ВЕРНУТЬСЯ

      «Мұғалима бізге бақыт туралы

шығарма жаздырды. Бақыт деген

не екенін мен қайдан білейін...»

Бақыт деген - сенің бала күндерің

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің,

Бақытын да, басқасын да білмеуің

Бақытсыз-ақ ойнағаның-күлгенің.

Бақыт жайлы менің мынау білгенім.

Бақыт деген - бірде шаттық, бірде мұң.

Бақытты сол - тәрік етіп түндерін,

Бақыт іздеп азаптанса, кімде-кім.

Бақыт деген
- әркімдерде бір арман,

Сол арманның шыққан жері құмардан.

Ал сен үшін бақыт деген - дәл қазір,

Бақыт жайлы жаза алмаған шығармаң.

Бақыт іздеп мал бақ, мейлің, тас қала,

Бірақ, балам, мынаны естен тастама:

Бақыттысың бақыт  іздеп сорласаң,

Бақытты боп сорлап жүрсең масқара!

Бақытың - мен, бақытым деп біл мені,

Мені білсең, бақытыңды білгенің.

Ал мен үшін ең
бақытты күндерім -

Балам, саған бақыт іздеп жүргенім!