ВЕРНУТЬСЯ

   «...Қала басшылары былтыр да, биыл да бiз «Мемлекеттiк тiлдi қолдау» акциясын
өткiзетiн күнге «Қала күнiн» мерекелеудi дәстүрге айналдырып алды. ...Акцияға
Өнер академиясы мен ҚазМҰУ-ден келген студенттер өздерiне жатақханадан шығуға
тыйым салынғанын, М.Шаханов ұйымдастырып отырған жиынға бармау керектiгi туралы
үгiт жүргiзiлiп: «егер бұған құлақ аспайтындар болса, оқуларымен қоштаса
берсiн» деп күш көрсеткенiн айтты. Кейбiр жоғары оқу орындары декандарының
акция өтетiн жердi төңiректеп, өз студенттерiнiң келген, келмегенiн бақылап
жүргендерi де әйгiленiп қалды. Мiне, осылайша билiк тарапынан жүргiзiлген
айла-шарғылар Республикамыздың әр адамына азаматтық мiндет боп есептелетiн
«Мемлекеттiк тiлдi қолдау» акциясына келушiлердiң жолын кестi. Алайда бiз оған
мойымаймыз. Өйткенi тiлдi, ұлтты қорғау ешкiмнiң жеке мүддесi емес...»
(«Мемлекеттiк тiлдi қолдау» акциясына қатысушылардың мәлiмдемесiнен. «Жас
Алаш»,
21 қыркүйек, 2010 ж.)
«...КСРО-ның кезiндегi Қазақстан Жазушылар одағы қандай едi? Сол кезде бұл
одақ тiркелмеген ұлттық партияның рөлiн атқарды... Жазушылар одағы қазақ халқының
сүйенiшi, таянышы болды...
Қазiргi кез - қазақ жазушыларының да, Қазақстан Жазушылар одағының да
беделiнiң әбден төмендеген, құлдыраған кезi...
Ұзын сөздiң қысқасы, бiз Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы беделiн
қайтаруымыз, қайта қалыпқа келтiруiмiз керек».
Қабдеш Жұмадiлов,Қазақстанның халық жазушысы
(«Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы беделiн қайта қалпына келтiруiмiз
керек»,
«Жас Алаш», 21 қыркүйек, 2010 ж.)
«...Жазушылар одағының жарғысына өзгерiстер енгiзбексiздер. Ол бойынша
бұрынғы төраға құрметтi (мәңгiлiк) төрағаға айналмақ және ол қамқоршылар
кеңесiн басқарып, жазушылар сайлаған секретариаттың шешiмiне вето қою құқығын
иеленбекшi. Бiрiншiден, Жазушылар одағы - ерiктi түрдегi қоғамдық ұйым. Барлық
шешiм көпшiлiктiң ұйғарымымен қабылдануға тиiстi. Ал бәрiнiң үстiнен қарайтын,
сайланған секретариаттың шешiмiне вето қойып отыратын құрметтi төраға ешқандай
қисынға келмейдi. Ондай авторитарлық жүйе шығармашылық ұйымның табиғатына жат
нәрсе!»
Төлен Әбдiк, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты
(Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойы
аясында өткен пленумында сөйлеген сөзiнен.
22 қыркүйек, 2010 ж.)
«...Қазақстан Жазушылар одағы басқаның бәрi қызметтен кетсе де, тек Нұрлан
Оразалин ғана өз тұғырын сақтап қалатын «Құрметтi төраға» дегендi ойлап
тауыпты. Бұл үлкен басшылар армандап жүрген «мәңгiлiк төрағаның» төменгi билiк
арнасынан бой көрсетуi емес пе? Жазушылар одағының осындай шешiм қабылдауын
және онысын кейбiр қарсыластарынан үркiп, баспасөзде жарияламауын қалай
түсiнемiз? «Құрметтi төраға» өте қажет болса, онда бұл рухани лауазымға
Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы Iлияс Жансүгiровтi бекiтейiк.
Әрине, олардың мұндай қадамға бет бұрмасы анық. Өткендегi «Мемлекеттiк тiлдi
қолдау» акциясына Жазушылар одағының мерекелiк тойына жиналған қаламгерлердiң
үштен бiрi барған болса, ұлттық мүдде қандай биiкке көтерiлген болар едi. Ұлт,
тiл жойылса, сол жазушыларыңыз және олардың кiтаптары кiмге керек? Осы қарапайым
қағиданы түсiнбейтiндерiне қайранмын. Менiңше, билiк зиялыларды мәңгүрттендiру
процесiн тiкелей Жазушылар одағының өзiнен бастаған секiлдi...»
Дулат Исабеков,жазушы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты
(Телеарнада сөйлеген сөзiнен.)
Бiз Алматы қаласында,
От пен өсек арасында
«Мемлекеттiк тiлдi қолдау» акциясын өткiздiк.
Тiл өлсе ұлт қалмайтынын,
Рухсыз бақыт болмайтынын
Космополиттенген билiк құлағына жеткiздiк.
Бiрақ, бiрақ, институттарда, мектептерде...
Тапсырмамен кiлең қазақ ұстаздары бiрлесiп,
Рухсызданған билiк-атқа мiнгесiп,
Жанын салды сол жиынға жiбермеуге жастарды.
Тiлге, ұлтқа қарсы күрес ұстаздардан басталды.
Осы ма едi ел күткенi,
«Ұлтшылдарды» жеңдiк дедi,
Ол сорлылар шыққандай бiр абыройлы белеске.
Бұл, әрине, қызметi үшiн ұлтын сату емес пе?
Бес жүздей тiл жанашыры әр қырынан билiктi
Қатал сынға ап шүйлiктi.
Ешкiм мұны «өткен жиын дей алмайды ат үстi».
Әйтсе де оған елiм деген,
Ұлт мұңынан жерiнбеген
Он-ақ қазақ жазушысы қатысты.
Үш күннен соң Жазушылар одағының керемет
Мерекелiк бiр тойы өттi, даңғойлықты өрелеп.
Ал сол тойға мыңға жуық қаламгерлер жиналып,
Жеңiстi айтып, табысты айтып алға асқан,
Тiл тағдырын есiне де алмастан
Өз басшысын мадақтады сөз таба алмай қиналып.
Қазiр әрбiр «ТЖ - басшы» тұру керек санада,
Нақ сол күнi сайлады оны етiп «мәңгi төраға».
Иә, сөйтсе де Оразалин Қоразалин болмады.
Тек билiктiң тарландарын тау көрiп,
Тiл мүддесiн көтергендi жау көрiп,
Тауықалин, Шөжеалиннiң деңгейiнде самғады.
Сөйлесе де жағы талмай,
Қораздық күш таныта алмай,
Тiлге жаны ашымайтын мүскiндердi қолдады.
Намысы өлген рухсыздар тоқтығы,
Және үркек «Шөжеалиндер» шаттығы
Халқымыздың күрескерлiк парасатын қорлады.
«Мемлекеттiк тiлдi қорғау - орыстың да борышы,
Немiс, ұйғыр, татарға да ол мiндет iсi, ар iсi...»
Ендеше одан неге қашты талай қазақ «арысы?»
Ұлтсызданған басшыларға жалтақ-жалтақ қараумен,
Және олардың кезектесе «туфлиiн жалаумен»,
Көбiсiнiң мүлдем өлiп қалды ма екен намысы?
Ұлт дегенде жасырынар, мұңы жұртқа қосылмай,
Жүрегiнде шындық оты ойнамайтын жасындай,
Тiптi сатқын басшыны да қабылдайтын досындай
Бiр кездегi «табанды ердiң»,
Бүгiнгi үркек қаламгердiң
Бұл замандық құнсызданған бет-бейнесi осындай.
«Ұл-қызыма, немереме тие ме деп - зияны»
Бұғып қалды кейбiр ұлтқа жаны ашитын зиялы.
Өз шаттығы үшiн олар ұлт мүддесiн қияды,
Мұндай мiнез тек сатқындық ауқымына сияды.
Қазiр елге телпек емес, еркек керек табанды.
Ұлтын, тiлiн қорғамайтын
Қорғағанды қолдамайтын адамды,
Ұлт, тiл үшiн күреспейтiн,
Күрескенге iлеспейтiн адамды
Көрсем болды елестетем
Дәнiн бiреу иеленген сабанды...
....................................................
Күн туа ма оятатын мәңгүрттенген қоғамды? 
Мұхтар ШАХАНОВ: Ұлттық мүдде үшiн күреспегендердi сыйламаймын!
Ұлт мүддесi үшiн жанын салып жүрген ақын ағамызбен қазiргi қоғамның рухани
өрiсi, шығармашылық адамдарына деген көзқарасы жөнiнде тiлдескен едiк...
- Қазiргi таңда әлемдi рухани дағдарыс биледi деген пiкiр бар. Осымен
келiсесiз бе? Қазақтың рухани деңгейi жөнiнде не айтар едiңiз?
- Қазiр әлемде рухсыздану үрдiсi жүрiп жатыр. Бiздiң елде де аз жылдың
iшiнде рухсыздану дертi терең тамырын жайды. Билiк те бiрiншi қатарға
экономиканы қойып, адами, рухани құндылықтарды екiншi қатарға ысырып тастады.
Бұл - түбегейлi қате! Себебi, экономиканы жасайтын - адам. Ал адамда рухани
парасат болмаса, ол қоғамға үлкен қауiп төндiредi. Сондықтан мұндай саясатты
алға тарту қоғамның адасуы деп бiлемiн. Кезiнде Гитлерден Шығыстағы елдерге
қандай саясат қолдану керек деп сұраған. Сонда Гитлердiң: «Оларға таң атқаннан,
күн батқанша даңғаза әуендi тыңдату керек. Сонда адамның ойлау қабiлетi
төмендейдi. Кiтап оқып, рухани құндылықтарға мән беруден қалады. Рухани таяз
адам қашанда өзiн бақытты сезiнедi», - деген сөздерi қазiр толық жүзеге асты!
Менiң поэмаларымның бiрiнде мынандай оқиға бар. Диоген бiр жиында өмiрдiң мәнi
жөнiнде сөз қозғайды. Тыңдап отырғандардың барлығы қалғып-мүлгiп кетедi. Ешкiм
тыңдамайды. Сол кезде Диоген әртүрлi құстардың даусын салады. Жиналғандар
бiрден оянып, қол соғып, бұрын-соңды болмаған құрмет көрсетедi. Сонда Диоген
оларға: «Сендер басында бiр шайнам миы жоқ құстың даусын келтiргенiме
ризасыздар. Ал әлемдi жайлаған рухсыздық жайлы әңгiмеме ұйықтап кеттiңдер!
Мiне, сендердiң деңгейлерiң! Бұл не деген санасыздық!» - деп қатты ренжiген.
Осылайша ол Афины халқының рухсыздыққа бет алғанын көрiп налыған екен.
Диогеннiң заманында да спорт бiрiншi қатарға шығып, әлемдi даңғаза музыка
билеген. Содан берi жиырмадан астам ғасыр өтсе де, сонау Диоген кезiндегi
жұрттың талғамы әлi де өзгермеген. Әлi күнге дейiн сол баяғы жеңiл әуен,
спортқа деген құлшыныс, бұлшық еттерiн бұлдағандарды мадақтау, жеңiлдiкке деген
құштарлық өзгерiссiз қалған. Ал адамды адам ететiн құндылықтар ылғи да кейiнге
ысырылумен келе жатыр. Өнер адамдарының да көпшiлiгi тек ақша мен даңқты ойлап,
үлкен «ұрылардың» көңiлiн көтерiп, тойларында ән салып жүр. Мiне, бiз осындай
күрделi кезеңде өмiр сүрiп жатырмыз. Қайта Кеңес дәуiрi кезiнде рухани байлыққа
көбiрек көңiл бөлiнетiн. Парасаттылыққа деген құлшыныс та едәуiр биiктiкке
көтерiлген. Ол кезде рухани байлықты жасаушылар ерекше сыйлы орында тұрды.
Кеңестер Одағының әртүрлi ұлттарынан шыққан бес қанатты перзентi, үлкен ақын,
жазушылар болды. Оларға бүкiл ел құрметпен қарайтын. Атап айтсақ - Қайсын
Күлиев, Мұстай Кәрiм, Давид Кугультинов, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов. Олар
өздерiн бiр қолдың бес саусағымыз дейтiн. Мәскеуде Расул Ғамзатовпен, Шыңғыс
Айтматовпен бiрге жүру азап болатын. Расул Ғамзатов екеумiз жоғарғы кеңестiң
мүшесi болдық. Кеңестiң сессиясынан ерте шығып кеткен кезде, қонақүйге жеткенше
халық бiздiң алдымызды орайтын. Ол кезде жұрттың көбi Расул Ғамзатов дегенде
iшкен астарын жерге қоятын. Жақын жердегi дүңгiршектен кiтап алып келiп,
қолтаңба алады. Кейiн бiздiң өзiмiзге де жұрт Қазақстанда дәл сондай құрмет
көрсете бастады. Кездесулерде қолтаңба алу үшiн столды сындырып, бәрiн
бұзып-жарып ұмтылатындар да болатын. Қазiр үлкен-үлкен жеке кездесулерде ондай
болып тұрады, әрине. Бiрақ, дәл бұрынғыдай әдебиетке деген құлшыныс жоқ.
- Халықтың талғамының сонша төмендеп, өрiсiнiң тарылуына телеарналар да
сүбелi үлес қосып жатқан сияқты...
- Бiздiң қазiргi бар жазығымыз - тiлдi, ұлтты қорғау мүддесiмен шұғылданып
жатқанымыз. Сол үшiн билiктегi кейбiр шенеунiктер бiздерге «хж» яғни «халық
жауы» ретiнде қарайды. Көп газеттер сұхбат алудан қорқады. Телеарналар да
жолағысы келмейдi. Ұлтымыздың рухани құндылықтары мен тiлiн сақтаймыз деп
күрескенiмiз үшiн осындай жағдайға жеттiк.
- Көпшiлiктiң рухани қоржынын толтыруға мiндеттi адамдар шығармашылық
өкiлдерi. Сiздiң соларға деген көзқарасыңыз қалай? Олар өз мiндеттерiн атқара
алып жатыр ма?
- Менiң мынадай жыр жолдарым бар:
«Саралауға ұлтсыздықтың, рухсыздықтың қыспағын,
Әр қазаққа керек бүгiн мүлде жаңа ұстаным.
Мейлi қандай мамандықтың болса да олар өкiлi,
Мейлi банкир, кәсiпкер ме? Жұртқа жүрер үкiмi,
Бiр сәт тежеп атқаратын қызметiнiң құлқы үшiн,
Толғанбаса жойылуға бағытталған ұлты үшiн,
Ұлтсызданғанда жанұясында күреспесе тiл үшiн,
Сын сағатта өз ұлтымен бiрге алмаса тынысын.
Бұған қоса намыссыздық сырқатымен сорласа,
Құжатында қазақ болып жазылғаны далбаса,
Хақымыз бар ондайларға сөз арнауға бөлектеп.
«Тәлiм берген ата-анаңа және өзiңе атаңа нәлет» деп,
Тiптi заңғар дарын болсын бәрi-бәрi бос елес.
Ұлтсызданған рухсыздардың бiзге ешбiрi дос емес.»
Маған бiр жас ақын келдi. Өлеңдерiн оқып көрдiм. Махаббат, достық жайындағы
өлеңдерi тәп-тәуiр. Ұнады. Бiрақ, одан қазiргi елiмiзде болып жатқан жағдай,
«қазақстандық ұлт» жөнiнде сұрап көрiп едiм, көңiлiм қалды. Сөйтсем, әлгi
ақынымыз бұл жағдайдың бәрiнен бейхабар болып шықты. Сонда мен оған: «Талантты
жiгiт екенсiң. Бiрақ, қазiргi кезеңде ұлттың жағдайына алаңдап, ұлттық мүддеге
болыспаған ақынның құны көк тиын», - дедiм. Яғни мен ұлттық мүддеге жанын
салмаған адамдарды ақын деп те, азамат деп те, қазақ деп те сыйламаймын.
Қазiргi кезеңде бәрiмiз бiрiгiп бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығармасақ,
бiздiң болашағымыз мүлде бұлыңғыр.
- Түркi халықтарының iшiнде Шыңғыс Айтматов екеуiңiздiң достығыңыз жөнiнде
көп айтылады. Ол сiз жөнiнде: «Менiң өмiрiмде екi Мұхтар болды. Оның бiрi -
әкемдей қамқор пейiлдi ұстазым,ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те, екiншiсi - азамат
ақын, көп жылдан берi сырласым, iнi-досым Мұхтар Шаханов. Менiң түсiнiгiмше, ол
- кең ауқымды iзденгiш, ойшыл, Шығыстың даналығы мен Батыстың ұшқыр
дүниетанымын бiр арнаға шебер тоғыстырған Азия құрлығындағы аса iрi ақындардың
бiрi.
Мұхтар - қазақ халқының қиын шақта жел өтiнде ұстаған, ел iшiнде ұлттық
батыр қатарында мойындалған қайсар қанат перзенттерiнiң бiрi. 1986 жылы Кеңес
Одағындағы тоталитарлық жүйеге қарсы батыл бас көтерген қазақ жастарын ақтап
алуда ол, өз тағдырына төнген қауiпке қарамай, нағыз ерлiк, еркектiк мiнез
көрсеттi - деп сiздi ерекше бағалаған болатын. Қазiр Шыңғыс Айтматовтың
жоқтығын сезiнесiз бе?
- Ол кiсi өмiрден өткелi екi жылға таяу уақыт болды. Айтматовтың қазасы -
әкем мен шешемнен кейiнгi ауыр қаза. Екеумiздiң арамызда түйсiкке байланған
ерекше рухтастық, бауырластық сезiм болды. Жылдар ай өткен сайын ол кiсiнiң
жоқтығы маған тiптi қатты сезiле бастады. Түрiк ағайындар жуырда мен жөнiнде
фильм шығармақшы болып жатыр. Соның үлкен бiр сериясы Айтматов екеумiздiң
достығымызға арналады. Шығармашылық кешiмде де Айтматовтың мен жөнiнде айтқан
ойлары көрiнiс табады.
- Жапон ақыны Дайсаку Икедудың да сiзге деген ықыласы ерекше болғанын
бiлемiз...
- Дайсаку Икеда - Жапонияның атақты философы, дарынды ақыны. Кезiнде ол мен
жөнiнде поэма жазған. Дайсаку Икеданың шақыруымен Жапонияда болдым. Жапонияның
сегiз қаласын аралаудың сәтi түстi. Көптеген жапондықтар өлеңдерiмдi жатқа
оқыды. Кейбiр кездесулерде өзiмiздiң қазақтардан көрмеген, тiптi одан да артық
ықылас көрдiм. Дәл сол сияқты Германияның да он екi қаласында кездесуiм өттi.
Оның алтауына Шыңғыс Айтматовтың өзi бiрге ертiп жүрдi. Маған сондай үлкен
құрмет көрсеттi. Ал Германияда Айтматовты бiлмейтiн адам табу қиын. Пәкiстанда
болғанымда аудармашы менiң өлеңiмдi оқып жатқанда барлығы таңдайларын
тақылдатады. Оның ненi бiлдiретiнiн бiлу үшiн елшiден сұраған едiм, халық
ерекше ықыласын сол таңдай тақылдату арқылы бiлдiредi екен.
- Әңгiмеңiзге рақмет!
Әңгiмелескен Инга ИМАНБАЙ
Жас Алаш №38 (15496) 14 мамыр 2010