Отандық көлік халыққа ұнаса, өндіріс дамиды
Өткен жылы мемлекеттік органдар үшін 20,68 миллиард теңгеге 3315 қызметтік көлік сатып алыныпты. Оның 3216-сы, яғни 97 пайызы отандық өндірістерде құрастырылған көліктер болса, қалғаны – шетелдік «тұлпарлар». Бұл мемлекеттік органдарда отандық зауыттарда құрастырылған автокөліктерді пайдалану туралы талайдан айтылып жүрген сөздің іске аса бастағанының айғағы. Былтыр еліміздің машина құрастыру саласында 30 мың автокөлік шығарылған. Бұрнағы жылмен салыстырғанда 78,8 пайызға артық. Тағы бір айта кетерлік жайт, өткен жылы нарықта сатып алынған әрбір жаңа көліктің екіншісі елімізде құрастырылған. Отандық автоөндірістің бойына қан жүгіре бастағанын осыдан аңғаруға болады. Саланың дамуы, болашағы жайлы экономистер не дейді? Құлақ түрелік.
Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, экономика ғылымдарының докторы:
– Отандық автоөндірісті дамыту үшін тек шенеуніктердің машина сатып алғаны жеткіліксіз. Себебі, олар күнде машина ауыстыра бермейді. Көлік күнделікті сатып алатын азық-түлік емес. Жаңалап қойсам, бір көлікті 10-15 жыл мініп, пайдаланам деген жоспармен алады. Отандық машинаны халық жаппай сатып ала бастаса ғана мақтануымыз керек. Өз көліктерімізді бүкіл бұқара сатып алуға бет бұрып және ол халыққа ұнайтын болса, сонда отандық автоөндіріс қарқын алады. Осы саланы дамыту үшін, біріншіден, халықтың тұрмысы машина сатып алатындай жақсы болуы керек. Екінші, отандық автокөліктің сапасы шетелдікінен кем болмай, тіпті асып түсуі тиіс. Үшінші, отандық машиналардың бағасы шетелдікінен әлдеқайда төмен болуы керек. Сонда ғана отандық машина жасау саласын дамыта аламыз. Егер шетелдік машинаның сапасы жоғары, бағасы төмен болса, әрине таңдау соған түседі. Соңғы 25 жылда адамдар шетелдік көліктерге үйреніп қалды. Сондықтан санаулы шенеунік сатып алғаннан мемлекет те, отандық өндіріс те дамымайды, ал жаппай халық сатып алып, халықтың тұрмысы жақсарса, экономика көтеріледі, мемлекет дамиды. «7 – 20 – 25» автонесие бағдарламасын енгізудің қаншалықты нәтиже беретінін де уақыт көрсетеді.
Ілияс ИСАЕВ, Нархоз универстиетінің доценті:
– Егер нарықта машина өтіп жатса, демек халықта сұраныс бар. Сұраныс болса, неге машина өндірісі саласын дамытпасқа? Біріншіден, машина жасау үшін оған қажет металдардың бәрі біздің пайдалы қазбамызда бар. Екіншіден, Қазақстанның автокөлік өндіру саласында қазақстандық үлесті, яғни машина құрылысы саласына қажет автобөлшектер өндіруді арттыра түсуіміз керек. Егер бұл 100 пайызға жетсе, біз нағыз бәсекеге қабілетті өз үлгімізді жасап шығарсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір елімізде автокөлік құрастыру деңгейінде ғана жұмыс істеп жатсақ, кейіннен 100 пайыз отандық автокөлік өндіретін жағдайға жетуіміз керек. Бәрі бірте-бірте болады. Алғашында түк жоқ болды, одан біртіндеп өз автобөлшектеріміздің үлесін көтеріп келеміз. Бұл нені білдіреді? Кәсібилік, яғни темірден түйін түйетін азаматтар пайда болып, технократтар көбейеді. Сол автокөлік өндірісі айналасында қосымша шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындары пайда болады. Сондықтан ерте ме, кеш пе автокөліктің қазақстандық құрал-жабдығы көбейген сайын бұл сала бірнеше басқа саланың локомотивіне айналады.
Мемлекеттік органдардың былтыр сатып алған көліктерінің 97 пайызы отандық болғаны өте орынды. Бұрын-соңды автокөлікке деген сұраныс көбіне жеке азаматтардан болса, енді Үкімет автокөлік өндірісі саласын дамыту үшін мемлекеттік секторда да сұранысты күшейтіп жатыр. Өйткені бүгінгі таңда экономикамыздың 60 пайызы әлі де мемлекеттік. Мұндай жағдайда отандық автокөлікті мемлекеттік секторға қарай бағыттау өте құптарлық әдіс.
Бұл салаға «7 – 20 – 25» бағдарламасын енгізсе, біріншіден, сұраныс, әсіресе, жеке сектордан арта түседі. Екіншіден, банктердің пайыздық үстемақысы төмендейді. Қаржы саласында несие беру нысаны неғұрлым көбейіп, клиентуралық нарық кеңіген сайын пайыздық үстемақының төмендей түсуі заңдылық. Себебі, банкте ақша бос жатпай, айналымда болуы керек. Егер бұл бағдарламаны қолға алса, оны алға тартып Үкімет мәжілісінде талқыланса… Банктер бұл саланы әбден зерттеп, Үкіметке ұсыныспен шығып отыр. Бұл автонарықта қазақстандық үлесті арттыра түсуге ықпал етуі әбден мүмкін.
Жаңа пікірді жазу