ВЕРНУТЬСЯ

      I

      Келеді бір күш соңымнан: өктемдіктерге

бас бұрмай,

екпінін көрсең-дауылды түнгі дариялардағы

тасқындай.

Жүреді ол дос қып, адалдық көрсе бойынан

ешбір пендені жатсынбай,

қиянаттардан қиналғандарды басқа ұрмай,

қояды ол сосын өзімшіл менмен жандардың

ауызын "о" деп аштырмай.

Намысына тисе халқының біреу, кете алмайды

оның алдынан

жанарларына жас тұнбай,

кіре алмай жерге, өкінішке толы өксікпен

жөнейді кері жаралы қорқау қасқырдай.

Шындықсыз жерде ол, келіспек түгілі,

бұрылып басын да имеген

/сол ақиқатпен мен де бір жасыл қүйге енем/.

Оның ақ жанын ешнәрсе жалтарта алмайды

көгілдір дүние, көп жиһаз, асыл күймемен.

Халқының абзал қасиеттерін ардақтаса жұрт,

бақыт пен даңқ тілемейді өзге,

ол үшін осы сый деген.

Келер бір сондай тың толқын

дәуірдің өзі туғаннан сана, күш берген.

Өмірдегі кейбір жалтақтықты көрсе, тістенген.

Ығыспай сонда ол, арпалысып өтер өлгенше

әділеттен жұрдай үстеммен.

Жүреді сосын ұрпақтың даңқын шырқатып

тарихтың өзін таңдандыратын істермен.

Қарайды оған бас иіп

Жер ғана емес, көгілдір аспандағы Күн,

қайратын көріп жанартаудың жасқар жалынын.

Жүреді ол кәміл белгісіз мекен жайларда

туларды қадап шыңына асқарларының.

¥рпақтары оның мақтанар мәңгі аңыз қып

жұлдызды жондарда қарыштап басқан адымын.

Оған түк емес бүгінгі менің

өзімшіл асқақ арыным,

/кім білсін, мүмкін, оған да жетер

ашынудан басталған үнім/.

Мен, мүмкін, оның биіктерге шырқар жолдағы

алғашқы баспалдағымын...

Асқақ болғанмен, ұғады ол

тамырсыз тыңдардан өзінің өспегенін де,

естиді ол әнін Ақанның Көкше белінде,

асқақ үнімен даланы жаңғыртып өткен

Махамбеттердің болғанын көшпелі елінде.

Іздейді ол талмай аталардан қалған мұраны,

Жер астындағы "архив" біткеннің қопарып

текшелерін де.

Осынау жонда қалалар тұрды-ау бір кез деп,

Тігеді ойлы жанарын төстегі егінге...

II

Сан заман өткен,

қазақтың

таптатып жатқа мекенін, қор қылып елін

/сол түнек заман, менің де сор күнім едің/.

Қасірет шеккен кең дала тыныстап бүгін,

ұмытып жатыр талайға жортуыл демін.

Қаспетіңді тек жоғалтпа, ақпейіл далам,

шүкірсің бүгін - төсің бай, қолтығың егін.

Мойнымда менің көп әлі

алдыңда сенің

өтей алмаған борышым, олқы күндерім.

Тағдырыңды сенің тапсырдым сенімді ұрпаққа,

көз нұрың, болашағың да сол , түбінде, елім!

...Келеді әйтеуір бір ұрпақ менің соңымнан,

бар үміт сенде,

о, асау толқыным менің!...

1971