ВЕРНУТЬСЯ

Өксіп - өксіп ояныппын мен алғаш
Бұл дүниелік бесіктегі ұйқымнан.
Сықырлапты сыры кеткен тал ағаш
Шыдай алмай сыртта желге жұлқынған.
Шыдай алмай шайқалыпты шаңырақ,
Майыстырып тіреу қылған бақанды.
Желтоқсанның желі сапты аңырап,
Бұрын - соңды естілмеген мақамды.
Бұрын - соңды естілмеген мақаммен
Зікір салып тұрды сыртта уақыт.
Бесігімде бедірейіп жатқам мен
Әлди емес, желдің үні жұбатып.
Желдің үні ызыңдаған әуенмен
Жата берем күле алмай да жыламай,
Мың - мың сайтан сақ - сақ күліп төбемнен,
Жан - жағымның бәрі алағай - былағай.
Жан - жағымның бәрі алағай - былағай
Сирек көрдім тыныштық пен шуақты.
Жүре берем күле алмай да жыламай,
Әуелден де гулеген жел жұбатты.
Әуелден де гуіл еді жұбатқан,
Жел гуілі ел гуіліне ұласты.
Сумаң сездер сүңгіп кіріп құлақтан,
Көкірегіме кетер қойып құлашты.
Құлаш ұрып көкірегімнің көліне,
Көтергенмен не бір дауыл сұрапыл,
Шарт сынсам да, сыпсың сөздің желіне,
Жеңнен тартып, жеңіс бермей жүр ақыл.
Жеңнен тартып, бермей қойды жеңістік:
"Күлер едің - күлетіндей заман ба!
Жылар едің - онсыздағы кіл сімсік,
Таба болып қайтесің, - деп, - жаманға!"
Сосын, міне, жер төсінде жүргенім,
Күлерге - күлмей, жылайтынға - жыламай,
Жел менен ел қояр емес гулеуін,
Дүние сол - алағай да былағай.
                                                                        1988.