ВЕРНУТЬСЯ

       Бабаларым,

Рақмет сендерге

Балаларым болмасын деп көр-кеуде,

Қобызыңмен
қосып ән мен тіл бердің,

Өмірге мен мылқау болып енгенде.

Бабаларым,

Рақмет сендерге!

Жыраулардың
жазбай кеткен жырларын,

Арулардың айтпай
кеткен сырларын,

Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын,

Қобызыңның шанағынан тыңдадым.

Құлазыған
сенің құла түздерің,

He білмеген, не
көрмеген, ізгі елім.

Жазылмаған тарихымның жолдарын,

Ауызекі аңызыңнан іздедім.

Мен білмеймін.

Басыңа әлде орнап бақ,

Шаһар салып, жасадың ба жаннат-бақ.

...Әлдеқалай
тасқа түскен таңбада

Табынамын, тарихымдай ардақтап.

Сыр ашпайды сенің құла түздерің,

Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің.

Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,

Домбыраңның пернесінен іздедім.

Іздедім де, сәттерімде,
түңілген,

Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем.

Жүгінгем де, қайта
туғам, тірілгем:

Тарихымды жазудамын бүгін мен,

Бабаларым, сенің
Ана тіліңмен!

...Менің мына қайта туған күнімде,

Сөйле, оркестр, дүрілде бір, дүрілде!

Сөйле, Моцарт, менің Ана тілімде,

Сөйле, Данте, менің Ана тілімде.