ВЕРНУТЬСЯ

Даусым, саған не болды,
Бұрыңғыдай аңқымай?
Көңілім, саған не болды,
Айдын көлдей шалқымай?
Мінезім, саған не болды,
Қорғасындай балқымай?
Қылаңым, саған не болды,
Жете алмадың атыңа-ай.
Дүние алмадың антыңа-ай,
Бұрынғының айтуы-ай.
Думанды күнім - қалың көш,
Қайырылмай кетті артына-ай.
Қайғылы неден мен болдым
Атадан туған жалқыдай.
Жалы биік жақсы аға,
Заманы бірге бозбала,
Сағындырдың, халқым-ай.
Дүниеде сол қиын, -
Мұңдының жалғыз қайтуы-ай.
Қайтуы қиын мұңдының,
Құриды неге ындыным.
Ара күндік жер еді
Мекен, жайлау құрғырым.
Кішкентайдан бірге өскен
Қайғысы қатты құрбының.
Сағындырып сарғайттың,
Ақсұңқар сынды бұлбұлым.
Көрген бір жайды айтайын,
Мың сегіз жүз сексен төрт, -
Ғаламның тауық жылында.
Таршылық мұндай кім көрген,
Жаратқан, сенің құлыңда?
Аты қатар құрбы деп,
Айта берме сырыңды.
«Жаманнан пәле жұғар» деп
Айта кеткен бұрынғы.
Ерегіскен ит дұспан
Жүруші еді ығымда.
Құрып қалғыр бір мінез,
Кетірдің данқ бұлымды.
Тебінгіден тер өтіп,
Тепсініп қуар күн қайда
Орынсыз кеткен шығынды?
Адам тұтар жер емес,
Көлденең жатқан көк Жайық
Айналасы жырым-ды.
Таршылық басқа түскенде,
Елдегі тату құрбылыр,
Қайратың берген білінді.
Тарылған екен заманым,
Айнала жебе құрылды.
Жебеге шабар ер едім,
Артымда болса тіреуім.
Бұ қайғының кетер ме
Көкіректегі кіреуі?!
Жаяулыө пен жалғыздық -
Азамат ердің жүдеуі.
Аздығым жаңа білініп, 
Қайрыларға ұқсап тұр
Қанатымның біреуі.
Балаған жанға жалғызым,
Азығын жаяу арқалап,
Екі айда келіп көрінді.
Қайғылы күнде сөз сөйлеп,
Тарқатайын шерімді.
Хиуадан келген қызыл нар
Айрылса сәні болар ма
Жалы менен қомынан?
Кемшілік көріп жатырмын
Әкімдердің зорынан.
Шығатұғын күн қайда
Патшаның жайған торынан?
Самаурын ішер күн қайда
Алғанымның қолынан.
Іс айналғай оңынан,
Оңғарса Тәңірім тілекті,
Үмітсіз емен мен дағы
Ісімнің ақыр соңынан.
 Түйедей қылдың шөлдеген,
Терезеден үңілген,
Әділ жаннан түңілген,
Алақандай Нарында
Даңқым көпке білінген.
Жұрт сексен де, мен біреу,
Бір де болса, ер едім.
Байлардың бермен дегенін
Тіземнен қағып жеп едім...
Қасыма ерген жолдастың
Үлеспедім олжасын.
Жылқыдан таңдап біз міндік
Талай жүйрік, жорғасын.
Күндердің күні болғанда
Қайғылы болды өз басым.
Аалы бар ма, қайтейін,
Алшаңдап жүрген Досжанның
Қарағай тесті жамбасын.
Жылқыдан мінген тұлпарым,
Сағынттың түлек сұңқарым.
Арманы бар ма жігіттің,
Осындайда бір көрсе
Таңдап бір сүйген іңкәрін.
Іңкәрлі мұндай қылар ма
Атасы мен анасын,
Іні менен ағасын?
Әттең, бір қапы дүние-ай,
Арманда өтіп барасың.
Мекен етіп біз жаттық
Патшаның мынау қаласын.
Ата-анасы қайғы етер
Әлдилеп сүйген баласын.
Жібермесең, ит төре,
Армансыз еміп қалайын
Шешемнің екі мамасын.
Тайқасқаға мінерде,
Қараңғы үйге жүрерде
Алғаным айтты бір сөзді:
-Қорқамын биыл сенен, - деп,
Аспадым құлақ сөзіне.
Отыз алты жасымда
Тап болдым патша тезіне.
Таңдап сүйген аруым,
Қараңғы үйде жатқанда
Көрінбедің көзіме...
Айрылса көлден ақсұңқар,
 Бұрынғыдай болмаған.
Өткен іске өкінбен,
Бұ дәурен кімнен озбаған?!
Бақыт қайтса, бас тартар
Жылжыған жүйрік жорғадан.
Асыл туған ер жігіт
Тар күнде жолдас қорғаған...
Алты атқа алып бір қылыш,
Шалмадым неге беліме?!
Зиянсыз едім еліме,
Нан пісірдім деміме.
Тәңірі өзіме бергенсін,
Кім келер дедім шеміме.
Шығып бір қонар күн қайда
Қоңырлы байтақ беліме?!
Жазықсыз жала жаптырған
Бегәлі, бәлем, сені ме!
«Көп тілегі - көл» деген,
Қайттың ба, бақытым өрлеген?
Ерегессем, ит дұшпан,
Бар ма еді сиқың көрмеген?!
Ішім толды өлеңге,
Кезінде даңқым шашылды
Жоғары менен төменге.
Қайратыма мас болдым, 
Кемшілік көрген қарындас:
«Қайдасың, достым?» дегенде.
Хакім менен би, төре
Жиналды да ұстады
«Көнбеді мынау» дегенге.
Көнбегенмен не пайда,
Ісім кетті тереңге.
Барғаның сәлем айта бар
Нұғыман, Омар нарыма,
Ер шыдай ма қарына?
Сол екеуі бас болып,
Бір шаппаса арыма,
Қозғалтпастай жөке арқан
Көлденең түсті саныма.
Жау болсаң да, бос байла,
Байлау батты жаныма.
Барғаның сәлем айтыңыз
Іні менен ағаға,
Кемшілік халқым бермесін
Нұрғали деген балаға.
Дұшпаным көзін салмасын
Есіз қалған малыма,
Қайғылы кемпір-шалыма.
Аман ба екен алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Қолға түсіп, қор болдым,
Алғаныма сәлем айт
Біздің елге барғаның.
Ойнамасын, күлмесін,
Бөтенге сырын бермесін,
Дұшпаныма ермесін.
Торға түскен сұңқардың
Кім болжапты ақырда
Келері менен келмесін.