ВЕРНУТЬСЯ

      Қалың шөптің арасында жантайып жатыр едім, білегімнің
астында жыбырлаған ақ құртқа көзім түсті. Сілкіп жерге түсірдім. Жерге түсігі
әлгі құрт бүрісіп біраз жатты да, жыбырлап басын көтерді. Керіліп бойын жазды,
құйрығын жиып, жиырылып кеудесін ілгері итерді. Жатық жерде жорғалап,
шөп-шаламға өрмелеп, азаптанып бара жатты. Жыбырлаған байғұстың сорына кезеген
құмырсқа кез болар ма? Ортан белден бір тістеп, құйрық басын қайқайтып алып
кетті. 

      Сол жағыма қарасам,
екі талдың түбінде торын құрып, түкпірінде шыбын аңдып өрмекші отыр. Қайтер
екен деп мен де қарап отырдым. Өрмекші де тырп етпестен көп күтті. Екпіндеп
ұшқан кей шыбын құрулы торды байқамай, қанатының қырымен сүйкеп өтіп жүр,
кейбірі қона түсіп, торды сезіп, шошып кетіп жүр. Торға шыбын таянған сайын,
өрмекші ұшатын құстай қомданып, оңтайланып қояды. Бір шыбын бой жасаған немеше
ызылдап ұшты. Олай-былай шарқ ұрып торға келіп сарт етті. Талпынды, бұлқынды,
бұлқынған сайын шырматылды. Жаушы-жалам өрмекші де ұмтылды, қона түсті, салды
тұмсықты.