ВЕРНУТЬСЯ

1801.
Наурыздың он бірі еді,
Босағадан кім бүгін оң кіреді,
Дүйім жұрттың тағдыры не боларын,
Павел патша тақта отыр,
Сол біледі.
Алаңдаулы ол бірақ әлденеге,
( Оңайлықпен тірі адам жан бере ме!? )
Май ішкендей, мазасы кеткен әбден,
Қалмай бара жатқандай әл денеде.
Патша ағзам да құр емес өкініштен,
Келіп жатыр алдына өтініштер.
Жан азабын іштегі тыя тұрып,
Қол қоятын бар екен өкім, істер.
Өмір жеңіл ән емес шырқап өтер,
Түлкідей ме ол кейде бұлтаң етер.
- Мына біреу жер сұрап қоймас тіпті,
Аты - Бөкей,
Кіші жүз сұлтаны екен.
Хан тұқымы қарай ма шамасына,
Билікқұмар боп келер баласы да.
Қарауында жұрты бар,
Көшсем дейді
Еділ менен Жайықтың арасына.
Көшсе көшсін,
Кіші жүз ыдырасын,
Сұлтанның да бірі - әлсіз,
Бірі - басым.
Жетеді ғой қалмақтан босаған жер,
Ұлы Ресей тек қана құрымасын.
Осы ойменен қол қойды ол жарлығына,
Қазақ деген елдің бұл тағдыры ма,
Сезбеген де шығар-ау патша сонда
Жол ашқанын Бөкейдің хандығына.
Ел билеуге ұлының жасы жетті,
Әміршінің қашанда қасы көп-ті.
Өз ұрпағы жау болып шықты ақыры,
Павелдің де сол түні басы кетті.
Күтуменен өтті екен күндер неше,
Жібермеген бұл халық кімдерге есе,
Жан біле ме, Бөкейдің кім боларын,
Павел патша қол қойып үлгермесе.
Жолы әйтеуір оң екен,
Ашық екен,
Көш ереді, болған соң басы бекем.
Бір-ақ күнде шешілсе бар мәселе,
Қуанышпен, ендеше, ғасыр өтер.
Жасқылыққа осылай ханы бастар,
Жарқырайды Күні бар жарық аспан.
...Сол күнді де ұмытпау керек шығар,
Бөкей емес,
Күллі елдің бағын ашқан!