ВЕРНУТЬСЯ

       Мұхтар Есімхан тоғайының
жиегін сүзе кіріп отыр екен. Орманның көптігінен бе, бұл ел қайын мен тал
араласқан жыныс біткенді тоғай деп атай береді. Радиусы он шақты шақырымға
созылған қалың ну да бұл жұртқа тоғай бопты. "Өзіне тартпағанның өзегі
өртенсін" дейді ғой. Мұхтар да ата-бабасының ескі жұртына елден жырылып,
езулеп шыға беретін көрінді. Қалақай басқан бағзы заманғы шіріген байдың
төбе-төбе кеңінің өзінен-өзі үңгіп жанғанына ширек ғасырдан асты. Біреулер оны
киелі қоңыстың сиқырына жорыды, киелі ме, киесіз бе, әйтеуір күл болып шөгіп
бара жатқаны имандай хақ. Бұл елдің түтін иіскемей отыра алмайтын тағы бір
әдеті осындай, бәлкім "түтінге шапқан Шоңмұрын" атануы да бекерден
емес шығар. Мосының биіктігіндей телпиген палатқаның маңы адам мен малға
құж-құж етеді. Әсіресе бая-шаясы шығып жүрген Мұхтардың өзі. Оның басы бұрын да
бақырдай еді, шашы дудырап, самайын жапқан дода-дода үйпалақ бұйра жүннен қазір
тіпті қазандай боп көрінді. Маңдайында әжім сызаты, шүй желкесінен ақ қылшық
жылтырайды, екеуі де бұл жасына үйлесіп тұрған жоқ, мосқалдыққа сәл ертерек
мойынсұнған тәрізді. Қозыларды қуалай-қуалай оның діңкесі құритын болды, ара-арасында
тыныстап әдейі еру боп балағаттап қояды, сосын тағы да жұмыр майы аузына
тығылғандай ырс-ырс етіп, жүгіріп ала жөнеледі. "Өспейтін үйірдің айғыры
қазымыр" дейтін, амал қанша мәтел де өтірік айта береді, Мұхтар да мал
бағып бір семья емес, ел асырап отыр. Ол манадан ұстатпай діңкелеткен көк
марқаны сирағынан дырылдатып әкеп, Қиюбайдың алдына ыңқ еткізіп бір ұрды:

-        Әй, профессорлығыңа болайын,
дәл осы арам қатқырдың бұйрегіне пышақ тығып алшы, мына жалақтап отырған жұртқа
ас болсын!

-        Сосын
акт жаса деп жабысасың ғой?!

-        Кімге,
қанша акт жасап едің?!

-        Оны
сенен сұрамаймын, бір отардан түк таппағандай, сүтке жарымай тулақ боп қалған көк жасығыңа пышағымды да
былғамаймын.

-        Ендеше
қара сиырдың сүтін қанағат етесің.

-        Қатының
бір сауады, өзің бір сауасың, ол аша мүйізің де қаншамызды қарық қылар дейсің.

-        Әй,
дауды доғарыңдар! Күн ысып барады! - деп анадай жердегі ағаш көлеңкесінде қозы
тартып жатқан Бөкем айғай салды.
Сосын қолындағы әлгінде ғана сылынған безбен екеуін екі ұрды. Мұхтар шықшытына
шылп ете қалған жұмыр етті
әлдекімдерге жібермек боп ұмтына беріп еді, манадан
қас қақпай аңдып отырған көк төбет одан бұрынырақ қағып әкетті де, қылғып
салды.

-        Таласып
қалмаңдар, - деді Қиюбай, Көк төбет шынында қуа жөнеле ме дегендей, қашықтап
барып отырды да, жаланып-жаланып
қойды. Қиюбайдың қолындағы жалақтаған сқальпельден көз айратын емес.

-        Әй
бропесір, нешеуін сьшыдың? - деді Бөкем Қиюбайға.

-        Елуден
асып кетті-ау...

-        Е,
оның дұрыс қой, әйтпесе бропесір деген атақты тегін бердік пе саған.

-        Қайбір
өндіріп жатыр дейсің, - деп екі ортаға Мұхтар қыстырылды. -Бұл
қу кіл сыңар ендісін таңдап пішеді.

-        Әкесі
сыңар деуші еді, талғамнан адаспаған екен, -деп Бөкем оны қағыта күлді. Жұрт та
қиық-қиық етіп, Қиюбай қаруын қайтара
алмай қалды. Енді оқтала бергенде, Мұхтар тағы бір қозыны алып ұрып, оған:

-        Сөзді
қой, уыста! - деп әмір етті. Бұл
еддің үлкен-кішісіне тән таусылмайтын осындай әзілі де бар... Қашаннан бері
десейші. Бірақ оны кім біліпті. Әйтеуір аштықта да, тоқтыта да, еріккенде де,
еңбекте де қалмай келе жатқан бір салты, қуаныш үстінде де, кейде тілті мұң
жамылып отырып та бірін-бірі қағытып жатқаны: жаратпағанын мінеп-сойып кекетсе
де, жақсының мерейін асырып, жылы лебізін білдірсе де, әзіл-оспаққа жүгіреді. Онда
тек әзіл ғана емес, көп ретте түйдей-түйдей шыңдық та жатады. Сол шыңдық пен
әзілдің тірі энциклопедиясы анау Бөкем сияқты көк бұрыл шалдарымыз, солардың етегінен
ұстап, ес білгелі бері ыстық-суықта соңынан еріп келе жатқан інілері мен
бала-шағасына да жүрнағы жұғыпты. Бұл да бір атадан қалған мирас қой...

* * *

       Бұл колхозды алты таздың ауылы
деуші еді. Төрағасы -ойма таз, оның орынбасары - айна таз, қой фермасының бастығы
- қима таз, жылқы фермасының бастығы - желке

таз, сиыр фермасының бастығы - қырма таз, алтыншы тазды айтпай-ақ қояйын.
Көптің ішінде алты таз деген сөз боп па, тәйірі. Бірақ соғыс кезінде осы
алтауынан басқа азамат

та қалмапты ауылда. Шағын қыстақтан жүзден астам адам фашистерге қарсы
қолына қару ұстап аттанған екен. Бүгінде санап отырсақ - қайтып оралғаны
төртеу-бесеу-ақ. Қазіргі дырдай азаматтардың бәрі әке көрмей өскендер. Сол
дырдай азаматтардың көңіл түпкірінде жетімдіктің шер боп қатқан мұны да бар
шығар. Бірақ, бір ғажабы олар әке жасына жетсе де әкелер туралы тәтті қиялмен,
мөлдір сезіммен көкірек жылытып, солар туралы жақсы лепесті көңілде сақтап келе
жатқаңдығы. Арамтамақ боп алақан жаюдан кеткелі әкені көргендермен үзеңгі
қағыстырып, қатар еңбек етіп, бір шекпенді бірге жамылып, солармен замандас боп
бірге өскендігі. Қазір де әкені көргендердің бас-аяғынан тәлім іздейді, казір
де әкені көргендердің қас-қабағынан жылы мейірім күтеді, әр семьяда бірден
болмаса да бір ауылда бес-алты "патриархтың" барлығына қуанады. Айғайшы
көсемдердід көш басы осы Бөкем, былайынша айтқанда, Бозжігіт. Үлкенге де,
кішіге де инабатшыл, ауылдың атқойғыш әйелдері "сенатар",
"ысполком", "прседәтіл", "депутат" деп, қасына
"қайным", "қайнаға" деген тіркестерді қосып ап соға береді,
біреудің малы ауыра қалса, "әлгі сенатар қайнымды шақыра қойшы",
өлген сиырына акт керек болса, "әлгі депутат қайныма жүгіріңдер",
бағзы біреу пенсия үшін еңбек стажын санатса, "әлгі прседәтіл қайным біледі"
деп, туған жылын ұмытып қалған кемпір-сампырлар да, "әлгі ысполком қайным
жыл қайырып берсінші" дейтіңдері бар. Сондағы "ысполком қайнысы"
"қылшылдаған" алпыстың үш-төртінде. Қысқасы, әркім қажетіне қарай,
әркімнің үйреншігіне орай шалымның сан мамаңдығын түптеп қазып тауып ала қояды.
Бөкем бұл жасына дейін ел-жұрттың қажетін өтегеніне мәз, көңілі де баяғыдай,
бізге де сол баяғысындай Бөке боп өзгермей қала беріпті.

        ...Бөкем соңғы қозының безін
сылып тастады да, белін жазды. Қоңқайдың сағал-сағал сабалақ қарағайлы жотасына
шөгіп бара жатқан күннің қызғылт табағына бір қарап ап, оты қашқан ақ селеу
төбешіктей аламыш-аламыш көк бурыл басын сипап қойды. Дөңгелек-дөңгелек ойма
жылтырда ойнақ салған қызғылт сағым басының аламышын молайтып, қайратты сирек
шашының ақ бозғылт қылшықтарын онан сайын тікірейтіп жіберген тәрізді.

- Шаш өсіп кетіпті-ау, осы бес тал қылшықты сыпыртып тастауға да уақыт жоқ,
- деп жымия езу тартты. Қиюбай да оған қосыла күлген боп еді: - Неменеңе
ыржаландайсың? Менің таз екенімді бүгін көріп тұрғандай болғаны несі-ей! - деп
сүс көрсетті. Бірақ ежелден ызғар шаша білмейтін жылы жүзі көңіл түкпіріндегі
қалтқысыз қылжағын сездіріп қойды, езуіндегі күлкісі, қоңыр қой көзіндегі әзіл
ұшқыны да баяғысындай, жымиған сәтте ойнақшып тұратын қасқа маңдайындағы
тобықтай шоқырайған бұлтығы да (бала кезінде әкесі Құндақ тобық жұтқызыпты дейді,
шын ба, өтірік пе, оны өзі де білмейді) бүлк-бүлк етеді. Ол іргеде ағып жатқан
арыққа да бармай, әдейі қиястанып:

- Әй, жүгермек, бар, кол жуатын су өкел, әйтпесе төбенді ойып аламын! - деп
қасында тұрған Қиюбайдың құлағынан бір созып, жүгіртіп жіберді. Сосын кептіріп
қойған терліктің үстіне тізе бүкті де, құман іздеп жүрген Қиюбайға тесіліп ұзақ
отырып қалды; тағы да басын сипады, тағы да жүзіне күлкі ойнап шыға келді.
Жанарында болымсыз кіреуке, мүмкін шаршағандықтан шығар, әлде мынау күңгірт-салқын
көлеңкеден болар. Ол маған тағы да баяғысындай көрінді. Осы бір баяғыда да дәл
осылай бізді бағып, тесіліп отырып алатын еді...

       Жұрттың ауылдағы алғашқы
көрген коммунисі Бөкем. Оның басынан бақайшағына дейін коммунист деген
әңгіме бар. Болса болар. Бөкемнің бір
баласының аты Социал, екіншіеінің аты
Демократ. Ал үшіншісі дүниеге келгенде мұның
атын коммунист деп неге қоймадыңыз деген жұртқа: "Бұл неме коммунист бола ма, жетесіз ынжық бола ма - оны

кім біліпті, оған жақсы есімді әзірге қор қып қайтеміз", -депті. Ол
коммунист деген атты өзінің туған баласына да қимаған. Ол баяғыда ветсанитарлық
курсты бітіріп, сонан "сенатар" атаныпты. Одан ауыл совет болып
"ысполком" деген лауазымға ие болған. Кейіннен он жылдан астам колхоз
басқарып, "прседәтіл" деген титулды тағы да қосып алды. Осыдан екі
жыл бұрын сонау отызыншы жылдың бас кезінде ұмыт болған "сенатар"
атағын жұрт тағы да қайтарып беріітті. О бастан ел үшін еңбек етіп, ел үшін
өмір кешіп келе жатқан адам. Әлі күнге ел ішіне жаңа көшіп қонған отау үй тәрізді
төбесінде қалқайған қара шаңырағы болмаса, көлденең артық шырпы жимаған пенде.
Рас, баяғыда ірі қарадан соқтадай шолақ тайынша айдаған екен, онысын отызыншы жылдардың
басында, ауыл совет кезінде әлдебір қаскөйлер үй-мүлкімен, қора-қопсысымен
өртеп жіберіпті. Онан кейінгі, біз білетін қырқыншы жылдардың ішінде,
председатель шағында балалардың ағы үшін ортадан бір жаз үш ешкі сауып еді, оны
да қас қылғандай тапа-тал түсте қорасынан қасқыр жарып кетті де, орнына торпақ
өткізіп, колхоздан зорға құтылған. Сонан кайтып оған тігерге тұяқ біткен жоқ.
Сонан қайтып ол мал-жан деп жан қинаған емес. Бірақ күні бүгінге дейін мал
соңында келеді, көптің малын бағып келеді. Жұрт құрметтеп, жасы жеткен соң
пенсияға шығарған екен, шаруаға үйреніп қалған қайран көңіл тыншымай, он күннен
кейін атқа қонып, өзінің "сенатарлық" қызметін інілерінен тартып алса
керек.

         Жаз еді. Жаздың ми қайнатқан
талмауыр ыстығы еді. Бөкем шаңдақ атыздың үстінде Құзарханды ат бауырына алып
жүріп сабады. Оған да қолының айызы қанбағандай етпетінен жығып сап, жон
арқадан бой-бой қып қамшымен тілді кеп. Жұқа шыт көйлек быт-шыт болды,
қан-жосасын шығарып сойып тастады. Аңда-санда:

-        Сен әкенді қанжығаңа байлап
жүретін бе едің? Әкенді сенің! Мә саған, әке керек болса!.. - деп күбірлеп
қояды. Егер шоқалақ арбасын шиқылдатып, тракторға май таситын Рахым шалымыз ара
түспегенде өлтіретін де еді. Томардай қатпа қара шал қамшының астына кіріп
кетті де:

-        Ақбас таз күшігендей
далбақтаған қыршаңқы неме, сен де кісі сабауға жарап қалғанбысың?! Саба мені! -
деп бажырайып тұрып алды. Жасы үлкен адамнан қаймықты ма, ол қамшысын сілтерге таяп
біраз мелшиіп тұрып қалды да, қан-жоса болған баласын

шандақ атыздың үстіне топырақ қаптырып, илеп тастады да, атына мініп,
шөпшлірге тайып отырды. Рахым шал оны сыртынан қарғап-сілеп, аузына түскен
балағаттың бәрін айтып түгесті де, әбден түкірігі кеуіп, шаршап-шалдыққавда
барып талып жатқан Құзарханды арбасына салып ап, ол да зытып отырды. Жұртта Мұхтар,
Қиюбай үшеуіміз ғана қалдық. Біз, Мұхтар, Құзархан, Қиюбай төртеуіміз пар
жыртып Қарасудың бойында жатқанбыз. Үлкеніміз - Бөкемнің тұңғыш баласы Құзархан
он төрт - он бес шамасында, кішіміз тоғыз - он жасармыз. Мұхтар соқа ұстайды,
Қиюбай екеуіміз көлік айдаймыз: "погоналшік" деген дырдай-дырдай
атымыз бар, Құзархан борана тартады. Жеккеніміз кіл тентек тайынша, ортасында
шолақ қара сиыр бар, қысыр да болса бір шайлық сүт береді, оны суалтпай жүрген
Қиюбай.

         Бір күні жұмыс басына
саржанын арқалап, жыртылған жерді өлшеу үшін учетчик Құлшан келе қалды. Астыңда
қылтылдаған асау тайы бар екен. Құзархан келе оның тайына жармасты. Бір мініп
түсейін дегенге қасарысып, Құлшан да міз бақпай тұрып алды. Құзархан ары
айналдырып, бері айналдырып, ақыры көнбеген соң:

-        Өмірі тақымыңа ат тимеген қу
жетім, жетісе қалған екенсің! - деп сирағынан алып, аударып тастады. Асау тай қолдан
шыққасын құйрығын тігіп ап, ауылға бір-ақ тартты. Жетімдігін айтқасын ба,
басынғасын ба, Құлшан жерді де өлшеместен кемсендей-кемсендей:

-        Бәлемді, әкеңе айтып жазанды
тартқызбасам ба! - деп кіжініп кетіп еді. Бөкем жұмысқа ең алдымен өз
семьясының, ағайын-туғанының тайлы-тұяғын қалдырмастан қуалап салатын. Өз семьясын,
өз туғандарын мүсіркеп көрген емес, зауал ең алдымен соларға төнеді де тұрады.
Екінші бір қасиеті, соғысқа кеткен азаматтардың артыңдағы жетім-жесіріне тіл тигізген
үлкен-кішіге кешірім жасамайтын әдеті. Пәленшені түгенше жәбірлепті, түгенді
түгенше ұрып, қорлапты дегенді естісе, сонау ауылдағы кеңсесінен алыстағы қара
қостың басына жирен шолағына мініп ап, салып-ұрып жетіп келеді де тұрады. Онан
қашып та құтылмайсың, алдап та қулығыңды асыра алмайсың. Құзархан да бұл жолы
өзінің асы тілінен тартқан еді...

         Күн қайтқан. Қара сулы
шалшықтың маңын маса буатын мезгіл таяды. Біз түтін салуға бұрынырақ жүгірген
едік. Қара қостағы Құзарханның орны үңірейіп-ақ қалыпты.

Қиюбай көлеңкеде сиыр сауып отыр, қара сиыр онан басқамызды маңайына
жолатпайды. Күні бойы жегіп, бұрлықтырып тастаған аш жануардан не шықсын, шелек
түбіне шырп-

шырп етіп анда-санда бір тамшы шашыраған болады, оның үстіне бөгелек буып,
қара сиыр тыпырлап жаны шығып барады. Қиюбай сонда да құр теріні сөзіылап, оның
бауырына кенедей жабысып қалар емес. Мұхтар жаңа ғана "ұрлықтан" оралған.
Көк бидайдың масағын жұлып әкеп, соны үгіп жатыр. Мен шөмеленің үстіне шығып
ап, қарақшыда отырмын, қорықшы біреу-міреу кеп қалса, Мұхтарға сыбыс бере қою менің
міңдетім болатын, ара-кідіріс қамыттың үзілген құлақ- бауын жамаған боп қоям.
Тамақ шіркін жақын ғой, жаңағы бір сәттегі Құзарханның жеген таяғы да естен
шығып, біріміз

масаққа, біріміз сүтке жүгірдік, қыңқылдап, қашан болар екен деп телміріп
отырған менің түрім мынау. Ертеңгісін бригадир әкеп тастайтын үш-төрт литр
абраттың көк су айраны, арпаның жалғыз қадақ құрғақ талқаны әлдекашан өңештен
өтіп кеткен, оның үстіне асы айранды таздың басына құймасаң, ішуге онша көңіл
де шаба бермейді- ау, арпаның қауызды талқанына қосылған соң көкіретіңнің басын
тіліп түсіп, аузыңа қара суды лықсытады да тұрады. Соның өзінде де, күні бойы
шаң жұтып, топырақпен алыссақ та бір литр айран мен жарты қадаққа жетпейтін
қара талқанды өтей алмай, төртеуіміз де колхазға дебитор боп жүрміз. Жалқаумыз
ба, жоқ мешкейміз бе, әлде колхоздың айраны мен талқаны қьмбат па, әйтеуір осы
арасын түсінбей-ақ қойдық. Мұнысын қойшы, жалғыз біз емес дебиторлар толып
жатыр, оның ішіңде еңкейген қарт та, екінің біріне келмеген бала да бар.
Бәрінен жаманы, соңыра көкек айының созылмалы ұзын сарысы келген шақта
қысылғаннан дорбанды қолгығыңа қысып, колхоз кеңсесіне барасың, сонда бухгалтердің:

- Саған немді берем, дебитор
жолдас?! Мойнында пәлен литр айран,
түген қадақ талқан бар, - деп тамам жұрттың ортасында
күлкі қылатыны өтіп кетеді-ау. Босағадағы ыстық пешке құйрығыңды қақтап ары
тұрасың, бері тұрасың, үстіңдегі
тәйтеріңнің артқы қапталы қаудырлап, сақыр-сұқыр ете бастағанда дорбаңды көрсетпеген күйі, көзің жасаурап есікке ұмтыласың. Сонда ең алдымен
көңіліңе оралатын нәрсе: "Ағайларым
болса ғой, есікте телміріп тұрмаймын. Соғыс болмаса
ғой, бү кеңсеге бас сұқпаймын, дебитор да болмаймын".. Бір жетімектің
есіне соғыста жүрген иә хабарсыз кеткен әкесі, бір жетімектің есіне қан кешкен
ағалары, ағайындары түседі. "Әттең соғыс бітсе ғой... Әттең фашистерді жеңсек қой..."
Ол кезде үлкенніңде, кішшіңде көкірегінде осыдан басқа арман жоқ еді, осыдан
басқа тілекжоқ еді. Фашистер жеңілсе, бүкіл азаматын түгел санап, қайтарып
алатындай болатын, соғыс бітсе, бар ұжмақ бір-ақ күнде орнайтындай көретін.
Соғыс бітті, фашистерді жендік, бейбіт заман да келді, бірақ ел ер-азаматтарын түгел санап ала алмады, олардың орны
толмады-ау. Олардың орны артыңдағы ұрпағының көңіл түкпірінде толмаған кетік боп қалды, ол кетікті мұңмен ғана толтырды,
Бөкемнің жетімектерді жұбатын айтатын: "әкең де
келер", "көкең де келер" дейтін көп сөзі далаға кеткендей болды,
ол балалары мен інілерінің біразына өтірікші болды. Бірақ оған Бөкем кінәлі ма? Оған жетімсіреп, дорбасын
қойнына тығып, есіктен жыламсырай шығып бара жатқан кінәсыз сәбиді тоқтатып,
көңілін жұбатуы керек, оның ұсына
қоятын кәмпиті де жоқ, онын кәмпиті екі-үш қадақ арпа, әйтпесе төрт-бес қадақ ақ сұлы. Әңгіме төрт-бес қадақ ақ сұлыда емес. Бөкемнің қалтықсыз
көңілінде еді. Ол әуелі біздерді
қасына шақырып алатын, сосын орыңдыққа отырғызады да, басымыздан сипайды. Бұрын
көрмей жүргендей: "О, біздің
пәленше азамат боп қапты-ау" деп қояды. Немесе саған ұзақ тесіліп отырып
қалады. Оның да қоңыр қой көздеріне
мұң үйіріледі, маңдайының әжімі молайып, бір сәтке ол да кішірейіп, шөгіп бара жатқандай болады. Іштей сені мүсіркейтін болар, аяйтын болар, оны
сен сезесің, сезесің де онан сайын
жылағың кеп, көзіңнің шарасы ысьш жөнеледі. Кейде Бөкемнің аламыш басындағы өртеңнен қалған шоқ-шоқ селдір бұтадай
айдым-ойдым сирек шаш таздан түскен емес, ойдан түскендей көрінетін. Бөкем
тағы да саған бұрылады, тағы да сенің басыңнан сипайды. Сосьш қасындағы адамдарға әскерде жүрген әлдебір азаматтар туралы есінде қалған қызықты
оқиғаны айтып кетеді. Әңгіме кебіне
біреудің ерлігі, біреудің адамгершілігі жайында
болатын. Сенің көңіліңдегі жабырқау сезімді ұмыттырып барып, әлден уақытта
бухгалтеріне:

-        Әй, пәленшеке, бү балаға бірдеңе
босатайық. Азамат боп қапты ғой, келер жаз жұмыс істеп өтей жатар, әскердегі азаматтар
келгенше осы секілді дындай-дындай жігіттер көмектеспесе, колхоздың шаруасын
кім тындырады? - деп қопақардай қылатыны бар. Осы сөзін растағысы келгендей: "мұны
кімге жазамыз, шешесінің мойнына жазамыз ба, әлде әпкесіне жазсақ па екен"
деп бізді қоңылтақси бастаған бухгалтеріне:

-        Өзінің фамилиясына, өзінің
мойнына жаз, дебитордың спискісіне кіргізесің де, ал астық босатқанда
менсінбейсің, ә?! Жоқ, ол болмайт, болмайт, - деп көз қысады. Өзіміздің
мойнымызға жаза ма, басқаның мойнына барып қона ма, оны кім білсін, әйтеуір
жасымыз кәмелетке толмай жатып-ақ, атымыз еңбек книжкасына бұрынырак кіргені
рас.

Дорбаны қолтығыңа қысасың да, тау қопарып тастағандай үйге келесің. Тағы да
дебитор болғаның есінде жоқ. Дорбадағы арпа ма, сұлы ма, оған да қарап
жатпайсың. Әйтеуір кәмпит соратын кезімізде арпа мен сұлыны қанағат қылғанымыз
рас.

     Бір жылы жаз кұрғақшылық боп,
егін мен қартоп күйіп кетті. Қыс сақылдаған сары аяз, әрі ұзаққа созылды да, ел
ішінде кейбір қораш семьялар бір уакқа қазанға салатын асқа қысылды. Бөкем
жұрттын. ағына қарап отырған жалғыз сиырын сойғызбаймын деп жазға салым әскер
семьяларына тұқымдық бидайдан ептеп қажақ-құжақ астық босатты. Сола-ақ екен:

- Ойбай, ауданнан пркрол келіпті, соғысқа сабатаж жасадың, тұқымдық бидайды
әдейі талан-таражга салдың деп Бозжігітті соттатамын деп жатыр, - деген әңгіме
гу ете қалды.

Оның себебін әркім әртүрлі түсіндіріп жатты. Біреулер: "Пркрол соғымға
мал сұраған екен, Бозжігіт жейгін ауыз бізден де табылады, саған бергенше бір
талшықтан болса да әскер семьясына таратпаймын ба, қанжығаңа байлайтын малым
жоқ деп қоржынын бос жіберігаі, сонан өиттескен екен", - десіп жүрді. Енді
біреулер: "Әлгі председательдікке таласатын пәленше екен бар ғой, сол
көрсетіпті, пркролдың аузына май құйып, айдап салыпты" - десті.
Өтірік-шынын қайдам, әйтеуір жарты жылт бойы Бөкемді күн сайын ауданға сүйреп,
күнде жауап алып, әуре-сарсаңға салғаны бар. Ауыл іші күнде гу-гу әңгіме. Әскердегі
азаматтардың артындағы жетім-жесірлер тағы да бір арысынан айрылып, тағы да
жетімсіреп қалатыңдай боп еді, ақыры " бала-шағаның көз жасына" аман
қалды. Қалай құтылғаны жайында Бөкем күні бүгінге дейін еш пендеге сыр етіп айтқан
емес. Қатын-қалаш, шал-шақпұттар көп уақытқа дейін оған сыртынан разы боп:
азаматым-ай, пркролына барыпты да, билетін суырып ап, "мені адам қылған
осы партбилет, мені су түбіне жіберсең де суырып алатын осы партбилет" деп
тайынбастан қасқайып тұрып апты десіп жүрді.

       ...Қиюбай қара сиырдың емшегін
созғылап-созғылап әйтеуір бақыр түбін аққа шылап ап келді. Мұхтар үккен масағьш
шала қуырып, қостың ішіне апарып тықты да, қара бақырды қайтадан алып шықты.
Сосын шолақ сиырдың ертеңгі, түскі, кешкі сауынын қосып, отқа апарып қойды. Шіркін,
енді сүттенген көк бидайды шала қуырып, аузыңа бір уысын тастап жіберіп,
анда-санда қоймалжың сүттен бір ұрттап қойып отырсаң-ау!.. Бірақ Мұхтар мен
Қиюбайдың баптанбайтын кезі бар ма, екеуі тыраиттанып отырғанда, аяқ астынан
тағы да Бәкем сап ете қалды. Ол қанжығасынан түсамыс алды да атын түсап, отқа жіберді.
Соған қарағанда әзір кете қоятын түрі жоқ сияқты. Ол алғашында бізбен
сөйлеспеді де. Қабағы қатыңқы екен, бірақ манағы ашудың ізі қалмапты, шаршаған
адамның кейісті реңі ғана бар. Ошаққа үңілді, сосын біздің әрқайсымыздың бас-аяғымызды
шолып шықты. Мұхтар ұрлығымды сезді ме дегендей, қипақтап қос ішіне кіріп
кетті.

-        Мынау сиырларды неге қаңтарып
қойғасыңдар? Жіберсендерші енді, шыбынға талатқанша оттасын да, - деді ол. Біз
тайыншалардың бас жібін ағытқанша, Бөкем ошақ

басына жайғасып та үлгеріпті; әредік-әредік ызындаған сары масаны қолымен
жасқап қойып, кепешінің астынан басын қаси береді.

-        Шыбын екеш шыбын да менің
басымның ой-шұқырын тауып ала қояды, - деп жымиып күлді. Әлденеге ұрсып тастай
ма деп қипақтап тұрған біздер Бөкемнің түсі жылып, аузына сөз түскен соң
біртіндеп жер ошақ қасына жақындай бастадық.

-        Мұхтар, менің қанжығамды
суырып әкелші, - деді де, қалтасынан бәкісін алды.

Ол жалықпай ұзақ отырып қанжығадан таспа тілді. Бұрыш-бұрышын қырнап,
әдемілеп баптап алды да, шикі қайысқа үшкіріп-үшкіріп қойып, қамыттың үзіліп
қалған құлақбауын жамады. Бөкемнің қамшы, шілия өретін, етік тігетін де
ісмерлігі бар дейтін, ескі кесібін есіне алды ма, жоқ, әлде бізге көмектескісі
келді ме, құлақбаудың әр үзігін нәшіне келтіріп отырып, таспаның тігісін
жатқызып сілдіре отырып құрап шықты, аяғына салып тартып та көрді, енді үзілмейгініне
көзі жеткесін ғана от басынан былайырақ жиып

қойды.

-        Қамыт-саймаңдарыңды күнге
тастамаңдар, қайыс деген тозып құрымайды, күнге қурап үзіледі. Күнде мал сойып жатқан
заман емес, қайысты қайдан табамыз, - деп "осы

сен ересекгеусің-ау, саған айгьш отырмын" дегендей Мұхгарға бұрылды.

        Күн тау асып қонақтап қалды.
Самал тұрды, желдің де тынысы кеңіп қалған тәрізді, салқын леп ошақтағы үлпек күлді
қуалай, оттың көзін ашып, төбемізде әндетіп жүрген

ашқарақ масаның үйірін азайтып ап кетті. Өзен бойынан дарқ-дарқ еткен тарғақтың
даусы естілді. Қарсыдағы қалың қоғаның ортасынан батпақ жасауылы - тырналар да
екі-үш рет қику сап қойды. Мұхтар қос ішіне бір, бізге бір жалтақтап
шыдамсыздана бастады. Бөкем құлақбауды жамап болып, тағы да үнсіз отыр.
Тырс-тырс еткен от ұшқынынан көз айырмай, қызыл жалынның бозғылт сары
сәулесінен әлденені іздегендей телміріп қапты. Тісіне бидайдың бір тал сабағьш
қыстарған. Ол темекі тартпайтын, арақ ішпейтін, қолы босай қалса бір тал шөпті аузына
апарып қыстыра қояды да, соны ары ширатып, бері ширатып ермек қылатын әдеті.
Біраз жыл бұрын тыңқылдатын домбыра шертіп, ептеп ән салатын еді, соғыс басталғалы
бері оны да қойып кеткен. Арақ демекші, бір рет масс болып, жылағаны есімде
қапты. Күз, бұлттың реңі бұзылып, әне-міне қар бүркейін деп тұрған шақ. Ағаш
мылтық асынып, мектеп ауласында әскер ойынын ойнайды да, он - жиырма шақты
күннен соң лек-лек боп ер адамдар соғысқа аттанып жатыр. Бөкем жирен

шолағын жеңіл трәшпеңкеге жегіп, інілерін біраз жерге шығарып сап отыратын
әдеті еді. Сапар сайын кіл бала-шағаны арбасына тиеп ап қайтатын, аламыш болса
да ақ кірмеген басы жарты жылдың ішінде көк бурыл тартып шыға келді, сапар
сайын бір талы оңса да сонау бір күзде ерте түскен Алтай биігінің көк
мұздағындай аяқ астынан самайы қырауланып қалды. Бірде ол топ жігіттерді
Жаңатілек аулына дейін әкеліп, әрқайсымен құшақтасып қоштасты.

-        Бөке, біз қайтып оралғанша бү
немені аузыңызға ала қоймассыз, оған уақыт та табылар деймісің, кел, тартып жіберелік,
- деп жігіттер кеу-кеулеп, оны ерік алдына қоймады. Сонан қасқа түстің әлетінде
басталған қоштасу, бесінге дейін созылған болар. Бөкемнің арбасына кіл
жетімектерді жинап сап беріп, қарға адым ұзай беріп кезек-кезек қайтып келеді
де:

-        Бөке, анау сумұрыңды өзіңе
тапсырдым, жауды жеңіп келгенде өз қолыңнан табайын, - деп бірі кетсе:

-        Бөке, - деп екіншісі жетіп
кеп тұрады, анау су-мұрыңды...

Бірі баласын тапсырады, бірі анасын тапсырады. Бәрінің жауапкершілігін,
бәрінің қамын Бөкеме тапсырады. Қан майданның төрінде қаза тапқан сол бір асыл
жандардың бет-жүздері көз алдымызда бұлың тарта бастағанмен "Бөке!.."
деген дауыстары құлағымызда қалыпты. Бөкем былай шыққан соң арбаға етпетінен
түсіп жатып алды да, еңкілдеп жылады-ай кеп, сонан ауылға жеткенше сора-сора
көз жасы тыйылсайшы, өзінің опат болған жалғыз інісі Данашты да есіне ап қояды.
Біз дардай адамның көз жасын сонда көрген едік. Үжен-кішінің көз жасы көлдей болған
уақыт та. Солардың бәрі де мас болды деймісің, шеру тартқан азаматтардың
көбінің қайтып оралмасын сезген де. Қабырғаны қайыстырған қайғылы шер көз жасы
боп төгіліпті ғой...

   ...Бөкем сонан кейін ән салып,
домбыра шертпейтін болған. Бөкем сонан кейін тастай қатып, сабаудай жарап,
күн-түн демей шаруа басында жүретін, біз секілді өгіздің құйрығына жармасып,
тірлік еткен қаспақ мұрыңдардың қасында жүретін. Ол сол кезде ұйқыдан, күлкіден
айырылып қалған. Оның көп үндемейтін тұйықтығы да содан шығар. Оның қазір
аузына шөп қыстырып үн-түсіз отырғаны да содан болар... Бозамық аспанның шығыс
белдеуіне секіріп-секіріп жетім жұлдыздар шыға келді. Тарғақтардың саны да
көбейе бастады. Шыбыннан қорғалады ма, "кететін уақыт жеткен жоқ па, енді
неғып отырсың" дегендей, жирен шолақ тұсамысып сылдырлатын ошақ басына
келді де, Бөкеме қарап мөлиіп тұрып алды. Анда-санда ішін тартып қояды.

-        Ертең жауын жауады-ау, ә,
шолағым, - деді Бөкем аспанды шолып. - Әлгінде бір бидайдың, сүттің иісі
шыққандай боп еді, әлде менің танауым алдады ма?... Мұхтар көк егінді жүддың
деп ұрсады-ау деген қауіппен қыбыжықтап біраз тұрды да, Бөкемнің жүзіне тағы да
күлкі үйрілген соң, ыржалаң-ыржалаң етіп қосқа жүгірді. Шалым ыстық сүт пен көк
бидайды көргенде:

-        Е, бәсе, Мұхтар екенің рас
болса, ұрлықсыз жүрмесең керек еді, - деп аспазшымыздың қолының жымысқысын да
ескертіп өтті. Сосын бізбен қатар отырып бидайға қолын созды, темір күрешкеге
құйып берген сүттен де тартынған жоқ. Оттың сартап сәулесі самайының ақ
қылшығын санағысы келгендей біресе самайына, біресе төбесіне секектеп шыға кеп,
қапталы қушықтау қыр мұрынын ерепейсіз үлкейтіп жіберіпті. Маңдайындағы
бұлтиған тобықтай томпағына мөлдіреген тер моншактары тізіле қалды. Көк бидай,
ыстық сүт председательге де жағатын тәрізді.

Бақыраштың түбі тықырлап, сүт те түгесіле берген кезде:

-        Ал, тұрыңдар! Мұхтар, сиырыңа
мін, ал екеуің менің артыма міңгесіңдер! - деді Бөкем. Біз аң-таң болдық.
Өйткені қашып, келмей кетеді деп ауылға көп жібере қоймайтын, ылғи да қара
қоста түнеп, уақыттың біразын далада өткізетінбіз.

-        Неғып тұрсыңдар? Болыңдар
тез. Ертең үшеуінді де ауданға айдап апарып, проқурорға табыс етем. Ұрлық істегендерің
рас қой? Рас. Ендігі жауапты проқурорға бересіңдер. Дабай, дабай, мініңдер
көліктеріңе!.. Біз сенерімізді де, сенбесімізді де білмедік.

       Аспан бозғылт шұбар шыт
көйлектің етегі тәрізді, жұлдыздар бақырайып-бақырайып жерге жақындай түскен. Батыс
көкжиекте болар-болмас ақ сүр сызат қалыпты. Қас қарайып көз байланып кеткен,
жалғыз аяқ сүрлеу жиегіндегі бұта мен ерменнің ербиген басы ғана көрінеді. Жағы
сембей тынымсыз безілдеген шілделіктің шырылынан мұқым өзек құлақ тұндыра
ысқырып тұр. Ара-тұра дарқ-дарқ еткен тарғақтың даусы естіледі. Қара сиыр
бақайы сырт-сырт етіп томпылдап келеді. Әшейінде мың салсаң бір баспайтын
қарыны кебежедей еріншек жануар ауылға қарай елпілдегенде атқа жеткізер емес.
Бір жағынан Бөкемнің қамшысы да сауырына ыстықтау тисе керек, сәл шабандай
бастаса, жирен атпен тақымдап кеп, тартып-тартып жібергенде бүлкектеп ала
жөнеледі, Мұхтардың селк-селк еткен төбесі жол жиегіндегі биік ерменнің арасына
сіңіп, жоқ боп кетеді де, біраздан кейін барып қараңдап қайта шығады. Бөкем
бізге айыз қандыратыңдай әңгіме айтпай келеді. Анда-санда жирен шолағын
қамшылаған боп Қиюбай екеуімізді қызыл жіліншіктен әдейі шертіп-шертіп қояды. Біз
жыбырши бастасақ: "Тыньпл отырыңдар деймін, әйтпесе түсіріл кетемін осы
араға", - деп қорқытады. Оның тастап та

кетпейтінін, проқурорға да сүйремейтінін білеміз. Соны сезе тұра бізде
аяғымызды аттың жып-жылы жұқа шабына тығып жіберіп, ара-тұра мөңкітіп аламыз.
Бөкем қасақана сезбегенсиді, сосын жирен шолаққа зекіген боп, тебініп-тебініп қап,
үзеңгінің таралғысымен тағы да екеуімізді жіліншіктен ептеп тықытып-тықытып
жібереді. Өстіп бірімізді-біріміз андумен отырғанда, алдыңғы жақтан қара сиыр
мен Мұхтар да кеп килігеді. Бөкем оларды сауырлап қуалай жөнеледі. Бақай
сыртылы алыстан, Мұхтардың селкілдеген төбесі қалың ерменнің арасыла жоғала
бергенде:

-        Әй, Көк, сен қатыңды қашан
аласың осы? - деп менің артымда жарбайып отырған Қиюбайға жармасады.

-        Алмаймын! - дейді Қиюбай
шынымен-ақ жауап беріп.

-        Қой,
алады деп жүргені қайда?

-        Иә
саған, өтірік айтады.

-        Апаң
әперсе неге алмайсың, аласың ғой.

-        Иә
саған, алмаймын!

-        Апаңа
сөйлесіп едім, әлгі Ақшамбайдың Бақтысын әперем деп отырған.

-        Иә
саған, өтірік айтасың!

-        Өтірік
айтып неғылайын, тойыңа колхоздан қымыз, бір
қой босататын болғамыз.

-        Иә
саған, өтірік айтасың! - деп, Қиюбай шыжбалақтап қалады. Бақты жер ортасына кеп қалған егде әйел. Күйеуі Ақшамбай
жуырда ғана аяғынан жарадар болып, соғыстан оралған, бізде бригадир боп
істейді. Бөкемнің түйдей құрдасы, екеуінің бірін-бірі кағытып, қылжақтаса
беретін әдеті. Бөкем қос басына келсе-ақ, Қиюбайды ыза қып, түртпектеп жатқаны.
Бұл Ақшамбайдың бетіне қарай алмай қызарып, қыбыжықтап отырғаны, кейде көз
жасына булығып, жылап та жібереді. Бөкем қара сиырды әудем жер қуалап тастап,
тағы да Қиюбайды қажай бастады:

-        Сен
де жоқ жерде қатын аламын деп. Жұмыс болса күйіп
тұр, бәрін тастап салпақтап ауылға келе жатқанымыз мынау. Бір есептен үйленгенің де дұрыс қой, әйтеуір түбі қатын керек болған соң...

-        Иә
саған, өтірік айтасың!

-        Осы
қызық-ей өзі. Апаң енді үйге кіргізіп те қойған шығар...

-        Иә
саған, өзің ал керек болса...

-        Ойбай-ау,
жеңгенді қайда жіберем?

-        Қай
жеңгемді айтасың?- деппін мен.

-        Өй,
күшік неме, не дедің-ей?! - деп, Бөкем кілт тыйыла қойды. Үлкен адамға әлдебір
оғаш нәрсені айтып салғаныма қысылып қалдым. Бетім ду етіп өртеніп кетті...

Шынында Бөкем екеуімізден басқа
тірі жан сезбеген қызық бір хикая
болған еді. Қадірлі жеңгеміз, Бөкемнің зайыбы
Нұрбаладан қорыққанымыздан, о кісінің көзі тірісінде
ләм-мим деп сыр шашуға жасқанған едік, енді eптеп шалымның серілік құрған шағынан бірдемені көңірсітіп айтып қойсам, оған бәлкім Бөкем
өкпелемес...

* * *

        Қара бидайдың орыла
бастаған кезі. Қаруы бар деген шал-шакпыттың бәрі лобогрейкамен егін орып жүр
де, кемпір-сампыр, қатын-қалаш бау байлайды. Құзархан, Айдархан секілді сәл ересектеулер өгіз арбамен дән
тасиды. Ал Мұхтар, Қиюбай үшеуміз
молотилка басында соғылган сабанды үйеміз. Жеккеніміз баяғы қарашолақтар. Қиюбай екі басын арқанмен тұйықтаған оқ
ағашқа еңкейіп жатын ап, сабан сиырады да, мен өгіз айдаймын. Мұхтар сол
топанды маялап үйеді. Молотилканың өңешіне бау тастайтын бізден басқа екі-үш әйел,
сосын комбайнер Н. дейтін жесір келіншек бар. Кешке таман шал-шақпыттар бір-бір
өгізге мініп ап, ауылға қарай қайқаяды, бірінің бала-шағасы, бірінің малының
кешкі сауыны бар деген сияқты, олардың артынан жаяу салпақтап әйелдер шұбап
бара жатады. Ал "жатақтар" деп аталатын кілең жалаң аяқтар іркіліп
қос басында қала береміз. Ортамызда бас-көз боп Н. жүреді. Ол көз байланғанша
молотилканың босап қалған болттарын бекітіп, сойдақ тіс дөңгелектердің үзілген
шынжырын жалғап әбігер боп жатқаны. Қиюбай екеуміз оны-мұны шұқылап,
көмектескен

боламыз. Әсіресе мұндай шаруаға епті Қиюбайдың септігі оған көп тиеді.
Мұхтар ыдыс-аяқ біткенді бірін-біріне қотарып, ашқарақтау шіркін қозы қарнын
тығындап алған соң, басы қауғадай боп сабанның астыңда пыр-пыр ұйықтайды да
жатады. Н-нің күйеуі ел ішінде кірме отырған жалқы азамат еді, соғыстың алғашқы
қауырт жылында қан майданда шейт боп кетті де, жеңгеміз қарт ата-енесінің
қолында отырып қалды. Қаралы қағаз келгесін-ақ ерінен мүлдем күдер үзгендей
ылғи да томаға-тұйық, тым-тырыс жүре беретін, біреулер әлдекімнен хат кепті
десе, "әлгі біздің үйдегі пәленшені көрмеп пе екен?" десіп,
біріне-бірі жүгірісіп, бір үйден екінші үйге шапқыласып, әбігерге түсіп
жатқаны. .Мұнда ол да жоқ, дүниеден бейхабар жандай, алдындағы ісін ғана біліп,
колхоздың небір ауыр жұмысын өгіздей өрге сүйреп, бар қуанышты, бар жұбанышты
осы жұмыстан тапқандай мойымай тарта береді. Қыс алыс жолға ат шанамен кіре
айдайды, онан қалса леспромхозға ағаш жығуға кетеді, көктемде соқа ұстайды,
жұрт түсінбейтін молотилканың тілін де алдымен осы кісі үйреніп алды. Қолы
босаса қыз-келіншектерге қосылып ән салып, күліп-ойнап жарқылдап жүретін
кездері де болады кейде, бірақ көбіне тым-тырыс, бір мінез, бір қалып. Жеңгеміз
асып кеткен әдемі де емес, орташа ғана кескінді: қызыл шырайлы, шашы көмірдей
қара әрі қайратты, қыр мұрыңды келген, бет сүйегі шығыңқы кісі еді. Сонда да
еркек атаулының көз жанарын суырып жейтін бір сиқыры бар-тын. Оның бар
әдемілігі тығыншықтай мығым денесінде ме деп қаласың: күлгеңде қосиеюгенііі
шыға келетін бұғақты аппақ тамағы, көйлектің қос омырауын теуіп тұратын
төңкерілген мүсіңді төс, анау-мьшау әлжуаз жігітке біте бермейгін бұлшық етті
жұмыр білек, жүргенде аққайындай жалтылдап, бұлт-бұлт ойнайтын тоқ балтыр, биік
бөксесіне сұлап түсіп жататын тоқпақтай ұзын бұрымда әлдебір сұлулықтың нышаны
бар еді. Бүгінде келіншектер менсіне бермейтін арзан бөз оның иығына тигенде
құлпырып шыға келетін, молотилканың барабанына діңкиген ауыр бауларды айырлап
лақтырғанда, сол үстіне жапсырған көне бөз тырс-тырс етіп, қақырап айырылып
түсетіндей боп тұратын. Бұл көбінекей сол кездегі қазақ әйелдеріне біте
бермейгін әдемілік. Молотилканың кәкір-шүкір шаруасы да бітеді. Сосын сақардан
жасалған бір-бір бұзаушық қара сабынды қолымызға қыстыра, күні бойғы
мойнымыздан құйылған шаң-топан мен молотилкадан жұққан қара майды тазарту үшін үшеуіміз
өзенге кетеміз. Жеңгеміз ылғи да өзеннің төменгі жағына шомылады да, Қиюбай
екеумізді жоғары, судың тұнығына қарай жібереді. Кейде:

- Әкелші, асы терін сығып берейін, - деп екеуіміздің тоқымадан тігілген
көйлек-шалбарымызды сыпырып алатын да әдеті бар. Күннің батар алдындағы қызғылт
шапағы мен қызыл іңірдің арасында қанжылым суға құмардан шыға шомылғанға не
жетсін. Мойыныңды қылқитып иірімнен шығарып қойып, рақаттанып отырсаң, шіркін,
ұзақ күнгі терге малшынтқан қапырық ыстық пен құм қаптырған кермек шаңнан кейін
бойың бір жасап қалады-ау. Бірақ Кдюбай екеуміз суға бір-бір сүңгіп шығамыз да,
шала-пұла жуынып, тал-талды тасалай, жеңгеміз шомылып жатқан өзекке жүгіреміз. Тізе
шынтағымызды бұта-қарағанға жырдыра, жасырынып кеп, оның қалай шомылғанын
андимыз да отырамыз. Ол әуелі суға бір түсіп шығады да, сосын өзінің іш киімдерін,
біздің көйлек-көншектерімізді малшылап сығады, асықпай, алшаңдап басып барып
оларды талға апарып жаяды. Танауының астынан ыңылдаған әлдебір ән сазын естиміз.
Аппақ сазандай меңсіз еті кейде куннің қызыл жалқын мұнартына шағылысып, қызыл
мыстан жасалған әдемі тас мүсіндей қырық құбылып көрінеді. Шаруасын тыңдыра жүріп,
әлдекім кеп қалған жоқ па дегендей, жан-жағына жалтақтай қарап, тірі пенденің
жоқтығына көзі жеткесін ғана өзенге қайтадан түседі де, белуарынан шөгіп
отырып, жуына бастайды. Бүгінде атақты суретші Рембранттың шығармаларынан тән
сұлулығының, тән ажарының тамаша мүсіңдерін көрген шакта сол бір жеңгемізді
еске алатын кездеріміз де болады. Қыл қаламның полотнаға түсірген әрбір сызатын,
әр бір сызығын, әрбір бояуын тірі пенденің қан бүлкілдеген әсем денесінен
көргендей елестетеміз. Жеңгеміз киіне бастаған сәтте Қиюбайдың өкпесінен түртіп
қаламын, екеуіміз тура қара қосқа жүгіріп ала жөнелеміз. Ол келгенде
қаннен-қаперсіз, түк білмегендей төсегімізді салып, ұйықтауға ыңғайланып
жатамыз. Ол су-су болған шашын тарқатып, ұзақ отырып тарайды. Бүкіл өңірін
жапқан көмірдей қара шашына үңіліп анда-санда күрсініп қояды да, саусағымен
салалап өруге кіріседі. He бір заматта орнынан тұрады, қыбырсыз, тырп етпей
қатып қалған Қиюбай екеуміздің киімдерімізді қымтап жауып, ошақтағы қоламтаны
көмеді де, содан кейін ғана төсегіне барады. Ол ұйықтай алмай ұзақ дөңбекшңді,
үстіндеіі киімін біресе серпіп тастайды, біресе қайта жамылады. Кейде дым
сызбай, шалқасынан түскен күйі, іргеден шыр-шыр еткен шілделіктің ызыңына құлақ
тұргендей үнсіз қалады. Бір жақсысы, Қиюбай да, Мұхтар да ересен ұйқышыл еді.
Мұхтардың тамағы тойса бітті, тура ұйқыға бас қояды. Қиюбай жастыққа басы
тисе-ақ қор ете қалады. Қиюбайдың танауының пысылып, Мұхтардың анда-санда
жіберіп қалатын әдепсіз тыңқылын, шілделіктің шиқылын тыңдап жеңешем екеуміз
біраз уақыт тым-тырыс жатамыз да қоямыз. Сонан көзім ілініп бара жатқанда
әлдекім қарулы қолымен аяғымның басын қысып-қысып жібереді. Көзімді ашып
алғанда Бөкемді көремін. Бөкем мені жирен шолаққа міңгізеді де:

- Айрылып қалма, алысырақ апарып оттатарсың. Мұнда келмей-ақ қойғын, өзім
тауып аламын ғой, - дейді сыбырлап. Жирен шолақ екеуміз көз көрім ұзамай-ақ
Бөкем мен жеңгеміз көрпе-жастықтарын сүйретіп, қарағай ішіне кіріп бара жатады.
Ай туады. Кейде ол шақшиып туады. Кейде қылтиып туады. Кейде ол күміс табақтай
дөп-дөңгелек болады, кейде шалғының сынып түскен имек ұшындай кетиіп қалады. Бірде
ол қарағайлардың төбесіне қонақтап алып, ұзақ сығалап тұрады, бірде ол да
Бөкемді асықтырғандай немесе оның тез орала қоймағанына өкпелегендей төбесін
қылт еткізіп көрсетеді де, қырқаны асып кетіп қалады. Бірін-бірі андығандай
айдың тууы мен батуының, Бөкемнің келуі мен

кетуінің арасында сиқырлы бір сыр бар. Ай асықса Бөкем де аялдамай тез
жетеді (қараңғыңа мені қорқады дей ме), егер ол тау-тауды адақтап көбірек
қыңырып қалса, Бөкем де кешітіңкіреп келеді. Кейде жирен шолақ екеуміздің таң асатын
сәттеріміз де болушы еді. Жирен шолақ мені көп қинамайын дегендей, біраз
оттаған соң жусап тұрып алады. Кірпік қақпай, мөлдіреген жаудыр көздері маған
қадалып кеп тұрғаны. Мен оның тұнық жанарынан қалықтап бара жатқан айды көрем,
өзімнің қараңдаған басымды да сол жанардың ішінен тауып аламын. Түнгі салқын
самалда бетімізді желге беріп, кейде елегізіп, кейде қалғып, бірімізге-біріміз
телміріп кеп отырғанымыз. Шық қалындайды, шөп сыз тартады, маса да құриды, безілдеген
шілделіктің де жағы семеді. Анда-савда бірдемесін көтере алмай жатқандай
"Әуп! Әуп!" деген үкінің даусы, баж-баж ете қалған ала қанат
тоқылдақтың асы айқайы естіліп қалады. Біраз биікке көтеріліп алған соң, ай да
тәкаппарсиды, енді маған қолыңды жеткізіп көр дегендей. Мен қыл шылбырдың бір
ұшын жамбасыма басып, шөп үстіне қисаямын. Әлдебір сыбыр білінсе, не Бөкем келе
жатса, жирен шолақтың өзі-ақ танауымен түрткілеп оятып алады.

-        Мұнда екенсіңдер ғой. Таба
алмай сандалғанымды, - деп, Бөкем жұбатқан болады. Сосын мүсіркеп арқамнан қағады.
Іштей үнсіз ұғысамыз да, ол атына мініп ауылға тартады, мен шалғынды кешіп
қосқа беттеймін. Таң бозындағы салқын самал, салқын шық тісінді сақылдатады.
Мен

дірілдеп, қосқа кіргенімде, жеңгеміз әлі ұйықтамай жатады.

Ол ақырын ғана сыбырлап:

-        Тоңып қалдың-ау, келе койшы,
менің қасыма жата

ғой, - дейді. Көп ойланбастан ағамыздың жылы орнына, жылы көрпенің астына
сүңгіп кетем. Ол мені бауырына қысып, тас қып құшақтап алады. Тоңазып келген
басым, оның ыстык құшағына кіргенде, ошаққа қыздырғандай сезінем де, өне бойым
балқып, әп-сәтте ұйықтап кетем. Кейде оның жастыққа тырс-тырс тамған көз
жасының тырсылын естимін...

... Соғыс аяқталар жылы, жеңгеміз бұрынғысынан да толып, біраз уақыт ішін
бөз белбеумен тас қылып тартып ап жүрді де, әлдебір белгісіз себептен ішкі
жақтағы бір адамға аяқ астынан тұрмысқа шығып кетті...

Ермен иісі бұрқырап кетті.

- Ертең күн жауатын шығар, - деді манадан үнсіз келе жатқан Бөкем. Сосын
Мұхтарды тоқтатып алды. -Кірлеп кеткен екенсіңдер, монша жақтырып түсіңдер. Бір
күн дем алып, тыныққан соң, әлгі Ашқамбайды ренжітпей жұмыстарыңа барыңдар. Ау,
әлгі ұмытып барады екем ғой, анна тентек тайыншаларыңның бір-екеуін тапсырып,
фермадан ағы бар қысыр сиыр ала кетіңдер. Мен өзім бақташыға ескертемін. Ауыл
шетіне де кірген екенбіз. Алдымыздан мыңқ-мыңқ етіл екі-үш ит үріп шықты. Жол
жиетіңде, күресін үстіндегі күлде жатқан сиырлар да танаулары пыш-пыш етіп
орындарьшан тұрып кетті, біреу кербездене керіліп-созылады, біреу Мұхтардың
астыңдагы тәйпіш қара шолақты менсінбегендей қодырайысып-қодырайысып қалып
барады. Қиюбай қалғып-шұлғып келеді, ат үстінен ауып қала жаздап, ауып қала
жаздап қайта түзеледі. Мен үйге тез жеткенімізге окініп келемін. Қаншама қарның
ашып, ішің шұрылдаса да, қара қостың өзінше тоқтығы бар, қаншама сусының
қанбай, өзетің талса да, даладағы қара судың өзінше тәттілігі болады; қаншама
шаршап-шалдығып қабырғаң қайысса да, қыр басындағы әбігер еңбектің езінше
романтикасы бар, сағынышы бар, бір күн көбең тартсаң, ертеңіне солай қарай
қайта қашасың. Оның үстіне кейде еркелетіп, кейде ұрысса да, қасында бас көз,
жанашыр ағаларың жүрсе тіпті жақсы... Түнгі салқын самал есіп өтеді, үріп
кептірген бүйендей сақырлап қалған жарғақ шалбардың балағынан жел гулеген сайын
мен Бөкеме тығыла түсем. Тақымым жирен шолақтың жып-жылы сауырына жабысып
қалғандай, сәл қозғалып кетсең құйрығыңмен сырғанап, әлгі бір жылы орныңды
іздеп әуре боласың. Ат үстінен түспей, осынау жұлдызды аспанды көңілмен,
қиялмен шарлап, әлденені өзіңше ойлап, әлдебір сағынышты елестерді еске
түсіріп, жағасынан тер иісі мүңкіген Бөкемнің көне күпәйкесінің беліне жармасып
ап, жүре берсең түн жамылып, жүре берсең... Мен кейде түсімде де Бөкеме
мінгесіп әлдебір алыс сапарға аттаньш бара жатқандай болушы едім, танауыма тер иісі
келеді, Бөкемнің тер мүңкіген көне күпәйкесін жамылып жатқандай сезінуші едім...