеудесінен күңіренген үн көтеріліп, оны сап басуға дәрмені жетпей қиналды. Дәл осы сәтте бұған өмірдің де, өлімнің де көк тиын құны жоқ еді. Қораның ішінен, әлде мұны иісінен, әлде күңіренген мылқау үнінен таныған болар, Шам кісінеді. Жануар ішін тартып, оқтын-оқтын шұрқырайды.
Агба есікке сүйеніп орнынан тұрды, бар күшін салып, қауіп-қатерді жадынан мүлде шығарып, тұтқаны жұлқылай берді. Темірмен құрсауланған есік енді бір күш сала тартса, шалқасынан түсетіндей көрініп өшіге, өжеттене түсті. Ал Шам іште әлі кісінеп тұр, аласұра жұлқынғанына дейін анық естіледі.
Мылқау сорлы оның кісінегенін естігенде, тілсіз болса да құлағының сау екендігіне шүкіршілік еткен. Ту сыртынан жүгіре басқан, дабыр-дұбыр еткен адамдардың дүбірі шыққанда да есікті жұлқылауын доғарған жоқ, дүлей ыза буып алып, арыстанша алыса берді. Келе сала жапа-тармағай бас салған ат күтушілер мен күзетші оның қарысып қалған қолын тұтқадан зорға жазып алды.
Агба таңертең салы суға кетіп, бейдің алдында тұрды. Қожасы қаһарына мініп жер тепкілейді. Бұған жаудырмаған боқтығы қалмай, бұрқ-сарқ етті, ызбарлы, аларған көзі шарасынан шығып кеткен.
- Әкетіңдер! Жақсылап тұрып дүре соғыңдар! - деп зіркілдеді ақыр соңында екі иінінен дем алып.
Мылқау байғұс оның бұл үкімін күтпеп еді, өзін неліктен өлім жазасына кеспегендігіне таңданып, сарайдағы елдің бәрі ығатын атарман-шабарманы ожар Насырдың айдауында кете барды.
Аш-арық Агбаға дүре тым ауыр тиді, есі кіресілі-шығасылы болып ұзақ жатты. Оның тап осы жолы қайтып қатарға қосылмайтындығына мейірімді аспаз әйел Фатимадан басқаның бәрінің көзі жетіп еді. Бейшараның қан-сөлсіз құп-қу өңі, арса-арса қабырғалары, ырсиып-ырсиып жараға айнала бастаған, қамшының ізінен сау жері жоқ арық денесі, қараған кісіні түршіктіретін үрей жайлап алған жанары оны о дүниелік ғаріпке көп ұқсататын. Көк тамырлары білеуленген тарамыс саусақтары әлдекімді алқымнан алып, ашына қылғындырып жатқандай ұстаған жеріне тас кенеше жабысып, сығымдай береді.
Арада ай өткенде күйіп-жанып қиналғанын қойғандай болып, айналасына көз тоқтатып қарағанда жанында отырған әйел мен шабандоз Хайыр сенер-сенбесін білмей аңтарылды. Ал ертеңіне ол әкелген асты өзі ішетін халге жетті.
Бұған шын пейілімен жаны ашып, жиі келіп-кетіп жүретін Хайыр сонда Агба ешқашан да күтпеген, өмірге қайта әкелгендей әсер еткен, жарық дүниеге біржола нәлет айтып, тас емендей қатып қалған жүрегін жібіткен жақсы хабар жеткізіп еді.
- Бейдің сені неге өлтірмегенін білесің бе? - деді ол. - Өзің қуылғалы Шам бәйгеге қосылған жоқ. Бейдің басқа жүйріктері қырық ру бас қосқан, жан беріп, жан алысқан аламан жарыстарда Мұхаммед саудагердің қыл құйрықтарынан оза алмай-ақ дымымызды құртты. Ал Шам ешкімді мінгізбейді. Бей өстіп, талай қыруар олжадан қағылды, абырой-атағына дақ түсті. Бара-бара бәйгеден алдыңғы аттан кейін келген сәйгүліктерін жұрттың көзінше қамшының астына алатын болды, әбден қаны қарайып, бәрімізге қырғидай тиді.
Қыжылы көп сондай күндердің бірінде, күтпеген жерден сені есіне алды. “Табыңдар. Көрден қазсаңдар да, жеткізіңдер”, - деп бұйырды. Бұл әміріне хазірет қарсы болған екен, сол мезетте тыйып тастапты. Енді, міне, өзің келдің. Жазылған күні Шамға қайта мінесің, әлі талай қиқулы бәйгелердің айдарынан жел ескен жеңімпазы да боларсың.
Осылай бір өліп, бір тіріліп қайта табысқан Шамнан мұны ана Әли тағы да айырмақ. Агбаның табанының асты теңселгендей болды, көзі қарауытып бара жатты. “Тәңірім, соңғы тілегім болсын, Шамға қуат-қайрат бере көр!”, - деп жалбарынды. Асау айғырдың шарт сына шамырқанып, ұшып көкке, қарғып жерге түсуін, шабандозға топырақ қаптырып, ойнақтап шыға келуін бұршақ сала тіледі.
Бәлкім, мұның күңіренген үні әдетінде тас бауыр тәңірінің құлағына шалынған шығар, оның да жақсылық пен жамандыққа селт етер ет жүрегі бар ма, Шам ышқына кісінеп алып, ор қояндай қарғыды. Қазіргі қимылында жаралы барыстың дүлей ызасы бар еді, қайта-қайта аспанға атылып, мойнын алқымына ала мөңкігенде қараған жұрт шошынып, жағасын ұстады. Сол құйын-перен алыс-жұлысын тоқтатпай жындай долырған күйі бүктетіле шаба жөнелді де, қас қағым сәтте кері жалт бұрылды. Ел шу ете қалды. Әли ерден әудем жерге ұшып кетіп еді. Ат күтушілердің бәрі соған қарай тұра ұмтылды. Агба да соңдарынан жүгіре ерген. Шабандоз орнынан қиралаңдай тұрды да, өңі қуарып қайта құлады. Қос жұдырығымен қара жерді үсті-үстіне төпелеп, әлдене деп сандырақтайды. Бейбақ қатты жығылғанда есі ауып кеткен секілді, түрі әлем-тапырық.
Бір кезде жерден сүйемелдеп көтерген ат күтушілердің қолын жұлқына қағып тастап: “Мен құлмын. Уа, бей, басыбайлы құлыңмын! Мен құлмын!” - деп қырылдай берді.
Осы сәтте оның түріне қарау мүмкін емес-ті, аузы қисаңдап, көзі шатынап кеткен, өзін де, өзгені де аямайтын қорқау ашуға булығып, тісін шықырлата қайрайды. Ат қораға қарай теңселе басып кете барды, сол бетінде есіктен ішке енді де, қолына айыр алып қайта шықты. Жұрт оның не істегелі жүргенін болжап үлгергенше албарды айнала шауып, таялып келе жатқан Шамға төтелей ұмтылды. Ашынған шабандоздың бесті айғырды жайратпай тынбайтындығы анық-ты. Ел шу ете қалды, бәрінен бұрын Агба есін жинады, барысша атылып, Әлиді тез қуып жетті де, қолындағы айырға жармасты. Сол мезетте басқалары да келіп үлгеріп еді, көзіне қан құйылған шабандозды тырп еткізбей сүйреп, аттан алысқа алып кетті.
***
Осындай талай сұрқылтай сыннан өткен Агба енді не істерін білмей дал. Арабтар жолға әбден жиналып болған, алды атқа да қонды.
- Әй! Мелшиіп не ғып тұрсың? - деді жүндес Омар арбаға мініп жатып. - Кеттік!
Агба тұрған орнынан қозғалмады.
- Ей, мынаны албасты басқаннан сау ма? - деп күжілдеді енді Омар. - Мін атқа!
Мылқау ат күтуші сонда да тапжылмады.
- Өзін жүндей түтіп алар ма еді. Бұл қай қиястығы-ей, - деді анау ашу шақыра бастап. - Мына дүлей осында қалудың қамын ойлап тұрмасын. Бұдан ол да шығады.
Енді арабтардың бәрінің назары өзіне ауды.
- Жүр! Уақыт өткізбе! Жол алыс, - деп шуылдады. 
Агба олардың дауысын естімеген адамдай әлі мелшиіп тұр.
Жүндес Омардың шыдамы енді мүлде таусылған болар.
- Ұстаңдар да, арбаның артына таңып тастаңдар! - деп бұйырды.
Төрт-бес араб аттарынан қарғып түсіп, біреуі қанжығасынан арқан шешіп алып, қаумалай таялды. Олар қол созым жерге жақындағанда, Агба кері секіріп түсті. Байлаулы Шамды, өзін көрсетіп, сәйгүлікті қимайтындығын, онсыз бұл құдайға да, адамға да керегі жоқ сорлы екендігін ыммен асығыс түсіндіре бастады. Бірақ арабтар құлақ асатын емес, бірте-бірте қоршап, түнере төніп келеді.
Агба сонда да үмітін үзбеді. Өзінің тағдыры асау Шаммен біржола ажырамастай байланғанын, керек десе онымен бірге өлуге де бар екендігін ұқтырмақ болып жанталасты. Күн тотықтырған әжімді жүзін ып-ыстық жас жуып жатты. Ал серіктестері болса сапарға шығуға асығулы еді, сондықтан оның мұң-зарын, көкейіндегі күйігін елең қылмаған. Мылқау ат күтуші енді бір сәт кешігіп, әрекетсіз қалса, бас салып байлап тастауға әзір болатын. Агба мұны кәміл сезді де, қынынан қайқы қара кездігін суырып алды. Өңі аяқ астында суынып сала берді, арабтар дағдарып, қалт тұра қалды. Сапарластарының осы сәтін пайдаланып, ол ат қора жаққа шегіне жылыстай берген. Екі аралық едәуір алшақтаған кезде аяғы аяғына жұқпай тұра қашты. 
- Енді қайттік! Бейге не айтамыз? - деп дүрлікті арабтар.
- Таста. Қалсын қалың кәпірдің арасында. Бей Агба жоғалды деп құлсыз өтпес, - деді жүндес Омар күжілдеп. - Кеттік. Алла жолымызды оңғарсын.
***
Агба әдеттегісінше өте ерте оянды. Ат қораның іші әлі қара көлеңке екен, қарсы бұрышқа көзі еркін жетпеді. Шам жусап тұр, дәл қазір оның түсі қандай екендігін де айырып айту қиын болатын. Жанарының алдында сағым бұлдырайды. Ол осы жерге қашан, қалай келгендігін де ұға алмаған, әйтеуір, жатқан орны жайсыз емес-ті, қайтадан ұйқы қысып, бейжай отыра берді.
Содан кейін түні бойы көрген түсін жорып көрмек болған. Оның ұзын-ырғасын түгендеп байқаса, бұл өзінің өткен өмірінің есте мәңгі жатталып қалған, еш уақытта ұмытылуға тиіс емес, шырғалаңы көп соқпағын қайта жүріп өтті. Бәлкім, соның әсері шығар, жүрегі өрекпіп, аузына тығылғандай болды, көз алдына ұбап-шұбап, Арабтың қасиетті сахарасын бетке алып бара жатқан, ұзақ сапар шеккен жерлестері елестеді. Олар мұның қолқасын суырып, ет жүрегін өздерімен бірге ала кеткендей өн бойы ұйып сала берді. Көңілінің сонау терең түкпірінен Мәкканың күмбезді мешіттері, иыр-қиыр тар, шулы көшелері, желдей жүйткіген Шамды аруақтандыра ұрандаған жанкүйер ел, аламан бәйге бой көтерді. Ал тар лашығының жанында мейірімді аспаз әйел Фатима мұны сарыла, сағына күтіп тұр.
Ол осында, жат жерде қалып қойғалы алғаш рет туған жерін тағаты таусыла сағынған еді, тұңғыш рет өзінің жолсеріктеріне ермегендігіне қабырғасы қайыса қынжылған. Бірақ, енді бәрі кеш, әрі мұнда Шам бар ғой, оны қалай қиып кетсін.
Теңселіп орнынан тұрды да, оттыққа жайып қойған киімін киді. Ат қорада бұдан әрі отыра беруге болмайды. Француз бей мен оның ожар Насырға ұқсас, ат күтушілер сыртынан Қабан деп атайтын алып кел, шауып келі мұның осында түнегенін білсе, басынан сипай қоймас. Көзге түспей тұрғанда тез жоғалғаны жөн.
Қораның есігін абайлап ашып, далаға шықты. Аяқтың асты көлкіген су, шылқ-шылқ етеді. Жаңбыр түнімен жауып, жаңа бір әзірде ғана басылған секілді, төбенің тақтайынан тамшы тамып тұр. Маңайдың бәрі: албардың ішіне өскен шөп, әріректе жаяу адам жүретін жолдың жиегіне отырғызылған, бұл атын білмейтін аласа, тығыз өскен ағаш, мұнартып көрінген, биік сұрқай үйлері бір-бірімен бәсекелесе көкке бой созған жат қала, бауырын ыдырай бастаған алба-жұлба қара бұлт шұбарлаған түнеріңкі аспан, тіпті шығыс көкжиектен жасқана білінген таңның алғашқы өңсіз сәулесі - бәрі тоңазып, суық сорып жүдейді. Таяқ тастам жерде күзетшінің қыш кірпіштен салынған, төбесі шатырлы үйі тұр. Ол да түнімен жауған жаңбырдың ызғары өтіп, жерге шөге түскендей көзіне аласарып көрінді.
“Жазы мынадай, қысы айтып келген жұттың тап өзі шығар”, - деп ойлады Агба. Сол ойынан өзі үрікті. Бұл ондай сүйектен өтетін аязды, үскірік айларда бір күні мүрдем кетер. Қазір де жетісіп тұрғаны шамалы, балағы далақтаған кенеп шалбары мен жалаң қабат шыт көйлегі таңғы салқынның өзінде пана болуға жарамаған ол өзін мүсәпір халде сезінді.
Қала енді-енді ояна бастады, сол жақтан әуелі тұншығып шыққан ұзын сарын шым-шымдап күшейіп, әлден соң анық естілді. Өгей шаһар қорқырай оянып, алып денесінің құрыс-тырысын ыңырана жазған дию сияқты еді, қылқ еткізіп жұта салатын құрбандығын іздеп, сояу-сояу сом тырнақтарымен қара жерді қақырата бүріп, күркіреп тұрып келе жатыр. Агба жанарын алып қашты. Осы жат өңірдегі жанды-жансыздың бәрі неге үрей шақырып тұратындығын, оның алдында қай қылығымен күнәһар болғандығын білмей сандалды. Бәлкім, қара жер де өзінде тумаған ұлға өгей шешедей салқын қарап, сырт теуіп тұратын болар. Агба бұл топырақтың перзенті емес қой, ол сахараның ыстық құмынан жаралған.
Шалшық суды шылп-шылп басып, өзен жақтағы жер кепелерге қарай жүрді. Онда іші үнемі қобарсып жататын кішкене асхана бар. Агбаның Шамды, осында қалған басқа да би жүйріктерді күтіп-баққанына алған азын-аулақ теңгелерін жұмсайтын жері осы ғана. Күн сайын таңертең және кешкісін тамақ ішіп кетеді. Бұл есіктен кіргенде асхананың иесі бір тілім нан мен сопақ кесеге құйылған салқын сүтті дайындай бастайды. Мылқау араб басқа ештеме сұрамайтын.
Ауқаттанған соң келген ізімен кері қайтты. Ат қорадан Шамды алып шығып суарды да, албардың ішіндегі қалың қауға шалдырып, біраз уақыт өткізді. Оның алдыңғы күннен бергі бар алаңы мен ермегі осы асау айғыр ғана болып қалған еді. Француз бей басқа араби аттарды біртіндеп сатып тауысқан.
Шамның оты қанған сияқты болған кезде ат қораға қайта жетектеп апарды да, ерттеп мінді. Кең дуалдың ішінде желдіртіп, бойын жазды. Бұл кезде басқа аттар да далаға шығарыла бастаған еді. Оның көбі Шамнан ірі, сауырлары төңкерілген, шоқтықтары қол созым, алқымы аяқ қаптай өңкей сүйекті, әлуетті жылқылар. Бастарымен алысып, төңкерілген тостағандай қатты тұяқтарымен пысқырына жер тарпығанда, жетектеген адамды дедектете сүйреп, басымен алысқанда, қараған көз құмартады. Рүстем сынды алыптарға бола жаратылғандай адуын, кеудесі көріктей қорқыраған тұлпарлар жанарыңды билеп алады. Мұндай жылқы айшылық жерді алты-ақ аттайтындай болып көрініп, Әзірет Әлінің дүлдүліне теңеуге шақ қаласың, жоқ жерде күнәға бата жаздайсың.
Сөйте тұра иелері оларды ат жарысына арнайы салынған қоршаудың ішінде таяқ тастам жерге ғана айдайды. Аттың қолтығы сөгіліп, алқымы бусанып үлгермейтін қарға адым қашықтыққа қамап қор қылады. Омырауымен тау соғардай болып, екпіні жел үйірген, ауыздығымен алысқан аттар үшін бұдан өткен қандай қысастық бар. Бауырын жаза, көсіле шаппаған хас жүйрік құмары тарқамаған сұлу секілді, ол да құса болып, шерге бататындығын Агба жақсы біледі. Шамды сар желіске салып жүріп, берісі отыз, әрісі елу-алпыс шақырымды алқымдайтын аламан бәйгенің қиқуын аңсайды, құла түзге шығандап кетіп, межелі жерге жақындаған сайын шабысы үдей түсетін аруақты сәйгүліктің үстінде лап етіп тұтанатын құйын-перен желікті, басқа бір жүйрік үзеңгі қағыстыра өзеурегенде қыз-қыз қайнайтын намысты сағынады. Ол да екінің біріне бұйыра бермейтін, айтуға тіл жетпейтін ғажайып дәурен ғой.
Сондай бір алапат шабысқа осы елде қосылар күн туса, жат жер мұның, бесті айғыр Шамның бойында қандай құдірет бұғып жатқанын таңдай қаға көрер еді, екеуінің бағы қайта жанып жүре берер еді. Бойында бұлқына-бұлқына сыртқа шықпай тұншыққан қайрат-жігердің түбі - дерт. Агба соны ойлап қажиды, ерен жүйрік Шамды аяп, салы суға кетеді.
Күн арқан бойы көтерілген кезде француз бей, алшаң-алшаң басқан және басқа үш мырза келді. Жандарында еңгезердей Қабан мен киімдері жұпыны тағы екі адам бар. Олар албырдың орта тұсындағы аттарды ұзын арқанның бойымен желдіртіп, бойларын қыздыратын тақыр алаңқайға тік тартты. Сәйгүліктерін жетелеген шабандоздар да солай қарай шұбырды. Таяла бере аттарына қарғып мініп, бей бастаған топтың алдынан біресе сар желіске салып, біресе шоқытып, ерсілі-қарсылы өтіп жатыр.
Агбаға қожайынның назарын Шамға аударудың орайы келе кеткендей болып көрінді. Мәкка мен Мәдинада құйрық тістесуге жарайтын жүйрік табылмаған дүлдүлдің парқын білсін, қолына баға жетпес асыл, тауы шағылмайтын атақ пен даңқ келіп қонғанын ұқсын. Соны аңғартқан Агбаны қадірлейтін болсын.
Ұзындығы недәуір албардың екінші басына шауып барып, сол жерден қожайыны тұрған жерге төтелей салды. Шамның күткені де осы екен, тізгінін кере ұмтылып, көзден жас ағыза заулады. Жиырылып тұрған серіппедей атылып, сынаптай сырғыған. Әне-міне дегенше аттарын ерсілі-қарсылы шоқытып жүрген шабандоздарға жетіп қалды, араларынан ор қояндай жалтарып, олар қайырылып қарағанша зу етіп өте шықты. Сол бетінде қайыра бұрылып тағы да жүйткіткен. Бұл жолы шабандоздар қақ жарылып, екі қапталға ығысып үлгерді.
“Осының өзі атқұмар жанның делебесін қоздыруға жетер”, - деп ойлаған Агба мырзаларға таяды. Шамның әлі құрыс-тырысы жазылмаған, ауыздығын қарш-қарш шайнап аласұрады, тізгінді сәл босатса, ала жөнелгелі тұр. Маңайындағы аттардың бірі тыпыршып бұлталақтаса, аспанға шапшып долырады, өкпе күйер қияпат шабыс тілейді.
Агба мырзалардың Шамға қарап, бірін-бірі іліп әкетіп, жамырай сөйлегенін аңғарды, әсіресе тәпелтек келген мұрттының дауысы қатты шығады. Қолындағы әшекейлі таяғын дамылсыз сілтеп, әлденені қызына айтады. Бәлкім, ол Шамның ерен жүйріктігіне күмән келтіріп, өнбес дауды қоздырып тұрған болар, басқаларының аузын аштыратын емес. Бір кезде бұған қол бұлғап, жанына шақырды, аттан түс дегенді ыммен ұғындырып, тізгінді қолына алды.
“Мынау Шамға мінбек пе? - деп секемдене ойлады Агба. - Байғұс ажалынан бұрын өліп жүрмесін”. Қапелімде сасқалақтап, тізгінді өзіне қарай жұлқа тартқан. Тәпелтек айырылып қала жаздап, кері серпіп қалды, қайдағы бір мылқау арабтың кесірлі қылығы шамына тиді. Зығырданы қайнап шыға келген, Агбаны кеудесінен итеріп тастап, Шамды тақыр алаңның ортасына қарай жетектеп әкетті.
“Бітті. Ана сорлы мерт болады енді. Ол атқа отыра да алмайтын шығар”, - деп түршікті Агба. Соңынан ұмтыла берген, сол сәтте Қабанның темірдей қатты қолы жауырынына сарт ете қалды да, етпетінен құлап түсті. 
Агба қатты жығылған еді, орнынан тәлтіректеп тұрғанша тәпелтек Шамға мініп те алыпты. Еті қызып, шабыс тілеп тұрған бесті айғыр ерге мылқау ат күтушіден басқа тірі пендені қондырмайтын қиястығына басып, тулап ала жөнелді. Әуелі мырзаның төбесі биік қара қалпағы ұшып кетті, іле өзі де жер құшты. Шам тізгінін шұбатып ойнақтап шыға келді, бірақ мөңкіп тұра шаппай, шұрқырай кісінеп қайта оралған.
Агбаның бағына қарай тәпелтек мырза мертігуден аман екен. Орнынан тұрғызған соң қиралаңдай басып, ерсілі-қарсылы жүрді де, Қабан әкеліп берген қалпағын ызалана лақтырып жіберіп, жерге түкірді. Жанындағыларға былдырлап сөйлеп қояды, бірақ манағы қарқыны жоқ, үні жасып шығады. Үсті-басы баттасқан лай, беті-аузына дейін қара ала, торы ала.
Француз бей оған қарап қарқ-қарқ күледі. Шамды нұсқап, мынадай тұрқы қысқа, аласа аттан жығылғанын мазақ еткендей ішек-сілесі қатады. Агба оның жүзі жылып, елден ерек мәз болғанын көргені осы еді, қияқ мұртына дейін күлетін сияқты, етжеңді денесі селк-селк етеді.
Қожайын осылай біраз желпініп алған соң Қабанға әлдене деп бұйырды, ол басын шайқап, қарсылық көрсетіп жатыр, балпылдап жік-жаппар болады. Сірә, оған асауға енді сен мін десе керек. Алпамсадай жігіт екі қолын кезек сілтеп, шегіншектей беріп еді, дауысы қатты шықты да, Қабанның үні өшті. Екі иығы салбырап, Шамға қарай беттеді. Таяла бере басқаларға сездірмей үркітіп жібермек болып, қорбаң ете қалған. Ат ырғып түсіп, оқырана желген күйі Агбаны іздеді. Көрген бетте жанына барып қалт тұра қалды, арқасына тұмсығын үйкелеп, қайта-қайта пысқырынды. Осы қарекетімен оған “тізгініме ие бол, ешкімге ұстатпа” деп тұрғандай еді. Агба дәл солай ұғынған, бірақ сорлы арабтың қолынан не келсін, француз бейдің әмірімен Қабанға жетектеп апарды.
Ол атқа ірі денесінің икемсіздігіне қарамай, жеңіл ырғып мінді, тізгінді де тез жинап ала қойған. Шамды салған жерден ырқына иліктіріп алмақ болып, бар дауысымен ақырып қалды. Қабанның қорқыраған үні әлдебір азулы жыртқыштың күркіріндей естілген болатын, шабандоздардың астындағы аттар бастарын оқыс көтеріп алып, құлақтарын қайшылады, француз бей тыжырынып, қабағын шытты.
Шам шегіншектеп бара жатыр, Қабанның тізгінді тұқырта тартқаны соншалық, аттың басы алқымына жетіп, мойны доғаша иілді. Бар ойы оны тулатпау болған өңкиген неме омыртқасын үзетіндей күшене шіреніп, ерді нығарлай жаныштайды. Ұзын аяқтарын үзеңгіден шығарып жіберіп, қос бүйірден қатты қысып алған. Агбаға Шамның қозғалуға мұршасы қалмаған секілді көрінді, көздері шатынап, аузынан сілекейі шұбарып, қыр-қыр етеді.
Қабан осы тістескен қайратынан жаңылмаса, бесті айғырдың тынысы тарылып барып құлап түсетіні қарап тұрған елге мәлім бола бастады. Мырзалардың жанындағы жұпыны киімділер алпамса жігіттің өгіз қара күшін дәріптеп, үш литр арақты суша сіміргенде буыны босамайтындығын, қырық пұт кірдің тасын оңай көтеріп, жүріп бара жатқан пар ат жеккен күймені артынан ұстай қалып, тыпыр еткізбей тоқтата салатынын жарыса айтады. Сөйте тұра қараңғы көшеге жалғыз шықпайтын қорқақтығы да сөз болып жатыр.
Шам қатты қиналып еді, ол мұндай қарулы адамды бұрын-соңды кездестірген жоқ болатын, зілдей қара жартас белін сырқырата сындырып барады. Төрт аяғы сыз жерге тізесіне дейін кіріп кеткендей қозғалмайды, тулап мөңки жөнелу түгілі денесін нық ұстап тұру үшін тұяғын қыбырлатудың өзі мұң болды, оның үстіне мойны сырт-сырт етіп опырылып барады, ауаны еркін бір жұта алмай сілесі қатты. Табанының астындағы қара жер тарыла қусырылып келеді, дөңгелене жиырылып, тоқымдай ғана болып қалған, сәл теңселіп кетсе, құрдымға құлағалы тұр. Ал үстіндегі тақымы темірдей пәле алып бүркітше бүріп, шыңырауға шірене итереді, өзімен қоса құласа да шіміркенетін емес, қабырғаларын майыстыра қысқанда өкпесі аузына тығылады. Жанарының алды қызылды-жасылды от ұшқындарына толып кетті, қара санының көк еті сөгілген шығар, удай ашыды.
Иесі қайда кетті екен, қиналған кезде неге қол ұшын бермейді?
Сәйгүлік шұрқырай кісінемек болды, бірақ көмейі кептеліп қалған, тыныс алудың өзі қияметтің қиыны. Жүгеннің ауыздығы тілін тісіне қыса қиып барады, тізгінді сәл қатты тартса бөлініп түсетін шығар, тұла бойын айдаһар жылан орап алып, жиырыла сығымдаған сияқты жоны, бөксе тұсы жансыздана бастады.
Шам иесін жан ұшыра көмекке шақырды. Ішін тарта күңірене кісінегісі келді, бірақ көмейі тығындалып қалған, бәлкім, өңеші үзіліп кеткен шығар, дамылсыз қорқырайды. Оның енді құлап түсуден басқа лажы қалмап еді, тек адуын қайсарлығына басып қана құлағысы келмейді.
Агба бұдан әрі шыдай алмады, Шам тәлтіректеп кеткендей болып көрінді. Атқа қарай ұмтылды, сол сәтте француз бейдің: “Ұстаңдар!” - деген әмірлі дауысы қабат шықты. Шабандоздар алдын орап, аттарының омырауымен қаға-маға кері қуды. “Кәпір! Жауыз! Доңыз! - деп кіжінді Агба Қабанды өшіге балағаттап. - Осыдан Шам жығылсын! Осыдан жазым болсын! Алла атымен ант етемін, тірі қоймаймын!” Бет-аузы қисаңдап, тұла бойы қалш-қалш етті. Сыз жерге отыра қалып, қолын көкке жайып жіберді де, тәңірінен Шамды желеп-жебеуін жалына, барымен қиыла, жан дүниесімен егіле өтінді. Содан кейін асаулығынан арылып, қыр-қыр етіп буынған Шамға қарап, мелшиіп қатты да қалды. 
Бәлкім, тәңірінің бұған деген тас емен жүрегі жібіген шығар, шиыршық ата тартылған тізгін бырт етіп үзіліп кетті. Қабан аттың сауырына қарай шалқалақтап барып түзелді де, Шамның құлағынан ұстай алмақ болып, қолын ербеңдете созды. Сол кезде бесті айғыр қос аяқтап тепкіленіп, мөңки жөнелген, бірақ қимылы шалт емес, Қабанның әлгі қыспағы әлсіретіп тастаған ба, жалт-жұлт бұрылатын шапшаңдығынан айырылған, шаба жөнелмек болып алға ұмсынды да, іле қалт тұра қалды. Үстіндегі үйелмендей пәледен құтылудың төте жолын іздегендей бір сәт тынышталып, күтпеген жерден мойнын алқымына ала құлады.
Қабан кескен дөңбектей төңкеріліп ауып бара жатты, жерге сылқ етіп түскенде, жамбасын аттың сауыры басып қалды. Жан ұшырған дауысы қоса шықты. Ел жүгіріп жеткенше Шам атып тұрып, үрке жөнелген. Ал Қабан орнынан қозғалуға әрекет те жасаған жоқ, қатты ыңырсып, тісін шықырлата берді. Түрі бұзылып кеткен, жуан салалы саусақтары жерді бүркітше бүреді. 
Оның қатты қиналғанын көргенде, Агбаның әлгіндегі ашу-ызасы су сепкендей басылды. Қожасының абалатып қойған қабаған төбеті секілді ожар жігіттің мына бейнетіне өзі кінәлі секілді көрініп, бұл жерден тез кетуге асықты, қора жаққа қарай шауып кеткен Шамның соңынан кең шалбарының балағы далбаңдап тұра жүгірді. Жүрегі аузына тығылып, тынысы тарылып барады.
***
Кешке дейін ат қораның маңын шиырлап, сенделді де жүрді. Өзіне қарай әлдекім келе жатса, буын-буыны дірілдеп қоя береді. Француз бей шақыртып жібергендей, асау айғыр Шамның бүгінгі қияпат бүлігі үшін шықпыртып дүре соғатындай көрінеді де, кірерге тесік таппайды. Ол манадан бері осылай қажып жүріп, бесті сәйгүліктің енді бәйгеге қосылмайтындығын, оған ешқандай шабандоз міне алмайтынын ойлап, одан әрі жүдеген. Ал мұны француз бей тірі жан деп есептемейді, назарын да салып көрген емес. Енді мұның, бейбақ сәйгүлік Шамның кімге қажеті бар. 
Қинала келе Мәккадағы қожасының Шамды жат елдік бейге қалай қиып, сыйға тартқанына түсінбей дал болды. Оның осы тосын әрекеті бұл түгілі өзінен зорлары да пайымдай қоймайтын, түбінде мықты есебі бар мырзалық шығар. Құлақ жетер өңірге қаталдығымен, көл-көсір байлығымен аты шыққан бей көңілі түскенге гареміндегі он бесіндегі айдай толықсыған аруды да жетектетіп жіберетін. Сондай бір сұлу үшін қазынасын қотара ақтаратын. Ендеше, Шамды сәлемдемеге айдатып жібере салу оған қиын болып па. Тек мұны неге ғана істеді, басқа сәйгүліктер де аздық етпес еді ғой.
Агба бейбақ осылай бір таусылған, жақсы мен жаманның бәрі тәңірдің ісі болса, оның өзі жаратқан жұмыр басты пенделерін неге сорлата беретіндігіне түсінбей күйзелген. Құдіреті күшті құдай мұны жарық дүниеге мылқау етіп әкелгені аздай-ақ, осыншама сарсаңға салғанда, қай қылығымен жақпай қалды екен.
Ерсілі-қарсылы жүре-жүре аяғы талып, ат қораның алдында жатқан жуан бөренеге барып отырды. Күзетшінің үйі жағынан сорайып біреу келе жатыр. Ешқайда бұрылмай, тура өзіне қарай беттеген. Жақындай бере оның Ұзынтұра екенін таныды. Дәл қазір мұның ешкімді көруге зауқы жоқ еді, іштей жақтырмай қалған. Бірақ онымен еркінен тыс бас шұлғып, құрақ ұшып амандасты. Ол құл біткеннің қанына сіңген дағды бойынша жүрегі қан жылап тұрып, өзінен әлдінің алдында құрдай жорғалай жөнелуге әрқашан дайын болатын.
Ұзынтұра жанына жайғасып отырды да, қалтасынан қорқорын суырып, асықпай тұтатты. Көк ала түтінді аузынан да, делдиген танауынан да будақтатады. Жіңішке мойны көйлегінің жағасынан сорайып шығып тұр, етсіз білектері білеуленген көк тамыр, әр жеріне шимайлап сурет салып тастаған. Ашық жағасынан жүндес төсі көрінеді, ол да жалаңаш әйелдің бейнесімен әлеміштенген. Сопақ бетіне түскен әжімдері терең, көзінің алдында тыртықтың ізі бар. “Бұдан бұрын қандыбалақ қарақшының тап өзі болған шығарсың”, - деп ойлады Агба оның тұла бойын сездірмей шолып шығып. Бірақ Ұзынтұраның басқалардан гөрі мейірімді, қолы ашық, көңілі ақ жарқын екендігін еске алып, әлгі байламына сенгісі келмеді.
Ол қолын Агбаның иығына салып, өз тілінде сөйлей бастады. Араб түк түсінбей отыра берді. Ұзынтұра енді ымға көшті, ат қораның Шам байланатын тұсын көрсетіп: - Мықты! Жүйрік! - деген сөзді ұғындырды. Артынша бет-аузын түгел құбылтып, тым асау екендігін, ондай аттардың сатылатындығын айтты.
Агбаға бұл хабар жайсыз тиді. Көкейдегісін ыммен тез ұқтыратын жаттанды қимылмен Шамды сата қалса, қанша теңгеге беретіндігін сұрады. Ұзынтұра ойланып қалды, маңдайын сипап отырды да, он саусағын бірнеше жұмып жазды. Ондай қаржы мылқау арабтың түсіне де кірмес еді. Әуелде “сәйгүлік сатылса, қайыр сұрап тиын-тебен жинап, өзім алсам қайтеді” деген алдамшы ой келген. Енді онысы сал аурудың сандырағы сияқты далбаса болып шығып, мүлде күдер үзді.
Ұзынтұра тағы бірдемелер айтып еді, зейін қоймаған Агба ұға қойған жоқ. Қабанның не халде екенін сұрап білмек болды. Топыраққа шошқаның суретін салып, сауалын анық жеткізді. Ат күтуші оның бұл әрекетіне қарқылдап күліп, жамбасын көрсетті. Сыныпты дегенді де іле түсіндірген. Содан кейін кеудесін кере күрсінді, басын қайыра-қайыра шайқап, таңдайын қақты. Агба оның бұдан арғы ымы мен қолының қимылынан қожайынның ауру, не жұмысқа жарамсыз адамдарды қуып шығатындығын, ал бұл жерде ондайлардың күні қараң екендігін білген. Шам екеуі күнәлі болғандай еңсесі түсіп кетті. Ол сәйгүліктің төсіндегі жұдырықтай қара таңбаны әуелде-ақ жамандықтың белгісіндей көріп, көзі түскен сайын көңілін күдік жайлап ала беретін. Бүгінгі тосын оқиға сол байлам-түсінігінің ақиқат екендігіне енді біржола иландырған секілденді. Ол басына іс түскен осындай тауқыметті кездерде Шамның оң жақ артқы аяғындағы ақ жолақты есіне алып, соны түбі бәрі игілікпен беретіндігінің айны қатесіз хабарындай көріп, жарымжан халіне таяныш ететін. Бұл жолы да сол ырымын медеу тұтып, күдік-мұңнан да арыла алмай, дел-сал отыра берді.
Бүгінгі күн желді болып еді, таңертең аспанды шұбарлап тұрған жалбыр бұлттарды батысқа қарай сырғыта айдап әкеткен. Кешке қарай бәсеңдеп, сабасына түскенде, айнала өзінің дәл қазіргі сүлесоқ халіндей тұнжырады. Ұясына енген күннің қан қызыл, сарғыш, күреңіткен, алуан түрлі шапағы да ала-құла, олар да біртіндеп кіршең тартып, өңін жоғалтып барады. Әудем жердегі үлкен қаланың биік мұнаралары кешкі шақта зорая көрініп, айналасын қабырғасыз, қас қақпай күзеткен қаскөй дию секілді елестейді. Тағы бір меңіреу түн кезек алар тұста мың сан халқы бар шаһар тастай қараңғылықтың тылсым қойнауында қалуға сескеніп, бұғына, тарыла түскен тәрізді, орталық жағындағы еңселі үйлер ғана көзге шалынып шет қапталын мұнар торлап тастаған. Одан бергі арнасы кең өзеннің бетінде аппақ желкендер баяу қалқып барады. Кешкі бұлыңғыр шақта ақша бұлттарға ұқсап кетеді.
Кешкі көлеңкелі шақ бірте-бірте ымыртқа ұласып, маңай қара күрең тартқанда, қаланың үстіндегі мұнар да қалыңдай түсті. Сол жақтан шыққан сарын бәсеңдеп, сездірмей орныға бастаған түннің тылсым қойнауына сіңіп кетіп жатыр. Әлгі ақ желкендер баяу қалқыған күйі өзен бойымен алыстап барады, көңілдің қас-қағым сәттік алдамшы қуанышындай болып, көзден тасалана түскен сайын жүректі сыздатады, әлдеқашан жоғалған бақыттың апақ-сапақтағы баянсыз елесіндей бұлдырайды.
Ұзынтұра орнынан тұрып, менімен бірге жүр дегенді ұқтырды. Агба қайда баратындарын сұраған жоқ, соңынан ерді, түнейтін баспанасы жоқ оған бәрібір еді. Оның үстіне түн салқындап бара жатқан, бүгінгідей дүрбелеңді күні ат қораға жатып шығуға батылы жетпейтін. Егер онысын әлдекім көріп қалып, француз бейге жеткізсе, Қабанның өшін бұдан алып, жон терісін сыпырар. Пәледен машайық қашады, аулақ жүргені дұрыс.
Екеуі албардың қақпасынан шығып, ат күтушілердің өзен жағасындағы жеркепелеріне тура тартты. Терең арна жақтан судың салқын иісі білінеді, бұлар келе жатқан жалғыз аяқ сүрлеуді кесіп өтетін қара жолмен жалғыз ат жеккен арба сықырлап кетіп барады. Дөңгелегі шиқылдап, тымық түннің тыныштығын дамылсыз бұзады, аттың тағалы тұяқтары жолдың қатқақ табанына тық-тық тиіп, арбаның сықырына қосыла өзінше бір жарасымды ырғақ табады.
  ***
  Агба бұл түнді Ұзынтұраның үйінде өткізді. Таңертең кетер кезде ат күтушінің әйелі көнерген, бірақ әлі де киюге жарайтын, қонышы тізеге жететін етік әкеліп берді. Аяғына үлкендеу болғанымен, сәл су тисе езіліп, кебе келе қыртыс-тыртыс болып, жиырылып шыға келетін қайыс шәркейден әлдеқайда артық, құр атқа мінгендей бір жасап қалды.Үй иелерінің алдында иіліп-бүгіліп, ризалығын білдіріп, құрақ ұшқан. Әйел оның бұлай кішірейіп, аяққа жығыла жаздағанына ыңғайсызданды ма, қызарып кетті. Күйеуі мен екеуіне алма-кезек қарап күлген болды, осылай келіп, тамақ ішіп кетіп тұр дегенді ыммен асығыс түсіндіріп жатыр. Сол сәтте ол бұған мейірімді аспаз әйел Фатима секілді көрініп еді, бұрынғыдан да жылы ұшырай қарап, жанары жасаурады. Бейшара арабты мына жанашыр ықылас пен көптен көрмеген жақсылық елжіретіп жіберді.
  Ат қораға келген бетте етікті жақсылап қарап шығып, жымия берді. Күнделікті күйбеңіне де құлшына кірісіп, жұмысын тез тындырып тастады. Шамды суарып, әдеттегідей албардың қалың қауына оттықтырды да, үстін мұнтаздай етіп тазартты. Кеше Қабан тізгінді тұқырта тартқанда жырылып, түн асқанда қара қотырлана бастаған езуін өзінше емдеді. Қайта-қайта үшкірді. Ол осы әбден жаттап алған аятты ем үшін де, пәле-жаланы үркіту үшін де, тіпті жайсыз түс көрсе де оқи беретін. Адам өзінің қысылтаяң өмір алдындағы дәрменсіздігін біле түскен сайын тірліктің таба алмаған тірегін өз қиялынан іздеп шарқ ұрады ғой. Көзі анық жетпесе де санасына сіңіп қалған, шындыққа пара-пар сенім-нанымына жүгінеді. Агбаның діндарлығы оның осы тиянақсыз халінен тамыр алып, басына үйірілген әрбір ауыртпалықпен күшейе түсетін.
  Шамның бабын тапқан соң ат қораны жылан жалағандай етіп тазартты да, оттыққа барып отырды. Оның ендігі арманы үстін бүтіндеп алу еді. Қожайын рақымы түсіп, тағы да азын-аулақ тиын-тебен беретін болса, тамақты іркіп, жинай беруі керек. Әуелі қалың сырт киім қажет, өйткені күн уақыт өткен сайын суытып келеді. Содан кейінгісін тағы да көре жатар. Шіркін, Мәккадағы тар лашығындай жеркепе тұрғызып алса, мұртын балта кеспес еді. Оның ретін қалай келтіру керек екендігі жөнінде Ұзынтұрамен кеңескені жөн. Осылай тіршіліктің қамын күйттей бермесе бола ма.
Агба сөйтіп өзі үшін аса мәнді шаруаларды түгендеп отырғанда, күн ұлы сәскеге тармасты. Сырттан аяқ дыбысы шығып, артынша екі жігіт кіріп келді де, ай-шайға қаратпай, Шамды жетектеп жүре берді. Мылқау араб әуелі не істерін білмей, аңтарылып қалды да, соңдарынан ілесе жөнелді. Олар темір албардың қақпасына қарай тартып барады. Сол жерге жеткен соң байлаулы тұрған аттарына мініп, Шамды жетекке алып, қалаға бет түзеді. Шыға бере сар желіске салған. Агбаның көз жазып қалмауы үшін жүгіріп отыруына тура келді. Бейтаныс екеуі осы беттерінде шаһармен екі ортадағы өзеннің үстіне салынған ұзын көпірге тез іліккен.
Бұл жерде аттылы-жаяулы жүргінші көп екен, ерсілі-қарсылы өтіп сапырылысып жатыр. Жүк тиеген, шөп артқан арбалар, жеңіл күймелер де жеткілікті, бәрі асығыс, бірін-бірі киіп-жарып, алға өзеурейді. Әскер киіміндегі бір жас жігіттің астындағы биік көк ат аяқ астынан үркеді екен, көпірдің орта тұсына жеткенде аспанға шапши тулап, жаяу елді қаға-маға алып қашты. Жұрт у-шу болып, екі қапталға қақ жарылды. Арқасына асып алған шүберек дорбасы бар, сақалы беліне түсетін шалдың таяғы қолынан ұшып кетіп, сүріне құлады. Тәлтіректеп қайта тұрған бетте аттылының артынан қос жұдырығын түйе айғайлады, дауысы мұндай ащы болар ма, құлақты тұндырды.
Арғы беттегі елдің шуылы күшейіп барады, үркек ат біреуді қағып кеткен сияқты. Агба Шамнан көз алмай асыға басып, солай қарай жақындағанда, шашы жалбыраған, үстінде ала қоржынның түсі іспеттес өңсіз киімі бар бозбала жігіттің екі өкпесін қолына ала, артына жалтақтап қашып келе жатқанын көрді. Соңынан екі әскер өкшелеп қуып келеді, біреуі тапаншасын бұлғап, қашқан жігітті атып жығатындай өзеурейді, түсі тым сұсты екен, тікенек мұрты едірейіп кетіпті.
Шашты бозбала арбалы, жаяулы елдің арасында қосаяқша жалтарады, сірә, оның мұндай қуғынға ұшырағаны жалғыз бұл емес тәрізді, аяғы-аяғына жұқпай, жанталасып барады. Сол бетінде соңындағы екеуден құтылып та кетер ме еді, кім білсін, алдынан көрінген атты жауынгер қынабынан қылышын суырып алып, тап берді. Жігіт қапелімде не істерін білмей, қалт тұра қалып, көпірдің жақтауына қарай ығысты. Анау атын омыраулатып жақындап келеді, өкшелей қуғандар да таялап қалған. Сол кезде қашқын қылыштыға қарап жынды адамша қарқылдай күлді. Шегіншектеп, көпірдің жиегіне қарай ысырылған сайын дауысы қатты шығады. Құтылмасына көзі анық жеткен бір сәтте төменде шымырлап ағып жатқан өзенге қарғыды да кетті. 
Жұрттың бәрі де оны өлдіге санап еді, бозбала жігіт суға күмп еткен бойда көрінбей кеткен болатын. Ел шуылын сап тыйып, өзенге үрейлене үңілді, терең арнаның ағысты айдыны әр жерінде иірім дөңгеленіп, шымыр-шымыр қайнап, жанарды жасқайды, кең көмейі тойымсыз қылқ ете қалғандай түршіктіреді. Үстінде ерсілі-қарсылы сапырылысып, дамылсыз ұшып жүрген шағалаларды да енді-енді жұта салатындай сұсты.
Шамды жетектеп алған аттылар да тоқтап, өзенге үңілген, Агба соларға қатарласып барып іркілді, әлгі байғұс шынымен-ақ суға кеткені ме?! Оның дәм-тұзы осы жерде, тападай тал түсте, бүкіл елдің көз алдында таусылғаны рас болар, айдынның үстінде қарайған бір белгі жоқ. Әлгі уақыттан бері су астында тұншығып та өлетін еді. Жұрт та солай ойлаған шығар, біртіндеп жөндеріне тарай бастады. Қашқын жігіттің алдынан қылыш ала ұмтылған жауынгер де атын аяңдатып кетіп барады. Өзіне ел қарағыштай берген соң барқ етіп ақырып қалған. Оның: “Париж тағы бір бұралқы иттен құтылды. Оның несіне ежірейесіңдер!” - дегенін Агба білген жоқ, желдірте жөнелген екеудің соңынан ұмтылды.
Салт аттылар қалаға енген соң да бұраң құйрықтатып отырды. Арабтың тынымсыз жүгірістен кеудесі күйіп барады, қара терге малшынып, көзі қарауытты. Таңдайы құрғап, тілі аузына сыймай кеткен, буын-буыны дірілдей бастады. Өткен-кеткен оған аңтарыла қарайды, бүкіл елдің арасында қалбаңдай жүгірген Агбаны есі ауысқан біреуге балады ма, басынан аяғына дейін қара киінген кемпір асығыс-үсігіс шоқынды. Екі-үш бала жарыса ысқырып, соңында келеді.
Ол осы бойда ана екеуі аппақ үлкен үйді алыстан айналдыра қоршаған, күміс түстес сырмен боялған биік шарбақтың есігіне жетіп тоқтағанша жүгірді. Олар Шамды жетектеген күйі ішке өткенде тас төселген алаңға сылқ етіп отыра кетті, басы айналып, денесін еркін игере алмай, екі жағына кезек теңселеді. Бір кезде анадай жерде тұрған су ағатын темір құдықты көрді, бара сала шүмекке аузын тосты, кеңірдегі қылқ-қылқ етіп құныға жұтып жатыр. Содан кейін күйіп бара жатқан кеудесін салқын судың астына ұстап, басын жуды. Есі енді кіргендей болып, айналасына қарап, біраз отырды.
Еңселі үй ақ мәрмәрдан қаланыпты, кіре берісіне өрілген баспалдақтар мен биік әшекейлі тас бағандар. Нар бойындай биік жармалы есіктің нақыштары да ерекше сәнді көз сүріндіреді, ертегілерде ғана айтылатын бейіштің қанатты періштелері секілді сан алуан бейне ойылған. Олар бұған біресе күліп, біресе түйіліп қарайды, қайсыбірі өткір тырнақтарын сойдитып, жиырыла атылғалы тұр. Қос босағаға қашалған алма ағашына бүйірлерінде кішкене қанаты бар ұзын екі жылан оралыпты, түстері суық, қалжыраған Агбаға иретіле қозғалатын сияқты көрінді. Одан сәл беріректегі үлкен тас тұғырдың үстінде қызғылт тастан жасалған арыстан шоқиып отыр. Ол да қарсы алдына ызбарлана қарап, өткен-кеткеннің бәріне айбат шегеді.
Мына үй Агбаның Мәккадағы қожасының сән-салтанаты асқан сарайынан бір де кем емес сияқты, хас шебердің қолымен салынып, қыруар еңбек жұмсалғаны анық байқалады. Биік маңдайшаға қашалған мүсіндердің өзі-ақ көздің жауын алады, қолдарына шолақ найза, екі жүзді семсер ұстаған дулығалы, айбатты жауынгерлер алға ұмсынып, дұшпанына бүйірдей тигелі тұр. Одан сәл төменде ауыздығымен алысқан, қанды ұрыстың үрейі билеп алған, құйрық-жалын жел тараған аттар бейнеленіпті. Солардың бәрінің үстінде шолақ сақалды, төбесінің шашы дөңгелене түскен, шұбатылған оюлы киімі бар шал төніп тұр, жүзінде дүниенің астан-кестені шықса да қиналмайтын кесепатты салқындықтың табы бар, ал сәл түйілген жанарынан кесіп алса қаны шықпайтын қатыгездіктің белгісі байқалады. “Ол, сірә, жаратқан жасағанға сенбейтін кәпір елінің ойдан шығарған құдайыр болар”, - деп түйді Агба.
Үйдің алдындағы екі жағына құлпыртып гүл өсірген алаңға, одан сәл әріректе басталатын үлкен бақ пен шарбақтың қақпасына қарай кететін жолдарға қызғылт тас төселіпті. Әлгі екі жігіт аттарын алдарынан шыққан егде адамға ұстата салып, еріктерінің нәлі тасқа шық-шық тиіп, үйге еніп кеткен болатын. Қайыра шыққаннан кейін Шамды жетектеп, есіктің алдына апарды. Сол кезде іштен үстінде күн көзінде сәуле шашып, жылт-жылт ететін, етегі жерге тиген көйлегі бар отыздардың ішіндегі сымбатты әйел көрінген. Соңын ала француз бейдің өзі шықты.
Әйел Шамға қарап әлдене деп сөйледі, оны қожайын бас шұлғып, қостап жатыр. Сірә, мына көрікті жанның аузынан шыққанның бәрі егде тартып қалған оған сол заматында орындалуға тиіс заң сияқты, әйелдің алдында аса сыпайы. Ол қысқа ғана тіл қатып, аппақ биялай киген қолын тек ханшаларға ғана тән қылықты қимылмен сермегендей болып еді, екі жігіт Шамды жетектеп, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Сәйгүлік өзінің арудың алдында сынға түсіп тұрғанын сезетіндей бар сымбатын жайып салып, аяғын билеп басады, басын қайыра-қайыра шұлғып, ұзын мойны әсем иіліп, тізгінін ұстаған екеуді сүйрете алға ұмтылды. Оның біреуі сүрініп кетіп құлап қала жаздап еді, әйел аттың тентек қылығына сүйсініп, қолын шапалақтады. Француз бей оның көңілі көтерілгенде айрықша мәз болып, жүзі нұрланып сала берді.
Агба Шамның бейтаныс жердің әрбір қараң-құраңынан үркектеп, сабырсызданғанын білген, ат күйі келіп ойнақтап жүрген жоқ еді. Қайткен күнде де көрікті әйелге ұнағаны анық. Ол сәйгүлікті есіктің алдынан тағы да екі-үш қабат өткізіп, үйге бұрылды. Француз бей жігіттерге қысқа әмір беріп, соңынан ілесті. Олар егде адам ұстап тұрған аттарына мініп, Шамды жетектеп шарбақтан шықты да, келген іздерімен кері қайтты. Агба да арттарынан ерген, ол әлгі сұлу қожайынның әйелі екендігін ұққан сияқты болғанмен, Шамды мұнда неге әкелгенін білген жоқ-ты.
***
Сымбатты әйел күйеуінен арабтың жүйріктері келіп түскенін естіген соң, соның бірін күймесіне жегіп жүруді жөн көрген. Француз жұртына жұмбақ болып көрінетін елдің Парижде табылмайтын сәйгүлігін ойнақтатып салтанатын асырса, қаладағы талай бақталас княгинялардың ішін қызғаныштың жалыны қарымай ма, абырой-атақтарына дақ түсіп, күншілдікпен күйзеле күйінер. Олардың сол сағы сынған, бүкіл дәулет-байлықтан, намыстан жұрдай болған секілді іштей қынжыла жүдеген түрлерін көру қандай бақыт.
Аттылардың ендігі баратын жері белгілі болды. Агба олардың Шамды ат қораға қайыра апаратындығын аңғарған соң, дедектеп жүгіруін қойды. Ыю-қию араласқан арбалы, жаяулы жұрттың арасымен асықпай аяңдап, жан-жағына жіті көз салып келеді. Өзеннің өрін қақ жарып, үлкен кеме жүзіп барады, сорайған тұрбасынан қою қара түтін бұрқ-бұрқ көтеріледі. Сүйір тұмсығы айдынға көміле батып барып қайта түзелгенде кісі бойындай қара көк толқын буырқана үйіріліп, жиекке қарай серпілген, қырық бүктетіле жөңкіліп келеді. Жолындағы желкенсіз шағын қайықтарды лықсыта ысырып тастап, ұрынарға қара таппай аударылып, төңкеріледі. Сол сапырылысқан бетінде тайпақ тастақ жағаға жетті де, ежелгі егескен дұшпаны қарсы алдына кесе-көлденең тұра қалғандай тулап, қатты екпінмен өшіге соқтыққан. Өз екпінімен кері серпілген сәтте қайтадан өшіге ұмтылып, бүлік іздеп тұлан тұтты, жағалаудың бойын өрлей арпалысып, ақ көбіктене ырс-ырс етті.
Агба көпірдің шет жағын жиектеп жүріп барды да, төмендегі тұңғиық өзенге көз салды. Манағы қашқын жігіттің шымырлап, иірімдеп ағып жатқан айдынға қалай батылы барып секіргенін ұға алмай дағдарған. Ол үрмеден қашты ма, әлде айдаудан сытыла жөнелді ме, кім білсін, әйтеуір, еркіндіктің қадірі өткен жан екендігі анық болатын. Тәні ғана емес, ары мен жаны азапқа түскен адам үшін ондай ит тірліктің құны көк тиын. Мұның өзі де ұлан-байтақ Мәккадан бас сауғалар сая таппай сандалғанда, жарық дүниеге қаскөй жауындай қарап, бетіне сан түкірген. Қолында құдірет тұрса, оның сұрқай сәулесін өшіре салуға дайын болатын, тек сонымен бірге мәңгі көз жұмуға әзір-ді. Өйткені ол мұның ес біліп, етек жапқалы соңынан шырақ алып түсіп, бейнет пен қорлықтан арылтпай келеді. Өзіңді елдің бәрінен өткен қор сезіну қандай ауыр қасірет еді. Кейде адам деген дардай атының бар екендігіне күмән келтіріп, әлдебір дәулетті кемпірдің жетегіндегі жүні жып-жылтыр, бүйірі тоқ, өткен-кеткенге жасқанбай, батыл үре алатын итке айналуға құмартқан шақтары да болды ғой. Ана сорлы да осылай күйзеліп, басын тауға да, тасқа да соққан шығар-ау, оған өмірден күдер үздірген сол екі жүзді зымиян өмірдің өзі екендігін екінің бірі ұға алмас. Мына жалған дүниеде бардың да, жоқтың да өз тілін өзі талаудан шімірікпейтін безбүйрек ғұмыр кешіп келе жатқандығын да кім сезген?! Агба жан-жағына бойын әп-сәтте билеп алған үреймен жасқана қарады.
Еңсесін езген, жүрекке түрпідей тиетін осы ауыр ой қажытып, ат қораға ұзақ жүріп жетті. Албардың ішінде бес-алты адам шуылдап, әуреге түсіп жатыр, араларында Ұзынтұра бар. Таяла келе олардың Шамды арбаға жегуге үйретіп жүргенін көрді. Сәйгүлікті бұлай қорлау оның аяғына тұсамыс салып, бәйгеге шапқанмен бірдей ессіздік еді. Бесті айғырдың қалаға не мақсатпен апарылғаны да енді белгілі болды. Агба бүйіріне шаншу қадалғандай қиналып, тынысы тарылды. Өзінің мұңын шағып, сырласа алатын жалғыз мейірбан адамы Ұзынтұраны осы өрескел іске қатысқаны үшін жақтырмай қалған. Ол ыммен әлденені түсіндіре бастап еді, тыңдағысы келмейтінін білдіріп, әрі қарай өте шықты.
Шамды үстіне жуан бөренелер артқан ескі арбаға жегіпті. Жүк тым салмақты болар, төрт дөңгелек өткен түнгі нөсерден кейін әлі кеуіп үлгермеген жерге батып тұр. Жануар мұны көріп, тұншыға оқыранды, тұла бойын тер жауып кеткен, жүнін жұлған тырнадай ұсқынсыз. Алқымы ақ көбікке малынып, бүйірі солқ-солқ етіп, ауыр тыныстайды. Соған қарағанда оны ана екеуі келе сала қолға алған сияқты, албардың ішін арбаның айқыш-ұйқыш ізі шимайлап тастапты.
Делбені ұстаған арық шал “Шу!” деп ысқырынды. Шам арбаны төрт тағандап тартып, аяңдай жөнелді. Бауырына қарай созыла тарамданған тамырлары білеуленіп, әне-міне үзіліп кететіндей болып көрінеді. Екі жағынан қамшы үйіре айдағандардан әбден зәрезап болып қалса керек, барын салып-ақ барады. Сол бойда қақпаға жете бере делбенің ыңғайымен айнала бұрылғанда, арбаның алдыңғы дөңгелегі тұяқ бататын кішкене шұнаққа түсіп кетіп кілт тоқтады. Сол-ақ екен сауырына қамшы жауып кетті, әсіресе білегін түріп алған сақалды шірене сілтейді. Шам ышқынып-ақ жатыр, бірақ әл-шамасы жетпесе не істесін, құр тыпырлағаннан басқа қайрат көрсеткен жоқ. Әлгі сақалды енді таяу келіп, қамшыны ысылдата шыпылдатты, соққысы бесті айғырдың жанына қатты батқан шығар, не кісінеген, не шәңгірлеген емес, сүйекті сырқырата қорқырады.
Агбанның төзімі енді мүлде таусылған-ды, атылып барып сақалдының қолындағы қамшыны жұлып алды да, сабын тізесіне салып қақ бөлді. Бұдан ондай ірі қылық күтпеген анау аңтарылып қарап қалған, екі көзі мылқау арабтың белдігінде салақтаған қайқы кездікте. Жазым етер деді ме, тұрған орнынан қозғалмады.
Агба ызаға бөгіп, бөренелерді жұлқына аударып жатыр, әп-сәтте арба босап қалды. Содан кейін сілесі қатқан Шамды жетектеп, ат қораға қарай жүрді. Сәйгүлік ала қашқан да, бұлталақтап бұлқынған да жоқ, бұрын жегіліп жүрген аттай үрікпей кетіп барады. Оның дәл қазір соңында салдырлаған арбадан құтылуға әрекет жасайтын халі жоқ-ты.
Қораға жеткен соң Шамды доғарып, терін сүрткіштеп, тыным таппаған Агба іштей дамылсыз сөйлеумен болды. “Сен бүгін жаның төзгісіз азап шексең де, менен әлдеқайда бақыттысың, - деп жұбатқан сәйгүлікті. - Сені қажетіне жарататын, құныңды білетін адам бар. Әлдеқайда өле салуыңа жол бермейді, күтіп бағады. Оның үстіне сенде кек сақтайтын, көрген азабыңа қорланатын, Кеудеңе сыймай бұлқынып, жарыла жаздайтын мендегідей сезімтал жүрек жоқ қой. Аздан соң терің кеуіп, ентігің басылғанда бәрін ұмытасың, ешқандай мехнат көрмегендей қайыра түлеп шыға келесің. Ал маған ондай бақыт бұйырмаған, менің шерге толы кеудемді әлдекім қанжармен бір-ақ орып, қақ жарса, оны кернеп тұрған мұң-қайғы ана жат, жұмбақ әрі сұсты қаланы күңгірт тұман болып орап алуға жетер еді. Адамға болмашы ғана көңілсіз жайға қинала алатын нәзік жүрек берген соң бұл жарық дүниеге жасаған ием зорлық пен зомбылықты неге қаптата жамыратып жіберді екен? Сен менен әлдеқайда бақыттысың, Шам”.
***
Агба ат қораға қонып қалды, сәйгүлікті тері кепкен соң суарып, шөп салып күйбеңдеп жүргенде түннің біраз уақыты өтіп кетіп еді. Бұл жерде ешкім қалмаған болатын, тек маңайдың таң атқанша бақыланатындығын сездіріп күзетшінің кішкене үйінің терезесінен май шамның жарығы жылтырайды. Қарауыл жігіттің кейде ат қораның алды-артын орап, мылтығын көлденең ұстап, кезіп жүретін әдеті бар. Мұның осында, сабанның үстінде жатқанын сол ғана көруі мүмкін. Бірақ Агба дәл қазір одан сескене алмайтын еді, сірә, бүгінгі Шамға жасалған қиянаттан қатты қорланып, терісіне сыймай ызаға булыққанда өзінің осы әрекеті үшін жазалануы мүмкін екендігін есінен шығарған болар.
Жылы, жайлы жерде жатқанмен ұйқысы келетін емес, көз алдына елу жылғы өмірінің үздік-создық, өткен-кеткен оқиғалары елестеп, шыр айналып, үйіріліп шықпайды. Ештаңа ойламауға барын сала тырысса да, қай-қайдағы, өңшең көңілсіз көріністер тізбектеліп таусылатын емес. Ол солардан басын арашалап алудың қамымен бағана көрген сәулетті үйді, үстіне аса қымбат көйлек киіп, француз бейді жанарымен билеген сұлу әйелді есіне алды. Оның көркін хор қызының сымбатымен салыстырды. Сондай кербез, әсем жанды құшқан адамның өлшеусіз бақытына мас болған шәрбәт сезіміне бөленуге де тырысты. 
Агба сабанның үстінде аунап түсіп, көзін жұмды. Сұлу әйелдің мінсіз көрікті дидарын анық көргендей. Ол аппақ білегі жарқ етіп, алыстағы біреуге наздана күледі, бірақ өңі сынық сияқты. Кім біледі, оның көңілінде де кірбің ұялап жатқан шығар, өйткені мына безбүйрек өмір дәл өзіндей нәзік емес қой. Ол арудың да жүрек лүпілін ұға бермес. Содан кейін бұлыңғыр сағым ойнап, жанар талып жететін қашықтан мейірімді аспаз әйел Фатима көрінгендей болды. Толық денелі, басына тартқан тек байламы, құлағындағы жалпақ жез сырғасы көзіне оттай басылды. Ол сұлу әйелге қарай ақырын беттеп келеді, міне, қатарласты да, сол кезде Агба таң-тамаша болып, оларға жапақтап қарай берген. Фатима үлде мен бүлдеге оранған арудан әлдеқайда көрікті еді.
Ат қораның іші жылы, бірақ ауасы қапырық, тезектің қышқылтым иісі шығады. Маңдайшадағы әйнектен айдың сүт сәулесі дірілдеп құйылып тұр. Далада жел көтерілген бе, су-су еткен дыбыс естіледі, күзетшінің үйі жағынан шабаланып ит үрді. Алыстан түннің тыныштығын ұлардай шулатып, сарнаған үн көтерілді, ол ылғи осы мезгілде азынап қоя беретін. Ұзынтұраның түсіндіруімен Агба оның елді жұмысқа шақыратын белгі екенін білген-ді. Ал Мәккада таң алакөбеде азаншының мақамы тербеп оянатын. Айнала сілтідей тынған беймарал шақта ол тағы бір бейнетті күннің басталғанын, соны аман-есен көргені үшін иісі мұсылманның құдіреті күшті аллаға қарыздар екенін, өмір бар жерде қаза бар екенін, ал оның алдында тірлік атаулының бәрі дәрменсіз болатындығын сездіріп, төсектен тұрмай жатып жігерді жасытушы еді. Азаншының күңіренген, тұла бойды дел-сал қылып ұйытқан үні созыла түскен сайын секемшіл жүрек соғысынан жаңылып, бұ дүниеде өзіңнен өткен күнәһар жан жоқтай түңілдіріп, сарсаңға салады. Біразға дейін оның зарлы мақамы күдікшіл көңілінде жаңғырығып хақ тағаланың қарғысына ұшырағалы тұрған бейбақтай пұшайман күйге түсірумен болды.
***
Ат күтушілер жұмысқа ерте кіріседі, енді тұрса да болар еді. Қазір жалпақ арбасына сұлы салған қаптарды толтырып алған, ел Шевалье деп атайтын аппақ құдай шал жетеді. Таңертең аттарға бір мезгіл жем беру - бұл жердің бұзылмайтын әдеті. Одан кейін кілең бауырынан жараған аттарды албарға шығарып, бойларын жаздырады, кейбіреулері осы арадан бәйге өткізілетін жерге әкетіледі, қалғандарын кейде топтап жайылымға айдайды.
Ат жарыс болатын күнді Агба ешкім айтпай-ақ біледі. Ол күні шабандоздардың бүкіл қам-қарекеті, тіпті мінез-құлықтары да өзгеріп шыға келеді. Бір-біріне тіл қатпай, үнсіз түнеріп алады, өзге адамдармен де ықылассыз сөйлеседі. Сайысқа түсетін басқа аттарды көзбен атып, олардың ширақ, әлдемді қимылын көргенде араларындағы бақталастық тұтатқан қызғаныш-күйініштерін жасыра алмай, өңдері суып сала береді.
Агба алдыңғы күні Ұзынтұраның үйіне қонып шыққанда одан мынадай суық сөз білген.
Шабандоздар әлдебір әулетті жанның қолындағы карта секілді, олардың бәйге жолындағы барлық қимыл-әрекеті әуел баста өлшеп-пішілген. Бұл жердегі сәйгүліктердің егесінде ат та, бап та, бақ та шаппайды, аузында билігі, қолында қаржысы бар әлдінің үкімі озады. Жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар шықпай, алдын ала әбден ойластырылған айла-шарғымен қолдан сәйгүлік жасайтын құйтырқы қылық бар. Шабандоз атаулының ішіне кім кіріп-шыққан, аты аламан шабысқа қосылғанның күні ертең қалтасына тыға салатын тиын-тебені үшін астындағы ерен жүйрікті еппен іркіп, кейіндей беретіндер аз емес. Кейде олар озатыны күн ілгері белгілі сәйгүлікке бүкіл жанкүйер жұрттың көз алдында тірі жанға сездірмей, қастық жасай береді. Қатарласа келе өзіне түбі шаң қаптырып кететін аттың айыл-тартпасын қас қағым сәтте қиып түседі, артына бір қарағанда, оның үстіндегі шабандоз ер-тұрманымен бірге ауып, құлап бара жатады. Енді бірде бүгін озуға тиіс атты алға жіберіп алып, мәреге бұрын жетуі кәдік жүйрікті екеу-үшеу болып тосқауылдап, қақпан құрады.
Мұны қойшы, одан да өткен жауыздық жасалып жатады. Бірде қожайынның аты шулы сәйгүлігі, талайдан бері алдына ат салмаған Грог бәйгеге қосылған күні ақсады. Алдыңғы сол жақ аяғын баса алмай, ат қораға зорға жетті. Ел оны қатты шапқандықтан деп ойлап, әуелде мән бере қоймаған, қожайын да онша назар аудармап еді. Бірақ Грог ертеңіне де, одан арғы күні де оңалмады, қайта кері кетіп, қарға адым жер жүруі мұң болды. Бара-бара қорадан шығарылмай, жем мен су сол арада берілді. Есіл жүйрік күн өткен сайын етінен арып, тулаққа айналып бара жатты.
Бір күні ат күтушілер оның қорада төрт аяқтап құлап жатқанын көріп, қожайынға тез хабар бергізді. Ол келгенде Грог қатты қиналыс үстінде болатын, бүйірі солқылдап, тынысы ауырлап кеткен. Соны көрген қожайынның еңсесі түсіп кетті, ат күтушілерді қорадан қуып шығып Грогпен жалғыз қалды. Жартылай жабылған есіктен оның назалана сөйлегені, аһ ұрғаны анық естіліп тұрды. “Грог, менің қымбатты жүйрігім, не болды саған?” - деп тебіренді ол. Аттың жалынан сипап, әлдекімге ашына қарғыс айтып ұзақ отырды. Әлден уақытта есік алдына теңселе шыққанда, жүзі қан-сөлсіз қуарып тұр еді. Белдігіндегі тапаншасын суырып алып, Қабанға ұстатты да, албардың қақпасына қарай екі иығы салбырап үнсіз жүре берді.
Қабан оның болымсыз қимылына дейін қалт жібермей түсіне қоятын, ішке кіріп кетті, сол мезетте тапанша тарс-тұрс атылған. Қожайын Грогтың жанын қинай бергісі келмеген екен. 
Ертеңіне ол мал дәрігерін ертіп келді, сәйгүліктің ақсаған аяғын екеуі ұзақ қарады. Ақыр соңында қыр жіліншігін арамен екі-үш жерінен кесіп, ұшы біздей өткір, кере қарыс шеге тауып алды. Сол күні қожайынның әмірімен бүкіл ат күтушілер қара жамылып аза тұтты. Бұрын шабандоз атаулыны құрметтеп, қызыға, құмарта қарайтын Агба осыдан кейін оларды іш тарта қоймайтын болды.
Сыртқа шыққанда таңның алғашқы көгілдір алауы біліне бастапты. Жем тарататын аппақ қудай шалдың арбасы сықырлап, сол алаудың әлсіз сәулесін үркітіп келе жатқандай болып көрінді. Кіршіксіз мөлдір нұр әлі түн қараңғылығынан толық айықпаған далаға жасқана, себездеп қана таралады.
Шалдан Шамның үлесін алып, астауына төккен соң, ат күтушілердің жеркепелеріндегі асханаға барып тамақ ішті. Оның иесінен шөптің майын сұрап алып, көнетоз етігіне сіңіре жақты, кешеден бері аяқ киімінің еш жеріне дақ түспегендігін, жыртылып-сөгілуден аман екендігін көріп, көңілін демдеді. Ат қораға қайтып келгенде түндегі ашу-ыза мен реніштің табы шайлыққандай біршама сергек еді. Оның үстіне алдынан шығып кездесе кеткен Ұзынтұра әлі төсек тартып жатқан Қабанның орнын басқанын айтып, қолына бір уыс тиын-тебен ұстатқан. “Сен қожайын ақы төлейтіндердің ішінде бұл жолы жоқ екенсің, ат күтушілердің есебінен шығарып тастапты, мен қайта енгіздім”, - дегенді ұқтырды. Агба оның бұл жанашырлығына майдай еріп, құдіретті желеп-жебеушісіндей елжірей қарады, құл атаулыға біткен дағды бойынша аяғына бас ұра жығылған, анау сол сәтте жерден тік көтеріп алды. Ыммен: “Ендігәрі бұлай етпе, ұят”, - деп ескертті.
***
Күн түске тырмасқанда кешегі екі жігіт күймеге мініп келді. Ұзынтұрамен қысқа кеңесіп, Шамды алдыртты да, күймеге жекті, делбені Агбаның өзіне ұстатты. Сәйгүлік алғашқы бетте бұлталақтап, әредік алып қашып жүрді де, біраздан кейін онысын қойып жуаси бастады. Агба кең албардың ішін төрт-бес қабат айналып шыққанда асау қылық танытқан жоқ, жаратылысына тән қызбалықпен ғана делбені кере тартып желдіртті де отырды.
Осыдан кейін күймеге екі жігіт кезек мініп, Шамның арбаға қаншалықты бастыққанын әбден бақылады. Біресе шоқытып, ара-тұра бауырын жаздыра жүйткітіп, ұлы сәскеге дейін атқа да, өздеріне де дамыл таптырмады. Сол беттерінде албардың қақпасынан шығып, қалаға қарай тартып кеткен. Агба соңдарынан жүгіре басып жөнелмек еді, Ұзынтұра тоқтатты. “Олар кешке қайтып келеді, атты қаланың у-шуы көшесінде жүргізіп үйретеді”, - деп ұстап қалған.
Мылқау араб оның бұл сөзіне тынши алған жоқ, Шамның әлдекімдердің иелігінде кете барғанын қынжылап тұрып, одан бір сәтке де көз жаза алмайтындығын түсінді. “Сәйгүлік маған неге осыншалық қымбат болды, - деп ойлады ат қора жаққа кетіп бара жатып. - Оның төрт аяқты мал емес, сырлас серігім секілді жылы тартып тұратыны неліктен? Шам әлде жылқы бейнесіндегі өзгеше бір тылсым күш пе? Ерен жүйрік аламан бәйгелерде аруақтанып, жал-құйрығы төгіліп, бауыры қара жерге тие, көсіле зулағанда, қараған жұрт қанатты періге балап, жағасын ұстаушы еді ғой. Бәлкім, ол пейіште ғана болатын, ғайыптан жерге түскен қасиетті пырақ шығар. Мұны оған әмірі күшті тәңірдің өзі жіпсіз байлап, әуел бастан қосақтап қойған болар. Шамның бұдан басқа тірі пендені ерге отырғызбайтындығы тегін бе?”
Діндар Агба өз ойына өзі сенгендей болып, енді бірде бұл байлам-түсінігін түбірімен жоққа шығарып, әуреге түсті. Шамды құлынынан күтіп баққанын, ешқандай да тылсым қасиеті жоқ екендігін есіне алды, бірақ ғұмырында ештемеге қызықпай, бақыт та, жақсылық та күтпей, өзінің жұмыр басты пенде екендігін де ұмытқандай болған мәңгүрт кезінде сәйгүліктің сол құрдым шыңыраудан талай алып шығып, адамдық қасиетін, қуаныш пен сүйініштің парқын айыра білетін сезімін қайтарып бергенін, өміріндегі сол үшін де жүйріктің алдында мәңгі қарыздар екенін осы сәт пайымдай қойған жоқ. Ол Шам аруақты бәйгелерде сыйлаған даңғайыр шаттыққа бар болмысымен балқып жүріп, жарық дүниеге күле қарауды үйренді ғой, өмірдің өзегінен шарапатты жақсылық күтуге дағдыланды, сол күндері алғаш рет өзін қоршаған дүниенің бойынан мейірім шапағатын сезінді. Келе-келе ғұмырының білінбес бір бөлшегіне айналған Фатимаға да осы шақтарда құлай ғашық болған еді.
Агба ақыры Шамды кешке қайыра алып келгенше мазасыз сезімнен арыла алған жоқ. Күймеден өзі доғарып, әлдекімдер осылай ақ тер, көк терін шығарғанда арашашы болуға жаралмағандығына кешірім сұрап жүріп, күндегі орнына байлады.
***
Осы түнде Шам мен Агба туралы қожайынның үйінде едәуір сөз болған. Күйеуінен сәйгүлікпен бірге мылқау арабтың қалып қойғанын естіген графиняның аясы үлкен, аспан түстес мөлдіреген жанарында қуаныштың нұры ойнап шыға келді.
- Құдайым-ау, бұл жақсы хабар ғой. Сен білесің бе, Жюль, менің енді шетелдік пұсырман көшірім болады, - деді наздана жымиып. - Қандай тамаша! Ана Пьер, Жак, тағы басқалары негр күтушілерді үйлерінде ұстағанда ішім күйіп еді. Олар енді қайтер екен? Әсіресе күншіл Эленнің түн ұйқысы төрт болатындығына күмәнім жоқ.
Күйеуі оның бұл шешімін құптай қоймады.
- Қымбаттым, ол араб тумысында мылқау, оны аз десең, қабағы бір ашылмайтын жұмбақ жан, - деді әйелін айнытуды ойлап. - Шамасы мінезі де оңып тұрмаса керек, әрі ол Париждің көшесінде қалай жүріп-тұру керек екендігін де білмейді ғой.
Әйел мақпал креслодан тұрып, қымбат хрусталь құтылар, алтындатқан бағалы ыдыстар жиналған өрнекті шкафтың алдына барып тұрды. Ол әлгі сөзге өкпелеп қалып еді. Жюль кінәмшіл әйелінің жүзін көрмесе де, дәл қазір жанарына мөлдіреп жас үйіріле қалғанын, бұл қашан айтқанына келісіп жұбатқанша тіл қатпай тұра беретінін білді. Жанына барып жалаңаш иығынан еркелете сүйді.
- Жарайды, мен қарсы емеспін. Шындығында, сенің шетелдік атқосшыңның болатын уақыты әлдеқашан жетті емес пе? - деп ыңғайына жығылды. - Қазір Парижде дәулеті жағынан менімен терезе теңестіретіндер кем де кем. Ендеше, барлық сән-салтанат сол байлыққа лайық болғаны жөн. Сен араб жөнінде дұрыс ойлап таптың.
Әйел күйеуінің жылы сөзіне оның қолынан наздана қысып, жауап берді. Қайтадан жадырап шыға келген жанарында “Мен қандай бақытты едім!” - деген шаттық нұры алаулап тұр еді.
Мұның бәрінен хабарсыз Агба Ұзынтұрадан рұқсат алып, ат қораның ішіндегі сабанның үстінде дамылдап жатқан. Көзі ұйқыға кете бере бұйра-бұйра құмы шыжыған аптап күннің бар қызуын бойына жинап алып, күйіп-жанып жататын сахараны көргендей болған. Ол жалғыз өзі сол ұлы шөлді жаяу кезіп, қиянды бетке алып кетіп барады екен.
Бұл түні оған жөні түзу түс те бұйырған жоқ.
***
Күн кешкі мезгіл, бірақ үлкен шаһардың көшелеріндегі сапырылысқан елдің қатары көбеймесе, азаятын емес. Ерсілі-қарсылы шұбырған, бірін-бірі киіп-жарып асыққан жұрт. Көбінің киімі тым жұпыны, өңдері де сынық, көшенің табанына төселген жұмыр тастарды тайғанақтап басады. Екеуден, үшеуден топтанып, жан-жағына сұғанақтана қарап, үнсіз томсырайған бозбалалар қара танытып қалады. Олар түн қараңғылығы қаланы тезірек құрсаулап алуын асыға тосатын секілді, бұрыш-бұрышты сығалап, өткен-кеткенді көздерінің астымен бағады. Бір-екі зіңгіттей жігіт Агба отырған күймені төңіректеп, бұған тымырая қараған, бірақ жақындаған жоқ, сірә, мынадай қымбат, сән-салтанаты еріксіз көз тартатын көліктің ат айдаушысы қарусыз болмайтынын білетін тәрізді.
Анда-санда көшенің бойымен аттарын сар желдіртіп, қылыш асынған, бастарындағы қалпақтарына шашақ таққан әскерлер өте шығады. Жаяу жүргіншілерге қолдарындағы көр-жерін ұсынып, сатып алуларын безектеп айтудан жаңылмайтын жыртық киімді балалар байқалып қалады. Көше қара көлеңке тартып, көз байлана бастағанда жалаңаш иықтарына тор орамал жаба салған екі өрімдей қыз күйменің жанынан ырғала басып өтті. Жұрттың назарын өздеріне аударғысы келе ме, сықылықтай күліп мәз болады, жандарына жақындағанға жанарларын төңкере қарап, қылықты жымияды. 
Шаһардың шет жағынан орнаған түнді үркітіп, аруанаша боздап, құлаққа жайсыз үн көтерілді. Бұл бүгінгі жұмыстың аяқталғандығының, бүкіл қаланың дамылға бой ұрғандығының белгісі еді. Шаһардың көшелеріндегі сапырылысқан тірлікті қас қақпай күзеткен қарауылдарға ұқсап биік мұнаралар қарауытады, біреуінің бел ортасына таман орнатылған үлкен дөңгелек сағат қоңырауларын күңгірлетіп қоя берді. Дың-дың еткен ашық әрі күшті сыңғыр қаланың үстінде майда қалықтап, алысқа жаңғырыға таралады, түн мұнарын жамылған, көзге еш уақытта түспейтін жез таңдай ғажайып құс шаһардың аспанын әдемі әнмен көркейтіп ұшып өткендей Агба өз ырқынан тыс көкке үңілді. Бірен-саран жұлдыз туыпты, тәңірдің бейішті нұрға бөлеген сиқырлы шырақтары сияқты жадырап, ғарыштың қиян төрінен күлім қағады.
Агба қожайынның көрікті әйеліне көшір болғалы жаздың мұндай талай түнін күйменің үстінде көз ілмей өткізіп жүр. Сұлу графиняның үйде байыздап отыратын кездері сирек, көбіне қонақта, той-думанның ортасында болады. Кейде түнді орталап, кейде таңды атырып қайтады, ойын-сауық ұзаққа созылған шақтарда француз бей күймеге ауыр жүк арқалағандай шаршап жетіп, жиі уһілейді, өңі қашып қуарып, үнсіз отырып қалады. Ал графиня сергектігінен арылып көрген емес, егде тартқан күйеуіне еркелей тіл қатып, сөз арасында жиі күліп, ауыз жаппайды.
Ол мұндай ұзаққа созылатын той-думанға жалғыз да бара беретін, ондай сәттерде сұлу әйелді күймеге шығарып салушылардың қатары тым көбейіп кетеді. Агба мен Шам дуылдай лепірген өңшең сымбатты, шамадан тыс көңілді жігіттердің ортасында қалып, олардың тезірек кетуін, графиняны үйіне жеткізіп, бір мезет дем алуды тағатсыз тілейді. Ал масаң, қызба топ оңайлықпен тарқамайды. Шарап толы шыны құтылардың тығындарын тарс-тұрс атып, көрікті ханымның денсаулығы үшін шуылдаса ішеді, қосыла ән салып, көшені бастарына көтереді.
Осындай у-шудың бірінде әскер киіміндегі мұртты жігіт қорабынан тапаншасын суырып алып, гүрсілдете үсті-үстіне атқан. Шам үркіп ала жөнелді. Агба қапелімде дегбені жинап үлгере алмай қалды. Күйменің ашық тұрған есігі әлгі есерді қағып өткенде, ол жерге серең етіп құлап түсті. Графиняның шошынған ащы дауысы Агбаның төбе құйқасын шымырлатты. Барын салып алысып жүріп, Шамды тоқтатты-ау, әйтеуір. Күйменің соңынан шұбыра жүгірген жігіт-желең жеткенде, жүрегі аузына тығылып, дүрс-дүрс соғып тұрған.
Ентігіскен жігіт-желең келе сала қорқып қалған княгиняны жапыр-жұпыр жұбатып жатыр. Мылтық атқан әскери киімді сылтып басып Агбаға таянды да, жағынан кіжіне тартып жіберді. Арабтың төбесі шошақ қалпағы ұшып кетіп, басы зыңылдап жүре берді.
Сол сәтте графиняның қатқыл дауысы естілді. Дуылдаған бетін басып, зәбірлене жүдеген Агба оның дөкір жігітке қысқа, кесімді әмір бергенін көрді. Анау басын шайқап, айтқанын орындай алмайтындығын аңғартып мелшиіп тұр. Графиня да сабасына түсетін емес, Агбаны нұсқап күйінеді.
Жігіт үнсіз тұрды да көшір жаққа бұрылды, оның жүзіне жирене қарады. Агба мұртының қызарып кеткен жанарынан менмендікпен қорлай кемсітушіліктің удай ащы табын көрді, көзін еріксіз тайдырып әкетті. Ол осылай біраз тесіліп тұрды да, мылқау арабтың қолын алып сықырлата қатты қысты. Басқаларға сездірмей, бетіне түкіріп жіберді. Іле қарқылдап күліп, княгиняның алдына барды да, тізерлеп отыра кетті.
Агба бетін сүртіп, есеңгірей күйзелген күйі булыға еңіреді. Дыбысын шығармай тұншыға өксіп, қалш-қалш еткен қолымен күйменің суық ағашын сығымдай берді, қатты қиналып қорланғандықтан шығар, жағы қарысып қалған, тамағына тас тығылып, демікпе ауруы бар адамдай қыстықты.
Графиня сылқым жігітке көшірден кешірім сұратқанына мәз болып, сыңғырлай күлді. Далада тұрып та біраз шарап ішкен қызба топ әлдебір мылқау арабтың алдында кішірейген мұрттыға сұқ саусақтарын шошайтып ішек-сілесі қатады. Біреуі оған енді атылып өлуің ғана қалды дегендей, тапаншасын көрсетіп самайын түртті. Мұртты сұрланып кетті, тізерлеген жерінен сілкіне атып тұрып, қынабына қол салғанда графиня шыр ете қалды. Істің насырға шабатынын сезген серіктері оған жапырлай жабылып, қаруын тартып алды да, оғы таусылғанша гүрсілдетіп, бір сазды әнді қосыла шырқап, ұлардай шулады.
Дойыр жігіт жағынан тартып жібергенде графиняның реніш білдіргені Агбаның көңілін жібіткен, енді онысы әншейін әзіл үшін жасалғанын көріп, сұлу әйелге алғаш рет жақтырмай қарады. Оның үлбіреген қып-қызыл еріні, албыраған сүйкімді жүзі, сыңғырлаған күміс үні табан астында өзгеріп, көз алдында бар көркінен айырылған. Қолы бишікті тез тапты, шуылдаған әумесер жұртпен қоштастырып үлгертпей Шамды желдірте жөнелді.
Графиня бүгін сол жолы болған екі қабат еңселі үйге келіп еді. Айналасы мұнтаздай таза, бау-бақшаға оранған сәулетті ғимараттың үлкен терезелерінен әсем әуен сыртқа құйқылжи шалқиды. Агба Мәккада жүргенде естімеген нақышты, жанға жағымды саз бірінен соң бірі ойналып, тамылжыған ырғақ, әуезімен жабығыңқы, қараңғы көшеге әр беріп, майда толқындайды. Бағанаға ілінген шамның күңгірт сәулесі соның самалды лебімен баяу ырғалып, діріл қағады.
Агба ән сазына елтіп, күймеден түспей отыра берді. Үйді алыстан орай қоршаған биік темір шарбаққа сүйеніп, қыз бен жігіт сыбырласып тұр. Бойжеткен қымсына ұялғандай болып төмен қарайды, жігіттің иығына салған қолын әлсіз итерді. Баяу тіл қатып, кейін қарай ығысып еді, терезеден төгілген әуен күшейіп шалқи жөнелді. Жігіт қыздың белінен құшақтап дөңгелене үйіріп әкетті, екеуі бір-біріне еркелей қараған күйі тербеле билеп, алыстай берген.
Олар көрінбей кеткен кезде үйден біреу шықты, асығыс басып күйменің жанынан өте берді. Агба оның баяғы дөкір жігіт екенін таныды, ол тағы да шатақ шығарып, тайып тұруға мәжбүр болған сияқты.
Шам анда-санда дүр сілкініп қойып сүлесоқ тұр, Агба әлгінде сұлыға тойдырған. Ол аттың жемін күйменің жүк салатын қуысына тығып, үнемі бірге ала жүретін. Енді графиняның үйге қайтатын кезін тосып, мүлгіп отыра беруден басқа ештеме қалған жоқ. Шамалауынша, түн орталанып қалған, ел аяғы басылып, көше иесіз тұнжырайды. Бірен-саран бұралқы ит қоқым-соқым төгілетін темір қораптарды иіскелеп, одан түк таппай, бұрыш-бұрышты кезіп кетті.
Сәулетті ғимараттың іші де саябырсыған, әуен тыйылып, әредік ду етіп көтерілген күлкі естіліп қалады, шыны ыдыстардың қылықты арудың жүректің қытықтайтын назды үніне ұқсас сыңғыры талып жетеді. Агба сол жақтан шыққан дыбыстың бәріне құлақ түріп отырып, көптің астасып кеткен дауысы төменгі қабатқа қарай ойысқанын аңғарды, қонақтардың тарқайтын уақыты таялған секілді.
Көп кешікпей-ақ бұл түйіні дұрыс болып шықты, үйдің сыртқы жармалы есіктері айқара ашылып, үлде мен бүлдеге оранған әйелдер, оқтау жұтқандай сірескен тіп-тік еркектер көрінді. Графиня оларды бұл жолы да өзіне табындырып алған екен, бәрі соны қаумалап келеді. Әдеттегідей тағы да тарс-тұрс шарап атылып, мәре-сәре болған ел ұзақ шуылдады. Графиня бүгін ерекше көңілді, ұсынған шараптан бас тартпай ішкен, өзі масаң, дамылсыз күледі. Күйме орнынан қозғалып ұзап кеткенше артта қалғандарға қол бұлғаумен болды. 
Агба жатқа біліп алған бағытпен қожайынның үйіне төтелей тартты, Шам сар желдіртіп екі көшені қиып өткен. Делбені қағып қойып, алдындағы бұрылыстан айнала бергенде, біреу аттың алдынан шыға келді. Агба секемденіп, осындай түнгі жолға шығарда ғана берілетін тапаншасына қол салды. Сол сәтте ол секіріп келіп делбеден ұстай алды. Айдың бозғылт сәулесі иығындағы жезге шағылысады, көшір араб оның сонау күні өзін жақтан тартып жіберетін дойыр екенін таныды, Шамға қамшы үйіріп, жетекпен қаға-маға жүріп кетпек болды, бірақ жігіт атты тырп еткізген жоқ, күйменің есігін жартылай ашып, сыртқа қараған әйелге әлденені асығыс айта бастады.
Оның бағана елден бұрын неге кеткені енді белгілі болған. “Оңбаған! - деп кіжінді Агба. - Жексұрын, айуандығыңмен бірге жымысқы залым екенсің ғой”. Графиняның оны маңына жолатпайтындығына құлай сеніп, әмірін шыдамсыздана күтті. Тек белгі берілсе, өзін өлгенше есінен кетпейтіндей етіп қорлаған итті бишіктің астына алып, жүндей түтуге дайын еді.
Графиня тіл қататын емес, жиі тыныстап күрсінгені естіліп тұр. Жез иықтының аузында дамыл жоқ, дауысы дірілдеп, бастырмалата сөйлейді. Әйелдің қолынан ұстап, алақанына бетін басты, үні ессіз адамның сандырақтағаны секілді үзіліп-үзіліп кетеді.
Графиня қиналған кейіпте әлдене деп еді, жігіт еркінсіп, күйменің ішіне кірмек болды. Әйелдің дауысы енді қатқыл шыға бастады, өзеуреп ұмтылған жез иықтыны итеріп қалды, бірақ еңгезердей еркек тұрған жерінен қозғалған жоқ, есікті айқара ашып, графиняны сыртқа тік көтеріп алған. Бетінен, мойнынан алқына сүйіп, ай астында аймалайды. Арқасына, бетіне жауып кеткен әйелдің шапалағы әсер ететін емес.
- Агба! - деп ышқынды графиня бір кезде. - Агба!
Көшір арабтың күткені де осы еді, күймеден секіріп түсті, әйелді босата салып, қарсы тұра қалған жігітті бишікпен бетінен осып жіберді. Ол басын қайқаң еткізіп, өзіне тұра ұмтылғанда жалтарып кетіп, құлақ шекеден кіжіне соқты. Қолы қатты тиіп еді, бірақ анау құлаған жоқ, еңкейе беріп мысықша атылды. Агбаның көзі жарқ ете қалды, сол сәтте тас көшеге шалқасынан түскен. Жалма-жан ұшып тұрмақ еді, басы зеңіп, буыны бекімеді. “Енді тепкілейтін шығар” деп үрейленді, қалбалақтап қаруын іздеді.
Сол бойда аласұрып аяғына тұрғанда, жігіттің графиняның алдында тізерлеп, жалбарынып отырғанын көрді. Әйел басын шайқайды, шегіншектеп, күймеге жылыстап барады. Жез иықты оған тізесімен жылжи еріп, жалына сөйлеуін қоятын емес, ол дәл қазір жыларман халде еді. Бір кезде тас көшеге жата қалып, әйелдің жүріп өткен жерін сүйе бастады, мұнысы есінен ауысқан адамның қылығы сияқты тым ерсі, әрі қорқынышты еді. Графиня құдайына шағынып, асығыс-үсігіс шоқынды, аялы жанарын үрей жайлап алған. Жігіттен көз алмай, дірілдеп қалған қолдары тірек-таяныш іздейді, жаңа онымен алысқанда қобырап кеткен шашының ұшын тістелеп түршігіп тұр.
Агба атып тұрып, сылқита соғудың орнына қадалып қарап қалған. Жігіт те ту сыртында жауы бар екендігін ұмытқан, жерден әлі көтерілген жоқ. Оның әлгіден бергі қылығы шыдамын әбден тауысқан, әрі қорқыныш билеп алған графиня күймеге отырып жатып, сұлу әйелге жат ызғарлы дауыспен зірк-зірк тұлданды.
- Кет! Жолама маған! Кет!
Дауысы тіпті қатайып, тарғылданып барады.
- Естимісің, маңымнан жүрме! Сен қорқау, қорқынышты адамсың.
Жез иықты жерден сүйретіле тұрды, қинала ыңыранып, теңселіп кетті. Графиня бөріні көрген қояндай шошып, күймеге тығылды.
- Кет! Көрінбе көзіме! Жоғал!
Еңгезердей жігіт бір уыс болып бүрісті, екі жағына тәлтіректей ауып, құлап кеткелі тұр. Агба басынан түсіп қалған қалпағын тауып киіп, Шамға қарай жылжыды. Жез иықтының мына мүсәпір халін көргенде, оны әрі аяп, әрі сескенген. Жігіттің өлім мен өмірдің жігінде, қыл көпірдің үстінде тұрғаны анық еді, тезірек тайып отыру керектігін ұқты.
Ол мелшиіп, жанары жансызданып алған, жаралы жыртқыштай ыңыранып маңдайын қойғылайды. Өзін-өзі жұлып, иығындағы жез оқаларын тігілген жерімен қоса дар-дар айырды. Жанынан асығыс өте берген Агбаға барысша атылып, қолынан бишігін жұлып алды да, атты сауырдан тартып-тартып жіберді. Шам күймені салдырлатып шауып ала жөнелді, графиня ішінде жалғыз кете барды. Соңынан далбалақтап жүгірген Агбадан лезде ұзап кетті, етіне қамшы батқан ат төрт дөңгелек тас көшені тасыр-тұсыр дүрліктіргенде үрке жүйткіп, тез алыстай берген, әп-сәтте түн қараңғылығына сіңіп жоғалды. Күйменің салдыры мен графиняның үрейлі айғайы ғана біразға дейін естіліп тұрды.
Етігінің табаны таңғы шық түскен жұмыр тастардың үстінде тайғанақтап Агба жиі сүрінеді, бір-екі рет жер құша жығылып, тізесі қан қақсады. Оған да қарамай сылтып басып, жан ұшыра ұмтыла берді. Шам желігіп, бойы қызып алса ұзаққа сілтейді, қарсы алдындағы қатерді көрмей, омырауымен соғады. Ат әлденеден үркіп жалт бұрылса, биік күйменің қопарыла ауатыны анық, онда графиняның аман қалуы екіталай.
Артынан әлдекім пері соққан жанша қарқылдады.
- Ха-ха-ха.
Тамағы жыртылғанша барлығып, көшені жаңғырықтырып жатыр.
- Хи-хи-хи.
Жез иықты, сірә, есінен адасқан шығар, шегі қатып жападан-жалғыз мәз болады. Агба артына бұрылғанда, ол әлі сол орнында тұр екен.
Тұла бойын дір еткізіп, қаланың шет жағы сарнап қоя берді, елді жұмысқа шақырып жатыр. Ал Агба екі өкпесін қолына алып жүгіріп келеді, демін ішіне тартып, анда-санда күйменің салдыры қай тұстан шығатынын барлайды. Талып естілген дүрсіл тым алыста, Шам дағдылы жолмен ат қораға тартқан сияқты, мылқау араб енді өзеннің үстіне салынған көпірге төтелей жүгірді.
***
Соңынан қалмай салдырай беретін пәлені сәйгүліктің баяғыдан суқаны сүймейтін, одан құтылудың жолын таба алмай дал болатын. Мойнына кигізілген, омырауын қаға беретін зат та қолайсыз, жиіркенеді де тұрады, бірақ амал қанша, иесі келіп сыпырып тастағанша шыдайсың. Енді оның қайда жоғалғаны белгісіз, жат біреу жетіп келіп қамшының астына алғанда, мұны қорғауға жарамай айдалада қалып қойды. Артынан өкшелей ілескен салдыр-гүлдір бұл одан сытылып кетуге тырысып, шабысын үдеткен сайын күшейеді, әбден түршіктіріп шыдамын тауысады, сірә, мұның өкпесі өшіп құлауын тілейтін шығар.
Шам ерегісе, егесе жүйткіді, күйменің ішіндегі әйел дауысы шырылдап шығып, жынын қоздырды, тар көшеден тез құтылып, шабысқа жайлы кең жазыққа жетуге тағатсыз асықты. Сонда бауыры жазылып, жусаннан аласа, бетегеден биік болып, құба даламен қызына жарысар еді, көкжиекті бетке алып, жазғы таңның аспан түстес мөлдір алауына құлдырап барып сүңгіп кетуге құлшынар. Дала жарықтық өн бойында шабысқа құмар алапат желік қоздырып, қанын қыз-қыз қайнатар еді, табан жолына жазыла төселіп, қиянға шақыра қиқулар еді. Кеудесінде оты, бойында қайраты бар Шамға одан артық не керек. Ұлан жазықтың бәйге төрінде жұлдыздай ағып, желмен жарыспай ма, бәлкім, даланың алыс кемерінен асып түссе, бұйра-бұйра құмы толқынданған, ыстық күні шақырайып жанарды қаритын өзінің қайран құлан кезіне куә сахарасы қарсы алдынан табыла кетер. Жадына мәңгі тоқып, үнемі аңсаумен жүретін, түсінде талай көріп сағынған топырағына арқырай шауып жетіп, көл-көсір қуанышпен шұрқырап қоя берер.
Ал әзірге шаһардың тастақ көшесін зорға тауысып, арналы өзенге қарай салып ұрып келеді. Күйменің дөңгелегі әр жерден бір тиіп, екі жағына жиі шайқалады, ішінен шырқырай естілетін дауыс өшкен. Шамға оның ұшты-күйлі жоғалғаны керек еді, бұл қиқусыз-ақ барын салып келеді ғой, желіктіріп не керек. Ерен жүйрік орынсыз айғай-сүреңді ұнатпайтын, сәйгүлікті еркіне жібер де, желсіз шақта дауыл соқтырған алапат шабысын қызықтап отыра бер.
Шам қанша қитықса да, барын сала құлдырай алмады, ол күймені сүйретіп бұлай шауып көрген жоқ еді, қос жетек кері тартып, сілесін қатырып бітті. Сүйретілген ұзын делбе біресе алдыңғы, біресе артқы аяғына оратылып, шалынып келеді, көпірге іліккен тұста сүрініп жығыла жаздады. Онда құрыды дей бер, артындағы салдыр-гүлдірдің бәрі үстіне төңкеріліп таптап өтер.
Көпірдің үстінде екі жаяу қараң-құраң етеді, тумысында жылқы көрмегендей аңтарыла қарап қалыпты. Алдынан ербеңдеп шығып, ұстай алмақ болып безектеп жүр. Таң жаңа құланиектеніп келе жатқан беймарал шақтың тынышын кетіріп қосыла айғайлайды. Біреуі қолындағы ат дорба секілді жалбыраған нәрсесін бұлғап үркітпек болды. Шам оған таялмай, көпірді жиектеп шаппақ еді, екіншісі солай қарай ұмтылды. Енді омыраумен соғып жіберіп өте шығудан басқа лаж қалмаған, оларға тұтылса, бойы қызып, алқымы ақ көбіктенген сайын құмарта аңсаған бәйге даласына жете алмас.
Сәйгүлік көпірдің үстін күйменің салдырымен шулатып, қиястанып алды, ол енді ештемені көрген жоқ, дүлей екпінмен қарсы беттегі екеуді жолынан дүркірете қуып тастап, алға ашына ұмтылды. Мұны енді кім қуып жетсін, тек ұлан өңіргееркіндікке бір ілінсін.
Таңның көгілдір алауы ажарланып, ашық өң ала бастаған, сол самала әлемге құйындай құлдырап барып сүңгіп кетсе, қос бүйіріне қанат байланып, бәлкім, ұша жөнелер.
Шам шабысын барынша үдетті, әне, көпір де таусылған, шетіндегі жуан бөрене сойдиып шығып тұр. Соны жанай өте бергенде бір әлдемді күш оң жаққа қарай қатты тартып қалды. Мойын омыртқасы үзіліп кеткендей шым етіп, көзі қарауытып жүре берді. Бірақ жығылған жоқ, сол жақ қапталға бұрыла бұлқынып, аспанға шаншыла атылды. Күйменің ішінен жіңішке ащы дауыс естілді, ол өзінің шұрқырағаны сияқты сезіліп, қыстыға кісінеді. Бар қайратын жинап, жазыққа қарай ұмтылғанда, соңындағы жүктің ауырлағаны аңғарылды. Жанынан әлдене домаланып өтіп барады, ол күйме бөренеге екпінмен соқтыққанда ағытылып кеткен дөңгелек еді.
Бұдан әрі жүрісі мандыған жоқ, көзін тер жауып, табан жолы бұлдырай берді, таңғы алау бір сөніп, бір жанады. Ұлан далаға, бәйге төріне шынымен-ақ жете алмағаны ма?
Бір бүйірден шапқан аттың дүбірі естілді, бұл, бәлкім, иесі шығар, өзі үсті-үстіне айғайлап, мазаны алып бітті. Міне, дауысы тіпті жақыннан шықты, астындағы көктің сауырына қамшы басып алдын орады. Жанаса, еңкейе шапқан күйі шұбатылған делбеге қолы ілікті. Қиян жазыққа жете алмаған, таңғы алауға сүңгіп жүре беру маңдайына жазылмаған Шам оған шытынай қарады. Аяғы аттың үстінен жер сызған бейтаныс біреу бұлқына тулағанына қарамай, делбені құрастыра тартып, лажсыз тоқтатты, сәйгүлік қыстыға кісінеді.
Таңғы алау бір сөніп, бір жанады.
Шамды тоқтатқан Ұзынтұра болатын, ол Қабанның орнын басқаннан бері тапқан әдетімен елден ерте тұрып, ат қораға көңілді келе жатқан. Тумысында кісі алдында бас имеген, сол соқыр тәкаппарлығы үшін талай таяқ жеген, бірақ көрген қиындығы бастықтырмаған өр кеуде жігіт кешелі бері тәңіріне дән риза еді. Ат жарысқа барып, қожайынның ағылшындардан осыдан екі жыл бұрын сатып алған сүлік қарасына бәс тікті. Бұрын мұндай көрсе қызар желөкпелігі жоқ-ты, алдыңғы күні мәреге бұрын келген шабандоз Жан жүлдесін жуып, оның аяғы ойран-топыр ішіске айналып, ипподромға қызып келген болатын. Жігіттің бағы жанайын десе қиын ба, ұтты да алды. Пора-пора франк шалбарының қалтасына сыймады, белдігін қатты тартып, көйлегінің ішіне сүңгітті, қайыра-қайыра қарап, қызықтау үшін бір уысын қолына ұстап жүрді. Егер ат күтушілер қанша ұтқанын сұраса, ол: “Бау-бақшасы бар төрт-бес бөлмелі кірпіш үй мен бір бұзаулы сиыр сатып алуға болады”, - дер еді. Ал ішуді ұнататын шабандоз есептей келіп, он екі бөшке арзанқол араққа жеткізген.
Осындай мол олжаның қуанышы мен қызуы ұйқы атаулыны қуды да шықты. Түнімен көз ілген жоқ, ойша сатып алмаған заты да қалмады. Әйелі байғұс таңертең тұра сала тура киім дүкеніне тартатынын, ең алдымен мейрамдарда киетін таза көйлек алатынын айтып сұңқылдаумен болды. Енді қайтсін, ол сорлының да ел қатарлы сылаңдап жүргісі келеді де.
Сөйтіп ол үйден ерте шыққан, ат қораға жете бергенде көшірі жоқ, бір жағына қарай шоңқиған, аты алып қашқан күймені көріп төбе шашы тік тұрды. Агба бейшараның бір пәлеге ұшырағанына шүбәсі қалмады. Қолына түскен атты жайдақ міне салып, тұра қуды.
Енді, міне, аласұрған Шамды зорға доғарып байлаған, күйменің есігін аша алмай, әуреге түсіп жатыр. Іштен ыңыранған үн шығады. Ұзынтұра қатты састы, тұтқадан қос қолдап ұстап, бар күшімен жұлқығанда шалқалап барып құлады, есік өзімен бірге кетті.
Күймедегі графиня екен, жұмсақ орындықтың үстінде етпетінен жатыр. Әлденені үзіп-үзіп айтқан болады, Ұзынтұра құлағын тосты.
- Өліп барам… Жюль… Кеш… кешір мені…
Ат күтуші не істерін білмей апалақтады, оның орнында ер адам болса, өн бойын қарап, жарасын таңар еді. Мынау әйел, әрі графиняның тап өзі. Сандырақтап сөйлегенін де қоятын емес.
- Кет! Әрі жүр! Қорқау! Жолама!
Ұзынтұра бұл сөз өзіне айтылғандай шошып кетті, жоқ, әйелдің сыртқы дүниеден хабары шамалы, басқа бір әлемде. Бірте-бірте батылдана бастады, әуелі еппен қимылдап, шалқасынан жатқызды. Есіл сұлудың бетіне не болған, қан жуып кетіпті-ау. Оң жақ иығы да қып-қызыл болып малшынған, қолы тиіп еді, қатты ауырсынды. Талай қиян-кескі төбелесте жүрегі шайлықпаған ер жігіттің буыны дірілдеді, графиняның торғын көйлегін тістене қақ айырды, аппақ ару дене ашылып сала берді. Ұзынтұра одан бетер қалтырады, дір етіп басылған қос анарға қарамауға барын сала тырысып жүріп, әйелдің жаралы иығын таңды. Қол орамалын алып, бетінің қанын сүртті, графиняның қабағына болымсыз сызат түсіпті. Соған қуанып кеткен, өзінің мінсіз қалпын сақтап қалған сұлулық үшін қуанып еді.
***
Қалың орман, қарағай мен қайың аралас өскен нудың қойнауы жынын алдырған бақсыдай дел-сал, тек биік ағаштардың ұшар басындағы жіңішке бұтақтар баяу ырғалады. Сыңсыған ну, қия тасты биік тауды бөктерлей келіп, екі қапталға қанатын кең жайған, бір шеті етектегі шалғынды жазықты жалдап, біраз жерге созылып барып іркіліпті. Жуан қарағайлардың кеспелтек діңгектері, қабығы арса-арса жарылып кеткен кәрі теректер, қурай бастаған шомбал емен жиі көрініп, орманның қартаң тартқанын аңғартады, күні өткен, жапырақ атаулыдан ада болған иыр-қиыр қайыңдар жүдеу нудың ішіне сұғанақ жел ебін тауып енсе, қабырғалары қайыса күрсінеді. Көкке сұғына бой көтерген сүмбіл терек пен жас қарағай бәрінің үстінен асқақ, әрі менмен қарайды, қайраты тасыған бұла тіршіліктің өр кеуде тәкаппарлығымен дандайсиды, сиықсыз, әлжуаз кәріліктен жиіркеніп, іргелерін аулақ салады.
Қалың орманның қойнауында мүлгіген қара көлеңкені жапырақтардың саңылауынан түскен күннің өткір сәулесі айқыш-ұйқыш тілгілеп жатыр. Дамылсыз шырылдап, байыз таппай кеткен бозторғай, бармақтай ғана сайрауық шымшық сол жіңішке, тіп-тік сәулелерге алма-кезек ұшып қонады, алыстан, әлде жақыннан орман үкісі күңіренеді, сытырлап қу бұтақтар сынып, еріксіз жалт қаратады. Ну тоғайдың ішінде баяу қозғалып, ұйқысырай ыңыранып секем алғызатын тылсым тірлік бар, діндар Агба дұғасын жиі оқиды, үркек Шам қос құлағын қайшылап, маңайын жіті барлап келеді.
Шүйкедей ғана ақ тиындар бұтақтан-бұтаққа секіріп, байыз таппай жүр, қарағай мен қайыңның биігінен төменге көз салып сәл тұрады да, жалт етіп жоғалады. Бір-екі қабат жерге киіздей төселген шіріген жапырақтың асты бүлк-бүлк қозғалып, кірпі шыға келді де, сол заматта қайта тығылды. Қураған кәрі ағашқа қонып отырған қара қарға өңешін жырта қарқылдап еді, құстың шырылы, тысыр-тысыр тылсым үн сап басылып, орман демін ішіне тартып ала қойды.
Қарға айналасына тінте қарап, тағы да қарқ етті.
- Сақтан! Сақтан!
Күннің өткір сәулесі үстінен суылдай ұшып өткен құс қанатының лебімен дірілдеді. Агба жанына таялған қайыңның екі-үш жапырағы үзіліп, жерге қарай қалықтап құлап келеді. Дәл алдында ұзын шұбар жылан иретіліп, шіріген түбірдің білеу-білеу тамырларының арасына кіріп барады. Арабтың жүрегі су ете қалды. Әлгі қарға енді қарқылдап ұша жөнелген.
- Сақтан! Сақтан!
Агба Шамды жетектеп алып, қураған ағашы көп жерді іздеген-ді. Оны енді тапқан да сияқты, бір үйір қалың тікенектің сырт жағындағы бес-алты түп сида қарағай тұр. Аяғының астындағы балапан көшеттерді басып кетпеуге тырысып жүріп оған да жетті, атты байлап, төмпешіктеніп үйіліп жатқан шіріндінің үстіне отырды.
Ол бүгін көңілсіз еді, таңертеңнен бері еңсесі бір көтерілмей қойды, өзін-өзі іштей қайрап, көз алдындағы тірліктен түңілмеуге тырысып-ақ бағады, бірақ кеудесін кернеп бара жатқан, сыздауықтай сыздатқан мұң тарамайды, бықсып, тұманданып тұрып алады. Әлгінде орманды кезіп келе жатып өзінің өмірде бар-жоғын айырып білмеген бір қиын хал кешкен, Агба деген бұл емес, заты мүлде басқа бейтаныс жан, ал өзі соның соңынан қалбалақтап ерген шала-жансар аруақ қана, екі дүниеге де сиықсыз, жексұрын елес. Қайда барса да жолының болмайтындығы сондықтан, ондай сүреңсіз тірлік иесі өзіне де, өзгеге де опа бермек емес.
Бұл болмаса, Шам талай шабандоздың астында сан бәйгеге қосылып, жұлдызы жарқырап жанар ма еді. Енді, міне, екеуі қайдағы бір ағаш дайындаушының есігінде иттей қор болып жүр. Таңның атысы, күннің батысы, бір дамыл жоқ, бұта мен тікен іліп жыртқан киімі де алба-жұлба. Сәйгүлік те арықтап бітті. Қабырғалары ырсиып кеткен, жал-құйрығы ұйпа-тұйпа. Табанына тас тиген бе, кешелі бері сылтып басады, жаңа қожайын тағалатпай қойды, ол әбден арыса да асаулығын тыймаған жүйрікке кектене өшігіп алған, сартылдатып сабай жөнелуге қамшысы дайын. Мұндай да безбүйрек болады екен-ау.
Байлаулы тұрған Шам күрсінді.
Агба көңіліне ұялай кеткен сұмдық, жан түршігерлік ойдан шошынып, жағасын ұстай алды. “Екі аяқты тәңірлердің алдында жорғалай-жорғалай адамдық қасиет-парқыңды жоғалтқаның да жетер, саған дегенде тастай қатқан қатыгез құдайға құлшылық етіп, сәт сайын шілдің қиындай тозудан тыйыл”, - дейді бір сұрқия үн. Өзі өктем, айтқанына көндіріп, дегенімен жүргізетіндігіне сенімді секілді зірк-зірк етеді. Құлағының түбінде тұрып алып, дөң айбатпен күңгір-күңгір сөйлейді.
- Жаратқан иең тасбауыр!
Агба қорқып кетті, естімеуге тырысып, құлағын алақанымен баса қойды, бұл ібілістің арбауына түскен болар, ол мына ну, тылсым орманның ішінде жападан-жалғыз кезіккенде түп етектен жабысқан ғой. Сұрқия залым мұңды, ренішті шағында жүрегінің қиян түкпірінде тұнып жатқан, ғұмырында айтылмауға тиіс шындығын тірілтіп, әлекке салады.
- Жаратқан иең тасбауыр!
Орманның ішін өсекші сұғанақ жел аралап кетті, қаптаған қарағай мен сыңсыған қайыңды тінте кезіп, сумаң-сумаң сыбырлайды. Айналаны шырмауықтай шырмап алған ит тұмсығы батпас тікен мен бір-біріне орала, майыса өскен шілік іштен тынып тың тыңдайды.
- Жаратқан иең тасбауыр!
Үстінен қанаттары сусылдап, ала қанат сауысқан ұшып өтті. Үні қандай тұрпайы еді, оған ілесе бір топ шымшық маңып барады. Әлдеқайдан алыстан, бәлкім, дәл жанынан орман үкісі күңіренді. Аяқ жағында құмырсқаның кішкене илеуі бар екен, айналасы шүпірлеген, құжынаған тірлік, дамыл таппайды. Тоғайдың шет жағынан жабайы бұғы мөңіреді, үні жұтылып, көрден шыққандай тұншығып естілді. Соған елеңдеп мазасызданған Шам кісінеп қоя берді. Сыңсыған ну орман булыға күрсінді.
- Жаратқан иең тасбауыр!
Агба бұдан әрі шыдамады, орнынан ұшып тұрып, белінен балтасын суырып алды. Өзінің осы пұшаймен тірлігіне, әбден сарсаңға түсіп қажығанда, кейде үрей буып, түсініксіз хал кешетін қазіргідей мәңгүрт осалдығына солар кінәлідей қу ағаштарды өшіге шапқылай берді. Өткір балта тиген жеріне кірш-кірш қадалды, аппақ жаңқалар тоз-тоз болып ұшып жатыр. Баланың беліндей сида қарағай сықыр-сықыр ауып құлап барады, жолындағы майда шіліктерді жапыра сұлап түсті.
Араб дем алуды ұмытып, екіншісіне ұмтылды, оны да тез жайратып салды. Аздан соң және біреуі жер жастанды, қылшылдаған балта бүлік іздеп жарқ-жұрқ жұтынады, тыныш күнде лаң тілейді. Агбаның әлемі де астан-кестең, ол бойындағы бар қайраты мен қыжылын жасқанбай сарқа жұмсайтын егесті шақты тағатсыз күткен сияқты, кеткен есесінің, тапталған ар мен намысының қарымын қайтаратын күн туған тәрізді, кіжіне, өлермендене арпалысқан сайын бойы жеңілдей түсті. Денесі бусанып, жанары ұшқын атып, өзін өзі танымастай шиыршық атты, дәл қазір ол қасқайған көк бет қара жартасты да бір салып қақ бөлетін алапат қайрат тапқан.
Ол енді әлгі суық ойдан да шошыған жоқ, оны мүлдем естімегендей қатайып алды. Өзінің бүгінгі нәрсіз құм секілді құты қашқан парықсыздығына ыза болды, ішкі әлемінде күркіреп тулаған тасқын тұла бойын кернеп, шаршап-шалдығуды мүлде ұмытқан. Соңғы қу ағаш сұлап түскенде, пәтуасыз сұрқай өмірдің шаңырағы шатынап, сонымен бірге опырыла құлағандай айызы қанды. Балтаны лақтырып жіберіп, сұлқ тұрған Шамның жанына барды. “Сен кешір мені, сәйгүлік, әлгінде дүниеден таусыла түңілгеніме ренжіме, - деді оның ұйысқан кекілін тарқатып тұрып. - Агба шаршады ғой, қартайып та келеді. Бәрі соның кесірі. Сен де мұңайма, біз әлі талай дүрбелеңді бәйгелерде жұлдыздай ағамыз. Тек мына қатыгез ағаш дайындаушыдан құтылайық. Мен күнде отынның бір бөлігін одан жасырып сатып жүрмін. Аздаған ақшаның басы да құралып қалды. Әлі де жинайын, содан кейін сені қайыра сатып аламын. Ол күн туған кезде бұл дүниеде екеумізден бақытты ешкім болмас. Тек сен кейіме маған”.
Агба сәйгүліктің шөп-шалам жабысқан құйрық-жалын тазартты, өзі ауыз тимей, соған арнап қалтасына салып қойған нанын берді. “Жей ғой, мен аш емеспін, - деді сілекейін жұтып. - Агба күн ұзын нәр татпай жүре беруге үйренген”.
Ол көңілін осылай демдеп алып, қалаға қайтуға қам жасады. Қу ағаштарды ашық далаға бір-бірлеп сүйретіп шығарғанша бесін де болып қалып еді, ну орманның іші бұрынғысынан да күңгірт тартты. Ал оның шетінен басталып шалқи жөнелетін шалғынды жазықтың үстінде бұлтсыз ашық аспан төңкеріліп тұр, бұл жерде құс біткен ерекше үнмен құйқылжыта сайрайды. Айыр құйрық, ақ төс қарлығаштар Агбаның қалың жыныстың тылсым қойнауынан аман-есен шыққанына қуанады, алды-артын жанай ұшып, қанаттарын қақпай қалықтайды. Таудан соққан самал құс біткеннің әуезді әнін толқынданған шалғынның үстінде тамылжыта тербеді, маңай құлпырып жүре берді.
Осынау әсем табиғат аз уақытқа ғана болса да, Агбаның жеке-дара иелігінде еді. Ана қия тасты, түксиген құз-жартасты еңселі тау, мына көгорай дала, көгілдір шыңырау аспан, гүлден гүлге ұшып қонған ақ көбелек, сайраған құс, қалың шөптің арасында сойдиған қурай, саумалды самал - бәрі мұның патшалығы. Агбаның таулы өңірді, қатпар-қатпар жартастарды, ұлан даланы жаңғырықтырып ән салғысы келді, іштей арабтың сазды әуенін сызылта шырқады, нақышты ырғақ көкірегінде тербеле толқып, қазіргі тебіреністі сәтінің әсерін қосып алып әуелегенде, жанары жасаурап бара жатты. Туған жердің әнін жат өлкеде кімдер ғана толқымай айтқан?! Кімдер ғана сағыныш жасын іркіп қалған?
Кіндік қан тамған, топырақ,
Төсіңде өнген төліңді
Сыртқа теппес болсайшы.
Алыста қалған ұлыңды
Желеп-жебер болсайшы.
Сахарадай шөліңді
Көріп барып өлер күн
Тезірек туар болсайшы.
Агба әннің сөзін осылай құрап, шырқай берді, әжімді жүзін жуған көз жасы омырауына төгілді. Аттың тізгіні қолынан сусып шығып кетті, оған сағыныш сазынан басқаның бәрі баянсыз, пәтуасыз елес сияқты ғана еді, өзін де ұмытқан еді, өгей жұртты да, ну орман мен көкорай шалғынды да, бұлтсыз көкті де - бәрін біржола ұмытқан. 
Агба бұл әнді ұзақ айтты, шалғынды жердің салқын кеші түнге ұласқан кезде де, маздатып жаққан от сөніп, айнала түксие түнеріп алғанда да, желке тұсынан қарауытқан орманға қарай таудан тас құлап, қарағай-қайыңға сатыр-сұтыр соқтыққанда да тоқтатқан жоқ. Жайылып жүрген Шамға, бұлтсыз көктегі сансыз жұлдыздарға қарап, көкірегін шерден тазартып, оның орнына сағыныш мұңын қосып алып соза берді. Дәл қазір өткен-кеткен қиындықтары жадында жоқ еді, графиняның өлім халінен аман қалғанын, француз бейдің мұны сыбап-сыбап қуып жібергенін, Шамның атқұмар ағаш дайындаушыға мүлде арзанға сатылғанын, қайран бағы ашылмаған сәйгүлік үшін оған өз еркімен ақысыз-пұлсыз малай болғанын ұмытқан. Арабтың оныз да мұңлы әнін іштей жасыта шырқай берді.
Төсіңде өнген төліңді
Өгейсімес болсайшы.
Алыстағы ұлыңды,
Желеп-жебер болсайшы.
Топырағында өлер күн
Тезірек туар болсайшы.
Тезірек туар болсайшы…
***
Агба шаһарға жеткенде, таң жаңа сәулеленіп келе жатқан, бірақ мазасыз ағаш дайындаушы тым ерте тұрыпты, мұны есіктің алдынан қарсы алды. Түнде Шаммен бірге ұшты-күйді жоғалған арабты қашып кетті деп ойлап, терісіне сыймай тұлан тұтқан болар, бірден тарпа бас салды. Әдеттегідей қолы аузынан бұрын қимылдады, Шамды доғарып жатқан Агбаны іштен бір теуіп, арс-арс етті. Байғұс араб екі бүктетіліп, тәлтіректеп барып, артында жатқан жәшікке сүріне құлады. 
- Міне, енді дұрыс болды! - деп кіжінді ағаш дайындаушы. - Кеш түсе жет дегенім қайда. Ымырт жабылды жоқ, түн болды көрінбейді. Дыз-дыз етіп мен жүрмін. Еркінсиін деген екенсің ғой, жал біткен ғой саған. Тұра тұр, бұл аз, көзіңе көк шыбын үймелетермін.
Иесі таяққа жығылғанда Шам оқыранып, тыпырши бастады. Сәйгүлік оған бір жамандықтың болғанын түйсініп еді, жетекті сықырлата мазасызданып, тыпырши берді. Ағаш дайындаушы енді өзіне қарай тепсініп келе жатыр, қолында сабы шолақ қамшы. Шам шегіншектеп, кірерге жер таппай састы, ол осы бір қолы қатты, аузынан ащы иіс мүңкіп тұратын, дауысы да жексұрын адамнан өлердей қорқатын. Ана қамшы шолтаң ете қалса болды, бас-көзге қарамай төпелейді дей бер.
Шам пысқырына бұлталақтап, ағаш дайындаушыдан ығысып кетпек болды. Бір бүйіріне жалт бергенде арба жылжып барып, ауа құлады. Үстіне артқан қу ағаш салдыр-гүлдір шашылды, арасында жаңғырыққа деп сала салған кеспелтек дөңбек жатқан, сол қожайынның аяғын уатып кете жаздады. Жаны көзіне көрінген шығар, айғайлап жіберіп, жерге отыра қалды. Қыр жіліншігін аянкестене сипалап, аузы ырсиып кеткен.
- Бітті! Құрыдық! - деп үрейленді Агба. - Қазір Шамды өлтіре сабайды. Ағаш дайындаушы дәл осы жолы өзін ұстап қалса, бұл барлық жиған-тергенін тәңіріне садақа етуге дайын-ды.
Бірақ қожайынның жыны одан әрі қозып, орнынан тұрған бетте Шамға ақсаңдай ұмтылды. Қамшы ауада ысылдап үрей шақырып алып, аттың сауырын шып-шып тілгіледі. Бір қолына делбені мықтап орап алған, қор болған сәйгүлікті тыпыр еткізетін емес. Қызына, қорқаулана келе, бас-көз демей шықпыртты. Қамшы ат аспанға шапшымақ болса басына, жұла қашуға тырысса сауырына оратыла кетеді.
- Е, алла, тұлпардың жанарын сақтай гөр! - деп жалбарынды Агба. - Көзі ағып түсе көрмесін. Онда біткені ғой, қараң қалғаны да. Соқыр сәйгүліктің көк есектей құны жоқ қой.
Қожайын ырс-ырс етеді, көйлегінің жауырын тұсы терге малшынған, басындағы қалпағы түсіп қалыпты, шашы қобырап, онсыз да сиықсыз өңі сойған қойдың өкпесі секілді тарғылданып кеткен. Шамға шалқая беріп тістене қамшы сілтеген сайын түнеріп, жансызданып барады.
Агбаның шыбын жаны мұрнының ұшына келді, жыланша иретіліп ысылдаған қамшы өзінің жалаңаш етінен таспа тіліп жатқандай қиналды. Орнынан сүйретіле тұрған бетте үйге қарай ұмтылды. Кіре берісте тамақ пісіріп, күйбеңдеп жүрген әйелдің алдына тізерлеп отыра кетті.
- Ханым, құтқар! Рахым ет! Қожайыныңды тоқтата көрші!
Әйел мылқау арабтың әлем-тапырық өңінен жалына, табына қараған жанарынан осыны ұқты. Қолындағы көк жуаны тастай салып, далаға жүгіре шықты. Күйеуі байғұс хайуанды әлі жүндей түтіп жатыр.
- Мишель, тоқтат! Ұрма!
Ол тыңдай қоймады.
- Доғар енді! Сенің де малдан артықтығың шамалы, - деп күшейді әйел. - Ашындырма мені!
Мишельге осы сөз жеткілікті болды, қанша нойыс, әпербақан болса да, бір долданып алса, жыны өзінен асып түсетін айбарлы әйелінің әмірі сабасына түсірді. 
- Аюға ақыл үйреткен таяқ. Көр де тұр, мен бұл жабайы хайуанды әлі қойдан жуас етемін! - деп қамшысын лақтырып жіберді. - Тақымымда ойнайтын болады.
- Ұра берсең, одан сайын тулар, - деді әйел үйге бұрылып. - Босқа күнәға батасың!
Мишель жақтырмай мырс етті.
- Ақымақсың, сен қатын. Санаңда зәредей саңылау жоқ. Үстіне мылқау дүлейден басқаны отырғызбайтын асаудың шын жүйрік екендігін білмейсің, әрине. Оны ауыздықтаған күні Мишель граф-срафтарыңа пысқырып та қарамайтын болады. Париждегі бүкіл ат жарыстың қыруар бәйгесі қалтама өзі келіп құйылып жатады.
Әйелге оның бұл сөзі зәредей де әсер еткен жоқ, қос жанары қанталап кеткен, үрей буып қалтыраған атқа, жыларман болып кемсеңдеген мылқау арабқа қарап, күйеуінің күнәға белшесінен батып жүргенін ойлады. Күйеуі тірі пендеге залалы жоқ, қабырғалары ыржаңдаған қайдағы бір көтерем үшін ит қорлыққа төзген мылқау сорлыға жұдырық жұмсаған сайын тәңірінің алдында жел өтіндегі жапырақтай қалтырайтын. Тұрмысқа шыққалы құрсақ көтермеген әйел өзінің осы бақытсыздығын күйеуінің ожар қылығынан, оның реті келсе, көк тиын артық пайдаға бола бәрін таптап жүре беретін аярлығынан да көретін.
Әйел осыны есіне алған сайын мылқау сорлыға жақсылық жасағысы келеді де тұрады. Кәріп байғұстың сауабы тиер, құданың рақымы түссе, әлі баладан қалатын жасқа жеткен жоқ.
Үйге кіріп кетіп, бір кесе сүт пен нан алып шықты.
- Мә, оразаңды аш, қайбір жетісіп отырмын дейсің.
Агба әйелге ризалықпен қарап, тамақты тез ішіп-жеді де, Шамға қарай кетті. Атты доғарып, қораға байлады да, қамшының ізі түскен жерлерін дұға оқып үшкірді. Әйтеуір, сәйгүліктің жанары аман, ыздан қалтырай ма екен, әлі үрейден арыла алмаған шығар, қалш-қалш етеді. Араб аттың көзіне қарамауға тырысты, ол жасқа толып тұр еді. Асыға басып далаға шықты да, шашылып жатқан отынды ішке кіргізе бастады, тыным таппай қимылдай беру керек екендігін ұқты. Дәл қазір өне бойын қарып бара жатқан ызамен, жүрегін қыстықтырған удай ащы кекпен бетпе-бет қалып, оңаша әрекетсіз отыра беру қатер еді.
Осы күннен бастап, қожайын бұрынғысынан да қаныпезерленіп алды. Ол Шамды жасытудың жолы аштан бұралтып, күйін әбден кетіру, есін шығарып, ара-тұра қамшының астына алу деп түйген. Емендей иілмейтін тәкаппарлық пен қанжардай қатқан өжеттік жан алқымға келгенше ғана дәуірлейді, тұщы етіне ащы таяқ өткеннің бәрі мүсәпір, айтқаныңа көніп, айдауыңа жүреді. Кеудесінде тіршілік оты бардың бәрі қорыққанының құлы, дүниені ауа жайдырмай, басын біріктіріп ұстап тұрған әлділердің тас емен қатыгездігінен басқа ештеңе емес. Ертеңгі күнін ойлай білетін, аузында тәңірі, көңілінде тәубасы бар адамның өзі шыр бітсе, құдайын ұмытып кетеді. Бұл жалған болса, Мишель екі дүниеде оңбасын.
***
Бағы жанбаған сәйгүлік түні бойы қаңтарылып тұрады, таң атса, қожайын зілдей арбаға жегіп алып, орманға қарай шауып бара жатады. Далада шөпке қоя береді деп ойлап, Агбаны отынға жібермейді. Сөйтіп, онсыз да қоңсыз Шам аз күннің ішінде көтерем болуға айналды. Агба оны қайта сатып алатындығынан күдер үзе бастады, ағаш тасымаған соң ақша қайдан келсін. Мұның үстіне жиған-тергенін шым-шымдап жұмсап, шөп, жем алып жүр, түнде қожайынның көзі ұйқыға кеткенде, қораны ұрланып ашып, Шамның аш өзегін жалғайды.
Осылай түртіншектеп, өлместің күнін көріп жүргенде қалтасы да тақырланды. Бір мәрте Ұзынтұра есіне түсіп, содан жәрдем сұрап барған. Ол Шам екеуінің жағдайына қанған соң, атты тастап, бірдеме етіп еліне кеткені жөн екендігін айтты. “Жат жерде арам өлесің ғой, байғұс, - деген мүсіркей қарап. - Есің барда, еліңді тап. Мен ат күтушілерді үгіттеп, жол қаржы табуыңа көмектесейін. Әрине, араб жері тым алыс, оған жету үшін көп ақша керек, дегенмен сеп қой, әйтеуір”.
Агба басын шайқады. Ұзынтұра оған таң болып қарады, бұл мылқау ғана емес, ақыл-есі де кем сорлы шығар. Әйтпесе, қайдағы бір асау ат үшін өзін азапқа салып қоя ма. Жоқ, мұның дені дұрыс болмады.
- Онда өзің біл, мен жаным ашығандықтан айтамын, - деді ыммен. - Тарығып, амалың таусылғанда ғана емес, былай да келіп жүр.
Бүгін Ұзынтұраның берген ақшасы да біткен, Агба не істерін білмей, таң атқалы сенделумен болды. Ескі танысына қайта барып алақан жаюдың реті келмейтін сияқты, ол бір жолға көңілін қимаған шығар, тағы да тіленіп тұрып алса, ренжіп қалуы мүмкін ғой. Беті бір қайтса, ұлан-байтақ шаһардағы жалғыз мейірімді адамынан да айырылар. Жоқ, басқа амалын табуы керек, Шамды, өзін аштықтың азабынан аз да болса арылтуға септігі тиетін жол қайсы? Тап, Агба, ойлан, Агба, сен қияметтегі қыл көпірдің үстінде тұрсың. Одан талай өтіп те едің ғой, бұл жолы құлап түсе көрме.
Қорадан шығып, көшені кезіп кете барды, қайда бет алғанын өзі де білмейді, әйтеуір, жүре беруі керек. Жүрген аяққа жөргем ілігеді деген үміті кесілсе де, ерсілі-қарсылы ағылған елдің арасында болуға тиіс. Ең құрығанда, тамақ сататын дүкендердің ішінен аппақ нан мен семіз шұжықты көріп, дүние түп-түгел жұрдай емес екендігін білер, тым болмаса, асханалардың маңайын төңіректеп, ыстық тағамның бұрқыраған иісін құныға жұтар, қайткен күнде де мұның ендігі құтқарушысы қыбыр-қыбыр көше ғана.
Агба осылай ұзақ тентіреді, сандалып жүріп француз бейдің баяғы сән-салтанатты еңселі үйіне қалай келгенін білмей қалды. Құлпыртып-ақ салынған аппақ сарайдың маңайы тып-тыныш, бұл арада жүргіншілер бола бермейді, үй оңаша жерге оқшау ірге тепкен. Алыстан орағыта қоршаған темір шарбақтың ішінде бейсауыт ешкім жоқ, әріректегі мәуелі бақ жақтан әлде бұлбұл, әлде сандуғаш төгілте сайрай жөнелді. Әдемі әнін құйқылжыта әуелетеді де қалт тына қалып, аздан соң қайта шырқайды. Онсыз да сәулетті сарайдың салтанатын асыра түскен таңғы шықтай таза, әсерлі әуен таяныш етер талшықтай да үміті жоқ қам көңілдің өзін елеңдетіп, әлденеден дәмелендіреді, көз алдына көрікті графиняның мінсіз ару жүзін елестетеді. Ол үнемі ақ жарқын жымиып, төңірегіне қуаныш таратып жүретін еді ғой. Агба хор қызындай сол хас сұлуды білетіндігі үшін де, оның күймені тоқтатуға, не жүруге белгі беріп, өзіне талай тіл қатқаны үшін де өлшеусіз бақытты болатын. Бақытқа бөленіп тұрып, мейірімді Фатиманы сағына еске алатын. 
Ту сыртынан жеңіл арбаның салдыры, тағалы аттың тұяқ дыбысы естілді, биік, аршынды боз арғымақ жеккен күйме тура өзіне қарай келе жатыр. Ат ерекше мүсінді екен, билеп басып ырғақты желеді, алқымы кең, жоны шыбын тайып жығылғандай жұп-жұмыр, жалпақ сауырының бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнайды. Ұзын, сүйірлеу келген басында қырып алар артық ет жоқ, сіңірлі тілерсегі серіппелі, жал-құйрығы күлтелене төгіліп жайнаң қағады. Делбені ұстаған, мұнтаздай киінген орта жастағы көшір тіп-тік болып қаздиып отыр, Агба жаққа көз де салған жоқ, жанынан кекжиіп өте берді. Араб оның орнында осыдан біраз уақыт бұрын өзі ат айдағанына сенер-сенбесін білмеген халде бір шетке шегіне ысырылды. Мына көшірді көшеде жеке кездестірсе, дәулетті мырзалардың біріне балап, иіліп тағзым етер еді.
Оның ендігі ойы бұрынғы қожасының көзіне түспеу болатын, келген ізімен кері бұрылды. Сол сәтте күйменің есігі сырт етіп ашылып, еріксіз жалт қараған, сұлу графиняның мейірбанды, жүректі шым еткізетін сиқырлы жанары өзіне таңырқай қадалып мөлдірей қалыпты. Агба тынысы тарылып, алқам-салқам кеудешесінің өңірін сипалай берді. “Ол таныды мені, ұмытпапты. Көрді мені”, - деп ойлап үлгеріп, арудың өзінің мына сиықсыз түріне көз салуға жиренбегендігіне дән риза болды. Апалақтап, басы жерге тигенше иілді, осында келгеніне, графиняның ойда жоқта кезіге кеткеніне қуанды. Ол шыңырау құздың көмейіне құлағалы тұрған мұны құтқарып қалатын шарапатты періште секілді сезілген.
Күйменің есігі қайтадан тырс етіп жабылды, сол мезетте тастақ алаңға жалпақ сырғаның үлкендігіндей күміс теңге сыңғыр етіп түсіп дөңгелей жөнелді. Күннің сәулесіне жалт-жұлт шағылысып, қоңыраулатып барады, сыңғыр-сыңғыр дыбыс Агбаның жүрегіне шаншудай қадалып, жанын жегідей жеп барады. Әне, таяқ тастам жерде күн көзіне шағылысып жылт-жылт етеді. Араб оның өзіне кемінде төрт-бес күндік азық болатынын білді, бірақ қолына алып қалтасына салуға асықпады, күміс теңге саусағын қарып түсетіндей көрінді.
Тас үстінде мұның айдай әлемге белгілі мүсәпір бейшаралығының қайда барса да алдынан андыздап шыға беретін қарғыс атқыр таңбасы жарқырап жатыр.
Мойнына су кетіп, теңселе басып жүріп барады, көз алдына ару графиняның мейірбанды, сүйкімді жанары, күн көзіне жылт-жылт шағылысқан күміс теңге алма-кезек тұра қалды. Ол енді екеуінен де алысқа кетуге асықты, екеуі де жүрегін шоқтай қариды, жарық дүние неткен тасбауыр еді.
Сол бетінде ел көп жүретін көшеге шығып, әркіммен бір қақтығысып қалып жүре берді. Біраздан кейін бір-біріне иін тиістіре салынған көп дүкенге келіп жетті. Солардың ортаңғы тұсында әйнектері есіктің үлкендігіндей, маңдайшасына әйелдердің асыл алқасы, жүзік-сырғаның, үлкенді-кішілі моншақтардың суреті ілінген көк үй тұр. Өтіп бара жатып әйнектен өзінің сұлбасын көріп қалды да, аялдап шұқшия қарады. Қарсы алдында шошақ қалпағы мыжырайған, шалбарының балағы жырым-жырым, кеудесіне кигені олпы-солпы, аш-арық біреу тұр. Мәкканың ырду-дырду базарында қойдай өріп жүретін, алланың атымен қайыр садақа сұрап, ұзақты күн жақтары бір сембейтін, үсті-бастары қасқыр талағандай өрім-өрім қайыршылардан айнымайды. Агба мейірімді аспаз әйел Фатиманың өзіне деген ықылас-назары суымауын іштей үрке тілеп тұрып, оларға реті келгенде талай мәрте тиын-тебен тастаған. Қайыршы атаулы алла тағаланың аузы дуалы, берген батасы қате кетпейтін бейкүнә пенделері ғой. Мына бейбақтың да бәдені соларға әбден келіп тұр.
Агба қырынан тұрып та, жақындап та қарады, оған үңілген сайын “қайыршы” деген суық сөз көмейіне кептеле берді.
Қайыршы!
Тәңірдің бейкүнә құлы.
Енді мұның олардан несі артық.
- Қайыршы! - деп түршіге қайталады ішінен. Бойы мұздап бара жатып, осы сөздің өзіне неге тас кенедей жабысып алғанын білгісі келді. Енді сәл кешіксе, ана әйнектегі арса-арса тірі аруақ қалбалақтап келіп бас салатындай секемденді. Ол: - Кел! Қорықпа! Қосыл қатарыма! - деп шақырады.
Агба жіпсіз байланып алғандай сезілген ұсқынсыз бейнеден өзін ала қашты, асыға басып тайып тұрды, содан мұнаралары сорайған, сыртынан қарағанда қамалға ұқсас биік үлкен ғимаратқа жеткенше тоқтаған жоқ. Бұл көне шіркеу еді, Агба оның не екенін айырып жатпай, кіре беріске таяу жерде өскен жапырағы қалың жуан ағаштың түбіне ентігіп отыра кетті. Көзін тарс жұмып, өзінің әйнекке түскен сұлбасын жадынан мүлде өшіруге тырысты. Бағанадан бергі ұзақ жүрістен әбден шаршаған екен, денесі дел-сал болып ауырлап барады. Аздан соң маужырап, қалғи бастады.
Өңінде, әлде түсінде аспаннан аяғының астына бірдеме сыңғыр-сыңғыр құлайды, шың-шың етіп мазасын алады. Адам ба, адам тектес басқа бір тіршілік пе, бетіне көлеңке түсіріп, естілер-естілмес күбірлейді. Ол кетсе, кішкенеден соң басқасы келеді, тырп-тырп басқан аяқ дыбысы шығады. “Мейлі, жүре беріңдер, менің сендерде жұмысым жоқ, - деп кейіді ұйқы жеңген Агба. -Тек мазаламаңдаршы”.
Сілесі қата шаршаған араб осылай ұзақ отырған, көзін шіркеудің қоңыраулары даңғыр-дұңғыр қағылғанда бір-ақ ашты. Жанарының алды күңгірт тартқан сияқты, кеш түсіпті, күннің соңғы сарғыш шапағы зәулім мұнараның жез қаңылтырмен қапталған сүйір қабырғаларына шағылысып тұр. Діңгегіне сүйеніп отырған жуан ағаштың бұтақтарына қонақтаған көп торғай бір-бірін бұдан сақтандырғандай шиқ-шиқ етеді. Қоңыраудың даңғыры үркіткен бір үйір ақ көгершін ғимараттың үстін айнала ұшып жүр. Солардан арғы биікте қалқыған жұлым-жұлым бұлттың бауыры күрең, жоғары жағы көкшіл, батыс көкжиекке қарай созылған шеті тарғылданып, алуан түске боялыпты.
Көше жақтан шымқай қара киінген үш кемпір бүгжеңдеп келеді, бірін-бірі сүйемелдеген күйі мұның тұсына жеткенде, жарыса шоқынды. Ортадағы иегі имиген көзілдіріктісі қолындағы кішкене дорбасынан сылдырлатып тиын алып, Агбаның аяғының астына тастады.
Араб аң-таң болып бақыр түскен жерге қарады, алды бырдай шашылған тиын-тебен, сасқалақтап орнынан атып тұрды. Кемпірлер тағы да жапыр-жұпыр шоқынды, бұған мүсіркей қарап, сүйретіле басып кетіп барады.
Соларға, жердегі теңгелерге алма-кезек көз салып, тападай тал түсте ұрлық жасаған адамдай қуыстанды, мән-жайды түсінген кезде жүрегі атша тулады. Өткен-кеткен жұрт мұны қайыршыға балаған ғой.
Жанарының алдына әйнектегі ұсқынсыз бейне келіп тұра қалды.
- Кел! - дейді ол. - Кел, қорықпа! Аяр өмірдің құрбандығы демесең, қайыршы да анадан туған өзекті пенде.
***
Шам сол түні аштықтан бұратылған жоқ, ел аяғы басылып, қораның сыңар көзді терезесінен түскен бозғылт сәуле өшкен кезде иесі есікті жайлап ашып ішке кірді, көк шөптің бұрқыраған жұпар иісі аңқып қоя берді. Шылбырын кере тыпыршып, тартынып еді, жанына ентіге жетіп тыныштандыра бастады, жүрегі дүрс-дүрс етіп өрекпіп соғады. Содан кейін әкелген балаусасын оттыққа тастай салып, сыртқа сезіктене үңілді, демін ішіне тартып, сытыр еткен дыбысты қалт жібермей бағады.
Сәйгүлік шөпке құныға бас қойды, қожайын бүгін күні ұзақта қос уыс сұлы ғана беріп, қаңтарып тастаған-ды. Кешке дейін мойнынан қамыт та түспеді, арбаға жегіп алып, қаланы кезді де жүрді, сонда бітірген түгі жоқ. Ең аяғы шаһардың шет жағындағы айналасы лайсаң кірпіш үйге кіріп кетіп, көпке дейін көрінбей кетті. Ол мұнда анда-санда соғып тұратын, көбіне одан тәлтіректеп басып шығады, бұл жолы да арбаға қисалаңдап зорға жеткен. Делбені қолға ұстай сала, ысқырып-ысқырып алып шықпырта жөнелді. Шам тар көшелердің бойымен ұзақ шапты, бір-екі рет қарсы кезіккен күймеге соқтығып қала жаздады.
Шөп аса көп емес екен, шамалыдан соң сойдиған сабаны ғана қалды, біраздан кейін оны да тауысқан. Оты қанбай иесіне қарап, иығына тұмсығын үйкеледі, ол назар аудара қоймаған соң, киімінен ақырын тістеп, өзіне қарай тартты. Естілер-естілмес етіп пысқырынды, сәйгүлік иесі жанына түнде келгенде, оқыранып кісінеуге, жер тарпып қуануға болмайтынын түсінетін. Бірде қожайын оны осындай сәтте көріп қалып, сылқита ұрған болатын, оттықтағы шөпті долдана шашып ұзақ зіркілдеген.
Иесі жарылып, мүйізденіп кеткен түрпідей алақанымен мойнынан жұбата сипады, қалтасынан бір кесек нан алып екіге бөлді де, жартысын берді. Өзі әредік кеуде кере күрсінеді, мұны бауыры езіле аяйтын шығар. Шам да оны кейде өзінше мүсіркеп, қожайын тоқпақтай жұдырығын ала жүгіргенде, қолқасы суырыла қиналатын. Шылбырын үзіп кетуге барын сала тырысып, қолды-аяққа тұрмай аласұрады, оны ана жексұрын екі аяқтының жәбірлегенін көргісі келмей жанталасады. Иесінің бұған міне салып, тірі жанға жеткізбей неге жүйткіте жөнелмейтіндігін ұқпай тыпыршиды. Сондай бір асыға күткен шақ туса, Шам құстай ұшар еді-ау, у-шуы көп, жақсылығы жоқ бедірейген бетпақ шаһардың тар көшесінен оқша ағып өтіп, өзі талай шаңын қаққан ыстық құмдақ даланы бетке алып, құйрықты жұлдыздай құлдырар еді. Жаратылысынан туа біткен менмен тәкаппарлығына басып, соңынан ере түскен талай жүйрікке тезегін тергізер, қос қапталында шыр айналған ұлан жазықты көктей өтіп, қиындағы көкжиектен алапат екпінмен қарғып түссе, арғы жағынан бұйрат-бұйрат құмды шөл даланың көріне кететіндігіне құлай сенеді.
Иесі неге міне шаппайды екен?!
Сонда сәйгүлік қуанышымен қарсы алдында көсіле жөнелетін қайран қуаң өңірдің шақырайған аптап аспанын жаңғырықтыра кісінеп, сағынышы тарқамай, айнала жүйтки берер еді. Оған шексіз бақытқа кенелген иесі қуана қосылып, тебірене шаттанар. Екеуі бүкіл ен өлкені, бұларды сарыла күткен даланы ғаламат шабыспен желіктіре сергітіп, базары тарқамайтын ұлы думанға бөлеп жүріп, туған топырақтың өлшеусіз ыстық екендігін жыр қылып айтар еді. Құлын күніндегі қылауы жоқ, мұң-шері жоқ, Нілден соққан салқын самалдай естен кетпес аяулы сәттерін қайта тауып, түлеп шыға келмес пе.
Иесі неге міне шаппайды екен?
Шам оның нан иісі сіңген қолына қарап күрсінді.
Қораның іші көрдей қараңғы, Агба бұдан әрі бөгеле берудің қатерлі екендігін ойлап есікке беттеді. Аулада сіркіреп жаңбыр жауып тұр, мана аспан бұлтсыз ашық сияқты еді, тез өзгере қалыпты. Шарбақты жағалап барып арбаның астына отырды, айнала сілтідей тынған, әредік көшенің бұралқы иттері қаңқ етіп безектейді, далада қалған шелекке тамшы тырс-тырс тамады. Анадай жерде жатқан жаңғырықтың түбінде ала мысық қараңғыда көзі шалған жемін аңдып бұға қалыпты. Бөксесі шайқалып, одан сайын жиырыла түсті де оқша атылды, шиқ еткен дыбыс қоса шықты, тышқан ұстаған болар.
Агба бүгінгі аяқ астынан қолына түскен олжаны ойлап отыр, оны есіне алса, әйнектегі ұсқынсыз бейне көз алдына келе қалады. Сыйықсыз неме әуелде сұсты көрініп жүріп, аяғында сездірмей үйірсектеніп сырласатын болып алған. 
- Аяр өмір құрбандыққа шалған демесең, қайыршы да ананың ақ сүтін емген өзекті пенде.
Сіркіреген жаңбыр не күшеймейді, не толастамайды, өзінің сағыздай созылған желім ойындай берекесіз бүркіп тұр. Жерге шым-шымдап сіңіп, кепкен тандырын жібіткен болып жатыр. Ауланың іші, шарбақтың сыртында түнерген көше меңіреу қараңғылықтың тымырсық құшағында тұншығып, дел-сал тұнжырайды. Мана жаңбыр сіркіремей тұрғанда жыпыр-жыпыр жаудыраған сансыз жұлдыз сиреп, жүдеу тартыпты. Дүние жаралғалы қонған жұртынан табан аудармай, тапжылмай келе жатқан Темірқазық қана ажарлы. Түпсіз шыңырау аспанның шырқау биігінен тастай қараңғы мәңгүрт әлемге жанары жасқанбай, қас қақпай қарайды. Бәлкім, ол Агбаның қияс ғұмырдың қияпат, дүлей толқындарымен бірге аударылып-төңкерілумен болған, күніне жүз өліп, жүз тірілген, өзінен басқа тірі жан сезе алмайтын, ешқашан да тауы шағылмайтын момын, әрі өжет жүрегінің мәңгі сөнбес шамшырағы шығар. 
Темірқазық жанары талмай жарқырайды.
Жерде жылт еткен жарық сәуле жоқ, көшенің бойындағы шамдардың бәрі әлдеқашан сөнген. Агбаның ішкі әлемі де тастай қараңғы, түнгі шаһардың айы батқан, аспаны нұрдан жұрдай болған кездегі кескін-келбеті де көрдей суық, осынау дағарадай қаланы әлдекім бауыр басып, әлдекім түңіле жүріп қимайтындығына дәл қазір қай адам сенген.
Ғарышта Темірқазық тас қараңғы әлемге егесе жарқырайды.
Меңіреу түнде жарық жұдыз бен Агба ғана ояу.
Жаңбыр әлі сіркіреп тұр, ауланың әр жерінде іркінді су жылтыраған тәрізденеді, бәлкім, таң белгі берейін деген шығар. Қаланың шет жағынан қанша тыңдап жүрсе де үйрене алмай қойған, сарнап қоя берген сайын селк ете қалатын, жүйкесіне түрпідей тиетін үн азынай жөнелді. Тым-тырыс қала жау тигендей аңырап, бей-берекеті шықты, қылаулана бастаған жазғы таңнан жақсылық күтпейтін болар, ұлардай шулады.
Темірқазықтың өңі бозарып барады.
Жарық жұлдыздың сөнейін дегені ме?
Агба оған қайтып қараған жоқ, жер басып жүрген барлық тіршілік иесі секілді алдағы қам-қарекетін ойлады. Қожайын оянбай тұрып бұл арадан тайып тұру керек болатын. Ол кеше енді қайтып қарасын көрсетпеуді тепсініп тұрып қатты ескерткен, көріп қалса оңдырмайтындығы айдан анық.
Мұздаған денесінің құрыс-тырысын жазып, ат қораға кірді, асығып жүріп оттықтағы шөптің қалдығын жылан жалағандай етіп тазартты да, қолын иіскелеп нан дәметкен Шамның кекілінен сипады.
- Ренжіме, қоқымы да қалған жоқ. Өзімнің ішім де аш қасқырдай ұлиды. Бүгін көбірек әкелуге тырысармын, оған дейін төзе тұр. Екеуміздің ендігі жарылқаушымыз сол төзім ғана.
Далаға шығысымен қораның бұрышын айналып, шарбақтың өзі шегесін босатып қойған тұсынан көшеге өтті де, қашанғы әдетінше беті ауған жағына жүре берді. Сол қалпында аяңдап отырып, осы арадан едәуір жердегі базарға жеткенде, қала түгелдей оянды. Түнімен сіркіреген жаңбыр басылған, таңғы салқын жел үй-үйдің арасында ұйтқи соғып тұр. Күн арқан бойы көтерілгенде ол да саябырсыды.
Базарға арбалы, жаяу, аттылы жұрт тұс-тұстан ағылып келіп құйылып жатыр. Базардың орта тұсындағы төбесі жабық алаңның ұзын сөрелері әп-сәтте затқа толды да кетті. Сонын оң жақ қапталындағы жайма тақтайды жеміс сатушылар иемденген, жандарына жақындағанның түп етегіне жабысып, шу-шу етеді. Киімі жыртық, қабағы салыныңқылар таялып кетсе, бөріні көрген сиырлардай өкіріп бақырады.
Базаршылардың аужайын көздерінің астымен баққан әскери киімділер, өткен-кеткенге жанаса сүйкеніп, жоқ жерде шу шығарып жүрген аш күзендей шақар сұсты жігіттер, қалталарын қайыра-қайыра қағып, бір құты шараптың пұлына жеткізе алмай пұшайман болған маскүнемдер судай сапырылысады. Әйтеуір, хан базардың аруағын сыйлап келіп, әр нәрсені бір шұқып көріп құрғақ саудамен уақыт өткізіп жүргендер де көп.
Агба кешегідей отыра кететін ыңғайлы жер іздеп, базардың екінші шетіне дейін барды. Қолайлы деген орынның ешқайсысы бос емес, алдарына бас киімдерін шалқасынан тастаған қаптаған тіленші, бір бет-аузын түк басқан соқыр қайыршы мұның өзіне қол жайды. Содан әрірек өткен кезде жыртық-тесік аяқ киімді жөндейтін тақтай күрке көрінді де, соның іргесіне жайғасты. Қалтасынан кір орамалын алып алдына жайды, қалпағын көзіне түсіріп, аздап мызғып алмақ болды.
Базардың у-шуын естіп отырып-ақ қалғып кетіпті, бір кезде әлдекім бүйірінен түртті. Енжар бұрылып қарағанда, жанында өзі секілді алқам-салқам, бір қолы шолақ мосқал адам тұр екен. Ол орынды босат дегенді аңғартады, сау қолындағы қаңылтыр ыдысымен иығынан қаққылап қыр-қыр етеді. Аздан соң мұның мылқау екенін білді ме, бұл жер баяғыдан менікі, сен басқа орын ізде дегенді бет-аузын жүз құбылтып зорға түсіндірді.
Агба еріксіз айтқанын істеді, базарда әр қайыршының меншіктеп алған өз орны бар екенін ұққандай болып, басқа тұсқа қарай кетті. Бірақ ол жақ құдайы садақа сұрауға қолайсыз екен, тұрақтай алмады. Азық арзан қол құрал-сайман, шырын су, темекі, қағаз-кітап сататын дүкендердің алдынан өзінің кебін киген тіленшілер шыға келді.
Осылай біраз сандалған соң базарды тастап шықты да, қаланың ортасына қарай бет түзеді. Әуелгі ойы кешегі мұнаралы, қоңыраулы ғимаратқа бару болатын, жүріп келе жатып ол шешімінен тез айныды. Кәпір шіркеуінің түбінде алла атымен садақа сұрау күнәнің ең ауыры еді. Енді қайда бармақ, қайыршы болудың да өзгелер білмейтін қиындығы жетіп артылады екен-ау, басқа түспеген соң кім сезген. 
Мойнына су кетіп, екі қапталында биік қарағайлар сап түзеген көшеге ілікті. Соның бойымен жүріп отырып, маңдайшасы мен қос босағасына әдемі құтылардың суреті салынған үлкен үйдің жанына тоқтады. Кіре берісі мұнтаздай таза, биік баспалдағының қалқасы отыра кетуге қолайлы екен, құр сандалудан ештеңе өнбес деген байламмен сол араға жайғасты.
Үйге ылғи күйме мінген мырзалар мен ханымдар келеді екен. Олардың әзірге ешқайсысы садақа берген жоқ, көз қиықтарын да салмай өте шығады. Бір әйел баспалдақпен көтеріле беріп қолтығынан ұстаған мұртты еркекке тіл қата Агбаға қарап еді, анау мұрнын шүйірді.
- Бұларға берген садақа тәңірге жетпейді, қайта күнәға батасың. Ішіп алып көшеде тырайып жатқандары.
Араб осылай соқыр тиынсыз күн ұзын отырды, асты тас еді, сызы өтіп барады, бірақ тұрып кетуді ойлаған жоқ. Кім білген, өңшең сәнді киінген мырзалардың ішінде де құдайға қараған біреуі бар шығар.
Алдына жайып тастаған орамалын көшені сұғанақтана кезген жаяу жел қайта-қайта желпиді, күн көзін бұлт көлегейлеген тәрізді, жоқ, кеш түсуге айналыпты. Үйдің қарсы бетіне келіп тоқтаған күймелер біртіндеп көбейе бастады, қартаң тартқандар да, қылшылдаған жігіттер мен сылаң қаққан қыз-келіншектер де баспалдақтан жиі өтеді. Бәрі де дүниеде қайыршы деген мүсәпір бар екенін тарс ұмытқан сияқты, бұған қарамайды да.
Агба бағы ашылмаған арғымақ Шамды ойлады, бүгін оған бара алмас, құр қол көрінгенше қарасын батыра тұрғаны жөн. Сәйгүлік жырып берер ештемесі болмаса, күрсініп іштен тынар, мұның лажсыз сараңдығын кешпейді ғой.
Көшеге қоңыр кештің көлеңкесі үйіріле бастады, арабтың көңілі ел көшкен жұрттай құлазыды. Ол енді келген-кеткендерден мүлде күдер үзіп, мәңгіріп отыра берген, сағыздай созылған уақытты қайда өткізсе де бәрібір емес пе. Үйдің ішінен сыбызғыша сызылып шыққан әсем әуенге де селт етпеді, баспалдақтан дабырласып түсіп келе жатқан үш мырзаның масаң дауысы құлағына жетіп тұрып естілмейтін секілді дел-сал халде құты қашты. Олар да жанынан теңселе өтіп барады, төрт құбыласы түгел дәулеттілердің қайдағы бір қайыршыда не шаруасы болсын. Агба көңілді мырзаларға әрі қызыға, әрі жек көре қарады. Сол сәтте дөңгелек сақалды, бойшаң біреуі бұған бұрылып, қып-қызыл жанарын тесе қадалды. Серіктерін тоқтатып, талтайып тұра қалды. 
- Өмір неткен ала-құла. Әділетсіз ғой ол, нағыз сайқалдың өзі, қатал, нысапсыз жезөкшеден бөтен ештеңе емес.
Қайыршыға буыны теңселіп тұрған жас мырзаның да көзі түсті.
- Европадағы ең мәдениетті ел - Францияда қайыршы болмауы керек. Солай емес пе, мырзалар?
Етженді тәпелтек офицер:
- Франция қайыршылардан азат болсын! - деп айғайлады. - Мен оларға қарсы крест жорығын жариялаймын!
Дөңгелек сақалдыға бұл сөз ұнамады.
- Қайыршылар дегеніміз, - деді оған сұқ саусағын кезеп, - Диогеннің бүгінгі ұрпақтары. Қайыршылар ғана өмірдің шын бағасын анық айтып бере алады.
Жас мырза өзінің бастапқы пікірін ұмытып, оны қуана қостады.
- Диогеннің ұрпақтары жасасын! Құрметтейік те, табынайық!
Офицер жақтырмай тыжырынды.
- Табынатын құдайларыңды тапқан екенсіңдер.
- Табынса несі бар, - деп өзеуреді дөңгелек сақалды. - Табынамын. Сен білсең бар ғой, нағыз әулиелер де осылар. Ана шіркеудегі қаба сақалдыларды жылы жауып қой. Олар реті келсе құдайыңды да қу тақырға отырғызып кетуден тайынбайды. Ал қайыршының жөні басқа. Сен ертең кімді алдап соқсам деп түнімен аласұрып шығасың. Ол қайыр-садақа көп түсу үшін мына біз сияқты алаяқтардың жүрегі мейірім-шарапатқа толса екен деп тілеумен болады. Міне, солай…
Жас мырзаның көңілі босап кетті. Агбаға мүсіркей қарап, қалталарын ақтарды.
- Мырзалар, біздің жүрегіміздің желеп-жебеушілері - қайыршылардың алдындағы азаматтық парызымызды өтейік.
Қолына іліккен үлкен қағаз ақшаны Агбаның алдына тастай салды.
Дөңгелек сақалды одан асып түсіп екеуін суырып берді. Офицер де жібіді. Көл қағаздың бірнешеуі жерге қалықтап түсті.
Үшеуі дабырласып жөндеріне тартты.
- Қайыршылар жасасын! - деп айғайлады жас мырза тәлтіректеп бара жатып. - Европадағы ең мәдениетті ел Францияның әулие қайыршылары жасасын!
Агба өмірінде мұндай көп ақша ұстап көрген жоқ болатын, қолы қалтырап, сықырлаған көк қағаздарды қалтасына асығыс сүңгітті, тез тығып тастамаса әлдекім жетіп келіп жұлып алатындай көрінді. Масаң мырзалардың кезіге қалғаны мұндай оңды болар ма, құдіреті күшті құдайдың бағы жанбаған сәйгүлік Шам мен екеуінің көз жасына иігені де бұл. Мына қаржыға қыруар жем мен шөп алуға болатын шығар, қуан арғымақ, шаттан Агба!
Орнынан тұрған бетте шөп сатушының үйіне қарай дедектей жөнелді. Жанынан өтіп бара жатқан арбакешке тоқта деп белгі беріп еді, ол бұған немқұрайды қарады да, атын айдай түсті. Агба жүгіре басып алдын орады, саусағының ұшына көлдей қағаз ақшаны қыстыра желпілдеткен.
- Тр-р! - деп делбені шірене тартты арбакеш. - Қайда барасыз?
Агба жат шаһарға келгелі тұңғыш рет күйме жалдап мініп, көшеде көңілі тасып бара жатты. Астындағы жұмсақ отырғыш былқ-былқ етеді, биік торы ат басын шұлғып қойып сар желеді, ал арбакеш бұл қазір қайда жүр десе, айтқанын ойланбастан орындауға дайын. Кеш түсіп, манаурай бастаған қала да бұрынғыдай салқын қабақ танытпайды, көп қабатты үйлер жарыса зорайып, Агбамен бірге еңселерін көтере түседі. Ерсілі-қарсылы ағылған жұрттың да өгейлігі жоқ. Шаһардың орта тұсынан шіркеудің жез қоңыраулары күмбірлеп қоя беріп еді, кешкі аспан сыңғыр-сыңғыр әндетіп, ауа әдемі әуенмен бірге тербеліп, көңілді көркейте түсті.
Айналасына масаттана қараған Агба кенет өзін аяқ астынан бақытқа бөленген әлгі жарылқаушыларын көрді де, олар бұған көз салмаса да еңкейіп тағзым етті. Әскери киімді мен дөңгелек сақалды өздігінен жүруге жарамай қалған жас мырзаны екі қолтығынан сүйемелдеп, анда-санда сілкілеп алып шатқаяқтап барады. Ол салбырап кеткен басын әредік әнтек көтеріп, айғайға басады.
- Ұлы еліміздің асыл азаматтары, бейкүнә қайыршылардың даңқы арта берсін!
***
Агба Шамды арбаға жегіп орманға кеткен ағаш дайындаушыны сарыла күтті. Шөп сатушыдан қолына тиген ақшаның бір аттың құнынан асып түспесе, кем емес екендігін білген болатын. Содан бері сәйгүлікті қайтарып алудың қамына бел шешіп кіріскен. Көк қағаздардың қанша теңгелік екені миына кіріп те шықпайтын болса да, шытырлатып қайта-қайта санайды.
- Міне, енді екеуміз де азатпыз, Шам, - дейді іштей марқайып. - Көк тиын үшін жанын сататын жауыз мына көк ақшаны көргенде тізгініңді қолыма ұстата салмаса, қара да тұр. Тек тезірек қайтыңдаршы.
Күн бұған қасарысқандай, сірә да, бататын емес, батыс кемерге қарай бағана ойысқан еді, әлі сол жерден тапжылмай тұр. Тура жолына кіршең жалпақ бұлт жантайып жатып алыпты, оның жұлым-жұлымын шығарып жүндей түтіп қуатын қатты жел жоқ, қаланы кемерлеп ағатын өзен жақтан соққан самал шарбақтың ішіне өскен бір түп өлең шөптің сабағын қозғауға да жарамай сылбыр еседі, өзімен бірге су жағасының салқын салынды иісін ала келеді.
Қожайынның кеудесі шығыңқы, бөкселі әйелі өзі сияқты жуан ағаш бөшкені жуып жатыр. Жөкені шелектегі тұзды суға малып алып қатты ысқылағанда, бөшкенің име ағаштары сықырлап сына жаздайды, ақыры ауыз жағының құрсауы шығып кетті.
Ыза болған әйел жөкені лақтырып тастап жөнелді.
- Бүйткен күні құрысын. Ылғи ілде-алда, іске жаратамын деп қанша тыраштансаң да, икемге келмейді. Жиған-тергені ана тоң мойынның тура өзі секілді. Ондай дүлейге қайдан дені дұрыс дүние бітсін!
Орнынан тұрып, бағанадан мелшиіп отырған Ағбаға қарады.
- Кетсейші, сорлы-ау. Оның сені көрсе жыны қозады. Өзің де бір етіңе таяқ өтпейтін байғұс екенсің.
Ештемеге түсінбеген Агба оғаң жымия көз салды, әйел одан сайын ыза болды.
- Е, мейлің, бадалып қал. Кұдай біледі, өлтіріп жатса да араша түспеспін. Өз обалың өзіңе, сені мен шақырған жоқпын.
Агба ішкі қуанышын жасыра алмай әлі ыржиып отыр, ол бүгін Шамды сатып алады ғой.
Әйел енді оған таңдана мүсіркей қарады. 
- Бейшараның дені сау емес шығар. Есі дұрыс болса, қайдағы бір көтерем үшін от пен суға түсе ме. Онда да өзінің малы емес. Жоқ, мұның дені сау емес. Осы күнгі еркектер төрт аяқты хайуан түгілі, басына іс түссе, қойнындағы қатынын да тастап қашады. Біздің дүлей Пьердің үйінде қонақта болып, кеш қайтқан кезде қараңғы бұрыштан шыға келген екі ұрыдан қорқып, зытып отырған. Мен шырылдап жалғыз қала бердім. Әне, байымыздың сықпыты. Ал бұл Шам дей ме, Сам дей ме, мінгі де білмейтін атқа бола басын тауға да, тасқа да соғады.
Желсіз тымық кештің көлеңкесі қалыңдай берді, шырақшы көшедегі бағаналарға ілінген шамдарды тексеріп жүр. Екі бала мойнына қоңырау байлаған ақ ешкіні жетектеп барады, соңдарынан домаланған ала мойнақ күшік жүгіре ерген, өзі шаршап қалған болуы керек, бір кезде шоқиып отыра қалды да қыңсылай бастады. Баланың біреуі артына бұрылып, шақырып еді қозғала қоймады, қалтасынан шығарған нанға да ұмтылмаған соң, кері қайтып келіп көтеріп алды.
Олардың соңынан қу ағашты сықап артқан ат-арба көрінген. Агба орнынан ұшып тұрды. Бұл орманнан енді ғана оралған қожайын еді. Шамды жетектеп келеді, сірә, сәйгүлік әбден болдырған болуы керек, әйтпесе ағаш дайындаушы қарға адым жер жаяу жүрмейтін.
Әйел шарбақтың есігін ашты, қанша дегенмен күйеуі емес пе, қалбалақтап-ақ жатыр. Көшеге шығып қарсы алып, атты айдасты, шу-шу деп, қолын ербеңдете береді, бағанағыдай емес, өңі жылы.
- Бүгін өзің ұнататын тамағыңды әзірлеп қойдым, семіз қаз асқам, - деді даңғырлай сөйлеп.
Ағаш дайындаушы қалжыраған болар, тіл қата қоймады, арбаны шарбақтың ішіне енгізіп, Шамды доғаруға кіріскен кезде Агбаға көзі түсті.
- Мына пәле тағы келген бе. Бұдан тірілей құтыла алмаспын.
Әйел соны сөз қылып қайтесің дегендей қолын сілтей салды.
- Бағанадан бері отыр байғұс, енді қайда барсын, бізді қара тартады да. 
Күйеуі зірк ете қалды.
- Қайда баратындығында менің шаруам қанша. Мүмкін сені ұнатып қалған шығар, ә. Анадай май басқан бөксеге қызығатын болар.
Әйелдің жүзі лезде түтігіп шыға келді.
- Сандалма, қорлама олай. Қайдағы бір мылқауға телігені несі ей!
Қожайын қолындағы доғаны жерге тастай салып, Агбаға қарай жүрді.
- Кәне, аузың қан жаламай тұрғанда табаныңды жалтырат.
Араб оған өзінің осында келгендегі шаруасын ыммен асығыс түсіндіре бастады. Қалтасынан шытырлаған көк қағаздарды алып, Шамды көрсетті.
- Ә, атты саудалағым келеді де. Кәне, қанша бересің? - деп қожайын жақындай түсті. - Қолыңдағың немене өзі, шытыр-шытыр етуін.
Агба ол тілге, келген соң көкейдегі ойының жүзеге асатындығына көзі жеткендей болып, Шамды сатсаң апта бойы айтқан жұмысыңның бәрін ақысыз-пұлсыз істеп беремін дегенді қиыла ұғындырды.
Ол басын изеді де ақшаға қол созды, араб ойланбастан ұстата берді. Қожайын көк қағаздарды бір-бірлеп айналдыра қарап, қалтасына салды да, Шамның әбзелдерін сыпырып тастады. Көшеге, бағаналарға ілінген шамдарды жағып жүрген шырақшыға, өткен-кеткен жүргіншілерге ойлана көз салып, біраз уақыт үнсіз тұрды.
- Әкет. Ат сенікі, - деді бір кезде.
Агба жан-тәнімен асыға күткен келісімді ол ыммен түсіндірмей-ақ ұқты. Ұшып барып Шамның шылбырынан ұстай алды, жүрегі жарыла қатты қуанғанда жанары жасқа тұнды. Құл атаулының қанына сіңген дағдысын ұмытып, ағаш дайындаушыға иіліп тағзым етпестен жетектеп жүре берді.
- Шаттан, арғымағым. Азатсың сен, мен де еркіндіктемін енді. Жат қалада барар жер, басар тауымыз, бой жасырар қуысымыз болмаса да, ыстық құмы бұйра-бұйра толқындаған сахара құс қанаты талатын қиянда қалса да, бізден бақытты тірі пенде жоқ. Қожайынның тастай қатқан жүрегін жібіткен рақымы көп, құдіреті күшті тәңірге құлдық ұрайық. Шаттан, арғымағым!
Қара көлеңке көшені бойлап, сәйгүлікпен іштей тебірене сөйлесіп, ғажайып түс көргендей балқып жүріп келеді. Кеудесі күңгір-күңгір жаңғырыққан үнге толған, ол ішке сыймай лықсып сыртқа атылады.
- Ей, еркін дүние! Қараңдар маған, жер үстінде теңдесі жоқ арғымақ Шамды азаттық алған бақытты сәтімен құттықтаңдар. Ол әлі тыныш күнде екпінімен дауыл соқтыратын ерен жүйріктігімен сенің басыңды шыр айналдыратын болады. Күндіз көз алдыңнан, түнде түсіңнен шықпайды. Мұны айтып тұрған мына мен, Мәкка мен Мәдинаға даңқы жайылған шабандоз Агбамын!
Шам аяғын сүйретіп басады, жануар әбден қажыған ғой, енді оған қиналудың жөні жоқ, Агба тірі болса, күні ертең-ақ түгі жылтырап шыға келеді, мына үлкен шаһардың тастақ көшесінде ауыздығымен алысып, қараған елдің көңіліне қанат бітіріп ойнақтап бара жатады. Жүзіктің көзінен өткен Шам сынды сымбатты тұлпардың иесі - бұған бәрі қызыға, қызғана қарап, соңынан шұбыра ереді. Сонда Агба екі дүниеде хас жүйрікті бауырынан жаратып мініп, алапат жарыстарда бәйге төрін бермей, не бір күпшек санды сәйгүлікке шаң қаптырып кетуден асқан қуаныш жоқ екендігін, тұлпар шабыспен қашаған арман-үмітіңді де қуып жетуге болатындығын ойлап, жалын атқан шаттықтың қызуына балқып, ет жүрегінде аппақ нұр таң шапағындай алаулар.
Көшедегі шамдар Агба мен арғымақтың жолына жарығын жамырата түсіріп тұр. Көтерем болуға айналған теңдесі жоқ тұлпардың тұяғы тас үстінде сүрініп кетпесін дейтін шығар. Күнде осы уақытта сарнай жөнелетін азынаған үн түнге ұласқан ымырттың үрейін ала көтерілді, бұл жолы Агбаның жүйкесіне тиген жоқ, шексіз қуанышын тасыта қосып алып, шаһардың үстінде күшейе жаңғырықты да, қиянға қалықтай таралды. 
- Қазір шөп сатушының үйіне барамыз, - деді Агба іштей сөйлесіп келе жатып. - Жем мен шөптің ақшасын төлеп қойғанмын. Сұлысының әрбір дәні баданадай, бал татитын шығар, ал кеше шалғыннан орып әкелген балаусаның иісі көш жерден бұрқырайды.
Содан кейін түнгі қаланы қақ жарып өтіп, өзенге жетерміз. Оның жағасы көкорай, салқын самал бетіңді аймалап соғады да тұрады, шыбынсыз жазға бергісіз. Мен бірер қабат сол жерде түнеп шыққанмын, сондықтан жақсы білемін. Аздаған маса бар, бірақ ол не істей қояр дейсің, от жағып, түтін салсақ безіп кетеді.
Ертең де сұлыға тойғызармын, ана қорқау қожайынға қалтамды сарқып берген жоқпын, қымқырып қалған тиын-тебенім бар. Агба ақымақ емес қой.
Жанынан үш әскери киімділер өтті, аларып қарап жөндеріне кеткен. Бәрі қылыш асынып алыпты, олар осылай түнімен көшені кезеді де жүреді, ұры-қарыны аңдиды.
- Олардың сыптай болып киінгеніне қарап, дөкейдің өзі екен деп қалма, - деді араб әңгімесін созып. -Жетісіп жүргендері шамалы, қажет болса, қараңғы жерде өздері де кісі тонайды. Мен түн баласында көз ілмей қаңғып жүріп көргенмін де. Бұлардың асып бара жатқаны шамалы, тек туған топырағының төрінде жүр демесең.
Түн қараңғылығы қоюланған сайын бағанаға ілінген шамдардың жарығы өткірлене бастады. Артқы жағынан әлдекім жүгіре қуған секілді, тасыр-тұсыр аяқ дыбысы шықты. Жалт қараған Агба ағаш дайындаушыны, оның соңынан далбаңдаған әйелді көрді.
Мылқау арабқа Шамды көп саудаласпай сата салғанда ағаш дайындаушы екі жеп биге шығудың жолын ойлаған болатын. Ол атты жетектеп кете берсін, кішкене ұзаған соң бұл аттандап тұра қуар.
- Тонап кетті! Сорлап қалдым! Құтқара көріңдер! - деп көшені басына көтерді.
Ентігіп, пұшайман күйге түсіп, жағы сембей зарлайды.
- Халайық, талатпаңдар! Ұстаңдар ана қарақшыны! Ұмтылыңдар!
Әйелі соңынан жүгіре еріп келеді. Бүлдірмесе не қылсын. Кещенің нақ өзі ғой ол, айтып келе жатқан сөзінің сықпытын қарашы.
- Тоқта, Мишель! Құдайдан қорық! Қоя бер сорлыны!
Ол айғайын бұрынғыдан да күшейтті.
- Қарауыл! Тонап жатыр! Аттан! Аттан!
Бұл жерден ұзай қоймаған үш жандарм дауыс шыққан тұсқа қарай жүгірді. Олар келгенше ағаш дайындаушы Агбаның алдын орап, Шамның шылбырына жабыса кеткен болатын, шашы дудырап, айналасына алақ-жұлақ қарайды.
- Аттан! Аттан!
Агба не болғанын білмей аңтарылып қалды да, іле мән-жайды шошына түсінді. Қорқау қожайынның алдын-ала ойластырған залымдығын ұққан кезде оған талайдан бері кектенген жүрегі ызадан қақырап бара жатты. Шылбырды қолынан жұльш алып итеріп жіберді, ол теңселіп барып қайта ұмтылғанда, іштен сылқита теуіп, шалқасынан түсірді. 
Енді тез тайып тұрмаса болмайды, Шамға секіріп міне бергенде, үш қарауыл қаумалап тұра қалды, қолдарындағы жалаң қылыштарының жүзі көшедегі Шамның жарығына жарқ-жұрқ шағылысады. Біреуі ытқып келіп тізгінді ұстай алды, екіншісі Агбаны аттан аударып түсірді, құлаған жерінен жұлына тұрған ағаш дайындаушы оған жұдырығын ала жүгірді. Арабтың көзіне қан толып кетті, иығынан бүре ұстаған қарауылды серпіп тастап, қынындағы қайқы қара пышағын суырып алған бетте кіжіне тап берді. Бірақ қаруын сілтеп үлгере алмады, қарауылдың біреуі қылыштың қырымен қарынан қатты ұрып жіберген. Пышақ көшенің доғал тастарының үстіне ұшып түсті, солған еңкейе ұмтылған кезде белінен тиген сойқан соққы есеңгіретіп, жер құша құлады.
Ағаш дайындаушының әйелі булыға жылап теріс айналды, үйге қарай бүгежектеп кетіп барады.
- Қарғыс атсын сені, Мишель! Құдай жазаңды берсін! Өмірден ұрпақсыз қу бас болып өтіп бара жатқаның да осы қаншелек қорқаулығыңнан ғой. Оңба, Мишель!
***
Агбаның түрмеде отырғанына ұмытпаса, бүгін он күннің жүзі толды. Алғашқы күндері ол қайда, неге қамауда жатқанын түсіне алмай, дүние атаулыға қарғыс айтып, тас қып бекітілген темір есікті дамылсыз тепкілеумен болды. Жүгіріп келіп иықпен де соғады, ашынып, өзін-өзі жұлып жейтіндей ессізденіп, жұдырықтың астына алады, әбден шаршаған кезде, оған арқасымен сүйеніп тұрып, етігінің өкшесімен дүңкілдетеді. Алғашқыда күзетші есікті ашып, қаһар шашып кетіп жүрді, бұл ол қоқайына ықпаған соң, бір-екі рет жақсылап сабап алды, бірақ мылқау тұтқынның беті қайтпады, өзеуреп өршелене түсті.
Үш-төрт күннен бері бұл дүлейлігін қойған, күзетшінің құлағы тыншыды, анда-санда есіктің тесігінен сығаласа, ерсілі-қарсылы жүргенін көреді. Мұның білуінше, мынау өле алмай жүрген түріне қарамай, қайдағы бір ағаш сатушының атын ұрлапты. Түнгі қарауыл қашып бара жатқан жерінде ұстағанда, пышақ ала жүгіріп, қасқырша талапты. Олар, әйтеуір, қылышпен жасқап жүріп, зордың күшімен ұрып жыққан, айтып отырса сұмдық.
Өзінің қай ұлт екенін сайтан білсін, жебірей ме, әлде сыған ба, айырып алғысыз, бәлкім, негр мен ақ нәсілді біреудің қоспасы шығар. Осы күні әулетті ақсүйектердің өздері қызық үшін негр күтушілердің қыздарына ұрын барады дейді ғой, рас болар. Қай тектен шықса да, бағы жанбаған бір сорлы екендігі анық, үстіндегі қомыт-шомытын шешіп, түрменің алабажақ киімін киіп жатқанда жон арқасына көзі түсіп кетіп еді, құдай басқа бермесін, тілім-тілім. Адамның неше түрлі итжандылары бола береді екен ғой, анадай дүрелерден тірі қалғанда, енді, сірә да, өлмес.
“Осы мен оның несіне таңданып отырмын, - деп ойлады күзетші мылтығын сүртіп жатып. - Түрмеде тұтқындарды жіңішке темір сүмбімен де шықпыртады ғой, көк етіне дейін іреп салады. Енді біткен шығар дейсің, бейшараны жендет дырылдатып сүйрете жөнелгенде еріксіз шоқынасың. Ал үш-төрт күннен соң, өзің о дүниеге жөнелтіп қойған байғұс қарауылдың айдауында тағы да тергеуші мырзаның бөлмесіне қарай кетіп бара жатады”.
Мұның күзет орнын ұзын, қысыңқы кіре берістен бөліп тұрған тор есік шықырлады, сырттағы қарауыл етжеңді әйелді ертіп келе жатыр.
- Мынаны әлгі мылқауға алып бар. Офицер мырза рұқсат берді, - деді де кейін қайтты.
“Ол қарақшыны да іздейтін біреу бар екен ғой”, - деп таңданған күзетші бір буда кілтін сылдырлатып, Агба қамалған камераға қарай жүрді.
Араб ағаш дайындаушының әйелін көргенде, қабағы қарс жабылып теріс айналды, жүзіне қарағысы келмеген. Өзін осынша азапқа салып қойған жауызға қатысы бар нәрсенің бәрі жексұрын болып елестейді, сол түнгі оқиға есіне түскен сайын тұла бойы безгек буғандай қалтырап кетеді. Агбаны жарық дүниеге шыр етіп келгеннен бергі басынан кешкен барлық тауқыметі қорқау қожайынның залымдығына қарағанда, байынан таяқ жеген қатынның бір сәттік көрген қорлығы секілді ғана еді. Теріс айналған күйі темір тор ұсталған, шынысы салтақ-салтақ кішкентай терезеге қарап сазарып тұра берді.
Әйел де ыңғайсызданып қалған болатын, мылқау арабтың алдында күнәһар екендігі рас, бейшараның жазығы жоқтығын біліп тұрып, қарауылдарға ләм-мим демеді. Шындықты қалай айтсын, онда күйеуі күйіп кеткелі тұр, екі оттың арасында қалып, құр шырылдағаннан басқа қолынан не келсін. Оны мына сорлыға түсіндіре алмайтындығын да біледі, ол тіпті дүлей байының ызасы үшін алып соғып тепкілеуі де ғажап емес. Түрмеге келе жатып осылай да ойлаған, кері қайтпақ та болды, үйіне қарай біраз жер жүріп барып тоқтады. Жазықсыз мылқаудың обалы мен қарғысы алдындағы үрей одан да зәрлі еді.
- Сен кешір мені. Күйеуім үшін қаралама, - деді жасқана тіл қатып. - Қарғай көрме.
Агбаның мылқау екендігін, жат тілді түсінбейтіндігін ұмытып кеткен сияқты, үзіп-үзіп сөйлеп жатыр.
- Мишельді атарға оғыңның жоқ екендігін білемін. Сонда да келіп тұрмын. Ол құдайын ұмытқан, тәңір сол кесапат қылығына бола мені бедеу етті. Әйел үшін бұдан артық қайғы бар ма? Сен адал, әулие жансың, оған баяғыда-ақ көзім жеткен. Бізге беріш болып қатқан жүрегің жібімесе, менің әлі де құрсақ көтеремін бе деген соқыр үмітім біржола кесіледі. Ая мені, Агба, кештім деші! Аяшы мені!
Ол мылқау арабқа қарай жасқана жақындап, тізерлеп отыра кетті де, өксіп жылап жіберді. Агба көзінің қиығымен қарап, әйелдің әлдебір ауыр мұң езіп, шөгіп бара жатқанын көрді. Өзіне бола осынша қайғырады деп кім ойлаған, мына адуын, мінезі шапшаң кесек қимылдайтын әйелдің жүрегі мейірімді әйел Фатимадай нәзік екен ғой.
Бір сәт оған көңілі жібіген сияқты болды, қожайын талай жұдырық ала жүгіргенде арашалап, таяқтан аман алып қалғанын, бірер мәрте ыстық тамақ бергенін ойлады. Мұның не кінәсі бар, заты әйел болған соң, түбінде дүлей ме, әлде қарақшы ма, әйтеуір, біреудің етегінен ұстауы керек, күн көру үшін де солай істеу қажет. Тәңірі ана жауызға көгендеп қосып қойса, амалы не, сүйретіліп жүре береді де.
Бұрылып келіп, әйелді орнынан тұрғызбақшы болды, бірақ қол-аяғы илікпей, сіресіп қатып қалған. Оған көңілшектік көрсетсе, ағаш дайындаушының жасаған қорлығы көкірегінде қоздана түсетін сияқты сезіліп, тапжыла алмады. Жақсының да, жаманның да, озбыр мен ожардың алдында да ғұмыр бойы иіліп-бүгілумен болған Агба енді түрмеде шіритін, өмірден күдері үзілген шағында кектене, сол кекке өртене білуге тиіс.
Әйел әлі сөйлеп отыр. Ол мылқау арабтың илігетіндігіне, күйеуінің ит қылығын өзінің жасқаншақ, бірақ күдерін үзбейтін, керек десе өмірінен де қымбат үміті үшін кешетіндігіне құлай сенбек болды.
- Сен қасарыспа. Көз жасымнан қорық. Әйел жылай салуға дайын тұрғанымен, оның шын көз жасы өзін талақ еткен махаббатының, абыройы ақтарылған арының, кесілген арман-үмітінің алдында ғана төгіледі. Сен ая мені, Агба.
Ол енді булыға өксіді, мына мылқау сорлыны әулие деп түсініп, қарғысы шаңырағын ортасына түсіретіндігіне діндар көңілмен әбден сеніп, сол наным-түсінігінен ешқашан арыла алмай қиналатындығына қабырғасы қайыса қынжылды. Оған өкінбес те еді-ау, әйел байғұстың нәрестелі болғысы келеді, сәбиінің жұпар иісін құшырлана иіскеп өліп кеткісі келеді. Бұл жібімесе, тағдырдың онсыз да тас емен жүрегі қарая түсер.
Агба өзінің тас керең саңырау болмағандығына өкінгендей дел-сал халде еді. Әйелдің үні сай-сүйегін сырқыратып барады, көз алдына қияндағы Мәккада қалған, қайтып көру-көрмеуі неғайбыл Фатима елестейді. Қорқау қожайынның ештеңемен теңестіруге келмейтін қысастығы жүрегін қарайтады, түрменің сұрғылт қабырғалары қусырыла тарылып, еңсесін езеді.
Ол енді әйелден тезірек құтылғысы келді, жалт бұрылып отырған жерінен тік көтеріп алды.
- Бар! Тезірек кет! Көрінбе көзіме! - деп ақырды іштей, көкірегі әлем-тапырық. - Мен жұмыр басты пенде атаулыдан түңіліп біткенмін.
Әйел одан көзін тайдырмай қадала қарап қалған, жас жуған жүзі боп-боз. Агбаның өзін орнынан тұрғызғанына үміттенген, әрі сескеніп шошынған түрде өксігін сап тыйып сілейді де қалды.
- Кетіп қал! Жылдам кет! - деп қатая түсті араб.
Ол қайтадан тізерлеп отыра кетті, Агбаның қолынан тас қылып ұстап алған, араб не істерін білмей әбден дағдарды. Не тілейді ол бұдан, неге кішірейеді соншама, көз жасын көл қылғаны қалай. Енді мұны аяп аялағаннан келер иненің жасуындай да жеңілдік жоқ, қайта күпті жүректі жаныша, езе түсетінін қайтіп ұғындырса екен? Атып алған маралдың мөлдіреген бейкүнә жанарына көзі түсіп, жүрегі дір ете қалған аңшының кейін күйзелгенінен не пайда, жүрегіңді қан жылатып алып жаны ашығанның мүсіркегенінен өткен азап болмас, одан да қайтып шықпайтын құрдымыңа итере сал. 
- Баршы, жанымды жегідей жемеші.
Әйел Агбаның өңменнен өтетін сұсты жанарынан қатыгездікті де, сол қатыгездікті сәл де болса жібіткісі келген үркек мейірімді де қатар таныды. Сақал-шашы дудырап өсіп кеткен, ұрты суалып әбден жүдеген, тұйыққа тірелген кезінде бұрынғы именшек қалпынан өзгере түлеп, баянсыз өмірді, түбінде соның құрбандығы болу пешенесіне жазылған бүкіл өзекті пендені, өзін аяққа басып таптап келгеннің бәрін мүсіркейтін секілді мысы басып барады. Оның алдында аршылғысы келді, арыз-арманын ақтарып, шерін сарқа тартқысы келді. Есі кіргелі табынумен болған құдірет қарсы алдында тұрғандай буын-буыны дірілдеп, ойынан жаңылды, қолындағы түйіншегі түрменің сұрғылт тас еденіне түсіп кетіп, шегіншектей берді. Енді бөгелгісі келмеді.
- Кешір мені, әулием! Жазғыра көрме!
Есіктің тесігінен көңіліндегі ұры ойының қашан іске асатындығын сабырсыз күтіп қарап тұрған күзетші кейін ысырылды.
Қаңыраған қапаста Агба жалғыз қалды.
Түнерген түрмеде өмірдің бар азап-мұңын арқалаған, оның алдында тізе бүкпеген әулие отыр.
***
Күн бұлыңғыр, таң ата соққан күшті жел шаһардың үстіне әлдеқайдан түйдек-түйдегімен дүркірете қуып әкелген кіршең бұлттар ию-қию сапырылысады. Күркірей тасыған өзеннің өрі сеңдей соғылысқан, ызалы, адуын екпінмен аласұрып, толқынды толқын жүндей сабайды. Аспан әлемнің сұсты әміршісі секілді қабағы түйіле түнеріп, тас төбеден ызбарлана шүйліккен. Бір мезет қырық бүктеліп жау талаған жұртқа ұқсады, түңілігі тілгіленіп, жабуы қырық айырылып, үзік бауы бырт-бырт үзілген, әне-міне өзі де шайқала шытынап, аумағымен төңкеріле құлағалы, астындағы қыбыр-қыбыр тірліктің бәрін зілдей салмағымен езе жанышқалы тұр. Ию-қию араласқан жұлым-жұлым бұлттар қара үрейін ұшырған қара жер дөңгелене көшіп, маңып бара жатыр.
Жер мен көк неден үрікті екен.
Қыркүйекте соққан салқын жел көше-көшенің бойында жиырылып-жазылып ысылдайды, бұралқы ит атаулыны бүрсең-бүрсең жортақтатып, шұбатылған ұзын көйлекті әйелдердің етегін желп-желп көтереді, шыр айнала үйіріп, ерсі қылжақтайды. Дүкеннен шыға келген бойжеткеннің жиегін торғын тормен көмкерген ақ қалпағын ұшырып әкетіп, ауада қақпақылдап жүрді де, өтіп бара жатқан күйменің астына тастай салды. Әлдеқайдан ала қашқан көк орамал бағананың басына ілініп қалған, ызалана жұлмалап ұзақ әуреленді, ақырында жайына тастап, дөңгелек мылжалап кеткен қалпаққа қайта шүйлігіп, желп-желп секіртіп қуа жөнелді.
Енді сорайған мұржалардың көмейіне еніп алып күңірене уілдеген, үні көрден шыққандай үрейлі, гөй-гөйге басып аңырасып келіп, кімге жоқтау айтады екен.
Ағаш дайындаушыға желдің сарнаған үні бір сұмдыққа бастап тұрғандай көрінді. Кейінгі кезде қолға алған ісі оңбай кетіп еді, арам қатқыр асау құр шандыры қалса да, ерге аяқ артқызбай тулауын қоятын емес, ал әйелі мұның бар-жоғын елең қылмайды. Бұрын көңіліне әлдене ұнамай қалса, бұрқылдап сөйлеп-сөйлеп алып сабасына түсетін, жер-жебіріне жетіп барып басылушы еді, енді сең соққан балықтай өзімен өзі мәңгіреді де жүреді. Кейінгі кезде үйдің шаруасын да ұқсатпай тіпті жүнжіп кетті, бұл күндері шіркеуден шықпайды, одан қайтса, бұрыштағы құдай бейнесінің алдында мінәжат етіп, дұға оқып отырғанын көресің.
Бағана түрме бастығының шабарманы келіп шақырып кетті.
- Түсте мырзаның алдынан табыл. Кешіксең, не келмей қалсаң, өз обалың өзіңе! - деп зірк-зірк етті.
Әлгі мылқаудың ісіне бола іздеген шығар, ол итті әлі соттаған жоқ па еді, несіне созбайлап жүр. Көзін тезірек құртса, аздап тыншыр ма еді, кім білсін, кейінгі кезде қайтып келіп, үй-орманын тып-типыл етіп өртеп жіберетін секілді, тайғанақ халге душар бола бастаған. Дүлей пәле одан тайынады дейсің бе, түрмеден босатып жіберсе, бұл күндіз-түні ешқайда шықпай, қолына мылтығын ұстап, үйді шыр айналып жүруі керек. Сол албастыға неменеге соқтығып еді, әй, өзінде де бар.
Таза киім киіп, айнаның алдында тұрғанда, ішкі бөлмеден әйелі шықты, өңі сынық, жақтырмағаны, яки шаршағаны белгісіз, жанарында нұр жоқ.
- Қайда жиналдың? - деді немқұрайды.
Шынын айтты, оны бұл күндері жалған сөйлеп алдау мүмкін емес сияқты еді.
- Мен де барамын, - деп әйелі тез жинала бастады.
Бұл тағы не ойлады деп сезіктенді күйеуі. Өң мен түстің арасында жүрген, тұнжыраған, әбден діндар болып алған тақуасымақ байғұс түрме бастығына бар шындықты жайып салса, құрығаны ғой. 
- Әуре болып қайтесің, өзі бірталай жер, босқа шаршайсың ғой, - деді жорта қамқорсып.
Әйелі тіл қатпай жүріп киініп алды.
- Қай уақытқа шақырып еді?
- Түске.
- Онда кеттік.
Бұдан әрі қарсы келмеді, соңынан үнсіз ерді. Екеуі содан түрме бастығының кісі қабылдайтын бөлмесіне келіп кіргенше жарытып сөйлесе алмады. Әйел алдына түсіп алып, жан-жағына қарамастан жүрді де отырды, жолда кезіккен соқыр қайыршыға қайыр-садақа бергені болмаса, еш жерге аялдаған жоқ.
Түрме бастығы ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей келісті адам екен, бурыл тарта бастаған шашы, қияқ мұрты көркін енгізіп тұр, қалың қабағының астынан қараған көзі ғана суық.
Үстіндегі сұр мундирінде кіршік жоқ, ине-жіптен жаңа шыққандай, денесі өмірі иіліп көрмеген секілді тіп-тік. Аяғындағы құрым етігінің табаны сықырлап, кең бөлменің ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Анда-санда биік терезенің алдына барып тұра қалады да, сыртқа үңіліп, аз-кем аялдайды. Бұлар рұқсатын алып ішке енгелі сүт пісірім уақыт өтсе де тілге келген жоқ, көрсе де аңғармағандай, көзіне ілуге арланатындай үнсіз.
- Сонымен шындықты ғана айтамыз ғой, - деді бір кезде жанына таялып келіп.
Ағаш дайындаушы күтпеген жерден қойылған сауалға кібіртіктеп жауап берді
- Дәл солай, мырза... жалған сөйлеп не көрініпті.
- Онда бәрін басынан бастап айтып шық.
- Көпке созатын ештеңесі жоқ, ұрлағаны рас. Оның алдында үйге талай рет келген, түріне қарасақ өлуге қолы тимей жүрген бір бейшара. Аса көңіл аудара қойған жоқпын, сонау Араб елінен өзімен бірге әкелінген атты қимайтын шығар деп ойлағам. Ретті жерінде тамақ, тиын-тебен беріп дегендей қайырымдылық та жасап жүрдік. Сөйтсек, оның ойында арамдық бар екен ғой.
- Қалай ұрлады сонда? Менің шамалауымша, сен анау-мынауға мал-мүлкіңді ұрлата қоятын адамға ұқсамайсың.
- Қараңғыны жамылып келді, аулада тұрған маған пысқырып та қараған жоқ. Арбада байлаулы тұрған атты жетектеп жүре берді. Айғайлап тұра ұмтылып едім, қынынан пышағын суырып алды. Жақындасам, жарып тастайтын түрі бар.
- Солай де…
- Тап осылай, мырза, артық-кемі жоқ. Бір түйір өтірік қоссам, тәңір куә, оңбай кетейін.
- Оның саған бұрын өштескен жері жоқ па еді? 
- Қайдан болсын, кісі жуитын адам ба ол, не деп соқтығамын.
Түрме бастығы бөлмені қайтадан кезіп кетті, бір жақ қабырғаны тұтас алып тұрған сөренің алдынан өтіп бара жатып кілт тоқтады. Онда кітаптан гөрі неше түрлі кішкене мүсіндер, хайуандардың ағаштан ойылған, жезден құйылған бейнелері көп екен. Солардың ішінен маймылдың мүсінін алып, айналдыра қарап тұрды да орнына қойды.
- Ол кісі өлтіруден тайынбайтын қарақшының тап өзі, - деді ағаш дайындаушы еркінси бастап. - Қарауылдар келе қалмағанда, мен осы күні о дүниеде жүрер едім. Босатпау керек оны, түрмеде шіріту керек. Парижде ұры-қары онсыз да аз емес.
Түрме бастығы үлкен столдың арғы жағында оюлы арқа сүйерлігі сорайып тұрған орындыққа барып отырды. Қалтасынан сағатын алып қарады да, ыңырана шалқайды.
- Сен маған ақыл үйретпе, не істеу керек екендігін кім көрінгеннен сұрайтындай әзірге есіміз ауыса қойған жоқ, - деді салмақпен.
Ағаш дайындаушы сасқалақтап қалды.
- Мен... әншейін айтқаным ғой.
Ол енді әйелге қарады.
- Сіз неге келіп едіңіз? Күйеуіңіз дұрыс жауап бере алмайды деп қорықтыңыз ба?
Әйел күйеуіне, одан терезеге қарады, қол сумкасын ақтарып, орамалын бір алып, бір салды.
- Иә! - деді ақырында. - Ол қазір де барлық шындықты жайып салған жоқ.
- Міне, қызық, - деп түрме бастығы түзеліп отырды.
Ағаш дайындаушының жүрегі су ете қалды. 
- Мылқау арабтың бар жазығы ана атқа жаны ашып, қатты күйзелетіндігінде ғана, - деді әйел сөзін сабақтап. - Ол өзі бір мейлінше асау мал, үстіне содан басқа ешкімді отырғызбайтын көрінеді. Әуелде осындағы бір графтың қолында болған екен, оның шабандоздары да бастықтыра алмай қойыпты, сөйтіп менің күйеуіме сатып жіберген. Ал мылқау сорлы ат қайда барса, сол жерде жүреді, тапқан-таянған тиын-тебеніне шөп-жем сатып алып, аузына тосады. Күйеуім атты жуасытамын деп түні бойы таң асырып қоятын, соны көрген мылқау кейде қораға ұрланып кіріп, қайдан табатынын кім білсін, қолтығына қысқан шөбін жасырып беріп жүрді. Мен талай көрдім, бірақ ешкімге айтқан жоқпын, атқа өзімнің де жаным ашитын.
- Міне, қызық! - деді түрме бастығы әлгі сөзін қайталап. - Айта беріңіз.
Әйелдің дауысы қарлығыңқырап шықты.
- Мылқау сорлы ат бір күні көтерем болып өледі деген шығар, содан кейін ұрламақ болған ғой.
Ағаш дайындаушы мойнына кигізілген дар тұзағынан босағандай бойы аздап жеңіл тартты. Орындығын сықырлата тұрып, әйелінің жанына барған түрме бастығына, өзін қыл үстінде ұстаған жұбайына көзінің астымен ұрлана қарады. Оны өлсе де ертпеу керек еді, қарашы, енді…
- Ол графтың аты есіңізде жоқ па? - деп сұрады түрме бастығы.
Әйел басын шайқады.
- Оқасы жоқ, керек болса, өзіміз де табамыз.
Ол өзі атын сұраған графты білетін, енді қалай, Париждің игі жақсыларымен күнде қоян-қолтық араласып жүрген бұл зиялы қауымның өмірінде не болып жатқанынан бейхабар қала ала ма. Мәкканың бір бейі оған сегіз сәйгүлікті сыйға тартқанын қала ғана емес, бүкіл Франция естіген. Ал мылқау араб пен асау аттың мына әйел айтқан тағдыры сол оқиғаға келіп тірелетінін, шынын айту керек, болжай алмап еді.
- Тамаша! - деді терезеге қарай беттеп.
Несі тамаша екенін ағаш дайындаушы да, әйел де түсінген жоқ.
Ол тағы да сағатына қарап, столдың үстінде тұрған қоңырауды шылдырлатты. Есік ашылып, шегір көз қарауыл кіріп келді, босағадан аттаған бетте қаздиып қатып қалған.
Түрме бастығы ағаш дайындаушыға қарады.
- Сені көлгірсіп сөйлеп, жалған жауап бермек болғанын үшін қамай тұру керек еді, бір жолға қоя берейін. Тек мынаны жақсылап ұғып ал, ана ат өлмеуге де, жоғалмауға да тиіс, түсіндің бе?
Ағаш дайындаушы одан құтылғанша асықты, орнынан қорбаңдап тұрып жампаң қақты.
- Ұқтым, мырза! Айып етпеңіз, мырза!
- Ендеше, екеуің де боссың.
Әйел күйеуінің соңында қалып қойды.
- Тақсыр, мылқау сорлының күні не болады?
Түрме бастығы жауапты қысқа қайырды.
- Жолыңыздан қалмаңыз, мадам!
***
Ол асығып тұрған болатын, бүгін бесін кезінде ірі фабрикант досының үйінде Париждің біраз жайсаңдары бас қосады. Англиядан аты шулы лорд Годольфиннің келуі құрметіне үлкен бал ұйымдастырылмақ, оған король сарайының қызметіндегі ірі ақсүйектері мен дәулетті графтар, қаланың таңдаулы сұлулары, даңқы шыққан музыканттар, қысқасы жазатайым өле-мөле кетсе, Сенаның суы тартылып қалатындай көрінетін төбесімен көк тірегендердің көбі жиналады. Осындай зиялы қауымның ортасында болу құрметі басын шыр айналдырған түрме бастығы бүгін өте қуанышты еді. Таңертең қызметіне келген соң, межелі уақыт жеткенше жынданып кететін шығармын деп ойлады, оның істей қоятын жұмысы да жоқ болатын. Сөйтіп бөлме ішінде сенделіп жүргенде, есіне таяуда ат ұрлап ұсталған мылқау түсе кетті, дереу қарауылды шақырып, жәбір көрушіге жөнелтті.
Енді, міне, балға барғанда көптің назарын өзіне қаратуға әбден жарайтын әңгіме аяқ астынан табылды. Париждің ұсақ-түйек өсек-аяңын, ел тыңдаудан әбден жауыр болған саясат туралы пыш-пыш әңгімені, Францияның Испаниямен арадағы қақтығыстарын сағыздай созатындарды жерге қаратып, бұрын мүлде айталмаған, жаңа тосын оқиғаны әрлеп, әдемілеп жеткізсе, король сарайындағы ақсүйектердің көзіне түсті дей бер.
Қарауылға күймені дайында деп бұйрық беріп, әлгі ақсүйектермен карта ойнайтын мүмкіндік туа қалса, ұтқызатын ақшасын қалтасына бөлек салып сыртқа шықты. Көшеде салқын жел үйіре соғып тұр, жаяу жүргіншілер сонда да көп, сеңдей соғылысады. Көңіліне желік бітіп, көшенің қарсы бетіндегі сұрғылт үйлерге, маңайына керги көз салып тұрған бұған иіліп сәлем берген біреуі жоқ. Шетінен қойдай топырлатып түрмеге қамаса, кім екендігін білер еді, тегінде, бұл қара нөпірді сөйтіп анда-санда жөнге салып қоймаса, құдайын ұмыта келе таптап жүре беруі ғажап емес.
Солқылдаған жеңіл пәуеске алдына келіп тұра қалды, пар жеккен қос қылаң тыпыршып ала қашуға дайын. Ішке еніп, жұмсақ орындыққа отыра берген сәтте күйме сырғи жөнелді.
***
Бұл досының үйіне жеткенде, шақырылған қонақтардың басы құралып қалған екен. Дегбірсізденіп жүрген фабрикантпен, оның елуге келсе де жаңа түскен келіндей сызылып тұратын, сыры кетсе де сырын бермеген кербез әйелі Жаннамен есендесіп, таныстарына бас шұлғып болғанша бір топ бекзада қаумалаған лорд Годольфин де жетті. Жұбайы герцогиня Мальборо француз ханымдарынан өзгеше, аса сәнді киініпті, онымен бірге Англияның бүкіл сән-салтанаты ере келгендей үйдің меймандарды қабылдайтын мрамор бағаналы кең залы құлпырып жүре берді.
Лорд пен герцогиняның құрметіне марш ырғақты қошемет әуені дүркін-дүркін ойналып, сатыр-сұтыр қол соғылды. Ерлі-зайыпты ағылшын залдың екі қапталына қақ жарылған елдің ортасымен еңсесін биік ұстап жүріп келеді, жұртқа мәртебелеріне жарасымды инабаттылықпен сәлем беріп төрге қарай өтті. Жұбайына қарағанда егде лорд жұпыны киінген десе де болады, бірақ өзіне қонымды, денесі тіп-тік, сыртынан көз салғанда, қылшылдаған жігітке бергісіз, атағына сымбаты сай келіп тұр. Бакенбарды мұртына иіле жалғасқан ат жақты, шырайын жоғалтпаған жүзінде Ұлы Британияның дүние жүзіне дүрілдей жайылған даңқына орайлас менмендік пен аса байқала қоймайтын асқақтықтың, ұстамдылық пен тамыры тереңде жатқан салқын ақылдың нышаны аңғарылады. Жекірмей иментіп, үркітпей жасқандырып тұратын жасырын сұс та қара танытып қалған.
Түрме бастығы лордтың өмір тарихын там-тұмдап қана біледі, оның өзі қоспасы көп көпірме ауыздардың шыны өтірікке, жалғаны ақиқатқа оңай ауыса салатын тайғанақ деректері. Естуінше, лорд қисапсыз байлық иесі, герцогиня Мальбороға үйленгеннен бері дәулеті тасып жүре беріпті. Оның үстіне жұбайының жездесі Англияның мемлекеттік қазынасының кілтін ұстап, королеваның оң қолына айналған соң, Кембридж графтығының барлық шалғынды, өзенді, шұрайлы жерлеріне ие болған. Ірі мемлекеттік істерге араласып, көрегендігімен, түптің түбінен ойлап, әрдайым дұрыс шешім таба білетіндігімен де аты шыққан деседі.
Осал жері жүйрік ат көрінеді, жинаған байлығының тең жарымын шашып жүріп, иелігіндегі Гог-Магог өлкесінде Англияның бұрын-соңды болып көрмеген үлкен жылқы заводын ашқан. Онда Европа елдеріндегі аты шыққан сәйгүліктердің біразы жиналған, тіпті қиырдағы Үнді, Америка жерлерінен әкелінген арғымақтар да бар болса керек. Соларға жұмсалатын бір жылғы қаржы он мың гинейден асып түседі дейді, өтірік айтса жандары шықсын. Бұл, әйтеуір, сене қоймайды, бірақ кім біледі, мына лордтың қолынан бәрі келетін сыңайы бар.
Түрме бастығы оның өмір тарихын іштей сараптап келіп, осы тұсқа іліккенде, есіне мылқау араб пен асау түсе кетті. Лорд жылқыға қатысы бар кез келген әңгімені құмарта тыңдайтын болғаны ғой, ендеше, бүгін қалайда бір есебін тауып, оған жеткізуі керек, атпаз ағылшынмен жақынырақ танысудың бұдан төте жолы жоқ.
Меймандардың ұзын саны елу-алпыс адам болып қалады, олардың арасында ересектердің жайдақ әңгімесінен қашып құтылуға дайын тұратын, графинялар ерте келген сүйкімді бойжеткендердің жанынан үйіріліп шықпайтын жас мырзалар да бар. Үй иесі құрметті қонақтарын дастарқанға шақырғанда, солар сездірмей сырылып бөлектене берді, сыңғыр-сыңғыр күлкі ұзындығы ат шаптырым дерлік залдың мрамор бағандарына, хрусталь люстраларға жаңғырыға тарап, күмістей шашылды.
Дастарқан рәсімі шамадан тыс әдепті, егер түрме бастығының бағасына жүгінсек, іш пыстырарлық дәрежеде өтіп жатты. Фабрикант досы ұзақ сөйлеп, Франция мен Англияның арасында атам заманнан бері салқын қанды болса да достық қарым-қатынас орныққанын, өйткені екі елдің дүниеге тәңірдің көзімен сергек, әрі біртектес ниет-таныммен қарайтындығын, бұл мемлекеттер қазіргі заманғыдай қарыштап дамымаса, Европаның әлі құлдық дәуірдің о жақ, бұ жағында жүретіндігін, адамзат оларға бүгіннің өзінде өндіріс, мәдениет, ғылым салаларындағы аршынды прогресс үшін қарыздар екендігін майын тамыза айта келіп, аса құрметті герцогиня Мальборо мен лорд Годольфиннің денсаулығының мықты болуына тост көтергенше кемінде жарты сағат өткен шығар. Досының бұл ұзақ сөзді күні бұрын жазып алып, кешелі бері жаттаумен болғандығына мұның күмәні жоқ, ол екі-үш жерде ұмытыңқырап қалғанда, жанында отырған әйел ақырын сыбырлай қойған.
Бұдан кейін төрт адам сөйледі, олардың мақамы да әлгі ұранды асқақ лебізден алыс кете қоймады, бәрі әлемді жалаң аяқ кезіп кетіп, Франция мен Англияға шаршап-шалдығып оралғанда, бағы жанып жүре берді, дүниені алақандарында ұзақ ұстап тұрып, дастарқанының үстіне домалата салады да, герцогиня мен лордтың ауылына ат басын тірейді. Олардың Париж бен Лондонға, Мадрид пен Берлинге кең тараған даңқының түңілігі ұзақ желпілдеп, қоғамды бұйдалап алып алға жетелеген ақсүйектер әулетінің тарих төріндегі балталасаң өшпейтін, тәңірдің өзі отырғызған орыны мен сіңірген еңбегі ұшан-теңіз деректермен дәріптеледі. Лордтың көсемдігін, тапқырлығы мен біліктілігін дәл айтып беруге лайық ерекше сөз бен теңеу екі тілден де табылмай сарсаңға салады. Сол сызылған сырбаз дәріптеулерден мезі болып, бұрынғы той-домалақтарда ие бермей жамырайтын Париждің өсек-аяңын, қала гарнизонының бастығы мен герцог Бретаньнің әйелі сыбыр-күбірге кірісіп еді, күйеулері қабақпен қақпақылдап тыйып тастады.
Содан соң аз уақыт үнсіздік жайлады, фабрикант досы әркімге бір қарап астынан су шыққандай болып отыр. Күні бойы іште сақтаған әңгіменің тірілетін кезі енді жеткен сияқты, түрме бастығы дүрс-дүрс соғып өрекпіген жүрегін сабасына түсіруге тырысып, жайлап сөз бастады.
- Мырзалар, мен сіздерге бір қызық оқиға айтып берейін, бұл өзі аңызға да ұқсас жайт, алайда шырылдаған шындық екендігін алдын-ала ескертіп қоймақпын, - деді дауысын барынша ашық, әрі салмақты етіп.
Кім болса да, біреу сөйлесе екен деп тыпыршыған үй иесі қуанып кетті, бұ дүниеде шақырған қонақтарыңның ауыздарына су толтырып алып, тымырайып отырғанынан қиын не бар. Жұрт та елеңдесіп жалт қараған.
Түрме бастығы иығын қомдап, көтеріліңкіреп отырды.
- Сіздердің қымбат уақыттарыңызды алмай, әрі құрметті герцогиня мен мәртебелі лордты зеріктірмей қысқартып айта отырып, бұл оқиғаның сирек кездесуге тиіс екендігіне, бұдан кейінгі күндерде қайталанбауы да мүмкіндігіне назар аударғым келеді, - деп елді ынтықтыра түсті.
Одан кейін қанына сіңген жорғалығына басып, үстінен су төгілмей, лықсып келген ойына сөзі сүрінбей желдей есіп жүре берді. Бара-бара айтқандары аңызға бергісіз ғажайып ертегіге айнала бастады, кей тұстарда өзі де таң қалып, кілең алыс-жұлысқа, айқай-ойбайға толы ырду-дырду оқиғаға қызына араласып кетті. Мылқау араб бірде асау сәйгүлікке мініп алып, қу далада жалғыз маңып бара жатады, бірде қайқы қара пышағын жалаңдатып топ адаммен жападан-жалғыз арпалысады, бірде аш арғымаққа бола шөп сатушыны буындырып жатады, енді бірде түрменің темір торлы терезесін быт-шыт қылып қашып кетеді, не керек, оның батпаған суы, күймеген оты қалмады.
Ел аузын ашып, ұйып тыңдаған, меймандар қоспасы көп болса да өздерінен тысқары тұрған етек басты өмірмен бетпе-бет келтірген әңгімені тосын жаңалықтай қабылдады, ылғи сірескен, сырдаң сұлу сөз, көлгірсіген көсем топшылаулар мен пікірлер бір-бірінің жүрегін май ішкендей кілкітсе де, мақұлдай тыңдап, ырықсыз құптап қажитын жұртты бірден баурап алды.
- Қандай бақытсыз адам! - деп күрсінді осындай жиын-тойлардың бір де біреуінен қалмайтын қартаң графиня.
- Мылқау араб өз ерік-жігерінің, көзі жеткен шындығының нағыз рыцары екен, - деп түйді фабрикант.
Столдың үстіндегі босаған шыны, ыдыс-аяқты алып кетіп, олардың орнына басқа тағам әкеліп, аяғынан тік тұрып сабылған күтуші әйелдің жанары жасаурады.
- Ондай қарақшысымақтардан ер жүрек жауынгер шығар еді, - деді Париж гарнизонының бастығы. - Әлі тағылықтан толық арылмаған шығыс халықтарында мұндай ашкөз жалаңтөстер жиі ұшырасады, олар борсық сияқты етіне таяқ өткен сайын семіре түседі, шетінен итжанды. Жартылай жабайылардың жер бетінен құрып кетпей, сақталып қалуы сол табиғи көнтерілігінен, егер Европадағы қазіргі қару-жарақ болмаса, тағы халықтардың қанталауына ұшырар еді, ешқандай да данышпандық пен көрегендік құтқарып қала алмас еді. Мырзалар, күн сипатты ұлы король Людвиг он бесіншінің жеңімпаз армиясы үшін тост көтеруге рұқсат етіңіздер.
Меймандар орындарынан дүрліге тұрып, бокалдың түбінен шырағданның жарығы көрінгенше қотара ішті.
- Ұлы жарылқаушымыз, король жасасын! - деп ұрандады қызып қалған граф Бретань.
- Жасасын! Жасасын! - деп жаңғырықты кең сарайдың іші. Мрамор еденге лақтырылған қымбат салдыр-гүлдір сынды, қонақтарды есірік жаулап алды, жанарлары жарқ-жұрқ еткен. Дастарқан рәсімі аяқталғанша корольді тәңірдің өзіне, ұлылардың ұлысына теңдесі жоқ, данышпанға теңеген көпірме дәріптеулер дауылды күнгі теңіздей сапырылысты.
Меймандар осы желөкпе екпінмен биге желпіне кірісіп кетіп еді, қартаң графиняның өзі ебедейсіз дөңгеленіп жүр. Салт-дәстүр бойынша герцогиняны алғашқы биге шақырған үй иесінің жүзі нарттай болып қызарып кеткен, май басқан ауыр денесін барынша жеңіл ұстауға тырысып әлекке түседі. Лорд гарнизон бастығының қуыршақтай сүйкімді, талдырмаш әйелін үйіре шыр айналдырып әсем билеп жүр.
Қонаққа жұбайын ертпей жалғыз келген түрме бастығы бұл жолы биге араласа алмады, граф Бретаньнің жұбайына бұрыла бергені сол еді, ол күйеуін қолтықтап сырт айналды. Жалғыз қалып, бидің аяқталуын сабырсыздықпен күтіп тұрған күйі лордтың әлгі әңгімеге назар аудара қоймағандығына қынжылды. Суыртпақтап сауал қойып, тілге келер деп үміттенген, ол болса естімеген адамдай, елдің атқұмар дегені әншейін дақпырт шығар.
Ақиқатқа жүгінсе, лордты қайдағы бір асау ат пен мылқаудың қызықтыруы мүмкін де емес қой, е, мейлі, бұл ағылшынсыз да күн көрген, онсыз да далада қалып жатқан жоқ. Осы ел оған кісінің жынын келтіріп соншама неге жалбақтайды? Францияға шетелдік төрелер емес, жат жерлік құл-құтандар керек.
Ырғақты әсем әуен толқындана тербетіліп баяулай берді, лорд сүйкімді әйелден айырылғысы келмегендей музыка әбден аяқталғанша биледі, аяғын нық әрі жеңіл тастап дөңгеленіп барды да, түрме бастығы тұрған тұсқа таяла тоқтады. Тізесін бүге еңкейіп әйелге тағзым етті, бойын қайыра тіктеген бетте герцогиняны іздеген, көзі манағы қызық әңгімені айтқан жігітке түсті.
- Сіз тәрізді жылқы түлігіне жақын жүретін адамдардың бірі боларсыз, - деді жанына келіп. - Оған қуаныштымын, кісінің қай тұрпаттағы жан екендігін, керек десеңіз, дүниетанымын да табиғаттың бізге тартқан ерекше сыйы - жануарларға қалай қарайтындығы арқылы біле алар едіңіз. Жасырмаймын, әңгімеңіз мені қатты тебірентті, толқып отырып мынаны ұққан тәріздімін: ол асау ат, тегінде, мылқау араб қана білетін айрықша қасиеті бар хайуан болуы керек. Кешірерсіз, мен хайуан деген сөзді орынсыз келтірдім ғой деймін, асылы жүйрік атқа мұндай салқын теңеуді лайықсыз көремін. Онымен мына сіз бен біз секілді тілдесіп, құрметтей білген жөн, лайығы сол. Менің бұл пікіріме қарсы емес шығарсыз.
Түрме бастығы асыға-үсіге қостады.
- О не дегеніңіз, менің де байлам-түсінігім тап сіз айтқандай, үстінен дөп түстіңіз. Қайран жүйрік, жігіттің бағы да, қуанышы мен арманы да ғой.
- Міне, бұл нағыз серінің жүрегінен ғана шығатын сөз, - деп қуаттады лорд. - Англия дүние жүзінің көп жерін жаулап алса, сарбаздардың сенімді серігі, қанаты бола білген сәйгүліктерге де қарыздар.
Лорд сырттай тұйық көрінгенмен, сөзшең екен, әрі жылқыға байланысты өте көп білетін болып шықты. Түрме бастығы ара-тұра қостап қойып зерікпей тыңдады, ол ағылшын, француз, американ елдеріндегі жылқы атаулының ата тегін алақанында тұрғандай таратты, шын жүйрік Орта Азия мен Африка континентінде екендігін айтқанда, қолға түспей қойғандығына қынжылды. Жазы ыстық, даласы қуаң жерлерде шым болаттай шыңдалған жылқыны ауа райы жұмсақ, көгорай шалғынды Англияда өскен желіске мықты, сүйекті арғымақтарға будандастырса, хас тұлпардың дүниеге келетіндігіне құлай сендірді.
- Бұл әзірге менің қиялымдағы шындық, бірақ түбінде жүзеге асырылатын ақиқатым, - деген сөзін аяқтай келіп: - Ал енді сізге бір орынсыздау өтініш айтсам, ғафу етерсіз. Қолдан келмейтін шаруа болса, меселімді қайтарсаңыз да ренжімеймін.
- Айтыңыз, қызметіңізге әзірмін, - деп ілтипат білдірді түрме бастығы. - Ұлы елден келген мәртебелі меймандарға біздер, француздар, қонақжайлылық көрсете алмасақ, сүйекке таңба емес пе?
Лорд ризашылықпен жымиды.
- Мен өзіңіз суреттеп берген асауды сатып алсам ба деп едім. Бұл шешімім, бәлкім, сізге ерсілеу де көрінер, бірақ амал не, қанға сіңген атқұмарлық еркімнен тыс меңдеп әкетті. Оның бетін қайтара алмайтындығыма көзім әбден жеткен соң, лажсыз өтініп тұрмын. Тек жазғыра көрмеңіз, таныспай жатып қолқа салғаным үшін тағы да кешірім сұраймын.
“Қызға құда түсе келгендей сызылуын, - деді түрме бастығы іштей, - ақсүйек атаулының қанына сіңген мысық тілеу әдептілігіңнің арты қайырлы болғай, әйтеуір”.
Ұры ойын жинап алысымен, атақты ағылшынның өзіне қолқа салғанына марқайды. Құдай берді деген осы.
***
Агба шым-шытырық түс көрді.
Жағалау жақтан өскен желге желкенін жайып жіберген үлкен кеме шеті де, шегі де жоқ көк жасыл айдынның өрінде қалт-құлт етіп келеді. Көз талар қиянында аспанмен жымдаса астасқан ұшан-теңіз мұхиттың осы уақытқа дейін жағалауын обырлана жалмап алып, қара жерге аранын аша тап бермей, өз кеңістігінен қанағат тапқанына сену қиын, ыңырана, күңірене тулаған нар толқындар кеменің өкпе тұсынан көкбеттене ұмтылып, гүрс-гүрс соққылайды. Буырқана долданып келіп арқырай киліккенде, кеме тақымыңның астындағы асау жылқыдай бұлтақтап, әне-міне түсіріп кететін секілді шошындырады, ық жағына жантая ауып, сықыр-сықыр шытынайды. Ұлы мұхит қара жерге сыйыса алмаған пенденің тойымсыз ындынынан түңіле тулап, жағалауға түре қуып тастағанша асығатын тәрізді, ызбарлана аударылып-төңкеріледі, шыңырау тұңғиығына тұншықтыра тартып әкететін сұсты қабақпен үрейлендіріп бұрқ-сарқ қайнайды. Лек-лек болып аңдыздаған көк ала толқындардың түбінде дегеніне жетпей тынатын түрі жоқ, бірін-бірі өкшелей қуып келіп толассыз шабуылдайды, кеменің кемерінен асып төгіліп, құрбандығын ашқарақтана іздейді.
Ала бұлт аспан дамылсыз аунақшып-дөңбекшіген адуын мұхитпен бірге шайқалып, тас төбеден түңілдіре төнген, алыс шеті бұлыңғыр тартқан, ұлан-ғайыр шалқардың көз еміс-еміс жетер тұсы да күңгірт, сес көрсете түнеріп алыпты, тал түстегі күннің сәулесі төсіне жетпей зым-зия жоғалып жатыр. Артта қалған жағалаудан қара танытарлық еш белгі жоқ, жолаушыларды қатерлі сапарға күдікпен шығарып салып, күйігін көрмеуге тырысқандай із-түзсіз ғайып болған.
Түпсіз мұхит жел жөңкілген жаққа қарай сарқырай көшіп бара жатқандай, қараған жанарды арбап, басты айналдырады, терең иірімдер дөңгелене үйіріліп, толқын көміп кеткенше қылқ-қылқ жұтынып тұрып алады. Айдын аумағымен қопарыла күрт төмендеп, қайтадан жиырыла жазылғанда, буырқанған шалқар жаныңнан бездіреді. Ара-тұра естілген, аһылап-үһілеп күңіренген үн күшейе келе булығып, буына ыңыранды. Мұхиттың меңіреу қойнауында бұлқынған теңіз жалмауызы дәл төбесінде тұрған жемтігі тырнағына ілінбей тұлан тұтып, тас-талқан тулап-тулап алып күркірей күйінетін тәрізді. Әлгі бір әзірде кемеге ұшып келген ақ шағала құты қаша шаңқылдап, қанатының қағысынан жаңылды, қонақтар жері жоқ байғұс құс топшысы талған болар, тулаған толқындардың үстінде үрейлене сұңқылдайды.
- Бері қарай ұш. Кемеге жет, - деп айғайлады Агба.
Бірақ дауысын мұхиттың азынаған сарыны жұтып әкетті, өзіне де естірткен жоқ, жалғыз құс оқ тигендей жалпылдап суға құлап барады, сол сәтте жылан толқын жиырыла атылып қағып түсті. Агба дір ете қалды. Желкеннің жуан бағанына әлгінде өзі байланған Шам шұрқырап қоя берді, жалт қарағанда, шылбырын үзіп кетіп, кеменің тұмсығына қарай шауып бара жатқанын көрді. Сәйгүлік сахараның құмдақ жазығында ұлы бәйгеге қосылғандай жүйткиді, көзді ашып-жұмғанша кеменің жақтауынан көк жасыл мұхитқа бір-ақ қарғыды.
Агба не істеп, не қойғанын білген жоқ. “Шам”, - деп жан ұшыра айғайлап, үрейлі тұңғиыққа шаншыла сүңгілген. Сәйгүлік түпсіз тереңнен тұншыға кісінейді. 
- Шам! Арғымағым менің! Қайдасың? - деп қыстыға айғайлады. - Қайдасың, Шам?
Одан кейін…
Одан кейін оянып кеткеніне, әлгі сұмдық оқиғаның бәрі түс екендігіне қуанды.
Мана ат қораның айналасын сыпырып болған соң, есік алдындағы бір шоқ талдың көлеңкесіне келіп қисайған-ды, ұйықтап кеткен екен. Ана жолы жаңа қожайынымен бірге кемемен жүзіп өткен мұхиттың түсіне енгеніне таңданған жоқ, ол сапарда бұлар қиындық көрмегенімен, қашан жағалауға жеткенше бойынан үрей тарқамай қойғаны рас-ты. Шалқар мұхит баяу толқынданып жатып та үркіте алады екен, өріндегі әрбір өзгеріске жасқана қараумен болып еді, дүниені топан су қаптап кеткендей серги алмай қойған.
Басын көтеріп түзеліп отырды, Шамды ағаш дайындаушыдан сатып алған ағылшын қожайынының өзіне жасаған жақсылығын ойлап, оған тәңірден шарапат тіледі. Бұл үшін жер бетінде одан мейірімді адам болмақ емес. Сәйгүлікті қолына түсірген соң мұны ескерусіз тастап жүре берсе не істер еді, ал ол ұмыт қалдырмай, түрмеден босатты. Содан кейінгі кезде де жәбір көрсеткен жері болған жоқ, көзінің қырын салуға арланбай, мұнтаздай етіп киіндірді, тіпті түнемелік баспана да тауып берді.
Мейірімді қожайынның терісі кең ғой, Шам оның айтқанынан қайтпайтын бірбеткей інісін алып қашып, ай далада жығып кеткен күнгі дүрбелеңнен кейін де бұған кейіген жоқ, сәйгүлікті өзі күтіп-баптап жүрді. Жүйрік қоңданып, жал біткен соң бір мезгіл ерттеп мініп, жаңа жердің шалғынды жазығын еркін аралайтын. Агба тумысында мұндай шұрайлы өлкені көрмеген болар, кең жазық сыңсыған шүйгін, биік өскен бітік шөп аттың бауырынан келеді, сылдырап ағып жатқан тайыз өзектердің өңірі гүлге оранған, жұпар иісі өткен-кеткен қиындықтарыңды біртіндеп ұмыттырып, көкейіңде күмбір-күмбір күй өреді, ұлан жазықтың кең бітіміне жарасымды асқақ ән тауып, маңайды жаңғырықтыра шырқай бергің келеді.
Ен өңірдің сәл биіктеп, жайдақ белге ұласар тұстарынан ойдым-ойдым тал көзге түседі, әдетте солардың ішінен басталатын суы тастай мөлдір бұлақтарға ат басын бұрмай тұра алмайсың, соқпай кетсең күнә болар еді, өкінер ең. Оларға таялғанда Шам да желпініп, еспе аяңға көшеді, сол кезде бұл ерден қарғып түсіп, сәйгүлікті еркіне жіберетін. Ат салып ұрып бұлаққа барады да, кәусар суды бүйірі шыққанша сіміреді, жағасындағы көк өрім құрақты бырт-бырт жұлып, қайтатын уақыт жеткенше жерден бас алмай жайылады. Бұлақ етектегі шүйгінді жазықты аралап барып өзекке жетіп жығылғанша, сылдыр-сылдыр сыр шертумен болады. Төңірегінде ұшып-қонған сан алуан құстардың әні айналаға тамылжи таралып, төбеңде төңкерілген ашық аспанда жүздеген күміс қоңырау самал желмен сыңғыр-сыңғыр тербеледі. Еріксіз көкке қарайсың. Жанарың жазғы күннің өткір сәулесіне шағылысып, көз алдыңда түрлі-түсті ұшқын жалқындайды.
Агба кейде-кейде ойдым-ойдым тұлпардан да әрі барып жүрді, Шамды сар желдіріп, сүйір шоқының төбесіне көтерілсе, бар маңай алақанға салғандай айқын көрінеді. Алыстан доғал жоталары жайылып жүрген алып, тағы өгіздерге ұқсас биік тау қол бұлғайды, оған дейінгі аралықты біресе қазан шұңқырлана ылдилап, біресе қайқаң етіп қайта көтеріліп толқындаған көгорай алқап алып жатыр. Оң қол жақ беттен жағасы жайдақ, ені тай шаптырымға жуық дөңгелене қалған айна көл жалтырайды, соның арғы жақ кемерінен аппақ еңселі сарай бой көтерген, шалғайдан қарағанда айдында баяу жүзіп бара жатқан желкенді кемеге ұқсайды. Ол мұның естуінше, мейірімді қожайынның мекен-жайы, талай ғасырдан бері тұрған көне қамал. Кейін қайта салынған деседі, бұл маңда онымен бақ таластырып, сәулетін асыратын терезесі тең ғимарат болмаса керек. 
Сол қол жақ қапталда мұнаралары көк тіреген үлкен шаһар мен мұндалайды, оны көргенде Агбаның жүрегі дір ете қалды, француз еліндегі қалада өткен қияпат күндері жадында ұлардай шулап, ай даланы азан-қазан етеді, шалғынды, айна көлді, ойдым-ойдым тоғайлы өңірдің құты қашқандай болады. Тал түстегі сағым іргесін шайқалтып, бірде ауаға қопарыла көтеріліп, бірде теңселіп барып түзелген шаһар қара жердің қыр омыртқасын күтір-күтір үзіп, өзіне қарай жылжып келе жатқандай шошындырады.
Шам ауыздығын қарш-қарш шайнап, төмендегі жазықпен жарыса жүйткіп жөнелмек болады, тізгінді сүзе тартып, сабырсыз тыпыршиды, бір орында дөңгелене шыр айналып, Агбаның тағатын таусып бітеді. Тақымды қысып қалып, тып-тыныш даланың төсін сәйгүліктің тұяқ дүбірімен жаңғырықтырғысы келеді, ұлан өңірді кесіп өтіп, алыстағы биік таудың өгіз жонды жотасынан қарғып өте шығуға барымен ынтығады. Одан да әріге құлаш ұрып, қияндағы кемерге іліксе, ен жазықпен жігі білінбей астасқан даңғыл аспанға құлдырай өрлеп, заңғар көктің күмбезін дүңгірлете биіктеп жүре берер, сол биіктен бұйра-бұйра ыстық құмы толқынданған сахарасы қара танытар.
Бірақ ат қолтығы терлемеуі керек, бұларға қатаң ұғындырылған заң осы, ол қағида бұзылса, қайтып Шамның қарасын көру-көрмеуі екіталай. Жүйріктердің ащы тері жирен сақал шабдар шал мен тыриған арық сарының көз алдында ғана алынады, мұны шабандоз атаулы құран сөзіндей жаттап алған. Агбаның осындай бақытты шақтары күздің жазға бергісіз тамылжыған күндеріндей созыла берді.
Бір күні Шам бәйгеге қосылатын болды, шабандоз мұның өзі, енді ше, ерен жүйрік арғымақ одан басқа тірі пендені ерге отырғызбайды ғой.
Сәйгүлік арнайы жаратылмаса да киіктің лағындай ойнап тұрған, әрі кетсе он шақырымнан аспайтын ат жарыс күндік жерге шапқанда түгі жығылмайтын Шамға бұйым болып па?
Тек тұлпардың жолдасы қыдыр болғай...
Тәк бәйге жолында сүріндіре көрмегей...
Шалғайда сынға түскен арғымағын қасиетті туған топырағының аруағы желеп-жебегей... 
Бәйге ертең болады деген түні Агба көз ілмей, іштей күбірлеумен болды, көкірегінде бір ғана тілек, оқыған дұға-аяты таусыла келіп, соның әуенімен өз жүрегінің лүпіліне ұласып, жалғаса берді. Түрмедегі ауыр күндерде тапқан, қанға шым-шым сіңген әдетімен ескі мақамға салып алып, ұзын-сонар ойлардың ұршығын иіреді де отырады.
Кіндік қан тамған, топырақ,
Төсіңде өнген төліңді 
Өгейсімес болсайшы, 
Алыста қалған ұлыңды. 
Желеп-жебер болсайшы, 
Сахарадай шөліңді, 
Көріп барып өлер күн, 
Тезірек туар болсайшы. 
Тұлпардың тауын шаққан күн, 
Тағзым еттім табына 
Қасарыспай батсайшы, 
Шам сынды қайран сәйгүлік 
Арқырап келіп бәйгеден 
Ағыл да тегіл көз жасы 
Жүзімді жуып жатсайшы, 
Жүзімді жуып жатсайшы...
Ертеңіне жирен сақал шабдар шал бастаған бес шабандоз күн көтеріле атқа қонып, қозы өрісіндей жердегі шаһарға келді. Бәйге қаланың шет жағындағы ашық далада өтеді екен, сайыс басталардан едәуір бұрын жеткен бұлар сәйгүліктерін тынықтырып, жарыс жолының әрбір бұрылыс-мүйісіне көз қанықтырып біраз жүріп қалды. Шабдар шал Шамнан үміт күте қоймайтын сияқты, көбіне басқа жүйріктердің маңынан табылып, Агбаға таялмай кетті, бұл қылығын көңіліне алып жатқан араб жоқ, оның басыбайлы малайдан артықшылығы шамалы бола тұрса да, қайдағы бір төменгі нәсіл, тағы арабпен тілдесуге арланатынын қайдан білсін, түс қайта үшеу-төртеу болып келе бастаған аттарды көріп, бәйгеге қосылатынын сезе тықыршыған арғымағын тыныштандырумен жүр. Шам талай айдан бері ат шабысқа қосылмай келгенде, ырду-дырду егеске түсетін күнді тұлпар аңсаумен сағынған секілді ерекше құлпырып кетті, қос жанары шырақтай жанып, тал бойын дүлей күш-қуат кернеп бара жатқандай қолды-аяққа тұрмайды, маңайына таялған жүйріктерге жақтырмай, қиястана қарап, тап-тап бермек болады. Бәйге жолын жеке-дара билеуге құлшынып, ат атаулыдан талағы тарс айырыла қызғанғандай ызалы. 
Агба басқа аттарға қараса, өрекпіген көңілі пәс тартады, кілең күпшек санды, сіңірлі, алымды сәйгүліктер сайдың тасындай екшеліп, көз сүріндіреді, ауыздықтарын қарш-қарш ша йнап, құтырына жер тарпып, шабандоздарды ала-ала қашқанда, садақтың оғындай суырыла жөнеледі, көктен түскен пырақ па дейсің. Әсіресе жасы өзі шамалас, жағы суалған арық шабандоздың астындағы тұрқы есік пен төрдей көктің аяқ алысы ерекше, жануар ерен шабыстың ғана емес, егесті намыстың да жүйрігі болуы керек, құлағын жымып алып ұрынарға қара таппай жүр. Дәл қазір басын бос қоя берсе, тау-тас демей арындай ұмтыла жөнелуге дайын, әредік аспанға шапшып, арқырап-арқырап алады.
Агба мұнда танабы жер қуырған өңшең арғымақтың жиналғандығына шүбә келтірген жоқ, олар жігерін жасыта да қоймады, көңіліне бәйге аралығының хас жүйрік үшін күрмеуге келмейтін жіптей қысқалығы күдік ұялатады, бар-жоғы он екі шақырым. Ондай таяқ тастам қашықтықта Шамның алқымы да жіпсімейді, бауыры еркін жазылып, топ аттан суырыла шығып шырқап кететін шын шабысын таба алмай торығады. Сондықтан бір амалын тауып, сәйгүліктің бәйгеге қолтығын сөгіп барып қосу керек.
Шабдар шалдың өзін көзіне ілмей қойғанын пайдаланып, атын жетектеп ұзай берді, елден сыртқары шыққан соң ерге қарғып мініп жосылта жөнелді, қара топырақты, шүйгінді даланың төсін сәйгүліктің төрт тұяғына дүбірлете қасытып шығандап кетті де, кері қарай салды. Осылай екі рет қайталағанда Шам алапат шабысын енді-енді таба бастап еді, бәйге алаңына құстай ұшып жетті.
Кешікпей кілең жүйріктер қаз-қатар тізіліп, шабандоздар ат айдаушының қолындағы бір тұтам кішкентай мылтықтың атылуын демдерін ішіне тарта күтіп тұрды. Тапанша кенет тарс ете қалған, сәйгүліктер бәйгеге қосқан иелерінің үмітін арқаланып, бірін-бірі киіп-жара алға лап қойды. Теп-тегіс етіліп сыпырылған, аздап су себілген тақтайдай жерге ондаған тұяқ дүрс-дүрс тигенде, сабаудың астындағы тері тулақтай тасыр-тұсыр дүрлігіп жүре берді, алға шығып үлгерген аттардың тозаңы бұйраланып өріліп жатыр, айналадағы ел азан-қазан. Аспанның жолы тасыған судай ағып келіп, аттың алқымына зу-зу құйылады, маңайдың бәрі жойқын көшкінге айналған.
Сәйгүліктер алғашқы үш-төрт шақырымды алқымдағанда, Агба аттардың көбі дыз еткен ұшқыр екенін аңғарды, бір-бірімен құйрық тістесіп жұптарын жазбай келеді, оң жақ шетті ала шапқан Шам біраз жерге дейін топтан суырылып шыға алмады, тек орта жолға іліккен шақта алға оза берген манағы көк арғымақтың соңынан өршелене ұмтылып, ежелгі құйын-перен екпінін тапқан.
Агбаға көп аттың алапат екпінімен соққан айдау жел Шамның бауырына кіріп алып көтере жөнелгендей көрінді, сәйгүлік қара жердің бетінде ауаны қақ жарып ұшып келеді. Көкірегіне ып-ыстық жас құйылды, озам деген үмітіне қанат байланып, арғымақпен қатарласа қалықтап, мәреге қарай бірге заулап келеді, алып қашпа желік пен арнасын кернеп бара жатқан қуаныш ет жүректі қақ айырмаса жарар.
- Құлдығың болайын, арғымақ,
Арқырап озып бәйгеден
Ағыл да тегіл көз жасым,
Жүзімді жуып жатсайшы,
Жүзімді жуып жатсайшы…
Көкірегі күмбірге толды, қыз-қыз қайнаған желік жер-көкке сыйғызбай барады.
Көк ат кейіндей беріп қайтадан құйрық тістесті, бәйге өрінде екі сәйгүліктің өліспей беріспес теке тіресі басталды, шарт сынбаса қатер-ді.
Биік көк бүктетіле, бүгіле шапты, міне, үзеңгі қағысты, міне, озып та барады, қол созым жерден тостағандай төрт тұяқ қара топырақты бұрқ-бұрқ лақтырады.
- Тригер! Тригер! - деп шулады ел.
Сәйгүлік көкті солай атайтын шығар, ол енді құйрық бойы алда, ал мәреге көп болса екі-үш шақырым ғана жер қалған.
Агба Шамға еркінен тыс қамшы басты.
Артық туған арғымақтың сауыры дызылдап қоя берді, иесі неге асығады, аттардың шаба жөнелгені жаңа ғана емес пе, бар күшін қазір сарқып алса, алдағы ұзақ жолда шаң қабады ғой. Жоқ, қызбалықтың керегі жоқ, бұл онсыз да алдыңғы лекте келеді, осылай бір сарын сыдыртып отырған дұрыс.
Удай ащы қамшы тағы да тіліп өтті, мұнысы несі, иесі талайдан бері бәйге төрін көрмей, жан беріп, жан алатын егестің жөн-жосығын ұмытқан ба? Шамның қаны басына шапты, ауыздығын күтір-күтір шайнап, алдындағы атқа өшіге қарады. Тыраң-тыраң етіп қайда барады, тұяғының астынан ұшқан түйір-түйір топырақ бетіне тиіп, жынын келтірді. Тоқтай тұр, енді біраз сілкілескен соң сіңірің созылып, тезегімді теріп қаларсың.
Ал мәре тіпті жақын қалды, Агба торға түскен жыртқыштай аласұрды, қамшыны құлаштай сілтеп, көміп-көміп жіберіп, тістене жұлынды. Ұрандап аруақ шақыруға тіл жоқ, Шамның құйқасын шымырлата айғайлап, маңайын дүрліктірсе, артық туған арғымақ түлеп сала берер еді, бар қыжыл-ызасы көкірегінде ғана бұрқ-сарқ қайнады.
Соңғы тиген соққы тым өткір еді, Шам иесінің тектен-тек ашынбағанын ұқты, тарпаң-тарпаң шапқан көктің соңынан жемін көрген барыстай жиырыла атылды. Қас қағым сәтте қапталдасып, үстіндегі шабандоз мұны қамшымен жасқап үлгергенше алдына да түсті, манадан бері озық келе жатқан көктің жанары қанталап шыға келді. Бақталасқан, өлердей өшіккен кекті жанар, намысты қолдан беріп алған долы жүректің қадалған жерін шоқтай күйдірген ызалы жанары.
Агба әлгіден бері іш құса қылған күйіктен толық айықпай жатып, ат үстінде ағыл да тегіл аңырады. Артық туған арғымақ екі аттаса, көзден бал-бұл ұша жаздаған ерен ғайып бақыттың жұмақ әлеміне қойып кетер.
Сауырына қамшы батса,
Кешірші.
Жылан қамшы шағып алса,
Кешірші.
Айналайын арғымақ,
Танабың жерді қуырып,
Күншілдің жанын суырып,
Мәреге дара жеткенде,
Сүйінші сұрар жан болса,
Жүректі үзіп берейін,
Жүректі үзіп берейін…
Шам мәреге дейін қалған жарты шақырымға толар-толмас жерге Агба есін жиып үлгергенше жетті, иесі тізгінді бос қоя беріп ер үстінде көкке қолын жаяды, еңкейе құлап мойнынан құшақтайды, желбіреген жалына бетін басып солқ-солқ етеді, шауып келе жатқан бетте қамшысын қақ бөліп аспандата лақтырды. Арғымақ бәйге төрі өзінікі екенін ұқты, мұндай құлын ойнап өтетін, адымың еркін жазылмайтын да жарыс болады екен ғой, иесінің әлгінде шыбын-шіркейі шығып неге тызылдағанын енді ғана түсінді, биік көк мұның емес, бұл оның тезегін тере жаздаған екен.
Сәйгүлік деген даңқына бұл жолы да дақ түспеген Шам тізгін тартылмай қойған соң біраз жерге еркін сілтеген, топ жүйріктен озған аруақты сәттің желігімен жал-құйрығын салқын самалға таратып, тағы да егесті шабыс тілеген, артынан шыққан қиқу одан сайын құтыртып, қанаттанып алып еді, алдынан жалтырап көрінген, салынды иісі шыққан өзенге қарай құлдырады. Алдымен жеңіл күймеге одан кейін зілдей сықырлауық арбаға жегіліп сағы сынған, жазықсыздан-жазықсыз жонына қамшы үйірілген, бір түп көде аш қарынның күндіз-түнгі арманы болып тілін тістеткен, аламан ат шабыс көзден бал-бұл ұшқан қиямет күндердің әлі де жадынан кетпейтін тауқыметін артқа тастап, қара танытпай кету үшін де барын сала құйғытты. Бәйге дала біржола күдер үзгізе жаздап, өткендегі қиқулы шақтарын түсінде де сағынған, келмеске кеткен сол тамұқ кездің елесі де қалмауын еліте тіледі, еске түссе көкірегін сырқырай сыздататын қорлық-зомбылыққа егесе, өршелене жүйткіді. Қарсы соққан екпінді жел жанарынан жас ағызып, көз алды қараң-құраң бұлдырайды, аспанның асты аузымен құс тістеген сәйгүліктің тұяқ дүбіріне толып, дүңгір-дүңгір жаңғырығады. Енді бұған өзенің де бөгет емес, қарғып өте шығар, тұяғы да су иіскемес. Тізгін қиыс тартылғаны несі? Қиғаш бұрыла берді, қарсы шапқан үш-төрт аттың жанынан екпінімен құйын үйіре өте шықты, алдында жаңағы бәйге жолы теп-тегіс болып жазылып жатыр.
Аспан да, жер де у-шу, арғымақ елдің өзін дәріптеп, көкке көтеріп жатқанын сезді, көптің көзін арбай түскісі келіп, аяғын билеп басты, жаңа ғана өзін тақыр жерге отырғызып кете жаздаған биік көкті көргенде, одан әрі құлпырды. Иесінің ырқына көнбей, оны әдейі жанамалай жүрді, қатарласа беріп жүрісінен жаңыла жаздады. Аршынды, шоқтықты жүйріктің түгі жығылып, жанарынан нұр тайыпты, астыңғы ерні салбырап, жүнжіп тұр. Намысқой сәйгүлік мәреге бұрын жете алмай, күйіктен өртене жаздағанда, өзіне де, бұған да кектеніп, бойынан жігер атаулы қопарыла көшкен, құр сүлдері қалған.
Айнала у-шу, қаптаған жұрт озған жүйрікті қолпаштайды, шаң жұтып қалғанның онсыз да күпті жүрегін жаралай береді, қашан да осылай, бүгін шашбауыңды көтерсе, ертең талай бәйгеде айызын қандырғаныңды оп-оңай ұмытып, табалаудан тайынбайды. Тек есе жібере көрме, бағы тайған жүйріктен жабы артық. 
Агба жирен сақал шабдар шал тұрған жерге келіп тоқтады, аттан түсісімен серіктес шабандоздар жеңісімен жапа-тармағай құттықтап, қоршай кетті. Жан-жақтан қараған жанарларда қызғаныш табы жоқ. Шабдар шал ғана состиып тұр, бір кезде қарсы жүрді де, Шамның мойнынан сипап, иесіне көз салмастан өте шықты. Агба оның бұл қылығын елей қоймаған, артық жаратылған арғымақтың алдында басын исе, тұлпар туған топыраққа да ізет еткені. Жат жерде өткен сұрқай күндерден соң бәйге өрінде намысын тұяқтыға таптатуға хақысы жоқ. Шам мәреге жеке-дара суырылып келген сайын мәртебесі арта берер, кекжиген кесірлі бастар мен көріктей ісінген кеуделердің алдында сағы сынбас. Бүгін Агбаның бағын жандырып, арғымақ қайта туған күн.
Шабдар шал сонадай жерде тұрған мырзаларға қарай кетіп барады. Олардың арасынан қожайынды көріп қалды, жанындағы сұңғақ бойлы адамға шүйлігіп алған, дауысы қатты шығады. Екеуінің арасында қызу дау бар секілді, шабандоздар да сол тұсқа беттеді, Агба соңдарынан ілесті.
Таяу келгені сол-ақ екен, мырзалардың көзі жетегіндегі Шамға қадала кетті. Діндар араб арғымаққа олардың сұғы өтер ме екен деп қорықса да тұра берді.
Сұңғақ бойлы мырза жанындағыларға сөзін мақұлдата сөйлеп, аттың жанына жетіп келді, дауысы ащы, шаңқ-шаңқ етеді.
- Міне, қараңдар! Бәрің де көріңдер, ат таныған адамға айдан анық ақиқат. Енді не дау айтар екенсіңдер.
Бұрқылдап-бұрқылдап алып, Шамның тұла бойын тінтті, тұяғынан бастап шоқтығына, мойнынан сауырына дейін қарыстап өлшеп жатыр.
Агба түк түсінбей аң-таң.
Сұңғақ ағылшын енді тізгінге тап берді, қолынан жұлып алып Шамды қожайынның алдына жетектеп апарды да, бұрынғысынан бетер шаңқылдады.
- Мынауыңның тұрқы таза қанды ағылшын жылқысынан екі қарыс қысқа, мойны сәл ұзын. Ал сирағына қарашы, жіп-жіңішке қу таяқ дерсің, сауыры, алқымы етсіз. Барлық бітім-тұлғасы мен мустангымын деп айғайлап тұр.
Қожайын Шамға бажайлап қарап, дауласа жөнелді.
- Тіпті ауа жайылып кеттің, қайдағы мустангының құлағын шулатып тұрсың. Бұл Франциядан келген ат, Европаның өз төлі, жылқының тегін танымайды екенсің, буынсыз жерге пышақ салма.
- Қайдан келіп, қайдан алынғаныңда жұмысым жоқ, ал индеецтердің жабайы мустангысы екендігіне құдай куә. Ондай атты таза қанды ағылшын сәйгүліктері ғана қосылатын бәйгеге алып келу, кешірерсіз, көз бояушылық, қымбатты лорд.
- Сен, құрметтім, әдептен асып барасың, сөзіңе есеп бере сөйле. Мустангыны түсіңде де көрмеген боларсың, ендеше, қалай айырмақсың?
- Неге көрмеймін, ұлы мәртебелі королева Елизавета анамыздың ұлан-ғайыр шалғындықтарының бірінде мустангының тура бір үйірі жайылып жүр.
Лорд аппақ қол орамалын алып бетін бипаздап сүртті, Шамға, сұңғақ мырзаға кезек қарайды.
Агба түкке түсінбей дел-сал, даудың тұтануына сәйгүлігі себепкер сияқты, тағы да қандай қырсық айналдырғалы тұрғанын кім білсін.
Осы кезде көзі шүңірейген аппақ құдай шал атты айналдыра қарап, біраз шұқшиды. Басын шайқап, таңдайын қағады, алысырақ барып еңкейе үңіледі, көзіндегі шынысын бір алып, бір киеді. Елдің бәрі соның қимыл-қарекетін аңдып, тым-тырыс бола қалған.
- Мырзалар, қымбатты лорд пен герцог, мені бәрің жақсы білесің, әлдекімнің көңілі үшін көлгірси сөйлеу, жалған айту маған жатқылық. Ал Лондонда жылқы жайын менен артық таратып беретін адам және жоқ.
Жұрт әлі тым-тырыс.
- Ендеше, айтқанымды ақиқат деп қабылдап, екі жақ та тәк тұратын болсын.
Лорд та, герцог та басын изеді. Ол королева мен атақты әскер қолбасыларының қолына талай сәйгүліктердің түсуіне себепкер болған сұңғыла еді, соның жөн сілтеуімен Англия әлемнің біраз жерінен жиналған үйір-үйір арғымақтардың мекеніне айналған. Қарт ақ сүйекке қарсы тұратын шама жоқ-ты.
Шал Шамның кекілін сипады.
- Мырзалар, бұл мустангы да, европалық жылқы да емес, арабтың шөл даласында өсіп-өнген тұлпардың нақ өзі. Әлемде сахарада жортқан жылқыдан жүйрік қылқұйрық табылмайды. Қолыңа дүлдүлдің тура өзі келіп түскен екен, құттықтаймын, лорд.
Годольфин сәл иіліп, қошемет көрсетті.
Шал сәйгүлікті тағы да асықпай сүзіп шықты.
- Ал енді бәйге мәселесіне көшейік, ұлы мәртебелі королеваның өзі берген жарлыққа сүйенсек, ат жарысқа ағылшынның таза қанды арғымақтары ғана қосылуы керек. Дүниенің тең жарымынан астамын билеп тұрған даңқты еліміздің сәйгүліктері де ерекше құрметте. Бүгін де, ертең де, ғасырлар бойы әлемде Ұлы Британияға қатысы бардың бәрі үстем болады. Жарылқаушы анамыз осыған дейін ойлап, өлшеп-пішіп берген. Мына жүйрік енді қайтып біздің көзімізді ерен шабысымен қуанта алмайды. Аянышты, әрине, бірақ заң солай. Қымбатты лорд, қынжыласың да көнесің осыған.
Ал бәйге қашан да озғандікі. Герцог, сен Тригердің сағын сындырған тұлпардың дүлдүлдігін сыйла, құрметті Годольфин, сен осындай сәйгүлікті бауырынан жарата білген ана шабандоздың бейнетін бағала, мен жүлдені соған қидым.
***
Агба жайлап көшіп бара жатқан көлеңкеге қарай ысырылып отырды, күн ыстық. Қарсы беттегі ат қораның төбесінде бір үйір көгершін қонақтапты, оларды күзетші көрсе мылтығын үсті-үстіне атып үркітер еді. Бұл маңайға сәйгүліктер мен адамдардан басқа тірі мақұлық жоламауға тиіс, жұқпалы індет таратса, арылуың қиын.
Жирен сақал шабдар шал қорадан арғымақ айғыр Гобгобленді жетектеп шықты, сірә, желдіртіп, қанын таратпақ болған ғой. Айғыр арқырап үйір іздеді, шалды омырауымен соғып жіберіп ата жөнелген. Ол тәлтіректеп барып, арғымақтың мойнына байланған арқанның ұшынан ұстап үлгерді, әлемді жалқыны тоқтата алмай, сүрініп-қабынып дедектеп барады. Табанын жерге тіреген болып еді, желік билеген Гобгоблен дырылдата сүйреді де, етпетінен түсті.
Агба көмекке барудың қажет екендігін жақсы білгенімен, орнынан қозғалған жоқ, өзін көрсе тыржиып жақтырмай өте шығатын кесірлі неменің пұшайман халіне алаңдай қоймады. Егер айғырдың алдынан жас жігіт Джек шыға келмегенде, шабдар шал арғымақтан айырылатын еді. Одан кейін құрыды дей бер, үйірсек Гобгоблен дуалдан бір-ақ қарғып, өріске тартып отырады, үйірді тауып алса, жын-ойнақтың көкесін сонда көресің. Айғырсымақ тай-құнан мен бие дегеннің не екенін ұмытқан аттарды тым-тырақай қуып, бездіріп жібереді, жеткенін қасқырша талап, тіпті мертіктіруден де тайынбайды. Көзі қанталап, осылай құтырынып алғанда, жылқышың оған бұйым емес, соңына түсіп қалмай қойса, әрі-беріден соң астындағы атына ауыз салады.
Гобгоблен, міне, осындай аты шулы адуын айғыр.
Бір рет қапылыста босанып кетіп, өріске арқырай шауып жөнелген, аттарына жапырласа мініп, тұра қуған шабандоздар шаңына да ілесе алмай қалды. Шам мен Агба ғана ұзатып барып жетті, бірақ бұғаудан зорға құтылған айғырдың бұларға көнетін түрі жоқ екен, қайыру бермей, ақыры жайылып жатқан жылқыға қырғидай тиді. Үйірді шоқтай иіріп алып, айнала шабады, жылқышы сығылыса бұлтақтаған топ биенің ортасында қалып қойды, үрейі ұшып, үсті-үстіне айғайлайды.
Агбаның қолында қамшы да жоқ болатын, ал құр қол қуғыншы Гобгоблен үшін жанды қуыршақ қана. Арқырап-арқырап алып, жирен байталды үйірден бөле қуды, адуын айғырдан зәресі қалмай қорыққан байғұс бұлталақтап жалтарып көруді де ұмытып, құба далаға безе жөнелген. Екі иығын жұлып жеген періге де керегі сол емес пе, соңынан жүйткіп барады, қуғыншы-қиқушыдан, жат көзден оңаша алысқа айдап барады.
Басынан қалпағы ұшып кеткен Агба соны тауып алып, Шамға қайта мінгенше айғыр мен байтал сағымға оранып көзден тасаланды, әйтеуір, жөнің осы ғой деп шаба берген. Біраздан кейін теп-тегіс жазық майда белдерге ұласып, толқындана бастады. Гобгоблен мен байтал ұшты-күйлі жоғалған, атты тоқтатып, тың тыңдап еді, тұяқ дүбірі де естілмеді, қай жонның астында қалғанын біліп көр.
Бірақ іздей беру керек, айғыр зым-зия болса, қожайын ызадан жарылып өледі. Гобгоблен ол үшін аса ардақты. Айғырдың қорасын әшекейлеп, көркемдеп баққаны соншалық, табалдырықтан аттасаң, бекзаданың сарайына кіріп келгендей еріксіз қалт тұра қаласың. Қабырғалардың бәрі сұрғылт мәрмәр таспен безендірілген, есік-терезенің өзінің құны бір қыздың жасауына жетерлік, қызыл ағаштан жасалған жақтаулардан неше түрлі жылтыраған тастарды, күміс, жез өрнектерді көресің. Жас шабандоз Джектің түсіндіруінше, есіктің алтын жалатқан тұтқасын сатып алу үшін бұл королеваның сарайындағы кенесшілердің бір жылғы жалақысындай ақша табуы керек.
Гобгоблен, міне, осындай қадірлі арғымақ.
Ал қазір ол Шам екеуін сарсаңға салып, көзге түспей қойды, екі-үш белден асқан соң дағдара бастады, құр сандалғаннан не өнеді, бірақ кері қайтудың де реті жоқ. Атын аяңға көшіріп, айналасына жалтақтап қарап жүре берді. Мұндай астындағы жылқының септігі тимесе, өзіңнен қайыр шамалы, ол қыр астындағыны сенен бұрын сезеді, тізгінді бос қоя берсе, бәлкім, айғырдың үстінен түсірер.
Айтқандай-ақ, Шам иесі ерік берген соң, оң жақ қапталда томпайған аласа төбеге қарай желе жөнелді, құлағын қайшылап, тура тартып келеді. Таялған кезде айғырдың оқырағаны анық естілді, Агба қуанып кетті. Әңгі айғыр байталды қашанға дейін қусын, көзден тасаланысымен-ақ тоқтаған ғой. Әне, өздері де көрінді.
Гобгоблен манағы пері қылығынан айығыпты, байталдың сауырына тұмсығын үйкелеп жайбарақат тұр. Жиреннің де одан қорқатын түрі байқалмайды, жорта жақтырмағансиды. Ойда жоқта состиып шыға келген аттылыны көргенде құлағын жымитты, жерге басын салып жайылып жүрген сыңай танытты.
- Әй, шатақ Гобгоблен-ай, ақыры дегеніңе жеткен екенсің ғой.
Агба екеуін орағытып келіп жылқы жаққа қарай айдады.
Осындай қияпаттығы бар айғырды Джек пен шабдар шал зорға тыныштындырған, қазір ол ерекше күтімде, біраздан бері бәйгеге де қосылған жоқ. Сұңғақ ағылшынның (қарғыс атсын оны, Шамның жолын кесіп, ат жарыстың маңына жуытпай қойған сол ғой) Тригерінің тауын шағып, мәреге ылғи бірінші келе берген жүйрікке басқа үміт артылған.
Таяуда қожайын ұшқырлығы бүкіл Англияға белгілі болған қулық Роксананы қыруар қаржыға сатып алды, иесінің бұл саудаға қалай тәуекел еткендігі белгісіз, сірә, ақшаның зәрулігі өтіп кеткен шығар, әйтпесе, ұшқырлығы сонша, өткен жылы ұлы мәртебелі королева қатысқан, кейін ел аузының суы құрып ұзақ уақыт айтып жүрген Гобгобленнің өзін артқа тастап, мәреге жұлдыздай ағып жетті. Сірә, таза қанды ағылшын жылқысынан әзірге мұндай тұлпар туа қоймаса керек. Джектің ұғындыруынша, ол атылған оқты да қуып жететін қанатты пырақтың не өзі, не соның о жақ, бұ жағындағы айрықша жаратылған арғымақ, басқа ештеңе де емес.
Роксана, шындығында да, жұтынып тұр, аздаған ғана бас асаулығы бар, онысы өз қадірін білгендігінің белгісі сияқты, жалынан еркелете сипасаң тез тыншиды. Денесінде артық ет жоқ, қазанат қалпын жоғалтпайды, ылғи билеп басып, ойнап тұрғаны. Аясы кең жанары мөлдіреп, жан-жағына қос құлағын үкідей тігіп қарағанда, жылқы емес періштені көргендей сүйсінесің.
Қожайынның есебінше, арғымақ Гобгоблен мен ерекше жүйрік Роксанадан кілең тұлпар туатын болады, арада бірер жыл өткенде оның жылқы заводының даңқы бүкіл әлемге жайылады, сәйгүліктің құлынын сатып алу әрбір қалталы мырзаның арманына айналды, Годольфиннің есімі дүниені шарлап кетеді.
Ал Шам әлдебір кесірлі үкімнің құрбандығына налып, осылай тасада қала бермек, алалағаны аздай-ақ, малға даралап таңба басқан елдің жүрегін жұмыр басты пендеге тән сезім емес, есірік желік пен көрсоқыр менмендік қана билейтін болар. Агба мұндай кесепатқа душар боламын деп ешқашан да ойламаған, әлі де сенер-сенбесін білмей, кейде өзін қоярға жер таппай дағдарады. Бар ермегі де, таянышы да шалғынды жазық дала, ойдым-ойдым бұйра тал, сыңғырлап аққан кәусар бұлақ, сонан кейін артық туған арғымақ Шам мен бұйра-бұйра құм белдері толқынданған сахараға арналған сағынышы.
Шабдар шал мен Гобгобленді тыныштандырып жатқанда қожайын көрінді, астындағы бурылды тайпалта жорғалатып күтпеген жерден жетіп келген. Айғырмен алысқан екеуге таяла тоқтап, ат үстінен сөйлесті.
Джек қораға қарай жүрді де, жолай Агбаны көріп, өзіне шақырды, “Атыңа мін, шаруа бар”, - дейді ымдап. 
Араб қораға кірді, оқыранып қарсы алған Шамға қалтасынан бір түйір қант алып берді.
- Шалғынды жазыққа асығып тұрсың ба, қазір оған да жетерміз, аздаған шаруа бар сияқты, соны бітірген соң боспыз.
Шамды ерттеген жоқ, жүгендемеді де, қайыс ноқтасының қысқа шылбырынан жетелеп, сыртқа шықты. Сәйгүлік бұған ауыздықсыз-ақ тәк тұрады, тіпті ерттеп жатудың да қажеті шамалы, күйлі аттың арқасы тақымға батпайды.
Қожайын мен шабдар шал, адуын айғыр ауладан көрінбейді, шамасы далаға қарай кеткен болуы керек. Қораның түкпір жағынан Роксананы жетелеп Джек шықты, Шам қулыққа көзі түскенде шоқ басқандай әлек болып, Агбаны айнала аласұрды, жұлып кетер деп қауіптенген араб үстіне қарғып мінді.
- Тыныштал. Роксана саған бұйырмайды, босқа шаршама.
Шам иесінің қақпайлағанына көнгісі келмей, қулыққа қарай сырғақтай берді, ақыры қатарласа жүріп барып сәл тыншыды. Джек өзгеріп, түгі жылтырап шыға келген жүйрікке күле қарап басын шайқады.
- Байқа, Гобгоблен қырындағаныңды сезіп қалса оңдырмайды. Оның қаһарына ұшырай көрме, бетін аулақ қылсын.
Шарбақтың қақпасынан шыққанша Агба Джектен не істейтіндіктерін сұрап үлгерді.
- Бүгін неке тойы, арғымақ айғыр мен сәйгүлік Роксана отау тігеді.
Одан кейін білгені: осы жерден бір шақырым шамасында айналасы алыстан жақсылап қоршалған бұлақты шабындық бар, күйеу мен қалыңдық соның ішіне еркін жіберіледі. Біраз күн мықты күзет қойылады, тіпті лордтың өзі қарауылмен бірге болмақ.
Қожайын мен шабдар шал, атқа мінген тағы үш шабандоз бұларды асыға күтіп тұр екен, бәрі әлгі шабындықты бетке алып, тартып кетті. Еспе аяңмен отырып, кейде желе жортып, межелі жерге тез жеткен. Шамға жайдақ міне салған Агбаның тақымы ысып, аттан елден бұрын түсті.
Қоршаудың құлыптаулы үлкен тақтай қақпасы бар екен, шабдар шал қалтасынан бір топ кілт алды да, шықырлатып бұрай бастады. Ішке әуелі қожайын кіріп, атын тайпалтып әрлі-бері жүрді, содан кейін Роксана енгізіліп, жүгені сыпырылды. Гобгоблен босатыла сала қоршауға өзі ұмтылған, әпербақандығы ұстап кетті ме, әлде қулықты бірден ырқына жығып алмақ па, құлағын жымитып қуа жөнелді. Сол-ақ екен, жер тарпып тыпыршып тұрған Шам Агбаны алқымымен қаға ұшырып түсіріп, екеуінің соңынан шапты. 
Араб тұра сала ышқына жүгіріп еді, шабдар шал жекіріп тоқтатты, аттарына міне берген шабандоздарды да тыйып тастады. Ол Гобгобленнің Шамды шырқыратып қайта қуып шығатындығына кәміл сенген болатын, лорд та солай ойлады ма, тұра қумады.
Гобгоблен артынан дүбір шыққанда қайырылып қарай қоймаған. Аттылардың біреуі шығар, олардың осылай жандайшаптанып, орынсыз килігетіні несі екен. Е, мейлі, жалпылдап шаба берсін, мұны енді сауырлы қулықтан айырып алу қиынға түсер. Ерегіссе, астындағы атын үркіте қуып, бездіріп жіберуден тайынбайды, содан кейін Роксана екеуі құла түзге қатар шауып шығандап кетеді, ай далада бұла сезім ауыздығымен алысады.
Тұяқ дүбірі жақыннан естіле бастады, адуын айғырды көзсіз қызғаныш пен хайуанға тән дүлей ыза буып алды. Қашанғы шыдауға болады, қуғыншы адам ба, мал ма, енді айырып жатудың қажеті жоқ, бетін қайтарып тастау керек. Сауырлы, жоны жұп-жұмыр қулықтың көз алдында соңындағы есірікке айбат шекпей қаша беру де қорлық, айғырлығын танытып қойғаны дұрыс, бие атаулының арқыраған айбат пен тасқа шапса жүзі мұқалмайтын өжеттікті күтіп тұратын түсініксіз құштарлығы бар.
Жел жайып жіберген жал-құйрығын қобыратып, шауып келе жатқан бетінде қиыс бұрылды. Мынаған не жоқ, ат қораға кіріп-шығып жүргенде анда-санда көзіне түсіп қалатын тәпелтек күрең өңмеңдеп келеді. Жаманыңнан мұндай да өнер шығады екен ғой, сор түрткен байғұс, ажалыңнан бұрын өлейін деген екенсің. Қазір сүйріктей мүсінді қулықтың алдында абыройыңды айрандай төкпесем, арғымақ Гобгоблен атым өшсін.
Қара жерді қаһарлана тарпып-тарпып алып, тұяғы тиген түп-түп қияқты тамырымен қопара атты, көзіне шалынған бір уыс аспан, шөкімдей бұлт, шалғынның үстіне қалбаңдай құлап, жемін ілген жыртқыш құс, бұрқ-сарқ еткен ашу-ыза, күреңнің қаймықпай қарсы ұмтылуы - бәрі зығырданын қайнатты. Таяқ тастам жерге жетіп қалған айғырға күркірей атылды, талай құнан, бестілерді бір қаққаннан мұрттай ұшыратын оралымды әдіске салып, күреңді кеудемен соғып өтуге бекінді, одан кейін қайта тістесе кетуге дәті қалай шыдар екен.
Шам Гобгобленнің айласын бірден біле қойды, бұлт етіп жалтарып, сүйегі ауыр айғыр оралып үлгергенше сауырына азуын салып қалды. Денесі білеу-білеу шандыр ма, тісі тайып кетті, жонына дейін бунақ-бунақ бұлшық ет, қапы кетіп алқымының астына түсіп қалса, мертікпей құтылу екіталай. Қайтадан жалт-жұлт бұлтарып, тізеден, не шоқтықтан ауыз салатын ұрымтал тұсты аңдыды. Адуын неме мұның жай оғындай шапшаң екендігін аңдамай, бүйірінен түре тиіспек болғанда, өкпе тұсынан сілейте теуіп кетті. Үйелмендей жауының іші қорқ ете қалды, осылай екі-үш рет қапысын тапса, қатты тиген соққылар шалт қимылдауға мұршасын келтірмейді, қимылы баяулай береді. Одан кейін бетпе-бет айқаса кетуге тәуекел етіп бір байқар.
Анадай жерде Роксана екеуіне үрке қарап тұр, жанары жасқаншақ, қорқа ма қалай? “Шам, өр көкірек, озбыр пәледен құтқар”, - дегендей-ау бұған. Енді аянар не бар?
Гобгобленді бүйіріне тиген тұяқ өшіктіре түспесе, жасқандырған жоқ, қаша ұрыс салған күреңді қасқая қарсы қарап тістесетін айқасқа шақырып алдын орай берді. Айғыр екені, қулықтан дәмелі екені рас болса, бәтшағар неге теке тіресе кетпейді, қуыс көкірек, көке-жасық неменің бұлтара беруін көрдің бе. Тоқтай тұр, азуым жалыңа, не сауырыңа бір тисе, шөкеңнен түскеніңді білмей қаларсың, одан кейін жығылғанда шайнамайтын айғыр сертті ысырып қойып, ендігәрі кісінеген жерімде қалтырап қоя беретін су жүрек етермін. Роксанадай мүсінді қулықтың алдында жер жастанған кездің қорлығы да түбіңе жетіп тынар.
Арқырап алып, күреңге жыртқыштана ұмтылды, ол бұл жолы бой сала қашқан жоқ, қарсы шауып, шарт-шұрт айқасар тұсқа жеткенде, сол жақ бүйіріне шыға келіп, қос аяқтап тепті. Қабырғалары сөгіліп кеткендей болып көрінді, енді бұл тәсілінен сақтанбаса қатер, өзеуреп атылмай, есепппен қимылдау керек. Дүлей қара күшке шалт шапшаңдықты қарсы қойған дұшпанмен әлі біраз айқасатын түрі бар, арқырап қуа берсе, тынысы да тарылады.
Көзіне қан толып кеткен Гобгоблен өзін айнала шапқан күреңді қолға түсірудің басқа айласына көшті, таялтып алып барып басып қалатын сәтті сабырмен аңдыды. Кеудесінде жаны болса, тәпелтектің еркінси келе ашкөздене ұмтылуы мүмкін, сол кезде қапы жіберіп алмаса, одан кейінгісі оңай.
Сауырлы қулық шошына қарайды, аясы үлкен жанары үрке көз салған кезде қандай тартымды еді. “Гобгоблен, ана тыштаңдаған неменің омыртқасын үзе сал да, тез жет. Тағатсыз күтіп тұрмын ғой!” - дейтін сияқты-ау.
“Қазір, Роксана, сәл шыдашы, оны маңайыңнан жүргізбейтіндей етіп сүйегін уатайын. Содан кейін құлдырап жетемін өзіңе. Мұны саған айтып тұрған мына мен, арғымақ айғыр Гобгоблен!”
Шам кібіртіктеп қалған айғырдың өзіндей оралымды емес екендігіне көзі жеткен сайын шеңберін тарылта берді, ол бір орында біраз айналған соң, мұның қай тұстан келіп килігетінін аңдай алмайтын халге жетеді, сонда кеудемен қарқырата соғып, тізеге ауыз салса, шөкесінен түсер.
Құйындата шауып жүріп, қатты екпінмен қойды да кетті, Гобгоблен теңселіп барып бойын түзегенше шоқтығына азуын батыра қадалды. Бар салмағымен жанышып, жерге қарай тұқырта түсіп, шайнай берді, қайратты жауынан сескенуді біржола ұмытып, тағыланып алды. Тісінің түбінен шып-шып шыққан қан көмейіне құйылып, тынысын тарылтса да азуын босатпады, жағы қарысып қалғандай.
Гобгоблен шоқтығы күтірлеп жүре бергенде, аспанға шапшыды, ышқына тулап, серпіле ытқығанда көк еті сөгіліп кеткендей тұла бойы удай ашыды. Азуы қасқырдың тісіндей өткір күреңді түсіріп кетпесе, сілесі қатып, қайрат қылуға дәрмені жетпей жер жастанатындығын түйсінді. Жуан мойнын бұрып оған ауыз салмақ болған жанталасынан түк шықпады. Есеңгіретіп бара жатқан салмақ, бырт-бырт шайналған шоқтығының тұз сепкендей, шыдатпай күйіп-жануы, бос қыжылға айналған қайраны жоқ долылық көз алдын тұмандандырып жіберді. Бар күшін жинап, көкке үсті-үстіне шапшыды, соңғы рет қарғығанда күреңді ала-мала жерге шалқалай құлады.
Азуы шоқтықтан шығып кетіп шалғынға сылқ ете түскен Шам Гобгобленнен бұрын атып тұрды, әпербақан айғыр кеудесін көтерген сәтте жалының түбінен қайта ауыз салды. Шайнап-шайнап алып жұлқи тартқанда, ол серең етіп құлай кетті.
Бұдан әрі талау жылқы тектінің қанына сіңбеген қылық, кері айналып түсіп, айғырдың ендігі қарекетін күтті, дәл қазір қарсы шабатын қайраты қалмағаны анық-ты, аяғынан тік тұрғызып алып тырқырата қумақ. 
Гобгоблен масқара болып жеңілгенін білді, айқасқа қайта түссе, мерт болуы мүмкін. Мана бір әзірде тұла бойына симай буып бара жатқан адуын күш-қайратынан жұрдай болған, денесі ауырлап, жерге қарай тарта береді. Қозғалған сайын шоқтығы сықыр-сықыр үзіліп, жанын көзіне көрсетеді. Төрт аяқ та икемсіз, бауырын көтеріп, сүйретіле тұрғанда дірілдеп қоя берді. Мұны қазір шалғынды далаға еркін жайылып, семірген есірік құнан да талап тастар.
О, сұмдық-ай! Сауырлы қулық жиіркене қарап тұр. Аясы үлкен жанары неткен сұсты, қара жерге қазық қып қағып жіберер ме екен.
“Кешір, Роксана, мен қапыда қалдым. Бірер күн есімді жинауға мұрсат берші, ана тәпелтек пәлені жаныңа жолата көрмеші. Асыл текті арғымақ айғыр Гобгоблен атыммен жалынамын, менен безінбеші, Роксана!”
Шам айғыр жерден көтерілген соң өзіне өзін келтіртпей тарпа бас салды, енді қарсыласса, өмірден күдерін үзе берсін.
Гобгоблен тапырақтай қашты, жеңілген айғырдың маңдайына бітері осындай қорлық қана, өліп тынғанша шайқаса беру пешенелеріне жазылмаған қылық.
Шам бақталасын шырқырата қуды, сауырын әне-міне қауып түсетіндей түршіктіріп, өкшелеп келеді. Роксана соңдарынан құйғытқан, енді оның мұны өзі таңдайтындығына күмәні жоқ, бие атаулы айбаты асқандікі.
Агба аттылардың соңында дедектеп келеді, әлгінде алысқа шауып кеткен айғырлардың қарасы қайта көрінгенде Шамның, артық туған арғымақтың Гобгобленді тұқырта қуғанына таң қалған, таң қалып тұрып көл-көсір қуанған. Адамды алалағаны аздай-ақ малға даралап таңба басқан елде ол тағы да айдарынан жел естірді ғой, садағаң кетейін сәйгүлік есесін осылай алмас па, асылдығын осылай танытпас па?
Қос айғыр жер-дүниені дүрс-дүрс солқылдатып, жүйткіп келеді. Алдында Гобгоблен, артында Шам.
Әне, аттыларға қайыру бермей киіп-жарып өте шықты, сәйгүлік қулық Роксана соңдарынан бір елі қалатын емес. Үшеуі жұлдыздай аққан күйі қоршаудың ашық қақпасынан сыртқа атылды, енді оларға қай тұлпар жетсін.
Кең жазық көсіліп сала бергенде Гобгоблен жалтара қашты. Шам енді соңына түскен жоқ, жал-құйрығы суылдап, қияңға бет түзеген Роксанамен қапталдаса заулады, жүйрік қулықты оздырмай, батыс кемерге еңкейген қып-қызыл күнге қарай желіге жүйткіді.
- Сен қандай әсем едің, Роксана!
- Дүниеде менен өткен сұлу жоқ!
- Сен қандай ұшқыр едің, Роксана!
- Дүниеде менен асқан жүйрік жоқ!
- Мен қандай бақытты едім, Роксана!
- Дүниеде өзіңе тең тұлпар жоқ!
Шалғынды жазық қып-қызыл күнге қарай көсіліп жатыр, ен далада екі жүйрік алдағы көрер қызығына, жарық күн мен айлы түн, жымыңдаған жұлдыз, таңғы саумал самал ғана куә болатын балшекер шағына тағаты таусыла асықты.
***
Гог-Магог поместьесінен алпыс шақырым жердегі екі үйлі қыстаққа көптен бері ешкім ат ізін салған жоқ. Агба мен қаусаған шал Джон қалт-құлт етіп бойкүйез өмір сүріп жатты. Түн түнерсе таң атпай қояды, күн көтерілсе, ымырт үйірілмей сарсаңға салады, құдайдың қарғысына ұшыраған түкпірдің әр сағаты айдан ұзақ. Джон үшін өзінің осында қорықшы етіп жіберілгеніне тура бір ғасыр уақыт өткен секілді, ал Агбаның келгеніне аттай төрт жылдың жүзі толған. Бәлкім, одан көбірек те шығар, әйтеуір, ішкі есебі осының о жақ, бұ жағында, қателесуі екіталай.
Бүгін дағдылы әдетінше күн шықпай тұрып, қолына шалғысын алып шабындыққа кеткен. Тізеден асатын биік шөпті күн ысып, түнгі шық құрғамай шабу қиын екендігін білсе де келіп еді, қарағай қабырғалары шіріп, күлімсі иіс аңқып тұратын үйде тұншығып отырғанша, таза ауада сенделіп жүргені көп артық.
Агба жартылай батпақты, жағалауы баланың еңбегіндей былқылдап жататын ойдым-ойдым көлді өңірді әбден зерігіп, іш құса болғандықтан ғана ұнатпайды, әйтпесе көркіне көз тояттайтын-ақ жер. Гог-Магог поместьесіне қараған қапталды кемерлеп жатқан ұзын белден бергі атырап сонау суық қысқа дейін жайқалады да тұрады. Кішкене көлдерде қаз-үйрек, басқа да толып жатқан адал, арам құс жыртылып айырылады. Таңның атысы, күннің батысы тыңдайтының сан алуан үнде құйқылжыған, сәт сайын жаңарып, өзгере құбылған әуен, шағаланың шаңқылы, қаздың қоңыр сазы, үйректің қарқылы мен аққудың сұңқылы, ал ымырт үйірілсе болды, әупілдектің жағы сембейді. Оған көлдің көп бақасы құрылдай қосылып, ара-тұра байғыз күңіренеді. Қамыс арасы үрке ұшқан ығы-жығы құстың сарт-сұрт соғылған қанаты мен ию-қию шуылына толып, кейде жау тигендей дүрлігеді, маңайда сұғанақ түлкі мен қарсақ бар.
Түн күреңіте бастағаннан-ақ қорықшы шал ескі зілдей мылтығын мойнына асып, үлкендігі тайыншадай қара ала төбетін ертіп, айналаны торуылдауға кетеді. Шалғайдағы өңірге жиі келмесе де, анда-санда аңшы-сымақтардың төбе көрсетіп қалатыны бар. Осы сапарға әдейі дайындалып, сақадай сайланып шыққан оларға қаусаған шал не істесін, өзінше мылтық атқансып, итін айтақтап қоразданып жүреді де, құс аулағандардың қаңғыған оғы жазатайым жер қаптырмауы үшін үйге қайтып келеді. Оның бұл әрекетіне төбет те әбден әккіленіп алған, айтаққа құтырына жөнелмей, иесіне бір, далаға екі қарап әупілдейді де, шоқиып отыра береді. 
Шал мен жалқау төбет Бегемот үшін лордтың аңға келетін кезі дүрілдеген той. Өткен көктемде үш мырзаны ертіп, сау етіп келе қалғанда шал оны аттан түсіріп алуға асығып бара жатып, шөптің арасындағы тасқа сүрініп жығылды. Онсыз да қаусап тұрған байғұс орнынан тұра алмай қалды, түнімен қақсап шығатын белі шойырылды ма, безек қақты. Соңынан бір елі қалмайтын төбет жанында қыңсылап тұр, иесінің ұшып кеткен сабан қалпағын тістеп әкеліп, қолдан келген жақсылығын жасап-ақ жатыр.
- Джон, қайдасың? Аттарды байла! - деп дауыстады лорд.
Шал еңбектей жылжып, сүйретіліп барады.
- Мен қазір… белі құрғыр… - деп міңгірледі.
Лордтың үні қатқыл шыға бастады.
- Шал, сен ішіп алғаннан саумысың. Тұр, мырзалардың аттарын қаңтарып қой. Кейін бірер сағаттан соң жем берерсің.
Джон жерден ыңыранып көтерілді, тәлтіректеп жүріп аттарға да жетті-ау. Сол кезде Агба да келген, шалды кейін қайтарып, оған жүктелген шаруаны өзі жайғастырды.
Мырзалар ауыр қоржындарынан жеңіл-желпі тамақ шығарып, шарап ішті де мылтықтарын, оқшантайларын мойындарына асып көлге кетті, бұлардың қарағай қабырғалары шіріген, көңірсік иісі мүңкіген үйіне жақындаған да жоқ, Лорд қана қараған болды.
- Шал, мына күрке сені бір күні басып қалады ғой.
- Дұрыс айтасыз, мырза.
- Тірідей көмілесің ғой.
- Әлбетте, мырза.
Бұдан әрі сөз болған жоқ, олар ұзасымен мылтық гүрсілдей бастады, жыртылып айырылатын құсты бара салып ата бермегенде не істесін.
Агба аттарға беретін жемді тазартып отыр, әлі ыңқылдап, қиралаңдап жүрген шалға қарап қояды. Онымен бірге өткізген екі жылдан астам уақыт ішінде өгей тілді ептеп түсінетін болған, ал Джон мұны ымынан бірден ұғады. Өзі қоржындардың ортасында күйбеңдеп, бүкжиіп отыр, шалдың не істейтіні белгілі, құтыдағы шараптардан аузы бұрандалы қаңылтыр ыдысын толтырып алады. Лорд кетерінде тастайтыны бар, сонысы бар, біраз уақыт көңілді жүруіне жетеді.
Шал ішіп алғанда әуелі өлең айтады, нұры тайған жанарында кешкі күннің күңгірт шапағы секілді болымсыз сәуле тұтанып, Агбаға баяғы қылшылдаған жігіт кезіндегі хикаяларын қотара бастайды. Араб бұл әңгіме тым жиі айтылатындықтан келе-келе құлақ қоймайтын болған, тыңдаған сыңай танытып отыра береді.
Джон оны біраз сапырылыстырған соң мұңын шағуға кіріседі. Бұдан кейін әңгіменің де, шалдың да шырқы бұзылады. Баяғыда бір көпестің етегінен ұстап кеткен әйелін, ер жеткен соң ұшты-күйді жоғалған, өлі-тірісі белгісіз ұлын есіне алып кемсеңдей бастайды, ақыр аяғында шала бүлініп, тәңірді, өзін, опасыз дүниені, лордты, тіпті маң төбет Бегемотты қарғап-сілейді. Онсыз да жұлым-жұлым киімін ызалана жыртып, аулада сандалады да жүреді, анда-санда айғайлаған дауысы естіліп қалады.
- Ұлы Британия дүниедегі ең дәулетті ел, ал Джон әлемдегі ең бақытсыз жарлы. Англияның маған соқыр тиын тимейтін шалқыған байлығына түкіргенім бар ма!
Біраздан кейін жалқау төбет Бегемоттың әупілі де күшейіп бара жатады. Шал әбден ашынып, өмірді талақ еткізген ыза шырқау шегіне жеткенде құтыдағысын итаяқтағы астың қалдығына құя салады.
- Іш. Тойып ал. Енді екеуміз үшін дүниенің, дүние үшін біздің құнымыз көк тиын. Күшейіп алып, оның бетіне түкірейік.
Төбет итаяқты жалап-жұқтаған соң айбаттанып шыға келеді, түн қараңғысында айтақтасаң баспай қоятын көлге қарай ұзап кетіп, таң атқанша арсылдайды.
Джон қаңылтыр ыдысын шарапқа шүпілдетіп толтырған соң, үйге апарып тығып тастады. Көл жақ гүрс-гүрс жаңғырығып жатыр, жазыққа қарай топ-топ болып үрке ұшқан қаз-үйрек бұлт сияқты күннің көзін қалқалайды.
Біраздан кейін мырзалар қайтып келді, олжалары көп, адал құстың әр түрі бар, тіпті бұл маңда сирек кездесетін қызыл қаз да оққа ұшыпты. Көктемде бір жұбы үйірінен бөлініп, мекендеп қалып еді, сірә, екеуінің біреуі алысқа ұшуға жарамай, амалсыз аялдаған шығар, енді, міне, шөптің үстінде жансыз серейіп жатыр.
Мырзалар мылтықтарының қанды, жолдарының сәтті болғанын тойлады, Джонның асыға күткен сәті туды. Ол мұндай кезде аяқ астынан ширап, сөзшең болып кетеді, не айтатынын кім білген, мырзалардың ішек-сілесін қатырып жүріп, шарапты ықылық атқанша ішеді. Аңшылар аттарына мінетін шақта тәлтіректеп қалады.
Бұл жолы да дәл солай болған, лордты атқа мінгіземін деп жүріп, үркек жылқының астына түсіп қала жаздады.
- Шал, байқа, әзірге өлмей тұра тұр, - деді қожайын ерге түзеліп отырған соң.
- Неге, мырза?
- Сенің орныңда басқа қорықшы болса, баяғыда байып кетер еді, көлден құс атаулыны бездіріп жіберер.
- Құп, мырза, өлмей-ақ қояйын.
- Өзің де тәңірдің алдына баруға қорқатын шығарсың, ә?
- Жоқ, мырза, онда барудан бұл өмірді қимайтындар ғана қорқады, тірліктің тәтті дәмін көп татқандардың үрейі ұшып тұрады. Ал маған бәрібір, граф та, герцог та, дворянин де емеспін, сіңіріне ілінген қорықшы шал Джонмын.
- Келіп тұрған ажалды қайтесің, ит қосып қуасың ба?
- Қумаймын, мырза, сіздің ізіңізге салып жіберемін, жердегі тәңірден рұқсат ал деймін. Содан кейін кімді таңдайтынын өзі білер.
Шараптың желігі билеген аңшылар қарқ-қарқ күлді, лорд атына қамшы басты.
Джонның ішіп алғанда осындай тапқыр, әрі батыл бола салатын қызық мінезі де бар.
Күн көтеріле келе шабындықтың үсті тұмандана бастады, шөпке түнде қонған шық буланып жатыр, алыс шеті бұлдыр-бұлдыр сағымға оранған. Көлдің үстін де тұман жапқан, боп-боз боп мұнартады, қиғаш түскен күн сәулесі бергі шетін сан алуан түске бояпты, үлкен күмбездің аумағындай жерде кемпірқосақ құбылады. Су бетінен шыбын қаққан балықтың шолпылы болмаса, бөгде дыбыс жоқ, бұл кезде құс атаулы қырға жайылуға ұшып кетеді, қамыс арасынан балапан аңдыған бір-екі қарақұс қана көзге түседі.
Өзі үйден шыққан бетте босатып қоя берген Шам су жақтан шауып шықты, әлденеден үріккен сияқты, көлдің қорыс қамысының арасында жабайы шошқа да жүретін, содан шошынған шығар. Джонның айтуынша, бұрын олар өте көп екен, жалғыз қорықшыдан қаймығуды қойып, кейде тайыншадай қабандар үйдің іргесіне дейін келіп жүріпті. Кейін аңшылар бей-берекет аулап, құртып жіберуге таяған, қазіргі қалғандары әрі кетсе он шақты-ақ болар. Доңызды суқаны сүймейтін Агбаның оларға бүйрегі бұра қоймайды, кәпірдің қорсылдаған үнінің өзі жаман ғой.
Сәйгүлік иесін көріп желген бойда жанына келді, көл жаққа осқырына қарап, құлағын қайшылайды. Қазір сәйгүліктің кемеліне әбден келген шағы, айшылық жерді алты-ақ аттататын қайрат өн бойын есіп тұр. Қиқу шықса ұша жөнелуге асыққан, қанатын қомдап, тағатсызданған сұңқар секілді ықшам бітім болмысымен таңдандырады. Жазы қоңыр самалды келетін шүйгін өңірде еркін жайылып, түгі жылтырап семірген, жалына қол батпайды, қыз-қыз қайнаған желік жер-көкке сыйғызбай құтырып, кейде ұлан даланың төсінде жападан-жалғыз желмен жарысады, жапан түзде кезіккен түлкі, қоянды алдына салып алып, өкпесін күйдіргенше шыбын-шіркей қуады, таяу маңнан кезіксе жан ұшыртып көлге әкеліп қамайды. 
Шындығына жүгінсек, Гог-Магог поместьесінің осы қиян түкпіріне жер аударылған Агба емес, Шам еді. Әпербақан айғыр Гобгобленді бездіріп жіберіп, Роксананы ай далаға қуып әкеткенде, ешкім жете алмай, аттарын зорықтыра жаздап көз жазып қалған. Сәйгүлік пен жүйрік қулық сол кеткеннен бес күнге дейін қолға түспеді, әркім әр жерден көріп қалады, іздеп барсаң, дым жоқ, алдыңда мекиен өңір қаңырап жатады.
Лордтың өзі бастаған жоқшылар әбден ақ тер, көк тер болып қажыған бір күні екі қашқын қожайынның асыл тұқымды биелерінің үйіріне келіп қосылыпты. Сол күні Шам мен Роксана ат қораға әкелініп байланды, лорд ертеңіне қулыққа Гобгобленді қосақтап көріп еді, шыр айнала тепкілеп, маңайына жолатпады, арқыраған есіріктің сілекейі шұбырып, құр әуреге түсті.
Жағдай белгілі еді, Роксана айғырдан шығып кеткен, лордтың үлкен үміт артқан жоспары тас-талқан болды, өзі одан бетер бүлінді. Шамды нәр татқызбай екі күн қаңтартты, Агбаның ел көзіне түсуі мұң болды. Роксананы қуып әкеткен сәйгүлік емес, мұның өзі секілді бозбала шабандоз Джекке дейін теріс айналды. Жирен сақал шабдар шал ат қораға жақындауға тыйым салды. Баяғы француз бей мен қорқау ағаш дайындаушының қысастығы қайтадан бел алып, тұйыққа тіреп келе жатты, Агба енді біткен шығармын деп еңсесі түсіп кетті.
- Әй, бар болғыр Шам-ай! Тұяғың тиген жердің бәрі лаң-ау, өзіңді от пен суға салғаныңмен қоймай, мына мені де, сен үшін басын тауға да, тасқа да соққан Агбаны да қажытып біттің ғой. Әй, артық туған арғымағым-ай!
Араб сәйгүлікке кейде осылай өкпелейді, енді не істесін, оның бәйге төрін бермей, атағы жер жаратын деген сұңқар шағы өтіп бара жатыр ғой. Шам қатарға қайта қосылмаса, туа біткен дүлдүлділігіне обал-ды, пырақ сынды тұлпарлығына қиянат еді, мұндай жүйрік дүниеге енді қайтып келер ме.
Осыны ойласа, Агба Шаммен бірге өзін де жазғырады, өзін де, оны да аяйды, хас тұлпардың сыйлар қуанышы мен бақытына мас бола алмаған елге бауыры езіледі. Ол жер үстіндегі жалғыз пырақты көз алдында жоғалтса, күнә емей немене.
Шам тағы да көл жаққа қарап елеңдеп, жер тарпыды, ауық-ауық кісінеп, айналаны шоқтай жанған жанарымен ұзақ кезді. Үйірсек айғырды жапан даладағы жалғыздық әбден зеріктірген болар, бәлкім, Роксана сынды сауырлы, әсем қулықты тағатсыз сағына ма екен, қайткен күнде де сәйгүліктің сүлесоқ тыныш болған кезі санаулы ғана.
Күн көтеріле салқын самал баяу есе бастады, қалың шалғынның үстінде мұнартқан бу сейіліп барады, кең жазықтың үстінде сағым бұлдырап, ұлан өңір аумағымен қопарыла көшті. Алыстан әлдене қараң-құраң қозғалады, аттылы ма, әлде шығып кеткен некен-саяқ мал ма, иесіз даланы ербеңдей кезген ессіз жын ба, айырып болатын емес. Агба сол жаққа аз-кем қарап тұрды да жанарын тайдырып әкетті, құдай қарғаған Гог-Магог поместьесінің бұл қиян түкпіріне кім ат ізін сала қойсың, толассыз жөңкілген сағым көзді арбап, ен жазықтың төсінде қылтиған әлдебір бұтаны зорайтып көрсеткен шығар.
Белінен келетін қалың құрақты сырылдатып ора бастады, биік шөп жапырыла құлап түспей, бір жақ бүйірге сәл қисайған қалпында жал-жал болып қалып жатыр, шалғыны құлаштап сілтеген сайын айызы қанады. Қиылған көкорайдың жұпар иісі бұрқырай аңқып, көкірегі шайдай ашылып, тынысы кеңіп сала берді.
Шам да елегізуін қойып, жайыла бастаған еді, әлден уақытта әлгі қараң-құраң байқалған жаққа құлақ тігіп, кісінеп алды да шаба жөнелді. Араб оның маңайдан жылқы малын сезіп қалғандығына күмән келтірмеген. Шалғының сабына сүйеніп тұрып жазықтың өн бойын барлай тінтті, қарсы маңайда көлбеп жатқан құба белден салт атты желдірте асып түсіп келеді. Қорықшының мекен-жайын бетке алып тура тартып барады. Енді бұл жерде аялдауға болмайтын еді, шалғысын иығына салып, үйге қарай аяңдады.
Аттылы онда бұдан бұрын жетті, Джон шал әдеттегісінше қалбалақтап, келген адамның жанында құрақ ұшып жүр. Оның жынды суы таяуда таусылған, күн сайын әлдекімнің төбе көрсетуін сабырсыз күтуде болатын, лордтың қатынаған адамнан өзіне ең азы бір құты шарап беріп жіберетіндігіне құлай сенеді.
Агба таяла келе жолаушыны Джекке ұқсатты, жаза баспаса дәл соның өзі. Джонмен жүре сөйлесіп, бұған қарай беттеген, асығыс секілді ме қалай, атын қадаға байламай жетектеп алыпты.
Араб оған басыбайлы құлға біткен дағдымен иіліп сәлем берді. Джек қос қолын ұсынды.
- Сәлем, Агба! Халің қалай? - деген дауысы да жарқын естіледі.
Араб күлген тәрізденіп, дәм-тұзы таусылмаған пенденің бәрі бақытты дегенді ыммен ұқтырып, тағы да иіліп-бүгілді.
Джек оның жарылып кеткен бетіне, сай-сай әжімі мен үнемі мұң торлап тұратын жанарына қарады, Агба кейінгі екі жылдың ішінде қартайып қалған екен.
- Сен енді шын бақытты бола аласың, лорд кешті бәрін де, тіпті Шам мен екеуіңді көргенше асық. Қане, сәйгүлігіңді ұста да ертте, кешікпей жүріп кетеміз, - деді келген шаруасын бірден ақтарып салып.
Агба оның айтқанын түсінген кезде буын-буыны дірілдеп, теңселіп кетті. Джектен дәл мұндай қуанышты хабар естимін деп ойламағандікі ме, сенер-сенбесін білмей, жаутаңдап қарай берді.
- Солай, Агба, - деді жігіт айналаға көз салып, - Шам көрінбейді ғой, кешігіп қалмайық. Сен ана жақта қандай құрмет күтіп тұрғанын білсең, жер-көкке сыймай кетерсің, бара білгенің дұрыс. Ал, қане, қозғал.
Агба одан мән-жайды тәптіштеп сұрап жатпады, өрістегі сәйгүлікті алып келуге асығып, елпілдеп жүгіре жөнелді, егде жасына қарамай құлдырап барады. Ойы он саққа кеткен, ішкі әлемі ойран-топыр: «Лорд неліктен өзгерді екен, артық туған арғымақтың айы оңынан туатын шағы шынымен жеткені ме?! Тек ендігі жақсылық баянсыз болмағай, тек ұзағынан сүйіндіргей…”
Шам бір бүйірден шауып шықты, иесінің жанынан желдірте өтіп барып кері қайтты. Агба оны жүгендеп, ерттеп мінгенше асықты.
- Еліре берме, қане, мұнда кел. Сен екеуміздің мына қапас қойнаудан құтылатын кезіміз осы бүгін жеткенін білемісің. Алда тосып тұрған қуанышымызға асығайық, сенің жалғасын табар бәйге жолыңа қарай жүйткиікші.
Араб осылай іштей сөйлей берді, не айтып жүргенін өзі де жете пайымдай қойған жоқ, Шамның мойнына түрулі тізгінін шешіп алып, үстіне секіріп мінген кезде де күбірлеумен болды. Бара-бара көкірегі әлдебір сазды әуенге толып, жанарына ыстық жас үйірілді. Өзі баяғыда жоғалтқан, іштей сызылта салса, онсыз да жаралы жүрегін одан сайын сыздататын болған соң лажсыз жоғалтқан ескі мақамды аяқ астынан қайта тауып, жағасы жайлау болып келе жатты.
***
Лондонның Шам бұдан төрт жыл бұрын бәйгеден дара келгенімен оған жүлде берілмеген ипподромы түске қарай халыққа лықа толды. Лорд Годольфин осындағы орынның бәрін өзі сатып алып, елді ат жарысқа ақысыз-пұлсыз шақырған соң, қызыққұмар ағылшын жұрты лек-легімен ағылған-ды. Енді кілең сәйгүліктердің егесті шабысын көргенше асық болып, араның ұясындай гулейді.
Елдің шыдамы таусыла берген тұста жүйріктер де көрінді-ау. Биік қылаң мінген жаршы ортаға шығып, арғымақтарды көпке таныстыра бастады, дауысы саңқылдап, жұрттың назарын өзіне бірден аударып алған. 
Агба жаршының сөзіне құлақ қойған жоқ, Роксана мен оның ерен жүйрік құлыны, Шамның төлі, төрт жасар Экстазды мінген шабандоздардың қатарында артық туған арғымағының мына қиқулы бәйгеде сағы сынбауын құдайынан жалбарына тілеп тұр. Шам да іштей ширыққан тәрізді, бәйге өріне бұрынғысынша өзеурей ұмтыла қоймап еді, жаршы міндетінен құтылып, аттар рет санымен тізіле бастағанда өзгеріп шыға келді. Жанына таянған есік пен төрдей тұрқы ұзын құлаға құлағын жымитып, ауыздығын қарш-қарш шайнады, жерді тарпып-тарпып алып, тізгінін кере алға ұмтылды, Агба зорға тежеп қалды. Сол сәтте жарыстың басталғанын білдіріп, мылтық та гүрс атылған, ондаған тұяқ дүбірі жанкүйер жұрттың у-шуына ұласып, аспанның астын азан-қазан етті, жер де, көк те, делебені қоздырған қиқумен жаңғырығып жүре берді.
Агба Шамды ә дегеннен алға оздыруға тырысты, қамшыны сауырын сипай сілтеп, тізгінді бос қоя берді, ал екі көзі - Роксана мен Экстазда. Тұлпарының осы бәсекеде тауын шағатын қыл құйрық тек солар ғана, артық туған арғымағы жан беріп, жан алысатын егесте намысты аяққа таптатсын ба, барын салары анық.
Шам ұлы дүбірді сағынып қалған екен, ә дегеннен барын салды, апыр-жұпыр жөңкілген көп аттың алдына түсіп алып, бауырын жаза еркін көсілді. Агба оның шын шабысын біразға дейін таба қоймасын анық білсе де, қазіргі екпінінің өзіне дән риза болған. Ерен жүйрік қана емес, мұның өзі де осынау өзекті өртейтін бәйгені талайдан бері сарыла күткен еді ғой, жанарды да, ет жүректі де шоқтай қаритын, намысты қыз-қыз қайнататын жарыс шабандоздың бағы мен соры екенін жұрт қайдан білген. Шауып келе жатқан Шам емес, өзі, өзінің өрт-жалынға оранған қайран ұлан-ғайыр сахарасы сияқты өкпесі аузына тығылды.
Алақандай аялы жанары жарқ етіп, астындағы сәйгүлігімен қатарласа берген Роксананың ала құйын шабысына құмарта қарады. Міне, ол Шамнан құрық бойы озып барады. Өзі, мүмкін ет жүрегі, ұлардай шулап қоя берді.
Шамға қамшы баспаса да тақымын шыдамсыздана қысып, мәреге дейінгі аралықты қыстыға болжады, алда әлі жер бар еді. Ал Роксана шабысын үдетіп барады, онымен құйрық тістесе көсіле сілтеген Экстаздың да қазіргі қарқыны Шамның аяқ алысынан әлдемді болатын. Үш жүйрік осылай егесе сілтегенде, Шам екеуінің соңында қалды. Басқа топ ию-қию араласып, арқан бойы кейінде келеді.
Агба шынымен қиналды, елдің толассыз өрекпіген шуылы Шамның екі жүйрікті алға оздырған кезіндегі шабысын қоздыруға жарамай жүйкеге тиеді. Міне, Экстаздың өзі таяқ тастам жерде еркін жүйткіп барады, сауырлы Роксана енді арқан бойы сытылып шыққан. Шам сонда барып ширықты, шабысын сәт санап үдете түсті. Алдағы қос сәйгүлік оны дыз етпе ұшқырлығымен ғана ұтқаны бірте-бірте белгілі бола бастады. Роксананы аз уақытта қуып жетіп, айғырға тән еміренумен мекірене оқыранды, сауырлы биенің қанталай бастаған сесті жанарында болымсыз мейірім нұры көмескіленді, Шам қатарласып, үзеңгі қаға таялғанда мойнын бұрып, шабысынан жаңылғандай болған. Үстіндегі шабандоздың қамшы сілтегенін елемей, арқырап қоя берген айғырға жанаса таялды.
Шам Роксанаға қиыла, әрі мұңая қарады, есті жануарға ар-намыс дәл мынандай шым болатша ширыққан сәтте кездескені жанына қатты батқан болар, теп-тегіс жерде қапылыста сүріне жаздап, босаңсыған денесін өз еркінен тыс зорға жинады. Сонау жадында мәңгі қалған қашаған күнде екеуінің құла түзге барын сала безіп жөнелгені есіне түсті, қазір де дәл сондағыдай бәрін: мына бәйге жолын, иесінің ат жарыс үстіндегі үміт-мұратын, сәйгүліктік ар-намысын қоздыратын егесті шабысты талақ етіп, Роксанамен бірге ай далаға шығандап кетер ме еді. Қарсы алдарынан еркіндіктің самал желі жігерді ұштай, екпіндей есіп, елсіз-күнсізді бетке алып, құйындай құлдыраса, құлын кезіндегідей мұңсыз шақпен шаттана табысар. Ал қазір бұл бәйгеге қосылған, пешенесіне өзінен әлдеқайда құдіретті тірлік иесінің қызыққа тоймас құмарын тарқату парызы жазылған, сол жолда өліп кетуге дайын.
Адымын сәл жазса, Роксана кейін қалмақ, ал Экстаз екеуінен озып барады, жастыққа тән көзсіз қызбалықпен алдыға аптыға асығады. Аяқ алысы қандай әсем.
Роксананың бойын қуаныш пен өкініш қатар биледі. “Сабыр етші, Экстаз, арғымақ туған әкеңнің жасыта көрме жігерін”.
Ол шабысын үдете түсті, бұдан бұрынғы жарыстарда бәйге өрі орталанар тұста топ аттан жеке-дара бөлініп шығып, оқ бойы алда отырушы еді, енді бұрын-соңды кезікпеген қайдағы бір жараған айғыр көпке дейін қатарласып жанына тиген. Төрт аяғын еркін, тең тастасына қарағанда, мәреге ентікпей жететін түрі бар, дәл қазір екі аралықты алшақтатып алмаса, қапыда қалдырып жүрер. Бар қайратын сарқа жұлдыздай ақты.
Шам өз еркінен тыс ширықты.
“Роксана, қала көрме артымда, желігін ана баланың баса алмасам, ұят-ты”.
Қос сәйгүлік тізе қоса жүйткіді, олар талай алапат бәйгеге сан мәрте қосыла жүріп, дәл осылай зауламаған болар, Экстазды ұзатпай қуып жетті де, ортаға алып, қапталдаса шапты. Қос бүйірден өртше шарпып қоздырған айқай-сүрең күшейе түсті, межелі тұсқа енді алыс қалмаған. Үшеуінің де сауырына жылан қамшы сарт-сарт тиді, үшеуі де бар өнерін қараған көздің алдына жайып салды, бәйге тағдырын қас-қағым сәт шешетін еді, ол үшін Шам да, Роксана мен Экстаз да кінәлі болмайтын.
Агба сәйгүлігінің өзін әлі де тежеп келе жатқандығын сезді, артық туған арғымақтың тұяқтыға намысын жібермейтін көкбет долылығы қайда, неге барысша атыла жөнелмейді, неге іркіле береді? Әне, мәре таяқ тастам жерде мен мұндалап тұр, оза шабуға енді қам жасамаса, Шам алғаш рет бір емес, екі бірдей жүйрікке есе жіберіп алмақ.
Арабтың тынысы тарылып бара жатты, өрекпи соққан жүрегінің дүрсілі бәйге төрін жаңғырықтырғандай көрінді, қатты қиналғанда басы айналған болар, жанарының алды бұлдырап, ат үстінен ауып түсетін секілді секемденді. Тақымын қысып ерге еңкейе берді, көзінен жас ағызған сусыма суық жел кеудесінен кері итеріп, сәйгүліктің екпінін тежей ме екен, Шам бір орында төрт тағандап тұрып қалғандай үрейі ұшты. Аттың жалына қарай одан сайын бүгіліп, қамшы үйірмек болғанша мәренің белгісі - ақшыл жалау оң жақ бүйірде қалып, үш жүйрік ағызған күйі апыр-топыр өте шықты.
Бұдан кейін не болып, не қойғанын Агба көпке дейін аңғара алмады, Шамның екпінін зорға басып, қайта айналып келгенде, көңілі енді, сірә да, айықпастай күпті еді. Роксананың екі жүйріктен сәл ғана кейін қалғанын, Экстаз бен Шамның мәреден қатар өткенін білетін халі болған жоқ, елдің шуылын да естімеді, жүрегі лобып, денесін ұзақ діріл буып тастады, ұйып жүре берген қолы қорғасындай ауыр, бара-бара тізгіннің өзін тең ұстау мұң болды. Ол алғаш рет артық туған арғымағына көкірегі сыздап, барша дүниені тәрік етіп күйзеле ренжіп еді.
Сахараның ен даласы тарылғанға ұқсайды,
Есіл Нілдің кең арнасы тарылғанға ұқсайды.
Айналайын арғымақ,
Намысты қолдан бергенде,
Агба жерге енгенде,
Тарқар ма енді бұл қайғы.
Ол осылай күңіренген, өзіне жүздеген жанарлар тесіле табалай қадалып, шоқтай қарып бара жатқан секілді. Гог-Магог поместьесінің құдай қарғаған түкпірі іспеттес елсіз қиынға судай сіңіп, ел бетін көрмей, жалғыз қалатын кезді қынжыла аңсады. Бір құты шарапты дүние-әлемнің жарты құнындай көріп, ел мен жерінің, қарақан басының, тіпті ет жүрегінің намысы мен кегіне пысқырып та қарамайтын Джон шал қандай бақытты адам еді.
Бойын зорға тіктеп, қарсы алдына мағынасыз көз салғанда Джек және бір сол шамалас жас жігіттің өзіне қарай жүгіре басып келе жатқанын көрді. Екеуі келе сала Шамның тізгініне жармасты, ипподромның шет жағына ай-шайға қаратпай, жетектеп барады. Агба мән-жайды сұраған жоқ, оған енді бәрібір секілді болатын, ит өлген жердегі қорыққа дәл қазір қайта түре қуса да өкінбейді.
Джек аса көңілді, Шамды жетектеген күйі бір топ адамның жанына алып келді, олар мұны асыға күтіп тұрғандай аттан сүйемелдеп түсіріп, қолды-аяққа тұрғызбай жіберді. Араб түк түсінбестен ырықтарына көне берген, ұзын бойлы арық шал Мәкканың бай-батшаларына ғана бұйыратын өз елінің сән-салтанатты киімін әкеліп ұсынғанда ғана таңдана бастады.
- Киіп ал, бүгін Шам екеуіңнің мерейің үстем болған күн, - деді Джек. - Тезірек қимылда, ел күтіп тұр. 
Үш-төрт адам сәйгүлікпен әуре болып жатыр, үстіне оюлы жібек жабуды төгілдіре жапқан, жал-құйрығы таралып, бейдің рамазан тойында мінетін арғымағындай сыландырыпты. Аздан соң Джектің айтуымен Шамға мініп, соңына өзіндей безене, малына киінген бір топ шабандозды ертіп, әлгінде ғана шауып өткен бәйге жолымен аң-таң күйде келе жатты. Кең алаңның орта тұсында тұрған сырнайшы-күйшілер бұл таялған кезде екпінді әуенді әуелете ойнай жөнелді. Сатыр-сұтыр соғылған қол, үсті-үстіне айғайлап, қошемет көрсеткен елдің шуылы, өң мен түсі белгісіз ертегі шақ ішпей-жемей мас қылды.
Агба мұндай құрметті аңсап та көрмеген, өзінің жат жерде осыншалық бағасы артқандығына қалай сене алар, бәлкім, бұл есінен адасқан шығар, мына таңғажайып көріністің бәрі құр елес болып жүрмесін. Әлде Шамның мәреге қатар келген жүйріктен мойны озық болды ма, әлде мына азан-қазан жұрт ақылынан алжасты ма...
Тас төбеде ала бұлтты аспан аударылып-төңкеріледі, қара жер бір тарылып, бір жазылады. Көз алдында сахараның бұйра-бұйра құмды, кенересі кепкен ұлан-ғайыр шөл даласы көшіп барады, Ніл арнасын қақырата қопарып сарқырай тасиды. Баяғыда елге аттанып кеткен мұны жат жерде еріксіз қалдырған арабтар алыстан дамылсыз қол бұлғап, тағатсыз шақырып тұр. Әне, мейірімді аспаз әйел Фатима сүріне-қабына жүгіріп келеді, жүзін жас жуып кетіпті, өзіне қарай құстай ұшпақ болады, бірақ жүрісі өнбейді. Мына пәле қайдан жүр, қатыгез ағаш дайындаушының дәл өзі, түрі әлем-тапырық, біресе кіжіне жұдырық түйеді, біресе жерге тізерлей отыра кетіп маңдайын соққылайды. Шалғайдан сұлу графиняның періште кейпі көзге шалынды, мінсіз ару хор қызындай құлпырып еліктіріп, елітіп барады, алақандай аялы жанарын неге мұң торлады екен?! Ту сыртында әлдекімдер ызың-ызың шулайды, жалт қараған. Париждің араның ұясындай қыз-қыз қайнаған базарының бүкіл тіленші-қайыршылары соңынан шұбырып еріп келеді. 
Екі қапталдағы жұрттың дауысы күшейе түскен. Әлдеқайдан құдіретті үн бәрінің мысын басып, аспанның астын жаңғырықтырып ұран салған.
- Жол беріңдер, иіліп тағзым етіңдер. Жаны жаннаттай таза, дүниені аппақ рауан ниетімен билеген ұлы адам келеді.
Арғымақ пен Агба!
***
Міне, мен олармен қоштаспақпын, қимай қоштасқам. Агба мен артық туған арғымаққа қол бұлғап тұрып, сіздерді мына жайдан хабардар ету мені сәл де болса тыныштандырар деп үміттендім.
Агба да, Шам да өмірде болған. 1710 жылы Тунис бейі Парижге сыйға жөнелткен сегіз сәйгүліктің бірі осы арғымақ еді. Ол ағылшын лорды Годольфиннің даңқын әлемге таратты. Шам мен Роксанадан таралған құлындардың бәрі ерен жүйріктігімен таң қалдыра берді. Қазіргі таза қанды ағылшын сәйгүліктерінің тегі нақ солар болатын. Кейін оның біреуін Россияның князі Орлов сатып алып, орыс желгіштерін өсірді. Ал Шам күні бүгінге дейін Годольфин-Арабиан деген атпен тұлпарқұмар жұрттың жадында ілтипатпен сақталып келеді.
1980 жыл

Автор: