ВЕРНУТЬСЯ

    Кеңес Одағының Батыры, Тасқала ауданының атағын аспандатқан
Садық аға Жақсығұловтың осы үстіміздегі 2009 жылдың 7 қарашасында 85 жасқа толатынын
білетін едім. Шығармашылық қызметпен айналысатын адам, өзінше алдын-ала жоспар
жасап, жазатын дүниелерінің сұлбасын ойластырып қояды.

            Ұлы
Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында облыс әкімдігімен келісе отырып, «Жайықтың жарық
жұлдыздары» атты кітапша жазуды ниет еттім. Садық ағаның үйіне барып, үш-төрт
сағаттай сұхбаттастым. «Жауынгердің жорық жолдары» деген тақырыппен көлемі 50
беттік очерк жазып, 2005 жылы облыс әкімі Нұрғали Әшімовтің алғы сөзімен шыққан
кітабыма енгізген болатынмын.

            Мен Садық
аға Шәкелұлы мен Вера жеңгей Сергей қызын 1947 жылы Мешей-Киров ауылында
әкемнің немере інісі, ұжымшардың ферма меңгерушісі Әубекер Біләловтің үйінде
алғаш рет көргенімді жазған болатынмын. Мектеп жасына келіп қалған кезім ғой, ағай
мен жеңгейдің түр-тұрпаты мен кескін-келбеті дәл қазірге дейін көңілімде сайрап
тұр. Жап-жас еді екеуі де. Садық аға талдырмаш бойлы, көмірдей қара шашын
желкесіне қайырған, жанары от шашқан жігіт болатын. Ал Вера жеңгей болса, сұлу
мүсінді, бұйра шашы ырқына көнбей, жан-жағына шиыршық атқан аса сұлу келіншек
еді.

            Біз де
ержеттік, еңбекке араластық. Ауданымыздың маңдайға басқан жалғыз Батырын көріп
жүрдік, сәлемдесіп жүрдік. Садық Шәкелұлы да білімін жетілдіріп, ел ісіне
араласып, жылдан-жылға лауазымы өсіп отырды. Батырлығы өз алдына, басшы ретінде
облыс көлеміне белгілі азаматтар қатарында жүрді.

            Өзім қатты
өкінетін бір жайт бар. Ол мынау. Қырық жылдай қаламгерлік жолда келе жатқанда,
бір-ақ рет Садық ағамен кең отырып әңгіме-дүкен құрыппын. Осынау тау тұлғалы
азамат арамызда мәңгі жүре береді деп ойласам керек. Иә, адам деген уақытты
бағалап, қадірлемейді екен ғой. Ол кісі туралы поэма, тіпті роман жазуға
болатын еді-ау. Әттең!

            Садық аға
Жақсығұлов туралы көлемді очеркім жарық көргеннен кейін, поэмаға батылым
бармай, баллада жазуға оқталдым. 85 жылдығы қарсаңында тағы бір рет жүздесіп,
ой қорытып, 100 шумақтан тұратын балладаны қолға алмақ болдым. Ырғалып-жырғалып
жүргенімде, 2009 жылдың көктемінде Садық ағам кенеттен бақиға аттанып кете
барды. Аяусызсың-ау, сұм ажал! Балладаның басы қағазға түсе бастаған еді.
Бітпей қалды ол.

            Жүрегім қан
жылай отырып, шағын үзіндіні ұсынбақпын.

... Ашық аспан қас қағымда түнерді,

Бұл артынан көрінбестей Күн еді.

Жалт-жұлт етіп ойнады да найзағай,

Нөсер жаңбыр төгіп-төгіп жіберді.

Батыс жақтан қара дүлей жел есті,

Бұрын мұндай жағдай болған емес-ті.

«Жайсаң жазда күз келгені қалай» деп,

Қариялар күңкіл-шүкіл кеңесті.

Бала біткен қалды бірден үрпиіп,

Ал аналар әлденеден жүр тұйық.

Жігіттердің тепсе темір үзетін,

Кетті лезде қабақтары кіртиіп.

Жаратқанға қалды екен жазып кім?

Күңгірт үстеп, күші қайтты жарықтың...

Бір жайсыздық болатынын сезгендей,

Шым-шым етті жас жүрегі Садықтың.

Бір нәрседен көңіл тағат таппайды,

Келер күндер не құпия сақтайды ..?

Ой-сананы үрей билеп алғандай,

Өз жағдайы неге өзіне жақпайды?

Жалаңаяқ басқызғандай көк мұзды,

Сұмдық хабар жүректі дір еткізді.

Аудан жақтан жедел жеткен шабарман,

«Соғыс» деген сұсты сөзді жеткізді . . .

            Баллада
осылай басталып, оқиға өрби түсуге тиіс болатын. Ағаның ажалы салдарынан қолым
жүрмей қалды. Шындық осы!

            Иә, Садық
Шәкелұлы Жақсығұлов арамызда жоқ. Алайда елі үшін ересен еңбек сіңірген тұрлаулы
тұлғаның есімі ұрпақ жадынан өшпек емес. Қазіргі, болашақтағы қаламгерлер бұл
тақырыпқа әлі де барарына менің күмәнім жоқ. Ердің есімі ел ішінде үнемі
жаңғырып тұрмақ!!!