ВЕРНУТЬСЯ

Айтып жүрген өлеңді мен баяғы,
Жылқы ішінде тұрмайды кей саяғы.
Өз қолыңнан бермесең, мен алмаймын,
Сірге жияр ағаңның «бата аяғы».
Түннің жарым болғаны таңға жаман,
Иттің жаман болғаны аңға жаман.
Өз қолыңнан бер- дағы, риза қыл,
Бала билеп кеткені заңға жаман.
Құдай мені жаратты бақты қылмай,
Мал бермеске, Маманжан, сақтығың-ай.
Мұндайыңа көзімді салмаушы едім,
Бұйра шеке түйенің ақтығындай.
Өзіңдей сөз айтамын ескі құтқа,
Ой найман, орта жүзге болдың тұтқа.
Аузыңнан шыққан сөзің ем болады,
Жетсін бе бұдан артық қолың бұлтқа?!
Домбырасы Толғанжан қызыл екен,
Сырлап қойған мойыны ұзын екен.
Боталаған түйедей үкі тағып,
Әлпештеген біреудің қызы ма екен?
Келдім мұнда құдайдың бұйрығындай,
Мен де көрдім, Толғанбай, жүйрігіңді-ай.
Тақат, Нұржақ қосылса, бір-ақ уыс,
Қара тоқал ешкінің құйрығындай.