ВЕРНУТЬСЯ

(1886-1982)ЫБЫРАЙЫМ АХУН ҚҰЛБАЙҰЛЫ Ыбырайым ахун Құлбайұлы 1886 жылдың 16 сәуірінде қазіргі Атырау облысы, Жылыой ауданының территориясындағы Жыңғылтоғай өңірінде дүниеге келген. Әкесі Құлбайдан өзі төрт жасында, қарындасы Бибі бір жасында жетім қалған. Шешесі – Жеменей Бегімбет Кіржік дегеннің қызы, аты – Күней. Әкеден ерте айрылғандықтан, шеше тәрбиесінде болған. Күней шешеміз – белгілі Қосжан ақынның туған қарындасы, оның ұрпақтары қазір Иранда, Түркіменстан Республикасында тұрады.Ыбырайым 1893 жылы жеті жасында медресеге барған. Ол мешітті Қараш Байқұл қажы салдырған. Алғашқы ұстаздары – Қараш Тұрғанбай мен Шегем Қайырмұханбет ахундар. Сонымен бірге ол Шоңай Шайхы ахуннан да тәлім алған.Ыбырайым ахунның есімі діни сауаттылығымен бірге өз жанынан жыр-дастандар шығаратындығымен де жұртқа таныла бастады. Ақындық өнерін бағалаған белгілі жырау Қашаған Күржіманұлы оған бірде шапан сыйлаған. Ал ишандық атаққа өзбек Қозы ишанның баласы Әбдіқадырға қол бергеннен кейін, екі жылдан соң 1947 жылы ие болған. «Бесіктен лаһатқа дейін оқы» деген Имам Ағзам сөзін қабыл алған ол өмірінің ақырына дейін құпия түрде оқып жүрді. 1937 жылғы қудалауға дейін «Байғанин» совхозында еңбек етті. Сосын наурыз айында Әулиеата өңіріне қоныс аударды. Бірақ, көп ұзамай 1938 жылдың мамырында түркімен жеріне, қазіргі Ташауыз облысының Көне Үргеніш ауданындағы М.Горький атындағы совхозға көшіп келді. Осында жиырма жыл еңбек етті.1958 жылы Шымкент облысы, Мақтарал ауданындағы Иіржар ауылына қоныс аударып, өмірінің соңғы кезеңін осында өткізді.1982 жылдың 2 қаңтарында жұма күні қайтыс болды. Жаназасына екі мың кісі қатысты, 38 молда құран оқыды. АЛҒЫСӨЗ Көрнекті дінбасы, ақын, шежіреші Ыбырайым ахун Құлбайұлының 1994 жылы Ақтөбе қаласында жарық көрген «Алтынды орда қонған жер» атты көне маңғыстаулық дәстүрде жазылған шығармаларының жинағы өз тұсында зор мәдени оқиға болып, зиялы қауым тарапынан өте жоғары бағасын алды.Бүгінде табиғи талант иесі, зайырлы бабаның аса құнды туындыларын зерделі оқырманға жаңа дәуір талғамына лайықты үлгіде ұсыну қажеттігі туды.Ағайындардың, басқа да зиялы қауым өкілдерінің өтініштері ескеріліп, осы кітапты дайындау қолға алынды. Бұрынғы басылым қайта каралып, ондағы араб, парсы, түркімен, өзге де тілдерден енген сөздерге, діни ұғымдарға, кейбір терминдерге түсініктер жазылды.Кейбір діни атаулардың, соның ішінде «Алла» деген сөздің бас әріппен жазылуы әлемдік өркениет басылымдарындағы үрдіске сай үлгіге келтірілді. Шежірешінің діни дәрежесі мен аты-жөні қалыптасқан әдеби тіл нормалары дыбысталу үлгісіне лайықталып, әрі Ыбекеңнің көзін көргендердің нақты ұсыныстарын ескере отырып «Ыбырайым ахун Құлбайұлы» деп жазылды.Бұл жерде атамыздың көне медреселік білім жүйесі бойынша өз заманында үлкен сауатты кісі болғанын баса айту қажет. Оның шығармаларынан араб және парсы тілі арқылы қазақ сахарасына енген ислам діні негіздерін жетік меңгергені байқалады. Медресе, әлбетте, тіл үйрету мектебі емес, ол – дін үйрету мектебі. Онда оқыған, тәлім-тәрбие алған, медресені тәмамдаған адамдардың бәрі бірдей шығыс тілдерін жақсы біліп шыға алмайды, араларында ерекше таланттылары ғана қос тілді не үш тілді меңгере алған. Атамыздың білімі – соның айқын дәлелі. Бұл – тілге қатысты сөз.Енді бір ауыз сөз дінтану іліміне қатысты. Әдетте қазақ «Дүмше молда дін бұзар» дейді. Шала сауаттылық, дінді қарадүрсін түсіну, өзінің білімсіздігін жасырып-жабу үшін қайдағы-жайдағы жәйттерді қоңырсыту деген секілді кемшіліктер қасиетті Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уасалламның хадистерінде өткір сыналады. Ыбырайым ахун – сәулелі жүрек иесі, ислам дінін жан-жүрегімен қабылдап, халыққа қалтқысыз жеткізген теолог, білімдар адам. Болашақ ізденушілер бұл кітаптан қазақ шығыстану іліміне қосар үлесін зерттесе, нұр үстіне нұр.Тағы бір сөз атамыздың ақындық қабілеті туралы. Әлбетте, бұл қазақ топырағында қалыптасқан дәстүрлі жыр үлгілерінің шығыс мәдениеті інжу-маржандарымен байытылған түрі екені даусыз. Талантты қолдан шыққан көркем дүниелер кім-кімді де бей-жай калдырмасы анық.1994 жылы жарық көрген «Алтынды орда қонған жер» атты кітабының алғысөзін жазушылар былай дейді: «Ыбырайым ахун 1886 жылдың 16 сәуірінде, жұма күні, қазіргі Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген. 1893 жылы жеті жасында медресеге барыпты. «Ол мешітті Қараш Байқұл қажы салдырған» деседі. Алғашқы ұстаздары Қараш Тұрғанбай мен Шегем Қайырмұханбет ахундар, солармен бірге Шоңай Шайхы ахуннан да тәлім алса керек».Ыбырайым Құлбайұлы ахундық атақты жиырма бес жасында алған. «Ақұн» (ахунд) – парсы сөзі, қазақша «оқымысты, ғұлама» деген мағынаны беретін діни атақ.Оның соңында қалған көн мұқаба көне кітапты көптеген мамандар оқып көрді. Кітап үш тілде жазылған. Негізгі бөлігі араб тілінде жазылған. Ал ара-тұра кездескен бәйіттер мен ғазалдардың бір парасы парсы, енді бір бөлігі түркі тілінде берілген. Басқаша айтқанда, таза араб тілінде жазып келе жатып, өз тұжырымын парсы, түркі әдебиеттерінен алынған мысалдармен, бәйіт, ғазал, рубаи, қасида, тәржібанд, мұхаммас, мұстазада, дастан үзінділерімен, яғни шығыс поэзиясының түрлерімен көркемдеп отырған.Ол – өз ұрпағына өлмес мұра, өшпес із қалдырған кемеңгер ғұлама, қатарынан озып туған зерделі тұлға. Қалған мұраның бір парасы – дастандар мен өлең шежірелер. Оның өзін екі бөлімге бөліп қараған жөн сияқты. Бірінші бөлімі: «Адам ата Әнес сахаба, Қазақ шежіресі, Кіші Жүз қазақтарының шежіресі, Адай тарихы, Қараш тегі» секілді ірі тарихи дастандар. Мұнда ахунның халық өмірін, тарихы мен әлеуметтік хал-ахуалын, мәдениетін, өнерін, демографиялық өсу-өркендеу кестелерін, этнографиясы мен салт-санасын тамаша зерттей білгені көрінеді.Ыбырайым ахун адамның жан дүниесінің, мінез-құлқының құбылуы мен зейінділігін, ұғымдылығын, ішкі ойының құпия сырын терең аңғарған және айтқан сөзі мүлт кетпеген, ойы сырт кетпеген білікті жан иесі болған. Оның «Молда Мәдетбайға», «Өмір термесі», «Бата» секілді өлеңдерінен ислам діні қағида ережелерімен катар адамгершілік, мейірім, шапағат, ізеттілік, имандылыққа толы жолдар жиі кездеседі.«Бесіктен лахадқа дейін оқы!»* деген Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уасалламның хадисін қабыл алған Ыбырайым ахун өмірінің ақырына дейін құпия түрде оқып жүрді. 1937 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданынан Әулиеатаға қоныс аударуға мәжбүр болады. Бұл уақыт – Ыбырайым ахун сияқты ғұлама білімді, білгір, көзі ашық оқымысты жандарға сталиндік қуғын-сүргіннің қанды қылышы жарқылдап тұрған кезі еді. Ол қудалауға түседі. Әулиеата өңірінде де қудалаудың зардабын тартып, 1938 жылы мамыр айыңда Түркіменстандағы қазіргі Ташауыз облысының Көнеүргеніш ауданындағы М.Горький атындағы кеңшарға көшіп келеді, сол жерде жиырма жыл колхозда енбек етеді.1958 жылы наурызда ағайындарын бастап Шымкент облысының Мақтарал ауданындағы Иіржар (Ержар) ауылына қоныс аударады.Ахун 1982 жылдың 2 қаңтарында жұма күні Өзбекстанның Жызақ облысына қарасты Гагарин қаласында қайтыс болды. Жаназасына екі мың адам қатысты, отыз сегіз молда құран оқыды.Кітап қалың оқырманға жол алды. Біз алысқа тартқан керуенге ақ жол тілеп, дұға етеміз._______________________________________________  *(اطلب العلم من المهد الی اللحد.)«отлоб-эл-элмэ мен әлмәһдэ элә-л-ләхд». Қазақша мағынасы: «Тал бесіктен жер бесікке дейін ғылым ізде» деген сөз. Нияз ТОБЫШ, шығыстанушы ЫБЫРАЙЫМ АХУН  ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ЖАРИЯЛАНУЫ ЖАЙЛЫ          1990 жылдың басында Бейнеу аудандық «Рауан» газетінің редакциясына (газет редакторы осы жолдардың авторы, А.Ө.) аудан сахнасынан жиі көрінетін жыршы Сайлау Тұрышов келді. Сайлауды редакция жанындағы әдебиет үйірмесінің жұмысына пайдаланып, Қашағанның, Абылдың, Ақтанның, Аралбайдың  жырларын орындататынбыз. Бұл жолы қолында қалың дәптер. Қарасам Ыбырайым ахун Құлбайұлының өлеңмен жазылған қазақ рулары шежіресі екен. Бұрын еш жерде жарияланбаған. Сайлау өз репертуарына енгізуге Ыбырайым ақсақалдан ол Бейнеуде тұрған кезінде көшіріп алған екен. Бірақ оны орындаудың реті келмепті. Тілегі - енді газет беті арқылы қалың оқырманға жол тартса екен-дейді.         - Тастап кет, қарап шығайын, егер мазмұны, көркемдігі газет талабын көтерсе оқырманға ұсынармыз-деп қалың дәптерді алып қалдым. Оқысам тым-тәуір жазылған дүние. Қолмен жазылғандықтан әріп қателері, кейбір оқуға түсініксіз жолдары баршылық. Сайлауды шақырып алып, мән-мағынасына қарап түсініксіз жолдарды түзедік. Ол кезе Ыбырайым ақсақал бұ дүниеде жоқ болатын, ал оның отбасы Мырзашөл жақта тұрады екен. 1969-1972 жылдары Бейнеу теміржол стансасына  қоныстанып, жерсінбей сол жаққа қайта көшіп кетіпті.         Бұрын тақырыбы жоқ еді, «Шежіре» деген тақырып қойып  Бейнеу аудандық «Рауан» газетінің он бір нөміріне қатар жарияладым. Ол кез қайта құрудың лебімен партияның күші әлсіреп, баспасөзде  мақалаларды еркін жариялау етек алып жатқан кезең болатын. Соны пайдаландым. Әйтпесе рулық жүйені мадақтайтын көлемді, әрі өлеңмен жазылған шығарманы билік жақтыра қоймайтын.         Газетте жарияланып жатқан шежірені оқырмандар жақсы қабылдады. Іздеп жүріп оқыды. Түркменстаннан, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан газет данасын сұратқандар көбейді. Өйткені сол кезде баспасөз беттерінде енді-енді жариялана бастаған қазақтың рулық шежіресіне ықылыс әлемет еді. Сонымен бірге Бейнеу мен ортаазиялықтар арасында тығыз байланыс болатын. Ыбырайым ахунның өмірбаяны және шығармалары туралы баспасөз бетінде екінші жарияланған мақала – Е. Әбдіжапарұлының  «Зерде» журналының 1991 жылғы №11 санында жарияланған мақаласы. Біздің көзімізге түскен баспасөз бетін көрген үшінші мақала деп Атырау облысы Жылыой аудандық «Кең Жылой» газетінде 1992 жылы 29 тамызда жарияланған «Ыбырайым ахун» мақаласын айта аламыз. Онда баласы Сметулланың айтуы бойынша әкесі Ыбекеңнің өмірбаяны және «Қараш тегі» атты көлемді шығармасы жарияланған.         Бірде Бейнеуге, редакцияға Ыбырайымның баласы Сметулла Ибрагимов келді. Ол Өзбекстанның Жизақ облысы, Гагарин қаласында тұрады екен. Құлсары қаласынан келе жатқан беті болып шықты. Қолында «Рауан» газетінде бұрын жарияланған әкесінінің жырларының қиындысы, өзге де өлеңдері. Ол әкесінің шығармаларын жинақтап кітап етіп шығарғысы келетінін айтып, соған қол ұшын беруімді сұрады. Мен әуелі шығармаларды жинақтап машинкаға екі дана етіп бастыру керектігін, сосын демеуші табуды, онан кейін баспаға ұсынуға болатынын айттым. Сметулла редакцияға әкесінің «Қараш тегі», өзге де бір топ өлеңдерін тастап кетті, олар да «Рауан» газетінде жарияланды. «Шежіре» аудандық «Рауан» газетінде жарияланған нұсқа бойынша 1994 жылы «Алтынды орда қонған жер» деген  атпен Ақтөбе қаласында «Арыс»  баспасынан кітап болып шықты. Ыбырайым ахунның шығармалары өзге мерзімдік басылымдарда осы кітаптан алынды, ал кітап бастауын бұрын «Рауан» газетінде жарияланған «Шежіреден» алды.         Ыбырайымның «Шежіреден» кейінгі шоқтығы биік шығармасының бірі «Әлім Медетбайдың Адайларға жолдаған жұмбағын шешуі». Мұнда бір сөзбен айтқанда терең білімпаздық, сол білімділікті өлең тілімен ұғындырған ақындық бар. Оның шығу тарихын 2012 жылғы жинақ былай түсіндіреді: 1938 жылы Түркіменнің Марысының әр жағындағы Тәжен жерінде қоныстанған қазақтар мен әлімдер арасындағы сөз қағыста жеменей Бөрібай деген елін уысында ұстап отырған ауызды кісі әлімдерге күш көрсетсе керек, сонда әлімдер өз ғұламасы Медет ахунға «Адайларды кідіртетін бірдеме тап деулі».  Медет ахун үш жылда жауабын шешіп беріңдер деп Адайларға жазбаша алты жұмбақ жолдапты. Бөрібай біраз жыл өзі алып жүріп шеше алмай, оны ескелді Сүгір жырауға береді, ол да өзімен жеті жыл алып жүріп шеше алмапты. 1952 жылы Ыбырайым ахунның қолына тиеді. Соған берілген жауап. Жұмбақ иесі Медет жауапқа риза болып, Ыбекеңді іздеп жүріп бір жиында кездеседі. Медет ахун бұл жұмбақтың түп тамыры сыр сүлейлерінің бірі  Қарасақал Есімбеттен шыққанын (кітапты осылай айтылған ол бізше Ерімбет болуы керек), ол кісі бұл жұмбақты сыр сүлейлеріне арнағанын, бірақ ешкімнің шеше алмағанын, сол жұмбақты есе қайтару үшін Адайларға жібергенін айтыпты.         Осы тұста оқырмандарға бір айта кетер жай, Ыбырайым ахунның туған жерін  нақтылай түсудің керектігі. Біз жоғарыда айтып кеткен екі басылымда екі түрлі жазылған. 1992 жылы «Кең Жылойда» оның өмірбаяны толық беріледі: «Ыбырайым ахун 1886 жылдың 16 сәуірінде қазіргі Атырау облысы, Жылой ауданы территориясындағы Жыңғылтоғай өңірінде дүниеге келген...». Бұны баласы Сметулла газетке берген интервьюінде нақтылай түсіп былай дейді: «...Әкем айтып отырушы еді, Жемнің бойында Жыңғылтоғай деген жерде дүниеге келдім. Ол Асанқожа бейітіне 16 шақырым жерде. Есекжал, Сарқасқа, Ұзынкөл, Саршырпы да егін салып, қыстауға Төңірекшың, Ақкетік құлауынан асатынбыз. – деп. Міне сол әкемнің ізі қалған жерлерді аралап келіп отырмын...». Ал Ақтөбе қаласынан 1994 жылы шығарылған «Алтынды орда...» кітабында: «Ыбырайым ахун 1886 жылдың 16 сәуірінде, жұма күні қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданында дүниеге келген»-деп қысқа ғана қайырады. Байғанин ауданына қарасты ақын дүниеге келген жердің аты аталмайды. Осы кітаптың толықтырылған екінші басылымы («Жазушы», 2012) бірінші басылымдағы сөйлемді сол күйінде қайталайды.    Бізше баласы Сметулла Ибрагимовтың «Кең Жылой» газетіне берген интервьюі дұрыс. Ол әкесінің аузынан шыққан сөзді сол күйінде жеткізіп отыр. Жем өзенінің бойындағы Жыңғылтоғай ауылы Бекет Атаның Ақмешітінің қасындағы тоғайлық. Ақкиізтоғай ауылына жақын. Маңғыстау энциклопедиясы Бекет Атаны осы Ақкиізтоғайда туған деп жазады. Жем өзенінің жоғары жағы Байғанин ауданына қарайды. Аласапыран кезде Ыбекең көршілес Табын ауданына қоныс аударып, жұмыс істеп, одан 1937 жылы Әулиеата жеріне, 1938 жылы Түркменстанға көшеді. Алғаш «Алтынды орда...» кітабы Ақтөбеден шығарылды, 1995 жылы 13 мамырда кітаптың тұсау кесері өзі еңбек еткен Байғанин ауданының Жарлы ауылында өткізілді. Оны ұйымдастырушы байғаниндік ағайындар, артық әңгіме болмас үшін өз өңірінде туғызға салған болса керек. Кітаптың 1994 жылы шығарылған нұсқасындағы журналистер И.Асқаров пен Р.Сағызбайұлының алғысөзіне қарағанда Ыбекеңнің қолына шежіренің негізі хазірет Досжан Қошақұлының қолжазбасынан делініп, жеменей адай Жарас молда арқылы түскен тәрізді. Оны Ыбекең толықтырып, көркем өлеңмен өрнектеген. Біз кітаптың толықтырылған екінші басылымынан («Жазушы», 2012) оның өлеңмен жазылған осы шежіресін және «Жұмбақты шешуін...» ғана  жариялап отырмыз.                                                                  Айтуар Өтегенов,                                               Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  

Ыбырайым