Сайрадың құйқылжытып, кұбылжытып,
Тамсандым, таңдайымның суын жұтып,
Толқытып,
толықсытып, емірентіп,
Қиқуға қызықтырдың,
қылдың ынтық.
Ерікті алып, ес шығарып, екілентіп,
Көңілді көлбектетіп,
ойды ұмтылтып;
Қанды қозғап, тамырды
солқылдатып,
Көңіл мұңын, жүректің лебін тінтіп.
Малда дыбыс, көлде шу, желде ызыл жоқ,
Маңайды манаурадым мүлде ұмытып;
Судың сылдыр, тоғайдың дыбыры жоқ,
Басқаны,
қойдың, әншім, тақа құртып.
Шырқатып, шыңғыртасың, шымырлатып,
Төмендеп түсіресің сыбырлатып;
«Мұңдым-ау!
Мынау сенің мұңың ғой» деп,
Жіберіп жер астына ызылдатып,
Маған да әкелесің қыңырлатып.
Қайтадан көтересің
қимылдатып:
Жүрегім, қаным, миым, көмейімде,
Қосылтып, қос
құлақты шыңылдатып.
Сен сондай, ә, мен қандай сол мезгілде?
Елжіреп ішім, бауырым кеткен мүлде.
Қаныма қосып кетгің бір ауру,
Осылай сайрамасаң күнде-күнде.
1915
- 61 просмотр