ВЕРНУТЬСЯ

    Аудандық деңгейдегі жауапты қызметте істейтін сыйлас бір
інімнің кәдімгі Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының ұрпақтарымен тәп-тәуір
таныс-білістігі бар екен. Ұрпақ дегенде, қолбасшының ұлы Бақытжан, немересі
Ержан, сондай-ақ келіні Зейнеп Ахметова ғой біздің білетініміз. 

            Әлі үйлене
қоймаған жаңағы ініміз Бақытжан мен Зейнепті Тасқалаға, үйіне қонаққа
шақырыпты. Құдайға шүкір, құрметті қонақтарды күтетін мүмкіндігі мен жағдайы
бар. Отау көтерген бауыры, қатар көрген анасы оны қолдап отыр. Маған да хабар
жетті. Ойланып қалдым. Бақытжан мен Зейнеп - екінің бірі емес, Бауыржандай
аруақты тұлғаның шаңырағын ұстап отырған елге жақсы белгілі жандар ғой олар.
Бір үйдің қонағы емес, ауданның алақанға салып күтіп алатын қонақтары емес пе?
Ауданның жас та болса жігерлі басшысына бұл жайды айтпай болмайды деп кеңес бердім
ініме. Мұным жөн болған екен. Аудан басшысы алғашқыда өзімен ақылдаспағанына
реніш білдіріп, кейіннен Бақытжан мен Зейнепті аудан қонағы дәрежесінде қарсы
алу қажет деп тауыпты. Дұрыс!

            Содан 1989
жылы шілде айының басында Бақытжан мен Зейнепті Орал аэропортынан қарсылап
алып, Тасқалаға тартып кеттік. Өз басым Бақытжанды Алматыда, Қазақстан
жазушыларының кезекті бір құрылтайында сырттай көргенім бар-ды. Қол алысып
амандасып, жүзбе-жүз таныспаған болатынбыз. Бәкең ірі тұлғалы, етті бетті, шашы
тікірейіңкіреген, көздері үлкен де өткір, мінезі ауыр, сөзі сирек кісі сияқты.
Жастау кезінде алған жарақаттың салдарынан бір аяғын созалаңқырап басады екен.
Есесіне Зейнеп шағын денелі, қимылы тез, сөйлегенде аузы-аузына жұқпайтын,
сайма-сайдың адамы болып шықты. Екеуі де біздің өңірдің топырағын тұңғыш рет
басып тұрған сыңайлы. Ақ «Волганың» алдыңғы жағында отырған Бақытжанның
төңірекке көз тастап, терең ойға берілгені байқалады. Ал Зейнеп болса, әртүрлі
сұрақтарды жаудырып, ел-жұрттың жай-жапсарынан мол хабардар болуға тырысқандай.
Иә, сол бір кездерде ауыл-аймақ атаулары негізінен орысша еді ғой. Қазірде де
қазақшалана тұрса да, бұрынғыша айта береміз. Росташа, Переметный, Озерный,
Зеленый, Логашкино, осылай кете береді.

- Ойпырым-ай! Орыс жері кілең, - деп таңдайын қағады Зейнеп
әлсін-әлсін.

- Жоқ! Олай емес, Ақ Жайық атырабы - біздің бабажұртымыз.
Доспамбет, Қазтуған жырлаулар мен дала философы Асанқайғының айтқандарын қайда
қоямыз! - деп, үңгірдегі арыстандай гүр етті бір кезде Бақытжан Бауыржанұлы. Ол
өз ойымен болғандай көрінгенімен, біздің әңгімемізге мұқият құлақ түріп отыр
екен. Содан, Еділ мен Жайықтың арасын мекен еткен халықтардың қатпар-қатпар
тарихы қозғалып кетті.

Бақытжан Момышұлы да белгілі жазушы. Ол орыс тілінде жазады.
Алматыда туып-өсті, оқыды дегендей. Астаналық қалада бір ғана қазақ орта
мектебі болды ғой. Аржағы белгілі. Бәкең орысша оқыса да, жазса да қазақ
зиялыларының қатарында тұрады. Ол халқымыздың басынан өткерген қилы жағдайларды
бір кісідей білетіндігін байқатты. Әлбетте, нағыз жазушы осылай болуға тиісті
де. Әнуар Әлімжанов пен Олжас Сүлейменовтің орыс тілінде жазғанын білеміз. Олар
да қазақ жазушылары болып қала береді.

Бақытжанға оралайық. Ол 1941 жылдың 3 қазанында дүниеге
келген ғой. Бұл енді соғыстың қайнап тұрған кезі. Әкесі Бауыржан Момышұлы
майданда. Москва түбіндегі жан алысып, жан беріскен қанды шайқастардың қақ
ортасында жүр. И.В.Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясының Талғар полкінде
батальон командирі болып жүрген Баукең ұлының дүниеге келгенін алғы шепте,
блиндажда қиян-кескі ұрыста батальонына басшылық жасап тұрғанда естиді. Сұрапыл
соғыстан тірі қаламын деп ойламаған ол, блиндажда отырып, асығыс түрде әйелі
Жамалға үшбұрыш хат жазып, нәрестенің атын Бақытжан қоюды тапсырады. Қан
майданда жүргендер бақыт деген ұғым мен сөздің мағынасын терең түсінсе керек.

1941 жылдың аяғына таман Москва түбінде тұңғыш рет жауға
ойсырата соққы берілгені белгілі. Соңынан анықталғандай, И.В.Панфилов атындағы
8-гвардиялық атқыштар дивизиясы (бұрынғы 316-дивизия) фашистердің мұздай
қаруланған төрт дивизиясына қарсы тұрған ғой. Ойлап көріңіз. Төрт дивизия!
Техникалары қандай! Танк, өздігінен қозғалатын артиллерия, самолет, минутына
мыңға жуық оқ төгетін шмайсер... Ал біздің қаруларымызға қараңыз. Ескі үлгідегі
зеңбірек, винтовка, граната, танкіге қарсы қолданылатын өртегіш сұйықтық
құйылған шишалар, бары осы. Міне, Бауыржан Момышұлы сол сұрапылда батальонын
шебер басқарып, шамасы келгенше жауынгерлерінің өмірін сақтап, отан алдындағы
борышын абыроймен ақтап шықты. Содан, Алматыдан майданға 1941 жылдың жазында
аға лейтенант болып аттанған Бауыржан Момышұлы, 1944 жылдың қысында полковник
шенінде бір айлық демалысқа келіп, үш жастан асып бара жатқан Бақытжанын
бауырына басып, емірене сүйген ғой. Бұлар - Баукеңнің өзі жазған жайлар. Иә,
иә, Бақытжан Момышұлының өмір жолы, яғни, тағдыры талыстай бір романға жүк
боларлық. Өзі жазды да бұл туралы.

Тасқала ауданының (бұрынғы Камен) тұрғындары Бақытжан мен
Зейнепті алақандарына салып қарсы алып, аяқтарын жерге тигізбей дегендей құрмет
көрсетті. Аудан басшылары ауыл адамдарымен кездесулерді шебер ұйымдастырғанын
баса айтуға тиіспін.

1989 жыл дегеніңіз, ерекше кезең болды ғой. Компартия мен
совет өкіметі әлі билік басында. Бірақ бұрынғыдай қауқарлары жоқ. Ең жоғарыдағы
басшылар саясат тізгінін біресе оңға, біресе солға тартқылап, ел-жұртты есеңгірете
бастаған тұс. Есесіне ұлттық санаға сәуле түсіп, саңылау көріне бастағандай...

Аудан шаруашылықтарында өткізілген кездесулерде Бақытжан да,
Зейнеп те саясат жағына бармай, елдің бірлігі мен тірлігі төңірегінде әңгіме
қозғайды.

Сол жылдарда Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» атты естелік
кітабы халық арасында кеңінен таралған болатын. Жұрт жабыла оқып, қолбасшы
Бауыржан Момышұлының отбасы, өз шаңырағындағы тұрмыс-тіршілігін білуге қатты
құмартулы еді. Жиналған жұрт сол кездесулерде Баукеңнің күнделікті өмірдегі
ұстанымы, жақын-жуық, дос-жаранмен қарым-қатынасы хақында көп-көп сұрақтар
береді. Бақытжан сөзге сараң адам дедік қой. Есесіне Зейнеп есіле сөйлеп,
кітабында айтылмаған біраз жайлардың басын қайтарып тастайды. Жұрт дуылдата қол
соғады мұндайда.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысының Жуалы
ауданындағы Имашбұлақ деген мекенде дүниеге келген ғой. Имаш - оның атасы. Одан
Момыш, Момынқұл тараса керек. Баукең орталау мектепті бітірген, одан соңғы
білімін түрлі курстарда жетілдірген сияқты. Бұл - соғысқа дейінгісі. Кейін
Мәскеуде Бас штабтың академиясын бір «4»-тік, қалғанын кілең «5»-тікпен
бітіргені баршаға белгілі болар. 1941 жылға дейін Бауыржан Момышұлы мұғалім,
комсомол хатшысы, аудандық милиция бастығы, банктің белді қызметкері, Қазақстан
әскери комиссариатының аға нұсқаушысы қызметтерінде болғаны жазушы Әзілхан
Нұршайықовтың «Аңыз және ақиқат» роман-диалогиясында жан-жақты айтылады.

Аталған кездесулерде Бақытжан да, Зейнеп те Баукеңнің
балалық, жастық шақтарының ауыр жағдайда өткенін баса айтады. Ал енді соғыстың
жөні тіптен бөлек қой. Соғыстың аяғына таман 18 мың адамдық дивизияның
командирі болған Бауыржан Момышұлына жоғары әскери білім алғаннан кейін генерал
шені берілмеуі біраз жайды аңғартса керек. Халық Батырына Алтын Жұлдыз өзі
өмірден озған соң берілді ғой. Иә, бодандық, тәуелділік, жаутаңкөздік деген
осы.

Бақытжан мен Зейнеп Тасқала ауданының барлық дерлік
шаруашылықтарында болып, халықпен кездесті. Кейін ел тұрмысы күрт төмендегенде,
аталған басқосулардың игі әсері болды. Тапшылық жан-жақтан қыса бастағанда жұрт
Баукеңдей біртуар тұлғалар бұдан да қиын кезеңдерді басынан өткерді ғой деп,
шыдас берді. Бұл - шындық!

Дес бергенде, Баукеңнің бала-келініне осы сапарларында
жастардың үйлену тойында болудың сәті түсе кетті. «Шежін» кеңшарында жауапты
қызметте істейтін аталас туысымның баласы үйленетін болып, тойға шақырылдық.
Бәкең мен Зейнеп қуана келісті. Иә, содан Крупская атындағы кеңшар
тұрғындарымен кездесіп, Шежін ауылына уақытында келіп жеттік. Ішіне тай
шаптыруға болатындай шатыр қонақтарға лық толған. Бақытжан мен Зейнепке төрден
орын дайындалыпты. Олар кейіндей берген мені өздерімен ала кетті.

Асаба келістіріп сөйлеп жатыр.

- Бұл тойды Бауыржан батырдың баласы Бақытжан бастасын! -
деді ақсақалдардың бірі.

- Жөн-жөн, дұрыс-дұрыс! - деп жұрт дүрлігіп кетті. Бақытжан
созалаңқырап орнынан тұрды.

- Разымын тілектеріңізге! Әйел заты демесеңіздер, әкемді
бағып-күтіп, бата-фатихасын алған келіні мына Зейнепке жолдықты бергім келіп
тұр, - деді әдеттегісінше гүр-гүр етіп.

- Орынды сөз, осыған тоқталайық, - деп той қызығына жиналған
жұрт гу-гу етті.

Зейнеп тартынсын ба! Домбыраға икемі жоғын ескертіп алды да,
жырды төгіп-төгіп жіберді. Ол кезде сол бойда жазып алатын техника жоқ қой.
Есімде қалған екі жолы мынау:

Ай мүйізді ақ қошқар қой бастаған,

Менің атам майданда қол бастаған!

Әдемі, ғибратты той бастау болды бұл. Менің делебем қозып,
қайнылығыма басып, той иесінің зайыбы Бәтилә жеңешеме «әкел, жүз сомды» деп
айқайлап жібердім. Ол кезде бұл дегенің біраз сома ғой. Ақша да жетті ұшып. Мен
қағып алып, Зейнепке ұсынбаймын ба. Зейнеп болса, оң қолын кесе ұстап, мені
тежеп тастады.

- Атам қазақ тойбастарға ақша бермеген ғой, жібек орамал
сыйлаған. Той бастаған сері жігіт жаңағы орамалды домбырасының тиек тұсына
байлап алып, тойдан қайтқанда, жолдағы ауылдардың тұсынан әндетіп өтеді екен, -
деп Зейнеп үлкендердің өзі ұмыта бастаған жайдан хабардар етті. Жібек орамал да
табылды. Тойға жиналған жұрт Зейнептің тапқыр сөзі мен көшелі ойына разы болып,
шатырлата қол соғып жіберді. Иә, сол той күні бүгінге шейін қатысқандардың
есінде сақталып қалыпты. Кездесе қалған жағдайда, еске түсіре бастаймыз.
Бақытжан Момышұлы мен Зейнеп Ахметова қатысқан тойдың басты «айыпкері» Айдар
Қадырханұлы бұл күндері Тасқала ауданындағы Аманкелді ауылдық округінің әкімі
болып қызмет істейді. Шара келініміз орта мектеп директорының орынбасары болып
қызмет істеп жүр. Батырдың келінінің фатихасы дарып, алтын асықтай ұл-қыз өсіп
келеді.

Иә, содан Бақытжан мен Зейнеп аудан шаруашылықтарын түгелдей
дерлік аралап, халықпен кездесіп, ел-жұртты қатты разы етті. Ауданға
алыс-жақыннан белгілі тұлғалар келіп-кетіп жүрді ғой. Бірақ Баукеңнің
бала-келінінің сол келістері келісті болды.

            ...Құрдастық
ретке қазақтай мән-маңыз беретін халық болмас, сірә! Бұл жай көп нәрсеге жол
ашып жатады. Әзіл-қалжыңың жарасып жүре береді. Қазекең бір жас - құрдас, екі
жас - молдан құрдас, үш жас - зордан құрдас деп, шамасы келсе, жанына жақындата
түседі. Сол айтқандай, Бақытжан біразымызбен құрдас болып шықты. Бұған қоса,
Зейнеп біздің зайыптарымызбен түйедей құрдас болса, Бәкеңнің ұлы Ержан біздің
тұңғыш балаларымызбен бір жылда туған төл екен. Мұны естіп-білгенде, сұсты
Бақытжанның миығына күлкі үйріліп, біртүрлі жұмсара түскендей болды. Ал Зейнеп
болса, қара суға салған қайықтай, жүйткіп бір кетті дерсің...

            «Степной»
кеңшарында бас агроном болып істейтін әрі тума, әрі сыныптас, әрі құрдас Әбухан
Хайырұлы екеуіміз үнемі Бақытжан мен Зейнептің қасынан табыламыз. Не десеңіз
де, құрдаспыз ғой. Әбес ауылшаруашылығы саласының маманы болғанымен көркем
әдебиетті беріле оқиды. Әрі-берідегі әңгіме-аңыздарды да жақсы біледі.
Төртеуіміз оңашалана қалған сәттерде емін-еркін көсілеміз. Сол кездерде
М.Шолоховтың жерлесі дондық жазушы Анатолий Калининнің «Цыган» повесі бойынша
түсірілген көп сериялы фильм теледидар арқылы көрсетіліп жатқан болатын. Жұрт
майдангер сыған жігіті Бодулайдың қиын тағдырына қайғыра отырып, болашақ
өміріне болжам жасап жатушы еді.

            Әбухан
Хайырұлы жасында Сәкен Сейфуллинге қатты ұқсайтын. Қап-қара шашы да, әсем мұрты
да аумай қалатын. Егделене келе, шашы бурылданып, мұрты да одан қалыспай, екі
бетке көзден төмен түскен түзу сызықтай әжім Әбесті Бодулайға мықтап ұқсастырып
жіберген болатын. Мұны біз байқасақ та, мән бермегенбіз ғой. Ойы ұшқыр Зейнеп мұны
бірден байқап, айды аспаннан бір-ақ шығарды.

- Әдетте жігітке жеңгейлер ат қояды ғой. Мына Әбес құрдасқа
жеңгелері ат қойды ма, қоймады ма білмеймін. Тойда көрген жеңгелері тарс
еткізіп, «әй, Әбухан» деп жатқандарын талай естідім. Ендеше, мен оған Бодулай
деп ат қоямын, - деді Зейнеп күтпеген жерден. Естіген адамдар қоштап,
әзіл-қалжыңның тиегін ағытып жатыр. Иә, сол сапарда Бақытжан мен Зейнеп
құрдастардың арасынан Әбухан - Бодулайды қатты іш тартқаны есімде қалыпты. Сол
Бодулай бүгінде жетпіс жасқа толып отыр. Айтпақшы, Бақытжан мен Зейнеп Алматыға
біздің жақтан барған адамдармен кездесе қалғанда, Әбухан-Бодулайды күні бүгінге
шейін сұрастыратын көрінеді. Әне, шын пейіл деген сол!

Алға озыңқырап кеттім білем. Содан, Алматыдан келген
қонақтар жолға жиналды. Шаруашылық басшылары қонақкәде мәселесін талқылауға
мені де қатыстырды. Жасыратыны жоқ, әрқайсысы ат-шапан пұлын дайындап әкелгенге
ұқсайды. Қонақтар аттанар алдындағы дастарханға жиналдық. Кеңшар директорлары
арасынан жас жағынан ағалығы бар бірі сөзді бипаздап бастап, әңгіменің аяғын
ат-шапанға тіреді. Байқап отырмын, Бақытжанның көздері одан әрі ұлғайып, жүзі
сұрланып бара жатты. Жұрт жым болды. Көп сөзге араласпайтын ол, бірдеңе дегісі
келгендей, тамағын кенеді.

- Азаматтар, қойларыңды сойып, қолдарыңды қусырып қонақ
еттіңдер, разымыз бұған! Ең бастысы, халықпен жүздесіп, арқа-жарқа болып
қалдық. Ал енді ат-шапанға келсек, біз мұны артық санаймыз. Қажеті жоқ.
Әкеміздің аруағы кешпейді мұны, - деп кесіп айтты. Сөз осымен бітті. Елде есті
адамдар баршылық қой, батырдың баласының биіктігіне қатты разы болды. Ауылға
тек алу үшін келетіндер енді мазаққа айналды. «Жақсыдан - шарапат, жаманнан -
кесапат» деген осы!

Айтпақшы, сыйлықты Зейнептің өзі таңдады. Оралға келе
жатқанда, машинаны тоқтатып, даланың боз жусанын жинап беруді өтінді. Сөйтіп,
Тасқала өңірінің бір қап жусаны қонақтармен бірге Алматыға жол тартты.

1990 жылы Бауыржан Момышұлының 80 жылдығына Тасқала
ауданынан бір топ азамат шақырылды. Баукеңнен Бақытжанға қалған еңселі
шаңырақта отырған біздің жігіттер, өздеріне өте жақсы таныс кермек иісті
сезеді. Иә, бұл Тасқала өңірінен әкелінген жусанның иісі екен. Сұрастыра келе,
таулы жерде жауын жиі болғандықтан, жусаны уытсыз келеді екен де, қырдың жусаны
Алматы жағдайында жетіп-артылатын ұшатын, жорғалайтын жәндіктерді сеспей
қатырады екен. Жасанған жаудан беті қайтып көрмеген батыр Бауыржан әлгі қыбырлаған-жыбырлаған
пәлелерден сескенген көрінеді. Содан қырлық жердің боз жусанын алдырып тұрыпты.
Келіні Зейнеп атасы бақилық болып, шаңырақтан мәңгілікке кетсе де, дәстүрге
берік қалпында қалса керек.

Бұл мақала мақсатсыз жазылып отырған жоқ. Биыл Ұлы Жеңістің
65 жылдығы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы, әкелерін соғыс
жалмаған Бақытжан Бауыржанұлының құрдастары 70-ке толғандарын атап өтіп жатыр.
«Алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер, бірте-бірте өлінер, баяғыдай
көрінер» деп дана Абай айтқандай, замана көші алға тартып барады. Бәріміз де
бұл өмірге уақытша қонақпыз. Сондықтан ойда жүрген, көңілді тербеген жайларды
қағазға түсіріп, оқырмандарға ұсынып отырмын.