Сейітжан Омаров жайындағы
естелікті қолға алуыма өңгеден бұрын ол кісінің мінезі себепші болды. Өзім іске
араласқан сонау 50-ші жылдардан бері Сейітжан ағайды тек Қазақстан Жазушылар одағынан
кездестіріп, ақыл-кеңес алушы едім. Қазақстанда айғайы естілмейтін, шуы
білінбейтін, ардың-дүрдің жүрісі байқалмайтын, улатып-шулатып жатпайтын жазушы
болса, ол жалғыз Сейітжан Омаров қана шығар. Ол кісі бір адамға дауыс
көтеріпті, кеуде көрсетіпті дегенді есіме түсіре алмай отырмын. Пенде болған
соң ол кісінің тірлігінде ондай қылық болған да шығар, алайда оны естіген адам
аз болғанына кепілдік беруге болады. Өйткені, қақ-соғы жоқ адамның тіпті
архивте де ізі сақталмайды екен.
Күлімдеген көзі болмаса үлкен аға
болып бауырына тартқан сәті де есімде сақталмапты. Сейтекең - Атбасардың, мен -
іргелес Бұландының адамдарымыз. Қойымыз аралас, ауыл-аймағымыз құдандалы
болып, қыз беріп, қыз алып жатқан туысқандармыз. Сөйтсе де, менің жүзімнің
суықтығынан ба, әлде Сейтекеңнің сабырлы мінезінің әсерінен бе, әйтеуір
амандасумен шектелетін едік.
1957 жылы Саттар Ерубаевтың шығармаларын
толыққа жақын газет-журнал беттерінен, мұрағаттардан жинап шығарғанда өзіме
туыстығы бар Т.Балтағожин баспа директоры, С.Омаров бас редактор болып
отырғанда ресмиліктен қия баспағандары есімде. Мен асыққанмен ағаларым заңды
қисыны келіп тұрғанның өзінде қол жалғап жібермегендеріне ренжіген де сәтім
болып еді. Ол кезде жең ішінен жалғасу жоққа тән еді ғой.
Содан да болар, Сейітжан ағайдың
"Аққу күйі", "Хан тағы", "Бақ жұлдызы" әңгімелер жинағы мен "Балзия", "Алтын
алқап", "Күншуақ", "Дала қызы", "Өмір асулары" повестерін және "Қызыл арай"
романын, 1980-82 жылдары шыққан үш томдық таңдамалыларын оқығаныммен еш лебіз
білдірмегенім ардан аттап кетпеудің бір амалындай болды-ау деймін. Өйткені,
осы шығармалар жарық көрген тұста әдебиетімізге келген "Үкілі балалар" жарық
көрген тұщымды шығармалары түгіл, ойына алып, жүзеге асырайын деп жатқандарын
ағайын-туыстарына, пайда іздеген іні-қарындастарына насихаттатып жатқан-ды.
1962 жылы менің "Октябрь өркені"
атты монографиям Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шығайын деп
жатқанда жартылай ақын, жартылай ғалым ағамыз домалақ арызбен әлек-шәлекке
салған-ды. Қазақстан Жазушылар Одағының жауапты хатшысы болып отырған Сейітжан
ағайға барғанымда "оны Лито шешеді ғой" деген ресмиліктен аспап еді. Мен мұны
ағамның міні деп айтып отырғаным жоқ, қайта адалдықтың белгісі, арамдыққа аяқ
баспаудың үлгі-өнегесі деп білемін. Әркімнің өз күшімен күн көргеніне не
жетсін, жүзің де жарқын, еңбегің де өнімді.
Сейітжан ағаймен қоян-қолтық
араласқан кезім Башқұрт кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, бүкіл
кеңес еліне танымал, данагөй Сайфи Құдаштың шығармаларын қазақ тіліне аудару
тұсында болды. 1957 жылы Уфа қаласына барғанымда Сайфи ағадан "Ғалия"
медресесінде оқыған қазақтардың жайын, Бейімбет Майлинмен достығын біліп, хат
жазысып, творчестволық байланыс жасап тұрдық. Сейітжан Омаровты ертеден
білетіндігімді естіген соң шығармаларын башқұртшадан қазақшаға тікелей аударып
жатқанын айтып, қашан баспаға жіберетіндігін білуді тапсырған еді.
Сейтекеңнің үйіне баруға сылтау
таба алмай жүргенде жақсы болды деп қуанып кеттім. Өйткені, Сайфи ағай 1963
жылы Қостанайға баяғыда өзі бала оқытқан Арқа Қарағайды аралауға келгенде Сәбит
Мұқановтың және Қостанай облыстық газеті редакторының орынбасары Хамит
Біржановтың қошеметін көріп, жастық шақтың ізімен жүріп өткенін әңгімелеген
шығармасын Сейітжан ағай аударып, баспаға тапсырыпты. Сол хабарды Сайфи ағайға
телефонмен жеткіздім.
Қазақтың үйіне барған соң шай
ішпей кетпейсің ғой. Сайфи Құдаштың "Сейітжан, Сейітжан" дей беретінінің сырын
дастархан басында аңғардым. Жеңгеміз Сәуия башқұрттың матур қызы екен. Сейітжан
ағайдың Сайфи Құдаштың "Көктемді қарсы алғанда" және "Жастық шақтың ізімен"
атты хикаяларын тікелей башқұртшадан аударуының құпиясын әбден анықтап алдым.
Түсінбей қалған жерлерінде Сәуия жеңгей демесін жасап жіберетін көрінеді.
Жақсыда жаттық жоқ. Сәуия жеңгей
ағамызды бағып-қағуда болсын, дүниеден өткеннен кейін барлық рәсімдерді
жасауда болсын, 80-90 жылдықтарын өткізуде болсын, жар құлағы жастыққа тимей
адамгершілік көрсеткені талай қазақ әйелдеріне үлгі боларлық деңгейде екенін
көзімізбен көрдік, естідік.
Сейітжан ағай 1935-36 жылдары
Петропавл қаласында бір кездері "Бостандық туы" атанып, кейін "Ленин туы"
делінген газетте қызмет істеп жүргенде, 1936 жылы Сәбит Мұқанов Қазақстан
Жазушылар Одағының бастығы болар қарсаңында еліне барады. К.Ахмет екеуміз
"Сәбит Мұқанов" деген "Тарихи тұлға тағылымы" деген ғұмырнамалық сериямен
шыққан ғұмырнамалық эссемізде Сейтекеңнің естелігін келтірдік.
Сәбит Мұқанов редакция қызметкерлерімен
кездескенде "шілде-тамыз дүниенің жігіт шағы ғой. Алматыда басталған "Жұмбақ
жалау" романымды өндіртіп жазып тастайын деп өзімнің сүйікті Қызылжарыма әдейі
келдім" дегенінде редакторымыз Сейілбек Үсенов:
- Сейітжан, сен бүгіннен бастап
Сәбеңе хатшы боласың, - деді. Мен түсінбей қалдым.
- Сен маған көмектесесің, қолжазбамды
машинкаға бастырасың, тексеріп оқисың, хатшылығың осы, - деді Сәбит аға
жайраңдап" (Кәдімгі Сәбит Мұқанов. Естеліктер жинағы. 1984. 21-22) деп есіне
түсіріпті қазақтың ірі жазушысы Сейітжан Омаров. "Сәбең редакцияның бір шағын
бөлмесінен жұмыс орнын сайлап алды. Күн сайын сағат тоғызда жұртпен бірге
кеңсеге келеді, түсте бір сағат үзіліс жасайды. Әзірлеп қойған қонақ үйдің
жайлы бөлмесіне түспей, өзінің досы Жұмабай деген жұмысшының үйіне түсіп, кешкі
сағат жеті кезінде қайтады", деп Сейітжан ағай Сәбеңнің қарапайымдылығы мен
жұмыс істеу тәсілін, күй таңдамайтынын әдемі бақылапты. Сәбеңе екі ай "хатшы"
болған Сейтекең осы қызықты күндерді еш ұмытпай, ұлы жазушының мінез-қылығын
былай жеткізіпті: "Әлденеше жылдан бері бір көруге зар болып, аңсаған қадірлі
ағамен дидарласу сәті түсетініне қуанып жүрмін. Жүрегім лүпілдейді, көргенше
байыз табатын емеспін.
Сәбит аға ол кезде отыз алты
жаста еді. Сонда да ол кісі бізге ұзақ жасаған, көпті көрген қариядай
көрінетін. Бет әлпетінде, көзқарасында жатсыну, тосырқау дегендердің ырымы жоқ.
Бір көрген адамның өзімен де ескі танысындай жарқылдап, елжіреп сөйлеседі.
Жылы сөзімен жаныңды баурап алады. Біздің Сәбит ағамыз өз халқының, бүкіл
отанымыздың сүйіспеншілігіне ие болып еді" деген (С.Мұқанов туралы естеліктер.
2001. 18 бет) ойы бүкіл қазақтың аузынан шығатын ілтипатты лебіз ғой.
Сейітжан ағайды еске алғанда
Сайфи Құдаш еріксіз еске түседі. Біріншіден, татар-башқұрт мәдениетіне,
әсіресе әдебиетіне етене жақын болуы, екіншіден, Сайфидай данагөй қартпен дос
болуы бұған негізгі себеп. 1984 жылы Сайфи ағай тоқсан жасқа келді. Сейітжан
ағайға шақыру жіберіпті. Өзім тойға аттанарда Сейтекеңе телефон соғып, қашан
жолға шығатынын сұрадым. Телефоннан естілген дауыс ұнамады.
- Тұрсынбек-ау, бар қазақтың
атынан ақсақалға сәлем айт. Қазақтың шапанын кигіз. Ондай дана қарттарды қалай
қадірлесек те бағасына жетпейміз. Өкінішке қарай, мынау сырқат жолға шықпақ
түгілі үй ішінде жүргізбеймін дегенге көшкен сияқты. Саулығым болғанда
міндетті түрде баратын едім. Қазір қанаты қайырылған сұңқардың күйіндемін.
Құшақтап, бетін сүйіп, менен сәлем айт, бауырым! - дегені әлі құлағымда. Уәде
- құдай сөзі ғой, ағайдың аманатын орындағанымды оралған соң көңілін сұрай
барғанымда айтып ем, ағамыз көзіне жас алғандай болды. Бұл біздің соңғы
көрісуіміз екен, көп ұзамай ағамыз бақилық сапарға аттанды.
Естелік болсын деген соң пенделік
қатынасты ғана жазып отырмын. Әйтпесе, Сейітжан Омаров сынды кемеңгер
жазушының еңбегі туралы көсілуге шамам жетеді ғой. Алайда, жаңа заманның
таптық мақсатын жарқырата жазып, биік деңгейде суреттеген әдебиеттің айбынды
өкілі екенін досы түгіл, дұшпаны да мойындайды. Ол біздің рухани байлығымызды
жазған шығармаларымен ғана емес, соның ұйымдық жағынан да көркеюіне ерен еңбек
сіңірген қайраткер. Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезден жамбасы қара жерге
тигенше Қазақстан Кеңес Жазушылары одағының қазақты әлемге таныту жолындағы
азабы көп, абыройы аз ұйымдастыру жұмыстарына күні-түні жегілген еңбек торысы
болғаны әмбеге аян.
Тіпті, Сейтекең жауапты хатшы
болған тұстарда жазушы ағайындардың ағайыннан гөрі еңбекшілдігі мол, ауызбірлігі
күшті болып, абыройға кенелгені де жасырын сыр емес. Алдына келгеннің ғана
емес, алыстан айбат шеккендердің де тілін тауып, сабасына түсіретін мәмілегерлігі,
салмақты мінезімен-ақ асаулардың аптығын басатын азаматтығы бар еді. Қазір
осындай қасиет жетпей жатыр-ау деп қалғандайсың. Сейітжан Омаровтай ақылды
ағалардың, мейірімді жандардың, шебер ұйымдастырушылардың артына қалдырып
кеткен үлгі-өнегелерін қадірлеп, еліміздің абыройын асқақтата берсек қана
асыл ағаларымыздың әруағы риза болары сөзсіз.
Тұрсынбек КӘКІШЕВ,
профессор.
- 116 просмотров