ВЕРНУТЬСЯ

Иа, Алла, тіл-жағыма бергей медет,

Қолдай гөр, Ескелді би, өзің демеп.

Ақсүйек ханзаданың баласы едің,

Кембағал үй артына келді көдек.

Үш жүзге Абылайлап шыққан атың,

Ешкімге білінбеген жаман затың.

Кембағал алдыңызға келді көдек,

Алла жар, білесіз ғой жетім хақын.

Шешенде, тіл шеберде мін бола ма?

Нашардан шығатұғын үн бола ма?

Ақсүйек хан иемнің тұқымы едің,

Бір аттар босағаңнан күн бола ма?

Ассалаумағалейкум, қашаған хан!

«Сегіз жүз сексен екі» жасаған хан.

Рақымың көдегіңе түсер болса,

Аттайтын күн болар ма босағаңнан?

Сонда Тезек ашуланып: «Бұл кім өзі, шаңқай түсте үйімнің артынан келіп, ақырып тұрған? Мені албасты басып жатыр дей ме? Кім де болса, бар, басын кесіп ал!» - деп екі жендетін жібереді. Сонда Бақтыбай:

- Төрені жамандағаным жоқ, мақтадым, жазықсыз

басымды неге алады? Басымды төре алмайды, Құдай алады, - дейді.

Ол екеуі: «Мынау тегін кісі емес екен, төренің алдына апарайық», - деп, Бақтыбайды қолынан жетектеп, үйге алып келеді. Сонда Тезек: «Құдаймен сөйлесіп отырған сен бе, әй, басын ал мынаның», - дейді. Сонда Қожбанбет би: «Алла жар, арызыңды айтшы», - дейді. Бақтыбай:

«Алла жар, Бақтыбайдың жасы құрдас болмағанмен, сөзі құрдас шығар, аз ғана сөйлет, кем болса, басымды аларсыз, тең болса, сөзіңізді қайтып аларсыз, алдыңызға келген пақырыңыздың демін шығармай, бас салып басын алуыңыз лайықты бола ма екен?», - дейді. Сонда Тезек:

«Сөйле, сөзіңнің түрін көрейін», - дейді. Бақтыбайдың төреге бірінші бастап айтқан өлеңі:

О, алдияр, алдияр!

Ақсұңқар құстың алдында

Қаңғырған қарға жарбияр.

Жалайырдағы заман жоқ

Ақынмын деп далдияр,

Төр алдында шалжияр!

Сөйле дедің, хан Тезек!

Сөйледім, міне, тіл безеп.

Қаңғимын деп қу тілім,

Қу жанға келді бір кезек.

Бұйрық қатты, жан тәтті,

Қорқайын дедім түріңнен.

Жоқ еді ғой ешкімнің

Ештемесі бүлінген,

Өлетін болдым тілімнен.

Өлетін халге келгенде,

Бола ма тілім бүгілген.

Бер жағыңнан айтпаймын,

Айтайын, төрем, түбіңнен.

Ақсүйек, бектің тұқымы ең,

Сүйегіңнің міні жоқ.

Абылайдың затының

Естимін, тегі, кемі жоқ.

Жалғыз патша болмаса,

Онан басқа теңі жоқ,

Мен сияқты пақырға

Келместен қысым еттің ғой,

Осы жеріңнің жөні жоқ.

Сарыала тұйғын сен едің,

Сарыала тышқан мен едім.

Сүйенетұғын сен едің

Алтын бұтақ терегім!

Аруақ болсаң, жебегін,

Пайғамбар болсаң, демегін.

Келместен неге жылады

Мендей пақыр көдегің?

Аруаққа келдім, хан Тезек,

Одан басқа не дедім?!

Абылайлап сен келдің,

Ескелділеп мен келдім.

Келмей жатып тергедің,

Елдегі сорлы мен бе едім.

Сізді Құдай жаратты,

Нашарға көзін салсын деп.

Бізді Құдай жаратты

Жақсыларға барсын деп.

Ерентал да айткан жоқ

Жазығы жоқ адамның

Бассалып басын алсын деп.

Бәрекелді, хан Тезек,

Жарлық айттың талайға!

Бақ қонған адам кіреді

Бақытты алтын сарайға.

Ақсұңқардың баласы

Ешкіемер мен батбатқа

Көзін салып қарай ма?

Осы қылған сұмдығың,

Тақсыр-ау, сіздің жарай ма?

Өзіңнің де, менің де

Таразымызды абайла?

Бәрекелді, хан Тезек!

Ләпсіңізге қарасам,

Толмайтұғын қанарсың,

Сәулетіңе қарасам,

Жарық бір жанған панарсың.

Бір кісі барса пейішке,

Қожбанбет би, барарсың.

Бір жетімді ажалдан

Аман-есен құтқардың,

Жаннаттан орын аларсың.

Ақын деген, Алла жар,

Артында жүрген қарға еді.

Төре деген, тақсыр-ау,

Ақсұңқар құс, арда еді.

Сарыала тұйғын сен едің,

Сарыала тышқан мен едім.

Тышқанға көзін салғандай,

Қарғалық затың бар ма еді?!

Сонда Тезек төре:

-        Бақтыбай, сен ақын екенсің, ақындығыңа көзім жетті, маған берген бағаң кем емес, орынды. Мынау ақ Дәнекер Жарылқамыс деген сорлының әйелі еді, сұлулығына мен қызығып, хандығыма бұл қызығып, күшпенен тартып алдым, осы ханымды мақта,- дейді.

Қожбанбет:

-        Бақтыбай, сен бала да болсаң, Ескелді бидің тұқымысың, өтірік айтпа, шын айт, өтірік сөз құлаққа жақпайды, арнасы жоқ жерден су ақпайды. Шын айт, батыр,өмір шындыққа тоқтайды,- дейді.Сонда Бақтыбайдың айтқаны:

 

Биеке-ау, мен барармын шындығына,

Шын айт деп отырсың ғой қолға түскен

Мүсәпір мен сияқты мұңлығыңа.

Дүние-ай, шын-шынынан айтар едім,

Мен байғұс, сорым қайнап, қаламын ғой

Төренің басты алатын сұмдығына.

Айналайын, Алла жар,

Сөзіме құлақ салыңыз,

Сөзіңіз әділ ханымыз.

Халқыңа болды тиянақ

Шығарған әділ заңыңыз.

Сіз - ақсұңқар, мен - торғай,

Қолыңда тұрғай жанымыз.

Сіздікі ғой, тақсыр-ау,

Жинап жүрген малымыз.

Жарайтын сұлу жарымыз.

Адам түгіл, уатар

Қара тасты зәріңіз.

Ауызыңа қарадық

Абақ, Тарақ - бөріміз.

Күшігін жеген қасқырдай

Пақырға жетер әліңіз.

Үйірінен айрылып,

Мәңгіріп жүр кәріңіз.

Кәрілерді қаңғыртып,

Жарасып отыр сөніңіз.

Өзің рұқсат бермесең,

Есігіңнен батпаймын.

Өзің рақым шашпасаң,

Босағанды қайтіп аттаймын.

Қаһарлансаң қарайып,

Сөйлер сөзді таппаймын.

Жазылып кетсең жадырап,

Сен - ақсұңқар, мен - торғай,

Саяңды келіп жақтаймын.

Дәнекердің мен байғұс

Қай қылығын мақтаймын.

Биеке-ау, шынын сөйлесем,

Дәнекерге жақпаймын.

Үйректің жүні дымқыл көлден шыққан,

Жер жеміс жеткізбейді белден шыққан.

Өлсем де Дәнекерді мақтамаймын,

Зарлатып бір момынды, ерден шыққан.

Қыранды қыран деме ізден шыққан,

Жүйріктің нарқы бөлек түзден шыққан.

Биеке-ау, Дәнекерді мақтамаймын,

Секілді бедеу бие бізден шыққан.

Қатыны бір кедейдің Жарлықамыс,

Алды деп талай елге кетті дабыс.

Сирағын өз қойыңның өзің талап,

Қылмайсың, тақсыр төрем, неге намыс?!

Өзіңді жарылқады аруақ шалып,

Қарады хүкіміңе талай халық.

Хан Тезек, ғаділеттен кеттің тайып,

Кембағал күн көреді қайда барып?!

Нұр берген халқыңызға сіз бір жайсаң,

Алла жар, жалған емес, шындықты айтам.

Тақсыр-ау, өте-мөте халқымызға

Заңыңыз мына біреу боп тұр қайқаң.

Тайдырды сізді біраз адамдықтан,

Дәнекер адам емес адалды ұққан.

Міні көп, айта берсем, таусылмайтын,

Сұм жанын семірткен бұл жамандықтан.

Сонда Дәнекер сұлу ызаланып:

- Осы сияқтанған қаңғып жүрген қайыршыға жер-жебіріме жеткізе қазғызып, қасиетті хан дегендегі көрсеткен жақсылығың осы ма! - деп көзінің жасын төгіп,далаға шығып кетеді. Дәнекердің көзінен жас шыққанда, Тезектің кеудесінен жан шыққандай болады. «Домбырамды алып берші, қызталақтың баласы ақын неме екен ғой. Екі ауыз жұмбақ айтамын, шешсе, тірі болады, шеше алмаса, өзі өледі», - деп Тезек домбырасын қолына алады:

 

Жапалақ бүркіт болып түлкі алды ма?

Сары тышқан қоян болып жым салды ма?

Аспанда бұлт пен бу да қаптай көшіп,

Апырай, Айдың бетін кір шалды ма?

Аққу қонған көлдерге

Қаптай қонды шағала-ай.

Ақтұйғын мінген тұғырға

Қарға да қонды жағалай.

Өте шықты дүние

Артына, шіркін, қарамай!

Өтіп кеткен өмірді

Отырмын қазір санамай.

Сен бе едің, бәрекелді, Бақтыбайым!

Бәтшағар, білемісің төрең жайын.

Сен өзің ақын болсаң, осыны біл,

Кім еді толықсыған Күн мен Айың?

Таппасаң екі-ақ ауыз жұмбағымды,

Орныңнан тұрмай, ажал келді дайын.

Ар көріп мұның несін, қызаралы,

Адымдап соққан жерде ұзаралы.

Бақтыбай, ақын болсаң, осымды біл,

Кім еді бәйтерегім мұнаралы?

Бұрынғы көрген күнім бекер болды,

Бұл өзі кетпейтұғын кесел болды.

Таппасаң екі-ақ ауыз жұмбағымды,

Басыңды ақын Тезек кесер болды.

Мен едім Абылайдың хан Тезегі,

Жылқының ұстатпайтын сұр көжегі.

Үстіме таз бен пұшық басып кіріп,

Дүниенің теріс айналған бір кезегі.

Бақтыбай:

Хан Тезек, хан Абылай, Солтаным-ай,

Қақ жарған сансыз топты сырттаным-ай!

Сөзге сөз келгеннен соң айта салдым,

Алла жар, өлемін деп қорқамын ба-ай.

Тақсыр-ау, көзім көріп мақтамаймын,

Күн мен Ай, жалғыз өзің Шолпаным-ай!

Кісі екен ашуланшақ, өр мінезің,

Секілді жынды бота, көрді көзім.

Алла жар, көзім көріп мақтамаймын,

Бәйтерек саясы үлкен - жалғыз өзің.

Қарғадай қалың қазақ нөкер ме екен?

Хан Тезек, бұл сөзім де бекер ме екен?

Тақсыр-ау, орда көшсе, орны қалмақ,

Әлі де қазақ сізге жетер ме екен?

Апыр-ау, шын-шынынан сөйлесем де,

Жетімге тура келген кесел ме екен?

Сонда Тезек:

- Таптың, бірақ адастың,- дейді. Адастың дейтін себебі,Солтан Әділдің бәйбішесінің баласы еді, Тезек тоқалының баласы еді. Жалғанның жарығына шыққаннан екеуі біріне бірі қаны қас еді... Солтан Жалайырдың төресі, Тезек Абақтың төресі еді. Тезек бері таман келгенде, күшпенен Жалайырды да, Абақты да теңдей сұрап отыр еді.Хан Тезек «хан Абылай, Солтаным-ай» деген сөзге ашуланып, мақтаудың ішінде Солтанның аты аталып кетті деп, талағы тарс айрылады. Сонда Солтанды жамандап Тезектің айтқан өлеңі:

Хан Тезек үлкен асқар бел емес пе?

Мұхиттың дариясындай көл емес пе?!

Солтаның қу желқайық болған шақта,

Хан Тезек мың кісілік кеме емес пе?!

Солтаның қу төмпешік болған шақта,

Хан Тезек сары доңғал дөң емес пе?!

Солтаның жерде қалған тері емес пе?

Хан Тезек соғатұғын пері емес пе?!

Солтаның қоңыр тоқты болған шақта,

Хан Тезек басып жейтін бөрі емес пе?!

Адастың айтар сөзден, Бақтыбайым,

Қызталақ, өстіп айтсаң, жөн емес пе?!

Жақсыны жақсы жақтар ма,

Білген жан ойға сақтар ма?

Алтын мен мысты айырған

Жақсыда, сірә, жат бар ма?!

Сонда Қожбанбет би жақсы да демей, жаман да демей,көзінің астынан Бақтыбайға шырай беріп күлімсіреп, құс жастықты шынтақтай түседі. Бақтыбайдың сондағы айтқаны:

Айналайын хан Тезек,

Сөзіңіз сіздің дастандай.

Солтан төбе болғанда,

Мәртебең сіздің асқардай.

Кімнен көрдің кемшілік,

Жайға отырып сасқандай?!

Ханымыздың жанында

Кетпейтін марту басқандай.

Қожа менен молдадан

Алып жүрген хабар көп,

Дүниеге жанған панар көп.

Естуім бар, тақсыр-ау,

Қой пейішке барар деп,

Қай кітаптан естіп ең,

Сегіз сарай жәннаттан

Ит-шошқа орын алар деп?

Сөйлеп едім жөнделіп,

Алдыңызға мен келіп,

Ұстай алмадым, тақсыр-ай,

Ақылыңызды меңгеріп.

Кімнен көрдің кемшілік,

Солтанды адал мал қылып,

Өз басыңды, тақсыр-ай,

Боқ жейтін қуға теңгеріп.

Сізді Құдай алмасын,

Солтанды Құдай қарғасын!

Жаһаннамның түбіне

Солтан таз барып зарласын!

Жаһаннамның түбіне

Сізді Құдай салмасын!

Тозаққа түсіп шыжылдап,

Шыбының отқа жанбасын!

Ләпсімді, тақсыр, тыймаймын,

Сіз үшін жанды қинаймын.

Солтан кетсін тозаққа,

Құлдығым бар, хан Тезек,

Тозаққа сізді қимаймын.

Сонда Тезек:

-        Бақтыбай, сен жеңдің, енді мені жамандап айтшы,-

дейді. Бақтыбай:

-        Алла жар, сізді жамандамаймын, қазақтың бір мақал

сөзі бар: «Ит құтырса, иесін қабады, торғай құтырса,бүркітке шабады, ешкіемер құтырса, айдаһарды шағады,сөйтіп жүріп Құдайын табады» деген. Сізді жамандамай-ақ, үйіме тірі қайтайын,- дейді. Тезек:

-        Жамандамасаң, басыңды аламын!- дейді. Сонда Қожбанбет би:

-        Өзі жаманда деп отырғанда несіне қорынасың, атасы Абылай, Әділ, өзі Тезек, екі сөйлер дейсің бе? Мінін дәл тауып жамандай біл бірақта, - дейді. Сондағы Бақтыбайдың айтқаны:

Мен байғұс көлеңкеден үркіп келген,

Күн екен көздің жасын іркіп келген.

Түрт шайтан түлен ата бүгін екен,

Артымнан дедектетіп түртіп келген.

Бола ма құр көңілдің кірлегені,

Күн бітсе, ешкім тірі жүрмегені.

Тәуекел, датта десең, мен даттаймын,

Құдайдың заты болар бір дегені.

Хан Тезек, аруағыңды іздеп келдім,

Алланың жазғанына енді көндім.

Тәуекел, датта десең, мен даттайын,

Алла жар, таза тыңда, өлдім, өлдім!

...Ішіңе толды арманың,

Сен отырсың діңкілдеп,

Мен отырмын бүлкілдеп,

Еркек қарға сияқты

Маған өтіп зардабың.

Атаң Әділ, тақсыр-ай,

Дария көлдей тайынып,

Зардабы кеткен жайылып,

Сарысудың бойынан

Қайта қуған қалмақты,

Күші жетіп қайырып.

Екі-ақ баспақ алтынды

Жолдасына салыпты.

Үш баспақ толған алтынды

Берместен ұрлап қалыпты.

Сол Әділдің тұқымы

Сен емес пе едің, хан Тезек,

Билеп жүрген халықты.

Керісі Алматының кері емес пе?

Қалмақтың Буырлы, Алтай жері емес пе?..

Қоқитып қолыменен жарылқаған,

Дүние-ай, қайран қазақ мен емес пе?

Ұмытқан шын Құдайын сен емес пе?

Секілді жынды бота елеңдейсің,

Қазақтың алты ауылды демі емес пе?

Абылай аты шыққан Қамбарымен,

Отырсың Абылайдың сен малымен.

Алдыңа ғаріп, міскін жайын айтса,

Құртасың қодаңдаған жанжалыңмен.

Тақсыр-ау, мен де өлермін, сен де өлерсің,

Ақысын жетім-жесір тең берерсің.

Бір сиыры кеткен кісі кебініңді ап,

Екінші ақысы бар ел келгенде,

Жұлдырып төбе шашың, дөңгелерсің.

Бақтыбай да аңлайды,

Шындыққа тілім талмайды.

Орыс деген жұрт келді,

Терезенің көзіне

Тастап кетсең бес теңге,

Бір тиынды алмайды.

Сіздің үйдің қасына

Бір сиырлы кембағал

Қона қалса көрші боп,

Сиырынан айрылып,

Соры қайнап зарлайды.

Сіз тұрғанда, тозаққа

Басқа ешкім бармайды.

Жалғыз тиын шыққан жоқ,

Бәрі олжа алған қатының.

Жақсылықпен зауқың жоқ,

Жамандыққа ауды ақылың,

Жалғыз-ақ Құдай көрмей ме,

Не болар екен ақырың?

Әділетін алса бұ Құдай

Жаһаннамда қор қылып,

Тақсыр-ау, сізге айтпаймын

Орынсыз болар шатылың.

Сонда Тезек төре:

-        Қызталақтың баласы, осынша жаманда деп пе едім,-деп орнынан атып түрегеліп, шабуға ыңғайланады. Қожбанбет би араға түсіп:

-        Хан қайта сөйлемейді, қайта сөйлесе, қара басқаны, -деп дат айтады. Сонда Бақтыбайдың айтқаны:

Құдай-ау, қолға түскен мен бір мұңлық,

Басында болар дедім осы сұмдық.

Өзіңіз айт деген соң, айта салдым,

Тақсыр-ау, емес пе еді бәрі шындық?

Жасымнан талай елге еттім сауық.

Болар деп осы сойқан, қылдым қауіп.

Болғанда сен ақсұңқар, мен - бір торғай,

Тоятың қанар ма екен маған шауып?

Хан Тезек, сығыр Тәңір, не боп кеттің,

Хан ием, ойнасаңшы теңін тауып!

Тағдырдың кім құтылар салғанынан,

Әртүрлі сөз шығады наданыңнан.

Болғанда сен ақ атан, мен - көбелек,

Тарпысаң жаным қалмас табаныңнан.

Хан ұрса, бір қайраны тиер деген,

Әлі де үміттімін қарағымнан.

Төре деген, тақсыр-ай,

Алатаудың бұлағы,

Қазақ деген - бұлақтың

Жағалай шыққан құрағы.

Алатаудың мұрыны

Сеңгір де сеңгір құлады.

Жалғыз лақ ойнаса,

Таудың несі құрады.

Тау құласа, көтеріп

Көк лақ қайдан тұрады?!

Сіз емес пе едің, хан Тезек,

Абақ пенен Тарақтың

Жалғыз жанған шырағы.

Ақыры өлмек болды ғой,

Ашуыңды зіл-залал

Патша Құдай қайырсын!

Мың балықтың ішінде

Сіз де бір нәһән жайынсың!

Көп жұлдыздың ішінде

Көркем туған Айымсың!

Ақыр өлмек болды ғой,

Қу жетім несін тайынсын!

Тақсыр-ау, мұнан қиын кеп бар ма еді?

Ойында мен байғұстың еп бар ма еді?

Кісің түгіл, итіңді жамандайтын,

Тақсыр-ау, мен ғаріпте бет бар ма еді?

Күлкі қылдың, досым жоқ,

Өншең мені дұспанға-ай.

Мүңкір-нүңкір, болдың-ау

Қабырғамнан қысқандай!

Тарғыл мысық болдың да,

Сығып-сығып қоясың,

Тістедің мені тышқандай.

Мақта дедің, мақтадым,

Датта дедің, даттадым.

Келместен жатып қақсадым,

Қанша қақсап отырып,

Жағатын айла таппадым.

Сығыр Тәңір, Құдай-ай,

Қай жағынан жақпадым?!

Сонда Тезек:

- Қожбанбет, мен екі-ақ ақын көрдім, біреуі - Бақтыбай, екіншісі - Қызыл Екей. Не тілеп келіп ең? Бақтыбай, тілегеніңді айтшы, берейін, - дейді. Сонда Бақтыбайдың айтқан сөзі:

Айналайын биеке,

Төременен теңдессің,

Күші қатар шендессің.

Тілейін, тақсыр, тілейін,

Түбінде түгел бермессің.

Бермейді десем, биеке,

Көзің көрмей сенбессің.

Тіле десең, тілеймін,

Шу де десең, шу деймін.

Аларта көзің қарасаң,

Сорым қайнап жүдеймін.

Ұшады менің үрейім,

Хан тілек ет дегенде,

Үзеңгі несін шіреймін.

Бірінші, тақсыр, менің құмғаным жоқ.

Қолымды құмғансыздан жуғаным жоқ.

Алдымен Қашқарлық бір құмған әпер,

Жанашыр сенен басқа туғаным жоқ.

Екінші, тақсыр, менің кәрленім жоқ,

Аларлық каражат күш, дәрменім жоқ.

Бір кәрлен, бір поднос тағы да әпер,

Байлықпен домбыра ұстап жүргенім жоқ.

Үшінші, тақсыр, менің табағым жоқ,

Қунаған дүние тауып қабағым жоқ.

Және бас, және алдияр, және құлдық,

Жалғанда сенен басқа қаразым жоқ.

Төртінші, тақсыр, менің кетпенім жоқ,

Ауғанмен, босағаңнан кеткенім жоқ.

Тақсыр-ау, мұның өзі кішкентай-ақ,

Ойдағы сұрар жерге жеткенім жоқ.

Бесінші, тақсыр, менің қазаным жоқ,

Қазаным жоқ болған соң, бақыр асып,

Үйге барсам, үйімнің ажары жоқ.

Алдымен тоғыз қарыс қазан өпер,

Жалғанда сенен басқа базарым жоқ.

Қырғызды, қазақпенен араласам,

Хан Тезек, әлі сенен озарым жоқ.

Алтын балдақ қылыш бер,

Қынабы болсын сырлаған.

Он алты жасар қыз әпер,

Шашпауы болсын ділдадан.

Алты қанат бір үй бер,

Шиі болсын шымдаған,

Туырлығы болсын тұлдаған.

Алты інген, төрт атан,

Он түйелік үйіңнің

Жүгі болсын ырғаған.

Сегіз құлынды бие бер,

Құлыны болсын шырлаған,

Он екі қысыр байтал бер,

Алтауы жуас, алтауы

Асау болсын тулаған.

Жүз елу қой салып бер,

Оған бір қойшы алып бер.

Қасқыр деген бәле бар

Жүгіріп жүрген жылғадан.

Кез келдім сіздей панарға,

Шөлдеп келген тауықтың

Сусыны сізден қанар ма?

Алты атан өгіз бер,

Шұбарға соқа саларға.

Төрт бұзаулы сиыр бер,

Оны бағып егіншім,

Сауын етіп сауарға.

Алдияр тақсыр, хан төрем,

Түгендеп беріп осыны,

Шаруам түгел болар ма?

Сен байлықпен үдедің,

Мен жоқтықпен жүдедім.

Сол Құдайдан тілейтін

Осы еді менің тілегім.

Күнде жылап Құдайға

Маза бермей жүр едім.

Берсең, тегіс алғаным,

Еліме айдап барғаным.

Қаттылық қылып бермесең,

Бұзауы өлген сиырдай

Құр тұлыпқа мөңіреп,

Босқа шөлдеп қалғаным.

Бермесең, берме, хан Тезек,

Өлтірем дейтін болмасын

Аржағыңда жанжалың!

Сонда Тезек:

- Қызталақтың баласы, жоқшылықтан өлген барлық қазақтың құнын менен сұрап келіпті ғой, - деп жылқышыларына қарап иегін көтеріп қояды. Жылқышылары арқасы алты жерден жауыр, ала шолақ атты ақынның аты осы деп, төренің босағасына әкеліп байлады дейді. Жауыр аттың жауырынан қорек алып жүрген екі сауысқан қасына қона қалады. Мұны көрген Бақтыбай:

Хан Тезек, ниетіңіз мақұл екен,

Аруаққа мен бір келген ақын екем.

Молласы ала қарға сауысқанның,

Шіркін-ай, бәрі әулие, батыл екен!

Келерін Бақтыбайдың білген екен,

Еркімен мұны жайлап жүрген екен,

Осыны Бақтыбайға береді деп,

Екеуі кезек-кезек мінген екен.

Кешегі Абылайды керген мал-ау,

Сорыма менің өлмей жүрген екен.

Тақсыр-ау, ана пәле қимылдап тұр,

Көтеріп құйрық жағын жымындап тұр.

Ей, батыр, сен мінбейсің, мен мінем деп,

Сауысқан сайтанданып қыдындап тұр.

Зардабы сауысқанның өткен екен,

Шыдамай ала шолақ шыбындап тұр.

Тақсыр-ау, ел көрмеген тамашаңыз,

Сауысқан, ала қарға, ала төбет,

Көк қаншық бесеуіміз таласамыз.

Сонан соң біреуіміз қуып кетсек,

Шуылдап төртеуіміз адасамыз.

Бәріміз жарымаған жазған едік,

Қай уақытта тату болып жарасамыз.

Хан Тезек, сұрап келдім сізден сауға,

Құданың қүдіретіне қылдым тәуба.

Келіп ем Абылайдың аруағына,

Салдың-ау бітпейтұғын шылғи дауға.

Хан Тезек, келмей жатып сөккенің бе?

Япырым-ай, мен байғұсты ептедің бе?

Дауласып ала қарға, сауысқанмен,

Дариға-ай, жас өмірім өткенің бе?

Сонда Тезек төре:

-        Менің сендерге әкеліп бер дегенім бұл емес, Дәнекер сұлудың боз жорғасын, ер-тоқымын ерттеп, сәукелесін жауып әкеліп бер, құныкерінің өзін алып қайтпағанымен, мініп жүрген атын алып қайтсын, - дейді. Төре оған қосымша бас жағындағы баспағынан тайтұяқ жамбыны

тастап жіберді. Сонда Қожбанбет күлімсіреп:

-        Қызталақ, төренің есін шығарып, жетім құнын алдың, жарайсың, батыр! - депті.

Бақтыбай домбырасын беліне қыстырып, жүгіре басып шыға келсе, манағы ала шолақ ат босағада әлі байлаулы тұр екен. Ол төреге кері бұрылыпты:

Айналайын, Алла жар,

Ақсұңқар құстың мысалы,

Артында қалған жемтікке

Көз салғанға арланар.

Ақсұңқардың жемтігін

Жеп кетсем дейді қарғалар.

Бұрынғы мен соңғыдан

Осындай қалған арна бар.

Ақсұңқар жемтігіне қарамайды,

Қараса, сұңқарлыққа жарамайды.

Тақсыр-ау, мұнда қалса қос сауысқан,

Еліріп ертең мені табалайды.

Егерде ала шолақ қолға тисе,

Шуылдап оның жанын жаралайды.

Ала аттан ауқат алып жейміз бе деп,

Менің де қайырымды сағалайды...

Хан Тезек, сізден де көп тіленбедік,

Ойдағы сөздің несін үнемделік.

Басында ала ат, боз ат екеуі еді,

Сауысқан, ала қарға - төртеу еді.

Ақ қаншық, ала төбет ергеннен соң,

Осымен кетпеймін бе түгелденіп.

Аруағы Абылайдың үлкен болған,

Ұялып отырмын ғой мен де содан.

Қайтам ба жалғыз атпен сорым қайнап,

Жоқ еді елден келген жолдас-жорам.

Көзіме сіз көріндің асқар бел боп,

Аруағы хан Абылай шалқар көл боп.

Тақсыр-ау, ала шолақ қолға тисе,

Сауысқан, ала қарға, ала төбет,

Көк қаншық көмегіме ергеннен соң,

Ауылға қайтпаймын ба рулы ел боп.

Сонда Тезек:

- Жағың қарысқыр, оны да ал, оны да ал! Бірақ менің екі ханшам сенің көзіңе ілінбеді. Ханшаларымды алдымен екі ауыз мақта, артында екі ауыз датта, сонан кейін құры,- дейді. Бақтыбайдың сол тұрған орнында тапжылмай айтқан сөзі:

Айналайын хан ием,

Көрініп тұрған сен болдың

Алдымдағы жан ием...

Бүгінгі күн сен болдың

Алдымдағы дөп ием.

Шынарға біткен нұр болсын,

Мына бір жалған дүниеде

Сізден озық кім болсын!

Жарлығыңыз, тақсыр-ау,

Екі емес, енді бір болсын.

Қуаныш-шаттық қасиет

Жетіміңе күн болсын!

Ханшалардың, байқасам,

Шашпауы бар ділдадан.

Алтын, меруерт құлағы

Көрінбейді сырғадан.

Сегіз сарай жәннетте

Нұрдың қызы болмаса,

Сендердей болып дүниеге

Адамзаттан тумаған!

Сендердей болып дүниеге

Келген емес күллі адам.

Көргеннің көңілін еріткен,

Күн мен Айдай нұрлы адам.

Сен бір асыл шынысың

Алтын сырмен сырлаған.

Шындықтан біраз сөйлейін,

Өтірікпен болмайды

Шындықты жауып ұрлаған.

Қызыл тілден баптайын,

Орынсыз сөйлеп шатпайын.

Хан иемнің сөзі бар,

Ханшаларды даттайын,

Дәл таптым деп сандалып,

Босқа өтірік айтпайын.

Хан иемнің сөзі бар,

Өкпелеме, ханшалар.

Бір-екі ауыз даттайын.

Тіс кетсе, тілдің кетер қымқыруы,

Болмайды бұрынғыдай ымқыруы.

Дөң желке, шот маңдайлы, топмақ мұрын,

Бола ма сенен артық қыз сұлуы!

Қазақта бір кедейдің қызы болса,

Жайлауға өгіз артып, «өк» дейтұғын.

Ұлтанын башпағының сөгілгенде

Сандалып таспаменен көктейтұғын.

Келгенше жиырма беске, сорлысың ғой

Күйеуге ел қатарлы өтпейтұғын.

Алпыста қатыны өлген шалдар келіп,

Алсам деп тоқалдыққа ептейтұғын.

Ханшалар, хан Тезектен туғаннан соң,

Қазақ жоқ бүгін саған беттейтұғын.

Бетіңді жұпарменен жуғаннан соң,

Беліңді жібекпенен буғаннан соң,

Ханша деп атақ алдың, сығыр Төңір,

Төреден мына тұрған туғаннан соң...