ВЕРНУТЬСЯ

СӨЗ БАСЫШілденің ми қайнатар ыстығы. Көз алдымыздағы бірін-бірі жөңкіле қуған сағым ішінде алыстан бұлдырап көрінген мазарды беттеп жүйткітіп келеміз. Жан-жағымыздағы терезені ашқанмен маңдайымыздан шақырайған күн астынан әлдекім от жағып жатқандай кенезеңді кептірер ыстық леп шыдатар емес. Көптен бері машина жүрмей жаңбыр, қар суынан тілімденіп қалған жолдың ойқы шойқысына кідірген көлігімізді өкшелей қуып келе жатқан борпылдақ шаң құшағына алады. Терезеңді жауып, қымтанып та үлгермейсің. Ішке кірген шаң онан сайын тынысыңды тарылта түседі. Жабық кузовтың ішінде отырғандар манағыдай емес, өздерімен өздері. Бірін-бірі қағытып әзіл тастап, әңгіме айтуда жөніне қалған. Бәрі де жолдың тегісін іздеп қуып айдап келе жатқан жүргізушінің көлігін оқыс бұрғанынан құлап қалмайық дегендей, алдындағы орындықтың арқалығын тас қылып ұстап отыр. Алдындағы отырған жол бастаушы да үнсіз. Жүріп келе жатқан жолы жан-жаққа тарыдай шашырап, тарамданып ала қашқанда ғана “енді қайсысына” дегендей өзіне қараған жігітке қолын сілтеп түсер сүрлеуін нұсқайды да, қайтадан бұрынғы күйіне түседі.         Машина ыңыранып өрге көтерілді. Манадан бері бірде зорайып, бірде сағымға араласа кішірейіп көрінген мазар төбе үстіне көтерілгенде алдымыздан бар келбетімен көрінді. Сыры кетсе де, сыны кетпеген. Кезінде бармағынан бал тамған шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Әрбір қойылған тасының өзінің үңіле білсең айтар әңгімесі, шертер шежіресі көп. Бәлкім өзі туралы деректің уақыт толқынында көміліп, ұмыт болатынын білген шебер бар өнерін де, білігін де осы мазарға арнаған сияқты. Осы бір ұлан далада өз заманындағы болып өткен қайғы мен қасіреттің, аһ ұрғызған өкініштің, арманда кеткен мұңлықтардың зарын қына басқан қара тасқа жазып кеткендей. Қара жерді топан су қаптап, дүние асты үстіне шықпаса өз қолынан шыққан осы бір түйіндердің бір кездері кейінгілерге шым-шымдап сыр айтатынын жанымен сезінген шебердің асыл туындысы жанына келіп тізе бүккендерді үн-түнсіз қарсы алды.         Жол бастаушы қария уақыт үрдісіне шыдап әлі тұрған мазардың беріктігіне ме, әлде жағалай жатқан бұл өмірден қашан өткені беймәлім әруақтарға бағыштады ма белгісіз, үстерін мүк пен қына басқан құлпы тастарға қарап тұрып “ой, жарықтық-ай” деді. Қасына келіп отырып жатқан жолдастарын көзімен үнсіз түгендеген соң құран оқуға кірісті. Қарияның көмейінен төгілген мұңды мақам сүйегіңді үгіп бара жатқандай. Жым-жырт тыныштықта көзін жұмып қасиетті кітап сөзіне беріле, теңселе оқыған ақсақалдың үні ғана естіледі. Мал кірмесін деп сырты қоршалған қауымның ішіндегі ұйыса өскен ақ бас селеу осы бір мұңды әуенді далаға жеткізгісі келгендей толқындана тербеледі. Күмбез үстіндегі байғұзға да пәтуа біткендей тым-тырыс. Әріректе ін аузында қолын кеудесіне қойған саршұнақ та қарияның қоңыр даусына еліткендей көзі мөлдіреп қозғалмай қалыпты. Тек көлеңке қуалаған жыланбас кесіртке ғана жан-жағына сақтықпен қарап тас қуысына кіріп бара жатыр. Түсініксіз құран сөзін аяқтаған қария соңынан барып “жатқан жерлерің жайлы болсын, біз сияқты арттарыңда қалған пенделеріңді желеп-жебеп, шаршап шалдыққанымызда, қажып-талғанымызда қолтығымыздан демей көрің” деп барып бетін сипады. Тізесін қағып, орнынан тұрды. Содан кейін барып осы жерде түстік жасап, күн қызуы қайтқанша кідіретінімізді айтты. Бір-екі күннен бері сапарлас болып келе жатқандар өздеріне тиесілі қызметтеріне кірісті. Бірі машина қорабының ішінде брезентке оралған қара шәйнекті алып мосыға ілді де, қураған шөптердің түбірін жинауға бет алды. Бірі шетіне май тиіп бүктетілген төсенішті қағып-сілкіп көлеңкеге қисайған қарияның астына төсеп жатыр.         Қураған қарағанның түбірі қара шәйнекті әп-сәтте қайнатты. Шағын дастарханды жағалай отырғандар хош исі бұрқыраған, сүт қатқан қою шәйді алдарына алды. Арқасын мазарға сүйеп төрде отырған қария алдындағы қаудырлап қатқан шелпекті “біссіміллә” деп шетінен сындырып кесесіне салды да қолына алды. Содан үн-түнсіз сораптап отыр. Қасындағылардың дабырлап тас бетіндегі таңба туралы әңгімесіне де, мына тамдардың салыну ерекшеліктері туралы бір-екі ғасыр кейін шегініп кетіп, сол жақтан малтығып әлі шыға алмай жүрген, жанында тізе соғыстыра отырған сылыңғыр қараның “көріпкелдігіне де” араласқан жоқ. Жаңа ғана әулиенің басындағы ағаштан шешіп алған шеті гүлді көлдей ақ орамалымен терін сүртіп, шәйнек құлағын ұстаған бала мен өзінің арасында тынымсыз жүгірген кесесінен көзін алмайды. Қара шәйнек те түбін көрсетті, қария да кесесін төңкеріп қысқа әйетін оқыды. Дастарханның шетін қайырып, көлеңкеге ысырылыңқырап отырды. Қалтасынан шақшасын алып өкшесіне қағып босатып алды да, алақанына төкті. Көк бұйра насыбайды тілінің астына салып үн-түнсіз бес-алты шақырымдай жерде қарауытып тұрған екінші мазарға қарады. Қарияның көңілі жайланғанын білген тілші жігіт қолындағы диктофонның тетіктерін басып, құйрығымен жорғалап қасына жақындады. Күн қызуы қайтқанша әлі бірталай уақыт бар. Оған дейін күннен қорғану үшін керіп тастаған кенеп астында мына аптаптан паналап ұйқыны да қандыруға болады, болмаса қарияның әңгімесін де тыңдауға болады. Бәрі ығысып әңгімешіл қартқа жақындады.         Айнала тым-тырыс. Сонау биікте көз ұшында қарақұс қалықтап жүр. Жемтігіне түсер кезді күтіп жүрсе керек, құлаштай қанатын қақпаған күйі аспанға іліп қойғандай бұлар отырған төбе басын айналумен жүр. Алыстан бозторғайдың шырылы естіледі. Құбыладан соққан аптап желге тербелген әлі өңі тая қоймаған еркек шөп пен ақбас селеу бір-біріне қосыла жаныңды жабырқатар мұңды әуенге салыпты. Қарияда бір кездері мына далада болып өткен қайғылы оқиғаны, бір-біріне қосыла алмай арманда кеткен ғашықтар жайлы әңгімесін бастады. Ақшора-Белтұран Қаработа-Дөңқара Асалы-Көкетай Құрымсы-Кежек Дәнданайдың дауы Ақбөбектің  соңғы әні