ВЕРНУТЬСЯ

Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев 1847 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Жасқұс деген жерде туып, 1920 жылы сол облыстың Қаратөбе ауданы Ақбақай деген жерінде қайтыс болады. Шәңгерей - Жәңгір ханның немересі. Шәңгерей 5 жасқа келгенде әкесі қайтыс болып, шешесі Ермектің тәрбиесінде қалады. Әйтсе де ол жетімдік көрмейді. Ата дәулетінің арқасында жасынан оқып, ғылымға қолы жетеді. Астраханда реальдық училищені бітіргеннен кейін, Орынбордағы әскер бастықтарын даярлайтын кадет корпусына түседі. Бірақ Шәңгерей онда екі-ақ жыл оқиды. Ағаларының күшімен Самара губерниясында мировой судья болып біразырақ істейді де, ол қызметін тастап, өз еліне келеді. Бұдан кейін кеңсе жұмысына араласпай, өзіне меншікті жер алып, Самар губернаторындағы дворяндардың тізіміне тіркеледі де, қалған өмірінің көпшілігін өз имениесінде өткізеді. Орданың Жәнібек жағында Көлборсы деген жерді өзіне қаратып алады да, онда бау-бақша, алма ағашын ектіріп, сәнді үйлер салғызады. Өз қарауында 40-50 үй қоңсылары болады. Қоңсыларына егін салдырып, егіске машиналар да қолданады. Сарытау (Саратов) мен Самара аралығындағы ата-қонысы Көлборсыда өмір кешеді. Аңшылық-саятшылықты, табиғат сұлулығын, ән-күйді, көркемсөз өнерін ұнатады, өзін-өзі үнемі рухани жетілдіріп отырады, өлеңдер жазады. 1917 ж. Көлборсыдан көшіп, қазіргі Ақжайық ауданы жеріне келеді. Шығармалары 1911-12 ж. «Шайыр», «Көксілдер», 1926 ж. «23 жоқтау» жинақтарында жарық көрген. 1934 жылы жеке жинағы, кейінгі жылдарда шығармалары оқулықтар мен жинақтарда жарияланып отырды.Халық өмірімен біте қайнасып, араласып отырған ол, Ғұмар Қарашты ауыл балаларына оқытушы етіп ұстайды. Оған орыс тілін үйретіп, орыс роман, повестерін мазмұндап береді. Ғұмар оны малшы шаруаларға әңгімелеп отырады. Шәңгерей бірқатар орыс ақын-жазушыларының шығармаларын М.Лермонтовтың «Қашқын» поэмасы т.б. қазақ тіліне аударған. Бөкеев ел аузындағы әдеби мұраларды жинақтап, оны бастырып шығаруға қамқорлық жасайды. Жазықсыз жапа шеккен Қубала ақын сияқты бұқара халық өкілдеріне қолұшын беріп отырады. Оралда «Қазақстан» газетін шығаруға атсалысады. Бөкеев қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі айқын, сыншыл лирик әрі философ ақын. «Үш ғасыр жырлайды» және «Бес ғасыр жырлайды» топтамаларына өлеңдері енген.Өзі көбіне аңшылыққа әуестеніп, неше түрлі құс, жақсы тазы иттер ұстайды. Әрқайсысының бабын тауып, «тілін» білуге тырысады. Қысы-жазы ит жүгіртіп, құс салып, аңшылықпен айналысады. Шәңгерей туралы Нұғыман Манаев, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов т.б. жазды. 

Шәңгерей