Жүрегімді
тәтті қиял, арманмен үлпілдеген,
сағынышым, ойым мен күлкім, денем -
бәрін алып қойдың сен, енді сенсіз
жүре алатын емеспін бір күн де мен.
Тәкаппарлау жалт еткен
көзімдегі ойнақы мысқылымды,
тиген жерін өртейтін ыстығымды
жұрдай еттің. Құдай-ау, қайда кеткен
менменшілдеу бойдағы күш бұрыңғы?!
Жаным елтіп шырқайтын таңдағы әнім,
жетелейтін ой-қырға арман-ағын -
бар асылым өзіңмен бір болғасын,
есі-дертім сен болып сандаламын,
ойлашы өзің - басқа енді бар ма амалым?
Мен өзіңнің алдыңда
әлсіреймін бойымда дым күш қалмай,
ойлайсың ба - бұл ісің қылмыс қандай:
мені тонап келесің жалғыз өзің
дүниені жаулаған Шыңғысхандай!
Қарақшыдай
ауыл сыртын жүретін торып талай,
мені еркіммен ұрладың жорықта жай.
Тілейтінім - өмірде енді маған
сенен басқа "ұры" адам жолықпағай!
1977
- 160 просмотров