ВЕРНУТЬСЯ

Отыншы Көшбайұлы 1949 жылы Маңғыстау ауданында туған. Өлкетанушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ҚР оқу ағарту ісінің озық қызметкері. Ұзақ жылдар туған ауылы Жыңғылдыда колхозшы, тракторшы болып жұмыс жасады. Атырау педагогикалық институтының тарих-филология факультетін сырттай оқып бітіргеннен кейін мектепте мұғалім болды. Қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайында бөлім меңгерушісі. 2002 жылы «Қайран менің жеңешем», 2004 жылы Әділ Нұрмановпен бірігіп жазған «Бозашы-Маңғыстаудың екінші тынысы», 2005 жылы «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау», «Маңғыстау ғашықтары», 2006 жылы Сұлтан Жұбаевпен бірігіп жазған «Отпанның Нұны», 2007 жылы «Атадан жеткен асыл тін», «Дала данасы», 2008 жылы «Сыбызғы сыңсып жылайды», «Маңғыстаудағы аңшылық дәстүр», 2010 жылы Мұрат Қалменовпен бірігіп жазған қазақ-орыс тілінде «Маңғыстаудың жерасты мешіттері», 2011 жылы «Тоғыз ауыл», «Шоғы батыр» кітаптары жарық көрген.  «Тоғыз ауыл» повесі мен авторы туралы Анау керіліп жатқан Үстірт үсті мен Маңғыстаудың қараойындағы кең байлықты иеленіп, оның ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін күш керектігін ұғынған ата-бабаларымыз әуелден де өз жерін қызғыштай қорып, қорғап сырт жұрттың табанын бір елі де ілгері бастыртпаған. Мәселен, майлы қиян Маңғыстауға кім қызықпады, кім көз сұғын қадап, алыстан анталамады?! Шығыста-өзбек, оңтүстікте-түрікмен, батыста орыс түбектің жеріне сұқтанып, сілекейлері шұбырды емес пе?!Жазушы Отыншы Көшбайұлы өзінің «Тоғыз ауыл» повесіне міне, осы жайттарды өзек еткен. Күндіз елдің шырқын, түнде ұйқысын бұзған жауға қарсы қолынан қаруы түспеген адай халқының ғасырлар бойғы арпалысып ел намысын жоғары қойған ерлік күресін шығармасына арқау еткен қаламгердің материалдарды жинақтаудағы зерттеушілік қабілеті сүйсіндіреді.Аталмыш шығарма дұшпандарының айтқанына ермеген, сатқындық жасап көрмеген, ұсақ-түйек пендешілікті термеген, арын қолдан бермеген, қас жауына қылыш сермеген, теңдік үшін терлеген текті Адайдың кейінгі ұрпақтарына қалдырар кемел туындысы, кенен ескерткіші іспетті.«Сөз бәсекесі-базардағы бөз бәсекесі емес». Оның қадірі мен қасиетін пұлдай білетін, тілдіні тыңдай білетін тақ-тақтардың таңдаулысы тек Маңғыстауда ғана топталған ба деп талғампаз жазушының құнарлы дүниесіне құныққан үстіне құныға түсесің.Әр күні әдемі жеңіске толы Адай батырларының аймаңдай жарларының ұрыс, шабыс, атысты жадынан шығарып, ерлерінің еңселі болуын ең алдымен тілейтін, шайқас сайын жүдейтін қасиеттерін қапысыз көрсетудегі Отыншының ойшылдығы мен образ жасаудағы шеберлігі қалыптасқан кәнігі қаламгерден кем түспейді.Өлкеміздің өткен тарихы мен этнографиясына қатысты әлденеше әсерлі де әдемі туындылардың авторы Отыншы Көшбайұлының прозасы-ішкі астары қатпар-қатпар, иірімдері тым терең, айшықты да ажарлы проза. Оқырманын үнемі сүйсінтіп, игі сипаттарға исінтіп келе жатқан замандасымыздың орны бөлек оқшау шығармасы-«Тоғыз ауыл» повесінің көтеріп тұрған әлеуметтік, философиялық, тағылымдық, тәрбиелік жүгі шын мәнінде салмақты.Туған жерінің тамырлы тарихы мен этнографиясын, ауыз әдебиеті мен аңыз-әфсаналарын зерттеумен ғана шектелмей, көркем әдебиеттің көркем үлгісі дәрежесіне көтеріп жүрген ізденімпаз да үнемі мазасыз Отыншы «Тоғыз ауыл» повесін өткен шежірені өрнектейтін шоқтықты шығарма дәрежесіне жеткізген. Мұнда жалаң деректер сөйлемейді, бұрынғының жақсысын жамиғатқа құр жариялау арқылы өзгенің намысына тимейді, ата-бабаларымыздың осал болмағанына бұлтартпай мысал, дәлелдер арқылы рухани жүгініс жасайды.Тегінде Отыншы-ойшыл жазушы. Кез-келген шығарманы оңай құра салмайды. Жеңіл-желпі, арзан сюжетке сараң. Нені жазса да әдемі әсермен, кеңінен толғап, байыппен бастар сыршылдығымен, қандай тақырыпты да толықтай игере білу икемділігімен дараланады. Оның стилінде кекілбаевтық әсерлер кездескенімен, керемет көркемдіктер қарапайымдылығының өзінен сезіліп тұрады.«Тоғыз ауыл» повесінде иненің жасуындай кедір-бұдыр сөз бен олақ құрылған сөйлемдерді емге таба алмайсыз. Нағыз прозашылық, еркін ырғақпен баяндаушылық әдебиет ауылына айғай-шусыз, асықпай-аптықпай келген Отыншыға ғана тән ерекшелік десек, ешкім қарсы дау айтпайтын болар. Оқырмандардың көбіне ұнап, көңілдеріне қонақтай бастаған көркемсөз өкілдерінің ең бір сыпайысы-Отыншы кештеу қимылдағанын өзінің қалам қуатымен толтырардай сырбаздық қалпынан жазбай, сеніммен алға жылжуда.Сөз ойнатамын деп сөйлемдерді бүлдірмейтін, тіл қолданысына тым сақ қарайтын Отыншының «Тоғыз ауыл» повесінің кейіпкерлерінің бірі-суырыпсалмалық өнердің сұңғыласы Абыл бастаған ақындық ортаның көрнекті өкілі Нұрым Шыршығұлұлы. Орта Азия, Атырау, Ақтөбе жерлерін аралап, өнер қуған, әйгілі Асанқайғы, Сыпыра, Доспамбет, Шалгиіз мұралары мен батырлық жырларын өнеге тұтқан Нұрымның арынды да, дарынды, ақпа-төкпе ақын Абылдан үйренгендерін дамыта жырлатып, өзінен кейінгі Қашаған, Ақтан, Мұрынға жеткізіп, ұластыруы-ұлағат ұстыны, үлгі үрдісі. Абылдың «Жыршы о бастан да шындыққа жүгіне білсе және ол қанына сіңген қасиеті болса өзін қаумалаған тыңдаушысының көкейінен шығары анық. Бұл айтылғандар Нұрымның бойында бар. Қасыма ертіп жүріп осыны байқадым. Сондықтан оған сенім арттым. Ел сенімі-ауыр жүк, оны көтере алады деген сенімдемін» деген сырғақсыз әңгімесін Нұрым шәкірттің ақаусыз ақтап шыққандығы Отыншының тарихи проза тілінде жырдай төгіледі, көркемдікпен көрінеді. Абыл ақынның ақ тілегі мен ақ батасына деген адалдық, сөзге адалдық, сертке адалдық суреткерлік шеберліктің арқасында өрмектей өріледі.Өткенге көз жүгіртіп, ой сарабына салсақ, повесть желісі халқымыздың басынан кешкен тарихи оқиғалар сүрлеуін, кешегінің шежіресін бізге жеткізіп отырғаны кәміл. Ендеше повесть жүгін көтеріп отырған шығармада сол кездің панорамасымен қоса, бірнеше кейіпкердің қоса-қабат жүруі-заңдылық. Арада қаншама жыл өтсе де оқырманына заман үнін тыңдатып, уақыт желін улетіп, бағзы сазын күңірентіп, көне көмбелерді күрсінткен Отыншы шеберлігі мен жазып отырған нысанын терең түсінуі оның бүкіл жанымен, жүрегімен сезінер сыршылдығын, лирикалық нәзіктігін, психологиялық мың қатпарын байқатады.Әрбір штрих пен детальды орын-орнымен дәл тауып, пайдалану да Отыншыға тән қасиет.«Тоғыз ауыл» повесінде Нұрыммен қатар аталатын, есімі егіз өрілетін басты кейіпкер-Қабыл батыр да, оның сүйікті жары Ақсырға да баяғы батырлар жырында айтылатын әйгілі аруларымыздан аумайды. Жар міндеті мен сүйіспеншілігі туралы түсінігімізді мейлінше тереңдете түседі, адамгершілік асыл қасиетті алға қояды. Батырға дем, демеу болуды әйелдің басты бақытына балайды.Қолынан қаруы түспеген, тек ізгілікті іс істеген Адай елінің қаннен-қаперсіз, қамсыз-мұңсыз жатқан кезі жоқ. Ер жастанып, тоқым төсеніп күн көрген, сырттан келер жауға сергектігін үзбеген түбек жұртының тірлігін айнақатесіз беруде Отыншы айтылмыш әңгімелер мен көнеден жеткен хикаяттарға арқа сүйейді. Оны құйқалы сөздермен қаруландырып, рухани сусынды қандырар биікке көтереді.Сол кездердегі қарымта, барымта, ұлт, ру араздығы, елдің аралас-құраластығы мен барыс-келісі, алыс-берісі көзбен көргендей көңіл сүзгісінен тізіліп өтеді. «Сонау Арқаға дейін көшіп-қонып, аржағы Жаңғақтың ойына дейін құлап, емін-еркін жайлаған» еркін елдің даңғайыр даладағы дарқандық қасиетіне хиуалықтар мен орыстардың қиянат жасауы, екі жақты еркіндікке ен салған дүрдараздық, шекаралық шәлкем-шалыстық, ықпалға ықпаудың ырың-жырыңы, жеме жемге келгенде-Адай елі құқының аяққа тапталып, ар-намысының арзандатылуы...-және басқа жағдайлар шоттың тасына салынғандай түгенделеді.Маңғыстау тарихында айтылатын Сүйінғара батыр, Құлбарақ батыр, Аллақұл ханның бас кесері-Мәмбетнияз және Мая би, Есенияз, Бердібек, Бектұрды ишан бейнелері шығарманың өн бойында ақ, қара түсті контрастармен ап-айқын көрінеді.Қапелімде кітап авторына мән бермеген едік. Оқиғадан құр қызық та қумаған едік. Жұқалтаң «Тоғыз ауыл» повесі әдебиеттегі жаңа буынның жаңа лебін ала келгендей болды. Әдеби ортаны елеңдетіп, дүр сілкіндірген дүниенің кереметтігі сол-орынсыз әлемішке ұрынбайды. Шежіреші шешен қарттың қоңыр әңгімесін тыңдағандай, қой сүтінен қоймалжың қойыртпақ ұрттағандай сілекей шұбыртады.Бір кітаптан екінші кітапқа көшкен сайын қаламгерлік қабілеті қырланып, сұлу сөздері сырланып, аламан бәйгедегі арғымақтай арындата, дабылдата түскен Отыншы бұрқырата көп жазғаннан гөрі дөп жазуға көбірек көңіл бөледі. Ол талғамы мен талабына келмейтін сюжет пен ойдан өзін оқшау ұстайды. Оның әрбір көрінісі мен қимыл-әрекетінің арғы жағынан екінші бір өмірдің ағысын көріп отырғандай боласыз. Отыншы шығармада өмірлік материалдарды молынан пайдаланады. Оқиғаның сыртын жылтыратып, жалғандыққа баруға ары бармайды.Отыншы Көшбайұлының «Тоғыз ауыл» повесінің бүкіл интонациясы бұрынғы шығармаларынан мүлдем бөлекше. Соңғы Отыншы бұрынғы Отыншыдан оқ бойы озған, алдағыға айрықша мойын созған. Талғамда да, көзқараста да ілгері басушылық аңғарылады.Бұған қарап біз жазушылыққа жәймен, байыптылықпен, байқай келген Отыншының өсу эволюциясын, іздену жолдарын байқаймыз.Повестің көздеген мақсаты-елді ел ғып, ағайынды ағайын ғып жүрген салт пен сән проблемасын ұғындыру, ескірмес этнографиялық мәселелер, ата-бабаның батырлық, ақындық дәстүрлерін кейінгі ұрпақтар жадына жеткізу. Қысқасы, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік-повестің негізгі лейтмотиві. Осынау көздеген нысананы автор мүлтіксіз өз даусымен, құлаққа қонымды қоңыр үнмен жеткізе білген.Тоқ етерін айтқанда, Отыншы Көшбайұлы шығармашылығы-әлі де жан-жақты талдауға тұрарлық тың тақырып.Қашан да талғампаздығы алдамайтын арлы қаламгер бергенін де, берерін де бедел салмай, ел бағасы мен безбеніне салып өлшейді. Бұл жолы да сөйтіп сүйсінтіп отыр. Ендеше, асығыс арамтер болып, арандап қалмайтын сөз зергеріне «Тағы да босқа шаппа, өзіңді бапта, болдырмайтын бозқасқа!» дегіміз келеді.                                                                                            Бірғали Байекеев                Қазақстан Журналистер жәнеСуретшілер одақтарының мүшесі

Отыншы